Тазалық символы немесе Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі хақында

Бөлісу:

27.10.2022 4077

Сайын Мұратбеков – қазақ әдебиеті тарихында ойып орын алған классик суреткер. Жазушы Қалихан Ысқақ ол жайында былай депті: «...Шағын жанрдың шебері атанған жазушы Сайын Мұратбековтың мықтылығы да сол, оқырманын самарқау қалдырмайтын. Бірге жетелейді, күрсіндіреді, күйіндіреді, қуандырады. Сонау қолға кітап алып, оқи бастаған шақта-ақ. Анау «Жабайы алма», «Басында Үшқараның», «Жусан иісі», «Менің қарындасым», тағы да басқа туындыларын бас алмай қайталап оқи беруші едім. Бөлек дүние-тұғын. Кейіннен КазГУ-дің журфагіне түскен соң бірнеше мәрте жазғандарымды Жазушылар одағына апарып жүріп, Сайын ағаны сұрастырғанмын. Ойым жақын танысу еді. Үлкен жазушыны көргім келген. Тіпті шығармаларындағы кейіпкерлер өмірде бар адамдар ма, жоқ, қиялдан туған жандар ма, соны да білгім келген. Бірақ ол кісімен кездесе алмадым… Бірақ Сайын Мұратбеков мен үшін жазуы бөлек, мықты қаламгер ретінде қала берген. Әлі де үйдегі сөреде тұрған кітаптардың ішінен ол кісінің жазғандарын құмарым қанбаған адамдай қайтадан отырып оқи беремін. Сонау алыста қалған ауылға қарай жетелеуші еді, Сайынның әңгімелері… Ауылды, жүйткіп өте шыққан бала дәуренді сағынушы едім…».

Қаламгер шығармашылығын талдай келе, ғалым Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Қылау» – табиғаттың түлеуін – жеңіл ғана көмкерілген ақша қарды білдіреді. Ал адамға қаратыла айтылғанда көңілдегі тазалықты, не жүрекке ерекше әсер қалдырған сезімді аңғартады. Сайын Мұратбековтың «Қылау» атты шағын да шырайлы, нәзік сезімге құрылған туындысы осы бір сөздің екі ұғымының тоғысуын, яғни табиғаттың жаңаруымен кішкентай Сатайдың ояна бастаған махаббатын, пән тілегін сыр ғып шертеді. Жарыстырмалы психологизм, табиғат пен адам тағдырын астастыра бейнелеу – әдебиетте ірге тепкен тәсіл. Дегенмен де «Қылаудағы» шендестірудің ерекшелігі өзгеше. Психологиялық параллелизмді қаламгерлер үлкен оқиғаны шегіне жеткізе отырып, оның күйреуімен не түлеуімен сабақтастыратын. Ал Сайын Мұратбеков домбыраның құлақ күйін қоңыр әуенге келтіріп, Сатайдың бір күнгі сезімін қылаулаған қармен шендестіре суреттейді. Өйткені Сатайдың оянған сезімі оның өміріндегі алғашқы құлпыруы, оның жүрегіндегі алғашқы із қалдырушы». 

Жазушыға жазудан оңай жұмыс болмас және тағдырын қаламмен байланыстырған қауымға ең бір қиыны да – жазу. Шабыты келген тұста оның  қаламы жүрдек те, ал шабытсыз кезде сөз таппай сандалған. Тарихта таңбаланып қалған классиктердің туындыларын парақтап отырғанда, өміршең жазбаларын олар оп-оңай жаза салғандай көрінетін кездер болады. Әйтсе де, әр сөзге он үңіліп мән беретінін ескерсек, жазушы үшін әрбір туындыны жазу алапат күш пен еңбекті талап етерін пайымдайсың. Образ бен сюжет, мінез қайшылықтарын соншалықты табиғи әрі дәл бере алу классик жазушыларға ғана тән. Классик деген сөздің салмағы тым ауыр әрі қымбат көрінгенімен, классик жазушылардың өмір жолына үңілгенде олардың тым қарапайым болғанына көз жетеді. Қазақ әдебиеті тарихында жазушы Сайын Мұратбековтың әрбір туындысы қайталап оқитын жауһар туындылар қатарынан орын алды. 

***

Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі ылғи да бала кезден жүрек түкпіріңде сақтап жүретін әдемі естеліктерді жадыңда жаңғыртады. Әрине, барлық бала дәл осы әңгімедегідей оқиғалармен қауышпауы мүмкін. Бірақ ауылда өскендер «Қылаудағы» сәттердің біреуі болмаса да, бірін бастан кешкені анық. Сатайдың таңғы ұйқысын қия алмай, көрпе астында әкесін «сөгетін» жерінің өзі соншалықты табиғи. 

«– Сатай-ау, таң атты ғой, тұрсаңшы енді. Ертерек барып алып қайтсаңшы шананы, – дейді және қайта-қайта айтады. «Әлі түн ортасы ғана ғой, таң атсын да...» – дегісі келеді Сатайдың. Дәл осы кезде қорадағы әтеш қанатын дүрсілдете қағып қойып, тамағы жыртылардай айқай салады: «Таң атып қалды-е-е...» дейтін сияқты. Маза беруші ме еді бұлар». 

Сатайдың ұйқыдан тұра алмай қиналған бейнесі шынайы ашылған. Сондықтан да әңгімедегі бастапқы жолдардың өзі оқырманды тартып әкететін әсерлі қуатқа ие. Шығарманы оқып отырып, бір кездері өзіңнің де тәтті ұйқыны қимаған сәтің еске түседі. Балалықтың бал дәмін қайта таттырған жазушы шеберлігіне тамсана түсесің. 

***

Сайын Мұратбеков шығармаларындағы көңіл аудартатын дүние – әсершілдік пен суреткерлік. Жазушы сезімталдығы оның әр оқиғаны әсерлі жеткізуінен аңғарылады. Ол сипаттап жазудан аулақ. Нағыз суреткерге тән шеберлікпен жанды оқиға мен бейнені көз алдыңызға әкеледі.

«Сатай көзін ашпастан самарқау ғана қимылдай бастады. Іңірде жағылған оттан кейін, түні бойы суық тартып кеткен үйдің іші қоңыр салқын. Көрпенің асты жып-жылы. Орындық үстіндегі киімдеріне қол созған. Киімдері сұп-суық, темірше қариды. «Брр... әй, дәл осы бүгін быт-шыт боп, шанақтарың шашылып, отқа жағылғыр, қу шана-ай... Қай уақыт болды екен?..» Көтеріліп төргі бұрышқа мойнын созды. Бірақ стол үстіндегі сағаттың тықылдап соққаны болмаса, тілі көрінер емес. Көрші-көлеңдегі қоралардан әтештердің байбалам сап шақырғаны жиілеп кетті. Бірінен-бірі қалысар емес: «Таң ат-ты-ы... таң атты-ы!..» деп шуылдасып-ақ жатыр. Сатай екі-үш рет жағы айырылып кетердей боп құшырлана тәтті есінеді».

Жазушы жас баланың жан әлемін ақтара қопарып, ішкі сезімдерін анық суреттеп жеткізеді. Бейне бір кездері өз басынан өткен оқиға іспетті. Сатайдың үй ішіндегі әрбір зат жанды бейнеде көрініс тапқан. Көрпе ішінен жаңа шыққан баланың сұп-суық киімді кигендегі дене тітіркенісіне дейін сезінесіз. Жазушы соның бәрін көзге елестетіп қана қоймайды, бастан өткендей сезіндіреді. Оқиғаның болғанына оқырманды сендіре алады. Сатаймен бірге жағымсыз күйді сіз де бастан кешесіз. 

Сатайды таң атпай ұйқысынан оятқан әке бір қарағанда қатыгез көрінуі мүмкін. Бірақ ауыл тіршілігінде барлық әке солай емес пе еді... Жазушы қатал әке бейнесін дәл суреттейді. Қазақ әуелден ұл баланы қамшыұстар деп босқа айтты дейсіз бе. Малы мен жанының мұрагері болғандықтан қазақ ұлға қатал. Сатайды да әкесі солай тәрбиелегенін алғашқы сөйлемнен-ақ ұғасыз. 

«Әкесі болса со жылы төсекте жатқан күйінде бір сарын жұмсақ үнмен бұған не істеу керектігін түсіндіруде: ең әуелі, тор дөненді суғарып алған жөн, сонан кейін қорадағы қамыт-саймандарды қарға тигізбей, шұбалтпай, рет-ретімен алып шығу керек; қамыт-саймандарды кеше ғана майлап қойған, қарға сүйретілмесін, су болады; айтпақшы, бел көтерме тартпаны ұмытып кетпегей, сонан соң «Тастөбедегі» шанаға жеткенше терлік тоқымды астына салып, мініп баруы керек, әйтпесе тақымын ойып алады... тағы басқа да осындай ақылдарын шұбырта тізіп айтып жатыр, айтып жатыр. «Ойылса тақым өзімдікі ғой, сіздікі емес», – дейді Сатай іштей қиястана қарсыласып. Тек іштей ғана солай дейді, естіртіп айта алмайды. Оған дәрмен қайда? Егер естіртіп айтар болса, әкесі жайымен ғана орнынан тұрар еді, көзі шарасынан шығып кәрлене шатынап, қалш-қалш етіп өз төсегінің тұсында ілулі тұрған сегіз өрім дырау қамшыны анау сіңірлері білемденген дәп-дәу қатты қолына алар еді де, сонсоң ешкімнің арашасына жол берместен мұның пәре-пәресін шығарар еді. Иә, солай, әкесі қиқаңдағанды көтермейді, баласын қиқаңдатпайды да». 

«Өзі жылы төсекте жатып, баланы жұмсаған неткен адам?!» деген де ой келеді. Бірақ жазушы оны Сатай секілді баланың ойымен ғана кінәлайды. Бір жағынан кінәлай отырып ақтап алады. Қаталдықтың артында «тәрбие» деген үлкен мән жатқанын түсінесіз. 

«– Әй, ана қара ішікті киіп ал, тоңасың, – деді». 

Көп сөйлемейтін әке қатал болғанымен, балаға деген мейірімі бір ауыз сөзден байқалады. Десе де, оқырман көкейінде қатал әке жас баланың жалғыз өзін қасқырлы ауылда қалайша алысқа жұмсайды деген де ой туады. Сатай жылқы үстінде келе жатып қасқыр туралы ойлайды. Бойын қорқыныш кернегенмен, оны елемеуге тырысады. Бәрінен қызығы, Сатай секілді жас баланың мазарат тұсынан өтіп бара жатып өлім жайында ойлауы. Өмір мен өлім жайлы пайымдауы Сатайдың ойшылдығын көрсетеді.  

«...Шіркін, адам өлмейтін болса. Әйтпесе, не ол... туасың, өмір сүресің, күндердің күнінде өлесің де қаласың, ал сонан кейін... сонан кейінгісін тіпті ойлағың да келмейді-ау, қандай қорқынышты. Жарық дүниені мүлдем... қайтып көрмейсің. Бар болсаң да мүлдем тып-типыл жоқ боласың... Қорқынышты-ақ...» Сатай өзі-өзінен көңілі жабырқап ауыр ойдан арылар емес. «Шіркін, үлкендер айтатын о дүние деген бар бола қалса, қандай тамаша! Бұ дүниеден өлесің де о дүниеде тағы да өмір сүресің. Тұрасың, жүресің, жұмыс істейсің. Қандай тамаша болар еді!.. Жоқ қой, әттең, жоқ қой. Ең аяғы заман ақыр дегені де бар болсайшы. Мың жыл өткеннен кейін жер бетіне – жарық дүниеге бір минутқа ғана басыңды қылтитып қарайтын болсаң. О, қандай ғажап десеңші. Мейлі, тауы қаңбақтай, тасы бұршақтай боп, топан суы қаптап-ақ жатсын, тек осы жарық дүниені бір көрсең болады ғой...».

Сатайдың ішкі ойы – фәни мен бақи туралы философиялық толғам. Бұдан жазушы Сайынның да көзқарасын көреміз. Жарық дүние жайындағы толғанысын түсінеміз. Жазушы кейде адам баласы мән бере бермейтін жайды  Сатай секілді таза болмысты баланың аузына салып береді. 

***

«Қылау» әңгімесінде кейіпкерлер көп емес. Негізгі кейіпкер – Сатай. Жол ортасында қосылатын Рабиға бейнесі де шығармада маңызды орын алады. Балалық тазалық, мөлдір сезімдер осы екі кейіпкердің кездескен тұсында ашылған. 

«– Қайда барасың?

– Бірлікке, – деді қыз.

– Мен Қостөбеге барам. Айырық жолға дейін отырам десең отыр.

Қыз шананың арт жағынан кеп тізерлей отырды. Тоңған болуы керек, бет-аузы көкпеңбек. Жұқа пальтосынан бүкіл өне бойының діріл қаққаны байқалады. Аяғында етік екен.

– Мә, ішікті жамылып отыр, – деп қойды Сатай. – Әбден тоңыпсың ғой өзің».

         Сатайдың өзін жігіт сезініп, қызға ішікті берген тұсы табиғи әрі шынайы. Бұдан оның тәрбиесі де көрінеді. Әкесі оны шынында да нағыз ер азамат қып тәрбиелеген екен деген ой келеді. Әйтпесе, өзі тоңып отырып, басқаға ішікті бермеуші еді ғой. 

         Сатай мен Рабиғаның диалогынан алғашқы балаң сезімдердің пайда болған тұсын көреміз. 

«– Мен де жетіншідемін. Ал жетінші класта шаш жібертпеу масқара емес пе? Атың кім?

– Рабиға.

– Атың жақсы екен. Менің атым Сатай. Өзің берірек отырсаңшы, бері, мен жеп қоймаймын. Желге кеулетпей ішікті түймелеп ал, сонда тез жылынасың. Тоқта, мен жағаңды көтерейін. Әп, міне, енді сені Сібірдің аязы да алмайды. Қане, бері қарашы маған, өзің керемет сұлу қыз екенсің, Рабиға. Қыз суық қарығаннан бетер қып-қызыл боп қызарып кетті. Бетін теріс бұрып:

– Өзің ұялмайсың ғой тақылдап. Адамның өзіне сен сондай екенсің деп айтуға бола ма екен, – деді ренішті үнмен күңкілдей сөйлеп. Сатайдың өзі де қысылып қалды».

Сатайдың әрнәрсені айтып мақтанған тұсын ақтап аласыз. Бәрі табиғи. Рабиғаға өзін зор қып көрсету үшін ол жол бойында мақтанумен болады. Тіпті жолда қасқырды кездестіргенде де өзін жыртқыш аңнан қорықпайтындай көрсетуге тырысады. Өзін бұрыннан қасқырды көріп жүрген адамша ұстайды.

«– Ай-ау, айт! – деп есі кеткен Сатай шананың үстінен ыршып түсіп қала жаздап айқайлады.

Бөрі біраз жер бүлкілдеп барып, бұларға немкетті қарап қойып, шоқайып отырды. Ойына ештеңе кіріп шығатын емес, тіпті маңғаз.

– Ай-ау, айт! Айт!.. Уида, күшігім, кә-кә! Айт, айт!

– Сатай, қойшы. Бізге қарай жүгіріп пәле қылар.

– Немене! Қорқасың ба?

– Қорықпағанда». 

Сатай қасқырды талай рет кездестіргендей өтірік айтып жібергенін байқамай да қалады. Рабиғаның алдында ерлік жасап жатқандай сезінеді. Шын мәнінде, ол қасқырдан қорқатын. 

Рабиға мен Сатайдың диалогында балалардың шынайы табиғаты ашылған. Кейіпкерлердің әрекеттері арқылы жазушы олардың болмысын көрсетеді. Өмірде адамгершілік, сүйіспеншілік, махаббат сезімдері басты орында тұрғанын жеткізеді. Жас болса да Сатайдың адамгершілігіне сүйсінесіз. Жолайрығында басқа ауылға баратындықтан түсіп қалған Рабиға өз жолымен кетеді. Жеткізіп салуды қалаған Сатайға қыз рақметін айтып, қоштасады. Ал одан кейінгі Сатайдың ішкі ойы, қызды уайымдап қобалжуы оқырманды баурап алады. Оның бүкіл сезімдері шынайы, табиғи, қылаусыз суреттелген. Сатайдың қардай таза көңілі, адамгершілік болмысы биік тұр. Рабиғаны жолайрығында тастап кеткен соң, жарты жолда Сатай ойға батады. Жол бойында көрген қасқыр да оған маза бермейді. Аш қасқыр қызға қайта кездессе не болады деген уайыммен артқа кері бұрылады. Рабиғаның соңынан ауылына дейін іздеп барады. Қыз үйіне аман жеткенін көргеннен кейін ғана өз жолымен кері қайтады. 

***

Қылау – ұшқындап түсетін жұқалаң ұлпа қар. «Қылау» әңгімесінде қардай таза болмысты көресіз. Жазушы Сайын Мұратбеков Сатайдың қылаусыз таза көңілін оқырманға осы әңгімесі арқылы шебер жеткізеді. Бәлкім, сол үшін де бұл әңгіме солшалықты табиғи, шынайы, әсершіл шығар? Оқырман алғашқы сөйлемнен-ақ тазалықты сезінеді. Сатай секілді кейіпкердің кіршіксіз болмысына дән риза болады. Сатай – қазақ әдебиетіндегі үздік бейнелердің бірі. Әңгімені оқыған әрбір жанның көңілінде сақталып қалатын бейне. Тазалық пен пәктіктің символы.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар