«Көшпенділер» трилогиясы. Таласқа түскен ұлт тағдыры

Бөлісу:

19.08.2022 3882

Әдебиет ұғымын араб тілінен аударсақ, асыл сөз деген мағынаны білдіреді екен. Оның басқа ғылымдардан айырмашылығы мен артықшылығы бүгінгі қоғамның бет-бейнесін зерделеп, сараптай білуінде шығар. Бір әдебиеттің өз ішінде қаншама мамандықтардың бөлшегі жатыр. Мәселен, әдебиет пен тарих ғылымдары таудан аққан егіз бұлақ іспеттес. Егіз сала. Тарих ғылымы хронологиялық оқиғалардың жиынтығы болса, әдебиет сол оқиғалардың ішіндегі болып жатқан күйбең тіршілікті нақты, көркем тілмен кескіндейді. Десе де тарих беттерінен қасақана өшірілген, я шындығы күлбілтеленген тұстарының ақиқатын әдебиет анықтап береді десек, қателеспейміз. Оған дәлел  Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы. Үш бөлімнен тұратын әдеби еңбекте қазақ хандығының қалыптасуынан бастап, Кенесары ханға дейінгі аралықтың шындығы, ұлтымыздың басынан кешкен әр қилы кезеңдері мен қиындықтары көркем түрде баяндалған.  Жазушы Ілияс Есенберлин шығарманың әр кейіпкеріне әр түрлі троптың түрлерін пайдалана отырып ерекше сипаттама беріп өткен. 

Шығармашылық қабілеті алдымен ақындықпен сыналып, кейін жазушылыққа ойысқан Ілияс Есенберлинның құнды туындылары бүгінде қазақ әдебиетінің арнасын молайтып отыр. Жиырманшы ғасырдың елу, алпысыншы жылдарында жазылған тарихи шығармалардың басым көпшілігінің туындыгері де осы Ілияс Есенберлин еді. Бойындағы таланты мен даралығының арқасында қазақ әдебиетіне қазақ даласынан сыр шерткен шығармалардың легі бірінен кейін бірі туды. Жазушының шығармашылығына тағдырдың қатал сыны мен соқтықпалы кезеңдерінен өтуі де қатты әсер еткен. Сонау Кеңестік дәуірде қазақ халқының тарихы мен әдебиетіне қатал қарайтын заманда өмір сүрген жазушының тарихи тақырыптарды қозғауы өз басын қауіп-қатерге тіккенмен бірдей кезеңдердің бірі болды. Сол қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан кесек-кесек шығармаларын бірінен кейін бірін тудырып, қазақ әдебиетіне өшпестей мұра қалдырған жазушының еңбегі ұшан теңіз. 

Ұлтымыздың бұрмаланған тарихын қалпына келтіру жолында қазақ жазушыларының атқарған еңбегі ересен. Үш кітаптан тұратын «Көшпенділер» атты туынды сан ғасырлық қазақ тарихының өмірінен сыр шертіп, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрыптарынан, тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Расында да сан ғасырлық дәуірді қамтыған осы бір шығармада кездесетін тарихи тұлғалардың бейнесі ерекше суреттелген. Қазақ атты жеке дара ел болып қалыпасудан бастау алып, бодандық дәуірге дейінгі жылдардағы ұлт тағдырының сипатының өзгеруі осы бір үш кітаптың арнасына сыйдыра білген жазушының шеберлігіне тәнті боласың. Алғашқы бөлімнің атауы – «Алмас қылыш». Еңбек 1971 жылы қағазға басылып, қалың оқырманға жол тартқан. Бұл тараудағы оқиғалардың желісі XІV-XV ғасыр ішіндегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін қамтиды. «Алмас қылыш» бөлімі Дешті-Қыпшақ елін билеп отырған Әбілқайыр хандығынан Керей мен Жәнібек ханның өз жұртын соңына ертіп, бөлініп шығуынан бастап, баян етіледі. Мемлекет құруда кездесетін қиындықтар мен батырлардың шыңдалуы, қазақ әйелдерінің мықтылығы және қара сөздің майын ішкен ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыздың болмысы ерекше сипатталады. 

 «Көк Орда ел-жұртын жеке билеп келген Әбілқайыр мен қазақ ордасын бөліп аламын деген Жәнібек сұлтанның таласы әлдеқашан-ақ басталған. Бұлардың бір-бірінің жан алқымынан ала түсер көкжал қасқыр мен арлан тазы теңдес. Араларында бітім болуы тиіс емес. Бірақ әлі қарсы шабар күн туған жоқ, тек сол күнді күтіп жүрген жағдайлары бар»

Шығармадағы Асан қайғы бабамыз Көкше жеріндегі айтысқа келген бетінде айтысқа төрешілік ету бұйырады. Асанның сол кезде айтқан сөзі: «Атамыз Майқы биден бері бәйге хан ордасын кім асыра мақтаса, соған беріліп кететін. Бұл жолын ата жолын бұзбақпын. Егер соған көнсең, төреші боламын», - дейді. «Тура биде туған жоқ демекші» осы бір сөздерінен соң Асан қайғының турашыл адам екенін анық көреміз. Айтыстың сол кезеңдегі шарттарының бірі жауға шапқан елдің ерлігі мен батырлығын – жырға қосу. Және, келесі бір шарты өз руының батырларының ерлігін суреттеуде асқан шеберлік таныту болса, соңғы шартында Дешті-Қыпшақ жерінің болашағын бағдарлау болған. Осы ретте кез-келген ақынның бойындағы тек өлең шығара алу қабілеті аздық еткенін, елінің мүддесін арқалап жүрген дана адам екенін көрсете білген. 

Ел болып, қаншама рудың басын біріктіре білген Жәнібек пен Керейдің түпкі мақсаты орындалғанымен, күндердің бір күнінде Әбілқайырдың баса көктеп келуі де мүмкін еді. Үмітін арқалап, соңынан ерген халық та бейқам жата алмай, тыныштық орнай қоймаған уақытта күй кешіп жатты. Алайда, көшіп келген Есен-бұғының халыққа берген жері шұрайлы, мал шаруашылығына өте қолайлы мекен болғандықтан, халық жайбарақат мыңғырған малын жайып, көңілі бір тынышталған сәт еді. Артынан ерген халықтың арманы мен мақсатын орындағанымен, ханның ойы әлі тыныштық таппаған тұсы еді. Бұл турасында шығармада кездесетін Түркістан қаласы жайында жазылған бөліктерден көруге болады. Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласында сауда-саттықтың керемет жүргендігін былай қойғанда, халықтың тұрмыс-тіршілігі керемет өзгерістерге ұшыра қоймады. 

Түркістан өлкесі үшін өткен шайқастардың барлығы осы алғашқы тарауында жазылып, оның өз жерін қайтарып алуы Хақназар ханның бағына бұйырғаны туралы жазылады. Алмас қылыш атты тарауында жазушы тарихи деректерге сүйене отырып, қазақ даласының тұлғаларын жаңадан тірілтіп, әдебиет әлеміне шоқтығы биік шығармалардың бірі алып келеді. Осы тұрғыдан алып қарағанның өзінде де атауында да ерекшелік бар «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы бөлімі халықтың алмастай өткір жігерінің арқасында ел боламыз деген асқақ арманының жетегінде өз басын құрбандыққа тіге білетін қайсар ел екендігімізді тағы да бір дәлелдей түскендей. «Көшпенділер» трилогиясының екінші бөлімі «Жанталаста» қазақ даласының жоңғарламен күресу жолындағы ерлігі, отаршылдық саясат және бодандық өмірдің қазақ даласына келу жолы суреттеледі. Осы бір тарауда ерекше суреттелген Қасым, Хақназар, Абылай сынды хандардың бейнесі шығарманың ұтымды шығуына ерекше әсер еткен. Осы үш ханның тұсындағы халық өмірінің жалпы суреті көркемді және бейнелі түрде суреттелген. 

«Жанталас» бөлімінде XVІІ-XVІІІ ғасыр аралығындағы қазақ халқының жеке дараланып, ел болу шағындағы қиындықтары суреттеліп, үш жүзге таралған елдің басын біріктіру жолындағы Абылайдың образдары ерекше ашылады. Абылай ханды ақ киізге көтеріп хан сайлаған шағынан бастап орыс, қытай, жоңғар сынды жан-жақтан аш қасқырдай төніп отырған елдермен соғыс өмірі баяндалып, жалпы қазақ өмірінің кескін-келбетінің ерекше ашылған тұсы еді. Жан-жағына ентелеп тұрған жаудың өзіне күш бермей, сынбай отырған халықтың бейнесі шығармада былай суреттелген: «қазақ елі бұл кезде көкпарға дайындалған серке тәрізді еді», - деп басталатын шығарманың басынан жазушының көркемдік тілінің ерекше екендігіне тағы да бір қайран қаламыз. Расында да үміттің қашан сөнерін күтіп отырған қалың қазақ халқының тағдыры жоңғар шапқыншылығы тұсында күрт нашарлаған сәті еді. Малы мен жанын бағып отырған қалың елдің бүгінгі арманы еркін далада шауып жүрген сәйгүлікті көру. 

Шығармада кездесетін алғашқы ел басқарушы ойы ұшқыр, талабы биік Тәуке ханның сол кезеңдерде өмір сүруі қазақтың маңдайына біткен бағымен теңдей болатын. Жоңғарлардың қазақ даласын көздегенін бірден аңғарған тәуке хан өзінің келісімін Ресей елімен жасайтынын ойлап, қарастырып қойған еді. Ресейдің жеріне қосылмаса, қазақ даласын бір жағынан ойраттар, енді бір жағынан жоңғарлар басып алмақ ойы бар. Олар басып алды дегенше ұлдары құл, қыздары күң болар шақ та алыс емес екенін ханның өзі де іштей білді.  Қазақ халқының қазіргі ұғымында Тәуке ханның жеті жарғысы деп аталатын сөз тіркесінің айтылуы да тегін емес. Қаз дауысты Қазыбек би мен үйсін Төле биді ордасына шақырып, жеті жарғыны шығару барысында билердің ақыл-кеңесін тыңдап құрастыруының өзінде де халықты басқару тек ханның міндеті ғана емес, сонымен қатар ел арасындағы алауыздықты бір ауыз сөзбен шешіп отыратын билердің де халық үшін маңызының жоғары екендігін жазушы тағы да бір дәлелдегендей түседі. Тәуке хан тұсындағы Абылайдың бейнесі айшықты түре ашылмай, құпия сыр ретінде қалып қояды. Алайда Тәуке хан дүниеден озған сәтінен бастап қазақ халқының қамын ойлар азаматтың туылатынына халық іштей сенген еді.

Абылай ханның дәуіріндегі қазақ жұрты әскери әдіс-тәсілдерді жетік меңгеріп, ерлерінің барлығы дерлік атқа қонып, жау келсе сақадай сай тұратын дәрежеге жетті. Бұл, әрине уақыт аралығындағы қажеттілік болып саналды. Өз ұлтын, өз жерін және өзінің отбасын жаудың қолына бергісі келмейтін қазақ даласының еркек кіндіктерінің атқа қонуы қанымызда жатқан ерліктің асып-тасығаны деп түсінеміз. Қазақ сонау ел боламын деген уақытынан бастап-ақ өзінің бойына ерлік, өжеттілік, алғырлық сынды қасиеттерден арылмай келеді. Бұл бүгінгі тәуелсіздіктің ақ таңының нәтижесі деп білеміз. Өзге елмен қанды қырғын шайқаста көз алдына ойнақтаған баласы мен нұрына балаған жан серігі, ақ батасын беріп, үйінде күтіп отырған ата-анасы мен туыстарының бейнесі әр батырдың ерлік жолында жеңіске жетуіне үлкен септігін тигізді. Қазақ халқының бұл уақыттағы тұрмыс-тіршілігі сонау «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» дәуірінен тәп-тәуір кезеңдерінің біріне айналды. Ел тыныштықта өмір сүрмесе де, қолбасшылардың бірігіп, елді бір арнаға жинауының өзінде де жауды жеңіп шығуына үлкен ықпалын тигізгенін байқай аламыз. 

Ерте замандағы қазақ даласында болған жазу мен таңбалар ұмытылғанымен, бабалардың егемендік аламыз деегн асқақ арманы әлі күнге дейін жалғасын тапқан уақыт кеңістігін қамтыған шығармада алуыздық та, достық та, елдік де, ерлік те бар. Шығармада халық өмірінің жалпы сипаттамасын Бұқар жыраудың айналасында жүрген монологынан анық байқауға болады. Ішкі сезімімен арпалысып жатқан жыраудың түпкі мақсаты ел боламыз деген арманының бір мезетте өшіріп алмау және сыртқы елдермен қақтығыстарда қалай өз елін сақтап қалу жолдарын қарастыру болып саналады. Расында образы ерекше алынған кейіпкердің ішіндегі Бұқар жыраудың кескін суреттері және жыраудың халық өмірін сипаттауындағы айтылатын жырлардан сол аман дәуірінің көрінісі көз алдымызда жүргендей сезінеміз. Жазушының шеберлігі мен ұтқырлығы Бұқар жыраудың кейпін ерекше ашумен ерекшеленген. 

«Жанталас» романы жан-жақтан ентелеп отырған жауға қарсы шапқыншылықтағы халықтың жалпы өмірі мен тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Шығармада ерекше сипатталған кейіпкерлер ретінде Бұқар жырау, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Абылай хан сынды ел ауызында аты аңызға айналған тұлғалардың бейнелері ерекше көркемділікпен суреттеледі. Соғыс өнерінің қыр-сырына қаныққан батырлардың қарапайым халықты соғыс алаңына дайындауы, өжеттілік мінездері мен сенімділік қасиеттерінің барлығы да шығармада ерекше сипат алады. Жан-жақтан ентелеп отырған шайқастар шығармада бірде монологпен енді бірде суреттеу мен кейіптеу арқылы жүзеге асырылған. Шығармада ел басқарушы кейіпкерлер ретінде Әбілқайыр мен Абылай арасындағы байланысты және тарихта шешімін таппай келе жатқан сұрақтың жауабын дөп басып жеткізеді. Әбілқайырдың ел билеу тұсындағы жықсылы-жаманды қасиеттері ортаға салынып, қалың оқырманның көңілін өзіне аударады. Осылайша жазушы әр оқырманға қай бағыттың дұрыс болғаны жайында жабық сұрақ қалдырып, соңынан халықтың өмірі мен тұрмысынан хабар береді. Расында да ентелеп отырған қазақ даласының жауларының көп екендігі рас. Осы кезеңде кімнен пана іздерін таппай дал болған қазақ даласының басын қосып, бір арнаға рулардың басын біріктірген хан Абылайдың нақ өзі еді. Абылайдың тұсында ел басқа да, халықтың тыныштығы да қатар ойланып, шешімін табар сәт жақындаған кез болды. 

Қазақ даласына қауіп төндірген жоңғарлардың бас қонтайшысы Қалдан Сереннің бейнесі шығармада сұсты айдаһардай суреттелген. Жер бетін жаулап аламын деген асқақ арманын алдына қойып отырған осындай зұлым адамның бойында ешқандай жанашырлық деген сезімнің жоқ екендігін жазушы ерекше жеткізеді. Барша қазақ даласына қауіп төндіріп отырған адамдары да осы Қалдан Серен кезіндегі жоңғар шапқыншылығы еді. Осы бір аласарыпан кезде Әбілқайырдың Ресей жеріне қосылып, бағынышты болуға келіскен тұсы шығармада ерекше сипат алған. Шығармадағы Әбілқайырдың мінезінің басым көпшілігі екіжақты сипат алады. Алғашқы сипаты өзінің мүддесін ойлау болса, енді бірі қазақ халқының болшағына алаң болуы жатыр. Осы бір екі ойлылықтың кесірінен қазақ даласын ресей жеріне қосып, бағынышты етуіне де ерекше ықпал жасаған. Алғашқысы ресейге қосылса Еділ мен Жайық өзендерінен жайылым беру болса, енді бір мақсаты орыстардың бекіністері арқылы өзінің билігін, атақ-абыройын арттыру болып саналған. Алайда, осы бір мақсатының орындалмауына басты себеп бекіністердің басшылары қазақ халқының ел басқарып отырған басшыларын бір-біріне айдап салу арқылы ішкі араздықты арттырып, өздеріне бірден бағынышты етуді көздеді. Көшпелі халықтың өмір салты осы тұстан бастап күрт өзгерген заман болды. Мал шаруашылығынан гөрі отаршылдық саясатты мықтап ұстана білген ресейдің адамдарының қазақ жеріне үстемдік етуінде де халық тағдыры қыл көпірдің үстінде тұрған жандай болып көрінген. Жанын малмен асырап жүрген көшпелі халыққа отырықшылдық саясаты тым ерсі көрінгені рас. Алайда, заман талабына көнбеске басқа амал жоқ. Осы бір кезеңдерде халық өмірінің күрт нашалауыда осында еді. Бұл елден бас тартса, ентелеп тұрған жоңғарға тап болады, бас тартпайын десе, өктемдігі басым жат ағымның адамдарының билігіне мойынсұнады. Тарих деректеріне сүйенсек, Әбілқайырдың ел басқару саясатында өз басының қара қамы үшін жасалды деген тұстары көп болғанымен, бүгінгі тарих ел мүддесі үшін жасалған іс-әрекеті екенін растайды. Егер ресей жеріне қосылмағанда қазақ халқы бүгінде жойылып кетер ме еді. Даралығын дәлелдеген осы бір ханның шешімі бүгінде тәуелсіздікті сый қылып берген Тәңірінің көмегі ретінде қабылдағанымыз жөн. 

Шығармада Есім ханның образды бейнесін ашу Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан жолдарынан ашылады. Расында да кейіпкердің бейнесін басқа тұлғаның сөзі арқылы келтіру кез-келген жазушының ойына келе бермейтін тәсіл. Бұл тәсіл арқылы Ілияс Есенберлин өзінің шығармасын әсерлеп, көркемдей түскен. Әрине, сонау ел болып, отаршылдық саясатқа еніп, бодан болғанға дейінгі дәуірді үш кітаптың ішіне сыйдыру мүмкін емес болып көрінгенімен, жазушының қолынан келе білді. Сонау Мұхамед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари сынды тарихшылардың еңбектеріне сүйене отырып жазылған туынды барша қазақ даласында болған оқиғалардың барлығын дерлік қаз қалпында суреттегендей. Жалпы тарих пен әдебиет ұғымының егіз екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Алайда әдебиет тарихтан қарағанда ерекшеленеді. Бұған дәлел қаншама хронологиялық жылдардың араларында қалып қойған оқиғалардың тізбектерін қазақ әдебиетінен көрініс береді. Сонау Әбілқайырдың тұсындағы ел билеу тарихшылардың арасында дауға әлі күнге дейін зерттеу жұмыстарының негізі болып отыр. Әбілқайыр тұсындағы ел билеу тарихына сүйенсек тарих беттерінде оның ақ та, қара да тұстары айтылады. Алайда, жазушының көркемдік тіл ерекшеліктеріне байланысты Әбілқайырдың бейнесін керемет тұлға ретінде аша білді. Расында да ентелеп тұрған жаудың аузына салып бермей, келісіміде түрде жүргізген әр ісінің астарында елді сақтап қалу мен әр қилы жайттардан хабар беруі жатыр. Осылайша ханның ісін тура немесе жағымсыз қылықтарына сараптама жасай келе автор Әбілқайырдың бейнесін өзгелерден де биік қойып, ел билеудегі ұстанымының дұрыс екендігін көрсетеді. Осылайша тарих беттерінде сыналып жүрген іс-әрекеттер көркем әдебиетке келгенде ақталып, жаңа қырынан да көріне бастайды. 

«Жанталас» романы аты аталып тұрғандай қазақ даласындағы  жаугершілік заман орын алған дәуірді сипаттап жазған шығармалардың бірі еді. Сонау үш ғасырдың оқиғаларын бір кітапқа сыйдыру барысында жазушының қолданған әдіс-тәсілдері басқа жазушылардың стильдеріне қарағанда өзгеше және жаңа түрде қолданған. Шығармадағы оқиғалардың бір-бірімен жалғасқан тізбектерін жазу барысында жазушы тарих беттерінде оқиғаларға сүйене отыра жазған. Сонау жоңғар шапқыншылығынан бастау алып, отаршылдық кезең аралығын қамтыған осы бір уақыт аралығын суреттеген жазушының қаншама еңбегі мен уақыт кеңістігін сипаттауында көркемдік тәсілдері жатыр. Ілияс Есенберлинның шығармашылығының өміршең болғаны да осыдан болар. «Жанталас» романы Ілияс Есенберлинның қуғын-сүргінге тап болып, қазақ даласына елге зиянын тигізер жау деген жазықсық айып тағылып жүрген кездерде жарыққа шыққан ктаптарының бірі. Кітаптың аты да өзінің өмірінен сыр шертеді. Шығармада да халық өмірінің жанталас кезеңдері де, Ілияс Есенберлинның жанталас тағдыры да бір атаудың төңірегінде топтасып, кітаптың аты «Жанталас» аталып кетті. 

Көшпенділер трилогиясының кезінде «Хан Кене» есімімен шығып, қудалауға ұшыраған үшінші томы бүгінгі таңда «Қаһар» деп аталады. Бұл шығармада қазақ даласында сонау он сегізінші және он тоғызыншы ғасыр аралығын қамтыған қазақ өмірінің сипаты көрініс табады. Кенесары Қасымұлының ел билеу саясатының негізі жазылып, автор өзіндік бағасын береді. Осылайша шығарманың көркемдігі мен әсерлілігіне тағы да бір үлесін қосқан шығармалардың легін толықтырады. Жазышының шығарманы жазу барысындағы тағы да бір ерекшеліктерінің бірі «Қаһар» романын алдыңғы романдардан бірінші жазып қойғандығы. Бұл турасында жазушының өзі де «Тарихи эпопеяны соңынан бастап жазуымның басты себебі – жиналған ақпараттар мен қамтыған дәуірдің кең екендігінде және осы жоспарлаған кітабыма менің ғұмырым жетеді мен жетпейді ме деген күдікпен жаздым», - деп келтіреді. Расында да барша қазақ даласының тағдырын сипаттап, хан Кененің образын тамаша кескінмен сипаттай білген бұл шығарма жалпы қазақ даласына таныс шығармалардың бірі. 

1969 жылы «Жұлдыз» журналында басып шыққан «Хан Кене» атты шығармасы әрине сол заманда қатты сынға алынған шығармалардың бірі болды. Расында да қазақ даласында репрессия дәуірің суыған кезеңі болса да, әлі де ұшқындары бар уақытта қазақ зиялыларының есімдерін атау, жалпы қазақ ұғымына қызмет ету елге тигізген зияның болып саналды. Алайда, ел тарихы мен мәдениетінен ада қалмау керек деген мақсатты алдына қойған Ілияс Есенберлин өзінің басын қатерге тігіп, қазақ даласының соңғы ханы Кенесары Қасымұлының жалпы өмірі мен жасаған еңбегін шығармасына арқау етті. «Қаһар» романы жайында филология ғылымдарының докторы Мырзабек Төлегенұлы Дүйсенов былай деген: «Қаһар романындағы кейіпкерлердің басым көпшілігі іріленіп суреттелген. Яғни, шығармадағы кейіпкерлердің образдарының толық ашылуы мен сипатталуында жазушының шеберлігі мен даралығы анық байқалып тұр». Расында да кейіпкерлердің мінездерін ашу барысында жазушы бірнеше әдіс-тәсілдердің түрлерін пайдаланып, көркем суреттей білген. 

Заманның қилы кезеңдеріне қарамастан қазақ тарихын қағаз бетіне түсіріп, шындықтың айнасын ел назарына ұсынуға әркімнің жүрегі дауаламасы анық. Ілияс Есенберлинның жазушы ретінде сыналған тұсы да осы «Көшпенділер» трилогиясын жазу барысында байқалды. Бұл турасында филология ғылымдарының докторы, фольклор танушы Рахманқұл Бердібайұлы Бердібаев «Есенберлин ерлігі» деп аталатын мақаласында былай деген: «Соқтықпалы кезеңдерге қарамастан, соның ішінде Кенесарының есімі аталуға да тыйым салған дәуірлерде соңғы хан туралы шығарма жазып ел назарына ұсыну Ілияс Есенберлинның қаһарман екенінің бір дәлелі», - дейді. Расында да тарих пен әдебиеттің сыналған дәуірінде, ақ пен қараны ажырата алмай жүрген тұстардағы шығармалардың өміршең болуы жазушының маңдайына біткен бағы. Қаһар шығармасындағы өмір айнасы және халықтың тұрмыс-тіршілігі, көтеріліс барысындағы халықтың бірігуінің барлығы да шын айтуына келгенде тамаша, көркем тілмен суреттелген. Осылайша әдебиет хан Кененің бүгіні мен өткеніне шолу жаап, ел басқару тұсындағы іс-әрекеттеріне өзіндік баға беріп, оқырманның алдындағы басты борышын өтегендей. 

«Көшпенділер» трилогиясын ең алдымен «Хан Кене» романынан бастауы жазушының шығармасының толық аяқталады ма, әлде халық жауы болып танылады ма деген үлкен үрейінен туындаған мәселесі болды. Кенесарының тұсындағы ел билеудің басты нысандарын айта отырып, заманның шындық тұстарына тамаша сипаттама жасай білген. Шығармадағы материалдардың көп болуы жазушының ғұмырының сол кезеңдерден алыс емес екендігін тағы да бір аңғарамыз. Хан Кененің тұсында өмір сүрген адамдардың ұрпақтарының болуы да шығармадағы шындықты тікелей жазумен сипатталады. Бұл турасында жазушы Әзілхай Нұршайықов былай деген: «Шындығына келгенде егер «Қаһар» романы тумаса, «Көшпенділер» трилогиясы қазақ әдебиетінде болмас еді». Расында да сонау Алтын Орда дәуірінен бастау алып, он тоғызыншы ғасыр аралығын қамтыған көлемді шығарма қазақ даласының жалпы өміршең кезеңдерін сипаттаған туындының бірі болды. 

Қазақ тарихын зерделеп, өткен ғасырдың шындығын ел алдына шығару үшін әр адамның жалпы ғұмырын алатыны сөзсіз. Расында да тарих қойнауларында қалып кеткен жасырын оқиғаладың барлығын тірілту, бұрмалармай шындықтың бейнесін шығару әрбір жазушының қолынан келе бермейтін үлкен ерліктің бірі. Осы тұрғыдан алып қарағанда Ілияс Есенберлинның жасаған еңбегі орасан зор. Бес ғасырды тек үш томдық кітапқа сыйдыра білген жазушының ой ұшқырлығы мен амал-тәсілдеріне расында да қайран қаласың. Шығарманың басты өзектілігі мен маңыздылығы да ұлт тарихының айнасының сипаттамалары екені анық. Көшпенділер трилогиясын жазудағы жазушының басты мақсаты өзге халықтарға қазақ жерінің болғандығын және бодандықта емес, еркіндікте ел бола алатын, мемлекет құра алатын халық ретінде сипаттаған. Расында да қазақ халқының бойындағы өжеттілік, қайсарлық, қаһармандық сынды қасиеттердің басымдылығы шығармада айқын көрінііс табады. Осылайша ел тарихын жазу барысында жазушы қаншама еңбек пен күш жігеріп жұмсап, қазақ тарихын және әдебиетін қоса білуге шақырған. Жалпы қазақ халқының даналығын сипаттап, шығармасына арқау етуі әлем елдеріне өзінің мәдениеті, тілі мен діні бар халық екендігін дәлелдеу сияқты. Жазушының ең басты міндеті халық өзінің тарихы мен әдебиетін білу керек деген болса, екінші міндеті әлем елдеріне қазақ тарихының шындығын ашып, қазақ деген ұлттың дана екендігін, дара екендігін таныту болып табылады.

Автор ел билеу тұсындағы хандардың бейнесін ашу барысында реалистік сипатта жазылған тұстарын шығармадан өте көп кездестіреміз. Абылай хан мен Кенесары хан тұсындағы қазақ даласының ғұмырын сипаттап жазғанда жазушы әрбір шындықтың қаймағын бетіне шығарып, ел назарына ұсына білген. Ел билеу барысында Абылай ханның кезінде Сабалақ атанғанын қатты сынаған Бұқар жыраудың поэзиясынан көрініс береді. Алайда, ел арасындағы дау-дамайды шешу барысында төре тұқымынан шыққанын бірден байқаған Бұқар жырау Абылайдың негізгі кеңесшісі болған. Яғни, ел билеу тек Абылай ханның ғана құзыретінде емес, сонымен қатар Бұқар жыраудың ықпалы да басым болғанын көреміз. Кенесары Қасымұлының бейнесін ашу барысында қазақ даласында өткен тарихтағы шындықты айнадай етіп суреттеген. Ел басқарар алдындағы Кенесарының даралығы мен даналығы сипатталса, енді бір тұсында өзінің бас пайдасын ойлаған ханның бейнесін жазушы анық жеткізеді. Расында да көршілес қырғыз халықтарымен кейде бітім келісімде өмір сүріп, жазықсыздан бір түннің ішінде бір елді қырып кетуін жазушы қатты сынға алады. Бұл турасында жазылған шығармада Кенесарының тек қана ұтымды бейнесін ғана емес, сонымен қатар жалған іс-әрекеттеріне ерекше баға беріп кетеді. 

Жазушының халық арасында бүлікшіл хан деп таққан таңбасын жойып, Кенесарының басқаша тұстарын ашу барысында жасаған еңбектері зор. Егемендік пен елдіктің негізінде осы үш кітаптан тұратын қазақ тарихының сипаттамалары болашақ үшін үлкен құнды мұра екені анық. Расында да тарих сахнасында дау болған пікірге соңғы нүкте қойып, өзінің ойын еркін түрде жеткізе білген жазушының шығармалары қазақ әдебиетінің ішіндегі ең биік шоқтығы деп қабылдар едік. Жазушының бойындағы даралығы мен даралығы «Көшпенділер» трилогисынан ерекше байқалатыны анық. Саналы ғұмырын қазақ даласының құпияға толы тарихын зерделеумен айналысқан Ілияс Есенбердин шығармашылығы күллі қазақ әдебиетінде жауһар туындылардың қатарларын толықтырып, қазақ тарихында есімі алтын әріппен қалды. Өткені мен бүгінінен хабар алған ұрпақ қана болашағына алаң болар, ұлттың және егемендіктің қадір-қасиетін түсінетін саналы адам болары сөзсіз. Ендеше сонау тарих соқтақтарына қарамастан жазылған бұл шығарманың өміршең әрі мәңгілік екеніне біз сенімді болуымыз керек. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар