Басапсөздің саңлағы туралы бірер сөз

Бөлісу:

26.05.2022 3624

Баспасөздің тарлан саңлағы, кемел талант иесі, танымал журналист, жазушы, аудармашы Сарбас Ақтаев жайында жазылған толғаныс мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Өмір бойы қалам деген киелі құралымен еліне, жеріне, ұлтына, халқына талмай құзырлықпен еңбек еткен көкшенің Сарбасы, алаштың Сарбасы жазушы аудармашы шоқантанушы Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Сарбас Ақтаев ағамыз жайында болмақ біздің әңгімеміз.

Бір ғұмыр... Бір адам ғұмыры. Сексеннің сеңгірінен аттап, тоқсанды алқымдаған қаламгер ағамыз жайында айта берсе сөз көп Бірақ бұл жасқа жай пенделік ғұмырымен жету бар немесе сарабдал талант иесі ретінде сан салалаы шығармалық дүниелер туғызу арқылы жету бар. Халқымызда көп жасағаннан сұрама көпті көргеннен сұра деген қанатты бір сөз бар. Сарбас ағамыз жай ғана ұзақ ғұмыр кешіп қойған жоқ. Өзінің талантымен танымал білімі, білігімен ел білетін жұрт танитын өрелі биіктің шыңына шығып отыр. Қажырлы еңбек, тынымсыз ізденістің арқасында ол өзін жұртқа мойындатқан, таңдандырған, тамсандырған қалам иесі атанып отыр. Қазақ журналистикасының қара қазанында қайнап, пісіп әкетілген шыңдалған өмірлік тәжірибесі кәсіби шеберлігі тоғысқан сирек дарын иесі.

Дарын да текті жерден тамыр тартып, өсіп өнеді десек, Сарбас Ақтаевтың да туған ұя, алтын бесігі – бар қазаққа киелі де ардақты, қымбатты мекен кербез Көкше өңірі екені мәлім. Бар қазаққа ыстық осы мекенде барша қазақтың етек жеңін жинаймын деп жауымен арыстанша арпалысқан айбынды да текті хан Абылай өткен, аузы түкті кәпірге әкем болмаймыз деп сырт дұшпанға аузын білеп, жолбарыстай күңіреніп қан қасап боп алысқан аруақты ерлер Кенесары мен Наурызбай да өткен кешегі аға сұлтан Шыңғыс пен ғылымда құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Шоқан да ержүректе батыл, ардақты да асыл Айғаным мен Бопай ханымдар да өткен. Бұл киелі жерде кімдердің ізі қалмаған?! Ал, өнер тарландары ше Шал, Арыстанбай, Орынбай, Соқыр Шөже, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай., Балуан Шолақтар шоғыры өнерпаздықтың тұтастай сом алтындай кесек жұлдызды шоғырын құрайтыны аян. Жалпы Көкше өңірі шығармашылық тұлғаларға әманда кенде болмаған. Зейнелғабиден әл Омскауи, Мұхамедсәлім Көкшетауи, Мұстафа Сейітбатталұлы, Жақан Сыздықов, Елжас Бекенов, Есмағамбет Ысмайылов, Мәлік Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, Саттар Сейтхазин, Шахмет Құсайынов, Жанайдар Мусин, Естай Мырзахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Төлеген Қажыбай, Баянғали Әлімжанов, Қорғанбек Аманжолов осылай жалғасып кете береді. Өткенсіз бүгін жоқ деген сөз бар. Осындайда менің есіме француз философы Огюст Конттың мына бір сөздері оралады: «Прошлое беременно настоящему. История человечества состоит более мертвых, чем живых». Олай болса өнердегі дәстүр мен жалғастық эволюциясының үзілмейтін алтын тізбек іспеттес, мәңгіліктен керуен тартып келе жатқанын ұмытпауға тиістіміз Хакім Абайдың:

Алдыңғы толқын ағалар,

Кейінгі толқын інілер.

Кезекпенен өтілер,

Баяғыдай көрінер, -

дегені де осы ойымызды діттей түседі.

Міне біздің әңгімемізге өзек болып отырған Сарбас Ақтаев та осындай алтынның сынығы, текті жерден өсіп-өнген, құнарлы топырақтан нәр алған, алып бәйтеректің бұтағындай көкке қол созып, бүр жарған, мәуелеген сұңғатты тұлға. Зерделі пайым, сарабдал талант иесі.

Ардақты қаламгер тұлға Сарбас Ақтаев 1934 жылы 30 қыркүйекте бұрынғы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданындағы, қазіргі Ақмола облысы, Зеренді ауданындағы Жылымды ауылында дүниеге келген.

Бұл кезең – сталиндік, голощекиндік солақай саясаттың кесірінен халқымыздың тең жартысын жалмаған отыз екі мен отыз үштің әйгілі аштығының қандықасап сойқанды кезеңі болатын. Жазушының әкесі Ақтай да жөнсіз жаламен сол қиын қыстау жылдарда қазақ айтатын «ит жеккенге» Сібірге айдалады. Өмір тақсіретін, оның азабын бір кісідей шегіп, мойнымен арқалайды. Жазушы отбасы да тағдыр салған қасіретті арқалап, қайғының тұңғиығына батады.

Қаламгер аға сол жылдардың қысталаң шақтарын былайша еске алады: «Әдетте мен өзімнің қатарластарымды «37-нің ұрпақтары» деймін. Өйткені 1937 жыл қай-қайсымыздың да тағдырымызға қара таңба салған, тақсыреті мол жыл. Менің әкем ұжымшардағы қатардағы бригадир болатын. Әкемді сол жылы «Халық жауы» деп, ұстап әкетті. Ондағы себеп, алдында ғана ауылдық кеңестің төрағасын «Халық жауы» деп ұстаған. Менің әкемді сол төрағаның досы болғандығы үшін соттады. Өйткені төраға үнемі ауылға келгенде, біздің үйге түсетін. Екеуінің пікірі де, жүріс-тұрысы да бірге деп ойлаған болса керек. Әкемді ақ-қарасын айырмай, бірден Колымаға айдады. Анам марқұм әкемді ақтаймын деп, табанынан тозып, ауыл мен ауданның ортасында жүрді. Ол кезде менің жасым небәрі үште ғана. Алдымда үлкен ағам, соңымда іні-қарындасым бар еді. Отбасында бес баламыз. Шүкірлеген бес бала әкесіз қалдық».

Көп қиындықтарды көрген жазушының әкесі 1945 жылдың жазында елге ақталып келді.

Қаламгердің айтуы бойынша, ол өз туған ауылында екі жыл ғана оқыпты. Осы ауылдағы мектепте жүргенде ол оқуды өте жақсы оқуымен, алғырлығымен көзге түсіпті.

Мұғалімнің айтқанын тез қағып алып, өлең оқыса қайта жаттап айтып берген. Болашақ қаламгердің бойында шығармашылыққа, сөз өнеріне, әдебиетке деген құмарлық, құштарлық, талап сол кездерде оянғанын байқаймыз. Үшінші сыныптан ол Көкшетаудағы қазақ мектебіне ауысады. Бұл мектепті кезінде Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайыловтар бітірген.

Мектепте де ұстаздар әрқилы болады. Солардың ішінде болашақ әдебиетшінің есінде қалғаны, КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек ері, қазақтың әйгілі опера әншісі, Ермек Серкебаевтың әкесі, қазақтың ең тұңғыш драматургтерінің бірі, байырғы ұстаз, «Бақсы», «Ғазиза» сияқты пьесалар жазған Бекмұхамбет Серкебаев болды. Ол кісіден 7 сыныпқа дейін сабақ алыпты. Әдебиетке деген талпыныс ұшқынының пайда болуына осындай ұстаздың да әсер-ықпалы болуы мүмкін.

Сегізінші сыныптан бастап, Қызылсая ауылындағы орта мектепке ауысып, сол жерде мектеп бітіріп шығады. Орта мектепті бітіргеннен соң аудандық «Колхоз жолы» газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарған. Аудандық газеттің редакторы Ғазиз Біратаев жас талаптың елдің аузына ілігіп жүрген өлеңдерін ескеріп, газет жұмысына шақырып, журналистиканың әліппесіне баулиды, тәлімгерлік етеді. Ауыртпалығы көп газет жұмысының тыныс-тіршілігімен жақсы таныс болады, жазу өнеріне жетік еді, қаламы төселеді.

Бұдан кейінгі кезеңдерде Сарбас Ақтаев Қарағанды педагогикалық институтында оқиды. Осы институттың филология факультетінде жүргенде болашақ таланттың нағыз әдеби, шығармашылық жұмысы басталады. Тек қана оқумен шектелмей институттың «Болашақ ұстаз» деген қабырға газетін шығарып, оған бұрқыратып мақала, өлеңдер жазған. Жас авторларды газет жұмысына тартып, баулыған. Қабырға газетімен қатар, институтта әдебиет үйірмесін ашып, үйірменің «Жас қалам» деген журналын шығаруды да қолға алған. Әдебиет үйірмесі институт шеңберінен шығып, Қарағандыдағы медициналық, политехникалық институттың студенттерін де қамтыған. Үйірмеде жазуға бейімі бар жастардың шығармасы талқыланып, қызыл кеңірдек айтыс болатындығын еске алады қаламгер. Қысқасы институттағы әдебиет үйірмесі шынайы әдеби шығармашылық жұмыстың көрігіне айналғаны шындық. Әдебиетті жанындай жақсы көретін студент «Жұлдыз» журналын, «Қазақ әдебиеті» газетін үзбей оқып тұрған.

1957 жылы институтты бітірген соң, ұстаздық қызметте болады. Мұғалім болып жүріп те жас талант әдеби, шығармашылық жұмыспен айналысады. Қарағанды облысында жас жазушылардың республикалық кеңесіне қатысады. «Ақкөл» деген өлеңі республикалық газетке жарияланады. Жас ақынның әдебиеттегі аяқ алысын байқаған Еркеш Ибраhим дей үлкен ақын оны Көкшетаудағы облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жұмысқа шақырады. Осы кезеңнен бастап ол баспасөз саласында үзбей еңбек етіп келеді. Хрущевтік валюнтарлық, шовинистік саясаты кезінде тың облыстарындағы қазақ тіліндегі газеттер жабыла бастаған тұста Алматыға кетіп, «Ара-Шмель» журналына фельетонист болып орналасады. Екі тілге бірдей жүйрік Сарбас ағамыз қазақша да, орысша да жазады. Аудармашылықпен айналысады. Бұдан кейінгі жылдарды «Жетісу» газетінде тоғыз жыл редактордың орынбасары, бірінші орынбасар, он жеті жыл бойы «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, «Халық кеңесі» газетінің Бас редакторы, «Ақиқат» журналының Бас редакторы болып қызмет еткен. Ұзақ жыл журналистиканың сүрлеу-соқпағында өзіндік таңбасын, өзіндік үні мен мәнерін, өшпес ізін қалдырған ол тәжірибелі журналист, от ауызды, орақ тілді көсем сөзші, публицист болып қалыптасты. Мәртебелі де, мерейлі жолдардан өтті. Сары ағаң баспасөз саласында жүргенде, қазаққа белгілі үлкен тұлғалар Өміржан Оспанов, Жүсіп Алтайбаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза секілді тарлан бас редакторлардың мектебінен өтті. Өзі де ысылып, кемелденіп, өзі басқарған басылымдарда аға-іні, дос, бауырларына үлгілі басшы, қамқор редактор бола білді. Орында талап қоя білуімен қатар, өнегелі жөн-жоба көрсетіп, ізгілік қолын созып отырды. «Егеменді Қазақстанда» әдебиет, мәдениет, совет құрылысы, партия тұрмысы бөлімдерінде жетекшілік етіп жүргенде, кейіннен қазақтың тұлғалы азаматтары болған Қойшығара Салғарин, Кеңес Юсупов, Ақселеу Сейдімбек сияқты қаламы жүйрік, төселген журналистерді облыстық газеттерден алдыруы шынайы азаматтық іс еді. Талант қана нағыз хас таланттарды тани алады деген осы болар сірә?!

Сарбас Ақтаев – республикалық газеттерге алты жүзге жуық бас мақала жазған екен. Соның тең жартысы публицистиканы еншілеп, авторын қазақ көсем сөзінің хас шебері, сарабдал сардары етіп отыр.

Сарбас Ақтаев редакторлық басшылық жұмыстарда жүргенде де өзінен кейінгі іні-қарындастарына да аяулы аға, қамқор да талапшыл басшы бола білді. «Әсіресе, газеттегі басшының шығармашылық жұмысы екі бағытта жүреді. Бірі – басқаның жазғаның оқып, оны жетілдіру, ширату, қажет жағдайда түзету. Бұл өзі аса тауқыметті жұмыс өзінше бір өнер. Автордың (соған лайық болса) жазу нақышына да, ой-пікіріне де қиянат жасамау керек, ал материалды ширату – міндет. Бұл ретте Сарбас Ақтаев ағамыз үлкен шебер. Ешкім де жазғанымды ретсіз жөндепсіз, орынсыз қысқартыпсыз дей алмас еді. Керісінше, сол жетілдіру, түзетуден өнеге алып, өз жұмысын, жазуын ширатар еді» деп жазады Мамадияр Жақып қаламгер жайында. Сарбас ағамыздың әмбебап таланты жөнінде жерлес, қаламдас інісі Қорғанбек Аманжол: «Ол газеттің бас мақаласының перісі» деп үлкен баға береді.

Сарбас ағамыз тек іскер де талапты басшы ғана емес, өз ұжымындағы жастарға аяулы аға, қамқоршы бола білетін абзал жүректі аяулы азамат. Оның осы қасиеттері жөнінде жас журналист Динара Ізтілеу төмендегідей пікір білдіреді: «Ата басылым «Ақиқат пен Ана тілі» газеті алтыншы қабатта қоңсы қонған соң ба, ұзын дәлізде сырбаз басып бара жататын Сарбас ағамды күнде көретінмін. Ағаны көрген жас-кәріміз – бәріміз жапа-тармағай амандасып жатамыз. Арасында өзімді «Ординская қалың қалай?» - деп арқаға қаққанына кәдімгідей мәз болып қалам (Бөкей ордасының перзенті екенімді білетін). Бұл кісіге деген біздің құрмет тым бөлек. Өйткені біз ғана емес, бүгінде өзіміз ұстаз тұтып жүрген буын да бұл кісінің алдында иіліп тұрады. Иә, бүгінде қарымды қаламгер, көрнекті публицист, қазақ баспасөзінің сардары атанған Сарбас Ақтаевты білмейтіндер сирек».

Әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңнен бастаған ол әдебиеттің әртүрлі жанрларында жемісті қызмет атқарып келеді. Жазушы қаламына осы уақыттар аралығында тұңғыш кітап «Өлеңдер жинағы». («Жазушы» А., 1965), «Дала туралы толғау» очерктері («Қайнар» А., 1971), «Қапшағай хикаясы». (Повесть «Жазушы» А., 73), «Бұлар бірінші болып еді» очерктері («Қазақстан» А., 1975), «Абылай хан» тарихи очеркі («Алаш» А., 1992), «Ханзаданың қасіреті». («Жібек жолы» А., 1999), «Оқжетпес» өлеңдер («Жібек жолы», А., 2001), «Қазақ ханымдары». Тарихи эсселер. («Ана тілі», 2001), «Алтын қалам». Эсселер («Жәбек жолы» А., 2004), «Шарапатты шаңырақ». Деректі очерк. (А., 2004), «Ақ боз ат». Хикаяттар. («Балауса», 2009) сияқты шығармалар туды.

Елімізде тәуелсіздік таңы атқан, егемендік алған жылдары құрылған «Халық кеңесі» газетінде бас редактор болған қаламгер ағамыз тәуелсіздіктің әрі-бері дүрбелең, өліара шағында ел тағдырына жер тағдырына байланысты талай күрмеулі түйіндердің бетін ашқан публицистикалық дүниелермен көрінді. «Ақиқат» журналында бас редактор болған жылдарында ұлт тарихының талай ақтаңдақ болған беттерін ашып, тарихи, танымдық очерктер, эсселер жазды. Жалпы С.Ақтаевтің қаламгерлік жолына үңілсек ол көркем очерктер, деректі проза, тарихи эсселерді көп жазыпты. Ұзақ жыл журналистиканың ауыр жүгін қажырлылықпен көтерген қалам иесінің көптеген тарихи, өмірлік материалдар мен фактілерді мол жинақтауының арқасында деректі дүниелерді көп туғызуы да заңдылық деп есептейміз.

«Абылай хан», «Ханзаданың қасіреті», «Қазақ ханымдары» сияқты тарихи эсселерінде автор біз білмейтін, жұрт білмейтін талай тарихи фактілердің астарын ашып, қызңылықты жеткізеді. Сарбас Ақтаевтің қай-қай шығармасын алмаңыз ол очерк пе, деректі проза ма, тарихи эссе ме төгіліп тұрған биязы тіл, көсем тіл, шешен тіл, шалқар ой мен шабыт, терең парасат пен пайым, арналы таным іздерін байқаймыз.

Сарбас Ақтаев әдебиеттің ең бір қиын саласы көркем аудармамен де ерте кезден айналысып келеді. Еуропа мен орыс әдебиетінен мол сусындаған қаламгер әр жылдары шетел классиктерінің талай тұщымды дүниелерін қазақ тілінде сөйлетті. Ол аудармалардан автордың түпнұсқадағы көрікті ой мен мазмұнды еркін де, жарқырата аударған кестелі тіл мен әсем өрнек нақыш сипаттарын аңғарамыз. Шебер аудармашының мол тәжірибесі мен кесек талантын аңғарамыз.

Жазушы Сетон Томпсон мен М.Шолоховтың әңгімелерін, В.Обручевтің «Земля Санников», Н.Антоновтың «Ән қанатында», А.Джафар-Заденің «Вернись на Родину», Г.Фрайерманның «Дикая собака динго», А.Камюдің «Чума», «Постронний», К.Гамсунн3ң «Голод», «Пак» және «Виктория», Д.Мамин-Сибирякт3ң «Ақбозат» шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Аудармашы түпнұсқадағы ой мен мазмұнды, рухты, тұпнұсқа жазылған елдің ұлттық болмысы мен бітімін, ділін барынша сақтай отырып, жеткізуге тырысады. Сол елдің мәдениеті мен руханиятын терең пайымдап, нәзік түйсініп, түпнұсқа шығармадағы бөтен ел, бөтен ұлт кейіпкерлерінің тағдыры мен сезіміне қазақ оқырмандарын да ортақтастырғысы, жақындатқысы келеді.

Тәуелсіз еліміздің әдебиетін, мәдениетін, руханиятын, ғылымын әлемдік деңгей, биікке көтеру үшін бірінші таңда бірінші кезекте, аударма өнерін барынша дамыту кезек күттірмейтін елдік, мемлекеттік мәселе болу қажет! Аударма өнері – қиын өнер. Соның ішінде көркем аударма тіпті де қиын өнер. Үлкен талант, жігер, ынта, төзімділік, еңбекқорлық керек!

Аудармашылар шын мәнінде ел мен елдің арасындағы мәдени көпір, рухани енші сияқты. Осы тұрғыда өзі де аудармашы Сарбас ағамыздың аударма өнеріне қатысты мына бір пікірін келтіре кетсек: «Ұлт пен ұлтты, жұрт пен жұртты, әдебиет пен әдебиетті жақындастыратын бір құрал – аударма! Демек, аударма өскеннің үстіне өсе түсіп, қарыштай дамиды. Меніңше, қазір тек орыс тілінен ғана емес, әр тілден аудару керек. Бүгінгі оқырман парсы, араб, қытай, ағылшын, неміс, француз, испан тілінен оқығысы келеді.

Сол тілдерден аударатын жас жігіттер жас толқынның арасынан шығу керек. Келешекте аударма ісі жойылады дегенге сенбеймін. Тек ол үшін кадр даярлау керек. Ол үшін мемлекет қолдау көрсетуі қажет»

Аударманың болашағына алаңдаған ұлтжанды қаламгер, оның қазіргі мүшкіл халіне қынжылып былай дейді: «Аударма қазақ әдебиетінің бір саласы ретінде біршама зерттелді. Мәселен, Әбен Сатыбалды аударма жөнінде диссертация қорғаған. Сол толқын кеткен соң аударма ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. Ғалым Ахметов, Жүсіп Алтайбаев, Жақан Сыздықов, Қажымұрат Сыздықов, Кеңес Юсупов, Ғалымжан Мұқанов сынды мықты-мықты аудармашылар үлкен мектеп қалыптастырып еді. Кейін біз сол мектептен айрылып қалдық. Кейін тәржіма бір май шелпекке айналды. Кім қаласа, сол жармасатын болды».

Бұл да ұлт руханиятына жаны ашыған, қаны қайнап, жүрегі ауырған ұлтжанды азаматтың сөзі! Жазушылық, журналистік ерен табысы үшін, аударма саласындағы өнімді еңбегі үшін Сарбас аға Ақтаев екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен, екі мәрте Қазақ КСР Құрмет Грамотасымен марапатталған. Бірнеше мәрте Қазқстан Журналистер Одағы сыйлығына ие болған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет иегері. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры.

Бұл абырой-атақтың барлығы да қаламгер ағамыздың әдебиет пен өнердегі, баспасөз ісіндегі елеулі еңбегін лайықты елеп-ескергендік, бағалағандық деп білеміз. Кез-келген адам үшін өз туған жері – ыстық мекен, алтын бесік боп қала берері сөзсіз. Сарбас ағамыз да өз туып-өскен кербез Көкше жеріне сәбилік,, перзенттік көңілмен ынтығып тұрады, аңсап тұрады, сағынып тұрады. Бұл түсінікті де. Бірақ Сарбас ағамыз Көкше жеріне әрі бала, әрі ата, әрі дана іспеттес. Туған жеріне мауқын басып, алаңсыз аунап-қунаса-ол оның балалығы шығар?! Туған жеріне алаңдап, қамқорлық білдірсе – ол оның аталығы шығар?! Ел мүддесін ойлап, туған жерінің күрмеулі мәселелерін көтеріп, болашағына жол сілтесе – ол оның даналығы шығар?! Алланың берген қуатының арқасында абыройлы биіктерден көріне беріңіз! Өзіңізге тілекші болып отырған Көкше жұртышылығы сізді халқыңыз сүйген айдай таза болмысыңыз «аспандай көнермесін, көктемдей қартаймасын» деп тілейді. Өзіңіз барда, өзіңіздің сүйікті де киелі қаламыңыз барда әрдайым халқымыздың жүрегінде сақталып, Көкшенің Сарбасы, қазақтың Сарбасы болып жүре беріңіз әманда!

Бөлісу:

Көп оқылғандар