Жыланның тілін білген...

Бөлісу:

06.05.2022 6307

Жақында ғана «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген ақын Ербол Алшынбайдың «Тарымшы» поэмасы оқырмандар арасында жақсы аңыс тудырды. Әлеуметтік желіде, былайғы отырыстар да әртүрлі пікірлер айтылып жатты. Ойды ой қозғап, сөзден сөз өрбіп жыландар туралы неше түрлі хикаялар айтылды. Поэманың негізгі арқауы да осы төңіректе болатын. Адам, жылан, табиғат, сол негізде құрылған жаратылыс заңдары арасындағы тартыс пен қайшылық. Поэманың сюжеті ықшам және шымыр. Тілі шұрайлы һәм жинақы. Шашыраңқылықтан ада. Кестелі. Әр сөз өз бояуын адаспай тапқан. Шумақтар тығыз. Ішкіс сезім ырғақтары салқын, сабырлы, ағысты. Әсіресе, Түменбай бақсы мен жылан патшасы арасындағы айтыс пен тартыс шынайы, әсерлі шыққан. Фоьклорлық жадыны, түпкі ұғымдар осы бейнелі сәтте тамаша жаңғырады. Поэманың сірге жияр тұсы да көп нәрсені аңғартады. Әнтек қысқа қайрылғандай да күй танытады. Далалық болмыстың күрделі бітімдерін әлі де аша түссе деген ішкі тілек тұрады тіл ұшында. Әдепкі сөзді осымен қайыра тұрып, сарапшыларды сөйлеткенді жөн көрдік.

Ақеділ Тойшанұлы

ақын, фольклортанушы, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы:

Ақын Ербол Алшынбайдың «Тарымшы» поэмасында адам әлемі мен табиғат әлемінің ортасында болатын тылсым қатынас арқау болыпты. Ақын бабаларымыздың көне наным-сеніміне тән мифтік түсініктердің ізін көркем өлеңге айналдырыпты. Халық жыланмен арбасатын жанды «тарымшы», «дарымшы» деп атай береді. Бұл – халық емшілігімен сабақтасып кеткен ерекше сырлы, құпия жоралғы. Жыланмен сайысқан небір дарымшылардың арбау-байлау жырларын А.Байтұрсынұлы, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ә.Марғұландар хатқа түсіріп, халық поэзиясының қайнаркөзі, мәдени ескерткіш ретінде бағалауы тегін емес. Міне, сол мөлдір бастауға, тұнық тұмаға Ербол ақын жыры оқырманды саяхат жасатады.

Жылан туралы түркілік түсінік тотемдік санамен де қабысып жатады. «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз орамы, «Тұзбасты жылан», «Жылан қабықты жігіт» секілді ертегілердің тегі тереңде. Міне, осындай ел арасында айтылып келе жатқан күрделі мифологиялық әпсана енді сәтті жырға айналыпты. Іле бойындағы Шошана, Шаншарбек секілді жыланмен арбасатын әулиелер туралы аңыз әңгімелер ақынға бала күнінен әсер еткен болуы керек деп бағамдаймын. Ербол ақын сол ескілікті әңгімені өлеңінде өзгеше бояу беріп, әдеби тәсіл ретінде қолданып, оқырманның қызығушылығын оятқан.

Жырдың кейіпкерлері – жыланға шағылған қыз, оның анасы, Түменбай бақсы, Шаһ Маран жылан төртеуі өзара ширығысқан тартысқа түседі. Адам әлемін аттап сертті бұзғаны үшін жылан падишасының басы алынады, бірақ оның да сертті әу баста бұзған адамзат өкілі Түменбай бақсыға айтатын салмақты даты бар. Жетіге денесі бөлшектеніп көмілген Маран жеті қорымға айналады, ал сертінен айнығыш жыландарды мекенінен қуған өктем адамзат өкілдерінің өздері де де опық жейді. Өйткені, тілінен шағылып айыр тілді болып, басқаша мақұлықаттық сипатқа көшіп, бөтенге рухын билеткен қыз «желменен бірге иреңдеп қара жыландай» Жыланбапы елінің артынан еруге бойұсынады. Ақын осылайша табиғатты таптап, алтынын аршып, байлығын шашқан, тұмса табиғаттағы жылан секілді тіршілік иелерін үркіткен адамзаттың өзі де мекенсіз, тексіз, тұрлаусыз жан иесіне түбінде айналатынын тұспалдайды. Адамзатқа экологиялық тепе-теңдікті сақтауды уәж еткен ізгі поэмада ұлттық мүдде айқын көрініс табады. Себебі, табиғаттың ділін, жыланның тілін меңгерген сол Түменбай бақсының қазіргі тұқымдары, қазақтар, өз ана тілін де толық білмейтін дүбәра халге түсіп өзгерген жоқ па?

Құрманғазы Жұмағұл

ақын, журналист:

Жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінен ақын Ербол Алшынбайдың «Тарымшы» поэмасын оқыдым. Аталмыш поэманың кестелі тіркестер мен кежімді ойларға толы екендігі қуантты. Сондай-ақ ақын поэмасының көтерген жүгі әжептауір салмақты екендігіне ой жүгірттім. Көркем шығарманың жаны, сүйегі – тіл. Оқырманын иіріміне тарта жөнелетін шымыр сюжетті кейбір шығармалардың тілден ақсап жататынын байқаймыз. Төрт аяғын тең басқан дүниелердің көп еместігін, оны тек таланттылар туғызатынын бізге дейін де талай сыншы айтқаны белгілі. Біз Е.Алшынбайдың «Тарымшы» поэмасын оқығанда, ақынның аталмыш шығарманы үлкен дайындықпен бастағанын байқадық. Ақын ұлтымыздың жылан культіне қатысы бар мифтік аңыздары мен мифологиялық мативтеріне әбден қаныққаны көрінеді. Осы маңайдағы тілдік қолданыс пен терминдердің өзін терең меңгергенін сезіндік. Онсыз аталмыш шығарма суаруы жетпеген алдаспандай әрбір жерінен кетіліп тұрар ма еді, кім білсін!?

Оқиға мен орта, адам мен оның ішкі жан әлемі, жыландар мен жер қыртысының түгін тітіретіп, құйқасын шымырлататын жыландар қимылы, оқырманның да бойын суытып, жүрегін дүрсілдетеді. Бұл ақынның бейнелеу шеберлігінің бір көрінісі. Оқырманын әлгіндей күйге түсірген ол әрине, тіл құдіреті. Поэмадан І.Жансүгіровтің «Құлагеріндегі», М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанындағы», Е.Раушановтың «Сарыөзеніндегі» поэтикалық қуат пен тіл шеберлігін байқағанымды қалай жасырайын. Поэма тілі су төгілмес жорғадай. Екпінін, ырғағын бұзбай соңғы нүктесін тиянақты оймен түйіндепті. Ойдың түйіні: жылан шаққан қыздың айыр тілді дуанаға айналуы. «Аңызғақ дала, алаулы аспан астында, Айыр тіл сол қыз желбіреп шашы әлі жүр». Осы қос тармақ сөз поэманың күллі салмаған арқалаған қабырғалы қара нар іспетті.

Енді аталмыш поэманың көтерген тақырыбы мен әдеби процеске етер ықпалы турасында сөз қозғасақ. Қазақ ұғымындағы жылан культі жан-жақты. Мифологияда жылан зұлымдықтың да, қазына, байлықтың да, даналықтың да символы ретінде жүреді. Сондықтан қазақ оны зұлым күш ретінде атын төте атамай «Абақай» деп тергеген. Тіпті жылан азғырушы, арбаушы күш ретінде де белгілі. Әзелден-ақ жылан адамның қас жауы емес-тін. Оны қазақтың бүгінгі кейбір түсініктері, ырымдары дәлелдейді. «Жылан өзің тиспесең шақпайды», «үйге кірген жыланның басына ақ құю» рәсімі т.б. Демек, «Жылан ілкі төрдің ақиқатын сақтаушы, күзетуші, қорғаушы» (С.Қондыбай). Поэмадағы жыландардың бақсымен арадағы диалогында да адамизат пен жылан елі арасындағы ежелгі сертті еске алады.

Тағы бір жағынан қарағанда, жылан азғырушы, арбаушы күш дедік. Поэмадағы жыландар образы осындай бір кейіпке сомдалғандай. Уыздай ұйып, мамыражай күй кешкен ауылдың шырқын мамық жүкке оратыла жайғасқан жыланның бойжеткен қызды шағып алуы бұзады. Бұл арадағы жыланның керегенің жапсарынан немесе есіктің жақтауынан кіргені беймәлім. Бірақ ол адамзат өмірінің шакарасын бұзушы ретінде жазалануы тиіс. Демек, ол серт бұзушы. Кесапат. Поэманың түпкі көтерген тақырыбы да осыған саяды. Біз білетін мифтік мативтерде де осыған сәйкес аңыздар айтылады. Айталық, «Жұмақтағы Хауа-ананы таным ағашында өскен жемісті жеуге көндірген де – жылан, идуизмдегі Шайтанның (Сатананың) кейпі де – жылан, Бабыл мифіндегі ғаламның жасалуына материал болған Тиамат та – жылан (айдаһар)...» (С.Қондыбай). Демек, Ербол көтерген тақырыптың ауаны сонау матриархат дәуірінен басау алатын әйел затының қанға сіңді ғадетін еске сала ма, қалай?

Әйелдің тілі – ұлттың жаны. Әйел-ана ұлт тілінде ұрпақ тәрбиелемесе, онда болашағымыз айыр тілді мәнгүрттікке айналмақ. М.Әуезовтің де «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтіні осыдан. Ақын өз поэмасында осы бір нәзік нәрсені терең сезінген деп ойлаймын.

Қазақ поэзиясының қалыптасуы, дамуы, толысып, толықсуы деген дүние бар. Осы тұрғыдан алғанда әр заманда әр қалам иесі сөз өнеріне қал-қадірінше үлес қосып келеді. Мен Ербол Алшынбайдың поэмасын оқығанда ойыма М.Жұмабаевтың поэмаларындағы мифтік сарындар оралды. Шындығында, жиырмасыншы ғасырдың басында ұлт зиялылары қазақ әдебиетінің, соның ішінде проза мен поэзияның ұлттық сипатын сақтауға ерекше көңіл бөлген. Прозада Ж.Аймауытов, М.Әуезовтер ұлтымыздың арғы замандарынан тамыр тартатын мифологиялық аңыз-әпсаналарын өз шығармаларына ұтымды пайдалану арқылы қазақ прозасының жаңа үлгісін жасауға күш салған. Сол сияқты Мағжан Жұмабаев бастаған ақындарда жоғарыдағыдай тәсілдерді жиірек пайдалана білген. Мифологиядағы, әдет-ғұрыптық, салт-саналық жырлардағы ұлттық сипатқа ие мативтерді бүгінгі әдеби жанрларда жаңғырту мәселесін жазушы Таласбек Әсемқұловтың да көп мәрте айтқаны есімізде. Көне жырлардан, ескі романдардан (аңыз-ертегілер) бастау алатын ұлан-ғайыр мол әдеби мұраларымыз қайсыбір батыстық әдеби үлгіден кем дейсіз? «Қазақ халқының көне әдебиеті әлі адам аяғы таптаурын қылмаған, шырышы бұзылмаған тың әдеби өлке» (Т.Әсемқұлов).

Ақын Ербол Алшынбай кешегі Мағжандар, Ілиястар салған ескі жолды қайта жаңғыртып, ұлт поэзиясының даму процесіне серпін берерліктей тың дүниелерге түрен тартуда. Бұл әрине, аса оңайға соға бермейтін, телегей білімді қажет ететін дүние. Жалпы, әдебиет интеллектуалды болуы қажет. Бүгінгі оқырманның өзі қаламгерден соны күтетіндей. Ал интелектуалды әдебиет деген ұғым-түсінікке жат, бұлыңғыр, күңгірттік емес. Керісінше, оқырманға ұғынықты, түсінікті, бірақ, терең иірімдерінде алапат ойлар жататын шығарма – интеллектуалды әдебиет саналмақ. Жалпы, Е.Алшынбайдың «Тарымшы» поэмасы туралы толғанғанда ойымызға осы жайттар оралады. Шығарманың ғұмыры баянды, оқырманы мол болғай!

Тоқтарәлі Таңжарық

ақын:

«Қазақ әдебиеті» газетінде ақын Ербол Алшынбайдың «Тарымшы» атты поэмасы жарық көрді. Ілияс Жансүгіров негізін қалаған эпикалық толғамды сарынның бүгінгі ізбасары деуге лайық Ерболдың бұл поэмасы «жылан тілін білген» сокральды буынның тағдыр-талайын көркем кестелеуімен құнды. Қазір біреуге ертек көрінер, бірақ бала кезімізде жылан тілін білген ақсақалдар туралы жиі еститінбіз.

Отбасымызда анамның нағашысы Разбек атамыз туралы естелік-әңгіме жиі айтылатын. Ол кісі 1980 жылдардың басында бақиға озыпты. Өзіміз көрмесек те, Разбек марқұмның жыланды қойнына салып, «өзімен ертіп жүргенін» үлкендер таңырқасып әңгімелейтін. Ербол Алшынбайдың бұл поэмасы жадымның тереңінде жатқан сол сезімдерді қайта бір жаңғыртып өткендей болды. Есімде қалған бір-екеуін қысқаша айтып берейін.

Біріншісі. Ел жайлаудан көшіп келіпті дейді. Сары күз екен. Бір кісінің қыстаулығын ордалы жылан мекендеп алыпты. Не істерін білмеген әлгі кісі Разбек атамызға ат жіберіпті. Шаңқай түсте келген Рәкең: «Маған жақындамаңдар. Бір қарын сары май әкеп, алыста тұрыңдар. Атымды айтпаңдар»,- деген көрінеді. Тізерлеп отырып алып, әлдебір ұзақ «толғауын» (дұғасын) бастапты. Сүтпісірім уақыт өткенде қалың абақайдың арасынан бір ақ жылан шығып, басын кекжитіп, Разбек атамыздың тура қарсы алдына келіп тоқтапты. Ол да өзінің уәжін айтса керек, екеуі біраз уақыт «әңгімелесіпті». Аздан соң жылан кері қайтыпты да, Рәкең орнынан тұрып үй иесіне: «Бұлар бірер күн тынығуға аялдапты. Бір ханның қызын екінші ханның ұлына ұзатып барады екен. Тиіспеңдер, олар да сендерге залал тигізбейді» деп бұйырыпты. Екі күннен соң таңертең қыстаулығына келсе, жыландар ізім-ғайым жоқ болыпты. Бұл үлкендерден ет құлағыммен естігенім.

Екіншісі. Әкем айтқан әңгіме. Әлі күнге ауылға барған сайын сұраймын. Тамсанып, қайталап, тура сол қалпында баяндап береді. 1970 жылдар болса керек. Жаз кезі. Түс әлетінде шөп шауып келіп, көз шырымын алу үшін үйде ұйықтап кетіпті. Жалғыз екен. Ұйқыдан қалжырап оянып, көзін ашып, басын көтерейін десе, әл-дәрмен жоқ дейді. Басы зеңіп, көзі қарауытып, орнынан тұра алмапты. Ақыры иманын үйіріп, төбеге қараса, үйдің белдірігінен бір сұр жылан тілін салаңдатып, арбап тұр екен. Әрең ес жиған әкем орнынан тұрып, қышқашты алып, жыланды ұстамақ болғанымен, үйдің төбесіндегі белдіріктің қуысына кіріп кетіпті. Әкем де дереу кісі жіберіп, Разбек ақсақалды алдырыпты. Атамыз тағы да дұғасын оқып, жыланды тілге келтірген екен. Содан кейін: – Тиіспеңдер. Өзі кетеді. Кекшіл пәле екен. Көктемде қара жолдан өтіп бара жатқанында атың құйрығын басып, жарадар болыпты. Соның кегін алғалы келген екен. Түсіндірдім. Сенің кінәсіздігіңді айттым. Енді жоламайды, – деген екен. Содан кейін біздің үйге жылан біраз жыл кірмей жүрді дейді. Мұндай аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Жылан тілін білетін кісілерді әулие деп әспеттеп те жатады.

Ерболдың поэмасын оқығанда осы оқиғалар қиялымды тағы бір қозғап өтті. Сондықтан да, бұл шығарма туралы көп нәрсе айтуға болар еді. Ең бастысы маған Ерболдың поэтикалық қуаты ұнайды. Кең тыныс пен еркін құлаш сермеуді талап ететін тақырыптарға терең бойлай беретін ақындар бізде қазір азайып барады. Оның әртүрлі себептері бар. Ол енді басқа әңгіме. Поэма үзік-үзік, құрау-құрау емес. Шымыр өрілген. Бір деммен жазылған. Бұл да шығарманың бір жетістігі. Өйткені, поэзияға әсіре зорлық, келсін-келмес қамшылау жараспайды. Табиғатына қайшы. Табиғаттың тылсым, магиялық қасиетімен тыныстап жататын, құпиясы көп жыландар тақырыбы, біздің поэзияда да, прозада да сирек жазылды. Өзі де жан діліңмен берілмесең иіле бермейтін, ішін бере қоймайтын шетін құбылыс. Поэманың басты жаңалығы да осы. Ақын Ербол Алшынбайдың мүмкіндіктері көп. Әлі де ашыла түссе, әлі де бауыры жазылып шаба түсуіне тілектеспіз. Бұл поэма туралы да, алдағы уақытта сауатты, ғылыми сын мақалалар жазылады деп сенемін.

Тілеубек Батыс

ақын:

Таяуда жарияланған Ербол Алшынбай ағаның «Тарымшы» поэмасы – ұлттық бояуы қанық, фольклорлық мифологиядан толық сусындаған, «төменгі рухтар» жайлы сөйлейтін, автордың эпикалық қуатын көрсететін сүйекті шығарма.

Жылан туралы аңыз-ертегілер қазақ ауыз әдебиетінде көптеп кездеседі. «Тарымшы» поэмасы сол ілкі хикіметтердің бір парасы ғана. Белгілі мифолог Таласбек Әсемқұловтың «Жылан қайыс ырымының сипаттамасы» мақаласындағы Бапы хын мен Жылан қабықты жігіттің арасындағы оқиға поэмадағы Шаһ маран мен Түменбай бақсы арасындағы байланысқа қарама қайшы. Алғашқысында адам баласы мен жер асты дүниесі иелерінің бір-біріне қылған ізгілігі айтылса, соңғысы, Адамзат-Мәлике-Маран зәузатының өзара өшпенділігінен туындаған жайттың серттен тайған жылан жұртының Құралай таудан ары асуымен аяқталады.

Поэманың екі түрлі ерекшелігі бізді қызықтырады. Бірі, ұмытылып бара жатқан жылан туралы аңыз-әфсаналардың қайта жаңғыруы, жаңғырғанда да ауыз жүзінде тарап жүрген азды-көпті әңгімелердің, қағаз бетіне түспеген тың деректердің бізге жетуі. Екіншісі, ескірген атаулар мен көне сөздер. Дастанда Бақытбек Қадыр ағамыз айтқан жыланның жирма неше түрінен бөлек, «қылаб», «түйе күн», «еңку қолат», «абыну» сияқты т.б көне сөздермен сөз тіркестерін байқаймыз. Демек, екі түрлі себепте де ұмытылып бара жатқан дүниені жаңғырту бар.

Жалпы, оқырман қауым, қалаберді шығармашыл адамның өзі арғы бергі әдебиеттен, батыстан, шығыстан өзін іздеп, көңіл тоғайтарлық тиянақ таппағанда, қазақтың жадын, жанын іздегенде айналып келіп соғатын темірқазығы осы «Тарымшы» поэмасы сынды санаулы қазыналар болмақ.

Біз «Тарымшы» поэмасының оқырманын тауып, бұдан да өміршең болуына тілектестік білдіреміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар