Тіліміздегі сан атаулары да халықтың ұлттық танымын бейнелейді

Бөлісу:

07.09.2022 2112

Қазақ тілінде ұлттық дүниетанымдық тілдің көрінісі: ұлттық мәдениет; ұлттық  өнер; діни дүниетаным мен ұлттық таным әлемі. Діни дүниетаным мен ұлттық таным әлемі: ұлттың діни дүниетанымдық түсініктері  сол елдің ұлттық сипатын, ұлт өкілдерінің таным-түсінігін шынайы беруге септігін тигізеді. Тіліміздегі сан атаулары да халықтың ұлттық танымын бейнелейді. Әр халықта сандық ұғым әр түрлі бейнеленеді, қазақ халқының ұғымдарында санның бәрі жақсылықты бейнелейді. Сандардың ішінде кейбір сан қасиетті болып саналады. Қазақ халқы үшін  үш, жеті, қырық, тоғыз, отыз т.б. Жалпы алғанда, сандық ұғымдар да түр және түс атаулары сияқты халықтың дүниетанымын бейнелеуде ерекше маңызға ие деген қорытындыға келуге болады. Мысалы сандық атаулардың танымдық болмысы туралы айтар болсақ, төмендегідей мағлұматтарды атауға болады. Кез келген тілде сан атаулары алғашқы ұғыммен, яғни қандай да бір заттың санын, басқа затпен қатынасының сандық мәнін білдіруімен қатар, екінші деңгейдегі қолданысқа түсіп, басқа ұғымдарды атауға қатысады. Қазақ халқы сан ұғымдарына ертеден мән беріп келеді.
Бір жаста, екі жаста бесіктемін,
Бес жаста тәңірі берген несіптемін,
Алты жаста қайыңның тозындаймын,
Жеті жаста ойпаң жер бозындаймын,
Он жасымда сүт емген қозыдаймын,
Он бесте жарға ойнаған лақтаймын,
Бой түзеп жиырмада сылақтаймын,
Отызда ағып жатқан бұлақтаймын. 
Демек, халық сан атауларына тек математикалық көрсеткіш ретінде қарамай, оны ерекше атап, адам өміріне, беделі мен қоғамдағы орнына қарай ажыратуда үлкен мәнге ие екендігін білген.
Мәселен, үш саны нақты бір заттың мөлшерін көрсетеді, яғни лексикалық бірлік ретінде соның анықтамасын былай беруге болады: үш – екіден көп, төрттен аз. Осы сан атауы енді ұлттың басқа да рухани, мәдени, материалдық мәдениетіне қатысты, әлеуметтік болмыстағы заттар мен құбылыстарды, абстрак ұғымдарды тануға қатысады. Мысалы, үш жүз күрделі атауында үш санының атауы нақты бір заттың мөлшерін ғана атап қоймай, ол жүз сөзімен бірігіп, қазақ халқының этникалық құрылысына қатысты білімді жинақтаушы қызмет атқарады. Осыған байланысты әр сан есімнің астыртын мағынасы болады.
Әрбір жеке адам немесе кез келген әлеуметтік орта жалпы өмір салаларына байланысты қолданатын тілдік бірліктерді өзінің  қажеттілігіне қарай пайдаланады. Оларды қолдану, түсіну деңгейі әр әлеуметтік топта әртүрлі. Мысалы, бес сан есімі арқылы жасалған күрделі атау - бес қару тіркесін жазушылар, шеберлер, қариялар қолданса, мектепте оқып жүрген қазақ балаларынан мұны ести алмаймыз.  Бес қару тіркесі көркем шығармаларда да кеңінен қолданылған. Мәселен, Базар жыраудың «Айдан сұлу нәрсе жоқ» өлеңін келтірсек:
Жауды көрсе сайланған,
Беліне садақ байлаған,
Бес қаруын асынып,
Белсенген нағыз ер де жоқ. 

Бұл жерде бес қару ерлік пен батырлықтың белгісі ретінде қолданысқа түсіп отыр. Демек қазақ танымында бес қару тек ер адамға ғана қатысты, ерлікті, батылдықты айғақтайтын белгі ретінде болған.
Қазақ халқында  сандардың барлығы жақсы. Жаман ырыммен қарайтын сан жоқ.  Сандардың ішінде үш, жеті, тоғыз, қырық, отыз,тоқсан т.б. сандар жиі қолданыста. Тоқсан сан есімінің өзі көптік, кеңдік ұғымды береді. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар», «Тоғыз жолдың торабы» т.б. фразеологизмдерден көрінеді. Көркем шығармадан үзінді келтірер болсақ,         

Толғауы тоқсан күйдің бір-ақ күй бар
Сылқылдат! Бастыр! Бастыр! Қадалт! (Күйші, 167)
Толғантып тоқсан түрлі қыз көңілін,
Жүректің жазы шығып, жаңбыр төкті  (Күйші, 168-169)
Төгілді тоқсан тарау байырғы күй,
Күй қайда бір сарынмен қаңқылдаған… (Күйші, 171) 

“Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар” мақалын өлең ішінде “тоқсан” немесе “тоғыз” санымен тізбектей отырып, бірнеше фразеологиялық тіркестер құрған: “толғауы тоқсан күйдің бір-ақ күй бар”, “толғантып тоқсан түрлі қыз көңілін”, “төгілді тоқсан тарау байырғы күй”,  “түнеугі тоқсан күйді тартып берді”, “таратып тоқсан күйді жібердің”, “сөйтсе де, тоғыз түрлітолғауда тұр”, “сондықтан тоғыз толғау ойға қалды”, “тарататын тоқсан күйді үйсін кетті”, “күйшімен тоқсан тарау күйде кетті”, “баяғы тоқсан күйден ызың жоқ да жоқ”. 

Жеті санына келер болсақ, халық танымында 7 саны – қасиетті сан. Басқа халықтық өлшемдерге қарағанда жиі қолданылатынын білеміз. Бізде «жеті қазына» деген ұғым бар. Жеті қазынаға әр аймақта әр түрлі ұғымдарды жатқызса да, ол жөнінде әр түрлі пікірлер бар болса да, саны жетеу. (Жеті санына тікелей байланысты, бір өңірде 6 қазына, бір өңірде 8  қазына де алынбайды).  Ғалам туралы айтар болсақ, халқымыз «жеті қат көк», «жеті қат жер» деген. Қоршаған орта, табиғи тылсым дүниені де жеті санымен байланыстырған.  Халықтық мифологиялық түсінік бойынша Аллаһ Тағала аспанды жеті қабатты етіп жаратқан. Жеті қат жер. Ежелгі наным-сенім бойынша тұңғиық, жылан, су, қос балық қара тас, көк өгіз, жер. Аптаның жеті күні де мысалы, 7 санына қатысы бар. Кемпірқосақтың жеті түсі. Жарық мынандай жеті түстен тұрады: қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және күлгін. Күн сәулесі жаңбыр тамшысына түскенде, жарықтың жеті түсі сынып, тамшы арасынан көрініп, кемпірқосақ пайда болады. Жеті жарғы. Ол – Тәуке хан (1678-1718) тұсында қабылданған Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы осынау заң жүйесін өмірге әкелген. Ол 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді. «Жеті жарғы» деп аталуы Тәуке ханның бұрынғы заңдарға енгізген жеті өзгертуіне байланысты» дейтін тұжырым бар. «Жеті жоқ», «жеті жетім», «жеті ғашық»,  «жеті күнә», «әлемнің жеті кереметі»,«жеті континент», тіпті спортқа байланысты да Гептатлондағы (жетісайыс) спорттың жеті түрі деген түсініктерді көптеп келтіруге болады. Жеті ішекті қазақтың музыкалық аспаптары бар екенін білеміз. Жеті санының қасиетті, киелі сан ретінде қабылдануы  сонау адам баласының көне-наным сенімдерінен бастау алған.  

«Жеті саны – бақытты сан, ол – адамзаттың сүйікті саны». Көп халықтың түсінігі осындай.

Қазақ үшін әр сөздің ғана емес, әр санның өзіндік қасиеті, тәрбиелік мәні, танымдық қызметі болған. Сондықтан халқымыз сан атауларының қадір-қасиетін зерделеп, маңызына сай қолдана білген.

 

Гүлназ ТӨКЕНҚЫЗЫ,

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» 

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының 

ғылыми қызметкері 

Бөлісу:

Көп оқылғандар