Сабыр Адай. Жазмыштан қайда барасың

Бөлісу:

21.01.2023 2275

КӨЗ ЖЕМІ

 

Қыр басында қылаңытып мұнара,

Көрінуге, тегі мүлде құмар, Ә?!..

Талайлардың көз жеміне айналған,

Әу басында біздікі еді бұл ара!..

 

Анау төбе киелі еді кеңістік,

Аруаналар жүретұғын өріс қып.

Бәрі есімде марғау төбет, құтпан шал,

Жазғытұрым жамыраған төл ыстық.

 

Отарлары - күміс қоңырау текелі,

Келе айдаған кер үлектің мекені.

Жат қабағы жақын келсең үркітіп,

Заманымның зар илетті мекері.

 

Көкем бірақ көмек қолын созбайды,

Тон ішінде кеміреді тоз қайғы.

Үлпілдеген нарқоспақтың баласы,

Маған қарап:

 «Маң-ғы-ы-ыс-таау!»-деп,-боздайды.

 

СЕН ЕҢКЕЙСЕҢ...

 

Басқалардан бақ іздеген қасқаның,

Басқа келіп иелейді аспанын.

Жапырақша илеп сосын жастарын,

Таңдайына талғажу қып жағады,

Жер қойнауы, тас нәрін.

Басыңды алу... бар білері басқаның.

Басқа деген - басқа жаным, тілегі де зұлымдық,

Жон теріңді төсенеді құрым қып.

Сен еңкейсең тұмсығыңа шап беріп,

Жат келіп, салып алмақ мұрындық.

Ауыл иті құйрық тығып қыңсыған,

Көздерінің сәті жоқ бір тыншыған.

Сөздері де ызалы,

Әрі арзан былшыған... 

Әрі, ащы шымшыған.

Ұят сатып, намыс сатып, ар сатып,

Құс базарын қарғалар жүр тарқатып.

Аз халықта көп болса екен Азамат,

Елдің жүгін көтеретін Нарша тік!..

Терезесін қырау басқан, қар шылап,

Жел-жеңешем құмнан жатыр аршып ап.

Бәрі ақылшы шағын ғана ауылға,

Шатақ дауыл-шаңқылдаған саршұнақ.

Желкесінен бүріп …

 

***

Сүрініп кетсең жылама,

Сүрінбей пенде тұра ма?

Жаныңның жасыр жарасын,

Жазмыштан қайда барасың?!

 

Қайғырып қамсыз, егілме!

Қайғысыз болмас тегінде.

Жаныңның жасыр жарасын,

Жазмыштан қайда барасың?!

 

Көзіңді сүртіп күлімде,

Көміліп мұңға бүгілме.

Жаныңның жасыр жарасын,

Жазмыштан қайда барасың?!

 

Шындық қой бәрі қарағым,

Шыдамды болсаң жарадың.

Жаныңның жасыр жарасын,

Жазмыштан қайда барасың?!

 

Бұлт бұлыңғыр, жер күпті,

Тәңірден тіле теңдікті.

Жаныңның жасыр жарасын,

Жазмыштан қайда барасың?!

 

Жүрегің күйсе қан жылап,

Қайғыңнан шаттық ал құрап.

Жаныңның жасыр жарасын,

Жазмыштан қайда барасың?!

 

Қайтесің енді қарғанба!..

Жетісіп жүрген жан бар ма?..

Жаныңның жасыр жарасын,

Жазмыштан қайда барасың?!

 

***

 Бас бармақ құның кеткен баяғыда,

Ілініп, ілмек түсіп аяғына.

 

Сұқ саусақ сұғың қалды дүниеде,

Буының бұрынғыдай иіле ме?

 

Ойладық, ортан бармақ тірек пе деп,

Із қалды, тырнағыңнан жүректе көп.

 

Аты жоқ саусақ жатыр бүктетіліп,

Көрмеген көп ішінде түкке тұрып.

 

Шынашақ шыртияды желіктеніп,

Алдыңғы төртеуіне еріп келіп.

 

Көз сатып көрінгеннен бұйымшылап,

Ашылып алақан тұр тиын сұрап.

 

Ақ білек сыбанбады, күйінбеді,-

Бес бармақ-жұдырық боп түйілмеді.

 

Бес бармақ –бес бөлініп дірілдеді,-

Созылып кеткен білем сіңірлері...

 

«АУЫЛҒА СҮГІР КЕЛДІ» - ДЕП…

 

Жыр келді, өлең келді, өрнек келді,

Жадырап жан бітеді  жер-көкке енді.

Сүкең Шал:

Сұлу сөзді селдеткенді,

Таңдайға талмап қойып кермек терді.

Күн күліп, ай ақырын еліптенді,

Кеудесін кербездердің желік керді.

Қақ жарып

Қара түнді шолпан жұлдыз,

Жыршыға жымың қағып еріп келді.

Таулардың таң сығалап иығынан,

Сарнайды самал салып жиі бір ән.

Балқыған қорғасындай

Қу дүние,-

Көзіңнің тамшылайды қиығынан.

Көл тұнып,құрақ біткен құлақ түріп,

Көркем қыз кетті орнынан жылап тұрып.

Жанымның қауырсынын

Жұлып алып,

Мен тұрдым қара түнге шырақ қылып.

Қарттардың қабырғасы сөгілгенді,

Білмеймін, қайғырғандай не білді енді?!.

Сол жолы көп көрдім Мен:

Дір-дір етіп,-

Шомылған көз жасына еріндерді.

 Сүгір*-Сүгір  Бегендікұлы.

 

«АДАЙ» күйі 

 

 Атасы асау толқын, Жайықтан – жыр,

Келесін кер үлектей қайытқан жыр.

Пердесін пірлі аспанның ашып тастап,

Періште келді маған ғайыптан бір.

 

Атамның қан шығарған дойырындай,

Атанның шаң шығарған ойынындай.

Мысалы күй-домбыра толғай тартқан,

Құланның құрық салған мойынындай.

 

Күй шанақ-күңіренген аспан-дағы,

Қос ішек-қоңыраулы дастан-дағы.

Пернесі көк пен жерді жалғап тұрған,

Перделі періштенің баспалдағы.

 

Қойтастай қоңыр шанақ дүмденеді,

Басады көзіңді жас, бүр денені.

Атасы пір тәубелі нұр деп еді,

Анасы сыр сәулелі үр деп еді.

 

Ел едік ен жайлаған ескілікті,

Күй тартып, сөзге тоқтап, дес біліпті.

Он сегіз мың ғаламға патша болған:

Тұсауын Сүлейменге* кестіріпті.

 

Содан соң, бұл тұрғанда, күй өтпеген,

Қолыңа ал, қос пернесін сүй …

 

СҰЛТАН ЕПЕ

 

Судан қорға - сұрланған,

Оттан қорға - күл қалған.

Есесі кеткен ел едік,

Екеу болса - бір қалған.

 

Заманнан қорға - құн алған,

Жаманнан қорға - жын алған.

Тағдырым бар талауда,

Талықсып талай сыналған.

 

Дінімді қорға - қазығым,

Ділімді қорға - азығым.

Әулиелер тербеткен,

Қорқыттың қоңыр сазымын.

 

Салтымды қорға-саядай,

Халқымды қорға-аядай.

Кенжелеп қалдым кешігіп,

Иледі дәуір аямай.

 

Керегемді кере гөр,

Кеудеме нұр боп ене гөр.

Сан сахаба қол берген,

Батаң болса бере гөр?!..

 

Қаймығып келдім қасыңа,

Көзімнің қара жасына.

Қойтасыңды құшақтап,

Қонайын, Бабам, басыңа.

 

Түсіме ен де толғай көр,

Тірлігімді болжай көр.

Тірегім менің - ел-жұртым,

Маңғыстауды қорғай көр?!..

 

                                                                Сұлтан епе*-Маңғыстаудағы Сұлтан епе қорымы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар