Жантас Еркін. Лиза

Бөлісу:

13.08.2022 4291

Олар ең алғаш автобуста кездесті.

Жұмысынан кеш түскен Болатов өз үйіне апаратын соңғы автоусқа әрең үлгерген. Үлгергені бар болсын, автобус іші ығы-жығы. Тамға қонақтаған тауықтай бір аяғымен тұрған жұрт терісіне сыймай бұлқан-талқан. Әйелдер жағы жақтырмай күңкілдесіп, «ары тұршы, бері бұршы» деген пыс-пыс сөздер де еміс-еміс естіліп жатты. Болатов автобус есігінің алдына тұрып қалған екен, әр аялдама сайын қиқар есік оң жақ иығын қысып тастай берді. Қолындағы қара портфелінде кредитке алған ноутбук бар еді, сол сынып қалмаса екен деп, есік ашылған сайын иығын төсеп тұрғаны.

- Әкеліңіз, мен ұстай тұрайын - деді бір нәзік қыз дауысы. Болатов алғашында дауыстың қай жақтан шыққанын білмей, аңтарылып қалған, әлгі қыз лезде Болатовтың портфелін қолынан қағып алды. «Жоқ, керек емес...» деп айтып та үлгермеді.

Алдында талдырмаш бойлы, көзі көк, қос бұрымын қосақтап өрген мектеп қызы отыр. Жүзі нарттай жанып, жымың-жымың етеді. Әлі балалығының бедерін жасыра алмай...

- Сіз Востокта тұрасыз ғой - деді қыз аңғал.

- Иә.

- Мен де сонда тұрамын.

- Жақсы екен - деді Болатов жымиған болып.

Арадағы сәл үнсіздіктен кейін;

- Сіз екеуміз көршіміз - деді қыз Болатовтан көзін алмай.

- Солай ма?

- Иә, мен тоғызыншы, сіз алтыншы подезде тұрасыз.

- Байқамаппын.

- Сіз көп нәрсені байқамайсыз - деді қыз ашаң жүзі қызарған болып. Болатов оның не айтқысы келгенін түсіне алмады. Бірақ қыздың қоңыр даусы, қазақша сөздерді жұтып сөйлегені - барлығы Болатовқа бұрыннан таныс сияқты көрінді. Бет пошымы мен жымыңдаған көк көзіне қарап қызды метизка немесе грузин деп топшылады. Сол жымыңдаған тұңғиық теңіз көздер сыртқа бейқам қарап, иін тірескен әр бағананы шығарып сап отырды.

Автобус аһылап-үһілеп, соңғы демін шығарып, бұлардың аялдамасына кеп тоқтады. Әрі қарай екеуі жолды жаяу жалғады.

Тамыздың орта шені, қарбыз-қауынның піскен шағы. Әр бұрышта «арбөз аламыз, мәрөжен аламыз» деп шүлдірлеген өзбек балаларының даусы құлақ тұндырады. Олар Болатовтың жанында томпиып келе жатқан қызды танитын сияқты, бір екеуі әдейі ыржалақтап, «Лиза» , «Лизочка» деп атын атағандай болды. Бірақ Лиза оларға ләм-мим деп үн қатпады, жүзін де бұрмады. Өзімен өзі бола берді.

- Сен оқисың ба?- деді Болатов сыр тартып.

- Иә, жетінші сыныпта оқимын. Бірақ соңғы уақыттары сабаққа барып жүрген жоқпын.

- Неге?

- Білмеймін. Ұнамайды. Ішім пысып кетеді.

- Жетінші сыныптың қыздары қазір нешеде?. Болатов өз сұрағына сәл қысылып қалды.

- Жетінші сыныптың қыздары қазір он екіде - деді Лиза жігітті қайталап.

- Жақсы екен. Ата-анаң сабақққа бармай жүргеніңді біле ма?

- Мамама бәрібір, ал әпкем білсе ұрсады.

«Әкең ше?» деп сұрағысы келді де, Болатов тілін тістеп қалды.

Қыз әр сөйлеген сайын аппақ спорттық аяқ киімінің басына қарай береді екен. Көп мектеп оқушылары сияқты оның да қолдары көк сиямен боялған. Біреуін оқып қалды, «Л + А» деп жазып, қайта өшіріп тастапты. Көк сияның беті көмескі.

Екеуі аяңдап, подездің алдына келді.

- Міне, келдік. Әрі қарай өзің бара аласың ғой? - деді Болатов қызға қамқор үнмен.

- Лиза.

- Түсінбедім.

- Менің атым Лиза.

- Иә, Лиза. Атың әдемі екен. Мұндай аты әдемі қыздар сабақтан қалмауы керек.

Қыз жарайды дегендей басын изеді. Сосын көздерін қайта кедасына қадап, жер шұқылап, біраз тұрды.

- Мен сізге хабарлассам бола ма?- деді қыз қысылып.

- Қалай хабарласпақсың?

- Сол үшін нөміріңізді сұрайын дегем.

Болатов сәл тосырқап тұрды да;

- Әрине, хабарлас – деді портфелінен көк қаламсабын шығарып. Жазуға парақ іздеп еді, қыз жаңағы шимай қолын ұсынды.

- Міне, мында жазыңыз.

- Сен оны жуып тастамайсың ба?

- Жоқ. Жумаймын - деді Лиза даусы дірілдеп.

- Онда тек көмек керек кезде ғана хабарлас - деді Болатов қыздың қолына нөмірін жазып беріп. Дәл осы сәтте қыздың көзі жайнап кетті.

- Рақмет - деді де, өз үйіне қарай жүгіре жөнелді. Бұрымы да жотасында бірге қуанып бара жатты.

Болатов үйіне кіргені сол еді, ас үйден алжапқышы бар әйелі қарсы алды.

- Кім ? - деді таңданыспен.

- Білмеймін. Біздің көрші қыз. Аты Лиза екен.

- А, ана сары қыз ба? - деді әйелі Болатовтың күртешесін шешіп жатып.

- Танисың ба?

- Иә, былай сырттай көріп жүремін. Бір екі рет дүкеннен келе жатқанда көмектескені де бар- деді әйелі разы кейіпте.

- Иә, ақкөңіл.

- Қолыңды жуып, тамаққа кел.

Болатов портфелін қойды да, қолын жууға кетті.

***

Таң. Тамыздың таңғы шапағы алып үйлердің арасынан анда-санда бір сығалап, ойнап жүр. Балконнан болмашы жел есіп, аппақ пердені аймалап әлек. Ас үйде қалған Болатовтың қалта телефоны шыр етті. Безілдек телефон Болатов төсегінен тұрып келгенше үш рет шырылдап үлгерді.

- Алло!

- Алло!

- Бұл кім екен?

- Мен!

- Мен деген кім?

- Қалай, ұмытып қалдың ба? Мен ғой, Лиза.

Болатов ойына ештеңе түсіре алмай, ұйқылы ояу сәл тұрды да;

- А, сен ба. Иә, не болды? - деді байыппен.

- Не болды дегенің болмайды. Алдымен қайырлы таң деу керек!

- Иә, қайырлы таң! - деді Болатов сағатқа қарап.

- Өте тамаша - деді Лиза дауысы жарқын-жарқын шығып.

- Лиза, сен сағат неше екенін білесің бе? - деді Болатов.

- Иә білем, таңғы алты.

- Енді?

- Мен жай, кеше сенің атыңды сұрауды ұмытып кетіппін.

Болатов қанбай қалған ұйқысына шала бүлініп тұр еді.

- Жақсы, сау бол - деді де телефонды өшіре салды. Терезеден жылтыңдаған таңғы шуақ Болатовтың тура көзіне түсті. Қайта жатып қалуға зауқы соқпады. Газға шай қойды да, жуынуға кетті. Сол сәтте телефоны қайта шырылдады.

- Алло!

- Сен маған ренжіп қалдың ба?-. Сондай назды дауыс.

- Неге ренжимін?

- Ерте мазалағаным үшін.

- Жоқ. Бірақ екінші рет қайталама, мақұл ма?!

- Мақұл - деді қыз қайта жадырап. - Білесің бе, мен сенімен сөйлесу үшін бүгінгі күнді сондай қатты күттім.

- Неге менімен сөйлескің келді ?

- Білмеймін, кеше сен мені жақсы түсінетін адам сияқты көріндің.

Болатов сәл үнсіз тұрды да;

- Саған солай көрінген ғой - дей салды. - Шындығында мен тұйық адаммын. Болды ма?

- Атыңды айтпадың ғой.

- Нартай.

- Нар-тай!-. Қыз сондай дөрекі қайталады. Болатов бір сәт ренжіп те қалғандай еді.

- Маған Нартай деген есім ұнамайды. Мен сені Алекс десем бола ма?

- Жоқ болмайды - деді Болатов шорт кесіп.

- Өтінем!

- Болмайды дедім ба, болмайды. Әр адамды өз атымен атау керек, білдің бе?

- Онда мен телефонды қоймаймын - деді қыз қырсығып. Осы тұста Болатовтың әйелі де ұйқысынан оянып кеткен еді.

- Не шу? Кіммен сөйлесіп жатырсың ?- деді қарлығып.

- Жақсы. Солай-ақ болсын - деді Болатов қызға асығыс.

«Ура» деген қуанышты қыз дауысы телефонның ар жағынан анық естілді.

- Кім? - деді әйелі сұрағын қайталап.

- Кешегі қыз - деді Болатов күліп. Әйелінің де жүзіне болмашы күлкі жүгірді. Бұл кезде ас үйдегі шәйнек те ысқыра бастаған еді.

***

Жұмыстан бір сағат бұрын босаған Болатов үйіне аяңдап келді. Келді де, подездің алдындағы ұзын орындыққа отыра кетті. Ақшам түсіп, күні бойы қолқаны қапқан қапырық сейіліп, жеңіл самал есе бастаған. Болатовтың алдына қылп етіп қураған жапырақ түсті. «Күз келді» деді ішінен. Неге екені белгісіз, осы жаз бойы күз туралы ойламапты. Әлде ойлады ма екен...

- Неғып отырсың? Үйге кірмейсің бе?- деді төртінші қабаттан әйелі басын шығарып.

Болатов ештеңе деген жоқ.

- Анау қыз күні бойы телефонға маза бермеді. Сені сұрап жатыр - деді әйелі артынша .

- Қай қыз ? -

- Лиза -

Болатов орнынан құлықсыз тұрды да, үстіге қарай көтерілді. Көтеріліп бара жатып, қалта телефонына қарады. Отыз екі қоңырау түскен екен. Және бәрі бір нөмірден.

Үйге кірген соң, әйелі оған көңілсіз ас үйдегі телефонды нұсқады. Болатов баяу барып, телефонды құлағына төседі.

- Алло, бұл Алекс пе?-. Лизаның әдеттегі даусы.

- Жоқ, Болатов.

- Мен Алекс деймін. Біз келістік емес пе?

- Менің үй телефон нөмірімді қайдан алдың?

- Почта жәшігіндегі чектерден.

Болатов үндемеді. Бір сәт; «қазір адамдар почтаға қағаз қалдыратын болған ба» деп ойлады.

- Неге үндемейсің? Сен маған көмек керек болғанда хабарлас дегенсің.

- Бірақ күні бойы емес.

- Енді маған күні бойы керегің болды емес пе.

Болатов терең дем алды да;

- Иә, қандай көмек ?- деді.

- Мен мында косинус, синус таңбаларын шеше алмай жатырмын.

- Математикаға жоқпын.

- Енді қандай сабақты білесің ?

- Әдебиет.

- Ал, мен әдебиетке қызықпайды екем - деді Лиза. - Әрине мен Сервантесті, Байронды оқыдым. Бірақ меніңше олар тым жақсы өмір сүрген сияқты. Тым романтиктер.

- Әдебиет Байрон мен Сервантес ғана емес - деді Болатов қарсылығын білдіріп.

- Мақұл Толстой делік - . Осы сәтте Болатов еріксіз мырс етті.

- Сеніңше жазушылар қандай болуы керек сонда? - деді Болатов езуіндегі күлкіні жасырмай.

- Білмеймін, сәл қайғылау ма? Немесе жанкешті ма? Маған әдетте махаббаты үшін күрескен адамдардың тағдыры ұнайды.

- Мысалы?

- Мысалы Анна Каренина. Мен оны сондай аяймын, әрі сондай жақсы көремін.

Болатов не дерін білмей тұрды да;

- Саған әлі мұны оқуға ерте емес пе ?- деді.

- Ерте емес. Менің анам оны бесінші сыныпта оқып тастапты.

- Жақсы екен.

- Ал сен осындай жазушыларды біле тұра, банк қоңырауларына жауап беріп жүрсің.

- Оны саған кім айтты?

- Әйелің. «Ол жұмыста, банк қоңырауларына жауап береді, сонда хабарлас» деді. Әттең банк нөмірін таба алмадым. Әйтпесе... -. Осы сөздерді ол рөлге кіріп жеткізді.

- Сенен жақсы актриса шығады. Бірақ маған кету керек - деді Болатов асығып.

- Не болды, әйелің ұрсып жатыр ма?

- Жоқ, ол неге ұрсуы керек?

- Білмеймін. Ұрысқақ сияқты. Маған «қайта-қайта хабарласа берме» деді.

Болатов тағы еріксіз күлді. Телефонның артынан Лизаның да сыңғырлаған күлкісі естіліп жатты.

- Онда тек мен үйге келгенде ғана хабарлас.

- Ертең бізде әдебиет сабағы. Көмектесесің бе?

- Оны ертең сөйлесеміз. Сау бол!

- Сау бол Алекс!

Болатов тұтқаны қойды да, өзіне ренжіп тұрған әйеліне қарады.

- Енді не деймін? Сабағына көмек сұрапты - деді иығын көтеріп.

- Оларға мектепте танымайтын ағаймен сөйлеспеңдер деп айтпай ма екен осы.

- Сен қызғанып тұрсың ба? - деді Болатов әйелін қағытып.

- Мен ба, қайдағы өрімдей жас қыздан...

- Қайдан білейін, хәлің мүшкіл.

Әйелі үй тәпішкесін тырп-тырп басып, асханасына қарай кетіп қалды.

- Енді хабарласпайды. Ескертіп қойдым - деді Болатов әйелінің артынан. Бірақ бәрібір кеш бойы әйелінің қабағы жазылған жоқ.

***

Күз келсе қарбалас басталып кетеді. Демалысын әйелі екеуі қысқа алмақ боп Болатов осы жазды жұмысқа арнаған. Тым көңілсіз өтті. Нағыз өмірдің мәні қозғалыста, үнемі бірдеңемен қолың босамай жүруде екендігін Болатов жан -тәнімен сезінген. «Және өмірдің мәні адамдарда» деді Болатов әдеттегі күбірімен. «Асыққан, жүгірген, күлген, айқайлаған, орындықта кітап оқыған адамдарда....».

Болатов қолтығындағы кітабының тағы бір екі бетін оқып алмаққа, саябаққа бұрылды. Кешкі уақыт, адам қарасы көп. Улаған-шулаған балалар. Пикник жасап, әр талдың арасынан сыңғыр күлкілері естілген жастар. Болатов оңаша бір орындыққа жайғасты. Бастағанына екі апта болған Гетенің «Фаустын» қайта ашты.

«Мен жамандық жасаймын деп, жақсылық жасаушымын» деп келетін Мефистофельдің сөздеріне көзі түсті.

- О, Алекс – деді таныс дауыс. Кітаптан басын көтерген Болатов дәл алдында роликпен тұрған сары қызды айнатпай таныды.

- Лиза! Сен бе ? - . Болатовтың даусы әлсіз шықты.

- Басқа кім болушы еді. Сенің әдемі көршің Лиза - .

- Сен мұнда не істеп жүрсің ?. Лиза «көрмеймісің?» дегендей аяғындағы роликті нұсқады. Болатов бір сәт өткендегі аппақ қос кедоның дөңгелегі бар роликке айналғанынына өзін сендіре алмай, ойланып қалған. Сосын лезде көзін тайдырып әкетті.

- А-а-а - дей салды артынша.

- Не оқып отырсың? - деді Лиза жайғаса беріп.

- Кітап.

- Кітап екенін көріп тұрмын. Не кітап?

- Гетенің «Фауст» трагедиясы.

- Қызық па?

- Кітапты қызық үшін оқымайды ғой.

- Енді не үшін оқиды ?.

Болатов сәл ойланып қалды.

- Қалай айтсам екен, «қызық» деген сөз пафосты сөздердің қатарына жатады. Ал, ондай сөздердің мақсаты болмайды.

Лиза бірдеңе түсінгендей басын шұлғып қойды. Болатов кітабына қайта үңіліп кетті. Әлдебір уақыттан соң;

- Сен көрінбей кеттің - деді қыз жұмсақ. Болатов қарсы сұрақ қойған жоқ.

- Мен сені үнемі алтыда жұмыстан қайта ма десем.

- Әртүрлі - деп Болатов әңгімені қостаған болды.

- Неге телефон көтермейсің?

- Онда хабарласатындар сөйлесетін адамдар емес.

- Сонда олар қандай адамдар?

- Білмеймін. Бірақ сөйлесетін емес.

- Неге телефон алмайтының енді түсінікті болды. Онда үнемі осы саябақта сөйлесейік, жарай ма?

Болатов қыздың күлім қаққан көздеріне тура қарап;

- Маған кету керек - деді. Сөйтті де жылдам қимылмен, орнынан тұра берді.

- Қыз сияқты сызылмашы!

Болатов артына жалт қарады.

- Не дейсің?

- Қыз сияқты сызылма деймін - . Лиза бұл сөзін шынайы әрі батыл айтқаны соншалық, Болатов өз көзіне өзі сенбей кілт тоқтаған. Мектеп жасындағы қаршадай қыздан бұндай сөз есту үш ұйықтаса түсіне кірмесе керек, не айтарын білмей, сасқалақтап қалды.

- Сонда қалай, кім сызылып тұр?

- Сен?

- Мен бе?

- Иә.

- Сызылу деген қалай болады сонда ?

- Енді түсінікті емес пе? Әдетте қыздар сызылады. Жігіт анда барайық, мында барайық дегенде. Қазір сен сызылып тұрсың.

- Мен не үшін сызылуым керек ?

- Мен сені кездесуге шақырғаным үшін.

Болатов сөздің төркінін енді түсінгеніне қайран қалып, езуіне болмашы күлкі жүгірді.

- Лиза білесің бе, бұл өте дөрекі сөз. Және ер адамға айтылмайды.

- Онда кездесіп тұрайық.

- Көреміз - деді Болатов бағанағыдай емес, жүзі жылып.

- Мен саған сүйеніп жүрсем бола ма ? - деді Лиза ролигін басқара алмай.

- Не үшін?.

- Аяғым талып кетті.

Болатов қыздың қолынан ұстап біраз жүрді. Қыз сондай көңілді болды. Ананы-мынаны айтып, бірде құлап қала жаздап, қайта түзеліп, әбден сілікпесі шықты. Сөйтіп екеуі әйнекпен қоршалған гүл сататын дүкеннің қасына келіп бірақ тоқтады.

- Демалып алайық - деді Лиза ентігіп. Болатов қарсы болған жоқ. Күн ұясына кіре қала қапырығы басылып, бойды балқытар салқын самал есе бастаған. Самалмен бірге олар отырған орындыққа гүлдердің де исі келіп тұрды. Лиза бір сәт көзін жұмды да, құшырлана дем алды. Бұл қылығын ол бірнеше мәрте қайталады. Дүкен ішінде бірлі-жарым адам олай бұлай өтіп жатыр. Анда-санда күбірлеген дауыстар еміс-еміс естіліп...

- Қандай керемет!- деді Лиза. - Менің әкемнің де гүл сататын дүкені болыпты. Анам айтқан. Бәлкім содан болар, мен де гүлдерді қатты жақсы көремін.

Болатов үндеген жоқ. Жай ғана әйнек ішіндегі қырқылған, суға салынған, оралған, тасталған, суалған гүлдерден көз алмады. Дәл бір гүлдер мен адамдардың ортақ тұсын тапқандай... «Өмірдің мәні гүлдерде» деді ол тағы күбіреп... Бірақ мұнысын Лиза естіген жоқ.

Ұзақ серуеннен кейін екеуі баяу жылжып, шулы саябақты артқа тастап қожыр үйлерге қарай аяңдап бара жатты.

***

Болатов екі аптаға жұмыс барысымен басқа қалаға кеткен. Оралғаны осы. Келе сала, кеңсеге бармай бірден үйіне тартты. Әйелі әлі жұмысынан оралмапты. Болатов жуынып-шайынып, орамалмен сүртінбестен, жартылай жалаңаш диванда жатып, қор ете түсті. Қанша ұйықтағаны есінде жоқ, есік қоңырауынан оянды. Ұйқысын аша алмай, сүйретіліп барып, есік ашып еді, есік алдында қолында бір құшақ гүлі бар Лиза тұр екен.

- Қош келдіііің!

Болатов ұялғанынан есікті қайта жауып ала қойды.

- Лиза сен не істеп жүрсің ? - деді есіктің бер жағынан.

- Сені көруге келдім - деді Лиза сыл-сылқ күліп. - Және саған гүл әкелдім. Қарашы пиона.

- Жақсы, рақмет Лиза. Гүлдеріңді қоя сал да, бар бер.

- Қонақты ішке кіргізбей ме екен, мәдениетің қайда?.

- Қазір емес. Кейін кел.

- Жарайды. Бірақ міндетті түрде келем. Ал, гүлді мында қойып кетем.

- Жарайды рақмет.

Болатов Лизаның «тық тық» басып төмен түсіп бара жатқан туфлиінің даусын естіп тұрды. Ол әлдекімге «Сәлеметсіз бе?!» деп жатты. Шамасы бұл әйелі болса керек.

Болатов жатын бөлмеден киініп шыққанда, есіктен әйелі кіріп келе жатты.

Сенің махаббатың келіпті ғой - деді әйелі Лиза әкелген пионаны құшақтай кіріп.

- Қойшы, бастамашы - деді Болатов әйелін сүйіп жатып.

- Сен жоқта ол қанша рет келгенін білесің бе?

Болатов басын шайқады. Әйелі «көп» дегендей қолымен ишара жасады.

- Шамасы сені жақсы көріп қалған сияқты.

- Сен кейде ақылға симайтын әңгімелер айтасың Жанна - деді Болатов шай қойып жатып.

- Несі ақылға сыймайды. Сені бұлай тіпті мен күткен жоқпын. Шындықты мойындауға міндеттімін.

Болатов бұл әңгімені әрі қарай қаузауды дұрыс көрмеді, білем, тақырыпты басқа арнаға бұра салды.

- Жұмыс шаруаң қалай?

- Тағы комиссия. Шамасы, биыл қыста да демалыс алмайтын шығармын.

Болатов іштей қынжылып қалды. Бірақ мұнысын әйеліне білдірген жоқ. Әйелі шашын ағытты да, орамалын ұстап, жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Сосын қайта басын шығарып;

- Айтпақшы, ол сені күтіп тұр - деді.

- Кім?

- Лиза.

- Қайда?

- Астында.

Болатовтың тағаты таусылды білем ілгіштегі күздік пальтосын іле салды да, асығыс астына түсті. Есік алдына шығып, жан жағына қарап еді ешкім жоқ екен. Бажайлап, тағы біраз тұрды. Кенет өткенде өздері барған саябақ жаққа қарай сұңғақ бойлы бір қыздың кетіп бара жатқанын көрді. Үстінде ақ шағала мектеп формасы. Шашын ұқыптап өріп, бантигін гүлдеп алыпты. Болатов таң қалды. Осыдан екі ай бұрын өзі көрген өрімдей жас қыздан бір белгі жоқ. Жанында жүріп, сары қыздың қалай есейіп кеткенін өзі де түсінбей қалыпты. Қызға тән қылық бітіп, жүрісінде, өз өзін ұстауында мектеп қызына жат әдеттер пайда болған. Болатов бұны анық сезді. Бір сәт жан дүниесінде бұрын соңды болмаған белгісіз бір сезім қылп ете қалды. Енді бір қадам басса сол сезімі жария болардай қысылып, жүрегі қаттырақ соғып, елеңдей берді. «Бұл не?!» деді Болатов өзіне. Сосын «Есіңді жи!» деді да, бұлғақтаған басын басқа жаққа бұрып, ой мен сезімнің арпалысынд кете барды. Сөйтіп түн ауғанша көше кезіп жүрді де қойды. Екі рет жаңбыр жауды, екі рет жел соқты. Жанынан 56 шы автобус бес рет өтті. Ал, Болатовтың көз алдынан өзгерген Лиза бейнесі кетпей қойды...

Болатов осыдан кейін Лизадан қашатынды шығарды. Жұмысқа ертерек шығып, кеш қайтып, саябақта серуендеуді де доғарды. Бұл әрекетін өзі де түсіне алмады. Қалай дегенмен де сары қыздың көзіне түсіп қалмаудың бар амалын жасап бақты. Лиза болса үй телефонына тынымсыз хабарласуын, почта жәшігіне ғашықтық хаттар қалдыруын және саябақта күтуін жалғастыра берді. Болатов та, әйелі де енді бұдан қарадай қысылуды шығарды. Бірақ әйелінде қысылудан көрі келемеждеу басым сияқты. «Сенің сүйікті Лизочкаңың жаңа ғашықтық хаттары» деп күн сайын үш-төрт бума хат әкеліп беріп жүрді. Ал, Болатов болса оларды тіпті оқудан да ұялып, бірін оқыса, бірін оқымай, суырмасына сала берді.

Ақыры жалықты ма, Лиза да тыншып қалды. Болатов та, әйелі де көңілі жайланып, бұрынға қалыпты тірліктеріне оралған. Енді бәрі басылды-ау деп жүргенде, қараша кештерінің бірінде Болатовтардың есігін бір бөтен әйел қақты. Үсті басы малмандай су, қолында бір жасар баласы бар екен. Әйел табанынан тозып, әбден титықтаған.

- Кешірім өтінем, Алекс деген сіз бе? - деді әйел жүдеу.

- Жоқ... Яғни менмін. Сіз Лизаның...

- Иә, анасымын.

- Кіріңіз - деді Болатов не дерін білмей қысылып.

- Жоқ, әуре болмаңыз. Мен жылдам...

Болатов теледидар көріп отырған әйелін мазаламас үшін, есікті жапты да, Лизаның анасымен оңаша шықты.

- Сізді тыңдап тұрмын.

- Кешірім өтінем, кеш мазалағаныма - Әйел әлдене айта алмай толқып тұр. Көздері тайып, қашып... Жаңбырдан ба, әлде жылаған ба, беттері айғыз-айғыз. Баланың да түрі мәз емес. Күні бойы нәр татпаған, ашқұрсақтыққа көндіккен сүле соқ кейіп. Араны басқан ұзақ үнсіздіктен кейін салалы саусақтары дірілдеп;

- Лиза жоғалып кетті... - деді әйел құмығып. - Міне, үш күн болды...

Осыны айтқаны сол еді, Болатовтың құлағында атом бомбасы жарылғандай «шың» ете қалды. Сосын ол ми тамырлары арқылы бүкіл өне бойына тарап, аяқ қолдарынан жан кетіп бара жатты.

- Соңғы уақыттарда сіз туралы көп айтып еді. Бірдеңе біле ме екен деп келгем...

Болатовта әлі үн жоқ. Тек «иә», «жоқтың» белгісі ретінде басын шұлғи берді. Әйел әлдебір ұзын сонар сөздерін аяқтады да, соңында;

- Егер сізге хабарласса айтасыз ғой - деді Лизаның суреті жапсырылған «Іздеу саламыз» деген қағазды ұсынып.

Әйел кеткен соң да Болатовтың ойы тарқай қойған жоқ. Шыңылдап, уілдеп құлағында сол дауыстар тұрып алды.

Болатов түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмаған соң, тұрып ас үйді кезді.

Сосын телефон датчигіндегі дыбыстық хабарламаларды тыңдады. Онда Лиза ұзақ аудио жазбалар қалдырыпты.

Аудио жазба 1

« Ей, Алекс! Сен менен қашып жүрсің бе?! Саған не болды?! Әйелің бе? Әйелің ғой... Қызғанады... Түсінем... Бірақ мен саған бір шындықты айтайын; ол саған лайық емес, білдің бе. Сен оның жанында бақытсызсың. Өзің жалғыз саябақта кітап оқисың, үнемі ой үстінде мұңайып жүресің. Ал, әйелімен бақытты адам, бұлай салт жүрмейді.... ».

Аудио жазба 2

«Бұл тағы Лиза! Мен бүгін түс көрдім. Түсімде сен біздің мектепке әдебиет сабағынан мұғалім болып келіпсің. Сонда менің қалай қуанғанымды көрсең ғой. Сөйтіп жатып оянып кетіппін. Сосын ойладым, неге саған біздің мектепке әдебиет пәнінен мұғалім болып келмеске?! Сен анау аяғынан сылтып басатын Евгений Ивановичтен мың есе артықсың. Ол ғой, дым білмейді. Айтатыны сол баяғы, анау мұрты бар аға кім еді... әлгі... ие Стален, сосын анау дударбас шал... туй тағы ұмытып қалдым атын. Ия, Маркес екеуі. Ал, бұның әдебиетке қандай қатысы бар, түсінбей ақ қойдым?! Ұзын сөздің қысқасы, мен бүгін сені біздің мектеп директорына айтып көрем. Айтпақшы, ол да сен сияқты Толстойды жақсы көреді. Мүмкін сені жұмысқа алып қалар. Кешке бір жауабын айтамын. Сау бол!»

Аудио жазба 3

«Сәлем, Алекс! Сен маған жауап бермедің. Маған ренжіп жүрсің бе?! Әйелің маған ол сені көргісі келмейді деді. Бұл өтірік деп ойлаймын. Сенің жай ғана қолың тимей жүр, солай ғой. Білесің бе, оның маған тағы не дегенін. Өзіне айтып қойып жүрме! Арамызда қалсын! Ол маған; «сенің әкең болғанда сені бұлай өз бетіңе жібермейтін еді» деді. Білем, ол мені ашуландыру үшін айтты. Сондықтан оның алдында жыламадым. Жаңбырға қарамастан, жүгіріп отырып, өткендегі гүл дүкенінің алдына барып жыладым. Сосын бар ғой... сосын оны тек сенің әйелің болғаны үшін ғана кешірдім. Әйтпесе...әйтпесе.. кешірмейтін едім! [осы тұста ұзақ үнсіздік]. Жарайды. Мен ұйықтаймын. Ертең әпкем екеуміз мақта сатуға шығамыз. Анам сабаққа бармай жүргенімді біліп қойды. Сабаққа бармасаң әпкеңмен бірге тәтті мақта сатып, тым болмаса ішіп жегеніңді ақта деді. Жұмыстан келген соң саған мақта апарып беремін. Тәп-тәтті мақта... [осы сәтте ар жақтан әпкесінің «кіммен сөйлесіп жатырсың?» деген даусы естіліп, телефон үзіліп кетіпті]...»

4 аудио жазба

« Мен сені жек көрем! Жек көрем білдің бе?! Сен менің өмірімді құрттың... [телефонды тарс еткізіп қоя салды]»

Болатов тыңдап болған соң, телефонның «өшіру» кнопкасын басты да, балконға шықты. Қараша келіпті. Балконда екі жыл бұрын шеккен темекілерінің тұқылы әлі тұр екен. Болатов темекі шегуді не үшін тастап кеткенін есіне түсіре алмады. Кеш сондай қараңғы болса да, ол тағы бір жапырақтың өз талынан үзіліп түскенін сезді. Сосын ойында сол гүл сататын дүкеннің жанында темекі шегіп тұр екен... Жалғыз.

Соңы!

Бөлісу:

Көп оқылғандар