«KitapTime – 2022» жалпы республикалық кітап фестивалі өтті
Бөлісу:
23 қыркүйек, күздің күншуақты күні, ашық аспан астында, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «KitapTime – 2022» жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.
Бұл еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шара. Ашылу салтанатынан кейін кітап сүйер қауым әртүрлі форматтағы шараларға қатысып, рухани азық алды. Фестиваль аясында көршілес және шет елдердің кітап көрмесі, кітап дүкендері мен баспалар өз өнімдерін ұсынатын кітап жәрмеңкесі, кітап алмасу сияқты мәдени шаралар орын алды. Сонымен қатар, көрмеде жергілікті қаламгерлер өз кітаптарын ұсынып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.
«АвтографTime», KazakhComic, «Журналистің қоғамдық миссиясы» (Бас редакторламен кездесу), «ПоэзияParty», «Non-Fiction», «Блогерлер құпиясы», «OYNA» балалар институтымен бірлесе өтетін «Оқимыз, жазамыз, сурет саламыз!» шарасы, Моно қойылымдар, және басқа да мәдени шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Отандастар қоры» КЕ АҚ ұйымы алыс-жақын шетелде тұратын қазақтарға «ӘР ҚАЗАҚҚА БІР КІТАП!» жобасымен кітап сыйлау акциясын жариялады.
Ұлттық академиялық кітапхананың директоры, адамдардың кітап оқығанына мұқтаж, кітапқа деген махаббаттың сөнбеуіне мүдделі жандардың бірі Ғазиза Құдайбергенқызы:
«Бұл фестиваль биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсатымыз – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру. «KitapTime» дәстүрлі шаралардың біріне айналып, келесі жылы әлдеқайда ауқымды, жалпы республикалық интеллектуалды шаралардың біріне айналарына сеніміміз мол», - деді.
Аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, суретшілер, ұстаздар, әртістер, студенттер, оқушылар, БАҚ өкілдерімен бірге Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісмақова, Маралтай Райымбекұлы, Елена Әбдіхалықова, Жанат Әскербек, Роза Мұқанова, Әлібек Асқар, Айгүл Кемелбаева, Шархан Қазығұл, Ықылас Ожайұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Назира Бердалы, Танакөз Толқынқызы, Бауыржан Қарағызұлы, Құралай Омар сынды бір топ зиялы қауым қатысты. Кітап фестиваліне қатысқан жазушылар да ерекше әсер алғанын жасырмады. Себебі, мұнда көптеген жазушылар өз оқырмандарын кездестіріп, пікір алмасып, кітаптары жайлы сұрақтарға жауап берді. Оқырман мен жазушының арасында ерекше байланыс орнатуға сеп болатын дүниенің бірі – сүйікті жазушыңмен жүзбе-жүз танысу. Көрмеге жастардың, мектеп оқушыларының кеңінен қатысуы, сұрақтар қойып, өз ойларымен белсенді түрде бөлісуі, қырғыз, түрікмен, өзбек, татар әдеби шығармаларының, қазақтың қол өнері өнімдері көрмесі қатар жүріп жатуы ерекше әсерлі болды.
Әлеуметтік желіде осындай ауқымды шараны жоғары деңгейде өткізген кітапхана ұжымына арналған алғыс жазбалары өте көп. Солардың бірі фестиваль қонағы Дәурен Абаевтың жазбасы:
«Бүгін елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапхана тамаша іс-шараның тұсауын кесті. Ашық аспан аясында өткен «KitapTime» республикалық фестивалі биыл тұңғыш рет қолға алынып отыр. Тың жоба кітапсүйер қауымның, елімізге белгілі қаламгерлердің, қала тұрғындарының басын бір уақытта қосқан нағыз рухани жәрмеңкеге айналды. Мойындауымыз керек, қазіргідей жаһандану дәуірінде әсіресе жастардың бетін бірден кітапқа бұру оңай емес. Дегенмен осындай бірегей жобалар жеткіншектерімізді жаңа арнаға салуы тиіс. Бүгіннің өзінде еліміздің бірнеше қаласында қатар өтіп жатқан фестиваль болашақта дәстүрге айналады деп сенемін. Сондай-ақ фестиваль аясында «Әр қазаққа – бір кітап» акциясы бастау алды. Біз өз тарапымыздан акцияны қолдап, Мигель де Сервантестің «Айлакер идальго ламанчалық Дон Кихот» романы мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын сыйға тарттық».
Игі бастама жалғасын тауып, жастардың әдебиетке қызығушылығын жаңаша арттыруға негіз болады деп ойлаймыз. Кітап оқуды, әдебиетті жаны сүйетін адамдар үшін бұл күн нағыз мереке болғаны анық!
Бөлісу: