Алтайдан теңізге зулаған пырақтар

Бөлісу:

25.04.2023 1430

(Әзірбайжан ақыны Әкбәр Гошалының 

«Тұранның бір түп жусаны» кітабы жайлы)

Жақында Астана қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Eurasian Book Fair – 2023 Еуразиялық халықаралық көрме-жәрмеңкесі өткен болатын. Аталған мәдени шарада Әзірбайжанның көрнекті ақыны, бірнеше әдеби кітаптардың авторы әрі редакторы Әкбәр Гошалының «Тұранның бір топ жусаны» деп аталатын кітабы қазіргі заманғы қазақ ақындарының аударуында «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. Кітап көлемі: 128 бет. Ақын Ә. Гошалының өмірбаянын оқып отырып, түркі әлеміне танымал автор екенін байқадық. Кітапты қазақ тіліне отыз алты ақын аударған (санынан қателеспеген шығармыз деп ойлаймыз). Атап айтқанда, Назира Бердалы, Ерлан Жүніс, Танакөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек, Дәулеткерей Кәпұлы, Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы, Батырхан Сәрсенхан, т.б. Басылымға жауапты: Дәулеткерей Кәпұлы. 

Соңғы жылдары түркі кеңістігінде мәдени-әдеби байланыстардың бір жолы – көркем аударма саласы дамып келе жатқаны белгілі. Бір топ қазақ ақындарының өлеңдері де әзірбайжан тілінде жарық көрген болатын. 

Кітап көрмесінде ақын Әкбәр мырзаның өз қолтаңбасымен алған кітабындағы өлеңдерін оқып, ақынның әлемге көзқарасын, Ә. Гошалыны ақын ретінде қызықтыратын құбылыстар мен әлемді қабылдау ерекшелігін – өлеңдеріндегі реалды әлемнің поэтикалық моделін көргіміз келді. Кітаптар тұсаукесермен, сұхбатпен шектелмей, талданып, интерпретацияланып, туынды – ақын мен оқырман арасында диалог рөл атқаруы үшін динамикалық сипат алуы қажет. Шара аяқталғаннан кейін «Егемен Қазақстан» басылымында ақынның сұхбаты жарық көрді (Сұхбат алған: Б. Сәрсенхан). 

Ақынның «Тұранның бір түп жусаны» кітабындағы өзімізге ұнаған төмендегі өлеңдері туралы қысқаша талдауымызды ұсынамыз. 

Ақын Әкбәр Гошалы поэзиясында Әзірбайжанның Қарабақ топырағы туралы жыры ерекше орын алады. Қарабаққа айналып соқпаған сәттерде ақын өзін Қарабақ алдында да, адам алдында да, Құдай алдында кінәлі сезінетіндей. Ақын үшін Қарабақ – ұдайы жыр жазатын «хат», ал ақынның өзі «қалам» қызметін атқарады. Ақын жазатын хат – Қарабақ болмақ. Ақын Қарабақтан қол үзер болса:

«Өзіңе оралмай

Бойым да тапал, 

Тәнім де қисық,

Тілім де сақау, 

Көлеңке – көзім, 

Мүгедек – өзім» («Қарабақ» өлеңі) деп, жарымжан күйге түсер еді. Қарабақ – ақынның бір бөлшегі. 

Түркінің байырғы отаны болған Алтай таулары да Әкбәр Гошалы жырының поэтикалық лейтмотивіне айналған. «Жүрегім жанды естеліктерге толы» деп аталатын өлеңінде «жүрек» сөзі тура және коннотациялық мәнге ие. Алтай туралы ащы да, жағымды естеліктерді сақтайтын қойма – жүрек. 

Жүректе бәрі,

жүректі солай жаратты, 

Жүрек болмаса 

болар ма ед пырақ қанатты?!

Көрсем егер бір күні жүрек әскерін,

қонған кіл қанатты пыраққа,

Жетер ме ем Алтайға 

жанымды тірілткен жырақта.

Жүректе бір есім 

қып-қызыл қаныма боялған.

Жүректе қанатты бір пырақ оянған (ауд.: Ажар Ерболған). 

«Егемен Қазақстан» газетіндегі сұхбатында ақын Алтайға бір күні аяғы тиетініне үмітті. Бұл өлеңде жүрек сөзі қолданысы – жағрафия мен түркі халқын жүрекпен сүю арқылы бірінші кезекте Алтайды ойша елестудің және оған саяхат шегудің поэтикалық амалы іспетті. Екіншіден, жүрек – түркінің және Алтайдың орнына қолданылған балама поэтикалық бірлік. Өйткені ақын «Көрсем егер бір күні жүрек әскерін» деп жырлайды. «Жүрек әскері» – түркінің қанатты пырақтарға мінген әскері... «Жүректе бір есім» дегені түркі жұрты емес пе... 

Діни хадисте пырақ дегеніміз Мұхамед (с.а.с.) пайғамбар мінген, бір жерден екінші жерге жылдам жеткізетін қасиетті жануар / ат кейпінде баяндалады. Ақын «жүрегінде қанатты бір пырақтың оянуы» – жыр символы немесе ежелгі Алтайдан бүгінгі түркілер мекендеп жатқан жағрафияға сапар шеккен аттарға ойша жасалған сілтеме болуы мүмкін. Өйткені Әкбәр ақынның «Алтайдан ауған арғымақ» өлеңінде арғымақтар Алтайдан әуе жолымен теңізге қарай сапар шегеді. Өлең жолдарын оқып отырған оқырман аспанда жүйткіп келе жатқан мифологиялық-иррационалды кеңістікке енеді. Демек, Алтайдан зулаған пырақтар түркінің бір бөлігін теңіздер жағасына (мысалы, әзірбайжан мен қазақ Каспий теңізінің екі жағына, ал түріктер Жерорта теңізі, Эгей теңізі, Мармара және Қара теңіздеріңіз аралығына орын тепкен) орналастырды.  

Алтайдан көшкен аттардың,

Бағыты – аспан жолы еді.

Ол жақтан мен де аттандым,

Сол түнде Ай да толы еді (ауд.: Жұлдызай Ысқақ).

Мұндағы «Ол жақтан мен де аттандым» деген өлең жолындағы «мен» – түркі халқының және түркінің бір бұтағы әзірбайжан елінің орнына қолданылған синекдоха.  

Өлең соңы «Алтайлық қазанаттарым, Еуропаны алар күн қайда?!» деп аяқталады. «Еуропаны алар күн қайда?» дегенде ақын ежелгіде түркілер орнатқан әділдікті аңсайды екен және сол әділдіктің қайта орнағанын қалайды. 

Кітаптың түпнұсқасын оқымағандықтан, өлеңдердің қазақша аудармасын түпнұсқамен салыстырмадық. Бұл кітап 128 беттен тұратынын жоғарыда атап өттік, оның 94 бетінде ғана өлең берілген. 94 бетті 36 ақын аударғаны қызық көрінді. Мазмұнына қарағанда өлеңдерді көбірек аударған ақындар: Асылбек Жаңбырбай (15 өлең), Мирас Асан (14 өлең), Жанат Жаңқашұлы (8 өлең). Өлеңнің түпнұсқасы күрделі болғаны үшін кейбір ақындар бір өлеңнен ғана аударған ба деген де сауал туды. Жалпы алғанда, аудармалар түсінікті, поэзияға тән шарттар мен белгілер сақталған. Біз мұнда өзімізге ұнаған өлеңдерді ғана талдадық. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар