Алматыдан алыста
Бөлісу:
12 қараша күні Астана қаласында ақын Әлия Бекежанқызының «Алматыдан алыста» атты кітабының тұсаукесері өтті. Ұлттық академиялық кітапхананың Фариза Оңғарсынова залында ұйымдастырылған поэзия кеші өз оқырмандарына көркем мазмұн мен керемет әсер сыйлады. Кітап таныстырылымының шымылдығын Қазақ Ұлттық өнер университетінің бір топ студенттері кешке арнайы дайындаған композициялық қойылымымен ашты.
«Алматыдан алыста» кітабының лентасын ҚР Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев пен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ақын Жанат Әскербекқызы, Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы қиды. Кеш иесі ақын Әлия Бекежанқызы: «Алматыдан алыста» кітабының себебімен қаламдас, рухтас Астаналық аға-апаларым мен жақын бауырларымды көргеніме қуаныштымын. Студенттердің оқыған өлеңдерін тыңдап, бұл өлеңдерді расымен мен жаздым ба деген ойға қалдым. Жас күніңмен, өткен шағыңмен қауыштыратын параққа түскен өлеңдерің ғой...Мен өзім «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген сөзбен келіспеймін. Себебі, поэзия махаббатпен басталып, махаббатпен аяқталуы керек. Ал парасат әрқашан ақынның бойында болуы тиіс. Бұл кітабым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Алғашқы тұсаукесері Атырау қаласында өткен еді. Осы кешке қатысқан барша оқырмандарыма алғысымды айтқым келеді. Жүректеріміз тоңбасын. Жақсы күндерде жолығайық», - деп шынайы лебізін білдірді.
Киелі Атырау өңірі қазақ поэзиясының біршама жыр жампоздары, даңқты қаламгерлері туған өлке. Бұл сөзімізге кешегі мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың өзі теңдессіз деп танып, «Соңғы қазақ қалғанша оқылатын жалғыз ақын» деп баға берген Жұмекен Нәжімеденов, қазақтың аяулы қызы Фариза Оңғарсынова, қазақтан шыққан тұңғыш бард әнші, көрнекті ақын Табылды Досымовтар дәлел болар. Табылды ақынның баласы Абыл Аяш әкесінің «Биіктік», «Ұнатамын мен сені» атты әндерін шырқап, кештің шырайын аша түсті.
Еркін форматта ұйымдастырылған кеш барысында оқырман қауым ақын Әлияға біршама сұрақтарын қойды. Әлия да бүкпесіз, шынайы жауап берді. Ол қаламгер болмысындағы өзгерістер уақытпен келетіндігін, өз қолтаңбасының қалыптасуына жауынгер жыраулар Қазтуған мен Доспамбет, Шернияздардың, және солардың заңды ұрпағы ер Махамбет Өтемісұлының, Ығылман Шөрекұлының, әдебиеттің ақша бұлты Әбу Сәрсенбаевтың, Хамит Ерғалиевтің, Меңдекеш Сатыбалдиев пен Фариза Оңғарсыновалардың асыл да асқақ рухы, туған топырағаның әсер еткенін айтты. Осыдан отыз жыл бұрын Мұрат Мөңкеұлының 100 жылдық мерейтойына оныншы сынып оқушысы Әлия да барыпты. Сол жолы ол апасы Фариза Оңғарсыновамен танысып, ақ батасын алған. Әлия әуелде археолог болуды армандаған. Әйтсе де, Фариза апасының нұсқаулығымен қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіпті.
«Ақынның миссиясы ақиқатты тауып, оны халыққа жеткізу»,- дейді Әлия Бекежанқызы. Шындық көп, ақиқат біреу. Ол өзін іздеп жүріп тапқан ақиқатын көпшілікке жеткізуді қаламгерлік парызы деп санайды. Ақын өз басынан кешкен түрлі сынақтардан соң өмірдің мәні мен маңызын терең түйсіне түскен. Және бұл ойын мына өлеңі одан әрі қуаттай түседі:
Қолқаға у тұндырып,
Сайтанды да ұнатқам.
Мен біреуді жынды ғып,
Мені біреу жылатқан.
Сауап атын шақырып,
Арқаладық обалды.
Адастық та аһ ұрып,
Алданбайтын боп алдық.
Көздерім ғой күлетін,
Айтпаңызшы сенем деп.
Өзім ғана білетін,
Ақиқатым – өлеңде.
Иә, ол өз ақиқатын өлеңмен өрнектеген. Әлияның шығармашылығы хақында филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы: «Әлия - өлеңде өзіндік үні, тегеурінді болмысы бар ақын. Шығармашылығымен көптен таныспын, қадағалап оқимын. Табиғи талантын ізденісімен ұштастырып отырады. Халықтың ерлік рухы, өршіл үні Әлия поэзиясының қуат алар қайнар көзіне айналған. Шығармашылық табыс, тың өріс тілеймін», - дейді.
Кеште «Алқа» әдеби сазды ұйымының бір топ жас өрендері ақынның кәусар сезімінен туған өлеңдерін бүкіл жұлын-жүйкесімен сезіне оқып, тыңдармандардың ыстық ілтипатына бөленді. Әдемі ән де шырқалды. Әлия Бекежанқызының өнердегі інісі Асхат Әмірғалиев Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Махаббаты сезіну» әнін әдемі нақышта орындап шықты.
Кеш соңында Әлия Бекежанқызы: «Бүгінгі тамаша кеш үшін бәріңізге рақмет! Бұл кештің осында отырған біршама қаламдасымыздың рухани анасы Фариза Оңғарсынова апамыздың залында өтуі де сәйкестік секілді. Бүгінгі кітапхананың әдемі залы мен өлең сүйер оқырмандарымның ықылас-көңілі үшін көп-көп рақметімді айтамын. Расында Фариза апай бізге қалай өлең жазуды емес, адам болуды үйретті. Ол кісі еліміздің әр қиырындағы іні-қарындастарын бауырына басып жақсы көрген еді. Соншама қым-қуыт шаруамен жүріп, алыста жатқан менің де хәлімді сұрап тұратын. Күндестік пен бақталастықтан аман болуды үйретті. Атырау өлкесінде тамаша ақын қыз-жігіттер өсіп келеді. Солардың жолы болса екен дейміз. Артымыздан ерген қара үзілмесін. Алдымыздағы аға-апаларымыз аман болғай!»,- деп, ақ тілегін айтып, оқырмандарына «Нарын» атты жырын оқып берді.
Бөлісу: