Әдебиетшілерге интеллектуалдық ермек керек

Бөлісу:

02.11.2022 3023

Әдеби клубтар керек не керек емес деп біржақты айту қиын. Әдебиет бәріне бірдей керек, бәрі бірдей оны қажетсінеді деген пайым жасаудан аулақпыз, өйткені әдебиетті азшылықтың ғана шындап керексінетінін көріп жүрміз. Дегенмен, көркем әдебиеттің адамның жеке басының дамуы үшін аса қажет екенін де ешкім жоққа шығара алмас. Тіпті әдебиетсіз де бірдеңе қыламыз десең де оны толыққанды деуге болмас деп ойлаймыз. Өйткені, әдебиет дегеніміз мәдениет. Өмірде ол туралы әңгіме болмаса қандай жұпыны болар еді? Ал әдеби клубтар болып, тұрақты жұмыс істеп тұрса ол жерде жақсы кітап, автор идеясы, адам жанының сан қыры, әдеби кеңістік, оның мүмкіндіктері туралы айтылары анық. Сондықтан, бұл тек әдебиетті жақсы көретіндер үшін ғана қызықты тақырып болмақ. 

ӘДЕБИ САЛОНДАР

Ақын-жазушылары бас қосып, пікірлесіп, әдеби, саяси әңгіме айтылып, шығармаларын оқитын әдеби салондар француздарда болғаны белгілі (салон деген итальяндардың «қонақ қабылдайтын зал» деген сөзінен шыққан). Ол замандарда (XIV Людовик  заманы) руэллияя яғни жатын бөлмеде әдеби кештер өтетін болыпты. Айталық, бір дворян өзінің кереуетінде жатып алып, жақын достарын қабылдап, оларды отырғызып, әдебиет жайында әңгіме-дүкен құрады. Бұны кейде үйірме сияқты, негізінен аристократ әйелдер немесе буржуазияның бір өкілі, кейде тіпті куртизанкалар да ұйымдастыратын болған. Ұйымдастырушы адам қаншалықты беделді, танымал болса, әдеби салон да сондай танымалдыққа жеткен. Ал Ресейдегі  әдеби салондардың орыс мәдениетіне не бергені  туралы жазылған мақалалар жетерлік. Мұндай әдеби салондар негізінен он тоғызыншы ғасырда Петербургте болған. Ол заманда Белинский Достоевскийге барып, олар Өнер үйінің асүйінде әдеби кештер өткізетін болған. Карамзиннің салонында Анна Ахматова, Осип Мандельштам, Сергей Городецкий бір-біріне жаңа өлеңдерін оқып, талқылап... осылайша акмеистер үйірмесі пайда болған. Атақты тарихшының тірі кезінде танымал болған бұл салон оның өзі қайтыс болып, жесірі Катерина Андреевнаға қалған кезде гүлденген деседі. Заманында Пушкин, Жуковский, Баратынский, Глинка, Тютчев, Тургеневтер осында бас қосқан. Гоголь «Өлі адамдарын», Лермонтов «Демонды»  алғаш осы әдеби салонда оқыған дейді. Сол кезде «бұл орынға отырмаңыз, бұл кресло Пушкиндікі» дейтін болған. «орыс қоғамының ең білімді, мәдениетті бөлігі Е.Карамзиннің қарапайым салонында жиырма жылдай уақыт бойы жиналып отырды» деп Тютчев естелік жазыпты. Ал сыншы И.Панаев «осы жоғарғы ортадан әдеби танымал болу үшін Карамзиннің жесірінің салонына тап болу маңызды еді – өйткені ол жерде әдеби таланттарға диплом берілетін» депті,  ал, сізге керек болса! Пушкин, Вяземскийлер Голицынаның әдеби  салонында да бас қосқан, мысалы, 1810 жылдары болашақ декабристер жиналып, конституция жобасын жасаған. Бірақ Волконская Зинаида бұл қалыптасқан ережені бұзып, өзінің сәулетті үйіне ақындарды ғана емес, офицерлерді де жинаған. Бұл тізім Пушкин, Вяземский, Жуковский, Баратынский, Чаадаев, Мицкевич... деп кете береді. Волконская сегіз тіл білген ,өзі шығармашылықпен айналысқан, музыка шығарып, археологиямен де әуестенген, итальяндық операдан үзінділер де шырқап отырған. Сонымен бірге 1911 жылы Н.Гумилев те Мурузи үйінде «Ақындар цехы» деп аталатын әдеби студия ашыпты. Мұның бәрін айтып отырғанымыз – орыстар Францияда он жетінші ғасырда пайда болған әдеби салон үлгісін сол күйі көшіріп алу арқылы өздерін рухани-мәдени жағынан көтеріп отырған. Он сегізінші ғасырдың соңында пайда болып, он тоғызыншы ғасырдың алғашқы отыз жылына дейін қарқынды жұмыс істеген салон деген сөз кейін жиіркенішті мағына беретіндей деңгейге түскен. 

 

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ «АЛҚАСЫ»

Зерттеуші Абай Мырзағали ұсынған дерекке қарағанда «Қазақ» газетінің 1914 жылғы санында Семейде әдебиет кеші өткені туралы ақпарат берілген. Мақалада «Қазақ» тілшісі: «26-ншы инуарда Семейде Народни думада жағрафиа жамиғатының әдебиет кеші болды. Бұл кеште халық аса көп болып үйге сыймағандықтан бірсыпыра адамдар кіре алмады. Барған халықтың көбі мұсылман еді, көбірегі қазақ. Ол күн атақты ақынымыз марқұм Абай Құнанбайұғылының турасында баяндама оқылады деген хабар халық арасында бұрынырақ таралған себепті, жұрт ол күнді асыққандай күтіп тұрды. Баяндаманы Назипа ханым (Құлжанов жамағаты) орысша оқыды» дей келіп, кезінде Абайдың қасында жүрген Әлмұхамед атты жігіттің домбырамен «Татьянанның хатын» айтып, күй шерткенін, бақсы Белгібай қарттың жын шақырып, қобыз тартып, өнер көрсеткенін айта келіп, «бұл бір тамаша кеш болды» деп бағалапты. Таңырқап, тамсанып жазыпты. Көшіп жүрген қазақ ортасында мұндай жиындардың сирек болғанын осыдан байқауға болатын шығар. 

Ол заманда бізде әдеби жиындар болды ма дегеннің жауабын іштей шамалап тұрсақ та, ғалымның сөзінің салмағы бар деп профессор Айгүл Ісмақоваға хабарластық. «Бізде «Алқа» болды. 1925 жылы бұл туралы қазақ зиялылары бәрі білді. Бұл сол кездегі ұлтжанды қазақ қаламгерлері ұсынған бағдарлама болатын. Бұл сол кезде қазақ ақын-жазушыларының басын біріктіре отырып, қазақтың ұлттық әдебиетінің табиғи түрде дамуын көздеген ұйым еді, 1929 жылы Алаш қайраткерлері жаппай ұсталып жатады, оған «Алқаның» да себебі болған» деді ғалым. 

«Алқа» туралы Диқан Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» зерттеуінде де айтылады. Бес бөлімнен тұратын «Алқаның» айқындамасын оқыған кезде осы ұйымды құрушылар яғни сол замандағы әрқайсысы қазақ үшін тер төгуді өзіне міндет санап, ағартушылық бағытта еңбектеніп, оқулық жазған зиялыларымыздың қазақ әдебиетін қайтсек дамытамыз? деп шын алаңдағанын, қайтсек осы елге пайдамыз тиеді дегенге бас ауыртқанын көреміз. Сонымен бірге ұлт әдебиетіндегі Абайдың орны, елшілдік мәселесі де айтылады. Біз бұл жерде «Алқа» айқындамасын кім жазды дегенге тоқталмаймыз, өйткені, мағжантанушы Ш. Елеукенов оның авторы Мағжан деп көрсетсе, Д.Қамзабекұлы оны тек Мағжан емес, Алаш зиялылары бірігіп жазды дейді. Мәселе онда емес, мәселе – «Алқаның» мақсаты биік болғандығында, Алаш мұраты жолындағы ақын-жазушыларды біріктіре алғандығында. Рас, әртүрлі кедергілерге байланысты «Алқаның» айқындамасы баспасөзде жарық көре алмаған, бірақ, көшбасшылар ондағы айтылған идеяларды көзі ашық азаматтарға әртүрлі мақалалары мен еңбектері арқылы таратып жеткізіп отырған. Осылайша «Алаш» зиялыларының өзара хат жазысу арқылы әдебиет мәселелерін талқылап, оның кәсіби әдебиетке айналуы үшін қалай ізденгенін байқауға болады. «Қазақ елі, Еуропа мəдениеті көзімен қарағанда, мəдениет қоры, əдебиет қоры жоқ кедей ел болғандықтан, біздің жазушыларымыз не əскерлік, не азаматтық міндетін ұмытып, құр ақындыққа қамалып қалуы мүмкін, əсіресе, ақындық міндетін біле алмай, жалпы айқайдың екпінімен кетуі мүмкін. Адабиятты – айқай ғана деп, ақындықты – үгіт-насихат қана деп ұғуы [мүмкін]. Мысалы, адабият – не діншілдік «Бəдуамы», не дінсіздік «Бəдуамы», əйтеуір, «Бəдуам» ғана деп ұғынуы мүмкін. Үлгі боларлық орыс əдебиетінің түрлі тарауының тұрақсыз бір тарауына, не барса келмесіне, не ұзамай құрып кететін сиырдың шұбырындысына түсіп кетуі мүмкін. Осы мүмкіндіктердің шет пұшпағын көріп, адабият қазанының бір құлағына жармасып жүрген біз, тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегі пікірлерді ортаға салуды өзіміздің борышымыз деп білдік.» деген жерлері бүгінгі күні де көкейтестілігін жоғалтпай отырған пікір дер едік. 

 

ӘДЕБИЕТ ОРТАЛЫҚТАРЫ КӨПТІК ЕТПЕЙДІ

Әлбетте, көркем шығармаларды насихаттап, шығармашыл жастарды таныстыруда кітапханалардың ролі баяғыдай жоғары. Дегенмен, әдеби клубтар, орталықтар, бірлестіктер көбірек жұмыс істесе, өсіп келе жатқан жеткіншектер мен жастарды қызықтыра білсе дейміз ғой, баяғы. Ол деген елдің бәрі кәсіп іздеп, ақша қуып кеткен, ата-ана баласының қазақша кітап оқығанын емес, шет тілін меңгеріп, техникаға әуестенгенін қалайтын қоғамда жастарды болымсыз іске шақырғандық емес, руханияттың нәрінсіз ұлт болып мұратқа жетеміз деу қисынсыз болар еді. Қалай болғанда да көркем әдебиет тек қана ізгілікті айтады. Әрине, Астанадағы әдеби клубтар, олардың істеп жатқан жұмыстары жайында ептеп хабарымыз бар. Дегенмен, қазақ жастары орыс тілінде жауаптасуды құп көретін, қазақ дүниесінен алыстап бара жатқан осы кезеңде әдебиет клубтарының болуы маңызды, әсіресе, көрші елдермен шекаралас облыстардан ашылса дұрыс болар еді. Өңірлердегі, облыстарда бұл бағыттар қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын білмек болдық. Себебі, осыдан бес жыл бұрынғымен салыстырғанда өзіміздің көп өзгергенімізді байқап та жүрміз. Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыда өздерін «Кітап маньяктары» атаған клуб мүшелерінің бас қосқан сайын оқыған кітаптарын талдайтын жақсы әдеттері болыпты. Бірақ, бүгінде осы клубтар туралы сұрастырып көргенімізбен, ештеңе біле алмадық. Бір қызығы осыдан бес жыл бұрын Астананың өзінде «Книжный герой», «Перо», «Да винчи» атты бірнеше әдеби клубтар болыпты, бірақ қазір олар да жұмыс істемейді екен. Мұндай жұмыстар неге жалғаспай қалды, не кедергі болды? деген сұрақ ойда қалды, әлде пандемия әсер етті ме... Осыдан бірер жыл бұрын Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанынан «Janr» атты Жетісу әдеби клубы құрылғанынан хабардар едік. Бұл клуб жақсы бастамаларымен есте қалған, тіпті басқа жақтағы ақын-жазушылардың да қызығушылығын тудырған болатын.  Әрине, бұл деген әдебиетті насихаттау бағытындағы іс-шаралар тоқтады деген сөз емес, бұл бағыттағы жұмыстар кейде жазушылар одағы филиалы арқылы не мәдениет басқармалары арқылы жүріп жататынын білдік. Дегенмен, таза әдеби клубтар не орталықтар болса оң болар еді. Әдебиеттің келешегі үшін.

 

ОРАЛДАҒЫ ҚАДЫР ОРТАЛЫҒЫ

Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ашылуы Оралда үлкен жаңалық болып еді, ашылғанына жеті жыл ғана уақыт болған орталық бұл күндері республикаға танымал. Көптеген мәдени іс-шаралардан бөлек ақын-жазушылар шығармашылығын насихаттау бағытындағы жұмыстары туралы әлеуметтік желіден де естіп-біліп отырмыз. Қаланың жаңа бөлігінен бой көтерген орталыққа барсаңыз, алдымен Қадыр ақынның ескерткіші қарсы алады. Ескерткіш авторларының (Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері Ринат Әбенов, Ербол Зиябеков, Ибрагим Айденов) ақынның болмысын беруде әжептәуір еңбектенгені көрінеді. 

Қадыр орталығының сән-салтанаты келіскен ғимараты 2015 жылдың 27 маусымында ашылған. Жобасын халықаралық архитектура Академиясының архитекторы Бөкебай Саматбек сызған ғимаратта 1125 орындық амфитеатр, 150 орындық концерт залы, сондай ақ көрме залы бар. Қадірлі орнының бірі  мұражайы. Ақпарат бөлімінің басшысы Сандуғаш Серікқызының айтуынша, мұражайдың ең негізгі бөлігінде Қадыр ақынның жеке кітапханасынан алынған 6767 кітап пен ақыннан қалған мұралар қойылып, ақынның бала шағынан есею, кемелдену жылдары аралығын қамтитын мағлұматтар жинақталған. Сонымен бірге тарихи тұлғалар, өңірдің әдебиеті мен мәдениетіне арналған бөлім де бар. Айталық, Қадыр ақынның замандас досы, белгілі ақын Жанғали Нәбиуллин атындағы оқырман бөлмесінің сөресінде де Жанғали ақынның кітаптары қойылған. Орталықтың директоры Бауыржан Халиолла өзі ақын жігіт, шығармашыл адамдарды қолдауды өзіне парыз санайды. Орталық «Жұмадағы жыр мәжілісі», «Тасада жүрген таланттар», Шалқар радиосымен бірлескен «Қадыр қазынасы», тағы басқа көп жобалар бойынша әдеби кештер ұйымдастырылып, ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттайды.

Қадыр орталығы жанынан құрылған «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттау мақсатында Қызылорда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы, Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек және Талас, Ыстықкөл аймақтарына өнер сапарымен барып келген. Бұл орталықта Орал қаласындағы сөз қадірін терең меңгеруге ұмтылған оқушылардың басын қосатын танымал айтыс ақыны, VII республикалық ақындар айтысының «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина атындағы өнер мектебі, танымал балетмейстер, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының «Қазына» би ансамблінің жетекшісі, атақты хореограф-ұстаз Талғат Ғатауовтың өнер мектебі де бар.  Бізге орталықтың шығармашыл жастардың бас қосатын орнына айналып, жас ақындардың кештерін өткізіп, жаңа кітаптарды оқырманға таныстыруда жаңашыл бағытта жұмыс істеп жатқаны ұнады. 

 

 АТЫРАУДАҒЫ «ФАРИЗА ЖҰЛДЫЗДАРЫ» КЛУБЫ 

«Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубы 2016 жылы құрылған. Клуб жетекшісі - ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет сыйлығының лауреаты Әлия Даулетбаева. Осы жылдар ішінде  жастардың «Алаужыр», «Атырау толқындары» антологиялары жарық көрген. Клуб жетекшісінің айтуынша, атыраулық жыр дүлдүлдері М.Отаралиев, М.Сатыбалдиев, Т.Досымовтарды еске алуға арналған әдеби шаралар өтіп, «Ар мен ақын» мюзиклі, «Өлең, мен сені аялап өтем» атты поэтикалық кеші, Батыс Қазақстандық жас қаламгерлермен бірлескен «Мәртебелі поэзия» поэтикалық дуэті, Ұлмекен Шәукенова мен Рақымжан Асқардың «Жайықтың жауһар жырлары» атты шығармашылық кештері ұйымдастырылған. «А.Шығыров Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық «Алаштың айбоз Әбіші» атты жыр байқауында ІІ орын, Ұ.Шәукенова Ф.Оңғарсынова атындағы сыйлықтың иегері атанды. Клубтың бастамасымен облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада Ф.Оңғарсынова кабинеті ашылған.  Р.Асқар, Ф.Жетпісбаева, Р.Ашығалиев, А.Шығыров, Ұ.Шәукенова, А.Ниязбаева, Н.Мәжит, Н.Талап сынды талантты жастар республика оқырманына поэзиялары арқылы танылып, әр өңірдің әдеби ортасымен тығыз байланыста келеді» дейді жетекші. Сондай-ақ, клуб биыл белгілі ақын Меңдекеш Сатыбалдиевті еске алуға арналған «Бозжайнақ дүние» атты поэзия кешін, Есенғали Раушанов шығармашылығына арналған «Жаз не деп еді?..», «Мен ақсұңқар құстың баласы»  атты шараларды түрлі форматта таңдаулы публикаға арнап ұйымдастырыпты.

 

КІТАПХАНАДАҒЫ «АЛҚА» КЛУБЫ

Ұлттық академиялық кітапханадағы «Алқа» әдеби клубының жетекшісі Жанар Таңсықтың айтуынша, «Алқа» клубына Астана қаласының кез-келген мектеп, мектептен кейінгі білім беру мекемесінің (колледж, ЖОО) студенттері және қала тұрғындары мүше бола алады. Клуб Астанадағы ЖОО, ғылыми орталықтар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктермен байланыс орнатқан. Клуб мүшелерінің мәдени-интеллектуалдық деңгейін жан-жақты дамытуға бағытталған ғылыми-әдеби, мәдени шараларды ұйымдастырылады. Клуб мүшелері классикалық әлем және қазақ әдебиеті, «100 кітап» жобасына енген әдебиеттерді оқып талқылап, пікір алмасады. Жуырда «Алқа» әдеби-мәдени клубының ұйымдастыруымен «Мағжанның шәкірті» атты Бейсебай Кенжебаевқа арналған лекция ұйымдастырылған, сондай-ақ, Сейілбек Мырзабай Өзбекәлі Жәнібек туралы «мылтықсыз майдан» атты лекция оқыған.

P.S. Әдеби клубтар мен орталықтарды ұйымдастыру үлгісі Европада әлі де бар. Оған біздегідей тек жастар емес, үлкендер де барады екен. Өйткені, адамға адамның бұрылып қарап, құлақ қоюына мұршасы жоқ қым-қуыт кезеңде осынау интеллектуалдық ермекті өзара қарым-қатынас құралы ретінде де пайдаланады. Шынымен де мұндай клубтар пайдалы, соңғы шыққан кітаптар туралы мағлұмат алуға, жаңа дүниемен танысуға, пікір алмасып, таным көкжиегін кеңейтуге таптырмасы анық. Ал, кітап оқығанның пайдасы ұшан-теңіз, біз біреуін ғана айтайық, кітап оқитындар стресске түспейді, ерте алжымайды, сонымен бірге бұл эмпатияны (басқа адамның жай-күйін сезіну) дамытады. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар