Ерік Асқаров - айтыскер ақын

Бөлісу:

15.03.2023 3303

Қазақ даласының Сібірмен шекараласып жатқан қиыр солтүстігі – Есіл бойы өзінің әсем табиғатымен ерекше. Есілдің екі жағындағы әсем ормандар мен жасыл шалғын алқаптар, көлдер мен бұлақтар – осы өлкеден туып шыққан қаншама ақындар мен жазушылардың қаламына арқау болғаны белгілі. Шал Құлекеұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, Сәкен Жүнісов, Есләм Зікібаев, Герольд Бельгер, Аяған Шәжімбай т.б. осы бір көркем өңірден туып шыққан талантты ақындар мен жазушылардың, өзге де шығармашыл тұлғалардың жолын жалғастырған таланттардың бірі – ақын Ерік Асқаров болатын. Ерік Асқаров есімі өткен ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында дүйім қазақ әлеміне кеңінен танылған болатын. Ақын өмірінің үлкен бөлігі сол кездегі ел астанасы Алматы қаласында, сонымен қатар Көкшетау мен Астана қалаларында өтті. Бұл қалаларда ақын Ерік Асқаров оқып білім алды, қызметке араласты, өзінің шығармаларын жазды, фильмдерін түсірді. 

Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданының қиыр шығысындағы Ақмола батпағының жанында орналасқан Дүйсеке атты шағын ғана қазақ ауылы бар. Айналасы кілең орыс селоларының ортасындағы осы бір жалғыз қазақ ауылынан дүйім қазаққа белгілі талантты ақын, арқалы айтыскер, драматург, аудармашы, режиссер Ерік Асқаровтай азамат туып шыққан.

Қазақ даласын демографиялық отарлау сонау ХҮІІІ ғасырдың ортасынан-ақ бастау алып, ХІХ ғасырдағы хандық билікті жою туралы жарғы, одан кейінгі Сібір қазақтары туралы жарғы, ХХ ғасыр басындағы Столыпиннің аграрлық реформасына ұласқаны белгілі. ХҮІІІ ғасырдың елуінші жылдарынан салына бастаған Қасірет белдеуі немесе Ащылы өзек шебі де осы солтүстік өңірден өтті. Қазан төңкерісінен кейінгі түрлі саяси қуғын-сүргіндер, зорлық-зомбылық, Тың игеру науқаны – осының барлығының түпкі салдары – жалпы Солтүстік Қазақстан аймағында қазақтардың тым азшылыққа ұшырауына әкеліп соғуы болды. Бұл кері сальдоның салдары әлі де ұзақ жылдарға кететін түрі бар. Осы айтқандарға қарап, солтүстік өңірлерде қазақ руханияты тым көмескі тартты деуге де болмайды. Сол өткен ғасырдағы ұлтымыз үшін демографиялық пайыздың құлдырау кезеңінде де солтүстік өңірден қадау-қадау таланттар туып шығып жатты. Мұның себебі: өткен ғасырдың алпысыншы жылдары басына дейін солтүстік өңірлердегі қазақ ауылдарында қазақ тілінде оқытатын мектептердің болуы еді. Қазақтықтың берік қамалы осы бір шағын мектептерден ана тілінде білім алып шығып, ары қарай жылдар жүзінде жан жақты өсіп-жетіле отырып, кейіннен әр салада ғылым мен мәдениеттің, әдебиет пен өнердің дамуына, жалпы ұлттық руханиятқа үлкен үлес қосқан көрнекті зиялы тұлғалар, айтулы ақындар мен жазушылар, тарихшылар болды. Солардың бірі – сан қырлы талант Ерік Асқаров болды. Мұхамедхафиздей әке мен Хадишадай ананың көп балалы отбасында 1959 жылдың 10 қаңтарында, ойдым-ойдым орманды өлкенің сақырлаған сары аязында дүниеге келген ұлға Ерік деген есім қойылады. Отбасында бірнеше қыздың ортасындағы жалғыз ұл болғандықтан, ата-анасы барынша еркелетіп өсіреді. Еркелетіп өсірді дегенімен, бала Ерік ақылды тентек болыпты. «Бір көршіміз болды. Әлгі көршінің көп ұлдары болды. Бірақ шетінен жүрексіз ынжық еді. Ара-тұра шекісісп қалғанда әлгілерді көп болса да бір-бірлеп ұрып, быт-шыт қылып сабап кетемін. Содан да болар, «Біз осы қанша көп болсақ та, Мұхаметтің жалғыз ұлына татымадық қой», - деп солардың бірі шағынып жылаған екен. Сол айтпақшы, маған жасымнан өжет болып өсуге тура келді», - деген еді бірде студенттермен кездесуде ақынның өзі.

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзінің ерте есейген ерекше талантымен таныла бастаған сергек саналы жасөспірім Ерік айналасындағыларды іс-әрекетімен таңғалдырады. Жас та болса, толысқан ересек адамға тән ойлы да көркем өлеңдер жаза бастайды. Сондай өлеңдерінің бірінде жас ақын былай деп толғаған екен:

Шерлі заман келтірсе де толғағын,

Тәтті болмай, ащы болды тордағы үн.

Өтті шырқап,

Өтті бірақ айта алмай,

Талай Ақан, талай Мұхит соңғы әнін.

Кемел коммунизмге қарай лениндік сара жолмен бет түзеген социалистік Қазақстанның қатардағы мектеп оқушысы өз дәуірінің әйгілі шығармашыл тұлғалары Ақан сері мен Мұхиттың кер заманда кеңінен көсіле алмай, айтар ащы мұң-зарын еркіндеп айта алмай арманда кеткенін жазып отыр. Бұл ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өлеңіндегі: 

Жасырмай ойымды айттым талай-талай,

Қайтейін кетті бәрі қарайламай.

Дариға-ай, Махамбет, Абайлар-ай,

Айтарын ашып айтқан абайламай, -

деген ойлармен сарындас екендігі ғажап! Алыс солтүстіктегі ауыл баласының осындай деңгейдегі ойлы өлең жазып жариялатуы – сол заманда үлкен жетістік, айтулы оқиға болғаны анық. Бір анығы – ол заманда қазіргідей дамыған, жылдам да қуатты ақпарат ағыны болмаса да, қазақ әлемінің әр қиырында саналы оқырманның қарасы мол болатын.

Ерік Асқаров 1974 жылы Ворошилов сегізжылдық мектебін бітіреді. Орта мектепті бітірген соң қазақ тіліндегі оқуын одан әрі жалғастыру үшін қиыр солтүстіктің кішкентай аулынан шыққан жасөспірім бала ақбас Алатаудың бауырындағы астана Алматыға аттанады. Алматы қаласындағы №9 мектеп-интернатқа қабылданады. Жасөспірім шағынан үлкен қала Алматыға оқуға барған кезінде бала Еріккке пана болған – туысқан апайы, ақын Әмина Шалабаева болады. Әмина апасы елден келген талапты ақын балаға қолынан келгенінше қамқорлық жасап, бас-көз болады. Сондай-ақ әйгілі жерлестері, әрі әкесі Мұхамедхафизді жақсы танитын Ғабит Мүсірепов, Хамза Абдуллин сынды қаламгерлермен аралас-құралас болады. Талапты жас олардың үйлеріне барып жүргенде ғибратты әңгімелерін тыңдап, өмірлік тағлым тереді. Сонымен бірге жерлес ағалары араласатын қазақтың небір кемеңгерлерімен танысып, олардан үлгі-өнеге алады.

Осылайша мектепте оқи жүріп-ақ қазақ руханиятының қаймақтарына етене болған Ерік жас оныншы сыныпты ойдағыдай аяқтап, орта білім куәлігін алып шығады. Мектеп бітірген жылы ҚазМУ-ге (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ) құжат тапсырғанымен, бірден жолы бола қоймайды. Бұл оқу орнына түсе алмаса да, бір жыл уақытты босқа өткізуді қаламаған талантты жас М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры жанындағы театр студиясына оқуға түсіп, қабылданады. Осы театр студиясында 1976-1978 жылдары оқып білім алады. Осынау беделді өнер ұстаханасында қазақ сахна өнерінің корифейлерінен дәріс тыңдап, өнеге алады. Осы сахнада жүріп әдебиет пен өнердің қайнаған ортасымен араластығын арттыра түседі. Осы саладағы екі жылдық оқудан соң білімін одан әрі жетілдіріп, теория мен іс-тәжірибе жинақтау үшін ол 1978 жылы Алматы Көркем-театр институтына түсіп оқи бастайды. Аталған оқу орнын 1983 жылы драма режиссері мамандығымен тәмамдап шығады. 

Қызмет жолын сол кездегі ел астанасы Алматыда бастаған. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық театрында және кейіннен Көкшетауда жаңадан ашылған Шахмет Құсайынов атындағы Көкшетау (қазіргі Ақмола) облыстық музыкальды-драма театрында спектакльдер қойды. 

1983-1988 жылдар арасында «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында тілші, Қазақ телевизиясында редактор және режиссер, «Жазушы» баспасында сын бөлімінде редактор болып қызмет істейді. Қазақ телевидениесіне арнап «Қар қызы» фильмін түсірді. Әр түрлі бағыттағы бұл қызметтерді атқаруының өзі шығармашыл тұлға Ерік Асқаровтың жан жақты талантын, білім-білігін танытатыны сөзсіз. 

1987-жылдан 1991 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағы Шығармашылық үйінің директоры болып қызмет атқарды. Бұл жылдар – Ерік Асқаровтың қаламгер ретінде танылған шағы. 1991-жылы Көкшетау қаласына көшіп келді. Мұнда ұлтжанды азамат Жанат Жақып-Сейітұлы Қасым әр өңірден талантты, өнерпаз жастарды жинап, театр студиясын құрған болатын. Айтыскерлік қырымен де елге танылып үлгерген Ерік Асқаров та осы кезеңде солтүстікқазақстандық талантты жерлестері Мереке Бекмағамбетов, Ерназар Ыбыраев және басқа өнерпаздармен бірлесе, заманның қиындығына қарамай халыққа өз шығармашылықтарын ұсына білді. Осы жылдары Көкшетау гуманитарлық университетін бітіреді. 

Сан қырлы талантты тұлға Ерік Асқаров шығармашылығындағы ең өнімді жылдар осы Көкшетаудағы қызмет істеген жылдары деуге болады. Тәуелсіздіктен кейінгі күйзелісті кезеңде Көкшетауда тұрақты жарық пен жылу да жоқ жылдар болатын. Бұл туралы кейіннен ақынның жары Нәсіпжан апай баспасөзге былай деп сұхбат берген екен: ««Ақын Қасым Аманжоловтан кейін баспана тауқыметін тартқан – менмін», - деп айтып отыратын. Алматыда қанша жыл тұрса да көзі тірісінде бір баспана бұйырмады. Содан кейін Көкшетау өңіріне қоныс аударуға тура келіп, жеті жыл тұрдық. Осы уақыт аралығында тоғыз әкім ауысқан қаланың тұрмысы, тұрғындарының жағдайы айтпаса да түсінікті еді. «Байбөрінің боздауы», «Күрсіне берді Көкшенің бұлты арылмай», «Көкшетауға Абылайдай хан керек», «Жолаушының жолы жарты» секілді кесек шығармалары майшамның жарығымен жазылды».

Мұнда Ерік Асқаров шығармашылықпен қатар, ҚР Жазушылар одағының жергілікті филиалына және Науан хазірет атындағы баспаханаға жетекшілік жасады. 1998 жылға дейін ол Көкшетау жұртына қалтқысыз қызмет етіп, осы арадағы әдеби, шығармашыл қауымның бел ортасында болды.

«Қазақ елі қол жеткізген Тәуелсіздікке қатарынан оза ой барлатқан, жан жүрегін жалау етіп ұмтылған, азаттық жарияланған сәтте аса қуанған Ерік Асқаров мемлекетіміздің берік қалыптасуына барынша үлес қосуды мұрат етті. Сол үшін Көкшетаудан Астанаға көшті», - деп қанаттас дос-інісі, сахнадағы әріптес-қарсыласы, ақын Құдайберлі Мырзабек атап көрсеткеніндей, Қазақстан тәуелсіздігінің алтыншы-жетінші жылдары ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшкенде, осы қадамды қуана құптаған шығармашылдардың алдыңғы қатарында ақын Ерік Асқаров болыпты. 1998-жылы ел басшылары, білім мен мәдениет, ғылым мен өнер саласының белді өкілдері Алматыдан Ақмола қаласына топ-тобымен көшіп келе бастаған кезде Ерік Асқаров та отбасымен Көкшетауға елорда Астана қаласына келіп, қызметке орналасады. Осындағы «Елорда» мемлекеттік баспасының бас редакторы болды. Өзінің азғана ғұмырында біршама өндіре жазған ақынның «Келер жылы жазда», «Біржан сал», «Қызыл қала Қызылжар», «Аэропорттан әрі аспан» т.б. туындылары оқырмандардың ыстық ықыласына ие болды. «Қарлығаш», «Жетіген», «Көгілдір», «Астана жұртын айналсам», «Кірлеме, менің жүрегім» қатарлы туындылар жинағы өзінің көзі тірісінде және өмірден өткен соң жарық көрді.

Ақын Ерік Асқаровтың жары Нәсіпжан Медейқызы да шығармашылық адамы екендігін әдебиет пен өнер саласынан хабардар жандар жақсы біледі. Бұл күндері жарының соңында қалған рухани мұраларын қадағалап, жарық көріп насихатталуына ұйытқы болып, үлкен шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ардақты ана, асыл әже өзінің шығармашылық жолы және Ерік Асқаровтай дарынды тұлғамен алғаш қалай кездескені туралы былай деп естелік айтқан екен: «Мен Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының тумасымын. Алматыдағы республикалық эстрада және цирк өнері студиясын домбырамен ән салу мамандығы бойынша бітіріп, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған ансамбльде жұмыс істеп жүргенмін. 1986 жылы айтыс өнері жаңғырып, дүбірлі додаға аудан атынан мені үкілеп қосты. Алматы телеарнасынан таланттыларды іріктеу үшін Жүрсін Ерман аға мен Ерік келіпті. Қиялымдағы жігітті кездестіре алмай жүрген ару едім. «Көрдім де сені, кеттім мен оқыс оянып», - деп Ерік жырлағандай бір көргеннен ғашық болып қалғанымды қайтіп жасырайын?» 

Міне осылай өнер жолындағы таныстықтан басталған кездесу екі шығармашыл тұлғаның арасындағы жарасымды сезімге, әрі қарай отбасын құруға ұласады. Бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп, өмірге келген ұлдары мен қыздарын тәрбиелеп, қатарға қосуға талпынған отбасының алаңсыз күндері өкінішке қарай он жеті жылға ғана созылған екен. 2003 жылы ұлы жерлесі, өзі көп зерттеп, үлгі алған, шығармашылығын насихаттаған әйгілі ақын, педагог, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығын мерекелеуге қатысып, қайтадан Астанаға қарай беттеп келе жатқан аяулы азамат Ерік Асқаров күре жолдың бойында автокөлік апатынан мезгілсіз қаза табады. Күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған сол бір қасіретті мезеттен бері де зымырап жиырма жыл өткен екен. «Орнында бар – оңалар» дегендей, бүгіндері ақынның соңында қалған ұлдары мен қыздары есейіп-ержетіп, өмірден өз-өз орнын тапқан жандар болыпты. Әке жолын қуып, өнерге жақын жүргендері де бар екен. Бұл туралы ақынның жары былай деп толғанған екен: «Қыздарымыз Айдана мен Айсана – тұрмыста. Үлкен ұлымыз Сырым – театрда режиссер. Бекзат – мемлекеттік қызметші. Абылайхан – музыкалық редактор. Кенжеміз Еркөкше – тарихшы. Бәрі де өнерге жақын. Өлең де шығарады. Бірақ ешқайсысы әке жолын қумады. Өз таңдауларын жасады». Міне, осылайша Ерік Асқаровтай шығармашыл тұлғаның мәңгілік ғұмырын өнері өрісті ұрпақтары жалғастыруда. Ерік Асқаровтай танымал да талантты тұлғаның туған халқы, елі мен жері үшін жасаған еңбегі, қалдырған рухани қазынасы еш ұмытылмақ емес. Оған өзі өмірден өткеннен бергі жиырмаға жуық жыл ішінде ақынның жарқын бейнесін мәңгі есте қалдыру жолында атқарылып жатқан істер куә болады. Атап айтқанда ақынның туған өлкесінің орталығы Қызылжар қаласында «Ерік Асқаров атындағы жас айтыскерлер мектебі ашылып, өз жұмысын жүргізуде екен. Бұл – бір кезде Ерік Асқаровтың өзі атсалысқан, солтүстік өңір түгілі күллі Қазақстанда жойылуға шақ қалып қайта жанданған айтыс өнерінің Қызылжар өңірінде қайта жандануына игі әсер етіп жатқан жағымды үрдіс болып отыр. Танымал айтыс ақыны Жарқын Жұпарханұлы жетекшілік ететін «Ерік Асқаров атындағы айтыскерлер мектебінде қырықтан адам жас ақындар тәлім алып, облыстық, республикалық айтыс сайыстарында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр екен. 

Ерік Асқаров шығармашылығының бір қыры – айтыскерлік. Қазақ айтысы – халқымызбен бірге жасап келе жатқан саф өнер. Академик Мұхтар Әуезовтің айтыс туралы: «Айтыс – сөз барымтасы», - деп тұжырымдауы бекер емес. Табан астында суырып салып айту, қарсыласты дәлелді, дәйекті, ұтымды сөзбен құрықтау, оның айтқан ойын барымтаға ұстап, осы арқылы қақпанға түсіріп жеңістік алу – айтуға ғана оңай. Айтыс осымен қызықты. «Айтыс екі палуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқан сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар айтысын сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді», - деп Ахмет Байтұрсынұлы сипаттама берген қазақ айтысының ғасырлар жүзіндегі даму бағыты мен деңгейі де әр түрлі. Ұлттық фольклорымыздың қазіргі күнге жеткен осы бір ерекше жанры айтыс өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін ел арасындағы танымалдық деңгейінен жаңылмай дамып келгенімен, одан кейінгі кезеңдерде біртіндеп ұмытылуға айналғандығы тарихтан белгілі. Кеңес Одағы алғаш құрылған кезеңде, яғни ХХ ғасырдың 20-30 жылдары, тіпті 40-жылдарға дейін қазақ айтысының үгіт-насихаттық күшін большевиктер тамаша пайдаланып, халық ақындарын әр өңірде жинақтап, ауыл, аудан, облыс, республика көлемінде дүбірлі айтыс жүрілгені, қарт Жамбылдың қатысуында, төрешілігінде айтыскерлер слеті өткізілгені, Омар Шипиндей ардагер айтыскердің Жоғарғы Кеңес сессиясын арнаумен ашқаны – осының дәлелі. Дегенмен бұл жіті назар, жоғары қолдау елуінші жылдары сұйыла бастағанын көреміз. Аға буын ақындардың атап көрсетуінше өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін айтыстың қожырағаны соншама, біршамасы қарсыласқа айтатын сөздерін алдын ала жазып алып, сонысын кезектесіп оқып отырып айтысатындай деңгейге түскен еді. 

Сексенінші жылдары айтыстың дамуына тың серпін берілді. Әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев, ақын Жүрсін Ерманов қатарлы ұлтсүйер азаматтардың арқасында қазақ айтысы ұсынылым тұрғысында жаңа форматқа көшті. Осы тұста телеайтыс ұйымдастырылып, оған қатыстыру үшін жер-жерден айтыскерлерді іздестірілді. Аудан-аймақ болып айтысатын дәстүр қайта жандандырылды. Айтыскерлерлі жаттандылықтан арылтып, оларды халық алдында суырып салып айтуға дағдыландыра бастайды. Ақын Ерік Асқаровтың суырымсалмалық таланты осы кезеңде жарқырап көрінеді. Айтыстарға қатыса жүріп көрермендердің көзайымына айналады, өзіне тән имиджісін қалыптастырады. Бұл жөнінде қазақ айтысының дамуына үлкен бетбұрыс жасаған ақын Жүрсін Ерманов былай деген екен: «Ерік – орны толмас ақындардың бірі еді. Қырықтан енді асқан, бабына енді келген шағында опат болды. Ерікпен мен танысқанымды еске түсіре алмаймын. Бірақ қазақ теледидарында әдеби драмалық хабарлардың бас редакторы болып келгенімде ол менің қарамағымда 5-6 жыл жұмыс істеді. Режиссер болып. Ол сонымен қатар талатты жазба ақын, 80 жылдары айтыскер ақын болып танылды».

Тоқсаныншы жылдардан басталған, айтысқа тігілген тұңғыш автокөліктің жүлдегер иесі атанған көкшетаулық бегілі айтыс ақыны Құдайберлі Мырзабек досы Ерік Асқаровтың айтыскерлік қыры туралы былай деп еске алады: «Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан бастау алған жариялылық қозғалысы Кеңес үкіметі құрсауында бұлқынған қазақтың ұлттық рухын маздатып, қанын тулатты. Сол кездегі Көкен Шәкеев, Манап Көкенов, Қалихан Алтынбаевтардан жалғасқан суырыпсалмалық өнердің алдаспаны – айтыс өнері қынаптан суырылғандай, ел сахнасында жарқылдап шыққаны ерекше құбылыс еді. Сондағы өткір сөзді оңды-солды сермеп, ақырып теңдік сұраған өжет ақынның бірі де бірегейі Ерік Асқаров болатын».

Қай заманда болсын, шындықты айту қиын. Әсіресе көптің алдында, сахнада, үлкен басшылардың алдында қоғамдағы күрделі проблемаларды жүрексініп қорықпастан айту – кез келген ақынның қолынан келетін дүние емес. Оған да батыл жүрек, өршіл мінез керек. Өз заманындағы айтыскерлер мен көрермендердің естеліктеріне қарағанда айтыскер ақын Ерік Асқаров дәл осындай нағыз батыл мінезді, отты жан болды. Сол кезеңдегі халықтың да айтысқа ықыласы суымаған еді ғой. Елді дүбірлеткен үлкен айтыстардың бірі 1990-жылы Алматыдағы бұрынғы Ленин сарайында өтеді. Елге танылып үлгерген ақын Ерік Асқаров Торғайдың белгілі айтыскер Қонысбай Әбілевпен жұптасып өнер көрсетеді. Сол кезде өз кезегінде Ерік Асқаров былай деп жырлаған екен:

Алматы – талайларға арман қала,

Көгінде көп жұлдызы жанған қала.

Дұшпаны не десе де о десінші,

Жайнатып Димаш ағам салған қала! – 

дейді. 1986-жылғы жағдайдан кейін тұтас қазақ халқын ұлтшылдықпен қаралап, бас көтертпей ұстау саясатына қоса, Қазақстанды басқарған ел ағасы Дінмұхамед Қонаев орнынан түсірілгеннен кейін оның атқарған істерін жоққа шығару, есімін мансұқтау үдерісі белең алған тұс болатын. Дінмұхамед Қонаевты мақтамақ түгілі, оның есімін тым көтермелеп, насихаттап айту кейбір басшыларға ұнамайтын кезең. Осыған қарамастан айтыс барысында ақын Ерік Асқаров өзінің айтар ойын ірікпей көп алдында түйдек-түйдек жайып салады. Сол кезде айтыстың барысында ақын Ерік Асқаров тағы да орайы келген кезде:

Халқымнан айналайын, ризамын,

Ағасын бұрынғыдай сүйеді екен, - 

дегенде зал толы халық тік тұрып дүркірете қол соққан екен. Ол заманда ақындар айтысының беделі де зор болумен қатар, тиісті қызметтермен қатар елдің үлкен басшылары да айтысты қадағалап тамашалайтын болған. Осы айтыстың барысында өз жұптарымен сөз сайыстарында өршіл ақын Ерік Асқаров батыл-батыл ойлар айтып, көрермендердің көзайымына айналғанымен, сахнадағы еркіндігі кейбір басшыларға ұнай қоймайды. 

Екі күнге жалғасқан айтыстың соңғы күнінде Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитеті ақын Ерік Асқаровтың айтысына арнайы тоқталады. Ақынды айтыстан шеттету мәселесін қарайды. Осы кезде Қазақстанның идеологиялық мәселелерін жауаптанып отырған ұлтжанды басшылар Өзбекәлі Жәнібеков, Камал Смайыл, Сағат Әшімбаев қатарлы зиялылар ақынның тағдырына араша түседі. Рақманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәшкіұлы қатарлы ұлт зиялылары айтыскер ақын Ерік Асқаровқа ара түсуін сұрап елдіктің туын тіккен қазақ басшыларға өтініш айтады. Беделді тұлғалардың осылайша атсалысулардан кейін ғана Ерік ақын коммунистік партия тарапынан болуға тиіс жазалау, шектеуден аман қалады. Осы айтысқа қатысты оқиға айтыскер ақын Ерік Асқаровтың халың қазақ көрермендерінің, айтыс жакүйерлерінің алдындағы абырой-беделін арттыра түседі. 

Қазіргі күні де ақындар айтысы бар. Аудандық, облыстық, республикалық, халыаралық деңгейдегі ақындар айтысы әр өлкеде жиі өтіп жатады. Балалар айтысы да дамып жатыр. Дегенмен қазіргі айтыстың беделі мен ықпалы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы айтыспен салыстыруға келмейтіндігі, айтыстың есті көрермендерінің біршамасы алыстап кеткендігі туралы аға буынның аузынан жиі естиміз және бұл бекер емес. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарын «қазақ айтысының алтын ғасыры» деп айтатыны да орынды болса керек. Айтыскер Ерік Асқаров – сол «алтын ғасырдың» көрнекті өкілі. Осы ретте зерттеуші, өзі де айтыскер ақын, фольклортанушы ғалым Қойлыбай Асанов былай деп атап көрсетеді: «Ақындар айтысында көтерілген ұлттық тіл тағдыры туралы айтқанда мына екі мəселені ашып көрсеткен дұрыс. Айтыс өнері – қазақ тілінің жоғын жоқтаушысы болуымен қатар, сол тілдің ажарын ашып, абыройын асқақтатушысы ретінде де қызмет жасады. Қазақ балабақшалары мен мектептерінің көптеп ашылуына, ұлт тіліндегі теле-, радиохабарларының молаюына, газет-журналдардың жарық көруіне, ақындар айтысы да зор ықпал ете білді. Ең бастысы — қоғамдық пікір қалыптастырып, билік назарын ел тілегіне аудару болса, жазушы-журналистермен қатар айтыскер ақындар да бұл шараға белсене атсалысты». Зерттеуші ғалым қазақ атйыскерлерінің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қоғамдағы орнын, ықпалын осылай лайықты айтып өтеді. Сол кездегі айтыстардың бірінде ақын Ерік Асқаров қазақ тіліндегі газеттер мен журналдардың аздығы туралы мәселені көтерген екен:

...Өнердің биік болса шаңырағы, 

Көбейер қаламгерлер саңылағы. 

Қазақ бар он миллион жер бетінде, 

Сол қазақ бір «Жұлдызға» жабылады. 

Ғаламтор мен әлеуметтік желілер жоқ сол уақыттарда қазіргіден әлдеқайда қалың республикалық «Жұлдыз» журналы жүздеген мыңдық мол тиражбен шығып тұрған екен. Бір ғана журналдың барша қазақтың рухани қажеттілігін өтей алмайтыны туралы айта отырып, айтыскер ақын сөзін былайша жалғастырады:

Айтыста айтарыңды сөз етіп ал, 

Кейіннен елге пайда қажеті бар. 

Осындағы қаншама қазақтардың, 

Əдеби жалғыз ғана газеті бар... 

Шабытым газет десе, ышқынды-ай бір, 

Ақыным, сен де мұны ұшқындай біл, 

Орысша бір газет бар – «Казправда», 

Қазақтың мұқтажына пысқырмай жүр, - 

деп ащы шындықты көрермендердің алдында жайып салады. Бұл күндері «Жұлдыз» журналы мен газеттердің мол тираждық заманы алыстап кеткен. Алайда ақпараттық жылдамдық ғаламат артқан осы күндердің өзінде Ерік ақын тілге тиек еткен тілдің мұңы қаз қалпында екені өкінішті-ақ.

халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлап, қоғамның өзекті мәселелерін үлкен сахнада көтере білген адуынды айтыскерлерді өткен ғасырдың сексенінші жылдар ортасынан қазақ халқы көптеп тыңдап, оларды жақсы тани бастаған екен. Осыған орай айтыскерлердің ел ішіндегі беделі де өте жоғары болған. 1926 жылдан бастап тыйым салынған Наурыз мейрамы 1988 жылдың көктемінен жалпыхалықтық деңгейде тойлана бастайды. Ол кезде «Наурыз айтыс» жүріліп, бұл сайысқа республиканың түкпір-түкпіріннен және шетелдерден келген айтыс ақындары қатысатын болған. Сондай Наурыз айтыстардың бірінде, нақтылай айтқанда 1988 жылы белгілі айтыскер ақындар Ерік Асқаров пен Қонысбай Әбіловтер айтыс жұбын құрап сөз сайыстырады. Қонысбай Әбілов сөз бастап былай дейді: 

Ерікжан, сыртқа салар айбарым-ай,

Түріңнен кетпеймін бе айналып-ай.

Балама айырбастар бауырым ең,

Өзіңе қарсы салып қойғанын-ай, - 

деп, Еріктей айтыскер інісінің өзі үшін қандай жақын дос-бауыр, қимас адам екенін білдіріп, айтыс кезегінің әрі қарай өрістеуіне жол ашады. Сөйтіп кезектесіп айтыса отырып екі ақын сол кездегі қазақстандық қоғамдағы өткір проблемаларды тілге тиек етіп, көпшіліктің алдында талқыға салады. Осы тұста Маңғыстау мен Торғай облыстары негізсіз таратылып, екі облыстың халқы жабырқау күйде тіршілік етіп жатқан еді. Осы жағдайды Ерік ақын былай деп сипаттаған екен:

Сұраққа жауап таппай қаламыз ба,

Жабылды екі облыс даламызда.

Бірақта, секретарлар кінәлі емес,

Барлық гәп Мәскеудегі ағамызда.

Талайдың қала жаздап табанында,

Бұл күнде ел болуға жарадың да.

Жабыла жаздады ғой Алматы да,

Хрущев пен Юсуповтың заманында.

Әрине дәл сол заманда да елдің жоғары басшылығы мен биік лауазымды тұлғаларына қатысты былайша қатты сөз айтуға болмайтын еді. Қонысбай ақынның аталған мәселеге қолдау танытып, айтысты жалғастыра келе қарсыласы Ерік Асқаровқа берген жауабынан, әріптес ақынның батылдығына риза болған лебізін анық сезінеміз:

Халқымыз болып қалған шошымалы,

Бұл сөзің біздер үшін тосын әлі.

Аузыңды Москваға салған кезде,

Кейбіреу тыңдауға да шошынады.

Расымен де алып мемлекет Кеңес Одағы әлі құламаған, одақтас он бес республика түгелдей Мәскеуге бағынып өмір сүріп жатқан уақытта Кремльге қарата мұндай батыл сөз айту қауіпті, оңай емес еді. Осыны білген Қонысбай ақын Ерік інісінің айтқан сөзін жұмсартып «жалаң ұран» деп атап өтеді:

Қашанда зиялы ақын сүйкімді ғой, 

Бірақ та, шауып кету бір түрлі ғой. 

Кей сөзің жалаң ұран боп барады, 

Ерікжан, сенің орның митингі ғой.

Бағаңды бір адамдай білер едім, 

Қашанда саған табыс тілер едім. 

Тұсында төңкерістің туғаныңда, 

Басқарып «Қызыл отау» жүрер едің, - 

деп ақын інісінің бұл көтеріп отырған мәселелері ел мен жердің мәселесіне бей-жай қарамайтын нағыз коммунистің, комсомолдың сөзі деген мағынаға бұрады. Себебі «қызыл отау» – коммунистік дәуірдің үгіт-насихат ошағы болғандығы белгілі. Сонда Ерік ақын әріптес ағасының бұл сөзінен кейін өз сөзін бұрынғыдан да өткірлей түседі:

Әр заманмен әртүрлі жасар едім,

Қашанда осы әніме басар едім.

Тұсында төңкерістің туғанымда, 

Малымды ап, Қытай асып қашар едім, - 

дейді. Яғни бұл – турасын айтқанда сол төңкерістер заманында тусам, осы үкіметтің саясатына бағынбас едім, қарсыласып өтемін деген сөз болатын. Мұндай батыл ойларын ол ары қарай тереңдете түседі:

Демеймін ініні аға күндейді ғой, 

Сөйлейді суырылып бұл дейді ғой. 

Мәскеуден неге қорқам, Қоныс аға,

Горбачев қазақша тіл білмейді ғой…

Бұл – айтыс үстінде айтылған әзіл ғана болғанымен, шындығында онда айтылған сөздерді Алматыдан Мәскеуге аударып жолдайтын адамдар баршылық болғандығы анық. Бұдан соң ол азғана уақытта қазақ тілін үйренемін деп уәдесінде тұрмаған республиканың бірінші басшысы Г.Колбинді былайша сынап өтеді:

Бұл інің осы жайды саралайды,

Сондықтан Кремльді жағалайды.

«Қазақша тіл білем», - деп бізді алдаған,

Колбин де тілмаштыққа жарамайды, - 

деп елімізде сол заманнан бергі отыз екі жыл мерзімінде әлі мүлдем  шешілмей келе жатқан қазақ тілінің мәселесін орынды қозғап өтеді. Бір айта кетерлігі, осы айтыс өткен уақыттан кейін, 1989 жылы Қазақстандағы тілдер туралы заң қабылданып, қазақ тілі Қазақстанның мемлекеттік тілі болып бекітілгенімен, бұл тілдің қолданылу аясы әлі күнге дейін кеңеймей келе жатыр. Қазіргі айтыс ақындары да қазақ тілінің мәселесін жиі көтеріп жатады. Бірақ сөз көп болғанымен, іс аз болып отыр. Ерік Асқаровтай  ұлтжанды ақындардың жиі көтерген тақырыбының өзі – осы тіл туралы проблемалар болғанын атап өткен дұрыс. 

Қазақ айтысының дамуына зор үлес қосқан белгілі ғалым, қоғам қайраткері Рақманқұл Бердібай айтыстың ерекшелігі мен халыққа тигізетін әсері туралы былай деп толықтай тұжырымдаған екен: «Айтыс сөз тапқырлығының ғана жарысы емес, ол халықтың теңдесі жоқ тамашаға кенелетін де орны ғой. Қалың елдің көз алдында жекелік те, қоғамдық та мәселенің неше алуанын батыл да, айқын да көтере алатын мүмкіндік тек айтыста ғана бар. Жазба ақындардың туындысы окушысын тапқанынша, бағасын алғанынша біраз уақыт керек, ал айтыс ақынының әрбір сөзі елдің алдында бірден айтылып, әлеуметтік те, эстетикалық та міндетін орындап отырады, ал ақынға айтқан сөзі халықтың көкейіне қонып, санасына ұялағанын көруден артық мұрат бар ма? Ендеше жазба туындыдан түр жағынан ұтылатын айтыс өлеңі өзінің пәрменділігі жағынан анағұрлым жоғары тұрады. «Фольклор бір жағынан «ескіргендеу» болып көрінгенмен, онда ешбір жазба шығарма айта алмаған көркем әсіреулер, мәңгілік мәнін жоймас бейнелер бар». Ерік Асқаровтың халық көкейіндегі өзекті мәселелерді қозғай білген өткір айтыстары ғалымның жоғарыдағы айтқан тұжырымдамасына сәйкес келетіні сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі – Ерік Асқаровтың айтысы – жазба поэзиямен астасып жатқан көркем айтыс. Мұны кезінде өзінің әріптес, қарсыластары да анық байқаған.

«Ол жылдары айтыс өнерінің шыңына жетіп дамып тұрған шағы. Дамып тұрған шағы демекші, Ерік ақынның Кеңес Одағы құлар алдында Алматыда Қонысбай ақынмен болған бір айтыста өзінің халық жүрегіне жол тапқан батыл да өткір сөздерімен зал толы халықты әлденеше рет орнынан дүрк көтеріліп тұрғызуға жеткізіп риза еткені халық жадында болар. «Әй-дәри-дәри-дәри-дәй» деп отырып, мәймөңкелемей төтесінен қойып қалар батылдық өз тұстары арасында Ерік ақынға ғана тән болатын десек, артық айтпаған болар едік. Иә, ол тұстағы Ерік ақындар аламандатқан айтыс өнері шынымен де бекзат еді ғой». Ерік Асқаровтың айтыста жұлдызы жанған, халқына танылған, өз дәуірінің ең үлкен сыйлықтарының бірі Ленин комсомолы сыйлығын алуы – осы шынайы айтыстың заманы болғандығын көреміз. Ерік Асқаров есімі қазақ айтысы тарихындағы ең елеулі тұлғалардың бірі ретінде мәңгі қалатыны сөзсіз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар