Шалкиіз жырау шығармашылығы

Бөлісу:

22.09.2022 15082

Қазақ жыраулар поэзиясындағы көрнекті өкілдерінің бірі – Шалкиіз Тіленшіұлы. Шалкиіз Тіленшіұлы 1465 жылы қазіргі қазақ даласының батыс бөлігінде, ықпалды дала шонжары отбасында дүниеге келген. Шалкиіз жыраудың анасы Ноғай ордасының әмірі Мұса бидің қызы. Үш жасында анасынан жетім қалған Шалкиіз нағашы жұртының қолында тәрбиеленіп өседі. Көшпелі қазақ пен ноғайдың жауынгерлік рухты ту еткен еркін өмірін бастан кешкен Шалкиіз Ноғайлыдағы Үлкен орданың әмірі Темір Мансұрұлының, Жүсіп бидің, Қазақ ордасының ханы Хақназардың маңында қызмет атқарады. Жыраудың өмір жолыннан хабар беретін ақпараттарды оның өлеңдері мен толғауларынан табуға болады. 

Шалкиіз жыраудың есіміне қатысты айтылғанда, «Шалгез», «Шәлгез» түрінде келетінін көреміз. Жалпы қазақта «шәлгез», «шәргез», «шалкес» деген сөздің «асау» деген мағынасы бар екенін де ескерсек, Шалкиіз жыраудың шығармашылығынан байқалатын арындылық, асаулық сарынға бола, өз заманында солай лақап атқа ие болған болуы да мүмкін деп болжауға негіз бар. Шалкиіз жыраудың өмір сүрген уақыты – Ұлы Далада көшпенді халықтар құрған қуатты феодалдық мемлекеттердің дәуірлеп тұрған шақ болатын.

Шалкиіз туындылары қазақ пен ноғай халықтары арасында күні кешеге дейін таралып айтылып келген. Шалкиіз шығармалары ХІХ ғасырдан бастап қағаз бетіне түсірілген. 1875 жылы «Императорлық орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің жазбалары» жинағында орыс, қазақ тілдерінде жарық көреді. Бұдан кейін «Астраханский вестник» газетінде, жарық көреді. Ыбырай Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында» және басқа да жинақтарда әр кезеңде жарық көрген. Кеңес дәуірінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» т.б. жинақтарға енген. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясында Шалкиіз жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы талданады және орта мектеп пен арнайы орта, жоғары білім беретін оқу орындарындағы «Қазақ хандығы дәуірі әдебиеті» цикліне енгізіліп, оқытылып келеді. Шалкиіз жыраудың «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Ор, ор қоян, ор қоян», «Асқар, асқар, асқар тау» т.б. туындылары көшпелі қазақ халқының өмір сүру салтынан, моральдық ұстанымдарынан, әдептік түсініктерінен хабар береді. Жыраулар пэзиясына тән өршіл романтика, ел қорғаған ерлердің ерен тұлғасы жайлы толғаулар Шалкиіз шыармашылығында да көрініс тапқан. «Ер Шобан», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Алаштан байтақ озбаса» т.б. жырлары оқырманын, тыңдаушысын патриоттық сезімге бөлейді. 

Шалкиіз жыраудың алты жүзден аса өлең шумақтары жеткен. Жырау шығармаларында біршама тарихи адамдардың есімі аталады. Солардың бірі – Би Темір. 

Шалкиіз жыраудың айтқаны дейтін туындылар қазақ, ноғайлы әдебиетінде баршылық. Солардың ішінде «Шәлгез жыраудың айтқаны» атты көлемді толғау жыр бар. Шаликіз – тек ел алдында жыр толғаған ақын ғана емес, найза ұстаған батыр да болған адам екені осы толғаудан анық аңғарылады. Жырдың мазмұны бойынша, ноғайлының он батыры қалмақтан жылқы қуады. Келе жатқан жолында соңдарынан қалмақтың мол санды қолы қуып жетуге айналады. Осы кезде тоғыз жолдасын ілгері оздырып жіберген Шалкиіз батыр қалмақтарға жалғыз қарсы қарап қасқайып тұрады. Қалмақтар шапқылап жеткенде оларға тек  өзінің ғана мұнда қалуын алдағы кетіп бара жатқан тоғыздың өзінің күш-айласына сенгендігімен түсіндіреді. Жылқыны алдыға салып айдап кетіп бара жатқандар – кіл өңшең атышулы батырлар екендігін айтады:

Жолдасымды айтайын,

Айтайын да қайтайын.

Өңшең батыр арыстанды, -

дей отырып тоғыз жолдасын бір-бірден сырттай атап шығады. Олар: жалғыз оғы мың кәпірлік Қоянақұлы Қартқожақ, бір жегені бір қазандық Бекімұлы Шанай, тумай жатып аты жазылған Нәрікұлы Шора, жау етінен өзге азық жемеген Қараұлы Сидақ, жеті аршын бойлы Көкшенің ұлы Қосай, құралайды көзге атқан мерген Естерекұлы Тарғын, мың кісілік күш бар қият Демес, ерегескен дұшпанның сағын сындырған Мұсаның ұлы Мамай батырларды атайды. Бұл аталған адамдардың көбі «Қырымның Қырық батыры» цикліндегі немесе қазақ батырлар жырындағы белгілі батырлар. 

Мысалы, сол батырлардың тоғызыншысы туралы Шалкиіз былай деп таныстыра, тепсіне толғайды:

Ерегісіп келгенде,

Ескі ауруды қоздырған.

Оның бір несін сұрайсын,

Ол кісінің ішінде – 

Шағаннан жалғыз аттанған

Мұсаның ұлы Мамай бар.

Осы айтылған Мұсаның ұлы Мамай немесе Шейх-Мамай 1541-1549 жылдары Ноғай ордасында би болғаны тарихтан белгілі. Демек Мамай мырзаның заманында өмір сүргендігі белгілі. Олай болса, Шалкиіз жыраудың да өмір сүрген жылдары жобамен 1465-1560 жылдар арасында деп белгіленіп жүруі жалпы қисынға келеді. 

Атаңа нәлет жуан хан,

Сен бізді алғанша талай бар.

Жылқыңа тиген он қазақ,

Аз кісі деп мақтанба!

Жылқыңа жетіп келгенде,

Басыңа түсер тұман бар.

Осылайша қалмақ ханының жүрегін шайлықтырып, қазақтың он батырымен қарсы келудің өздеріне үлкен қиындық тудыратынын айтады. Алда кетіп бара жатқан қазақтың бір батырының өзі қалмақтың он мықтысына татитыны ескертеді:

Мың кісіге жүз кісі,

Жүз кісіге он кісі,

Он кісіге бір кісі.

Мың жабыға бір тұлпар,

Мың үйрекке бір сұңқар,

Мың қарғаға бір кесек.

Қаптай жапсаң халқыңа

Халқыңа жетіп келгенде

Төсенерсін шөп төсек.

Сөйтіп Шалкиіз батыр өзінің ержүректігі мен шешен тілі арқылы қуғыншы қалмақтардың бетін сөзбен қайтарып, жау алдында мерейі үстем шығады. Дұшпан да болса сөзге тоқтаған қалмақтардың іс-әрекеті де мықтылық деуге тұрарлық.

Мұндағы Темір би – Ноғай ордасының негізін қалаушы Мансұрдың немересі. Ол ХҮ ғасырдың екінші бөлігінде Ноғай мен Қырым хандықтары аумағында өмір сүрген тарихи тұлға. Жыраудың Би Темірді ерекше бағалап, оған мадақ жырларын арнайды:

Темір еді биіміз,

Теңіз еді халқымыз.

Тебірлерге қалғанда,

Теңселерге ұқсайды

Ауыр ноғай жұртымыз.

Шалкиіз жыраудың кейінгі өмірі қазақтың Хақназар ханының жанында өткен деген деректер кездеседі. Ноғай ордасынан «қазақ шыққан» Шалкиіздің шығармашылығы қазіргі қазақ халқының да рухани қазынасына айналады. Қазақ шығу деген ұғым – белгілі бір әмірші, билеушінің қарамағындағы жеке адам немесе көп жұрттың бөліне көшіп еркіндік алуы болып түсіндіріледі. Шалкиіз жыраудың жырларындағы салтанатты да еркін өмір «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауында көрініс тапқан. Бір айта кетерлігі – мұндай толғау Доспамбет жырауда да бар. Екеуіндегі ой бірдей болғанымен, Доспамбет жырында ер жігіттің дәурен сүріп, басынан өткерген оқиғасына өкінбейтіні өткен шақта айтылады:

Қоғалы көлдер, қом сулар,

Қоныстар қонған өкінбес.

Арыстандай екі бұтын алшайтып,

Арғымақ мінген өкінбес.

Бұл – қайта айналма өткен өмір. Ал Шалкиіз жыраудың қоғалы көлдер қом сулар жайлы толғауы риторикалық сұрау түрінде көрініс табады. 

Қоғалы көлдер, қом сулар,

Кімдерге қоныс болмаған?

Саздауға біткен қара ағаш,

Кімдерге сайғақ болмаған?

Жағына жалаң жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған?

Сондықтан да баста дәурен тұрған шақта, ертең адыра қалатын мынау өткінші өмірдің қызығына бөленіп, тамаша күндер сүрейік дегенді айтады:

Күлелік те ойналық,

Киелік те ішелік,

Мынау жалған дүние

Кімдерден кейін қалмаған?

Шалкиіз жыраудың шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер соңғы кезеңдерде жиі жарияланып жүр. Олардың көбінде Шалкиіздің тарихи тұлғасын қазақ пен ноғай халықтарына ортақ қарастыру қажеттігі туралы пікірлер жиі көтеріледі. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар