Бейімбет шығармаларындағы әйел теңсіздігі

Бөлісу:

13.02.2023 2993

Бейімбет Майлин  әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген жазушы. Оның әр туындысынан қарапайым халықтың тыныс-тіршілігіне үңіліп,  психологиясына терең дендеп, ауыл адамының табиғатын, болмысын аша білгенін аңғарамыз. Шынтуайтында, қазақ ұлтының көркем әдебиетіне Бейімбет Майлин секілді үлес қосқан қаламгерлер аз. Ол өз заманында үлкен мектеп қалыптастыра алды. Тіптен, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі: «Қазақ әңгімелерінің ең көркемдік үлгілері Майлиннің ерекше мұрасынан белгілі болды» - деп, ақ-адал бағасын береді.  1914-1915 жылдары жазылған «Шұғаның белгісі» повесі Бейімбеттің алғашқы туындысы екен. Аталмыш туындының тақырыбы жиырманшы ғасыр қазақ әдебиетінің ең өзекті мәселесі болып саналады.  Сюжеттің басты тақырыбы – махаббат бостандығын армандаған жастар туралы. Ол реализм жанрындағы шығармаларында кейіпкерлердің образын шынайы өмірден алып, шебер суреттей білді.  Және қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігі мәселесін көңіл бөліп, әйелдердің әлеумет арасындағы рөлін айшықтап, түсіндіруге көп күш салды десек қателеспейміз. 

Қаламгер шығармасында Кеңес үкіметінің тұсындағы қазақ еңбекшілерінің теңдікті қалап, әділдікті талап етуі, олардың әлеуметтік жұмыстарға белсене араласуы, қоғамның жаппай ескі пікірге күресі мен жаңашылдыққа деген талпынысы суреттеледі. Мұның бәрінде Бейімбет өмірдің өзіне тура қарайды, оның көптеген қырлары нақты өз бейнесін табады. Бейімбет әңгімелерінің бір ерекшелігі шынайы өмірден алынатынында. Олардың қарапайымдылығы мен фольклоры. Оңай әрі қызықты. Тіптен сол дәуірдің әдебиеттанушылары Бейімбетті «натуралист жазушы» деп таныған екен. Турасына келгенде, натурализм ұғымы Бейімбет шығармашылығына мүлдем жат.  Оның өмірдің құпияларын өзгертпей нақты түрде суреттеуін «натурализм» деп қабылдау қате пайым. Бейімбет Майлин суреттеген кейіпкерлердің мінез-құлқы да шынайы.  Бейімбет шығармаларындағы ескі мен жаңаның арасындағы өзара тартыс ер мен әйелдің, бауыр мен әпкенің арасындағы қарым-қатынастан анық байқалады. Әрі сол замандағы ауыл адамының табиғаты шебер ашылады. Жазушының бір мың тоғыз жүз жиырма үшінші жылы жарық көрген «Ажырасу» атты әңгімесі бар. Осы шығармасында жас жұбайлар арасындағы махаббаттың ілкі наным-сенімдермен күрес нәтижесінде қайта жанданғанын көрсетеді. Молдалардың арсыздығы мен дінбасылардың білімсіздігін сынға алған Бейімбеттей қазақ жазушылары аз. 1923 жылы өзінің «Шариғат ордені» романында Бейімбет Кәрібай молданың «әңгімесін» әжуалайды. 

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінде Бейімбет өз алдына мектеп қалыстыра алды. Күні бүгінге дейін ол мектептің шырағы өшкен жоқ. Алтын арқауы үзілген жоқ. Замандас қаламгерлері Бейімбеттен колхоз өмірін суреттеуді үйренді. Бұл сөзімізге жазушы Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің колхоз өмірі туралы әңгімелері дәлел бола алады. Кейіпкерлердің оқиғасы да, тағдыры да Майлиннің шығармаларымен іштей үндеседі.

Қазан төңкерісінің жеңісі нәтижесінде жоғарғы таптың етегінде, таң мен күннің батуын білмей құлдықта жұмыс істейтін кедей адамдар теңдікке қол жеткізіп, өз санасын сілкіді. Байлардан еңбек ақысын талап етіп қана қоймай, өзінің саяси құқығын алып, әлеуметтік күреске барғанын да түсінді. Б.Майлиннің «Кедейдің тендігі», «Шапай хаты», «Ақталған еңбек», «Айранбай» және басқа да туындыларында үкіметке қарсы, белсенді қатысқан жалдамалыларды көреміз. «Кедейдің теңдігі» әңгімесінде автор Кауқымбайдың есігінде қор болған Бұқабайдың өмірін және теңдікке қол жеткізіп, ауыл тұрғыны болып сайланған уақытты шебер суреттейді. «Біз кедейлерді байларға теңестіруге тиіспіз», - деді ол байлардың әділетсіздігіне ашынып. Ұжымдастыру дәуірі қазақ даласындағы ұлы оқиғалар орын алды. Бұл туралы жазбаған жазушылар сирек. Бейімбеттің ұжымдастыру туралы әңгімелерін сол кездегі халқымыздың тарихы деп санауға болады. Қазақ даласында ұжымдастыру науқаны оңай жүргізілген жоқ. Ел ішінде көзқарасы сан қилы адамдар болған. «Колхоз» деген сөзден қорқатындары, және оның болашағына сенбейтіндері, «қарапайым бұқадан гөрі бұзау болған жақсы» деп айтатындары да жиі кездескен. Осы шындықтардың барлығы Бейімбет шығармаларында көрініс табады. Ол кездегі ауылдағы үлкен әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістерді суреттеуде ол қиындықтарды жеңілдетіп баяндауға тырыспады, және олардың жетістіктерін асыра мақтамады. 

Сұңғыла суреткердің атақты жауһарларының бірі – «Қара шелек» әңгімесі. Бұл әңгімесімен Бейімбет өзінің көркем әдебиет шебер екенін дәлелдей алған деседі әдебиеттанушылар.  Қаламгердің бәрі  бірдей байқампаз және сезімтал емес. «Қара шелек» әңгімесінің басты кейіпкері – Айша. Ол күйеуі Бірмағамбетпен ұзақ жылдар бойы кедейшілікте өмір сүруге көндіккен жар. Тек Кеңес үкіметі кезінде олар теңдікке қол жеткізіп, бір-екі бас ұсақ-жандық асырайды.  Айша да, оның күйеуі Бермағамбет те колхоздағы белсенді жұмыскерлер. Бейімбеттің шебер реализмі мен ұлылығын мойындаған Мұхамеджан Қаратаев: «Жеке меншік психологиясынан бірден арыла алмайтын Бірмағамбет пен Айшаның бейнесі, саяси тұрғыдан қатал, өзінің кішкентай өмірінің егжей-тегжейін байыпты әлеуметтік мазмұнмен үйлестірген» - деп баға береді. 

Жазушы бұл әңгімесінде колхоз ісін ұйымдастырып жүрген адамдардың өз арасындағы шындықты бүкпесіз баяндай білген. Қайралап та, Ідіріс те, Айшаны мазақ еткісі келген Қожағұл да болашақта колхоз құрылысының жауы екеніне күмәніміз жоқ. Автор бұл тақырыпқа жан-жақты ізденіп, зерттеп, үлкен дайындықпен барған. Бейімбет қандай тақырыпта қалам тербесе де, кейіпкердің образы алдыңғы қатарға шығады. Бейімбет шығармаларынын біз кейде  көптеген қарама-қайшылықтарға ие кейіпкерлерді кездестіреміз, және оларды алда не күтіп тұрғанын болжау қиын дүние. Иә, алып жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Бейімбет әңгімелері –  қазақ ауылының ұзақ та көркем шежіресі» деп таныуы бекер емес шығар.

Бір оқыған адамға Бейімбеттің 1925 жылы жазылған «Елдің адамы» атты қысқа әңгімесінде саяси мәселені қозғап отырғаны аса байқалмайды.  «Сыдық қыздың онымен сөйлесу керек екенін, ал егер әкесі келіспесе, оны оған бере алмайтынын түсіндіргенде, Жұматай күңкілдеді: «Мен оның не туралы сөйлесетінін, оның қанша малды алатынын білсем деймін, әке». Бұл көркем әңгімесінде автор Жұматайдың надандығын әшкерелейді. Қаракөз қазақ қызының мүшкіл тағдырын, хақы тапталғанын, көңіл-келісімінсіз қалың малға сатып алу дәуренінің аяқталғанын айтқысы келеді. Теңдік пен махаббат сезімін бұзғысы келетіндерді сынайды. Иә, Бейімбет Майлин күрделі тақырыптарды қаузап, қысқа сюжеттегі әлеуметтік шиеленісті шебер айшықтаған. Қаламгердің бұл қасиетін барлық әңгімелерінен байқаймыз. Б.Майлиннің прозасы, оның ішінде әңгімелер мен повестер жанры да көркемдік стилі үшін құнды. Бейімбет Майлин прозасы - өзіндік ерекшеліктері, тілі, көркемдік стилі бар ерекше проза.

Бөлісу:

Көп оқылғандар