Толстой Шекспирге неге шүйлікті?
Бөлісу:
Лев Николаевич Толстой «Шекспир және драма туралы» сын очеркін 1904 жылы жазып, кейін өзінің достарына оқуға береді, 1906 жылы Шекспирге табынушылықты бір күнде тоқтату мүмкін емес екен деп шешіп, жариялауға келіседі, ресми жариялайды.
Толстойдың аталған туындысы Ресейде және одан тыс жерлерде өнерді, әдебиетті жақын түсінетін жандардың назарынан тыс қалмады, замандастары арасында көптеген қызықты пікірлер тудырды.
Осы күнге дейін жалпы өнерге, әдебиетке қатысты, оның ішінде әдебиеттің мақсатына қатысы сөз болғанда осы еңбегі жиі аталады.
«Э. Кросби мырзаның Шекспирдің жұмысшы халыққа деген көзқарасы туралы мақаласы мені Шекспирдің шығармаларына бұрыннан бүкіл еуропада қалыптасқан пікірге мүлдем қарсы пікір айтуға итермеледі.
Менің Шекспир туралы қалыптасқан пікірлермен келіспеуім кездейсоқ емес, менің көңіл-күйімнен, не осы мәселеге мен қалай қарайтындықтан туған емес, бұл көп жылдар бойы күллі білімді христиан адамдарының Шекспир көзқарастарымен келісуінен туды», - деп бастаған Лев Николаевич: «Шекспирді ұлы, данышпан жазушы түгіл, тіпті ең ортанқол жазушы деп тануға да болмайды»- деп тұжырым жасайды.
Шекспирден кейінгі екінші драматург саналатын, Нобель сыйлығының лауреаты Бернард Шоу бір кезде Шекспирді сынап, Шекспирді біресе ақымақ, біресе ұлы ақын деп, шамасы, Шекспирді мұқатудан гөрі Шоу өзінің ішкі «күмәні» мен «ізденісін» сейілтіп, «Мен де Шекспирдеймін, менде сондаймын» дейтін өзіндік үнін білдіргені еді.
Толстойдың сыны мүлдем бөлек, ол Шекспирді қатты, аямай сынады. Толстойдың Шекспир пьесаларының тарихын, сюжеттік желілерін терең білгеніне, пьесаларын терең сыни талдағанына, философиялық, этикалық және эстетикалық толғаныстарына қарағанда Толстой Шекспирге не үшін шүйлікті деген сұрақ туады.
Л.Н. Толстой «Король Лир» трагедиясының мысалында Шекспирдің басқа драмалары мен комедияларына тән ортақ кемшіліктерді атайды, Шекспирде эстетикалық сезімнің мүлдем жоқтығын, Шекспирді Гомермен салыстыруда ештеңе бермейтінін, оның шығармалары өнердің талаптарына сай еместігін, драмалары моралдық-этикалық жағанын өте нашар, азғындық болып келетіні туралы жазады.
Әрине, мұндай сын жазбалар қайшылықта келсе де Толстойдың да, Шекспирдің де, Бернард Шоудың да адамзат табиғатына суреткерлік көзғарастарында, олардың дүниетанымдарында, әдебиет пен өнерді жетілдіру ізгі ниетінде, өнерге көзқарастар қақтығысында десек қателеспейтін шығармыз.
Уильям Шекспир 1564 - 1616 жылдары өмір сүрген, әлемдегі ең ұлы драматург, ағылшын халқының ұлттық ақыны, 38 пьеса, 154 сонета, 4 өлең жазған адам. Шекспир көптеген еңбектерін 1589 жылдан 1613 жылға дейін, яғни 24 жыл бойы жазған, сөйткенмен У.Шекспир тек XIX ғасырда, яғни екі ғасырдан кейін ғана танымал болды.
Британия Уильям Шекспирді өзінің саяси мақсатында кеңінен қолданды, әсіресе, Ұлыбритания отарлау саясатын жүргізе бастаған кезде, империяның айнасы, оның империялық нышандары мен рәміздері керек болған тұста Шекспирді бірінші драматург ретінде таңдап алды, оның сахналық пьесалары адамдарды тартып, жойқын эмоциялар туғызу үшін керек болды.
Әрине, Л.Т.Толстой бұлқынған, наразылық сыни рухымен Шекспирдің күл талқанын шығарды, батылдығымен көрінеді, кейбір зерттеушілер дүниетанымдық тұрғыдан Лев Толстой Шекспир шығармаларына дұрыс диагноз қойды дейтіндер де аз емес, солай бола тұрғанмен қарсылықтың себебін Уильям Шекспир драмаларынан, Лев Толстойдың сын очеркінен іздеген дұрыс шығар.
Лев Николаевич: «Шекспирді бірінші оқығаннан бастап менің таң қалғаным есімде. Мен үлкен эстетикалық ләззат аламын деп күткенмін. Бірақ оның ең жақсы деген «Король Лир», «Ромео мен Джулетта», «Гамлет», «Макбет» шығармаларын бірінен соң бірін оқып, ләззат алудың орнына, қайта жиіркенішті сезіндім....
Біздің заманымыздың кез-келген адамы, егер ол осы драма кемелдіктің шыңы деген болмаса, егер шыдамдылық танытып, соңына дейін оқып шықса, бұл тек кемелдіктің шыңы ғана емес, сонымен қатар өте нашар, көлбеу жазылған шығарма екеніне көз жеткізер еді..., оларда... біздің арамызда жексұрындықтан басқа ештеңе жоқ екенін көресіз».. – деп Шекспир шығармаларын сынайды.
Лев Толстой «Король Лир» трагедиясы ұзақ диалогтарға құрылып, мағынасыздық тудыратыны, кейіпкерлері ақымақ адамдар болып келетіні (Лирдің өзінен бастап) және олар бүкіл драма бойында жасанды келетінін және жансыз екенін жазады. Толстойдың пікірінше, кейіпкерлері қарапайым адамдар емес, өздерінің тілімен сөйлемейді, сондықтанда бүкіл пьеса жасанды, оны көргеннен кейін тек өкініштен басқа ештеңе қалмайтыны туралы жазады.
Әрі қарай, Лев Николаевич өз ойын дамыта келе Шекспирдің мүлдем суретші емес екенін, оның драмаларында кейіпкерлердің тілін жеткізе алмайтынын, тілдік құралдардың жоқтығын, адамдарға эмпатия туғыза алмайтынын, эмоцианалдық жағдайға алып келе алмайтыны туралы айтады.
Лев Николаевич Шекспир шығармаларының «тілінің» жоқтығы туралы: «Шекспир тудырған кейіпкелердің өздері сөйлемейді, әрқашан біріне бірі ұқсас жандар, олардың атынан Шекспирдің өзі сөйлейді, олар көркем емес, табиғи емес, жасанды тілде сөйлейді, ол бейнелеген кейіпкерлердің тілінде ешқашанда тірі адам сөйлей алмайды»,- дейді. Толстой мұндай ойларды бұрын Достоевскийге де, Гогольге де, Чеховқа да қатысты да айтқан болатын, тіпті өзінің алдындағы ұлы Пушкинді драмалық шығармаларына қатысты сынап, артынан сылап сипағанды.
Уильям Шекспир «Король Лир» трагедиясын 1605-1606 жылдары жазды, алғаш рет 1606 жылы Сент-Стефан күнінде сахнаға қойылды, 1608, 1619 және 1623 жылдары бірнеше басылып шыққан трагедия сюжетінің негізі өз патшалығын екі қызы арасында бөліп беріп, кейін елінен қуылған, саяси жанжалдардың салдарынан есінен айырылған патша Лир туралы аңыз болатын.
Лир патша мен оның қыздары туралы аңыз Ұлыбританияның ең көне аңыздарының бірі. Оның алғашқы әдеби нұсқасын ағылшын шежірешісі Джеффри Монмут 1135 жылы латын тілінде шыққан «Британия тарихы» еңбегінде жазды, аңыз болғандықтан бірнеше нұсқалары бар, Шекспирден бұрын авторлары бар бірнеше пьесалар жазылып, сахнаға қойылған.
Шекспирдің «Король Лир» драмасы, оның атақты «Гамлет» трагедиясымен бірге трагедиялық драмалардың шыңы саналады, өйткені Шекспирдің аталған драмаларында билік мәселесі, отбасы тағдыры, әлеуметтік қатынастар көтеріліп, арсыздық пен сатқындық әшекерленеді, драманың өне бойы кейіпкерлердің қайғы-қасіретіне, ішкі күйзелістеріне толы, әлеуметтік – философиялық драмалар қатарындағы «Король Лир» кеңдігі және ғаламдық ауқымдылығымен ерекшеленеді.
Сонымен, Толстойды қысқа жеткізсек, Шекспирдің «қателіктерін» бір сөзбен айтсақ, Шекспирдің кейіпкерлері бірімен бірі ұқсас келеді, шетінен кекшіл жандар, өмірлері үнемі қайғы қасыретке, күйзеліске толы, олар өліп тынады, кейіпкерлері ішінде білімінің тереңдігімен және ұмтылыстарының биіктігімен адамдарды рухани ағартатын бірде-бір данагөй адам жоқ, бақытты адамдар мүлдем көрінбейді, бақытты өмір, бақытты махаббат жоқ екен.
Толстойтанушылар Ясная Полянадағы Толстойдың жеке кітапханасында Лев Николаевичтің өзінің қолымен белгі қойған Шекспирдің ежелгі ағылшын тілінде жазылған шығармалары сақталғанын және олар осы күнге дейін әлі зерттелмегенін айтады.
Шекспир Ресейде алғаш рет ақын А.П. Сумароковтың «Өлең Эпистолында» (1748) аталады. Шекспирдің еуропалық романтикалық табынуы 19 - ғасырдың басында Ресейге де енді. Шекспирдің шығармашылығына А. А.Бестужев, К. Ф. Рылеев, В. К. Кюхельбекер, А. С. Грибоедов, А.С.Пушкин, И.С.Тургенев, Н.С.Лесков және басқалары жүгінді.
Дегенмен Лев Николаевичтің 80 беттен тұратын сын очеркінің басты мақсаты еуропада кең жайылған Шекспирге табынушылыққа қарсы тосқауыл қою еді, оның драмалары көрермендер мен оқырмандарға пайдасынан гөрі зияны туралы жазып, жазушылар мен драматургтердің Шекспирге еліктеушілігінен арылуға ықпал ету болатын.
Лев Толстой: «Шекспир қолданатын және біздің заманымыздың жазушыларын оған еліктеуге мәжбүр ететін ұлы, данышпан жазушының сөзсіз даңқы оқырмандар мен көрермендердің өздерінің эстетикалық және этикалық түсініктерін бұрмалап, Шекспирдің шығармаларында жоқ қадір-қасиеттерді табуға ізденістері кез-келген жалғандық сияқты үлкен жамандық» деп жазады.
Әдеби сын соңында Лев Николаевич: «Сондықтанда, адамдар Шекспирді жалған мақтаудан неғұрлым тезірек арылса, соғұрлым оларға жақсы болады деп ойлаймын.
Мұны түсінгеннен кейін олар қазіргі заманғы драманың жаңа формасын, діни сананың жоғары деңгейіндегі адамдарды түсінуге қызмет ететін драманы дамытуы керек;
Екіншіден, адамдар бұл сиқырдан арылып, Шекспир мен оның еліктеушілерінің тек ойын-сауық пен көрермендердің көңілін көтеруді мақсат ететінін түсінуі керек, оның өнегесіз шығармалары өмірде адамдарды үйрете алмайтынын, оларға ұстаз бола алмайтынын және өмір туралы ілім, нағыз діни драма болмайынша, басқа көздерден іздеу керек екенін түсінеді»,- деп қорытады.
Толстойдың осынау шығармасы атақты «Арылудан» кейінгі оның дүниетанымындағы өзгерістерді көрсеткен туындылардың бірі болды, 1870-1890 жылдардан кейінгі әлеуметтік, этикалық ілімдерімен тікелей байланысты Толстойдың христиандық діни өмірге көшкен 75 жасында жазылды, сондықтанда моралдық тұрғыда Толстой ұлы Шекспирді діни емес, бейтарап идеологияның бір бөлігі ретінде қабылдамады.
Ағылшын ұлы ақыны Шекспир өзінің театры үшін өлең түріндегі пьесалар жазды, оны өзінің әртістерімен өзінің театры сахнасында қойды, өзіңіз білетіндей, пьеса кейіпкерлердің қысқа және нақты әрекеттері мен диалогтарынан тұрады. Пьесадағы ең басты мәселе қызықты оқиғаны көрсету, яғни не трагедия не комедия немесе екеуі қосылып трагикомедия болуы мүмкін, басқаша болуы мүмкін емес.
Ұлы кемеңгер Лев Толстой болса прозалық шығармалар жазды. Проза мәтіні әрдайым кейіпкерлерді сөйлету арқылы олардың ойын, ішкі толғанысын, сезімдерін, көңіл-күйін жазып, жазушы оларға сипаттамалар берді, оны оқырманы оқып сезінді.
Әрине мұны Толстой білмеді емес, жақсы білді, дегенмен Шекспирге қатысты өзінің көзғарасын білдірді.
Ал британ жазушысы, публицист Джордж Оруэлл 1947 жылғы наурыз айында «Полемика» журналының №7 санында жарияланған Толстойға жазған хатында, екі ұлы суреткер арасындағы араздыққа нүкте қойғандай: «Менің ойымша Шекспирге «кінәлі емес» деген үкім шығарар едім, кез келген басқа жазушы сияқты, Шекспирде ерте ме, кеш ұмытылады, оған енді бұдан ауыр айып тағылуы екіталай. Толстой, бәлкім, өз заманының ең әйгілі жазушысы әрі мықты сыншысы шығар, бірақ ол өзінің барлық қаһарын Шекспирге төкті, барлық зеңбіректерден атқылады. Нәтижесі қандай? Қырық жылдан кейін Шекспир сол күйінде, бүлінбеген, ештеңесі кеткен жоқ, бізбен бірге, Шекспирді жою әрекетінен сарғайған мақала беттері ғана қалды, егер осы мақаланы «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренина» авторы жазбаса оны ешкім оқымас та еді» дейді.
Шекспирден жиырма ғасыр бұрын өмір сүрген философ Аристотель «Поэтика» еңбегінде көркем әдебиетке теориялық анықтама берген жоқ, нақты айтқанда, ол кезде көп жанрлы көркем әдебиет атауымен болған емес, Аристотель поэтикалық өнер саналатын лирикаға, эпосқа және трагедия мен комедияға анықтама беріп, сахнада көрсетілетіні, жағымды және жағымсыз кейіпкерлер суреттелетіні туралы жазды, ал әдебиеттің дамуы барысында Шекспирдің пьесалары көркем әдебиеттің классикалық стандарттарына айналды, әрине, мұнымен келіспеуге бізде шама жоқ.
Бір кезде Лев Николаевич Чеховқа оның пьесалары өзінің жек көретін Шекспирдікінен де нашар екенін айтады. Алайда Антон Павлович кемеңгердің ескертуін мақтау ретінде қабылдайды, өйткені Толстой Чеховты өте жақсы көрді, мүмкін Толстой Шекспирге қатысты шын козғарасын осылай жасырған шығар, тек ол мұнысын ешқашанда мойындамады, - дейді толстойтанушылар.
Лев Николаевич Толстой өнерге, әдебиетке өте биік талаптар қойды, оның өзгеруіне, дамуына көп еңбек сіңірді, қандай болмасын өнер туындысы адам үшін, оның өмірі үшін маңызды болғанда ғана солғұрлым жоғары болатыны туралы жиі жазды, әрқашанда өмірден мән іздеп өмір сүрген ұлы кемеңгер бұл жолы да өзінің алған бетінен қайтпады.
Салауат Кәрім
Бөлісу: