Мұхаммед Салихтың жыр жинағы жарық көрді

Бөлісу:

25.04.2022 4744

Мұхаммед Салихтың өлеңдер жинағы тұңғыш рет қазақ тілінде «Вал-фажр» деген атпен жырық көрді. Бұл кітапқа өзбек ақыны Мұхаммед Салихтің қазақ тіліне аударылған өлеңдері топтастырылды. Мұхаммед Салих – тек қана өзбек поэзиясында емес, күллі түркі поэзиясында өзіндік мектеп қалыптастыра білген көрнекті ақын. Оның жырлары алып майдан ішіндегі тыныштыққа немесе тыныштық ішіндегі алып майданға ұқсайды.

Кітап Алматы қаласында басылып шықты. Таралымы 1000 дана. Кітапты қазақшалаған – ақын Файзулла Төлтай. Кітапқа ақын, Түркия Республикасының Премьер-Министрі Бүлент Эжевиттің, Қазақстан халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменовтың және көрнекті өзбек жазушысы Хамид Исмаиловтың пікірлері берілді.

Файзулла ТӨЛТАЙ – ақын, аудармашы. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің және Түркия Республикасы, Памуккале университетінің түлегі. 2020 жылы Стамбул қаласында «Қос есікті түстер» атты жыр жинағы жарық көрген.

Мұхаммед салихтің әдеби және саяси өмірі

Мұхаммед Салих (өзб. Му аммад Соли ) – өзбек оппозициясының жетекшісі, сүргіндегі ақын, аудармашы және саясаткер. 1949 жылы 20 желтоқсанда Өзбекстанның Хорезм облысы, Үргеніш қаласында дүниеге келген.

1966 жылы орта мектепті бітіріп, 1968 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылады. Әскери борышын Чехословакияда өтеген Мұхаммед Салих мұнда әйгілі «Прага көктемінің» куәсі болады. «Прага оқиғасы» небәрі 18 жаста болған Мұхаммед Салихтің санасында із қалдырып, кеңестік жүйенің әділетті жүйе екеніне күмәнмен қарай бастауына себеп болады. 1970 жылы әскерден оралып, сол жылы Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қабылданады. 1975 жылы аталған оқу орнын тәмамдайды. Мұнымен қоса, 1979 жылы Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын оқып бітірген.

Мұхаммед Салих студенттік жылдарында поэзиямен қатар аудармашылықпен де айналысады. Сол кезеңнің жастарына едәуір дәрежеде ықпал еткен экзистенциализмге бой ұрады. Жан-Поль Сартр, Альбер Камю, Франц Кафка сынды атақты жазушылардың шығармаларына қызығушылық танытады. Тіпті дипломдық жұмысын «Қазіргі француз поэзиясы» тақырыбында қорғайды. Сол жылдары Франц Кафка шығармалары мен ХХ ғасырдағы француз поэзиясын өзбек тіліне аударады. Мұнан бөлек, 1982 жылы «Деде Қорқыт кітабын», 1986 жылы Зия Гөкалптың «Түрікшілдік негіздерін» және Юнус Эмренің өлеңдерін ана тіліне қотарады.

Мұхаммед Салих 1975-1985 жылдары өзбек әдебиеті қоржынын «Бешинчи Фасл», «Оқ кўйлаклар», «Қудуқдаги ой», «Вал-Фажр», «Мансур шеърлар», «Шаффоф уй», «Олис табассум сояси» атты өлең жинақтарымен толықтырады. Шығармалары әдеби ортада жоғары бағаланып, өзбек поэзиясындағы «Метофористік ағым» деп аталатын жаңа мектептің негізін қалайды. 1985 жылы қаңтарда «Политбюроға хат» атты әйгілі манифестін жазады. Бұл шығарма өзбек елімен бірге, бүкіл КСРО-ға үлкен әсер етеді. Осылайша, шығармаға арқау болған әлеуметтік депрессия ақынды саясатқа итермелейтін факторға айналады.

Мұхаммед Салих өлеңдерінде Кеңес Үкіметін әдеби көркем түрде келемеждесе, мақалаларында ашықтан ашық сынады. Халықтың мұң-мұқтажын айтудан, Жоғарғы Кеңес әкімшілігінің атына өткір сыни пікір білдіруден де аяқ тартпады. Тіпті 1988 жылы маусымда Мәскеуде өткен КСРО Жазушылар одағының съезіне Өзбекстан Жазушылар одағының бас хатшысы ретінде қатысып, мінберде Кеңес Одағын қатаң сынның астына алады. Ол бұл батылдығымен және компартияның мүшелігіне өтпеген тұңғыш ақын ретінде тарихта қалады. Осылайша, Мұхаммед Салих Кеңес Одағы тарихында партияның құрамында болмаған алғашқы Өзбек КСР Жазушылар одағының бас хатшысы қызметін 1988-1991 жылдары атқарады.

Оны өзбек ұлтының беделді көшбасшыларының біріне айналдырған осы серпілістен кейін Мұхаммед Салих толығымен бостандық үшін күреске түсіп, 1988 жылы «Бірлік» халық қозғалысын, 1990 жылы аты аңызға айналған «ЕРК» партиясын құрады. Сол жылы, яғни 1990 жылы Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылымында депутаттыққа қабылданады. Өзі төрағалық ететін «Ерк» партиясының бастамасымен 1990 жылы 20 маусымда Жоғарғы Кеңес Өзбекстанның Тәуелсіздік Декларациясын қабылдайды.

Мұхаммед Салих 1991 жылы желтоқсанда Өзбекстандағы президенттік сайлауда Ислам Каримовтың жалғыз қарсыласы болады. Ресми мәліметтер бойынша – 12,7% дауыс жинап Салих жеңіліске ұшырайды. Алайда алдын ала радиодан айтылған мәліметте – 33%; тәуелсіз бақылаушылардың есептеулері бойынша едәуір көп дауысты Салихтың жинағаны айтылып жатты.

Сайлаудан кейін Салих және оның жақтастары қуғынға ұшырайды. Оппозициялық газеттер жабылады, жетекшілеріне қарсы қылмыстық істер қозғалады. Мұхаммед Салихті халықаралық ұйымдардың көмегімен төрт күннен кейін босатып алады.

1992 жылы 2 шілдеде М. Салих қуғын-сүргінге қарсылық білдіріп, депутаттық өкілеттігін тоқтатады. Бірақ 1993 жылы сәуірде қайта тұтқындалып, «мемлекетке опасыздық жасады» деген айып тағылады. Әлемдік қауымдастық араға түсіп, көп ұзамай Ташкенттен кетпеу шартымен қамаудан босатылады. Осылайша, Мұхаммед Салих мәжбүрлі түрде әуелі Бакуге, одан Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзалдың шақыруымен Анадолыға қоныс аударып үлгереді. Алайда Мұхаммед Салих Түркияда да ұзақ уақытқа тұрақтап қала алмайды. 1994 жылы Түркиядан Германияға жер аударылады. Одан кейін Румыния, Болгария, Украина...

5 жылдық депортациядан кейін, 1999 жылы Түркияға қайта келген М. Салих Ташкендегі жарылыстар үшін айыпталып, сырттай 15 жылға бас бостандығынан айрылады. Кейінірек Салихтің бұл қылмысқа еш қатысы жоқ екенін мойындалып, толықтай ақталады.

2001 жылы 28 қарашада «Азаттық» радиосының шақыруымен Салих Амстердамнан Прагаға келеді. Алайда Прага әуежайында өзбек билігінің қарарымен құрықталады. Оны бір кездері Чехия президенті Вацлав Гавел отырған Панкрак түрмесіне орналастырады. Қоғамның өткір реакциясына қарамастан, Прага қалалық соты 30 қарашадағы отырысында Мұхаммед Салихті кейіннен Өзбекстанға экстрадициялау мүмкіндігімен 40 күнге қамауға алады.

New York Times тілшісі Питер Грин Мұхаммед Салихпен кездесуі туралы Панкрак түрмесінен былай деп жазды: «Панкрак түрмесінің кездесу бөлмесіндегі (ақ бояумен боялған) тербелген үстелде дал-дұлы шыққан күлгін түсті түрме киімімен өз халқының танымал ақыны отырды. Оның бас жағындағы торлардың арасынан бұлтты аспанның бір бөлігі көрінеді (09.12.2001, New York Times).

Кейіннен қалалық сот өзбек тарапы ұсынған материалдардың барлығын саясаттандырылған деп танып, Мұхаммед Салихты Өзбекстанға экстрадициялаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Түрмеден шыққаннан кейін Чехия президенті қабылдауына шақырып, Салихты Чехия мемлекеті айыпсыз тұтқындағаны үшін кешірім сұрайды.

Қуғын-сүргіннен басы арылмаған Мұхаммед Салихке бүгінге дейін И. Каримов режимі тарапынан үш рет қастандық жасалынды. Үш рет Мұхаммед Салихті жоспарлы түрде өлтіруге тырысты. Алайда ауыр-жеңіл жарақаттар алғанына қарамастан барлығынан аман қалды.

2017 жылдың қыркүйек айының басында Интерпол Мұхаммед Салихті іздеудегілер тізімінен алып тастады.

Қазіргі таңда Мұхаммед Салих Түркияда өмір сүреді. Сіздерге "Вал-фажрдан" бірнеше өлең ұсынамыз.

Жаңбыр

Ағаш қалды саябақтан кете алмай,

Арық қалды суға төтеп бере алмай,

Жалғыз ғана жолаушылар қашты, әне –

Қолшатырмен ұшып кетер адамдай.

Кеткен шақта барлық тірі жан көшіп,

Үйді қорғап көшелерде қалды есік.

Өзін көріп жылтыраған асфальттен,

Суы құрып шаһар қалды жол кешіп.

Көңілі алаң бір үй қалды негізі.

Көрінбеген үйге қарай ер ізі –

Әне, әйнектен әйел жүзіп шығады,

Аквариумнен шыққандай су перісі.

1975 жыл

Әйел

Әйел шықты ауласына үйінің,

күнге қарап тұрды біраз күйініп:

содан кейін үнсіз ғана жіпке асты,

жаңа жуған күйеуінің киімін.

Шықты аулаға әйел сұлу мүсінді,

жуғандарын күнге жайып ұсынды –

кенжесінің кіп-кішкентай жейдесі

күн астында желбіреді ту сынды.

Әйел шықты сондай сұлу жүрісі.

Уай, құдай-ай, өртеу ме екен күн ісі?!

Қолында бір көйлек қалды әйелдің,

аспады оны, өз көйлегі мұнысы...

1975 жыл

Үйге асығу

Отырғанда оңаша жыр түлетіп,

Атып шығам бөлмемнен дір-дір етіп –

Үйге айдап барады бір қоңырау:

«Жағдайы ауыр, көрші өзің ұлды келіп».

Шыға сала көлікке қол көтерем.

Қол да бөтен секілді жол да бөтен.

Тоқтамайды еш көлік. Қырсыққанда

Үңірейіп тұр мынау қалта деген.

Кетіп бара жатады жорғалап ел,

Қолға бекер қарайды, жолға бекер.

Тілім сонда аспанға жалынады:

«Құдай-ау, жар бола гөр!..»

Қол ауада желбіреп тұр өкпелі.

Бұл арада тоқтамас көлік тегі.

Бар қалаға кеткендей таратылып,

Үңірейген қалтамның суреттері...

1976 жыл

Әйел мен еркек

Әйел жалғыз, жесір емес алайда,

Еркек жалғыз, бойдақ емес маңайға.

Құлдар да емес бір-біріне тәуелді,

бір-бірінен азат та емес қалайда.

Әйел кірер бөлмесіне кешқұрым,

ер де кірер бұзбай ескі дәстүрін,

пешенеге жазылған соң, амал не –

бұл екеуін қосты тағдыр, қосты мұң.

Еркек жақтан – өшпеген соң алауы –

папиросы пана таппай жанады,

ал жастығы әлсін-әлсін әйелдің

көз жасынан еріп бара жатады...

1977 жыл

Айнаның естелігі

Өзге еркім жоқ.

Жоқ менің өзге үмітім –

Тым болмаса көрінші көзге бүгін.

Бірақ бәрі бекердей...

Босқа сүртем

Бұл айнаның шаң басқан естелігін.

Тереземнің көзінде жасқа айналып,

Түнде көрген түсім тұр мұздай болып:

– Қашан сізден айрылып қалдым екен?

Қашан сізге қосылам?

Басқа ой – ғаріп.

Сізсіз атқан таңым да мұздан тіккен,

Айна алдында киетін тозған шекпен.

Үнемі оның қараңғы қалтасынан,

Хат іздеймін түн кешіп сізден жеткен...

Бөлісу:

Көп оқылғандар