«Семсер жүзіндегі серт» атты роман-трилогия таныстырылды

Бөлісу:

19.09.2022 2806

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Кенесары ханның туғанына 220 жыл толуына орай «Семсер жүзіндегі серт» атты роман-трилогияның таныстырылымы өтті.

Роман құрылымы мен мазмұны күрделі, тарихи деректерге қанық шығарма үш-төрт ғасырды қамти отырып, қазақтың басынан кешкен хикметтерді сипаттаған эпопеяға ұласқан. Трилогияның бірінші кітабы «Арланның азуы» – панорамалық композицияда құрылған. Шығарма Кенесары қазасының бас кінәгері де, куәгері де қырғыз Орманбет манаптың шешесіне ас беруімен өрбиді. Қазақ халқының хандық мемлекетінің туы көтерілгенге дейінгі және одан кейінгі кезеңдер қамтылады. 

Романның екінші кітабы «Серт» деп аталады әрі оның арқауы – Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы мен жеке тағдыры. Туындыда Кенесары көтерілісінің ерлік даңқы мен трагедиялық тағдыры тарихи-әдеби желі тартып баян етіледі. Сондықтан роман-эпопеяның бас қаһарманы – халық, Кенесары кейпіндегі қазақ халқы. 

Бірінші кітапта Қазақ хандық мемлекетінің құрылу кезеңі көркем кестеленсе, екінші кітапта соңғы ханы – Кенесарының қаза табуымен бірге шаңырағының құлағанына дейінгі дәуірді қамтыған.

Трилогияның үшінші томы «Рух» деп аталады. Мұнда қазақ елінің патшалық империяның отаршылдығына қарсы күресі және Кенесарының ұлы, мұрагері Сыздық сұлтанның сол күресті жалғастыруын баян етеді. Роман идеясы Қазақ елінің ХХІ ғасыр қарсаңында тәуелсіздікке жетуі Абылай, Қасым, Кенесары, Сыздық, кешегі Алаш көсемдерінің жанкешті қайраткерлігінің арқасы екендігін аңдатады.Туындының өн бойынан рухты қозғайтын сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік оқиғалар, мінез-құлықтық құбылыстар шынайы және кестелі түрде көрсетіледі. 

Бұл шығарма саяси иірімдерге бейімделген заманның шығармасы емес, ұлттық рухымыз бен намысымызды әйгілейтін, Тәуелсіздіктің төл туындысы. Сондай-ақ, романның қоғамда тарихи сана қалыптастыруда елеулі рөл атқарары сөзсіз. 

Аталған шараға белгілі қаламгерлер мен әдебиетшілер, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар