Қажытай Ілиясұлы. ЖЫЛҚЫНЫ ОЙЛАСАМ, ЖЫЛАҒЫМ КЕЛЕДІ...

Бөлісу:

01.01.2023 2384

Қазақ өзін тану үшін, әуелі жылқыны жыға тануы шарт. Өйткені, қазақ тарихы мен жылқы тарихы әу бастан бірге өсіп, біте қайнасқан тарих. Қазақсыз жылқы тарихы, тірілмейді. Бұл екеуі бөлінсе, тарих тамырына зақым келгендіктен, зорлықтан бөлінеді. Зорлық жайлаған жердің тарихында жүйе, мұрасында ие болған емес. Баяғы турашыл қазақтардың «белгісізден би, белдеусізден үй шығаратын» тұсы да сол. Әлеуметтік теңсіздіктен шындық шырағы қараулап, тарих өшкін тартады. Сондықтан да оны қайта жазу қажеті туған жоқ па?! Ал өшкін тартқан тарих өлген тарих емес, тіріледі. Тарих тірілгенде, оған зорлық жасаушылар өзін-өзі ұстап береді. Бұйырса, ендігі ізденіс қазақ тарихына да, жылқы тарихына да жасалған зорлықтың ініне су құяды. Басқа жолы жоқ. 

Ендеше, ең алдымен, тұлпардың түбін тінту керек. Жылқының арғы атасын анықтамай тұрып, оның қашан жаралғанын, қайда жаралғанын білмей тұрып, қазақ тарихына төккен тер, төңкерген қол зая. Жатпай-тұрмай жылқының ізіне түсу керек және шығу тегін білу керек. 

Марқұм Ақжан Машанов «Қазақтың тарихы – тілінде» деген екен бір журналға берген жауабында. Жаны бар сөз. «Жылқы атасы Керқұлан», «Жылқының арғы атасы – керік, бергі атасы – құлан» деген сөздер көшпенділер әулетінің соңғы бұтағына ауызша жеткен дерек. Енді құланды іздейсіз ғой? Аяңдап, Алматыдағы Орталық мұражайға барсаңыз, тұсына «Құлан 93 түрлі шөп жейді» деп жазылған құлағы қарағайдай көк есекті көресіз. Оның жанында В.В. Климовтың «Лошадь Пржевальского» деген кітабынан үлкейтілген бір топ көкала есектің суреті тұрады. Суретке берген автордың сипаттамасы мынадай:

«Куланы или полу-ослы – родственники и ослов и лошадей». 

Мінеки, бұл шындық пен өтіріктің, дұрыс пен бұрыстың, жылқы мен есектің шекарасы. Олай деуімізге себеп – бұл өз аяғынан келмей, зорлықпен, есеппен келген есек. Жай тұрмай, асса зерттеушінің, қалса көрерменнің дүние танымын тұмандатып, құланның ізінен адастыру үшін тұрған есек. 

Егер біздің тарихшыларымыз мұны «Құлан» деп ұғынса, құдайдың ұрғаны. Айталық В.В. Климов біреудің «жылқысы» туралы қолақпандай кітап жазады екен. Үн-түнсіз отыра бермей, сұрақ қойып, шикі жерін анықтамаймыз ба?!

Біріншіден, құлан мен есекті айырмай тұрып, В.В. Климовтың жылқы туралы сөз қозғауға қандай моральдық құқы бар? Екіншіден, есектің суретіне «Құлан» деген анықтаманы жүрексінбей бергенде, сол есектерден құланда болатын белгінің қандай түрлерін көрді екен? Үшіншіден, есек суретіне анықтама бере тұра, неге ол тұжырымына табан тірейалмай, біресе есек, біресе жылқының туысы деп құйындай құбылады? Төртіншіден, Пржевальскийге меншіктейтіндей бұл жылқыға оның қандай еңбегі сіңген?

Мінеки, қазақ тарихын жүйелеуге қам-қаракет жасап жатқан азаматтарымыз осы сауалдарға жауап тапса, бірталай мәселенің беті ашылар еді. Гәп «Құлан» жөніндегі анықтаманың ойнақшуында жатыр. Сондықтан, есек туралы және есек пен жылқының арасынан туатын «қашыр» деген хайуан туралы екі ауыз сөз қыстыралық! 

«Көзімен көрген құдайдан да артық біледі» дейтін ұйғыр халқының бір қызық мақалы бар. Сол мақалды туғызған елді аралап, тіршілік – дағдысымен танысқан адам есектің түр-түрін анықтап, тапалын да, тайдай мелжемдісін де тамашалайды. Олар түсі жағынан да парықты. Көк-аласы да, ағы да, қарасы да кездеседі. Тіпті, есектің жер бетіндегі ең көп өсірілетін аймағы да сол Батыс Қытайдағы ұйғырлар мекені шығар. Жергілікті ел оның айғырын «әңгі», ұрғашысын «меде», төлін «тахай» деп атайды. Құланның атын иемденіп, мұражайымыздың төрінде тұрған мына хайуанның анық есек екенін, солардың ересегі түгіл, бала-шағасы да айырады. 

Тегі бөтендігінен шығар, айғыр есекке өлімінде шаппайды. Қол-аяғы байланбаса, есекке бие де шаптырмайды. Қарасын көрген жерден қашқақтайды. 

Ал әлгі есек туғалы тұрған биеге де ұмтылады. Жылқы табынына кезіккенде, тоштыраңдап, онысын бір, мұнысын бір қуатыны бар. Бірақ жылқы жолатпайды. Үйірге таласар мінез көрсетсе, қаса айғыр түгіл, сәуріктің өзі есектің тас-талқанын шығарады. 

Хош, қашыр қалай туады? Сол елдегі сауда-саттықпен, кіремен айналысатын кейбіреулер биенің аяғына шідер салып, әңгі есекке зорлықпен шаптырады. Басқасы олай істемейді, обалсынады. Есектен шыққан бие мезгілі жеткенде құлын таппай, қашыр табады. Құлағы, тұяғы, құйрығы есекке, түсі биеге тартқан, әкесінен әлдеқайда сұңғақ бір хайуан туады. Мұны сол өлкенің халқы «қашыр» деп атайды. Өзі есектей төзімді, жылқыдай жылдам. 

Қашырдың бір ғажабы – ары қарай тумайды, төлін жарып алады. Сондықтан тұқымы өспейді. Жұмысын тоқтатпайтындықтан, қашыр, әсіресе, сол кірекеш үшін ғана бағалы. 

Табиғаттың мұндай құпиясын В.В. Климов мырза білуі керек еді ғой. Сонда тап-таза зорлық арқылы есекке туыс, жылқыға жиен болатын қашырдың құланға үш қайнаса сорпасы қосыла ма?!

Ал, құлан есектей ынжық емес, тақ тұықтының айдындысы. Тілімізде «Үйірлі құлан ақсағын білдірмейді» дейтін қанатты сөз бар. «Құлан қарауылдап» деп жатамыз. Мінеки, бұл құланның өте үйірсектігін, қарауылсыз жусамайтын қағылездігін аңғартса керек. Үйірсек болмаса, Шыңғыс ханның немересін өлтіре ме? Жошының бел баласын о дүниеге аттандырып, «Ақсақ құлан» күйі содан туған жоқ па еді?! 

Құлан – жылқының түп атасы. Жаратылыстық жақындығы, табиғи қандастығы болғандықтан жылқы оны жатырқамай, үйірлесіп кетеді. Керек десеңіз, құланның айғыры сәуріктен үйір тартып алады. 1830 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл жағында ғұмыр кешкен Бөкенбай (Сүйегі – Қожамбет, Қабанбай батырға Қубасты мінгізген) деген кісінің жылқысы құланға шатысып, содан туған құлындардан айғыр салғанда, он-он бес жылдан кейін жылқысының қақ жартысы шұбарға айналыпты, – десетін біз көрген шалдар. Оған имандай сенемін. Себебі, ол заманда құлан жыртылып айырылады екен. Сол Бөкенбай жайлауына шығатын бөктерде «Айғыр-көмген» деген жер бар. Оны маңдайына 7 мың қара тұлпар біткен Уақбай деген кісі атандырады. Шамамен, 1874 жылы Уақбай соғым сойғалы жатқанда, «Ақши» деген ауылға үш құлан жетіп келмей ме? Сары етімен ғана шөпте тұрған «Мақпал қара» деген жүйрік атқа міне салып, ең үлкенін қуып кеп береді. Жошының ханзадасындай емес, Уақбай қолы қатты батыр адам екен. Құлан – тоқ, ат-жырау. Екінті шенінде бақанмен ұрып жығыпты. Сөйтсе, әлгі құлынның айғыры екен. Ізімен келген Байтайлақ деген қайнағасы екеуі құланның бір қолын сөгіп алып, қалғанын қарға көміп кетсе керек. Мінеки, жер атының тарихы. Енді бір зерттеуші Алтай аймағының (Қытайда) Буыршын ауданындағы Орсақ зәңгі деген кісінің жылқысына 1940 жылы Құлан үйірлесіп, кілең орауыз, ақтаңгер құлындар туғанын, Орсақ зәңгі сол құлындардан айғыр салып, бертінге дейін орауыз, ақтаңгер жылқы өсіргенін жазады. 

Демек, бұл кездейсоқ емес, жылқының түпатасы құлан екенін растайтын белгі, бұлтартпайтын айғақ. Тегінің ұқсастығы, тіршілігінің үндестігі болмаса, даланың аңы, үй жануарына қайтып үйірлеседі?!

Ал, құлан қашан жаралды? Оның бөгернайы, тіршілік – дағдысы қандай? «Пржевальский жылқысы» деген қайдан шыққан? Енді осыған келейік. 

Бұдан 75 миллион жыл бұрын жаралған алғашқы ата жылқыдан (геколерюм ехиппустан) тартып, құланның қазіргі дүние жүзіне таралған зәу-затына» дейінгі даму тарихын жүйелеген Мамырқан Қалиасқарұлы «Қазақтың жылқы шаруашылық шежіресі» атты кітабында бұл мәселеге кең ауқымда тоқталады. Иә, 75 млн. жыл... 

Содан бері дүние сан сапырылып, жаратылыстық өзгерістерге ұшыраған жылқының кемеліне келіп, адамзат игілігіне жарай бастаған тұсын зерттеуші былай тиянақтайды: 

(Ілиясұлы Қ. Жылқыны ойласам, жылағым келеді... // Жетісу газеті, 1998, 10 қараша. – Б.-3)

«Нағыз жылқы (екуус); 4-ғасырда осы заманғы жылқы жаралды...нағыз жылқы тақтұяқты болғанымен, қазіргі жылқылардан айқын парықты. Мұндай жылқыны қазақ «Құлан» деп атаған. Мысалы, басы үлкен, әрі ұзын, қушық, борбайлары шидиген ұзын... Шежірені жылқы атасының бес сатылы даму тарихы бойынша жинақтағанда, құлан – (нағыз жылқы) қазіргі қол жылқыларының ата-тегі» (5-6 беттер). 

Енді өзіміз аздап ойланайық! Дәл сол кезеңде, адамзат арасында кәсіпкерлікке деген қандай ұмтылыс, қандай құлшыныс болған еді? Қысқасы, тіршілік әліппесін ашқан кім? Естеріңізде шығар, ерте дүние тарихында, құланды ең алғаш қолға үйреткен, ағаштан үзеңгі жасап, мінген, арбаға жеккен скифтер тайпасы деп оқымап па едік? Иә, оқыдық. 

Ендеше сол құлан – (нағыз жылқы) Керқұланның да, Тарпаңның да, Африкадағы шұбар жылқының да түпатасы. Ал Скифпен – Қазақтың да, Ғұнның да, Түріктің де түбірі бір. Ендігісі мидай жазық емес пе?!

Шаруашылыққа көндіккеніне «жылқы» деген ат беріліп, оны нәсілдендірудің кейін келе не ғажайып тәсілі табылды. Ал даладағы асауы сол баяғы «Құлан» деген атымен, өз бетінше өсіп-өне береді. 

Хош. «Пржевальский жылқысы» деген не? Ол – кәдімгі біз айтып отырған құлан. Ендеше оған Пржевальскийдің қатысы қанша? Әңгіме осында тұр ғой. Жасырып-жабатын не бар, Пржевалский қазаққа қотыр тай әкеліп берген адам емес, не бір бие құлындатып көрген жоқ. Бірақ бұл дақпырттың шығу себебі былай: кезінде орыс экспедициясымен Пржевальский Орта Азияны үш-төрт мәрте шарлаған кісі. Ресей патшасы бірде оған Ақсуды іздетіп, енді берде Зайсаннан Мырзаш деген кісіге жол бастатып, сонау Тибетке дейін аралаған ғой. 1876 жылы қайтарда Жоңғар даласындағы құланның мол үйіріне кезігеді. Жай саяхатшы емес, генерал-майор шені бар, әскери адам құралсыз жүре ме? Біреуін дереу атып алып, басы мен терісін мұражайға өткізеді. Болған, біткені осы. 

Арада 5 жыл өткен соң, 1881 жылы патшалық зоологиялық мұражайдың сүт қоректілер бөлімінің меңгерушісі – И.С. Поляков генералға жағынғысы келе ме, әлде басқа да «есеп-қисабы» бар ма, әйтеуір құланның қу басы мен қураған тулағына қарап отырып, «Пржевальский жылқысы» деген ұйғарым жасай салады. Тіпті осы тулақтың пұшпағынан ұстап, өзінің де атағын шығарғысы келгендей. Өйткені, алғашқы сипаттамаға: «Екуус – Пржевальского, Полякова» деген ғой білдіңіз бе?! Сіз оны айтасыз, И.С. Поляков, бұл жылқы Шығысеуропалық тарпаңға жатпайды және өзінің түр-түсі бойынша, Азиялық жабайы есек пен кәдімгі жылқының арасындағы жануар деп соққан ғой. Құланның тулағын тумысында көргені осы болса, қазақ арасында жүріп, оның басын мұжымаса, ештеңесін зерттемесе, енді не десін?! 

Бірақ Поляковтің мұндай үстірт жорамалына Батыс Еуропаның ғалымдары кезінде түгел қарсы болған. Немістің жүйелеуші ғалымдары Лидеккер мен Шварц бұл құланды («Пржевальский жылқысын») жеке түрге жатқызбай, кәдімгі қол жылқысының тармағына енгізді. Ол пікірді басқа түгіл, орыс зоологы В.Г. Гептнер де қолдап, жылқымен төркіндес екенін дәлелдеп шықты. 

Зорлық жүрген жерде әділет бола ма? Құланның өз атын жайына қалдырып, ешқандай негізі болмаса да совет ғалымы В.И. Громова тістей қатып, Пржевальский жылқысының атағын сақтап қалуға жанталасты. Бұл дақпырттың салақтап, ғасыр бойы қалмай келе жатқаны да сондықтан шығар. Енді ойлап отырсақ, ол тіпті құланды қойып, қазақтың өз атын да дұрыс атамай, «Қырғыз» атандырып жүрген кезі екен ғой. 

Ал Пржевальский атып әкеткен құланның туған топырағында жүріп, қалған тірі құланның бітімін, тіршілік дағдысын зерттеп, жылқының даму тарихын жүйелеген Мамырқанның құланға берген сипаттамасынан үзінді келтірейік: 

«Бітімі: тұрқы 2 м, биіктігі 1,5-1,3 м, мойны қысқа әрі жуан, жалы – тік, сұйық, қайратты келеді. Басы – үлкен, кеңсірігі – жалпақ, танауы, астыңғы ерні мен иегіне сояуша сезік түгі өседі. Құлағы қысқа, қалың, ұшында жарты ай тәрізді ойығы болады. Денесі – жалпақ, жоталы, бес белдемелі қарын сау, сымпыс құйрық, жүні ірі, қалың, жазда орауыз, ақтаңгер, қыста орауыз қарагер болып көрінеді. Жалынан құйрығына дейін созылатын қара сызығы болады. Бауыр, қолтық, шап, шат, құлақ іші ақшулан болады. Жауырын, иық, мойын бөлімдерінде қара-қоңыр жолақты гүл бедерлі қалы кездеседі. Шашасы – қысқа, тұяғы – тікше, шаралы келеді. Құйрығы, шашасы, тізе, тірсек жүндері қара болады» (7-8-беттер). 

Ал, құлан өте қағылез аң дедік. Соңына ұзақ түспеген адам оның күнелту дағдысын, мінезін қалай білмек?! Мамырқан біледі. Білгендігі үшін көріп тұрғандай айтады: 

«...5-тен, 20-дан бірігіп, бір шағын үйір құрап жүреді. Түсте немесе кеште дағдылы жолмен суға түседі. Қыста бір талай шағын үйірлер бірігіп, жер қайысқан табынға айналады. Бетеге, ақшөп, теріскен, итсигек, күлгін, сексеуіл, ермен, жыңғыл, тасбүрген, қылқанды селеу, дүзген, шөлейт қамсегі, т.б. қағырда өсетін өсімдіктер жабайы жылқының бағалы қорегі, қақтар – суаты.

...Әр жылдың шілде (июньді айтып отыр Қ.І.) айында үйірге түсіп, келесі жылдың мамыр (апрельді айтады Қ.І.) айынан бастап, құлындайды. Айғыры – төтенше сақ, айбарлы, үйірін ит құсқа алдырмайды» (9-бет).

Осы бөгернайды құланның кебін киіп, атын жамылып тұрған мұражайдағы есекпен салыстырғанда, екеунің айырмасы жер мен көктей емес пе?! Иісі Скиф әулетінің, өмірбаяны болып есептелетін құланды Пржевальскийдің қанжығасына бөктеріп бергенімен қоймай, оның орнына есек байлатуын қараңызшы?! Мінген атымен, жау-жарағымен көметін сақтардың салты бойынша, ізденістен алтын киімді адам табылды. Білге, Күлтегін бастаған көк түрік арыстарын атымен бірге жырлаған өлеңдер тасқа қашаулы тұр. Үйсін заманында жылқы нәсілі артып жорғаның даңқы жер жарды. Ғұн заманын қарасаңыз атты әскердің өнері үстем. Мінген атын асына сойып, жерошағын қоңырсыту – қазақта да сақталған салт. Өйткені, осылардың қай-қайсысы да атты азаматтан, азаматты аттан айырған жоқ. Ал қазақтан жылқы, жылқыдан қазақ 1920 жылдың аяқ шенінде айрылды. Айрылмайтын еді. Балтамен шапқандай күшпен айырды. Бірінсіз бірі ғұмыр сүре алмайтындықтан, 3,5 миллион қазақ қырылып қалды. 

Ой, пірім-ай, дым білмейді екенбіз-ау! Әнеки, сондай күйзелуден ел есін жия алмай, жасын тия алмай жатқанда, мұражайымыздың төрінде тойтыңдап, кітапқа суреті шығып жүрген жаңағы есектер 1935 жылы өзінің затымен, құланның атымен, ғылыми төзімге («Лошадь Пржевальского», 32-бет) енгізілген екен ғой. 

Мінеки, жылқы тарихына жасалған зорлықтың көзі! Міне, қаны сорғалап генерал-майордың қанжығасында кеткен құланның ізі! Құланның ежелгі атын өшіріп, «Пржевальский жылқысы» деген лақап атты орнықтыру үшін В.В. Климов оның дақпыртын дабырайтып, кітап жазбағанда, қайтеді?!

Тіпті оның табиғатын танытпай, затын жасыру үшін, құланның орнына есекті қойғызбай, ешкіні қойғыза ма?! Енді бұл есектің құландай құлағы қысқарып, тұяғы жұмырланып, құйрығына қыл бітсе, тасқа тары, мұзға бидай өнеді. Ол болмайды да! Себебі, ол жаратылыс заңы құлан мен есек қан-жыны қосылмайтын екі тектің өкілі. 

Енді бір әңгіме бар. Қазақ баласы, қазақ деймін-ау, иісі мұсылман әулеті есектің етін жемейді, сүтін ішпейді. Өйтетіні, ежелдің ең күнінен келе жатқан «Есектің күші адал, сүті – арам» дейтін тәмсіл бар. Баяғыда ақшаға құныққан біреудің есектің етінен кәуап (шашлык) жасап, сотталғаны құлағымда. 

Ал құлан – сонау IV ғасырдан бергі ата-бабамыздың ұшса – қанаты, жесе – азығы, ішсе – сусыны емес пе еді?! 

Тіпті, сол ет-сүт тағамы да көшпенділерден тарағаны дау тудырмаса керек. Мысалы, Ресей жерінде тұңғыш рет ірімшік қайнатуға 1887 жылы Верещагин (суретші Верещагиннің інісі) қатысса, оның құрамын Аристотель жазғалы қай заман? Технологиясын «Дала уәлаяты» газетіне Мұхаммед-Салық Бабажанов жазғалы қай заман еді? 

Сонда Климовтің кітабына сеніп, жерден желкек тапқандай мұражайға есек әкелдіргендер құлан туралы қандай ұғым таратып, нені насихаттап отыр? Бұл құрып қалғыры қалтарыс-бұлтарыста тұрса екен-ау! Алматының ең көркем жерінде, тура Елбасы резиденциясының түбінде тұрғаны қандай ерсі?!

Бүкіл атамұрамызды қыдырған генералдың қанжығасына байлап бергені аз болғандай В. Климовтың жылқы тарихын бұрмалап, құланды теріс түсіндіруінде қандай есеп бар?.. Осыншама жерді білектің күші, найзаның ұшымен алғанда, біздің ата-бабамыз құдіретті құланға, Климовша айтқанда «Пржевальский жылқысына» мінбей, мұражайдағы есектің қодығына мініп пе екен?! 

Мінеки, мұның бәрі көрбалалықтан, биліктіде білім, білімдіде билік болмауынан туған шатақ. Бәлкім, Климовтың кітабына сеніп, қорықта есек бағып жүргендер де бар шығар. Қорық болған соң, өлім-жітімсіз бола ма? Климовқа сенген әлдекімдердің құлан деп есектің етіне тойып алып, тісін шұқып жүрмегеніне кім кепіл? Онда адамгершілік заңы тарих бұрмалаушыға кешірім жасамай, көстиген екі аяғын бір етікке тығады. Климов кітабында мынадай жолдар бар екен: 

«Я работаю в зоопарке «Асканиянова», и в степи меня встреяает табун диких азиятских лошадей, названных по имени легендарного русского путешественника и первооткрывателя просторов Азии лошадями Пржевальского» (8-9 бет). 

Сонда деймін-ау, «Құланның терісі алынып, жаңалық ашылған» жердің төрт жағында түгел үйіне жылан кірсе, басына ақ құйып шығаратын қайырымды қазақ отырғанын, сол кезеңде жылқыны байлықтың өлшемі санап, бәсекемен өсірген қазақтың кейбіреуі тіпті жылқысының санына жете алмайтынын, ал оның ата-бабасы «Пржевальский жылқысының» ата бабасын сонау IV ғасырдан бері өркендетіп, ең таңдаулы сортын дүние жүзіне таратып келе жатқанын бір минут болса да ойлады ма екен?! Әй, ойламаған сияқты. Содан барып есіме тағы сол Ақаңның (А. Машанов) баяғыда «Шалқар» газетінде жарық көрген «Дін және ғылым» деген мақаласы орала кетті. Онда, Ыдырыс пайғамбардың, Мұхаммедғалаһи уәссәләмнің әкесі Ыбырайымның тұсындағы ғылыми олжаның еленбей келгенін, қола дәуірінде жер бетіндегі ең алғашқы шеге Шығыс Қазақстандағы Қалба тауынан алынғандығын, Ғарыш жөніндегі «Эйнштейн теориясы» деп жүргеніміз - Әл Фарабидің «сәуле шашу» теориясы болып шыққанын үлкен ғылыми форумда дәлелдеп бергенін, тыңдағандар толық мойындағанын айта келіп, кейбір Еуропа ғалымдары сондайдың түбірін өздерінен шығаруға тырысатынын ескерткен еді. 

Мынауыңызда да сондай бірдеңенің шалығы бар-ау! Сөз ләміне қарасаңыз, қашан Пржевальский барғанша, ондағы жұртта жер қайыстырып жылқы айдамақ түгілі, тіршілік нышаны жоқ сияқты. Табиғатты аямайтын, ештеңені парықтамайтын, әлдеқандай феодалдардан әрең құтқарылған құлан рахатты тумысында енді ғана көргендей. Ондағы хайуанаттар паркіне де құлан («Пржевальский жылқысы») көктен түскен жоқ қой. 

Құланның тулағын көрген соң, Еуропа зерттеушілерінде ес қалмаған-ау! Мамырқан Қалиасқарұлының айтуынша, із құрғатпай барып, 1898 жылдан 1902 жылға дейінгі 4 жалдың ішінде, Кеңсу (Гансу өлкесі), Шин-Жияң, Қобда жерінен құланның 68 құлыны әкетілсе, соның бір тобы әлгі «Аскания-Нова» фермасына сіңірілген екен. Климов есектің кебімен елді алдағанша, қазіргі 60 елдің хайуанаттар бағындағы 400 құлан әлгі құлындардың нешінші ұрпағы екенін содан сұрасашы?! 

Әттең барды бағаламаймыз ғой. Әйтпесе тауық тектес құстардың дыбысын зерттеген Батыс Германиядағы профессор Боймердің атын әлем біледі. Әлемдегі жылқыны алақанындай білетін Мамырқанды өз өлкесінен басқа кім біліп жатыр?! Ырысы бөлек болғанмен, туысы бір бауырымыз (шет елде тұрады) Мамырқан Қалиасқарұлын қазіргі жылқытану ғылымының пайғамбары десе сияр еді ғой. 

Ал қазір Қазақстанда тұлпардың тұқымы жоққа тән. Оның себептері мен тамтығын тауып, қалпына келтірудің, нәсілін жақсартып, бағып-баптаудың проблемалары туралы қол тигенде айта отырармыз. Жалпы, жылқытану ғылымына қазақтың қосқан үлесін, ата-бабамыздың жылқы өсірудегі, ат жаратудағы кемеңгерлігін, бұл жануардың әлгіндей қорланған тарихын ойлағанда, жылағың келелі. Мал төркініне обал-ау дегенді ескеріп жүрген ешкім жоқ сияқты. Егер бар болса,и жылқы тегіне қатысты біз білетін әңгіменің бір ұшығы осындай. 

Қарап отырсаңыз, бәрі де түбірін өзімізден шығарсақ деген бір пысық ниеттен туған-ау деймін. Радионы 1904 жылы Попов ашты деп оқыдық. Оны ашқан Италия ғалымы Маркони екен. 1770 жылдары бу машинасын Ползунов шығарған деп оқыдық. Оны ашқан ағылшын ғалымы Уайт екен. Ал қара шешекке қарсы егілетін вакцинаны 1796 жылы ағылшын ғалымы Эдуард Жаннер атпқан деген дақпыртты бүкіл медицина институттары оқыса, оны өзіміздің атамыз Өтебойдақ Тілеуқабылұлы Эдуард Жаннерден 350 жыл бұрын айналымға түсірген екен.

Содан ойлағанда, мұндай дақпырттан жылқы тарихы тазарып, Поляков, Климовтар құдайдың жүзін, құланның ізін көретін шығар? Бірақ бұл ел болып ойласатын, Елбасы араласатын әбден асқынған мәселе. Асқыну емей немене, дүние жаратылғаннан бергі бүкіл бір халықтың бойына сіңген ұғымы зорлықпен өзгертіліп, ұлт ретіндегі өмірбаяны былғанса. Асқыну емей немене, жер бетіндегі жыбырлаған жылқының ата-бабасы бола тұра, құлан жарықтықтың есімі ербиген есекке көшіп, өзін біреу иемденсе. Азансыз ат қойып, «Пржавельский жылқысы» деген айдар тағып алса. Асқыну емей немене, көпе-көрінеу зорлықпен тықпаланған бұл атаулар дүниежүзілік ғылыми тізімде әлі күнге дейін күшін жоймай тұрса. 

Демек, бұл әбден болары болып, бояуы сіңген зорлық. Бояуы сіңбесе, бұрын мал мамандарының құлағына 60 жыл құйылған қате «Қағида» тәуелсіз елдің бағдарламасына ілігіп, қазіргі студенттің құлағына құйыла ма?! Бояуы сіңбесе, теріс түсінік еттен өтіп, сүйекке жеткенше, «әу» деп ауыз ашуға жарамайтын ғалымдарымызға не жорық?! Олардың «Аш құлақтан – тыныш құлағы» бар. Әлденені іші сезгенімен, тіс жармауға бейіл. Бірлі-жарым адамның, жекелеген топтың қолынан келе салатын оп-оңай жұмыс дейсіз бе? Шіркін, ғылыми тізімге билігі жүретін ғалымдар біздің осы үнімізді естіп, мұңымызды өз тілінде ұғынса, қазіргідей бишаралығымызды есіркеп, бір жауабын айтар ма, еді, әлде ішексілесі қатқанша күлер ме, еді?! Күлсе, күлерлік, жыласа, жыларлы нәрсе: өйткені бұл – ендігі адасу мен адаспаудың жол айрығы. Елбасына да салмақ түсетін жер – осы. Жылқының басын ашып, құланды қолжаулық жасаттырмауға Нұрсұлтан Назарбаевтың бет-бедел, ақыл-айласы ауадай қажет. 

Қайткен күнде, жылқытану ғылымының қайнарын аршып, қолдан ылайланған арнасын тұндыру, сөйтіп, қасиетті құланды ғылыми тізімге өз аты, өз затымен енгізу – қазіргі тарих талабы. Оны тұндырмайынша, тарих тазармайды. Онсыз ғылым туралы сөз қозғап, өткенімізден олжа іздеу құр құдыққа қармақ салумен бірдей.              

 

(Ілиясұлы Қ. Жылқыны ойласам, жылағым келеді... // Жетісу газеті, 1998, 12 қараша. – Б.-2)

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар