Несіпбек Айтұлы. Амангелді

Бөлісу:

24.03.2023 4289

   (поэма)

І

Еркін жұтып Арқада самал желді,

Өткен екен баһадүр Амангелді. 

Құрбан болған қапыда қайран ерді,

Жырлайтұғын қайтадан заман келді.

 

Терең сырын ұға алмай тұңғиықтың,

Жүрегімнің түбіне мұңды ұйыттым.

Даласына Торғайдың көз салайын,

Шығып алып басына бір биіктің.

 

Ұйықтап жатқан оятып аруақтарды,

Тыңдайыншы сыбырлап тіл қатқанды. 

Желге тиіп маңдайым, күнге күйіп,

Көптен бері таңдайым құрғап қалды.

 

Жеткізер ме ұшсам да қиыр далам,

Маған дейін талайлар шиырлаған.

Бұл жалғанның бақыты бұйырар ма,

Амангелді батырға бұйырмаған?

 

Жоғалғанды түгендеп, жоқтап бәрін,

Көкжалдардың шолайын соқпақтарын.

Толарсақтан қан кешіп, тоңып жүріп,

Қайда түнеп, қай жерде от жаққанын.

 

Қатал тағдыр соққанда қабырғадан,

Қалың елдің қайғысы қалыңдаған.

Жоғалтқаны қазақтың толып жатыр,

Хан Кененің басындай табылмаған.

 

Айтты деме, ағайын, тегін мұны,

Амангелді батыр да соның бірі.

Тақымында тағдырдың кетті емес пе,

Сұрағанмен қайтар ма оның құны?

 

Соңымызда сойқанның қалды бәрі,

Көрсетпесін Тәңірім ендігәрі.

Ел есінен жуырда шыға қоймас,

Жылға қуып жосылған қан бұлағы.

 

Шыққанменен бір кезде даңқы көкке,

Жұмбақ еді өлімі жалпы көпке.

Төңкеріліп замана түскен кезде,

Арта қоймас батырға халқым өкпе.

 

Жолға салып сан соқпақ, сан бұралаң,

Ауыр азап сыйлады тағдыр оған.

Ізін қуып шиырдан алып шығу,

Ойда жоқта бұйырды енді маған.

 

Сезіп мені жанына жақындаған,

Үн қатқандай тереңнен батыр маған.

Қысты күні төбемде бұлт ойнады,

Найзағайы от шашып шытырлаған.

 

Құстай ұшқан ілесіп көңіліме,

Үңілейін шытырман өміріне.

Қайда туды, қай жерде ғұмыр кешті,

Кездескенше кесапат өліміне.

Туған жерін ер жігіт ұмытар ма,

Айтқанменен таусылмас жыры таңға!

Дүние есігін ашқанда алғаш рет,

Кіндік қаны тамыпты Ұлытауда!

 

Іздеген жан оп-оңай таба алады,

Терісбұтақ атайды ол араны.

Ұмытпайды топырақ ешқашанда,

Түсе қалған шыр етіп шарананы. 

 

Тарих қанша тұнбаған, сүзілмеген,

Шым-шытырық шиырдан ізін көрем.

Жеті атасы ту ұстап, тұлпар мінген,

Тұқымынан батырлық үзілмеген.

 

Бабалардың қолдаған ақ батасы,

Қарақыпшақ Қобыланды түпкі атасы.

Жиренқопа деген жер Ақтөбеде,

Сонда жатыр діңгектей қайрақ тасы.

 

Бұл анық сөз, жатпаймын теріп аңыз,

Адастырып халықты не қыламыз.

Қайрақ тасы діңгектей өзі қандай,

Алыптардың алыбы еді нағыз.

 

Батырларын Қыпшақтың санасам көп,

Адам бар ма айтатын таласам деп?

Тұлпарлардың даланы дүбірлеткен,

Артқы жағы қалмай ма қара шаң боп.

 

Тізіп шығам ерлердің атын қалай,

Бұл сөзімді кім тұрар мақұлдамай?

Қисыны кеп жатқан соң айтқаным ғой,

Әр руы қазақтың батырға бай!

Ары бармай ат басын кері бұрсам,

Талай жерге жетеді әлі мұршам.

Қажымұқан балуандай айып етпе,

Күшпен емес, өлеңмен алып ұрсам.

 

Бабасының бойында қаны барда,

Тартпай қоймас ұрпағы танығанға.

Қара күштің атасы қазақтағы,

Қарақыпшақ Қажымұқан балуан да.

 

Иманжүсіп кешегі ол да Қыпшақ,

Тағдырменен ойнаған аударыспақ.

Ел басына күн туса екі талай,

Боқтан оңай бақ құсы қолдан ұшпақ.

 

Көзін құртты оның да жауыз заман,

Таңдайына қара су тамызбаған.

Қайран ер-ай кәпірді аузы түкті,

Лақтай ғып бақыртып бауыздаған.

 

Оқиғаны қозғасам арғы-бергі,

Қасіретті қаншама қалды белгі.

Қиянаттың қияпат кеселінен,

Қажымұқан дию да қаңғып өлді.

 

Сырқырайды сай-сүйек соза берсем,

Қазағымның көргені азап өңшең.

Жауыздықтың жалғанда шегі болмас,

Көріңді де қас дұшпан қазады өлсең.

 

Қайрат қайдан демеңіз, жігер қайдан,

Амангелді туады Үдербайдан.

Үдербайдың әкесі Иман батыр,

Қыран құстай жұтынып тілер майдан.

Шешесіне батырдың мойын бұрсақ,

Асыл заты әйелдің алтын құрсақ.

Аталары шетінен асып туған,

Қаракөгі қазақтың қарап тұрсақ.

 

Бұрынғыдан өшпейтін із қалса да,

Жақсыларды жоғалттық біз қаншама.

Қақуқызы Қалампыр сол заманда,

Медресе бітірген қыз болса да.

 

Кім білмейді Бердікей бабасын да,

Аты шыққан Торғайдың даласында.

Бердікейдің мешіті әлі де тұр,

Жылжып аққан Жыланшық жағасында.

 

Атойлаған заманның қатпарынан,

Батырлар көп жүрегін от қарыған.

Анасынан үйреніп кітап ашып,

Амангелді жасынан хат таныған.

 

Жарықтықтың кетейін атын да атай,

Атасы екен бесінші батыр Қақай.

Айтқанымды теріске бұрар мүмкін,

Көре алмайтын кейбіреу қиқымбақай.

 

Батыр болған Дулат та одан туған,

Дүркіретіп жылқыдай жауды қуған.

Иман батыр Дулаттың бел баласы,

Басын тігіп ел үшін, белін буған.

 

Хан Кененің қасында батыр Иман,

Қолға түсіп қырғызда жанын қиған.

Бас көтермей жатыпты сонда Арқада,

Сасық байлар бес күндік дүние жиған.

Қанға батқан қол бастап қайран Кене,

Қазақ барда шығады ойдан неге?

Кенені де бір кезде жамандады-ау,

Сары орыстың боғына тойған неме.

 

Арамызға ата жау ши жүгіртіп,

Салып қойды сарсаңға мың құбылтып.

Хан Кенені сатқандар өлді ақыры,

Бір-бірімен шайнасып елді құртып.

 

Өліміз де білеміз, тіріміз де,

Алауыздық жеткенін түбімізге.

Өткендердің у жұтқан өкініші,

Ескертеді күн сайын мұны бізге.

 

Төңкерсе де дүние олай-бұлай,

Сол қалыптан отырмыз әлі айнымай.

Бірін-бірі ататын, сататын ғып,

Бұл қазақты жаратқан қалай Құдай?

 

Иман батыр екі етпей Хан жарлығын,

Шайқастарда көрсеткен көкжалдығын.

Кенесары қасында ел айтады,

Небір сойқан батырлар болғандығын.

 

Наурызбайлар, Имандар, Ағыбайлар,

Жауға шапқан ақырып, шегіп айбар.

Батырлардан садаға патша біткен,

Халқын емес, отырған тағын ойлар.

 

Асау тағдыр тұрмайды белден баспай,

Амангелді әкеден қалған жастай.

Кезегімен ауысқан тіршілікте,

Бір орнынан өмір жоқ қозғалмастай.

Атасына туыпты тартып ұлы,

Тез жетілер көкжалдың бөлтірігі.

Шақырғанда аруағын бабалардың,

Тебіренеді қара жер ел түгілі.

 

Жаудан қайтпас жастық шақ – жалынды күн,

Қаршадайдан көтерді халық жүгін.

Ақ патшамен жұлқысқан атасының,

Ақ бесікте тыңдаған жорық жырын.

 

Күңірентіп қайғы мен қапа көпті,

Жау табаны даланы тапап өтті.

Тұрымтайдай күнінен Амангелді,

Түйіп өсті кеудеге ата кекті.

 

Абылайдың ақ туы құлағалы,

Зар еңіреп қай қазақ жыламады?

Алтын басы Кененің кесілген соң,

Дәрі болды дұшпанның құмалағы.

 

Бар тізгінді қолға алып қатал орыс,

Жат қолында қамықты атақоныс.

Ояз көрсе құрдай боп жорғалады,

Шен-шекпенге сатылған бай мен болыс.

 

Байлардың да ішінде байлары бар,

Жомарты бар, қуы бар пайда құмар.

Бірәлісі Бектастың деген байдай,

Елдің жайын барлығы қайдан ұғар?

 

Қалың байлар – қампиған Қарынбайлар,

Қолын байлар жақсының, жолын байлар.

Амангелді батырға көмек берген,

Бірәлідей ер қайда еліңді ойлар?

Сары аюдай ақырған патша күшті,

Алқымынан қазақты қыса түсті.

Азу тісін ақситып Амангелді,

Жолбарыстай атылып арпалысты.

 

Қайтеміз деп қатерлі жас батырды,

Ақ патшаның иттері бас қатырды.

Қуғындады жабылып, жанталасып,

Түрмеге сап, жонынан таспа тілді.

 

Одан сайын батырдың қайнап қаны,

Қырда жортқан құландай ойнақтады.

Ойпыл-тойпыл дүние өтіп жатты,

Сырғанаған табандай тайғақтағы.

 

Мың тоғыз жүз он алты ел есінде,

Шатырлаған найзағай төбесінде.

Ақ патшаның жарлығы шошындырып,

Шайқалғаны қайғының кемесінде.

 

Бұл сұмдықты көрмеген қазақ бұрын,

Бастарына орнады азапты күн.

Жанартаудай бұрқ етіп көтерілді,

Асау дала аңсаған азаттығын.

 

Жай оғындай тілгілеп қара түнді,

Қасіретті қарсылық сара тілді.

Бермейміз деп майданға баламызды,

Бүкіл қазақ даласы өре тұрды.

 

Көздеріне елестеп қанды майдан,

Медет тілеп жылады ел Құдайдан.

Жас біткенді көгендеп алып кетсе,

Не шығады қарттардан қолды жайған?

Амангелді атой сап атқа мінді,

Ақ түйенің қарыны ақтарылды.

Арыстандай ақырып Алаш жұрты,

Жанып тұрған лапылдап отқа кірді.

 

Шал болмаса шалдыққан жер таянып,

Жан қалар ма жатқанмен үйде аянып?

Бұзып-жарып тау-тасты кететіндей,

Жұрт құйылды жан-жақтан селдей ағып.

 

Қоғалыкөл Торғайда деген жерде,

Төскейдегі ел қосылды төменгі елге.

Ел тағдыры түскенде тайталасқа,

Текті туған ер жігіт өлем дер ме?!

 

Қарақұрым қаптаған сонда халық,

Бір тілектің үстінде болғаны анық.

Әбдіғапар дегенді хан сайлады,

Анттасып, қолдарын қанға малып.

 

Ердің сағы сынбайды елі барда,

Шуылдасып «Бір Алла, - деді – қолда!».

Сардар болып сайланды Амангелді,

Жерге сыймай самсаған сары қолға.

 

Жайсаң еді жылаған елді уатар,

Жанбосынның баласы Әбдіғапар.

Бала жастан бірге өсіп, біте қайнап,

Амангелді батырмен жүрді қатар.

 

Жараспайды жақсыны танымаған,

Сайлана ма хан болып тегін адам?

Байтақ Торғай даласы Арқадағы,

Алақанда тұрғандай мәлім оған.

Беріп кеткен бабалар ақ батасын,

Өмір көшін қалайша тоқтатасың?

Айта кетсем анықтап айып болмас,

Ұзынқыпшақ Нияз би арғы атасын.

 

Қайта туып кеткендер, қайта өле ме,

Ұқтырасың тарихты қай төреге?

Моласы тұр бұл күнде менмұндалап,

Астананың түбінде Тайтөбеде.

 

Шалынады қараған әрбір көзге,

«Кіші Ақмола» атанған ол бір кезде.

Есте сақтар соңыңда ел болмаса,

Өшіреді ізіңді тағдыр лезде.

 

Ақмоланың үлкені тұр тағы да,

Ұлтқа қымбат үгілген ұнтағы да.

Қаракерей Қабанбай батырдікі,

Ұран болған арттағы ұрпағына.

 

Ел толқыды дүние бүлінгендей,

Сұм заманның сұрқия түбін көрмей.

Әбдіғапар ханды айтып дүрілдесті,

Кенесары қайтадан тірілгендей.

 

Бұл пәнидің жүйткіген сан қырына,

Өткендерден там-тұмдап қалды мұра.

Әбдіғапар байғұстың таң қаламын,

Тәлкек болған тұрлаусыз тағдырына...

 

Артқа тастап аталар сан ғасырды,

Дәриядай сан тасып, сан басылды.

Жетісуда қырғын боп қиян-кескі,

Әшекеұлы Бекболат дарға асылды.

Жан қысылса батырлар жалтара ма,

Судай ақты қызыл қан Қарқарада.

Албандардың ашынған ащы дауысы,

Жетіп жатты Алтайға, Арқаға да.

 

Ер болмаса артынан ел ерте ме,

Қаһармандық қалмайды көлеңкеде.

«Бала өлгенше шал өлсін» деп шайқасты,

Биекенің баласы Жәмеңке де.

 

Көтерілген халықты күшпен басты,

Кім есептер аққан қан, төккен жасты?

Қасқыр шапқан қойдай боп үріккендер,

Қытай қашты тентіреп, Ауған асты.

 

ІІ

 

Қазақ қамал алса да ерлігімен,

Жапа шекті қарудың кемдігінен.

Көресінің көкесін біздің халық,

Зеңбірек пен мылтықтан көрді білем.

 

Қарсы соғып алдынан тағдыр желі,

Қасіреттен бүгілді елдің белі.

Қаруына сүйенген сары орыстың,

Қырып салу болыпты бар білгені.

 

Кең даланы қыстау мен жайлау еткен,

Қырылмаса қалың ел қайда кеткен?

Мылтық деген қырсықтың жоқтығынан,

Хан Кене де бармағын шайнап өткен.

 

Жүйрік мінген шетінен желдей ұшқан,

Көз сүрінер сарбаздан жер қайысқан.

Түзу мылтық, жетіспей өткір қылыш,

Амангелді батыр да арпалысқан.

 

Мұздай темір құрсанған патша әскері,

Ойран салмай қазаққа кетпес тегі.

Жауған оққа жасқанбай қарсы шауып,

Бабаларың белгілі от кешкені.

 

Найзағайдай жарқылдап алдаспаны,

Амангелді ақылмен қол бастады.

Аунап түсті орнынан аруақтар да,

«Қолдай көр – деп, - Тәңірі марқасқаны!».

 

Қару керек шайқаста күшті адамға,

Шоқпар жарақ болмайды ұстағанға.

Темір-терсек біткенді жинастырып,

Найза, қылыш соқтырды ұсталарға.

 

Сарбаздардың ішінде кім жоқ дейсің,

Тілің жетсе батыр көп суреттейтін.

Найзагер де осында, қылышкер де,

Мерген қанша атқаны құр кетпейтін.

 

Кейкі батыр басшысы мергендердің,

Айтуынша сол кезде көргендердің.

Бас-аяғы бітпейді Кейкіменен,

Отқа түсіп ел үшін өлгендердің.

 

Батырға да белгілі жан керегі,

Ата аруағы айқаста дем береді.

Амангелді Кейкіден бір кем емес,

Құралайды көзге атқан мерген еді.

Беті қайтпас дұшпанның қандайынан,

Енді қайта туар ма ондай ұлан?

Доғалдағы шайқаста бір майорды,

Дәлдеп атып түсірген маңдайынан.

 

Басшылары түскен соң мұрттай ұшып,

Қалғандары шегінген сасып-пысып.

Арыстанды көргенде қорқаулар да,

Құйрықтарын безеді бұтқа қысып.

 

Атып баудай түсірген жауыздарды,

Кейкі батыр соңында аңыз қалды.

Қапылыста қайран ер қолға түсіп,

Қара нардай қорқырап бауыздалды.

 

Кейкі жайы әңгіме өз алдына,

Қырсық келер күтпеген ажалдыға.

Төбе шашың тік тұрып шошынасың,

Елестетсең тағдырын көз алдыңа.

 

Талай-талай тарихта ойран жатыр,

Шымырлаған қазандай қайнап жатыр.

Опат болып кеткен соң Амангелді,

Жаумен жалғыз жұлқысқан қайран батыр…

 

Басы кетті оның да Хан Кенедей,

Бізге қайғы болғанмен жауға мерей.

Өкініші жалғанда таусылмайтын,

Айтыңдаршы, немене арман емей?

 

Амангелді Кейкімен бір жүргенде,

Естіліпті дүбірі күндік жерге.

Не боларын сұм жалған сыры терең,

Алдын-ала пендеге білдірген бе?

Айбатымен дұшпанға тастап үрей,

Бірге жортқан екеуі қос бөрідей.

Батырлары бөлінсе байтақ елдің,

Қара тұман аспанды басқаны ғой.

 

Өкініші таусылмас өмір қанша,

Өлім келер керегің табылғанша.

Арпалысқан тіршілік бір тынбайды,

Толқын атқан топан су кеп ұрғанша.

 

Жазғырғанмен не шығар бұрынғыны,

Жазым қылған қапыда бірін-бірі.

Бұрын-соңды айқасып жеңген жан жоқ,

Тағдыр деген кесапат жырындыны.

 

Көрмесе де көрлері қазылғанын,

Көрді бәрі маңдайға жазылғанын.

Өле-өлгенше елім деп еңіреген,

Ел ұмытпас ешқашан өз ұлдарын.

 

Қайран ерлер аянбай арпалысты,

Шапқан аттың тұяғы жер тауысты.

Суық қару сөйлейді қан майданда,

Қанша батыр болсаң да, қанша күшті.

 

Соққан дауыл, қарамай жауған қарға,

Қарсы шапты сарбаздар келген жауға.

Халқын қорғап, қайыспай қамал бұзған,

Сайыпқыран сардарда арман бар ма?!

 

Қысылғанда қалың жұрт қарайды ерге,

Ерлік жыры әп-сәтте тарайды елге.

Белге соққан жыландай бұраңдатты,

Бетпе-бет кеп жауменен талай жерде.

Ел ұмытпас ерлердің атын дара,

Жаудың бетін қайтарар батыр ғана.

Шайқас өтті жан алып, жан беріскен,

Батпаққара, Күйікте, Татырда да.

 

Қостанайда, Ырғызда, Шалқарда да,

Қанға батты киелі дархан дала.

Елге қорған боласың жау келгенде,

Ел жолына жаныңды салсаң ғана.

 

Қас дұшпанның аз ба еді қан ішкені,

Барған сайын зұлымдық өрістеді.

Зеңбіректер зіркілдеп тұрса-дағы,

Амангелді өліспей беріспеді.

 

Жұрт сенделіп соғыстың сарсаңында,

Көтеріліс созылды қанша жылға.

Астаң-кестең дүние болып жатты,

Патша тақтан құлайтын қарсаңында.

 

Аласұрып іздеген азаттықты,

Алаш туын сол сәтте қазақ тікті.

Арыстардың алдынан қырсыққанда,

Бақыт емес ажал мен азап күтті.

 

Көш бастаған боздақтар кетті арманда,

Аңсап күткен жете алмай ақ таңдарға.

Алла өзі жар болсын жапа шегіп,

Жер астында кебінсіз жатқандарға.

 

Алашорда мақсаты айқын еді,

Орындалған қазақтың қай тілегі?

Сұңқар текті соларды сағынғанда,

Сырқырайды халықтың сай-сүйегі.

Қиядағы қиынға құлаш ұрған,

Арыстар-ай жаралған шын асылдан!

Екі талай заманда атқа қонып,

Аспақ болған боранды ұлы асудан.

 

Алты бақан, алауыз жұртың барда,

Беп-белгілі ішің мен сыртың жауға.

Сыртыңды алып, ішіңе дұшпан кірсе,

Шыға алмассың бұғаудан бұлқынғанда.

 

Бірге жүрген күндерден асқан күн жоқ,

Бірлігі жоқ халыққа Бостандық жоқ.

Өз қолыңмен ашпасаң арпалысып,

Азаттықтың есігін ашқан кім кеп?

 

Ентелеткен алдыға талайларды,

Доңғалағы дүниенің кері айналды.

Ұшып-қонған үкідей үміт құсы,

Алаш тұр ғой өксіткен Абайларды.

 

Көз жіберіп қарасаң жан-жағына,

Арыстарда кешегі бар ма кінә?

Бүкіл түрік жұртының басын қоспақ,

Мұстафаның1 желге ұшты арманы да…

 

ІІІ

 

Қызыл келген, ақ кеткен сол бір заман,

Қай қыранның қанатын талдырмаған?

Зұлымдықтың зынданын терең қазған,

Империя кімдерге тор құрмаған?

 

Азаттықты сол кезде армандаған,

Суға кетіп сан халық тал қармаған.

Большевиктер бақытқа бөлейді деп,

Арбалмаған пенде жоқ, алданбаған.

 

Құлады деп ақ патша «алақайлап!»,

Халық көкке лақтырды малақайды ап.

Амангелді батыр да көп толқыды,

Келер-кетер дүниені қабат ойлап.

 

Келер күнге үңіліп қарады еппен,

Қарап тұрса хандықтың заманы өткен.

Қарақұрым халықтың қарасы көп,

Бостандықты шынымен талап еткен.

 

Алай-дүлей туғанда сұрапыл күн,

Тізгін берер еркіне кім ақылдың?

Ірігенде іркіттей елдің іші,

Орындайды ойлаған мұратын кім?

 

Есіне алды Жангелдин Әлібиді,

Елдің жайын ойласа жаны күйді.

Амангелді сол кезде киген кепті,

Қарапайым қазақтың бәрі киді.

 

Береді деп бостандық, теңдік алып,

Қызылдарға имандай сенді халық.

Бұл хабарды жеткізіп кең далаға,

Шүйіншілеп жүгірді жел қуанып.

 

Сенді бәрі оларға, кім сенбеді,

Кедей баймен теңесіп жүрсем деді.

Коммунизм кешікпей келеді деп,

Ақын біткен ағылып жыр тербеді.

Бақыт келмес тер төкпей, жан қиналмай,

Басын қосып бір жерге ел жиналмай.

Халық сеніп тұрғанда қайда барсын,

Амангелді батыр да сенді имандай.

 

Қайдан кірді демеңіз мына дауға,

Ақиқатты қақым жоқ сұрамауға.

Сенім үшін бола ма қудалауға,

Сенім үшін бола ма кінәлауға.

 

«Батыр аңғал келеді» деген рас,

Өткір қылыш сілтесе шабады бас.

Атасының тағдырын есіне алса,

Артындағы ұрпағы төгеді жас.

 

Ауыр күндер өткерді батыр бастан,

Өзі келді қасірет шақырмастан.

Қызылдарды қолдады жұрт қолдаған,

Жангелдинге сүйеніп ақыл қосқан.

 

Адасты ма, жоқ әлде адаспады,

Тұлан тұтты тұнжырап көк аспаны.

Суық қабақ танытты бірақ оған,

Атқа мінген жігіттер Алаштағы.

 

Екі өкпеден екі жақ қатты қысты,

Алашпен де, ақпен де қақтығысты.

Әбдіғапар ханнан да алыстады,

Араздықтың бораны соқты күшті.

 

Күрескен жоқ қуыршақ хандық үшін,

Алашорда ұлт үшін салды күшін.

Қызылдардың сұрқия саясаты,

Ала тайдай бүлдірді елдің ішін.

Бүтін халық бөлінді қақ жарылып,

Төңкерілген теңіздей аударылып.

Тап күресі дегенді ойлап тапты,

Қырандардың орнына қарға жүріп.

 

Бейғам жұртты ақ қырды, қызыл қырды,

Бейбіт өмір теріске жүзін бұрды.

Жиырмасыншы ғасырда біздің қазақ,

Қан көлінде қып-қызыл жүзіп жүрді.

 

Қызыл қырғын, қым-қуат ала шапқын,

Жаққан отын сөндірді сан ошақтың.

Сергелдеңге сенделіп түсті халық,

Тани алмай әлпетін болашақтың.

 

Амангелді қашанда ел батыры,

Берілмеген айқаста жауға тірі.

Майдан үшін жаралған марғасқа еді,

Қан майданның төрінде өлді ақыры.

 

Дүбірлетіп қайран ер Арқаны кең,

Қалың елін қорғады жан-тәнімен.

Кім біледі, ажалы кімнен болды,

Айта алмаймын ол кезгі ортаны мен.

 

Жүгіртеді сан-саққа өткен заман,

Құлақ түрсем сыбырға жеткен маған.

Қапы кеткен батырдың қазасынан,

Аулақ қашып, адам жоқ ақталмаған.

 

Амангелді қазасы әлі жұмбақ,

Тіріге төр, өліге көрі қымбат.

Суырпақтап сұрасаң тілін тауып,

Мылқау тарих айтады бәрін ымдап.

Адасты деп біреулер хас батырды,

Неше түрлі өсектен таспа тілді.

Ұстай алмай үзілген жіптің ұшын,

Талай-талай ғалымдар бас қатырды.

 

«Балтаң болсын жүргенде жанда дұшпан»,

Деген сөзді айтыпты ел данышпан.

Қызыл болсын, ақ болсын бәрі бір ғой,

Кім болса да бұл қатер келді орыстан.

 

Бәз қалпында тұрғанмен дала мына,

Әлі күнге ел іші ала-құла.

Өзі оқытқан орысы мерт қылды ғой,

Уәлиханов Шоқандай дананы да.

 

Қаққанменен арқаңнан жақын достай,

Сенбе орысқа, жұртыңмен ақылдаспай.

Хас батырды қызылдар құрбан қылған,

Ұстау үшін қазақтың басын қоспай.

 

Біреу білер бұл сырды, біреу білмес,

Надан ұқпас есі бар кірер-кірмес.

Қолмен ұстап, көзімен көрмеген соң,

Көпірткендер қу сөзді түк өндірмес.

 

Алдаспандай кетілген тасқа жүзі,

Қасиетті Алаштың басқан ізі.

Перзенттік парызын өтеп кеткен,

Марқұмдардың ұлтқа жоқ еш қарызы.

 

Жерде халық, тек Құдай көкте күшті,

Таразылар тарих бар өткен істі.

Жалғыз жортып жапанда Кейкі батыр,

«Сары орыстың бәрі орыс» деп соғысты.

Ата жаудан жері жоқ беті қайтқан,

Осы сөздің жаны бар батыр айтқан.

Көрші отырған кәпірден не көрмедік,

Қалпағының төбесін қоқырайтқан.

 

Коммунистер қып-қызыл кешегі өткен,

Ерттеп мініп халықты есек еткен.

Қынадай ғып қазақты қырып салған,

Ұмытамыз қылығын не себептен?..

 

Ұлтымыздың кегі бар онда біздің,

Соры қалың қанменен салған іздің.

Ақ сүйек боп қырылдық аштықтан да,

Басымызға үймелеп қарға-құзғын.

 

Жасап бақты ата жау залымдығын,

Жылағанмен тыңдайды зарыңды кім?

Отыз жеті ойраны еске түссе,

Қарап тұрып қайнайды қаның бүгін.

 

Тірісінде көрсе де зор бейнетті,

Амангелді бұларды көрмей кетті.

Мұны көрсе атойлап қайта шауып,

Кетпеуші еді жауынан алмай кекті.

 

Армандаған аңсаумен халық көптен,

Өкіметі осы ғой сеніп кеткен.

Бұратана ұлттар еркіндік ап,

Шығады деп ұшпаққа дәріптеткен.

 

Көз аштырмас кірді де көк тұманға,

Сенбеген де, сенген де батты қанға.

Құдай өзі бермесе қиын екен,

Айналдыра алмассың жоқты барға.

Тізіп түгел шыға алман өзгені мен,

Қияметті көрсе де көздерімен.

Сейфуллинді айтсам да жеткілікті,

Сол қоғамды орнатқан өз қолымен.

 

Жангелдин де қызылға сенген анық,

Түсірем деп қараңғы елге жарық.

Кете жаздап ғайыптан аман қалған,

Отыз жеті өртіне ол да жанып.

 

Зұлымдықтан биікке ту қадаған,

Голощекин оны да қудалаған.

Әлихан мен Ахметке ара түсіп,

Сталиннің өзіне кірген адам.

 

Адал болып антына, парызына,

Мән беріпті әр істің маңызына.

«Жангелдинге тимеңдер!» деп Сталин,

Қолын қойған апарған арызына.

 

Саясаттан жері жоқ қалыс қалған,

Ленинмен де тікелей таныс болған.

Ондай кісі қазақта некен-саяқ,

Қаймықпаған еврей, орыстардан.

 

Дүние кезіп, қилы жол жүріп өткен,

Көп жылдан соң еліне тірі жеткен.

Мандат алған Лениннен жалғыз қазақ,

Бұйрық алып келгендей құдіреттен!

 

Заманада талайлар тайғанаған,

Жұлқынбаған жау іздеп айдаладан.

Әділдіктің тізгінін түзу ұстап,

Еш жамандық жұртына ойламаған.

Сенген кезде қалың ел алаңдамай,

Амангелді сенбесін оған қалай!?

Үңіліңдер ішіне алдыменен,

Сөз жүгіртіп сыртынан жамандамай.

 

Архивтерде дерек көп оқылмаған,

Жангелдинді жазғырмас ақылды адам.

Оны кәпір дегеннің өзі кәпір,

Шындығына келгенде шоқынбаған.

 

Айту оңай қашанда өткенге сын,

Кім қайтарар тарихтың кеткен көшін?

Түрткілеген қазаққа бірін-бірі,

Жақсыларды Құдайым көп көрмесін.

 

Қабырғасы сөгіліп қанға бөккен,

Арыстар көп арманы селге кеткен.

Жүрген жолы әр басқа болғанымен,

Барлығы да еңіреп «Ел!» деп өткен.

 

Жақын түгіл жақсыны жат бағалар,

Сатқын болсаң кім сені ақтап алар?

Амангелді бар ма екен осы күні,

Атой салып, ел үшін атқа қонар?!

 

Амангелді сардардың даңқы бөлек,

Мін тағады ұлына халқы не деп?

Екі қайта тумайтын есіл ердің,

Етегінен біреулер тартып әлек.

 

Ерлігіне кім оның таласады,

Ардақтасақ аруағын жарасады.

Соқпағынан тұлпардың салып кеткен,

Бүгінгі ұрпақ қалайша адасады?

Көтеріліс тарихи Торғайдағы,

Ерендіктің, ерліктің болды айғағы.

Ғасырлардың төрінде желбірейді,

Амангелді көтерген ел байрағы!     

 

  1. Мұстафа Шоқай

 

02.03.2023 ж. 

Сағ. 16:00

Бөлісу:

Көп оқылғандар