Жәди Шәкенұлының шығармашылық кеші өтті

Бөлісу:

06.05.2022 4310

Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі жазушы, тарихшы, академик, Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлының шығармашылығына арналған әдеби-мәдени кеш өтті.

Жәди Шәкенұлының шығармашылық кешіне ҚР Мәжіліс депуттары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың басшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жазушының қаламдас серіктері қатысты. Атап айтсақ, Өмірзақ Озғанбаев, Абай Тасболатов бастаған белгілі тұлғалар мен т.ғ.д. профессорлар Еркін Әбіл, Бүркітбай Аяған, жазушы-жыршы Баянғали Әлімжанов, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымов, тағы да басқа көрнекті тұлғалар құттықтау лебіздерін білдірді. Ерлан Рысқали, Меруеш Башай, Гүлзира Бөкейхан, Серік Оспанов, Ардаби Мәулет, Құрманбек Әлімғазы, т.б. өнер қайраткерлері ән-күйден шашу шашты. Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп оқушыларының қатысуымен Жәди Шәкенұлының сөзіне жазылған әндер орындалып, өлеңдері оқылды.

Жәди Шәкенұлы Қытай Халық Республикасының Алтай өңірінде Ертіс өзенінің жағасында туып өскен. 1997 жылы Атажұртқа оралған. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінің аспирантурасын бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының, ҚР Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Жәди Шәкенұлы өз зерттеулерінде Қытай қазақтарының тарихы мен тағдырын терең зерттей білген, ғылымға өзіндік үлесін қосқан ізденімпаз ғалым, шежіреші ретінде ерекшеленеді. Оның Қытайдағы қазақтар, Жәнібек, Оспан батырлардың ерлігіне қатысты, Тұғырыл хан турасындағы еңбектері тарих ғылымдарына қосқан зор үлесі деуімізге әбден болады. Осы орайда Жәди Шәкенұлының ұлттық, әлеуметтік мәселелерді де көтеріп, шетелдегі қазақ бауырларымыздың мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін қоғамдық сана деңгейіне жеткізудегі талпынысы дүниежүзілік қазақтар қауымдастығында ерекше құрметке ие. Тарих ғылымын әдеби тілде сөйлете біліп, өткен тарихымызды болашақпен байланыстыра алған майталман жазушы. Сондықтан да оның әр әдеби шығармалары шет ел тіліне аударылып, оқырман жүрегінен кең орын ала білген. Әрі Жәди Шәкенұлы өз шығармашылығында өскелең жас ұрпақты қазақ ұлтының сан ғасырлық салт-дәстүрі мен рухани қазынасының асқақ рухында тәрбиелеуге ат салысып жүрген балалар жазушысы. Зерделі сыншы. Өз қабілетін жан-жақты дамытқан алымды да қарымды қаламгер. Жәди Шәкеновтің жолжазба мақалаларынан қазақ әдебиетінің алып тұлғалары Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Рахымжан Отарбаев сынды ағаларымыздың кескін-келбеттерінің жаңа бір қырынан ашылғанын байқауымызға болады.

Мерейтойда Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің арнайы құттықтауын ақын Олжас Қасым оқып берді. Ұлықбек Есдәулет құттықтау хатында:

«Құрметті Жәди Шәкенұлы! Қазақстан Жазушылар Одағының және барша қаламдас әріптестеріңіздің атынан сізді елу бес жасқа толған туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіз 1967 жылы Өр Алтайдың Шірікшей ауданында дүниеге келіп, қазақтың арғы-бергі салт-дәстүрімен сусындап, 1991 жылы атажұртқа іле-шала қоныс аударған көрнекті жазушысыз. Сіздің қаламыңыздан туған жиырмаға жуық кітап ормандай оқырмандарыңыздың ықыласына бөленіп келеді. Солардың ішінде «Қаралы көш», «Боз мұнар» романдарыңыз және өлеңдер мен хикаяттарыңыз тың зерттеулер мен деректі оқиғалар шебер һәм шынайылықпен жазылғанын жақсы білеміз. Республикалық бақ саласында беделді, абыройлы қызмет атқарып келесіз. Осы жасыңызға дейін сүйікті оқырмандарыңыздың саны артып, шығармаларыңыз шет ел тіліне аударылды. Бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағы мен Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Шыңғыс хан» академиясының тарих және «Қоғамдық ғылымдар» академиясының академигі деген айтулы дәреженің иесісіз. Сізге барша қаламгерлердің атынан зор денсаулық, баяндық бақыт, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық пен береке тілеймін» - деп өз сәлемін жеткізіпті.

Және де Қазақстан Жазушылар Одағының Нұрсұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы да Тәуелсіздіктің отыз жылына орай шыққан отыз қаламгердің кітабын орынбасары арнайы сый-сәлемі ретінде беріп жіберіпті.

Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендік алғалы бері шет жұрттағы қаламгерлеріміз қайта оралып, рухани қазынамыз молайғаны жасырын емес. Солардың ішінде өзінің айқын даусымен, ашық та батыл үнімен келген жазушының бірі – Жәди Шәкенов. Көрнекті жазушының «Қаралы көш» атты тарихи романы қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлестерінің бірі. Бұл шығармада шекараның арғы бетіндегі ұлтымыздың басынан өткерген шынайы тарихи тағдыры баяндалады.

Жәди Шәкенұлы әдебиет және журналистика саласында – «Шалқар-2» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде проза бөлімінің меңгерушісі, «Атажұрт» баспа орталығында және «Үн» журналында бас редактор,«Жас қазақ үні» газетінде бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.

«Ақбота», «Балқаймақ», «Қытайдағы қазақтар», «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Жәнібек батыр», «Ақылнама», «Арманшыл бала», «Жүрек неге жылайды», «Алтай алыптары» (Қ.Айдарханұылмен бірге), «Қаралы көш», «Ел бастаған Елісхан», «Бозмұнар», «Қытай қазақтарының әдебиеті», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері», «Тұлпарлар дүбірі», «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары», «Қожаберген батыр Жәнібекұлы»(С.Борбасов, А.Тоқтабаймен бірге) кітаптарының авторы. Шығармалары «Балалар поэзиясының антологиясы» сынды ұжымдық жинақтарға да енген.

Шетел қазақтары мен жастар тақырыбына арналған жиырмадан астам кітапты құрастырған. Баспа саласында Асқар Татанайұлының «Ел қорғаны – Абылай», Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары», Жақсылық Сәмитұлының «Атамекен», Сейітхан Әбілқасымұлының «Қуғын», Қуанған Жұмаханұлының «Құстар қайтып барады», Ырсалды Төкееваның «Ой толқыны», Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек», Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» секілді көптеген кітаптарды редакциялап, шетел қазақ әдебиетінің ата жұртта жарық көруіне көрнекті үлес қосқан қаламгер. Бұдан сырт жарық көріп үлгермеген «Қайран елім», «Жұмбақ кітап», «Аққу жылаған түн», «Балалар әдебиетінің теориялық мәселелері» сынды кітаптардың авторы. Балаларға арналған мысал әңгімелері Қазақстан Республикасының бастауыш сыныптарының «Ана тілі» оқулығына, әңгімелері туралы зерттеулер мен «Шынжаң қазақ әдебиеті» еңбегі әдебиет теориясы жинақтарына кірген. Шығармалары түрік, қытай, иран тілдеріне аударылған.

Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейханқызы шығып сөз сөйледі. Ескі күндердің естелігінен суыртпақтап сыр шерткен әнші апамыз: «Жәди – тек қана жазушы емес, ол мықты фольклор зертеушісі. Ән, би, күй, халық музыкасы жайлы білері көп талант. Тірі қазына. 1997 жылы біз арман қуып, Алматыға алғаш келген кезімізде орыс тілін үйрену үшін Абай атындағы университетке келдік. Сол уақта «Ағажай Алтай», «Көзіңнің мөлдірін-ай» әндерін «Құрманғазы» атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен «Отырар сазы» этнографиялық оркестріне түсіртіп, айту мақсатында үлкен дайындық жұмыстарын жасадым. Кейін «Құрманғазы» атындағы консерваторияда Роза Жамалқызы деген кісінің жетекшілігімен үш жыл аспирантурада оқыдым. Үш жыл барысында көптеген әндерді жинап, «Алтай-Тарбағатай» атты тақырыпты алып, біраз іздендім. Бүкіл әндерімнің редакциясын жасап, өзіме үлкен көмек көрсеткен Жәдиге бір ерекше шапалақ соғыңыздаршы. Үнтаспамды әкеліп отырмын. Мен сенімен мақтанамын. Қаламың ұштала бергей. Сенің құрметіңе орай «Ағажай Алтай» әнін айтып берейін», - деп, өзінің ыстық ілтипатын осынау ғажап әнді орындауы арқылы білдірді.

Қазақтың айтулы ақиық ақыны Сұраған Рахметұлы құттықтауды одан әрі жалғап әкетіп: «Жәдидің әдебиет пен өнерге қаншалықты зор үлес қосқанын жақсы білетін азаматтардың бірімін. Жәди көп оқылатын, және де оқырмандарын өзіне тарта білетін – рухани менеджер. Моңғолия қазақтары Жәдиді екі жағынан таниды деп ойлаймын. Біріншісі, жаңа айтылып жатыр. Руханияты мен тағдыры бір Алтайдың Қобда бетіндегі қазақтарына барған шығармашылығының шоқтығы биік шығармасы «Қаралы көш» романы арқылы. Екіншісі, Азаматтар Жәдиге Қабдештің исі сіңген деп жатады. Қайсы адамның исі сіңгенін білмеймін. Әйтеуір бұл Жәдиге біздің исіміз сіңген. Өйткені біздің алтындай қарындасымыз Жәдидің зайыбы. Жәдиді жан-жақты талдауға болады. Өзі бір жайсаң жігіт. Мен өзім іштей мықты азамат ретінде бағалаймын. Елу бес жасқа толып жатыр екенсің. Жүзге қырық бес жыл бар әлі. Қырық бес кітап мойныңда тұрған секілденеді. Оқырманыңның аманаты осы. Біз қазір орыс әдебиетін қараған кезімізде әртүрлі жағдаймен қараймыз. Достаевский кезінде жиырма екі жасында ату жазасына кесіліп, бес-алты жыл бойы айдалып, түрмеге қамалған. Достаевский өлгеннен кейін оның таланты бүкіл ғұмырнамасын аспандатқан. Сізді тез кетіп қалсын деп тұрған жоқпыз. Үлкен еңбектеріңіз арқылы тарих бетінде қаласыз деп ойлаймын. Қашан да рухың сөнбесін. Сенен Алтай, Алтайдағы жусан, мөлдірлік пен биіктік көрінеді», - деп ағалық ақ лебізін, ізгі тілегін білдірді.

Алқалы жиынды әдеби кештің иесі Жәди Шәкеновтің өзі қорытындылап, мерейтой мерекесінде мерейін асырып, берекесін тасытқан, көңілін көлдей шалқытқан қонақтарға дән ризашылығын жеткізді. Өзінің айтуынша бұл кешті өткізу бұрын-соңды ойында болмапты. Он күн бұрын Ұлттық Академиялық кітапхананың атынан Элмира атты қарындасы қоңырау шалып: «Аға, келе жатқан туған күніңіз құтты болғай! Сіздің алдыңызда қасиетті сан күтіп тұр екен. Бесінші айдың бесінші мамыр күні сіз елу беске толады екеніз. Өміріңізде бір-ақ рет қайталанатын осындай қасиетті сан үшін сізге бір әдеби-мәдени кеш ұйымдастырып берсек, сіз осыған қарсы емессіз бе? Әдейі он, он бес күн бұрын сізге шығып, ешкім еншілеп қоймасын деп сүйіншілеп тұрмын», - деген екен. Біреудің айтқан жақсы сөзін періштенің сыбырына балайтын Жәди ағамыз келісіп, тілегін аттап кете алмағанын айтты. Әрі кітапхана ұжымына үлкен алғысын білдірді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар