Тоқтарәлі Таңжарық. Сәулелі шеңбер дірілі

Бөлісу:

31.01.2023 2741

Поэма

І

Іңір қараңғылығында есік алдында отырған екеу.

Мүлгу мен аңырудың арасындағы соқпаққа үңілген екеу.

Көлеңкеге айналған өзін,

өзіне айналған көлеңкені іздеген екеу

іңір қараңғысында.

Жел мүжіген сүйек секілді

ызыңдайды уақыт.

Екеуін жұбатарға сөз таппаған жандай

ызғар сүйеді көлеңкелер бетін.

 

Көр қазушының қайратты қолындай қаусырған түн.

Кеше күннің жарқырап маңдайдан туғанын 

ұмытпаған сұлбалар шеруі.

Қайырыла соққан желдің ызыңы.

– Сен қайдасың?! – деп шырқыраған дауыс 

еріген уақыттың ернеуінде жанған.

– Мен мұндамын, – дейді ол күбірлеп,

төрт көшенің торында – 

шаһар шамдары лаулаған әлдебір маңға қарап.

Мәңгірген жанның жанары

бетін тозаң бүркеген судай бозғылт.

Көкіректегі күбірді айғайдың,

айғайды күбірдің жұтатыны сияқты,

бірін-бірі іздеген – екеу,

бірін-бірі құшақтаған – екеу.

ІІ

Нәр көтерген құмырсқалар 

табытын сүйреген пенделер ме дерсің?!.

Жапан түзде, шөлейтте, өзен жағасында, 

құм мен шөптің арасында жанталасқан құмырсқалар;

тіршіліктің батпан жүгін арқалап

ағаш түбінде, 

үйлерде, сәнді сарайларда, 

түкпірдегі қуыстарда, едендерде,

ресторандар мен гипермаркеттерде,

жертөлелерде де қыбырлаған құмырсқалар... 

Оңаша отырып, мына алып шаһар туралы сөйлескің келеді...

мына шаһардың шежіресін тек солар білетін сыңайлы,

тек солардың сенімі алдамайтын сыңайлы...

 

Көз алдың – көшелердің илеуі:

мыңдаған көліктердің ағыны;

дабыры басылмайтын топтың қайшалыса шайқалуы;

өңіңде өңменіңнен өтетін жарнамалар шуылы;

LED экрандардың дамылсыз сүрені;

жақынын іздеген жалғыздар мен

жалғызын іздеген жақындардың көші

түсіңе кіреді...

Жылқылар кісінемейді мұнда,

түйелер боздамайды.

Боздайды жер асты өткелектерінде «Бозінген».

 

Көшенің арғы бетіне өтсең сұрғылт үйлерге жолығасың.

Көшеден бері өтсең де сұрғылт үйлерге жолығасың.

Трамвайлардың елесі кезген шаһарда

сенің де елесің боздайды...

Аялдамада тұрсаң сұрғылт адамдар, 

автобусқа кірсең сұрғылт адамдар,

мазарға барсаң сұрғылт адамдар шығады алдан.

Сұрғылт құлпытастарда сұп-сұр пенделердің кейпі...

Базардан қайтқандардың да сұрғылт жүздерінде

 

құштарлық табы жабайы:

айқайын күбірі,

күбірін айқайы жұтқан топ.

Сыңарын жоғалтқан олар.

Сыңарын іздеген де солардың өзі. 

Санаңда толқыған сұрақтарды өртеп,

күліне дұға оқысаң,

алдыңнан сұрғылт дәліздер шыққанда,

ескі сұрақтардың елесі қинайды жаныңды:

«Сен қайдасың?!», – деп боздайды көлеңке.

Кеудеңе түнеген көбелек шырылдап,

тыныштықта мүлгіген көлге асығады.

Мылтық дауысынан шошып

көлден ұшқан құстың қанатынан төгілген тамшыдай,

мезет пен мезгілдің үздіксіз суылы жанарыңда боталайды.

Сыңарын іздеген екеудің бір-біріне жолықпайтыны қалай?!.

Бір-бірінен айырылмайтыны қалай?!.

Илеуінен ұзап шыққан құмырсқа мекенін адаспай табар ма?!

Кеше төбеңде жарқыраған күннің шуағын ұмытқаның қалай?..

ІІІ

Тыныштықта балқыған көлге лақтырған тастан 

тараған шеңбердің сәулелі дірілі –

кеудеңді кемірген жалғыздық үні.

Кеудеңе батқан тас – тербелген шеңбер...

Мүлгіген көлде тыныштық болмайды енді.

«Бозінген» күйін қайта бір тыңдау ләзім.

Өзің баспаған жолдардан өз ізіңді іздейсің.

Өзің кешпеген өзендер сен жайлы аңыз айтар. 

Судағы шеңберге қарап ойлансаң,

тасқа айналған көбелектен,

көбелекке айналған тас бақытты екенін сезесің.

Жартасқа барып айғайлаған екеудің жалғыздығы жаныңа батады,

жаңғырыққа жұтылған сұлбалар көз алдыңда көлбеп...

Жаңғырықты кері лақтыра алмайсың.

Иірімін құйын үйірген толқындай,

ол сенің көкірегіңе шым батқан...

2018 ж. 

Көрнекі сурет: Николя де Сталь, “Agrigente ”(1953)

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар