Тұрдыхан Айдарханұлы. Жас қайыңның жамырап мың жүрегі...
Бөлісу:
Сырға – мұң
Сыңғыр-сыңғыр қағады сырғадай мұң,
Сауғасындай сағынтқан гүлдер-айдың.
Мазағына айналған пенделердің,
Махаббатты мен енді жырламаймын.
Балдай-үміт қиялды жиі өретін,
Ақ қайыңға кездер-ай, сүйенетін.
Жырлаудың да мәні жоқ мас күніңді,
Жындандырып адамды жіберетін.
Жан біткенді көзге ілмей барады асқақ,
Құмарлыққа жас сұлу араны ашқан.
Келекеге айналды, керім күндер,
Қан көшеде махаббат жалаңаш қап.
Өзің болып баққаным, аңдығаным,
Күзетіп ем өмірдің мәңгі бағын.
Құзарыңнан құладым, жаным олжа,
Білем, әйтеу сенің де қалды жаның.
Құлпырғанда...
Құлпырғанда жап-жасыл түз кілемі,
Өзіңді аңсап жүрегім үздігеді.
Сағынышын сыбырлап үлгіреді,
Жас қайыңның жамырап мың жүрегі.
Көл бетінде көгілдір кілкіп сағым,
Аппақ айдын аңсайды жыл құстарын.
Зырлап өте шығатын қас-қағымда,
Уақыттың қарашы қырсыққанын.
Сүт реңін сүйікті біз ұнатқан,
Армандаған атар ма сызып ақ таң.
Көктемімдей күлімде, артық маған,
Туған жердің көктемі ұжымақтан.
Махаббаттан жүрекке ем іздеген,
Басқаға емес, сенемін сезімге мен.
Саған жетем барлығын кешіп өтіп,
Есептеспей көлменен, теңізбенен.
Жаздан соңғы ән
Жанары жәудір, жазым, қайдасың,
Назым қайдасың, гүл ерін?
Жүрегің мені сағынбай ма шын?
Сағынып сені жүремін.
Жасыл бағым-ай бір сәтке мені,
Кезің бар ма екен ойға алар,
Кеудемде менің ай-жылдап жиған,
Сағыныш сандық қойма бар.
Әлдиле, мені бесік таңдарым,
Мамық сезімге мас қылып.
Оралсын қайта, кеш ұққам бәрін,
Жарқ етіп жастық жақсы үміт.
Жаңбырлы түнде жасқана келіп,
Жабысты қайдан ғашықтық.
Айсыз, жұлдызсыз аспан әлемі,
Ақ мұнар түнге асықтық.
Жаңбырлы түннен ашылған көгім,
Қалғамын сосын баз кешіп.
Қас-қағым сәтте басымнан менің,
Кетіпті-ау сонда жаз көшіп.
Жапырақ-жүректер сыбырлап қана,
Жадымда жаздың елесі қалды.
Жанымда, міне, күллі ырғақ жаңа,
Бастап та кеттім келесі әнді.
***
Көгілдір кеш көзіндегі.
Білем, енді сен елессің,
Кетті аңсаған сезімдерім.
Қанатында көбелек-күн,
Бейнеменен түсінбеген,
Кетесің сен тым алыстап.
Жүрем елес ішінде мен,
Түндер бойы шырақ ұстап.
Теңіз түнге кетті құлап,
Ақиқаттың нар ақ таңы.
Алдымда тек қалғаны бар,
Өмірдің ақ парақтары.
Қарлығаштың ұясындай,
Бізге пана бола білген.
Тамырласып жатар мәңгі,
Тағдырымыз сол ауылмен.
Өткен күндер келеді еске,
Көкірегімде толқып ағын.
Алтын дәурен ақ парағын,
Қиялыммен толтырамын.
Би кешінде
Сен отырдың,
Моп-момақан бұйығы,
Мен отырмын шеше алмай
Ойларымның тұйығын.
Анда-санда біздің жаққа аунайды,
Қарлығаштай жанарыңның қиығы.
Ғажап екен бүгінгі өткен би кеші,
Күлімдеші, мың бұралып билеші.
Алапатты оттан ыстық күй кешіп,
Сосын барып отырайық,
Көздеріміз тілдесіп.
Музыка да басталды әне,
Барабандар қағылып,
Жұлдызды аспан жұмағымдай жарығым!
Сен билеп ең, бейіштегі арудай,
Балғын тәнің ай нұрына малынып,
Мені алға жетеледі тағы үміт.
Өткен күнге өкпелеуге бола ма?
Боз баламын, амал не,
Болып алдың сен ана.
Төңкеріліп түсетіндей дүние,
Қолым создым бокал толы бозаға.
Көктем шабыты
Самалы да саумал сынды гүл – көктем,
Күндерім көп қарсы алатын дүрмекпен.
Жасыл жейде ұсынарсың табиғат,
Ақ жейдеңді алты ай киіп кірлеткем.
Сырнай тартып сыбырлады күй кеуде,
Жер ананың омырауы игенде.
Жасыл күңің албырадым шапағы,
Арманымдай маңдайымнан сүйгенде.
Жүрегімді өртейтұғын от демі,
Жәудір жанар туған жердің көктемі.
Арман тауға арқа сүйер атанмен,
Жатыр ма екен біздің ауыл көшкелі.
Көк өзендей көңілімді тасыған,
Жүрегімнен жыр ақтарып басылам.
Алақайлап жүгіретін ауылда,
Алыс қалған көктеміме асығам.
Көктем келсе көлдей толқып кететін,
Көңіл бұлттан биік тұрсаң не етеді?!
Адамдардан оңашалап жанымды,
Әз табиғат сүйіп тұрсаң жетеді.
Мамыр махаббаты
Жаның сезер самалдың майда лебін,
Көк кілемін көрікті жайды әлемім.
Махабатқа беріліп мас көңілмен,
Күйіп-жанған жастығым қайда менің?!
Мамыр, қандай тамаша майда лебің!
Мына келген мамыр ма ұлпа демі,
Тотықұстай түрленген қырқа-белі.
Топырақтың иісінен жыр көктейді,
Үзілдіріп даламның үр сәлемін.
Мың бояумен құбылып көз алдағың,
Бозжусанның көресің бозарғанын.
Маңғаз дала иітер тас емшегін,
Маңыраса мезгілсіз қозы-арманым.
Құрбылардың күтердей қырда легі,
Көңіл, шіркін, бәрінен жүр дәмелі.
Ақ төскейде бошалап ала сиыр,
Айран-сүтке біздің үй жырғап еді.
Алыс қалған қайран сол жылдар, әне!
Тауы балқып етекке тасы құлар,
Ақ шыңдарын Тәңірдің жасыны ұрар.
Жатар ма екен құшағы құтқа айналып,
Бауыры жаз, Алтайдың басы мұнар.
Махаббатым мамырдың отыменен,
Маздайды кеп көңілдің қошыменен.
Жылдар сайын еске алам, жылыстаған
жастығымды жабырқап оқып өлең.
Сәуір келеді
Біздің ауылға сәуір келеді,
Жырыма серік әр беріп.
Аппақ жүрегі лүпіл қағады,
Ару қайыңдар сәнденіп.
Сарқырап таудың суындай бейне,
Жарқырап ағар таң бұлақ.
Қабағын жазып жатады бейқам,
Ауыр денелі тау жырақ.
Сезімге бөлеп жаныңды арайлы,
Қарайды сәуір мөлдіреп.
Арғымақ арманның жалын тарайды,
Жайлап бір соққан жел жібек.
Боз дала төсі бусанар мүлде,
Бозжусан көкке тамсанып.
Бүлдірген жүрек жырлайды құстар,
Таңдайларынан бал тамып.
Біздің ауылға сәуір келеді,
Тірлікке сыйлап тылсым құт.
Дәуірге ылғи қауіптенсем де,
Сәуірге сенем, бұл – шындық.
Бөлісу: