Интермәтін. Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімесіндегі психологиялық шиеленістер

Бөлісу:

20.02.2023 6254

Есбалаева Роза Жұмабайқызы

Түркістан қаласындағы ХББ НЗМ мұғалімі

Қазіргі әдеби шығармалар тақырыптық, идеялық, мазмұндық, құрылымдық тұрғыдан мүлдем өзгеріп кетті. Шығармаға философиялық, психологиялық, метафизикалық элементтер қатыстырылып, әдеби таным мен түсініктің өзгергенін аңғару қиын емес. Бұл құбылыс ұлттық әдебиеттің этнодеформациялануынан болса керек. Мақалаға өзек болған Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімесі дәстүрлі әдебиеттің үлгісінен гөрі деформацияланған, мәтін оқиғасы бірнеше оқиғалардың кірігуімен, метафизикалық байланыстармен үйлестірілген. 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ: «Бекторының қазынасы» әңгіме

Шығарманың авторы ретінде Сағындық бейнеленген. Алайда кейіпкер-автор шығарманың басында емес, соңында сахнаға шығады. Шығарма тұтас Сағындықтың түсі ретінде еске түсіріп, реминисценция тәсілімен баяндалады. Онда Сағындық емес Қайырболды Намазбеков ретінде бүкіл оқиға метапрозалық сипатта өрбиді. Олай дейтінінімз, шығарма 3 оқиға негізінде өтеді. Мұндағы үш түрлі бейнеде және үш түрлі мекеншақта (хронотоп) суреттелетін бас кейіпкер – бір ғана адам. Бір әңгімеде кейіпкердің бірнеше күйге енуі арқылы метафизикалық әлеммен байланысын аңғартады.  Әңгіме оқиғасы әу бастан-ақ, егемендік алғаннан кейінгі елдің еңсесі тіктеліп, киімі де, тамағы да тоқ, жасы да, жасамысы да рестораннан ас ішіп, шетелдік әуен мен қымбат шарапқа әуесі ауған елдің тіршілігін бүгінгі күнмен бейнелеп, портретін суреттейді.  Қайырболды да сол жастардың бірі. 

Заманауи әдебиетте, иронияның эффектілері әлеуметтік өмір мен моральдік құбылыстарды интерпретациялау арқылы қолданылды. Қазіргі жазушылар үшін парадокс әлемнің сипатын бейнелеу үшін әдеби мәтіндерде ирониямен қатар жүреді. Себебі қазіргі адамның тіршілігін компьютер және виртуальдық ұғымдарынсыз елестету еш мүмкін емес. Қайырболды жастайынан әке-шешесінен ертерек айырылып, атасы мен әжесінің қолында бірде жетіп, бірде жетпей күн кешіп, енді ғана өзі тіршілік ететін жасқа жеткен жігіт ретінде оқырманға таныс болады. Ресторанда даяшы болып тапқан табысы айдан-айға зорға жетіп, тіршілік етіп жүрсе де қалталы азаматтар сияқты мырзалық танытар пейілі де жоқ емес. Қайырболдының күнкөрісінен артылмайтын ақшасын ресторанға келген үш қыздың есептесерде жетпеген ақшасын төлеп, іші удай ашып тұрса да айтқан сертінен таймай табандылық танытуы шығарманың аяғына дейін болатын психологиялық шиеленістердің басы еді. Ресторанға келген үш қызыдың бірі – Бекторының Қайырболдыға патша көңілі үшін қолына ұстатқан жүзік оқиғаны интерпретациялауға бағытталған деталь. Құны сегіз миллион доллар тұратын жүзікті сыйлаған қыздардың ресторан ақшасын төлей алмауы, тұтас мәтіннің ішіне кіріктірілген мәтіндердің-оқиғалардың (интертекст) басы.

Шығармадағы негізгі кейіпкерлер – Қайырболды мен Бекторы. Автор шығарма сюжетін үш оқиғамен береді: 1) Даяшы Қайырболды мен Бекторы; 2) Жүрегін Бекторының тасқа айналған жүрегімен ауыстырған дүние-байлық иесі Қайырболды; 3) Көлік қаққан баланы құтқарып, бұрынғы адами жүрегін қайтарған Қайырболды. Үш оқиғаны да байланыстырушы Қайырболды. Үш оқиға үш түрлі мекеншақта өтеді.

Шығармадағы мезгіл мен мекен (хронотоп) жайында сөз етсек, мезгілі нақ осы шақпен мифологиялық мекеншақты байланыстырып суреттейді. Қайырболды бүгінгі, арамызда жүрген кейіпкер болғанымен автор тарихи-мәдени сананың ерекше күйін бейнелеу үшін Бекторы мифтік образын қатыстырады. Оқиға орнын суреттеуде Бекторының үйі «Медеуге баратын жолдың оң қапталындағы қымбат аудандардың бірінде тұрады екен» деп сипаттайды да, Бекторының үйіне кіргеннен кейінгі сәтте оқиға мифтік кеңістікке ауысады. Патша сарайына бергісіз үш қабатты зәулім үй, іші ақ, қара, сары, қызыл мәрмәр діңгектермен, әр бұрышта зүбәржаттан қашап жасаған алып вазалар, төбеден салбырап тұрған алтын люстралар Қайырболдының көзін бұлдыратады. Ат шаптырым залда кем дегенде жүз адам сиятын үстел. Ақ дастарханның үсті қисабы жоқ тамақтың, шараптың түрлері. Бұл суреттеу бүгінгі күнмен үндес болғанымен оқырманын мифологиялық кезеңге өткізу үшін жазушы ертегідегідей кейіпкерлерін жер асты қабатына түсіреді. «Екеуі ұзын дәлізбен жүріп жер астындағы қабатқа түсті. Қызыл ағаштан шауып шыңылтырмен қапталған ауыр есік өзінен өзі ашылған. Бұлар күңіреніп тұрған тағы бір үлкен бөлмеге кірді. Самаладай жарық. Қабырғаны жағалай орнатылған қисапсыз сөрелер. Биікке қанша кететіні, бөлменің алға қарай қанша созылатыны белгісіз. Бұл бөлме осылай созылып барып гиперкеңістікке, яғни, шексіздікке кетеді», деп бейнеленеді. Мұндағы Медеуге баратын жол осы әлемдегі оқиға орнын бейнелесе, «гиперкеңістікке» созылатын бөлме бұл әлемнен тыс өмірді, Бекторының әлемі мен Қайырболды әлемін байланыстырып постмодернистік үлгіде симуляцияға айналдырады. Аталмыш жолдардан автордың идеясы постмодерндік көзқарастан өрбіп шыққан ой екені анық байқалады. Жалпы әлем матрица, өмір симулякр деген Ж.Бодрийар идеясы өткен ғасырдың 80-жылдары талай қаламгерлердің тынышын алған идея болды. Ғалым 1980 жылы осы терминге постмодернистік көзқарас тұрғысынан анықтама берді. Ж.Бодрийар: «Симулякрдің өзі әу баста ақиқаттан пайда болады, бірақ уақыт өте келе бұрмаланып, басқаша сипат алады», – деп түсіндіреді. Жазушы Т.Әсемқұлов «Бекторының қазынасы» әңгімесі арқылы әдебиетке симулякр бейне тудырды. Симулякр – жазушы қиялы арқылы оқырман көңілін баурап, сендіретін болмаған шындықтың бейнесі. Жазушышығармадағы бар ой-идеясын симулякр бейне арқылы беруге тырысады. Бұл туралы Н.Б.Манковская «Симулякр – макияж сияқты. Адамның шынайы бейнесін жасырып қалып, біздің эстетикалық танымда қалыптасқан модельге жақындатады» деген еді. Шығармадағы Бекторы мифологиялық симулякр. Шығарманың алғашқы абзацында «Бала кезінде ең жақсы көріп тыңдайтын ертегісі «Ер Төстік» еді. Әжесі таңғажайып хикаяны айтып болып, – Міне, немелтайым, осындай да кеп болған екен, – дейтін күрсініп. Түнде түсіне, Ерназарды құдықтың жанында ұстап алып азапқа салған Бекторы кіреді. Оянғанда көргенін әжесіне айтатын. 

– Ол жын-пері ғой, ойлама, – деуші еді бұндайда әжесі, – Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын», деген диалогта Бекторыға тура мінездеме беріледі. Расында біз білетін Бекторы ертегі кейіпкері еді. Енді Қайырболдымен кездесетін Бекторы басқа ма? Жоқ. Автор ертегідегі Бекторы образын метафизикалық жолмен байланыстырып, бүгінгі күннің кейіпкерімен кездестіруі қалай? Автор Т.Әсемқұлов прозасының құрылымындағы өзгешеліктің сыры осында. Осы жағдаяттарды баяндауда оқырманды сендіреді, симулякр бейне жасап, оны Сағындықтың түсіндегі оқиға ретінде кіріктіруі метамодернизмнің үлгісі болса керек. 

Шығарма кейіпкерлерінің образын тура және жанама мінездеу арқылы бейнелегенін аңғаруға болады. Түн ортасында рестораннан шыққан үш бойжеткен барға келіп отырды. Валютаға ғана сатылатын қымбат коктейль алдырып, өздері ұнататын блюзді қойғызып қойып көңіл көтерген қыздар бейнесі бүгінгі күннің бейнесі, шығармадағы тура мінездеу. Үш қыздың бірі – Бекторы әңгімеде симулякр бейне. Ол екі әлемде өмір сүруші фәни пен жалғанның арасын жалғаушы қиялдан жасалған бейне. Бұл өмірде күнде өзімізбен қатар адамдар арасында тұрмыс кешіп, адам түпсанасындағы түрлі пиғыл мен қоғамға келер қауіпті болжаушы, бақылаушы ретінде суреттелген. Бекторы адамдардың  тағдырына түрлі сынақ жасаушы. Ресторанға барған үш қыздың бірі ретінде Қайырболдымен кездесуі, түрлі жағдайлардың орын алуы, Бекторы арқылы Қайырболдының характерін анықтауға бағытталған эпизодтар еді. 

Бағасы кәдімгі алтыннан екі жүз есе қымбат сиқыр арқылы жасалған алхимиялық алтын жүзікті сыйлауы шығармадағы Қайырболды психологиясына шиеленіс тудыратын алғашқы ситуация. Бірде-бір әлемдік каталогта аты аталмайтын құны сегіз миллион доллар тұратын жүзікті сыйлауы мифологиялық құбылыс элементтері ретінде берілсе де, оқырманды гиперболалық тәсілмен нандыра алатындай. «Өкініші сол, – деді Аристарх, – Бұл жүзікті сіздер ешқайда өткізе алмайсыздар. Өйткені бұндай мүліктің бағасын білетін рынок әлі қалыптаспаған. Ұмытпасам қазақта «Итке темір не керек» деген мақал бар еді ғой, дейтін тұсы шындық пен қиялдың арасын жымдастыруда сәтті қолданған фраза. 

Қайырболды образын бейнелеуде автор көркем детальді сәтті қолданады. Жүзікті ақшаға айырбастап аэровокзалдың жанындағы ескілеу үйден үш бөлмелі пәтер сатып алды. Әзірге ешкімге ештеңе айтпайын деп ұйғарды. Себебі көңілі алаң болатын. Осындағы «Я бақ, я сор екені белгісіз, әйтеуір түсініксіз бір нәрсенің тақап келе жатқанын сезген, еді» деген сөйлем, келесі оқиғаның жалғасар сәтін нақтылайды. Сонымен қатар «Сен осы үйдің табалдырығын аттағанда-ақ фәниден кеткенсің, – деді Бекторы, – Сен қазір өңіңде емессің. Анықтап айтатын болсам, біз қазір сенің түпсанаңда отырмыз» деген жолдар шығарманың метаәлемдік, метапрозалық маңызын айқындай түседі.

Шығармада Бекторының зәулім сарайында банкілерде әлдебір сұйықтың ішіне салынған жүректердің сақтаулы тұрғаны шығарма идеясының кілті іспетті. Автордың айтқысы келген философиялық ойларын Бекторының аузына салып, шығарма жұмбағының шешуші кілті ретінде жүрек феноменін ұсынады. Қайырболды жүрек иелерін Бекторы атағанда өзі танитын бірнеше кеденші офицерлердің, полиция қызметкерлерінің, жұмыс бабымен алдарына барған талай үлкен шенеуніктердің жүректерін көреді. Олардың, адамға деген аяусыздығының, зорлық-зомбылықтарының сырын енді түсінген. Адамдардың бір-біріне неге қиянат жасайтынын ұққандай. 

Кез-келген шығарма оқиғасы тартысқа құрылып, түрлі шиеленістер арқылы кейіпкерлер образы айқындалады. «Бекторының қазынасы» психологиялық шиеленістерге толы. Әсіресе Бекторы мен Қайырболдының диалогы бүгінгі күннің айнасы іспетті. Шығарманың тақырыбының «Бекторының қазынасы» деп аталуына жауапты осы диалогтардан анық тануға болады.

«– ... Сен сияқты азғантай ғана адам өз жүректерімен жүр. 

– Ал өз жүрегіммен қалсам ше? Жүрегімді сізге бермесем ше? – деді Қайырболды.

– Өзің білесің, – деді Бекторы, – Өз қалауыңда. Байырқа мен байлықта болғың келсе жүрегіңнен құтыл. Бүгінгі бостандық, бүгінгі азаттық пен еркіндік – ақшада. Азат болғың келсе, ерікті болғың келсе, жүрегіңнен құтыл. Ал қалған күніңді кіріптарлықта, құлдықта өткізгің келсе – осы жүрегіңмен қал. Қайталап айтайын, бәрі де өз қалауыңда». Шығарманы жалаң баяндап, оқырманын жалықтырмауды, оқиға құрылымын  шебер беру үшін де жазушы диалогты тиімді қолданған. «Қайырболды не істер екен?» деген ой онсызда оқырманын ойландырады. 

«– Ата-бабаның аруағы, көмектессеңдер қайда қалдыңдар, – деді ақырында тістеніп, – Міне, мен аяныңды, жәрдеміңді күте-күте шаршаған жетім қозы, өз несібемді татуға кеттім», деген кейіпкер шешімі оқиғаның одан әрі жалғаса түсетінін, алда талай шиеленістер болатынын білуге болады. Бекторының «Менің үмбетім болдың», деуі деталь. Ендігі оқиға Бекторының іс-әрекеті арқылы өрбитіні айтпаса да түсінікті. 

Одан кейінгі эпизодттар Қайырболдының өңі түгілі түсіне кірмеген дүние-байлық иесі атануымен  байланыстырылады. Бір пәсте сары сөмкенің ішіндегі заңдастырылған үйдің құжаттары, «Меркурий» халықаралық қаржы жүйесінің депозиттері, швейцар банкісінің депозиттері. Депозиттер, депозиттер, депозиттер... Үстел үстіндегі калькуляторды алып депозиттерді есептегенде ақылға симайтын миллиондаған доллар болып шықты. Бұл құбылыстар оқырман үшін ертегіге ұқсас, сенімсіздік тудырар оқиғалар сияқты болғанымен, жазушы Бекторының аузына сөз салып «Сен осы үйдің табалдырығын аттағанда-ақ фәниден кеткенсің, Сен қазір өңіңде емессің. Анықтап айтатын болсам, біз қазір сенің түпсанаңда отырмыз» деп, метапроза жанрының табиғатын айқындап кетеді.

Шығармада оқиғадан гөрі характер мен жағдайға көбірек орын берілген. 

Қайырболдының «Қош бол, кедейлік, құрдымға кет, жоқшылық!», деп жаңа өмірін меншік иеленуден бастайды. Аз жылдың ішінде Париж, Лондон, Рим, Мадрид, Амстердам, мұхиттан өтіп Нью-Йорк, Токио, Гонконгқа барады. Әлемдегі ең ірі буржуазиялық курорттардың көбінде болды. Барлық жерде «Меркурийдің», швейцар тағы басқа банктердің сиқырлы кредит кәртішкесінен ақша тоқтаусыз төгіледі, есіктер өздерінен өздері ашылады, қызмет өз-өзінен көрсетіледі. Ақша әкелетін бостандықтың не екенін енді түсінгендей. Бұлардың бәрі Қайырболды образын ашатын жанама мінездеу болса, автор кейіпкердің ішкі әлемінде болып жатқан жағдайды сипаттап, тура мінездейді: «Бақ қонған күні такси жалдап қала түбінде тұратын атасы мен әжесінің үйіне барды. Түн іші еді. Таныс қақпаның алдына келіп ұзақ тұрды. Бірақ өз бойынан ешқандай сезім таба алмады. Қызық деді қайран қалып. Әке-шешемнен ес білмейтін кезімде айрылыппын. Кемпір-шал... атам мен әжем тәрбиелеп өсірді. Әкем де, шешем де осылар еді. Бірақ неге жүрегім селт етпейді. Ішімде неге ықылас-пейіл жоқ. Мынау тұрған жұпыны үйден, бастан өткен кіріптар өмірден неге жиренем... Білмеймін... Әйтеуір мына қақпаға кіргім келмейді...». 

Бекторының сиқырлы қазынасына ие болған Қайырболдының метаәлемнен осы әлемге оралуына өзі мінген көлігі қаққан баланың бетіне үңілгенде өзінің түрін көріп, шошынуымен ес жиғандай болады. Жер бетінде мен және менің тілегім мен қалауым ғана бар дейтін Қайырболдының өткенге қайырыла қарап, Бекторыға қисапсыз дүние-байлық үшін айырбастаған «жүрегін» қайтаруы шығарманың кульминациясы болатын. 

Әңгіменің шешімі мүлдем басқа оқиға, басқа кейіпкер Сағындық пен Бекторының кездесуімен аяқталады. «Ер Төстіктегі» Ерназарды құдықтың жанында ұстап алып азапқа салған Бекторы бұл жолы этндеформацияланып бара жатқан әлемге алаңдаған симулякр кейіпке енген. «Дүние барған сайын қиындап, адамдардың бір-біріне деген көңілі барған сайын суып барады. Қазақтан пейіл кетті. Бұрын жақсылығы асып-төгілген, төңіректегі жұрттың бәріне пана болып, шарапаты жеткен қазақ, енді өзіне қайырым қыла алмай отыр. Сен Қайырболдының тағдырын кештің. Қайырболды болып кедейшіліктің қорлығын да, байлықтың игілігін де көрдің. Асып-тасқан меймананың неге апарып соғатынына да көзің жетті. Сен өзің мүлдем танымайтын адамның тағдырына теліндің. Бөгденің тағдырын өз тағдырыңдай кешкендіктен сен сол Қайырболдыны енді өзіңдей көресің. Ұрпақ ендігі жерде бір-біріне осындай бауырмал болмаса, өмір сүру қиын болады» -деп, қазаққа жанашыр Бекторы кейпіне ауысқан. 

Жазушы Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» күрделенген психологиялық шиеленістерге құрылып, этнодеформацияланған қоғамды сынаған, күрделі туынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар