«Тар кезең» ағылшын тілінде жарық көрді
Бөлісу:
Бүгін яғни желтоқсанның 6-сы күні түске дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толуына орай тұңғыш рет ағылшын тілінде жарық көрген «Troubled times» («Тар кезең») тарихи романының таныстырылымы өтті.
Жазушы проза жанрында еңбек еткеннен бөлек аударма саласында да тер төкті, Р.Акутагаваның, С.Моэмнің, П.Мерименің, Ги де Мопассанның, Д.Фонвизиннің, т.б. әлем әдебиетінде аты мәлім бірталай жазушының жеке дүниелерін, сонымен бірге түрікпен жазушысы Т.Жумагелдиевтің «Егес» кітабын, А.Скалонның «Бақыттың алтайы түлкісі» прозалық жинағын қазақшаға аударған. Ал енді Сырым батыр туралы жазған «Тар кезең» романы - жазушының жиырма жыл ғұмырын арнаған, көз майын тауысып, төзімін сынап, рухымен жазған үлкен дүниесі. «Тар кезең» тарихи романына 2014 жылы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Кітаптың тұсаукесеріне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, публицист және аудармашы, Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин, ағылшын аудармашысы Саймон Холлингсуорт, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Túrkistan» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қарағұл батырдың ұрпағы Сабыржан Сағидоллаұлы сынды бірқатар зиялы қауым өкілдері және студенттер мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Іс-шараны жүргізген Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин «Ағылшын әлемінде бір миллиард адам бар, менің арманым – қазақ жазушыларының шығармасын бірден ағылшыншаға аудару болды», - дей келіп, ПЕН-клубтың соңғы кездегі жеткен жетістігі, шетел тіліне аударылған қазақ шығармалары туралы айтты. Кітаптың лентасы қиылғаннан кейін аудармашы Саймон Холлингсуорт «Тар кезең» романының аударылуы туралы баяндады.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі:
Қажығали ағайдың қайтыс боларының алдында жазып кеткен Абай туралы мақаласы абайтануға қосылған үлес болды. Қажығали ағаны тағы да бір қырынан танығандай болдым, дінтанушылық жағын, теологиялық тереңдігін, Абайдың философиясына өте тереңдеп енгендігін байқадық. Жалпы Қажығали ағамыз керемет прозаик, көркем сөздің зергері ғана емес, зерделі зерттеуші болатын. Сұлу да сырлы сөздің Сырымына айналды. Әрбір нәрсеге мұқият қарайтындығы – жиырма жылға жуық жалғасқан шығармашылық еңбегінің нәтижесі. Сырым арқылы қазақ тағдырын, Жайық бойындағы жайылымның тарылып, отарлық қамытын кие бастаған елдің тарихын жазып, әлеуметтік үлкен тақырыпты қозғады. Ол кісі кез келген мәселеге тыңғылықты дайындалатын. Бүгін таңертең «Егемен Қазақстаннан» Төлен ағамыздың сағынышқа толы мақаласын бәріңіз көрген боларсыздар. Төлен аға айтқандай, Қажығали ағамыз тазалықтың эталоны сияқты еді. Ол кісі әділдік үшін күресетін. «Ғалымның өлімі – ғаламның өлуі», - дейді, қаламгерлерден айрылып қалғанымыз – әдебиеттің көшуі сияқты ғой, ағаларымыз аман болсын. Қажығали аға бір жағы қайраткер болатын, ПЕН-клубқа үлкен еңбек сіңіргенін білемін, Әбемен бірге Берлинге барып қайтып, тілдің тағдырына байланысты үлкен мәселе көтерген, – деп жазушының 80 жылдығына тарту жасап отырған ПЕН-клубқа ризашылық білдірді.
ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет:
Қажығали ағаның кітабы өте күрделі құрылымда жазылған кітап. Ол кісі бұның алдында повесть жазып бастады, сосын оны романға айналдырды. Романын жазуға жиырма жылдан астам уақыты кетті. Біреулер бір романды бір жылда, тіпті жарты жылда жазып тастайды. Ал оның әбден иін қандырып, халыққа мәңгілік мұра ретінде ұсынған еңбекқорлығы сирек кездеседі. Сырым Датұлы заманы көзден ұшып, көңілден кетіп қалған кез ғой, Сырым Датұлының сөзін, ерліктерін жеткізуде тарихи детальдарды қайдан тапты, ол үшін архивте отыруына, сарылып іздеуіне тура келді. «Инемен құдық қазғандай» жұмыс атқарды. Ол кезде «Жұлдыз» журналын басқаратын едім, романды маған алып келді, «Тар кезеңді» шып-шырғасын шығармай жариялап бердік. Халық бірден керемет жақсы қабылдап, дүркіреп кетті. Резонанс туды, мемлекеттік сыйлықты да бірден алды. «Жүндес қол» әңгімесінен бастап бар жазғанын білеміз», - деп, аудармашы мен ПЕН-клубқа еңбектері үшін алғыс айтты.
Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы: «Тар кезеңді» бүгінгі әдеби-мәдени ықпалдастықтың биігі деп қабылдаймын. Қазақ жазушыларын аударатын аудармашы қазақтың тарихын, жағрапиясын, жағдайын білуге мүдделі. Саймон мырзаның еңбегін сол тұрғыдан көремін. Әлемге танылсақ деген ниетті дұрыс қабылдау керек, сондай ақ, аударма әлемге қалай жетіп жатыр дегенге де ойлануымыз керек», - деп романның ағылшын тіліне аударылуына қуанышты лебізін білдірді. Ақтөбе облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Алтынай Юнисова жазушының 80 жылдығына арналып облыста өткізілген іс-шаралар туралы айтып өтті.
Ғалым Серік Негимов Қажығали Мұханбетқалиевтің «Бас жұтқан бас», «Қайдағы-жайдағы» туралы әңгімелері туралы айтып, «Қажекең Сырым Датұлына қатысты 10 мыңға жуық құжаттарды қараған», - деп жазушы еңбегіне кеңінен тоқталды. Сондай ақ, жазушы Қуаныш Жиенбай, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаров, жазушы Шархан Қазығұл, Амангелді Кеңшілікұлы, т.б. сөз сөйледі. Қажығали ағайдың зайыбы Сұлухан Фатихқызы ұйымдастырушылар мен осы игі істің басы-қасында жүргендерге ризашылығын білдірді.
Бөлісу: