Абай шығармаларының түпнұсқадан аударылуы

Бөлісу:

10.08.2022 5657

Абайдың әдеби мұралары кейінгі екі ғасыр жүзінде әлемнің көптеген тіліне аударылып, шетелдік оқырмандар қазақтың бас ақынының шығармашылығымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Кез келген, соның ішінде туыстас тілге түпнұсқадан тәржіма жасау кезінде ұлт авторы туындысындағы бастапқы мазмұн мен идеяны, бояу реңкін, болмыс қалпын дәлме-дәл беру – әрине мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда Абай туындылары шет тілдерге қалай аудырылып жатыр, сапасы қандай деген сұрақтар өзге тақырыптың ауқымында қарастырылуы тиіс және қарастырылып та жүр. Себебі әрбір халыққа тән ұлттық поэтиканың тәсілдері мен құралдары болатыны, ал өз кезегінде ол өзге халықтардың ұғым-түсінігіне, қабылдауына сәйкесе бермейтіні белгілі. Ал екінші бір тілдің көпір болуы арқылы үшінші тілге аударылғанда түпнұсқадағы ойдан барыншга алыстап кететіні сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Абай өлеңдері тәуелсіздікке дейін Кеңес Одағы құрамында болған халықтар мен алыс-жуық шетел тілдеріне орыс тіліндегі нұсқасы негізінде аударылып келгені белгілі. Тіпті өзгелерді айтпағанда кеңестік кезеңде туыстас әзербайжан тілінің өзіне орыс тілінен тәржімаланған. Осы орайда айта кетерлігі – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай ақынның 145 өлеңі мен 3 поэмасы, қара сөздері әлемнің беделді он тіліне, атап айтқанда ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз, жапоншаға аударылған болатын. Бұл – Абай шығармашылығын әлем жұртшылығына таныту, насихаттау жолындағы үлкен бетбұрыс қадам деп білеміз. Бұл біткен іс бойынша қаншасы тікелей қазақ тілінен аударылды, олардың тәржімаланған тілдегі сапасы қандай деген сұрақтарға жауап іздеген жоқпыз. Біз бұл жинақтама шолуда бүгінгі күнге дейін Абай шығармаларының түпнұсқадан өзге тілдерге тікелей аударылуы туралы қарастырып өтетін боламыз.

Абай шығармашылығы алғаш рет тікелей орыс тіліне аударыла бастады. Бұған мүдделік танытқан – Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары еді. Алғашқы өлеңдер мағыналық аударма түрінде болды. Абайдың орыс тіліндегі тұңғыш толық шығармалар жинағы Леонид Соболевтің редакциялауымен, Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен «Лирика и поэмы» («Өлеңдер мен поэмалары») деген атпен 1940 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан жарық көрді. Аталған жинаққа енген өлеңдер мен поэмаларды тәржімалауға А.Глоба, А.Штейнберг, М.Тарловский, М.Петровых, Д.Бродский, Л.Длигач, Л.Шифферс, Л.Руст, В.Рождественский, Л.Нечай, П.Шубин, В.Бугаевский, О.Румер, А.Ромм қатарлы аудармашылар қатысқан екен.

Абайдың қарасөздерін орыс тіліне ақынның 100 жылдығына орай В.Шкловский аударған. Ал ақынның 125 жылдығына орай 1970 жылы Сәтімжан Санбаев орыс тіліне қайта тәржімалаған. Кейінгі жылдары қаламгер, аудармашы Роллан Сейсенбаев та орыс тіліне аударған. Абай шығармашылығын орыс тілінде сөйлетуге М.Сильченко, Ә.Қодар, Ж.Баймұхаметов, А.Гатов, М.Сұлтанбеков, Г.Бельгер, В.Звягинцева, Б.Момышулы, С.Тілеубаев, М.Әдібаев, М.Луконин, Л.Озеров, Ю. Нейман, М.Дудин, Е.Курдаков, Ю.Кузнецов, К.Серікбаева т.б. әр жылдары атсалысқан. Солардың арасында екі тілге жүйрік ақын, жазушы, аудармашы, Марат Әдібаев Абайдың жиырма өлеңін аударып, қазақтың бас ақынының 160 жылдығына орай «Двадцать стихотворений Абая» ( «Абайдың жиырма өлеңі») деген атпен кітап қылып жариялаған. Абай шығармаларын орыс тіліне аударуда үлкен еңбек еткен тәржімашылардың бірі – Орынбай Жанайдаров. Аудармашының «Абай. Стихи и поэмы» («Абай. Өлеңдер мен поэмалар») атты еңбегі 2022 жылы жарық көрген. Абай өлеңдерін орыс тіліне аударуға талаптану қазіргі күні де үздіксіз жүріліп жатыр.

Абай шығармалары туыстас түркі халықтары тілдеріне ерте, өткен ғасырдың алғашқы жартысында-ақ аударыла бастады. Туыстас болғандықтан да бұл тілдерге орыс тілінің делдалдығы қажет болған жоқ. Солардың бірі – қырғыз тілі. Абай шығармаларын қырғыз тіліне тәржімалау ісі 1930-жылдардан басталған тарихы бар. Алғаш Жомарт Бөкембаев, Аалы Токомбаевтар Абай өлеңдерін қырғыз тіліне аударған. 1954, 1970 жылдары Аалы Токомбаевтың тәржімалауымен «Абай ырлары» («Абай жырлары») деген атпен екі рет басылып шыққан. Абайдың өлеңдер жинағы 1970 жылы Фрунзеде (қазіргі Бішкек) «Менің елім» деген атпен қырғыз тілінде жарық көрді. Жомарт Бөкембаев, Аалы Токомбаев, Совет Орманбетов, Сүлеймен Маймуловтардың әр кезеңдерде аударған өлеңдері 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай Бішкектегі «Шам» баспасынан «Абай ырлары» деген атпен А.Акметалиев пен А.Обозхановтың құрастырумен жарық көрген.

Абай шығармаларын татар қаламгері Махмұд Максуд қазақшадан тікелей татар тіліне тәржімалаған болатын. 1947 жылы Қазандағы «Татгосиздат» баспасынан жарық көрген. «Шигрьләр һәм поэмалар» («Өлеңдер мен поэмалар») деп аталған бұл жинаққа Абайдың «Масғұт», «Ескендір» дастандары мен бір топ өлеңдері енген. 1981 жылы ақынның өлеңдер мен дастандар жинағы тағы бір мәрте Қазанда татар тілінде жарық көрген болатын.

Абай шығармашылығы 2020 жылдың соңында ақынның 175 жылдығына орай әзербайжан тілінде жарық көрді. Аударманың авторлары ақындар Ибрагим Ильяслы мен Эльхан Зал Гараханлы. Бұған дейін әзербайжан оқырмандары Абай туындыларын орыс тілінен аударма арқылы оқып келсе, ендігі жерде қазақ тілінен тікелей тәржіманы оқу мүмкіндігіне ие болды.

Абай өлеңдері өзбек тіліне алғаш рет сонау ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ аударыла бастаған. Ақынның толық шығармалар жинағы 1945 жылы Ташкенттегі «Уздавнашар» баспасынан, ақынның жүз жылдығына орай «Абай өлеңдері» деген атпен жарық көрген. Абайдың қара сөздерін Якубжан Юлдашев өзбек тіліне аударды. Абай өлеңдері 1961, 1970 жылдары қайтадан басылып шыққан.1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай шығармалар жинағы жарық көреді. «Абай» деген атпен шыққан жинаққа ақынның жиырмадан астам өлеңдері, «Масғұт», «Ескендір» поэмалары мен қырық бес қара сөзі қамтылады. Аудармашы: өзбекстандық белгілі қазақ жазушысы, аудармашы Нәсір Фазылов. Абай өлеңдерін өзбек тіліне тәріжамалуда Ұйғын, Миртемир, Мақсут Шайхзаде, Жұманияз Жаббаров, Асқад Мұхтар, Мұхаммад Әлі, т.б. ақындар атсалысты. 2006 жылы Абайдың қара сөздері У.Уринбаевтың тәржімалауымен «Насихат сузлар» («Насихат сөздер») деген атпен «Жазушы» баспасында жарық көрген. 2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Ташкентте Қозоқбой Юлдошевтің тәржімасымен «Абай. Қора суз» («Абай. Қара сөз») атты еңбек жарық көрді.

Абай шығармалары қарақалпақ тіліне аударылды. Қазақ тіліне ең жақын тілдердің бірі болып келетін қарақалпақ тіліне Абай туындылары 1955 жылы аударылып, ел астанасы Нөкісте таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. 1985 жылы Абайдың өлеңдері мен дастандары Ш.Сейітовтің аудармасымен, ақынның туғанына 140 жыл толуына орай Нөкістегі «Қарақалпақстан» баспасынан қарақалпақ тілінде жарық көрді. Бұл жинаққа Абайдың 130 өлеңі, 3 дастаны жазылған жылдары бойынша топтастырылды. Сондай-ақ ондағы жекелеген сөздер мен атауларға әр өлеңнің соңында түсінік берілді. 1990 жылы Абайдың туғанына 145 жыл толуына орай таңдамалы өлеңдері мен дастандары, қарасөздерінің жинағы толықтырылып жарық көрді. Жинаққа енген өлеңдерді Ш.Сейітов пен Ш.Аяпов, С.Исмаилов, қара сөздері А.Әлиев пен С.Ибрагимов аударды.

Абай туындылары түрікмен тіліне де тікелей аударма арқылы бірнеше мәрте жарық көрді. Атап айтқанда 1958 жылы Ашхабадта ақынның түрікмен тілінде дастандар жинағы жарық көрсе, 1970 жылы өлеңдер жинағы баспадан шықты.

Абай туындылары алыс және таяу шетел тілдеріне де түпнұсқадан аударылды. Солардың бірі – жақын көрші парсы тілі. Абай өлеңдерін қазақ тілінен парсы тіліне тікелей аударып, Иран еліне ұлы ақын шығармашылығын танытуға үлес қосқан ирандық қазақ Мұхаммед Шадкам қажының еңбегін де атап өткен дұрыс болмақ.

Абай шығармалары туыстас түрік тіліне аударылды. Абайды түрікше сөйлеткен – түрік қаламгері Зафер Кибар. Абай өлеңдерін аударғанға дейін ол «Қыз Жібек», «Көшпенділер» фильмдерінің сценарийін түрік тіліне аударумен қатар, Мұқағали өлеңдерін тәржімалаған. 2014 жылы Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін жеке кітап қылып шығарған.

Абай шығармаларын өзге тілдерге тікелей аударуға шетелдегі қазақтар елеулі үлес қосып келеді. Оған мысал – жоғарыдағы ирандық Мұхаммед Шадкам болса, мұндай үрдіс монғол әдебиетіне де тән. Абай шығармалары монғол тіліне өткен ғасырдың орта тұсынан тікелей және орыс тілі арқылы аударыла бастады. Абай туындылары монғол тіліне негізінен 1956-58 жылдардан бастап аударылып, сол елдегі орта мектеп оқулықтарына енгізілген. Абай өлеңдері 1958 жылы Ұланбатырдағы Мемлекеттік баспа өндіріснен «Шүлгүүд» («Өлеңдер») деген атпен бір топ аудармашының ортақ еңбегімен жарық көрген. Аталған жинаққа енген өлеңдерді аударуға Мініс Әбілтайұлы, Қабышай Сәдуұлы, Ж.Баяраа, Д.Тарваа, Г.Дамдин, Ц.Хасбаатар, Ж.Дансранжав қатарлы адамдар тікелей қазақ тілінен немесе мағынасы бойынша қазақшадан монғолшаға тәржімалаған. Бірнеше аудармашы орыс тіліндегі нұсқасына жүгінген. Абайдың 150 жылдығына орай «Түүвэр зохиол» («Таңдамалы шығармалар») деген атпен Д.Нямаа, Б. Монголхүү, И.Қабышұлы, Ж.Қамайұлы, Х.Хангайсайхандардың аудармасымен жарық көрген. Аталған аудармашылармен қатар әр кезеңде Абай шығармаларын монғол тіліне аударуға атсалысқан Б.Ренчин, Жәмлиха Шалұлы т.б. аудармашыларды атауға болады. Абай шығармаларын монғол тіліне аударуда ақын, аудармашы Жүкел Қамайұлы үлкен еңбек сіңірді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Абайдың таңдамалы жинағы Жүкел Қамайұлының тәржімалауымен, Халықаралық түркі академиясының қолдауымен жарық көрді. 2020 жылы туғанына 175 жыл толуына орай Абайдың қара сөздері Монғолияның Халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлының аударуымен монғол тілінде жеке кітап болып жарық көрді.

Қытай Халық Республикасына Абай шығармалары біршама таныс. Абай шығармашылығы дүние жүзіндегі ең халық саны көп екі елдің бірі ҚХР-да өткен ғасырдың сексенінші жылдары мәдениет төңкерісінен кейін біріндеп таныстырыла бастады. Абай өлеңдері мен қарасөздерін қазақшадан қытай тіліне алғашқы аударушы – Қабай (Ха Хуан Жаң) атты шәуешектік сібе ұлтының өкілі. Ол бүгінгі күнге дейін Абай шығарамашылығын қытай халқына танытумен айналысып келе жатыр. 1958 жылы Қытай астанасы Бейжіңде ханзу (қытай ) тілінде Абайдың дастандар жинағы Қабайдың аудармасымен жарық көрген. 2000 жылы қытайлық түрколог ғалым, ақын Су Жоуши мен Қазақ­тың әйгілі әлем таныған жазушысы Әкбар Мәжитұлының аударуымен ҚХР-ның Мәдениет министрлігі мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің бірлесуімен «Абай ақлиялары» деген кітап жарық көрді. Бұл кітап 2012 жылға дейін үш рет 10000 тиражбен қайта басылды. Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай ақын өлеңдері 2020 жылы қытай тілінде жарық көрді. Абайдың 145 өлеңі мен үш поэмасы, қара сөздері қамтылған шығармалар жинағы 2020 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ мен ҚХР-дің Чжэцзян өлкесі Мәдениет және өнер баспа үйінің жәрдемімен Қытайдағы белгілі қазақ жазушы, «Қытай жазушылары» баспа тобы бас басқармасының басшысы Әкбар Мәжитұлының тәржімалауымен жарық көрді.

Еуропа тілдеріне Абай шығармаларын түпнұсқадан тура аударуда аз да болса тәжірибе қалыптасуда. Тәуелсіздіктен кейін Абайдың мажар тіліндегі алғашқы тікелей аударма жинағы «Дала ұлдары» деген атпен жарық көрген. Бұл жинақтың аудармашы авторы – Лайош Көрменди.

Абай шығармаларын еуропалық тілдерге тікелей аударуда батыл қадам жасаған қаламгер – әдебиетші, аудармашы Ғалымжан Мұқанов. Ол Абайдың қырық бес қара сөзін, сонымен бірге «Ескендір», «Масғұт» дастандарын, жетпіске жуық өлеңін француз тіліне аударған. Аудармашының бұл еңбегі «Reflexions en proze poems Iskander et Masgoud» («Ғақылия сөздері мен «Ескендір», Масғұт» поэмалары») деген атпен 1993 жылы «Жазушы» баспасында жарық көріп, француз оқырмандарына жол тартқан.

Абай шығармаларын шет тілдеріне аудару – үздіксіз жүріліп келе жатқан үрдіс. Әсіресе ақынның туғанына орай даталы жылдардың арғы-бергі жағында сонау 1945 жылдан бергі кезеңнен бастап біршама жұмыстар атқарылып келе жатқанын көреміз. 2020 жыл жүзіндегі аударма саласындағы атқарылған игі істер – соның айғағы. Алдағы Абайдың туғанына екі ғасыр толатын 2045 жылға дейін және осы дата қарсаңында да небір игілікті істер атқарылары сөзсіз. Оған дейін аударма, соның ішінде көркем тәржіма саласына ғылым мен техниканың ғаламат жетістігі дендеп еніп, Абай туындыларын барша қанық бояуымен кез келген шет тіліне аударатын мүмкіндікке де қол жеткізіп қалуымыз да мүмкін. Себебі адамзат өркениеті ақпараттық дәуірдің ертегідей жаңалық игіліктеріне күн өткен сайын куә болуда. Ал Абай өлеңдері мен поэмаларының, қара сөздерінің кез келген өзге тілге сәтті аударылуы тұрғысында тәржімашыларға қойылатын талап еш өзгермек емес. Ол талап – белгілі абайтанушы ғалым Жанғара Дəдебаевтың мына тұжырымы: «Абайдың шығармашылық мұрасын, даналық тағылымын зерттеу мен зерделеу көп қырлы, көп деңгейлі, күрделі құбылыс болғанда, оны аудармашылардың тану деңгейіне қойылатын талаптар да үлкен екені даусыз. Сондықтан Абайды, алдымен, тану қиын, сонан кейін аудару қиын. …Алдымен Абай деңгейіндегі ақын болуы шарт». Иә, Абайды өзге тілге тәржімалау үшін Абай деңгейіндегі ақын, шығармашыл жан болмаса, қайран туынды ғаламтор желісінің қансыз-сөлсіз орашолақ аудармасы болып қала бермек.

Бөлісу:

Көп оқылғандар