Нодар Думбадзе. Әжем

Бөлісу:

05.09.2022 2907

Менің ауылымның оң жағында Губазоули өзені, сол жағында – шаяндар, бақабастар мен қарасирақ балалар құжынап жүретін шағын ғана Лаше өзені ағып жатыр. Губазоулидің үстімен көпір өтеді. Әр жылы көктемде әлгі көпірді буырқана тасыған өзен шайып кетеді де, орнында су мүжіген діңгектері ғана қарайып қала береді. Сонда да күллі Гуриидегі ең көрікті әрі көңілді ауыл менікі. Мен оны жер бетіндегі ауыл атаулының жұмағы көремін, өйткені мен, әжем, Илико, Илларион және итім Мурада өмір сүруі мүмкін басқа ауылды күндіз шам алып таппайсыз... Әжем – өте ақылман әйел. Оның құдайдың құтты күні маған қарата айтатын бір сөзі бар:

- Оқы, жетпегір неме, оқы, әйтпесе боққа жарамай қаласың!

Ғылымды әжем өзінше тәпсірлейді. Бірде, бар даусыммен барқырап грузин грамматикасының ережесін жаттап отыр едім әжем:

- Ежіктеп не айтып отырсың, балам? – деді.

- Етістіктің түрлері ғой, әже!

- Не? О заманда бұ заман етістікте түр болушы ма еді! Түр адамда ғана болады!

- Бұл басқа түр, әже, сен ойлағаннан мүлдем бөлек.

- Жер бетінде жалғыз-ақ түр бар. Бітті.

- Жарайды, - дедім кітапты жаба салып, - онда түр дегеннің не екенін сен айт.

- ТҮР – ол... ТҮР!

- Отыр, әже. Сабаққа дайын емессің, екі!

 Мен саған екіні көрсетем, арамза! Жаныңның барында барып ана ешкіні байла, әйтпесе өз түріңді өзің танымай қаласың!

– Жарайды, тағы бір сұрақ қояйын, сосын барам. Жер бетінде қанша түр бар?

 Қанша адам болса, сонша түр бар. Бірақ түрді өстіп беталды жыбырлату үшін бермеген, ақымақ! Біреудің түрі қушиған, екінші біреудікі – жалпақ, үшіншісінікін – тіпті тани алмайсың, мыж-мыж бірдеңе. Сосын тағы екіжүзді адамдар болады. 

– Алаяқтар да болады, - деп қосып қойдым мен. 

– Дұрыс! Мысалы, біздің поштабай. Конверттің сыртындағы маркасын сыдырып алады да, сосын – маркасы жоқ, бір сом әкел деп жалаңдап тұрғаны.

 Ал мен қандаймын, әже?

- Сен бе? Сен арамза, былжырақ, сенделбай, алаяқ, оның үстіне құдайдан безген немесің!

Жалпақ Гурииде менің әжемнен асырып қарғайтын әйел жоқ шығар. Бірақ оның қарғысынан қорықатын кісің мен емес – бірде әжемнің: «Сені аузым қарғағанмен, жүрегім амандығыңды тілейді ғой...» - деп тайқып кеткені бар. Айтпақшы әжемнің Халықағартукомның оқушыларды күніне алты сабақ бойы мектепте ұстау туралы қатігез шешімін құптамайтынын айта кетуім керек. Әрине, өз басым әжемді тап соған бола қинаған емеспін. Оқу уақыты мен үшін, заң бойынша, төртінші сабаққа әрең ілінеді. Содан кейін-ақ уақыт пен кеңістіктен жаңыламын да, үсті-үстіне қыңқылдап парталасымның мазасын ала бастаймын:

– Ромули, қымбаттым менің, сабақ неге ұзаққа созылып кетті? Қоңырауды жоғалтып алды ма, әлде күзетшінің өзі жоғалды ма?

Ромули тісін ақситады, ал мұғалім маған саусағын шошайтып, байыппен ғана:

– Тұр да жоғал! Ата-анаңды ертіп келмейінше, қараңды көрмейтін болайын! – дейді.

Мен «жазығым не?» деп сұрап та жатпаймын, өйткені мұндай сөздерден кейін бор мен сызғыш іске кірісетінін жақсы білем. Үнсіз орнымнан тұрамын да сөмкем мен қалпағымды алып есікке беттеймін.

– Жүздескенше! – деймін Ромулиге. 

– Кездескенше! – дейді ол да маған қол бұлғап.

Келесі күні мен әжемді мектепке ертіп барамын, сосын әжем мені үйге ертіп қайтады, сосын әжемді тағы да мектепке сүйреймін, әжем де мені желкелеп үйге қайтады, осылай жалғаса береді. Қысқасы онжылдықты әжем екеуміз бірге бітіргенімізді сеніммен айта аламын. Бұл әрі адамзат тарихындағы жалғыз оқиға шығар. Мен ауылдағы көп қарасирақтың бірімін. Менің де сөмкемде жеміс-жидек, рогатка мен пугач жүреді. Алғашқы үскірікке дейін мектепке жалаң аяқ барамын. Баттасқан майдан жылтыраған жалғыз шалбарым мен жылда екі рет емтиханнан қалатын әдетім ғана бар. Соңымнан бір елі қалмайтын итім Муарданың кесірінен мені ауылда итбай, мектепте – алаяқ әрі жалқау дейді, ал әжем үшін сол баяғы арамза болып қала берем. Негізі шын атым – Зурико. Күндіз әжем дүниенің бар зауалын бір менің ғана төбемнен үйіріп, шыбықпен соңымнан қуып жүргені. Түнде аяғымды жуып береді де, қашан қалғып кеткенімше күтіп отырып, ақырын бетімнен сүйеді... Мен мектепте қандай баламын? Ол туралы ресми құжат бар – «Педсовет отырысының хаттамасы». Ол құжаттың ұзын-ырғасы шамамен былай болып келеді:

«1940 жылы 18 наурыздағы Н. орта мектебі педагогтер кеңесі отырысының хаттамасы.  

Қатысқандар: барлық мұғалім.

Тыңдалды: алтыншы класс жетекшісінің сол кластың оқушысы Зураб Вашаломидзенің тәртібі туралы хабарламасы.

Сөйлегендер:

Физика мұғалімі: «Табиғатта Вашаломидзені орнынан қозғауы мүмкін энергия атымен жоқ. Тәні сұйықтықтан ғана тұратын бұл балаға ешқандай да қозғаушы күш әсер ете алмайды!» 

Математика мұғалімі: «Мен үшін Вашаломидзе – жүз икске тең. Ондай теңдікті шешуге менің шамам жетпейді». 

Химия мұғалімі: «Ешқандай реакция жоқ! Жүйкемді жұқартады да отырады, жұқартады да отырады. Бұл өзі ерекше лакмус: қызару дегенді білмейді!»

Орыс тілінің мұғалімі: «Меніңше, бұл жәй ғана нақұрыс».

География мұғалімі: «Вашаломидзенің танымы еш бедерсіз. Бала не аномальды, не болмаса таусылып біткен».

Тарих мұғалімі: «Бұл өзі жиырмасыншы ғасырдың өркениетті өкілінен көрі, тас ғасырының адамына келіңкірейді. Вашаломидзенің сабақ үстінде тыныш отырған сәті ешкімнің есінде жоқ. Ешқандай прогерсс жоқ. Вашаломидзе – бүкіл кластың соры».

Мектеп күзетшісі: «Байғұс балаға неге сонша шүйліге қалдыңдар? Егер ол сондай ақымақ болса, оны қалай кластан класқа көшіріп жүрсіңдер?»

3авуч: «Саған ешкім сөз берген жоқ! Сенің міндетің – уақытымен келіп қоңырау соғу!»

Грузин тілінің мұғалімі (менің жақын туысым): «Мен сіздерді түсінбеймін! Вашаломедзеден басқа қара таппай қалдыңдар ма! Класыңызда бұдан артық кім бар? Мүмкін, директордың ұлы шығар? Бестен басқа баға алмайды, бірақ содан өткен ақымақты көрсем көзім шықсын! Жапалақ құсап жарбиып отырғаны».

Дене шынықтыру мұғалімі: «Ал сен оған неге бес қоясың?»

Грузин тілінің мұғалімі: «Қоймай көр!»

3авуч: «Доғарыңдар!.. Вашаломидзе, өзің не айтасың?»

Вашаломидзе: «Грузин тілінің мұғалімі дұрыс айтады».

3авуч : «Меңіреу! Сенен ол туралы сұрап тұрғам жоқ! Өзің туралы не айтасың деймін?»

Вашаломидзе: «Өзім туралы ма? Бір жолға кешіріңіздер, ендігіде қайталанбайды!»

Өзім туралы осы естігендерім дұрыс адам екеніме күмән туғызғанымен, бақытыма орай жағдай басқаша шешілді...

Бірде апта бойы мектепке бармай қалдым – жүгері түптеген едім. Ал сабақтан қалғандарды мектептен шығарып жібермес үшін, ауырғаның туралы анықтама сұрайтын. Ол уақытта, өкінішке орай, біздің ауылда сау адамға ондай анықтама берілмейтін еді. Сол себепті мені бір сағат жатқызып қойып, дәрігер шақыруға тура келді.

Науқастың жүдеу өңіне келтіру үшін мені таңертеңнен аш ұстады, сосын басымды орамалмен таңды да, әжем дәрігерге жөнелді. Жарты сағаттан соң дәрігер ауламызға атын байлап жатты.

– Не болды, балақай? – деді дәрігер төсегіме отырып жатып.

– Өлейін деп жатырмын... – дедім ыңқылдап.

– Жақсы... Дегенмен, қай жерің ауырып жатыр?

Шынымды айтайын, мұндай сұрақты күтпеген мен қорыққанымнан әжеме қарадым.

– Бәр жері, - деді әжем.

– Бәр жері?

– Ауырады, - дедім ыңырсып.

Сол сәтте бөлмеге көршілеріміз Илико мен Илларион кіріп келді. Менің «ауруым» туралы білетін олар сол сәтте-ақ сөзге араласа кетті.

– Соңғы кезде, байқаймын, біздің ұл әлсіреп жүр, - деді Илларион.

– Анықтап айтыңыз...

– Анықтап дейсіз бе? Тәбеті жоқ. Өткен жолы үш табақ лобио мен бір мчадиді зорлап отырып әрең жегіздім. Одан артық бір тілім де бергем жоқ!

– Солай ма? – деді дәрігер таң қалып.

– Өз жаныммен етем!.. Бұрындары... бір кесек ірімшікті де қоса соғып алатын, ал сол күні «жемеймін де жемеймін!» деп қырсықты да қалды. Үйден түстеніп келдім дейді.

– Рас па? – деп дәрігер маған қарады.

– Рас, дәрігер. Лобионы көрсем болды жүрегім айнып құсқым келеді. 

– Мда… Ал сәрміспен тұздықтап қуырған балапанға қалайсың, немесе жас ірімшікке, немесе аскөкпен дәмдеп қайнатқан бүтін тауық, әлде мүмкін, жарқыным менің, ащы бұрышқа аунатқан қарын, әлде, айталық, жаңғаң соусымен қоса ұсынған форель? Қалай қарайсың?

– Баланың басын қатырғаны несі мына ақымақ, - деді әжем күңкілдеп. Илико мұндай мәзірге шыдай алмай жөтеліп балконға атып шықты. Илларион сыр білдірмеген күйі альбом қарап отыра берді. 

– Мұның тағы қай жері ауырады? – деді дәрігер жымиып. Сөйтті де басымдағы орамалды шешіп, асқан мейіріммен сілекейімді сүртті. 

 Сосын... түшкіреді! – деді Илларион.

- Ал несебі қалай?

Бұған енді Илларион да жауап таппай қалды.

 Мұның несебі қалай, Илико? – деді балконнан қайта кірген Иликоға. 

– Несебі дейсің бе? – деді ол саспаған күйі. – Соңғы кездері, турасын айтайын, мұның несебі де ұнамай жүр маған.

– Бұрын жақсы ма еді?

– Тамаша болатын!

– Жігітім, тағы қай жеріңді айтасың?

– Хи-хи! – деп жөтелген Илико. – Бұл сосын аздап әлгі... – Ол енді саусағымен өзінің самайын бұрады.

Мен оның нені меңзеп тұрғанын ұға қойдым. 

- Солай ма?.. Ал қане, мынау нешеу? – деп дәрігер тарбиған бес саусағын менің

танауыма тақады. 

– Жетеу! – дедім мен барынша ақымақ адамның кейпімен ыржалақтап.

– Дұрыс! – деді дәрігер басын изеп. 

Таң қалған Илларион көзілдірігін түсіріп алды, әжем шошына шегінді. Дәрігер самайымды кере көтерді, түсірді, сосын қайта көтерді, үңіліп көзіме қарады, аянышты кейіппен басын шайқап:

 Туыстары мен жақындарын тани ма?

 Әрең таниды, - деді Илларион арқасынан жүк түскендей терең күрсініп.

 Так… Мына адам кім? – деді дәрігер маған Иликоны нұсқап.

 Бұл адам емес, аң! – дедім мен асқан бір жынды адам кейпінде, ондайды Иликоның өзі де күтпесе керек:

 Зурико, бұл мен ғой, Илико ағатайың, шынымен танымай қалдың ба? – деді Илико қабағы қатуланып. 

Мен басымды шайқадым да, көзімді қылиттым. Әжем астыңғы ернін тістеп, басын ұстай алды.

 Ауруды немен емдеп жатырсыздар? – деді дәрігер. 

 Самайын арақпен сүртіп жатырмыз.

 Сол арақты осында әкеліңіз!

Әжем асыға басып бөтелкедегі арақты алып жетті.

 Маған шәй ішетін стақан беріңіз!

Берді. Дәрігер стақанды толтырды да:

 Баланың жағдайы ауыр, таңға дейін ілінбейді-ау. Дереу ауруханаға жеткізу керек, операцияға!

 Қандай операция?! – деп төсектен атып тұрдым.

 Бас сүйегін ашып көру керек...

 Алдымен мені өлтір! – деп шарқ ете түсті әжем. – Қарай гөр, «бас сүйегін ашу керек»! Бұл саған асқабақ емес. Сен өзі ауру туралы не білесің? Балам сап-сау, ал бұл – «ауруханаға апару керек» дейді! Тұра ғой, құлыным, тұр, әйтпесе мынау сені мына түрімен көрден бір-ақ шығарады!

 Міне, тамаша! Дені сау дейсіз бе? Құдай сендердің бәріңе денсаулық берсін! – деді дәрігер стақанды аузына апара жатып. 

– Тіске басар? – деді Илларион оған алмұрт ұсынып жатып. 

Дәрігер алмұрттан құшырлана асап, менің маңдайымнан сипады да, бәрімізбен қоштасып есікке беттеген күйі:

– Бұндай дені сау баланы расында күллі ауылдан іздеп таппайсың, - деді.

Артынша атына қарғып мініп, қол бұлғады да, шоқырақтап желе жөнелді...

 

АҢШЫЛЫҚ

Менің таңғажайып ем қабылдауымнан кейін арада бір апта өткенде ауламызға Илларион бас сұққан. Алмұрт ағашының түбіндегі шалғынға шалқалап жата кетіп, ораулы темекісін тұтатты да, рахаттана керіліп жатып:

– Қалай, итбай, операцияң жеңіл өтті ме? – деді.

– Сендердің, әрине, түшкіргендерің бар, ал мен боқ басында өліп қала жаздадым!

 Айтшы, қане! Саған сонда не қауіп төнді? Ал жарайды, жидіген басыңды ашып қарады делік, бірақ сол сәтінде-ақ қайта жаба салар еді. Бос қуыстан не табады?

– Жарайды, жарайды... «Бос қуыс»... Есесіне анау Илико досың екеуің жатқан бір ақылдың кенісіңдер ғой!

Үндемей қалдық.

– Әлгі сенің итің көрінбейді ғой? – дегені сол еді, Илларионға жауап қатқандай иттің қаңқылдай қашқан үні жетті.

– Өлтірем оңбағанды, өлтірем! Құрып кет, Зурико, итіңмен қоса құры! Осы бір тексіз құбыжықты қайдан тауып алғансың?! Ұядағы жұмыртқаны тасып біткені аздай, енді келіп балапандарға ауыз сала бастады! Бақшадағы соқпақпен, қолында таяғы бар, бақырып-шақырып көрші Ефросинэ жүгіріп келе жатты. Алдындағы қыңсылай қашып келе жатқаны менің байғұс Мұрадам екен.

– Ұста ананы! – деп Ефросинэнің күйеуі де үй жақтан қышқыра айқайлайды.

– Әй, қатын, не көрінді сонша шаңқылдап?! Не болып қалды?! – Әжем де асығыс сыртқа шыққан екен. – Сен сонда кімді тексіз құбыжық деп тұрсың? Біздің Мураданы ма? Ол, білгің келсе айтайын, сенің күйеуің мен барлық туыстарыңнан да текті!.. Онанда тайып тұр... Әйтпесе... Тексіз... Мен бұл үшін диірменші Симонға екі сықпа ірімшік бергем.

Жер бетінде тек әжемнен ғана жасқанатын Ефросинэ сол сәтте-ақ кері серпілген, ал намысы тапталған байғұс Мурада менің аяғымның астына келіп жата кетті. Қарасын батырған Ефросинэден көзін алмаған күйі мұңая қыңсылайды. Тек көршінің әйелі көрінбей кеткенде ғана барып үнсіз қалды.

 Қалың қалай, Мурада! – деді Илларион.

«Қал қалай!» – деп іштей сәлем қайырған Мурада құйрығын бұлғаңдатты.

– Түлкі тұқымды неме! – деп жымиған Илларион иттің аузынан балапанның қауырсынын алып жатып. – Не үшін таяқ жедің?

«Құдай білсін, - деді Мурада, - балапандарын қараусыз қалдырады, сөйтеді де ренжиді...»

– Қатты ұрды ма?

«Жемей жүрген таяқ па» – Мурада ауырсынған аяғына қарады.

– Түк етпейді, басылып қалады...

«Ефросинэ армандағандай қатты да тиген жоқ» – Мурада жымиды, сосын құлағын жымқырып Илларионның қолын жалай бастады.

 Мынаның тұмсығына не болған? – деді Илларион.

 Күйдіріп алған, ақымақ. Кеше табадан мчади ала қашпақшы болып...

 Рас па, Мурада?

«Еһо жолы жолым болмады, сәл асығыстық жасадым», – деді Мурада күрсініп, сосын езуін жалады.

 Сен өзі, бауырым, ит емес, нағыз қазынасың ғой! – деді Илларион үлкен құрметпен. – Мына итбай, қарашы өзін, зіңгіттей болып алып әлі күнге әжесінің мойнында отыр, ал сен әлден өз қамыңды өзің күйттеп жүрсің. Жарайсың! Бірақ ұрлық түбі – қорлық, есіңде болсын! Ұрлап ішкен ас болмас. Ана біздің қоймашы Датиконы алайық – төрінен көрі жақын. Бірақ нағыз тойымсыздың өзі еді. Ал қазір есептен шығарылған зат секілді илектеліп төсегінде жатыр. Естіп отырсың ба-ей?

«Естуін естіп отырмын ғой, бірақ одан не шығады? Бәрі ұрлайды, ал мен не, құдайдың періштесімін бе. Біле білгенге мен де көп иттің бірімін», – деді Мурада ағынан жарылып.

– Жарайды, үйшігіңе бар, осыдан ауладан ұзап көр, көресіні көрсетем, иттің баласы! – дедім де итті ақырын аяғыммен итердім. 

«Айғайлама!» – деп Мурада тісін ақситып, құйрығын бұтына қысып алды. 

Илларион темекі орап тұтатты да:

 Таңертең колхоздың алқабын аралап қайтқанмын, жапырылып жатыр, қоян қаптап кетпеді ме екен... Іздерін көрдім... Ертең таңертең қару алып қайта бір аралап қайтса болғандай...

– Білем сенің қояндарыңды! Өткен жолы да мені сүйреп апарғансың, сондағы қоян дегенің ешкінің ізі болып шыққан.

– Ал мыналар, айтып отырмын ғой саған, қояндікі! Оның үстіне құмалағы да шашылып жатыр.

– Жарайды, барсақ барайық. Бірақ байқа, қояндікі дегенің тағы да ешкінің құмалағы болып шықпасын!

– Ақыл үйретпе, боқмұрын! Таңертеңге қаруыңды әзірле, ақымақ итіңді де ертіп ал, қажет болады... – деді де Илларион қалпағымен танауымнан түртіп қалып кете барды.

Ертеңінде таң алагеуімде біз қылтадан келетін шалғынды жапырып келе жаттық. Алда Илларион, оның соңында – мен, менің ізімнен – таңғы шықтан малмандай болып сүмеңдеп Мурада келеді. 

– Ит деп осыны айт. – деді Илларион кекесінмен. – Бізді қоян құрлы көретін емес – соңымызда келеді. Алға озсын десеңші.

– Алға шық! – деп бұйырдым.

Мурада шоқиып отырды.

– Ит шаршады. Біз де аяқ суытып, бірдеңе жесек қайтеді, а? – деп Илларион да отыра кетті.

– Демалсақ демалайық, - дедім де қасына жайғастым. 

Илларион қоржынынан сорпаға піскен тауық, мчада, жас ірімшік, жүзім арағын алып, үлкен жалпақ тастың үстіне жайды. Мен де пхали, лобио, буға піскен картоп пен тұз шығарып қостым. Сосын ұлан-асыр отырыс басталды. 

– Шылпылдатпай ақырын шайна, Илларион, қояндарды үркітесің! – деп ескерту жасадым..

– Кімді мазақ қылып отырсың, құбыжық? Қоян дегенің бұл арада бықып жүр, тек оларды ақылмен іздеп табу керек! – деді Илларион өкпелегенсіп. 

Ол стақандарды толтырып, әдеттегідей «аман болайық» деп тілек айтты. Бас изедім.

– Аман болайық! – дедім де қағып салдым.

– Бірдеңе же, қызып қаласың!

– Айтасың-ау! Мен бір сивухи көрмегендей!

 Арамза неме! Сивухиді әжеңнен ішерсің!.. Қане, тағы қайталап жіберейік!

– Кеттік! – дедім мен келесісін қағып жіберіп. Сосын кенет көңілдене бастадым. Қалай-қалай зымырайды! Тура бүйректен алады ғой!

– Анау-мынау емес – таза чача!

– Үшіншісін де көрейік! – дедім мен.

– Көрсек көрейік!

Илларион стақанды аузына асығыс төңкерді де, темекі салған қапшығын шығарды.

– Мә, менікінен көр, менің темекім мықты: стмабұлский! – деп оған өз қапшығымды ұсындым.

Илларион қапшықты қолына алып, темекіні искеп көрді де, маған күдіктене бір қарады, бірақ бәрі бір ешкінің сирағындай қылып орап, тұтатып, құшырлана сорды да... шалқасынан түсті. 

– Саған не болды, Илларион? - деп атып тұрып оның жүзіне үңілдім.

Илларион өңі сұрланып үнсіз жатыр. 

– Мурада, тез су әкел! – деп айғай салдым.

Илларион керегі жоқ дегендей басын шайқады, ақырын түрегелді, қып-қызыл көздерімен маған тесіліп ұзақ қарады, сосын терең күрсінді де қиналысты үнмен:

– Мына темекіні қайдан алдың?

– Илико сыйлаған. Не болды?

Илларион стақанды толтырып, жасын сүртті де, аспанға қолын жайып:

– Уа, әлемнің жаратушысы, жер бетіндегі барша алаяқ пен оңбағандардың сазайын бер! Илико Чигогидзеге тозақ отында шығырылып жатқанда менен басқа адам көмек қолын соза алмастай зауал жібер! Әумин! 

– Илларион ағатай-ау, не болып қалды?

– Темекіге бұрыш қосылған!

– Е, онда төртіншісін ішейік, сосын құдай Иликоны жазалай берсін, – дедім де қағып салдым. Сосын кенет Илларионның ұзын мұрнынан сүйгім келді.

– Илларион ағатайым, қымбаттым, жер жүзіндегі ең ізгі адам өзіңсің! Мен өзіңді қалай жақсы көретінімді білсең ғой! Сенің мұрның ұзын, жүрегің мейірімге толы. Егер сен болмағанда, жер басып жүруімнің де мәні жоқ еді. Сенші маған, Илларион ағатайым! Қане, бетті әкелші, сүйейін.

– Негізі, ашығын айтсам, Зурико, қымбаттым, тап сен секілді бала бұл дүниеде әлі туған жоқ! Сенен бақандай отыз жас үлкен болсам бола берейін! Мен де сенің жасыңда болғам. Болғам. Сен де менің жасыма келесің. Келесің. Екеумізде не айырмашылық бар? Ешқандай. Кімнің басында шаш көбі маңызды ма? Маңызды емес. Біз доспыз! Сол үшін – ішейік...

…Дос-жаранның арасында мұңға батып мен жүремін, Мен, Симона, эх, Долидзе... деп барқыраған даусыммен әнге бастым.

– «Мұңайғаны» несі? Неге мұңаясың, қымбаттым? Мектепте біреу-міреу ренжітті ме? Осы айтқаным есіңде болсын – қарғыс атқан мектебіңді өртеп жіберемін! Әлде, мүмкін, дұшпан пайда болған шығар? Сен тек маған айтшы, оның кім екенін. 

Илларион сөйдеді де қаруға жармасты.

– Қане, ат, Илларион! Арго біздің біз екенімізді бүкіл әлем білсін! Ау-у-у!..

Илларион қос шүріппені бірінен соң бірін басып-басып қалып еді, дүние дүңк ете түсті. Жаңғырық, бейне бір тордағы құстай ана тауға бір, мына тауға бір соғылып аласұрып жүрді де, ақыры саңылау тауып алысқа ұзап жоғалды...

…Тоңып жатып ояндым, көзімді сүртіп айналаға қарадым. Шамасы, Мурада таңғы асын баяғыда ішіп болып, дастарханды жинастырып, бір жаққа кеткен секілді...

Илларионды ояттым. 

– Жаналғыш құсап төнбеші кісіге! – деді ол тісін шықырлатып. – Сосын, құдай үшін, тартшы андағы қаруыңды, атып тастағалы тұрмасаң, өйтсең мұрныңды бет қылам! 

– Кішкене жүріп қайтайын, мүмкін, қоян кезігіп қалар...

– Бар, бар... атарда сол көзіңді жұмуды ұмытпа! – деп Илларион соңымнан айғай салды.

Әудем жер ұзап үлгергем жоқ, Илларионның ызалана айқайлаған үні қуып жетті:

– Вай, жоқ болғыр, сүмелек! Ит емес, боқсың сен! Үруге де ерінесің бе-ей, бақытсыз бейшара-ау?!

Оқтаулы мылтығымды көлденең ұстап жүгіріп жеттім: 

 Не болып қалды, Илларион?

 Мә, қызықта, - деді ол алақанын созып. Онда қоянның бірер құмалағы жатыр екен. 

– Әлі кеуіп үлгермеген, түсінемісің? – деп зіркілдеген Илларион құмалақтарды сондай бір өшпенділікпен мыжғылай бастады. – Қоян жаңа ғана осы арадан өткен, ал сенің қарғыс атқыр итің танауының астындағы иісті де сезбеген! 

– Бұларды қайдан теріп алдың?

– Айтып тұрмын ғой, міне, екі-ақ аттам жерден. Қане, сен жоғары жағынан бері түс, мен осы арадан күзетем. Қоян алысқа ұзай қойған жоқ. 

Мен шақпақты қайырдым да, ақырын бұтаның желке тұсына қарай жүрдім. Қоянның ізі сайрап жатыр. Мен бұтаны бірнеше рет айналып шықтым да, сосын оны аяқпен сыбдырлата тептім. Кенет бұтаның арасынан бір қоян ытқып шықты – ұзын құлақ, арқасында ақ жолағы бар нағыз қоян.

– Ұста! – деп баж ете түстім де, атып кеп қалдым. 

Қоян құлағы бұлғаңдап төмен қарай зыта жөнелді. 

 Илларион, жіберме оны! – деп айқайладым. 

 Мен осындамын, қорықпа!

Бір сәт өлі тыныштық орнады. Артынша шақпақтың шық еткені естілді, сосын Илларионның қатты түкіргені, сосын біреудің күрсінісі, қарғыс, күрсініс, ырсылдаған үн, содан кейін барып:

– Ұста, ұста, Зурикела, саған қарай кетті!

Мен отыра қалып мылтық кезендім... Кенет ойламаған жерден төменде мылтық дауысы естілді, екінші қайтара, сол-ақ екен иттің құйқа шымырлатар қаңқылы жетті. Көзім қарауытып, буыным босап, үнсіз отыра кеттім...

– Мурада, қымбаттым, қарашы маған! – деп адал досымды құшағыма қысым еңіреп тұрып жыладым. 

 Жылама, балам, бекем бол, - деп Илларион да көз жасын сүртті. 

Мурада көзін ашып, бізге қарады. Біз – мен, Илларион, Мурада үшеуміз де жыладық.

 Ауырсынып жатырсың ба, Мурада?

«Өте...» – байғұс ит күрсінді.

 Еһнеге ғана қолым тартылып, көзім ағып түспейді менің! – деді Илларион. 

«Жарайды, Илларион, мұңайма... Әдейі істеген жоқсың ғой – мастықтан... Оның үстіне қаруыңның сырын білемғой мен – онымен жауыңды сұлатып, досыңды сүйіндіресің... Есіңде ме, тап осылай өз итіңді де атып едің ғой... Сондықтан еш қамықпа... Мен саған ренжімеймін... Тек Эфросинэ қуанатын болды! Әй, соны қойшы, қуанса қуана берсін...» – Мурада осылай деді де сондай бір мейіріммен тұмсығын Илларионның тізесіне сүртті.

 Сонда мұны ит дейміз де, Иликоны – адам дейміз ғой! Әділдік қайда! – деп күрсінді Илларион.

 Мурада, мықты бол, достым! Сәл шыда! – деп Мурадаға иілдім.

«Жо-жоқ, бауырым, жағдайым қиын... Әлгі, не деуші едіңдер? «Ит секілді шауып кетеді» деуші ме едіңдер. Ал мен, міне, өлейін деп жатырмын... Өліп барамын, Зурикела…»

– Мықты бол, мықты бол, Мурада. Соңына дейін иттің сырттаны бол, - деді Илларион.

«Сендер, адамдар, көп қайғырмайсыңдар: өлсеңдер – жерлейді, жоқтайды. Ал бізді кім жерлейді? Ешкім. Егер бір туысқанымызды көмсе, тағы сол, жемтігіміз сасып жатпасын деп қана...» Мураданың денесінде діріл жүгіре бастады.

– Илларион, көмектес, Мурада өліп барады! – деп айғай салдым. 

«Қош болыңдар…» – Мурада маған соңғы рет қарады да көзін жұмып, қимылсыз қалды. 

– Үзілді, қолым тартылып қалсын менің, - деп күбірлеген Илларион жеңімен көз жасын сүртті...

…Әжемнің ойбайы мен жоқтауы бүкіл ауылды тік тұрғызды. Шошып жүгіріп жеткен көршілер, не болғанын естіп өкпелеп жатты: 

– Бұларың не, ақылдарыңнан алжасқанбысыңдар? Арам өлген бір итке бола жұрттың зәресін алып! Осындай да адамдар болады екен-ау!

Сөйтті де тарап кетті...

Илларион кешке дейін жазасын күткен қылмыскердей сенделіп жүрді де қойды. Кешке қарай мені өзіне шақырған:

– Жерлеу керек. Әнеу жерге, шынардың түбіне!

Екеулеп жүріп шұңқыр қазып, қаза тапқан досымыздың сүйегін жер қойнына тапсырдық. Сосын мен әжемнен бір құмыра шарап сұрап әкелдім де, екеуміз Мураданың қабірінің басында қоштасу рәсімін жасадық. Алғашқы сөзді Илларион алды:

– Зурико, балам менің, - деп бастады ол, - қабырғамызды қайыстырған қайғы бүгін екеумізді осы қабір басына әкелді. Қатарымыздағы адал дос әрі жолдасымыз Мурададан айрылып қалдық. Ол ит ретінде бізге деген адалдығынан ешқашан айныған емес, егер және о дүниеде иттердің жұмағы болса, оның қақпасы сөзсіз біздің Мурадаға айқара ашылады! Біз оны ұмытпаймыз. Мураданың жаны жәннатта болсын! Сол үшін ішейік!

– Сенің арқаңда, Илларион… Ішейік!

– Екінші стақанды мен қайтқан жанның жақындары мен туыстары үшін көтергім келеді. Саған бақыт, денсаулық тілеймін, бұдан кейін отбасың қайғы көрмесін! 

– Рахмет, Илларион!

Аулаға ұрлана басып бір қара ит кірді. Кірді де Мураданың қабірін бір-екі рет айналып өтіп, сосын анадай жерге барып шоңқиып отырып ұли бастады. 

– Көңіл айтып келіп отыр, - деді Илларион.

– Бұл диірменші Симонның иті, Мураданың енесі, - дедім мен. 

– Жаратқан ием, өзің рақым ете гөр! Әй, ит, бері кел!

Ит Илларионға жақын келді. Бұл оған бір кесек ет лақтырды. Ит теріс қарады да жатып алды. 

 Ит те болса сезеді! – дедім мен.

 Мураданың ата-анасы үшін! Аман бол, ит!

- Күнәһар мына мен! – деді де Илларион стақанды қағып салды. Мен де іштім. Аулаға

бірінен кейін бірі тізіліп тағы төрт ит кірді. 

– Қара, мынау Асалоның иті... Анауысы – Датиконыкі... Әнеу біреу – Деспинэнікі... Мынау – Макидікі... Матренаның қазанбасы қайда? Ол неге келмейді? – деп сұраған Илларин.

– Ол Мурадамен араздасып қалған. Өткен жылы екеуін таластырып едім, Мурада оны қатты қауып тастады, - дедім мен. 

– Тап қазір өкпе айтысатын жер ме? Ондай итке түкіргенім бар! Онда ар да, ұят та жоқ! Тфу!

 Қожайын! – деген дауыс естілді шарбақтың сыртынан. 

- Кім бұл?

 Қастарыңызға барсам бола ма?

- Мархабат!

Аулаға Махаре Гогичайшвилидің жеті жасар ұлы кірді. 

 Тыныштық па, балам? – деп сұраған Илларион.

 Сіздің атыңызға телеграмма!

 Көрсет!

Балақай телеграмманы ұсынды. Илларион асықпай қалтасынан көзілдірігін шығарып, онысын беторамалмен жақсылап сүртіп, мұрнының үстіне ілді де оқи бастады.

«Зурикела-итбай мен Илларион-мұрынға. Қымбатты Мураданың трагедиялық қазасына байланысты қайғыра көңіл айтамын. Осы бір ұлы қазаға өздеріңіз секілді менің де жүрегім езіліп, теңселіп кеттім. Бұл қайғыны көтере алам ба, жоқ па, білмеймін. Келіп, топырақ сала алмағаныма кешірім өтінемін. Сіздерді не деп жұбатарымды да білмей отырмын. Жаза басқан қайғылы аңшыларым! Ендігіде тағы да ит аулауға аттанып жатсаңыздар, мені де тастамай ерте кетерсіздер. Екеуіңізді де маңдайларыңыздан сүйдім.

Қайғылы достарыңыз».

– Қолы қойылмаған. – деді Илларион. – Кімнен болды екен, а? Балам, мұнда келші, - деді ол пошташы балаға. – Кел, кел, қорықпа. Бала жақындады. Сол сәтте Илларион оны құлақтан шап берген, анау баж ете түсті. 

 Айт қане, телеграмманы кім берді?

 Айтпаймын, өлтіреді.

 Айтпайсың ғой? Онда сені мен өлтірем! Таңда! – деді Илларион. Бала одан әрмен безектеді.

 Илико Чигогидзе үш сом беріп, телеграмманы апарып бер, кімнен екенін айтушы болма, әйтпесе тіліңді жұламын деді. 

 Илико дейсің бе?

 Илико.

Илларион баланы қоя беріп, өз кеудесін жұдырықтады:

 Тұра тұр, бәлем, сен сайтанды ма! Көзіңе көк шыбын үймелетем әлі!..

Мен Иликоны шынымен аяп кеттім. 

Түн болды, кәдімгі ауыл түні. Сосын құдды бүгін біздің үйде ешкім өлмегендей, айнала тыныштыққа бөленіп сала берді...

 

ҚАНҒА ҚАН

Биылғы оқу жылын да бәз баяғыша орыс тілінен күзгі емтиханға қалу үрдісімен аяқтадым. Аптасына екі рет мұғалиманың үйіне дайындыққа барамын. Еңбек ақысы табиғаттың тамашасымен өтелетін болды: жарты пұт лобио, төрт кесек ірімшік және биылғы өнімнен бір пұт шарап. Былтырғымен салыстырғанда түк емес – ол жылы екі сабақтың емтиханынан өтпей қалған едім. 

Менің күнделікті оқуым былай басталады:

 Тұр, тұр, қаңғыбас! Илектеліп жата бересің бе! Кешігесің! – деген әжемнің айқайы ауладан жетеді. 

Сол сәтте-ақ атып тұрамын да бәтеңкемді тоқылдатып бөлмені бірнеше айналып жүгіремін, орындықтың ары-бері қозғалғаны естіледі, сосын аяғымның ұшымен ақырын басып төсекке келемін де, көрпемді оранып үзілген түсті жалғастыруға кірісемін. Сөйтіп маужырап бара жатыр едім, қарғыс атқан басыма бір шелек тастай су сар етіп құйылды да, әжемнің аузынан ытқыған найзағай оты жарқ-жұрқ ойнап берді:

– Кімнен ғана тудың екен сен, бақытсыз сорлы?! Жер жұтқыр ұятсыз неме!

 Менен не керек осы саған?

 Өле қалмайды екенсің, арамза! Ана Мураданың қасына көміп, орысша жоқтар едім-ау. Иә, тап орысша, ақымақ! Суми неме! Бүкіл Ресей орысша сөйлейді, ал сен қайдан шыққан мисызсың, а? Айтшы қане, біздің үйде сенен басқа орысша білмейтін біреу бар ма?! Еһ, қайран атаң жарықтық! Ресейде жеті-ақ жыл тұрып орысшаңды поштабай Иванның өзінен артық біліп алды ғой. 

– Қойыңыз әрі, – дедім мен таңданысымды жасыра алмай.

– Иә, иә, көзіңді өйтіп бақырайтпа. Жарықтық Иванмен екі сағат сөйлесті ғой, Иван да оны аузы ашылып отырып екі сағат тыңдады, сосын елге бұрылып қарап, мұндай орысшаны өмірімде естіп көрмеппін деп басын шайқаған еді. Солай болған. 

– Мүмкін емес, – дедім тағы да таң қалып. Сосын таныс шыбықтың сусылы естілді де, мен мұғалиманың үйіне қарай құстай ұштым.

– Саламатсыз ба, мұғалім! – деп Заблона мұғалиманың көзіне қарадым. 

– Саламатсың! Бүгін не істейміз?

– Бүгін бе? Жүгерінің арам шөбін жұлып бітіремін, сосын – сиыр жайып келемін, сосын – жүгіріп диірменге барып қайтамын, сосын – отын жарамын, содан кейін – сабақ, - дедім орысша мен грузиншені араластырып. 

 Онда, кіріс, – деді мұғалима бата бергендей. Сөйтіп сабақты бастап кеттім. Түстен кейін өткен тақырыптарды пысықтауға кірістік. 

– Жүгері не болды?

– Тап-тұйнақтай қылдым, мұғалім.

– Диірменге бардың ба?

– Бардым, мұғалім.

– Сиырды суардың ба?

– Суардым, мұғалім.

– Отын ше?

– Бір аптаға жетеді.

 Грамматика деген не?

 Грамматика грек сөзі.

 Дұрыс, жарайсың, жақсы баласың сен. Ал, қайта ғой үйіңе.

Бірде таңертең сабаққа дайындалып отыр едім, аулаға Илико кірді.

– Ольга, қымбаттым менің, бүгін Зурикелоңды маған қарызға бере тұршы.

 Солай ма? Орыс тілін сонда сен оқытасың ба?

 Бұған Заблона оқытып жүрген орысшаны мен де үйрете аламын. Қолына кетпен ұстатып, бақшадағы арам шөптердің арасына кіргізіп жіберсем, орысшаң не, қытайша сайрап кетеді. Ақысына лобиоңды да, шарабыңды да алмаймын.

– Тіліңе теріскен шықсын, кәрі сайтан! Ал сонда бұл саған неге керек бола қалды?

 Оның енді саған қатысы шамалы, қымбаттым. Сен тек жіберсең болды.

 Жарайды. Әй, арамза, ер мына сайтанның соңынан. Көрейік, не үйрететінін.

– Тартық! – деп бұйрық берген Илико қақпаға қарай екпіндей адамдап бара жатты. 

 Не шаруа, Илико? – деп сұрадым.

 Саған бір өтінішім бар, Зурикела: сені Илларионға жұмсамақпын...

 Жәй ма?

 Одан үш пұт шарап сұрау керек болып тұр, білесің ғой, ауылда Илларионның шарабынан асқан шарап жоғын.

 Одан да әжемнен сұрамайсың ба, қолыңды қайтармас.

 Басымды ием! Маған уксус емес, шарап керек. Қияр тұздағалы жатқам жоқ қой. 

 Әжеме солай деп айтып барамын. 

 Айтсаң, аузыңды құлағыңа дейін керіп тұрып тігіп тастаймын – бітті! Оданда тілімді ал. Илларионға бар да айт – шарабын сатсын, болмаса қарызға берсін. Ол сені сыйлайды, қолыңды қайтармайды...

– Шарап кімге керек? Саған ба? Онда бар да өзің сұра...

 Зурико, қымбаттым менің, жарығым, буынсыз жерден пышақ ұрмашы. Бір өтінішімді орындашы, ол ана жолғы телеграммадан кейін мені есігінен де сығалатпайды... Ал егер ол бас тартса, онда...

– Онда не?

– Онда... Онда сен оның цоликаури (шарап сорты) сақтаған құмыраларының сыртына белгі салып кет. Ары қарай мен бүкіл ауыл таң қаларлық сиқыр істеймін.

– Қандай сиқыр?

– Мынандай сиқыр: Илларионның белгі салынған құмыраларындағы шарабы түн ортасында менің құмыраларыма құйылады. Ұқтың ба?

– Сенің есің дұрыс емес, Илико.

– Айқайлама, ақымақ. Кімнің темекісін тартып жүргеніңді ұмыттың ба?

– Соны да сөз деп. Сенің темекіңнен түшкіріп өлуге болады.

– Жарайды, іске көшейік. Он уыс темекі, сосын жұмған аузыңды ашпайсың. Келістік пе?

– Тап қазір?

– Әрине.

– Жарайды, үйіңе бара бер, жауабын өзім жеткіземін.

- Байқа!

 Сау бол!

Илико менің маңдайымнан сүйді де, самайын саусағымен түрткілеп тұрып жалғыз көзімен сұқтана қарады:

 Тыңдап ал, Зурикела: Илико Чигогидзені сатқаның – отаныңды сатқаның.  Осыны ұмытпа...

 Мені кім деп тұрсың? – деп өкпелей қалдым.

Сабасына түскен Илико сергек адымдап үйіне қарай кетті, мен Иллариондікін бетке алдым. Күннің алтын шапағы балконға иіле албыраған алмаларды айнадай жарқыратады. Илларион иленген ешкі терісінің үстінде бар ынтасымен өткен аптаның газетін оқып жатыр екен. Жалпы біздің ауылда бүгінгі, кешегі, алдыңғы күнгі газет деген атымен болмайды, бәрі өткен аптанікі.

 Амансың ба, Илларион!

 Зурикелаға сәлем бердік!.. Әлгі кәрі сайтанға таң атпай не керек болыпты?

– Жәй бас сұққан ғой.

– Сонда да ол антұрған бірдеңе деген шығар?

– Шарап крек еді дейді. Илларионға барып сұрашы, үш пұт, сатсын, болмаса қарызға дейді.

- У керек емес пе екен?

 Жоқ, шарап сұрап отыр.

 Ол аусарға бола сақтап отырған шарабым жоқ!

 Аясаң етті!

 Ал ол бізді бұрыш қосылған темекі бергенде аяп па еді? Әлде телеграмманы ұмыттың ба?

 Оның рас.

 Онда үгіттеме мені.

 Оның не дегенін білесің бе?

 Сөйле.

 Егер дейді, Илларион бас тартса дейді, сен жақсы шарап құйылған құмыраларды белгілеп кет дейді, сосын мен онысын түн ішінде сарқып кетемін дейді...

 Ах, солай де?! Ал, Зурикела, онда енді сен маған көмектес. Сен мені білесің, ер мойнында қыл арқан шірімейді... Кешке мен Иликомен қызыл кеңірдек болып саудаласып отырдым:

– Екі уыс темекі, одан артық сұрама.

– Оның жарамайды. Сонда мен құмыраларға тегіннен-тегін белгі салған болдым ғой?

– Әй, қоймадың ғой, төрт уыс.

– Он!

– Төртеу!

– Он!

– Өлесің ғой, ақымақ. Өкпеңді аясаңшы.

– Онда сенің шатағың болмасын! Әкел темекіні.

– Бесеу!

– Не он уыс бересің, не тап қазір Илларионға барып бәрін жайып саламын!.. Сау бол!

– Мә, мә, тойымсыз қарның жарылсын, арамза! – Илико менің алдыма сап-сары темекінің он уысын төкті, - Шешім мынау: түнде менімен бірге барып, көмектесесің!

Түн ортасында Илико екеуіміз шық тұнған көк майсада, қираған қаша түбінде Илларионның шарап қоймасын көздеп жаттық. 

– Апчхи!.. Апчхи!.. Апчхи!.. – деп үш рет түшкірдім.

– Тырысқақтан тырапай асқыр! Соқталдай болып алып өз мұрныңа өзің ие бола алмайсың ба? – деп Илико мені ауыр торсықпен салып жіберді.

– Әнеу бір құмыра... отыз пұттық, көріп тұрсың ба, түбіне таяқ шаншылған, - деп Иликоға сыбырладым. Илико қашаның тесігінен өтті де, құмыраға қарай бауырымен жорғалай жөнелді. Мен торсығымды ыңғайлап соңынан ердім. 

– Қане, бастайық! – деп сыбырлады Илико кетпенді менің қолыма ұстатып. 

Дыбыс шығармай іске кірістік. Он бес минуттан кейін құмыраның қақпағы көрінді.

– Аш! - деді Илико торсықты ыңғайлап жатып. 

Құмыраның арандай аузына екеуміз қатар сыйып кеткендейміз. Қақпағын әрең аштық. Илико шапшаң иіліп, құмыраға басын тығып жіберіп баж ете түсті:

 Не мынау? Құмыра бос қой!!!

 Қайдағы бос, Илико, толып тұр, сен сәл тереңірек үңіліп қарасаңшы.

Илико құмыраға иығынан дейін кіріп кетті. 

Кенет:

– Ұстаңдар ұрыларды! Оңбаған сумақайлар! – деп айғай салған Илларион ағаштан секіріп түсті. – Қозғалма, атам!

– Қаштық, - деп баж ете түскен мен Иликоның аяғынан шап бердім. Ол қорыққанынан тыпырлай беріп... құмыраның ішіне гүмп берді. Илларин мені ұстап алды:

– Кімсің? Айт жаныңның барында!

– Мен ғой, Илларион! Өлтіре гөрме! – деп жалбарындым даусым дірілдеп. 

– Қасыңдағы қайда?

– Білмеймін.

– Айтпасаң, өлтірем!

– Білмеймін, Илларион ағатай.

– Кім ол?!

– Білмеймін.

– Қалай білмейсің, бірге келдіңдер ғой?!

– Білмеймін.

– Жаныңды жәһанам асырмай тұрғанда жап мына құмыраның қақпағын, сенімен сосын сөйлесем! – деп Илларион шапалақпен аямай тартып жібергені сонша, жоспарлы жалыныштың орнына баж ете түстім. 

Мен құмыраның қақпағын жылдам жауып, үстінен үлкен таспен бастырып, кетпенімді қолыма алып енді топырақпен көме бергенде ішінен оның жалбарынған дауысы саңқ ете түсті:

– Уа, жаратқан ием, барша оңбағандар мен сұмпайыларды, арамзалар мен екі жүзділерді жер жастандыра көр! Күллі ғаламның әміршісі, Илларион Шеверднадзе мен Зурикела Вашаломидзенің төбесінен жәй түсіре көр! Құдайдан безген немелер, ақымақ қылды ғой мені!

– Ей, бұл қайсың? Айт жаныңның барында, әйтпесе миыңды шашып жіберемін! – деп Илларион құмыраның аузынан мылтық кезеніп тұрып айғай салды.

– Мен ғой, Илико. Тарт қаруыңды, қоңқиған сайтан, күнә арқалама.

– Сен Илико емес, жетесізсің! Бос құмырада не әкеңнің құны қалды?

Мен күлкіден жарылайын деп тұрмын.

– Илларион, мені тірідей көмбексің бе? Құдайдан қорықсаң етті!

– Ештеңеден қорықпаймын! Көмем де тастаймын, сен итті, қайта құдай маған рахмет айтады.

– Жібере, Илларион!

– Бар да, Зурикела, көршілерді оят, көрсін бәрі, менің құмырамда жатқан соқыр борсықты.

– Илларион Шеварднадзе! Қарабет қыла көрме. Жетер, мына сасық құмырада тұншығып өлетін болдым. Осы қалжыңдағаның да жетер.

– Қалжыңдап тұрған ешкім жоқ, қазір құмыраны қымтап жабамын, бір айдан кейін сенен арақ ашытамыз.

– Мұндай сасық арақтың кімге керегі бар, елді улайсың ғой! – дедім мен. 

– Зурикела! Ешкі секілді сатып кеттің ғой мен, оңбаған!

– Сен онанда бұрыш қосқан темекі мен телеграмманы есіңе түсір. Отыр енді өстіп, бос құмырада күкірт иіскеп.

– Адамды бұлай қорламаңдар, құдайсыздар! Қалған өміріңді осы құмырада өткіз демекпісіңдер? 

 Жібере салайық, обал ғой, – дедім мен.

- Бопты, шықсын. Тек бар даусымен «Мен ақымақпын» деп айқайласын.

– Келісесің бе? – дедім Иликоға.

– Ақымақпын мен, ақымақпын! – деп Илико жан дауысымен айғай салды. Ол құмырадан шыққан бетте құдды бір ұзақ сапардан оралған сүңгуір кеменің экипаж мүшесі құсап түнгі салқын ауамен терең тыныс алды. Сосын жерде жатқан торсығын көтерді де, сұқ саусағын шошайтып:

– Жарайды, сендер жеңдіңдер, берілдім, - деді. 

Бұрылып, мұрнының астынан міңгірлеп қақпаға қарай аяңдап бара жатты.

– Қайда барасың ей, қайырымсыз? Бізді неге жарылқамайсың? – деп Илларион айғай салған.

– Сендерді құдай жарылқасын, сый-құрметтеріңе көп рахмет! – деді Илико. 

– Жә, бұрқылдама, қырсық неме. Тоқта!.. Қане, Зурикела, аршы. – деп Илларион шарап толы құмыралардың бірін нұсқады. 

Мен кетпенді қолға алмас бұрын алдымен Иликодан алған темекіден орадым. 

– Тартпа, Зурикела, бұрыш қосылған, - деді Илико ұяла тіл қатып. 

…Әтештің соңғы шақырғанына дейін Илларионның шарап қоймасындағы тілектер мен шөпілдескен сүйістер бір тынған жоқ. Таңертең Илларион екеуміз шылқа мас Илико мен шарап толы үлкен торсықты тәлтіректеп әрең сүйреп бара жаттық…

 

КҮЗЕТШІ

Бірде шәй алқабы арқылы өтетін төте жолмен мектептен қайтып келе жатқам. Албырап піскен изабелла жапырақтардың арасынан маған көз тастап тұрды. Өзімді тежей алмай, сөмкемді бұтаққа ілдім де, лып етіп ағаш басына бір-ақ шықтым. Жүзімнің дәмі тіл үйіреді! Неге екенін білмеймін, жұрт изабелланы құртымен бірге ұсынады деп жатады. Бірақ, шынымды айтайын, осы күнге дейін құрт жеп көрмеппін, бірақ әлгі айтқандары рас болса, құрттар жасасын! Алдымен жүзімді уыстап асадым, ал тоя бастаған соң асықпай бір-бірден жеп, қабығын түкіріп тастап отырғанмын.

– Ей, ағаш басында отырған қайсың? Колхоздың нәрсесін неге ұрлайсың?! – деген қаһарлы дауыстан селк ете түстім.

Құлап қала жаздап барып дер кезінде бұтақтан ұстап үлгердім де демімді ішіме тартып тым-тырыс отыра қалдым.

– Кімге айтып тұрмын? Саңыраусың ба немене?!

Төменге қарадым. Ағаш түбінде Илико тұр – басында қамыс қалпақ, иығына жіп асып алған, беліне қыстырған балтасы бар. Жанында бір арық ешкі ауызын қисаңдатып жүзімнің қабығын жеп тұр. 

 Сен не, естімей тұрмысың мені, а?! Кімсің, айт қане? Колхоздың жүзімін жеуге кім саған рұхсат берді? Сайтанбысың, адамбысың? Жауап бер тез!

– САЙТАНМЫН мен, САЙТАНМЫН.

– Сайтанның өзі тұрмақ әкесі болсаң да, колхоздың алқабы саған жұмақтың бағы емес, кез келген иттің баласы келіп жүзімін отап кететін! Төмен түс, әйтпесе отырған орныңнан сілкіп түсірем!

– Жоғары шық, осында отырып сөйлесейік.

– Түс дедім ғой, саған!

– Түспеймін!

– Түспейсің ғой?

– Әлбетте!

– Онда отыр сөйтіп, көрейік, қаншаға шыдар екенсің. Ал мен ешқайда асықпаймын, – дейді де Илико ағаш түбіне қонжия кетті. 

Мен қаннен қаперсіз жүзім жеуді жалғастырдым. Бір сағат өтті. Иликоның да тағаты таусылды-ау:

 Қарғыс атқыр, не істеп отырсың?

 Ұя салып жатырмын.

 Жақсылықпен айтам: өз еркіңмен төмен түс те соңымнан ер, кеңсеге.

 Тұра тұр, жеп алайын.

 Сен өзі адамсың ба, бөшкесің бе? Түс шапшаң!

– Түспеймін!

– Демек, билікке бағынбайсың ғой?

– Жоқ!

– Жақсы. Онда міне жіп, міне балта, бар да өзің күзет.

 Маған неге сонша жабыса қалдың? Осындай да адам болады екен-ау! Жайыма қалдыр да, жөніңе кет!

– Соңғы рет ескертем: түс ағаштан! Әйтпесе басқаларды шақырам!

Илико сонда ғана менің сөмкемді көрді. 

– Аһа! Енді ешқайда қашып құтыла алмассың. Кім екеніңді қазір білетін боламыз.

Илико ыңғайланып отырды да, сөмкені түбінен ұстап сілкіп қалып, ішіндегісін жерге төге салды. 

– «Декамерон»… - деп мұқабасын оқыды да, кітапты былай алып қойды. – «Құрыш қалай шынықты»... «Кісіжегіштер арасында»... «Тристан мен Изольда»... «Жолбарыс терісін жамылған батыр»... сен өзі кімсің а, сайтан алғыр?! Өзің қайда оқисың, қай мектепте, не бір дәптер, не бір қарындаш жоқ! – деп Илико бұрқылдап сөйлеп отыр.

 Илико аға, бұл мен ғой, Зурикела.

 О-о-о, сұмырай, арамза! Әбден сілікпемді шығардың ғой, ит-ау! Шапшаң төмен түс, бір-екі бұта жүзім ала сал. Мен сол сәтте-ақ жерге түсіп, Иликоны қатты құшақтап алдым.

– Илико аға, қалың қалай?

– Қал сұрағышын, ұятсыздың! Бір сағат бойы басымды қатырғаны ойда жоқ. Бұйыртпадың ғой, бұйыртпағыр!

– Бұйырмағаны несі? 

– Солай... Міне, жарты жылдай болды, алқаптың күзетшісімін. Білесің ғой?

 Бірлем ғой, әрине. Сөтсе не болыпты?

 Мінуге бір ат берген... Ат емес, сапалақ! Өткен жолы алқапқа ақсақ Сипитоның сиыры түсіп кетіпті... Мен аттан секіріп түсіп, сиырды құйырқтан шап бердім... Бұрылып қарасам, атым жоқ. Қуып жүріп әрең ұстап, енді қарасам - сиыр жоқ. Атты жібере салып, сиырды қуып кеттім, ұстап алып қарасам, ат жоқ. Сиырды жайына қалдырып, аттың соңынан қуайын, ұстап алып қарасам ат жоқ. Қысқасы, кешке дейін тілім салақтап жүріп екеуін әрең қосақтадым ғой. Ал кеше жиналыста төрағадан сөгіс естідім: не міндетіңді дұрыс атқар, не орынды босат дейді...

– Бұған менің қандай қатысым бар?

– Тікелей. Ағаш басында отырған ұрыны көрдім де жолым болды деп ойладым. Ұрыны ұстап, кеңсеге алып барам, төраға сосын Илико жұмыс істемейді деп көрсін. Енді не істерімді білмей тұрғаным.

– Мені кеңсеге алып бар.

– Қой, қарағым. Әжең сосын мына жалғыз көзімді ойып алсын.

– Енді не істемексің?

– Төрағаға ешкіні желелеп барамын. Не істесе, оны істесін.

– Ешкі кімдікі?

– Кімдікі болушы еді? Менікі. Сен не, бұны бірінші рет көріп тұрмысың?

– Сіздікінің сақалы бар еді ғой?

– Болған. Қырқып тастадым.

– Неге?

– Танымасын деп. Әйтпесе күзетші өз ешкісін ұстапты деп тағы қырғын салып жүрер.

– Содан соң?

– Ештеңе. Бәрі бір көк тиын пайдасы жоқ. Не сүт шықпайды, не етке жарамайды – ілмиген бірдеңе. Бұдан қып-қызыл шығын ғана көріп отырмын. 

– Танып қойса ше?

– Қайдам. Ешкі менікі екеніне өзім әрең сенем... Ал, жолыңнан қалма, балам. Жүзіміңе рахмет, әйтпесе тамақ деген кеуіп қалды.

– Сау бол, Илико!

– Байқа, Зурикела, қымбаттым, Илларионға айтып қойып жүрме, жойып жібереді. 

– Қорықпа, Илико.

...Арада бір ай өткенде Илико жұмысты жақсы істегені үшін колхоз басқармасынан сыйлыққа семіз ешкі алды…

ЖАЛҒАСЫ БАР...

Бөлісу:

Көп оқылғандар