Сұраған Рахметұлымен кездесу кеші өтті

Бөлісу:

21.10.2022 2172

 

Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы ақын Сұраған Рахметұлымен кездесу кешін ұйымдастырды. Әдеби кешке «Тағамтану» колледжінің бір топ студенттері,  түрколог ғалым, бітік тастың білгірі Қаржаубай Сартқожаұлы, ақын Ұларбек Дәлейұлы, Ербол Бейілхан, Батырхан Сәрсенхан, Айдана Қайсарбекқызы, алаштанушы, дәстүрлі әндерді орындаушы өнерпаз, ақын Ықылас Ожайұлы, Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін салушы Құрмақан Мұхаммеди ағамыздың ұлы Бақытбол Берімбай, экономист Қуандық Жаппархан, «Егемен Қазақстан» басылымының аға тілшісі Бекен Қайрат сынды аға-іні қарындастары қатысты. 

Сұраған Рахметұлы 1958 жылы, 22 қазанда Моңғолияның Баян Өлгий аймағында дүниеге келген. Моңғолияның Әскери-саяси институында жоғары білім алған. Тарих ғылымдарының кандидаты: «Моңғолия мен Қытайды мекендеген қазақтардың саяси өмірінің тарихы» атты тақырыпта ғылыми диссертация қорғаған. «Жұлдыздың лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз» жыр жинақтарының, бірнеше тарихи-әдеби монографиялық еңбектердің авторы. Моңғол ақыны Б.Лхагвасүрэннің «Іштен шыққан шұбар жылан» кітабын, және Қытайдың Мацуо Баше, Мацока Сики, француз ақындары Шарль Бодлер, Стефан Маллерме, Поль Верлен, Артюр Рембо, Гийом Апполинер, америкалық Эмили Дикинсон, аргентиналық Хорхе Лис Борхестің өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған. Публицистикалық көркем шығармалары үшін Моңғолия Жазушылар Одағының сыйлығына ие болған. 

Кеш барысы еркін форматта өтті. Қаламгер студенттердің қойған сұрақтарына барынша ашық, шынайы жауап беруге тырысты. Әдебиет әлеміне қалай келгенін айтып, өз естеліктерінен сыр шертті. Ақын өзінің ең алғаш «Зауал» өлеңін жазғанда, Қаржаубай Сартқожаұлы: «Ақындықтан абырой таппайсың»,-деген екен. Әйткенмен, ақын болып туып, ақын болып өмір сүрген Сұраған Рахметұлы өзінің бақыты мен қуаныш әдебиеттен тапқан. «Әдебиетті – ардың ісі» деп білетін қаламгер рухани болмысының байлығын ақшаға айырбастамаған. «Бұл жолды таңдауыма ешкім кедергі келтірмеді және ешқашан өкінген жоқпын»,- дейді. Дөңгелек үстел барысында «әдебиетті оқу немесе оқымау мәселесі» сұрақ ретінде қойылды. Сұрағаң бұл сұраққа: 

«Ақын болу – шарт емес. Жапония деген кішкентай ғана аралда өмір сүретін мемлекетті бәріңіз білесіздер. Өлеңдерінің өзі бір қызық. Мацуо Баше деген жапон ақыны он алты жол хайку өлеңімен дүниені дүр сілкіндірген. Әр өлеңі үш-ақ тармақтан тұрады. Осы өлеңдерді оқып отырып, таң қаласың. Біздің қазақ әдебиетінде үш жол өлеңіңіз тіске сызық болмайды. Мацуонің он алты жол өлеңі тұрмақ, «Қобыланды», «Манас батыр», «Алпамыс» батыр жырларын сол қалпымен жаттап алған қазақпыз ғой. Ол атамның шапаны құсаған өте үлкен жыр мен кеңістік. Ақынына жарнама жасайтын мейірімді мемлекеті, қайырымды үкіметі болуы тиіс. Жапонияда ақынның өлеңін таныту үшін ең керемет аудармашыларды жалдап, ақша төлейді. Ол ақынның шығармашылығын алты миллиард адам өмір сүретін әлемнің кемінде 2-3 миллиарды оқитын деңгейге әкеледі. Кеңестік кеңістікте қамалып қалған кішкентай ел ретінде осы деңгейге шыға алмай тұрғанымыз болмаса, біздің әдеби үдерісіміздың, тарихымыздың, поэзиямыздың болашағы өте зор. Сондықтан қазақ жастарынан көп оқуды талап етуіміз керек.»,-деп өзінің мәйекті мысалын келтірді. 

Күлтегін мен Тоныкөк, Білге қаған жазбаларын ана тілімізге аударуға көп септескен түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы, ұлт жанашыры, бітік тастың білгірі атағын алған Қаржаубай Сартқожаұлы: 

«Әуелде ақын болайын деп ойладым мен де. Қыздарға арнап өлең жаздым. Жас болдық. Байқап отырсам, менде таланттың жоғын байқадым. Себебі, ұшып бара жатқан торғайдың сезімі мен түйсігін дереу қабылдап ала алмайды екем. Бір шөптің, бұлақтың сылдырының өзінен әсер ала алмадым. Мүмкін, ол торғай жылап бара жатқан шығар?..Сосын, әңгіме жаздым. Әңгімелерім жақсы шықты. Повесть жаздым, ол да жақсы шықты. Жас кезімізде басымызды тауға да, тасқа да ұрдық. Ананы-мынаны шұқыланып жүрген кезде ғылымға кетіп қалдым. Себебі, мен кішкене ұлтшылдау қазақ едім. «Дүниенің төрт бұрышын алды-ау кәпір, келешекте не болар тағдырымыз» деп ойладым... Апам да: «Ой қарғам-ай, сен не білесің? Сенде Отан жоқ қой»-деуші еді. Осы сөзді естігенімде біреу төбемнен салқын су құйып жіберген болды. «Менің Отаным қайда» - деп бір күрсініп алдым да, орыс ұлты отарлаған ұлы далама қарадым. Басында темір ноқта. Басында кендір ноқтасы бар Шығыс Түркістандағы керейлерге бір қарадым. Бұл ноқта үзілмейді, су тиген сайын қысады. Апам: «Сенің басыңда жүн ноқта. Күніне жеті рет үзіп, жеті рет жалғайсың»,-деді. Апам найманның қызы еді. Ауылымыздың сыртында тас мүсіндер сақталған. Сол тастардың құпиясына қызығып жүріп, тарихқа келдім. Сонымен, әдебиеттен жұрдай болдық. Ақынның тағдыры ауыр. Өз жүрегінде ұлттың тағдырын алып жүреді. Үнемі ойда, үнемі мұң мен қайғыда... Ақындар қуанғанда асып төгіледі. Атлант мұхиты «мұхит» болмай қалады. Жер мен көктің арасы аласарады. Мен кейде ақындарды бақсыға ұқсатамын. Кейде дұрыс келе жатып, бұрыс кетеді. Асай-мүсей. Жорға деген ат бар. Орыстар бұл атты «теріс жүрісті ауру ат»,-дейді. Ақындар да сондай. Ақынның жүрегі мәңгі жаратылған. Құдай берген талантты халқыңыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жолға арнаңыз» - деп ұлт пен ақынның тағдыры жайлы салиқалы ой-көзқарасын салмақтап ортаға салды.

Сұраған Рахметұлы жиын барысында ақын мен саясаттың ара-қатынасы жайлы біраз ой қозғады. Абайдың өзі болыс болғандығын, ақын-жазушылардың көбі ел басқарғанын, саясатпен шұғылданғанын тілге тиек етті. Бірақ, ақынның саясатқа жолауға болмайтын, арамдығы мен күрделі тұсы барын, осыған келгенде поэзия мен саясаттың басы бір қазанда қайнамайтынын, қабыспайтынын да жасырмады. Соның салдарынан 1964 жылы туған ішкі бұлқынысы ғажайып  қытай ақыны Хайзының саясатқа қарсы шығып, 1989 жылы өзін пойыз астына бастырып ажал құшқанын мысал қылды. Қазіргі Қытай үкіметі күні бүгінге дейін Хайзының өлеңдерін баспадан шығармайды екен. Ақын саяси қырынан алғанда 1986 жылғы оқиғадан соң ғана ұлтымыз өз-өзін танып, «мен кіммін» деген сұраққа жауап іздей бастағанын айтты. 

Тақырып таңдау ішкі танымыңа, ішкі тағылымыңа қатысты дүние дейді ақын. Қаламгер кеш барысында өткен жылы толқып жазған бір өлеңін оқып берді. Бұл жыры еш жинаққа енбеген. Әсерлі. Жадымызда қалған сол жыры  былайша өріледі:

Сақшысындай қатыгез түрменің кең,

Баһадүрлік сеземін күндерімнен,

Атей дәуірін әдейі ат бауырына алып,

Ата тілек, ақ ниет інге кірген.

Түріме күлме, сойылған мүрдемін мен,

Байлауым тар бақилық күрмеуімде,

Бойым мыртық, енім тар, бетім тыртық,

Менің жыртық ойымнан күн көрінген.

Жүрегім мұз, жүзім сыз, тірі  денем,

Бірі өткелек жолымның, бірі кеден.

Фәни мәнін мәңгілік ұмытқам жоқ,

Зариналық әңгүдік рухтан боп,

Түнекке кеп тірелгем, түңіле бер.

Ассирия көгінен жұлдыз ағып,

Азияда шіріген жүз мың алып,

Египеттер жартасты сүзді барып, 

Тіресіп, сұм жауыздар өлген көлде,

Гүл өсіп тұр, құдырет, мұзды жарып.

Мына заман мамығы ақ қарғаның,

Адам сыңар, жер обыр, аспан залым.

Есігі ашық, о тоба ұжмақтың.

Тесік өкпе тексіздер тек тамұқта,

Ал мен болсам азырақ қызып аппын.

Кекшіл күннің көгінде қызыл аққу...

Алаштанушы, тәуелсіз журналист, ақын Ықылас Ожайұлы Сұрағаң жайлы ыстық лебізін былай білдірді:

«Менің жеке түсінігімде өнерде ұлт жоқ деп ойлаймын. Әулие Гете: «Ғарыштан бір сызық түсетін болса, ең әуелі ақынның кеудесіне, сосын барып жерге түседі»,-дейді. Адамды мақтаған өте ыңғайсыз нәрсе. Десе де, маған қазақ поэзиясында өз мектебін қалыптастыра білген Сұраған Рахметұлының шығармашылығы қатты ұнайды. Сөз зергері Таласбек ағам: «Өлген адамды көбірек мақтаймыз. Тірі адамды мақтауға оның әрекеті жібермейді»,-дейді. Сұрағамның интеллектуалды деңгейі өте биік қой. Көп оқыған. Сол оқыған дүниесін қазақ танымына жер сіңдірген. Қазақ сорпасында қайнатқан. Үлкен ойларды қазақша синтездеген. Шығармашылығында эстетикалық пайым бар. Ағамның өлеңдегі ең бір жоталы жаңалығы деп осыны айтқан болар едім. Біз де сіздің дарағыңыздан ұшқан торғаймыз. Өнердің өзі құрбандықпен ғана жасалады. Сіз сол құрбандыққа барған ақынсыз. Бізге кісілігіңізбен, шығармашылығыңызбен үлгісіз. Алтын басыңыз аман болғай!»

 

Кеш соңында оқырмандары Сұраған Рахметұлымен естелік суретке суретке түсті.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар