Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс

Бөлісу:

09.05.2022 3658

Соғыс – адам қолымен жасалатын, адамзат өркениетінің дамуын кері кетіруші үлкенді-кішілі қақтығыс, шайқас. Тарихшы ғалымдардың есептеуінше адамзаттың сан ғасырлық тарихында соғыссыз, бейбіт өткізген жылдары тым аз көрінеді. Адамзат баласы ғылым мен техникалық дамытып, ілгерілеген сайын, олардың арасындағы соғыстың түр-сипаты да барынша өзгере түсуде. Арғы дәуірлерде тас пен таяқпен шайқасқан адамзат баласы кейіннен атқа, пілге, түйеге мініп, арба сүйретіп, қылышпен қидалап, найзамен түйреп, садақпен атып қарсы келген дұшпанынан басымдыққа ие болды. Отқару шайқасушы тараптарды оқпана қазуға мәжбүрлесе, ұшатын нысандар соғыс алаңын бейне шахмат тақтасына айналдырып жіберді. Қай стратег, тактик сергек оймен жоспар құрады, соғыс алаңында соның әскері үстем.

ХХ ғасыр – адамзат өркениетіндегі ең сұрапыл соғыстарымен тарихта қалып отыр. Ондаған миллион адамның өмірін жалмаған Бірінші, Екінші дүниежүзілік соғыстарды есептемегенде, түрлі себептермен жеке мемлекеттер арасында жүрілген қаншама сұрапыл соғыстардан да адамдар мыңдап, миллиондап қырғын тапты және дәл осы жазбаны жазып, сіз оқып отырғанда да бұл жағдай орын алып жатқаны рас қой. Егер зәуде-ғалам жаппай қырып-жоятын қарулар іске қосылар болса, Жер ғаламшары күл-топыраққа айналмақ. Осыған қарағанда «Адамзат – Жер бетіндегі ең жауыз жаратылыс», - деген сөз ақиқат-ау.

Соғыс – адамзат баласының болашаққа деген асқақ арманын күл-талқан қылып бұзушы, өктем де дөкір алапат.

Өңімде ме еді, түсімде ме еді,

Көріп ем ғой бір армандай қызды...

Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,

Сұрапыл соғыс соқты да бұзды, -

деп Қасым Аманжолов жан жүрегі қан жылап отырып жазған болар, сірә. Бұл – сол дәуірдің миллиондаған жасының өрт шалған тағдыры, жасай алмай кеткен жасы, көре алмай кеткен қызығы еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ халқына әкелген адами, рухани шығын-зардабы айтып жеткізгісіз. Өткен күн қайта айналмайды, адам өмірге екі келмейді. Ең бастысы, қазақ өзінің батыр да намысшыл, қайсар халық екенін дәлелдей білді. Барша бейбітшілік сүйгіш адамзатпен бірге «ХХ ғасырдың саяси обасы» фашизмге қарсы күресті.

Жасағам жоқ өмірді,

Жау сойқанын көргелі.

Төккенім жоқ терімді!

Шер қылғалы кеудені..., -

деп Жамбыл атамыз жырлағанындай, барша әлем, оның ішінде кеңес халқы құрамындағы қазақтар да фашистердің сойқан, құқайын көріп, құлы болуы үшін өмір сүруге жаралған жоқ еді. Қазіргі күні әлеуметтік желілерде кейбір қаракөздеріміздің: «Немістер жеңгенде, жағдайымыз бұдан мүлде басқаша болар ма еді?» - деп жазып жататынын көруге болады. Бұл – жеңімпаз бен жеңілгеннің қазіргі экономикалық хал-қуатын көргеннен кейінгі ой ғой. Шындығында Үшінші рейхтің билігіндегілердің нағыз нәсілшілдер болғанын, олардың әлемді жаулап алған жағдайда өздері асыл нәсілміз деп есептеген арийлерден басқа халықтарға не жасайтындығы туралы арнайы жоспары болғаны тарихқа аян. Жамбыл атамыз елдің ойындағы ақиқат байламды жырлағандығы анық:

...Жасағамын өмірді,

Жау біткенді жеңгелі;

Саудыратып сүйегін,

Топыраққа көмгелі.

Фашистік Германия жеңіске жеткенде қазақ даласына жұмақтай жайлы өмір орнамайтыны айдан анық еді. Жалпыадамзаттық өркениеттің қас жауы фашизммен уланған гитлершілдер жолындағы ешкімді де аямайтыны олардың Сталинградқа дейінгі баса-көктеп жеткен аумағында жасаған айуандықтарынан-ақ белгілі болған еді. Жалпы, фашизм деген қандай идеология өзі?

Фашизм биліктің сакрализациялануы, мемлекеттің, оның диктаторлық функцияларының қызметінің күшеюі арқылы көрініс тапты. Фашизмнің басты белгісі – мемлекеттік биліктің сакральденуі, мемлекеттік қызметте диктаторлық сипаттың күшеюі екендігі белгілі. Мұндай мемлекет одан әрі қарай елдегі демократиялық еркін ойлаумен күресу, адам құқығын шектеу, таптау, асқын шовинизмге, нәсілшілдікке дем беру, экстремистік ұлтшылдыққа салыну, айналасына әскери агрессия жасауға ұмтылу сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарға қарсы әрекеттерге бармақ. ХХ ғасырдың екінші ширегінде әлемдік өркениеттің шетқақпай өкпешісіне айналған Гитлершіл Германия дәл осындай сипаттағы мемлекет болды. Қысқасы, фашизм – қашан болсын, ешқашан ақтап алуға келмейтін, аса қатерлі идеология.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әлеуметі Екінші дүниежүзілік соғыста қанқұйлы фашизмді ұясында талқандап жеңудің 77 жылдығын еске алуда. Жылдар алға жылжып, сол бір сұрапыл соғысты бастан өткеріп, қан майданда толарсақтан қан кешкендердің қатары азайған сайын, әр дәуірдің тарихи желісіндегі оқиғаларға сәйкес өзіндік қорытындыларға ие ұрпақтар толқынының ой-санасында сол бір даталы күн Жеңіске деген пікір алуандығы қалыптасып отырғандығы да – бүгінгі күннің ақиқаты. Иә, ешкім де, ештеңе де ұмытылмасын! Бүгін – қан майданда қаза тапқан ерлерді лайқты, сабырмен, құрметпен еске алып, рухына тағзым ететін күн. Өткеннен сабақ алмаған елдің болашағы бұлыңғыр. Көкжолақ таспаны кеудеге таққан көкөрім ұрпақтың көк аспаны әрқашан ашық, көк туы биік болсын!

Бөлісу:

Көп оқылғандар