Жазушы Дүкенбай Досжанның туғанына 80 жыл

Бөлісу:

09.09.2022 3096

Бүгін қазақтың көрнекті жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дүкенбай Досжанның туған күні. Жазушының туғанына сексен жыл толып отыр. 1942 жылы 9 қыркүйекте Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Құланшы аулыныда дүниеге келген қаламгердің ғұмыр жолы, өмірлік көрген-түйгендері, ой қорытулары, талант-талғамы оның шығармаларында сайрап жатыр.

Әрбір қаламгердің туындысына туып-өскен өлкесі, өзі бастан өткерген өмір жолы азды-көпті деңгейде арқау болып жататыны белгілі. Дүкенбай Досжан шығармашылығына да осы үрдіс тән болатындығына жазушы туындыларындағы Сырдарияны жиектеген құмдауыт даланың табиғаты, Қатпарлы қарт Қаратаудың күн беті, ондағы сан қилы тағдырлы адамдар жайлы оқыған оқырман анық көз жеткізеді. Жазушының алғашқы өмір баспалдақтары «Құланшыда қалған із» туындысында айқын сайрап жатыр: «Сегіз жасар Дүйсенбі – Құланшыны, бұлақты, жұмсақ мысықты, сосын сағымды сағынатын шығармын деп ойлаған. Құланшы – қара шатқалды жарып ағатын көгілдір өзен, қысаңнан шығар қойнауында үлкен дөңгелек саз, саздың ортасында жапырағын шулатып Әулие ағаш тұрады. Ағаш тамырының астынан жүлгелеп бұлақ ағатын. Жылқы қамайтын кең дуал қора, қора төрінде төртбақ қоржын там. Жылқышының үйі жалғыздыққа үйренген. Етекте басын тасқа ұрып сарқырап жатқан тау суы, әрәдік төбеден шақпақ шағып өтетін бұлт, бұтағын шайқаған Әулие ағаштан өзгесі тым-тырыс-ау, тым-тырыс». Жылқышы баласы Дүйсенбі жасы сегізге толғанда, орталықтағы малшы балалары жатып оқитын интернатқа қабылданады. Осы арадан болашақ жазушының білім жолы басталады, әдебиет әлеміне қанат қағады. Мектепте оқып жүргенде алғашқы шығармаларын жаза бастайды. Осы кезеңде ол өзінің шығармашылық жолдағы бағытын әдебиеттің поэзия, проза, драма жанрларының барлығынан іздеп көреді. Осы жанрлардың барлығында қалам тартады. Атап айтқанда орта мектептің жетінші сыныбын бітірген жылы Н.Гогольдің «Өлі жандар» туындысына еліктеп пьеса жазса, А.Пушкиннің «Руслан-Людмила» поэмасын бағытқа ала отырып дастан жазады. Проза жанрындағы алғашқы туындысы «Көкпар» әңгімесін он бес жасында жазады.

Орта мектепті үздік тәмамдаған соң Алматыдағы қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне түседі. Қазақтың қабырғалы әдебиеттанушы ғалымдарының дәрісін тыңдап, білім алады. Студенттік кезеңде де поэзияға көбірек мойын бұрған Дүкенбай Досжан өлеңдері республикалық басылымдардан жарық көріп тұрған екен. 1961 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде Асқар Тоқмағамбетовтің алғысөзімен өлеңдер топтамасы жарық көреді. Алғашқы өлеңдер жинағы 1964 жылы ел астанасы Алматы қаласында жарық көріп, оқырмандарына жол тартады.

1964 жылы ҚазҰУ-ды бітірген соң журналистік қызметін бастайды. Атап айтқанда 1963-1966 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінде әдеби қызметкер, 1966-1975 жылдары «Жазушы» баспасында аға редактор, 1976-1984 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім меңгерушісі, 1984-1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, 1994-1996 жылдары ҚР Авторлық және аралас құқықтар жөніндегі агенттіктің бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Ұлттық валюта теңге музейінің алғашқы директоры, 2002 жылдан Қазақстан Республикасының Президенттік мәдени орталығынан шығатын «Мәдени мұра – Культурное наследие» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Проза саласында өндіре, өнімді еңбек еткен жазушының алғашқы романы «Отырар» жиырма үш жасында жарық көрді. «Хрущевтік жылымықтан» кейінгі ұлттық әдебиеттерде тарихи тақырыптарда жазу аясы кеңіп жатқан кезеңде жазушы бұдан соң «Фараби» (1965), «Жібек жолы» (1973) романдарын жазды. Сонымен қатар жазушы қазақ руханиятындағы ерекше орны бар тұлғалар өміріне де кең толғап қалам тартты. «Абай айнасы» (1994), «Алыптың азабы» (1997), «Мұхтар жолы» (1998) романдары осы бағытта жазылған кесек туындылар. 

Жазушы өзі өмір сүрген заман адамдарының сан қилы тағдырын арқау еткен «Зауал» (1970), «Кісі ақысы» (1978), «Дария» (1975), «Табалдырығыңа табын» (1980), «Жолбарыстың сүрлеуі» (1984) туындыларын жазды. 

Жазушы әр кезеңдерде қазақ руханиятындағы ерекше орны бар тұлғалар өміріне де кең толғап қалам тартты. «Абай айнасы» (1994), «Алыптың азабы» (1997), «Мұхтар жолы» (1998) романдары осы бағытта жазылған кесек туындылар. 

Жазушы Дүкенбай Досжан өзінің шығармашылық ғұмырында тек әдеби туындылар жазып қана қойған жоқ. Оның қаламынан сан түрлі тақырыптағы зерттеу, дерекнамалық еңбектер де туды. «Екі дүние есігі» (1998) атты зерттеу еңбегі көне Түркістан қаласы мен ондағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің салыну тарихын тереңдете қаузайтын туынды.

Дүкенбай Досжан – қазақ қаламгерлері арасында ең өндірте жазған жазушылардың қатарында. Шығармашылықпен жүйелі түрде, тынбай шұғылданып он бір роман, жиырма екі хикаят және жүзден астам әңгімелер мен публицистикалық, танымдық туындылар жазған жазушының тілі бай, шығармаларының тақырыбы сан алуан, көркемдігі келісті болып келетіндігіне оның кез келген туындысын оқыған оқырманның көзі анық жетері сөзсіз.

Жазушының туындыларын оқырмандары жылы қабылдады, мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. 1996 жылы «Құм кітабы» туындысы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұдан өзге әр кезеңде отандық, шетелдік көптеген сыйлықтардың иегері атанған көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан 2013 жылы 15 қыркүйекте пәниден бақиға озды. Бар ғұмырын туған халқының руханият қазынасын толтыруға арнаған жазушының туғанына сексен жыл толып отыр.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар