Әбіш шығармаларындағы мифо-поэтикалық сарын

Бөлісу:

02.11.2022 2506

Миф (грек. mythos – баян, аңыз, мысал) ұғымының тарихы халық прозасының ілкідегі бастау бұлағы аңыз-әпсаналармен қатар қарастырылады. Қазақ мифі типологиялық сипаты жағынан түбі бір түркі жұртының мифтеріне жақын. Ұлтымыздың фольклорындағы мифтік жанр туралы академик Сейіт аға Қасқабасов: «Стадиялық жағынан келгенде, қазақ мифі – алғашқы қауымға және австриялықтар мен африкалықтар, солтүстік азиялықтар мен американдықтардың көне мифі мен антикалық Греция, Рим, сондай-ақ ежелгі Египет, Үнді, Қытай, Вавилондықтар мифологиясындағы аралық жанр», - дейді.  

Миф – әлімсақтан бері адамзат әулетімен бірге туып, әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатқан асыл ілім. Аса қымбат рухани құндылық. Иә, миф өлген жоқ.  Әлем әдебиетінің сан ғасырлық тәжірибесінде аңыз-әпсаналарды ішінара идеялық тұрғыда пайдалану әуелден бар тәсіл. Көрнекті сыншы, журналист Сағат Әшімбаев бұл туралы өз мақаласында: «Қазіргі әлем әдебиетіндегі мифтік немесе мифологиялық релизмнің түп тамыры Н. В. Гогольден басталатындығы, айтылып та, дәлелденіп те жүр» - деп тұжырым жасайды. 

Кешегі Кеңес жазушыларының ішінде бұл жанрда қалам тербегендер аз болған жоқ. Соның ішінде қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбаев та бар. Әбіш Кекілбаев өзінің «Бәсеке», «Шыңырау», «Автомобиль», «Күй» повестері мен «Ханша дария хикаясы» ,«Аңыздың ақыры», «Шаңдоз» сынды романдарын жазу барысында мифтік сарын мен мифтік сюжеттерді  шебер қолдана білген. Ол бар-жоғы жиырма сегіз жасында әйгілі «Күй» повесін жазған. Орда бұзар отызға аяқ басар шағында-ақ осындай салмағы мен жауапкершілігі ауыр сом дүниені жазуға тәуекел еткен. 

Кемеңгер Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесін жазуына, қазақ әлеуметінің маңызды мәселесін қаузап, осынша құнды да кесек туындыны дүниеге әкелуіне не түрткі болды екен? Сөйтсек, жазушы бұл тақырыпқа үлкен дайындықпен келгенін байқаймыз. Оның 1963 жылы жарық көрген «Алтын шуақ» атты тырнақалды жыр жинағында «Әке» атты шағын ғана поэмасы бар. Осы поэмасындағы  мына шумақтарға зер салыңызшы: 

Көкемнің бармағынан бал саулады,

Осы ауыл талай тыңдап тауса алмады.

Көп болды сол көкемді көрмегелі,

Күйіне біздің ауыл тамсанғалы.

 

Соқтырған қыр өкпегін таң самалы,

Мен де іздеп ерке күйді тамсанамын.

Қаңсыған домбырада сездіріпті,

Бал бармақ күйші иесін аңсағанын...

Қателеспесек, бұл жыр жолдарының болашақ «Күй» повесіне қатысы бары айтпаса да түсінікті. Көнекөздердің айтуынша Әбіштің әкесі Кекілбай ел арасына талантымен танылған әнші, дәулескер күйші болыпты. Күйді бүкіл зейін-зердесімен ұққан жазушы бала кезде-ақ болашақ шығармасының тақырыбын жүрегінің түбінде сақтап жүрген.  Повестің де «Күй» аталуының да өзіндік философиясы бар сықылды. Өнер тарихынан күйдің құдыретті тілімен баяндалған қаншама оқиғаларды  оқып өстік.      

 Әйгілі ғалым, көрнекті сазгер Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі» атты келелі еңбегінде: «Домбыра көшпелі елдің көне шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Халық басынан қандай күй кешсе де, қазақтар оны айна қатесіз күй тіліне түсіре білген.  Аңыз, хикая, тарихи-құрылыстық, әдет-салттық, әскери сюжеттер, табиғат әсемдігін суреттейтін сюжеттер қобыз, домбыра, сыбызға халық көкірегіне ұялап отырған, сондықтан да күй, қазақтың халықтың өнер дәстүрінде үлкен орынға ие. Қазақ халқы күйдің мәнін терең түсінеді, өәм оны қастерлей біледі» - деп осы күй өнерінің қазақ халқының мәдени, рухани өмірінде қандай үлкен орынға ие екендігін көрегендікпен көрсете білген. 

«Күй» повесінің аңызына тоқталайық. Шығарманың бас кейіпкері Абыл күйші. Ол түркімендердің тұтқынына түсіп, өз өнері арқылы бас амандығына араша түсіп, бостандыққа шығады. Екіншіден, «Күй» повесіне негізгі арқау болған – Қақпақтының дөңіне байланысты айтылатын бүкіл Маңғыстау жұршылығы білетін аңыздар желісі болып табылады. Осы екеуін қаламгер бір-бірімен шебер сабақтастырып, көнедегі аңыз арнасын бұрып әкеліп, көркем түрде суреттей білген. 

«Домбыраның ішегін ортан қолмен шертіп қалып еді, қарағай шанақ бір күрсініп қойды да, күңірене жөнелді, тепсінбейді – жер түбіндегіні қозғап тебіренеді... Күйші емініп отыр. Жыланмен арбасқан бақсыдай көзін Жөнейіттен айырмай, домбырасының үстіне төне түсіпті. Қара шанақтың пұшпақ-пұшпағында қалған сиқыр саздардың бәрін сауып жатыр. Қара шанақ күңіренеді, тебіренеді. Қай-қайдағыны айтып жанының қалтарыс-қалтарыстарын қазбалайды... Апыр-ау, Жөнейт мықты еді ғой. Ай бойы аза бұл неге сонша жасып, неге жуасып отыр... Жөнейт бекем бол. Қолыңда қалған жалғыз перзентің жер құшағында да қаққан қазықтай қалшиып, сұсыңнан айырылмап едің ғой. Мынау әзәзілге де ішіңді алдыртпа. Қара шанақтың көйгөйі көкірегіңді қасып, ырқыңды алып  барады. Қанша қатты болсаң да, иліктірмей қоймайтын өз көкірегіңнен шыққан ерке сәбидей еліктіріп, иерітіп барады...Күй тынды. Күйші домбырасын сылқ еткізіп, тізесіне тастай берді. Тәкабба батыр көзінен ыршып кеткен түйдек жасты сүртуге арланды».

«Күй» повесінің шарықтау шегі – осы. Жүйке-жүйеңді босатқан қара шанақ күңіреніп қана қоймай, екі ағайынды халықты бітім-бірлікке шақырғандай. Жауының арасында отырып, өз өнерінің асқақтығын мойындатқан өз өнерінің асқан құдіреттілігімен танылған өнер рухын қаламгер биікке көтерген. Өнер – рухтың болмысы деген осы шығар, бәлкім?.. Абыл аңыздың дерегі бойынша түркімендердің қолына түсіп, тұтқын атанып, одан өз өнері арқылы басына бостандық алады екен. Ал тарихи нақтылы дерек ұзақ жасап, жетпіс екіге шығып, өз ажалынан қайтыс болады. Өнер адамының тағдыры соқтықпалы-соқпақты, ауыр тағдыр. Туысына жасалған қиянаттың кегін қайтарғысы келген хан Жөнейіт те күйді естіп қатты өкінеді. Абылдың шерлі күйін естіген оның санасында «Осыным бекер  болды-ау, қиянат жасадым-ау, соның қаны нақақ төгілді-ау», - деген ой туып, сол ойы ұжданның сотына салып, күйдің қымырықты үнінен өзегі өртенеді.  

«Түсіне тағы қара дүлей кірді. Қу бас бұған шүңірейе қарады. Ендеше сол күйшінің басын жұтқан өзің емес пе? – деп, тісін ақситып, сақ-сақ күледі, құлағына күңіренген үн келеді. Сол бір үн сай-сүйегін сырқыратып, жан-жағынан қаумалап қоршап келеді. Күйші мынау ызғыған желге шыдап тұра алмай, жер астына кіріп кетіп, күңірентіп айтқандай. Жөнейіт қу бастан сырт айналып қаша жөнелді. Әлгі бір күңіренген үн өкшелеп қуып келеді. Жөнейіт көрпесін серпіп тастап, орынан атып тұрды да, құлағын қос қолымен басып алып, есікке қарай тұра қашты. Әлгібір ыңыранып шыққан әуез қалар емес... Дауысы оқыс шықты. Жұрт тқра-тқра есікке ұмтылды. Кіріп келсе, табалдырыққа басын сүйеп, Жөнейіт жатыр. Аннадүрді иығынан қаусыра ұстап, көтеріп алып еді, былқ-сылқ, әлдеқашан жүріп кетіпті». 

Осы тұста жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесі мен «Аңыздың ақыры» романының оқиға желісі (әсіресе, соңы) бір-біріне үндесіп, астасып жатқандығын байқауға болады. Туындыгердің осы романды жазуға ниет етіп, жазу үстеліне отырған уақытына дейін қаншама сатылардан өткенін аңғарамыз.  Романға барар жолда көптеген әңгімелер мен повестер, қаншама шығармалар оқылып сараланды. Жазушы қиялынан туған өзгертулер қарапайым бұқара ортасынан шыққан халық өкілінің өмірі қысқа да қиын болғанымен, оның өнерінің ұзақ жасайтындығын, жасампаздығын аңғартады. Сонымен бірге сол дәуір шындығын айқын сипаттап, әсіресе қан төгіс, кек қуған Жөнейіттің қаталдығын шегіне жеткізу үшін де осылай көркемдеген. Өлер алдында Жөнейіттің күй әсерінен арпалысуы «Бір шоқ шие» повесіндегі Тілеуді еске түсіреді. Ол да бір сабақтастық, романның дайындықтарының бірі болса керек. 

Қаламгер өз кейіпкерлерін көбінде ішкі монологтар арқылы ашқан. Оның ішінде түс көрсету арқылы шебер суреттейді. Бұл – жазушының жиі қолданатын тәсілі. Тоқталатын болсақ, «Аңыздың ақырындағы» әміршінің әр кезде көретін неше түрлі түстері, «Үркер» романындағы Әбілхайырдың түс көріп, ат арытып, жорытуға Тайланға баруы, «Құс қанатындағы» қара кемпірдің түстері, «Бір шоқ жидедегі» Зұхранның түстері де дәлел болмақ. Повестегі күйші образын толықтыра түсетіндей дара, ерекшелігімен жасалған образ – Дәулеттің бейнесі.  Өзінің тұқымында, болмыс-бітімінде, адамгершілік тазалығында Дәулет бала кезінен бөлек болып өскен болатын. Бір қарағанда-ақ көз қаритын Дәулет күйшінің кейпі повесте екі-ақ жерде көрінеді. Бойында сан өнері бар Дәулет: балуан, мерген, күйші. Жалпы өнер адамының жаны қатігездікке бармайтын таза келеді ғой. Ол тынымсыз шапқыншылықта жүрген Ағасы Көкбөрі мен әкесі Жөнейітке де қатты  наразы. Мысалға, «Аға-ау, күпсініп, көкірегіңізбен жер айырып барғанда көп болса, бес алты қазақты өлтірерсіз, бір үйір жылқыны үркітерсіз. Сол бес-алты бейкүнә пенденің жайбарақат өз тіршілігімен жүргенінен, сол бір үйір жылқының өз өрісінде жайылғанынан сіздің намысыңызға шоқ түсетіндей не бар?»,- дейді. Жаугершілік заманда шекісулер мен бекісулердің тұсында әлденеше адам тағдырларының құрбандыққа шалынатынын оның ішінде осындай Абыл, Дәулет сияқты өте абзал, өте асыл қасиетті кісілердің құрбандыққа кететінін , оның негізсіз қалмайтынын , олардың бастан кешкен зардаптары қалған ұрпақ үшін, табысуға, танысуға қызмет етсін деген ойдан туған – түйін де бар. Абыл сияқты әулие, үлкен талант иесі адамдардың құрбандыққа шалынуы өкінішті-ақ. Мұны шапқыншылық кезеңінің әділетсіз заңдылығы деуге де болады.

 Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің қос жұлдызы, қос алыбы бар. Олардың ұлт руханиятына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Екеуінсіз қазақ әдебиетінің қабырғасы қаусап, орны омсырайып қалады. Бұл қаламгерлер сұңғыла сөз зергері Мұхтар аға Мағауин мен кемеңгер Әбіш аға Кекілбаев. Біз сөз етіп отырған Әбіш ағамыздың «Күй» повесіне идеялық тұрғыда жақын Мұхтар ағамыздың «Көкбалақ» атты роман-хамсасы бар. Сол «Көкбалақ» романының кейіпкерлері Тоқсоба мен Бекжанның  күй тартысына түсіп, мәреге жетуін қаламгер былайша кескіндейді: «Сен, жеңдің, шырағым... Өнерің өрісті болсын! Тоқсоба Бекжан сияқты дәулескер домбырашы мұншама тез тізе бүгеді деп күтпеген. Шын кемелге күншілдік жат екен. Дара өнер иесі өзіне сыңар екінші біреуді ұшыратқанша, жүз жыл көрмеген арманда айырылысқан туысымен табысқандай қуанбақ. Өйткені пендешілік менмен өнер мұраты қашан да жоғары». Жазушы Мұхтар Мағауин шығарманың нүктесін осылай қойып, қорытындыға келген екен

 Әбіш Кекілбаев бір аңызды өз шығармасына толық пайдаланған жазушы емес. Кей жерде қиып, кей жерде өсіріп отырған. Ескі аңыздарды өмір шындығымен сабақтастырған. «Күй» повесін жазуда қаламгер Маңғыстау жеріндегі бірнеше аңыздарды қауызынан аршып, бір келіге түйіп, бір жент жасауға тырысқан. Ол аңыздар Қақпақтының дөңіне байланысты бүкіл Маңғыстау жұртшылығы білетін аңыздар екенін көзі қарақты оқырманның дені біледі. Этнограф ғалым Серікбол Қоңдыбайұлының «Маңғыстау бүкіл қазақ жерінде ертегі аңызды шоғырландырған үш өлкенің бірі, ал қазіргі кездегі өзінің аңыздық стереотипін сақтаған киелі өлке»- деп айтуы бекер емес-ті.  Осы ретте кемеңгер Әбіш шығармаларының қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовқа да зор әсері болғанын байқаймыз. Неге десеңіз, «Күй» повесіндегі аңыз желісін қырғыз қаламгері де біршама шығармасында кең қолданған. 

Иә, жалпы «Күй» повесіндегі аңыздың ел аузындағы нұсқасы мен жазушы қолданған нұқасының арасында бәлендей айырмашылық жоқ.          Тағы бір айта кететін нәрсе «Күй» повесіндегі жазушының «Елең-алаң» романымен жалғасып, сабақтасып жатқан аңыздың бірі – суын құлынға байланысты аңыз. 

 

«Ханша-дария хикаясындағы» мифтік бейнелер

Жазушы Герольд Бельгер Әбіш Кекілбайұлының «Ханша-дария хикаясы» шығармасына қатысты көзқарасын былай білдіріпті: «Ә.Кекілбаевтың жазушы ретінде ең сүйікті тақырыптарының бірі – әділет пен сүйіспеншілікке, адамшылық пен қайырымдылыққа қарама-қарсы суреттелген, көпшілікті өлшеусіз қасірет-қайғыға, алапат ойран-сұмдықтарға бастайтын шегі-шеті жоқ билік пен қарақан басының қамын күйттеген сол билік иесінің ештен кеш болса да, райынан қайту кезеңі рухани қайыршылық көріністері оның көпшілікке белгілі «Ханша-дария хикаясында» сипатталады». Бұл – жазушы Әбіш Кекілбайұлының аңыз желісінде жазып шыққан екінші шығармасы.  Ханша-дария хикаясы» повесі алғаш «Лениншіл жас» газетінің 1968 жылы, ақпан айының кезекті санында жарияланыпты. 

Тарихтан Шыңғыс хан Таңғұт шапқыншылығын жер бетінен жойып жібергенін білеміз. Жазушы «Ханша-дария хикаясында» Таңғұт патшалығын талқандаудағы Шыңғыс өмірінің ақырғы сәтін бейнелеген. Хикаяда Таңғұт әкімінің ханшасы Гурбелжін сұлуға байланысты айтылатын аңыз сөз болады. 

Яғни, Таңғұт патшалығының күйеуі мен Шыңғыс хан өліміне байланысты жиі айтылатын аңыз пайдаланылған. Сондықтан оқиғаның төтен сипатын сақтай отырып, оның төркінінде жатқан тарихи оқиғалар жанамалап сөз болады. Бұл бірнеше аңыздың жиынтығы емес. Шыңғыс хан өлімі жайлы біршама нұсқаның бірі негізге алынған көркем суреткерлік топшылау.

Шығармада Шыңғыс хан Таңғұт елін бағындырып, сол ел әкімінің ханшасы Гурбелжін сұлуды алдыртады. Ханшаның сұлулығын көріп, есінен танып қала жаздайды. Сонда сұлу сызылып: «Тақсыр, менің келбетімді сіздің әскерлеріңіздің ат тұяғының шаңы басып, реңім солғын тартып қалды. Өзенге барып, жуынып-шайынып келсем, рұқсат па екен? – дегенде, дегбірі кеткен хан оны күтушілерімен өзенге қоя береді. Кейін «Мен ұялып тұрмын, сенедер алыстан байқап тұрыңдаршы», - дейді.

Енді повестегі мәтініне көңіл бөлейік: «Күтушілер Гурбелжін аруды шатырдың тасасына шешіндіре бастады... Ар жағынана айдай нұрлы аппақ дене жарқ етті. Жеті еркек ауыздарын ашып, аңырды да қалды. Тіпті сұлудың сусып түскен көйлегінің астынан лып етіп көгершін ұшқанын да көрмеді... Өзеннен өзі үркіп тұрған аруға қарай төне түсті... Құмарлықтың дүлей желігіне біржола түсіп, құдды бір жағаға шығып қалған балықтай тынысы тарылып, танауын жас тәннің, асау қанның, елден ерек сұлулықтың хош иісі танауын жарып. қолын қос анардың ортасына енді апара бергенде, ұлы әмірші оқыс ышқынып, сылқ етіп, ал сұлу Ханша үстінен ауып түсті. Гүрбелжін ханым төсектің аяқ жағына түсіп қалған желең көйлегін қолына іле-міле сыртқа сып берді. Ұлы әмірші екі санын жауып бара жатқан қанға шошына қарап отырып қалды».

Қай жағынан да қанағаты кеткен Шыңғыс ханның жарығының сөнген жері осы болды. Ептілікпен, айламен ұсталған суық қару оның жанды жерін жаралап, өлімші етті. Ақыры бұл қорлыққа шыдай алмай, Шыңғыс хан у ішіп өледі. Аңызды көркем туындыда ұтымды да образды пайдалануға жазушының біраз дайындықпен келгенін, ізденгенін байқаймыз. Автор мұнда «мың асқанға, бір тосқан» дегеннің кебін кигізген. Қаламгер Губелжін бейнесін еш өзгерпей, болымды етіп баяндаған. Бұл эпизодтар Гурбелжіннің нағыз патриот екендігін айқындайды. Дұшпанның зымиян ойын білген ақылды әйел бірден іске кіріседі. Повесте Шыңғыс ханнан гөрі Гурбелжін сұлудың бейнесі ұлы да асқақ болып берілген екен. Өйткені ол – әділдіктің жаршысы. 

Жазушы Г. Бельгер жоғарыда келтірген суреттеуін әрі жалғап: «Жазушының «Шыңырау», «Бәсеке», «Автомобиль» «Күй», «Ханша-дария» атты повестеріндегі ондағы оқиғалар мен әлеуметтік ой пікірлер жағынан біздің заманымызға жақын. Мұнда да Ә. Кекілбаевтың о бастағы философиялық, мифологиялық, аналитикалық суреттеу тәсіленен айнымағанын көреміз, бұл жол – ежелгі аңыз-әңгімелердің бірін таңдап алып, соны өзінше бандап жатады» – деп біздің түйген ойымызға тамыздық бола түседі. 

 

«Аңыздың ақыры» мифо-философиялық роман.

Әбіш Кекілбайұлы «Аңыздың ақыры» романы, «Күй» повесі,  «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау», «Бәсеке» повестері мен «Аш бөрі», т.б әңгімелерінде  ежелгі аңыз-әпсаналарды шебер пайдаланған. Аңыздардағы ой мен оқиғаны қоюлатып, түрлендіре түскен. Мифопоэтикалық форманы прозаның көркемдік биігіне шығарған. Жалпы алғанда миф сюжеттері көркем прозада оқиға құрылымына жиі кірістіріледі. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі роман, повестерде миф пен аңыздардың трансформатциялануы алдымыздан жиі ұшырасады. Филология ғылымдарының докторы Гүлзия Пірәлиеваның: «Қуатты қалам иесінің қарымындағы мифтің тұтастығы мен спецификасын сақтауда миффологемалардың маңызы зор. Мифологемдер кездейсоқ сана ағымы емес. Олар да тарнсформацияланып, жаңа формаға енеді. Нақты көркемдік қызмет атқарады. Мифологема өзіне негізгі құрылымдық бірлікті кіргізген. Ұжымдық санасыз архетиптер мен мифемалардың жиынтығы. Мифологема күрделі құрылым түзуші және мифтік жаңартудың механизмі. Мифологиялық инвариант жаңа мифологияның өмір сүруінің шарты. Ұлттық мифологемдер жиынтығы Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романының бойына жинақталған» деген пікірі біздің тақырыбымыз бен ойымызды қуаттай түседі. 

Әбіш Кекілбаев аңызға жүгінгенде өзіне ұнағанын алып, сол мазмұнда, сол қалпында бейнелеумен, сол материялдан өзгеше түйін түйіп, ондағы тарихи шындықтың қаншалықты ауқымдылығын тауып, өзі сол тарихқа еніп, араласып кеткендей, қайта оған бүгінгі күннің биігінен барлап, өз қозғауға тырысатын жазушы.         «Аңыздың ақыры» романының бүкіл сюжеті Темірдің сүйікті тоқалы Бибі ханым салдырған атақты ғимарат турасында өрбиді. Бұл аңыз халық арасында былай баяндалады:

«Ұлы әмірші жортуылға аттанып кеткен. Ерін сағынған жас әйел қосағы қайтып оралғанша ғажайып күмбезді көк мұнара салдырып тастады. Осы мұнараны салушы шебер сұлу ханшаға ғашық болады да, егер тілінен бал татқызбаса, мұнараның күнбезі әрі қарай қаламбайтынын шарт етіп қояды. Бұған ашуланған ханша шеберге ең қымбатты күңін силыққа ұсынады. Бірақ анау қасарысып көнбейді. Бұл кезде Әмірші де жауын жеңіп, атының басын кері бұрған дейді. Әмірші астана жұртына келмес бұрын жас ханша шебердің тілегін орындауға ыңғай танытады. Әйелі салдырған ғажайып мұнараға Әмірші риза болады, бірақ ханшаның бетіне түскен ыстық таңбаны көріп қаһар шашады. Ханша қылмысын мойындайды, шебер дарға асылады».

Бұл аңыздың әртүрлі нұсқалары бар, бірақ барлығының түйісетін жері бір.

Байыптай қарар болсақ аңыз бен тарихи деректің арасында үйлесіп қалар сәттер көп. Ол аңыздарда тарихтың іздері айқын берілген. «Аңыздың ақыры» ертеде өткен белгілі адамдар өміріне негізделіп шығарылған аңызды негізге ала отырып, құрылған роман. Бұл туындының құрылыстық, жанрлық өрнегін бір қалыпқа салып, талдаудың мәні осында. «Аңыздың ақыры» сол бейнелеп отырған уақыттың көркем шежіресіне айнала алған. Қаламгер халық тарихына парасатпен үңіліп, азаматтық ой айтып, әлеуметтік маңызы терең, ауқымы кең идеялар айтып, бейнелеп отырған заманның келбетінен қазіргі заманның келбетін, мифтерден тірілтіп шығару асқан дарындылықты қажет етсе керек. Роман мәдени өрісі биік, мифтік тұлғадан көркемдік шындық дәрежесіне көтерілген, қазақ романын жанрлық жағынан байытқан, ұлттық характер жасауда батыл қадам жасаған, халықтың ойлау жүйесін сөйлеу мәнерімен бекем сақтап, халық пен жеке тұлғалар арасындағы байланысты өз дәрежесінде шешкен туынды. 

Жазушы романындағы тағы бір қолданысқа түсетін мифтік түстің бірі – кіші ханымның көрген түсі болып табылады. Кіші ханымның көрген түсінде қасында тұрған әміршіні жас шебер Жаппардың бейнесінде көруі, өзінің бағы ашылмағанына, күллі өмірі осы бір қуыс кеуде тіршілікпен өтетініне сол күнгі әлгі бір ойда жоқ түстен соң ғана әбден көзі жетті. Кіші ханымның осы көрген түсі арқылы өзінің бақытсыз екенін, өмірінің мәнсіз екендігін түсінгендігі. Тағы бір айта кетер оқиға әміршінің ханымға жас шебер болып елестеп көрінуі де, мифтік желінің бір сарыны. Себебі, көне мифтік дастандардағы ғашық жандар бірін-бірі көрмесе де көзіне елестеп, сүйгені алыстап кетсе қасындағы өзге біреу, тіпті, жігіт, қыз атаулы сол ғашығы болып көрінетін сюжеттерді көптеп кездестіруге болады. «Түс біздің көркем әдебиетімізге күні кеше ғана көркемдік тәсіл болып қолданылған жоқ. Оның түп тамыры тереңде сонау халық болып халыптасып, оның ой-мұңы ән-жыры, қисса дастаны, дүниеге келген қадамы замда-ақ жыршылар, ақындар оны дастандарға әсіресе, батырлар жыры мен лиро-эпикалық жырларға «Жыз-Жібек», «Ләйлі-Мәжнүн», «Еңлік-Кебек» жырларында әдеби әдіс ретінде қосып, өздерінің айтар ойларын айшықтау үшін пайдаланған.

Әбіш Кекілбаев романда негізгі әуен кейіпкер жанының диалектикасын көрсетумен ерекшеленеді. бас кейіпкерлер іштегі ойдың шешімін таба алмай қатты күйзеліске түседі. Дәрменсіздікке ұшырайды. «Аңыздың ақыры» романындағы бүкіл сюжет аңызға құралған. Одан күрделі философиялық ой туындаған романның бүкіл болмысын сиволдық образдар құрайды. Бұл жайды романның аты да аңғартып тұр, яғни «Аңыздың ақыры» оқырманға ой салар тақырып, атау. Аңызда ақыр бола ма? Аңыз ауыздан-ауызға тарап, көп түленіп, дамып кете бермейтін бе еді. ал бұл жерде ақыры деген сөз бар. Өмір, қоғам жайлы ескі қатып қалған көзқарастан арылып, болшаққа жаңа көзқараспен қадам басуға шақыратындай. Роман төрт тараудан тұрады. Тараулар атаулары да символдық мәнге ие. 

Романда аңыздың тіріліп келіп, өмірге айналуы таң қаларлық. Сола аңыздың кейіпкер Жаппар тағдырына барлау жасайтын болсақ ол ертегі дастандардағы секілді құпия арудың бейнесін идеял санап, махаббатқа бағынып қалған. Өз бойындағы кіршіксіз махаббатты таңғажайып бейнеге деген сезімін мұнараға сиғызуды мақсат етеді. Сол мұнарада адамзаттың такаппар арманыс көрініс тапса деп болжайды. Жазушының өзге туындыларымен салыстырғанда «Аңыздың ақыры» романы күрделі мифо-филосифиялық роман. Романда қаламгер шеберлігі әр қырынан көрінеді. Романның бас кейіпкері Әмірші жорықтан оралғанда бәйбішесінің жіберген құрт жеген қызыл алмасын қызыметші әйел ұсынады, сол сәтте құрт жеген алманы қымсынбастан алдына қойып, әлдеқандай әзәзіл қимылымен нық басып шығып кеткен әрекеттері әміршіні таң қалдырады. Оның қимылынан, жүріс-тұрысынан күлкілі кекесінді сезгендей болады.     Бұл да халыққа кеңінен таныс аңыздың бояуға қаныққан сюжет болып табылады. Бұл туралы да көптеген келелі әңгімелер жүргізіп, көп философиялық ойлар айтуға болады. Мивтік аңыздарда жыланның азғыруына көнген Хауа алманы тістеп, Адам атаға да дәм татырады. Бұл қылықтары жаратушымызға ұнамай, жерге қуылады. Иә, кейбір діни әпсаналардан Адам ата мен Хауа анамызды бұл іске шайтанның азғырғанын білеміз.  Әбіш Кекілбаев романға дәл осы мифтік мативті, образды материял етіп алған.

Бөлісу:

Көп оқылғандар