«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №10 шығарма

Бөлісу:

25.04.2023 3340

Ауыр су

хикаят

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №10 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«...Су ішкілігі бітпепті».

Тіршілігін жалғастыратын өзектіге айтылған сөз.

Бақи дүниеде ішпейді, жемейді. Мұқтаждық жоқ. Бірақ жақсы көреді, сағынады, қорғаштайды, бір аяттың сауабын дәме етеді. 

Ептеген пенделік элементтер бәрібір о дүниеге қоса ауады. 

Ал, адамның бойындағы ең жақсы қасиеттер де осы емес пе еді?.. Түптің-түбінде Алланың сөзінен медет іздемеді ме? Жаратушы хақтан ақырына дейін пендесі үмітін үзбей кетпей ме?

Сөйтсек, қымбат дүние ешқашан көзге көрінбейді екен. Көрінгенінің өзін қолда ұстап тұру өте қиын. Айталық, су. Барда – қадірсіз, лақ еткізіп төге салады. Шынтуайтында онысыз кім бес күннен артық өмір сүре алады? Ешкім. 

Көл-көсір дүние (су) бүгін бар, ертең – бұлбұл ұшады... «Құмға құйған судай...» деген – сол, тілің таңдайыңа жабысып қаталайсың. Тамшы дүние көзіңе елестейді.

Тамшы... Бір тамшы су миллиондаған молекулалардан тұрады. Молекула дегеніміздің өзі домалақ-домалақ құйтымдай түйіршіктер. Ол бір кездерде буға айналады. Будан ауаға...

Ауа тіршілік атаулының бәріне, қала берді қара тасқа да қажет, қымбат.

Сол ең асыл дүниені көре аласың ба? 

Көре алмайсың. Тым керемет микроскоп та көре алмайды.

Бірақ, ауада да молекула бар. Олай болса ол – заттың аса бір кішкентай бөлшегі...

Қымбат нәрсе ешқашан көзге көрінбейді. Ендеше адамның бойындағы махаббат, сағыныш, ниет тәрізді бақилық құнды дүниелердің сыртқа сезіліп, байқалмайтыны заңды да. 

Өзіңді өзің мылжалап әбден шаршағанда, бір жұтым суға ғана мейіріңді қандырғандай боласың.

Бір жұтым су... мейрам суы... 

Сөйтсек, өмірдің өзі судан басталып, сумен аяқталады екен.  Ендеше…

***

Қыркүйектің дымды таңы шұғылалы атты. Алайда, көз көрім маңдағы көкжиектің кейбір тұсы бұлт араласып ала-құла екені аңғарылады. Кедейдің ыдыраған туырлығындай оймышталған аспанның тесігінен сәуле шаншыла құлайды. Әлден уақыттан кейін ойнақы тұман жер бауырлап жатып алды. Жоғары жақ ашық.

Астананың әуеге ілінген асқақ ғимараттары бозғылт жібектен желек жамылғандай бұлыңғырлана көрінеді. Аспанмен таласқан ана-а-ау бірінің белуарына дейін ап-анық байқалғанымен, төменгі жағы көкшулана көмкерілген. Құдды бір Есілге шомылып шығып, судыр лыпасын кіндігінің тұсынан орана салған сүдіні бөлек сұлу ару жүріп келе жатқандай. Әппақ жұмыр иықтары, көлегейленген қыпша белі мен сүйріктей сидаң сирақтары еріксіз құлықты өзіне аударатыны бар еді, дәл солай заңғар көкпен таласқан көкпеңбек, қызғылтым, ақшулан ғимараттар мына қайталана бермейтін кездейсоқ кейпімен лажсыз ес-жадыны алды.

Бұл – тарих сілемінде не бір сойқанды басынан кешкен дешті қыпшақ даласының бүгінгі шалықтаған бейнесі еді. Өркениет көшінің есте жоқ ескі заманында – бірнеше жүздеген жылдар бұрын қым-қуыт дүние талай сүренді салды...

Апақ-сапақ қызыл іңірде жөңкіле шапқан қол оншақты қараша үйлі жатаған ауылды тып-типыл етіп таптап өтті. Бейсауат дүбірге басында үріп шыққан бір-екі қайқықұйрық ізінше қаңқылға басып, соңыра үні қыңқылға ұласып, жер жастанды. 

Білеуіт шоқпар дойыр кепте дөдеге мен маңдайшаға тиді. Онысыз да қурап тұрған уықтар дүмді соққының әлеуетіне шыдамай қара шаңырақты тастап-тастап жіберді.

Қараша үйдің белдеуіне қадалған найзаны ала салып ұмтылған қайыстай қатқан қара шал Сүбе білектің күшін байқауға шамасы жетпей, көкірегіне қадалған жебенің пәрменімен шалқалап құлай берді. Ізінше сары бауыр шабдар атты ноян бастырмалата кеп алмас қылышын көкке көтере әуені тіліп түсті. Шалдың шоқша сақалы тұштаң етіп, әп сәтте ұстарамен алынған жалтыр басы домалап бара жатты. Күре тамырдан атқалақтаған қан сыр-р еткен дыбыс шығарды. 

Осыны көзінің қиығы шалған 12 жасар немересі Ханымзада «ата-а!» деп, тұра жүгірді. Белін қаққан бұрымы селтеңдеп, көйлегі делеңдей ұмтылды. Лездің арасынша оң жақ бетіне қарай қисайған басты жерден жұлып алды. Қорғасындай ауыр екен. Шал нұры тайған көзін кішкене қызға аударды. Еріндері жыбырлады, әлденәрсені айтып жатқандай. Жұлыншағынан аққан қан қыздың омырауына, кебісінің басына тамды. 

Осы кезде ойнақтаған сары бауыр ат қайта төпелей жетті. Бұл жолы әлеуетті білем-білем батыр білек төмен созылып келіп, бүлдіршін баланы ілді де әкетті. Қыздың қолындағы бас шоршып жерге құлады. 

Кекілі ұйпаланған 6-7 жасар ұл арысы өзінің бойынан биік садақты төрден босағаға әкеле беріп, құмай белді жебені сала сап, адырнаны шірене тартты. Сол заматында-ақ жемтігін бүріп, іле жөнелген күшіген кептегі ноянның бүйіріне көденің қадалғанындай әсермен келіп түйрелді. Ол жалт бұрылып, босағаның ар жағында тұрған төбесі белдеу арқанның тұсынан сәл қалқыңқы мыштиған ұлды көрді. 

– О-о, атаңа нәлет! – Адуынды екпінмен атын кері бұрды. Оң қолымен бүйіріне көбесі ғана енген жебені жұлып алып, лақтырып жіберді. – Мойныңды бұрап, жұлыныңды үзейін. Табаныңды тіліп, қызыл таста жалаңаяқ ешкі бақтырам. 

Алдына өңгерген қыздың шырылдап, бұлқынғанын ерен көрмеді. Атойлатып кеп, төрт қанат қараша үйге төне берді. Сол қапталындағы күрзіні алып, майдайшадан қойып өтті. Онысыз да қаусаған кәрі сүйекті үй жойқын соққының батпанына шыдамай уатылып түсті. Бала апай-топайы шыққан үйіндінің астында қалды. 

Бұл – қалқайып тұрған қараша үйдің ең соңғысы еді. 

Пәрмені қатты ат заулатып өте берді. Құлақта тек ызы-қию шудың толассыз азынауы тұрды. 

Кең жазиралы қазақтың даласын илеуіне алған маңғол, бейтарап жұрттың алқымына қанды шеңгелін құшырлана салды. Айдарлысын құл, тұлымдысын күң етті. Соның бірі – Ханымзада. Сары бауыр ат мініп, өзін олжалаған ұлысбегі Тұуа жампоздың қомына отырғызып еліне әкелді де, бәйбішесінің дәргейіне беріп қойды. «Қыз – жат жұртық» деген қағиданы шынашақтайынан санасына сіңірген Ханымзада, мына безбүйрек тірліктің құқайына жаны ауырса да езіліп, күйреп томырыққа айналмады. Өзі секілді күңдіктің кебін киген қыпшақтың қыз-келіншектері көп еді. Мөрті келіп қалғанда тіл қатысып, демеу сөздің мәйегіне алданады. 

Он екі жасар қыз – ойын баласы емес, нағыз тұрмысты шыр айналдырып, септігін тигізіп, жаныңды жай таптыратын қол күшің. Оның үстіне сұраушысы жоқ көген көз қалай езгіге салса да көнеді. Бірақ бектің дүниесінің бәрін уысына ұстап отырған қаһарлы Қалбан-қатын бір нәрседен ғана іш жиып қалған. Апайтөс, бітеу мойын ері «асырап-бақ, сосын көрерміз» деген. Буыны бекіп, 13-тен асса мұны күйеуі сол тізесіне отырғызбақ ойы бар сыңайлы. Мөлідей қара тана көзі мен аққұба өңі өзгеге қиюға мұрша бергізбейді. Бүгінгі – күң, ертең өзімен төсек жылуын бөлісетін күндеске айналатын сыңайлы. Келер күннің сықпыты зығырданын қайнатып, дегбірін қашырады. Бірақ, ішкі ойының ықпалымен долырған жүрегінің аптығын басып, сабырға байланады. 

Жылдап жуынбай жүре беретін маңғол тегі айына бір рет шашын тарап, өретіні бар еді. Сол қадетімен мейірі ауғанда кішкене қыздың да бұрымын нақыштап береді. Кеше екі тізесінің арасына жүрелете отырғызып, тобылғының майымен шашын қақырайтып өріп тастаған. Сонда:

– Ертең Тұуа бекке күйеуге тиесің, есіктің алдындағы жалшылармен жыртыңдап сөйлесуші болма, – деп, қатқылдау ескерткен.

Жүрегі сазып, көңілі қамықты. Үйінде жүргенде күйеу туралы ешкім айтпап еді. Бірақ, алаштың бір атасына айттырып қойғанын білетін. Енді келіп, ата жауының нақ өзіне бұйырып тұр. 

Атасы Сүбенің мөлиген жанары көз алдына елестеді. Төрт қанат қараша үйдің шаңырағы інісін басып қалғанын білмеді. Өлі-тірісі беймәлім. Шешесінің де бір жерде жалшылықта жүргенін естіді. Байламсыз сөз ғана, рас-өтірігі бір Аллаға аян. Ал әкесі қалың қолдың жуан ортасында майданға аттанғанына жылдан асқан, содан хабарсыз. Мықтап жүрегінің басына байланып қалған нәрсе, өзінің жау қолында екені.

Содан бері қаншама құлын ат, қаншама қыз қатын болды. Ханымзаданың өзі бектен үйелмелі-сүйелмелі төрт бала тапты. Дұшпанның қойнында жату намысын қоздырғанымен, құрсағынан шыққан ұрпақты қазақ етіп тәрбиеледі. Қалың бұқара Темүжін түмені сілтеген найзаның ұшы мен білектің күшінің алдында тізе бүккенімен, шамасы 20-30 жыл өткенде рухының беріктігімен қалмақты осылай қайта жеңді. Олар қазақ әйелдері ұстанған қағиданың арқасында қазақыланып кетті. Тұлан тұтқан «тәңірден» ел ішіндегі көп рудың бірі – төреге айналды, соңы – дештінің жазиралы сай-саласында жоғалып кетті. Ақырында, ежелгі атажұртында байтақ даланы бауырына басып, қазақ елі қалды. Қызын ұлттық рухта тәрбиелеген қара орман – ұлтын сақтап, кешегі күнге алып келді. Содан бері қаншама су ақты, қаншама жел соқты... Дәуір ауып, заман көшті, уақыт құмсағаттай толассыз сусылдады. Басқыншылықтың неше қилысы болды, ұждансыздықтың түрлі-түрлі әбілетіне ұшырады. 

Ал, бүгінгі әйелдер қасиетті құндылықтың не екенін білмейтін желбуаз көңіл-күйде жүр. Рухсыз тыр жалаңаш тән ғана... арсыздық пен аярлық жаулаған сылқ-сылқ күлкі. Ежелгі ғибрат, өнеге, ұлт құндылығы бәрі-бәрі аяр күлкінің садағасына айналған. 

Талаураған дүние қорықса – осыдан қорықады.

***

Жарқ етіп жанарының алды самаладай жарқырады да, лезде қап-қара тұңғиыққа айналды. Еріксіз төбедегі шамға жалт қарады – сөнбеген. Инстинг. Әйтпесе оның қалпынша екенін біліп тұр. Бірақ, мына ғаламат сәуле ішкі дүниесін нұрландырып жіберген. Сыртқы әлемнің әдеттегі күндізгі самаладай кейпі көмескіленіп, күн шапағы жаңағы жарқ еткен жарықтың күштілігінен осы сәт солғын тартқандай. 

Жүрегі тулап, қуаныштан атқалақтап барады. Жаңа технологияның әдіс-амалын заматында қағазға көшіру үшін ол абдырай жазу столына ұмтылды. Жүзінде алабұртқан әлемтапырақ дүние бар.

Алып ультрадыбысты микроскопқа қосылған мониторға үңіліп, соңғы күндері ғана көре бастаған ғаламатының құпиясына ынта-шынтасымен құныға қарады. Осы жайтты байқағаннан бері дүниені ұмытты. Байызсыз уақыттың да жылдам өтіп бара жатқанын аңдады. Бұған таң атса лезде кеш бататын тәрізді. Аңсары ауған нәстеден бас алмайды. Өмірде бұдан басқа ләззат жоқ сияқты. Сағат түнгі 11-лерге дейін зертханасынан шықпайды, тіпті, үйге қайтқысы келмейтін де кездері бар. 

Смартфоны безек қаға шырылдап мазасын алған соң, үнін өшіріп тастаған. Оған қарағысы да жоқ, маңына жуымайды. Сәл назары ауса көңілі бұзылатынын, алтын уақытын жоғалтатынын әбден қаперіне түйген. Сондықтан Сәмет бостекі шаруаға бір минутын да қиғысы келмейді.

Қазақ ұлттық университеті биология факультетінің магистратурасын бітірген төрт жылдан бері кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша  докторантураны аяқтап, PhD-докторлық еңбегін де қорғап үлгерді. Зерттеген тақырыбы – өсімдіктер энергиясы. Оның ішінде тропикалық алқапта өсетін жасыл желекті емес, сортаң мен татыраңға бауыр басқан жусан, ермен, изен сияқты елге ежелден таныс қурайды айналдырды. Сөйтсе, қасиетті қазақ даласына бауыр басқан бұл шөптердің энергиясы өзге өсімдіктерден әлдеқайда қуатты екен.

Бағына қарай ұстаз ретінде жақсы адам ұшқасты. Ой-мақсаттары бір үдеден шыққандықтан, тәрізі, көз майларын сарқып қадала отырып атқарған еңбектері нәтижесіз болмады. Жетекшісі профессор Серік Қимақұлы екеуі заттың энергетикасын анықтайтын аспап ойластырған. Оның қызметі кирлиана әдісіне арқа сүйейді. 

Әлеуетті электро-магниттік өріске орналастырылған заттың дені жарық шығарады. Нысан неғұрлым мол энергияға ие болса, со ғұрлым қанық нұр шашады. Жусан мен ерменнің бөлген шапағы тым таңқаларлық. Ебелектікі тіпті адам айтса нанғысыз. 

Осыдан кейін де қазақтар ешқандай көкөністі пайдаланбай құр етпен күн көре берген. Өйткені құнарлы шөппен қоректенген малдың еті әрқашан ағзаға сіңімді әрі қажыр-қайрат беретін құшыры мол. Бұл жаңалық сыпайы мінезді Сәметтің аққұба өңін сәулелендіріп жіберді. 

Осы бір сырды ашқаннан бері Құранның «Ей, Алла! Жүрегімді нұрландыр, тілімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, жанарымды нұрландыр және маған үстімнен нұр бер.

Ей, Алла! Менің қабіріме нұр бер және сүйектеріме нұр бер. Нұрды маған көбейте гөр, маған нұр үстіне нұр бер» деген сүресі қаперіне жиі орала беретін болды. 

Нұр – энергия. Нұр өлінің де, тірінің де қажетсінетін құдіреті екен. Пенде атаулыға кезінде көпе-көрінеу білініп тұрған пайғамбардың маңдайындағы нұр – Алланың үздіксіз жіберген мейір-шапағаты мен қуаты. Бүгінгі адамзат атаулының іздейтіні де – тұтастай өркениеттің қозғаушы күші – нұр. Ғылымның күшімен кім сол нұрды көбірек иеленсе, со ғұрлым әлемге үстемдік етпек. Құран «нұрды маған көбейте гөр, маған нұр үстіне нұр бер» деген орамды пендесіне текке меңземесе керек.   

Астана шәрісі қазақ жұртының жүрегіне айналғаннан бері, оның үстіне, әлемдік өркениетке Қазақстан тәуелсіз мемлекет тұрғысында дербес қосылғаннан кейін бе, кез келген салада серпіліс байқалды. Осындай бір қарқынды лептің әсерімен елордада Су ғылымы және технологиялар ғылыми-зерттеу иниституты құрылып, оның қарауында үлкен зертхана ашылды. Оған мықтыларды ғана қызметке шақырған еді. Сөйтіп, арман қуған жас жігіт ұсыныс түскеннен кейін Алматыдан Астанаға қоныс аударды.    

Мұнда келісімен назарға ілінген бірінші мәселе – ауыз судың тапшылығы екенін байқады. Келешекте үлкен проблеманың басы осында тұрғанын аңдаған аңғарлы азамат бұл жайтпен түпкілікті айналысуды жөн көрді. 

Қазіргі мониторға зейінін салып дүниені ұмытып отырғаны сондықтан. 

Компьютер «шиқ» деген үн шығарды да, төменгі оң жақ бұрыштан профессордың бейнесі қылаң берді. Еріксіз тілдеспеске лажы қалмады. Тінтуірмен телефон тұтқасының бейнесін басты. Ізінше домалақ жүзді ақсары адамның кескіні экраннан толық көрінді.

– Қайтпайсың ба? – деді ол.

– Жоқ.

– Жұмыстың нәтижесі орнымен тыныққанға да байланысты. 

– Ынтам жоғалмағанынша байқай тұрайын.

– Сағат сегізден кетті. Қайырлы кеш.

– Ертеңге...

Сөзін аяқтағанша профессор көзден ғайып болды. Сәмет қайта тәжірибесін жалғастыруға кірісті. Колбаға құйылған Нұраның суынан тамшуырмен іліп ап, тақтайша шыныға тамызып, микроскоптың өңменіне әкеп қойды. Содан кейін монитордан көрінетін құбылысқа ыждаһатпен қарады. Молекулалар тізбектеліп, шар тәрізденіп шашылып жатыр. Қайсыбірі бір-бірін кері тебіп, араларына кеңістік тастаған. «Жер әлемдегі ең үйреншікті нәрсенің осындай да мінезі бар екен-ау» деп өзінен-өзі жымиды. Сосын клавиатураны алдына жақынырақ тартып, жаза бастады. 

«Су – барша тіршілігімізбен тығыз байланысты. Бірақ тылсымға толы әбілеттің бойына қандай құпияны бүгіп жатқанын білмейміз. Қайдан пайда болды? Біздің планетамызға оны кім әкелді, не үшін?.. Бұл сауалдардың бәріне жауапты берсе, тек судың өзі ғана бере алар». 

Аққұба өңі бозарып, ойланып отырып қалды. Өзі бұған дейін ақтарған ғылыми әдебиеттердің байламын пайымдай шолды. 

Бүгінде әлемде су әу басында тәңір дүн-дүниені жаратқанда қаншалықты көлемде болды, сол қалпынша сақталған екен. Не деген керемет. Құртып жатырмыз, жойып жатырмыз – сонда да адамзатқа деген сенімінен айнымаған. 

Қасиетті жазбаларда су тек физикалық заттардың алғашқы негізі емес, оның құдіреттілігі терең, әріде екендігі баяндалады. Сонысымен де жұмбақ та тылсым дүние. Осы меңіреу тұңғиықтық адамзаттың тұрмыс-салт, тіршілігімен тығыз байланысты.                                                           

Осыдан екі жарым мың жыл бұрын қытайдың философы Лаоцзының «Жалғанда судан жұмсақ әрі оп-оңай бәленбай түйіршікке айналып, шашылып кететін зат жоқ. Соған қарамастан тамшысымен тасты теседі, дүлей екпінімен небір жарды, бөгесінді орып түседі. Ешкім оны кешіп өте алмайды, әйткенмен кез-келгеніміз белгілі бір көлемде ауыздықтаймыз. Әлсіз – мықтыны жеңеді, жұмсақ – қаттыны илейді, мұны бәрі біледі. Бірақ, дәл солай әрекет етуге тірі жанның дәті жетпейді» деп жазғаны, соңғы кезде қаперінен шықсашы. 

– Иә, су мейлінше егжей-тегжейлі зерттелген, – деп күбірледі жас ғалым, толқынды шашын кері салалап. – Сондықтан да басқа сұйық заттарға қарағанда әдеттен тыс физикалық, химиялық қасиеттерге бірдей ие екені жалпыға мәлім. Бірақ бірде-бір ғалым неліктен температураның минус кезінде су тығыздығының көлемі ұлғайып, плюс кезінде кішірейетінін түсіндіре алмайды? – Өз ойымен өзі елігіп, ширыға сауал тастады.

Нақтысында кез келген сұйықтық мұндай жағдайда кері күйге ұшырайды, яғни, суықта кішірейіп, ыстықта ұлғаяды. Міне, судың осы таңғажайып қасиетін адамзат баласы ежелден аңғарып, оны құрал-сайманның қат тұсы ертеде-ақ тұрмыстық қажетіне жарата білді. Жер шарының солтүстігін мекен еткен халықтар аяз түсер алдында қабақтағы тастың жарығына су құйып, мұздың қысымымен бәленбай жылғы құрсауынан ажыратып алды. Содан кейін әлгі бұйымдарын баспана салуға материал ретінде пайдаланған. Өйткені, жылу төмендеген сайын су молекуласы ұлғайып, ол шегінен шығады да келесі молекула түзіледі. Сөйтіп, дүлей күшке ие болады да небір шегенді қақ айырады. Ғалымдар Исландияда мыңжылдықтар бойы жатқан мұздықтарды бейне камераға түсіріп, оны жүз есе жылдамдықпен айналдырып қарағанда тауға айналған мұз бетінің үнемі алға жылжып келе жатқанын көрген. 

«Осы энергияны пайдалануға болады-ау» деп ойлады Сәмет. Мысалға, су – әлдебір құралдың күшімен тез арада қатырылады, мұзға айналғаннан соң  молекуласы ұлғайып, қалыпты кере кедергіні итереді. Сол тұста ол лента жылжып, келесі тамшы құйылады. Ол да қатып, әлгі денені ілгері жылжытады. Сөйтіп тоқтаусыз қозғалыс орнайды. Ол қозғалыс қатырушы механизмді жұмыс істетеді. Соның арқасында үздіксіз айналмалы механизм жүйесі орнайды.

Жігіт оңашада осындай қиялға берілді. 

Оңтүстіктегі ел тастың жарығына сына қағып, сынаға су құйып, ісіндіріп, миллион жылдық тұтасқан көбесін сөгіп жіберген. Себебі дым молекуласы бір клеткадан бір клеткаға өтіп, ауқымын ұлғайту қасиетіне ие. Бертінде ғана ғалымдар ызаның түтікшелер мен жасушаларға барғаннан кейін ғаламат қысым тудыра алатынына көздерін жеткізді. Ылғал тиіп ұрықтанған дәннің 400-ге жуық атмосфералық күшке ие екені дәлелденген. Қылдай нәзік бәйшешектің асфальт жолдың тас қорғанын қақ жарып өсіп шығатыны – осындай әлеуеттің құдіретінен. 

Таудағы тасжарған да сондай.

Біраз тым-тырыс отырғаннан кейін қайта мониторға үңілді. Колбаны ақырын қолымен шайқады. Сосын жаза бастады.

Су – тек өзіндік таңғажайып қасиеті бар кішкентай ғана молекула. Бұған ұқсас, осындай құбылыстарға толық жауап беретін молекулаларды басқа сұйықтықтан, басқа заттан, денеден табу мүмкін емес. Су молекуласының бойындағы көп қасиеттің болымсыз біреуі болмағанда, жердің бетіндегі тіршілік те күйрер еді. 

Бір заттың газ тектес, яғни – бу, сұйық, ұнтақ (қар), қатты (мұз) төрт түрлі физикалық формаға ауыса беретіні, күні бүгінге дейін ғылымды қайран қалдыруда. 

Мұздың салмағы неге жеңіл? 

Күллі сұйықтықпен салыстырғанда неліктен судың беті томпайып тұрады? Неге жер жүзіндегі еріткіш нәрсе су? 

Ондаған атмосфераның кедергілерінен өтіп, қандай алып ағаш болса да жықпылымен ұшар басына өрлеп баратын нендей құдіреті бар?   

Жас ғалымның басын қатырған осындай сауалдар уақытты ұрлап, оны өзінің ықпалына салып, дәргейіне байлай беретін. Сосын ғылым саласындағы карифейлердің арасындағы әңгіме, пікір талас жадына оралады. Токиода болған үлкен ғылыми конференцияда сөз алған Мәскеу мемлекеттік университеті биология факультетінің профессоры «Біз алға қарай үлкен қадам жасадық. Сондағы ұққанымыз, су туралы ештеме де білмейді екенбіз» деген еді. Осыған көзі шүбәсіз жеткеннен кейін «білсем» деген ынтызарлық сезім еріксіз бойын қармады. 

«Иә, ғарышқа ұштық, марсты барып бағындыруға бет алдық. Жер серіктерінің бір-бірінің көзін жоятын ғарыш майданына әзірленіп жатырмыз. Бірақ су мен дүниенің түбіне жеткен ешкім жоқ».

Монитордың төменгі оң жақ бұрышына хабарлама келгенін білдірген құлақтандыру белгісі жыпылықтап тұрып алды. Оның кімнен келгенін тап басса да ашуға онша құлқы болмады. Сағатына қарады, 23-тен 18 минут кетіпті. Ендігі отырысының орынсыз екенін біліп, жиналуға бет алды. Столдың үстінде жатқан смартфонына үңілгенінде бірнеше қоңыраудың, әлденеше хабарламаның түскенін көрді. Оның біріншісін басып қалды. 

«Бүгін менің опера театрында жаңа модельдерді таныстыратын күнім, ұмытып кеткен жоқсың ба?!»

Екіншісі «неге жауап бермейсің?!»

Үшіншісі «кел!» 

Осылай кете береді екен. Осы бір әйелдің танысқалы әрнәрсені сылтауратып, кездесудің жолдарын іздеп тұратыны көңіліне қона қоймады. Ғалым мен сұлулық галлереясындағы модельдің жұмыс ауыртпалығы әртүрлі екенін қайдан білсін? Оның шаруасы – дизайыншының кескіндеп, шебердің пішіп, тігіп, гордиробшының киіндірген костюмін көлкектеп шығу ғана. Ешқандай бас қатырып, ойланатын шаруа емес. Тек, подюмда он екі мүшесін кербез қозғап жүре алса, болды. Уақыты ұшан-теңіз. Содан кейін, бәлкім, қызықты, ләззатты шақтарды іздеп, табуға құштар. 

Онымен соңғы сөйлескенінде келесі жылғы көктемдік киімдердің таныстырылымы болатынын, ондағы басты маникен өзі екенін, егер Еуропадан келген сараптамашылар құп деп тапса, Милан қаласына аттанатындарын айтқан. 

Бүгінгі шарасына бармай қалғанына біртүрлі өзін әйелдің алдында қолайсыз сезінді.

Самаладай жарқыраған Сауран көшесімен ой жеңген қалпы ілгері жылжыды. Бірақ ол әлденеше ғасыр бұрынғы шапқыншы маңғолдың қолынан өлген, сүйегі әлдеқашан қурап кеткен, атамзаман ақиректегі Сүбе шалдың үрім-бұтағы, өрен-жараны екенін білмеді... Тіпті, жеті атасын түгендей алмайды... Судың тілін білгенмен, тектің түбін білмейтін жалпы адамзаттық өлшемдердің айналасында қалып қойған еді…

***

Жарқ етіп жаз шыққандағы Астананың көркі көздің жауын алады. Жылдың қай кезінде де кескіні келісті шәрі мамырдан әрі қарай жасана түсетін әдеті. Демін ішіне тартып бұрала ағатын Есіл – шаһардың шырайы. Майда толқындар ғана бір-бірін қуалап ойнайтын өзеннің бетін сызып, ара-тұра ақ шағыл шағын қайықтар кетіп бара жатады. Үстінде шаттана күлген міндетті түрде қыз бен жігіт тұрар еді. 

Қаланы қақ жарып өзен ақса да елорданың бір міні – ауыз судың тапшылығы. Қазіргі Арнасайдан келіп жатқан су – ел «жүрегінің» іргесі кеңіген сайын, қажеттілікті өтей алмауы әбден мүмкін. Бұл жалғыз бір қала емес Қазақстанның басындағы соры. Бүгінде байқалмағанымен тұра бара қабырғаға қатты бататын әлеуметтік те, экономикалық та кеселдің бірі болғандықтан әзірден осы байлау бермей кететін жөйітті ауыздамақ ниетпен стратегиялық жоспарлар жасалған. Жоспардың бәрі қаржының күшімен жүзеге асады. Ал оған өкіметтің жанында құлағы қылтиып көрініп тұрған артық тиын жоқ. Амалы – ақшаны сырттан әкелу. Бірақ, инвестор табу оңай шаруа емес. 

Бір жағынан капиталист те ақшасын бауырына басып жатқанды жөн көрмейді, үстін-үстін көбейте бергісі келеді. Ал, ол үшін не керек? Ол үшін –  ұзақ жылдарға созылатын жұмыс нысаны, бүгінгі тілмен айтқанда майы қолға жұғатын ырысты жобалар болуы керек. Осындай тиімді жобаларды олар да іздеуден танбайды. Сондай бір өсімге құштар Гуидо Бертолазо деген америкалық қалталы азаматтың назары тәуелсіздігін кеше алған дамушы ел – қазақ жұртына ауыпты. Мемлекеттің кепілдігімен Астана мен Ақмола облысын ауыз сумен қамтамасыз етуге бір жарым миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құймақ. Бұ қаржыға қара Ертістен Астанаға құбыр тартылады, ол іске қосылса ауыз су жайы өз жөнімен шешіледі. Әйтпесе, айналасы бес-алты жылдың арасында халқының саны төрт есе өсіп, үлкен болашақтың өрісі осында екенін танытып отырған кемел келешектің алымына кісен салынбақ. Мұндай жағдайда түбі ушығып кететін күлкүлі мол түйткілді нәрсені ауанымен жіберу – қатерге апарып соғатыны кез келген елге түсінікті. 

Г. Бертолаза ауқатты бай адам ғана емес химия мен физиканы қабат айналдырған үлкен ғалым. Ол тартылатын су құбырына қатысты Қазақстан тарапынан әзірленген жобалық-сметалық құжаттарды қарап, өзінің сарапшыларына талдау қорытындысын ұсынуды тапсырды. Солардың ғылыми байламы мен түйіндемесіне сүйеніп, түпкілікті ұйғарымын жасаған.

Осындай шаруаның ығын білетін бесаспап адамның межелеген іске назары ауғаны жергілікті менеджерлер мен жалпы жұртқа жақсы сияқты көрінді. 

Қаржы «Еуразия банкі» арқылы бірнеше траншпен жүретін болып келісілді. Қазақстан тарапынан шарт жасасқан заңды тұлға – «Кәусар су арнасы» акционерлік қоғамы. Ал, мердігер компаниялар басқалар болуы мүмкін. Оны енді қалалық әкімшілік пен тендердегі комиссия шешеді. Қайткенде де елден ерекше су арнасының бас директоры айрықша қуанды. Халық үшін бе, әлде қамы үшін бе, оны түсіну қиындау еді.

2

Сәмет әдетінше сегізде оянды. Тұрып кереуеттің шетіне отырды. Денесі зіл тартып, басы зеңитіндей. Екі қолымен маңдайын сипап қойды. Сосын еріксіз ту сыртына мойынын бұрып, төсегіне қарады. Еш қаперсіз Шәрбат шырт ұйқыда. Албыраған мына монтаны жүзі еріксіз сезімді қытықтайды. 

Түндегі оқиға есіне оралды.

Жұмыстан өлі қонаға үйіне келіп, шай-пайын ішісімен тағы да әлемдік деңгейдегі ғалымдардың еңбегін ақтара бастаған. 1980-ші жылдарға қарай оқымыстылардың басын қатырған фантастикалық болжам шындыққа ұласқаны оны үнемі әртүрлі ойға жетелей беретін. Бір жағы қуанады да, сәтін салса ғаламат дүниенің беті ашылатындай. Оған негіз – бүгінгі озық тәжірибе адам айтса нанғысыз жайтты көлденең тартады: судың ес-жадысы бар екен. Әлемнің көптеген елдерінде жүргізілген сынақтың нәтижесі көрсеткеніндей судың кез келген әрекетті қабылдап, есінде ұстап қалатыны дәлелденген. Қоршаған ортадағы құбылыстардың барлығын жадына тоқиды. Бір нәрсенің нендей зат екенін білу үшін оған бар болғаны тиіп кетсе, шайып өтсе – жеткілікті, бүге-шігесін әп сәтте ажыратады. 

Таң-тамаша ойдың лекіген жетегімен арпалысып отырғанда қоңырау шылдырлады. «Беймезгіл уақытта кім екен?» Самарқау тұрып, есікке беттеді. Іштей кім екенін де біліп келеді. Сондықтан сұрамастан құлыптың құлағын бұрады.

Ең бірінші көзге алқызыл раушан гүлінің шоқтай бумасы көрінді де, оның ар жағынан жайраң қаққан баданадай жанардың нұры төгіліп сала берді. Қара қас, мойылдай қарашық, әппақ өң, қызыл ерін шадыман шаттықтың мекеніне айналыпты.

– Қиял мен ойдың жемісін материяға айналдыратын ғалым жігіт қайда десем?.. – Бір аяғын табалдырықтан ішке салып, босағаға сүйенген қалпы сықылықтай күлді. – Ұйқыға ерте жататын суырдың айғыры сияқты тұмсығын бауырына тығып, маужырап барады екен ғой. 

Қарашығы мөлідей жалтыраған жігіттің жанарына жымиған қалпы құныға қарады. Толқынды шашы ат жақты келген әдемі өңіне әр беріп, шебердің қолынан шыққандай мінсіз қыр мұрыны көріктендіре түседі. Тік өскен ақ қайыңдай тұрқы, зипа бойында артық ештеменің жоқтығын көзге ұрады.

Әйел осы шырайлы кейіпті жігіттің көңілін біржола аудара алмағанына іштей қорынатын, ал сырттай еркелегенімен еш өкпе-наз аңғартпайды. Бүгінгі халықаралық дәрежедегі көрнекі маникен тұрғысындағы көктемдік модельдерін таныстыру рәсіміне келмегеніне де ренішін сездірмек емес. Өзі дегенде талайлардың аузының суы құрығанымен, Сәметтің салқындығы қайран қалдырады. 

– Төрлет. – Үйге келіп тұрған адамға «кірме» деп айту ұғымда жоқ. Бақытты әйелдің қуанышты сәтінен сырт қалмайын дегендей бұл да еріксіз жымиды. – Бәрі сәтті шыққанға ұқсайды ғой.

– Айтпа. – Әйел табалдырықтан аттап ішке енді де, мұның ерінін оң қолының сұқ саусағымен жымқыра басты. – Бәрі тамаша! Ұттым! – Үні үздіге, сыбырлай шықты.

– Нені?

– Милан қаласында өтетін маникендер сынына жолдама.

– Құтты болсын!

Тұла бойының өзі сүйріктей жас келіншек қылықты еркелігіне басты.

– Менің таныстырылымыма келмедің...

Жігіт үндемеді.

– Сені алағыза тостым. Міне-міне қолыңда гүлің бар, мені іздеп шыға келетіндей көріндің. Түйсігім мені алдаған екен... – Аузын бұртита ішкі кейістігін аңғартты. 

Бұған қаратып бірдеме айтудың қисынсыз екенін ұққан Сәмет жымиып күлді де қойды. Етенелікпен араласып кететіндей екеуінің танысқанына да көп болған жоқ. Ара-тұра ғана кездесіп қалады. Шәрбаттың суреттерін журналдардан көреді, ол жөніндегі мақалаларды оқиды. Теледидардан да бірнеше дүркін сұхбатын тыңдаған. Басында әдемі қыз деп ойлаған. Кейін бір баласы бар екенін өзінен естіді.

– Жеңісіңе қуаныштымын. 

Қолындағы шоқ гүлін алып, сырт киімін шешіп, жоғары өтуіне ілтипат білдірейін деп еді, бұла неме мойнына орала кетті. Жігіттің ерінінен өбе, үлбірете сүйді. Үстінен танауды жара француз әтірінің исі бұрқырайды. 

– Сені сағындым. Сосын үйге де бармай саған тарттым.

Осындай әңгімелер жалғаса берді. Әрі, еркетотай келіншек нешеме қылықтарын көрсетті. Сонда ұққаны үздік те әдемі маникен ретінде жиырма мың АҚШ долларына ие болыпты, келесі жылы Еуропада киілуі тиіс көктемдік киімдердің моделі сынаққа түсетін Милан қаласындағы бәсекеге жолдама алыпты. Мұндай күрделі де кешенді қуанышты атаусыз қалдыру атына лайықты емес еді. Екеуі мейрамханаға бет алған. 

Соның нәтижесі, міне, дел-сал күйге түсіріп отыр. Бүгінгі жұмысының пәтуасы бола қоймас. Сонда да жуынуға бет алды.

***

Жарықтық күн жаһанды шуағына малып, жер ананы иітіп жіберіпті. Астананың зәулім ғимараттары алтын шапақпен шағылысып, әрқилы сәуле шаша нұрға бөленген. Таңға салым өткінші сіркіреген сыңайлы. Әуеден дымның лебі білінеді.

Сәметтің зеңгіген басы шұғылалы әлемнің шадыман сиқырымен жеңілдеп бара жатқандай көрінді. Тынысын терең алды. Таңға жуық түсіне әлдеқайдағы соғыс, әлдебір қария енгені жадына оралды. Мүлде ойламаған дүниесі... Кесе көлденең асфальт жолдың үстінде терліктей жерге жайылған су жатыр. Мөп-мөлдір. «Қаншама құпияның кілтін ашып, нешеме мәлімет жинап үлгерді екен? Сүлейменге айналып, сөйлесіп кетер ме еді?»

Жаңа новигациялық қағидамен жұмыс жасайтын гидрогеолог ғалым Айтқажы Қазбеков атындағы Су ғылымы және технологиялар ғылыми-зерттеу институтының ғимараты да сәулеттік өнерінің соңғы стилінде салынған. Көрген көзге табын тастап, тамсандыра береді. Есігінің алды да асқан шеберлікпен абаттандырылған. 

Он екі қабатты алып үй сол жағалаудың шығысына қоныс тепкен. Маңайында көлік қозғалысы аз, бұйығы қалпы тыныштыққа малынады да тұрады.

Сәмет оныншы қабаттағы ғылыми-зерттеу институтының блогына көтерілгенде өзге сектордағы ізденушілердің қарасын байқады. Кабинетіне енді де костюмін шешіп, халатын киді. Бір жеңін жүре иығына іліп, зертханасына кіргенде көргені – өзінен басқа әлі ешкім келмеген екен. Әдеткі дағдысымен компьютерлерді іске қосты. 

«Судың ақыл-есі бар. Ол – естіген, көрген мәліметін мүлтіксіз сақтайды». 

Өз ойының шырмауымен жүріп, епсепті қолы шаруаны тиянақты атқарды. Осыдан бір жыл бұрын Аралдан әкелінген құтыдағы суды тоңазытқыштан шығарды. Оған «Қазақ топырағы қасиетті!» деген сөзді бірнеше мәрте компьютермен тыңдатып, ультра-оптикалық микроскоппен қарағанда молекулалар бір-бірінен алшақтап, оттегі бетіне қарай көтеріліпті. Энергетикасы әлденеше артып, молекула жарықты мейлінше бөліп тұрды. Компьютер бірден әр түйіршік 8,8 атомдық шуақ шашқанын көрсетіп берді.

Қазір сол ақпарат пен энергияны сақтап қалған-қалмағанын білу үшін қайыра сараптап көрмек.

Көп күттірмей көздей құтыдағы мұздың шеті еріді. Тамшуырмен іліп алып, бір түйір тамшыны мөлдір шынының бетіне тигізе қойды. Оны сосын микроскоптың қарашығына тосты. Әп сәтте монитордан ширақ қозғалып жүрген домалақ-домалақ денелер көрінді. «Демек, су өлмеген».

Екінші амалға көшті. «Энергиясы 8,8». 

Сол қалпы. Адамның араласуымен бойына енген қасиетін мүлтіксіз сақтаған.

Бір сәт Сәмет ойланып отырып қалды. «Біз бәленбай жылдар, ғасырларымызды сарп етіп қуатты аппараттар ойлап тауып, басымызды қатырып жүрміз. Судың жадысы барын енді-енді топшылап, жаңалық ашқандай желпінеміз. Ал бұл қасиетін ата-бабаларымыз ежелден аңғарған. Қарапайым суды күміс құтыға құйып дем салып, емдік ішімдікке айналдырған ғой». 

Бойы қунақ тартып, таң саз бергенге дейінгі дамылдамағанын ұмытып кетті. Жақсы жаңалық жан дүниесін жадыратып жіберді. Есіне еріксіз былтыр көктемде өткен Венадағы кездесу оралды.

«Кіршіксіз таза күміс су бүгінде ең керемет дәрі. Оның шипалылығы сондай Ауғанстандағы, Ирактағы Америка әскері осы суды ғана пайдаланған, әлі де жаратып жүр. 100 миллионға арналған бір атом жарадағы барлық микробты өлтіріп, зарарсыздандырады. АҚШ президенті дизенфекция үшін қолын осы сумен шаяды. Бұл судың не ғаламаты бар деген сауал еріксіз көлденеңдейді, – деген Пенсильван университетінің профессоры, АҚШ-тың халықаралық ғылым академиясының мүшесі Рүстем Раф. 

Сөйтсе көзі енді жетті, ақпарды бойына сақтай отырып, су жаңа бір қасиетке ие болады. Бірақ соған қарамастан оның химиялық құрамы бастапқы қалпында қала береді.

Күні бүгінге дейін ғылымда «судың химиялық құрамы маңызды» деген тәңіри ұғым қалыптасқан. Санаға әбден сіңіп кеткен пайым түбірімен қате, судың химиялық құрамы түкке тұрғысыз екен. Бар құпия құрылымында болып шықты. «Неге мына Арал суының оттегісі бетінде жүр? Оттегі бет жағында болса ол су ағзаға қандай әсер етеді?»

Есік ашылып, ауызғы бөлмеден өзіне біреудің келе жатқанын аңдады. Еріксіз ойы бұзылды. «Серік Қимақұлы шығар» деп ойын жиғанша профессордың да төбесі көрінді. 

– Ассалаумағалейкүм!

– Аликуммассалам! Қызу кірісіп кеткенсің бе?

– Қызықты нәрсеге ұшырасып жатырмын.

– Байқа, денсаулыққа салмақ түсіріп алма. Көзің қызарып тұр ғой.

– Түнде қонақ келіп...

– Ғылыммен айналысқан адам, ең бірінші режиммен өмір сүруге үйренуі керек. Сонда ғана жұмысың жүйелі түрде жылжиды. Стихиялы еңбек аса көп нәтиже бермейді.

– Режимге мойынсұнсам да қоршаған орта ықпалын тигізбей қоймайды.

– Қоршаған ортаның дәргейінде кетсең әлсіз атомсың, керісінше ортаң саған байланысты болғаны ләззім.

– Оһо-о, ол үшін Аристотель сияқты әлемдік ұстаз болуың керек қой.

– Кім кедергі келтіріп тұр? Бол.

Жігіт жетекшісінің тарапынан мынанша өзіне үміт артылғанын және қолдап, қолпаштаудың айырықша зор екенін танып, лажсыз жымиды.

– Бүгін бізге шетелдік ғалымдар келеді. – Серік Қимақұлының өңі өзгермеді, әңгімесінің бет-әлпеті өзгеріп кетті. – Сенің зертханаңды көрсетеміз, дайын бол. Министрліктің тапсырмасы. 

Профессор сырт бұрылып, келген ізімен кері беттеді. 

Екеу ара болған әңгімені әп сәтте ұмытып, қайта шаруасына кірісті. Көкшілтім мониторда ашық көк домалақ шарлар ары-бері қалқып жүр. Оны алыстатып қарағанда үркердей топ болып бөлек-бөлек жылыстайтынын байқайсың. Егер неғұрлым ширақ қозғалса, ол со ғұрлым энергия бөлетіні жігітке әбден мәлім. 

Клавиатураны алып жаза бастады.

... Судың құрылымы тек қана молекулалар жиынтығынан тұрады. Молекулалар жиынтығы өзара бірігіп топ құрады. Бұны – кластерлер деп атайды. 

Ғалымдардың пайымдауынша дәл осы кластерлер ес-жады ұяшығы. Олардың өзіндік ерекше қасиеті арқылы су магнитафонның таспасындай көргенін, естігенін, сезінгенін қалтқысыз «жазып» отырады. 

Тіпті, шам жаққанда судың құбылатынын адамдар білмейді. Тексеру кезінде байқалғанындай технологиялық ықпалдың күшімен, яғни, жоғары вольтты электр өрісінен өзгереді. Әрине, су – су күйінде қалады. Бірақ оның құрылымы, бейнелі түрде айтқанда, жүйке жүйесі кез келген болымсыз әсерге бой алдырады – молекулалар тез орындарын ауыстырады.

Жазуын доғарды да компьютер базасынан әлдене іздеді. «Менің құжаттарымның» ішінен әлденеше жиынтықтарды ашты. «Вена конференциясы» деген «деректер бумасына» ұшырасты. Көз алдынан сондағы жиындар мен кездесулер тізбектеле жөнелді. Сол үш күндік Вена конференциясында АҚШ-тың халықаралық ғылым академиясының мүшесі Рүстем Рафпен етене болып кетті де Пенсильван университетіне тәжірибесін арттыруға шақыру алған. Екі ай бойы соңғы кезде ден қойып, ізденіп жүрген тақырыбы бойынша қызықты жайттарға кенелді. Өйткені басқа да білгірлер осында тоғысқан еді. Сонда өзара пікір алмасқанда әйгілі профессор: 

– Мүмкін, су – бітімі бөлек құн жетпейтін әлемдегі жалғыз компьютер шығар, – деген. 

Жігіт те ойланып қалды. Бірде шалқып, бірде толқып, кейде үн-түнсіз жатып алып, бәлкім, ақпараттар қорын жинайтын кибернетикалық ес-жады болуы әбден ықтимал.

– «Мұндай құдыреттіліктің сыры неде?» дейсіз ғой. – Рүстем Раф мұның бетіне барлай қарады да жұмбақ жымиыс кепте үзіліс жасады. – Бұл кәдімгі әліп-би сияқты. Әріп танымасақ, әліпті таяқ деп білмейміз. Сөзді ұғынып, сөйлемді оқи алмайсыз. Сондықтан молекулярлық құрылым – судың әліп-биі. Оны оқи алсаңыз – сөйлем құра аласыз, өзгерте аласыз. 

Бұлардың әңгімесін сырттай тыңдап отырған Степан Бажанов жаңа бір істің шетін шығарды.

– Біз суға әртүрлі факторлармен әсер етіп, эксперимент жасап көрдік. Магнит пен электр өрістері қолданылды. Басқа да нысандар сыналды, соның ішінде адамды да араластырдық. – Бұйығылау кептегі Ресей жаратылыс тану ғылымы академиясының академигі, профессор, ғылым докторының тәжірибесі екеуін еліктіре өзіне тартты. – Адамның әшкере құлқұн пайдаланып, байқастадық. Көзіміз жеткен нәрсе – жағымды, жағымсыз эмоциялар бәрінен де ықпалды күшке айналды. 

– Қалай?

– Бір топ кісіге алдарында тұрған колбадағы суға ең жағымды сөздерді айтқыздық. Әркім өз білгенінше мейірім мен сүйіспеншілік, қайырымдылық пен шапағатқа толы лебізді жұмыла күбірледі. Шамалы мезет оздырып барып шыны құтыны алмастырдық. Енді керісінше әлгі келесі суға тасжүректік пен қатыгездікке толы нәлет, қарғыс, жеккөрушілік сияқты жағымсыз ниеттерін бағыштауды сұрадық. Бұдан соң ізінше тексергенде мейірім шуағы төгілген судың энергиясы артып тұрақтанған да, лағнат алған құтыдағы судың құнары төмендеп кеткен.     

– Мен судың ес-жадысы бар деп есептегеннен кейін, көп зерттедім. – Токио ғылыми зерттеу институтының жетекшісі Майсара Тохохамото әңгімеге араласты. – Судың сиқыры мен ғажайыбына көзім әбден жетті. Содан кейін жұртшылыққа оның дәл солай екенін қарапайым тұрғыда көрсетуге тырыстым. Жаңағы сіздер айтқандай суға түрлі-түрлі амалмен ықпал етіп, оның эмоциялық әсерін криогендік камерада сол сәтінде қатырып, суретке түсіріп үлгердік. Қайран қалдырғаны, судың жадысы ғана емес, мінез-құлқы да бар. Яғни, ол – құпия интеллектіге ие. 

Сол күнгі әңгіме осымен аяқталды да ертеңінде бәрі Майсараның конференция аясындағы панелдік сессиясына қатысты. 

Ғалым Тохохамотоның зертханасында қилы-қилы әсерге ұшыраған судың түрлері бүге-шігесіне дейін сарапталған. Баяндамасы арқылы сөзін қызыға тыңдап, лед-экрандағы дәйекті суреттерге Сәметтің құлқы құлай қарады. Тәжірибе аясында судың қалыптылығына әртүрлі амал-әрекетпен ықпал еткен. Тосын әрекеттерден түршіккен тамшының реакциясы криогендік камерада қолма-қол қатырылып, оның бейнесі электронды әдіспен суретке түсіріліп алынған екен. 

Әрине, жақсы лепес естігенінің формасы эстетикалық жағынан сан алуан кристалл түрінде ынтызарлығыңды арттырады. Балағатқа ұшырағаны ешқандай нобайға келмейді. 

Сол жолы Сәмет қазақтың «жақсы сөз – жарым ырыс» дегеніне қарап, бабаларымыз мұндай тәжірибені әлденеше ғасыр бұрын жасап, көз жеткізген бе деп ойлады.

Астанаға қайтып оралғаннан кейін жасанды жолмен судың құрылымын түзуге, яғни энергиясын арттыруға шындап кірісті. Заманауи техника мен нанатехнологияның амалдары оған оңай жол ашты. Зертхана жағдайында бүршік жарған соя дәнін әлгіндей сумен суғарғанда, оның фотондық сәулеленуі алты есе жоғарылады. Бұл көрініс жас ғалым үшін толағай табыс еді. Бірақ әбден көзі жетіп алмай, сырын ұстазына да айтуға тайынды. 

Күнделікті тәжірибе мен сынақтардың амалдарын үзбей хатқа түсіріп отырды. Нәтижесі көрсеткеніндей құрылымы түзілген сумен бапталған көкөніс мерзімінен ерте пісті. Және оған ешқандай тыңайтқыш заттар қосылмағанның өзінде микроэлементтері мен белогы мол, құнарлы болды. 

Бір қызығы теңдей көлемдегі алқапты суарғанда құрылымы түзілген су жай суға қарағанда 20 пайыз аз жұмсалған. Бірақ, екі түрлі судың да химиялық құрамы – Н2О. Тек біріншісінің оттегі мен сутегінің орналасу жүйесі өзгертілген еді. 

Аса қиналмастан жағымды көрсеткішке жетудің жолын меңгергенімен, химиялық құрамы бірдей судың нәрі неліктен екі түрлі нәтиже беретініне жауап таба алмай сарсаңдық кешуде.

Мұның тұңғиық ойын бұзып, апыр-тапыр басып біреу ентелей кірді. Адымының жиілігі мен тақылының зорына қарап әйел екенін байыптаған. Ішкі түйсігі алдамапты. Институт директорының алдындағы көзі тұздай хатшы қыз. Тігінен түскен ақ-көк жолақтары бар юбкасының етегі делеңдей, екпіндете бұл отырған бөлменің табалдырығынан аттады. 

– Телефонға жауап бермейсіз! –Аман-сәлемі жоқ. Аңтарыла қараған бұған базынасын айта енді. Жігітті таңдандырғаны, режимдегі нысан деп табылатын зертханаға көлденең адамның кіріп кеткені. – Он минуттан кейін шетелдік делегация келеді.

– Сіз мұнда қалай кірдіңіз?

– Ол маңызды емес. – Шалт бұрылып, айқұлақтанған неме «қажет болса бүкіл жерге кіремін» дегендей алшаңдай басты. Ізінше темір есік тарс жабылды. 

Монитордан Серік Қимақұлын іздеп еді, ішкі порталдан көрінбеді. Телефонын терді. Жауап бермеді. Компьютермен қалта телефонына байланысты. 

Үндеткіштен «Иә» деген даусы естілді.

– Шетелдіктер қандай мақсатпен келе жатқанын айтпадыңыз?

– «Қазақстан-Астана» жобасы бойынша.

– Менің оған қатысым қандай деңгейде болуы керек?

– Суға байланысты ғылыми негіздегі сұрақтар қойылып қалса, директорға жәрдемдесесің.

– Хатшы қыздың құпия зертханаға кіріп кетуі директордың пәрменімен болғаны ма? 

– Иә, солай шамасы. Директор сені іздетіп, пластик-кілтін берген ғой.

– Жақсы…

***

Тақтайдай даңғыраған асфальт жолда ЛендКрузер-300 жүйткіп келеді. Соңына екі пикап лескен. Жол бастаушы Серік Қимақұлы. Шетелдік әріптестерін, нақтырақ айтқанда, топырақ пен суды ғылыми зерттеумен айналысатын экспедиция сарапшыларын Бурабайға алып келе жатыр. Селеу шашты, сидаң бойлы Эндрю Ллойд Уэбберді су перісі Сүлеймен десе де болады. Ол зерттемеген өзен-көл, ол жасамаған тәжірибе жоқ шығар. Судың тілін білетін адам, биология саласы бойынша әлемдегі саңлақтың бірі, академик. Анда-санда жымиып қойғаны болмаса, көп те сөйлемейді. 

Күнқағары сорайып шыққан кепкісін біресе киіп, біресе шешіп, беймаза күй билеп тықыршып, артқы орындықта қасында отырған өзімен шамалас жігіт – Майкл Флетли. Жастығына қарамай еңбекқор – жерасты сулары мен тау жынысын тап басып танитын тарлан. Гидрогеология саласының енді өсіп келе жатқан болашағы зор дарынды тұлғасы. Топ жетекшісі Эндрю солай таныстырған.

Ал, үшінші азамат Колин Холлис физика мен химияға бірдей иек артқан, еңбегінің рәтін көрген ғалым-инженер. Қара Ертістен Астанаға тартылатын құбырдың ғылыми-техникалық негіздемесіне сараптама жүргізіп, ғылыми түйіндеме жасаған топқа жетекшілік етіп, жобаның болашақта мінсіз қызмет ететініне кепіл берген осы кісі. 

Араларындағы ерекше жан – Бекки Ромин. Әппақ жұқа өңі, талдырмаш нәзіктігі, желмен тербелген селеудің басындай ақ-күміс шашы, шынардай тіп-тік бойы еріксіз назар аудартады. Аялы жанарының қарашығы қарасымен тұтасып, жауһардай жайнап, тіке қараса мөлдіреген қара маржанға ұшырасар едің. Қарлығаштың қанатындай ұшы жоғары иілген мөлідей қасы, қайқайған кірпіктері әппақ өңін одан сайын ақ раңға айналдырған. Бетегедей салалы саусақтары экспедиция мүшесінен гөрі көркем гимнастика немесе портопиано шеберіне көбірек ұқсатады. Әйткенмен ол соңдарында келе жатқан қос пикаптағы көшпелі зертхананың маманы еді. 

Алдыңғы орындықта академик Эндрю отыр да, Одан кейін Серік Қимақұлы, Бекки, Колин үшеуі жайғасқан. Майкл екеуі әдетте джипте сирек қолданылатын ең соңғы қатарда. Ал, жүктің бәрі пикаптарға салынған.

Маусымдағы жазық жазиралы дала мен бұйрат-бұйрат белеңдер тамсандыра түседі. Жол-жөнекей ұшырасқан бір табын жылқының мамыражай жусап жатқанын  көріп қайран қалып, жаңа туған жас құлынның сүйкімділігіне Беккидің тіптен есі кетті.

– Бұлар жабайы емес пе? – Дауысы да күміс қоңыраудай сыңғырай шықты.

– Жоқ.

– Мен Африка сафариіндегі енекелер сияқты иесіз деп ойладым.

– Бізде түз тағылары ғана жабайы.

– Қалғанының бәрінің иесі бар деңіз. – Бұйра шашты, мексикалыққа көбірек ұқсайтын бидай өңді Холлис мырс етіп күлді. – Меншіктік сана – адам ақыл-ойындағы өлмейтін түйсіктердің бірі.

– Бірақ біз бәрібір сафариде келе жатқан сияқтымыз. – Майкл абдырап қалған бикешті қолдағаны әлде шыны ма, тү-у сонау бұлдыраған сағымға араласқан көз ұшындағыға қарап, күңк етті. – Менің Қазақстанда жүргеніме бір айдан асса да жер қыртысы мен бітімі ылғый таңдандырумен келеді. 

Расында да ара-тұра кездесе бастаған орманды жыныс жер әлпетінің өзгере бастағанын аңғартады. Бәлкім, геологты таңдандырған нәрсе – қаладан көп ұзамай-ақ құбыла алмасқан бұйраттар бедері мен қойнаулар қыртысы. 

– Бурабай деген ауқымы онша үлкен емес, кішкентай ғана жерұйық десе де болады. – Серік Қимақұлы араларында орнаған үнсіздікті бұзды әрі туған жерін шетелдік әріптестеріне мұқият таныстыру тікелей міндеті екені жадына оралғандай. – Бұл өлкені қазақтың Абылай ханы мекендеген. Ғажап өңір...

Бәрі бір сәт түрленген маңайға көз жүгіртіп, өз қызығушылығымен алданды. Сәмет «яғни, Майкл мына әріптестерімен қазақ еліне кеше ғана келмеген, ұйымдастыру шараларына сәйкес бір ай бұрын табан тіреген екен ғой» деп ойлады іштей.

– Осындай тамаша жерді хан – ел басқару орталығы ретінде арнайы таңдаған. – Серік ойын жинақтау үшін іркілді ме, бірер минуттың шамасында әңгімесін қайта жалғады. – Құпиялы інжудің ішіне енгеннен танауыңды жарып жұпар келсе, саф ауа сарайыңды ашып жібереді. Бірден денең жеңілдеп, көңілің жайдарыланып сала береді. Жүйріктің шүйдесіндей ғана толағай тауды айнала қоршаған орман және алақандай аумаққа сексен көл сиып жатыр.

– Сексен көл? – Шопырдың жанында, алдыңғы орындықта отырған Эндрю алпамсадай үйелменімен артына ошарыла қарады.

– Иә, сексен көл... – Мына тосын, нанымсыздау кепте қойылған сауал Қимақұлының өзін дүдәмалға итермеледі. – Бұл қазір символикалық атауға айналған, әйтпесе онда бір кездегі сексен көл жоқ. Біздің қазір көздеп келе жатқанымыз «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи қорығы. 

Қорықтың аумағына Әулиекөл, Үлкеншабақты және Кішішабақты, Шортан, Қатаркөл, Майбалық сияқты он төрт үлкен-кішілі көлдер кіреді. Бір уақтарда Көкшетаудың көлдері бір-бірімен жалғасып жатқан. Кейінгі индустрияландыру заманында орынсыз буып-бұрып тастаудың салдарынан қаншама көлдер мен өзендер тартылып кетті.

Ал, «Сексенкөл» деген атау қалыптасқан қазақ хандығы тұсындағы Көкшетау өңірі деген ұғымға сай қарасақ, іргелес Зеренді, Айыртау аудандарының аумағы да, Солтүстік Қазақстан облысының Сандықтау ауданы да осы алқапқа жатады. Бұл әкімшілік бірліктер кейін бөлінген. «Сексенкөл» осы жақтағы «Зеренді», «Ащыкөл» сияқты суларды да қамти айтылған.

– Зеренді Бурабайдан қанша шақырым жерде?

– Жүз жиырма- жүз отыз шақырым шығар. 

– Алыс емес. Тұтамдай аумақтан ұлан-асыр дүние жинап қайтуға болады екен ғой.

– Өз ісіне жанкешті адамға қашан да олжа бұйырады. – Серік қайта мығым кейпіне келіп, нығыз сөйледі.

– Жаңағы сіз айтқан король Аб... б...

– Абылай хан ба? – Сәмет мейманның тілінің ұшындағы сөзді жалғап жіберді.

– Иә, Абылай ханның резиденциясы осында болған ба?

– Осында болған. – Резиденция дегеннің қазаққа жат нәрсе екенін білсе де қыстауының Көкшенің аумағында қоныстанғанын меңзеп, Қимақұлы бас изей қоштады.

– Хан ордасы осында болған, хан тағының орны әлі бар...

Бұл кезде машина сыңсыған қалың орманның ішіне енген еді.

3

Американдық экологиялық-ғылыми топты Серік Қимақұлы алдын-ала арнайы лагерь есебінде әзірленген «Жартас» демалыс ауласына бастап әкелді. Сосын, жайғасып алғанша, жандарында полицейдей қыдиып қарап тұрғанды жөн көрмей, көлге беттеді. Қарағайдың мәуесі түскен алып тастың жайлы тұсына тізе бүкті. Қазақ елінің әуелден тұмарына айналған Әулиекөл алдында мөп-мөлдір болып тербеліп жатыр. Жан-жағында демалуға келген туристер ығы-жығы, бақадай шулайды. Ескекті қайыққа мінгендер де, катамаранмен қыдырғандар да қалың. Жағалаудан сексен метрдей жердегі шошайып тұрған Жұмбақтастың үстіне шығып қызықтаушылар да жетерлік. Дені жастар. Бәрі бақытты, бәрі шадыман кепте.

Кейде өздері де Астанадан бала-шағасымен осында келіп, көпшіліктің арасына сіңіп, бір сәт дүниені естен шығара рақаттанады.

Жылдан жылға мұнда жаз айларында демалушылардың қатары арта түсуде. Бірақ көздей ғана көл тазалығы сақталуы тиіс. Буырқана ақпаған соң, сырттан мөлшерден тыс қосылатын ластаушы дүниелерді табиғат өзі игеріп үлгере алмайды. Осыны біле тұра гидротехнологияны пайдалануға ешкімнің құлқы жоқ. Ол өте қымбатқа түсетін шаруа. Ал табысты бәрі жақсы көреді. Аз ғана уақыттың ішінде керемет демалыс орындары бой түзеді. Бірақ, тым құрымағанда табиғи тепе-теңдікті байқастап отыратын бір зертхана салдыру жөнінде ойласқан ешкім жоқ. 

Су ресурстары комитетінің көкейінде бұл мәселе бар, бірақ қолдары қысқа – қаржы жетіспейді. Алдағы жылдары сол жобаны бюджетке ендіруді жоспарлап отыр. Әзірше Көкшенің етегіндегі аңызға айналған Бурабай былық пен құлықтың бұғауында бұлқынып жатыр...

Осындай тұста Калифорнияның Ұлттық Су зерттеулері институты экологиялық мамандарынан «Табиғаттың ерекше көркем жаратылысы Бурабайға зерттеу жүргізіп берейік, шығынын өзіміз көтереміз» деген ұсыныс түсті. Олардың негізгі қызметі суды қорғауға, күтіп ұстауға және қалпына келтіруге арналған. Бұған Гуидо Бертолазоның қатысы бар еді. 

«Іздегенге – сұраған», қалпақтарын аспанға атып қуана рұқсаттарын берген. «Бурабайдың түбіндегі көлдерді бір жарым айда сараптап, химиялық, биологиялық, дәрумендік халі қандай деңгейде екендігі жөнінде ғылыми қорытынды ұсынамыз» деді. Ал келесі жылы мемлекеттен қаржы бөлініп тендер өтетін болса, Бурабай көлдерін тазарту, сауықтыру шарасына қатысты конкурсқа қатысып көретіндерін де жеткізген. 

Бұдан кейін оларға қалай жайылып төсек болмассың... 

Өзі келіп тұрған мүмкіндікті құр жібермей Комитет төрағасы шұғыл шешім қабылдап, бұл экологиялық-ғылыми топты ел кәдесіне жаратуды ұйғарған. Институт директорының орынбасары-зертхана меңгерушісі Эндрю Ллойд Уэббемен  мәміле сәуір айларында жасалған еді. Содан бері он-лайн келіссөздер жүргізіліп, бірнеше дүркін қатынас қағаздар алмасты – арасында ынтымақтастық меморандумы бар еді. Су ресурстарын зерттеу тобы маусым айының басында келетін болып шешілді. Оған дейін қажетті құрал-жабдықтарын Астанаға жөнелтіп те қойған. 

Комитет көрсетілген мерзімге алдын-ала шетелдік әріптестерін қабылдауға әзірленді. Оқжетпестің түбіндегі демалыс орнының бірін босаттырып, тек қана алаңсыз жұмыстарын жасауға қолайлы жағдай туғызды. Жан-жағына күндіз де, түнде де күзет қойдырды. Бейсауат адам жақындауға рұқсат жоқ. Күн ілгері өздері жіберген стандартқа сәйкес техника, екі көшпелі зертхана, құрал-жабдықтар даярланды. Жазғы демалыс мекемесі мемлекеттік құпия нысан сияқты көзден таса етілмейді. Бұл қызметтердің бәріне қаржыны күнібұрын Калифорния институты өздері төледі. Қазақстан тарапынан қаржы шықпады – комитет төрағасын қуантқаны осы болды. Ертең Үкіметке енгізетін атқарылып жатқан жұмыстар жайындағы есептік баяндамасына астын сызып, көрсететін іргелі ісі де осы болмақ.

Төраға шетелдік экология тобын өзі қабылдап, ортақ мүддеге сай әзірленген жұмыс жоспарын талқылады. Қасында Қазақ Ұлттық Су ғылымы және технологиялар ғылыми-зерттеу иниституты директоры мен оның орынбасары Серік Байдәулетов, өзге де жауапты кісілер бар еді. 

– Хош келдіңіздер, Эндрю мырза! – деп төраға бәрінің қолын алып, ықыласпен амандасты. Сосын орнына барып сөзін жалғастырды. – Өзіңізбен он-лайн арқылы таныссақ та, көзіме ежелгі достардай ыстық көріндіңіз. – Бәрі жымия езу тартты. – Сіздердің бұл қамқорлықтарыңызды қоршаған ортаны қорғаудағы гуманитарлық қадам деп есептеймін. Қазақстан су ресурстарына бай мемлекет емес, соған қарамай табиғат тепе-теңдігін сақтай алмай әуреміз. Мына менің сол жағымда отырған – өздеріңіздің әріптестеріңіз, – деп директорды таныстыра бастады. – Бірақ бұл кісі кезекті еңбек демалысына кетіп бара жатқаннан кейін, сіздермен тәжірибелік байланыс орната отырып, тығыз жұмыс жасауды осы ғылыми-зерттеу иниституты директорының орынбасары Серік Байдәулетов мырзаға табыстаймын. Оның қасында комитеттен басқарма бастығы болады, – деп түйіндеді төраға. 

Колифорния институтының өкілдері Қазақ Ұлттық су ғылымы және технологиялары интитутына келгенде ең әуелі зертхана жұмысымен танысты. Оларды директор өзі бастап алып жүрді. 

– Су мен оның технологияларына қатысты проблеманы Үкімет жақсы түсінгендіктен Ұлттық ғылыми-зерттеу институтын ашып отыр. Мынау – институттың зертханасы. Оның меңгерушісі, ғылым докторы, халықаралық аренадағы танымал адам Серік Қимақұлы, – деді. – Бұл кісінің қарамағында талантты жас ғалым, жас болса да ғылым докторы Сәмет Әшімханов деген азамат қызмет етеді. – Қолын Сәметке қарай нұсқады. Сіздерді Серік Қимақұлы өзі барып лагерьге апарып орналастырады, сосын үздіксіз байланыста болады. Сондай-ақ, біздің институттан тәжірибе алмасу тұрғысында, бір жағы үйлестіруші ретінде ұдайы қастарыңызда бір адам жүреді. Кім барады Серік?

Директор орынбасарына қарады.

– Институттан Әшімханов осы ғылыми экспедицияның жұмысына бастан-аяқ қатысады. 

– Жақсы.

Бұған ізденімпаз жігіт қуанбаса, ренжімеді. 

Сөйтіп, шетелдік ғалымдар Астанада жолға қамданып кеше бір күн аялдады да, міне, бүгін өзі бастап әкеп отыр. 

Жаздай қоныстанатын лагерьді көрген Эндрю тыянақты әзірлікке іші жылып қалды. Әдемі екі қабатты қатар тұрған қос корпус. Айнала қоршауға алынған, қоршау іші шымқай өскен қарағайлар. Аулаға өрнекті кеспетастар төселген, гүлзарлар өсірілген және екі мобильді зертхана алдын-ала әкеліп қойылған екен. Академик барып, ішін ашып, мұқият қарап шықты. Бәрі ұнады. Тек өз тарапынан қосқаны – кеңсе жағынан кеңдеу бір жатын бөлмені тәуліктің кез келген уақытында жұмыс жасауға қолайлы етіп, зертхана-кабинетке айналдыруға ниеттенді. Өздерімен арнайы Америкадан әкелген қос көлікке тиелген құрылғыларын сонда түсіріп, рет-ретімен орналастырды. 

Сәметті қызықтырғаны – күрделі де көрнекті көшпелі мобильді зертхана. Материалды сырттан жинап, оны қалаға әкеліп, содан кейін барып сараптауға отырмайсың. Дүниені тура табиғи ортасында тұрып байыптай бересің. Бұл, құпияның сырын ашуға, жұмысты нәтижелі де үздіксіз жүргізуге өте қолайлы. Сондықтан ерекше аңсары ауды. 

Жылжымалы көліктердегі аспаптардың қазіргі қожасы Бекки болғандықтан мойыл көзді, алтын шашты қызға қарай тартыла берген. Екеуі тез тіл табысып кетті.

Манчестер университетінің биология факультетін бітірген екен.

– Биология қызық та ауқымды сала, сенікі қай бағыт?

– Нанатехнология бойынша су ағзасының құрамын зерттеу.

Пикаптағы аспаптарды жерге түсіріп жатып тілдесті.

– Екеуміз онда шынайы әріптес болдық қой. – Бойжеткенге жымия қарады.

Осыдан кейін-ақ сөздері жарасып сала берді.

– Біздің табиғатымыз өте бай.

– Оған шүбәм қалмады.

– Дәл қазір нулы, сулы жерде тұрғаннан кейін Қазақстан тұтасымен осындай екен деп ойласаңыз, қатты қателесесіз.

– Болашақта әлемдегі басты проблема су болады. Бұл тығырық сіздерге де таянып келеді.

– Жеріміздің денін шөлейтті алқаптар алып жатыр, өзен-көлдер өте тапшы, жоқ дегенге тән.

– Сіздердің жерлеріңіз үстірт болып келген. Жерді адамның басы деп елестетсек, Қазақстан маңдайға қоныстанған.

Мына теңеуден кейін жігіттің көзіне торсық шеке ұл елестеді.

– Сондықтан су тапшы. Дөңесте қандай су тұра алады? Топан су қаптағанда Нұқ пайғамбардың кемесі кеп Қазақ даласына қайырлап қалғаны содан.

Жігіт қыздың мына тапқырлығына күліп жіберді. 

– Судың тереңдігі бір құлашқа да жетпей қалған. – Ұшақта отырып, бордтағы журналдан Қазығұрт жайлы оқығанын сөзіне қосты. 

Меймандар алдын ала әзірленген лагерьге жайғастырылғаннан кейін, Серік Қимақұлы оларды арнайы жайылған дастарханға шақырды.

Ағылшын жұрты, жалпы Батыс өкілдері әсершіл ме, Астана мен Бурабайдың сұлулығына тамсана бас шайқады. Бұл таңырқау әдейі көпшік қойып, көпе көрінеу мақтаудың амалы емес еді. Шын, алғаусыз көңілден шыққан лебіздің лебі болатын. Меймандар әзірше тек қаланың өзіндік сәулеті мен табиғат жаратылысының нәшіне ғана сүйінуде. Бұл жерде жүзден астам этнос өкілдері тұратынын, қырықтан астам діни наным-сенім барын, соған қарамай халықтың бір-біріне алагөз емес екенін әлі сезіне алмаған. 

Қарын жұбанғанда барып, Серік Қимақұлы қонақтарын Оқжетпестің төңірегін таныстыруға бастап алып жүрді.

Әдейі үйдей шарық тастармен қатталып, қолмен жиғандай бой көтерген шоқыларды көргенде тіпті естері кетті. Тастың ортасын жарып шығып, мәуесін төге тербелген қарағайлар мүлде бастарын шайқатты. Ал, жағасы демалушыларға лықа толған айдын көкпеңбек қалпы болмашы тербеліп жатыр еді.

***

Қолайлы да жайлы жерге қоныстанғаннан кейін шағын топ қызу жұмысқа кірісіп кетті. Әуелі арнайы зертханаға бөлінген бөлмені Ллойд Уэббер жабдықтап, компьютер, құрал-аспаптарын құрды. Шетелдік мамандар тәуліктің қай мезгілінде жұмыстарын жасаса да ешкім тиым салмады. Қалай жүріп тұрады, қайда барады – шек қойылмады. Тек оларға жәрдем, көмек қана жасалуы тиіс. Тапсырма солай.

Сондықтан Ллойд Уэббер аса разы еді. Енді, міне, негізгі діттеген мақсаттарына жетіп отыр. Тек соны ақылмен үздіксіз жүретін жүйеге қойып кетуі керек. Сол қазір көкейін тынымсыз мазалайтын.

Алғашқы күні зерттеушілер тобына Су ресурстары комитетінен бір адам және жергілікті билік – Су және орман шаруашылығынан бір маман қосылған еді. Комитеттің өкілі Көкшедегі су ресурстарымен қысқаша таныстыра келіп, қолдарына Бурабай қойнауындағы сексенкөл құрамына енетін сулардың атауы мен картасын берді. Өйткені, негізгі мәміле комитетпен жасалғандықтан Астанадан келген ресми биліктің кісісі көбірек жауапты. Сондықтан жалпы үйлестірушілікті орталық жасайтынын, Сәмет құзыретті орган мен салалық ғылымның өкілі ретінде зерттеушілермен бірге қалатынын ескертіп, Астанаға қайтуға рұқсат сұраған. Су өзінің стихиясы және зерттеуші нысаны болғандықтан ізденімпаз жігіт ғалымдармен күндіз-түні бірге жүруге о бастан бейіл боп шыққан. 

Алғашқы күні бірге ілесіп, бір-екі көлді аралаған ресми ведомствоның басқарма басшысына Эндрю алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Лагерьде адам қарасының көптігі ұнай қоймаған. Ендігі жолбастаушы – жергілікті су ресурстарының маманы. Ол ерте сәскеде эко-бригада тамақтанып болысымен төбе көрсетеді. Сосын баратын бағыттарына қарай қозғалады. Екі-үш күн тынбай сабылып, алаөкпе болып шапқылаған оған да шетелдіктер мұндай қамқорлықтың артықтығын аңғартты.

– Жолдың ауанын, шаруаның беталысын байқадық, – деді топ жетекшісі академик Ллойд Уэббер ақтүбіт шашы жел қаға болмашы дірілдей. Сұқ саусағымен көзілдірігін мұрнының үстінен түртіп, әйнегін қабағына қарай нығарлай итерді. – Біздің қасымызда ағылшынша таза сөйлейтін әріптесіміз әрі ғалым мистер Әшімханов жүрсе жеткілікті. Ол осы жердің жағдайын жақсы біледі, екіншіден, карта бар, сексен көлдің қалай орналасқаны мәлім – жөнін табармыз. – Қолындағы схемалар жиынтығын нұсқады. – Ең бастысы ештемеге алаңдамай уақытты ұтуымыз керек, сіз де алаңдамай өз шаруаларыңызбен жүре берсеңіз болады – деді.

«Қапияда дәнекүс ісіммен көңілдеріне қырын келіп қаламын ба?» деп тұрған жігіт:

– Бұл қалай болады?.. – деді абдырай, – Мен сіздермен үнемі бірге жүруім керек еді... – Жоғары жақтың тапсырманы өзіне солай жүктегенін алыстан аңдатты. Әрі, облысқа қарасты Бурабай аймағындағы су ресурстарының экологиялық ахуалы, ең бірінші өздерін алаңдататыны мәлім.

– Жоқ, еш әбіржімеңіз. – Бетіне бадырая қарады. – Бізге комитеттен бөлінген профессор Сәмет бар, бір маман – жеткілікті. Берілген кесімді уақыт өте тығыз, сондықтан қарқынды қимыл қажет.

– Бірге жүріп тәжірибе шыңдасақ...

– Жұмыстың беті бері қараған кезде тәжірибе алмасуға арнайы уақыт бөлеміз. Сіздердің қолданар амал-тәсілдеріңіз бізге қымбат.

Бұдан соң жергілікті өкілге енді бөгелудің қисыны қалмады.

– Көмек қажет болса, кез келген уақытта хабарласыңыздар.

– Әрине, өз тарапымыздан шеше алмайтын шаруа туындап жатса... 

Жылы қоштасып, ықтиярсыз қалпы жөнін табуға жылыстай берді.

Сөйтіп, Бурабайдың айналасындағы сексен көлді химиялық, биологиялық, дәрумендік хал-ахуалын зерттеу лагерінде бес адам қалды.

Эндрю «тиімді жұмыс істеу үшін екіге бөлінген дұрыс» деп шешті.

– Майкл, Бекки, Сәмет үшеуіңіз бір топқа бірігіп, сынама әкелесіздер, көлдерге барлау жүргізесіздер, – деді. Өзі жанына Колинді қалдырды. 

Бұл шартты түрде ғана жіктелу еді, әйтпесе, бірінен-бірі ажырап алысқа кеткен жоқ. Бастары түсте болмаса, кешке құралады. 

Жастар арнайы автокөліктегі мобильді зертханамен көлдерді аралап, су сынамасын алып, сараптама жұмыстарын жүргізеді де, тісқаққан бұлар ғылыми қорытындысын шығарады. Онда бірнеше өлшемдер бойынша су сапасына баға беріледі және қай көлдерге тазарту жұмыстарының қажеттігіне мониторинг жасалады. Жұмыстың ауыры да осы. Тәжірибе мен ғылымға сүйене отырып, көз алдындағы көрсеткіштердің негізгі мәнін тәптіштеп жазып шығуы керек. Яғни, табиғат тылсымынан алынған ақпараттарды зерделеу. Нағыз ғылыми байлам жасайтын жауапты процесті қабырғалы екеу өздеріне алды. 

***

– Сэр, қайырлы таң!

Қыстыға шыққан үнге жауап болмады. «Қапелімде байланыс үзіліп кетті ме?» Жоқ, сымның арғы жағындағы адамның демі естіледі. Бәрі дұрыс.

– Біз жақсы орналастық, жұмысқа барлық жағдай жасалды.

– Жарайсың. – Жағының кірісі зорға ашылды. 

– Жоспар бойынша істі жалғастыра береміз.

– Signalмен хабарласамыз.

Байланыс үзілді.

Эндрю жалпыға ортақ жүлгемен сөйлескенінің қате болғанын аңдады. Бірақ, дүниежүзілік құдіреттің соңынан қуып жүргендіктен, оған қатысты әрбір істің жанын жаныштап, дегбірден айырғаны рас. Оның үстіне, «әр басқан маңызды қадамдарың жайында тұрақты түрде хабар беріп отырыңдар» деген тапсырма бар. Негізгі нысанның іргесіне жетіп, лагерьге орналасудың өзі маңызды істің бірі. Қарап тұрса ешқандай әдептілік пен форматтың бұзылуына жол бермеген сыңайлы.

Ауыр күрсінді. «Әлемдік Ұлықтармен жұмыс жасаудың ауырын-ай».

Креслосының үстінде екі қолы екі жағына салбырап, иіні түскен қалпы сүлесоқ хал кешті.

4

– Бүгінгі маршрут қалай? – Аулаға иыққабын арқалап шыққан Сәметке үн қата Майкл сұраулы кепте қарады.

– Кеше кешкілік Бекки ханым үшеуміз бекіткен бағыт бойынша жүреміз. 

– «Қатаркөл» жақ қой?

Бұлардың сөзін іштен шығып келе жатып құлағы шалса керек, Бекки табалдырықтан аттай бейсболкасын басына киіп жатып жауап берді.

– Иә солай! 

– Тамаша... – Жеңі шолақ көгілдір жейдеше киген Майкл төбесіне резеңке қайық төңкерілген көліктің есігін ашып, рульге отырды. Ол жүргізушінің де міндетін атқаратын. Қазақстанға өзгелерден бір ай бұрын келгенде осы техникаларды комитетпен бірлесе іздеп, тапқан екен. Және бұлардың қожайындарымен жалға алу ақысын да шешкенге ұқсайды. Материалдық құндылықтардың біразына өзі жауапты. 

Фольксваген мобильді зертханасы гүр ете түсті. Кабинаға үшеуі қатар отырды. 

– Тарттық. – Сақал-мұрты қырылмаған қыр мұрынды, ат жақты жігіт бұларға күле қарады. Бекки ортаға, Сәмет шетке жайғасқан.

– Бүгін керемет ұйықтадым. – Қыз көзі күлімдей сөйледі.

– Енді анадай мегаполистен мынандай оазиске келгеннен соң, ұйықтайсың. – Майкл де көзінің қиығын сала тіл қатты. – Орман, көл, тау, таза ауа – бірден сенің магниттей тартып тұрған ағзаңа әсер етеді. 

– Бурабай маған ұнады. Қарашы, мынадай керемет картина қайда бар?!. – Машина Әуликөлдің жағасымен тауды қапталдай, орман-тоғайдың арасымен келе жатыр еді. – Кеше бір күнде инстаграмда менің Көкшедегі суретіме лайк басқан адамдар жүз мыңнан асыпты.

– Қой! – Майкл жалт қарады. 

– Шы-ын! – Бекки оң қолымен кеудесін басып, мойнын сәл ұмсына жауап қатты. 

– Киножұлдыздан да күшті болып кетіпсің ғой!

– Бекки бикенің қасында киножұлдыздар өшіп қалады. – Сәмет бір тұстан үн қатты. 

– Керемет! Не деген теңеу?! – Майкл басын шайқады.

– Ой, рақмет, сэр! – Қыз оң қолымен Сәметтің сол қолының сыртынан жұмсақ алақанымен ақырын басып, ризашылығын білдірді. Мұнысын өзі де байқамай қалған сияқты. 

– Бізде әдемі қыздарды алып қалатын дәстүр бар. 

– Қойыңыз. 

– Қоятын ештеме жоқ. Өзі жас, өзі таптырмас мамандық иесі болса, алып қалады. Осыдан Астанаға келгеннен соң «әл-Фараби халықаралық университетіне» барайықшы, қаншама талантты шетелдік азаматтарды көресіздер. Бәрі Қазақстан азаматтығын алып, қыздар осында тұрмысқа шығып, ерлер осында үйленіп, біржола тағдырларын қазақ елімен байлаған. 

– Маған да Астана ұнады. 

– Міне, міне, бірінші фактор...

– Ең әуелгіде қазақ жұртын ислам елдерінің тұрмысы сияқты тірлік кешетін мемлекет деп пайымдағам. – Бойжеткен енді шынайы ойын білдіре бастады. – Астанаға түскеннен Шығыс Азия немесе Еуропа қаласының бірінде жүрген сияқтымын. Міне, қарашы, шағын поселкенің өзі талғаммен, еуропалық стильмен жасалған.

Бұл кезде мобильді зертхана көлігі Бурабай ауылының ортасымен жылжып бара жатқан. 

– Маған да Қазақстан ұнады. – Майкл де қуаттай жөнелді. – Бір айдан астам уақыттан бері көріп жүрмін, өте өркениетті дамып келе жатқан ел. 

– Онда екеуің де қаласыңдар!

Үшеуі бірдей жарыса күлді. 

– Майкл сен үйленген жоқ шығарсың?

– Үйленген жоқпын.

– Онда әдемі қыздармен өзім таныстырамын.

– Ең бірінші өзің байқап көріп?.. 

Тағы да үшеуінің күлкісі жарыса шықты. 

– Байқағанда, сыртынан байқаймын ғой, ішін өзің көресің...

– Онда дұрыс екен...

Жастар әзілдесе сөз жарыстырып, жарты сағаттың аумағында Қатаркөлге де келіп қалды. Айналасын орман қоршап жатқан айдын тып-тымық, Бурабайдағыдай мұнда адам қаралдысы жоқ – зерттеу жұмысына қолайлы. 

Бұлардың жұмысы негізгі екі бағыттан тұратын. Табиғи ортадағы ахуал байыптай қаралып, жағалау мен су түбіндегі өсімдіктер зерттеледі.  Жағалауға қамыс пен қоғаның, әупілдектің өсуі – көлдің тартылып, көнере бастауының белгісі. Су құрамы мен жиектегі реликті шымтезек батпақтар арқылы көлдің өткеніне талдау, келешегіне болжал жасалады. Сонымен қатар, көл табанындағы жер бедерінің сипаты мұқият қаралады, соған сәйкес тазарту қажеттігі анықталады. Ол үшін шөгінділер құрамы зерттеліп, әрбір көлдің тереңдік картасы жасалады. 

Екінші бағыт – өлшеудің жаңа технологияларын қолдана отырып, әртүрлі маңнан судың жылуы, тереңдігі, лайлығы тексеріледі. Су құрамына айырықша мән беріледі. Ондағы мыс, мырыш, қорғасын, сынап, мұнай мөлшері артып кетуі өте қатерлі.

Міне, осы екі сала бойынша бұлар да екіге бөлінген. Бірінші бағытты игеруді Майкл міндетіне алған да, екінші тармаққа тиісті шараларды Бекки мен Сәмет жүзеге асырады. Қос зерттеуші аппараттары мен тиісті құралдарын қайыққа салып алып, көл бетіне кетеді. Ескекті Сәмет еседі де, зертханашы қызға үнемі көмектесіп отырады. Ыдыстарға құйып, көлдің әр-әр тұсынан сынама алады, оларды контурлы картада белгілеп, шыныларды нөмірлейді. Жылылықты өлшейді, құрылғыны тереңге тастап, лайлығын байқайды. Әрі, мұның бәрі сол заматта қағазға түсіп жатады. Айтқанға жеңіл, ал іс жүзінде шұқыңдаған шаруасы көп, сонымен қатар мұқияттылық пен тиянақтылықты қажет етеді. Жинаған материалдарын алып келіп, мобильді зертқанада алғашқы зерттеу жұмыстарын жасайды. Нәтижесін компьютерге енгізеді.

Бұл кезде Майкл де қызу әурешілікке түсіп жүретін еді. Жағалауды кешіп барып, ұзындығы 60, диаметрі 2,5 сантиметрлік темір құбырларды жерге сіңіріп, суырып алады да ішіндегі топырағымен екі жағын бітеп, жиыстырады. Қай жерден алғанын картаға белгілеп, оған да, құбырға да бірдей нөмір қояды. Оны лагерге апарып, екі білгір сарапшыға табыстайды. Топырақтың тығыздығы мен құрамына қарап, оттегінің қай мөлшерге дейін жететіні анықталады. 

Сосын, көлдің координатын қағазға түсіріп, орталыққа жөнелтеді. Тікелей Майклдің ұсынуы бойынша көлдің табаны ғарыштан зондталады. Сонда қайраңның деңгейі нақты шығады. Жалпы, жерді қашықтықтан зондтау жолымен өлшеудің жаңа әдістемесі 1990 жылдардың басында пайда болған. Бұл күндері америкалық қашықтықтан зондтау спутнигінің интеллектісі елу-алпыс метрге дейінгі тереңдіктегі қайраң бетін өте дәл өлшеуге мүмкіндік берді. Соған сәйкес көлдің түбін тазарту-тазартпау жөнінде байлам жасалады.

Сәмет рәзіңке қайықтың ескегін шірене тартады. Күн ұлы сәскеге жақындаған сайын қызу шекеден өтіп барады. Ұдайы қозғалыстан маңдайы жіпсіді. Бірақ Беккидің қасында неге болса да бекем көрінуге тырысып, шаруаға бар құлқымен кіріскен. Тіпті, өзінің байқауынша осы тірлігінен жаны ләззат табатындай.

– Бекки бике, сәл сабыр сақтасаңыз қазір сізді «Б» нүктесінен «А» нүктесіне жеткіземін. 

Жұп-жұқа көдедей кекілі үлдірей, жанары жәудірей қыз күлді. Балғын денесі, аш белі, әсем бәдені – еріктен тыс назарын аудара береді.

– Қатты қиналмаңыз, қолыңызға күш түсіп жүрер... Байдарка мен каноэ есетін спортшы емессіз ғой... 

Бойжеткеннің үні құлағына сондай жағымды естіледі. Төрт-бес күннің аясында бір-біріне етенелік білінетіндей. 

– Қиналып бара жатсам, мотор да бар ғой. – Екеуі жарыса күлді. – Сіздердің келгендеріңіз жақсы болды, шетелдік ғалымдармен жұмыс жасаған – көп нәрсеге көзіңді ашады, өсіреді. Істің жаңа амал-тәсілдерін көресің.

Қыз жымия қарады.

– Маған ұнағаны – Бурабайдың айналасындағы көлдер лай емес, яғни, жерасты көздері бар. Содан су шығып жатыр. Және бір байқағаным, оттегі көп. Бұл да жерасты суымен толығып отыратынын білдіретін бірден-бір белгі. Бірақ, кей тұстарда жағалаудағы жер бедері аялы қолды қажетсінеді және адамдардың табиғатты аяламайтын жауапсыздығы көзге ұрады. 

Қайық мобильді зертхананың тұсына тоқтады. Машина әуелгі өздері аялдаған маңнан басқа шетте тұрды. Өткені Майкл шөгінділер сынамасын алу үшін жиекті жағалай қозғалатын еді. 

Жігіт қызды қолынан демеп түсірді де, қайықтағы заттарды көлікке тасыды. Баклажкаларға құйылған суды зертханаға кіргізді. Бұл уақта қыз компьютерді қосып, микроскоп пен аспаптарын әзірлеп те үлгеріпті. Судан болымсыз сынама алып, алғашқы зерделеу шараларын бастап кетті.

Зертхананың бір бұрышында гидрогеолог ғалым өз шаруасымен сарсаң. 

– Сәлем, Майкл! – Сәмет әріптесіне қолын көтерді. 

– Сәлем! – Ол да жауап қайырды. Сосын өз ойымен өзі әуре қалпы «өсімдік жоқ болса, қорек жоқ» деп, әлденеге қортындысын тиянақтай алмай, басы қатып отырды. Оның мына шығармашылық кейпін әсірелеп, Сәмет:

– Жаһандық деңгейде ойлап, жергілікті салтқа сай әрекет етіңіз, – деді әзілдеп.

– О-о, біздің команданың ұраны! – Бекки көңілдене үн қатты. – Жаһандық деңгейде ойлау – тамаша! 

Сәмет тысқа шықты да қайықтағы құрылғыларды әкеліп, тиісті орнына қойды. Сосын, Беккидің жанына жайғасып, мониторға үңілді. 

Қатаркөлге қатысты ғылыми мәліметтерді тиянақтап, компьютерге енгізгеннен кейін мобильді зертхана лагерді бетке алды. 

– Күніне екі көлден қамтып отырсақ, жарты айда тең жарымына барып қаламыз. – Гидрогеолог ғалым өз істеріне қанағаттанғандық көңілмен күле сөйледі. 

– Аралары жақын болса, бір күнде үш-төрт көлді барлауға болар...

– Болады, әрине. Әйткенмен, асығыстық ғылымға жолдас емес. 

– Келісем.

Жеңіл машина жүйтки жөңкіліп, тоғайлы орманды қақ жарып келеді. Төңірекке Бекки тамсана қарайды.

– Бекки сен, Әуликөлдегі Жұмбақтасты көрдің ғой. 

– Көрдім, қандай ғажап...

– Оның кескіні өзгеретінін білесің бе?

– Жо-оқ. – Жүзін бұрып, өңі құбыла қарады. – Қалай?

– Кәдімгідей... – Екеуінің көздері күлімдей түйісті. – Бір тұсынан – бойжеткенді көресің, келесі тұсына барғанда – кемпір қарап тұрады. 

– Сенбеймін. 

– Қазір көрсетейін. 

Салонның ішіндегі климатты бақылаушы тесіктен жанға жайлы жел еседі. Көлік қозғалысы көп Бурабай ауылына да жетіп үлгерді. Жан-жақтан келген демалушылар иінтіреседі. Ауылдың орталығынан өтіп, «Бурабай» қорығына кіретін экологиялық тоспаға таянды. Машиналар баяу жылжиды. Көліктердің кіріп-шығуын реттеуші арнайы киімдегі эко-инспекторлар, бұларды алыстан көріп, таяқтарымен ым қатып, арнайы эко-зертхана болғандықтан, қарсы қапталмен кезексіз өтуді ұсынды. Майкл олардың ілтипатын ұғып, жанындағы жолдастарына әзілдей «бір мәрте артықшылығымызды пайдаланайық» деді.

– Сенің мұнда жүргеніңе айдан асты, осы аралықта нағыз қазақ болып үлгерген екенсің... 

Үшеуі де күлді. Жол жиегіндегі әріптестеріне қолын көтеріп, ала ағашы сорайған тоспадан кедергісіз өте шықты.

– «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген осы екен ғой, эко-инспекторлар бізді алыстан танып, жіберіп жатыр. 

– Жарады, қонақтарға құрмет көрсете алды. 

Бұдан әрі қарай кептеліс бола қоймайды, тек іркіліс Жұмбақтасқа таянғанда білінуі мүмкін. Бұлардың лагері Жұмбақтасқа жеткен кезде, оң қол жақта. 

– Жаңағы кереметті көру үшін сәл ары өтіп, қайтып оралайық.

– Мақұл.

Міне, қайта көліктер тасқыны жылдамдықты бөгеді. 

– Ал қараңдар, Жұмбақтастың қазіргі кескіні – кейуананың басын көрсетеді. Міне, міне, көрдіңдер ме?

– Иә, қандай шеберлік, аумайды. 

– Енді сәл жүргенен соң – бойжеткенге айналады. 

– Дәл солай, мен қызды көріп тұрмын. 

– Майкл, сен көрдің бе?

– Көрдім. 

– Қандай ғажап, бір тас екі бейне. Және, қыз – кемпір. Үндестік. – Бекки расында қайран қала тамсана сөйледі. – Неге қыз, сосын басқа бірдеңе емес... Логикалық та байланыс жатыр. «Бірінші бойжеткен боласың, уақыт өте келе кемпірге айналасың» деп көрсетіп тұр. О-о, май гад[1].

– Мына керемет ұнаса, бұл туралы аңызды кешке айтып берейін.

– Аңызы бар ма? 

– Әлбетте... Сосын бізде «кемпір қашан қызға айналады?»  деген жұмбақ бар.

Ағылшын қыз бен жігіт жарыса күлді. 

– Клева. Қашан қызға айналады? – Бекки қиыла тіл қатты.

– Ойланыңдар...

– Мына жерден енді кері қарай қалай бұрылам? – Майклді лагерге оралу жайы көбірек мазаландырды. 

– Қазір «Бурабай» санаторийіне солға бұрылыс бар, соған кір де қайта кері айналып шық... 

Бұлар лагерьге келгенінде Ллойд Уэббер мен Колин Холлис зертханада отыр екен. 

Машинаны аулаға кіргізді де, әкелген биоматериалдарын түсірді. Батпақты, суды арнайы контейнерлерге қаттап жинады. Сосын картаны, өзге де қағаздарды үстел үстіне қойды. Содан кейін барып, қолдарын жууға беттеді. 

Түстен кейін мобильді зертхана Үлкеншабақтының қасындағы Ақкөл мен Текекөлді барлауға кетті. Жұмыс қызу жүріп, уақыттың қалай өткенін де білмей қалды. Эко-бригада кешкі сегізге қарай лагерьге әзер оралды. 

Бұлардың көлігін сонадайдан көріп, күзеттегілер қақпаны ашты. Ауланың іші кең. Қызыл кірпіштен қаланған екі қабатты қос корпус бар. Ұзындау біткен екі үйдің сол жағындағысында ғалымдар орналасқан. Төменгі төрт бөлменің екеуі уақытша зертхана да, екеуі қойма орнында. Үстіңгі бөлмелерде ер адамдар жайғасқан, Бекки оң жақтағы корпусты қалады. Асхана да осы блокта. Іргені айнала қарағайлар бой түзеген, екі үйдің ортасына әдемілеп кеспе тастар төселген. Әсем гүлзардің қасында сыртта отыратын үстел-орындық, денешынықтырумен шұғылдануға арнайы құрылғылар қойылған. Аса үлкен де емес, кіші де емес демалыс аймағы көзге тартымды, көңілге жылы. Адам аяғы көп жүретін шудан аулағырақ, бұйығылау орын бұлар үшін лагерь ретінде жасақталған. Өздерінен басқа бөтен адам жоқ. Күзетші, екі-үш аспазшы, бір-екі жұмысшылар жүреді – болды. Сырт көздің аздығынан зерттеуші ғалымдар емін-еркін еді.   

Тамақтарын ішкеннен кейін алдарына көлдің тізімі мен карталарын жайып, ертеңгі маршрутты анықтады. Сәметке қайда барса да бәрібір еді, өйткені Беккимен бірге жүреді. Бойжеткен жанында болғанда кез келген бағытқа алаңсыз тарта бергісі бар. Сондықтан екі жігіт те ерікті бикеге берген. Ол картасына қарады да:

– Шортанды жаққа төмен түсейік. Жөкей көлі, Қотыркөл, Тасшалқарды барлап қайтайық.  Тек, – оң қолының сұқ саусағын шошайта тоқтады, – түскі асқа келмейміз, жол алыстау. Тамақты өзімізбен алып шығуымыз керек. 

– Мақұл.

– Ең бірінші жұмыстың тоқтамағаны дұрыс. 

Екі жігіт те құптай кетті. 

– Олай болса, келістік. – Зертханашы қыз жетекшінің рөлін қолына алып, екі докторды айтқанымен жүргізді.

– Бір адам бізге уәде еткен еді. – Әңгіменің әлпеті өзгеріп кетті.

– Ол адамның кім екенін бәріміз білеміз, бірақ саусағымызбен көрсетпейміз. – Майкл әңгімеге тіпті әр беріп қойды. 

– Не жөнінде? – Сәмет қаперінде ештеме жоқ қалпы үн қатты.

– Бәсе, не жөнінде? – Қыздың ағынан қарасы үлкен көзі ойнақшып шықты. – Жұмбақ-тас-с!

– А-а, сөй деп айтсаңыздаршы, уәде дегенге мен, әлдекім «бір шөлмек испан виносын аламын» деп уәде берген екен деп қалдым...

Қыз сықылықтай күлді. 

– Жұмбақтас жайлы аңыз сөз болып па, бастаймын.

– Иә, құлағымыз сізде. 

– Көкшетау өңірін, осы Бурабайды қазақтың айбатты ханы Абылай мекен еткенін алғаш осында келгенде айтқамыз. 

Беккидің жүзіндегі күлкінің лыпылы қайтып, байсалдылық орнаған.

– Оның айбатты болмасқа шарасы қалмаған, жан-жақтан ұмтылған қалың жау еді. Сондықтан қабағына қар қатып, қаһарына мінген. Әсіресе, жоңғар қалмақтар орыс пен қытайдың қолтығына су бүркуімен қазақтарды қойша қырды. Екеуін таластырып, қазақты әлсірегенде оп-оңай ұрып алмақ болып патшалық империя да, қытайлар да аңдып отырды. Сол кезде ел басқарған Абылай қатыгез, жаужүрек болмаса осы анталаған дұшпанды жеңе алмас еді. 

Сәмет отырғандарды жүзімен бір барлап өтті. 

– Өйткені жау қазақты қонысынан талай аударды. Жаз демей, қыс демей жетіп келіп, бейтарап отырған бейбіт елді шапты. Ішінде жініккен қара күш иесі нешеме нойыстар жүрді. Әлгілер сол сотқарлық, надандықпен ел басқарған. Қолдарында билік болғанан соң, озбырлыққа жүгініп, төңірегіне неғұрлым үстемдік орнатқылары келді. Тыныш жатқан жұртқа батырсынып жорық салып, тапал құлаға мінген өңкей ығай мен сығай көздері алақтап, сан мәрте жынша шұбырған. Бес қаруын асынып, мес қарын аттарын борт-борт желгізеді. Бәрі де жылыдай қан ұрттауға асыға түседі. Атының құйрығын түйіп, жалын күзеп тастаған жасақ бірнеше күн сабыла жосылтты. Шаштарын өрген қалмақтың қалдайлары дабыл қағып, көк найзасын ұмсына ұстап, аш қасқырдай анталаған әскер қазақтың ауылына ат қойды. Тыныш жатқан ауыл қас қаққанша у-шу боп, ұйлыға шаң астында қалды. Білеуіттер адырнасын аңырата арыс садақты тартты, сол заматта үрей шақыра ысқырған жебесі момын елдің жүрегіне қадалып жатты. Қайсы бір қаражүректер қанды қылыш жалақтатып, аямай тілгіледі. Енді бір дөкір көк сүңгіге жас баланы іліп алып, көкке әуелете салақтатты. 

– Ің-һ! – Кенет Бекки ішін солқ еткізіп тартып, шошып кетті. – Не деген қатыгездік!..

– Момын жұрт тері шүмектеген жау атының тұяғының астында қалды. Қисық көз, мұрты сапсиған дұшпан ер-азаматтарды қойша бауыздап, кәдеге жарар қыз, қатынды атқа өңгеріп, жан-жағына көзі алақтап қасқырдай ырылдады. Кәдеге жарамайтын жүкті әйел ұшырасса табанда ішін жарып, баласын тілерсектен керегеге іліп кететін. 

– Нағыз жыртқыштық!.. – Қыз таңдайын қағып, басын шайқады. 

– Қанқұйлы жау мұны да қанағат тұтпай кек сақтар деген ұл бала ұшырасса басын кесіп ап, қанжығасына салақтата байлады. 

– Сұмдық! Ужас!

– Әйелдердің сұлуы мен жастауларын бір-біріне шаштарын қосақтап матап, езулері қан-қан бола қарқылдай күліп, олжалап әкетті. 

Ол заман – тартынбай қан төккенді батыр көретін. Сосын артына жел бітіріп, «бір өзі жүз кісіге татыр» деп мақтайды. Ал зиянсыз шаруа баққан момындарды, «қолынан түк келмейтін қатын» деп, келемеждеген. Қалмақтың тайшысы қылышынан тамған қанға құмар болды, ажалын күтіп алдында үрейден дірілдеген жауын көрсе, одан сайын шабынып, ақиланды. Жазықсыз бейбіт жатқан елді бауша түсіру, қара жерді тып-типыл ғып күңіренту – ол үшін – даңқ еді. 

Міне осындай әбден ызасы өткен, қазақ даласын басып алып айбыны асқан жау қалмақтардың елін шабуға Абылай хан қол жинады. Апай төсті батырлар, саңлақ ойлы сарбаздар әр қиырдан келіп жатты. Сосын, дұшпан жұртына қарай аттанды. Туған елдің пұшпағын басып алып, алшаңдаған қалмақтың қолына қарай «Абылайлай» ұмтылған аламандардың айқайы мен ат тұяғының дүрсілінен жер қозғалды. Қазақтың басына үйірген қатер мен зауалды өз бастарына әкеліп, топалаң тигендей жасады. Батырлар жауды топтай айдап, қырды. Жас бала, кемпір-шалдың көзінен сорасын ағызып, жұртта қалдырды. Аттарын ентелете борбайлатып, мал айдап, жас әйелдері мен дүниелерін өңгеріп әкетті. «Бауырым-ай» деп озандаған кепті бастарына келтірді, ел іргесіне тиген басқыншы жұртты қанға бөктіре шапты. Жасамысы мен жастарын шұбырта айдап, олжа ретінде тұтқындады. Абылай хан «осылай қанға бөктіре шаба берсем, қалмақ өзі де тұрақтамай ауып кетер» деп топшылады. 

Бір қыдыру жер ұзағанда Абылай атының тізгінін тартып, найзасы көкке шаншылған қолды жиды. Желпініп алған қызу қанды әскер аттан түсіп, үлкен бір жонды омартаға құжынаған арадай жауып, гуілдеп жатты. 

– Ал, батырлар! – деді Абылай. – Алла ісімізді хош көріп, жауды жеңдік, елін шаптық. Енді олжаларыңды ортаға қойып, теңдей бөлісіңдер! 

Олжаның бәрі ортаға түсті. Сыбаға бөлісу біраз мезетке созылды. Ың-жыңсыз жүріп келе жатқан іс бір сұлу қызға келгенде тығырыққа тіреліп, тоқтады да қалды. Сол тұста әлгі сұлуға талас басталып кетті. Бейбақты біріне бірі қиып, бере алмайды. Тұс-тұстан қаумалаған апайтөс азаматтар бәрі «мен алам, мен алам!» деп, тұрып алды. 

– Бүкіл қолыма тиген дүниемді осы қыздың жолына қидым, бәрін қайтарып берем, маған қызды беріңдер! – деп шықты бірі. 

– Әй, сен ағаңа жолыңды бер, – дейді келесісі. – Мен де мына қыздан өзге ортақ олжадан ештеме алмаймын! 

Аш беліне қолаң шашы оралған, ақ маңдайдағы екі қасы қап-қара қарлығаштың қанатындай иілген он жетідегі ару көрген көзге тап салып, ортада тұрып қалады. Жәутең қаққан жанары сорлы басының саудаға түскенін әйгілеп, аясын жас торлайды. Ол қарашығын одан сайын мөлдіретіп, қалың нөпірді одан сайын ынтықтыра түседі. Көмейіне өксік тығылып, аш белі көк шыбықтай солқылдады. Қолаң шашын жел толқытып, ажарын айшықтай түсті. Тұрғандардың бәріне бойжеткен күн мен айдай көрінді. Сондықтан сұлуды бір-біріне қия алмады. Бір қыз үшін кең жазиралы далада қалың әскер даурыға толқыды. 

Торға түскен сұңқардың балапанындай үрпиіп, орға түсіп кеткен құлыншақтай үркесоқтады, қолға түскен құралайдай жасық қалпы монтиды. Ал даурыққан дүлей нөпір бір-бірін сөзден алыса алмай, бір байламға тоқтам бермей қалың әскер сеңдей соғысты. Әшейінде дүниені тәрк етіп жіберуге бейіл атымтай жомарт батырлар, сұлуды бөлісе алмай алакөзденді. Сол кезде хан:

– Жарайды, құлықтарыңды білдім. Қыз жалғыз – сендер көпсіңдер, жыртып тәберікке бәріңе теңдей үлестіріп беретін бұл емес, сондықтан осы жерден тоқтаңдар, алда уақыт бар – ойласайық! – деді. 

Ханның сөзіне қарсы шықпай тасыған өзендей күркіреп барып басылып, бәрі аттарына мініп жүріп кетті. 

Қалың қол қаптай жылжып, бірер күнде Көкшенің айналасындағы сыңсыған орманға да ілігіп қалды. Жүрген сайын тау мен тасты қаптаған қап-қара орман қалыңдап, жұпар ауа сарайды жарады. Сонадайдан Бурабай көрініп, Оқжетпес шың маңдайына бұлт орап ойнайды. Әуликөлге жасақтың алды ілініп, шалдығып келе жатқан жігіттер суға гүмп-гүмп сүңгіп кетті. Қайбір елгезек жігіттер аттарын да жетелеп апарып, көлге жүздіріп жүр. Енді бір қауымы шатырларын құрып, бақалшылар қазандарын да көтерді. Тып-тымық жатқан ұйыққан алқап, айқай-шуға толып, тоғай арасын даурыққан үн кезіп жөнелді. 

Тек тұтқын қыздар ғана жабығыңқы қабақпен мына дүниеге өгейсіне қарайды. Көлге түсіп сергіген аламан алқа-қотан тігілген желбіреген шатырларының қасында қайтадан әлі көкейлерінде дық боп тұрған дауды бастап жіберді. Бәрі сұлу үшін қызыл тілдерін безеп, құлықтарын анық байқатып, өңештерін соза түседі. Пенде боп бір бұрышта отырған тұтқын қыз олардың сөзіне елеңдей құлағын түреді. Жеңсік беретін, тоқтау айтатын ешкім жоқ – қызылшеке, қызылкеңірдек. 

Мұны кілем төсетіп хан ордасында отырған Абылай алыстан байқап, құлқы құрып, өңеші салбыраған даукес сарбаздарын шақыртып алды. 

– Бәріңнің бөктеріншектерің тоқ, олжасыз ешкім қалған жоқ. Әмісе жорығымыз осылай жеңіс, ырыздықпен біткей! Енді қолдарыңа түскен бір қызға бола өкпе сақтап, бір-бірлеріңмен жамандасып жүрмеңдер. Мына дауларыңның тоқтайтын түрі жоқ. Менің байлауым былай, соған көнесіңдер. – Хан сөзін үзіп, отты жанары, қатулы қабағымен бажайлай қарады. – Тұтқын қыздың еркіне салайық, бәріңді көріп, өзі таңдау жасасын. Кімге ықыласы ауса, сол – қатындыққа алады.

– Алдияр, алдияр! Айтқаныңыз әбден жөн – көндік. 

Мұны естіген хан нөкерінің бірін тұтқын қызды алып келуге жіберді. Демде дегдар бейшараны хан алдына әкелді. Ашаң жүзі әудемнен ағараңдап, аш белі талшындай солқылдаған керімнің кескіні небір сұқ көздің жеміне айналды. Сабағынан үзілген қызғалдақтың қауызындай шырайынан айрылған солғын жүзі, мергеннің оғы тиіп жаралаған құралайдай қам көңілі, жүрегіндегі меймілдеген күйік пен қасіретін жасыра алмаған күйі хан алдында басын иіп, томсарып тұрып қалды. 

Абылай тұтқын қызға барлай назар жүгіртіп, әмірлі үнімен тіл қатты. 

– Жарқыным, жеңген елде жосық жоқ, бірақ сенің бағың бар екен. Мына алдыңда тізіліп тұрған кіл батыр өзіңнен дәмелі. Ерікті қолыңа беріп тұрмыз! Қара да таңдап, біріне ти!

Талас сөзді қойып, құдайдан үмітті қалпы бәрі тұрған бойы қатып қалды. Бірақ көздері сұлуды атып, дегбір қалмай жан дүниесі тызақтайды. «Шіркін, мына сұлу кімді ұнатып таңдар екен?» деген сауал көмейді буып, жүректері тулайды. Жүздері құбылып, өңдері қуарып, қалың қол тым-тырыс болып, демдерін ішіне алып тынды. Тек ескен самалға тербелген биік шынар мен қарағай ғана қыздың жүрегінің зарын естірткендей сыңсыған үн шығарады. 

– Құлдық, тақсыр, үкіміңізге! Тағдырдың басқа салған ісіне көнеміз. Алайда, адамды жете байқап сынамасақ, бір көріп баға беру – қиын. Сондықтан, егер ерікті өзіме берсеңіз, батырлардың өнерін көрейік. Жебесі ұшқыр, құралайды көзге атқан мергеніне тиейін. Менің мына жаулығымды анау шаншылған найзатастың ұшар басына байлайық, жаулығымды атып, жығып бергеніне қатын болуға әзірмін. 

– Бердім тілегіңді! – Ханның үні жаңғырыға естілді. 

Мына байлам батырлардың білегіне серт болды. Бәрі етектен шың басына көз жүгіртіп, әркімнің жүрегіне зор күдік ұялады. 

Қыз еліндегі бір бозбаланың серт қып берген орамалын белінен шешті. Балғын өмірі мен туып өскен жері сағымдай көз алдынан бұлдырай жөнелді. Жібектей шайы орамалда «Егерде айтқан серттен айнысаң – мейлің жырт, мейлің өрте» деген кәнуалай тігілген жазу бар еді. Әлгі жазуға бір қарап, қыз орамалын хан алдына тастады. 

Кіл апайтөс арыстар жыпырлай қозғалақтап кетті. Ентелей хан мен қызды қоршай түсті. 

– Батырлар, бір қызық сын енді басталды. – Ханның үні күркірей шықты, жақпар тастағы құлжадай боп тақ үстінен қолын сермей сөйледі. – Әркім тәлейінен көреді. Мініңдер аттарыңа, шарт бойынша садақ тартасыңдар! Байлаңдар шың басына орамалды! Садақ пен білекті, көз бен жүректі сынайтын кез келді!

 Сол-ақ екен оңтайлы біреуі жерде жатқан орамалды іліп алып, Оқжетпеске қарай құйғыта шапты. Соңынан арқандарын сайлап, оншақты жігіт ілесті. Жақпар тасқа мысықша өрмелеп, қамау тұста белдеріне арқан орап, шыңға шықты. Серт орамал байланған найза ағашты түйсіз шыңның ұшына қадады. Қыз да бұл кезде Оқжетпестің ұшар басына таяу барып тұрған еді. Өйткені қай жебенің тигенін қапысыз көруді мұрат еткен.

Сәмет осы тұсқа келгенде байқатпай Беккиге көзінің қиығын салды. Ол сәл басын шайқайтын сияқты. 

– Сонымен. – Жігіттің әңгімені үзгеніне дегбірсізденіп барады. 

– Дүбінген батырлар даярланып, құлшына аттанды. Бір қыз үшін таласқан анталаған қалың қол гуілдей лепірді. Енді бірі оғын сайлап жатыр, енді бірі адырнаны кере тартып байқастайды. Жанталасқан дүние басталды. Бір үміт, бір күдікке жетелеген орамал көз ұшынан желбірейді. 

Сонадайдан Абылай:

– Бастаңдар! Бірақ кезек алып атыңдар! – деді.

Сол-ақ екен жүнді білек, апай төс адуындылар ер қапталын сықырлата үзеңгіні шірей, «а құдайлап!» айтулы жерден жебені ысқырта жөнелтті. Ойқастаған аттар жолбарыстай пысқырады. Тимеді. Келесі әуені тілгілей ұшқан жебе қабырға тасқа соғылды. Тағы бір дәмелі жігіт садағын шірей тартты. Анталай тұрған қалың әскер оқты санап, қапы кеткен тұста күркірей шулайды. Жас сұлуға қызыққан еркек кіндіктілердің бәрі оқ атты. Болат жебенің басы тасқа тиіп, от шашады. Бірақ, ешқайсысы орамалға жебесін жеткізе алмады. Алғашқы адуынды қарқын саябырсығандай, неше күннен бері күпінген кеуде салы суға кетіп, сұлу қыздан дәмесін үзді. Бірақ, ауаны қақ айыра айдаһардай ысқырған садақтың оғы үзілмеді. Уақыт та бесінге қарай ауып қалған. Діңкелеткенде нысанаға ешкімнің оғы маңайламады. 

– Арманда кетпеңдер, садақ тартатындар бар ма тағыда? 

Ханның үні айналаға күркірей тегіс жетті. Оқтың шытқа таянбайтынына әбден қаныққан батырлар бұдан әрі әуре боп, бір жағы келемежге ұшырауды жөн көрмеді. 

Осы кезде орамалға жуық Оқжетпестің көл жақ бүйірінде ұшар құзда тұрған қыз шыңыраудан төмен қарай өзін-өзі тастап жіберді. Бәрі «аһ-һ» деп қалды. Қалың қол шу ете түсті.

Кеш те болса бәрі шыңға байлап, орамал көздеу – қыздың қапелімде ойлап тапқан айласы екенін ұқты. Қайткенде де атасының қанын ұрттап ішкен жауына тимеудің амалы еді. Сол амалын жолын тауып орындады – ешкімге бұйырмай – шыңнан құлап, жан кешті. Содан бұл шың «Оқжетпес» атанған. 

– Ал, Жұмбақтас ше?!.

– Халық аузындағы аңыз бойынша жардан құлап өлген қыз денесі суға түсіп, сол жерден үлкен тас пайда болған дейді. Ол тас – қазіргі Жұмбақтас.

– Inexpressible[2]!  – Беккидің қарақат көздері жанып апты. – Не деген керемет, мына өткір оқиғалы тарихты Голливуд білмейді ғой. Білсе, бір талантты режиссер құлпыртып, кино ғып шығарар еді. 

– Жұмбақтастың қыз бейнесі – сол сұлудың кескіні болса керек. 

– Қандай ғаж-ап...

– Байқауымызша Бурабай, Оқжетпес Көкшетаудың көрікті жерлері. Ал осы Көкшетаудың өзі қанша ауқымды алып жатыр? – Ллойд Уэббер өңірді көзі көріп, бойы үйрене бастағаннан кейін төңіректі тереңірек танығысы келді. 

– «Көкше», «Көкшетау» деген ұғым кеңес өкіметі кезінде немесе патшалық империя уағында қалыптаспаған. Ол – ежелден «Көкшетау». Сондықтан Көкшетау өңірі кемінде Бурабай, Зеренді, Айыртау, Сандықтау сияқты аудандардың өңірін қамтиды. 

Сәмет сөзін үзіп, академикке назарын тоқтатты.

– Өкініштісі, бүгінде Көкшетау дегенде көп жұрт, қазіргі Бурабай курортының төңірегі деп ұғынады. Бұл, әрине, қате ұғым. Көкшетауды егіз жатқан Айыртаусыз, жалдана созылған Жыландысыз, текше тасты Сандықтаусыз, етегі көлбеу Еліктісіз, қоңырбарқын Қошқарбайсыз, өкпегі үзілмес Желтаусыз, қараорманды Қасқатаусыз, жыныс орманды Мақпалтаусыз, Көксеңгірдің кер жазығына шекара болған Жөкейсіз елестете алмайсыз. Тіпті Есілге қарай ұмсына жатқан Сырымбет пен Жаңғызтау да Көкшенің жайылып жатқан етегі. Осы бір табиғаттың өзі бар сұлулықты аямай төгіп бере салған ғажап өлкені – «Көкшетау» деп атайды.

– Асықпай жатып араласа, құмарың қанбайтын өңір тәрізді. 

– Тарихи оқиғаларының өзі еріксіз үйіріп алады. – Колин қалтасынан темекісін шығарып, орнынан тұра берді. 

– Сағат он болып қалыпты. – Беккидің сөзі, «демалыңдар, ертең қызу жұмыс бар» дегендей естілді. 

– Ал, жақсы! Жақсы демалыңыздар! – Сәмет те орнынан көтерілді.

– Рақмет! Жайлы жатыңыздар. 

– Қайырлы түн! 

– Түн байсалды болсын!

Жақсы ниеттерін білдіріп, әркім өз нөміріне қарай беттеді. 

5

Шортанды жаққа төмен құлдап, эко-бригада Жөкей көлі, Қотыркөл, Тасшалқарды барлап қайтқаннан кейін демалыс күндері Әулиекөлді асықпай зерттемекке бекінген.   

Бүгін Сәмет ертеңгілік Бекки екеуі Жұмбақтастың қасынан түсіп қалды да, Майкл жағалаудағы жер бедерін барламаққа әрмен қозғалып кетті. 

– Сәттілік! Байланыстамыз! – деп айқайлады қыз оның соңынан. 

Асай-мүсейлерін арқалап, қайықтарын көтеріп көлге келді.

– Жұм-бақ-тас! – Бике Әулиекөлдің киесіне айналған құпиялы қара тасқа тамсана мөлідей көздерін қадады. 

Таңертеңгі уақыт болса да көлге шомылуды бастап кеткендер жетерлік екен. Жағалауда малти, қуаласпақ ойнап жүргендер де бар. Дауыстары жарқын-жарқын естіледі.

– Бүгін сенбі, адам көбейеді. – Сәмет елеусіз үн қатты.

– Бізге олардың кедергісі жоқ. 

Екеуі сырт қараған кісіге демалысқа келген қыз бен жігіт сияқты. 

– Не деген тұп-тұнық, түбі көрініп жатыр. – Қыз жанарын көлден алмаған қалпы сөйледі. Мойнындағы тұтамдай қызыл, көк жолақты капрон шыт әппақ өңін мәрмардай етіп жіберген.

– Бұл – әлемге әйгілі Бурабай ғой. 

Бойжеткен «шын ба?» дегендей басын қиқайта көзін күннен алып қашып, жігітке қылиландыра қарады. 

– Осы көл ХІХ ғасырдың ортасына дейін Әулиекөл атанған. Ал мына таудың арғы бетіндегі Үлкеншабақты – Айнакөл, Кішішабақты – Күміскөл еді. Бірақ, басқыншы ел ежелгі атауына қарамай өз білгендерімен өзгертіп жіберді. Көнекөз қариялар мен халықтың айтуына сүйеніп, белгілі гидрогеолог ғалым Айтқажы Қазбеков көзі тірісінде мұны айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып, дәлелдеп берді. Бірақ бұған ден қойып, көңіл аударып жатқан ешкім жоқ. 

– Колониялық ел болғаннан соң, солай... – Жайтаң қаққан Беккидің өңі сол сәт солғын тартқандай көрінді, үні бәсең шықты. Жігіт баяу күрсінді. 

– Бурабай көлі – емдік қасиетімен әрі өзің көріп тұрғандай әсем табиғатымен ерекше. Теңіз деңгейінен 320,6 метр биіктікте жатыр. Қыратта, тектоникалық ойыста, табиғи тұрғыда пайда болған бұл көлдің ұзындығы 4,5 шақырым, ені 3,9 шақырым. Едәуір терең – кей тұсы 7 метрге дейін барады, орташа алғанда 4,5 метрдің айналасында. Суы таза, тұщы, жұмсақ, тұнықтығы сондай – түбі және ондағы жәндіктер анық көрінеді. 

– Иә, соған таң қалып тұрмын. Әне, ано-а-о-оу балықтар жүзіп барады. – Зертханашы қыз жас баладай қуана саусағын шошайтты.

– Ешқайда қосылмайтын тұйық көл болғанымен, ақторта, алабұға, сазан, табан, шортан балықтар өседі. Кейде, балшықты жағалауынан крокодил кездеседі.

Қыз жалт қарады. 

– Өтірік соқпа!

Әзілқой әріптесі қарқылдай күлді. 

– Ал кеттік, сэр, қорқынышты әңгіме басталмай тұрғанда. 

Жігіт құлашын кере екі-үш мәрте есті де:

– Осы тұстан температурасын, лайлығын өлшейік, сосын сынама алайық. Түске қарай тағы да бір байқап көреміз. 

Бекки құралдарын шығарып, суға тастады. 

– Жылылығы жиырма, лайлығын көрсетпейді. 

– Өйткені, тұнық қой. 

Ара-тұра ескек тиген су сылдыр қағып, қайық одан әрі жылжи ілгерледі. 

– Жұмбақтасқа соғайық. 

Қиыс кетіп бара жатқан Сәмет қайықтың тұмсығын солай қарай бұрды. 

– Шамалыдан соң елдің бәрі Жұмбақтаста өріп жүреді, сенің айтқаның жөн болды, ешкім жоқта барайық. 

Таянған сайын біреу әдейілеп қолмен қалағандай алып тастар бар тұлғасын көрсетіп, зоря берді. 

– Қандай керемет! Тастан жасалған айсберг. 

Қайықты жанамалай әкеліп, қапталдай тоқтады. Сол-ақ екен, Бекки лып етіп тасқа шықты да кетті. 

– Абайла! – Қайықтың жібін қайда матарын білмей, қызбен бірге ілесіп кете алмай, абдырай үн қатты. – Сенің қауіпсіздігіңе – мен жауаптымын. Аяғың тайып құлап жүрме. – Ақыры бір ілдебай тасты тапты. Жіпті соған екі-үш орап, тызақтап тұрған жаны Беккидің соңынан жүгіре жөнелді. Ол қақпа тасқа барып, қалай жүрерін білмей бөгелген. 

– Әкел қолыңды. 

Қыздың нәп-нәзәк, жұп-жұмсақ саусағы алақанына тиді. 

– Былай қарай. – Жетелей жөнелді. Бір кезде Жұмбақтастың үстіне достарымен келіп шыққаны бар еді, сол тұсты қуалай ілгерледі. Бәрібір жоғары жағында Беккиді аяғынан сүйемелдеп көтеруге тура келеді. Қыздың тәніне денесі жақындаған сайын жанына жағып, әлдебір соқыр түйсік еліте берді. 

– Басына шығамыз ба, осы жерден қайтамыз ба? – Сәмет үркесоқтай сауал тастады. 

– Басына шығамыз. – Жігіттің күткені де осы жауап еді. 

– Жақсы, абайла, менен айрылма. 

Сәмет қолдарын ажыратпаған қалпы алдыға жылжыды. Міне, өзі тұспалдаған қақпа тасқа бетпе-бет маңдай түйістіре тоқтады.

– Осы жерде, Бекки бике, мен сізді сәл көтеріп жіберуім керек. Әрмен қарай еңбектеп, бір-екі қадам жасап, тастың үстіне шығасыз. 

– Жақсы. – Қыз жүзін тасқа бұрып, ту сыртымен тұрды. Сәмет қос қолымен қыпша белінен ұстап, солқылдаған аш құрсағын қымқыра, мақтадай ғана жеп-жеңіл аруды жоғары көтерді. Сосын, ілгерлей жылжыған қыздың өкшесін сол қолымен тіреп, демеп жіберді. Бауырын тасқа төсей еңбектеген барысша, бойжеткен созылыңқырап барып, тас үстіне шығып кетті.

– Adorably[3]! Ғажап! Қандай керемет! 

Қыздың үні құлағына жеткен сайын, аптыға қақпа тасқа тырмыса өрмелеп, бетін сырып ала жаздады. Жанұшырып, тас бедеріне тырнағының ұшын іліндіре әзер көтерілді. Талшын тұлғасын көргенде-ақ, сол замат жаңағы қыстыққанын ұмытты. Жанына жетіп барып, білегінен ұстай тоқтады. 

– Сәмет, қарашы, қандай ғажайып өлке! 

– Иә, аяулым! Бұл ғажайыпты өзіңмен тамашалағаныма қуанып тұрмын. – Ақырын, сол қолын қыздың аш беліне жүгіртіп, өзіне тартты. Ол да қарсылықсыз бұған жақындай түсті. Уыздай дененің толқынысы жүрегін шымырлатты. 

– Бура-бай-и! – Оң қолын әуеге көтере айқайлады. Бұла мінезді Бекки де мойнындағы капрон шытын шешіп ап, қолымен әуелете желбіретті. Сосын сыңғырай күліп, жігітке қарады. Буынын ұстай алмай дәрмені құрып тұрған ол, бойжеткеннің албыраған ерніне ернін тигізді. Қапелімде қос қолымен қыпша белінен қапсыра құшақтап, балғын денені бауырына басты. Ләззатқа шалықтаған дүние бір пәсте тылсымға айналып, екі жастың сезімін құпия иірімдерге тартып жөнелді... Арудың көз алды алқызыл нұрға бөленіп, соңы ара-кідік жұлдызы жарқыраған көкшулан кеңістікке, шексіздікке айналып бара жатты.

– Екеуміз жұмбақ әлемде тұрмыз...

– Иә, аяулым, құпиялы да құдіретті сәт...

Сәмет қызды бауырына басып, шырын шақтың шуағымен бетінен өбе аймалады.

Талмаураған ынтық жандар Жұмбақтастың басында құшақтарын жазбай тұра берер ме еді, өздері сияқты қайыққа мінген қыдырған ел келе бастады – дауыстары көтеріңкі. Бұдан әрі еліткен көңілдің, алып қашқан арманның жетегінде қала беру мүмкін емес еді. Бүгінгі жұмыс ауқымы, уақыттың шектеулігі естеріне оралған албырт сезімге бөленген екі ынтызар жас қол ұстасқан қалпы төменге беттеді. Биік тастан ең бірінші Сәмет өзі түсіп, Беккиді көтеріп алды. Аяғын жерге тидірмей, қос қолына салған қалпы алып жүрді. Баланың қолындай балғын білегін жігіттің мойнына асып, әппақ өңі алаулап, шалықтай күледі. Жігіт тағы да тамағынан иіскеді. «Сен қандай ғажапсың? Неткен қимас сәттер еді? Бақыттан бас айналған кез осындай болар? Бойын алып қашпай, бауырыма жақындай түскені мені де жақсы көргені ғой... Неткен періштедей нәзік жан еді?» деген сияқты үзік-үзік ойлар жігіттің түйсігінен тізбектеле өтті. Жүрегі аттай тулайды. Қауырсындай салмағы жоқ қызды әлпештей, аялай жүре бергісі бар. Міне, тастың ернеуіне келді, бал-бұл жанған бұла бикені қалықтатып әкеп жерге түсірді. 

– Сәмет, супер, мен саған разымын, – деді қарақат көзі ойнақшып.

Жігіт қолынан демеп, қайыққа өткізді. Сосын өзі жайғасып, ескекті тасқа тіреп, итерді. Қайық баяу қозғалды. Назары әлі Беккидің жүзінде, Бекки Жұмбақтасқа ынтыға қарайды. 

Қайық жылдам жүріп кетті. Әлгіндегідей емес, көлдің беті ызы-қию қайшалыс. Жарыса сырғыған қайықтар, қалқыған катамаран, тіпті, кейбір жүзгіштер Жұмбақтасқа малтып барады. Жағалауда суға шомылған ел. 

– Біз көлдің тура ортасына аялдайық. – Сәмет ендігі бағытын аңғартты.

– Барайық.

Табан астында өзге құралдармен бірге жатқан шағын маторды алды да, қайықтың артына бекітті. Сосын бір ноқатын басып қалып еді, быжылдаған араның үніндей дыбыс шығарып, отала жөнелді. 

– Міне біздің Титанигіміз дайын. 

– Жоқ, Титаник деме, оның тарихы жақсы емес. – Қыз күле қарсылық байқатты. – «Калипсо» де, Кустоның кемесі «Калипсо»!

– Теңіз құдайы Калипсо! 

Мотор бірқалыпты быжылдаған үн шығарып, алдан самал жел есіп ала жөнелді. Майда толқындар ғана білінетін көкпеңбек көлдің бетінде ақ шағалалар жер бауырлай ұшатын қарлығаштай суға тиер-тимес қалпы қалықтайды. Сонадайда туристерді қыдыртып жүрген шағын паром жылжып барады. Айналаның бәрі бақыт шұғыласына шомып, шадыман күй кешкен. Сәметтің саңы сұлу сүмбілге ауа береді. Оның иығына түскен селеудей құлпырған күміс шашы, мойнына ораған қызыл, көк жолағы бар шыты желбіреп, одан сайын сиқырлы сүдінге айналған. Қараған көзге тап тастайтын киіктің құралайындай кейпі – еріксіз ынтықтыра түседі, ынтызарландыра түседі. Мына жұмбаққа толы жаһанның ішінде Беккидің жөні жігіт үшін мүлде басқа болып бара жатты. 

Тәтті қиялға еліткен қалпы Әулиекөлдің тура ортасына келді. 

– Ал, ханым, ортасы осы болар, қазір гидролокацияны қосып көрейін.

Қыз қолына контурлы картаны алды, жігіт жанында жатқан навигациялық радиопеленаторды қосты.

– Көлдің ұзындығы 4,5 шақырым, ені 3,9 шақырым. Біз қазір ұзындығы бойынша 2,25, ені бойынша 1,81 қашықтықта тұрмыз. 

– Жетеді, дұрыс! Қазір картадан табайын, зерттеу нүктесін белгілейік, сосын осы жерден сынама алып көрейік. 

Сәмет су температурасын өлшейтін аспапты көлге тастады. Бұл маңда екеуінен басқа өзге ешкім жоқ еді, көлге шомылып демалушылар жағалауда ғана қараң-құраң етеді. 

– Судың беті +23 градус, енді төменірек түсірейін, – қолындағы кабелді саумалай тастады, – үш метр тереңдікке жібердім, – ал күтейік. 

Термометр дұрыс көрсету үшін әр тереңдікте үш минут ұстауы тиіс, сонда сынап бағаны жылуға байланысты нақты өлшемге тоқтайды. 

Қыз бейнесіне көзімен аялай қарап отырғанда үш минут уақыт жылдам өте шықты. Бекки де бұған өзі сияқты ынтыға қарайтын тәрізді. Оның да сезімі жігіттің құштар көңіліне ынтызарлықпен жауап беретіндей. 

– 21-де 4.

– Иә, жаздым. 

– Онда түбіндегі жылулыққа кеттік. – Жігіт тағы да қолындағы кабельді саумалай тастады. Кабельдің қайықтағы ұшына жалғанған жанында жатқан аспап, термометрдің қанша тереңдікке түскенін, ондағы жылудың қай мөлшерде екенін көрсетіп тұратын еді. 

– Алты метрден астым.

– Терең екен.

– Қазір тоқтайды. Міне, 6-да 62 сантиметр.

– Осы жерден топырақ алайық. – Қыз баклажкаға су құйып жатып, елеусіз қалпы ұсыныс айтты. 

– Алайық. – Сәмет айтуын айтқанмен, жеті метр тереңдікке сүңгіп барып, және су астында топырақ алуға қанша уақыт қажет екенін ойлады. «Арқаларында акволанг жоқ, қалай болар?» деп дүдәмалданды.

– Қорықпа, сэр. Біз ашық теңізге түсе береміз. – Аяғындағы кроссовкасын сыпырды, орнынан тұрды да шортиын шешті. Жұп-жұмыр балтыры, әппақ саны жігіттің көзіне оттай басылды. Сөйткенінше жейдесін де сыпырып тастады. Ішінде омырауын бүркеген қызыл, ақ жолақты шомылатын лыпасы бар екен. Талдырмаш денесі сүйріктей болып, үлбірей көрінді. Сосын, бақайының басына қаздың табанындай тарбиған ескекаяқ ілді. Құлағына бируши салды. Көзіне суасты көзәйнегін киді. Беліне патронташ тәрізді тізбе қалтасы бар белбеу байланды. Онда піспектің әртүрлісі тұр еді. 

– Ал мен кеттім.

– Абайлашы. – Қыз тереңге гүмп берді, оның әппақ бәдені күнге шағылысып жарқ етті де, демде соңына шымыр-шымыр еткен домалақ-домалақ күміс моншақтар қалдырып, көкпеңбек мөлдірлікте сұлу сүдін қалқып бара жатты. Тұп-тұнық судан қыздың денесі анық көрінеді – қол созымда ғана сияқты. Су перісі тәрізді. Мойнындағы капрон шытын шешпепті, ол бұған еркелей «кел, кел» деп бұлғақтай шақыратындай. 

Сәмет те шешіне бастады. Бірақ, ана тереңдікке жету – қолынан келмейтін еді. Сонда да шамасына қарай сүңгуге тырысты. Бассейнге айына бір-екі баратыны, 30-40 метрге шаршамай жүзетіні көңіліне демеу. Әйткенмен су астында ұзақ уақыт дем ұстап әрі тереңдікке сүңгу – оңай нәрсе емес. 

Аяғына тарбақ бәлені ілді де, сүңгіп кеп кетті. Тұп-тұнық көгілдір әлем ғажайып күй кештіріп, Беккиге қарай ұмтылды. Ол соно-о-оу қайраңға бауырын төсей шөгіп, топырақты қопсыта әлдене жасап жатыр. Қасына келді. Қыз бұған қарады – көзі күлмің қағады. Жігіт бас бармағын көрсетті. Одан әрі демінің жетпейтінін біліп, бөгелмей қайта көтерілді. Айдынның бетіне шығып, ауаны оптыға жұтты. Арада он-он бес секунд өткенде басы сопаң етіп, Бекки де дәл тұсынан жаңа туған айдай жарқ етті. Жігіттің қуаныштан жүрегі лүпілдей соқты. 

– Мен сенің қайсарлығыңа тәнтімін...

Қыз жымиды, бірақ үндемеді. Әрі өзі сияқты алқынып тұрмағандай көрінді.

– Сынаманы толық алу үшін қазір тағы да бір мәрте сүңгимын. Су сондай тамаша, денем жеп-жеңіл болып қалды. 

– Деміңді ал. – Жігіт аузын жиып болғанша, Бекки тереңге қарай лып ете жөнелді. Сәмет ентігін басып, өкпесі қалыпты тыныстай бастағанда ол да тұңғиыққа гүмп берді. Бойжеткен жаңағыдай қайраңның бетіне жермен-жексен жабысқан қалпы, сүйріктей саусақтарымен әлдене шұқылап әуре. Жанына таянғанда байқағаны арнаулы піспекпен топырақты сорғызды. Сосын оны жылдам беліндегі белбеудегі тесікке сүңгітіп жіберді. Екінші бір піспекті сурып ап, бүлк-бүлк етіп ауа шығып жатқан тұстан су алды. Оны да беліне қыстырып үлгеріп, жігітке жоғарыны көрсетті. Екеуі сосын жұптаса атырылып, төбеден құйылған жарық сәулеге қарай ұмтылды. Жігіт сол қолымен қыздың оң қолын ұстады. Белдерінен төмен қарай аяқ жақтары толқындана қозғалып, су астында екеуі бір-біріне қарады. Қыздың мойылдай бадана көзі күлмің қақты. Жігіт тынысы тарылып, қыстыққанын ұмыта жүрегі атқалақтай соқты. Жан қыстыққан ұрымтал тұста жаныңдай жақын адамың қасыңда болғанының өзі бәрін жеңілдетіп жібереді екен. Керісінше, мына тым әсерлі сәтті қимағандықтан, онымен су астында бөгеле түскісі келетіндей. Екеуі бірдей айдын бетіне шорши шықты. Жігіт аптыққан қалпы қызды қапсыра құшақтай, кеудесіне басты. Оның кептердің төсіндей томпайған омырауы көріктей көтеріліп басылған көккірегіне жібектей жұмсақ тиді. Қыз бір қолымен басын айналдыра құрсаулаған су асты көзілдірігін сыпырып, қайыққа тастады. Сосын жігіттің мойнына қос қолын арта асыла кетті. Албыраған еріндер шырын дәмін сезіне өбісіп, айдын көлдің ерке толқыны тербеген аптыққан жүректер ләззат буына шым-шым батып бара жатты. Тіке түскен күннің сәулесі су бетіне жаһұт шашып, аңсары ауып, тілі байланған ғашық жандарды нұрға бөледі. Әулиекөлдегі шарпысқан шікәмсіз сезімдер мөп-мөлдір кәусардың дірілінде шалықтап жүрді. 

Әбден ойыны қанған баладай солығы басылғанда барып, екеуі қайыққа мінді. Бекки көденің басындай үлпілдеген су-су шашын саусақтарымен салалай тарады. 

– Көлге екеуміз он-он бес минут шомылдық қой, бүкіл көкірегім, тұла бойым жеп-жеңіл. Өзімді қаңбақ сияқты сезіп келе жатырмын. Шипалық қасиеті өте жоғары тәрізді.

– Әлгінде мен саған «әлемге әйгілі Бурабай» дегенім сондықтан. Осындай қасиетін шомылғаннан соң сезініп, шетелдік туристер бір келгеннен соң, жылда келеді. Әрі, үнемі айтып жүреді. 

Сәмет күлімсірей, аңсары ауа қарады.

– Мына көлдің неге «Әулиекөл» деп атанғанын айтайын. 

– Неге?

– Бұл көл дыбыс шығарады. 

– Крокодил сияқты әзілің емес пе? – Үнемі ұшқын байланған жасын жанары жалт ете қалды. 

– Жо-оқ, шын айтып отырмын. Күз айларында «әу-лие» деген үн шығарады екен. Оны маңайдағы тұратын кісілер естіген. Осы қасиетіне сәйкес ел «Әулиекөл» атаған. 

– Адам сенбейтін ерекшелік екен... 

– Сол Әуликөлде мен сені алғаш рет құшақтадым, алғаш рет сүйдім... Әулиекөлдің дәл ортасында сенімен ғана бірінше рет суға шомылдым...

Қыз жымия күліп, көзін төмен салды.

– Бұл көлге халықтың қойған тағы бір атауы бар, ол – «Айнакөл».

– Неге бір көлге сонша атау берген?

– Үнемі тұп-тұнық қалпы айнадай жалтырап жатқаннан кейін «Айнакөл» атанған. «Айнакөл», «Әулиекөл» бұл – көлдің табиғи ажарын ашып, болмысына сәйкес қойылған. Ал «Бурабай» кеңес дәуіріндегі қасақана ілінген жасанды атау. Өйткені мына орманды алқап «Бурабай» атанғаннан кейін, көлді де ежелгі атауына мән бермей біржақтылықпен «Бурабай» деп жіберген. 

– Дұрыс емес екен.

– Әрине дұрыс емес. Айнакөлге өзің сияқты айнадай жалтыраған сұлу қыз шомылып жүрсе, қандай ғажап...

Бекки ақ дидарын жігітке бұра, албыраған еріндері сәл жиылып, сәбидей жымиды. 

Алдын-ала келіскендеріндей түс әлетінде Кенехан үңгірінің тұсынан екеуі Майклмен жолығысты. 

Түстен кейін Әулиекөлдің оңтүстік, оңтүстік батыс жағы мұқият барланды. Әдетте бір күнде екі-үш көлден сынама алып жүрсе, бұ жолы Бурабайға бір күн әзер жетті. Өйткені, көлге ықыластың ерекшелігі мен оның табиғи тылсым да жұмбақ мінезі көбірек уақыт жұмсауды қажет етті. 

Ертеңгілік Бекки ерте тұрды да кеше Әулиекөлде қағазға түскен мәліметтерін компьютердегі ортақ базаға енгізді. Сосын өздерімен алып келген сынаманы талдаудан өткізіп, алғашқы ғылыми сипаттарын жүйелей қорытындылады. Оның қасындағы үстелде отырып, Майкл де жер бедері мен шөгінділер жайлы мағлұматтарын, өзге де өзі көріп, көкейге түйген ғылыми байламдарын жаза бастады. 

Олардың жұмысына кедергі келтірмеу жағын қарастырып, әрі академик Эндрю, професор Колинмен пікірлеспек ниетте Сәмет қос ғалымның ортасында аулада аялдады. 

– Осы қарқынмен жұмыс жасасақ, төңіректі оншақты күнде бітіріп қалармыз. 

– Жұмыс кестесінен ауытқымасақ болды, бітіреміз. – Академик Ллойд Уэббер мақұлдай басын изеді.

Әріптестеріне мәлімет ретінде, бір жағы жер жайымен сырттай таныса берсін деген оймен Сәмет әңгімені гидрология жайынан қозғады. 

 – Әуликөлдің айнала іргесі және табаны көптеген бұлақ көздерінен тұрады, ерекшелігі де – осы. Сондықтан оның суы тұнық, оттегісі мол. Алайда, демалушылардың шамадан тыс келетіндігінен бұл табиғи тазалық бұзылып, керісінше, экологиялық орта ластану жағына қарай ойысып барады. 

– Бурабайдағы табиғат құдайдың өзі бере салған бірегей інжу дүние. – Академик Ллойд Уэббер көлге назар сала сөйледі. – Мұнда келгелі өзімді жеңіл сезініп, ұйқым бұзылмайтындығын байқадым. 

– Құпиясының бәрі ауасында тұрғандай. – Колин темекісін тұтатып жатып, қостай сөйледі.

– Тау, қарағай, көл – осының бәрі кішкентай ғана өңірді – жердің жұмағына айналдырған.

– Ғалымдар Бурабай өңірінің орман-тоғай мен өсімдікке бай, табиғаты көркем болуының себебі – осы аумақтағы суы таза тұмалардың көптігінен деген тұжырым жасаған. – Сәмет оң қолымен самай шашы мен кекілін кері ысырып, әңгімесін жалғады. – Әлгіндей бұлақтың дәмі тіл үйіретін тәтті және мұздай. Судың салқын болуы оның аса тереңнен шығатынын аңғартатындай. Соның бірі – Әулиекөлге құйып жатқан мына тұстағы Иманай, сосын Қолшақты, Қылшақты, Сарыбұлақ. 

Бұл өңірде дәмі ерекше бұ­лақ­тар да баршылық. Олардың емдік қасиеті жоғары, түрлі минералдар мөлшері мол. Біраз бұлақ құрамында темірдің аса көптігімен ерекшеленеді. Солардың бірі – Ақылбай бастауы.­ Оның суының 1 литрінде 16 миллиграмм темір бар. 

Жанындағы қос білгір ғалым жігітті мұқият тыңдап қалған. 

– Тәтті... Темір дейсің, ә-ә?.. – Эндрю ойлы пішінде үн қатты. – Тағы қандай минералдармен шығады?

– Бұған дейін Бурабай өңіріндегі біраз тұманың родонды екен­дігі анықталған. Көктұма мен Ақбұлақ осындай родонды қайнарға жатады. Суы тастай суық және тіл үйірердей дәмді болғандықтан, айналада тұратын жұртшылық ауызсуға сол бастауларды пайдаланған. Өкінішке орай бүгінде бұл бұлақ­тың бір де бірі жоқ. Бәрі адам­ның салдыр-салақтығынан, жаны ашымастық әрекетінен көзі жабы­лып, әлдеқашан тартылған.

Осы өңірде ертеректе туберкулез диспансері маңайында екі бұлақ болған екен. – Сәмет қолымен төмен жақты нұсқап қойды. – Науқастар әлгі бұлақтардан су ішіп, дерттеріне шипа тапқан. Міне, сол бұлақтарды қала басшыларының нұсқауымен жыланбауыр трактормен аршып, тазартпақ болады. Терең­нен жол тауып шығып жатқан қай­нар көзі алып шынжыр табанмен тапталған соң бітеліп, мүлдем тоқтап қа­лады. Осылайша, сол тамаша бұлақ­тарды өз қолымызбен құр­тып тын­дық.

– Қап, әттеген-ай, ә-ә!

– Ертеректе төменнен Бурабайға келер жолдың бойында дәмі тіл үйірер бір бұлақ болған екен. Оны мен көрген жоқпын. Бірақ елдің айтуы бойынша, ары-бері өткен жолаушылар, демалушылар әлгі бұлақ суынан дәм татпай кетпейді екен. Басына адамдар отыруы үшін әсемдеп сая орнатып, сәкілер де қойылған. Бірақ бірнеше жыл бұрын әлдекім қамқор көңілмен бұлақтың бетін жауып тұратын бетоннан қақпақ орнатыпты. Осы темір-бетон қа­быр­­ға орнатылған соң-ақ, ауыр салмақ басқандықтан ба, бұ­лақ суы біржола сарқылады. Міне, ойланып, ғылыми барлау жасалмай қабылданған шешімдер, қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде.

– Орашолақ ой мен олақ қолдың қызметі болған екен ғой...

– Иә, соны айтыңыз. Бұлақ – бұл жай ғана су көзі емес, органикалық нәр беретін табиғаттың тамыры – өзен-көлдің бастауы, өсім­­дік пен жануар әлемінің сақ­­таушысы. Бурабай өңіріндегі бұлақтар қазір қамқорлыққа аса мұқтаж. Жоғалып кеткен бұ­лақ­тың аумағын тазартып, қамқорлыққа алса, оның көзі қайта ашылар еді.

Бұлар аулада қарағай түбіндегі орындықта әңгімелесіп отырғандарында шаруаларын ыңғайластырып, әуелі Майкл төбе көрсетті. 

– Бекки әлі біткен жоқ па? – деп сұрады академик. 

– Қазір, аяқтап қалды. 

Әлден уақытта үстінде сарғыш спорт киімі бар Бекки де қатарларына қосылды. Бастары құралғаннан соң сәскеде, алдын-ала келіскендеріндей бәрі Бурабайды тамашалауға бет алды. Лагерьлері тура Жұмбақтасқа таяу тұрғандықтан көлдің тұсынан шықты. Сәмет жердің иесі өзі болғандықтан әңгіме тізгінін де қолына ұстады.

– Келгелі көріп жүрсіздер, міне – көл. Бұл жерде әуелі назар аударатын – Жұмбақтас. Қазір мұқият қарасаңыздар, оның сыртқы кейпі кемпірге ұқсап тұр. Оңға бұрылып, Оқжетпеске қарай жүре түскенде қызға айналады. 

– Керемет! – Бекки алғаш көргендей тамсана таңдай қақты. – Өткенде көріп, қайран қалдық.

– Солай екен-ау... – Бажайлай қараған академик те басын шайқады. 

– Ал енді қызға айналады. 

– Ғажайып, басқа ештеме айта алмайсың. 

– Мұндайды еш жерден кездестірмейсіздер. – Сәмет әріптестеріне күле қарады. – «Бурабай» ұлттық бағында 14 көл бар екенін айттық. Соның бірі мына – Әулиекөл. Бұл сол көлдердің ішіндегі ең жылысы және таязы – ары кеткенде 7 метр. Ал ең терең көл – Шортанды, 35 метрге дейін барады. 

Осы жерге аялдайық, жан-жағымызға қарайық. 

Шопыр көлігін ыңғайлы жерге тоқтатты. Бәрі машинадан түсіп, көлдің ернеуіндегі қия шоқыға беттеді. Жолды Сәмет бастады. Әдейі қатталып жиналғандай көлденең жатқан сандық тастардың тік тұстарында тиянақ тауып тоқтап, қолын созып, шетелдік әріптестерінің жоғары шығуына жәрдемдесті. Жігіттер араларындағы жалғыз әйел заты Беккиге назар аударып, қамқорлық танытты. 

– Бекки ханым, абайлаңыз, жазым деген аяқ асты. – Эндрю Сәметтің көмегімен жазықтау тұсқа табанын тіреп-ап, бикеге бағыттай сөйледі. Бұл тұста Колин мен Майкл оны екі қолынан ұстап, жетектеп алған еді. 

– Абыржымаңыздар, елдің бәрі шығып жатқан жер ғой, құдай сақтасын. – Үні сыңғыр қаға күлді. 

– Жо-оқ, сенің қасыңнан ұзамаймыз, академик өзі алаңдаушылық білдіріп тұрғаннан кейін, біз одан бетер мұқият болуымыз тиіс. – Майкл де күле жауап қатты. 

Олар іркес-тіркес шұбатылып, Жұмбақтастың төбесінен, Оқжетпестің іргесінен қарайтын шаншылған шоқы тасқа көтерілді. 

– Міне, көрініс! – Эндрю жан-жағына айнала назар жүгіртіп, әсем дүниеге тамсанды. Өзге ғалымдардың бәрі де таңданыстарын жасыра алмай, бір-бір сөз айтып қалып жатты. 

– Ой, клево!

– Супер!

Әріптестері төңіректі тамашалап, көздерін суғарып болған соң әңгімесін жалғады. 

– Мынау көзалдарыңызда тұрған – Әулиекөлдің киесіне айналған – Жұмбақтас. Жұмабақтасқа қатысты оқиғалар да, аңыздар да мол. Соның біреуін айтып берейін. 

Жанындағы төртеуі зейін қойып, тыңдауға ықылас байқатты.

– Ертеде, мыңғырған мыңды айдаған, бетіне адам қаратпайтын – азуы алты қарыс бір бай болған екен. Оның бірнеше әйелдерінен туған ұлдары көп екен де, Алла тағала маңдайына жалғыз қыз беріпті. Алақанға сап, әлпештеп өсіреді. Қызы бойжетіп, бет біткеннің көріктісіне айналады. Көркіне ақылы сай әрі он саусағынан өнер саулаған шебер болады. Әкесі ел алдындағы өзінің даңқы мен абройын ескеріп, қызын хан баласына немесе данагөй би баласына ғана ұзатсам деп ойлайды. Алайда, ешкім оның айбатынан асып, қызын айттыра алмайды. 

Өмір өте береді. Бозторғай көкке ілініп-ап шырылдайтын мезетте ел ішінде бір сері жігіттің жүргені есітіледі. Жұрттың айтуынша – өзі сұлу, өзі әнші, өзі күйші. Үлкен де, кіші де оны аузынан тастамайды. Бірде жігіт байдың қызымен жүздеседі. Екеуінің арасында сезім оты тұтанып, жас жүректердің тілегі бір жерден шығады. Бірақ қыздың әкесі олардың қосылуына тірі тұрып ризашылық бермейтіні анық еді. Соны білгендіктен, қос ғашық екі сәйгүлікке мініп, қашып кете барады. Талай күн, талай түн тізгін ұшымен жүріп, осы Бурабайға келіп жетеді. «Қуғыннан қара үзіп, ізімізден адастардық» деген байламмен осы араға тоқтайды. Күміскөлдің жағасына хош иісі аңқыған қарағай мен қайыңды иіп, қос тұрғызады. Бұрын бұл маңды білмегендіктен Әулиекөлді өздері Күміскөл деп атап алады. 

Сімер жігіт анау-мынау кемеге бергесіз сәнді қайық жасайды. Онымен екеуі айдында жүзіп, сайран салады. Күміскөлдің теріскей шығысы тұсындағы қарағай мен шынар жарыса өскен әдемі иінге жиі барып, ұзақ-ұзақ аялдайды. Көкшенің көлеңкесі қос қапталдан үнемі түсіп тұратындықтан ба, әлде басқадай бір сыры бар ма, әйтеуір, қолтыққа ұқсаған бұл иін алқара көк тартып, бөлек бояумен әдемі әсер туғызады. Сол реңкіне қарай оны ата-бабаларымыз «Көгілдір қолтық» деп атаған екен. Ол, міне, сол қол жаққа қараңыздар, осы – иін. Екі жас «Көгілдір қолтық» айдынында тамылжыған табиғатқа тәнті қалпы, талай қиял шегеді. Суда шоршып ойнаған ақшабақтарды қызықтайды. Сері жігіт ән салады, күй шертеді. Домбыраның үніне, әлде екеуін ес көргендіктен бе маңайларында айналшықтап жүретін махаббат періштесіндей аққуларды тамашалайды.

Ұрланып кеп қосылған қос ғашықтың махаббатқа мас, шуақты да шырайлы күндері осылайша өтіп жатады. Бұл кезде екеуін қуғыншылар шарқ ұрып, дамылсыз іздеп жүр еді. 

Қызының салт басты, сабау қамшылы белгісіз біреумен әуейі болып қашып кеткенін білгенде әкесі ашудан жер солқылдата күркіреген. Бүкіл елін қуырып, қырып жібере жаздады. Ұлдарының қарауына қол беріп, қуғынға аттандырған. Жігітті өлтіріп, қызын қайтып әкелуге қатал әмір еткен. Әке қаһарынан қорыққан ұлдарының бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Ай соңынан ай жылжыған бір мезеттері қашқындар ізінің сорабын табады. Қалың орманның ішін кезіп жүріп, қаперсізде күнәһарлардың үстінен түсуге шақ қалады. Құдай қолдағанда олардың қарасын екеуі ертерек байқайды. Оны-мұны керектерін ала сап, жан ұшыра қайыққа жетіп үлгіреді. Бөгелместен көлге шығып кете барады. Қуғыншылар сан соғып қала береді.

Бірақ, қыздың ағалары кейін қайтпайды. Әкенің қаһары қатты. Жағалауды торуылдап жүреді де қояды. Олар қайықтың «Көгілдір қолтыққа» ара-тұра аялдайтынын байқайды. Сосын әлгі тұсқа таяу барып, қалың жапырақ жамыла жасырынып, садақтарын ыңғайлап ұстаған қалпы аңдып тұрады. Оларды екі жас аңғармайды. Аңғырт қалпы жағалауға тым жақын келіп тоқтайды. Оңтайлы сәтті қыз ағалары қапы жібермейді. Жігітті көздеп, садақты тартып кеп қалады. Жасындай жарқ еткен сұр жебе жігіттің тура жүрегіне қадалады. Жантәсілімде бұлқынған дене қайықтан ауып, тұңғиыққа құлайды. Күміс суды қып-қызыл қанға бояп, шым батып кете барады. Ғашық жарынан арманда айрылған ару айдын бетінде қайғыдан зар еңірейді. Көңілінің құлқын алған адамы жоқ, ендігі тіршіліктен еш опа таппасын түсінеді. Екі кештің арасында таудан асып бара жатқан күн көзіне қарап, қос қолын бірдей созып, тәңірге жалбарынады. Бүйтіп сорлатқанша, өзін тасқа айналдырып жіберуін сұрайды. Зауал шақтағы зарын естіген Жасаған ие оның шын төгілген көз жасын қабыл қылады.

Жігіт осы сәтте еріктен тыс назарын бикеге тоқтатты. Оның үнемі ойнақы жүзі сәл солғын тартып, тағдыры аянышты аруға жаны ашығандықтан ба, көзінен мұңның ізі білінді. 

– Кейінде ата-бабаларымыз кіршіксіз махаббатқа куә сол тасты «Жұмбақтас» деп атапты. Бір жағынан қарасаң кәдімгі кеме, екінші жағынан – шашын жел жұлқылап тұрған пісте мұрын қыз. Сәл бұрыстау жылжысаң, ару қызымыз қайғыдан мүжілген кемпірге ұқсап кетер еді.

– Тамаша әңгіме екен. Өткенде Жұмбақтас жайындағы аңыздың бір нұсқасын естіп едік. – Академик Ллойд Уэббер әсерлене сөйледі. 

– Енді былай қарайық. – Сәмет бәрінің 180 градусқа бұрылуын сұрады. Дәл маңдайларының алдында көкке шаншылған Оқжетпес тұрды. 

– Мінсіз сұлулық. – Профессор Колин көзілдірігін шеше беріп, күбір етті. Майкл, шалқая қарап басын шайқады. Академик Ллойд Уэббер қадалған қалпы тоқтап қалды. Бекки жүрегінің атқалақтағынынан ұшып кетердей, қанатын қомдаған торғайдай шынтағын сәл көтеріп, қолдарын иегінің астына қойып алыпты. 

– Туристердің сүйікті жеріне айналған Оқжетпес жақпар тасының биіктігі, шамамен, 300 метрдің айналасында. Сырт көзге мына нүктеден көрінбеуі мүмкін, ол – үшбұрыш пішінді. Оның ұшына мұқият қарасаңыз, шөкесінен жатқан пілді байқайсыз. Тіпті, аумайды, сондықтан кейде адамдар оны «піл» деп атайды. 

Жалпы, Оқжетпес шыңына шығуға болады. Мен өзім шығып көрген жоқпын. Оған көтерілетін бірнеше туристік маршруттар да бар, бірақ, ано-о-оу жоғары жағындағы биік құлама жартастан тек альпинистік құралдардың көмегімен ғана шығып-түсесің. 

Өткенде Оқжетпеске қатысты кең таралған аңыздардың бірін өздеріңізге айтып бердім. Тұтқынға түскен қалмақ қызының сұлулығына бола тартыс туындайды. Қарап тұрсақ, сол кездің өзінде далада демократиялық қағидалар кеңінен қолданылған. Абылай хан әділетсіздікке ұрынбау үшін таңдауды қыздың еркіне берді. Ақырында бойжеткеннің ұйғарымымен орамалын шың басына іліп, жауынгерлер жарыса садақ тартады. Ешқайсының оғы жетпейді. Жалпы, ұзын ырғасы осындай. Енді қазір Оқжетпеске қатысты мүлде басқа аңыздың бірін айтып берейін. 

– Сонда, бір нысанға қатысты әлденеше гипотеза жүре бере ме? – Нақты ғылыммен айналысқан Эндрю көкейіндегі дүдәмалын бүркемеді. 

– Халықтың қиялы өте бай, сэр, сондықтан бірнеше варианттың жүруі заңды. 

– Жөн екен.

– Халықтың айтуы бойынша Бурабайда ертеректе бір алып батыр өмір сүрген. Бала кезінен тұлғасының аса зор, күшінің асқандығынан айналасына танылған. Ол – күн санап емес, сағат санап өсіпті. Он жасында алыптығы сонша, қатар құрдастарының көкке атқан жебесі кеудесіне де жетпейді. Содан жұрт оны «Оқжетпес» атай бастапты. Бойының ұзындығына қарай, күші де сондай жойқын еді. Қанша белді атқа, қабырғалы түйеге мінсе де ешбірі өзін қару-жарағымен көтере алмайтын. Сосын әлгі батыр алып пілге мініп жүретін.

Аңдыған жау еліне тұс-тұстан аш қасқырдай үйір үйірімен анталап, маза бермейді. Оқжетпес олармен шайқасып, әр кезде қансырата теріскей шекарадан асыра қуып тастап отыратын. Кезекті шапқыншылықта дұшпанның көп болғандығы сонша, қара ормандай сіресіп келе жатты. Әлгілермен бел шешпей бірнеше күн айқасты. Бір тобын жайпап тастаса, келесі шоғыры өре ұмтылады. Қайсыбірі қарағайға бұғынып, садақ атады. Қанша қырса да қанқұйлылар қатары азаймады, жерден өніп жатқандай көрінді. Ақырында Оқжетпес басқыншы білеуіттердің түгін қалдырмай талқандарын шығарды. Тірі қалғандары «жан сауға» сұрап, қашып жөнелді. Нешеме күн көз ілмеген, әбден қалжыраған Оқжетпес, қашқан жауды соңынан қуалап, індетпеді. Аспанды күркірете зор дауысымен қаһарлана айқайлады. Оның үнінен зәре-құттары қалмаған шапқыншылар одан сайын безді. 

Күміскөлдің жағасына киімі мен сауытын шешіп, көлдің ортасына дейін кешіп барып, толқындарды тамашалай жайғасып отырды. 

Бірнеше күн өткен соң қанқұйлы жау қайта дұшпандық әрекетіне басты. Жансыздарын жіберіп, Оқжетпесті алыстан аңдыды. Алып батырдың тау етегінде ұйқыға бас қойғаны туралы хабар тиді. Әлеңкедей жалаңдаған жөйіттер батырдың тынығып жатқан жеріне барып, арқанмен байлап алмақшы болды. Сол кезде оянып кетіп, жанында қару-жарағы болмаса да маңындағы қарағай, қайыңдарды тамырларымен жұлып алып, қаскөйлерді ағашпен ұрып, жайрата берді.

Қан іздеп келген зәнталақтар бұрынғысынан бес есе көп еді. Олар қырылғанына қарамай үсті-үстіне атойлай шабуылдады. Бір тәулік тоқтамай құр қолмен шайқасқан Оқжетпес таусылмас жауды көріп, өзінің ажалын сезді. Әбден жараланған ол аяғы тасқа сүрініп, жерге ошарыла құлады. Осыны күтіп жүрген жау құмырсқадай қаптап, тұс-тұстан аяқ-қолын арқанмен матап, ұшын қарағайларға орай берді. Ол бар даусымен аспанға «Уа, Құдіретті Көк Тәңірі, мені дұшпаныма қор ете көрме! Жауларыма есе жіберіп өлгенім – қарабет болғаным! Одан да мені жау қолы жағама жетпейтін тасқа айналдыра гөр!» деп айғай салды. Аспан түнеріп, лезде жаңбыр жауды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, әлдебір күш жатқан батырды тікесінен алып тұрғызып, шыңға айналдырып жіберді.

Батырдың жанына серік болған пілі иесінің шайқаста қаза тапқанын көріп, шыңға келді. Көзінен жасы домалай бірнеше мәрте шыңғыра айқайлады да, тауды қиялап, найзатастың төбесіне барды. Иесін жоқтады. Ақыры сол жерден ешқайда кетпей азалы қалпы шың басында жатты да, ол да тасқа айналып кетті.

– Сәмет, сен, осының бәрін қайдан білесің? Сен судың тілін ғана біліп қоймай, халықтың жадын да сөйлетеді екенсің. – Академик ырзашылықпен әзілдей үн қатты. 

– Сэр Эндрю, бұл ел ішіндегі аңыз ғой. Мен соны сіздерге құр ғана айтып бердім. 

– Жоқ, ол үлкен өнер. Туған елінің шежіресін кез келген адам білуі тиіс, бірақ біле алмайды. Сенің ерекшелігің соны көкейіңе мықтап тоқыпсың. Әрі, мына айтқаның қаншама ғибрат аларлық өнегеге толы. Сондықтан, әңгімеңе тамсанып, өзіңе риза болып тұрмын. 

– Рақмет! Жүріңіздер, енді төменге түсейік. Абайлаңыздар! – деді өзі жол бастап. 

Бәрі тас шоқыдан ылдиға құлдап, көліктеріне мінді. Рульде Майкл, оның қасында Эндрю, артқы орындықта Беккиді орталарына алған Сәмет пен Колин. Академикпен тілдесуге қолайлы болуы үшін Сәмет жүргізуші жақтан жайғасқан. 

– Бурабай – табиғаты ерекше қойнау. – Сәмет жермен таныстыруын жалғастырды. – Қазақ даласының ортасында орналасқан сиқырлы оазис. Құдіретті Алла осындай кішкентай ғана жерге орман, көл, тауларды көз тұндырарлық етіп жаратқан. Мінсіз табиғаты, таза ауасы, айнакөлдері, жұмбақ тау шыңдары және мәңгі жасыл ормандары кез келген көрген жанды баурап алады. Бұл жерді «Көкшенің інжу-маржаны» деп атайды. Көп жұрт Швейцарияға теңеп жатады. Көкше, Бурабай жайлы аңыз-әңгімелер, мәліметтер өте көп. 

Машина қарағайы сыңсыған Оқжетпестің етегіндегі иректелген жолмен жүріп келіп, Абылай хан алаңына тоқтады. Алақандай алқап, әдеттегісінше құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнайды. Иінтірескен көлік, шұбырған адам, қызған сауда. 

– Абылай хан алаңы – осы. Мынау ханның 280 жылдығына орай 1991-ші жылы қойылған «Абылай хан» стеласы. – Ең ұшына алтын қыран мен алтын күн бейнеленген тұғырлы ескерткішке бәрі сүйіне көз тікті. – Айбынды хан осы жерде мемлекет басқарып, осы жерде көптеген елшіліктерді қабылдаған. Анау адамдар шұбап бара жатқан қайқаңда, – Сәмет оң қолымен қарсы бетті нұсқады, – қарағайдың арасында хан тағының орны бар. Көптеген келелі әңгімелер айтылып, ел жайы сонда шешілсе керек. Қаласаңыздар, хан тағына барып қайтайық. 

– Әрине, барамыз. 

Олар көпшілікпен бірге ақырын аяңдап, Көкшенің қойнауына қарай беттеді. Табанына кеспетас төселген жаяужолдың бойындағы шеберлердің алуантүрлі бұйымдарына қызықтай қарап, аңшылардың тұғырдағы бүркіті мен қарғыбаулы тазысын тамсана тамашалады. Батыста аңға құс салуды білмейтін жұрт, бүркіттің қолға үйренгеніне қайран қалды. Ал мынадай әсем кескінді тазы иттерді көрмегендіктен және олардың көкжал қасқырды ала беретінін естігенде, тіпті, көздері бақырайды.

– Хан алаңының тура өкпе тұсында Көкшенің ең биік шоқтығы. Шоқтықтың оң қол жақтағы бір қапталы қайыққа ұқсайды, үстінде ескек ескен адам кетіп бара жатқан сияқты. 

– Иә, иә... қайық. Толқын ұрып, көкке шаншылған қайық. – Майкл ышқына үн қатты.

– Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңізіндегі» сюжет сияқты... – Колин оның ойын тірілте түсті.

– Әдейі есте қаларлық жерді көрсетіп жатқаным ғой, жүріңіздер. 

Саялы қарағайдың қойнауындағы хан тағына келіп, тастұғырлы белгіге аңсарлары құлай, бастарын шайқады. 

– «Хан тағы» дегенге мен – еңселі етіп салынған резиденция деп ойладым. – Колин таңданысын жасыра алмады. – Осы тастың үстінде отырып, мемлекетке құзырын жүргізген бе? 

– Дала өркениеті батыс мәдениетінен көп алшақ. Сондықтан сіздердің бірден қабылдай алмауларыңыз орынды. 

Абылай хан алаңы ғалымдар тобына ерекшелігімен әсер қалдыра тұрып, әрі түрлі сауалдарға да бастап әкелді. 

Меймандар мінген машина төмен құлдады. 

– Енді алдымызда – Ақылбай асуы. 

Ауанымен жылжыған көлік қарағайларды жарып өтіп, аққайыңдар мекеніне ілікті. 

– Бурабайда баратын, көретін жерлер өте көп. Сондықтан мен сіздерді ең қолайлы және кеңінен белгілі маңдарға әкеле жатырмын. Кене ханның қамалы, Кене ханның үңгірі, Балуаншолақтың үңгірі, Иманайдың бұлағы сияқты тамаша жерлер де бар. Бірақ, біз бүгін оларға бармаймыз. Бурабай қонақтарының тағы бір сүйікті жері – Ақылбай асуы. Міне, келдік. 

Көліктерін автотұраққа қалдырып, баспалдақпен асу шоқтығына беттеді. Сәметтің оң жағында академик. 

– Бұл асу – Ақылбай есімді жергілікті жол бастаушының құрметіне қойылған. Мына ну орманның ішіне барсаңыз, дендей енгеннен соң адасып кетесіз. Ақылбай орманды жерлерді өте жақсы білген адам. Ол кезде мынадай саңғырап жатқан жол жоқ, көп кісі орманға аттап басуға қорқатын. Өйткені ішіне кірсең, кәдімгі лабиринт – шыға алмайсың. Сондайда жөн білетін жолсерік табуың керек. Кезінде орманжады Ақылбай сауда керуендеріне Жекебатыр мен Көкшетау таулары арасындағы ит мұрыны батпайтын ормандардан өтуге көмектескен.

Әңгімелесе жүріп, тұмсықтың үстіне көтерілді. 

– Бір заматтарда Бурабай алқабын тұтастай теңіз алып жатқан екен. Сондықтан осы жер шоқтығындай асуға ақ мәрмәрден ұлу қабыршағы түрінде шағын ескерткіш орнатылған. 

Мынау көлбей жатқан – Бурабайдың ең көрікті жерлерінің бірі – Көкшетау. Алыстан көгілдір тартып көрінетіндіктен «Көкше» деп те атаған.  Таудың биіктігі 947 метр, біз көріп тұрған мына жоталар – Көкшетау шоқтықтарының бір бөлігі. Енді мына жаққа назар салыңыздар. – Сол қолын созып, сұқ саусағымен теріскей тұсты көрсетті. – Мына жатқан тау сілемін «Жекебатыр» деп атайды. Көрдіңіздер ме, шалқасынан жатқан батырдың басы. Әне иегі, еріні, мұрыны, дулығасы...

– Иә, иә...

– Тіпті, айнымайды.

– Бұрын осы жерде елін жаудан қорғаған батыр өмір сүрген екен. Ол халқына тұтқиылдан тиген талай дұшпан қолын тойтарып, қара қанға бөктірген. Айбынды батырды жекпе-жекте де қарсыластарынан ешқайсысы жеңе алмаған. Ақыры, қастандыққа көшкен қаскөйлер батырдың көзі ілініп кеткенде жасырынып келіп, қылыштап өлтіреді. Сөйтіп, халқын жаудан қорғаған батыр ұйықтап жатып, мәңгіге көз жұмыпты. Бірақ, тұлғасы тасқа айналып, Жекебатырдың рухы әлі де сол жерді қорғап жүр дейтін аңыздар бар.

– Қазақ даласының әр қойнауы бір-бір аңыз тәрізді. Бүгін соған көзім жетті. – Колин күле тіл қатты. 

– Енді алдыға тура қараңыздар. Не көріп тұрсыздар?

Бір уақ бәрі ілгеріге ықыластана назар аударды. 

– Түйенің басы! – Бекки қуана дауыстады. 

– Дәл таптыңыз, бике. Әрмен қарай анықтап қарасаңыздар оның өркешін де, аяғын да көресіздер. Ол мойнын соза түсіп, суға жүзіп бара жатқандай ма, шауып бара жатқандай ма, әйтеуір, қимыл үстінде. 

– Енді байқадым, суда жүзіп бара жатқан сияқты. – Академик те қолын соза солай қарай нұсқады. – Әне өркеші, әне аяғы...

– Барлықтарыңыз көрсеңіздер, дұрыс. Мен жаңадан бір әңгіме бастайын деп тұрмын. Балпылдап сөйлеп, сіздерді әбден жалықтырған шығармын, содан кейін тоқтаймын.

– Жо-оқ, айта беріңіз, сэр, бізге өте қызық. – Колин бір жағы құптай, бір жағы өтіне үн қатты.

– Рақмет, сэр! 

«Бурабай» деген атаудың түбірі – бура, яғни, түйе деген сөз. Ежелгі заманда бұл тауларды келеден бөлек саяқ жүретін ақ түйе мекендеген екен. Сұсы айбынды, тұрпаты бөлек жануар ешкімге көнбейді. Жампоздың тұлғасы өте биік, өркеші он жастағы баладай. Ешкімге жақындамай, ешкімнен тайынбай, әрдайым маң-маң басып кетіп бара жатады немесе оттап тұрады. Оны ел ара-кідік Көкшетау ормандарынан байқап қалады. Ол суы тұп-тұнық мөлдір Айнакөлден ғана су ішкен. Бір қызығы, ақбура суатқа түс уақытында ғана келетін және әрдайым бір жолмен келіп, бір жолмен қайтатын. 

Жануар, бір күні Абылай ханның ақ ордасының алдына шөгіп жатыпты. Содан ол хан түйесі атанады. Ақбура көп түліктің бірі емес, қасиетті болды. Ол басқыншылардың келе жатқанын алдын ала сезіп, қатты бақыра дауыс шығарып, қатердің таянғанын ескертетін. Бура ханға қалай қарай аттану керектігі жөнінде де жөн сілтеп тұрған. Бір жаққа дайындалса, таңертең түйесі қалай қарап жатса, солай қарай аттанған екен. Оны елемесе, жолы болмаған. Сондықтан оны ханның өзі кие тұтқан. Бура иесіне дерт меңдейтінін де аңдатқан. Бір тықыр таянғанда ақбура қатты бақырып, өз-өзінен тынымсызданады. Ал түйенің сырын алған халық беймәлім қатерге алдын-ала дайындала бастайды.  

Бірде сарқырамаға тоқтаған бураға ашулы да, қатыгез Қасым сұлтан ұшырасып қалады. «Бәрің қорқып жүрген осы мақұлық па?» деп, түйеге бірнеше улы жебе атады. Кездейсоқ жараланған ақбура жарақатына шипа іздеп, көлге қарай сүйретіліп барады. Бірақ ханның ұлы – қатігез Қасым сұлтан жануарға семсер сұғып, ақырында өлтіреді. Осы айуандық әрекетінен Қасым қарғысқа ұшырап, Көкшетаудан біржола жер ауып кетеді. Оның ұлдары да ақбурадай қансырап өлді, бір ұлі – Кенесары хан да жат қолынан жан кешті. Бүгінде тұқым-тұяғы жер бетінен жоғалып кетті. Ал ақбура Көкшенің бір сілеміне айналып, кейін тау болды. Міне, алдарыңызда тұр.

Сондай-ақ, бураның жеті бауыры болған. Олар қайғыдан орманға қарай бет алып, жетеуі де тасқа айналып кетеді. Аңыз бойынша, жеті түйені тапқан адамның аңсаған арманы орындалады дейді. Сіздер енді сол жеті түйенің бейнесін іздеңіздер. 

– Оған уақыт керек қой. Бірақ мына әңгімеңіз ғажап екен. 

– Көкше тауы әртүрлі бейнелерге толы. Тіпті таудың бір шоқысынан Пушкиннің басын көруге болады. Одан өзге «Бүркіт», «Түйе», «Құдыр», «Сфинкс» сияқты тасмүсіндер бар. 

– Сіздің мына әңгімелеріңізден көп мағлұмат алдық. – Майкл де ризашылығын аңғартуға ұмтылды. 

– Жүріңіздер, мына жерде бір назар аударатын нәрсе бар. Көп емес, ары кетсе 150-200 метрге дейін барармыз. 

Әлгі шоқыдан оңтүстік батысқа қарай көлбей жатқан қия жалды бойлап, ағаштың ішімен жоғары өрледі. Сәл өтпей-ақ жалды қуалай қолмен қойғандай қаланған сандықтастардың легі басталды. 

– Міне, көрсетейін дегенім осы болған. Мынау, техника болмаса көтеріп әкеле алмайтын үлкен тастар, бірақ соған қарамай адамның қолымен қаланған сияқты. Ылғи көрген сайын мені осы ой мазалайды. 

– Шынында да мынау инженерлік құрылыстың сілемі бар дүние. – Колин шұқшия қадалып, жүдемдете басып, жоғары қарай тағы да бойлай түсті. Өрлеген сайын күрделі құрылыстың нышанын байқады. «Әлдекім сыртқы жаудан қорған тұрғызған тәрізді». 

– Екінші бір таңданатыным – осы тасты қабырға мына Көкшетауға барып, одан әрі таудан асып кетеді. Адам қолы жасады деп айтуға, бір жағы, қисынсыз. Бұған бүгінгі заманауи техника мен технология қажет. Ежелгі адамдар мұны жасай алмайды. Сонымен қатар, табиғи стихиялық күштен пайда болды дейін десең, бұл жүлге тартып, осы қалпымен жалғаса береді. 

– Ойпырмай, ә-ә, мынау ойланатын нәрсе екен. Әлде, ежелгі заманда өзің айтқан алып батырлар сыртқы жаудан қорғанып, осындай қорған салды ма екен? – Ллойд Уэббер да бей-жай қарай алмай, мына жұмбақ дүниеге зерделей ой жүгіртті. 

– Сіздерді ойландырып қойдым ба? Ылғы аңыз әңгімелерді айта бермей, бір жұмбақ дүние көрсетейін деген едім ғой. 

– Сөз жоқ, құпия нысан. – Майкл да тығырыққа тіреле, жауап таппай қыстықты. Тек бике үндемеді, бірақ ол да қызыға қарады. 

– Бүгін бір тамаша демалыс болды әрі түскі астың мезеті де таянды. – Академик лагерьге қайту керек екенін байқатты. Сәмет сағатына қарап еді, бірге он сегіз минут қалған екен.

Көлікке жайғасты. Салонның іші сап-салқын – жанға рақат. Машина қозғалып кетті. Тақтайдай салынған жол, әсем табиғат – көрген көзге тап тастап, ынталарын алды. Балуаншолақ үңгіріне жақындағанда ғалым жігіт тағы да бір қазақтың аяулы перзенті туралы қызықты оқиға айтып берді. 

6

Түстен кейін бәрі Әулиекөлге шомылуға барды. 

– Қазір сэр Эндрю суға тура бағасын береді. – Қатарласа аяңдаған Колин күлімсірей үн қатты. Академик те жымиды. 

– Профессор, сен де суға бақайың тиіп кетсе, барометр сияқты бәлесің ғой, бәрін біле қоясың.

– Жоқ, мен тек ғылым докторымен, сіз академиксіз, сіздің айтқаныңыз нақты, тура болады. 

– Үй, онда сен докторлыққа қалай көтеріліп жүрсің, а-а? – Ллойд Уэббер әріптесіне мойнын бұрды. Біз суды магистр кезімізде сыртынан болжай беретінбіз.

Бәрі қарқылдай күлді. Колин одан әрі тайталаспай, жүзін төмен сап, қызарақтай жымың-жымың етті. 

Жұмбақтастың төңірегі жыпырлаған адам, құйрық басып отырар маң байқалмайды. Дамылдағанға қолайлы тұс іздеген ғалымдар тобы аялдамай одан әрмен қарай жылжыды. Қарағай, шілікті тал кемерді тұтап өсіп, жол бермейді. Бұлар тоғайдың ішіне қарай бұрылды. Сәл ұзағанда сонадайдан қақпа тастар байқалып, жағалау иінге айналады екен. Ернеуі құм. Әлгі маңды қолай көріп тоқтады. Көтеріп келген заттарын жерге төсеп, ыстықтан аптыққан жігіттер көлге қойып-қойып кетті. 

Әрқайсысы бір-бір мәрте сүңгіп-ап, құлашты кере малтып, құмарлары қанғанда судың ғажаптығын тамсана жеткізді. 

– Су тамаша, бірден сарайымды ашып жіберді. 

– Сэр Эндрю, маған да солай әсер етті. – Көлден мойнын қылқитқан Колин басын шайқап, ұзын шашын сілкіді. 

– Ух-һ, рақатын-ай... – Майкл мият тапқан жанының сүйсінісін жасырмады. – Кеттік ана жаққа барайық! – Жүзе жөнелді. Оған профессор ілесті. 

Екеуі әудем жерге ұзап, су мысығындай асыр салып ойнады. Көлден шыққылары келмейді. Бекки мен Сәмет бір-бірінен алыстамай, ауандарымен біраз жүзді. Тереңге сүңгіп, қайраңнан тас теріп қызықтады. Тұп-тұнық мөлдірліктен ажырай алмай, әлдебір уақытта кемерге келіп, күнге қыздырынып жатты. Жүздерін бейсболкамен жапты. 

Эндрю де ары-бері қолтығын жаза малтыған соң, жағалауға беттеген. Ол да тор қалпағымен жүзін көлегейлеп, төсенішке шалқасынан сұлады. 

Күннің қызуы жанды елжіретіп, ұйқылы-ояу шақтың уытына еліттіре шым-шым батырады. Маңайдағы адамдардың үні құлаққа жағымды естіледі, әрі-беріден кейін бей-жай қалыпқа тартатын да осы үздіксіз дыбыстар тәрізді. Әйтеуір, масаң шақтың миюалы мезеті... 

Сәмет Беккидің білегінен аялай ұстады. «Шіркін, оңаша болса, баладай әлпештеп, омырауына басар еді». Бірақ, дәл қазір ондай әрекетке бара алмайды, білегінен сипағанының өзі жанын елітіп, ынтық жүрегін лүпілдетті. Жаңағы көзіне тығылып, милығынан басқан ұйқы әп сәтте ыдырап, жанары да, көңілі де шырадай жанды. Әйткенмен, әуезді уақ тербеген қыздың жанын бейберекет мазалағысы келмей, білегінен ұстаған қалпы үнсіз қалған... Қызға әздектеген жүрегін әлеміштеп, уақыт ақырын жылыстай берді. Сөйтіп жатып, жігіттің де кірпігі ілініп кеткен еді.

Лагерьге кешкі сегізге қарай оралды. Ауқаттанғаннан соң, тағы да әріптестеріне сейіл құруға ұсыныс білдірген. 

– Ренжімесеңіздер мен осында болайын, бүгін біраз жерді араладық, – деді Эндрю. Өзге қос азаматтың да ендігі жүріске құлқы соқпады. Сосын Бекки екеуі қыдырыстай жаяужолға түсіп, кешкі самалмен қарағай ішін аралады. Қыздың нәзік саусақтарынан ұстаған жігіт баяу ілбиді. 

– Көкше өңірі, оның ішінде Бурабай небір сал-серілердің дәурен салған мекені. Ел аузында тамсана айтатын мөлдір махаббаттың киелі орыны. Мен білетіндердің ең басында Ақан сері, Біржан сал, Балуаншолақ тұрады. Кейінде қазақтың аяулы ақыны Ілияс «Бурабай бір таза жер «пері» жүрген...» деп жырлаған екен. Өйткені, дәл осы алқапта пәк сезім мен шікәмсіз көңілдің иелері ғана махаббат тұнығына малтып, ел жадында қала алды. 

– Кім олар, бір-екеуі жайлы айтып бере аласың ба? – Қыздың құралайдың көзіндей қарашығымен тұтасқан қарасы жалт ете қарады. 

– Көкшеде перінің өзі серік болған Ақан деген адуынды ақын өткен. Оның шығарған музыкасы, әуелетіп салған әні – елдің жүрегінде. Құлагер деген жүйрік аты, Басарала деген тазысы, Қараторғай деген бүркіті жұртты одан сайын ынтықтыра түседі. Өзі сері, өзі ділмәр, өзі ақын Ақан келгенде кез келген ауылдың сән-салтанаты артып, той-думан басталып кетеді екен. Сөйтіп жүргенде Ақтоқты деген сұлумен ұшырасады. Екеуінің арасында ынтық сезім өршіп, қимас жандарға айналады. Бірақ, ежелгі дәстүр бойынша бойжеткен бала кезінен басқа біреуге атастырылып қойған еді. Екеуі қосыла алмайтынын біледі. Ақтоқтының ұзатылатын кезінде Ақансері алып қашады, бірақ қуғыншылар жабыла соңына түседі. Бір жерлерге барғанда астындағы атын мылтықпен атып құлатып, Ақтоқтыны тартып әкетеді. Серінің көкірегіне құса байланып, жанына мұң ұялайды. Сөйтіп жүргенде Қараторғайы өледі. Басараладан айырылады. Ең соңында Ақмола губерниясындағы атақты да дәулетті байдың ірісі – паң Нұрмағамбет дегеннің әкесі Сағынайдың асында көреалмаушылар Құлагері қастандықпен өлтіреді. Бәйгенің алдында келе жатқанда жолын тосып тұрып, айбалтамен құлақшекесінен шабады. 

– Қалай бөтен адамды кіргізеді ол жерге?

Жігіт езу тартты.

– Қазақтың атжарысы халықаралық стандартпен иппадромда өтпейді, бәйгі аттарын түзу елу-алпыс шақырымға қоя береді. 

– Сұмдық, сұмдық! – Бекки оң қолымен кеудесін ұстай алды. – Жылқы сондай қашықтыққа жүгіре ала ма? 

– Әрине шабады, – жігіт алаулаған бойжеткеннің көзіне көзін қадады. –Солай түзу құйғытып келе жатқанда көмбеге төрт-бес шақырым қалғанда ойпаңда тұсынан біреу шыға келіп, атшабар баламен қапталдасып, жүйрікке балта сілтеген. Сөйтіп, Құлагер мерт болған. Міне, осы қастандық Ақанды есеңгіретіп кетті. «Құлагер» деген зарлы әнін салып, атының басын көтеріп, Көкшеге келеді. Адам баласынан көңілі қалып, ешкіммен араласпайды. Тек, кезінде Ақтоқты екеуі қыдырған, тәтті сәттерді бірге өткізген аймақта жүре беруге ғана құлқы бар. Жапа шеккен қапалы жанына өткен күндердің шуағынан шипа іздейді. Біз де дәл қазір Ақан сері мен Ақтоқты жүрген жерде жүрміз. Сен менің ай кербез Ақтоқтымсың...

Қызды бауырына басып, ақ тамағынан өпті. Албыраған ернінен сүйіп, тілінен шырын-балдың дәмін татты. Бекки еш қарсылықсыз аймалауына көне берді, тіпті, ол да Сәметке емірене, ынтыға жабыса түседі. Жігіттің қолы қаз омырауына тиіп, балғын да жұпар қыз анарын ақырын, аялай қысты. Көзі тұманданып, жандүние шыңырауға қарай жарыса шымқады. Қалың қарағайдың арасы, екеуінің жүрек дүрсілі жұптасқан қалпы қатар соғып жатты. Әлден уақытта барып, талмау шақтың тұзағынан әзер шықты. Онда да Бекки жігітті мына дүниеге қайыра ертіп әкелді. 

– Сәмет, болды, жетеді, – деді, жігіттің ернін талшын саусақтарымен басып. Сол кезде барып, қарашығы аясынан ауытқи айналып кеткен сабаз есін әзер жиды. 

– Сонымен не болды?

– Солай аяқталады.

– Көңілсіз екен.

– Иә, айтқандайын сол Сағынайдың асында Құлагер мерт болып, Ақан аза тұтып жатқанда Балуаншолақ күрестен ешкімді шақ келтірмей алғаш жеңіске жетіп, жүлдеге жүз жылқы алады.

– Жүз жылқы?!

– Иә, жүз жылқы. 

– Керемет!

– Содан бастап, әнші, балуан, композитор Балуаншолақтың дәуірі жүреді. 

– Ол ояздың қызын алып қашатын адам емес пе еді?

– Иә, дәл өзі. Оған Көкшетау оязы Добровольскийдің қызы Татьянаның өзі ғашық болған ғой, әйтпесе жалғыз жігітке еріп қашып кете ме? Олар тығылған үңгір осы маңнан алыс емес, келесі жолы барып көрсетейін, Абылай хан алаңының арғы тұсында. 

– Тамаша болар еді.

– Татьянаға деген ынтық сезімінің айғағындай етіп, иығына қондырып әлдеқайдан жүрек тас тауып алып келеді дедім ғой түске дейінгі серуенде. 

– Иә, есімде. Оригинальный сыйлық, тіпті криатив... Елдің бәрі, әсіресе, Еуропаның еркегі жасайтын жаттанды гүл сыйлау сияқты дүниені қайталағысы келмеді... Керемет!..

– Әрине, шынайы көкейін білдіру үшін ол – баланың тірлігіндей әрекет – астар бола ма? Жүрек бейнесіндегі тасты екі жүз елу метрдей жерден демалмай көтеріп әкеп, қыздың табанының астына қойған. – Сәмет өзі де сүйіне Беккидің жүзіне қарады. – Одан бері де қаншама жыл өтті. Жарықтық әлгі тасты мүк басып, жаппар иеміздің жазуымен жасыл мақпалмен қапталғандай түрге еніп, мүлде сиқырлы реңк алған еді. Әлгі қалпын мен өз көзіммен көріп, қатты сүсіндім. Өкініштісі сол – өресі таяз дөкірлердің ісінен ғашық жүректің белгісіндей жүрек тастан айрылып қалдық.

– Қалай? – Қыздың мойыл көзі бағжаң ете қалды. 

– Бағана айтпадым ба?

– Мен дұрыс түсінбей қалған шығармын...

– Жүректастың нендей тас екенін естіген бүгінгі кеудесіне нан піскен апайтөстер кезекпе кезек көтеріп, байқап көріпті. Ешкім тобығынан да асыра алмаған. Ақыры әлгі тас мықтылардың бәстесе көтеретін кірдің тасына айналған. Бәсеке алысқа тарап, белтемірді ұршықша айналдырып, әлемді аузына қаратқан нешеме мықты мен жайсаңдар күштерін байқаған. Небір таусоғарлар дүниенің әр түкпірінен күпініп келсе де ешқайсысы тізесінің тұсына да әкеле алмапты. 

– Бүгінгі мықтылар қозғалта алмаған тасты иығына қойып көтеріп әкеп жүрген, не деген қарулы адам болған?..

– Балуаншолақ ел алдында 51 пұт кірдің тасын көтеріп, уағында жұртты қайран қалдырған. Бұл шамамен 816 келі, ал бүгінгі таңда «Гиннесс рекордтар» кітабына енген әлемнің ең мықты адамы 420 келі ғана көтеріпті. Балуаншолақтың бойындағы бұрқырап жатқан не деген долы күш десеңізші... мен де соған қайран қалам.

– Иә, иә... ол Халк сияқты дүлей күштің иесі болған ғой.

– Дәл таптың, Бекки, оның ақ қошқар бейнесінде иесі болған. Ол көрінбесе ондай күш бойына бітпейді екен. 

– Шын айтып тұрсың ба?

– Шын айтып тұрмын... Халк та сондай еді ғой, бойына күш бітіп зораятын уақыты болатын?..

– Жүректас қайда қазір?

– Ақырында жүректасты көтере алмай ызаланған бір әумесер оны шойын зілбалғамен ұрғылап, екі айырыпты. Мен өз көзіммен көрдім екіге айырылып жатқан тасты. Жүрегім ауырды. Ортасынан қақырай жарылған тасты елдің бәрі көрді, ақырында әкімшілік алдыртып тастады. Қазір білмеймін қайда екенін, ешкім білмейді...

Беккидің ойнақы жанарын мұңның кілегейі торлап, ғашықтық бейнесіне айналған тастың әлдекімдердің қолынан бүгінгі күнге жетпегеніне өкініп қалды. 

– Славян қызы Татьяна оны сол ғаламат күші үшін жақсы көрген шығар?

– Кім білсін? Бірақ Балуаншолақ алып күш иесі ғана емес, ақын, композитор, әнші, ділмар және елге осы ерекшелігімен сыйлы адам болған. 

Бекки Сәметтің кеудесіне басын қойып тұрған қалпы «ғажап, ғажап» деді. 

Екеуі көлді теріскей бетімен жағалай жүріп, Кенесары ханның үңгіріне бұрылатын тұстан кері қайтты. Маусым айының соңғы күндеріндегі ақшам уағына малынған алагеуімде лагерьге оралды. Қыз бөлмесіне беттеді.

– Қайырлы кеш, – деді жігітке кетіп бара жатып. 

– Түн байсалды болсын, аяулым! – Жігіт қолын көтерді.

Бөлмесіне келгеннен кейін ұйықтай алмай біраз арпалысты. Көз алдынан Беккидің сүйкімді бейнесі, күлімдеген көзі кетпей қойды. «Бойындағы бұл сезім алдамшы дүние емес пе екен? Ертең аралары ажырағанда не жасайды?» Түрлі сауалдардың буындыруымен ұйықтай алмай әуреленіп, ұзақ жатты. Түннің әлдебір мезетінде көзі ілінді. Жаздың қысқа таңы көкшуланға айналып, жұлдыздар жерге тамып кетердей албырап тұрған. Терезеден айдың саумал-сәулесі білінеді. Оң қырынан жатқан Сәмет сәл қозғалғандай болды.

... Дүркіреген ат тұяғының дүбірі, ызы-қию шу – үрейін ұшырды. Сеңдей жөңкілген қалың қол өздеріне қарай төпеп келеді. Міне, қабақтарына қан қатқан сұсты сыпайлардың алды таяп қалды. Баланың қорқыныштан жүрегі дүрсілдеп, көздері боталап, тұтылған алаша мен керегенің арасына бұғынып отырды. Босағадан қарап тұрған қайыстай қатқан қара шал қараша үйдің белдеуіне қадалған найзаны ала салып ұмтылған – білектің күшін байқауға шамасы жетпей, көкірегіне қадалған жебенің пәрменімен шалқалап құлай берді. Ізінше сары бауыр шабдар атты ноян бастырмалата кеп алмас қылышын көкке көтере әуені тіліп түсті. Шалдың шоқша сақалы тұштаң етіп, әп сәтте ұстарамен алынған жалтыр басы домалап бара жатты. Күре тамырдан атқалақтаған қан сыр-р еткен дыбыс шығарды. 

Осыны көзінің қиығы шалған 12 жасар немере қызы «ата-а!» деп, тұра жүгірді. Белін қаққан бұрымы селтеңдеп, көйлегі делеңдей ұмтылды. Лездің арасынша оң жақ бетіне қарай қисайған басты жерден жұлып алды. Қорғасындай ауыр екен. Шал нұры тайған көзін кішкене қызға аударды. Еріндері жыбырлады, әлденәрсені айтып жатқандай. Жұлыншағынан аққан қан қыздың омырауына, кебісінің басына тамды. 

Осы кезде ойнақтаған сары бауыр ат қайта төпелей жетті. Бұл жолы әлеуетті білем-білем батыр білек төмен созылып келіп, бүлдіршін баланы ілді де әкетті. Қыздың қолындағы бас шоршып жерге құлады. 

Кекілі ұйпаланған алты-жеті жасар ұл арысы өзінің бойынан биік садақты төрден босағаға әкеле беріп, құмай белді жебені сала сап, адырнаны шірене тартты. Жемтігін бүріп әкеткен күшіген кептегі ноянның бүйіріне сол заматында көденің қадалғанындай әсермен келіп түйрелді. Ол жалт бұрылып, төбесі белдеу арқанның тұсынан сәл қалқыңқы мыштиған ұлды көрді. 

– О-о, атаңа нәлет! – Адуынды екпінмен атын кері бұрды. Оң қолымен бүйіріне көбесі ғана енген жебені жұлып алып, лақтырып жіберді. – Мойныңды бұрап, жұлыныңды үзейін. Табаныңды тіліп, қызыл таста жалаңаяқ ешкі бақтырам. Жарбиған әлгі жалт беріп, үйдің ішіне қарай қашты. Бұл бәрін алашаның ар жағынан көріп отыр. Мұнда неғып жүр, мыналар кімдер – ақылы жетпейді. Білетіні – өзі де кішкентай бала. 

Ентелей төпеген сары бауыр аттың тұяғы қағып, шабылған бас домалап босағаға келді. Осы сәт әлдеқайдан атылған арыс садақтың жебесі «тағдырдан» тиіп, дүбінген дөкір білеуіт аттан ауа берді. Тізгіні сәл босаңсыған жануар аламан-тасырда ала жөнелді. Он екі жасар қыз ер үстінде кетті. Осы кезде табалдырықтың тұсында жатқан бас көзін ашып, сөйлей жөнелді. 

– Сендер екеуің – менің өренімсіңдер. Түп бабаларың Сүбенің, яғни, менің аманатымды ұмытпаңдар. Ұрпағымды үзбей келешекке апарыңдар! 

Баланың жүрегі атқалақтап, шошынғаннан шарылдап жылауға шақ қалды. Зілді, қаһарлы естілген дұшпан үнінен тайынғаннан, әлде «баба аманатын ұмытпаңдар» деген аруақты үннен дала мен зеңгір демін ішіне алып, сазара қалған.

Сазарған дала емес, лайланған көлдің асты екен. Тұңғиыққа сүңгіген бұның демі жетпей тұншығып барады – қол-аяғы қозғалмайды. Өзінен басқа ешкім жоқ. «Өлдім» дегенде бастырылған денесін әзер қозғады, сол кезде тынысы ашылып сала берді. Оянып кетті, ап-анық көрген қанды оқиға санасында сайрап тұр. «Апыр-ау, қайдағы соғыс қайдан түсіме енді? Бәлкім, күні бойы әріптестеріне Көкшені таныстырып жүріп, қазақ пен қалмақтың шайқасын әңгіме еткені, түсіне қанды оқиға болып енді ме екен»?

Басын көтеріп, аяғын төменге түсіріп отырды. Таң әлі атпапты. Жадында түсіндегі әңгіме сайрап тұр. «Түп бабаларың Сүбенің аманатын ұмытпаңдар» деді... 

Жанындағы тумба үстінде тұрған «Тассайды» ашып, бір-екі толғата жұтты. 

7

Арада бір жұмадай өткенде топ жетекшісі академик Ллойд Уэббер енді Көкшетаудың қойнауына ғылыми геологиялық барлау шараларын бастау үшін Колинді ертіп, барлық керек-жарақтарын арқаларына артып тауға тартты. Былай шыға бере профессор квадрокоптерін көкке көтеріп, джойстик арқылы басқарып, әуелете ұшырып жіберді. Тұздай көкпеңбек жанары планшетке қадалып, жұмбақ өңірдің пұшпақ-пұшпағын ішіп-жей тіміскіленді. 

– О-о, қандай керемет.

Джойстиктен жоғарырақ бекітілген мониторға үңіліп, қызыға дауыстады.

– Оқжетпестің үстіне қарай ұшыр.

– Қазір, бейнекөрініс жазылып жатыр...

Ллойд Уэббер осында жүрген төрт-бес күнде Оқжетпес туралы көп әңгіме естіді. 

Қыздың қойған шартына байланысты сұлуға дәмеленіп, дөрекі батырлардың небір жүйрік жебелерді арыс жақтың ширыққан адырнасына салып кере садақ тартқаны қатты әсер қалдырды. Сол заматтың өзінде бұ халықта физика мен геометрияның нобайын ұғына алатын сана болғаны еріксіз академикке бас шайқатты. Оқтың ұшу траекториясы мен мына биік аңғардың мөлшері тез арада пайыммен електен өтіп, оқ жетпейтініне кәміл сенген соң басына азаттық іздеп, тәуекелге бел байлаған. Ақылы аласұрған арудың көз бен ой межесі алдамады, адастырмай қамалдан алып шықты. Тек, сәл сабыр сақтағанында, бәстің шартын ешкім орындай алмаған соң, ақырында қыздың басына хан тарапынан еркіндік берілер ме еді?..

Уәде құдай сөзі және соны бұлжытпай орындаған дала заңы қағидасы мен демократиясының ақтығына аңыра отырып, іштей тебірене бас изеді.

Әрі, қолмен әдейі жасағандай Оқжетпестің сұлулығы қараған сайын тамсандыратын. Ертегі елінде де мұндай әсем дүние жоқ сияқты. Ту сыртын айналып жүрген сайын бірде бойжеткен, бірде кейуана кейпіне енетін Жұмбақтас таңдай қақтырады.

Көкпеңбек реңде тербеліп жатқан Әулиекөлдің күзге қарай «Әу-лие» деп, кәдімгі адамша айқайлайтыны еш ақылына қонып, көңілін сендіре алмайды. Бірақ, осы жерде тұратын жұрттың бәрі солай дейді. Оны көзімен көргісі, құлағымен естігісі келеді. Әттең бірақ ол кезде, тіпті, Қазақстан тұрмақ, басқа бір құрлықта жүретіні есіне түсті.

Судың неше қасиетін көріп, әр қабілетін ашқан сайын таңданумен келеді. Енді судың «сөйлейтінін» естіп қайран қалуда. «Бурабайды жақсылап зерттеу керек».

Сондай-ақ, тау сұлбаларының ескерткіш кейпінде бітуі қайран қалдырды. Анау Жекебатыр кәдімгі шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан дуылғалы сарбаздың кейпінен айнысашы. Жорық даласында жүріп, сәл тынығып алмақ ниетпен бойындағы бес қаруы мен сауытын шешпестен қисая кеткендей. Ал, Кенесары ханның тас қамалын құдды бір қолдан жасалған қорған дерсің. Еңсесі биік. Етегіне дейін қайқаң төске тырмысып, алқына өрмелейсің. Ары қарай қым-қуыт жақпарға тіреліп, баспалдақ тектес таспен жоғары өрлейсің. Титықтаған бір кездерде барып аулаға кіргендей әсерде боласың – қарсы алдыңда күмбезді тас-сарай тұрады. 

Академик тәңірдің шексіз құдіретімен алақандай ғана аумаққа жаралған осынша ғажайыпқа қайран қала басын шайқады. 

Ал Көкшетау оязы Добровольскийдің қызы Татьянамен ұрланып келіп, іздеушілерден жасырынған Балуаншолақтың үңгірі – табиғаттың өзге елде жоқ ерекше кейпі мен құпиялығын аңғартады. Қызға құлаған сезімін білдіруі үшін балуанның әлдеқайдан тауып, иығына қондырып көтеріп алып келген жүрек тасы ғалымды тіпті қайран қалдырды. «Балуаншолақтың бойындағы бұрқырап жатқан не деген долы күш десеңізші...». Гүл сыйласа, ну тоғайдың ішінен жауқазын табылмай қалды дейсің бе? Елдің бәрі, әсіресе, Еуропа еркегі жаппай солай жасайды. «Жаттанды дүниені қайталағысы келмеді ме?» дейін десе, қайсар даланың ұланы одан мүлде бейхабар. Ал, «көкті жұлуға болмайды» деген ежелгі қазақы қағида академик Ллойд Уэббердің ақылына кірмейді. 

Әсіресе қазаққа қатысы жоқ, бірақ адамзаттың ақыны Пушкиннің басы да Бурабай тауының бір сілемінде мәңгі ескерткіш болып қалған. Өйтетіні маңдайына сөз біткен жыршыл халықтың даласында тәңірдің өзі әлемдік ақындар бейнесін жайғастыруды жөн көрсе керек. Қас шеберлер де дәл айнытпай Александрды осындай алып тұлғада сала алмас еді. Бірақ мұны көретін көз бар да, аңдай алмас адами аңғар да кездеседі. «Көрмес түйені көрмес» деген қазақтың сөзі пәлсапаға толы.

Колин екеуінің алған беттері таудың неғұрлым құзар шыңы. Соған барып төңіректі суретке түсіріп, мына сымбатты дүниеге бір сәт төбелерінен қарамақ ниетте.

Өз деміне өздері тұншыға ырсылдап келе жатқандарында Эндрюдің қалта телефоны шырылдады.

– Ллойд Уэббер тыңдап тұр.

Таңғы астарын іше сап тауға өрмелеген екеу дәл шаңқай түсте діттеген жерлеріне ілікті.

– Осы тұс қолайлы болатын шығар.

– Жан-жақтың бәрі алақандағыдай көрінеді.

– Қандай тамаша сурет.

– Көл недеген көп? Таудың айналасының бәрі көл.

– Және мына жер дәл кеңсе сияқты қалқа. – Колин бүйірі ішіне қарай ойыла кіріп, ал иілген ұшы төбелеріне пана болып тұрған қыналы тасты иегімен нұсқады. 

– Бұл – Абылай хан алаңының тұсындағы қайық кептес құлама қой. 

– Мөлшермен солай болып қалады, хан алаңы міне жатыр. 

– Қондырғыларды осы жерге жайғастырайық. Жердің «Нк94» жасанды серігінен келетін «Sh-6» мембраналық белгісін айнытпай ұстайтын болсын.

– Ммм...

Екеуі әрі қарай әңгімені доғарып, иіндері үзіліп кете жаздап әзер жеткізген зілбатпан темір-терсектерді еппен қоя бастады.

– Микросхемалары мен индикаторларына су тиіп жүрмесін.

– Бұл енді ұзақ тұратын дүние, әрине...

Тастың ұшар басына Холлис өрмелеп шықты да электрлі бұрғысымен тесіктер жасады. Оған бір сүйемдей пластмаст сына қағып, шиыршық тісті жолағымен орнын табатын бұрамашегені сіңіре бастады. Демнің арасында ошақтың үш бұтындай аяғы бар темірді орнатып та үлгерді. Содан кейін қайта төменге түсті. Енді ең маңызды әрі әсершіл табақша-қондырғыны соған әкеп бекіту керек.

– Бұл жерге адам аяғы жете қоймас...

– Еріккен туристер болмаса? – Көзін күннен көлегейлеген Эндрю езу тарта сөйледі.

– Әй, оларға, ана төмендегі қалған Бурабайдың өркештері де жетер.

– Ми қайнатқан аптапта қағынып кетпесе, шыжғырған күннің астында жалаңаш жатқан мына тасты алқапта несі бар?.. Тілі салақтап осында келе қояр дейсің бе?

– Менің де бұған сенгім келеді, – деді Холлис күн көзінен қуат алатын шағын ғарыш стансасын көлденең көк аттының назарына «мен мұндалап», сонадайдан жарқырап түсе қоймайтын елеусіз жерге орнатып жатып. 

– Енді «Нк94» жердің жасанды серігін жеті қат ғаламынан оңай таба алсақ... – Өйткені Эндрю оқыған бүгінгі ресми мәлімет бойынша ғарышта 5568 жасанды жер серігі ұшып жүр. Олардың бәрі үздіксіз толқын таратады. Сол мыңдаған толқындардың арасынан «Sh-6»-ны табу аса бір қолайлы жер болмаса қиынға соғатындай...

– Табамыз, дыбыстық координаттары бар ғой...

Бурабай суының экологиялық жайын тексереміз деген бұлардың уәжінің астында өзіндік мүдде жасырын атойлаған. Түпкі көздеп келгендері су энергиясының қаншалықты межеде екенін зерттеу. Тау жынысының да құрылымын анықтау көкейдің түбінде жатқан мақсат. Бұларды ең қатты қуантқаны – алаңсыз жұмыс жасауға билік тарапынан ресми рұқсат алуы. Әйтпесе, өзіне шығын келтіре отырып біреудің қотырын қасу – қай капиталистің қағидасында бар нәрсе? Сырт көзге бұл әрекеттері ғылыми-гуманитарлық иманды іс сияқты болып көрінгенімен, діттегендері мүлде басқа.

Жердің жасанды серігі «Нк94»-тің кинескопы әзірше құпия болып саналатын мәліметті НАСА-ның орталығына түсіріпті. Дәйекті дыбыстың негізгі шыққан орнын байыптай келгенде, ғалымдар жер шарының картасынан Қазақстанға, одан Бурабайға тоқтаған. Бұл қадамдарының жаңылыстыққа ұрындырмауы үшін бір жыл бойы сексен көлдің төңірегін ғарыш арқылы зерттеді. Ғажап олжаға кенелгендеріне әбден нанған тұста, адам жіберудің амалын ойластырды.

Небір білімдар академиктер мен ғұламалар бұрын жер шарының картасында Қазақстан деген ел болғанын да білмепті. Енді осы елді сырттай жатып алып зерттеудің астына алды.

– Ресей отаршылдығынан 260 жыл дегенде әзер құтылыпты, – деді бірі.

– Халқы өте аз екен, не бары 19 миллион.

– Сұмдық, жер ауқымы қандай кең?

– Экономикасы әлсіз, жаңа дамушы ел.

– Тәуелсіздік алғанына 30 жылдан енді асыпты.

– Сұмдық, аз халықтың ішінде 130-дай этнос өкілі тұрады, 40-тан астам діни ұйымдар бар.

– Бұл мемлекет емес шығар?..

– Мемлекет. Туы, Елтаңбасы, Гимні бар.

– Тарихи мемлекет құраушы ұлт – қазақ.

– Мынаң қараңдар, орыс тілінде сөйлейді екен... 

– Енді ше, үш ғасыр Ресейдің колониясы болмады ма? Ұлттық сана әлсіз деген сөз...

– Сана орнықпағаннан соң ұлттық иммунитет қайдан болсын?..

– Яғни, ұлттық рухта интеллектуалды өркениет қалыптаспаған.

– Міне масқара, олигархтары ақшаларын жымқырып, шетелге қашып жатыр екен...   

– Әлемнің «үшінші еліне» тән үрдіс қой. 

– О-о, Еуропа қауіпсіздігі ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа таласып, оны өткерген екен...

– Орта Азиядағы дами алмай жатқан елге Еуропаның ынтымақтастығы бас ауруы болыпты...

– Хи-хи ... – Холлис булыға күлді.

– Жайшылық па?

– Еш ғылыми-техникалық жаңалығы болмаса да халықаралық ЭКСПО көрмесін де өткізген екен...

Сарапшының бірі ыржия қарады. 

Аз ғана уақытта Қазақстан туралы том-том мәліметтер жиналды. Ішінде жағымдысы да, жағымсызы да бар. Оларды бұлайша ынтықтырып қойған нәрсе – осы жердің қойнауында жатқан құпия нысан.

Енді соны Холлис пен Ллойд Уэббер дәл төбесінен тұрып көрмек... 

Тау басында ғарыштағы «Нк94» жердің жасанды серігімен байланысты аса қиналмай орнатты. Ғаламдық дыбыстар мен үн, күлгін сәулелер мен магнитті толқындар тасқыны тоғысқан жүйеге шығып алғаннан кейін, НАСА-ның «Көк жиегі» әуе зертханасымен байланыс орнатпақ болып, тиісті кодпен дыбыстар жіберді. Сол-ақ екен мониторға нөлдік меридианның суреті шығып, үстін-үстін өсу қағидасымен біраз айналып тұрып алды. Кісіні сарылта төзімді сарықпай, шамалы мезетте қызыл-сары түсті арнайы киім киген әйелдің бейнесі көрінді.

– «Sh-6. Жер», – деді Колин мониторға қараған қалпы. – Қайырлы күн! 

Ғарыштан жұмбақ нысанды ашқан ақпарат түскеннен кейін, ол дыбысқа «Sh-6» деген шифр берілген еді. Осы оқиғаға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізетін жобаға қатысушы жердегі бригадаға «Sh-6. Жер» деген шартты атау белгілеген. Холлистің аузынан шыққан алғашқы ләмнің солай басталуы сондықтан еді.

– Саламат боларсыздар! Ал, электронды турникет-ресепшеннен өтуге дайынсыздар ма?

– Иә.

– Онда бірінші сол көзден бастаймыз. Қимылдамай, көзіңізді жыпылықтатпай отырыңыз.

Холлис қалшиып қалды.

– Жақсы, енді оң көзге ауысамыз. Қимылдамаңыз... – Дұрыс. Сэр Эндрю қайда? 

– Қазір ауысып отырып алалық.

Ллойд Уэбберді сұрайтыны екі ғалым бір мезетте тексеруден өтуі керек. Екіншісі жоқ болса кілт берілмейді. Құлып ашылмаса, ақпарат айдынына шыға алмайды. 

Эндрю жайғасып үлгермей-ақ, оны сол заматында ноутбуктағы тарыдай бейне-камера ғарышты айналдырып апарып, жер шарының келесі бүйірінен бір-ақ шығарды. Бірден ар жақтағы қыз әңгімесін бастап кетті.

– Сэр Эндрю, амансыз ба?

– Аманбыз.

– Кәне, бірінші оң көзден бастаймыз.

Тез арада тексеру процесі аяқталып, енді оның нәтижесін сәл күтуге тура келеді. 

Спутник телескопы арқылы екеуінің қарашығын сканерлеп, базада сақтаулы тұрған түпнұсқамен салыстырады. Бұл кісілердің биологиялық ерекшеліктері компьютердің жадысындағы деректермен дәл келуі керек. Сонда ғана компьютер жұмыс жасауға мүмкіндік беріп, ішке өтуі үшін кілт ұсынады. 

Таяқ тастам жердегі қара тастың үстінде отырып Колин темекісін тұтатты. Мониторға мелшиген қалпы Эндрю оның сүйікті ісіне рахаттана кіріскенін түтіннің исінен сезді. Ту сыртын берген қалпы:

– Холлис мырза, осы шылымның зиян екенін біле тұра оның түтініне адамзат баласы неге құштар? – деді байыппен, жай сөйлейтін әдетімен. 

– Ит – қорыған жерге өш. – Мұрнынан көкшуланды будақтата шығарды да ырқылдай күлді.

– Темекіні адамнан басқа еждеңе тартпайды. Ал, алманы адамнан өзге хайуанның біразы жейді. Оны қорғаштасаң, ұрлап жейді.

– «Бірақ, темекіге әуестенген біреуін көрмедім» дейсіз ғой. 

– Иә, солай, әйткенмен жануарлар от тұтата алмайды деме. – Ол бұған бір қырындай бұрылды. – Қолына шақпақ беріп үйретсең аю да, маймыл да от тұтата алады.

Холлистің көз алдына темекі өсіретін алқап елестеді. Бұрын ойланбаған екен, ол жерге құс та, мал да әуес емес еді. Темекінің жапырағын жеген бір хайуанды көрмепті.

– Никотиннің зәрлі исінен жылан да тайынады. Адам парасат иесі бола тұра, мақұлық істемейтін әрекетті істейді, неге?

– Өркөкірек.

– О-оо! Міне, міне. Залалын біле тұра, «бұл да біз дәмін татқан дүние, ештеме етпейді» деп мақтанатын сияқты. Мақтаншақ, әсіре қызыл, ұстамсыз.

– Пенде ғой енді.

– Пенделікпен тартады дейсің ғой. Ендеше «пенделік» деген ұғым «мақұлықтан» да төмен санаттағы сапалақтарға тиесілі тәрізді. Әйтпесе мақұлықтардың қатарындағы маймылымыз ләззат құмарлықтан бізден асып түседі. Түтіннің рахаты болса, одан жаны елитін бір нәсте таба алса, олар бүгінгі күнге дейін әлдеқашан темекі тартып кетер еді.

– Айтқандайын, біздің Бекки Сәметтің басын айналдырып, ақылын алып қойған сияқты. – Шашы дудыраған, бидай өңді Холлис жымия үн қатты. – Сыртқа байқатпауға тырысқанымен, көзге бадырайып көрініп тұр. 

– Қайта солай болғаны жөн. – Академик Эндрю төменге мақсатсыз қараған қалпы, селқос жауап қатты. – Негізгі шаруамызға басы артық тықақтықпен назар аудармайды. Көңілі Роминде болып жүрсін.

Компьютер шиқ ете қалды. Сонау көздің ұшынан сырғанап келіп конверттің суреті көлбей тоқтады. Орталықтан хабарлама жетті 

– Мә, орныңа отыр.

Колин жалма-жан тасқа жалп ете кетіп, өзіне ұсынылған код арқылы «Нк94» спутнигінің мәліметтер базасына енді. Дыбыстар ағымы ғарыш көкжиегіндегі «Sh-6» нысанын онша қиналмай тапты.   

Екі ғалым да үйелменімен төне түскен. Қолдарындағы топографиялық картаға ғарыш көзімен қарауға аса ынтығып тұр. Өздерін жетелеп алып келген ғаламатты тұспалмен байыптаса да нақ қайсысы екенін тап басып, жыға тану қажет-ақ. Міне, конустың сұлбасы сызыла бастады. 

 Көз құмарлығымен жанарлары ішіп-жеп барады. Ғарыштағы «Хаббл» телескопының объективі ғаламдық көк зеңгірдің қойнынан шексіз кеңістікке сүңгіді де кетті. Әлден уақытта жер шары пайда болды. Сосын, жарық жылдамдығымен жарыса жүйткіген «аспан қарашығының[4]» жасанды зердесі Азия құрлығын көз алдыға әкелді, бір сәтте Орта Азияға ауысып бара жатты. Одан Қазақстан аумағы анық көрінді. Әне-міне дегенше Көкшенің таулары, Бурабай аймағы алақандарында тұрды.

– Не деген керемет.

– Осынша байлық пен ғажайып табиғат, қазақтың несібесіне қалай бұйырды десеңші?..

– Дейтерий суын айтсаңызшы.

– Бұр Оқжетпеске! Оның қойнына жасырған құпиясын көрейік! 

Сол-ақ екен Оқжетпестің сүңгідей үшкілденген жалпы тұлғасы көрінді де, зулатып әкеп ұшар басына тікесінен қарады. Жымдаса қиюласқан жақпар тастардың күн шығыс жақ бетіндегі бөлегі ортасы ырсия-ырсия ашылған бірнеше үлкен тастардан тұрады екен. Соның бірінің арасынан қазандықтай ғана тесік байқалды.

– Мынау не екен?

– Қазір. 

Әлгі тесікке төніп келген телескоптың жасанды жанары Оқжетпестің ұшар басын ап-анық көрсеткенімен, саңылаудың арғы жағындағы тұңғиықты тарта алмады. 

– Сәл сабыр ... саңылаудан ішке өте алатындай ең кішкентай коптерді ұшырайық.

– Дұр-рыс! – Ллойд Уэббердің құшырланған үні нығыз шықты. – Талдама жасау үшін түтік тағып жібер, бір ұрттамдай су болса жеткілікті ғой.

– Сэр, асықпаңыз... бәрін рет-ретімен жасаймыз... 

Холлис асай-мүсейінің ішінен шағын ғана қобдишаны шығарып, қақпағын ашты да қараторғайдай ғана ықшам дронды құрастыра бастады. Екі-үш минуттың шамасында төрт жағына созылған кере қарыстай қанатының үстінде зыр қаға айналатын ебелегі және бейнекамерасы бар кішкентай тікұшаққа ұқсас қондырғы алдарында тұрды. 

– Міне, енді, осыған түспейтіндей етіп құтыны ілеміз. Сосын ұшырып көрейік. 

– Клева. – Эндрю ыржақтай күліп, әріптесіне басбармағын көрсетті. – Оқжетпеске дейін қанша шамамен?

– Бес жүз метр, ары кетсе алты жүз. 

Осы кезде бал арасының ызыңындай үн шығарып, жалпақ тастың үстіндегі коптердің ебелектері зыр қаға айналды. 

– Іске сәт!

Сол заматында құрылғы әуеге қиналмай көтеріліп, нысананы бетке алып, ұшты да жөнелді. Көп ұзамай көзден жасырынып, көкжиектің қойнауында ылым-жылым жоғалды. Екеуі енді мониторға үңіліп, түтікшесі салбырай самғап бара жатқан дронды көрді. 

– Координатынан жаңылмаған шығарсың?

– Жоқ. Қазір Оқжетпестің төбесіне барып, әуеде тоқтайды – жасанды жадысына солай тапсырма енгізгенмін. Одан әрі қарайғы әрекетін қолмен басқарамыз. 

 – Абайла...

– Оқжетпестің төбесіндегі тесікке барғанда коптерді тежеп, сканерлейміз. Саңылаудың орналасуы, өтетін кеңістіктің бағыты мен қалтарыс градусы, радиусы мен диаметрі – бәрі-бәрі сканерленіп, екі-үш минуттың шамасында қорытындысын дисплей-экранға шығарады. Ол тесіктен ұшқан дронның маневр жасағандағы ауқымы сыя ма, сыймай ма – соны көреміз. Содан кейін барып, келесі қадамға өтеміз. 

 – Сыятын шығар деп ойлаймын. Өте сезімтал датчиктер қуыстан ештемемен соқтықпай өтер.

– Мен де солай болжаймын, әлгіндегі телескоптың көрсетуі бойынша ол соншама кішкентай тесік болмаса тиіс...

– Бүгін бір сәтті күн болса екен!

 – Бәріміздің тілегіміз сол. Квадрокоптер кішкентай су алып шыға алса, бітті, сэр, біз екеуміз ең құдіретті адамдарға айналамыз. 

– Өз көзімізбен көріп, өз қолымызбен зертханалық талдау жасап, қорытындысын жариялаймыз. «Ауыр судың» құрамы анықталса ең бастысы.

– Дейтерийдің өзі болса – асыл мұратымызға қолымыз жетті дей бер... Жаңа әлеуетті сутегі бомбасының, жаңа энергия көзінің иесі боламыз!.. 

– Сэр, сканердің қорытындысы шықты. 

 – Кәне!

– Сыяды екенбіз! Тіпті, коптерді қанша градус оңға-солға қозғау керектігі, тесіктен қандай жылдамдықпен ұшып өту қажеттігі түгелімен көрсетілген.

– Тама-ша!

– Тек, осы тесіктің көмейіндегі бұлтарыс тұста қаншама жылдамдықпен қозғалуды қазір жасанды жадысына енгіземіз, бітті, сосын біз Оқжетпес конусының ішіндегі кеңістіктеміз.

– Бүгінгі күн қандай керемет!

Ллойд Уэббер өз қуанышымен өзі бақыт шуағын кешіп тұрғанында Колин бар ынта-шынтасын салып, электронды пернетақтаны саусағының ұшымен түртпектеп отыр еді. 

– Оқжетпестің іші кең қуыс екен.

– Тесіктен әрі өттің бе?

– Иә.

– Жарайсың!

– Бейнекөріністің бәрі жазылып жатыр. Табанында жалтырап су жатыр...

– Су емес, дертке айналған дейтерий де!..

Эндрю сөйлей кеп, үйелменімен алақандай ғана мониторға мінбелей тоқтады. Оның көз алдына «ауыр судан» жасалған сутегі қаруы елестеді...

Жарты сағатқа жетпейтін уақытта коптер қайта ұшып оралды. Бауырында салбыраған құтыда су меймілдей дірілдейді. Жаңалыққа жаны тызақтаған Эндрю әудем жерден солай көрді. 

– Абайлап қондырайық. – Колин дронды тура төбелеріне ұшырып әкелді де, әуеде бөгеп, сосын тігінен алақанына түсірді. Күректей қолын тарбита тосып, оған дрон бауырымен қонған кезде, саусағының арасынан төмен кішкентай шыны салбырап тұрды. 

– Міне ғажап. – Ллойд Уэббер таянып кеп, сынауықты ағытып алды. Сосын аузы жабылатын құтыға ауыстырып құйып, мұқияттап жүкқапшығына салды. Бұл кезде әріптесі асай-мүсейлерін жинап, әуре еді. 

– Асықпа, бәрін мұқият қарап жинап ал, әлдене ұмытып кетпейік. 

– Соның қамын жасап жатырмын. 

– Базаға барып, бірден зертханаға отырайық. 

Олар тез-тез заттарын түгендеп, қаттап алды да төмен құлдады. Екеуінің де көңілдері көтеріңкі. Әлемді тітірентетін дейтерий қолдарында. Тек талдау нәтижесі тап басып бұлтартпайтындай дәлдікпен дәлелдеп берсе – бітті, әлемде бұлардан ықпалды, бұлардан бай пенде болмайды. Химиялық сараптаманы бастан аяқ зертхана аппараты өзі бейне таспаға жазып алады, бұлар сол қалпы материалды «Нк94» спутнигінің мәліметтер базасына жібереді. Сонда оны тиісті адамдар ғана көріп, нақты нәтижемен таныс болады. 

Күннің ыстығы миды солқылдатса да аптапты елемей ентелей ілгерледі. Иыққаптарын арқалаған екеуі емпең-емпең қағады. 

– Бүгінгі күн сәтті болды. – Бір қолымен қарағайға сүйенген Эндрю соңындағы серігіне жымия қарады.

– Өте керемет күн. «Нк94» спутнигімен ұдайы байланыста болатын стансаны орнаттық, зерттеу субъстансасын қолымызға түсірдік. – Самайының тері бұршақ-бұршақ тамған Колин маңдайын білегімен сүрте жауап қатты. – Бәрі – бір күнде. 

– Енді көшпелі зертханада отырып-ақ, алаңсыз жұмыс жасауға болады – бәрімен байланыс орнады. 

– Иә, қажет болса коптерді күніне әлденеше ұшырып, шыңыраудан су алып келеміз. – Орта жастан ауған ғалым көп іркілмей, ілгеріге озды. 

– Ол судың кемінде үш-төрт литрін өзімізбен әкетуіміз керек. – Эндрю әріптесінің тура көк желкесінен дауыстады.

– Әрине, зерттеу қорытындысы бір басқа, биоматериалды қолдарына берген – мүлде өзге дүние емес пе? Орталық өздері зерттеуін жүргізіп, біздің жұмыста қанша ауытқушылық барын көздерімен көрсін. 

– Еш ауытқушылық болмайды. – Ллойд Уэббер сенімді түрде нық сөйледі. 

Екеуі жорық лагеріне жетісімен, заттарын қойды да уақытша жабдықталған зертханаға ұмтылды. 

Ең әуелі қолдарындағы құпия судағы дейтерийдің сандық құрамын, оның сәулеленуінің әсерін анықтау – басты шарт. Ол – тұрақты магнит өрісіндегі ядроға радиожиілік диапазонының электромагниттік сәулесін түсіру арқылы тексеріледі. 

Эндрю қасқалдақтың қанындай ғана суды бір тамшысын да ысырап етпей, аса сақтықпен сынауыққа құйды. Оған жанындағы Колин еуропий (III) трифторметансульфонат Eu(CF3SO3)3 ерітіндісін ұсынды. Әлгіні зерттелетін суға қосты. 

– Су қою сияқты. 

– Тамаша. 

Сырт көзге дейтерийдің кәдімгі судан түк айырмашылығы жоқ, тек кәнігі ғалымдар оның тығыздығын түйсікпен аңғаратын. Эндрю осы айырмашылықты шыны түтікке құйғанда байқаған еді. Және бұл судың салмағы әшейінгі судан ауыр тартады, сондықтан оны ғылыми ортада «ауыр су» деп те атайды.

Эндрю қолындағы түтікті магниттік өріс әсер ететін арнайы ядролық спектрометрге орналастырды. Енді бұдан әрі қарайғы шаруаны цифрлы әрі ультрадыбысты микроскоп, лупа, камера объективі жалғастырады. Содан кейін компьютер өзі дейтерий ядроларындағы спектрді тіркейді және оның магниттік өрістегі әсері бақыланады. Нәтижесінде дейтерий концентрациясының интегралдық қарқындылығы өлшенеді, олардың мәндері салыстырылады және пропорциясы нақтыланады.

Сөйтіп, талдау қорытындысында су құрамындағы дейтерий изотопының мөлшері сандық көрсеткішпен анықталады.

Судың құрамына кіретін сутегінің екі тұрақты изотопы бар: протий (1Н) және дейтерий (2D). Ондағы дейтерийдің (2D/1Н) протийге изотоптық қатынасы әртүрлі болады. Бұл да осы талдау қорытындысында көрінеді. 

Екеуі мониторға үңіле қадалған. Компьютер үздіксіз анықтаушы мәндерді көрсетіп келіп, соңында W(D2О) = 0,0398% деген нәтижені шығарды. Бұл – су құрамындағы дейтерийдің мөлшері еді. Ең көп дегенде ол 0,0156% межесінде байқалуы тиіс болатын. 

Мынаны көрген екеуі арсалаңдап кетті. 

– Сэр, құттықтаймын! – Колин академикке қарады. 

– Сені де құттықтаймын, Колин! Мынау ешбір суда кездеспеген ең көп дейтерий құрамы. Енді химиялық қуатын анықтайық, ол үшін тағы да су әкелу керек. 

– Ол проблема емес, сэр! 

Колин коптерді бауырына құты байлап, тағы ұшырды. 15-20 минутта дрон қайтып оралды. Ол оралғанша екеуі ұшу бағытын бақылаушы планшетке қарай берді. Тіпті бүгінгі түскі ауқаттарын да ішпеді, оны іздеп те әуре болмады. Барлық есі-дерттері «ауыр суды» зерттеу, талдау жұмысына ауған. 

Ллойд Уэббер табаны жалпақ болатқа орнатылған ұстын темірлі құрылғыға арнайы қысқышпен қозғалмас үшін колбаны мойнынан бекітті. Оның аузы бұралып жабылып, екі түтікше шығып тұрды. Колбаның жанына келесі бір қысқышпен сынауық шыны орнатты. Оның да аузы жабылған, дәл колбадағыдай екі түтікше бар еді. 

Колбаға металл кальцийді салып, аузын бұрап жапты. Бір түтікке құбыршек жалғап, оның келесі ұшын, сынауықтағы түтікке тықты. Сынауық шыныдағы екінші түтікке іші қуыс имек темірді кигізіп, оның басына доптың камерасындай рәзіңке бекітті. Сынауық құты – құрғатқыш кеңістігінің міндетін атқарды. 

Сосын сұйықтыққа арналған піскекпен суды сорғызып алып, бос тұрған түтік арқылы колбаға «ауыр суды» кальцийдің үстінен құйды. Екеуінің химиялық шарпысуынан жылу пайда болды. Сырт көзге шыныдан бу тектестене көрініп, дейтерий және кальций деторакциді бөлінді. Бумен бірге шыққан газ, силикагель екеуі құрғатқышқа келіп түсті. Газ келесі бітеу ыдысқа өтті де, рәзіңке камера бүйірі торсиып керіле берді. Құрғақ дейтерий шыны сынауықта қалып қойды. 

Протон әрқашан тартылыс күшіне қарсы элемент, осы қасиеті оны тез айырып алуға жол ашады.

Қос ғалым ынта-шынтасымен шаруаға кіріскені сондай, тілден айрылып, зерттеу тәжірибесіне біржола бар болмыстарымен еніп кеткен. Эндрю танауының үстіндегі бір тамшы терді сол қолының сұқ саусағымен сүйкеп өтті. 

– Ал бұған не дейсің? – Әріптесіне ыржақтай күлді. 

– Өте тамаша, сэр!

– Көрейік жағып...

Сынауықтағы шермиген шар тектес рәзіңкені алды да, басындағы арнайы тығынынан шамалап қысып, өзін бөлек тістеуіш қондырғыға орнатты. Сосын тығынына арнайы ине тектес піспек темірді қадады. Пысылдап, қысыммен шыққан үн естілді. Оның қапталындағы реттегішті жаба қойды. Қалтасынан оттығын шығарып, газ плитаны жаққандай дейтерийді тұтатты. Жалғыз жасудан шыққан от бір тұтамдай созылып, лаулай жанды. 

– Колин, ал тексер! 

– Қазір. 

Холлис алдын-ала дайындалған шынының сынығын әкеп тигізіп еді, демде ол от шалған жапырақтай бүрісіп, балқып кетті. 

– Міне, нағыз дейтерий. – Ғалымның ырза кептегі үні жарқын-жарқын естілді. 

– Көзіміз енді жетті, сэр! Нағыз кереметтің үстінде тұрмыз. 

– Отының қызуы цельсия өлшемі бойынша 1600 градустан асып түседі.

– Не деген энергия, қуат?!. – Бұл жайды бұрыннан білсе де Колин алғаш естігендей тамсанды. 

– Таза дейтерийдің бір кереметі, ауадан жеңіл. Сонымен қатар сутегімен бірдей жанады. Дейтерий мен сутегіні қатар жандырып салыстырса, сутегінің алауы көгілдір, дейтерийдің алауы қызғылт болады. Екеуі де өте ыстық жалын шығарады. Мұндай қызуға шыны оп-оңай балқи жөнеледі. Алайда оттегімен араласқандағы қызуында айырмашылық бар, сутегінің ауада жанғанына қарағанда дейтерий сәл салқындау. 

– Біз мұны нағыз дейтерийге көзімізді жеткізу үшін жасадық. Қазір мұндай тәжірибе практикада қолданыла қоймайды. 

– Әрине, бүгінгі заманауи ғылымға дейтерийдің энергия ретіндегі жанғанынан бұрын, атоммен арасындағы ядролық реакциясы құнды. Екеуінің шарпысуынан изатоп гели-3 пайда болады. Сұйық дейтерийден Америка ең алғаш боп термоядролық бомба «АйвиМайкты» ойлап тапты және оны «сұйық бомба» деп те атағанын білесің...

 Холлис басын изеді. 

«Ең алғаш дейтерийді 1932 жылы американың физико-химик ғалымы Гарольд Клейтон Юри ашқан еді. Әйткенмен, дейтерийді өндірістік жолмен алу үшін өте қисапсыз мөлшерде энергия қажет. Оның тығыздығы жоғары, жай суға қарағанда молекуласы көп, салмағы ауыр. «Ауыр сумен» жұмыс жасайтын әлемде жалғыз реактор бар, яғни, дейтерий уранды алмастыра алады. Бүгінде дейтерийдің 1 грамы (миллилитері) 1 евро тұрады. 

Екінші дүниежүзілік соғыста осы «ауыр сумен» немістер атом бомбасын жасау үшін оны сырттан әзірлетіп, теңізбен тасиды. Алайда мұны біліп қалған одақтастар дейтерийді әкетіп бара жатқан кемені суға батырып жіберді. Соның нәтижесінде атом бомбасы жасалынбай қалды. Әйтпесе, дүниежүзіндегі алғашқы атом бомбасы 1944-ші жылдары Германияда болар еді». 

Эндрю дейтерий, оны іздеушілер жайлы өткенге көз жүгірте үнсіз бөгелді. Тым-тырыс кабинет Колиннің даусымен қайта жанданды. 

– Ядролық институттардың тритиймен жұмыс жасап келіп, қайта «ауыр суға» ауысуында не сыр бар? – Тактикалық қарулардың даму үрдісін бағамдай шолып, көкейінде түйін болып жүрген осы сауалды бір жағы әріптесі, бір жағы ұстазы Эндрюға қойды.

– Суда тек сутегі емес, онда үш изотоп бар, олар: протий (1Н), дейтерий (2D), тритий (3Н). «Ауыр судың» кәдімгі судан сыртқы түрінен айырмашылығы жоқ, тығыздығынан айырмашылық бар – сәл қоюлау және салмағы ауыр. Бір қызығы – дәмі тәтті. Оны білесің.

– Иә.

– Осы үш изотоптың алғашқы екеуі тұрақты да, тритий жоғалып кете береді. Оның 1 килосын өндіру 30 миллион долларды қажет етеді. 

– Сұмдық, сұмдық...

Ғылымда ол «өте ауыр сутегі» деп аталатын еді. «Тритийді» ең алғаш 1934 жылы Эрнест Резерфорд, Маркус Олифант, Пауль Хартек үшеуі  ашты. Оның ядросы протон және екі нейтроннан тұрады. Сондықтан ғалымдар оны «тритон» (3Н) деп атағаны Колиннің көкейінде сайрап тұрды. Профессордың ойын Ллойд Уэббердің үні бұзды. 

– Соңғы жылдардағы физикадағы жетістіктер дейтерийді қолдану арқылы жүзеге асуда. Сутегінің орнына «ауыр су» кәдеге жарауда. 

– Біліп тұрмын. Біздің Қазақстанға келуіміздің де басты себебі сол емес пе? 

Екеуі осы сәт бір-біріне жымия қарады. Олардың күлімдеген жанарында жұмбақ дүниенің жатқанын жан баласы білмеді. 

8

Күні бойы талдамаларының қорытындысын жан-жақты пысықтап, ақпаратты-сараптамалық материалды құпия арнамен орталыққа жөнелтті. Онда қосымша ретінде тіркелген фотосуреттер мен бейнежазбалар да бар еді.

Иығынан ауыр жүк түскенін сезінген Ллойд Уэббер екі шекесін қос қолдап ұстап, бір сәт салмақты шынтағына сала отырып қалды. Әлден уақытта қолы төс қалтасына салынған құпия телефонға жылжып бара жатты. Сосын ондағы байланысатын бір ғана нөмірді басты. Толқынды мембранадағы абонентті іздеген дыбыс біраз үнсіздіктен соң білінді. Екі рет қоңырау түсті, үшінші мәртесінде тұтқаны көтерді. 

– Қайырлы күн, сэр!

– Қайырлы...

– Алғашқы зерттеудің қорытынды нәтижесі өте жақсы. Біз іздегенді таптық. Қазір күллі материалды орталыққа жөнелттім, олардың мақұлдауын күтіп отырмын.

– Жүз пайыз дәлелденді ғой?..

– Иә. Біздің талдау-сараптауымыз бойынша – дәлелденді. Орталық анықтамамызды қайта қарап, дәлелденгенін жоғары деңгейде растап берсе, тасымалдау амалдарына көшеміз. 

– Ұлы ұстаз сіздердің түпкілікті ғылыми қорытындыларыңызды күтіп отыр. Алғашқы жақсы нышанды ұлыққа баяндай берсе болады ғой?

Бұл көптен күткен жақсы лепесті керең болғыр құлағы еститінін елестете алмап еді. Өңі ме, түсі ме? Нанарын иә нанбасын білмей бей-жай қалде тілсіз қалды. Басына сан ой келіп, сан ой кетіп, санасы сапырылыс үстінде.

– Б... бо-лады. – Құдай атқанда тұтыға сөйледі, даусы абдырай шықты. – Соны өзіңізге жеткізейін деп, сэр...

– Жақсы...

Байланыс шорт үзілді. Академик Ллойд Уэббер тереңінен демін алып, маңдайын сипады. Шекесі жіпсіп кетіпті. Қысқа ғана сөйлескеннің өзіне осынша ауыр салмақты сезінді. Бұрыннан еңсесін басқан батпан іштей мүжіп, иінін салбыратқан. Оқыстан жүрегі шаншып, шаншудың соңғы жағы қабырғасының астын удай ашытты. Сол қолымен кеуде тұсын ауырсына сипалады. 

Сол күні әрі-сәрі хал кешті. Жауапты істің түйінін күткендіктен бе, тіпті, уақыт өтпей қойды. Төңіректі барлап, мейлінше жер жадысын тануға тырысып жүрген Колиннің маңына барды. Бағанадан бері ол дүрбімен Оқжетпесті бақылап отыр екен. Төбесіне шығып жатқан адамды көре алмады, жалғыз аяқ жолдың сілемін де көзі шалмады. Қайыра квадрокоптерін ұшырды. Мейлінше анық, жан-жақты бейнежазба мен фотосуреттер жасауға ниеттенді. 

– «Оқжетпестің басына туристер шығады» деді ғой... – Алдындағы джостигін қос қолымен ұстаған қалпы, жанына таянған академикке мойнын бұрды.

– Иә. 

– Сондай туристер тобына ұшырасып, біздің квадрокоптерді бөгде адамдар байқап қалмаса деп, қам жасап жатқаным ғой.

Эндрю үндемеді. 

– Егер, дронның Оқжетпеске ұшып кіріп, ұшып шығып жүргенін олар көрсе, міндетті түрде фото-бейне жазбалар болады. Соңы елге таралып, құқық қорғау органы көңіл аударуы мүмкін. – Көзі алайып, күдіктене қарады. – Біздің бүгінгі әуеден жасаған жорықты ешкім көрмеді деп ойлаймын. 

– Көрмеді... – Академик күбір етіп, селқос басын шайқады. 

– Қазір, Оқжетпестің бір сүйем жерін қалдырмай бейнеге түсіріп алам, содан кейін мұқият қараймын – шыңға шығушылар қай тұсымен өрмелейді екен...

– Менің аңдауым бойынша ондай туристер өте сирек тәрізді. Бізге әлгіндей аңсары күштілерді жолықтырмай-ақ қойсын. Сенің сақтық шарасын жасап жатқаның әбден дұрыс. Алайда, сақтық шарасын өз арамызда да сақтауымыз керек. 

Баппен басып, зертханаға қарай беттеді. Білегіндегі сағатына бір қарап қойды. 

Колин бастығының сөзінен әуеден барлау ісін көптің көзіне түсірмей істеу керектігін ұқты. Сондықтан, эко-бригаданың келгенінше коптерін жинап, әдеткі шаруасымен айналысып, зертханада отыруы тиіс. Бұл да сағатына үңілді – 18.32. «Кеш болып қалыпты ғой». Жаңағы күпіне кіріскен шаруасынан тез айныды. Ең бірінші әріптестерінің көңіліне күдік ұялатпау басты дүние. Квадрокоптерді өзіне қарай ұшырды. 

Зертханаға енгенінде Эндрю үстелінің басында отыр екен. Колин де өз орнына жайғасты. 

– Қазір бізде қылаңдап, таң атып келеді. – Ллойд Уэббер Америкада қай мезгіл екенін енді болжалдады.

– Олардың біздің жұмысты қарауға әлі жарты күн уақыт бар. – Холлис еш қаперсіз айтты. Сол кезде ғана академиктің миына сақ ете түсті, ол жетекшіге таңға жуық хабарласқан екен... Оның ойын бұзып профессор:

– Қазір кешкі ауқатымызды жайбырақат ішіп, жақсылап тынығайық – таңертең ұйқыдан тұрғанда, жақсы жаңалықты көретін боламыз. 

Академик күлімсіреді. Осы кезде қақпа ашылып, ішке жастар бригадасының мобильді зертханасы кіріп келе жатты. Әдеттегідей бәрі көңілді. 

Сол күні алаңдаушылықтан осында келгелі біршама дұрысталған Эндрюдің ұйқысы бұзылды. Қысқа таңға қырық рет оянды. Өзінің жіберген биологиялық талдамалық қорытындысының дұрыстығына және оған Калифорнияда отырған бірнеше мүйізі қарағайдай академиктердің «талдау амалы дұрыс, сондай-ақ, қорытынды түпкілікті» деп анықтама беретініне де сенімді. 

Алайда, «әлдене жолдан киліге ме, қырсық шалып осыншама еңбегі қаудыраған шалдардың батасын ала алмай, құрдымға бата ма?» деген дүдәмал жүрегін дүрсілдетті. Сөйтсе, одан да қорықпайды екен, іштей үрейленетіні – «НАСА-дағы ұлы ұстаздың алдында абыройым төгіле ме?» деген алаңдаушылық. Ол – Америкадағы ғана емес, әлемдегі ғарыш пен халықаралық қауіпсіздікті сақтап отырған бірден-бір тұлға, тұлға емес – құдірет. Сондықтан оның қолында дүниежүзіндегі ең қуатты термоядролық бомбадан бастап, күллі қырып-жоятын қарудың аса әлеуеттісі болуы тиіс. НАСА-ны тікелей, ал Америка Құрама Штаттары ядролық орталығын жанама түрде басқарады. Енді дейтерийдің күшімен жойқынның жойқынын көрсететін бомба әзірлету ойында және марсқа ұшатын әуе кемесінің отынын дейтериймен жарақтандырмақ. Бұл шаруаға қатысқан, тіпті, шешуші кезеңінде қызу араласқан өзі де құдіреттің шарапатынан сырт қалмайтынын біледі. Түйсігі солай қорытады.

Осындай пенделік ой оны күшәлә жегендей дөңбекшітті де қойды. Жұмсақ екікісілік төсек тарлық етіп, сыймай аласұрды. Бір кездерде кірпігі ілінді, әйткенмен миы клеткаларда жазылып қалған ақпараттарды суша сапырып, тыным таппады. Содан қауашағы сыздап, басы дыңылдап, ұйқы – ұйқы болмады. Өлі мен тірінің арасындағы жансебіл дүниені кешіп, әбден сілікпесі шықты. Ақыры, таң бозарғанда да әшейіндегі тәтті ұйқы ұйығына тартып әкете алмады.

Әлденуақытта бұлбұл сайрады. Оның үні қабынған ми қабығына жайлы тиетіндей, буын-буынына жүгіріп жаны жай табатындай. Енді көңілі көмейінен мың сан әуен төгілген құсқа ауды. Әлгі бұлбұлға жарысып, екіншісі сайрады. Оның үні тым нәзіктеу естілді. Таяу маңнан ағаштың діңін дырылдата жөнелген тоқылдақ тұмсығының үні шықты. 

Бірден-бірге өтіп, лақса дүниенің соңынан ерген лауқиға айналып бара жатты. Сосын демін тереңінен бір алды да, көрпесін серпіп тастап, атып түрегелді. Сағат алтыдан жиырма бір минут кетіпті. Беті-қолын жуып, жеңіл спорт киімін киді де, тысқа беттеді. Келесі корпустағы зертханаға барды. Құлпын кілтпен бұрап ашып, дереу компьютерді қосты. Процессор баяу үн шығарып, бір бағдарламадан бір бағдарламаға ауысып, жұмыс қалыбына еніп жатты. Арада екі-үш минут өткенде құпия арнаның торабына түсіп, ортақ базаның «кілтін» терді. Процессордың үні дыңылдай естіліп, есептегіш ұшқыр жады әлдебір нәрсені санап жатты. Құштар көңілмен әлденеге тезірек бола қойса деп ынтыққанда, тым шабан қозғалатын әдеті емес пе – сабырынан айрылып, өті жарылып кете жаздады. Бір уақыттарда жұмыс парақшасы сарт етіп ашылды. Өзі күткен хабар, құпия жүлгеден келіп түскен екен. «Бәрі дұрыс, оның дұрыстығын түпкілікті мақұлдаймыз. Академиктер алқасы» деген жазуды оқыды. 

Жүрегі тайша тулап, балаша қуанды. Еріні жайылып, жынды адамдай күле берді. Бірнеше мәрте оқыды. Сосын, компьютерді өшірді. Орнында біраз сүлесоқ қалпы отырып қалды. Содан кейін аулаға беттеді. Жатын бөлмесіне барғысы келмеді. Ауланы кесіп өтіп, бақылау пунктінің кішкентай есігінен көшеге беттеді. Мұнда көше дейтін көше де жоқ, туристер Әулиекөлден Күміскөлге шұбырған жолының сілемі бар. Маңай қаптаған қарағай. Сол қол жақта тау сілемі жақын, оң қол жақтағы тау сәл әрірек шалқайған. Бұл Жұмбақтасқа қарай кетіп барады: бірақ назары да, құлқы да – Оқжетпесте. «Ендігі құдірет сол Оқжетпес шыңының ішінде, түбінде ағып жатыр. Оны тапқан – Эндрю Ллойд Уэббер». 

Жаяужолға түсіп-ап оңға бұрылды. Өзі сияқты бірлі-жарым адамның қаралдысы байқалады. Біреу жүгіріп барады, біреу дедек қағып жүріп барады, бәрі – денсаулығын күйттеген салауатты өмірдің өкілдері. Бұл асықпады. Жай сейілдей жүріп, асыл арманына айнала Америкадан өзін осында алып келген Оқжетпеске қарады. «Оқжетпес, Оқжетпес!.. Сен неткен құдіретті едің? Сенің құдіретіңді менен басқа ешкім білмейді». 

Бойы қунақ тартып, түнімен ұйқтамай дөңбекшіп шыққан кісідей емес, өзін жеңіл сезінді. Дыңылдаған миының қауашағы сап басылған. Көкірегінде, көңілінде желдей ескен қуаныштың лебі бар. Ол – академиктер алқасының бір ауыз сөзінен ескен алтын жүлгенің самалы еді. 

Жадысында бір ғана адамның нөмірі сақталған телефонын төс қалтасынан шығарды да, қоңырау шалу ноқатын басты. Мобильник үн-түнсіз тұрды да, үзілдіріп барып құлағына ту-у-т деген дыбыс естілді. Өзі де демін ішіне тартып, бір сәт қатып қалған. 

– Сэр, кеш жарық! Академиктер алқасы толықтай мақұлдады. 

– Cosmically cool[5]! Класс!  

Жетекшінің бір ауыз сөзі құлағына майдай жақты. Ллойд Уэббердің жүрегі атқалақтай соғып тұр еді... Қазақстанға келгендегі басты миссиясы алғашқы он күнде орындалды...

Жігіттердің алды тұра бастағанда бұл серуеннен келе жатты. 

– Қайырлы таң, сэр! Алысқа бардыңыз ба? – деді Майкл аула ішінде жаттығу жасап жүріп.

– «Оқжетпес» санаторийіне дейін барып қайттым. Таңғы ауа ғажап... 

– Керемет болыпты. 

Академиктің таңғы асқа да тәбеті шауып, өзі де сергек отырды. Эко-бригада бүгін Зеренді көліне барып, сол жақты аралап, ертең кешке бір-ақ оралмақшы. Олардың жол жүретіні де қолайына жақты. Осы екі күнде көп шаруа бітіріп үлгеріп қалуы тиіс. 

Үш жас зерттеушілерді жолға шығарып салды. Лагерьде Колин екеуі ғана қалды. 

– Академиктер алқасы мақұлдады. – Шүңірейген жанарының ұшында бір ұшқын жылт етіп, басылды. 

– Құттықтаймын, сэр, үлкен жеңіс! – Профессор әріптесінің жанына таянып, қолын алды. 

– Өзіңді де құттықтаймын! Ортақ еңбек. 

– Рақмет ескергеніңізге.

– Енді қауырт жұмыс жасауымызға тура келеді. Мына жиналған материалдарды сараптамалық талдаудан өткізіп, қорытындысын әзірлейік. 

– Соңғы екі күнгі материалға талдау жасалмады, әйтпесе, өзгесінің бәрі сараптаудан өткен, ғылыми түйіндемесі бар. 

– Жөн екен. – Профессордың жүзіне бажайлай қарады. – Одан бөлек, дейтерий суын шыңыраудан тасуымыз керек. Ең қиыны қасықтап жинағандай боламыз ғой.

– Сәтін салса, оның да қиындығы жоқ. Он мәрте қатынағанда бір литр су алатындай амалын қарастырайық. Ары кетсе бізге, 5-6 баклажка жинасақ жетпей ме?

– Әбден жетер еді.

– Онда болды, коптерді түнде де ұшырамыз... 

Холлистің оптимистігі академикке үлкен жігер берді. 

– Жақсы онда, түске дейін талдау-сараптау жұмысына отырайық...

– Келістік, сэр.

Екеуі де зертханадан шықпады. Америкада отырып Қазақстаннан іздеген суларының табылғанына, ол суға қатысты ғылыми гипотезасының нақты дәйектермен дәлелденгеніне, оны мүйізі қарағайдай білгірлердің мақұлдағанына көңілі тоғайып, мына жанама жұмысқа ықыласымен кіріскен. Көкше көлдерінің экологиялық ахуалына зерттеу, барлау шарасын көзге шырға етіп тартып, негізгі діттегеніне қол жеткізді. Әйтпесе осынша қажетті құрал-жабдықтары мен аппараттарын әкеле алар ма еді?.. 

– Түскі астың мезгілі ауып барады, – деді Колин.

– Солай ма?

– Жұмысқа бір кіріссең уақыттың қалай өткенін байқамайсың. 

– Шығайық онда. 

Түстен кейін кірпігі іліне қап, кілгіре берді. Көңілі жайланғандықтан ба, әлде түнімен кірпігі айқаспай дөңбекшіп шыққандықтан ба, ұйқы басты. Жарты сағат көзінің шырымын алуға бөлмесіне беттеді. Бұл кезде Колин квадрокоптерін баптап, «Оқжетпес жорығын» бастауға әзірленіп жатыр еді. 

Көзін ашып алды, сағатына қарап еді 16.21-ді көрсетіп тұр. «Қап, біраз уақытты қаза етіппін-ау» деп, атып түрегелді. Тысқа шыққанында профессор әлі сол гүлзардың маңындағы үстелдің басынан тапжылмапты. Басын тұқитып, джостигін шұқылап отырғанға ұқсайды. Алдына баклажка қойып қойыпты. Мұның маңына таянғанын да аңдамады, әбден қасына келгенде жалт қарады. 

– Сэр Эндрю, шаруа жаман емес, – деп, әбігершіліктен босамай ыржия күлді. – Міне, – иегімен алдындағы белуарына дейін суы бар пластик бөтелкені нұсқады.

– Жарайсың! – Қолына мөлдір ыдысты алып, елжірей қарады. Сосын, шайқап-шайқап тағы қарады. Соңындағы жұғынды әдеткіден баяу жылжып, қою сияқты көрінді. – Тамаша. 

Бұдан кейінгі екеуінің тірлігі балық аулаған балықшыдай қызықшылыққа ауып, әр тамшы су үшін есі-дерттерін жоғалтты. Енді шыны түтік емес, 500 грамдық пластик бутылды ортасынан кесіп, оның ернеуінен шпагат жіп өткізіп, соны дронға байлады. Бұл әрекеттері оңға басып, со жолы 200 грамнан астам су әкелді. Екеуі коптер әр оралған сайын балаша қуанды, өйткені бір қатынағанында бұған дейінгі үш мәрте сабылғанында жиылатын су келіп жатты. Алғашқы баклажканы толтырып, екіншісін орталап қалды. Ықыластары ауған істен әзер ажырап, күн кестесіне сәйкес кешкі астарына беттеді. 

Ертеңінде де дәл осы әдіспен жұмыс істеді. Түске дейін материалдарға ғылыми талдау жасалып, қорытындылары шығарылды да, түстен кейін әуе арқылы «Оқжетпес жорығын» жалғастырды. Кеше бір жарым литр су әкелсе, бүгін екі литр дейтерий жиналды. Сағат кешкі алтыға қарай жұмыстарын қорытындылап, квадрокоптерді қолқорабына салып, орнына қойды. «Тәттісуды» апарып, алынған күнін, сағатын жазып, штрихтап, тоңазытқыш қоймаға тықты. 

Шамалы уақыт өткенде алыс жолдан Майклдар да жетті. Көңіл-күйлері жақсы, жарқын жүзбен оралды. Машинаны корпусқа жақындатып тоқтатып, әкелген материалдарын олар да тоңазытқыш контейнерге жинады. 

Бұдан былайғы жұмыс меморандумға сәйкес мойындарына алған міндеттерді орындауға толықтай көшті. Өйткені, негізгі діттеген шаруа бәрі межесіне ілікті, миссия түпкілікті орындалды, жоғары жақтың мақұлдауына ие болды. Енді, осы көкейтесті мәселені шешуге жол ашқан, үлкен істің бетіне шырға етіп тартқан жанама шаруаны да ештеменің ізін білдірмей тындырып кеткендері абырой әрі жүрістері ешкімді ештемеге дүдәмалдандырып, дүмбілез ойға бастамайды. Сондықтан оған да уақыт бөлуге, белгілі бір межеде жұмыстың нәтижесін көзге көрсетуге кірісті. Академик басымен профессор әріптесі екеуі зертханада тапжылмай отырып, Көкше өңіріндегі су ресурстарының экологиялық ахуалы жөнінде ғылыми қорытынды әзірлеп жатты. 

Әу баста эко-бригаданың құрамын көріп, топ жетекшісі академик деңгейінде бекігенін құжатпен дәйектенгеніне көз жеткізген Су ресурстары комитеті шетелдік гидрогеологтарға құрметпен қараған. Оның үстіне күллі қызметті гуманитарлық көмек аясында тегін атқарытынын ескеріп, жайылып төсек болуға әзір еді. Бұл ықыласты Ллойд Уэббер де байқамай қалған жоқ, осы бір шікәмсіз көңілге сызат түсірмей, абыроймен аттануды көкейіне меже етіп түйген. Оның үстіне, өзі болжалдаған жоба Америкада айды аспанға шығарып жатқанда – бойына толассыз қажырдың қайнары біткен еді. 

Осындай құлшыныспен бір жұма жұмыс аптасы өтті. Бурабайдағы ұлттық бағындағы көлдер ғана емес, сексен көлдің дені әрқилы өлшеммен ғылыми талданған қортындыға айналған қалпы алдарында жатты. Енді ақырындап, жұмыстарын жиыстыра бергені жөн. Жергілікті Су және орман шаруашылығының өкілін шақыруға болады. Олардың қатысуымен бір-екі күн эко-бригада зерттеу, барлау шарасын жүргізсе, зертханадағы талдау амалдарын көрсетсе, америкалық гидрогеологтардың шаруасы мәресіне ілігеді.

– Сәмет мырза, – деді академик таңертеңгі астың аяқталып қалған уағында, – сіз осындағы әріптесімізді, өткендегі жігітті шақырсаңыз... – Шәйін бір ұрттап, шынысын үстелге қойды. – Екі күн соларға жұмыс процесін көрсетіп, тәжірибе алмасыңыздар. Өткендегі өтініші бар еді ғой.

– Иә, сондай қолқа салған. 

– Енді сол бұйымтайларын орындайық. 

– Жақсы, қазір хабарласамын. 

– Түске дейін келсін, түстен кейін бірге шығып кетесіздер. Ертең кешке жұмысты қорытындылайсыздар, екі күн жетеді. 

– Жақсы, келістік. Мен сізге хабарын беремін. 

***

Гидрогеологтардың Көкше өңірінде жүргендеріне де бір ай мерзім болды. Осы аралықта міндеттеріне алған шаруаны да тәмамдап қалды. Сол күні эко-бригада соңғы көлге барып, ұлы бесінде лагерьге оралды. Лагерьде академик пен профессор екеуі бірдей жоқ болып шықты. 

– Осы төңіректе жүрген шығар... – Майкл елеусіз үн қатты. Оның ғылыми топтың әкімшісі ретінде тиісті қағазға қол қоюы үшін бүгін Астанаға жол шегуі қажет. IT талабына сәйкес құжат айналымының цифрланып кеткендігінен есеп-қисап қағазы бүгіннен кешікпей компьютерден өтуі тиіс. Басшылық бұдан хабардар. 

Ертерек тамақтанып алды да, елордаға тартты. 

Оны көлігіне дейін шығарып салған қос әріптесі «жол болсын» деген тілекпен, қол бұлғап қала берді. 

Майкл енді екі күннен кейін оралады. Сол аралықта Сәмет пен Бекки бүкіл зерттеу қорытындысына қатысты сараптаманы әзірлеп, жиналған био-материалдарды қаттап контейнерлерге салып, даяр отырулары керек. Әрине, мұның бәріне Эндрю өзі жетекшілік етеді. 

Лагерьде Сәмет пен Бекки ғана қалды. Қыз қолына оңаша тигеннен кейін ғашық жүрек атқалақтап, байланған жанары алаулаған жүзіне қиыла қарай береді. Белінен орай құшақтап, бөлмесіне қарай алып жүрді. Табалдырықтан аттап кіре салысымен арқасын есікке тақап тұрып, оң қолымен құлыпты бұрап жапты. Сосын асығыс нәзік денені құпсыра құшақтап, кеудесіне басты. Албыраған ерніне қадала жабысып, тілі ұшынан ләззаттың балын іздеді. Үстіндегі кофтасын сыпырып алды – емшекқап кимеген қос анары кеседей төңкеріліп, құштарлығын қоздыра уыздай дененің уытына ынтықтыра түсті. Қызды баладай көтеріп әкеп, төсегіне жатқызды. Бойы балбыраған бойжеткен көзін жұмып, буынынан әл кете баяу қимылдайды. Шортиының ышқырын ағытып, демде сыпырып тастады. Аш белі, қолмен кескіндегендей қиылған мықыны жалаңаш қалды. Келісті әппақ саны шортан балықтың бауырындай сыртқа теуіп, бұтының арасы құпиясын жасыра жымдаса арбайды. Ұзындау біткен түп-түзу аяқтары, қыздың құлын мүсінін мүлде айшықтап жіберді. 

Құныға ішіп-жей қараған құлқы үш әппақ ерекше дүниеге назарын әкеп тіреді: ақ қағаздай еті, ақ маржандай тісі, сүйріктей саусақтары көзінің құртын қоздырып, жанын сүйіндірді. Перінің баласындай толықсыған сиқырлы сәулімнің бойынан үш бірдей мөлідей қара құпияны көрді: қиылған қасы, қайқайған кірпігі, қарашығымен тұтасқан көзінің қарасы. Бұл оқшау бітімі – әппақ еті мен селеудей күміс шашына ешкімде жоқ рең байлаған. Сосын үш қызғылт дүние көңілін арбап, жанына тап тастады: сүйюге жаралған еріні, жаңа піскен тау бүлдіргеніндей бөбешігі, домалана сүйрік жаралған тырнағы.

Ақылын алып қойған алақұйын сезіммен бала дененің уыз ұйығына батты да жөнелді. От құшақтың, атқалақтаған жүректің, өбіскен еріннің уыты көпке дейін естерін кіргізбей, екеуі де есірік буып, шығасылы-кіресілі жағдайда қалып қойды. Ынтық жүректің солығы басылған бір қыдыру уақытта барып, баяу аймаласқан, өбіскен қалыпқа енді. Құлағының түбінен:

– Сен мені шын сүйесің бе? – деді қыз.

– Осы сұрақ мені де әбден мазалады. Шын сүймесем, осынша құлқым құламас еді. – Қос анарын аялай сипап, тау бүлдіргендей ұшына ернін тигізді. – Сен мені сүйесің бе?

– Сүйемін...

– Маған күйеуге шығасың ба?

– Бұл ұсынысың ба? – Мөлідей тұңғиық қарашығы жалт етіп басылды.

– Біздің халықта ұсыныс деген жоқ, бірақ, Еуропадан үйреніп алған жастар ұсынысты әртүрлі етіп жасап жүр. Менің білгім келгені – сен өзге құрлықтағы, өзге мәдениеттегі ұлттың өкіліне күйеуге шығуға әзірсің бе?

– Мен осында жүргелі ешқандай ақылға қонбайтын салтты көрген жоқпын, яғни, айырмашылық байқай алмадым.

– Күйеуге шықсаң – көресің...

– Қорқытпашы. – Қыз жымиып, жігіттің жалаңаш кеудесіне басын қойды. Назды қылығына елжіреген Сәмет оның шашынан иіскеді де, белінен қапсыра құшып, шалқасынан салды. Ұшы қып-қызыл әппақ анары аңсарын алып, тағы да сұлулық пен құпиялықтан тоят іздеді. Борықтай санын ынтыға сипап, тізесін бір шетіне қарай тарта берді... 

Екеуі талықсыған қалпы төсектен тұрмай тағы біршама от құшаққа оранып жатты. Жігіт сағатына қарап:

– Кешкі астың мезеті болыпты, – деді. – Екі доктор келіп қалар... – Бұл қызға тұрайық, олардың көзіне түсіп қалмайық дегенді аңғартқаны еді. Бірақ, өзінің діңкесі құрып, қайтадан сұлулықтың тұңғиығына шым батып бара жатты.

Ынтық жүректер аптығын баса алмаған қалпы тек уақытқа бағынып, тысқа шыққанда жаздың кеші маужырай ұйыған. Асханаға беттеді. Үстелдері жасаулы қалпы тұр, ешкім асқа қол тигізбеген. 

– Қызық, мына кісілер қайда жүр екен? 

Бекки иығын көтерді. 

– Келіп қалар, тамақтана берейік. 

Әдеттегідей екеуі кешкі астарын ішті, бірақ алаңдап, қарағыштай берді. Сосын Сәмет Колинге телефон шалды, қоңырау қабылдамайды әлде өшіріп тастаған. Эндрюдің нөмірін терді, сәлден соң шақыра бастады.

– Қоңырау барып тұр, бірақ көтермейді. – Беккидің жүзіне «неге олай?» дегендей пішінмен қарады. – Жарайды, келіп қалар.

Екеуінің әлгінде ғана алауға айналған отты сезімінің шарпуы қайтып, көңілдері сәл қабаржып қалды. Мына үлкен кісілердің үшті-күйлі кетіп, үн-түнсіз тырс етпеуі – көкейге кірбің ұялатты. 

– Келіп қалар. – Өз-өзін сабырға шақырды. 

Әдеттегі араға әзіл араласатын кешкі асты екеуі шошайып отырып ішті. Дәйекшілер бұрынғысынша бәйек қағып шауып жүр. 

– Мына кісілер келмей ме? – деп сұрады ұяңдау қыздың бірі сыпайы ғана. 

– Соны өзіміз де білмей отырмыз. Біреуі – жол жүріп кетті, екеуі – осында болуы тиіс еді. 

– Жақсы, мен онда тағамдарына тиіспейін, келіп қалар. 

– Рақмет. 

Қыз бен жігіт алғыстарын айтып, тысқа беттеді. Басшыларының бөлмелерін барып қақты. Жабық. 

– Жарайды, әлдебір шаруамен алданған болар... Жүр, көл жақты аралап қайтайық. 

Жаздың ұзақ күні нұрын шаша әлі төңіректі иіте талмаусыратады. Жағалауда демалып жүргендер жетерлік. Әлдебіреулер шомылып, дабырласа жарыса жүзеді.

– Әулиекөл керемет. – Бекки шын ықыласпен көлге қарай сөйледі. – Оның «әу-лие» деп дыбыс шығарған сәтін көре алмаймын-ау... Неге олай үн қататынын зерттер едім...

– Мүмкін, зерттеп қаласың... – Сәмет күлді. – Маған күйеуге шықсаң, зерттейсің. 

– Әке-шешеме бір ауыз ескертем, олар қарсы болмайды, әрине... Әйткенмен, жат жерге, бөтен елге келе сап күйеу тауып алу – аздап ақылға қонбайды.

– Біздің халықта «бұйрық» деген ұғым бар, дәм тартса, кез келген пенде сол бұйырған жерден ырыздық тереді. Мүмкін, сенің бүкіл бақытың Қазақстанмен байланысты шығар.

– Мүмкін, Қазақстан туралы көп оқуым керек.

Екеуі ұзақ уақыт сейіл құрып келіп, қыздың бөлмесіне бұрылды. Әдетте именшектенетін жігіт, ілесе кірді. Сол түні екеуі бірге қонып қалды.

Таңертең әдеттегісінше уақытында оянды. Қасында селеу шаштары әппақ өңіне одан әрмен әр беріп, бала бейнелі Бекки ұйықтап жатыр. Оның бұлтиған ернінен ақырын ғана өпті де орнынан тұрды. 

– Қайда барасың? – Қасынан ұзатқысы келмейтін қиылған үн.

– Таңғы астың мезеті таянып қалды, ана екі кісіні білейін...

Қыз жастығын құшақтап, көрпесіне көміле түсті. Сәмет тез-тез киініп, өз бөлмесіне беттеді. Жуынып-шайынып ретке келгеннен соң, аулаға жаттығу жасауға шықты. Қос доктордың бөлмесін қаққанға «аңдып жүргендей көрінбейін» деп, ыңғайсызданды. Әрі, «түнімен әлдебір шаруаға алданып, демалып жатуы да мүмкін-ау» деп ойлады. Ертеңгілік жаттығуын жасағанымен көңілі алаң қалпы, жатын корпусына қарай берді. Уақыт жылыстап барады, бір мезетте Бекки шықты. 

– Қайырлы таң, қалқа! – Сәмет сонадайдан көтеріңкі көңілмен дауыстады.   Ол жауқазын гүлдей құлпырған қалпы қолын бұлғады.

– Таң арайлы болсын!

Тағы да екеуі ғана шошайып таңғы асты ішті. 

– Мына кісілердің үн-түнсіз жауап бермей қойғаны қызық болды. – Бекки де алаң көңілін білдірді. 

– «Түнде жай келіп, демалып жатқан шығар» деп ойлап отырмын. Міндет етіп алған жұмыс ыңғайланып қалған соң, демалуға да уақыт бөлген шығар.

– Мүмкін.

– Ол кісілерді ұятқа қалдырмай өз шаруамызды тыянақты тындыра берейік.

– Әрине. 

– Әлде, Майкл бірдеме білетін болар, сонымен хабарласып көрейік. 

– Жөн ақыл. 

Екеуі тамақтанып алғаннан соң зертханаға кірді. Компьютерлерін қосып, жұмысқа отырды. Шаруаны бастамас бұрын Сәмет Майклге қоңырау шалды. Бірақ, ол да екі доктордың бұлай ізім-ғайым кететінінен еш хабары жоқ екен. 

– Жақсы, алаңдама, мүмкін демалып жатқан болар, қазір оянар, – деді Сәмет енді Астанадағы Майклді алағызытып қойғанды жөн көрмей. Телефонын ұстаған қалпы жанындағы қызға қарады. 

– Ол да бейхабар.

– Қызық екен. 

– Жарайды, түске дейін шаруамызды реттейік, бір хабар беріп қалар. 

Монитордағы «Көкше өңіріндегі сексенкөл аумағына енетін қырық екі көлге жүргізілген спутниктік зонттау мен биологиялық, химиялық ғылыми-талдаудың қорытындысы» деген ауқымды материалға ден қойды. «Қазақ ұғымында сексенкөл деп бейнелі айтылған өңірде бұрындары шынында да сексен көл болғанға ұқсайды. Қазіргі экологиялық ахуал ушыққан тұста олардың қатары сиреген, қайсыбірі қарасорға айналып кеткен. Колифорния ғылыми-зерттеу институтының барлау-талдау жұмысымен айналысатын эко-бригадасының бір айлық экспедициясында, қырық екі көлдің сынамасы алынып, ғылыми талдау жасалды» деп басталатын құжат, өңірдегі нақты жағдайды көрсететін еді. 

Бекки де ынта-шынтасымен шаруаға кіріскен. Бүгін түске дейін ғылыми сараптамалық қорытындыны біржақты етсе, түстен кейін био материалдарды рет-ретімен қайта қаттап шықпақ. 

Шаруаға бар пейілімен енген жігіттің көңілін Беккидің үні бұзды. 

– Мынаны қарашы.

Сәмет басын жалт бұрды. Әріптесі қолындағы бір жапырақ қағазды көрсетті. 

– Не ол?

– Соны түсінбей отырмын.

Жігіт атып түрегеліп, қыздың қасына келген бетте қағазға үңілді. 

Пушкиннің мұрыны,

Піл жатқан мұнара – 

Ескінің жұрыны,

Түсінсең мына ара.

– Қызық. Кім жазған?

– Білмеймін... 

– «Піл жатқан мұнара» – Оқжетпес. Оның теріскей беті «Пушкиннің басы», ол бейненің мұрыны «пілдің» тұсына таяу... – Ойланып қалды. – Мұнда бір жұмбақ бар. Екеуін іздеуіміз керек. 

– Қайдан? – Қыздың көзі боталай сұрады.

– Оқжетпестен. Кеттік!

Асығыс зертхананы жапты да, барып қос доктордың бөлмесін тарсылдата қақты. Тырс еткен дыбыс бермеді. Колинге телефон шалды – өшірулі. Эндрюдің нөмірін терді...

– Қоңырау барып тұр, көтермейді.

– Түсініксіз жайт, ол кісі бірден жауап беретін еді. 

– Олар адам аяғы бармайтын бір жерде тығырыққа тіріліп қалған сияқты.

– Қалай? 

– Білсем айтар едім, бірақ, сырттың көмегінсіз шыға алмайтын қамауда қалып қойған сыңайлы.

– Сұмдық. 

– Кабинеттегі заттарын қарашы.

Бекки зертхананы қайыра ашты. Үстел үстін шолып шығып, биометериал салынған мұздатқыш контейнерді қарады. Өздерінің әкелген суынан бөлек баклажкасы бір жарым литерлік бес шөлмек тұрды. Қолына алып бажайлай ден қойғанында, штрих қағазындағы «Оқжетпес. 2022-ші жылғы 18-ші маусым» деген жазуды оқыды. 

– Сәмет, мынаны қара! 

Жігіт жанына таяп, бөтелкенің жазуына үңілді.

«Оқжетпес. 2022-ші жылғы 18-ші маусым».

– Иә, Оқжетпеске байланысты бір гәп бар... Іздейміз. 

Екеуі асығыс зертхананы жапты да, Айнакөлге қарай жүгіре жөнелді. Жұмбақтастың қасындағы шоғыр шоқыға шығып, Оқжетпесті алғаш көргендей ынтыға телмірді. 

Алып, алып қабырға тастар шыңға шыққыштар болмаса жай адамдарға асу бермес қиямет-қайым. 

Оқжетпестің түбінен көз жүгірткенде тоғыз өрім өзекті қамшының өріміндей түскен әдемі жымдасқан тастар, әрқайсысы қотанның орынындай жайылған кеңдікті алып жатыр. Қиюласа түйіскен тұстары болмаса саябыр тауып, табан тіреп тұру мүмкін емес. Сырттан бажайлағанда лаждап, ұшар басына қарай өрмелеуге көнетіндей көрінеді. Жеме-жемге келгенде құлама тас деңгейіне шендестірмейді. Бір ғана әдіс, оған тек өрмекшінің торындай таусылмас әрі бекем арқанға ілініп шығасың. Ондай ілмелі, сүйретпелі кәсіби арқан табылса альпинсшілерден ғана табылады.

– Оқжетпестің ішіне түсуіміз керек.

– Мүмкін, осы іргесінен де кіретін саңылау бар шығар... – Айтуын айтса да ойының қисынсыз екені бүгежектетті ме, Беккидің албыраған жүзі қызарып сала берді. 

– Онда жұрт әлдеқашан жалғыз аяқ соқпақ сап, күнде шұбырып жатар еді.

– Енді қандай амал бар?

– Спорттың қай түрімен әуестеніп едің? 

– Гимнастика...

– Ендеше, қазірден бастап альпинизммен айналысамыз.

Бойжеткеннің қарақат көзі бағжаң етті. Күтпеген ұйғарымнан тайынып қалғанын жігіт ұқты.

Заман өзгерген сайын уақытқа лайықты жаңа мамандықтар, бейтаныс атаулар пайда болады. Оған кейін жүре келе бойымыз үйренетіні сондай өзіміздің ежелден ата бабамыздың кәсібіндей қабылдаймыз. «Альпинизм» деген спорттың түрі экстремальді шақты жақсы көретін альтуристердің шыңға шабуыл жасауынан, яғни, биіктерді бағындыруынан, әсіресе, олардың көбі Альпі тауына өрмелеуге құштарлығынан «альпинист» деген атау беріліп, альпинизм өмірге келді. Енді бұл сөздің қанға сіңгені сондай, оның арғы ата тегіне мән бермей «альпинизм» деп айта береміз. Сол сияқты «от алдыру» деген сөз қазақтың ұғымына жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдары кіріккен шығар. Қазір еш ойланбастан «машинаңды оталдыр», «машинамды оталдырдым» деп, лекіте жөнелеміз. Бұлардың арғы жағына үңілсек, индустрияландыру лебіне тіліміз мейлінше жылдам ілесе алған. Бірақ дамытушы пиғылдың болмауынан тоқыраған.

Енді бүгінгі инновациялық жаһандану үдерісіне сай «ғаламтор», «тінтуір», «ұшақ», «сорап» деген сияқты көптеген сөздер сөйлеу ләмімізден лайықты орын алып, жадымызға жарасымды сіңісті.

Қыл бұраудың алдында тұрған Сәметтің санасын әп сәтте осындай қызық ой иірімі шарпыды.   

Сілтідей тұнған қалың қарағайдың арасында абыржыған кепте шаншылған шыңға қарады. Түйсіз неме бедірейген қалпы сыр аңдатпады. Әдеткі айнымайтын сұлу кейпімен сұқтандыра түседі. Бүгін, тіпті, жігіт құныға қадалды. 

Алғаш Оқжетпес атанғанда ұшар басына қыздың орамалын байлау үшін ең төбесіне кім шықты екен? Яғни, шыңырауға түсіп, шыңға өрмелеу өнері елімізде ежелден болғаны ғой. Мысалы, аяқдоп ойыны қазақтан басталған сияқты. Бұлай деуімізге халқымыздың «адамның басы Алланың добы» деген сөзі имани құқық береді. Демек, осы тәңіри тәмсіл айтылмас бұрын ол ойын ойналған. Бұдан ақырында ештеме өнбейтінін білген соң, «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген байламмен, тоқтатқан.

Енді осы жерде тағы бір тереңірек үңілсек, халқымыз физиканың да, химияның да қағидаларын білген. Оны біліп қана қоймай технологияларын меңгерген. Қысқасы, атмосферамен нығыздалған доп жасай алған. Әйтпесе, допты ол кезде ағаштан ойып алмаған шығар. Солай-ақ болсын делік, шотпен шапқан жұмалақ бәрібір кәдеге аспас еді. Сиырдың жүнінен домалақтай шиыршықтап, соңыра текемет басқандай иін қандыра пісіріп, доп жасаған деген де сөз бар. Бірақ, ол да шекесі қызған доп болмас. Қалай айтқанда да іші ауамен үрленген доп жасағаны белгілі. Бұл – ашық жердің бетінде алтын өндіргеннен оңай ғой. Бұған Тоқтамыс ханның соңынан қуып бара жатып, қабырға тасқа алтынмен дерегін жазған Ақсақ Темірдің ісі дәлел. Ньютан бәленбай жылдарын сарп етіп, металды алтынға айналдыру құпиясын меңгерді. Сонысымен альхимик атанды. Ал түркілер көшіп жүріп-ақ алтынды қорытып ала берген. Содан кейін де шығар «арпа деген ас екен, алтын деген тас екен» деп әндеткені. 

– Неғып тұрмыз, Сәмет? – Қыздың мөлдіреген жанарының аясын жастың нілі көлкіді.

– Оқжетпестің ұшар басына қалай шығудың амалын ойлап тұрмын.

– Таптың ба?

– Альпинизм...

– Біз альпинис емеспіз ғой.

– Боламыз.

Қыздың қолынан ұстап, жетелей жүгіре жөнелді. 

9

Жігіттің ойына бірден сейілші, жолбастаушы Балғабай оралған. Ол туристердің көңілін аулап, жай сейіл салдырумен айналыспайды. Аты халықаралық аренаға мәшһүр марафоншы. Астанадан Меккеге жүгіріп барған. Алпыс градус ыстық аптапта, табаныңды қарып түсер сусыған құммен дедек қағып өту – миллионның бірінің қолынан келетін шаруа емес. Одан кейін Берлиннен Астанаға жүгіріп келген. Қос өкпесі көрікше істейтін, аузымен құс тістеген саңлақ. Бір жағы – өзінің жеке спорт клубы бар, шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаз. Екіншіден, жердің тарихы мен халықтың аңызын жетік білетін шежіреші. Сондай-ақ, тастан-тасқа өрмелегенде одан жылпың, одан бейім адам жоқ. Пышақтың қырындай жықпылдарға дәнеңесіз-ақ жалаң қолмен шыға береді. Дәл қазір керегі оның осы қасиеті. Тым болмағанда ол, тау басына алып шығатын альпинисшілердің мекен-жайын дәл тауып айтып береді. Тіпті, апарып жолықтыруы да мүмкін. Ең бастысы оның өзін табулары керек.

Балғабай – «Оқжетпес» санаторийінің сейілшісі. Оны ұстасаң, сол жерден ғана ұстайсың. Және түс әлетіне қарай баруың керек. Әйтпесе шипасын алып, шырайы кірген демалушыларды бастап, көңілі ауған жаққа ертеді де жөнеледі. Содан кейін қай орманның арасында, қай шатқалдың ішінде жүргенін адам баласы білмейді. Бұдан кешіксең, орнын ғана сипап қалғаның. 

Сағатына қарады: 11.17.

Екеуі дедек қағып, жан ұшыра түсті. Әне-міне дегенше құйма тастан өріп салған жаяужол темір шарбаққа әкеп тіреді. Еш кедергісіз ішке өтіп, бас корпусқа қарай аяңдады.

Табалдырықтан аттасымен кондиционерден ескен салқын леп аптапқа булыққан бойды жай таптырып, жанды рахатқа бөлеп үлгерді. Бестюбельдегі теледидардың алдындағы диваннан іздеген адамдары көрінбеді. Сосын сол жақ қапталда абажадай тақтаға тігілген пішіні он жастағы баладай шахматқа назар аударды. Бейтаныс екі адам тілдері күрмеліп, фигураға салбыраған кепте қатып қалыпты. Әдетте сейілші дәл осылардай сілейіп, тақта-тастың алдында бір тұратын сәті бар еді. 

Сәметтің дымы құрып, оң жақ қапталдағы әкімші қыздарға беттеді.

– Сәлеметсіз бе.... Балғабай осында ма екен?

– Жүрген әлгінде.

– Қайдан іздестіруге болады? – Дәрмені таусыла аузына қарады.

– Білмедім. – Тіпті селқос кепте бидай өңді келіншек құлықсыз жауап берді. – Кітапхана жақты көріңіз...

Салын сүйретіп, солай қарай беттеді. Алдынан шыға келетіндей елегізе емпеңдеді, бірақ амал қанша... Барға кіріп, солға бұрылды да бұрандалы кептегі баспалдақпен төмен құлдады. Бұл тұста да фоэде беймәлім жандар. Көзі тінтіп, бүкіл қуысты аралап шықты. Лажсыз кітапханаға бас сұқты. Мұнда жоқ екенін біліп тұр. Дәл ойлағанындай – жоқ. Қайта иіні салдыраған қалпы дәлізге шықты. Кенет құлағы таныс үнді шалып қалды. Сол... Салдырлай сөйлеп, өжелене әлденені айтады. Қасындағыларға әдетінше бірдемені түсіндіріп келе жатқан сыңайлы. 

Сәмет солай қарай тұра жүгірді. Сонадайдан сейілшінің төбесі көрінгенде арсалаңдай қуанды. Есеп-қисап бөлімінен шығып келеді.

– Балғабай! – деп, әудем тұстан қолын көтерді. Ол да көзі сығырая күліп, оң алақанын әуелете бұлғады. 

– Өзіңді іздеп, арнайы келдім! – Бұрын осы санаторийде демалғанында үш-төрт күн бірге жүргенін арқаланды. 

– Жайшылық па?

– Альпинистер керек!

Жеткен бетте ежелгі етене таныстардай төс түйістіре амандасты. Бұлардың екпіндері тау соққандай болса керек, айналадағы жұрттың қайсыбірі жалт қарап, қайсыбірі көзқиықтарын жүгіртті. Сосын үшеуі көп іркілмей сыртқа беттеді. 

– Шыңға шыққыштар бар, қазір табамыз. 

– Қайдан?

– Айнакөлдің иін шатқалында лагерьлері тұр. Соған тарттық.

– Баста жолды.   

Балғабайдың тағы бір адам сүйетін қылығы – «неге керек, неге онда барамыз?» деген сияқты басы артық сауал қоймайды, мәселе саяткерлікке қатысты болса, тіпті жанып түседі. «Сейілшінің міндеті – туристердің тілегін орындау» деп білетін болса керек. Және жазғы маусымдарда Оқжетпестің басына шыққысы келетін демалушылар ұшырасады. Әлгілерді қақпақылдап, жетелеп, кей тұстардан арқанмен тартып алып басына апаратын қызметшілер бар. Олардың ақысы да әжептәуір. Қазір мыналарды соларға жолықтырса, өзінің қалтасы да құр болмайтыны белгілі. Ретті тұстарда аңдатпай өңіне барлай назар тастайды.

Қара басын хан санап, арнайы құлғанадай іздеп, сары ізінен өкшелей жүріп тапқан бұл жігіттің жүзі таныс. Тікелей бет қойып келгеніне қарағанда бірді-екілі жолыққан немесе санаторийде демалған адам сияқты. 

Сейілші бұған да көп мән бермеді. Бұйымтай айтып, қолқа салғанына мәз. Яғни, туристік қызмет саласында өзінің орыны бар деген сөз. 

Әп дегенше түйсіз құз бен шаншылған шыңның тірмізіктенген перілері қоныстанған лагерьге жетіп үлгерді. 

«Мә саған, мә маған» түріндегі коммерциялық негізге құрылған жүйеде адамдардың бір-бірімен тіл табысуы оңай, жалпы, шаруаға деген ықыласы басым. Шатқалдарға қыл арқанын тартып, құлама тастарда құлшына өрмелейтін жанкешті альпілік әдіскерлер бірден келісе кетті. Асай-мүсейлерін арқалап, сыптығырдай қос жігіт демнің арасында әзір болды. Іздегенге сұраған дегендей, өздері де осындай бір клиенттерді аңсап отырса керек. Бірі – Василий, одан сәл қалқыңқы бойлы, тікірейген шаштысы – Максим. 

– Әуелі мына жилетті киіп алыңыздар. 

Батырлардың сауытына ұқсайтын бір-бір күртеше берді. Екі иығынан тік және белді айналдыра ызып жүргізілген жалпақтығы бір қарыстай кісе бар. Оның үстінен қолқа салып, үш қатар брезент белбеу жіберіп, әредік тұстарынан сақина тектес болат шығырлар бекітілген.  Шығыр қос иықта да жылтырайды. Күртені кидіріп, шандымаларын байлап, қайта-қайта тексеріп, әбден тиянақтады. Балғабай да киінді. 

Енді бесеуге айналған топ, арада көп өтпей «Оқжетпестің» түбінен қарап тұрды. Сәметтің жадына жаңағы бір шумақ оралды.

«Пушкиннің мұрыны,

Піл жатқан мұнара – 

Ескінің жұрыны,

Түсінсең мына ара».

Бір ауыз өлең бойына не нәрсені бүгіп жатқанын әзірге ешкім білмейді. Тіпті, бұған дейін мұндай шумақтың болғанын да жан-пенде естіп көрді ме екен? Егер оны қара сөзге айналдырса «Пушкиннің мұрынына және піл бейнесіне ұқсас тас тұрған мұнара – ескінің көзі, соны түсіне біл» деген өсиетке айналады. Пушкиннің аты аталғанына қарағанда бұл ләмнің өзі жүз елу жылдың ар жақ, бер жағында жазылған сияқты. Бірақ әр заманның тұсындағы кеңінен танымал бейнелер арқылы ой шифрланып, құпияның кілтипаны белгілі бір топтың ішінде ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып отырған. Мәселен, «Пушкиннің мұрыны» деген жол «Адамның мұрыны» болған шығар... 

– Жүрейік, – деді Максим.

– Біз ең төбесіне шығуымыз керек.

Василий үйелменімен бұрылған қалпы Сәметке ошарыла қарады.

– Оның еш қиындығы жоқ. – Мына аңғалдау сауалға нық, сенімді жауап берді. 

– Мен шыға аламын ба? – деп шар ете қалды көзі жәутеңдеген Бекки.

– Қайда барасыз, шығасыз... – Максим ыржия күлді. – Зейнет жасындағы әйелдер шығып жүр. 

Бесеуі ұшар шыңның «Оқжетпес» санаторийі тұрған батыс жақ қапталын айнала ілгері адымдады.

Әудем жер ұзағанда қалың жыныс селдіреп, орман төменде қала берді. Енді көп өтпей қына мен мүк басқан ежелгі дәуірдің бұйымы – қара тастың үстімен келе жатты. Қара тастың жігін жарып тамырланған қарағайлар Оқжетпеспен жарыса тіп-тік болып өсіп тұр. Алып-алып тақтайдай түзу жақпарлар сәт сайын өткел бермейтін күрделі қақпақылға ұласып, кей тұстарда еңбектеп, кей тұстарда бауырлап жылжуға мәжбүрледі. 

Бір кезде Максим алға озып, беліне байланған сірі арқанды шұбатқан қалпы ілгері жүрді. Үстелдің бетіндей жазық тастардың аннан-мыннан қиюласқан тұстарындағы саусақтың ұшы ілінетін жымдарына жабысып, 180 градус тікке өрмелей жөнелді. Және көңіліне үрей ұялап, жанының қыстыққаны қимылынан аңғарылсашы. Әдеттегі табанымен жер басып кетіп бара жатқандай қапысыз әрі қимылы ширақ. Оның бұл батыл әрекеті ішкі сарайға ұялаған үргедек сезімді ығыстырып, тегеурінді сенімділік ұялатты.

– Қазір сіз жүресіз, – деді Василий Сәметке. 

Қалай жүрудің қапысын таппай шаншылған құздың алдында абдыраңқырап қалғанында тура маңдайының алдына сусып кеп арқан түсе қалды. Арқанның ұшындағы ілмекті жанындағы Василий жәрдемдесіп, беліндегі шығырға бекітті. Келесі қармақты екі иығынан өтіп кеп, кеудесіне түйіскен шандыманың шығырынан іліп алды.

– Алла жар болсын! Тартыңыз. – Сөйтті де ысқырып қалды. 

Ендігі тұрысының жөнсіз екенін аңғарған Сәмет шаншылған құлама тастан тырнағын ілер қиюын іздеп көкке ұмтылды. Онша қиналмай қол жетпестей көрінген жымдарға саусақтарымен жабысып, аяғының башпайын бұдырға тіреп, бауырын тасқа төсей өрмеледі.

– Төмен қарама! 

Бойы үйренгендіктен бе 4-5 метр биіктікке барғанда атқалақтаған жүрегі саябыр тауып, демі қалпына түсе бастағандай сезінді. Енді бір-екі құрық салым жер өрмелегенде Максимнің тұсына таяп қалды. Сөйтсе ол жалғыз аяқ жолдың жалпақтығындай табан тіреп тоқтайтын тепкішекте мұны демеп, жоғары қарай тартып тұр екен. Сонда ғана өзінің әлдекімнің жетегімен, сүйрелеуімен онша қиналмай шаншылған құзға көтеріліп келе жатқанын аңғарды. 

Тұғырға табаны тиісімен мықынындағы кісесіне және бір ілгішекті тарс еткізіп іле қойды.

– Былай, түпкеріге қарай өтіп кет. – Өзі жақпарға одан сайын жабыса түсіп, аяғының үстінен мұның келесі жағына аттап өтуіне қам жасады.

Тепкішекке әбден табан тірегенде барып альпішілердің амалын білді. Дәл осы тұсқа қос қаданы сіңіріп қағыпты. Ең әуелі бұрғымен жақпар тасты бір сүйемдей тесіп, оған пластьмассалы сынаны сіңіріп, бұрандалы қаданы айналдырып отырғызған сыңайлы. 

Оның бірінен мұның беліне байланған арқанның ұшын өткізіп, саумалай тартыпты. Соның демеуімен аяқ астынан құлама жарға өрмелеушілік қасиет бойына біткен. 

Ал екіншісіне кеудесіндегі шығыр темірді іліпті. Оның ұшы төмендегі Василийдің қолында. Бұлары – жоғары өрмелеп келе жатқан адамның артқа шалқалап, иәки бей-берекет тербеліп кетпес үшін әдейі қарастырған әдістері екен. Оқыс сондай жайтқа ұшыраса, мұндайды бірінші рет басынан кешкен пенде үшін өте үрейлі көрінеді. Содан кейін оны не жоғары шығару, не төмен түсіру қиынға соғады. 

– Бойжеткенді, бойжеткенді! – деген дауыстан есін жиды. Әлгінде өзі тағып келген арқанды төменге тастап үлгеріпті. Селк етіп, қатерлі құлама қабырғаға қарады. Сонда барып өзінің де қылға аяғы байланған құстың балапанындай келесі бір қазыққа жіппен байлаулы тұрғанын білді.

– Қазір екеулеп тартайық, қыздың жанына салмақ түсірмейік. – Ыржиып күліп қойды. 

Көп қиналмай Беккиді шығарып алды. Одан кейін Балғабай жетті. Осы тұста Максим тағы бір «бекетке» орын сайлау үшін ілгерілеп кеткен еді. Сол-ақ екен Василий бұлардың қатарына қосылды. Бірден өзінің беліндегі шылбырдың ұшындағы ілмешекті жоғарыдағы қадаға сарт еткізіп сала қойды.

– Бесеу болғанымыз жақсы болды, – деді ашық үнмен. – Нағыз ұтқыр топ бесеуден аспайды. – Демі жиілеп, ентіге сөйледі.

Әлгіндегідей емес бәрінің атқалақтаған жүрегі сабасына түсіп, қияметтің қыл көпіріне бойлары үйренгендей.

– Маған басында тым қорқынышты болды. – Басынан кешкен халді қыз ешкімнен бүкпеді. Әппақ өңі алаулай құбылып апты. Оның сөзін Сәмет жолбастаушыға тәржімалады. 

– Әрине, кім-кімге де қорқынышты, – деп қостады Балғабай, – бірақ қастарыңда мынандай альпіліктің әліп-биін бес саусағындай білетін жігіттер жүргенде сасқалақтаған артық. Міне көрдіңдер ғой, қандай берік. – Қолымен тасқа қағылған қаданы ырғап қойды. Ол бірақ онысына міз бақпады. –Мынаумен бір тонна салмақты көтеріп шығаруға болады.

Көктен ирелеңдей құлаған арқан дәл тұстарына салбырап кеп тоқтады. Василий қадаға байланған жолдастарының шыжымынан ұстанып, тепкішектің шетімен башпайының ұшымен жүріп кеп Сәметтің жанына тоқтады. Сосын тағы да жаңағыдай қос арқанның бірін Сәметтің беліндегі шығырға бекітті. Ал, жасыл ұшты арқанды кеудесіндегі шығырдан іліп алып:

– Ал, заула! – деді. Екінші арқанның бір ұшын Василий уысында ұстап қалды. 

Сол-ақ екен жігіт жанын жалдай қия бетке өрмелей жөнелді. Бастапқы кезеңдегідей емес, ызыңдаған желдің лебі білінеді. Соған қарамай күн шыжғырып бара жатқандай. 

Әшейінде біреу «ақы берейін, осыған шық» десе, шықпас еді. Енді мұндай бірбеткейлік қайдан бойында пайда болғанына өзі қайран. Әр қарыс сүйем жер соңында қалған сайын, өршелене түсетін сыңайлы.

Сираттың сынағынан өткендей болып жүріп, бәрі Оқжетпестің ұшар басына ілікті. Үй орнындай төбесі жазық екен де, пілдің бас сүйегі сияқты көрінетін тұсында бірнеше қабырға тастар қолмен қойғандай жиналыпты. Аралары алшақ-алшақ, бірінен біріне секіріп жүруге болады. Өзге еш жерде ешқандай саңылау жоқ. Сәмет әлгі тастарды сүзіп шықты, міне қызық шеткергі екі тастың ортасындағы алшақтық өзгелеріне қарағанда кеңдеу және сол жерден өзгешелеу тесікті байқап қалды. 

– Максим, анау шеткергі тесік не ол?

– Ішіне түсетін қақпа.

– Түсіп көрдің бе?

– Көрдім. 

– Не бар? 

– Ештеме жоқ, табанында су ағып жатыр. 

– Өзге адамдар түсті ме?

– Менің осында қызмет еткенімнен бері ешкім түскен жоқ.

– Тереңдігі қанша мынаның?

– Кемінде екі жүз метр.

– Біз соған түсуіміз керек. 

– Ешкім оған түспейді. 

– Ақысын төлейміз.

– Қауіпсіздіктеріңізге жауап бере алмаймыз. 

– Құдай сақтасын, қанша аласың? 

– Адам басына жүз мың теңге. 

Бұл бағасы қымбаттау еді, әйткенмен, басқадай амал жоқ. 

– Келістік. – Екеуі қол алысты. 

– Максим, арқан мен құралды алып кел. – Василий серігіне иек қақты. Ол тастың қуысына беті қаппен жабылып жасырынған жібек арқанды және іргесіне тасталған білік темірді алып, жоғарыға ұсынды. Дәл ортасында арқан тұратын арнасымен сырғымалы мойынтірегі бар шойын, екі қабырға тастың үстінен көлденең тасталып, білік темір ары-бері қозғалмас үшін екі жағынан бекітілді. Арқанды мойынтіректің арнасына салып, ілмешектері бар ұшын төмен жіберді. Сөйтті де Максим арқанды қабаттап ұстап, қақпатастың арасындағы тесіктің аузына қарай салбырап түсті.

– Ал, төмен түсеміз. 

Арқанға жармасып, Балғабай құлдады. Оны төменнен Максим демеді. Одан кейін Сәмет пен Беккиді түсіріп алды, ақырында Василий жетті. Ол келісімен Сәметтің беліндегі шығырларға бөксе тұсынан екі бөлек жалпақ арнайы белбеуді ілді де, борбайынан өткізіп әкеп, алдынан бекітті. Сонда салмақ белге, қолтыққа ғана емес, жамбасқа түсетіндей ойластырылған. Арқанның ұшы төрт салаға бөлініп, төрт ілмек бекітілген екен. Оның екеуі алды-артынан белдегі шығыр темірге ілінді де, екеуі иығындағы шығырға бекіді. Басына маңдайында шамы бар байлама кигізді.

– Әзірсіз бе? 

– Әзірмін. 

– Ал, жол болсын! – деді Василий. 

– Қорқпаңыз. Телефонды қосыңыз, бойжеткенмен сөйлесіп отырасыз.

– Жақсы. – Аузын жыбырлатып, «біссімілләсін» айтты. 

– Табаныңыз жерге тигеннен соң, мынаның бәрін асықпай ағытып жіберіңіз.

– Түсіндім. 

Василий өзі тағы бір мәрте арқанның байланған тұстарын қарап, мұқият тексерді. 

– Ал, жақсы, с богом! – Қолына тағы да қалта шам ұстатты. – Керек болып қалар. 

Сәмет үңгірдің ернеуіндегі шодырайған тастарға аяғын тіреп қуысқа түсті де, ептеп салмағының бәрін арқанға салып, салбырап қалды. Демде жігіттер арқанды саумалатып жіберіп, тұңғиыққа қарай құлдырай берді. Тастай түнек, тек жылтыр қоңыз сияқты ұшып келе жатқан жалғыз өзі. Ептеп жан-жағынан самал есетіндей, әлдебір гуіл шығатындай. Төменнен жылтырап, қамшының өріміндей әлдене байқалды. Тастүнек шыңыраудың түбі жеткізбей қиямет қайымның ішіне енгендей сезінді. Телефоннан Бекки «қалайсың?» деп сұрап қояды. 

– Бәрі жақсы, меңіреу кеңістікте келе жатырмын. Арқан баяу сырғиды. 

– Мына жақтан ақырындап жіберіп тұр. «Арқандағы көк белгі шықты, жақындап қалдың» дейді.

– Жақсы болған екен. 

Енді бір шамада қараң-құраң жердің табаны білінді. Сәлден соң аяғы қатты тұсқа тиді. Қос табанымен нық тұрып, бір-екі адым жасап байқап көрді. Төңірегіне қарады. Әбден түбіне жеткеніне иланды, сосын ілгек темірлерді ағытып-ағытып жіберді. 

– Болды, жеттім, Бекки, ешқандай қорықпай түсе бер, бәрі жақсы. Айтқандайын, шөлмегіңді ұмытпай ала кел, – деді. Сол-ақ екен салбырап тұрған арқан үшті-күйлі жоғалды. Аспанға қарап еді қуықтай тесік, өлеусірей жылтырайды. 

Маңдайындағы шам аяқ астын әжептәуір көрсетеді, бірақ басын көтерсе ілгеріге ұмтылып, қараңғылықпен шарпысқан сәулесі шашырыңқырап кетеді екен. Бұл білегіне іліп алған қолшамды да қосты. Бір басып, екі басып төңірегіне барлай назар аударды. Құрық салымдай тұста су ағып жатыр. Үлкен аңғардың ішіне тап келгендей тұңғиық кеңістікті байқады. Қарауытқан қабырға тастар бұның әр қадамын бағып, тым-тырыс қалпы үдере қарайтындай.

– Сэр Эндрю! Мен осындамын. – Жаңғырық білінді. – Доктор Колин, қайдасыздар?! – Өз дауысы ғана даурығып барып, қайтып оралды. Басқадай тырс еткен үн жоқ. Кенет жанындағы телефон шырылдады. Алып қалғанында вацаптың бейнебайланысы арқылы Беккидің суретін көрді. 

– Сәмет, қалайсың? 

– Жақсы, аяулым! – Көкке қарады, қараңғылықтың ішінен жылтыраған сәуле әлсіз шашырай себезгілейді. 

– Мен келе жатырмын. 

– Алаңдама, көріп тұрмын, күтіп алам. – Өзіне қарай бақыт нұры көктен саулап, жарқырай құйылады. Одан ұшқан ақ шапақтың талшықтары қарашығына сіңіп, жүрегін лүпілдетеді. 

Бір уақ жаны қалаған жайсаң қыздың әуеде періштедей қалықтаған сәтін тамашалап тұрып қалды, сосын, керемет кезді түсіріп алуға ұмтылды. Телефонының бейнекамерасын қосты. Ақ бейнелі ару өзіне қарай жақындай түсті, сәт сайын мына қапастың іші жарқырап бара жатқандай байқалды. 

– Қонуға он бес метр қалдың, он үш метр... сегіз, бес, бір... Міне, келдің, жаным! Бас сап құшақтай алды, ынтыққан көңілмен ернінен сүйді. 

– Қорыққан жоқсың ба? 

– Түк. Қайта көз көрмес кеңістікте қалқу – маған ерекше энергия сыйлады. 

– Иә, еш үрейі жоқ. Кел көмектесейін. – Иығындағы, беліндегі ілмек темірді ағытты. 

– Мынаның іші қандай керемет.

– Дәл осындай кеңістік деп еш ойлаған жоқпын. Бұл Мысыр пирамидасы сияқты, қазақ елінің өзіндік құпиясы, ғажайыбы, ерекшелігі.

– Солай, әлемнің сегізінші кереметі. 

– Жүр, абайлап жүр. – Жігіт қызды білегінен ұстады. – Аралап көрейік. Дауыстап, аттарын атап шақырсам да ешкім жауап бермеді. Ізінше айқай салды. 

– Эндрю мырза-а! Профессор Колин! – Жаңғырықтан өзге тырс еткен үн жоқ.

– Меніңше олар мұнда емес. 

– Көрейік. 

Ақырын жылыстап, арбиған сандықтастарға ұшырады. Қуыс-қуысқа жарық түсіріп, бәрін мұқият қарауға тырысты. Табанында қыздың бұрымындай болып, су ағып жатыр. Оның бұралаңдар мен тастарға тиген екпінінен сылқ-сылқ ете сылдырағаны естіледі. Бірақ тұнық дыбыс емес сияқты, қоюлау шалапты сапырғанда шығатындай үн. 

– Мынаны қарашы. – Сандықтасқа таянған Бекки сәметке секемдене үн қатты. Жанына екі аттап таянды. Міне ғаламат – тастың беті салынған суреттер мен таңбалар. 

– Қабырғаларды байқайық. 

Қабырға толы петроглифтер мен өрнектер екен. Қайсыбірі қаріптерге ұқсайды. Арасынан киіз үй мен кереге көзінің суретін тап басып көрді. 

– Мынау, Бекки, біздің ата-бабамыз өмір сүрген киіз үй. Ал мынау ромбик – киіз үй керегесінің көзі. Керегенің көзі ромбик тәрізді. Ол – екі пирамиданың табанымен түйіскен нұсқасы. Пирамида – ер адамдар құдыретінің символы. Сондықтан дұға оқылып, кішкентай нәрестелердің мойнына тағатын тұмар пирамида кейпінде. Ал мына жерде ер мен әйелдің отбасын құрғанын және құқығын білдіреді.

– Қандай мәні терең кескін, еш уақытта олай ойлай алмас едім. 

– Бұл табанымен түйіскен үш бұрышты бір-біріне қарай жылжытып, тура ортасын тауып қойса, Дәуіт пайғамбардың алты тармақты жұлдызы шығады.

– Солай екен-ау...

– Түркі халқында неше бір таңба бар, бірақ, жұлдыз түрінде ешқандай белгі жоқ.

– Неге-е? 

– Білмедім, өзіндік құпиясы... Енді мына суретке назар аударшы.

– Иә, алма. 

– Дәл таптың. 

– Алла тағала әуелде, жалпы, тіршілік атаулы мен үшін о баста түркі тілінде сөйлеген сияқты. Неге дейсің ғой? – Сөзін бөгеп, бойжеткенге қарады. – «Адам» сөзі әлі сол «адам» деп қолданылады. Адам ата – бүкіл әлемде Адам. Адам ата мен Хауа ананың жұмақта жүріп, шайтанның азғыруымен алманы жеп қоюы – адамзат баласына мәлім. Есіңде ғой, Жаратушы Алла екеуін жұмақ бағына жіберіп, «мынаны алма» деп ескертеді. «Алма» деген бұйрықты рай. Екіншіден, «алу, алма» қимылды білдіретін етістік. Екеуі алманы жеп қойғаннан кейін, «басымызға бейнет со бәлені жеп қойғаннан кейін келді» деп, «алма» сөзі зат есімге айналды. Әуелде оның аты «алма» екенін ешкім білген жоқ.

Міне, сондықтан мына жерде алманы қасиетті жеміс түріне балап, суретін салғанға ұқсайды. 

– «Алма» осыншама мағнаға ие екенін енді білдім. 

– Мына суретті түсіне аласың ба? 

Нұрын шаша күн тектес домаланған, ортасында бір ноқаты бар, төменгі жағында иреңдеген сызық, соның дәл жанында одан кішілеу, құйрығы шолақ дәл сондай бейнеге қыз үңіле қарады. 

– Жоқ ештеме түсіне алмадым. 

– Мынау үлкені – аталық ұрық та, кішісі – аналық ұрық. Бұл тас дәуірінде салынған сурет. 

– Иә, дәл келтірген. Не деген керемет, микроскоп жоқ кезде ежелгі адамдар ұрық клеткасының қандай болатынын қайдан білді?

– Соған қайранмын. Қазақта, қазақта ғана емес жалпы «адам топырақтан жаралған» деген ұғым бар. Әппақ белоктан тұратын шәуәт тіршілік үшін аналық ұрыққа қарай топырлай ұмтылады. Соның біреуі ғана ұрықтанады. Соны қазақ «топыр ақ» деген, ал оны кейінгі жұрт кәдімгі «топырақ» деп ұғынған. Міне осы жерден жаңылса керек. 

– Мұның бәрін қайдан білесің, Сәмет? 

– Биолог емеспін бе? – Қызға күле қарады. Сосын қол шамының сәулесін қабырғаға түсірді. Қанатты тұлпарлар, алтын мүйізді арқарлар кескінделген. Бір тұстан домбыраның бейнесін байқады. Анықтап қарағанында тесігі белгіленбеген. Оның ар жағындағы келесі сурет мүлде қайран қалдырды – қолынан қоңыз ұшырған бала. Жанына ентелей таянды – күлімсіреген бейкүнә сәби.

Сәбидің бәрі бір тілде жылап, бір тілде күледі дегенді баяғыдан естіген. Бір таңқаларлығы олардың ойыны да кейде тым ұқсас келеді. Қазақтың балалары хан қызы қоңызын көргенде бірден алақанына қондырып, «Көш қайда қонады, суды қайдан ішеді?» деп өлеңдете жөнеледі. Ал жер шарының келесі бетіндегі Америка балалары «Хан қызы, тездеп ұш! Сенің үйіңде өрт боп жатыр, өз балаларыңды арашалап ала гөр» деп тақпақтатады. Ал орыс балалары «Хан қызы, аспанға ұш, біздерге нан әкел. Ағын да қарасын, тек қана күймесін. Хан қызы, ұш көкке, қаймақ пен сүт әкел. Үйде балалар сүт ішкісі кеп, аш отыр» деп әндететін. 

Бұл балалардың ермегі ешқашан заманауи ақпарат көздері арқылы тарап, бүкіл бұқаралық сипат алған емес. Бірақ соған қарамай сәбилер 20, 19, 18-ші ғасырларда да хан қызымен осылай ойнаған. Мына суретте де сол бейнеленген – тас дәуірінде сәби қолындағы қоңызды ұшырып тұр. Сонда ғарыштық байланыс арқылы бала болмысы бір бірімен үнемі қатынаста екен. Оны адамзат өзі аңдай қоймайды.

– Неге үндемейсің? – Қыз жігіттің жеңінен тартты.

– Ойланып тұрмын.

– Екеуміз таңғажайыптың ішінде жүрміз, бұл жан баласы көрмеген, естімеген ғылымдағы сенсация. – Бекки телефонымен суретке түсіріп, бейнежазба жасады. 

– Қайта бұғанға дейін ешкім білмегені дұрыс болды деп ойлаймын, білсе, бұл құндылықтарды батыс пайдаланып кетер еді. Ғылымды алға көлденең тартқан қарау ниетті экспедиция өркениеті дами қоймаған шығысқа келіп, материалдық құндылықтарды ғана емес, ақыл-ой, рухани құндылықтарды да жымқырып кеткен. Мысалы Маугли, Алладин және тағы басқа ертегілер шығыстың жауһарлары еді. Алладин «Мың бір түннің» кейіпкері. Бразилиялық «қаңғыбас» атанған жазушы Пауло Коэльо «Алхимик» романын «Мың бір түн» ертегілерінің желісіне сүйеніп жазған... Мысыр пирамидасы, темірді алтынға айналдыруды аңсаған өмірге құштар жас жігіт, онда одан басқа ештеме жоқ. Сондықтан мұны бізден өзге ешкім білмегені дұрыс болды, қазақ ғалымдары өздері ақырындап иегереді. Осыны көріп, қынжылған хакім Абай «Шығысым Батыс болды» деген еді. Қазір бұл сөздің осындай мәнін қарастырған жөн. 

– Ғылыми жаңалықтарды адамзат игілігінен жасырып қалуға болмайды. 

– Солайы – солай, алайда тек өзін жақсы көретін үстем жұрт, мәдениеттің озығын тек өздеріне теліп кететіні жаман. 

Екеуі тастай қараңғыда қол ұстасып бір қуысқа келді. Түп-түзу қақпа таста адам бойындай үш бұрыш тұр. 

– Мына ғаламатты қара. 

– Бұл меніңше, есік. 

– Сызық қана сияқты ғой...

– Бәленбай ондаған ғасыр ашылмағаннан соң, жігі сызықтың орны сияқты ғана көрініп тұр. 

– Мүмкін.

– Әйтпесе, бағана сен айтқандай Оқжетпеске іргесінен кіретін есік әуелде болған. Біз соның табалдырығына келіп тұрмыз. 

– Сен мұнда бұрыннан келіп жүрген адам сияқтысың. 

Жігіт езу тартты. Сосын екеуі ағып жатқан тұмадан әрі аттап, бері аттап жүріп, бүкіл қуысты аралап шықты. Ештеме көздеріне ілінбеді.

– Су алайық. 

Жігіт жүрелеп отырып, «біссіміллә» деп бетін жуды. Ұрттап көрді, дәмі ерекше. Басын шайқап, қолшамымен барлай қарады. Бұлақтың көзі тастың қуысынан қайнай шығып, кеңістіктің етек жағына барғанда жайылып, қайта тасқа жым-жылас сіңіп кетеді екен.

– О, құдірет, осыншама екпінмен шыққан тұма, әудем жер бармай қайта жер қойнына сіңіп кетуі қандай керемет. 

Бекки өзімен ала келген бір литрлік пластик бөтелкесін толтырып, аузын бұрап жапты. Жігіт оның қолынан жетелеп, салбырап тұрған арқанға таянды. Сәмет ілмек темірлерді бойжеткен күртешесінің төрт тұсынан іліп, қайта мұқият қарап шығып: 

– Жақсы, жаным, жолың болсын! – деп, бетінен сүйді. 

– Мен сені сүйемін. – Бойжеткеннің отты демі жүзін шарпып, құлағының түбінен сыбырлады. 

– Мен де!

Василийге телефон шалды. 

– Тартыңдар. 

Демнің арасында ақ көбелектей үлбіреген Бекки қалықтап, әуеге көтеріліп кетті. Оның түр-тұлғасы көрнбейді, тек маңдайындағы шамы ғана жарқырайды.

– Кездескенше, жаным!!!

Тастай түнек қыздың сыңғыраған үнінен қуат алып, «кездескенше жаным» деп, әлденеше қайталады…

10

Оқжетпес шыңырауынан шығу да, пілді тұмсығынан құлдау да құлама биікке жанды жалдап өрлеп, тастай түнекке өрмекшідей салбырап түсуден әлдеқайда оңай тәрізді көрінді. Нартәуекелмен қияметтің жолына алып барып қайтқан альпинист жігіттерге Сәмет Оқжетпестің іргесінде тұрып, телефондарына ақшасын аударып берді. Балғабайға да жүз мың теңге жіберді. Ол абдырап қалды. Үшеуімен қоштасып, төмен қарай жүгіре жөнелді. Лагерьге келе салып, алқын-жұлқын Оқжетпестің суын зерттеуге отырды. 

Бекки сынауыққа суды құйды. Сәмет оны магниттік өрісі бар арнайы ядролық спектрометрге орналастырды. Мұқият жауып, аппараттың ноқатын басты. Ультрадыбысты микроскоп, лупа, камера объективімен жабдықталған күрделі компьютерлі құрылғы жұмысын бастай жөнелді. Мониторда үздіксіз анықтаушы мәндер зыр қағып, жүгіріп жатыр. Екеуі бір уақ демдерін ішіне ала үнсіз қалған. Сабырларын сарқып барып, W(D2О) = 0,0398% деген көрсеткіш бадырайып шығып тоқтады. 

– Изотоптық қатынасты қара. – Қыздың көзі шажырқайдың безіндей адырайды.

– Дейтерий... – Екіұдай сезім билеген жігіт бір-ақ ауыз үн қатты. – Мүмкін емес... Айнакөлдің талдама нәтижесін аш. 

Қыз жүгіріп барып, компьютерінен Әуликөлге қатысты файлды тапты. 

– Дейтерий бар, бірақ шамадан аспаған, тіпті, төмен. Жүз миллеграмға 0,0026% межесінде. 

– Қызық екен. Контейнердегі «Оқжетпес» деген суды әкелші. 

Бойжеткен бұраң қағып барып, темір әбдірені ашқан қалпы тұрып қалды. Жігітке қарады, көзінде абыржушылық па, үрей ме түсініксіз құбылыстың ізі байқалды.

– Не болды?

– Жоқ...

Сәмет атып тұрып өзі қарады. Әлгінде тізіліп тұрған бес бөтелке ізім-ғайым. 

– Қызық екен... – Беккидің өңіне назарын жүгіртті. – Кім алуы мүмкін? 

– Біл-мей-мін... – Өңінен үрей сілемі байқала басын шайқады. 

Сәмет Колиннің телефонын терді. Бот опператор «абонент сөндірулі немесе қызмет көрсететін аумақ аймағынан сыртқары» деп жауап берді. Академиктің нөміріне қоңырау шалды, әдеттегідей дыбыс барып тұр. Ақырына дейін шыдады. Әлден соң бот опператор «абонент жауап бермейді, кейінірек хабарласыңыз» деді. 

– Қазір. – Сәмет сыртқа беттеді. Есіктің аузында тұрған күзетшіге тартты. Ол көздері әбден үйренген дембелшелеу қара жігіт еді. Бекки табалдырықтың аузында қарап тұрып қалды. Барған бетте:

– Сіз бүгін Колинді көрдіңіз бе? – деді.

– Жоқ, көрген жоқпын. – Комуфляж киген жігіт көлеңкеде отырған қалпы жайбырақат жауап берді.

– Енді кімдер келді осы әлгінде біз жоқта лагерьге? 

– Ешкім келген жоқ. Не болып қалды?

– Зертханадан биоматериал жоғалды. 

Осы кезде күзетші өзіне қатысты бір түйткілдің барын байқады. 

– Мен кезекшілікті таңертең сегізде қабылдап алдым, содан бері бөтен бірде-бір адам келген жоқ. 

– Бөтен емес, біздің адамдардан біреу келді ме?

– Жоқ. Бүгіндікке сіз, сосын ана қыздан басқа ешкімді көрген жоқпын. 

– Онда зерттеуге әкелген суды кім алуы мүмкін?

– Білмеймін. 

«Су болса, жарасы жеңіл екен» дегендей күзетші қайта бейқам қалпына көше берді. Жігіт кері бұрылды. Зертханаға кірген бетте:

– Бұдан әрі үнсіз отыруға болмайды, полицияға хабарлауымыз керек. 

Арада шамалы уақыт өтпей Бурабай кентінен участкелік полицейлер келді. Бірі сидаң, екіншісі орта бойлы. Әңгімені орта бойлысы қозғады. Оларға Сәмет қайта түсінік беріп, екі шетелдік азаматтың үшті-күйлі жоғалып отырғанын мәлімдеді. 

– Қашаннан бері жоқ?

– Кешеден бері. 

– Содан бері неге іздеу салмадыңыздар?

– Іздедік. Үлкен кісілер өз шаруаларымен жүрген шығар деген оймен аса мазаланбадық. Таңертең тағы да төбе көрсетпеді, «түнде жай келіп, демалып жатқан шығар» деп жорыдық. Енді, міне, көзіміз нақты жетіп отыр, жоқ. 

– Телефон соғып көрдіңіз бе?

– Бірнеше мәрте. Колиннің мобильнигі сөніп тұр, Эндрюдің телефонына қоңырау барады, алмайды. 

– Кәне, қайта теріңізші.

Сәмет академикке қоңырау шалды, үн-түнсіз тұрған жүлгеде «абонент сөндірулі немесе қызмет көрсететін аумақ аймағынан сыртқары» деген жауап құлағын тесіп жібере жаздады. 

– Сөндірулі.

– Мүмкін, үшінші адаммен бірге Астанаға шығып кеткен болар?

– Онымен бүгін ертеңгілік сөйлестік, екеуінің жайынан бейхабар. Ол Астанаға жалғыз барған. 

– Біз таңертең оларды іздеп шығып кеткенде, біреу зертханадан бес бөтелке биоматериал ретіндегі суды алып кетіпті. 

– Ол су кеше болды ма?

– Біз бүгін лагерьден шығардың алдында өзіміз көріп, қойып кеткенбіз.

Көп жайтты онша ұға қоймаған орта бойлы мұртты жігіт басын шайқады. 

Осы арада ауданнан тергеушілер де жетті. Мән-жайға қанғаннан кейін іздеу, тергеу шаралары лагерьден басталды. Ең әуелі лагерь директорының шаруашылық жөніндегі орынбасарын куәге тарта отырып, академик пен профессордың бөлмесі ашылды. Табылған әрбір заты қағазға тіркеліп, қатталды. Ллойд Уэббердің төлқұжаты, несиелік карточкалары бәрі шабаданынан шықты. Колин Холлистің жеке құжаттары мен арқаға асатын жүкқабы орнында болмады. 

Бұл аралықта үш іздеу тобы шұғыл шаруаға кірісіп, шартты түрде белгілеген үш аудан бойынша «құтқару» операциясын бастап кеткен еді. Олардың жеке опператорлары бір-бір дрон ұшырып, ну орман мен Көкшенің шатқал-қойнауларын, Бурабайдың бұйығы өңірін мұқият барлау үстінде. Қылт еткенді қия жібермейтін қырағы объектив ештемені назардан тыс қалдырмайды. Көкшенің ең шоқтығындағы жақпартасқа орналасқан әлдебір сұлбаны «Арқа» іздеу тобының опператоры байқап қалды. Дронды күмәнді тұсқа таяу апарып, анықтай түскен ол табаққа ұқсас, бұрын бұл жерде болмаған нәрсені көрді. Дереу іздеу тобына оның координатын берді. Тау қойнауында жүрген жігіттер солай қарай тартты. 

Олар әлгі маңнан ғаламшар антеннасын тапты. Тасты бұрғылап тұрып орнатылған қондырғы бұрандасынан ағытылып, құр жатыр. Сигареттің тұқылы ұшырасты. Осының бәрін мұқият барлап шыққаннан кейін орталыққа мағұлымдады. 

– Орталық! Орталық! «Арқа» байланыста!

– Тыңдап тұрмын.

– Көкше шоқтығынан, 936 метр биіктіктен ғаламшар антеннасы табылды. Темекі тұқылы кездесті. Бейне жазба жасап, фотоға түсірілді. Орталық!

– «Арқа»! Заттарға тиіспеңдер қазір тергеушілер көтеріледі. Енді, сол жердегі сеңдей соғысқан жақпар тастардың ара-арасын мұқият тексеріңдер, жоғалған адамдарды іздеуді жалғастырыңдар. Оларға шұғыл көмек керек шығар. 

– Құп болады!

Арнайы жасақталған іздеушілер енді бір сағаттың аумағында әлгі маңнан қаптаған иі-қию қақпатастың қуысынан әлденені байқады. Қол шамның жарығын түсіріп абайлап қараса, адам денесіне ұқсайды. Құлаған үйдің қабырғасындай көлбей жамбастаған жақпардың бес метрдей түбінде кептеліп қалған әлдене жатыр.

Сол күні түнде Эндрюдің мәйітін Бурабай ауданының орталығы Шортанды қаласына жөнелтті. Су ішкілігі бітіпті... Ал екінші адам үшті-күйлі жоқ. 

Ертеңінде сәскеде жағдайдың анық-қанығын білу үшін Астанадағы Америка елшілігінен қасында нөкері бар елшінің өзі жетті. АҚШ Президенті өкілінің оқиға орнына келгенінен хабар алған Ақмола облыстық ішкі істер басқармасының басшысы да жарты сағат айналасында «Жартас» демалыс ауласынан табылды. Түс әлетінде осы қалаймақанның үстіне Майкл де келді. Бұлар аялдаған лагерь бұрын да қырағы назарда еді, енді тіпті, қауіпсіздік кеңесінің штап пәтері сияқты болып кетті. 

Мән-жайды естіп білгеннен кейінгі елшінің әңгімесі ширыққан қысымды сәл босаңсытты. Шағын залда жиналған жұрттың алдында:

– Профессор Колин Холлис – Америка елшілігінде, – деді ол. Көк костюм киген, толқынды шашты, орта бойлы ханымнан мына күтпеген мәліметті естісімен бәрі оқиғаның қисынын білуге құмартып, құлақтарын түре түсті. – Тау басына академик екеуі бірге шыққан. Ең биік, ең қатерлі тұсқа барғанда Ллойд Уэббер мырзаның кенеттен басы айналып, буынын ұстай алмай құлаған. Тік қиядан домалаған қалпы адам бара алмайтын терең тастың жарығына түсіп кеткен. Оны құтқару үшін арнайы құралдармен кемінде төрт-бес адам керек еді. Жанталасхан Холлис көмек сұрап, әріптестеріне хабарласуға жанынан телефонын шығарса, қуаты бітіп қалыпты. Енді оған тау басынан төмен түсуге тура келген. Етекке түскенде тіл білмегендіктен ешкіммен сөйлесе алмаған. Сосын, такси ұстап, Астанаға елшілікке тартқан. Бізге жеткен бетте осы жайды мәлімдеді.

– Құжаттарын, иыққабын қай уақытта алып үлгерген? – Іштей мазалаған түрлі сұрағына жауап іздеген тергеуші үнсіз қала алмады. Дауыс шыққан жаққа сәл жүзін бұрған елші: 

– Оны әуелден өзімен бірге алып шықса керек, – деді. 

Генерал-майор топ ішіндегі капитанға сыздана көзінің қиығын аударды. Елшінің халықаралық заң нормаларымен бекітілген айырықша мәртебесінің барын ескеріп, құқық қорғаушылар өзгедей сауал қоюдан тайынды. Ал оқиғаның басты куәгері Холлиспен енді ешқашан тілдесе алмайтынын біліп, тергеуші капитанның өңі ашудан әлде дәрменсіздігінен түнеріп, күреңіте берді. 

– Сондықтан, – деп жалғады дипломат сөзін, – бұл жерде қылмыстың ізі жоқ, тек кездейсоқ ұшырасқан бақытсыз жағдай. Гуманитарлық көмек көрсету мақсатымен жүрген экологиялық ғылыми топқа меморандумға сәйкес жұмысын аяқтап, қорытындысын салалық министрлікке тапсыруға мүмкіндік жасауларыңызды сұраймын. Мәйітті елшілік Америкаға жөнелтеді. 

– Рақмет сізге, мәртебелі елші ханым, өзіңіз арнайы келіп, мән-жайды түсіндіріп бергеніңізге. 

Ақмола облыстық ішкі істер басқармасының басшысы, генерал-майор ризашылық білдірді. Осымен жиылған жұрт ыдырай бастаған. Елші ханым өз азаматтарымен жолығып, бес-он минут тілдесті де, ол да Астанаға аттанды. 

Тау басындағы ғарыш стансасы, жоғалған бөтелкедегі су тәрізді көп күмәнді дүниелер беймәлім күйі тым-тырыс жабылып, қала берді. Ал көлдердің координаттары өзге елге өтіп, ғарыштан зонтталуын, тіпті, заңбұзушылық деп ешкім қаперлемеді...

Сол күні эко-бригада бүкіл ғылыми қорытындыны аяқтады. Ертеңінде түске дейін өздері әкелген зертхананы, құрал-жабдықтарын пикаптарға тиеді.

Құқық қорғаушылар тарапынан аралас-құраласқа рұқсат берілісімен Су ресурстары комитетінің басқарма басшысы да екі маманымен келіп жеткен еді. Қайғылы жағдайға орай шетелдік әріптестеріне көңіл айтты. Майкл Флетли өкілетті билік өкілдеріне ғылыми сараптамалық құжаттарды, биоматериалдарды контейнерімен табыстады. Олар мына ақысыз негізде жасалған ауқымды жұмысты көріп, таңданыстарын жасырмады. Алғыстарын жаудыра қос мобильді зертханаға бәрін тиеп алып, жолға түсті.

– Енді не қалды? – деді Майкл терлеген мұрнының ұшын сүртіп. – Мына лагерьге айналған корпусты өткізіп, есеп айрып шығайын. 

Сәметтің жадынан дейтерий суы кетпей тұр еді. Бекки екеуі оңаша қалғанда ақырын тіл қатты:

– «Бөтелкелердегі суды кім алды?» деп ойлайсың? 

– Білмеймін...

– Мен Колин Холлис алды деп ойлаймын. – Арада сәл үнсіздік орнады. 

– Күзетші қалай көрмейді оның келгенін?

– Осында үлкен бір құпия жатқан сияқты... Екі доктор Қазақстанға дейтерийді іздеп келген. Оның барын білген.

– Қайдан, қалай?..

– Сол жағы беймәлім. Және, таудан табылған ғарыштық антенна оларға не үшін қажет болды? 

– Түсінсем бұйырмасын. 

– Біз анализ алу үшін көлдерді аралап кеткенде, олар мында басқа шаруамен айналысқан сияқты. 

– Неге олай ойлайсың?

– Олай ойлауыма себеп – таудың басындағы ғарыш стансасы, екеуінің Көкшенің ең биігіне баруы. Құпия арналар арқылы әлдекімдермен ақпарат алмасқан сияқты. 

– Мүмкін…

... Сол күні Эндрюдің қабағы өзінен-өзі кейіс тартып, маңдай терісі тарылды. Оған соңғы сөйлескендегі жетекшінің салқын, зілді үн қатуы да әсер етпей қоймаған. Академик басымен, шынтуайтында, әлдебір боқмұрыннан пәрмен алып, соны құрдай жорғалап атқарып, ақырында сөз естіп отырғандай көрінді. Өркениет біле қоймайтын қайдағы бір елде сандалған мына жүрісіне де қорланды. Атақ, бақ, дәулет қуушылық – осыншама тірмізіктендіріп, өлермен халге әкелді. Енді жеме-жемге келгенде неше жылғы еңбегін қай-қайдағы біреумен бөлісіп, еш етпек. 

Тау басына сүйретіліп әзер шықты. Станса тұрған жерге барып, жықпыл тастарға құйрық басып отырды. Демі қалпына келмей, біраз ентікті. Маңдайы мен самайынан аққан терді орамалымен сүртті. Өзінен жастау Колин тезірек ес жиып үлгерсе тиіс, қол шабаданын ашып, саймандарын алды. Ғарыштық антеннаның түбін босата бастады. 

«Шаруасын аяқтасын». Төңірегін көзімен барлай қарады. Жұдырық басынан үлкен тас табылса, төбесінен бір қойып, сұлатып салмақ. Одан кейін осындағы жықпыл-жықпыл сеңдей соғысқан жалпақ қақпа тастардың арасына тастап кетеді. «Құлап кетіп өлді» дей салады. Сөйтіп, табысқа ортақ көлденең көзді құртпақ. 

Орнынан түрегелді. Шатқалдың күнгей жағына барып, байқастады – тым тік әрі қатпар қарын тәрізді қуыс-қуыс. «Есінен тандырып, осы тастардың қуысына тастаса, әңгімесі әбден қисынды болып шығады». Жапсарласа, қиюласа біткен алып қара тастар, әдеттегі тауларда ұшырасатын бос жатқаны жоқ. Сонадайдан үлкендігі шәугімдей қарайғанды көрді. Ілдәлдалай басып, қалтырай адымдап, әлгіні әупіріммен алды. «Енді білдіртпей барып, төбесінен бір қою керек». 

Ақырындай, сақтықпен жылыстап, Колин жайғасқан тұсқа баспалай мойнын созды. Ол әдеттегісінше темекісіне елтіп, жонын күнге сүйдіре Хан алаңын төбесінен тамашалап отыр екен. Тура алды құлама жар. «Ә-ә, құдай берді». Бір аттап, екі аттап жанына таянды. Тасты төбесінен асыра қос қолдай көтеріп, сілтей бергенінде ол кенет жалт қарап, жанары бағжаң ете бұлтарып үлгерді. Тас иығын сырып өтті де, әрмен қарай тік құламаға зырқырай жөнелді. Сәл болғанда Колинді шыңырауға ала кететін еді. «Қап, енді тайынатын ештеме жоқ». 

Өзіне көзі ежірейіп, тістене төніп келе жатқан академикті жамбастап жатқан қалпы, теуіп кеп жіберді. Ол тобығының тұсынан бас салып, жабыса айырылмады. Енді қос аяқтап тебуінен басқа лажы қалмаған. 

Тегеурінді күшке шыдамай шалқалақтап кеткен Эндрю ойға қарай арқасымен құлап, қара тасқа шүйдесімен бырш ете соғылды. Колин атып тұрып үстіне қона кетті. 

– Ақымақ, есіңнен адастың ба? – Мойнынан қысып, тағы да сілкіп-сілкіп жіберді. – «Ақшаны бөлісетін болды» деп, құлқының құрып барады ғой, қақсал! Мен сенің көзіңді құртам! Тек лайықты адамдарға ғана несібе, бақ, дәулет бұйырады... Сен осы уақытқа дейін бір Құдайдың өзіңді жебегенін ұқпадың! Атақ, даңқ, дәулет бәрі бар сенде. Міне, алжасып, Алла бұйырған ырысты аяқпен тептің! Жын кірген екен ішіңе!

Ллойд Уэббердің езуінен қан білінгендей көрінді, бірақ оған мән беретін тұлан тұтқан Холлис жоқ. Қарақұсы тасқа оңбай соғылып, есінен танып қалған акадимикті тастап, ашуға булыққан қалпы әрмен кетті. Қолы қалтырай темекісін тұтатты. Өз-өзіне келе алмай біраз әуреленді. Сәлден соң қайта оралды, Эндрю әлі сол сұлаған қалпы жатыр. Денесін қозғап еді – жан жоқ, былқ-сылқ. Дереу жүрегін тыңдады, соғуын тоқтатқан екен.

– Эндрю! – Екі иығынан ұстап сілкіледі – үн жоқ.  «Тіл тартпай кеткені ме?».

Мұнда бөтен ешкім келмейтінін білсе де абдырай жан-жағына қарады. Сосын сасқалақтаған қалпы атып тұрып, қолынан алып сүйрей жөнелді. Серейген денеге әзер ие болып, шаншылған шыңның шығыс бетіне ойысты. Әнтек аяғын жаңылыс басса, ауыр салмақ өзін шыңырауға қоса әкетеді. Тістене қарысып, құлама қабақта өлермендене өршеленді. Эндрюдің қалтасынан смартфоны сусып түсіп, төмен сырғыған қалпы қаптаған қия тастардың қуысына зып берді. Үрейі ұшқан Колин оған қарайтын түрі жоқ, құлама қия беттерден жантәсіліммен өтіп, одан әрі әлі құрып бара жатқандықтан академиктің өзін де қақпа тастың қуысына лақтырып жіберді. Ет қызумен соқыр түйсікке ілесіп жасаған жаңсақ әрекетін кеш түсінді. «Мүмкін, әлі тірі болған шығар?». Қайта жүгіріп барып алуға еш мүмкіндігі жоқ – бес-алты метр тереңдікке кеткен дене, енді бір адамның әлімен шықпайды. Оған түскен кісінің өзі біреуді сүйремек түгілі, қара басын олжалап қайтып бері көтеріле алмайды. Біріншіден, арқан керек, екіншіден, мына жақтан әлдекімдер жәрдемдесуі тиіс.

Абыржу, үрей енді басталды. Абдырай жүріп, заттарын жинастырды. Антеннаны әкетуге еш мүмкіндігі болмады. Оны солай қалдырып, өздері апарған заттарды алып түсті. Ең бірінші тындырған шаруасы – телефонын сөндіріп тастады. Лагерьге келіп, бүкіл құралдарды орын-орнына қойды, сосын бөлмесіне кіріп, жеке бұйымдарын жинап шықты. Енді ешкімнің көзіне шалынбай, орманның ішіне барып, келесі қадамдарын ойластыруға көшті. 

Ертеңінде такси жалдап, «Жартас» демалыс ауласына таяу кеп, көп көліктердің арасына қалтарысқа тоқтатты. Майклдің Астанаға кеткенін білетін. Машинада отырып, көз алмай Сәмет пен Беккидің лагерьден ұзауын күтті. Олар әбден сарсылтып барып, Жұмбақтасқа қарай жүгіре басып жөнелгендерінде бұл ендігі әрекетін тындыруға кірісті. Күзетшінің назарына ілікпей кіруі тиіс. Кеше неге бірге ала кетпегеніне күйінді. Қарауылды қалт жібермей аңдыды. Құдай қарасқанда әлден уақытта корпус жақтан әлдекім дауыстады.

– Сені директордың орынбасары шақырып жатыр?

– Жайша ма?  – Есіктің аузында отырған қара жігіт мойнын соза жауап қайырды.

– Білмедім.

Күзетші солай қарай беттеді. Осы сәтті пайдаланып, ол зертханаға кіріп үлгерген еді. 

***

Сол күні кештетіп, үшеуі Астанаға жетті. Майкл мен Бекки «Тұран» даңғылының бойындағы «Арнау» қонақүйіне жайғасты. Майклдың ғылыми топтың әкімшісі әрі материалдық жауапты адам ретінде қайсыбір мекемелерде қол қойдырып, мөр бастыратын қағаздары бар еді. Сол үшін елордада тағы бір күн аялдауға тура келді. Сондықтан оның ертеңіне Стамбұл арқылы Нью-Йоркке билет алды, ар жағында Калифорнияға ішкі рейстермен ұшып кетуге оңай еді.

Сәмет олармен кешкі асты бірге ішті де, таңертең жолығатын болып үйіне кетті. 

Сәскеде тоғыздан өте келгенінде екеуі де әзір екен. Ең әуелі Су ресурстары комитетіне соғып, меморандум бойынша жасалған ғылыми барлау-сараптамалық шараның лайықты атқарылғаны жөніндегі актіні реттеді. Оған бір жарым сағаттай айналып қалды. Одан кейін жалға алған пикап машиналарды иелеріне қайтарды. Сонымен түске дейінгі уақыт бітті. Түстен кейін Бурабайда жүргенде уәде еткен Қабанбай даңғылының бойындағы әл-Фараби ұстаз атындағы халықаралық университетті көрсетті. Толығымен ағылшын тілінде дәріс беретін университет ғажайып ғимараттарымен екі шетелдік әріптестерін қайран қалдырды.

– Қазақстанмен тағдырларыңды байланыстырғыларың келсе, осы жерде жұмыс жасайсыңдар. – Екеуіне күле қарады. – 2010-шы жылы ашылған жоғары оқу орнында жалақы халықаралық стандартпен төленеді. Мұның ректорынан бастап бәрі шетелдіктер, әрине, араларында мықты қазақтар бар. 

Майкл басын шайқады. 

– 2010-шы жылы ашылса, әлемдік рейтингте беделі қандай екен? 

– Алғашқы жүздікке кіреді деп сенімді түрде айта алам. 

– Тамаша екен. Әкімшілік орталығын көрейік. – Бекки әлденеге асыққандай сабырсыздық байқатты. 

– Кеттік онда. 

Екеуін бастап алып жүрді. 

– Парижде «Эйфель мұнарасы» болса, бізде дәл сондай қаланың бейнесіне айналған сәулетті ғимарат – «Бәйтерек». Еліміздің беріктік эталоны. 

– Өте оригинальды дүние. 

– Мен мұнда сіздерді арнайы әкелдім. Шығысқа қарасаңыздар тура алдарыңызда – Ақорда. Мына екі қапталымызда қос министрлік: оң жақта – Қорғаныс, сол жақта – Сыртқы істер. Ал мына батыстағы бірнеше блоктан тұратын көгілдір үй – үлкен кешен. Онда бизнес орталығы, қонақүй, кәдімгі тұрғынүйлер бар. Бәрі бір стильмен салынған.

Көздің жауын алар жас қала Сарыарқа төсінде кербездене бой түзеп келеді. Оның мұнша сән-салтанат және қарқынмен өсуі, қазақ жұртының ерік-жігерін аңдатса керек. Тәуелсіздікті аңсаған жұрт, еркіндік өзіне тигенде бірден өсу жолының нобайын сөзбен емес іспен жалпыға көрсетіп, жайраң қағып сала берді. Салынған ғимарттар да сәулеттілігі мен сұңғаттылығын паш етіп, бірін-бірі қайталамады. Ол аздай көкке шаншылған шыңдай тұрқымен қоса әрқайсысы жеке-жеке атауға ие болып, мазмұндылығымен де ерекшеленді.

Тіпті, кейбір ғимраттар көрген көзге бірден ансамбль құрмаса да олардың орналасуы тарихпен терең байланысты еді. Ал кейбірі тарих сипатына құрылмаса да халықтың салт-санасына тым жақын. Мына, биіктігі 97 метр алып «Бәйтерек» сондай нысанның бірі. «97» саны, елорданың Алматыдан Астанаға көшкен жылын білдіреді. Екінші, кәдімгі бәйтеректі көрмеген бала кемде-кем шығар, ал естімегені мүлде жоқ. Елге етене «Ертөстіктен» бастап, балдырғандар ауыздарынан суы ағып отырып тыңдайтын халық ертегілерінің көбінде бәйтерек образы бар. Ол үнемі басты кейіпкерді зұлымнан құтқарушы, жақсылықтың жақтасы болып сомдалады. 

Осы жерде сәл «Ертөстік» ертегісінің деталіне тоқталып кетейін. 

– Сәмет, сені тыңдаған өте қызық, айта бер. – Майкл жымия құптады.

– Рақмет. Жалықтырмауға тырысам. 

Ертөстік ұзақ жолдан қалжырап келе жатып, алдынан ұшырасқан алып бәйтеректің түбіне сәл тынығып алмақ боп қисаяды. Сол заматында көзі ілініп кетіпті. Кенет, әлдебір байызсыз шиқылдаған үннен оянады. Қараса, заңғар көкке таласқан ағашқа бұратыла өрмелеп, ұшар басына қарай бір айдаһар жылыстап барады. Тажалдың жақындағанын сезіп, сонау ұшындағы балапандар үрейден жаны шыға шырыл қағады. Жалма-жан қорамсағынан қозы жаурын жебесін суырып алып, арыстың адырнасын шірене керіп, аңырата тартып кеп жібереді. Дәл басына тиген оқ кәпірді шеңбірек аттырып, жерге топ еткізеді. Осыдан кейін-ақ балапандар саябыр тауып, батыр қайтадан ұйықтап кетеді.

Енді бір оянғанында қатты дауыл тұрып, жер әлемді теңселтіп барады екен. Оның өрекпіген екпіні сәт сайын қарқын алып, дүн-дүниені дөңгелетіп жіберді. Бір мезеттерде алып самұрық құс пайда болып, бәйтерекке қарай төне түседі. Ағаштың түбінде отырған адамды байқап, бірден соған құйыла шүйлікті. Осы кезде балапандар «ол бізді ажалдан аман алып қалды» деп шырылдап, бәйек қақты. Сонда ғана ашулы самұрық райынан қайтып, өлген айдаһарды көргенде бұған әбден сенеді.

Бәйтеректің бұтағына келіп қонған самұрыққа тіл бітіп:

– Әй, батыр, балапандарымды ажалдан құтқарған саған алғысым шексіз. Жылда осы мезетте алысқа сапар шегетін едім. Қайтып келгенімше мына тажал үрпек бастарымды жұтып алып, тайып тұратын. Биыл да солай болар ма деп асығыс ұштым, – дейді.

Сол кезде барып батыр дауылдың алып құстың қанаты мен қаһарынан тұрғанын түсінді.   

Біздің мемлекеттік тудағы алтын күннің астында қанатын кере қалықтаған қыран үнемі осы самұрықты еске салады. Даланың төсінде ақиықтай еркін самғаған қазақ жұрты нешеме ғасырлар бойы арман мен мұратын айдаһарға алдырды. Сөйтіп жүріп ақыры мақсатына жетті. Қаһарман ұлдар мен қыздар тәуелсіздіктің туын тікті. Және мәңгі де түпкілікті тікті. 

Өрелі өркениетті аңсаған ұрпақ, «бұдан былай дешті даласы қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған жерұйыққа айналмақшы» деген ұғымды білдіру үшін, Астананың төріне заңғар «Бәйтеректі» салған. Ұшар басындағы ұяда жатқан алып самұрықтың алтын жұмыртқасы ешқандай қатерге ілінбейді. Оның амандығын күзетіп Ертөстік ұлдар жүр. Ал самұрық болса Ақорданың төбесіне қойылған жер шарын еркін самғап, алаңсыз болашақтың бағытын барлауда.   

– Шынында да төбесі алтын жұмыртқадан аумайды. – Беккидің үні тамсана шықты.

– Ақорданың төбесінде самұрық бар ма? – Майкл таңырқай тіл қатты.

– Бар, қазір жақындағанда көресіздер. Жер шары бейнеленген, планетаны айнала самұрық ұшып келеді. Оның қонақтайтын бәйтерегі – осы, ұясы төбесінде. 

– Керемет. Қалай осының бәрін үйлестіріп салған...

Ғжайып тұстардың бәрін аралап біткен соң:

– Ертең Алла бұйырса ұшасыздар, мен сіздерді бүгін қонақ етіп, қазақ ұлттық «Құрмет» деген мейрамханаға апарайын, – деді.

... Халықаралық «Абылай хан» әуежайының ІІ-терминалында кісі ығы-жығы. 

Жанары от шаша ойнап тұратын Беккидің тостағандай қарашығында қуаныш пен қимастық қатар араласқан тәтті мұңның ізі білінеді. Еліне бет алғанына қуанғанымен, ал Астанадан аттанып бара жатқанына жүрегі ауыратындай.

– Бізге келесің ғой?.. – деді Сәметке аялы жанарын мөлдірете қиыла тіл қатып. 

– Барам, өзіңді іздеп барам, аяулым. – Бауырына тартып, бетінен сүйді.

Тізіммен Қазақстан шекарасынан бері өткізген құрал-жабдықтарды Майкл сол тізіммен қайыра кері өткізіп, әзер дегенде кедендік қағаздарын тиянақтап қайтты. Материалдық жауапкершілік өзіне жүктелгендіктен ол шаруаларды басқа адам істей алмайтын. Сондықтан Сәметтер оған жәрдемдесіп жүкті кіргізіп беріп, құжаттары ресімделгенше кейін шегініп кеткен еді. Оншақты минут айналған ол бұларға беттеп келе жатты.

– Бітірдің бе? – деді оған дауыстап.

– Әзер бітірдім. 

– Жақсы болған екен. 

– Ал, турникетке қарай жүрейік. – Өйткені оның арғы жағында қауіпсіздік шараларына орай тексеру мен шекарадан өту ұзаққа созылатын. Үшеуі шығарыпсалушылар одан әрі бара алмайтын аумаққа келді. 

– Ал, жақсы, досым, осы жерден қоштасамыз! – Майкл күле Сәметке бұрылып, құшағын ашты. Екеуі төс түйістіріп, бір сәт бөгеліп қалды.

– Жолдарың болсын! Әлі кездесеміз! – деді Сәмет.

– Кездесеміз...

Майкл билетінің штрихкодын терминалдың сканерлі дисплейіне тигізіп еді, жабық тұрған темір турникет екіге ысырылып, жол берді. Ол ары өтіп кетті. Сәмет Беккиді құшақтап, бауырына басып, бір сәт бөгеліп қалды. 

– Мен сені сүйем, жаным... – Қыздың үні құлағына сыбыр боп жетіп, тұла-бойын елжіретіп жіберді.

– Мен де...

Ерінінен өбіп, тамағынан иіскеді. 

Қыз әзер ажырап, билетін терминалдың дисплейіне қойды. Сақ етіп ашылған темір есік, өтуін күтіп тұр еді. Енді одан әрі бөгеле алмайды. Бекки аяғын алға созып, жігітке тағы да мойнын бұрып қарады. Көзінен жасы боталап кеткен екен. Демде екеуінің арасын темір турникет бөліп тастады. Қимас жанға айналған бойжеткен эскалатормен Майклдің соңынан жоғары көтеріле сырғи жылжыды. Қолын бұлғады. Сәмет те оң қолын басынан асыра көтере берді. Жүрегі атқалақтай соқты, шарасыздықтың амалын жасап тұрғанын сонда білді.

Сәт сайын жылжыған баспалдақ қызды алыстатып әкетіп бара жатты…

Соңы

 

1.  О-о, құдайым-ай.

2. Айтып, жеткізгісіз.

3. Ғажайып.

4. Ғарыш телескопы «Хабблды» «аспан қарашығы» деп те атайды. 

5. Ғарыштық ғажап!

Бөлісу:

Көп оқылғандар