Дидар Амантай. Тоты құс түстi көбелек
Бөлісу:
Қазақтың көрнекті қаламгері Дидар Амантайдың жиырма бес жасында жазған бұл романы алаш оқырманына кеңінен таныс. Романда бейнеленетін образдардың басым көпшілігі өмірде болған адамдар, тіпті, автордың жора-жолдастары, дос-жарандары, ағайын-туысы.
Шығармадан жас жазушының жан-жақты ізденістерімен қатар, сәтімен жүзеге асқан жоспарын, талпыныстарын ,табыстарын байқаймыз, айрықша жазу мәнері, сол шатқаяқ өліара кезеңде, аумалы-төкпелі заманда қалыптасып келе жатқан талғамы, енгізген жаңалықтары, әдеби әдіс-тәсілдері көзге бірден түседі.
Роман
Екінші басылым
…Есть эпохи, когда целое поколение оказывается между двумя эпохами, между двумя укладами жизни в такой степени, что утрачивает всякую естественность, всякую преемственность в обычаях, всякую защищенность и непорочность.
ГЕРМАН ГЕССЕ
Я предупредил тебя, случайность, и отгородился от всякого твоего тайного проникновения. Ни тебе, ни другому какому обстоятельству мы не выдадим себя. Но когда необходимость поведет нас, мы, с презрением плюнув на жизнь и на тех, кто за ней попусту цепляется, уйдем из жизни, в прекрасной песне победно восклицая, что жизнь нами хорошо прожита.
ЭПИКУР
I тарау
Тегінде, бұрын – Асқат Жақанұлын бiлмеушi едiм. Екеумiз қарқаралылықтар бас қосқан сауық кешiнде, ойын-тамашада кездейсоқ жүздесіп, жақын таныстық, сосын көпке шейiн бiр-бiрiмiздi орайын тауып, кезiктiре алмай жүрдiк. Қарындасым оның бокспен шұғылданатынын айтып, менi одан сайын қызықтыра түстi. Асқат Қарағайлы қалашығында қазақ орта мектебiн бiтiрiп, сол жылы Алматыдағы политехникалық институтқа құжаттарын тапсырады. Ол жақсы дайындықпен келіп, оқуға еш қиындықсыз, оңай түсiп кетедi. Бірақ, екеумiздi табыстырған мүлдем басқа нәрсе едi. Әуелде өлең жазып жүргендіктен бе, жерлестерiм мені болашақта үлкен ақын болады деп ойлайтын. Алайда, олардың үмiттерi ақталған жоқ – поэзияны ерте тастап кеттім, сөйтіп, прозаға бiржолата ден қойдым. Асқат өлеңдi жақсы көредi екен, қарқаралылық ақынмен жолыққысы келiп, дос-жаран арқылы мені көп іздетіпті, бірақ, ұдайы жолы болмай жүрсе керек. Кейiн Асқат бозбалалық шақ, жастық дәуренде жазған өлең-жырымды түгел жаттап алды, ал мен болсам – бокспен шындап айналыса бастадым.
Бiр күнiекеумiз Шевченко мен Байтұрсынұлы көшелерiнiң қиылысында қапылыс жолығып қалдық. Ол менi ең тақау барға ертiп апарды. Бiз iшке кiргенде, қарсы алдымыздан бардың жақтауы көзге iлiкті, ар жағынан ыдыс-аяқ сүрткен жас бармен көрiндi. Зал сонша кең емес, iшi қолқаны қапқан көк жалқын түтiн. Асқат жылдам басып, төргi үстелге жеттi де, маған жайғасатын бос орындықты нұсқап, өзi теріс айналып, барға қарай шұғыл жүрді. Көршi үстелде қыз бен жiгiт жайма-шуақ шампан iшiп отыр, тост артынан тақта шоколадтан керенау ғана тiстейді. Қыз ұқыпты боянып алыпты, шашы желке тұсынан қиылып, каре үлгісіне келтiрiлiп қойылған. Үстiне кигенi жiбектен тiгiлген ақ блузка, онысын қысқа белдемшесіне тықпалапты. Көгiлдiр, жайнақ leggings де көздiң жауын алады. Асқат қайтып келе жатыр. Қолында коньяктың шөлмегi және тәрелкеге тiзiп, жыпырлатып қойған қияр мен қызанақ салаты. Ол таяп келдi де, қолындағысын дастарқанға бiр-бiрлеп қойып жатты.
– Коньякпен араластыратын бiрдеңе алайын ба? – дедi.
– Қажет емес.
– Онда кiшкене шырын алайын.
– Алмұрт шырыны дұрыс болар.
– Жарайды.
Ол қайыра кетiп қалды. Көп ұзамай – бос егіз рюмка, қос бокал шырын ұстап қайтып келе жатқан. Көршi үстелдегi қыз бен жiгiт шығып кетiптi. Орталанған шампан, пар фужер және жұп темекі тұқылы көзге түседі. Асқат коньяктың қақпағын сыпырып, екi рюмкаға бiрдей мөлшерлеп, тең құйып қойды. Сосын жүзiн көтерiп, жанарымен маған тесiлдi.
– Бiрдеңе айтып жiбер.
– Бақыт үшiн.
– Бақыт үшiн, рас, iшуге болады.
– Алдағы арман-мақсатымыз үшiн.
– Дегенмен, жақсы денсаулықтан асқан қандай мұ-рат бар.
– Онда, ешқашан ауырып-сырқамайық!
– Ғұмырымыз ұзақ болсын.
– Ырыс-береке тілейік!
Бiз рюмкаларды соғыстырдық. Мен түбiне шейiн iшiп салдым. Коньяк өңешiмдi жыртып өткендей болды, сосын кеудеме құйылып, төңірегін қыздыра бастады. Асқат дәмiн татып көрді де, рюмкасын орнына қоя салды. Ол аңғарып қалғанымды байқап, кiнәлi адамша қысыла күлiмсiредi.
– Ішпейтін едiм, – деді ол.
– Көңiл үшiн ептеп алса болмай ма.
– Болмайды, өзімнің шартым бар еді.
– Қандай шарт?
– Ант.
– Түсіндім.
– Жалпы, қанша өлең жаздың?
– Көп.
– Бекер тастадың.
– Қазір ешкім өлең оқымайды.
– Неге?
– Оқымайды.
– Меніңше, поэзия оқырманы қалың тәрізді.
– Жыр кітабы жастық дәуренде жақсы оқылады, бас құраған соң кімге керек?
– Поэзияда шек бар ма, тақырыбы мәңгілік емес пе?
– Енді, сезімді тұрмыс билейді.
– Сонда қалай?
– Өкінішке қарай, өлең-жырдың шегі бар екен.
– Тақырыбы таусылды ма?
– Жоқ, шыдамы. Бұрын ақынға тағдыр керек болатын, қазір – PR.
– Иә, PR ақша тұрады.
– Ертеде өнерпазды талант жарыққа шығаратын, бүгін жарнама тудырады.
– Өкінішті.
– Жарнамасыз кітап сатылмайды, бейнебаянсыз әнші танылмайды.
– Мүмкін, оқырманның да, тыңдарманның да уақыты өткен шығар.
– Баяғыда кітап құбылыс еді, қазір – тауар.
– Сәтсіз тауар.
Ол күрсінді.
– Мерзімді баспасөз жүзін көрген өлеңдерiңдi түгел оқыдым, – дедi ол.
– Әдебиетке обал, қазiр оған ешкiмнiң жаны ашымайды.
– Кім біледі, заман өзгеруі де мүмкін ғой.
– Жалпы, кiтаптың болашағы, шынымен, қыл үстiнде. Тұрмысы тәуір адам тіршіліктен тәжірибе, өмірден тағдыр, кiтаптан тұжырым iздемейдi.
– Иә, тарихқа зер салмайды.
– Бірақ, кiтап ешқашан өлмеуi керек.
– Неге?
– Білмеймін, меніңше, өлмеуі керек.
– Қалай?
– Кітапта ажал болмайды.
Бар iшiне сiлтiдей тыныштық орнады. Асқат маған тағы толтырып қойды. Мен шанышқымен қызанақтың бiреуiн түйреп алдым да, аузыма апарып, ақырын жей бастадым.
– Кiтаптың азғындауы мүмкiн.
– Ол да өлім емес пе? – деп сұрады Асқат.
– Жоқ, ол – дерт. Дауасы бар, емі табылған, шипа қонатын сырқат.
– Қандай індет?
– Бұл кеселдің аты – ермек. Кітап әркiмнiң ермегiне, сауықтың тамашасына айналып кетуi ғажап емес.
– Бәріміздің мейманамыз асқан екен.
– Бүгінгі мәдениет – сауық мәдениеті.
– Иә.
– Мені көр, мені тат, мені сүй, деп шақырып тұ-рады.
Бардың есiгi айқара ашылып, табалдырықтан нәшті кәстөм-шалбар киген, галстук таққан қамырықты бозбала аттады. Ол менi шырамытып, бiзге қарай самарқау жүрiп келдi де, үстелге жетiп кiдiрдi. Түрегелiп, онымен құшақтасып амандастым.
– Сенi iздеп жүрмiн, – дедi ол.
Көздерi шүңiрейiп, өңi қашып кетiптi. Қалтасынан темекi қорабын шығарды. Шетін жыртып, біреуін суыр-
ды, тiсiне қыстырды да, қорапты қайта қалтасына салып қойды. Сосын шылымын тұтатты, бiр мәрте сорып, бұрқ еткiзiп түтiн жiбердi. Екеумiз тысқа шықтық.
– Кейiнгi кез шаршап жүрмiн, – дедi қамырыға сөйлеп.
– Жүдеп кетiпсiң.
– Өзiмнен шаршадым.
– Неге?
– Қолымнан ештеңе келмейдi. Пайда көздеп, олжа іздеп, шаруаның жайын, iстің көзін біліп, ақша қосып көремін де, ақырында – зиян шегiп шығамын.
– Дәулеті тосын артып, тез байыған ешкім жоқ.
– Түсім ойлап, кіріс күтіп, босқа алданады екенсің.
– Алайда, кейбіреудің дүние-мүлкі молықты.
– Білемін. Шындық бар ма, айтшы.
– Әділдік ше.
– Әмір, биліктің иесі қазына-байлықты ұрлап, тонап отыр.
– Қылмысқа – жаза, еңбектің зейнеті жоқ.
– Қайдағы ісмерлік, қайдағы бейнетқорлық.
– Елдің атынан мемлекет дәулетін өзіне жекеше-лендіреді.
– Қорықпайды.
– Ырыс – қолында, ырық – өзінде.
– Зады, үкім жарлық шашқанша, шешім жарық көргенше орындалады.
– Уақыттың белгісі – арсыздық, замана келбеті – көрнеу қиянат.
– Иә, обал-сауапты ұмытты.
– Білімге жүгінбейді, ойға тоқтамайды.
– Ізденістеріміз рәсуа болды.
– Өмірдің іргетасы шайқалды.
– Кітаптарды қайтеміз, қаншамасын оқыдық.
– Рас. Жастық шақ Толстойға, Достоевскийге, Әуезовке жұмсалды.
– Енді біз кімге керекпіз?
– Білмеймін.
– Жазып жүрсiң бе?
– Иә.
– Мен оны тастадым.
– Бәрiне жеңiл қарау керек. Ғұмырда мәңгiлiк еш-теңе жоқ тәрізді.
– Осылай бүкiл өмiрiмiз зая болады!
– Әр адамның өмiрi мағыналы, тек оны таба бiлу қажет.
– Бiр күнi отырып, шарап iшейiкшi.
– Бұдан бiрдеңе өзгеретiн болса, iшейiк.
– Қамария кетiп қалды.
– Құдайдың басқасын бұйыртқаны да.
– Мен оны қатты жақсы көрушi едiм, қалай ұмыта аламын.
– Ұмытасың.
– Өзiмiздi алдап жүргенiмiздi ұқсақ қой.
– Өзгеше iстей алмаймыз.
– Уақытыңды алғаныма ренжiме. Маған бiреумен сөйлесу керек болды.
– Ештеңе етпейдi.
– Досың ба?
– Досым.
– Сенi “Есiк” мейрамханасына ертiп кетейiн деп едiм.
– Кейiн бiр жөнi болар.
– Сен тек ренжiме.
– Уайым-қайғыдан кім құтылыпты.
– Ренжiмейсiң ғой.
Ол қолымды қысып, әрi айналып кетті де, жолға шығып, оны күтiп тұрған жеңiл машинаға барып мiнді. “Жигули” маркалы автомобиль бардың жазғы алаңынан ұзай берiп, көз ұшында жоғалды. Мен барға ендiм. Дастарқанға келiп, жайғасып жатқанымда:
– Бiрдеңе болған ба? – деп сұрады Асқат.
– Жай.
– Бiрдеңе болған шығар десем.
– Жолы байланып... Бейшара қайтсін.
– Есiмi қалай?
– Қанат Нұрбекұлы.
– Кісі өлгендей, неге соншама қаралы?
– Шаруасының бейнеті асып кетті.
Асқат рюмкасын алып, тілек айтуға оңтайланды. Бар iшiне ағылшын тiлiнде, Witney Houston орын-дауындағы, сұлу өрнекті “I Am Every Woman” әнi шалқып, сызылып кестеленіп төгілді. Құйқылжып, киіп-жарып, бірте-бірте жоғары көтерілген әуез ақырында шарықтап биікке жетті де, тамылжып қалықтап тұрып алды. Әуелеп тұрып, қайыра үзiлiп кеттi де, құйылып төмен сорғалап, әсем дауыс құлаққа жағымды естiлдi.
– Денсаулық үшiн, – дедi Асқат.
Төңкерiп тастағанымда, коньяк көкiрегiмді жылыта жөнелді. Алкоголь көкірегімді қыздырып барып тоқтады, соңы бойыма сіңіп, түйсiксiз жоғалып кеттi. Содан кейiн екеумiз Witney Houston әуенiн тыңдаған қалпы табалдырыққа барып iлiндiк те, сыртқа шықтық. Ымырт үйіріліп, көше күңгірт тарта бастапты. Жол белдеуіне тақағанда, алдымызды шойын дөңгелектерін сүйретіп трамвай кесiп өттi. Жасыл түс жанған заматта оң қапталына жайбарақат бұрылып, желі арқан бойы ұзап барды да, аялдамаға жетіп, қатарласа беріп, тежеуiшiн қосты. Асқат екеумiз қиылыста iркiлiп көп тұрдық. Ол қолын қалтасынан шығарып, маған ұсынды. Бiз қол алыстық.
– Қайтасың ба? – дедi ол алақанымды қысқан күйi.
– Иә.
– Әлi кездесемiз ғой.
– Әрине.
– Менiң көп бiлгiм келедi.
– Бірақ, одан пайда бар ма?
– Неге?
– Кейде осының бәрi ит әуре сияқты көрінеді.
– Бос машақат дейсің бе?
– Иә, бекер еңбек тәрізді.
– Пәлі, не болды?
– Ештеңе.
– Не болды?
– Жай, әншейін.
– Әншейін емес.
– Несіне шабылып жүрміз деген ой иектейді, бәрі-бір, ешкім кітап оқымайды.
– Қиянат айтпа.
– Әдебиет те, оқырман да жоқ.
– Жоқ?
– Бәрі тегіс жалған. Кейде осы еске түскенде жаза алмай қаламын.
– Реніштен шыққан сөздер ақиқат бола алмайды.
– Сонда, күйінемін. Күндердің күнінде қолыма қалам алғаныма опынамын.
– Әдебиет қажет қой.
– Бiлмеймiн.
– Қажет, қажет. Меніңше, қажет.
– Мүмкін, қажет те шығар.
– Кітап оқығаныңа ма, әлде жазғаныңа ма, қайсысына опық жейсің?
– Әбігерге түскеніме, әлекті бастағаныма өкінемін.
– Бекер қамықпа.
– Рас, жүдеп қайтемін.
– Ұпынба, Данай.
– Бiрақ, мен одан қол үзе алмаймын.
– Қайтіп?
– Десек те, көп еңбек сiңiрiп қойдым, бейнетім еш болып кетпеуiн ойлаймын.
– Егер әдебиет жоғалып кетсе, кітаптың орнын не басады?
– Кино өнерi.
– Ол мүлдем басқа әлем емес пе.
– Шын. Кино адамның iшкi дүниесiн көрсете алмайды.
– Жиi уайымдаған дұрыс емес.
– Мүмкiн, бәрi өзгеретiн шығар.
– Әлбетте.
Ол әрi бұрылды. Мен солға қарай жүрiп, жолды көлденең жарып, Байтұрсынұлы көшесiнiң бойына шықтым. Автомобильдер түнгi шамдарын жағып алыпты. Құрманғазыға аяқ басқанымда, Алматы әртүрлi шамдардың бұрқақ тасқынына айналды. Құрманғазыны қиып, қайтадан тротуарға түскенiмде, қасымнан, таяқ тастам жерден тоғызыншы бағыттағы троллейбус жылжып ұзап бара жатты.
Кiтаптың жер бетiнен жойылуы мүмкiн емес. Ха-уыз салынған үйдiң iргесiнен баяу iлбiп өтіп бара жаттым. Ұлы жаратылысты пенденің түсiнiк аумағында тәптiштеп берген Құранның iзiм-қайым жоғалуы санаға сия ма екен. Iнжiлдi екiншi мәртебе қайталап кiм жаза алады. Оң қанатымда Денешынықтыру институтының кешенi қалып барады. Қарсы алдымнан Абай даңғылы көрiндi. Сары шам қапылыс сөнгенде, автомобильдер толқынын кешіп, даңғылдың арғы жиегiне жеттім, аялдамаға дейiн үнсіз, самарқау аяңдап келдiм. Жөпелдемеде, елу тоғызыншы бағыттағы автобус ауыр қозғалып, оңды-солды теңселіп келді де, есiктерiн шалқасынан ашып кеп жiберді. Кiтаптың жер бетiнен жойылуы мүмкiн емес. Автомобильдердің сапасы жақсарған сайын жүргізушілердің кісілігі артып кеткен жоқ.
Әлде, адам баласы кiтаптардың екіталай тағдырынан алмағайып өз бейнесiн көре ме деймiн. Бiрақ, қасиеттi лұғаттар жайлы не топшылай аламыз. Әр адам қалай туғанын білмейді, есінде жоқ, келешекте қайтiп дүниеден қайтарын түсінбейді, өліп көрген емес. Өмiрдiң басталғанынан тегіс бейхабар, өлiмнiң қашан келерiн айтуға бәрі де дәрменсіз.
Бiрақ, кiтаптың жер бетiнен жойылуы мүмкiн емес. Бәрібір, адамзат кiтапқа зар, кітап қашанда кісіге жұп, қос ұғым – екі дүниеде бір-бірінен ажырамас пар, кіндіктес егіз, екеуара бағынышты – жаратылыс. Кітаптың қадіріне жете алмадық, сый-құрметтен айырсақ та, ол қасиетін сақтап қалды. Нұр төгеді, ақыл шашады, қуанышқа бөлейді. Алайда, бойына дарыған құтты жұрттың көбі білмейді, кітаптың көңілін білу үшін – оны талмай оқу қажет.
Кiтап та Құдірет сияқты, өзіне тәуелді, басқадан дербес. Бар, біреу және шексіз. Бірақ, әрине, Тәңірдің Өзі емес.
Аялдамада тоқсан жетiншi бағыттағы автобус пайда болды. Мен салонға көтерiлiп, түкпiрге барып, терезеден – қарауытқан биік тауларға, жұмбаққа толы жұлдызды аспанға – көз жiбердiм.
II тарау
Бiз үйден шыққанда, жаңбыр басталған болатын. Асқат, Қуаныш, Нұрғали төртеумiз Қабанбай батыр көшесiмен ілбіп, “Динамо” спорт орталығына келдік. Боксшылар залына кiргенiмiзде, рингте Нұрлан Қалыбаев бой қыздырып жүрдi. Оның қарсыласы қорғанып қана үлгередi. Нұрлан тiк ұмтылған қарсы соққы келе жатқанда, сүңгiп кетiп, оң қапталына шыға бередi де, қысқа хукты жеңiл тастай салады. Одан кейiн бiрнеше мәрте артқа шегiне берiп, сол қолымен тұмсықтан сүйкеп өтті. Бiз рингтiң дәл iргесiнен бақылап тұрдық. Қарсыласы оң қапталынан ұрмақшы боп, оң қолымен хук жасағанда, Нұрлан сол қанатына жылжып кеттi де, оң қолымен көкiректен қойып жiберiп, сол қолымен құлақ-шекеден салып қалды. Әлгi боксшының қолдары салбырап, тiзесi бүгiле бердi.
Рингте кiшкене үзiлiс болып, үш-төрт минуттан соң, Тайлан Топаев керулi арқанды көтерiп, ортаға билеп шықты. Оған қарсы бұрышта екiншi боксшы былғары қолғаптарын төрешiге тексертiп тұрды. Боксшылар тең ортаға келiп, сәлемдестi де, кейiн қарай шегiнiп кетiп, әркiм өз билеу мәнеріне көштi. Тайланның сол қолы қорғанысты бұзып, кеуденi соқты, іле-шала жылдам жоғарылап кеттi де, құлақ-шекеден әдемi сүзiп өттi. Тайлан қайтып бара жатып, тiк соққыны бағыттады. Шабуылды тамамдаған оң қолы кедергiсiз жүйткiп тұмсықтан тидi. Қазылар ұрысты дереу тоқтатқан еді. Байсалды төрешi саусақтарын бүгiп, жетiге дейiн санады да, боксты жалғастыруға ұлықсат етiп, қолын сермедi. Тайлан екi аяғына кезек салмақ түсiріп, әдемі теңселіп билеп тұрған. Ол билеген қалпы сол аяғын алға тастады, iлгерi тасталған аяғының қозғалысына үйлесе, сол қолы шұғыл көкiректен қатты соғып, кейiн қайта бере, лезде биiктеп кетті де, жақ сүйектен барып перді. Өзi шегiнiп бара жатып, оң қолымен иек астынан қағып қалып, апперкот жасады да, қарсыласынан алыстап кеттi. Маған Тайлан ұдайы оң жақ қырымен көрiнiп жүрдi. Бiз рингке таяу тұрғандықтан, оның әрбiр соққысына даярлануын, көздеген нысанасына дөп тиген жұдырықтың салмағын жақсы байқай алдық. Гонг соғылып, ойынның тамамдалғанын паш еттi де, төрешi боксшыларды екi бұрышқа жiбердi. Тайлан керулi арқанға тақағанда, залдан бір бейтаныс адам орнынан көтерiлдi. Боксшы қолын берi шығаруы мұң екен, жаңағы кісі жылдамдата былғары қолғаптардың бауларын ағыта бастады. Ол екi қолғапты шешiп, өзiне алып қалды да, Тайлан рингпен жүрiп өтiп, екiншi шетiнен залға түстi. Одан кейiн бiз оны көре алмадық.
– Оны тауып алайын, – дедi Асқат.
– Бiз онда Елеусiздi алып, үй жаққа бара беремiз, – дедiм мен.
– Ол кiм? – деп сұрады Қуаныш.
– Данайдың iнiшегi, бокстан спорт шеберi, – дедi Асқат.
– Оның болашағы зор.
– Данай дұрыс айтады, – деп сөзге араласты Нұр-ғали. – Елеусiз әлi он жетiге толған жоқ.
Асқат жартылай ашық есiктiң табалдырығынан аттап, әрi кетті де, қалғанымыз көшеге шықтық. Шыға-берiсте Елеусiз Қыдыралин күтiп тұрған. Біз оны ертiп алып, Қабанбай батыр көшесiмен “Целинный” кинотеатрына қарай бет түзедік. Жаңбыр сiркiрей жауып, асфальт жолдың үстi жылжи ағып жатқан жылғаларға айналыпты.
– Қанша боласың? – деп сауал қойдым мен.
– Бiлмеймiн, – дедi Елеусiз.
– Қарағанды жылынды ма?
– Жылынды.
– Азиялық байқауға тыңғылықты дайындалу қа-жет.
– Бiлемiн.
– Абай қаласынан келген жiгiттi сен ұтып аласың.
– Бәрi солай айтады.
– Сен оған сенетiн бол.
– Бұны да бiлемiн.
– Менiң роман жазғым келiп жүр. Роман бокс ха-қында да, рэп заманы туралы да, өзiмiз жайлы да болмайды. Бiрақ, соның iшiне бәрi түгел енетiн шығар.
– Жеңiп алатын сияқтымын.
– Мен болған жайды ғана жазуға талпынамын.
– Қазақша ма?
– Иә, роман қазақша болады.
– Сен орысша да жазасың ғой.
– Жазамын.
– Ең күштi жазушы кiм?
– Дәл қазiргi ме?
– Иә.
– Маған жазу тәсiлi тұрғысынан Ален Роб-Грийе ұнайды.
– Тағы кім бар?
– Габриэль Гарсиа Маркес, Жан-Мари Гюстав Лек-лезио, Милорад Павич.
– Қазақтардан ше?
– Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұқтар Әуезов.
– Замандастарымыздан кімді атар едің?
– Мұқтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Тынымбай Нұрмағанбетовті. Бокстан Майк Тайсон мықты.
– Бiрақ, ол Мұхаммед Әли емес қой.
– Иә.
– Десек те, Майк Тайсон – ұлы боксшы!
– Қайталанбас спортшы, қайраткер тұлға.
Елеусiз екеумiз ел соңында қалып қойған едік. Жұртпен қатарласу үшiн жүрісімізді үдете түстік. Жаңбыр себезгiлей жауып тұрды. “Целинный” кинотеатрына жеткенiмiзде, боз жауын оқыс қалың нөсерге ұласқандықтан – жүгіре басуға тура келген. Кинотеатрды сол жағынан айнала беріп, кiшiгiрiм тоғайға тап болған біздер – оны қақ ортасынан жарып, кесiп өттiк. Байтұрсынұлы көшесiнiң қарсы қабағына шығып, асығыс күйде, солтүстiкке қапылыс бұрылдық.
Асқат осы үш қабатты үйдiң бiр бөлмесiнде тұрып жатқан. Бiз босағадан көрiнгенiмiзде, төрде Тайлан Топаев әңгiме шертiп отыр екен. Үйге алдымен кірген мен оған тақап барып сәлем бердім.
– Тайлан, – дедi Асқат, – Хельсинки қаласында өткiзiлуге тиiс әлем бәйгесiне Алматыдан аттануға келiптi.
– Данай Байқуаныш.
– Данай боксты жақсы көредi.
– Бокс – ғажап құбылыс.
– Қазiр бiрiншi қабатқа түсiп, сонда аяқты кең тас-тармыз.
– Асеке, шарап келтіртіп әуре болмаңдар.
– Қымыз алдырғанбыз, – дедi Асқат.
Тайлан кереуетке шынтақтай қисайыпты. Үстiне бояуы қанық былғары күртеше киiп, бұтына көгiлдiр рең спорт шалбарын тартқан. Шашы жұқаланып, ұқыпты қысқартылған, көздерi сәл қысыңқы, өңi қара торы жiгiт екен. Екі иығына екi кiсi мiнгендей кең – қақпақ жауырынды.
Бөлмеде электр шамы жанып тұрды. Сәлден соң, Асқат Тайланмен қатар тiзе бүкті де, мен болсам, қарсы төсекке, Елеусіздің қасына жайғастым. Асқат орнынан көтерiлдi де, қолын созып, балкон есiгiнің тұтқасын ұстады. Берi жұлқып едi, есiк сықырлай ашылып, суық таза ауа лап берiп бөлмеге құйылды. Ол қайыра Тайланның iргесiнен орын тептi.
– Барселона олимпиадасында не болды?
– Бағымның жанбағаны да, Асеке.
– Шын.
– Кейiн сол зәңгі қалғанын тегiс ұтып алыпты дейді.
– Ә дегенде сонымен кездескенің жүлденің саған бұйырмауына көрінген ғой.
– Өкiнiштi.
– Осыдан соң, сен боксты тастап кететін шығарсың деп ойладық.
– Егер бұл жолы әлем жеңiмпазы атансам, боксты, шынымен, тастап кетемiн.
– Бокс денсаулықтың түбіне жетеді.
– Ми жасушаларын зақымдайды. Жаттықтырушы-ларға жеңістен басқа ештеңе қажет емес, қашанда әлi де бағыңды сынап көр деп айта береді. Егер денсаулығымды құртып алсам, мен ешкiмге керек болмай қаламын.
– Рас.
– Сонда бүкiл ғұмырым басқаның алақанына телмi-румен өтпей ме.
– Ертең өткiзiлетiн жарыс алаңдатпай ма?
– Алаңдатпайды.
– Рингке шығар алдында қобалжитының бар емес пе.
– Маған бәрiбiр.
– Әлем деңгейi ше?
– Ол да. Егер маған жаттықтырушым Хельсинки-ге бармайсың дейтiн болса, мен қазiр-ақ сөмкеме қолғаптарымды салып алып, Қарағандыға еш өкінішсіз қайтып кетер едiм.
Табалдырықтан Спандияр аттады да, менiң қасыма келiп жайғасты. Сiлтiдей тынған тыныштық орнап, сырттан себелеп жауған жаңбырдың шуылы құлағымызға жеттi.
– Ет дайын ба? – деп сұрады Асқат.
– Дайын.
– Тайлан, астыңғы қабатқа түсiп, қыстан қалған соғым етінен ауыз тиіп, биылғы қымызбен шөл басайық.
Ол үнсiз түрегелдi де, шолақ күртешесiн жөндеп, босаға жаққа қарай маңдайын түзедi. Жаңбыр шуылы ашық қалған балкон есiгiнен өтiп бiзге анық естiлiп жатты. Тайлан кроссовкасына аяғын сұғып, төмен иiлiп, бауын күштеп тартты да, күрмеп байлай бастады. Байлап болған соң, басын көтерiп, еңсесін тіктеді, сосын дәлiзге шығып – бiздi күтті. Мен саламандра төпiлиiмдi киiп, босағадан ұзап, Тайланнан әрi барып тұрдым.
Бiз баспалдақпен түгел баяу қозғалып, төмен түсе бастадық. Цементтен құйылған кір баспалдақтарда, ұдайы темекi тұқылдары мен қағаз қалдықтары шашылып жататын. Спандиярдың бөлмесіне кіргенімізде, мол дастарқан үстінен түстік. Асықпай ет жедiк – қауқылдасып әңгіме-дүкен құрып ұзақ отырдық – салқын қымыздан іштік. Сосын Тайлан қайтуға рұқсат сұрап, ғафу өтiндi. Бiз оны көлiкке шейiн шығарып салмақшы болдық.
Сыртта оны “Жигули” маркалы жеңiл машина тосып тұрған. Жауын астында қалмас үшін қапыл қоштасқан ол жүгіріп барып автомобильдің арғы қапталындағы есіктен ішке еніп кетті. Бірінші жылдамдыққа қосылған машина баяу қозғала берген.
– Ол – шебер боксшы, – дедi Асқат.
Мен басымды шұлғыдым.
– Қайтайын, – дедiм.
– Қонбадың ба?
– Маған үйге қайту керек.
– Әлi де шай ішетін едік қой.
– Бүгiн бөлмеде ешкiм жоқ, аз болса да, бiрдеңе жазып көрейiн деп едiм.
– Елеусiз ше?
– Маған барасың ба?
– Барайын.
Елеусiз берi аттағанда, мен қолшатырды жазып, үстiмiздi қалқаладым.
– Қашан соғасың?
– Бiлмеймiн.
– Мүмкiн, бiз де барып қалатын шығармыз.
– Келiңдер.
– Сенбiге келiсiп қойдым. Әдемі қыздар.
– Көңiлсiздік иектесе, өзiм де келіп қайтармын.
– Кіндігің ыстыққа тисін, – дедi Асқат Жақанұлы.
Бiз қол бұлғастық та, iлгерi басып, артымызға бұрылмастан Байтұрсынұлы көшесiнiң бойына түстiк. Жол үстiнде автомобиль ағызып келе жатқан. Елеусiз тоқтатып едi, шопыр оңай келiсiп, ол алдына мiндi де, мен артқы есiгiне бет алдым. Асфальт жолмен құйғыта жөнелген машина қонақүйге лезде жеткізді, Жүргiзушiге ақысын төледiм де, есiктi итерiп, тысқа шықтым.
Сәл бөгелген шопыр ақшаны мұқият санады да, гүр еткізіп моторға от берді. Бiз қонақүйдiң iшiне кiрiп, дәлiзбен шамалы жүріп бардық та, жоғары көтерілген баспалдаққа аяқ бастық. Үшiншi қабатқа дейiн үнсiз келдiк. Шалбарымның қалтасына қолымды салып, кiлт алып шықтым да, құлыпты ұңғысына тығып, екi бұрап аштым. Бөлме iшi алакөлеңке болып тұрды.
– Айырып-қосқыш қай маңда? – дедi Елеусiз.
– Шамды өзім жағамын. Қазір.
Екеумiз бөлмеге кірiп, төпiлиiмiздi шешiп, төрге шықтық. Елеусiз оң жақ қабырғаның iргесiндегi төсекке құлай кетiп, аударылып шалқасынан жатты. Терезеге жақындаған мен ернеуіне шынтағымды тiреп, тысқа көз жiбердiм. Қапелiмде шыны бетiнде тамшы пайда болды. Ілініп, кiбiртiктей берiп, шалынып кеттi. Ылдилап жүзіп, шұғыл төмен ақты, сырғанап барып жиек ағашқа соғылды. Содан кейін, жарық тақтайдың жіңішке сызатына түсіп, бойлай сіңіп, көз ұшынан жоғалды. Қайыра екiншiсi ұшып келе жатқан. О да дiрiлдеп көп тұра алған жоқ. Сынық бояудың тілім-тілім жарықшақтарына тездетіп, шапшаң құйылады.
Тоқажыратқышты қосайын деген оймен кейiн бұрылсам, Елеусiз ұйықтап қалыпты. Мен қарсы қойылған кереуетке тiзе бүктiм де, бетімді сипадым. Жаңбыр сыбдыры ақырын естiлiп жатыр. Бокста жиырма жасына дейiн белгiлi бiр нәтижеге жетпесе, Елеусіз өмір бойы сол деңгейiнде ғана қалады. Мүмкiн, былғары қолғапты мүлдем тастап кететiн шығар. Яғни, бүкiл ғұмыры зая болады деген сөз. Әлде бокс та, әдебиет те адамның өзi үшiн ғана қажет дүниелер ме екен.
Өз бақытыңды басқаның тіршілігiнен iздеуге болмайды. Мен кішкене қисайып алмақшы болып, көзiмдi жұмдым, бiрақ кiрпiктерiм айқаспай қойды да, көкейiме әр нәрсе орала бердi. Аузымнан кермек дәм бiлiндi. Жаңбыр шуылы қатты естiлiп кеткенге елегізіп, басымды көтерiп, терезеден сұрғылт тартқан үйлерге қарадым. Көшеде ақ жауын алаңсыз төгіп жатты. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды.
III тарау
Елеусiз екеумiз “Жұлдыз” кафесiнiң маңынан түсiп қалдық. Мен жол бастап, iшке әуелi кірдiм, төрге таман озып, түкпiрде тұрған оңаша үстелдi таңдап алдым. Кешiкпей, төбесiне ақ жібектен биiк тақия қондырған сүйкімді даяшы бiзге қарай толықсып жүрiп келе жатқан. Бiз екі люля-кебаб, саңырауқұлақ пен тұздалған капуста араласқан салат, екi бокал ананас шырынын және шотланд вискиiн сұрадық. Өтiнiшiмiздi қағазға жазып алған даяшы дастарқаннан қапылыс – тез алыстады. Ол аппақ сазандай сандарын шолақ етектен жарқырата, жартылай ашып көрсетіп, жылдам басып ұзап барады. Сәлден кейiн бiр есiкке басын сұғып, бiзге көрiнбей кеткен.
– Топаев осында екен, – дедi Елеусiз.
Мен ол меңзеген жаққа мойын бұрып едiм, екi қыз бен бiр жiгiттiң ортасында жайма-шуақ әңгіме-дүкен құрған Тайлан Топаевты көрдiм. Атақты боксшы сол қанатымыздан, үш үстелден кейiн жайғасыпты. Екі жағына екі бойжеткенді отырғызып алған ол жүзін біз жаққа қаратыпты. Кенет Елеусiздi көзi шалып қалып, қолын жоғары көтердi. Үстiне кешегi бояуы қанық, өзіне жақсы жарасқан былғары күртешесiн киген, ақ көйлегіне Пьер Карден қара галстугын тағып алыпты. Салиқалы, байсалды қалпында ол кешегiден гөрi сымбатты көрiндi. Әңгiме шертіп отырып бiздi тағы байқап қалып, дағдысынша жылы күлiмсiредi. Қыздарының бiреуi жалбыр, сары шашты орыс, кигенi капрон тектес жұқалтаң қара көйлек. Екіншісі орта бойлы қара торы қазақ қызы, ақ блузкамен шырайы ашыла түскен, шашы каре үлгісімен ықшамдалып қиылып тасталған.
Манағы даяшы бiздi қайыра нысанаға алып, жүрiп келе жатты. Жүрісінен шолақ етегі оқыс көтеріліп, жұмыр бөксесін жалаңаштап жiбередi. Таяп келiп, биік ұстаған табағын дастарқанға қойып, тәрелкелерді бiр-бiрлеп түсiруге кiрiстi. Жайғастырып бiткен соң, табағын қолына ала беріп, теріс айналды, сосын найқала басып, әрi жүріп кеттi. Бiз соңынан қызығып қарап отырдық.
Мен вискидiң шөлмегiн алып, қақпағын сыпырып тастадым. Екi фужерге тең бөлiп, мөлшерлеп толтырып қойдым. Қашық тұрған көп үстелдің бiрінен түрегелiп келе жатып бір бозбала маған бұрылды да, езуiне күлкi жинады. Олардың үстелiн қауқылдасқан сегiз кісі жамырай қоршап отыр. Тұрған адам көгiлдiр рең спорт кәстөмiнде еді, еңсегей денелі, бойы сырықтай ұзын, көкірегі көріктей ірі, қақпақ жауырынды, кең иықты, сары өңдi жiгiт болатын. Ол берi қарай жүргенде ғана, мен оны бір-ақ таныдым. Қасыма даурығып, қуанып жеткен қалпы айқара құшақтады, дабырлап сөйлеп арқамнан қақты.
– Жоғалып кеттiң ғой, – дедi ол.
– Боксшылармен жүрiп қалдым.
– Кеше бiз желөкпе ауқатты топты көп ақшаға қа-рыздар еттiк.
– Ұрдыңдар ма?
– Жоқ.
– Айыпты ма еді?
– Бiздiң жiгiттерге “Меруерт” кафесiнде бiреулер тиісе берiптi.
– Сен бе қарыздар еткен?
– Иә.
– Қазiр не iстеп жатырсыңдар?
– Бiр дәудiң пистолетiн жоғалтып алдым.
– Ақшасын төле дей ме?
– Кеше кеудемсоқтап екi-үш сарбазымен келiптi, мен аптықтарын басып, жігерін құм қылып, құр қол қайтарып жiбердiм.
– Омыраулатып қайта келiп жүрмесiн.
– Бір күні өлтiрiп кетемiн дейді, маңдайын жарып, танауын бұзып, мені қорқыту мүмкiн емес екенiн түсіндірдім.
– Олар ше?
– Өздерi қорқып кеттi.
– Виски iшесiң бе?
– Кiшкене құйып беруіңе болады.
Өз фужерiмдi алдына ысырып қойдым. Мақсұт лезде төңкерiп салды. Шанышқыға қол жүгiртiп, саңырауқұлақтың жарты қалпақшасын түйреп алды да, аузына салып, жей бастады. Өзiме ептеп толтырып, Елеусiз екеуміз шыныларды еппен бiр-бiрiне тигiздiк те, жұтып жiбердiк. Виски өңешiмдi тiлiп барып, кеудеме жеттi.
– Бiзге барайық, – дедi Мақсұт.
– Жарайды.
Орнымыздан жапырыла тұрған үшеуміз үздік-создық тізбектеліп, ұзына жайылған дастарқанға бетiмiздi түзедік. Бiзге тез екі орындық тауып бердi де, орыс шарабынан шүпiлдетiп қойды. Қарсы тiзе бүккен бәденді қыздың маған тесіле қарағанын аңғардым. Табақтағы қуырдақтан алып жедiм. Жүзiмдi жоғары көтерсем, әлгі бәденді қыз әлi көз алмай қарап отыр екен. Ол сыпайы күлiмсiредi.
– Сiздi бiр жерден көрдiм.
– Есiмде жоқ.
– Мақсұттың танысы боласыз ба?
– Иә.
– Ол – жiгiттiң төресi.
– Бiлемiн.
– Кеше ол көшеде келе жатып, екi адамды кезек соғып, асқан жылдамдықпен екеуін де баудай түсірді.
– Қос бейбақты да құлатты ма?
– Иә, бір-бірлеп жерге топ еткізді.
– Бекер тиісіпті.
– Бiз оның соққысын сынадық.
– Қалай екен?
– Мақсұт кез-келген есерсоқты бiр ұрып, етпетінен де, шалқасынан да сұлата салады.
– Кісілігі дүлей күшінен биік еді. Қиянатқа қалай қидыңыздар?
– Ол – жiгiттiң төресi.
– Оны бәрi бiледi.
Әуеге ағылшын тiлiндегi баяу әуен тарады. Әуез бiрте-бiрте күшейе түсті де, шарықтау биiгiне жетіп, қалықтап тұрып алды. Бұл Джордж Майклдың барлық хит-бәйгеде алғашқы орындарды иеленіп жүрген күрделi сазы едi.
– Билеймiз бе?
– Иә.
– Тұра беруiме бола ма?
– Болады.
– Сіз көрiктiсiз.
– Рақмет.
Ол түрегелiп, әрi өттi де, би алаңына таман барып тұрды. Мен қасына таяп, оны белiнен қапсырдым.
– Есiмiңіз қалай?
– Ғанипа.
– Данай.
– Ныспыңыз нені білдіреді?
– Білмеймін. Әйтеуір – Данай. Билеудi жақсы кө-ресiз бе?
– Ұнатамын.
– Бидің соңы әдетте қайда апарады?
– Әр нәрсеге. Кейде қиырға ұзатады, кейде сайға құлатады.
– Қазiр ше?
– Қазір ме? Жыраны көріп тұрмын.
– Ендi билемеймiз бе?
– Неге?
– Жырада қалтарыс, жықпыл көп болады, қауіпті емес пе?
– Ойлы-қырлы, ұңғыл-шұңғыл...
– Дәл солай, қалың жынысты, бұталы, жарлауытты жер. Барымташы қаптайды. Ұры-қары үйірсектеп жүреді.
– Қорқынышты.
– Бытқыл-бытқылда ауық-ауық әупілдек әупілдеп, оқта-текте беймаза бөдене бытпылдықтап, айдын шалқар көлде құс шулап, сосын?
– Кенет ән үзіліп, өзен-суды үрей басты.
– Қыз бала қашып келеді.
– Жоқ. Қыз бала жырадан сықылықтап қашып шықты.
– Яғни, батырмыз.
– Иә!
– Бүгін көрер таңды көзбен атырайық. Бiрге.
– Қыдырып па?
– Қыдырып та.
– Түнделетіп?
– Иә, түн қатып.
– Сосын, түндіктеп жапқан аспан етегіне бозамық-танып сызат түскенде, түнемелден қайтып...
– Қылаң берген шақта.
– Бозарып.
– Құланиектеніп.
– Елең-алаңда.
– Яғни, таң сәріде.
– Сызды байқап.
– Түрілгенде.
– Не?
– Қараңғылық сейілгенде деймін.
– Анық.
– Айдан анық.
– Бесенеден белгілі?
– Әмбеге аян.
– Бірақ, әлі күн батқан жоқ қой.
– Баршаға мәлім.
– Әлемге әйгілі.
– Көпке таныс.
– Жария.
– Тағы рас.
– Уақыт талабы.
– Күн жамырап, жарқырап атқан таң – сам жамырап, тоқырап батқан күнге әкеледі.
– Ақиқат.
– Даусыз.
– Шын.
Ойда-жоқта өкшесiн көтерiп, ернiмнен құмарлана өптi. Не дерімді білмей, мүдіріп, кенет жауаптан тосылып қалдым. Тосын қылық жүрек қылын шерткен әсем күйімізді аударып-төңкеріп кеткендей көрінді. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды. Ол дастарқанға қабағы түсіп, жүзі сынып, жүнжіп, құлазып, ақырын басып келдi. Қапылыс тобылғы көзін тұнжырата қарады. Қасыма Мақсұт таяды.
– Онымен билеушi болма, – дедi.
– Жарайды.
– Бұдан да сұлуын тауып беремiн.
– Қажетi жоқ.
– Айдана не бiтiрiп жүр?
– Университетте, студент.
– Нұрлыбек Асқарұлы айырылмауы керек, кейiн ондай көрікті әйел затын ешқашан таппауы да мүмкін.
– Ол бұны жақсы бiледi.
– Өзiң үйленбейсiң бе?
– Маған әлi бiр курс бар, келесi жаз ойланып көремiн.
– “Тоты құс түстi көбелек” атты роман жазып жатыр деген сен туралы қауесет шығыпты.
– Рас.
– Кiтабын қашан көре аламыз?
– Ұзақ күтуге тура келедi.
– Не жайлы?
– Өзiмiз турасында, бiрақ бiз хақында емес.
– Менің мұндай философияны ұқпайтынымды бі-лесің ғой.
– Көне гректердің пайымдауынша, “даналыққа құштарлық”.
– Ол не?
– Философия.
– Әдебиет ше?
– Өнер, меніңше, әсемдікке құштарлық.
– Коньяк iшемiз бе?
– Iшейiк.
Мақсұт қарулы бiлегiн созып, шөлмектi ұстап, екi бос рюмкаға толтырып қойды. Екеумiз әлсiз соғыстырдық та, түбiне шейiн сiмiрдiк. Кенет соқталдай, еңгезер марқасқа бір қонақ орнынан көтерiлiп, тәлтiректей басып, көршi үстелге жеттi де, бойжеткен қыз бен бозбала жігіт сораптап отырған коктейль ыдыстарын, кесе-аяқты жеңiмен сыпырып, еденге түсiрiп жiбердi. Шалдыр етіп жерге құлаған шынылар еденге соғылып, түгел сынды. Жөпелдемеде не iстерiн бiлмеген бозбала үрейі қашып, оқыс шырайы өзгеріп, бірден қатты сасып, абдырап қатып қалды.
– Қайдар мас болса, жанжал-шатаққа iзденіп жү-редi, – дедi Мақсұт.
– Желіккен төбет желге үреді, – дедім.
– Ол не?
– Қазақтың мақалы.
Күлді.
Қайдар бөтен дастарқанға етпетiнен сұлапты. Үстелдiң екi шетiнен тас қып ұстап, аяқтарын жоғары көтеріп жiберді. Бозбала жанжалдың артын күтiп отыр. Қайдар дастарқаннан тұрып, үстiн қағып жатып, жiгiттiң жағасына жармаса кетті. Мақсұт арашалауға тұра ұмтылды. Ол дереу жетiп үлгергенше, Қайдар оң қолын босатып, құлақ-шекеден құлаштап бар күшiмен соғып қалды. Жiгiт орындығынан сырғып, әрi аударылып, омақаса құлап түстi. Мақсұт Қайдардың қолын артына қайырып, еркіне қоймай сүйретіп, тысқа алып шықты.
– Қорқақ, – дедi бойжеткен.
– Кафеде төбелесуге болмайды.
– Оны өзiң бiлесiң.
Жiгiт басын ұстап отыр.
– Осы үшiн сөз жарыстырамыз ба?
– Қорқақ, – дедi қайтадан.
Бойжеткен жылдам түрегелiп, оймақтай былғары сөмкесiнен дөңгелек айнасын шығарып, түрiн ретке келтiрiп алды да, шығар ауызға қарай тездете жүрiп кеттi.
– Сенi жақсы көремін ғой, – дедi жiгiт.
– Оны өзiң бiлесiң, – дедi қыз бұрылмай кетiп бара жатып.
Қара төпiлиiнiң биік өкшесi тас едендi тықылдатып табалдырыққа дейiн жеттi де, одан сергек, жеңіл аттап, оң қапталына ырғала бұрыла бере, назардан таса болды. Жiгiт көзiмен жер шұқып отыр. Манағы тәкаппар кейпінен адасып қалыпты. Байланған галстугы шешіліп, мойнына жай асылып тұр. Самарқау кәстөмiнiң түймелерiн ағытты. Көйлегiнiң жағасы көтерiлiп кетiптi. Бiздiң үстелге жанарын тiктеген ол, зер салып, тесіле қарап отырды да, қолын үнсіз дастарқанға апарып, орталанған коньяктың шөлмегiн ұстады. Өзiне сүйрете тартып, фужердi кенересiне дейiн толтырды. Көңілі жүдеп, мұң кешкен оның бидай өңі жадау тартты. Фужердi тастай салды.
Ол маған аянышты көрiндi. Орнымнан тұрып, үстелiне тақап келдiм де, жанына жайғастым. Екi иығы қусырылып, мойны салбырап кеткен. Бозбала көзін төмен салды. Иығынан ұстап, өзiме тартқанымда, ол жылап жiберді. Аққан жас тамшыларын алақанымен сүртiп жатты да, тамағына қайыра өксiк тығылып, дауысын шығара егіліп жылады.
– Саған төбелесу керек едi, – дедiм.
– Күл-паршасы шықты, – дедi ол.
– Қарсы соққы жұмсағанда, бәрi басқаша болар едi.
– Бәрi бiттi.
– Қазiр ана бұзақыны жекпе-жекке шақыр.
– Ендi қайтемін. Енді ештеңе өзгермейдi.
– Бұл саған қажет.
– Маған түктiң керегi жоқ.
– Ер-азамат емессiң бе?
– Білемін, ол менi ұрып тастайды.
– Сонда да.
– Ешкiм жабылмай ма?
– Жабылмайды.
– Ешқашан төбелескен емеспiн.
– Әйтеуiр бiр жұдырықтасуға тура келедi.
– Бәрi бiткен жоқ па?
– Бұл саған қажет.
Ол үндемей қалды. Есiктен бой көрсеткен Мақсұт берi қарай жылдам басып келдi де, бос орындыққа тiзе бүктi.
– Қайдар жекпе-жек шығамын дейдi.
– Дайын ба?
– Иә. Меніңше, әділі осы.
– Келiсесiң бе?
– Келiспеймiн.
– Неге?
– Бiз қамыс арасынан шыққан жабайы емеспiз.
– Ақымақ.
– Мақсұт, тыныш отыр.
– Мұны тоңқалаң асырып жөнімізге кете бергеніміз дұрыс.
– Ойлан.
– Шықпаймын.
– Бұл маған да, Мақсұтқа да керек емес, бұл саған қажет.
– Келiспеймiн.
Мақсұт ұшып түрегелiп, екi адым аттап барып, оң қапталына еңкейе бердi де, оң жұдырығын сiлтеп қалды. Жылдам соққы иегінің ұшынан дөп тиген жiгiт әрi қарай шайқалып кеттi де, орындығынан сүйретiліп барып, сыпырыла құлады. Мақсұт орнына қайыра сылқ ете түсті. Көлденең жатқан бозбала екi қолымен едендi тiрей, көтерiле беріп, қайтадан етпетiнен жығылды.
– Бекер ұрдың.
– Шыдай алмай кеттiм, Дәке.
– Обал болды.
– Өзi кiнәлi.
– Бейшара, бүгiн нағыз бейшара болды.
– Кеттiк пе?
– Иә.
– Жігіттер қала ма?
– Қалады.
Қауырт жиналып, сыртқа шығып, Мақсұттың машинасына топырлай мiндiк. Елеусiз, Қайдар үшеумiз артқы креслоға жайғастық та, Мақсұттың қасына сұңғақ бойлы ақ құба қыз отырды. Машина Гоголь көшесiмен кедергiсiз зырлады. Карл Маркс қиылысына төнiп келгенiмiзде, бағдаршамның қызыл көзі жанып, автомобиль жылдамдығын азайтып, тiзгiнiн шұғыл iріктi. Жасыл түс жанысымен, қайыра iлгерi жөнеп кетті.
Содан кейiн бағдаршамға қарамадық. Абылай хан даңғылына iлiге берiп, сол тұсымызға бұрылдық та, едәуiр жер тегiс асфальт үстiнде құстай ұштық. Маңдай алдымыздан шынылары жарқыраған Ұлттық кiтапхананың ғимараты көрінді. Бiз Абай даңғылын қиып алуға ұмтылып, басқару тетiгiн оң қанатымызға айналдырдық. Ұлттық кiтапхана сол жақ тұсымызда кейiн қалып барады.
– Қайда жол тарттық? – дедi қыз орысша.
– Тағы бір кафеге.
– Көп боламыз ба?
– Жоқ.
– Демалған дұрыс едi.
– Қайдағы демалыс?
– Иә, қайдағы демалыс, ғұмыр енді басталып келеді.
– Жетпіс жыл адасып, теріс жүрдік, шын өмір, шұғылалы күніміз жаңа туды.
– Қасымды шырқайықшы!
– “Жас дәурен – гүл жазира қайран жазым!”
– Данайды кездестiрмегенiме көп болды.
– Мақсұт, уақытың тығыз болса, қиналмай-ақ жүре бер.
– Брэнди iшемiз.
– Маған сыра ғана.
– Сағат неше болды? – деп сұрады Елеусiз.
– Әлi ерте.
– Мақсұт кеш деп ешқашан айтпайды.
Желтоқсан көшесiне түсiп алған автомобиль “Меруерт” кафесiнiң iргесiне келіп тоқтады. Мен тысқа шықтым да, бикештiң есiгiн ашып, қолынан ұстадым. Ол қара түстi leggings киiп алыпты. Әуелi, оң аяғын шығарып, толықсып иiле берiп – жарқырап толығымен өзi көрiндi. Көк торғын жұқа көйлектiң етегiн белдемшесінің ішіне салмай, leggings-тің сыртына жiбере салған. Белiн жез топсалы қынама күдері белбеумен тартып қойыпты. Ұштары шорт қиылған шашы иығынан асып, арқасына молынан төгіліп, жалаңаш жауырынын тұтас жапқан. Мақсұт машинасының моторын сөндіріп, берi айналып келдi.
– Кiремiз бе?
– Көп болмайық, – дедi қыз тағы да.
– Көп болмаймыз.
– Қайдарды қайда жiбердiң?
– Машинада ұйықтап жатыр.
– Тентектерге рақат, – деді ол, – теріс қылығын ар көріп, ұят санап, бейнет кешпейді, сондықтан ұзақ өмір сүреді.
– Құзғын сияқты.
– Шоқжұлдызды айтасың ба?
– Жоқ, жемтік іздеген ұзақ қарғаларды айтамын.
– Ұзақ қарғалар бола ма екен?
– Болады. Машинада ұйықтап жатыр.
Төртеумiз табалдырықтан аттадық та, дәлiзбен сәл жүрiп, оң қапталымызға бұрылдық. Тар есiктен еңкейiп өтiп, әсем безендiрiлген кафеге тап болдық. Үстелдер жуан тақтайлардан құрастырылып, әр жерiнен оймыштап шебер күйдiрiлген. Бiрнеше оңаша отауға бөліп тасталған әрбiр үш үстелге бір ортақ шаңырақтан орнатылған. Малта тастармен көмкерiлген қабырғалардың үстiнен жылтыр бояу жүргiзiлiптi. Кафе iшi күңгiрт. Қаздай тізіліп шұбырып кірген біздер төргi отаудың екiншi үстелiне барып кiдiріс таптық. Елеусiз бен бикеш үстел басында қалып, Мақсұт екеумiз ширақ басып барып, барға жете iркiлдiк. Егде орыс бармен күлiп қарсы алды.
– Ассалаумағалейкүм, Мақсұт.
– Қазақша бiледi, – дедi Мақсұт.
– Не аласың?
– Не алуға болады?
– Palinca, жаңғақ дәнi, мандарин шырыны.
– Екi шөлмек Palinca, бiр табақ аршылған жаңғақ дәнi, төрт бокал мандарин шырыны және төрт рюмка.
– Анарды қайда тастап кеткенсiң?
– “Жұлдыз” кафесiне.
– Мынау кiм?
– Елмира.
– Бұрын бiз махаббатқа сенушi едiк.
– Әлі де сенеміз.
– Рухани бай едiк.
– Бiрақ, сыртқы кейіптерiңiз тым жұпыны болатын.
– Сталин халықты қалай басқаруды бiлдi.
– Джугашвили – жеті басты айдаһар!
– Жалмауыз.
– Бұл кім?
– Данай. Ұлы гуманист.
– Сталинді қорламасын. Қорлатпаймын!
– Кешіріңіз, Сталин, шынымен, – Жезтырнақ, ол туралы Осип Мандельштам жазған!
– Мен гуманистке құймаймын, кафеден шықсын!
– Бірақ, Сталин тұрақты түрде, құрған жоспары бо-йынша әр тоқсанда жүздетіп адам атқызып отырғаны рас!
– Бүгін сен ішпейсің! Саған құймайды.
– Жарайды, Мақсұт, ішпеймін!
– Данай, оқыдық қой, тіпті, өз қолымен өлім жазасына кесілгендер тізімін толықтырып жібереді екен.
– Мені жазықсыз атылған миллиондардың аруағы мазалайды!
– Сен массың, Данай, қоя тұршы.
– Білсін, бiз көсемдерге емес, өзiмiзге ғана сенемiз.
Қартаң адам төрт аяққа шырын толтырып, бiзге ұсына бастады. Тәрелке алып, әрi айналды да, жаңғақ дәнiн салып, алдымызға қойды.
– Кеңес Одағы жер шарындағы ең ұлы мемлекет едi, қазiр жалған көсемдар жетекшілердiң кесірінен сиырдың бүйрегiндей бөлшектенiп кеттi.
– Қандай қызық көрдiңдер? – дедi Мақсұт екi шөлмектi барменнiң қолынан алып жатып.
– Мен ХХI съезге делегат болғанмын.
Сол сәт Мақсұт мырс етiп күлiп жiбердi.
– Ыржалақтама, – дедi бармен, – бiз дүние жүзiн өзгерткен жандармыз.
– Екi-ақ мәрте, – дедiм мен, – әуелi Ленин үлкен өзгерiс жасады, одан кейiн – Горбачев.
– Михаил Горбачевтi тарих кешiрмейдi, – дедi егде орыс барменi.
– Қазақтар да, – деді Мақсұт.
Бiз үстелiмiзге оралдық. Мақсұт бөтелкенi ашып, төрт рюмкаға шүпiлдетiп құйды да, маған сөз бердi.
– Елмира үшiн, – дедiм мен.
Рюмкаларымызды жапатармағай көтеріп қойдық. Сары реңді мандарин шырынынан азырақ ұрттап, алақаныммен уыстап, жаңғақ дәнiн алдым. Бiр-бiрлеп аузымызға салып, бәріміз үнсіз отырып жедік.
Мақсұт шөлмектi тағы да рюмкаларға еңкейтіп баппен құюға көштi. Бұ жолы үнсiз төңкерiп тастадық. Төңiрек ғажап түске боялып кеткен.
– Көп алып қойдық, – дедi Мақсұт.
– Иә.
– Жөнелемiз бе?
– Шаршадық.
– Мың бір түн ешқашан бітпейді.
– Бітеді.
– Ұлы өмір таусылмайды, алайда біз түбінде ғарыштың шаң-тозаңына айналамыз.
– Ұлы өмір де таусылады.
– Қалай?
– Мысалы, Күн өзегіне құлайды. Шексіз сығым-далған бір нүктенің Алапат Жарылысынан туған жал-ғыз перзенті үлкейіп барып қайтадан бір нүктеге сы-йып кетеді.
– Философия сенің түбіңе жетеді, – деді Мақсұт.
– Елеусiз ертең жарысқа кетедi.
– Онда апарып салайын.
– Сөйт.
Төртеумiз көшеге шықтық та, автомобильге таяп келіп, тұрып қалдық. Түн салқын тартып кетiптi. Елмира есiктi ашып, салонға кiрдi де, iшiнен жауып алды. Елеусiз артына отырған. Мақсұт қасыма тақала беріп, жауырынымнан құшақтады.
– Сен бiреуге сене аласың ба?
– Бiлмеймiн.
– Менi екi досым қиын жағдайға қалдырып, өздерi жуырда Алматыдан қашып кеттi.
– Бұл заманда біреуге сену қиын.
– Жарты миллион сом тауып беремін деген соң, басқа жақтан ақша iздемеп едiм.
– Не болды?
– Педагогикалық институттың үш баласын аңдау-сызда қатты ұрып, мертiктiрiп тастаппын.
– Iздеп көрейiн.
– Мәселе ақшада емес, – дедi ол.
– Заман сондай.
– Заманды ақтай алмаймын, бiрақ ол екеуiн ешқа-шан кешiрмеймін.
– Оларды таяққа жығудың қажетi жоқ.
– Не iстеуге болады?
– Ол жағын бiлмейдi екенмiн.
Мақсұт машинаның ар жағынан сырт еткiзiп есiктi ашты. Кафенiң табалдырығынан сыртқа аттаған қыз бен жiгiт сол қапталына бұрылып, қарауытып кетiп бара жатты. Автомобильдiң моторы iске қосылды да, жарығы мол шамдары жанды. “Меруерт” кафесiнiң алдында түнгi суық ауадан тоңазып тұрған менi бiр сәт мұң басты.
IV тарау
Елеусiз ертеңiне Таиландқа ұшып кеттi. Кеш оянған мен түс ауа Жазушылар одағына бардым. “Қаламгер” кафесiне көтерiлсем, оң қатардағы үшiншi үстелде Қанат Нұрбекұлы бiр жас адаммен сөйлесiп отыр екен. Мен таяп келдiм де, екеуiне қолымды ұсындым.
– Менiң танысым – Данай Байқуаныш, – дедi Қанат.
– Әлiбек Ақанұлы.
Әлiбек Ақанұлы шашын тықырлап алып тастаған. Ақ құба өңiн қыр мұрны ажарландыра түскен. Күннен қорғайтын итальяндық қара көзiлдiрiк киiп алыпты. Жазғы кәстөмiнiң iшiнен ақшыл көк жейдеше аңдалады. Ол сұңғақ бойлы, сымбатты көрiндi.
– Біздің Әлiбек кино өнерiмен шұғылданады. Бiр фильмнiң сценарийiн жазып, екiншiсiн өзi қойып шыққан.
Ол үнсiз. Көзiлдiрiгiн төбесiне шығарды да, кеседегi қою қара кофеден кiшкене ұрттады.
– Бірінші – әңгiме тақырыбына қалам тарттым.
– “Жалын” журналынан оқыдым.
– Данай Байқуаныш жаңа туындыларды үзбей оқып тұрады.
– Әуелі жақсы әсер еткен Эрнест Хемингуэй едi, кейiн Уильям Фолкнер таланты өзіне ұйытып әкеттi, – дедi ол.
– Камю да мықты.
– Альбер Камю қазақшаға аударылмаған.
– Өкiнiштi.
– Орысша нұсқасын көп айналдырдым, сан мәрте кино тіліне аударып көрдім, басқа түрге көшіруге келмейді екен, бірақ оқып болған соң, ғұмырға басқаша қарай бастайсың.
– Тегінде, ол Достоевскийден көп үйрендi.
– Сэлинджердiң “Тэдди” шығармасын білесің бе?
– Оны мұқият оқып шықтым, – дедiм.
– Романы да күштi.
– Маркес ше?
– Бабылдың өзiне ұқсас туынды.
– “Жүз жылдық жалғыздықты” айтасың ба?
– Иә.
– Онымен Хорхе Луис Борхес таласа алады.
– Әрине.
– Кортасар да.
– Айтматовтың “Теңiз жағалай жүгiрген тарғыл төбет” повесi сол деңгейге жетедi.
– Хемингуэйдiң “Шал мен теңiзi” секiлдi.
– Хемингуэйдi аласартпа, – дедi Әлiбек Ақанұлы.
– Ғабит Мүсіреповтiң “Ұлпаны” да биiк.
– Тағы кофе алайын ба?
– Иә.
Қанат Нұрбекұлы барға қарай лыпи жөнелді.
– Томас Пинчон туралы естідің бе?
– Жоқ.
– Ұлы Томас Пинчон. Ешкім білмейді.
– Тонино Гуэрроны ше, танысып па едің?
– Жоқ, мен Ален Роб-Грийе атты данышпанды көргім келеді.
– Ол тірі, Парижде тұрады.
– Сосын, Милорад Павичті көрсем деймін.
– Павич Белградта, қала бақтарында қыдырып жү-реді.
– Марқұм Джек Керуакты іздеймін.
– Мықты еді, бірақ бағы ашылмады.
– “Опустошение ангелов”. Қазақшаға “Періштелер күйзелісі” деп аударып көріп едім, жаңсақ тәрізді, ағылшын нұсқасы “Desolation of angels” деп аталады.
– Мен прозамен бiржолата ат құйрығын кесiстiм.
– Келесi ғасырда әдебиет болмай ма?
– Болады.
– Мен де сол пiкiрдемiн.
– Өзiм кетiстiм. Қазiр кино өнерi қауырт дамып келедi, экраннан иiс те шыға бастады, кейiпкердi қарсы алдынан да, тура артынан да қатар көруге болады.
– Кiтаптың болмысын ештеңе айырбастай алмайды.
Қанат қайтып келдi. Қолындағы дөңгелек табақта титiмдей-титiмдей үш кесе бар. Ол лезде үстелге жетiп тоқтады да, табақты дастарқанға қойып, кеселердi бiр-бiрлеп тiзе бастады. Босаған табақты шетке таман ысырып қойды.
– Кино – өнердiң атасы, – дедi Әлiбек Ақанұлы.
Маған кiтаптың қадім дәуiрден қасиеттi дүние екені туралы ой келді. Әлiбек қалтасынан темекi қорабын шығарып, бiр талын алды да, аузына салып, шақпақпен тұтатты. Өзiнiң жалғыздық кеулеген тынық шеберханасында романдарын үнсiз дүниеге келтiрiп жатқан мыңдаған белгiсiз жазушылар жадыма оралды. Бұрқ етiп түтiн үрлендi де, биiктей берiп, сақинаға айналып жатты. Бальзак не үшiн ғұмыр бойы тынымсыз бейнет кешті, Хемингуэй неге өз жанын өзі қиып, дүниежарықты тастап кеттi. Пруст зар құшып, шер тарқатып, уайым шегіп, қайғы жеп, сырын ашқан қападар, шынайы досын – қайдан iздеп едi. Түтiн иiсi мұрныма жеттi.
– Кино неге кiтапты ығыстыруы керек? – дедiм.
– Өйткенi, келешегi зор, өрісі кең, қайраты мол.
– Кiтапсыз адам өмiр сүре ала ма?
– Өмiр сүре алады.
– Бiлмеймiн, – дедiм.
Флобер әрбiр сөйлемiн құдiреттiң өзiне айналдырған, Стендаль қалам тартып бір парақ дүние жазу үшiн ұзақ түндер бойы жанын қинапты. Қазақтар ескі заманда ұтымды айтылған шешен сөздің жүйесін танып, қадіріне жетіп, қисынына тоқтап, ұрыс даласын тастап кетпедi ме. Әлде адам баласы о бастан қайырымсыз. Кiтап оларды әлдиледi, тілсіз ғарышта жан серік болды, бүкiл әлемдiк жалғыздықтан қорғады, қара суықта үсіктен сақтады. Кеше оны ақыл-ой меңіреу аспан құрдымында ес көрді. Пана болған кiтап еді. Құнарлы азық болған кітап еді. Соның арқасы. Қадірін ешкiм ұмытпауы шарт болатын. Әлде адам баласы о бастан қайырымсыз. Адам дегенiмiз кiм? Кiтап қашанда жадына түйіп, көкірегіне тоқыған адамға тең, бірақ кісіден артық емес, зады, жақсыға нақ, қайғысыздан биік. Үстелге қолымды созып, кесенiң бiреуiн алдым да, кенересiнен ақырын іштім. Кофенiң кермек дәмi тiлiмдi үйiрдi. Орнына қайыра қойып жаттым. Жым-жырт аспан қай уақыт сырға берік, сырт көзден үнемі жасырынады. Адам кемісін толтырып, олқысын жетілдіре алмайды. Оны кiтап жазған. Қайдан адасып келгендерiн жұмбақтаған да кiтап, тiрлiк кешiп жатқандар мұратын түсiндiруге талпынып жүрген де кiтап, даму жолы қайда апарып соғатынын айтпай қойған да кiтап. Әлде адам баласы о бастан қайырымсыз.
– Мелвилл есiңде ме?
– Иә.
– Үлкен кiтап жазу үшiн үлкен тақырып алу қажет деп, “Моби Дик немесе Ақ Кит” романында жан-жақты қисындай баяндап кетпеп пе едi.
– Шын.
– Сол тұжырымның көңілге бекіген көрікті ойын,
тегі, одан ары өрбiтіп, ширата түсетін болсақ, адам-заттың бүгін Құраннан үлкен, Құраннан биік кiтабы жоқ сияқты.
– Түсiнбедiм.
– Құдай ақыл-парасатын бейнетаспаға жазып жiбе-ре алмайды.
Әлiбек Ақанұлы ойланып қалды. Қолындағы бықси жанған темекiсiнен түтiн шығып жатыр. Қара көзiл-дiрiгi тықыр шашына асылған қалпы. Дүние жүзiнде кiтап тағдыры шешiлетiн бiр майдан болуы тиiс. Жаратылыс қазiр кiтапқа ену үшiн жаратылмаған сияқты[1].
– Алдын ала пәтуа айтпа, – дедi Әлiбек.
– Кiм бiледi, – деп келiсе кеттi Қанат Нұрбекұлы.
Босағадан Айдана Саматқызы көрiндi. Оның кигенi балағы тар, қара түстi жұқа шалбар, сыртына жіберген ақ торғын жібек көйлегi мықынын мұқият, бүтіндей толық жауыпты. Аяғында нәшті, өкшесi аласа қара төпiли. Бiзге қарай күлiмсiреп келе жатқанда ол орта жолда бiрiншi үстелдегi бейтаныс бiреумен бас изесiп амандасты. Айдана Саматқызының қолаң шашы беліне түсуші едi. Қазiр оны төбесiне түйiп алыпты. Қолында күн сәулесi өтпейтiн әсем шынылы көзiлдiрiк. Ол қасымызға таяп келдi де, көзiлдiрiгiн омырауы тұсына қыстырып қойды. Мен орнымнан тұрып, оны қолынан ұстап, бетiнен сүйдiм.
– Сенiң осында екенiңдi бiлдiм, – дедi ол.
– Танысып қоярсың, Қанат Нұрбекұлы, Әлiбек Ақанұлы.
– Айдана Саматқызы.
– Жоғары шық, Айдана.
Ол бос орындыққа, Қанатқа қарсы тiзе бүктi. Әлiбек те, Қанат та оған қарап қалыпты. Екі ғаріп-қасердің жан сарайында не болып жатқанын түсiндiм. Талдырмаш ұзын бойлы Айдана уыздай жас еді. Қасымызға отырған сәтте де сол ажарлы, сымбатты қалпын жоғалтқан жоқ.
– Не алайын, Айдана? – дедiм.
– Кофе және шоколад, – дедi ол бәсең дауыспен.
Түрегелiп, бар жаққа маңдайымды түзедiм. Бармен үстелiн дымқыл шүберекпен сүртiп жатыр екен. Сүртiп болған соң, жүзiн көтерiп, маған қарады.
– Кофе және бiр шоколад берiңiз.
Бармен сөреден қораптағы шоколадты алып бердi де, кесенi ұстап, самауырынан кофе ағыза бастады. Пиаланы толтырып, маған ұсынды. Алып жатыр едiм, арқамнан бiреу түрттi де, мен керi бұрылып, Қанат Нұрбекұлын көрдiм.
– Мына қыз кiм?
– Айдана ма, менiң факультетiмде оқиды.
– Кофесін мен алып барсам қайтеді?
– Жарайды.
– Ол қайда тұрады?
– Менде үйінің телефоны ғана бар, – дедiм.
– Бересiң бе?
– Әуелi өзiнен рұқсат сұрайық.
Ол кiдiрiп қалды.
– Жiгiтi бар ма?
– Бiлмеймiн.
– Нұрлыбек Асқарұлы ғашық әз қалқа осы ма?
– Өзі біледі ғой.
– Әрине. Өзі біледі.
– Неге қиналдың?
– Жай.
– Меніңше, жай емес.
– Шын, жай. Әншейін.
Үнсіздік орнады. Бар сілтідей тынды.
– Не қапа?
– Шер ме, наз ба, ағаттық па, әлде өткіншек сезім бе, мүмкін, білместік шығар.
– Мазаң қашып... Не болды?
– Айтайын ба?
– Жарайды, айт.
– Несіне жасырайын.
– Иә, жасырғың келіп те тұрған жоқ.
– Айдана маған ұнап қалды.
– Бәрiне де ұнайды, – дедiм.
Тосыла қарады. Сосын, аузына сөз түспей, қипақтап, біртүрлі дегбірі қашты.
– Кешір.
– Қайтейін?
Мүдіріп көп тұрды.
– Иә, құрыдым.
– Ойыңнан адаспа, есеңгіреме, Қанат, есіңді жи.
– Рас, көргенде, ақылдың көзін байлады.
– Еңсеңді түзе.
– Өзегімді ғашықтық қасіреті жарып барады.
– Ішіңе от түсті.
Қозғалақтады. Кенет шыдамым таусылды.
– Бекерге әуре боп қайтесің. Ештеңе шықпайды. Меніңше, бекер де артық.
– Оны ұмыта алмайтын тәрiздiмiн.
– Жақсы. Онда, ырық бердік.
– Ренжімеші.
– Еркіңе бағындық, ықтиярыңа көндік.
– Кесенi мен апарайын.
– Апар.
Кесе мен шоколадты ұстаған ол алға озды. Мен артынан кешеуілдеп, жайбарақат, асықпай басып келдiм. Айдана Саматқызы Әлiбектен көзiн алмаған күйi кофеден ұрттады да, шоколадты шетiнен тiстедi.
– Фильм адамның рухани тозған заманы туралы, – дедi Әлiбек Ақанұлы.
Орныма жайғастым да, кесенi алып, ернеуiнен жайлап iштiм.
– Маған шығармашылық халқы қызықты, – дедi Айдана.
– Әлемде қолтаңбасы айқын, қайталанбас он айтулы режиссер бар. Фрэнсис Форд Коппола, Микеланд-жело Антониони, Федерико Феллини, Андрей Тарковский, Бернардо Бертолуччи, Жан-Люк Годар, Франсуа Трюффо, Пьер Паоло Пазолини, Стэнли Кубрик…
– Зады, Коппола – данышпан.
– Киноға түскiң келе ме?
– Ойланып көрмеппiн.
– Негізі, Ким Бессинджер бiз сықылды бастапты.
– Мені, шын, Мэрилин Монро тағдыры қызық-тырады.
– Қасiреттi тағдыр.
– Ешкiмге ұқсамаған жан иесi нағыз жұлдызға айналады.
– Монроның өмiрi – қаталдық пен жалғыздықтың құрбаны.
– Иә, – деп келiстi Айдана.
Түкпiрдегі үстелден Әмiр Қайратұлы мен Сағындық Иманұлын көзiм шалып қалды. Қасында тағы, жанары – ботаныкi, шашы ұзын бiр қыз жүрдi.
– Қазiр ораламын, – дедiм.
– Данай Байқуаныш достарын байқап қалды, – дедi Айдана.
– Оларды мен де танимын, – деп сөзге араласты Қанат.
– Екеуiн де түсiне алмаймын.
– Әмiр Қайратұлы тамаша ақын болады.
– Сағындық ше?
– Ол да.
– Екеуiн де түсiне алмаймын.
Тұрып кетiп қалдым. Жақындап қелген менi аңғарып, олар орындарынан көтерілді. Әмiр қарсы жүрiп, менi құшақтады.
– Дәке, армысыз, – дедi ол қуана сөйлеп.
Одан соң, Сағындық Иманұлы көкiрегiне басты.
– Төрлет.
– Әмiрдiң өлеңi жарық көрді.
– Ол түбiнде бәрiмiзден озады.
– Дәкең қалжыңдап тұр, – дедi Әмiр Қайратұлы.
– Жоқ.
– Дәкеңдікi – қаланың прозасы.
– Әйтеуiр жаңа пәлсапа, тың машық деп, Әмiр бәрімізге мақтайды.
– Роман туралы естiп жатырмыз.
– Бастадық.
– Дәулеті қайтқан ауыл жайлы бiрдеңе бар ма?
– Иә, туған жерден бақ тайды.
– Барлығымыздың тегiмiз қырдағы, алқа-қотан қон-ған ауылдан, – дедi Әмiр.
– Жақсы айтылды.
– Киіз туырлықты қазақ тек қана кең байтақ жазық өңір қыр далаға жарасады.
– Ойлауы – ат шаптырым, тiршілігі – түйе сойғандай.
– Кестелеп жатқан сөзiн қара, – дедi Сағындық, – тәуiр қаламгердің толғамы.
Олар брэнди iшуге ендi отырыпты. Қақпағы сыпы-рылмаған торсықтай шөлмек дастарқанның бұрышында тұр. Қыз маған сыпайы жымиып, орнынан көтерiлдi.
– Сағындықтың бәйбiшесi.
– Дәкең әлi көрген жоқ, келiнiң осы кiсi.
– Гөзәл Даниялқызы.
– Ұйғырдың бiр аруына қол жеткiздiк.
– Отыр, Дәке. Омар Һайям, Мағжан, Қасым, Мұқа-
ғалиды оқып, бал ма, у ма, брэндиден сiлтеп жiбе-рейiк.
Әмiр үш рюмкаға да шүпілдете құйып қойды. Өз рюмкасын қолына алып, шашын кейiн қайырып тас-тады да, маған қарады.
– Алғашқы сөз Дәкеңдікi, – дедi.
– Кез келген шытырман детективтің түйіні бір-ақ жолмен шешіледі екен: ешқашан достарыңды орта жолда тастап кетпеңдер.
– Сол үшiн.
Рюмкадағы шарапты жұтып салғанда, брэнди тiлiмдi ашытып, өңешiме жетіп, жыртып өткендей болды да, кеудемді қыздыра бастады. Тәрелкеден қияр салатын шанышқымен алып жедiм. Берi қарай Қанат Нұрбекұлы жүрiп келе жатты.
– Отыр, Қанат, – дедi Әмiр.
Түгел амандық сұрасып шыққан қападар ол менiң жаныма таяды. Оған толтыра құйды, Қанат тұрған бетi тартып жiбердi.
– Данай, жеке сөйлесуiме бола ма? – дедi ол.
– Болады.
Екеумiз алыстап барып тұрдық.
– Әлiбек Ақанұлы тобықтан қаға бередi.
– Әлiбек Ақанұлын жақсы бiлмеймiн.
– Айдананы алып шыға алмайсың ба?
– Қанат, не болды саған?
– Қайтсем, дұрыс?
– Білмеймін.
– Бекер көрген екенмiн.
– Қамықпа. Өзің осыншалықты күйрек пе едің.
– Өзегімді тілді.
– Егіле берме, қой енді.
Көзінде жас пайда болды.
– Айыпқа бұйырма, кешір, жан қалқа. Қолымды созып едім, бірақ жетпеді.
– Боркемік, жасық болма, Қанат.
– Кешір мені, Данай.
– Қайраттан.
– Кешір мені, Данай.
Ол сәл бөгелiп тұрды да, тез құшақтап, әрi айналып, жылдам басып кеттi. Мен дастарқанға бардым. Әмiр, Гөзәл және Сағындықпен қош айтыстым да, өзiмiздiң үстелге келдiм. Үстел басында Айдана ғана отырды.
– Әлiбекпен кете берейiн бе?
– Иә.
– Жақсы жiгiт.
– Ұнаса, болды.
– Ертең сенi қайдан тауып аламын?
– Бiлмеймiн.
– Өзiң телефон шаларсың.
– Жарайды.
– Шiлде туысымен Ыстықкөлге кетемiн.
– Ыстықкөлде рақат қой.
– Менiмен барғың келе ме?
– Ойланып көрейiн.
– Пансионаттан орын дайындатып қояйын ба?
– Шілде айында ма, мүмкін, өзiм де табармын.
– Ол тыста күтемiн деген.
– Бара беруiңе болады.
– Романда мен туралы жазасың ба?
– Жазуым мүмкiн.
– Кеттiм.
– Сау бол, Айдана.
– Bye-bye[1].
– See you later, darling[2].
Ол ақырын түрегелдi де, менi бетiмнен сүйiп, шығар есiкке бет түзедi. Босағада соңына бұрылып, сәл күлiмсiреді, маған қолын бұлғады. Iлгерi жылжыды да, табалдырықтан аттап барып, көз ұшынан жоғалды. Мен суып қалған кофеден iштiм. Есiктен Қанат Нұрбекұлы бой көрсетті. Теңселе жүріп, қасыма келiп жайғасты.
– Бәрi құрыды, – дедi ол.
– Өмір алда, құрыған дәнеңе жоқ.
– Қиянат шықты, әділетсіздік жеңді.
– Таусылма, Қанат.
– Қызық бітті, ғұмыр тұйықталды.
– Басқасы да жетеді.
– Айдана, қайран Айдана!
– Жар есігін бермеді.
– Бағым тайды, ризық бұйырмады, ырысым шай-қалды.
– Нәсіп те, несібе де өз қолыңда.
– Қолымнан ештеңе келмейдi.
– Келеді.
– Енді қайттім?
– Махаббат пісіріп жатқан ас сияқты, кейде дәмсіз болады.
– Әдемi қыздар неге маған көңiл аудармайды.
– Қанат, жылағаның не?
– Олар менi көздерiне iлмейдi, ал олар үшiн мен өмiрiмдi қия алар едiм.
– Жылауға болмайды деймiн, Қанат.
– Бәрi құрыды.
Қанат жүзiн көкiрегiме тығып, тоқтаусыз жылай бердi. Қапыда, мен оны аядым. Оның жеңiлтек, алыпұшпа, қаңылтақ мiнезi, әдетте, жиi опық жегiзiп, үнемі ойда-жоқта өкiнiшке ұрындырады. Зады, ол, тiптi, пасық та, күншіл де, жаман адам да емес. Ол – өте кiшiпейiл, аңқылдақ, қайырымды жан. Тек қана ылғи күйкі тіршілікте жолы болмай жүредi.
Ү тарау
“Спартак” кешеніне уақытынан ерте келдiк. Бiз кіргенде, бокс залында ринг даяр болатын, өрімді жуан арқандар төрткілдеп алаң құрап – төрт қанатынан сымдай тартылып, керіліп тасталған. Төр жақтан қазылар алқасы ұзын үстел мен бiрнеше орындықтар қойып, қаздай тiзiлiп отырып алыпты. Топырлап босаға тұстан, рингтiң бергi қапталынан тегіс iрге тептік. Қапталдағы төрешiлер орындарына барып жайғасты да, бүгiнгi жарысты ұйымдастыру тобының жетекшісі кiрiспе сөз айтты. Бiз ештеңе тыңдаған жоқпыз.
– Мен боксты өмірімде бірінші рет көруге келдiм, – дедi Айдана.
– Маусымның аяғында не күзде Ұлттық университетте бокстан қалалық жарыс өтедi.
– Жуырда Данай екеумiз Ыстықкөлге барамыз.
– Тамыз айы қолайлы шығар.
– Шiлде айында үлкен қалада берекеміз қашпай ма?
– Жоқ, қашпайды. Бірінші, Асқаттың дипломын жууға Қарқаралыға аттанамыз, сосын, “Азия дауысын” көрiп, Медеу шатқалында сауық құрамыз әрi сол айдың төртiншi жұлдызында Азамат Болатұлының үйлену тойы бар.
– Шiлденiң басында Ташкентке жүремін.
– Тамыздың тоғызыншы жұлдызына дейiн келетiн шығарсың.
– Иә.
– Сонда кетемiз.
– Тегінде, биыл салт басты, сабау қамшылы бойдақ өмірдің соңғы демі, ақырғы салтанаты ғой, келесi жылы саған үйленуге тура келедi.
– Рас, әжем шөбересiн көрiп қалсам дейдi.
– Үйленуден неге қорқасың?
– Қорықпаймын. Маған жаңа өмірді бастап кету қиын емес. Бірақ, бас құрап, тұрмыс құрғанша, романды аяқтап қойсам ба деймiн. Бұл менiң алғашқы және соңғы кiтабым болады.
– Кейiн ше?
– Кейiн әдебиеттi тастап кетемiн.
Айдана рингке әдемi қой көздерiмен көңiлсiз тесiлiп тұрды. Ол қайыра төмендеп, орнына тізе бүкті де, жабырқап, қападар жүзiмен таңырқап қарады.
– Неге?
– Өзiм де түсінбеймін. Бiрақ, бәрiбiр, ештеңе жазбайтыным анық.
– Әдебиет қажет емес пе, оқырман қауымға, қалың елге.
– Сен кiтап оқисың ба?
– Агата Кристи, Борис Акунин, Харуки Мура-камидi.
– Әрине, жұрт Агата Кристи, Борис Акунин, Харуки Мураками тәрізді қаламгерлерді іздейді, ал Джеймс Джойс, Франц Кафка, Уильям Фолкнер сияқты даныш-пандардың шығармасының бетін де ашпайды.
Бас қазы алғашқы жұпты хабарлап, рингке төрешi шықты да, қапталдағылармен сөйлесіп жатты. Қызыл бұрыштан Марат Қасымұлы көрiндi. Ол арқанды шапшаң жоғары көтерiп жiберiп, оңай аттап өтті де, қолғаптарын төрешiге тексертiп алды. Көк бұрыштан Жақып Берiкұлы көтерiлдi. Марат Қасымұлы республика дәрежесінде отыз жекпе-жек өткiзіп, оның жиырма төртiнде жеңiске қол жеткізген, екеуiн тең аяқтаған, төртеуiнде жеңiлiс тапқан. Жақып Берiкұлы жиырма бес мәрте рингке көтеріліп, он тоғызында мерейі үстем болған, қарсыласынан, жалпы, үш дүркін жеңiлiпті, қалған екеуара кездесулерде бәйгенi тең бөлiскен. Гонг соғылды да, боксшылар қолдарын түзеп, бет-жүзін қалқалады. Былғары қолғаптар кеудені де бүтіндей толық қорғайды. Марат екi аяғына кезек салмақ түсiрiп, сол қолымен үш мәртебе тiк соққы жiбердi. Үшеуi де қорғанысқа кезiгiп, межелі жерiне дарымай, пайдасыз бос қайтты. Жақып қарымталап, қайтара соқпады, қос жұдырығымен жүзiн бүркеп, шегiнiп кете бердi. Қайыра сол қапталдан қысқа хук жасалды да, Жақып қапылыс жалтарып, солға лықсыды, қардай жауған көп соққыдан теңселе қашып, ақыры сытылып шыққан бойда көкiректен ұрды. Екінші қолы құлақ-шекенi сырып өттi. Марат арпалысып, жанталаста аптыққан жүрегін, алқынған демiн клинчте айқасып тежеп алғысы келдi. Жақыптың бiлектерiн қолтығына қысып, сосын екi иығына асылып, ауа жетпей ентігіп, тұншыққан өкпесіне тыныс беруге тырысты. Жақып қолдарын биік көтеріп, самайынан екi мәрте соққылап жiберді. Соққылар қатты болған жоқ, тек тынығып алуына кедергi жасады. Төрешi оларды екi айырып, жекпе-жекті тоқтатып тастады. Екеуi бiр-бiрiнен алыстаған соң, ұрысты қайта бастауға рұқсат етiлдi. Марат билей басып, аяғын ілгері тас-тай беріп, бүкіл иығымен тұтастай алға жұлқынып, сол жұдырығын шапшаң сілтеп қалды. Жұдырық бетін қорғалап жүрген екi былғары қолғаптың берік қорғанысын бұзып-жарып өтіп, аузы-мұрнына бүтіндей қатты соғылды. Жақып ту сыртына қайқайып барып, шалқақтап кетіп қайта түзелдi. Ол есiн жиып үлгермей, іле-шала иектен дөп тиген апперкот келдi, қапылыста Мараттың оң қолы берi суырылып, қысқа шеңбер сызған бойда құлақ-шекеден ауыр хук тастады. Нокдаун белгіленді. Боксшыға қадалған төрешi саусақтарын бүгiп, мұқият санауға көштi. Тоғызыншы секундта Жақып жекпе-жекті жалғастыруға басын шұлғып келісімін бiлдiрдi. Олар бiр-бiрiн аңдып, шаршы алаңды айнала жағалап, бұқпантайлап ұзақ жүрiп қалды. Гонг соғылып, қос боксшы екi бұрышқа тарасып кеттi. Қаптал шетке ауық-ауық шығып кете берген Жақып мезгіл-мезгіл көз алдымызда көлденеңдеп ойқастай берді. Бәріміз спортшылардың әр қимыл-қозғалысын бiрiншi қатардан анық көріп отырдық.
Гонгтың шыңылтыр дауысы естiлдi. Екеуi ортадан алыстап, қарама-қарсы екі жақ шетте әлсiз секiрiп тұрған. Іле бiр-бiрiне жақындап, әсем ырғалып, билей жөнелдi. Марат Қасымұлы рингте басымдылығын айқын танытып жүрдi. Ол әдейі тасаланып, жорта екi иығын кезек қозғап, сол қолын сiлтеп қалып едi, қорғаныс иектiң деңгейiнде адасып, жұдырық маңдайды жеңiл сипап өттi. Дененің бар салмағы соққыға түскен жоқ. Қайыра екi-үш дүркiн оңды-солды теңселіп, оң қапталына бұға берді де, қайтадан жоғары көтеріле тiк соққы жұмсады. Жақып былғары қолғаппен самайын жапқан едi. Жұдырық сәтті алдап, тұмсықтан еркiн соғып өткенде, мұрнынан қан сау ете түсті. Ұрысты дереу тоқтатқан төреші айналасына жалтақтап қарап, біреуді іздеп, төңірегін шолды. Залдан сүлгi ұстап бiр дәу қара шықты да, Жақыптың мұрнынан сыздықтап тамған қанды мұқият сүртiп алды. Ол келген iзiмен керi қайтты. Рингтен түскен соң, төрешi қолын сермедi. Марат екi аттап барып, төмен иiле берiп, оң жақ құлақ-шекеден хук тастай сала, сол қолымен тiк соққы бағыттады. Жақып жылдам шегiнiп кетті. Марат алдыға сәл жылжып едi, ол тағы шегiнді. Зады, ендi ешқандай жақсы боксты күтуге болмайды. Кеудесі басылып, беті қайтқан талайсыз боксшы күтпеген жерден тiрi былғары қапшыққа айналады. Тез қимылдаған Марат соққылар кезегiн түйдек-түйдегімен жаудырды. Жақып бетiн жа-уып, шұғыл еңкейiп қалды. Соққылар тізгінінен ығысқан оны Марат жантаңдап барып, жақ сүйектен перді, есеңгіреп, талықсып кеткен ол бетiн ашып алды. Қапелімде аңырып, тұманданған қос жанарды байқадық. Қорыққанынан есi шыққан Жақып ойда-жоқта жеңiлгенін мойындап, жекпе-жектің тағдырына мойынсынып, ырқына біржолата көнген тәрiздi. Үрей қонған әлпетті сол қол батыра түйiп жiбердi. Әлемтапырық кескін соққы дарығанда қалай бейшара түрге енiп, суы қайтқан темірдей жасып, лезде өзгергенін анық көрдiм. Кенет оны аядым. Ол тап қазiр паң, тәкаппар, кердең мінезден арылған едi. Момын, монтаны күйде жәудіреп қарап, әлсіз қалтырайды. Марат раундты ерте аяқтамақ оймен салмақтап ұрды. Бұл жолы оң қолы сол жақ бетiнен тидi. Жақып көздерiн жұмып қалды. Келесi соққы иектiң ұшынан дөп келдi. Жақып Берiкұлы артқа қарай бiр адым шегiндi, сосын жарты адым алға аттады, қапылыста гүрс етiп етпетiнен шұбатыла жығылды. Марат Қасымұлы апперкот жұмсаған орнында тұрып қалған еді.
Теңселіп кеткен зал алабөтен толқып, шуласып кетiптi. Екі адам рингке көтерiлiп, Жақып Берiкұлын қолтықтап алды да, бұрышқа әкелiп отырғызды. Бiреуi мойнына асқан сүлгiсiн жылдам шешіп, жүзiн сүртiп, оқтын-оқтын самалдатып желпiп қойды. Ол тер басып қайта-қайта жыпылықтата берген көзiн төмен салды. Кеудесінде өзегін тілген қандай күйiнiш барын түсiнемiн. Ол жылаған жоқ. Бiрақ, – бағып, торып, аңдыған жұрт назарынан жасырынып, киiм айырбастайтын бөлмеге кiрiп алған соң, жалғыз отырып тамағына кептетiлген көз жасына ерiк беретіні сөзсіз. Ел Мараттың есiмiн айқайлап, айтып қалып жатты.
– Маратпен таныстырасың ба? – дедi Айдана.
– Таныстырайын.
– Қалай Жақып Берiкұлын быт-шыт қылды.
– Ол бiр сәт тауы шағылып, жігері құм боп, суы қайтқан темірдей жасып қап едi, сенiмсіздік меңдеп, қайратынан айырылып қалды.
– Бекер қорықты, – дедi Асқат Жақанұлы.
– Маған соққыдан жалтаруды көп қайталаған жөн шығар, – дедi Нұрғали.
– Сен де жиi дағдарып қаласың, – дедi Асқат.
Төрешi Марат Қасымұлының қолын жоғары көтердi. Артынан екi боксшы бiр-бiрiн кезек-кезек құшақтады да, екi бұрышқа тарасып кеттi. Бiз түгел киiнiп-шешiнетiн залға бет алдық. Душ қабылдап шыққан үш боксшы жалаңаш бөкселерін сүлгiмен орап алып, жұдырықтарымен ауаны сермесiп тұрды. Залға әуелi Марат Қасымұлы кірді. Оны ұрысқа да-йындалып жатқан екi жiгiт қолын қысып құттықтады. Асқат Жақанұлы бiздi бастап, Мараттың қасына апарып иiрдi. Ол күлiмсiрей қарады.
– Керім шықты, – дедi Асқат.
– Бiрiншi раундта ол табандылық көрсетiп едi.
– Сенiң тегеурінді апперкотың жібермеді.
– Рақмет.
– Танысып қой, Данай Байқуаныш, мынау – Айдана Саматқызы.
– Айдананы үзiлiсте көрiп отырдым.
– Маған күрестегі мінсіздігiңіз ұнады.
– Айдананың өзі байқап қалған соң, бiздiң де сенуiмiзге тура келедi, – дедi Асқат.
– Сендердi кафеге шақыра аламын.
– Барамыз, – дедi Айдана.
– Бүгiн реті келмес, ертең кешкi жетiде “Нәзiкте” кездесейiк.
– Данай, бара аласың ба?
– Иә.
– Данайдың барғаны дұрыс, кейiн ол бар жайды тегіс жазып шығады, – дедi Асқат.
– Онда, игі жақсылар, осыған тоқтадық. Мен ертең күнібұрын қам жасатып, бокстың шын жанкүйер қауымына дастарқан жайғызып қоямын.
– Нағыз боксшы асжаулық жабатын болды!
Марат сөмкесiн алып, душ қабылдайтын бөлмеге қарай беттеді. Бiз теріс бұрылдық. Жолшыбай ұзын сәкiнiң шетiне тiзе бүгiп, қолымен жүзiн қымтаған бiреудi көрдiк. Балағы тiзеден келетін бокс шалбарымен отыр, кеудесі – жалаңаш. Бiз оны танымадық. Тысқа шыққан соң, Асқат оның Жақып Берiкұлы екенiн айтқан.
ҮI тарау
Қабанбай батыр мен Ленин даңғылы қиылысына таксимен жеткен Асқат Жақанұлы екеумiз сәл аяңдап барып, кафенiң алдына келдiк. Iшке кiргенде, төргi түкпiрде, шағын үстелде Марат Қасымұлы мен Айдана Саматқызы сөйлесiп отырды. Марат өңiрiне екi қатар түйме қадалған кең жағалы қызыл түстi кәстөм киiп алыпты. Мойнына қызыл реңге ақ бұршақ шашылған галстук байлаған, шашын кейiн қайырып, бальзам жағыпты да, сәнiн сақтатып, ұстатып қойыпты. Ол қара торы, жанары өткiр, қыр мұрынды жігіт. Алдыңғы бiр күрек тiсi алтынмен қапталған. Сол құлағының бөбешігінде дөңгелек алтын сырға iлiнiп тұрды. Айдана бiзге ту сыртын бере жайғасқан – жақындап қалғанда, ол берi бұрылды да, менi көрiп, жылы күлiмсiредi. Қолаң шашы тұтас оң жағына қайырылып, самайын толық жапқан. Үстiнде ақшыл қара көйлек, кесе-көлденең көк сызықтар жүргiзiлген, ал жеңi қою қара жiбектен тiгiлiптi. Көйлектiң етегi тiзесiне жедеқабыл қиылған екен, ерекше жұқа қара шұлық оқтаудай жұмыр ұзын аяқтарын нәзік көмкеріп, түр-тұлғасы ажарланып, сүйкімденіп тұр. Асқат екеумiз Айдананы бетiнен сүйдiк те, Маратпен қол алыстық.
– Менi iздедiңдер ме? – деп сұрады Айдана.
– Иә.
– Бiз көшеде кездесiп қалдық.
– Шампан алайын ба?
– Марат, шоколад та ала сал.
– Данай, не iшесiң?
– Шотланд вискиi “Джон бар”.
– Асқат ше?
– Мен алкоголь сусындарына жоқпын.
– Шырын алайын.
– Иә.
– Және қалбырдағы “Holsten” сырасынан үшеу ал, – дедi Айдана.
Марат орнынан тұрып, барға қарай жүрдi. Әрi кетiп бара жатқан ол сымбатты көрiндi. Бойы сұңғақ, арықша келгендiктен, кәстөмі жарасып-ақ кетіпті. Барға таяп барды да – барменмен шүйiркелесе бастады. Айналаға “Ace Of Base” тобының әуенi тарады. Бiз үнсiз отырдық. Көңiлiмiзге тамаша әуез шақырған ынта-жігер, құлшыныс, шабыт келедi. Марат шампан мен виски шөлмегiн ұстап қайтып келе жатты. Ол тақап қалғанда, мен орнымнан түрегеліп, екі бөтелкеге қолымды создым.
– Отыра бер, Данай, – дедi ол.
– Боксшылар даяшылыққа да ғажап, – дедi Асқат.
Марат езу тартқан. Ол қайыра барға кеттi. “Нәзiк” кафесiнде көтерiңкi көңiлмен отырған бiздiң даяшымыз мықты боксшының өзі болды.
– Нұрлыбек Асқарұлы қайда? – дедi Асқат.
– Мәскеуде бiр шаруамен жүр.
– Оны көрмегелi қашан, – деп күле сөйледi Айдана.
– Сегiз қырлы, бiр сырлы жiгiт.
– Дау жоқ, – дедi Асқат.
– Ол шағын серіктестік ашпақшы.
– Жалпы, айрықша қабiлетi таңғалдырады.
– Кезінде маған есеп шығаруға жәрдемдесіп еді, бiз сонда танысқанбыз.
Марат дастарқанға табақпен үш “Holsten” сырасын, төрт тәрелке майға қуырылған саңырауқұлақ, қырыққабат және қияр араласқан салат әкелiп, бір-бірлеп қойып жатты. Сыра мен тіске басарларды үстел үстіне түгел жыпырлатып тізіп қойған ол табақты алып, қайта кетіп қалды.
– Маған кеше бір пысық, iскер адам сөз айтты.
Айдана әлсiз күлімсіреді.
– Ғашық болып қалыпты.
– Сен ше?
– Қымбат ресторандарды атап шықтым, сосын са-уалыңызға мән берiп, ойланып көремiн дедiм.
– Келiстi ме?
– Келiстi. Бiрақ, әуелi Қырымға барып, бiр апта қы-дырып келейiк дедi.
– Жақсы.
– Бұған келiскен жоқпын.
Үстелге қалбырдағы жүзiм шырыны, қомақты қораптағы шоколад, төрт фужер, бір рюмка және төрт шанышқы келдi.
– Телефон соғамын деген.
– Пысық іскер жайында ма? – деп езуіне күлкі жинады Марат.
– Иә. Менi машинасымен үйге дейiн апарды.
– Қалай қоштастыңдар?
– Қызық. Бетiмнен үш мәрте сүю үшiн – үш анекдот айтты.
– Күлкiлi ме?
– Бiлмеймiн. Мен тыңдаған жоқпын.
– Қайтіп?
– Күле берiппiн.
Бәрiмiз ду күлiп жiбердiк.
– Айдана үшiн тост, – дедi Марат.
Лезде шампанның тығынын атып, өзiне және Айданаға көпiрте құйып қойды. Маған “Джон бар” вискиiн толтырды. Бiз iшiп салдық. Виски өңешiмдi қуырып, кеудеме жайлап тарап, көкірегімді жылыта бас-тады. Шанышқыны алып, туралған саңырауқұлақтан түйреп жедім. Майға шылқыған.
– Сүйген соң тағы үш анекдот айтамын, уағда орындала ма дедi. Мен ендi алтау деп жауап бердiм.
– Ол ше? – дедi Марат.
– Есiне ештеңе түсiре алмады.
Бәрi қыран-топан болды. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды. Өзiме ептеп виски тамыздым да, екеуiне шампаннан тең бөлiп құйдым.
– Айдана үшiн, – дедi қайтадан Марат Қасымұлы.
Маған оның өзi кешегi сол iскер егде адамға ұқсап бара жатқандай көрiндi. Ол қазiр Айданаға ұнамай қалады.
– Мен үшiн емес, – дедi Айдана.
– Достық үшiн, – дедiм мен.
– Айдана үшiн ғана iшемiн, – дедi Марат.
– Данай Байқуаныштың жазылып жатқан романы үшiн, – деп күлiмсiредi Айдана.
– Жосықсыз, жөнсіз ұсыныс, келiспеймiн, – дедiм, – бұл роман иесiнiң жеке өз шаруасы. Мүмкiн, жазылып жатқан түк те жоқ шығар.
– Оны ренжiтiп алдық.
– Саған ешқашан ренжiмеймiн.
– Данай достық үшiн iшемiн деген.
– Асекеңнiң айтқаны болсын.
– Айдана үшiн ғана iшемiн.
Ешкiм үндемей қалды да, аяқастынан барлығы күлкiге тұншықты. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік қайтадан оянды. Рюмканы алдым да, төңкерiп тастадым. Тамағымды жыртып өтiп, кеудеме жеттi де, бойымды қыздырды.
– Қазақстанның ең күштi боксшысы Тайлан ба?
– Жоқ, – дедi Марат.
– Сол.
– Асқаттың байыптауы қата.
– Топаевтан шебер ешкiм жоқ.
– Қанат Шағатаев.
– Одан Топаев озық еді.
– Ендi шықса, соңы басқаша болады.
– Сенбеймiн.
– Кейiн Елеусiз Қыдыралин түгел ұтады, – дедiм.
– Белгiсiз, – дедi Марат.
– Топаевтың жолы болмай жүр, ол ертеде Самсонов пен Акопханянды жеңген.
– Бiлемiн.
– Нұрлан Қалыбаев ше?
– Дауыл.
– Бектастың болашағы зор.
– Әубәкiровтiң, де.
– Жақында Елеусiз Таиландқа кеттi.
– Естiдiм.
– Оның ағасы – Бауыржан да боксшы.
– Інілері де.
– Тағы бір боксшы ағасы – Секенай.
– Спортшы әулет.
– Боксшылар мәдениеттен тыс, – дедi Айдана.
– Барлығы хақында болса, жаңсақ пiкiр.
– Көбiсi.
– Серiк Қонақбаев жақсы сұқбат бере алады.
– Олар тұрпайы келедi.
– Мүмкiн, – дедiм.
– Бикештермен сыпайы, мәдениетті сөйлесудi біл-мейді.
– Бiрақ, олар – адамзаттың ең шынайы бөлiгi,– дедiм.
– Шын.
– Өтiрiк айта алмайды, екi сөйлегендi жаратпайды және мехнатқа төзімді, бейнетқор.
– Жанкешті ағайын.
– Өмiрдiң қадіріне жетіп, ажалдың құрметін көрген, нар тәуекел халық, тіршіліктен сауал тапқан, бақидан жауап іздеген.
– Әркiмнiң басты мұраты сол – тіршіліктен ұлы мақсат таба білу, – дедi Асқат.
– Кітаптардағы ақиқат өзгелерден гөрi жақынырақ және өзгелерден гөрi алысырақ.
– Ұнамайды деген жоқпын.
– Берiлдi, – дедi Асқат.
Марат Қасымұлы шөлмектердi қайыра қолына алып, ыдыстарды ернеуiне дейiн шүпiлдеттi. Бiз тағы сiмiрдiк.
– Toilettes[1] қай маңда? – дедi Айдана.
– Toilet[2]? Мен көрсете аламын, – дедiм.
Екеумiз босаға жаққа бет алдық. Кафе iшi Chris De Burg әуеніне бөленіп тұрды.
– Ол маған қызықты емес.
– Бiрақ, жақсы боксшы.
– Оны бiрдеңе қылып, Асқат алып кетсiн, әйтпесе маған жабысып, қалмай қойып жүрер.
– Сөйтедi.
– Қонаққа барасың ба?
– Қайда?
– Маған.
– Кiм болады?
– Ешкiм.
– Шыққаннан кейiн көремiз.
– Сессия қашан еді?
– Басталды.
– Қарқаралыға бара алмаймын, анам ауылға жiбер-мекшi.
– Тойға ше?
– Барамын. Қазiр әжеме көмектесу керек.
– Әрине.
– Өзiң де әжеңдi жақсы көретiн шығарсың?
– Жақсы көремін.
– Келдiк пе?
– Осы.
– Қазiр.
Ол енiп кеттi. Кiшкенеден соң шықты да, қабыр-ғадағы айнаға қарап, шашын түзедi. Екi қолымен қобыратып қойды.
– Осылай ұнай ма?
– Ұнайды.
– Былай ше?
Шашын уыстап, төбесiне жинап ұстады.
– Бұлай да ұнайды.
– Өзiм?
– Өзiң де.
Ол күлдi.
– Анам күйеуге шық дейді, шыққым келмейдi.
– Әйтеуiр, бір шығу – мiндет қой.
– Әкем, керiсiнше, қарсы сияқты.
– Сен тәуiрін, дәулеттірегін тап.
– Бәрi өз сезімдерiмен әлек, ғашық екендiктерiн тәптiштеп, жүйкемді тоздырады, менің тауым шағы-лады. Кейде өзiме жаны ашитын адамды соңыма ертiп...
– Неге соңына? Қасыңа ерт...
Ол риясыз күлді.
– Қойшы сен.
– Жарайды, бөгет жасамайын, ары қарай, іркілме, айта бер.
– Ешкiм естiп көрмеген, ешқашан тауып келе ал-майтын, жылдар бойы жүзiңе телмiрiп бір жан қа-рамайтын иесіз алыс аралдарға кетiп қалғым келедi.
– Қанша уақытқа?
– Мазақ қылмашы.
– Не істейсің?
– Бейсауат қыдырып жүре беремін.
– Белгілі бір жүріс кестесі болуы керек қой.
– Бас ауған жаққа...
– Қызығамын.
– Мен де.
– Сосын...
– Сосын... “сені алып, тірі жан естімеген, адам аяғы баспаған алыс жағалаулар мен иесіз аралдарға барып, біржолата жерсінуге ниет қылғанмын[1]”.
– Алматыда несі жаман?
– Бәрі жақсы.
– Меніңше, біз дүниежүзіндегі ең ғажайып қалада тұрамыз.
– Толық келісемін.
– Онда, неге кетіп қалғың келеді?
– Енді, армандаған соң, бір жаққа кету керек қой.
– Мысалы, Бірінші Алматыдан – Екінші Алма-тыға.
– Жоқ, керісінше, Екіншіден – Біріншіге.
– Мен темір жол бекеттерін айтып тұрмын.
– Мазақ қылмашы.
– “Кешқұрым уақ күн қызылшырайланып батып бара жатқанда, буырқана соққан теңіздің жал-жал толқынын жалаңаяқ жалдап, жағалауды бойлай, қол ұстасқан күйі жанұшыра жүгіреміз[2]”...
– Әдемi.
– Әдемі ме?
– Қалжыңдамашы.
– Шыным.
– Сенбеймін.
– Қалай сендірсем екен.
– Кеттiк пе?
Ол айнаға тесiле қарады. Көзiмен менi iздедi. Басымды изедiм. Екеумiз керi қайттық. Үстел басына Қанат Нұрбекұлы келiп қалыпты. Айдана тоқтап, өзгерген жай-күй, жаңа қалыптасқан хал-ахуалды тез байқап, Асқаттың iргесiнен орын тепті. Мен көршi үстелден орындық алып жайғастым. Қанат көзін алмай Айдана Саматқызына телміріп, ашық қызығып, қадалып отыр. Бұл жаман әсер еттi.
– Iшемiз бе?
– Қанат ликер алған.
– Жетедi, – дедi Айдана.
Жұрт тегіс тым-тырыс.
– Данай, менi шығарып салшы.
– Кетесiң бе? – дедi Қанат.
– Иә.
– Әлi кеш емес қой.
– Бiреуге ерте шығар.
– Данай, сенiмен жеке сөйлесуге бола ма? – дедi Марат.
– Болады.
Ол менi қолтықтап, әрi алып жүрдi.
– Мен Қанатты ұрамын.
– Қайтесiң ұрып.
– Бәрiн бүлдiрдi.
– Шырықты кім бұзды, бiлмеймiн, анықтау қажет.
– Білесің, Қанат, іріткі салған тақа өзі.
– Сиқы қашты, сәні кетті, енді отырып береке таппаймыз.
– Жарайды, тарқасамыз, бірақ, бір әңгімем бар.
– Меніңше, бұл әңгімеден арамыз бұзылады.
– Екеуміздің бе?
– Жоқ, сен екеумізде бөліп-жаратын не бар.
– Ештеңе жоқ.
– Қайттық.
– Сабыр, Данай, шынымен, Айдананы сүйетiн тәрiз-дiмiн.
– Оны да мен айтуым керек пе?
– Көмектесе алмайсың ба?
– Қалай?
– Қалай болса да.
– Оны менiң бiр жақын досым жақсы көредi.
– Рас па?
– Рас.
– Онда ешқандай талас жоқ.
– Саған демалу керек.
– Татып алмаушы едiм.
– Асқат шығарып салады.
– Қолыңды әкел.
Ол қолымды қысты.
– Қанат қайтып кездессе, ұрамын.
– Тоқта, Марат.
– Тоқтадым.
– Оған тиіспеймiн деп, маған уәде бер.
– Бердім.
Марат iлгерi кетті. Айдана берi жүрiп келе жатты. Оны дамылдауға мәжбүр етiп, бетiнен сүйiп алды. Қанат көзiмен ұзатып отырған. Екеумiз тысқа шықтық. Кеудемiзге толықсып таза ауа құйылды. Бiраз аяңдап бардық та, Қабанбай батыр көшесiне көлденең түстiк. Аялдамада тұрып қалдық.
– Сен бар жерде маған да қызықты, – дедi ол.
– Маркестi оқыдың ба?
– Әлi жатыр.
– Оқы.
– Жарайды.
– Ремедиостың бейнесi жақсы кескінделген.
– Айтқаның есiмде.
– Доктороудан “Ақындардың ғұмыры” повесiн қа-рап шық.
– Не туралы?
– Тұнық сурет, мөлдір пәлсапа туындайды. Бiрақ, өзi кiтапта жазылмаған.
– Алматы жалықтырды.
– Менi ешқашан жалықтырып көрген емес.
– Ташкент ыстық.
– Кәрі Ташкентте бұйығы жатқан Шығыс бар. Сырт көзден жасырынып, мұқият қымтанып жатқан Шығыс.
– Алматыда жоқ.
– Қайран, Алматы – ашық қала.
– Орта Азия кенттері әлдеқайда жабық.
– Алматыда қазақтардың өзiндей қасиет, жылылық, меймандостық бар.
– Жақсы айтылды.
– Сенi пәтеріңе дейiн шығарып салайын.
– Жарайды.
Аялдамаға такси сырғанап келiп, тежеуiшiн босатты. Бiздiң аймаққа алып баруға келiстi де, екеумiз артқы есiктен салонға кiрдiк. Автомобиль қозғалып кетті. Салонда Witney Houston ән шырқап жатқан. Ұлы Witney Houston. Мүмкiн, ол да бақытсыз шығар. Мен өзiмдi мас болып қалдым ба деп ойладым.
ҮII тарау
Мақсұтты көк базардан тауып алдық. Ол басына ала тақиясын киген өзбек ләпкесiнiң аузында жаңғақ шағып тұрды. Үстiнде көгiлдiр рең спорт кәстөмi. Асқат Жақанұлы екеумiздi шырамытып, жылы ұшыраған күйi қарсы жүрдi. Бiз құшақтаса кеткенбiз.
– Келгендерiң жақсы болды, – дедi ол.
– Жұмыс қалай?
– Нашар.
– Сенi милицияға түсiп қалыпты деп естiдiм.
– Бiлейiн деп келдiң бе?
– Иә.
– Бiреудiң жарты миллион ақшасын тартып алған-мын.
– Қайтардың ба?
– Жоқ.
– Қайтіп шықтың?
– Түк айтпай қойдым.
– Не үшiн тартып алдың?
– Бір қара басы үшін ақшасы тым көп, жартысын халықпен бөлiсуi керек қой.
Мақсұт күлiп алды.
– Асқатқа айтып көрiп едiм, ол жақсы жұмыс бар, дедi.
– Қандай?
– Оққағарлық, – дедi Асқат.
– Пұлы көп пе?
– Айына сол жарты миллионды төлейдi.
– Ойланып көрейiн.
– Сен бiрдеңеге ұрынып қаласың, одан да қолыңнан келетiн жұмысқа тұрып алғаның дұрыс.
– Ана жолғы екi жүлікті ұстап алдым.
– Тиiстiң бе?
– Жоқ.
– Айыбына құн берген ғой.
– Иә.
– Елмира қайда?
– Сол түннен кейiн көрген емеспiн.
– Қымыз бар ма? – деді Асқат.
– Бар. Iште сатады.
Бiз баспалдақпен көтерiлiп, базардың екiншi қабатына шықтық. Қос қанатына ұзыннан-ұзақ созылып кеткен үстелдердің арғы жағына ұйғыр мен кәрiс әйелдерi тiзiлiп тұрып алыпты. Олар шулап қоя бердi. Әрбiреуi өзiнiң бұрышталған, тұздалған салаттарын жарыса мақтап, бір-бірін киіп-жарып сөйлеп, кейiн қалып жатты. Бiз қараған жоқпыз. Ілгері жүріп, шұбатылған тақталарды ортасынан қиып алдық. Осы тұстан қазақ келiншектерi кездесе бастады. Жаулығын қатты тартып, шарт түйген әйел бiздi көре сала, шыны шелектегi қымызын сапыруға кiрiстi. Мақсұт оның шелегiне үңiлiп тұрып, басын шайқады. Үшеуiмiз iлгерi жылжыдық.
– Менiкi көп пісілген, – дедi кемпiр.
Ол бас орамалын шекесіне байлап, маңдайына түйіп алыпты. Ағаш тостағанмен қымыз ұсынды. Тостағанның шеті кетілген екен. Бояуы сынып, жарыла бастаған. Мақсұт бетiне сары майы кiлкiген қымызды қолына алып, шайқап тұрды да, аузына апарды. Қымыздың қышқылтым таңсық иiсi бiзге де келiп жеттi. Мұрнымызды қытықтаған. Мақсұт тостағанды бiр деммен төңкере салды. Дәмiн тұшынып бiраз бөгелді де, тостағанды кемпiрге қайтарып берді.
– Тағы.
Ол тағы iштi.
– Тағы екi тостаған.
Асқат екеумiз бiрге iштiк. Одан кейін көк базардың Жiбек жолы көшесiне шығатын қақпасына қарай жүрдiк. Қақпаның бергi қапталында, биiк маңғалда кәуап қақталып жатқан. Бiз тақап келгенде, дайыны болмай қалды да – iргедегi ағаштан соққан дүкендi тамашалауға бардық. Ел іздеген затын шағын терезесiнен алады екен. Бiз француз галстуктарын, түрiк джинсы пиджактарын, кеңес және шетел опа-далаптарын көрдiк. “Skol” және “Holsten” сыралары, қораптағы шоколадтар, түрлi дәрi-дәрмектер қаптап тұр. Қайта айналып келсек, кәуап даяр болыпты. Өзбек жiгiтi бiзге алты талын ұсынды. Бiз оған сірке суын сеуіп, туралған пиязды iстiктiң ұшымен түйреп алдық та, қуырылған етпен қосып жедiк. Кәуап дәмдi екен.
Жеп болған соң, iстiктердi өзбекке қайтарып бердік те, базарды аралауға бет алдық. Баспалдаққа жетiп қалғанда, Мақсұтқа сұры қашқан жас әйел қарсы жолықты. Ол жылаған секiлдi. Түрi бозарып кетiптi.
– Олар келдi.
– Бәрі ме?
– Иә.
– Мен туралы айтқан жоқсың ба?
– Айтқан жоқпын.
– Онда әзiр кете қоймас.
– Тауарымды ақтарып жатыр.
– Данай, төбелесемiз бе?
– Төбелесейік.
– Асқат ше?
– Төбелесуге болады.
– Кеттiк.
Әйел бiздi бастап жүрдi. Баспалдақпен төмен түсiп, оң жағымызға бұрылдық та, енді қызған картоп саудасынан асып барып, киiм-кешек сатылатын ләпкелерге қарай маңдай түзедiк. Жеделдете басқан бойы жүк сақтайтын қоймаларға келіп кірдік. Бiреуiнiң есiгi шалқасынан ашылған. Әйел бiздi сонда ертiп әкелдi. Табалдырықта тұрған қаба сақал ер адамды алыс-тан аңғарып, іштей бекіп, қарсы жүрдік, қос серігі жүктердiң орауын жазып, ақтарып жатыр. Мақсұт таяған бетте оң аяғын ілгері сырғыта, қолын түйіп, құлаштап соғып жiбердi. Қаба сақал омақаса құлады. Орнынан көтерiлiп, жүресінен отырды. Сосын бетiн ұстады. Мақсұт тұмсығынан бiр тептi. Қайыра құлап түсті де, біршама жатып, қайтадан көтерiлiп келе жатты. Аузынан қан көрiндi. Мен оны аядым. Екеу жүк ақтарып жатқан қалпы сiлейiп қалыпты. Соққыдан талықсып, мәңгіріп отырған ер адам көзiмен жер шұқылады.
– Ендi келмеңдер, – дедi Мақсұт.
Мақсұт есiктi нұсқады. Екеу қаба сақалға тұруға жәрдем бердi де, үшеуi есiкке жетiп, сүмірейген күйі далаға беттеді.
– Ендi келмейдi, – дедi Мақсұт.
Әйел үнсiз тұрды.
– Олар кiмнiң жiгiттерi екенiн бiлемiн.
– Өзiне де ескертсеңшi.
– Ескертейiн.
Бiз тысқа шыққанбыз.
– Базардан не әперейiн? – дедi Мақсұт.
– Ештеңе.
– Ылғи осылай дейсің.
– Мұндайға үйренбегенмiн. Мен үшiн бiреудi жәбiр-леп қайтесiң.
– Неге?
– Зорлық-зомбылық жасайтын болсам, жаза алмай қалар едiм.
– Бәрiбiр ғой.
– Бәрiбiр емес. Жазу үшiн арың таза болуы қажет.
– Ақындар қызық,– дедi Мақсұт.
Бiз ләпкелердi аралап кеткенбiз. Ернiн баттас-тыра бояп алған бiр әйел ақ және қызыл түстi шұлықтарды көрсеттi. Ол бағасын түсiрмекші болды. Кеудесіне төсбелгілерін саусылдатып тағып алған кәрi шал кездестi. Кеңес дәуiрiнiң қайраткерлерi мен жазушыларының кiтаптарын сатып отыр. Бәрі оның ләпкесiне тоқтамай өтiп жатты. Бiз Брежнев баяндамалары топтамасын көрдік, тақтаның қалтарысынан бей-берекет шашылған Сталин томдарын байқадық, қария үстел бетіне Шагинян өлеңдерінің жинағын, Горькийдiң “Ана” романын, Энгельстiң “Анти-Дюринг” шығармасын, Горбачевтiң сәуiр Пленумындағы сөзiн қаз-қатар тізіп жайып тастаған. Орденді шал ескiрген қызыл бомази көйлек үстінен көнетоз кәстөм киiптi, жоғарғы түймесi жоқ, жеңдерi қырқылған. Бiз көз жүгiртiп өте шықтық. Қара жейделі жас жiгiт “жұпар иiсті сабын керек емес пе” деп сұрады. Басымызды шайқадық. Америка долларын сатып аламын деп жазылған қағаздарды оқыдық. Ресей ақшаларын Кеңес ақшаларына пайыздық өсiммен айырбастайтындар ұшырасты. Ләпкелер аяқталған тұста бiз қол алыстық.
– Жоғалып кетпе,– дедi Мақсұт.
– Жұмыс жөнiнде тезiрек хабарлас, – дедi Асқат.
– Иә.
– Жуырда Ұлттық университетте бокстан жарыс өтедi.
– Келемiн.
– Барлық оқу орындарының боксшылары қаты-сады.
– Қапшағайға барайық та.
– Барайық.
– Су әлi жылымаған шығар.
– Екi аптадан кейiн бабына келеді.
– Жарайды.
– Анар не бiтiрiп жүр?
– “Меруертке” келiп тұрады.
– Оны танитындарда есеп жоқ.
– Ақымақ қыз, – дедi Мақсұт.
– Қазiр бәрi ақымақ.
– Бiр күнi күйеуге шыққым келедi деп айтады.
– Кiмге?
– Бiлмеймiн.
– Саған деген жоқ па?
– Жоқ. Үнемі түнде қасыңда бiреу болғаны жаман емес қой дейдi.
– Сол үшiн ғана дей ме?
– Солай үшін ғана дейді.
– Ақымақ екен.
– Сен телефон соқ.
– Осында жиi боласың ба?
– Иә.
– Жұмыс жайында ойлан.
– Өзiм де кейде келешегiмнен қорқып кетемiн.
– Неғып?
– Өйткенi, аласапыран, жанталас өмірден кейін тiрлiгiмнің не болары белгiсiз.
– Достарыңа байланысты, – дедi Асқат.
– Әрине.
Бiз құшақтасып қоштастық. Мақсұт ләпкелер жаққа кеттi де, Асқат екеуiмiз мана кәуап жеген бұрыштағы қақпаға қарай қадам бастық.
ҮIII тарау
Асқат Жақанұлы маған қос шингартты бердi. Мен қолыма киiп алдым да, iлiнiп тұрған былғары қапшықты екi дүркiн ұрып өттiм. Былғары қапшық әлсiз шайқалып кетті. Сол жұдырығым тағы екi мәрте періп қалды, iле-шала оң қолым барып тидi.
– Мында соқ, – дедi Асқат.
Екi қолына арнайы былғарыдан тiгiлген екi ауыр қолғап киiп алыпты.
– Әуелi күш салмай, екпiнді ғана шақта.
Мен төпелей бастадым. Шингарттар серпіліп барып, ауыр қолғаптарға тырс-тырс тиедi. Серпінім қатты, пәрменім бар. Асқат қолдарының деңгейiн шұғыл ауыс-тырып, жоғары көтерiп әкеттi. Қатарынан бірнеше соққы жiбердiм. Межелi нысаналар ылдиға түсiп кеткенде, қапелiмде шингарттар апыл-ғұпыл көкте адаса берiп, аңырып бағытын кеш түзеді, сөйтіп, бастапқы қарқынынан жаңылысып қалды.
– Жағдай қалт өзгерсе, сен де не iстеу қажеттiгiн лезде байыптауға тырыс.
Асқат ауыр қолғаптарын шешiп, еденге лақтыра салды да, жұдырығын түйiп, боксшының тұрысына бейiмделе қалды. Ол асқабақтың үлкендiгiндей қапшықты шайқап жiберді. Берi құлап келе жатқанда, оң қолымен самайын қорғап, солға сырғып кеттi де, жылдам айналып, жұдырығымен сол қанатына хук тастады. Шынтақ иықтан биiк деңгейде қазықталып, хуктың басы төмен сорғалап, сырттан жедел ұрған қалпында қапшықты бүйiрден былш еткiздi. Сол қолымен дәлдеп тiк соғып жіберді де, соққы қарауылына дарыған заматта жылдам артқа шегiндi.
– Осылай.
Сосын, ол ауыр қолғаптарды маған қайыра тосып тұрған. Сол жұдырығым түйiп жiбердi, ізін ала оң қолым тiктелдi де, қайтадан сол қолым солқ еткiзді. Асқат ауыр қолғаптарды бұра қойыпты. Шабуылды қорытындылай, сол тұсыма хук жұмсадым.
– Қайтала.
Мен тағы қайталадым.
– Ендi, жалтаруды үйрен.
Ол соққыны қарша бората бастады, кейбірі көздеген жеріне дөп тиіп жатыр.
– Шалт қимылда.
Асқат жөпелдемеде апперкот жасады. Иегiмнiң ұшынан сүйкеп жiбердi. Соққы әлсiз болды. Бiрақ, жақ сүйегім батпан жұдырықтың салмағын сезiп қалды.
– Басыңды алыстат.
Апперкот қайта соқты. Үлгерген жоқпын.
– Тез шалқайт.
Өзi шалт шалқайып, қалай екенiн көрсеттi.
– Дайындал.
Бұл жолы апперкот қатты тиiп, әрi ұшып түстiм.
– Менiкi дұрыс емес, – дедi ол.
– Ештеңе етпейдi.
Үстiмдi қақтым да, шингарттарды қыса түсiп, соққыларды қарсы алуға даярландым. Сол қолы берi ұмтылды, жеңiл жылжып қашып кеттiм, келесi мәрте алданып, айдалаға қаңғып қайтты. Шалғайдан қағып түсуге оқталған соққы қырымнан келе жатқан. Сүңгiп кетiп, оң жақ бауырынан шыққанмын. Сол кезде апперкот ұрды. Қорғанысқа жолықпай, биiктеп барып, тура соғылды. Кейiн қарай ысырып жiберді.
– Қатты болды ма?
– Жоқ.
– Әлi де осылай жаттығу керек.
Осылай жалтарып, әлденеше рет жаттықтық.
– Болар.
Ол маңдайынан сырғып, көзіне құйылған тамшы тердi сүртiп тастады да, қолдарын салбырата, төмен еңкейдi.
– Жетедi.
Бойын түзеп, залдың шығар есiгiне бет алды. Мен соңынан ердiм. Екеумiз дәлiзге шыққанбыз.
– Душ iстей ме?
– Iстейдi.
Баспалдақпен жоғары өрледiк. Бесiншi қабатқа көтерiлдiк те, Нұрлыбек Асқарұлының бөлмесiне келдiк. Ол төсекте Джек Лондонды оқып жатты. Кiтапты жанына қойып, орнынан тұрды да, қолын ұсынды. Бiз жылы амандастық.
– Асқат душқа түсiп алсын.
– Түсiп алсын.
– Тез қабылдап шығамын, – дедi Асқат.
Нұрлыбек душтың шамын жақты. Қайтып келді.
– Осы сенбi Асқаттың дипломын жуамыз.
– Барамын.
– “Шалқар” кафесiнде отырамыз.
– Мiндеттi түрде кел, – дедi Асқат.
Асқат шешiндi де, душқа кеттi. Нұрлыбек төрге барып, магнитофонды тоққа қосты. Гитараның сүйемелдеуiмен Андрей Макаревич ән шырқай бас-тады. Нұрлыбек терезеден сыртқа көз салды. Тыста жаңбыр себезгiлеп тұрған. Күн бұлыңғыр, таңғы тұман толық сейiле қоймапты. Әредiк шатырдан үзiлiп түскен тамшылардың жақтауды ұрып құлаған қаңылтақ дыбысы келедi. Қапылыс Андрей Макаревичтің дауысы шарықтап, күбірлеген жауын шуылы естiлмей кетті. Нұрлыбек сол тесiлiп тұрған қалпы. Әуез қуаты азая бастады. Азая келiп, құмыға берді де, сап тыйылды. Тамшылар дүбірі қайыра естiлiп жатты. Мен төсекке барып отырдым. Ол маған бұрылды.
– Мәскеуге тартып кетсек қайтедi?
– Жай ма?
– Қыдырып.
– Уақытым тығыз.
– Маған барып келу керек сияқты.
– Бұл ештеңе өзгертпейдi.
– Басқа не iстей аламын?
– Бизнеспен айналыс.
– Мұндай көңiл-күймен бiрдеңе жасау мүмкiн бе?
– Қайғы сұлудың қойнында қалады.
– Болмайды.
– Ендеше, оны ешқашан есіңе алма.
– Егер бұл қолымнан келмесе ше.
– Герман Гессе кез келген әйелге үйренiсiп кетуге болады дейдi.
– Жазушыларға сенбеймiн.
– Оқығанда, сенесiң.
– Оқығанда ғана.
Жаңбыр шуылы құлаққа анық шалынады. Дала мелдектеп жатыр. Асфальт үстi дамылсыз аққан жылғаларға толы. Еңсенi езiп, көңiлге мұң әкеледi.
– Макаревич бiттi ме?
– Соңы болатын.
– “Қар астында қалған ән” композициясы бар ма?
– Бар.
– Қояйық.
– Қазiр.
Ол таспаны аударып қойды. Бiз не таразылай аламыз. Қар астындағы ән. Мұң айналсоқтап кетер емес. Сонырқалап – соны ой өрісін, таза ождан сыйлаймын дейдi. Еркіме мүлдем тұтқындалып, менiмен бiрге бақытыңды тауып аласың дейдi. Қар астындағы ән. Сары күзде сары уайым болып келiп едi, қыс жеткенде, қар астында қалып қойыпты. Ән – соныкi. Шырқап жатқан кестелі, өрнекті адасқақ саз. Белгісіз да-
уыс, беймәлім үн, қар астынан, бекіген қасат қардың көбесін сөгіп, күңіреніп, дүркіреп омыраулап бұзып шыққан жылқыдай – ағызып, сорғалап келе жатқан әуен, ырғақ. Қар астындағы ән.
– Сенi түсiндiм, – дедi Нұрлыбек.
– Ол, сенiң өз ойың, – дедiм.
– Үнемi сағынып жүремiн.
– Сағыныш деген жақсы ғой.
– Мен ғана емес, құсалылар – қара орман тәрізді.
– Мүмкiн.
– Оны көп жұрт сағынады.
Есiктi ашып, бөлмеге Асқат Жақанұлы кiрдi.
– Түсесiң бе?
– Иә.
Мен душқа кеттiм. Iшiнен бекiтiп алдым да, ыстық суды ағыттым. Әуелi салқын болды. Жылына бастады. Ысып, ыстық тасығанда, суық судың бұрандасын ашып, араластырып қойдым. Душ бөлмесi иран бағындай құлпырмалы, майда қоңыр, жайма-шуақ. Төбеңнен аққан себезгі судан да рақат табуға болады. Саған ештеңе қажет емес. Шашырап құйылған су денемдi тұтас шайып, ағып кетiп жатыр. Бақыт дегенiмiз абсолюттiк қажеттiлiктен құтылу шығар. Әлде, керісінше, оны ақырындап мойындау ма. Маған бақыт қажет емес тәрiздi. Бiрақ, бұл сағым сияқты дүние. Қас-қағым сәтті бақытқа балауға бола ма екен. Бақыт – көңілден ешқашан кетпейтін, жақсы қуаныштан айнымайтын мереке. Ол – махаббат, жастық шақ және кiтаптар ғана. Екi бұранданы жа-
уып, босаға жаққа таман өттiм де, сүлгiнi алып, мұқият сүртiндiм. Содан кейiн самарқау қалпымда киiнiп, бөлме табалдырығынан аттадым. Макаревич гитара тартып жатты. Оған қоса сырттан толассыз жауған жаңбырдың әлсiз шуылы естiлді. Нұрлыбек тағы терезеге қадалып қалыпты. Асқат шай қамдауға кірісті.
– Өмiрдің алдамшы екенiн бiлгенiмде, ешқашан тумас едiм.
– Қиып кетуге болады, – дедi Асқат.
– Ендi өмiрдi осы күйiнде қалдырып, мәңгілік тас-тап кету мүмкiн емес.
Нұрбек Асқарұлы тосын уәж байлады.
IХ тарау
Барлас Манашұлы мен Надира Жарасқызы Никольский шiркеуiнiң алдынан ұшырасты. Олар базар аралап шыққанға ұқсайды. Мен қарсы жолықтым. Біз қол беріп амандастық. Екеуі күлiмсiреп тұр .
– Бiз Шымкентке барып келдiк, – дедi Надира.
– Болары болып...
– Иә, бояуы сiңiп қойды, дедiк.
– Барлас Түркiстанға жалғыз кеткен еді, қайта-рында жолай бiздiң үйге ат басын тiредi.
– Оң шешкен екен.
– Өзiң қайда жиналдың?
– Уақыттарың бар ма?
– Бар.
– Кафеде Асқат Жақанұлы дипломын жуады.
– Барайық, – дедi Надира.
Үшеумiз такси ұстадық та, Байтұрсынұлы көшесiмен атқан оқтай зымырап, Төле би көшесiнiң қиылысынан солға бұрылдық. Такси доңғалақтарын түзеп алып, асфальты жаңа төселген күре жолмен зырлап кетті. Салонға Элтон Джонның “Құрбандыққа шалу” әуезi баяу тарады. Көңілімізді елтіткен әншінің дауысы жағымды естiлiп жатыр. Бiз ән әсерiмен алабөтен толқып отырдық. Машина әлi заулап келедi. Тамылжыған әуен ағылшын тiлiнде төгіліп, баршамызды әлдиге бөлеп әкетiп барады. Данышпан Элтон Джон. “Алтын айдар” кафесi соңымызда қалып, жол жиегiндегi ағаштарға жасырына бердi. Жароков көшесiн қиып өттiк. Шақырымға жуық жердi еңсерiп барып, Гагарин даңғылына ілінісімен, сол қапталымызға бағытымызды өзгерттiк. Даңғылдың кең арнасына жайлап түсiп алған соң, автомобиль құстай ұшты. Түрлi машиналардың арасынан тұмсығын тығып өзiне болмашы орын ойып ала қояды да, қақ тiлiп, ортасына сынадай қағылады. Жамбыл көшесiне жетіп, оңға бұрылған көлігіміз қайта жылдамдығын үдетті, соңсоң Розыбакиев көрінгенде, үдере жүрген жүрісін іркіп, үлкен үйдiң іргесіне тұмсығын сұғып барып тоқтады. Бiрiншi қабаттың маңдайында “Шалқар” деп жазылған iрi әрiптер тiзiлiп тұрды. Бiз автомобильден шықтық. Байыған күн батыс көкжиекте шұғыласын жан-жағына шашқан мезгіл. Таксиге сұраған ақысына қосып үстінен тағы ақша бердiм. Шопыр риза болып қалды. Үшеумiз тас баспалдақпен жоғары өрлеп, кафенiң кiрер аузына тақадық. Iшке енгенде, сол қанатымызда бір топ жас үстел басында ән шырқап отырды. Төрден галстук тағып, кәстөм-шалбар киген Асқат Жақанұлы көзiме шалынды. Мені байқаған оның жүзіне күлкі үйірілді. Езуіне күлкi ұялаған қалпы орнынан тұрып, маған қарсы жүрдi. Жолда қалт тоқтап, шулаған жұртқа әлпетiн бұрды.
– Данай Байқуаныш, – дедi жиналған қауымға таныстырып.
Ел қайта шулады. Ол менi қарулы бiлектерiмен қапсырып, төсiне басты да, Барласты байқап, оны құшақтауға беттедi. Барласты сүйiп жатқанда Надира сыпайы жымиып тұрды. Үшеумiздi төрге қарай оздырып жiберген Асқат өз орнына келiп, тiзе бүктi. Асаба меймандардың орта тұсынан көтерiлдi. Ол қолын шапалақтап, халықтың назарын өзiне аударды.
– Қонақтар, қатарымыз көбейе түстi.
Өзі қызып алыпты.
– Асқаттың бiр үзiм нанды тең бөлiп жейтiн досы – Данай Байқуаныш, Барлас Манашұлы, одан ары – Надира Жарасқызы.
Бәрiмiз бас изедiк.
– Әрине, Асқаттың достарын бүгінгі бір кеште түгендеп шығу әсте мүмкін емес.
Нұрғали Барлас екеумiзге джин толтырып берген. Бiз әлсiз соғыстырып жiбердiк те, төңкерiп тастадық. Кеудеме жылдам тараған джин көкірек тұсымды жылыта бастаған. Шанышқыны алып, қаймаққа бұлғанған қияр салатына түйреп, жеуге кiрiстiм.
– Осы бір тамаша жiгiт Данай болады, – дедi асаба.
Жұрт қол шапалақтады.
– Сөз кезегi соныкi.
Маған бiреу джин құйып қойған. Үстелдiң қарсы бетінен таныс жүз жылы ұшырады. Ол сүйкiмдi күлiп отыр. Одан берi Нұрлыбек Асқарұлы жайғасқан. Ша-қырған Асқаттың өзi болуы керек. Менiң тост айтқым келген жоқ. Орнымнан түрегелдiм де, Асқатқа:
– Өзiңе тiлер тiлегiң үшiн, – дедiм.
Үстел басындағылар тегіс қозғалып кетiптi. Бiр-бiрiне ыдыстарын ұмсынып барады. Айдана Саматқызы рюмкасын маған көрсете көтердi де, ептеп қана iштi. Артынан сыпайы езу тартты. Джин мөлдiреген фужердi тастап жiбердiм. Тамағымды қырнай өтіп, жылу таратып жатқаны сезiлдi. Әрқайсымызға пештен жаңа шыққан лангет көлденең тартылды. Жапырақтай туралып, қабарта пiсiрiлген картоп, өсiмдiк майына қуырылған сиыр етi және тәрелкенің бiр шетiне үйiле салынған қырыққабат. Шанышқыны сол қолыма ұстап, оң қолыма қалайы пышақты алып, лангеттi ұсақтап, жеуге ынта қойдым. Жапырақталған картоп дәмді екен, астын күйдiрмей жақсы пісіріпті. Дастарқанға қалбырдағы ағылшын сыралары топ-тобымен ағыла бастады. Алдыма келiп, байыз тапқан бiреуiн алдым да, қаңылтыр аузын бері жұлқып, пышылдата ашып жiбердім. Оймақтай ғана ойық пайда болды. Кенересiне ернiмдi тигiзiп, жұтып едiм, салқын да қышқыл сыра жанымды жадыратып, бойымды сергітіп, ләззатты бір күй кештірді.
Квартет ойнауға кiрiсiптi. Ионикада отырған ер кiсi әндi өзi шырқады. Бұл бозбала уағында бiздiң әкелерiмiз тыңдаған, шырқаған, билеген “Beatles”-дiң әркiмге таныс “Yesterday” әуезi едi. Үстелдiң аяқ тұсы орындарынан тұрып, бiр-бiрiн жетелеген бойы квартет жаққа бет алды. Олар аялдай қалып, қос-қостан қақ жарыла, билеуге көштi. Төргi жақ та түрегелiп жатыр. Асқат Жақанұлы Ардақ Сабырқызын қолтықтап, фойеге қарай жүрдi. Сәуле Жанатқызы орындықта темекi шегiп, ой тұңғиығына батып кетiптi. Мен көп боксшыларды көрiп отырдым. Нұрмұхамбет Асанұлы, Қайрат Дарқанұлы, Әбiш Қайырбекұлы, Марат Қасымұлы. Бәрі бiр бұрышта үйiрiлiп, билеген жұртқа көз қиықтарымен сипай қарап, оқшау әңгiме-дүкен құрып отыр. Құрмет Игiлiкұлы Батырбек Досжанұлымен құшақтасып алып, төргi бұрышта қазақ әндерiн шырқауға көшкен. Екеуi де масайып қалған ба, ауық-ауық бір-бірін құшақтап, беттерінен сүйісіп қояды. Құрмет таланты бар тәуiр балуан, еркiн күрестен Қарағанды аймағында едәуiр аты шыққан жігіт. Қыз-келіншекке жаны құмар, әсемпаз сақи ділмар шешен. Квартет әуезiн аяқтады. Сәл үзiлiстен соң, “Doctor Alban” тобының сазы қалықтады.
– Билеймiз бе? – дедi Надира.
– Данай, бiр фужер коньякқа қалайсың?
– Маған джин, – дедiм.
Ол маған джин толтырды да, өзiне “Наполеоннан” құйды. Екеумiз шыныларды ақырын соғыстырып қалдық та, төңкере салдық. Джин өңешiмдi жыртып өткендей болды да, денеме жылу таратты. Төңiрек түрлене бастапты. Бiз үстел басынан ұзап, ортаға бардық. Квартет басқа сазды ойнап, баяу екпiнге салды. Фил Коллинз. Қамырықты Фил Коллинз. Тамылжыған саз әсерге бөлеп, фойені қоралай тұрдық. Барлас Манашұлы Надирамен билей жөнелдi. Мен Сәуле Жанатқызын биге шақырдым. Сұңғақ бойлы, вальске сұңғыла, орысшаға жетік, бірақ қазақшасы нашар, жүзінен күлкі кетпейтін ол – Қарағанды қаласының тумасы едi. Ардақ Сабырқызы екеуi Арқадағы университетте оқып жүрiп танысады, кейін келе жақын араласып кетедi де, сыйлас, сырлас дос-жар атанады. Сәуле ана тiлiн бiлмегенге ұялып жүретiн. Ол бiлегiмен мойнымнан орады да, жылы күлiмсiредi.
– Қашан келдiңдер? – дедiм.
– Кеше.
– Диплом жазылды ғой.
– Қорғап та тастадық.
– Қайда барасың?
– Алматыға.
– Маған әлi бiр жыл бар.
– Жадымда.
– Былтыр қызықты болатын.
– Биыл бiртүрлi көңiлсiз.
– Биыл да қызықты.
– Сен мен туралы ойладың ба?
– Жоқ.
– Неге?
– Бiреу жайлы еске алмауға тырысамын.
– Дұрыс.
– Маған жазу ұнайды, шығарманы жазып бiткен соң, бар нәрсені ұмытуға күш саламын.
– Жадысыз ғұмыр кешу мүмкiн бе?
– Кейде ештеңеге көңіл аудармауға талпынсам да, әрдайым бiрдеңенi ойлап жүргендей күйге ұшырай-мын.
– Не хақында?
– Бiлмеймiн.
– Бiз туралы роман жазып жатыр деп естiдiм.
– Иә.
– Өзiңдi қинап қайтесiң, роман да жазбай-ақ қой, ештеңеге де ұмтылма, ешкiмдi де таңғалдырма.
– Меніңше, адам өмiрiнiң мағынасы – өнерде.
Ән мана үзiлген. Сәуле қолын түсiрiп, маған көзiн салып тұрды.
– Көп iзденiстен соң, мағына сол мағынаны iздеуге айналады. Оның жұмбағын тек өнер арқылы ғана шешпекпiз.
– Пәлсапа ше?
– Ол да – өнер. Адам баласының кем-кетігін толтырып, ұлылығын паш етіп, жалғыздығына серік, ақыл-ойына өлшем болатын өнері.
Қайта ән шырқалды да, Марат Қасымұлы Сәулемен билеуге рұқсат сұрады. Екеуi фойенiң ортасына қарай теңселе сырғып, құшақтасып, шыр көбелек айнала жөнелдi. Олар оқта-текте сүйiсiп қалып жүрдi. Мен үстелге қайтып келдiм. Нұрғали Ысқақұлы рюмкаға джиннан толтырып бердi.
Адам, шынында, мүсәпiр. Табынып жүргендерiн бiр күнi табанына таптайды да, даттап жүргендерiн аяқастынан басына көтередi. Қызанақ салатынан түйреп, жей бастадым. Христоспен де, аләйһис сәләм, Мұхаммедпен де, салла(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм, алысқан адамзат ұрпағы. Қызылдың дәуірі жүріп тұрған заманда, Құдайды жоққа шығарған сол ұрпақ қазiр Аллаһқа иман келтіріп, төңірегін қанағат-сабырға шақырып, тәубесiне түсті. Бүгін таспиғын қолынан тас-тамай, санамалай беретiн қорғансыз шалдарға айналды. Қорыққанынан ба, торыққанынан ба. Бірақ, оларды енді ешкiм қорғамайды. Тәңір де, қайшылыққа толы қоғамды таңдап алған олардың немерелерi де.
Мен тысқа шықтым. Суық ауа бет-жүзімді жуып, денемдi тоңазытып, бойыма сергектiк ала келдi. Қиял топшылап жетпейтiн шексiз ғарышта, адам қол соза алмайтын зеңгір көкте мұңлы жұлдыздар қалтырап жанып тұр. Төбедегі аспан өзiне тартып алып кете беретiн түбi жоқ қара қуыс сияқты. Соны шарықта қақ бөліп шалқасынан Құс жолы жатыр. Адам мен сана шексіз ғаламда екі бөлек адасып жүргенде, түйсік пен ойды қауыштырған алабөтен Құс жолы жатыр. Жаурай бастасам да, сауық құрған елге шыныдан телміріп көз салдым. Аспан да адамның келбетi тәрізді қарауытады. Көкжиектер арасына шымылдықтай тартылған аспан, шынымен, көпті көрген қарияның қатпарлы жүзiнен аумай қалыпты. Мүмкiн, осы дидардың қағаберіс, бұқпа жер, ықтырма қалқасында ұлы жаратылысты пайымдайтын кең-байтақ алып сана жайылып, созылып, шалқып жата ма екен. Көз алдымда қартайған әжемнiң бейнесi елестедi.
Мен кафеге қайыра кiрдiм. Бәрi “Duran-Duran” тобының әуезiмен ерiншек айналып, ақырын билеп жүрген. Құрмет Игiлiкұлы үстел басында отыр. Оған Батырбек Досжанұлы келе жатты. Қолында “Семелт Ризлинг” шарабы бар. Ол дастарқанға жақындап келді де, шөлмектi екі-үш шайқап жiберiп, пышақпен аузын ашты. Қос фужерді шайып, өзiне таман жылжытып қойды. Ернеуінен асқанша шүпiлдеттi. Құрмет оған немқұрайды қарады. Шүпiлдетiп болған соң, екi шанышқыны сиыр етiне түйредi де, бiреуiн Құрметке ұсынды. Екеуi тартып жiбердi. Мен қастарына келiп, тiзе бүктiм. Айдана Саматқызы көрiндi. Ол фойеден берi қарай әдемi баса жүрдi. Етегi тар, шолақ көйлегі жүріп келе жатқанда, қайта-қайта жоғары түріліп кетеді, сол кезде аппақ саны жарқ етіп ашылып көзге түсiп қала береді. Айдана етегiн екi-үш мәрте төмен тартқылап, тәртіпке келтіріп түзеп қойған. Тақап келді де, жанымдағы бос орындыққа жайғасты. Кiшкене қызғылт сөмкесiн ашып, темекі қорабын шығарды, сосын ішінен бiр талын алды. Мен шақпақ тұтатып, жалынын тостым. Аузынан бұрқ етiп түтiн шықты.
– Сен Сәуле Жанатқызын бiлесiң бе?
– Иә.
– Араларыңда не болып еді?
– Ештеңе.
– Ол сенi сүйедi.
– Маған ол ұнамайды.
– Жақсы қыз.
– Бiлемiн.
– Басқамен билеп жүрiп, саған көз тастап қояды.
– Саған айтты ма?
– Өзiм сұрадым.
– Не дейдi?
– Мұндай сымбатпен өзгенi жақсы көру мүмкiн емес дейдi.
– Сұлуда махаббат болмайды дегенi ме?
– Иә.
– Жаңсақ пікір.
– Сыра iшемiз бе?
– Iшейiк.
Үстелден “Skol” сырасын алып, Айданаға ашып бердiм. Ол біршама жұтты да, қалбырды қолына ұстаған күйi маған жанарын тiктi.
– Билесек қайтедi.
– Болады.
– Сен маған iлесiп биле.
– Жарайды.
Оның саусақтарын алақаныма қысып, фойеге қарай қозғалдым. Екеуiмiз Фредди Меркьюри сазына елтіп, ырғалып, ақырын билей жөнелдiк. Ол көздерiн жұмды. Екi айналым жасай берiп, қайыра ашты да, бiлектерiн мойныма асып, құшақтай түстi. Бiз төрт адым әрi кетiп, қаздай қалқып қайтадан төрт адым берi жүзiп, ширақ қимыл-қозғалыспен жұрт назарын өзiмiзге аударып әкеттiк. Айдана күлiп жiбердi. Күлiп, толықсып бара жатып, ай қабақ алтын кiрпiктерiн айқастырды. Нәшті әуез әлдилеп, абайлап тербетiп, құлаққа жылы тиіп жатыр. Ән бебеулеп, үзілдіріп барып, сорғалап, ылдилай бердi де, екеумiз фойенiң арғы шетiне шыққанда, қайырылып, қапылыста қалт тынды. Бiз квартет адамдарына қарадық. Композицияны орындаған басқа топ тәрізді. Жоқ, магнитофон қосылыпты. Айдананы ертiп дастарқанға келдiм, екi бокалдағы алмұрт шырынын екеумiз дем алмастан тауысып қойдық. Ол отыра кеттi.
– Жақсы болды ма?
– Иә.
– Бiр қарасам, қос биші жараса кетiппiз.
– Тәуiр биледің.
– Көкірегіңде не қамырық бар, әлде көңіліңді үнемі қоңылтақсытып жүретін жалғыздық па?
– “Махаббат жоқ, бақыт жоқ – бұл өмірде[1]”.
– Сонда, қалай, тіршілік жалған, мұрат алдамшы ма?
– Мүмкін, Алапат Жарылысқа дейін де Уақыт болған шығар?
– Болған шығар, бірақ, ол не өзгертеді?
– Бәрін өзгертеді. Бақыт туралы түсінікті де, Құ-дірет жайлы ойды да.
– Ардақ Сабырқызы ше? Ұнамай ма?
– Біз санаға түйгенше, Асқат Жақанұлы меншіктеп те алыпты, сондықтан ешқандай үміт, жүзеге асуына әлдеқандай дәме жоқ.
– Жақсы көрмейсің бе?
– Ойланбаппын.
– Сен бар жерде маған да көңiлдi.
– Менің бойымда ел қызығатындай ештеңе жоқ.
– Тұлғалық бар.
– Ертең бағын ашатын дәулетім де, көңiлiн ашатын уақытым да жоқ.
– Бәрiбiр.
Ол маған тесiлiп қарады. Теріс айналдым, ағылшын тiлiнде жаңа әуездi шырқап жатқан квартет тобына көз салдым. Айдана темекiсiн тұтатып, би алаңына ұзай берді, кенет соңына жалт бұрылды.
– Барасың ба?
– Иә.
Орнымнан түрегелiп, iлгерi бастым. Екеумiз фойенің ортасына жеттiк те, shake мәнерінде ырғақ дабысына елігіп, желпініп, екi бөлек билеп кеттiк. Жұрт қамалап, тегіс теңселіп, желігіп билеуге кiрiстi. Айдана екi адым алға жылжып, оң аяғын жоғары көтере беріп, қапталына шалт қапылыс толқып, сол жағына сілтеп, тастап қалады. Мен тұра қалып, оны қайталай бастадым. Денеміз қабат толықси ырғалып, аяқ-қолдарымыз бiрге қозғалды. Ол етегi тар шолақ көйлекте оқшауырақ көрініп – көздің жауын алды. Кенет қалт тоқтады, аздап маңғаз, керенау иiлiп, етегiн төмен тартып, санын жауып қойды. Сосын қайтадан ырғақты қимылына көшті. Ендi аяқтарын алшақ қойып тұра қалыпты. Екi қолын екi жағына ербеңдете, қос иығын толқынға айналдырып әкете берді. Мұнысы әдемi шықты. Түгел қоршай қарап тұрды. Ән тамамдалғанда, Айдана етегiн түзеп алды да, үстелге беттеді. Оған Нұрғали Ысқақұлы сусын құйды. Жұта салған ол – берi жылжыды. Оның бойы биiк едi, аяғы оқтаудай түзу әрi сондай әдемі болатын. Ол жайқақтап басып келе жатты, үстiне кигенi – жүрiсiн қиындатқан етегi қысқа тар көйлек, екі жақ қапталынан ұқыптап тіліп, әдіп жүргізіп тастапты.
Жаныма келді де, иығыма қолын қойып, квартетке зер салды. Квартет енді үнсіз отыр. Магнитофон қосылып, “London Beat” тобының “I Have Been Thinking About You” күрделi сазы кафе iшiн жаңғырықтыра тарады. Бiз билеп кеткенбiз. Босағадан қызыл кәстөм, ақ шалбар киген Қанат Нұрбекұлы көрiндi. Ол қасына жалбыр шашты сары қыз ертiп келе жатты. Сары қыз көк лосинаға жарастырып етегi жалбыраған, бірнеше тұсынан ұзына бойы қиылған кең көйлек іліп алыпты. Бәлкiм, Қанат оны “Театральное” кафесiнiң маңынан тапты ма екен, әлде “Аққудан” кездестірді ме, – түсініксіз, тіпті, оның қызға көңіл бөлетін түрі де жоқ, құрбысына әлдеқалай немқұрайды. “Scorpions” тобының “Wind Of Change” әні шырқалып кетті де, бiреу жарты жолдан әлгi қызды қағып алып, үйіріп, шыр көбелек дөңгелетіп, фойеге шығарып, топталған бозбала, бойжеткендерден әрi асып кете барды. Қанат Нұрбекұлы бiзге тақады.
– Армысың, Айдана.
– Қайда жоғалып кеттiң?
– Қызық болды.
– “Льдинка” кафесiнде танысым кезiгiп қалды.
– Содан кейiн iшiп алдыңдар.
– Иә.
– Өзi қайда?
– Баратын жерi бар екен.
– Мынау кiм?
– Соның қызы.
– Данай екеумiз де көңiлсiз емеспiз.
– Иә, байқадым.
– Нұрлыбек те – осында.
Нұрлыбек сәл масайған. Қанат Нұрбекұлымен есендесіп, Айданаға қолын ұсынып, би алаңына маңдай түзедi. Олар едәуiр алыстап барып фойеге иек асты да, билей жөнелді.
– Мен оны ұмыта алар емеспiн.
– Кешір, араласқым келмейдi.
– Оған түсiндiре аласың ба?
– Жоқ.
– “Льдинка” кафесiнде отырып, соны ойладым.
– Сезiмiңдi түсiнемiн.
– Әдемiлiк не үшiн қажет?
– Бiлмеймiн.
– Жанды қауметті бекер қинайды.
– Қызғанады, содан.
– Рас, жалғыз өзi мәңгілік иемдене алмайтыны қинайды.
– Мүмкiн.
– Мен оны ұмыта алар емеспiн.
– Iшесiң бе?
– Виски.
Бiз дастарқаннан виски iштiк те, би алаңына қайтып келдiк. Айдана Саматқызы Марат Қасымұлының құшағында билеп жүрдi. Нұрлыбек қайтадан жоқ болып кетiптi. Тыста жүрген шығар. Көңілім жадырап, жаным кешті алабөтен ұнатып, жақсы бола бас-тады. Ғұмыр кешкен қандай ғажап. Бәрi мені суық, сезімнен жұрдай, махаббатқа сенбейді деп ойлайды. Олар қатты қателеседi. Асқат Жақанұлы қарсы келе жатыр. Қасыма жеттi де, иығымнан қақты.
– Мен қалай жұдырықтасамын? – дедiм.
– Күштi.
– Әрбiр адам Майк Тайсон бола алады.
– Әрине, – дедi ол.
– Маған кейбiреулер паң, шалқақ қарайды, ал мен оларды шалқасынан да, етпетiнен де сұлата аламын.
– Боксшылар – нағыз шынайы, асыл халық.
– Мен де күштi боксшымын.
– Қарсы пiкiр айтқан жоқпын ғой.
– Топаевтың ана жолы қалай соққы жұмсағанын көрдiң бе, ол әуелi көкiректен қойып қалып, ұрған қолын шапшаң көтере бередi де, самайдан тоқмейіл сүйкей салады.
Мен оған соққы қалай дарығанын көрсеттiм. Ол жұдырықтар дөп тиiп жатқанын жақыннан бақылап тұрды.
– Дәл осылай, – дедi ол.
– Асқат, мен кете берейiн.
– Өзiң бiл.
– Көңілім өсіп, іздеген мұратын тапқанда, мерекені жалғыздықта тойлағанды жақсы көремін.
Асқат менi кафенiң табалдырығына дейiн шығарып салды да, қолын берiп қоштасты. Екеумiз бiр-бiрiмiздi кеудемiзден нұқып қойдық. Мен көшеге шықтым. Көшеде қыбыр еткен жан қалмапты. Асфальт үстi бос жатты. Жамбылдың бойына түсiп, баяу аяңдап кеттiм. Құлағымда кафеде естiген әндердiң шала ызыңы бар. Қолымды шалбарымның қалтасына салып жатып, Айдана мен боксшылардың түнгі сауықта қалып қойғанын ойладым. Қазiр оларды қайыра мол қызыққа, жан рақатына – алдамшы қиялға жетелейтін әуез тегіс баурап, елтіп алатын шығар. Нақ осы сәтте шылым шекпейтiнiм теріс сияқты. Қамырықта, қапалы шақта өзіңді-өзің алдарқатып темекi бұрқыратқанға не жетсін. Жеті түнде жалғыз кетiп бара жатқан менің көңілімді беймәлім шер басты. Алыстан машина пайда болды. Іргемнен қатты жылдамдықпен ағызып өте шықты. Масайғаным басылып қалыпты, енді, зады, такси ұстап, үйге аман-есен тез жеткенім дұрыс. Соңыма көз жiберiп едiм, жанарыма ештеңе iлiкпедi. Асфальт жол қаңырап бос жатыр. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды.
Х тарау
Мақсұтқа телефон соғып, қай жерде кездесетiнi-мiзді анықтап, белгілеп алдық. Асқат Жақанұлы, Барлас Манашұлы бөлек аттанып кеттi, Мақсұт, Қанат Нұрбекұлы үшеумiз жеке машинамен шықпақшы болдық.
Бiз келгенде, Мақсұт бiр қызбен “Жигули” маркалы автомобильде күтiп отыр екен. Таяп қалғанымызды байқап, есiктен басын шығарып, артынан өзi тола-йым көрiндi. Күле қарсы алып, екеуімiздi кезек-кезек құшақтады, бәріміз жабыла салонға мінiп алдық. Рөлде – өзi. Автомобиль Райымбек батыр даңғылына жеткенше бағдаршамға жиi аялдай берді де, үлкен арнаға түсіп алған соң, жылдамдығын арттырып, ілгері суырылып – жұлдызша ақты. Кешiкпей, Қапшағай жолайрығынан озып, қаланы тастап шықтық. Сосын кең жолда құстай ұштық.
Көл жағасына құлағанымызда, күн тас төбеге көтерiлiп, қызуын молайта түсті. Олар құм үстiнде қарта ойнап отырды. Арасында Айдана Саматқызы бар. Бiз тақап келдiк те, барлығына сәлем берiп, жөн сұрастық. Мен боксшы Марат Қасымұлының қасына жайғастым.
Айдана маған қатарласып, етпетiнен жатты. Ол қызғылт рең бикинидің омыраулығын жiбiнен босатып еді, баулары екi қолтығының астына сырғып, қос анары жартылай жалаңаштанып қалды. Қолын жастанып, көздерiн жұмды. Қанат Нұрбекұлы берi қарай самарқау келе жатыр. Назары Айдананың тәнiнде. Өзi керенау, ерiне басып, сүйретiлiп келедi.
– Оны қазiр кросспен құлатамын, – дедi Марат Қа-сымұлы.
– Не үшiн?
– Ұнамайды.
– Меніңше, қиянатсыз, дегдар адам.
– Әйел көрмеген секiлдi, қадалғаны несі.
– Ол Айдананы, шынымен, сүйедi.
– Мен де.
Қалжыңы шығар деп, Маратқа ден қойып, жүзіне мұқият үңіліп қарадым. Ол, тегі, шынын айтыпты. Жақтырмай қалдым. Орнымнан тұрдым да, көлге қарай бет түзеп, селқос жүрдiм. Құм қиыршықтары табаныма жан сүйсiндiре батады. Майда түйiрлер тамаша сезімге бөлейдi. Табаныңа үлкенді-кішілі қатты тас батқанда, денеңдi біртүрлі дiр еткізеді. Көңілді толқытып, күйін өршітеді. Тамаша әсер. Адымдап, көлдiң жиегiне тақап келдiм де, жағалауына жете беріп, қалт iркiлдiм. Еңкейiп, қолымды суға малып едім, салқындығы сезiлді. Iлгерi жалдап, жүрiп кеттiм. Шалпылдатып, төңірегіме шашып барамын. Су беліне дейін келген мезетте, қойып кеттім де, су астымен едәуiр жүзiп барып, жоғары атып шықтым. Шалқамнан жатып, қолыммен әлсiз малтып, тепе-теңдiктi бұзбауға талпындым. Батып кетiп, су кешіп, қайыра қалқып, бетiнен көріндім. Жиекке маңдайымды бұрып, құлаштап жүзіп, малтымпазданып асыға жөнелдiм. Көл жағасына жүзiп жетсем, Айдананың қасында үйірсектеп Мақсұт жүр. Жағажайға шықтым да, киiм ауыстыратын ағаш гардеробқа бардым. Оның төбесі ашық болатын. Iшiне кірiп, есiгiн күршекпен жауып, бекітіп қойдым. Көршi бөлмеден әйелдiң дауысы естiлдi. Қапелiмде жоғалып кеттi де, шыбын ызыңы естiлетiн тыныштық орнады. Мен лыпаны бұрап сықтым. Ендi еркектiң үнi шыққан. Әйелдiң үздiгіп алқынғаны сөздерiн үзiп жiбердi. Олар сүйiстi де, сықылықтай күлiсіп алды. Екi араны жапқан қабырға тақтайдың төменгi тұсы ашық. Олардың құмды ысырған аяқтары байқалып қалды. Кенет жерге бюстгальтер түстi. Iле-шала әйелдің жұқа сары лыпасы сусыды. Сары лыпа лезде көтерiлiп алынды да, әйелдiң ренжiген дауысы ескерту жасады. Бюстгалтер сол күйi жатыр. Мен тысқа аяқ бастым. Күн жылуын төгiп тұр. Есiктiң ескі топсасы шиқылдап, босағадан жас жiгiт көрiндi. Дереу сол қапталына бұрылды. Жiгiт ұзаған шамада топса ақырын сықырлады, сыртқа қырықтар шамасындағы өңді әйел шығып келе жатты. Әйел оң қанатына қарай жүрдi. Жолай қалтарыста өз бетімен ойнап отырған бiр кiшкене сәбидi ала кетті.
Айдана етпетiнен сұлапты. Мақсұт екi тiзесiн қолдарымен құшақтап алған. Мен жақындап келгенде, Айдана көзiн тарс жұмып алып жатыр екен. Құм қиыршықтарын сыпыра жүрген аяқ дыбысы құлағының түбiне жеткенде, ол көзiн ашып, менi көрді де, жылы күлiмсiредi. Қолдарын арқасына жiберiп, баудың екi ұшын бiр-бiрiне айқастыра байлап жатты. Ол бикинидiң омыраулығын бос байлай салды, сосын құм үстiне тізерлей отырып, маған жүзiн бере аялдады.
– Мақсұт сенiң досың ба?
– Иә.
– Қазiргi уақ дос деген бола ма?
– Болады.
– Сенбеймiн.
– Қайсымызға сенбейсiң?
– Жалпы.
– Ешкiмге?
– Иә.
– Оны неге сұрадың?
– Дос бола қалған жағдайда, екеуiңдi не бiрiк-тiредi?
– Туған топырақ, – дедi Мақсұт.
– Ғұмыр.
– Онда Мақсұтқа айт, соңыма түскенді қойсын.
– Ақ төсіңнен бiр мәрте шөп еткізіп сүюге бола ма дедiм, басқа жазығым жоқ.
– Болмайды.
– Мақсұт ендi қояды.
– Серт беремiн.
Айдана күлдi.
– Бара беруiңе болады.
– Данаймен сөйлесейiн де.
– Сөйлес.
Ол шалқасынан жатыр. Айдында қайық жүзiп барады. Желкендерiн жоғары көтеріп, тартып, керіп қойыпты. Қайықта екеу ғана. Бiреуi қыз бала сияқты. Алыстан үстiне киген қызыл лыпасы көмескіленіп байқалады. Жанымызға Асқат Жақанұлы келдi. Ардақ Сабырқызын ертiп алыпты. Ардақ қара торы, жанары үлкен, қыр мұрынды, ернi толық көрiктi қыз.
– Суға түсемiз бе? – дедi Асқат.
– Түсейiк, – дедi Айдана.
Олар көлге қарай кеттi. Мен жағажайда қалдым. Әуелi судан Мақсұт шықты.
– Маған еріп келген шөпжелке қайда?
– Нұрғали Ысқақұлымен жүрген.
Мақсұт түрегелдi де, жағажайдың шетін бойлап, жағалап кеттi. Көп ұзамай, қайыра оралды. Алдына салып алған манағы бейопа қызы бар. Қыз жылап алыпты. Жасын сүртпеген, кеуiп те үлгермеген.
– Не болды?
– Бүлдiрiп жатқан жерiнен әкелдiм.
– Жылатпасаңшы.
– Жылатпаймын.
– Өз шаруам емес пе, – дедi қыз.
– Мені тектен-текке бейпәруа қылдың. Бекер ер-тіппін.
– Кім әбігер болды, сен бе?
– Иә.
– Әуреге түсетіндей ештеңе жоқ.
– Ақырында, қор еттің.
– Күлкілі.
– Не істедім саған?
– Сен бе?
– Қайтіппін?
– Істегенің көп.
– Мысалы.
– Жезөкше дедiң, сүйектен өтетiн намақұл сөз айтып, тіл тигіздің.
– Одан бұрын, қандай қорлық көрдің?
– Осында келгенше де сан мәрте өкпелеттің.
Қыз тағы жылады. Кемсеңдеп бiраз тұрды да, терiс айналды.
– Өтiрiк! – дедi Мақсұт.
– Мақсұт, қайтесiң.
– Берi қара, мен, тегі, сенi бір үйретейiн.
Мақсұт қызды қолтығынан шалт тартып, жерге құлата салды.
– Қазiр бүкiл киiмдерiмдi жуасың.
Бейопа қыз қорқып қалыпты.
– Сабынсыз жуасың, бiрақ таза болуы қажет.
– Қай жерге жуайын?
– Анау жаққа бар.
Үнсiз Мақсұттың шашылған киiмдерiн жинай бас-тады. Бұл маған ұнаған жоқ. Қыз жинап болды да, шығысқа маңдайын бердi. Мақсұт екi қолын желкесiне қойып, аспанға жанарын тiктедi.
– Бекер iстедiң.
– Жәлептермен сөйту керек.
– Мен ылғи барлық адам неге ар-намысын таптатпайтын тәкаппар болмайды деп ойлаймын.
– Өмiрдің жүгі ауыр, басып кетіп отырады.
– Осыны түсiнбеймiн.
– Ақындар қызық, – дедi Мақсұт.
Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды.
– Бiрақ, ештеңе өзгермейдi.
Адамзат талай заман толғап, үкілеп келген үмiтiн бiр ғасырдың iшiнде тас-талқан еттi. Адам баласының табиғаты алабөтен, біз аңсаған мұраттан өзгеше екен. Рас па? Белгiсiз.
– Әлi жетпесе, айыпты – өздерi.
Мен орнымнан тұрдым да, көлге бет алдым. Мана кеткендер қауқылдасып қайтып келедi. Айдана ілгері озып, қарсы оқшау жолықты. Екi иығы бүрiсiп, жүгiрiп келе жатыр.
– Маған сүлгi тауып бершi.
– Жүр.
Бiз сол қанатымызға бұрылдық. Нұрғали Ысқақұлы жатқан жерге келдiк те, жолқапшықтың аузын ағытып, iшiнен сүлгi алдық.
– Айдана тоңып қалыпты ғой.
Айдана жылдам сүртiнiп жатты. Нұрғалидың сөзiнен кейiн баяулап қалды.
– Менiң есiмiмдi қайдан бiледi?
– Кафеде бiрге болдық.
– Сiзбен?
– Иә.
– Ныспыңыз қалай?
– Нұрғали.
– Әдемi ат.
Нұрғали оған ұнап қалған сықылды. Айдана жүзін әрі бұрып, бiзге арқасын берiп тұрды. Ол омырауын сүртiп жатқан. Болған соң, берi қарады.
– Мен көмектесер едiм, – дедi Нұрғали.
Айдана ақырын жымиды.
– Бара берсем бола ма?
– Қуып жетемiн, – дедi ол.
Екеуi осы жерде қалды да, мен жабылып мосы құрып, шәугiм iлiп жатқандарға қарай аяңдадым. Шай қайнатуға кіріскен жұрт, зады, Нұрлыбек Асқарұлы мен Барлас Манашұлы ғана. Қазандықта от бықсып, самарқау жанады. Көк түтiн бірден жоғары ұша алмай, жер бауырлап барып, биiкке жол тартады. Нұрлыбек қолындағы таяқпен тамызықты қопсытып, тұтанып кетуiн оңайлатып қойды. Жалын әр тұсынан лапылдап атып шықты да, бiр-бiрiмен жол-жөнекей қосылып, үлкен маздақ отқа айналды. Барлас аумақтана түскен алауға тесiле көз салды.
– Көңiлсiзсiң ғой, – дедi Нұрлыбек.
– Жай.
– Кәуап пiсiремiз бе?
– Бiлмеймiн.
– Не болды?
– Ештеңе.
– Тiрлiкте әр нәрсені күрделендірмей, мүмкіндігінше оңайлатып, мәселеге жеңілдетіп қарауға дағдылану қажет.
– Бірақ, бұл жауапкершіліктен қашу емес қой.
– Әрине.
– Жалғыздықтан, бірақ, құтыла аламыз ба?
– Құтыла аламыз, жалғыздық әдетте көп аялдамайды.
– Ештеңе жазылмай жүр.
– Жазғаныңа сену қажет. Ешкiм сенбесе де, өзiң осы сенiмдi жүрек түкпірінен iздеп, тауып алғаның абзал.
Шәугiм ызылдай бастаған. Қызыл жалынның сүйiр тілі әрi-берi сүйреңдеп, сумаңдай жанып, шәугiмнiң түбiн жылп-жылп жалап кетедi. Тамызық таусылып, от қызуы маңайына тарап, күшейіп алған.
– Жылдың барлық мезгiлiнен күз ғана жаныма жайлы тиедi.
– Мұң басқан нәрсенiң бәрi маған да жақынырақ, – дедi Барлас.
– Жалғыздық, ел көшіп, ескі жұртқа тастап кеткендей түйсiк, алдамшы ғұмыр, мәнсіз тіршілік – кiмдi болмасын қызықтырады.
– Клевердiң “Кешкi тыныштық” суретiн көргенiмде, көңілім ашылып, жүрегімді біреу алақанымен қысып ұстағандай күйге бөленіп, қанағаттың құшағында толқып едім. Бұл туындыда тойымдық, нысап, тоқтам байытылып ұсынылған. Суретке қадалып тұрып, өзіңді мұқтаждықтан ада, тоят сезiнесiң.
– Қастеев атындағы мұражайдан көрдiң бе?
– Иә.
– Менiң болғаным бар.
– Шарль де Правье майлы бояумен салған “Пейзаж” суретi де сол тақырыпта. Түн жамылған теңiз жағасы, қараңғылықты қақ тiлiп үшеу саяқ қайықта асығыс жүзiп барады.
– Мола Пьер Франческоның “Агарьдың қуылуы” шығармасындағы әйелдiң бет-бейнесi де ұнаған едi.
– Ол да ғажап.
– Қыркүйек айында Третьяков галереясының көр-месi ашылады.
– Шын ба?
– Шын.
– Қыркүйек дейсің бе.
– Көрме, бәрібір, көңіліңді көрмейді.
– Сонда да. Мен iшкi дүниемде бiр өзгеріс болса екен деп армандаймын.
– Менің де тілегім сол.
– Бүгін қандай мұрат бар, қазiр, жалпы, не қал-ды?
– Түк те.
– Түк те қалған жоқ.
– Рас.
– Сондықтан, бiр өзгеріс болса екен деп армандаймын.
Шәугiм тасыды. Нұрлыбек орнынан көтерiлдi де, жолқапшықтан қағазға ораулы шай алып, шәугiмнiң iшiне тастады. Надира Жарасқызы берi аяңдап келедi.
– Дастарқан жасайық, – дедi Нұрлыбек Асқарұлы.
– Надира жасайды.
– Түгел шақырып келейiн, – дедiм.
Мен елдi шақыруға кеттiм. Қайта оралғанда, дастарқан жайылып тұрды. Ас iшiп, әңгіме шертіп, бәрiмiз қауқылдасып құм үстiне аунай-аунай жата кеттік. Күн қызуы әлсiредi. Қасыма Айдана тақады.
– Нұрғали екеумiз тысқары шығып келдiк.
– Ол – ақ көңiл жiгiт.
– Иә.
– Ептеп бокспен айналысады.
– Маған айтқан жоқ.
– Ешкiмге айтпайды.
– Сенi мақтап, аспанға шығарып жiбердi.
– Бекер.
– Неге?
– Көпе-көрнеу, жорта, қасақана мадақ.
– Әдейі?
– Әдейі.
– Меніңше, шынайы мақтады.
– Шынайы емес.
– Рас айтты, сондықтан зор еңбегіңе, қол жеткен табысыңа, ізгі қасиетіңе берілген жоғары баға деп түсіну қажет.
– Қойшы.
– Күткен жоқсың ба?
– Ешқашан пайымдамаппын.
Нұрғали келдi.
– Айдана, барасың ба?
– Қайда?
– Көршi жағажайға.
– Манағы ма?
– Иә.
– Барамын.
Ол түрегелдi. Денесiне жабысқан құм түйiршiктерiн алақанымен сыпырып түсiрдi. Сосын, маған қарады. Күлiмсiредi.
– Мен барайын.
– Жарайды.
– Бүгін осында қонамыз ба?
– Қайтатын шығармыз.
– Кешқұрым ораламын.
Олар кетiп қалды. Көңілімді қапа меңдеп, қамырық өзегімді жарды. Көл жағасына бет алдым. Тақап бардым да, жиегiне жетіп, іркіліп көп тұрдым. Толқын жағаны жайлап соғады. Асығыс қайтып кетедi. Уақытты алшақтатпай, сағынып қайыра шулап келе жатады. Айдынның орта тұсына таман, көз ұшында үш қайық бұлдырап көрінеді. Оң қапталда бiр шағын катер заулап барады. Шағалалар қаптап жүр. Мені жалғыздық сезімі иектеді. Бөлмеге барған соң, тегі, қайтадан қаламымды ұштаймын. Бәрiбiр. Ешкiм оқымаса да, бәрiбiр. Бiрақ, кітаппен қоштасу әдiлет пе? Дүние о бастан әдiл, шыншыл жаралса керек. Зады, бүкiләлемдiк жалғыздықтың тұтқынында жатқан адамзат өзiнiң рухани қазынасын жер бетіндегі тамаша мекенге айналдырып алған. Өз түсiнiк аумағында, қалыптастырған салт-дәстүр аясында, қала берді, сөз кеңістігінде адам баласы ұдайы үйлесiмдiлiкте жүреді. Үндестiктi бұзып-жарып, шектеуден асып, құрдымға шықсақ қана бiз түсiнiксiздiкке ұрынамыз. Тәубеден қашып, дінсіздің үйін паналайтын ойдың бастауы да, қайнары да осы. Құдайсыз ғұмыр кеше аламыз ба екен. Кiтапсыз қандай қасiретке ұшыраймыз?
Шағалалар топталып алыпты. Қайықтар арғы қабаққа алыстап кеткен. Мен балық іздеп қайта-қайта тұмсығымен су шалып, сүңгiп жүрген шағаланы бақылап отырдым. Шағала балықты мүлдем ұстай алмай қойды.
- Стефан Малларменің: “Мир существует, чтобы войти в книгу” деген сөзінің өзгертілген түрі.
- Сау бол.
- Кездескенше, жан қалқа.
- Французша.
- Ағылшынша.
- Автордың “Розали, бұл – мен” әңгімесінен үзінді.
- Автордың “Розали, бұл – мен” әңгімесінен үзінді.
- Автордың өлеңінен үзінді.
Бөлісу: