«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №11 шығарма

Бөлісу:

25.04.2023 2289

Қасқыр емген кейуана

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №11 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Пролог

Қазақ ықылым заманнан табиғатпен тығыз байланысты. Соққан желдің, толқыған көлдің, ұшқан құс пен жүгірген аңның тілін білген. Өзінен басқа тіршілік иелеріне құрметпен қарап, қасиетін ұққан. Кие тұтқан. 

“Қасқыр емген кейуана” туралы аңызды естіген боларсыз?! Естісеңіз, жаңағы сөзіме дәлел болар. Естімесеңіз, айтайын.  Туған жердің қойнауына сіңіп, құшағына көмілген ғажайып бір оқиғадан құлағдар болыңыз. Жазушының шабыты шарықтап кеткен жерлері болса әруақтар кешсін! 

Бабалар ғасырынан сыр шерткен аңыз жанымның солқылдай сыздаған “сыздауық - сырына” айналғаны қашан… Пісіріп, соқтасын сорып, жүрекке тыныштық орнатқым келді.

...Қытай асып, мал бағып, тірлік еткен елдің көкірегенде бір мұң, бір сыр барын кім біледі?!

Сыры - өзектінің сезімі мен төзімі, күйгені мен сүйгені қатталған кеуде сандығы.

Мұңы - атамекенді сағынған, өзге елдің заңына бағынған қайран елдің тағдыры. 

Қытай иеленіп кетіп, сызылған шекараның арғы бетінде қалып қойған қазақтың жеріндегі елдің өз жерінде туып, өз жерінде өліп, өз жерінде ғұмыр кешкенін тарих дәлдемесе, адам мойындай ма?! “Қытай қазақтары” деген айдар тағып берген алып державаның да пысықтығы теңдессіз. 

Советтің қызыл туы желбіреп, қылышы жалаңдап, бейкүнә халықтың қызыл қанын суша ағызғаны аздай, аштыққа ұрындырғаны тарих беттерін қан сасытып тұр ғой. Бірінен тірідей, бірінен өлідей айырылып, шерлі болған қаймана қазақтың малы шашылып, жаны қырылып қалды. Ел асты. Бас сауғалады. Безіп кетті. Жер шарын кезіп кетті.

Қытайдағы елді пана тұтып, шекара асқан елдің де себебі осындай… Ежелгісі кіндік қаны тамған жерде жүрген соң мына мекенді аңсамағанымен, шекараның бергі бетінен арғы бетіне өткен қазақ атамекенді аңсары - ақиқат!

Айтпағым, бұл оқиға қазақтың ежелден мекені Құлжада болған деседі. 1960 - жылдары арғы беттен бергі бетке бет алған қалың көштің арасында менің бабаларым да болыпты. Атамекен деп келген ата - бабабның жерліктер тағып берген “қытайлықтар” деген көзтүрткі атағы болмаса, шежірешіл, жыршыл еді ғой, жарықтықтар. Бас қосып, қауқылдасып отыратын қасиеттілерімнің аузынан бала күнімде естіген осы әңгімем есімде еміс - еміс қалыпты…

            Ақ бәйбіше

              1 - бөлім

Мақпал түннің жібек желі еркелей есіп, сай - саланы шарлап, сүттей аппақ ай сәулесінің жарығы түскен жердің бәріне сәлем айтып жүргені болмаса, өңге тіршілік қалың ұйқыда. Түннің жартысынан ауып, таңғы бөлігіне бет алған тұсы шырт ұйқыда жатқан елдің бәрінен бөлек қыбырлаған жалғыз пенде, бауырлай маужыраған зеңгір аспанның астындағы тыныштықты бұзып, сыртқа шықты. 

Арсалаңдаған кәрі төбет басын көтеріп, желбегей жамылған шапаны жер сызып келе жатқан қарияның аяқ тықырын көзімен ұзатып, барлай қарағанымен түрегеліп, еріп баруға ерінді. Жасы келген бейбақ осы үйдегі ит атаулыға басы - көз болғаны демесең, қарттың ізін басып шауып кеткен анау тазылардай шапшаң қозғалып, шалт қылық қылмайды. 

Әрменірек барып дәрет сындырған қария соңынан сөлкілдей еріп, бүлкілдей шауып әрі ұзап, кері қайтып жүрген қос тазысын ерте бері келеді. 

Үйдің ығына жете, жүрісін тежеп, жез құмғанын жерге қоя дәрет алған иесінің екі қапталында шоқиып отырған сұлу тазылар - Ақсұңқар мен Көксұңқардың күндегі салты осы.

Бұл сұлулардың даңқы сөз жеткен жердің бәріне мәлім. Иттің де абыройлысы болады. Жүгірген аңды, ұшқан құсты қолдан шығармайтыны, қоян мен түлкіні қанжығаға байлап беретіні былай тұрсын, жон арқасы күжірейген арланның екеуін еншілеткен.

Түнгі намазын оқып, қос алақанын көкке қаратып қалқайып отырған қария күбірлеп ұзақ дұға қылды. Қарасуды теріс ағызатын Мағзұм молданың ұлы деген аты бар. Балиғатынан бес парызы түгел, мұсылмандықтың жолын бұзбаған Молдыбайдың түр - тұлғасының өзі қандай, шіркін! Екі иығына екі кісі мінгескендей қаптағай денелі, кең кеуделі, жуан мойынды, бес қарулы жарықтық. Жігіт кезінен көкпар тартқызбаған білекті, көпті басындырмаған жүректі, сөздің турасын, істің әділін айтқан шыншылдығымен сыйлы қария. 

Бәйбішесі - Аққудан бала көрмепті. Екінші жары - Ақлиманың етегінен өрбіген жеті ұлдың бесеуін Құдайдың өзіне беріп, Қалғыр мен Болғырдың тілеуін тілеп, өсіп - өніп отырғанына мың шүкір етіп, мың дұға қылған қарттың таңнан бұрын бүгіліп сәжде қылар дағдысы өзгермейді. 

Қалғыры ағаларынан кейін қалт - құлт етіп тәй - тәй басып, есіктен сығалаған өлімнен қағып жүріп өсірген соң еркелеу һәм жалқауырақ. Сауықшыл.

Болғыры - алдыңғылардың жоқтауын естіп, кемдігін көріп, ойсыраған орнын толтырып ер жеткен ақылдысы һәм еңбекқоры. Шебер құдай сынағына сабыр еткен құлының құтын бір ұлмен түгендеп берейін деді ме, бір басына өнерді де үйіп - төгіп бере салыпты.   

Домбырасының ішегіне саусағы тисе-ақ болды, қос ішек күмбірлеп ала жөнеледі.  Күйінен киік билеп, тыңдаған ел елтіп, атамекенді аңсайтын көптің жүрегін толқытып, ыстық бұлағын қайнатып жіберетін көрінеді, мың болғыр - Болғыр.

Құлжаның құба белдеріне өрмелете жылқы баққан Болғырдың жүрегі бүгін қобалжулы. Келіншегінің кешеден бері тынымы жоқ. Алғашқы туыты болмаса да, осы жолы құрсағы тастай қатып, түйіндей батып, қабырғасының астын сыздатып, жанын жеп жатқанынан мазалы. Онсыз да тырбиған арық неме, нәр сызбай, су ұрттамай ыңыранып жүр.     

Молдыбайдың бәйбішесі қарнының астын сыйпап көріп: - Әлі піспеді. Толғақ та анық емес. Қимылыңды тоқтатпа! - деп кері қайтарғанда, ол сорлы: - Ойбай апа - ау! Бала тапқан қатын екенім рас болса, сәті келгені анық. Жамбас сүйегіме нықталып, аяқ алып жүрмекке болар емес… Әлгі бір шөп қайнатып ішкізетін дәстүріңізді қылмасаңыз, қу жанымды қоярға жер таппай барамын, - деп зар иледі, түнеугүні. Мұнысы, бала таппаған сізден, бала тапқан мен жақсырақ білемін ғой дегендей шықса да, бәйбіше көңіліне алмады. 

-Е, сорлы - ау! Келмеген толғақты шақырып алар құдырет қайда менде?! Ішке түскен шикі ет сыртқа шықпай жатушы ма еді?! Алланың бұйырған сәтінде шығар да. Бар! Күт! - деп зекіп жібергенімен, келіншектің қысыр сөзіне мән бермеген.

Қарақат: - Ең болмаса ішімді сыйпап беріңізші! Қолыңыздың табынан жаным тынышталып, бойым жылып, рахаттанып қаламын, - деп жалынды. -О, бетсіз қалғыр! Енесіне қарнын сыйпатып талтайып жатқан қатынды қайдан көрдің?! Бар! Байыңа сыйпат! Масқара! - деп екі бетін кезек - кезек шымшығанда тегі бір, руы бір сүйегі бір екенін алға тартып, алдына басын қойып жата кеткен келіншектің шашын аялай сыйпап, үнсіз қалған, бәйбіше. 

“Сүйек жаңғыртамын” - деп, кіші үйдегі тоқалдан туған екі ұлдың үлкеніне өз тұқымынан қыз алып берген Ақ бәйбіше. Ақлима тапты, тоқалдан туды демесең, екі ұлдың екеуі де ақ апасының емшегін еміп, қойнында жатты. Молдыбай кіші қатынның отауында түнейтін де, кекілді ұлдар апасының құшағында ұйықтайтын. 

Қатын болып байын қызғанбаған бәйбішенің басиесіне құрметі де ерекше! Сөзін бөліп, көңілін қалдырып, абыройын төмендеткен емес. Жұрт сүйсініп жататын ақ бәйбішенің осы қасиетін естіп өскен екі бала, есейе келе шешелерінің де жүрегі мұңға, көңілі шерге толып ғұмыр кешкенін түсінген. 

- Апатай, ертегі айтшы! - деп қиғылық салғандарында кейде бұлар ұйықтап кеткенше аңыз - әпсаналарды сапырып, кейде ыстық жасы жастыққа сіңіп, теріс қарап, бүк түсіп жатып қалатын. Жарықтық, жарына емес, тағдырына налиды екен - ау! 

“Несін қызғансын?!… Ақлима ақ бәйбішенің бір шашына да татымайды ғой!” - деп сыпсыңдайтың қатын - қалаш екі баладан қорынып, сыбырласпайтын - да. Ақ апаларының сұлу екенін олар онда қайдан білсін?! Аналарының кім екенін білмегеніндей, ақ апаларының көрер көздің жауын алып, естір құлақтың құрышын қандыратын перизат екенінен бейхабар болатын. 

Ақлимаға бала керек те болмағандай. Туғаны өліп жатса да, аса бір қайғырып, жер бауырлап жылап жатқанын ешкім көрмепті. Емшек сүті ағып жүріп, сіресе домбыққан кеудесін байлап алып, үн - түнсіз тірлік қыла беретін. Жаңағы қатындардың суық сөздерін естімейді емес, естиді. Мән бермейді. Екі ұл, оның да сырын кейін ұқты. Еркек атаулыдан сұлу жаратылған әкелерінің болмысына жұтынып қарап, тұтығып қалмайтын ұрғашы кемде - кем еді. Екі сұлу қосылғанымен бір перзентке зар қылған Құдай, махаббатқа емес, қыл үстінде тұрған “ұрпақ жалғасына” араша болмаққа осы сорлыны қоса жаратып қойыпты. Қанша сұлу болса да, пұшпағы қанамаған сүйіктісінің өз рұқсатымен төсек жаңғыртқан бір еркек пен тағдырына пұшайман болған екі ұрғашының арасындағы терең мұң сырт көзден құпия екен.

Бірінен соң бірі шетінеп, өліп қала беретін сәбилердің соңғы екеуін аман қалдырған Құдаймен алыспай, бірі өзге тапқан балаларды бауырына басып, бірі таппағандай, Жаратушысынан тағы перзент сұрап, екі қатын бір еркектің тілеуін тілеп, өз сорымен өзі іштей алысып, үнсіз ғұмыр кешіпті. Мұның бәрін екі жігіт кеш ұқты. “Ақ апа” - деп, үлкен үйдегі апаларының сүтсіз емшегін еміп, сыздаған емшегін байлап азаптанған аналарын елемей өскендері өксік тықпалады кеуделеріне. Не десе де екі үй, бір қазан, екі әйел, бір еркек, екі ұл, бір үміт шаңырақты қисайтпай, ошақты сөндірмей әулетті жабылып жатып сақтап қалды.

Болғанның келіншегіне не кесір тигенін кім білсін, толғағы жиілемей бірнеше күн қинап, бар күшін сарқып тастады. Төртінші тәулік жанын қоярға жер таппай шыңғырып, жер тырнап жылады - ай…

От жақтырып, су жылыттырып, жарыс қазан салды, бәйбіше. Ақлима аңқалаңдап жүргенімен, үлкен үйдің жарлығына жарбаңдап, бұйрығына жалпаңдап, немересінің дүниеге келуін тілейді. Ақ бәйбіше аққол алдырып, арқан кергізіп, келінді кіргізіп алғалы Ақлимаға аяқ бастырмады. Қызғанады. Күйеуінің ыстық құшағын бөліскенімен, екі ұлды бөлісерге құлық таныптай, иеленіп алған соң, олардан туғандарды да өз етегіне орап, кіндігін өзі кесіп, қанымен берілмеген текті қолымен беріп, өзіне ұқсатып алған бәрін. Шарана, кіндігін кескен кіндік шешеге ұқсап кететіні - құдайдың құдыреті - де, тоба!

Таңға шырылдап толғатқан Қарақат, айдай сұлу қыз тауып, көкжиектен күннің нұры шашырай атқанда үзіліп кетті. Кіндігі мойнына оралып, тұншығып барып, көгеріп туылғанда дем алмай, көтенінен шартылдатып ұрған аққолдың әрекетінен соң да тірі екенінен белгі бермеген қызыл ет, ақ бәйбіше аяғынан салбырата көтеріп тұрып арқасынан қағып - қағып жіберіп, аузына саусағын сүңгіте салғанда шар ете қалды.

- Құлыным! Балаңды бауырыңа баса алмай, емшегің имей кеттің - ау! - деп аңыраған ақ бәйбішеге басу айтқан аққол, кінәлі адамдай тізерлей отырған күйі еңкілдей жылады…

Ғайша

Молдыбайдың еркесі, Ақ бәйбішенің елігі - осы әулеттің ең қымбат мүшесі - Ғайша! Екі ағасының соңынан ерген шәрбәт қылықты сәбидің қалауына түгелі - құлдық! 

Үш баласына “ана” болар жібі түзу жан таппай, екі жылдан астам жалғыздық кешкен Болған, көктемге іліне Найманның жесірімен уағдаласып, көп ұзамай алып келетін болды.   

Молдыбай той қамына кірісіп, алыс - жақын елге хабаршы жүгіртті. Ат шаптырып, бәйге бермесе де, екі жесірдің некесін қиып, мал сойып, көптен бата сұрамақшы. Жаз жайлауға барып, арқа - жарқа дұмандатып жатуға ұлы келіспеді. “Жесір мен жесір бас қосса амалдың жоқтығы, тағдырдың жазуы да, әке! Несіне жырғап, тойлап жатамыз?! Екі жарты бір бүтін болмаққа елді куәгер қылмақ жеткілікті!” - деген қамкөңіл ұлының сөзіне қарсы дау айтпады. Ақ бәйбіше де Ғайшаны емірене иіскеп, құшақтай кемсеңдеп кетіп, келісті. 

Қасқыр күшіктеп жатқан кезең. Болған келіншек алып келіп, Молдыбайдың үйіне құда - жекжат, туыс - туған, көрші - қолаң жиналды.

Баланың үстінен кеткен келіндерінің әке - шешесі де келді. Қария мен Ақ бәйбіше алдарынан өтіп, ұлықсат сұрай барғандарында, олар да егіліп отырып, бір шетінен Молдыбайды “ескі күйеу” деп сыйлап, бір шетінен Ақ бәйбішені “қыз” деп құрметтеп: “Құдайдың бұйрығына қарсы шыға алмайтын пендеміз ғой!.. - деп, екеуін күтіп жіберген.

Молдыбайдың бесіктес ағайыны, бір мүшел кішілігі бар інісі Шақан, ұлының соңынан еріп, Үрімшіге көшіп кеткен, талай жыл ілгеріде. Даланы сағынып, ауылға аңсары ауып келген соң, жұрт тарқағанда қалып, біраз күн жатпаққа бел буды. Әпенделеу, аңқалақ мінезді бауырының бұл шешімін Молдыбай қария да құптады. Екі бауыр жорға мініп, ел аралап, шер тарқатып жүрді. Ауық-ауық кештерде Болғанға домбыра шерткізіп, күйдің әуеніне елтіп, толғанып отыратын.

- Енді шырқа! - деп өтініш пен бұйрықты қатар айтып, “Пах шіркін! Самға!”- деген елдің қолпаштауына разы болып, қопаңдап қалады.

Болған, өнерге кенде ме?!

Кең дауысын керней, аспабын қағып - қағып жіберіп әндеткенде бәрі тынып, сүйсіне құлақ салады.

Дүние қызыл - жасыл сылаңдаған,

Сұлудай сылқымданып бұраңдаған.

Төрткүлім түгел дейтін халім қане?!

Туған жер қолжетпесім шығар маған…- деп, қазақтың көңіліндегі атамекенге деген сағынышын жырмен төккенде, мөлтілдеген жасын жаулығының ұшына сіңдірген шешелері мен терең күрсінген әкелері “айта түс” дегендей көз салады. 

Суырып салмалық өнерден де құралақан емес жігіт бәрін бірдей баурап алып, ән мен күйін үзбей, таңға созады.

Осы бір татулыққа тұнып, тамылжыған күндердің шырқын Шақан кетірді. Сүттей ұйыған әулеттің әтуері кетіп, аяқ астынан даурықты да қалды…

Болғанға еріп, мал өргізіп кеткен Шақанның сол күні - ақ бұлардың тыныштын талқандап, күл талқанын шығаратынын кім болжаған?! 

Молдыбай қарияның неше күннен бері жүрегі дірілдеп, көңілі құлазып жүр еді… Әулие атанған Мағзұм қарияның ұлы ненің боларын болжай алмаса да, әкесінің түсіне кіргенінен күдіктенген. 

... Теріс қарап отыр екен, жарықтық… Арқасынан келген ұлына бұрылып та қарамады. Кішкентай Ғайшаны жетелеп ұзап барады. Молдыбай өкшелей еріп келеді. Кенет, сарқыраған өзенге келіп тіреледі. Қап - қара лай ағып жатқандай. Көктемгі қар еріп, тоңы жібегенде өзеннің суы тасып, қара су ағатыны белгілі ғой. Мағзұм молда Ғайшаны қара суға малып, ары - бері шайқай береді - шайқай береді. 

Молдыбай, Шырылдап жылаған немересіне болыспаққа қанша ұмтылса да, қаққан қазықтай қозғала алар емес. Табаны жерден ажырамайды. Шегеленіп қалғандай. 

Әкесі, шөбересін суға лақтырып, қайта сүзіп алып әуре. Қанша тұрғаны беймәлім… Әлден соң су тұнып, мөп - мөлдір күйге еніп, арыны қайтып, сылдырлай ағады. Мағзұм қария, осыдан соң ғана Ғайшаны жерге қойып, баласына бұрылмаған күйі кете береді. 

Түсінен шошып оянған Молдыбай қария, терге малшынып жатыр екен. “О, Жаратқан ием! Күнәһар пенделеріңнен кеткен ағаттықтар болса кешіп, мейіріміңе бөле! Қаһарыңнан сақта!”- деп, тағы да ұзақ дұға қылды, түнгі намазда, сәждеде жатып.

Болған малды жайып, тыным алғанда, кертөбелін бүлкектетіп бара жатқан Шақан, тау - тас аралап келмекке ниеттеніп, Ақсұңқар мен Көксұңқарды ертіп, бүлкектеп кеткен. Әкесінің қосатарын асына шыққан әпенделеу ағасына: 

- Оу, көке! 

Қоян атсаңыз, жаны шықпай бауыздап аларсыз! - деп ескерткен Болған, бауырына:

- Еее, білем ғой! - деп жөней берген.

Көп ұзамай мылтықтың дауысы гүрс ете қалғанда, жылқы осқырынып, Болған селк етті. Алыста қалған Молдыбайдың жүрегі секіріп, кеудесіне сыймай өрекпіп, бір сұмдықты сезгендей мазасы қашты.

Шар ете түскен Ғайшаны жұбата алмай дал болған ақ бәйбіше, ірімшік беріп, тәтті ұсынып қанша бәйек болса да, сорлы баланың жағы сембей - ақ қойды. Атасы дем салған соң, сылқ етіп құлап, ұйықтап қалды.

Болған, болған жайды әкесіне қалай жеткізерін білмей дал. Шақан, маңдағы қасқырдың апанына тап болып, екі бөлтірігін бірдей бауыздап алыпты. Күшіктеріне қауіп төнгенін сезген құртқасы алыстан орағытқандая Шақан көздеп тұрып, сұлатып салған. Оқ тиіп ұшып түскен құртқаның өлі - тірісіне бас қатырмай, екі бөлтірікті қанжығасына байлап, ыржиып келе жатқан әпербақан көкесін көргенде - ақ санын соғып, есінен тана жаздаған Болғанның сөзін құлағына да ілген жоқ, көкесі.

- Оу, әкеңнің аузы! Немене сонша бүлінесің? Жылда бірнеше жылқыңды жеп кететін даланың итін сонша аяп не көрінді? - деп бұлқан - талқан болды. 

- Ақымақ болмасаңыз, қасқыр күшіктегенде айналасындағылардың малына зиянкестік қылмайтын адал аң екенін білетін боларсыз?! Күшіктерін өсіріп, ертіп кеткенше көршісін қорғайды. Қиянат қылмайды! Қылғанды кешпейді! - деп, шеке тамыры шодырайып, қанша зар қақса да, көкесі былқ етпеді. Желдірген күйі, ауылға бет түзеп кете барды.

Молдыбай қария, сөз ұқпайтын бауыры Шақанды қуып жіберді. Жай қуып жібермеді. “ Көгермегір көргенсіз” - деп, қарғап жіберді. Абыроймен келіп, абыройсыз кеткен ағайыны енді көрместей боқтанып, ағасының сөзін кек тұтып кетті.

Сол түннен бері қанша күзетсе де Болған малын сақтай алмады. Бөрілер бір түнде келіп, жылқыларды тамақтап, құлындарды жарып кете берді. Малды өргізу қияметке айналды. Қасқырлар күн - түн демей шабуылдайтын болды. Жылқының бірде - біреуін жемей, жайрата берді - жайрата берді. 

Бұл кезең - киік төлдеп, қасқыр ораза ұстайтын мезгіл еді. 

Аяқ астынан үш жасар Ғайшаға түсініксіз дерт жабысты. Молдыбай қария дем салып, құран оқып талай дерттінің бетін бері қаратып жазып алатын болғанымен, өз немересіне құдыреті жетпеді. Іштей, қайдан келген азап екенін де сезеді. Ақ қасқырдың киесі ұрғанын, бауырына қарғыс айтып қата кеткенін қу іш сезгенімен, қыларға шара таппайды. 

Болғанның қатыны түсік тастап, еріп келген баласы “апалап” Ақлиманың етегіне оралып, ызыңдап, берекені қашырды. 

Ғайшаның жүре алмай, меңірейіп отыратыныны ақ бәйбішенің жанына батып, әлгіндегі айрандай ұйыған әулеттің шырқы кетті. 

Сүйіп емес, сеніп бас қосқан жарына, Болған, ыстық ықыласты бола алмай-ақ қойды. Молдыбайдың амалы - намазын қаза қылмай, дұғасын үзбей, кең Құдайдан медет тілеу ғана еді. Осы азабы аздай, Болған аттан құлап, мертігіп, төсек тартып жатып қалады. Қалған малға тірлікке икемсіздеу Қалған иелік қыла алмай, шашып тастады. Қалғанның жары - сылқымның нақ өзі еді. Құдайдан шебер бар ма?! Екі есерді дәл қосып қойғанын қарашы…

Сатқанын сатып, қалғанын ағайындарына бөліп қосып, Молдыбай қария қиюы келіспей кеткен тірлікке нүкте қойғанда, Қалған қатынын алып, қалаға қарай тартып кетті. 

Бұл да мейлі. Сол жылы, ешкім естімеген қыс болып, ақ бәйбішенің өкпесіне суық тиді.

- Апа - ау!

Мені қойшы, сен жазылшы! Мына бейбақтарға кім ие болады? - деп кемсеңдеген Болғанның қолын оттай ыстық алақанымен қысып тұрып, ауруханаға кетіп бара жатқан ақ бәйбіше, Ғайшаны құшып ұзақ жылады. 

- Келем ғой, жарығым!

Сауығып келіп, Ғайшамды құшақтап жатармын! - деген, моншақтай тырсылдаған жасы жерге тамып.

Әйел болып, пұшпағы қанап, емшегі имеген сорлыны соншама сұлу жаратқан Құдай

тоқалдан туған ұлдарға ана қылып, еметайын ездіріп қойса, өзіне жөн - де!..

Бәрінен бұрын, сүйек жаңғыртып, Болғанына өз тегінен алып берген сіңілісінен айырылып қалып, суық денесінен суырып алған жып - жылы шаранасының қанын жаулығына сүртіп, етегіне орап баққан Ғайшасын қймайды. 

Болғанның некелісі жетектеп ертіп келген ұлын жетектеп ертіп кеткенде де ешкім өкінбеді. Құдды, осылай болуы заңды сияқты. Тосыннан келетін азаптарға еттері үйреніп қалған үйдегілер үнсіз қоштасып қала берді.

Апасы кеткелі, Ғайшаның сөзі азайып, көзі кіртиіп, періште жүзіндегі сүйкімділік ұшты - күйлі жоқ болды. Аяғынан тік тұра алмаған соң көткеншектеп, құйрығымен сырғанап, таңнан кешке дейін сырғанайды да жүреді. Бел көтеріп, тіршілікке араласа бастаған Болғанның қолы тигелі, кері кеткен тірліктің беті бері қарап, жыл бойы қаңтарылып қалған талай іс өне бастады. Әкесі бөліп тастаған малдардың басын біріктіріп, өз ісін үзілген жерінен қайта жалғады. Естияр болып қалған қос ұлы шығысып, ауырлығын жеңілдетіп, жеңілін желдей естірді. 

Бұрынғы әнші, күйші Болғанның бойында сол өнерден ырымдыққа да белгі қалмаған. Кім қанша жалынса да жыр айтып, шырқамайтын болды. Кетіп қалған қатынды іздемеді. Өліп қалған қатынды ұмытпады. Қатынның жоқтығы емес, Ғайшасының күйі - күйік болды. Ақ апасын сағынды. Алты ай ауруханада жатып: “Сауығып келдім!”- деп күлімдей оралғанымен, көпке бармай дүниеден озып кете барған, құшағы жылы, алақаны жұмсақ аппақ, сұлу апасын іздейді. Тапқаны бар, баққаны жоқ өз шешесін “ана” көрмейді. “Жеңге” тұтады. Әкесін аяйды. 

- Әке, Ғайшаны жазарға амал бар ма? - деп сұрады, желдің өтінен торығып кеткен қоңырқай жүзін сыйпалап отырып, кешкі ас үстінде, болған. 

- Молдыбай қария, көп ойланып, аз сөйлейтін әдетімен, жауабын ұзақ күттірді. Мосқал сақалын салалай тарап, үнсіз көп отырды да, жүре алмаса да, ес білетін Ғайшаның шашынан иіскеп алып: - Кім білсін, балам?! Дәрігерлерге көрсеттік. Денсаулығынан кемдік таппады. Бел омыртқасында ақау жоқ. Аяғы да сау. Тілі тастай, көзі оттай баланың дертін молдалықпен емдемесе…-деп күмілжіді.

- Әке, бұл маңда сізден асқан молда жоқ қой! Оны өзіңіз де біліп отырсыз! Ендеше, бір амалын қылайық - та…- деді, ұлы, шарасыздықтан шытынап.

- Мм… - деп, деп қойғаны болмаса, Молдыбай қария көріп жүрген түстерінен сезіктенсе де, тісінен шығармады…

...Желбегей жамылған оқалы шапаны жарқырап, кестелі ақ көйлегі мұнтаздай таза әкесі, алқымына түскен аппақ сақалынан нұр шашырап келген, түсіне.

... “Қасқыр емізсе, құлан-таза жазылып, шауып кетеді… “-деп, Ғайшаның аяғын ұстап отырады да, жай басып, ауаға сіңіп кетеді. Бұл түсті бір емес, үш қайыра көрген соң, уайым мен ойдан кірген жай түс емес, аян екенін Молдыбай қария жақсы біледі. Десе де, қасқырды қалай емізбек?! 

“Түгел түркі түбі бір, түп атасы - Көкбөрі”- деген әпсанаға зейін қойса, айдалада қалған нәрестені қасқырлар тауып алып, құртқасы бауырына басып өсіріпті. Қасқыр деген - киелі аң. Өз дегені болмаса, ешкімнің бұйрығына бағына ма? Ол түгілі, терісін тірідей сыпырып алсаң да қыңқ етіп дыбыс шығармайтын бөріні күштеп көндіріп, қорқытып ала алмассың…

Түсінің төркінін түсінсе де, амалын таппай мазасы кеткен қария, Ғайшаның анасын тапқан ата - анасы, әрі құдасы, әрі қайын жұрты, ақ бәйбішесінің төркіні - Албан руының ақсақалдарына жүгінбекке шешті. Домалақ анадан өрбіген текті ұрпақтың қайсысын түртсең де әулиеліктен кемшін емес! Қариясы - дәрия, еркегі - батыр, баһадүрлердің ұрпағы ғой. Бір білсе, солар білер деп, жолға шықпаққа қамданды. Қанша қаласа да, ақ бәйбішесінің топырағына тоқалын ертіп баруға қымсынды. Болғанның үлкенін өзіне қолқанат қылып қалдырып, кішісін ілестіре жолға шықты.

Албанның алқалы жұрты қашанғы әдетімен кәрі күйеу, сыйлы құдасын құрметтей қарсы алды. Қыстың беті қайтып, тоңы жібіп, аязы қайта қоймаса да, ерте көктемде он екі қанат кереге керіп, қалың ақ киізбен оралған жып - жылы үйде күтті. Темір пештің отын үзбей, маздаған сексеуілдің табын сақтап, қатын - қалаш та аяқтарынан тік тұрды. 

Қазақ, күйеу баладан бата сұрамайды. Молдыбай молданың күйеулігінен құдалығы басым. Оның үстіне, аузы дуалы молданың батасын кім алғысы келмесін?! Өлген қыздарының көзіндей болған қарияның алдына семіз, ақ қойды сүйреп кіріп, қолқалап бата сұрады. Тартынғанына қоймады, Албанның қариялары. -Үлкендердің көзі кетіп, замандастарының өзі сиреп, төрге шыққан жасында бата беруге болар да! - деп қолқа салған соң, жалындырмай қолын жайып:

- Ал, әумин!

Өсіп - өнген ел болыңдар!

Хан - патшамен тең болыңдар!

Би түсетін үй болыңдар!

Өздерің де би болыңдар!

Бесіктерің тербетіле берсін!

Ұлдарың ер жете берсін!

Қыздарың Домалақ анадай қасиетті болсын!

Ұлдарың Бәйдібек бабадай өсиетті болсын! - деп бата бергенде, қаумалаған қалың ел бірауздан “әумин!” деп бет сыйпады.

Үш күн, үш түн қонақ болған Молдыбайдан бұйымтай сұраған ақсақалдар, қарияның жайдан - жай келмегенін болжаған да еді. 

- Иә! Ақылдасар алқа, кеңесер кемеңгер сіздерсіздер деп іздеп келдім! - деді, қария аз - кем үнсіз отырған соң. Ақ бәйбішем етегіне орап алып, бала үстінде үзілген келінімнен туған кішкентайымның аяқ астынан мешел болып, аяқтан қалғанын білесіздер. Тәні сау, тілі сау баламның жүре алмайды демесең, басқа дерті жоқ. Ақымақ бауырым күшіктеп жатқан құртқаны жазым қылып, бөлтіріктерін өлтіргелі оңбадық. Киелі аңның киесіне ұрындық. Шатқаяқтап барып, әрең тіктеліп келеміз. Әкемнің Мағзұм әулие екені рас болса, түсіме де жайшылқпен кірмесі белгілі… - деді, сабырлы жүзбен, салмақтай сөйлеп. Ықтияттылықпен тыңдап отырған қалың ел, үнсіз. Қариялардың ең сыйлысы Қожбанбеттің алдына түсіп, сөз бастар ешкім жоқ. 

- Қасқырдың адамның баласын емізгені аңызда бар. Десе де, төртке толған сәбиді бауырына басып, емізе қоярына күмәнім зор. Ол бала да емшек еме қояр жаста емес. Қасқыр киелі аң ғой. Тектен - тек ешкімге соқтықпайды. Ешкімге бағынбайды. Оққа ұшса да қасқайып жатып жанын қияды. Алайда, олардың киелілігі сонда - адал! Басын иіп, көмек сұраған адамзаттан безініп, көкірек кермейді. Әулиенің түсіңізге кіріп, аян бергенін сезсе, кегі кеткенді кешіруден бас тартпайтын шығар?!… Тек, амалын таба алсақ… - деді, Албанның қариясы. 

Ұзақ талқыласып, мәжіліс құрған қарттар ақыры бір шешімге келіп, Мағзұм әулиенің аян қылған аманатын орындап көрмекке бел буып, бір шешімге келді. Екі - үш ай бұрын шағылысқан қасқырлардың бөлтіріктер кезеңі келіп қалғанын білетін қарттар, жақын күнде құран түсіріп, дұға қылмаққа Молдыбай қарияның үйіне жиналып, қасқырдың алдында бастарын имекке келісті. Бір шеті “ақ бәйбіше” атанған аталас сұлуларының, екіншіден туыттан кеткен Қарақаттарының әруағының алдында бір амал қылмаққа өздерін парыздар сезінді. Ғайша, туған жиендері емес пе?!

... Молдыбай қария ауыл сыртына үш үй тігіп, от жақтырды. Ақлима, Ғайшасының анасы мен ақ бәйбішенің төркінін күтіп алуға дайындық қылды. 

Бірнеше күн құран түсіріп, дұға қылатын қариялардың ас - суын қамдап, Молдыбай қария жылқы сойды. Қара қойдың бірін бауыздап, құдайы таратты. Алласына сыйынып, медет тіледі!

Қасқырдың киелі екені әбден рас! Жарықтық ақ құртқа, екі бірдей күшігінен айырылып, өзі жазым болғанымен, бұл маңнан ауып, алысқа кетпеді. Емшек сүті тамып, қаны ағып жүріп Болғанның малының көбін қырып тастағанымен: Молдыбайдың “Мені кешіріңдер! Шақан бауырымның иттігі еді!”- деп зар илеп, қылған дұғаларын естіп, қабыл алғандай, тынған. 

Оқыс шыға келген қасқырдан үркіп, аударып кеткен аттан құлап, жазым болған Болған есін жиғанда, анадайда шоқиып отырған ақ қасқырды көреді. Зәресі ұшып, жарып кетерге оқталып отыр деп, жалынып жылап, кешірім сұрайды. Ақ қасқыр, құдды жігіттің сөзін ұққандай, шоқиып отырады да, жігіт әлсіреп, талып бара жатқанда бүлкектей кетіп қалады.

Төсек тартып ұзақ жатқан Болған, аяғын басып, тірлігін жалғағанда да дала төсінен оқтын - оқтын көріп қалатын болды сол қасқырды.

Енді міне, маңда жүргенімен, тимеген сол қасқырдың үйіріненің алдынан өтіп, кегін кешуді сұрамақ…

... Құран аударып, еркектер таңнан кешке дейін Алладан дұға тіледі. Үлкендердің келісімімен бір топ жігіт жортуылдап, бөлтіріктеп жатқан құртқаны қолға түсірмекке аттанды. Бөлтіріктеп жатқан құртқаны күзететін арланның сесіне қарсы тұру мүмкін бе?! Қанша жүрексінсе де, құранның қасиетіне сеніп, Құдайдың құдыретіне сиынып шыққан көпке ақсұңқар мен көксұңқар да еріп кетті. Қариялардың бұйрығымен аттанғандар, жуық маңдағы қасқыр апанын тауып, бөлтіріктерін алып келмек. Баласын іздеп келген құртқа, шарасыз пенденің бір өтінішін қабыл алса, құба - құп…

Қабыл алмаса, сорлап қалмай ма?!

Үміт пен күдік қатар айқасып, Молдыбай қарияның түсінде аян берген Мағзұм әулиенің әруағына құран бағыштап, жігіттер аттанып кеткелі екі күн. 

Оқ дәрі мен иттердің иісін сезген бөрілер, шаппаққа именіп, алыстан барлайды. Бөлтіріктерін тастап кете алмай, айналсоқтай торуылдаған бурыл құртқа, баласын алып кетіп бара жатқан адамзаттың ізіне түсіп, еріп жүре береді. 

Сол түні қасқыр ұлиды. 

Ит біткеннен тыным кетіп, ызалы бөрінің сесінен үркіп, құйрығын қысып жатқан алыс ауылдағы көп ит те, тыпыршып, жан таппаған ақ сұңқар мен көксұңқарда да ес қалмады. Адамдардың бөлтірігіне зиян қылмай, ұсыныс қылып тұрғанын жарықтық аң сезгендей. 

Құран үзілмеді. Қариялар дұға қылуын тоқтатпады. Бурыл құртқа арланымен жақын маңда жүргенін бәрі сезді. Тек, өз бөлтірігін іздеген бөрілердің үй маңынан қазылып, жылылап астына киіз төселіп жасаған жаппадағы бөлтіріктері мен адамның баласы бар шұңқырға жақындауы қиын. Байлаулы тазылардан үрікті ме, қаруланған адамдардан сезіктенді ме, орағытып жүрді де қойды. 

Екі ортада сәбиге зиян қыла ма деп, Ақлиманың жүрегі аузына тығылып, тұншыға жылады. Тірі адам естіп - білмеген бұл істің неге ғана өз басына түскеніне назаланды. 

Көзі тірісінде бір баласын да еміреніп сүймегені, құшағына қыспағаны үшін, тапқандарын иеленіп алып, сүтсіз емшегін аузына салып, шешесіне емізуге бермеген ақ бәйбішенің алдынан кесіп өтпесе де, іштей жек көрген еді. Енді, мейіріміне бөлеп, бесігін өзі тербетіп, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген құлындарыңның басына түскен сынаққа жаны шыдамай, ақ бәйбішенің әруағына құран бағыштап, күбірлеп дұға қылып, қолын көкке жая берді. 

Таң намазы кірді-ау дегенде, осқырынған жылқылар мен қыңсылаған тазылар тыныштық тауып, тына қалды. Жаппа шұңқырды алыстан бақылап, әр сәтті мүлт жібермей отырған жігіттер жақындап келіп, үңілді. Айнала қойылған шамдардың білтесі түгесілуге таяп, майы таусылуға айналыпты. Кірпік қақпай отырған Ақлима сыртқа шауып шығып, қолдан қазылған апанға қарай жүгірді. 

Бөлтіріктер жоқ!

Мүлтіксіз, кірпік қақпай бақылап отырған соншама елдің көзін қалай алдап кеткен?! Шөп төселіп, киізбен қапталған жасанды апанда еш алаңсыз ұйықтап жатқан Ғайшаны көріп, бәрі аң - таң.

Ақлима жетіп келіп, Ғайшаны жұлып алып, бауырына басып, айғай салып жылады. Әжесінің даусынан шошып оянған Ғайша, аздан соң шешесін танып, жымия салды. 

Құран оқып отырған қариялар тоқтады. Түгелі дерлік тысқа шығып, апанға бет алды. Сәбиін құшақтап, аңырап келе жатқан Ғайшаны көріп, алдымен абдырап қалды да, сәбидің бұлқынғанын байқап “уһ” десті. 

Сол жерде болған жігіттердің айтуынша, Ғайшаның уысында қасқырдың бірнеше қылшығы қалған деседі... Анығын ешкім білмейді.

Сыртқа үй тігіп, қариларды жинап құран оқып, қариялардың басын қосып дұға қылған, Жаратушысына мінәжат еткен Молдыбай қарияның сол құлшылығының себебі де, соңы да жұмбақ күйінде қалыпты. Қариялар, сонда болғандардың барлығына бұл оқиғаны тарқатып айтып, елге жариялауға қатаң тиым салыпты. Аңыз бен ақиқатын ешкім айыра алмайды. Мүмкін, бір әңгімешілдің көңіл көтеріп, жұртты баурау үшін шығарғаны, мүмкін, көнекөз қариялардың аузынан қалған шын оқиға. Әйтеуір, әпсана мен шындықтың арасында қалған осы бір әңгіменің кейіпкерлері болған деседі…

Ғайша, он сегізге келгенше бұлаңдап, ерке өсіпті. Көрген ел, сұлулығына тамсанып: 

“Ғайшаның келбеті ерекше, тым керім. Үстіңгі ернінің оң жағына біткен меңі сондай жарасымды. Қарақаттай мөлдіреген көздері оттай жанып, қап - қара кірпіктері талдана тікірейіп тұрады. Иіле біткен қалың қасы қабағының үстіндегі күмбездей, ерекше жарасымды. Мойылдай қап - қара шашы бұйраланып, толқындала иығынан құлайды, Ғайшаның” - деп суреттейді екен, жұрт.

Айттырған елдің ешбірін қабылдамай, Молдыбай немересін сүйгеніне ұзатыпты. Тапқан ұлдары бөрідей сұсты, ер жүрек батыр болғанға ұқсайды. 

Өзі дүниеден өткенше “қасқыр емген қыз” атанып, қартайған шағында “қасқыр емген кейуана” деген атпен танылыпты. Әулие аталарының қасиеті дарыған ба, көз тиіп, ұшынып, көтеріліп ауырған мен тіл тиген баланы емдеп алатын емші болыпты. Рас болса, атырылып тұратын қабаған иттің өзі Ғайшаның көлеңкесін басудан қорқып, беті қайтып, жүні жығылып жата қалады екен-мыш…

Қамариа

2 - бөлім

Бейкүнә сәбидің де шыр етіп дүниеге келгеннен тағдыр тәлкегіне ұшырап, шерменде болатыны бар. Үлкендердің күнәсін көтеріп, қателігінен қайғыға қарық болған пешенесіне бесбатпан сор жазылған сәбидің бірі - Қамария. 

Бала болып риясыз күліп, шаттанбайды. “Құлынымдап” апасысы қанша бауырына басса да, бір кемдік сәби жүрегінің ырғағымен соғып тұратын. “Өзге балалардың әкесі мен шешесі бар. Менде неге жоқ?”-деген ой санасына сыймайды. “Мен таптым” - деп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай еміреніп отыратын апасын жанындай жақсы көргенімен анасы емес екенін безбүйрек балалар көшеге шықса - ақ ескертіп, жетімдігін бетіне басып жібереді. 

Апасының көңілін қалдырып алғысы келмей, іштен тынғанымен таптырған әке мен тапқан шешенің бар екенін біледі. Бірақ, қайда жүргендерін білмейді. Әйтеуір, тағдырына қайыл. Тірі пендеге сездірмейтін бір сағынышы кеудесін ауыртады. Үйлі болған үш атасы мен бойдақ көкесі, анда бір санда жарқ еткен жұлдыздай пайда болып, жалп етіп сөнген шырақтай жоқ болып кететін Кербез деген сұлу әпкесі бар. Неге екенін, адамзат атаулыдан сол сұлу әпкесіне бүйрегі бұрып, ерекше тартып тұрады. Мүмкін, екеуі де қыз болған соң болар...

- Әпке, мені алып кетші, - деп қиылатын, әпкесіне. Сіңілісін құшақтап, екі бетін алма - кезек сүйгенде әпкесінің жүзін жас жуып кететін. Терең күрсініп, үнсіз жылай беретін.

- Ботам! - деген бір ауыз сөзден өңге түк те айтпайды. Алып кетпейтінін іші сезсе де, үміті үзілмей күтіп жүреді. Сағынады.

Жиі - жиі жіберетін базарлықтарын кеудесіне басып, әпкесінің иісін сезгендей, құшақтап жатып ұйықтайды.

Көшеге алып шығып, балаларға көрсетіп мақтанады. Таң - тамаша болған балалар: - Ой, қандай ғажап! Ұстап көрейінші! - деп жатқанын көрсе, Қатираның қаны басына шауып: -Әкесі әперменен соң, қанша мақтанса да мәнсіз! - деп баж ете қалғанда, сипалап, қызығып тұрған балалар тұтығып қалатын. 

Қатирамен тең өсті. Таңнан қас қарайғанша көшеде ойнайтын топ баланың ең білгірі де, шешені де - Қатира. Пысықтығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Бүгін кімнің қосылып ойнауға құқығы бар, кімнің жазаланып, топқа мүше бола алмайтынын да сол шешеді. Осы біреу секпіл беттен жасқанып, бала біткен көңілін табуға тырысып, жалпақтайды да жүреді.

- Қатира, алма жейсің бе?..

- Қатира, тәтті берейін бе?..

- Қатира, қуыршағымды ойнай тұрғың келе ме? - деп, бәрі бәйек.

- Жеймін! - деп қағып алса дән риза. Жемеймін! - аулақ жүр! Қуыршағың керек емес! Кет! - деп кекірейсе біттің дей бер. Ол күні сенімен ешкім ойнамайды. Бәрі Қатираның айналсына үйіріліп, небір қызықты ойындар ойлап тауып, қыздырып жатқанда алабөтен бақылап, аузыңның суы құрып отырасың.

Қатираның ең көп шүйлігетін жауы - Қамария. 

- Жетімдермен ойнамаймыз! - деген үкім шығарғанда, барлығының әке - шешесі бүтінделіп, Қамария бөлектеніп қалады. 

- Анам бар! Апамның қызымын ғой! - деп көрші. 

- Ана мен апаны ажырата алмайсың ба? Ана деген жап - жас болады! Әкең қайда сонда? - деп, шақ - шәлекейіңді шығарады. Қатираның терең философиясы өзге балаларды да ойлантып тастап, Қатираға үрки қарайды бәрі, жыпылықтап. Жыпылдаған Қатираның аузы жабыла ма?!  Әке мен ананың бірге өмір сүретінін, “әке” деген кісі ерте кетіп, кеш келетінін; “ана” деген адамның тамақ жасап, кір жуып үйде отыратынын; Кешке, әке мен ананың бір төсекте жататынын сартылдатып тізіп, сарнап тұрады. Мұның біреуі де жоқ қой. Сөз таластырып, берекеңді кетіргенше бұрылып, үйіңе сүңгіп кеткенің тыныш. Қатира шұбыртып сөйлей берсе, одан да басқа кемдігіңді тауып алуы ғажап емес. 

Сүлесоқ оралып, сүмірейіп отыратын қызын көргенде апасы бауырына басып, құшағына қысып әуреге түседі. Осындайда алдына қойған тәттілерінің өзі дәмсіз. Жегісі келмейді. Терезеден үңіліп, ойынды қыздырып жатқан балаларды үнсіз бақылайды. 

Жанын жегідей жеген жалғыздығының себебін тісінен шығармайды. Апасын аяйды. Қатираның шешесіне жетелеп барып: - Әй Мәнсия, қызыңа қой де! Бесіктен белі шықпай тапсынып сөйлеген деген не сұмдық?! Үйде айтылмаған өсекті бала қайдан біледі? Мен таптым ал, қайтесің? - дегеніне доптай секіріп, беттен алып, төстен шауып тұратын Мәнсия шапшып, сөз бермейді.

- Қазіргі балалар ақылды! Кімнің қайдан шыққанын, кім тауып, кім таптырғанын бізсіз-ақ біледі. Баланы алдағаныңызбен, елді алдай алмайсыз ғой. Одан да шындықты айтып, адалдықпен өсірмейсіз бе? - деп шаптығып шыққанда, оқша бораған сөздерге төтеп берер қалқаны болмай, - Долыдан пері қашыпты - деген. Қой айналайын, сені Құдай жеңбесе, мен жеңбеспін” - деп, қызын жетектеп, кірген ізімен кері қайтқан. 

“Әкесі жақсы! Қайран баланың пешенесі жарқырамады” - деп, Қатираның әкесін әрі мақтап, әрі аяп отырған апасының сөзіне таң қалатын. “Әке деген” - деп тілінен бал тамып жырлап тұратын Қатираның сөзінің қай жері рас, қай жері өтірік миы жетпейтін, Қамарияның.

Кейде, жастыққа бетін басып: “Әке, сен қайдасың? Неге іздеп келмейсің?.. Ана, сен қайдасың? Неге іздеп келмейсің?..” - деп, тұншыға жылайтын да, ешкімге сездірмей, қуыршақтарын қаз - қатар тізіп алып, “ана” болып ойнап отыратын…

... Қамария мектепке де әке - шешесіз барды. Кербез әпкесі әкеліп берген киімдері мен сөмкесі барлық баладан артық болса да, бағамы Қатирадан бір аспай - ақ қойды. 

- Қандай әдемі қарындаштар!.. Сурет дәптеріңнің суреттері қандай керемет! - деп айналсоқтаған балалардың Қатира әп - сәтте есін жыйдыра салатын.

- Әкесі алып берген жоқ! Кімнің алып бергенін қайдан білесіңдер? - деп кекегенде, әлгі балалар тарқасып кететін.

Бірде, өзге түгілі Қатираның өзі қызығып кетті, Қамарияның сурет дәптеріне. Сыртындағы жалтыр араластыра салған бояғы қанық қоян мен түлкінің суреті шынымен ерекше көз тартатын.

- Ұстап көрейінші! - деп елжірей қараған Қатираның бұл қылығына аңқая қарап қалған балалар үнсіз қадалады.

- Көр! - деп ұсынды, Қамария. Томпақтау, дүрдиіп салынған суреттегі қоян мен түлкі құдды тірі сияқты. Қап - қара көздері жәудіреп, жүндері жалтырайды. Соншама беріліп сурет тамашалап тұрған Қатира, әлден соң өзіне қадалған көздерді сезіп қойып, намыстанып кетті білем, сурет дәптерді ортан белінен қақ айырып, лақтыра салды. 

Сондағы Қамарияның жылағаны есепсіз, Қатираның жауыздығы жазасыз қалды. Сынып жетекші “ балалық текетіреске” жатқызып, екеуін мәмілеге келтіріп, татуластырмаққа тырысып бақты. Қамария, жылауын тоқтатпады. Қатира, безірейуінен танбады. Қамарияның өкпесі өшті. Қатираның беті қайтпады. Жетекші-шаршады…

Қысқасы, өзге балалардай анасы жетелеп бармай, әкесі күтіп алмай, Қамария бастауыш сыныпты бітірді. Бұрынғыдай емес, тағдырына мойынұсынып, жалғыздығына қалыптасып кетті. Ешкімді іздемейтін де, күтпейтін де, сағынбайтын да болды. Тіпті, қаламайтын да сияқты…

... Есейіп, бой түзей бастаған қыз атаулының маңдайалдысы - Қамарияның келбеті тым керім. Үстіңгі ернінің оң жағына біткен меңі сондай жарасымды. Қарақаттай мөлдіреген көздері оттай жанып, қап - қара кірпіктері талдана тікірейіп тұрады. Иіле біткен қалың қасы қабағының үстіндегі күмбездей, ерекше жарасымды. Мойылдай қап - қара шашы бұйраланып, толқындала иығынан құлайды, Қамарияның.

Кербез әпкесі күйеуге тиетін болып, құда келді. Қой сойылды. Дастархан жайылды. Отбасы мүшелері таныстырылды. Қамарияны, Кербездің кенже сіңілісі деп таныстырды, көкесі.

Баяғы бала Қамария емес, кім таптырғанын білмесе де, қайдан шыққанын, кімнен шыққанын ұққан. Бұл жасандылыққа төзімі жетпей, үлкендердің күнәсін көтергені аздай, өтірігіне де ортақтасты. Өйтпесінн, апасы қоймады.

- Апа, бұл дүниедегі артық адам менмін бе? Менің барым масқара ма? Жыннан туылмасам, неге шындықты айтпайсыңдар? - деп солқылдай жылағанымен, апасы жалынуын қоймады.

- Қарағым, Қамаш!

Қыз деген тағдыры қылға ілінген сорлы жаратылыс. Жалғыз рет шалыс басса, өмір бақи опық жейді. Абыройынан жұрдай болады. Абыройсыз қыздың барған жерде бағы жанып, шекесі қызбайды. Тастай батып, судай сіңсін, құлыным! Қыз деп тапқандағы жалғызым еді. Жыламай жүрсе екен дегеннен басқа ойым жоқ, қарғам! - деп жата кеп жалынды. Сонымен, Қамария өз анасының тойына құдаша болып барып, (анасының) сіңілісі деген атақпен алтын сырға тағып қайтты. 

Қайтар жолда зулап келе жатқан көліктің терезесінен лақтыра салды, жүзігін. Тойдан шаршап, ұйықтап келе жатқан ел, Қамарияның жылап келе жатқанынан да, өміріндегі ең алғашқы алтынын қара жолдың бойына лақтырып жібергенінен де бейхабар…

Қамария, өтпелі шақты ауырсынды ма, бойында өзгерістер пайда болды. Әлдекім еріп жүргендей, тасадан біреу сығалап тұрғандай, күндіз елегзитін, түнде шошитын болды. 

Қасқыр ерткен әйел…

Түн баласы көзі ілінсе, қасқыр ерткен әйел түсіне кіреді. Шыңғырып оянған қызын “біссімілдәләп” ұшықтап, айналсоқтап жүретін апасы жақын маңдағы емші - домшының бәріне апарды. Әркім, әр түрлі болжам жасап, бірі “уфлеп”, бірі “суфлеп” шаршатты.

Жұрттан “Түрік апа” дейтін сәуегей кемпірдің атын естіп, жолға шықты. Көрген түсінен, ерген елестен зәрезап болған Қамарияның жүзінен нұры қашып, қарақаттай көздері шүңірейіп, берекесі кеткен. Бой жетіп қалған керім қыздың қыз атаулыны шаң қаптырып кететін сұлулығынан айырылып, жүдеп - жадап кеткені айналадағы елдің күмәнін тудырды. Жел сөзді желпілдеп жүріп желдіртетін Мәнсияның аузына тыным жоқ. Бірнеше рет басы айналып, құлап қалғанын тіліне тиек етіп, болжамын сан - саққа жүгіртеді. 

Кезінде сұлудың нақ өзі - ақ болған екен, түрік апаң. Дел - сал, мұңды жанарын жерден көтермей, жабығып отыратын Қамарияның ішқұсалықпен өскенін, бала күнінен жалғыздықтың зарын тартқан жүрегі өкпе - ренішке толып, сағыныш кернеп азаптанғанын біліп қойды. Бала жанарынан жан мұңын аңғару үшін сәуегейлік керек емес шығар?! Тек, аналық жүрекпен, адами зейінмен үңілсең жеткілікті - де…

Не десе де, Түрік апаның сөздері сыйқырлағандай, Қамария қалың тұманнан суырылып, “әділетсіз әлем” деп

аталатын мына өміріне оралды. 

Әулие аралап, зиярат еткені еңсесін көтерді. 

Пайғамбар жасынан арғы ғұмырын қылуетте өткізген әулие - Ахмет Яссауидің кесенесіне құран оқып, Арыстан баб әулиенің басына түнеді. 

“Жарты әлемнің әміршісі болған Ақсақ Темір әулиенің мазаратына күмбез тұрғызбақ болып құрылыс бастағанда ісі алға баспай, түсінде дәу қара өгіздің кесенені мүйізімен қиратып кете бергенін көріп, түсін жорытқан қариялар Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстан бабқа ең алдымен күмбез орнатып, кесене салу керек екенін ескерткені жайлы аңызды да Қамария әулие - әнбие бабалардың басына барғанда жұрттан естіді. Түстің де аяны болатынын, түстен қорықпай, ұғына білу керек екенін де жүрегімен сезді…

Бойы тіктеліп, ойы сергіп оралған Қамарияның сергіп, күннен - күнге айдай толықсып, күндей жарқырап жүргенін Мәнсия көре алмай, Қатираның аузына сұмақай сөз салып берді… “Қалаға барып, іштегі бәленің көзін құртып келді” - дегенді естіп бірі Қамарияның бұзылғанынан тіксініп бетін шымшыса, бірі Мәнсияның зұлымдығынан түңіліп жағаларын ұстады.

Көзін ашқалы баламен алысып, қызын “жандайшапқа” айналдырып, екі иығын жұлып жеп, мазасы қашқан, сүйкімі кеткен Мәнсияның көкірегіндегі нендей кек екенін сұрады бірде Қамария, апасынан.

- Апау, Мәнсияның менде несі бар? Әлде, әпкемнің қарабет болып, күйеуге тимей мені тауып қойған күнәсін өмір бақи көтеремін бе?! Пәктігімді дәлелдей алмай өтердей, тағдыр пешенеме мөр басып қойған ба?! - деді, ызы буып.

- Анығын Алла біледі, құлыным! Ұқаным рас болса, Мәнсия өлердей сүйген жігіт, осы біздің қызға ғашық болып, Мәнсияға көзінің қырын да салмаған көрінеді…- деді апасы, зыр айналған ұршығын көтере, бармағына орап алған қойдың жүнін ширата түсіп.

Қамария, түкке тұрғысыз істің кекке айналғанына қапалы. Десе де “Бұлар сыйқыршы дуана перілер” - деп өсек тарқатқан Қатираның сөзінің де астанын енді ғана ұқты. Анасының Мәнсияның ғашығын өзіне ғашық қылғаны аздай, Қатира өлердей ғашық болып жүрген Манас та Қамарияға ессіз ғашық!

Ооо, шебер Құдай!

Сенің қалағаныңды кім өзгерте алады?!

Қамария қанша сабыр сақтап, тырысып бақса да, Мәнсия мен Қатираның суық сөздері сүйегінен өтіп кетті.

Дүйсенбілік жиналыста қаз - қатар тізілген балалардың көзінше шалып құлатып, жалпасынан түсіргенде шыдай алмай: 

- Жазаңды Құдай берсін!

Шалған аяғыңнан тарт! - деп салды, қанап кеткен тізесін сүртіп отырып. Бала кездегідей емес, жақсы оқитын, сұлу Қамарияның айналасына үйірілетін бойжеткендер қолтығын демеп, бозбалалар көтеріп алғанда Қатираның қан тамырлары жарылып кетердей бүлкілдеді.

“Мәнсия, отбасымен жол апатына ұшырапты” - деген хабар гу ете қалғанда, Қамария ең алдымен Қатираның амандығын ойлап уайым кешті. Қатира сол жолы беломыртқасынан зақым алып, екі аяқтан жан кетіп, төсек тартып жатып қалды. Ұзақ уақыт ауруханада жатып шыққанымен, мектепке келе алмады.

“Жетімнің қарғысы өтті” - деп гулеткен еспе сөз Қамарияның жанын жегідей жеді. Күн санап жүріп, тоғыз сыныпты зорға аяқтап, мектеп бітіру кешіне де бармай, Алматыға тартып кетті…

Айша

Жылап жүріп, Құдайдан сұрап жүріп көрген жалғыздарының мешел болып туылғанына қапалы ерлі - қатын Қамария мен Есім, “Қасқыр емген кейуана” атты емшіден құлаққағыс болғалы сол кемпірге жүгінуге әбден құлықты болды. 

Сонау Қызылордадан ат арылтып, ел асып, жер басып “ қасқыр емген кемпірге” қарай бет алды. 

Аурушаң баланың құжаттарын жинап, дәрігерлердің қағаздарын қаттап, жолға шыққалы - үш күн. Ауылынан қаласына, одан Алматыға жетіп, жалдамалы жеңіл көлікпен жолды жалғап, төртінші тәулікке таянғанда, кемпірдің ауылына қарай созыла шұбатылып ирелеңдеген жолға түсті. 

Ауыл жұртының ерте жатып, ерте тұратынын білетін екеу: “Ұйықтап қалса, қайда түнейміз?” - деп те уайымды. Жолды көтере алмай келе жатқан денсаулығында кінәраті бар байғұс бала тынымсызданып, шешесінің өңірін жұлып, ызбайланып шаршатып бітті. Ең қиыны - тар көлікте астын құрғатып, бұтындағысын ауыстыру. Абырой болғанда, көлікте осы үшеуінен басқа сапарлас жоқ. 

Есім, алдыңғы орынды иеленген. “Еріп келе жатыр” - демесең, еркектің көп іске бас қатырып, мойын бұрмайтыны бесенеден белгілі. Ара - тұра жолсоқты болып, көзі ілініп кетіп, қор ете қалады да, салбырап кеткен өз басының салмағын көтере алмай селк ете оянып, артына бір бұрылып қарап қояды. Ондағысы, қатыны мен баласының ояу, не ұйықыда екенін білу болса керек…

Жол қысқарсын деді ме, әлде, түнек түскен қап - қара әлемде көлігінің қос көзінен шашыраған ұзын жарығы сүзіп келе жатқан бітпейтін жолдан жалықты ма кім білсін, жүргізуші, Есім тағы бірде салбырап кеткен басын иығына қайта қондырғанында сөзге тартты.

- Алыстан келесіздер - ау?!…

Алғаш, сөйлескісі келмей ерініп отырған Есім, ұйқылы - ояу қалпы аз - кем үнсіз отырды да:

- Иә! Қызылордан! - деді, самарқау ғана.

- Мына баланы емдетуге әкеле жатырсыздар! - деді жүргізуші, сөз арасын суытпай. Біресе жылап, біресе айғайлап шешесін жұлып - жеп келе жатқан баланы иегімен нұсқап. Байғұс әйелге жаны ашып тұрған да сияқты. Дауысы соншама баяу шықты. 

Есім, түсінді! 

Бағанадан арттағы екеумен шаруасы болмай, есеңгіреп отырғанына қысылып қалды. Бойын тіктеп алып, күректей алақанымен өз бетін өзі аяусыз мыжғылап алды да: 

- Солай! Жалғызым еді… Дертті болып… Қазақша - мешел! - деді, күрсініп. 

-Мм… Мешелдің түрі көп. Ес білетіні де, білмейтіні де бар. Кейбіреуіне ем қонады…-деп, сөзінің артын жұта салды, жүргізуші.

-Үмітсіз шайтан… Қолдан келгенше тырысып… Емші аралап, шипа тілеп жүрміз. Арманда қалмайық дейміз, - деді Есім, тағы да ауыр күрсініп.

Екі еркектің сөзін тыңдап отырған Қамарияның денесін діріл билеп алды. “Несіне алыстан қаңғып келе жатырсыңдар?”-дегендей құдды, жүргізушінің дауыс ырғағы. Ана жүрегі шаншып - шаншып қалды.

-Бәрі Құдайдың құзырында! Дертіне емі тура келсе, жазылып кетер! - деді жүргізуші, салмақтай. Кейуана мұндайдың талайын жазды ғой. Жүре алмайтынды жүргізді, көре алмайтынды көргізді… 

“Аурудың көбі қарғыс тигеннен, жын соққаннан” - деп жатушы еді, шешем марқұм, - деп әңгіме ауанын кеңейте түсті, көлік иесі. 

Бір жақсысы, “жазылады” не “жазылмайды”- деп кесіп айтады, апа. Анамның бауыры аурушы еді, жазып алды. Сол кісінің емінен соң жиырма жыл өмір сүрді. Былтыр кетті! - деді, шешесін сағынғанын аңғартып, кемсеңдей. 

Жүргізушінің сөзінен біресе үміт оты жылт етіп жанып, біресе жалп етіп сөніп, Қамария өз ойымен алысып келеді.

Кештеу бас құраған екеудің алғашқы перзенттерінің кемтар туылатынын болжаған дәрігерлер қанша тырысса да, түсік тастауға көндіре алмаған. Мешел баламен алысып өмір сүру анаға да, балаға да азап екенін әбден ескерткен. Сонда да осы әлсіз үмітінің жылт еткен жарығы сөнбей, жүрегінің астында бұлқынған шаранасын кесіп - кесіп лақтырып тастауға дәті бармай, созып жүріп алды да, ақыры дүниеге әкелді.

Өткен күндердің ауыр естеліктері көлбеңдеп, сорлы ананың жанарын ыстық жасқа толтырды. 

... “Кем бала таптым деп, несіне шіренесің? Ұлымның бағын байлап, шерменде қылдың, сайқал қатын!” - деп қарғанған енесінің тілінен тамған заһарды көз жасына араластырып ішіп жүргеніне төртінші жыл. 

Пыш - пыш жылап келе жатқан келіншектің шерлі көңілі көлік ішін суытып, екі еркектің тәнін қарып кеткендей. Осыдан ары әңгіме өрбімеді. Сөз бастағанына өкініп қалды ма, ана жүрегінің жарасын тырнай бергісі келмеді ме, әңгімесін тәмам қылды, жүргізуші.

Түн бел ортасынан ауа, жүйткіген көлік арыны басылмаған күйі үлкен ақ үйдің қақпасына тұмсығын тақай тежелді. 

Жұрт ұйықтап жатқанымен, алыс - жақыннан адам аяғы үзілмейтін үйдің қонағын қабылдауға жағдайы жасалған екен. Орта бойлы, тығыршықтай сары келіншек жағы ажырап кетердей есінеп жүріп, үшеуді бір бөлмеге жайғастырды. Алакөлеңкеде байқағандары, мұндай бөлме бес - алтау екен. 

- Жатып, ұйықтаңыздар! Апа, өзі шақырады. Егер ақшасын төлесеңіздер, үш уақыт тамақ беріледі. Әйтпесе, екі үйден соң дүкен бар. Ішіп - жемді содан алып жерсіздер. Тек, бөлмеде тамақ жасауға болмайды! - деді де, есінеген күйі шығып кетті.

Жастыққа басы тие ұйықтап кеткен күйеуінің қорылы титтей бөлменің қабырғаларын ажыратып, қайта қосып жатқандай. Қамарияның кірпігі айқаспай, ары - бері аунап, мазасы кетті. “Жазылмаса қайтем?” - деген сұмақай сұрақты қанша қуаласа да құтылмады. Өз өмірі көз алдынан көлбей өтіп, миының қыртыс - қыртысын түгел ақтарғанда, әлегі дөңбекшіте берді.

... Әкесінің кім екенін білмейді. Кімнен тапқанын апасы айтпайтын. “Әке” - деп мойнына асылып, алдына отырып еркелеген елдің балаларын көргенде сәби кеудесі удай ашып кететін. 

Мектепке әкенің жетелеп бармағаны, мектептен әкенің күтіп алып кетпегені де жанын жаралап, осы бір кемдік балалық шағының шаттығын ұрлайтын.

“Әкелі бала мақтаншақ,

Әкесіз бала жасқаншақ.

Тұрады оның көзінде,

Мөлтілдеп мөлдір жас моншақ” - деген шұмақты нағашы апасы жиі - жиі айтып, құшағына қысып, емірене сүйетін де, тыққан - сыққан тәттілерін қалтасына салып, жөніне жіберетін.

Байлығын балалармен бөлісуге асығып, көшеге шауып шығатын Қамарияның жалғыз арманы болатын, сонда. Басқа балалар өзін кемітпей, бөлмей, ойнап кете ме деп үміттенетін де, көпке жетпей тауы шағылып, үміті үзіліп жабырқап оралатын. Қу жалғыздықтың азабымен титтей күнінен таныс. 

Тәттісін бөліп алып, лезде-ақ жеп алатын балалар біраз дос болып, велосипедтерін мініп көруге беріп, қуыршақтарын ұсынып, көп ұзамай шат көңілін балтамен шапқандай қатынасын шорт кесіп, жетімдігін бетіне басып, бұрылып кете беретін. Өйтпегенде ше?! Олардікі де жөн! Әкелері бар. Аналары қасында. Кімнің ұрпағы екенін білмейтін, анасы іздемейтін бұл сорлы, олармен қалай теңессін?! Жастыққа бетін баса, өз дауысын өзі тұншықтырып: “Әке, сен қайдасың? Неге мені іздеп келмейсің? Ана, сен қайдасың? Неге мені тастап кеттің?” - деп зарлана жылайтынын тірі пенде білген жоқ. Бары - нағашы апасы. Қорғаны да, қамқоршысы да сол еді.

Апасын жалғыз иемденген рахатын да көп көрген тағдыры, енді сол бақытына ауыз салғанда, нағашы көкесінің нәрестелері бірінен соң бірі туылып, іңгәләп жылап, тәй - тәй басып, балдай тілі былдырлап, “әжелеп” жалғыз ғана жақсы адамын тартып алған. 

Құдай - ау, “ Ұлдан туған - немере, қыздан туған - жиен”- деп бөліп алатын қазақтың үрдісін де сәби күнінен біліп, қазақтың дәстүрі мен дала заңына өлердей өкпелейтін. 

Көңілдегі қаяу сәби жүрекке салмақ салып, әлденеге елегізіп, әлдебіреу үңіліп тұрғандай ақшамнан таңға мазасын алып, жанын шырқырататын. Түн баласы шошып оянып: “Кемпір көрдім. Ақ қасқыр ерткен кемпір. Қасыма келіп қарап тұрды” - деп шыңғырғанда нағашы әжесі “біссімілдәсін” айтып, дем салып, ұшықтап жататын, жарықтық.

Қамария, бой жетіп, әлгі тоңмойын, залым балалардың ешбірін де керек қылмайтын болды. Жалғыздыққа әбден еті үйренді ме, әлде, жалғыздығын мойындады ма, әйтеуір, ешкімге ілеспей, соқа басы сопайып оқшау жүруге көнген. Қанша үйірсек болып, жақындауға тырысса да ескі кек мұз болып қатқан жүрегінің шетін де ерітпейтін. Әуелі бірде, тырнағын батырып, тілін сұмаңдатып, титтей күнінен зардабы өткен секпілбет Қатираны қарғап: “Сұр жылан неме, мені шалған аяғыңнан тарт!” -  деп салғаны…

Үш күн өтпей, апатқа ұшырап, мұрттай ұшқан Қатира сол бойы екі аяғынан тұрмады. Табаны жерге тимеді. Жұрт: “Қу жетімектің кегі қатты, тілі улы” - деп жазғырса, қатарлас - құрбылары содан әрі соқтықпай, айнала үркіп өтетін болған.

Көзге шыққан сүйелдей болудан мезі болғаны сонша, тоғыз сыныпты сарылып жүріп аяқтай сала, қалаға тартып кетті. Тастап кеткен анасын сағынбайтын болғаны былай тұрсын, іздемейтін де болды. Байға тиіп, өсіп - өніп отырған шешесінің өміріне араласпай, құдды тумағандай кейіп танытатын шешенің безбүйректігіне налып, тағдырына мойынұсынып алды.

Колледж оқыды. Институт оқуға құлықты емес еді. Тігіншілік мамандығын місе тұтып, пұл тауып, жан бақты. Құмсағаттай сусылдаған уақыттың жетегінде жастық шағы өтіп жатқанын елемеді. Үй алды. Дүние жиды. Титтейінен бейімделіп кеткен жалғыздығымен әбден үйлесіп алып, артық ауыз адаммен аралас - құралас болмады. Сұлу һәм суық. Осы қалпынан жасқанып, талай жігіт жасықтықтан жаспақтап жүріп, қыз жүрегінің кілтін таппай, жарты жолдан қалып жатты. Қырықты алқымдағанда ғана құрдымға кеткен жастығын жоқтап, іштей өкінді. Есесі кеткен өмірдің қайбір қылын қисайтып алыпты?! Кімнің несі кетті?! Қатарларының балалары мектеп бітіріп, алды құда - құдандалы болып жатқаны да өкініштің отын үрлеп, өртеніп кете жаздайтын.

Біртіндеп, айналасына көз жүгіртіп, елмен араласа бастады. 

Бірге істейтін қыздарымен қыдырып жүріп, Есімді жолықтырды. Қасы - көзі қиылған, қолаң шашы төгілген қызға Есімнің есі кетіп, бір көргеннен ғашық болды. Әке мейірімін көрмеген сорлыны ер адамның ыстық ықыласы, жылы сөзі, қамқорлығы баурап алып, көпке созбай тұрмысқа шықты. Алыстағы мекен Қызылордаға келін болып кете барды. Ажырасқан демесең, тәп - тәуір еркек!

... “Жаздым - жаңылдым”-деп алдына зар еңіреп келген анасын қабылдамады! Құрығыр кеудесі жылымады, көңілі тартпады. Сап - сау баласын тастап кеткен анасын кешпеді! Кеше алмады!

...Таң бозамықтанып атып келеді. Жаңа тастай қараңғы көрінген бөлмені кірпігі айқаспай барлап қарап жатып, көз үйретіп алған. Енді, таңның сүт жарығы әр затты айшықтай түседі. 

Баласы оянып, жылай бастаған соң, тіктеліп отырып, сәбиін қолына алды. Құшақтай тербетті. Тілі жоқ байғұс бала ызыңдап мазасызданғаны болмаса жалғыз ауыз сөз де айтпайды. Айтқан емес. Тек, шешесінің кеудесін жұлқылап, көкірегін тоқпаштай ұрып, жанын қинайды. Шеше байғұс өзегін жарып шыққан перзенттің тілін тілсіз - ақ ұғады емес пе! Су береді. Астын құрғатады. Тілін табады. Көніп кетті бұл азапқа да. 

Көзі ілініп кетіпті.

Сол баяғы кемпір, жүні тікірейіп, көзі оттай жанған сұсты қасқырды ертіп келіп, қасында тұр. “Тұр” - дейтіндей иегімен әлденені нұсқап, түсініксіз белгі береді. Ишараның мәнін түсіне алмай әуре - сарсаң болып жатып оянды. 

Тоба! 

Бой жетіп, есейгелі осы түсті көруі сиреп еді…Қыз болып қылтиған күніндегідей шошып оянбаса да, түсініксіз күйді сейілте алмай біраз жатты.

Кеше ұзын дәлізді кесіп өткенде көзі шалған бөлмелерде кісі болғанға ұқсайды. Аяқтың тықыры мен күбірлескен жұрттың дауысын естіп жатыр. 

Жылы көрпесінен суырылып, сыртқа шықты. Тастай суық, тап - таза ауа. Ауладағы сәкіде қартаң әйел отыр. Бөтенді көріп таңырқамады да. Жылы жүзбен жымия амандасып: - Түнде келген сендерсіңдер ме? - деді бірден сөз бастап. Таңғы салқын өне бойын тіміскілеп, талдырмаш денесін дірілдеткенімен шала ұйқылы қалпын сергітіп, көкірегін саф ауа кернеп, есін жидырды. Сәкіге жақындап:

 - Иә! Сіздер келгелі көп болды ма? - деді Қамария, күртешесінің алдын айқастыра қымтанып.

- Үшінші күн. Бес күн боласыңдар деген. Ем қонса, бес жыл жатуға да бейілміз! - деді қартаң әйел мұңайып. Мұнда, елдің бәрі ем іздеп, шипа сұрап келетіні есіне енді ғана түскендей, Қамарияның. Нендей дертпен келгенін де білгісі келгенімен, сұрауға дәті бармады. Әйтсе де, қартаң әйелдің де көкейін осы сұрақ тесіп бара жатқан еді. Сұраулы жүзін қадап, аты құрығыр дертінің жөнін білуге оқталып отырды да батпай, өзге сөздің тиегін ағытты.  

- Бұл апа, шипалы шөп дәрі береді. Жүзі де, сөзі де суық. Көп сөзді жақтырмайды. Тілінің мүкісі бар. Тілін, келіні ғана түсінеді. Емдей алмайтынына “кет” деп бір - ақ ауыз сөз айтады. Келіні түзге шығарып, ас - суын беріп, ыммен түсініп, бұйырғанын орындайды. Келгенді күтіп алып, кеткенді жөнелтіп, бар шаруаны тындырады, - деді, қос тізесін ұқалап. 

Қамария, түнеугіні өздерін күтіп алған келіншектің көмекші ғана емес, кейуананың келіні екенін ұқты.

Осы сәт, қонақ үйден қыз бала шығып, осылай қарай аяңдады. Таяп келіп, қартаң әйелдің қолтығына қос қолын сұға, “әуп” деп демей тұрғызды. Қыздың иығына асыла ілбіп, аяғын санай басып бара жатқан қартаң әйел: - Атым - Сайра! Екі аяқтан жан кетіп, төсектартып жатқаныма аттай алты жыл болған. Емші апаға екінші келгенімде тапыл - тапыл басатын болдым. Алла қаласа, үшінші келгенімде шауып кетермін! - деді, аяғын алудан ауырсынып тұрған жүзіне үміт үйіріліп, жымия.

Қамария, тастай сәкіде әлі отыр. Тәй басқан сәбидей қалбалақтап бара жатқан әйелдің соңынан көз алмай ұзақ қарады. Ойына қайдан сап ете қалғаны?! … Есіне, сонау бойжеткен кезінде апатқа ұшырап, төсек тартып жатып қалған Қатира түсті. Жұрт: “Жетімектің қарғысы тиді!” - деп сырттай жазғырғанымен, сөзбен сұлата салар құдыретінің жоғын білетін Қамария, іштей сол қыздың тұрып, жүріп кетуін тілемеген екен-ау!..

Босағаның оң жағына қағылған қолжуғышты кері түртіп, беті - қолын жуған Қамарияныың тісі сақылдап, асты-үстіне дірілдей соғылып жатыр. Дәретхананы ауласының түкпіріне салатын ауылдың әдеті ғой. Бақты жиектей түскен жалғыз аяқ жолға түсіп алып, біраз шарлап, түзге шығып келді. Суық суға жуынып, бөлмесіне кірді. 

Күйеуі ұйықтап жатыр екен.     

Кешегі сары келіншек, тоғыздар шамасында келіп: 

- Сіздерді апам тосып отыр! - дегенде, өн бойын қуаныш пен қорқыныш қатар сілкіп тастады. Неге біз? Әлде, ем қонбайтынын сезіп жатыр ма? Бізден бұрын

“Негелерге” шырматылып, не істеп, не қойғанын да біліп болмады. Ұйқыдағы баласын жылы жамылғыға орап алғанда оянып кеткен сәбиі қашанғы әдетімен анасының кеудесін соққылап, ызыңдап жылай бастады. Үрей мен үмітті қатар ертіп, “ қасқыр емген” атымен танылған кемпірдің алдына қарай жүрді. 

Жүрегі өрекпіп, дүрсілінен көкірегі қарс айырылып кетердей, аяғынан жан қашып, бойын әзер тіктеп барады.

Бұл - үрей болса керек!..

Биік баспалдақтың әр басқышын бар күшімен кері қалдыра басып, атшаптырым кең бөлмені кесіп өтіп, қарсы алдындағы ақ есікке жақындағанда - ақ, бойына әлдебір түсініксіз күш дарып, жеп - жеңіл қауырсындай қалқи берді.

Бұл - үміт болса керек!..

Аппақ кілем төселген, шымқай көк пердесі үлбіреген бөлмеге аттап басқан Гүлшат, қалың құрақ көрпенің үстінде, ақ жаулық жамылып отырған кейуананы көргенде дір ете қалды. Құдды, мына кемпірді танитындай, бір жерден көргендей күй кешті. Бір таныс иіс танауын жарып бара ма?!… Жүзі сондай суық! Шүңірейген жанарының нұры таймаған кейуананың көзі отты. Бей - жай қалыпынан арыла алмай, состиып тұрып қалған келіншекке кемпір: “отыр” - деп ымдағанда, тұрған жерінде тізерлеп отыра салды. Артынан ілесе кірген сары келіншек: - Жақынырақ отырыңыз! - деді, жымия.

Тұрарға әл - дәрмені жоқ. Бар күшін жиып, ышқына көтерілді де, санап басып, 

Кейуана, ызыңдай жылап, мазасызданып тұрған балаға үнсіз, тесіле ұзақ қарады. Демін ішіне тартып, жүрегі тарсылдай соғып, Қамария қобалжып отыр. 

- Ммм…-деді, әлден соң, кейуана, сары келіншекке бұрылып.

- Баланы беріңіз! - деді, келіншек сүлесоқ отырған Қамарияға. 

Құшағын жазып, сәбиді жақынырақ созды. 

- Алдыма қой! - дегендей ишара қылғанда, жылылап орап алған баласын ашып, алдына тастай салды.       

Кемпір, сәбидің маңдайына қолын басты. Кемпірдің қолы тигені сол еді, ішегін соза жылап жатқан бала жылауын қойып, тына қалды. Ұйықтап жатқанда ғана тыныштық көрмесе, туылғалы жағы сембей, мазасы қашып, жылай беретін сәбиінің мына кейпіне таң қалған Гүлшаттың көзі шарасынан шығып кетердей. Таңырқағаны, не шошығаны мәлім емес.  Әлден соң, алақанын басына басып, сонан соң кеудесін сыйпалай төмендеп, аяғының ұшына дейін сырғанатқан қолын қайта маңдайына апарды, кейуана. Қамарияда ес жоқ! Баласы тырп етпей, тынып жатыр. Қос жанарын кемпірге қадай үнсіз жатқан нәресте сәлден соң көзін жұмып, созылып, демсіз қалды. 

Қамария, ыршып түсті.

- Өліп қалды… Өліп қалды ма? - деп, шыңғырып жібергені. Кейуана Қамарияға алара қарады. Сылқ етіп отыра кеткен Қамарияның денесінен жан қашып, көзінен ырши құлаған жасы иегінен үзіліп, етегіне тырс - тырс тамады. Тек, қайта сөйлеуге де, қозғалуға да күші жетпеді. Етегін таспен бастырып қойғандай. Ұмтылса да қаққан қазықтай орнынан тапжыла алмады. 

Енесінің әр қимылын жіті бағып отырған сары келіншек, әлден соң әлденелерді ымдап жеткізген кемпірдің сөзін ұққандай, басын изей берді. Қамария, ешнәрсені ұқпады. Ешбір сөзін түсінбеді.

- Баланы алыңыз! Ұлыңыз жазылады! Бес күн жатып, үш қайыра келесіздер! - деді, әсем үнмен, сары келіншек. Өкпесін кернеп, өңешіне келіп тірелген өксігін зорға тежеп отырған Қамарияның әрмен қарай өксікті іркуге шамасы жетпеді. Өксіді - ай, сорлы ана…

Орап келіп жатқызған баласы ес жыймай, қара түн қойнауына сіңіп, ұзақ ұйықтады. Ара - тұра құлағын танауына жақындатып, пыс - пыс етіп жатқан демін сезген соң ғана көңілі жайланған ананың басына үйірілген қап - қара бұлт іріп, ыдырай бастағандай…

Үш уақыт берілген тамағын уақтылы ішіп, ұзақ күн ұйқысын әбден қандырған Есім, баласының тыныш ұйықтап жатқанына қуанып, келіншегіне мейірлене қарайды. Құшақтаса, үнсіз ғана перзенттеріне үңілген екеудің жүректері сөйлесіп, жалғыз ұлдың жарқын болашағын болжап, жарыса сырласады…

Түн ауа күйеуі ұйықыға кетіп, баласы оянды. Әдеттегідей шаптығып жыламады. Қыңқылдап, шөлдегенін ұқтырғандай жәутеңдей қарады, анасына.     

Келіншек, ұлына суық шай берді де, малмандай су болған киімдерін ауыстырды. Ұзақ ұйықтаған сәбидің тері астыңғы көрпесіне дейін өтіп, сулап тастапты. Өзінің құрғақ төсегіне жатқызып, ылғалданған көрпелерді жайып келді. 

“Әлди - әлди балам - ай! 

Шамшырағым жанама - ай?!

Анасының нұрынан, Әкесінің ұлынан,

Ұрпағы аман болама - ай?!” - деп нәзік қана қағып, жыр айтты. 

Қамарияның кеудесіне сонау бала күнінен нықталған тағдырының ауыр естеліктері сөгіліп, шетінен еріп, құлап жатқан айсберг тауындай таусыла бастағандай…

Анда бір санда қыңқылдап, оянғаны демесең, бұл түнде тыныш ұйықтады, Сұлтан! Екінші түн көз іле алмай, ойқастаған ойдың жетегіне еріп, көкіректегі өксіктің көбінен құтылып, үрейінен үміті үлкейген Қамария, өміріндегі ең бақытты сәтімен бетбе - бет жолыққандай… Кеше түнде үзілген ойды қайта жалғап, өткен шаққа қайта сапарлап барып - қайтып отыр. 

“Кейуананы қайдан көрдім?” - деген сұрақ санасын соққылап, есін он аударса да жауабын таба алмады. 

Көзі ілініп кетіпті. Ақ қасқыр ерткен кемпір келіп тұр. Бірақ, бұрынғыдай жүзі суық, ызғарлы емес! Жұп - жұмсақ, жып - жылы алақанын маңдайына қойып, жымия, әлденені сыбырлайды…

Қамария, оянып кетті. Баласының басына жастаған жастығының шетіне қойған басын жұлып алып, айналасына елегзи қарайды. Жаңағы кемпір ұшты-күйлі жоқ. Тек, бөлмеде бір таныс иіс қалыпты. Қолқаңды қабатын өткір иіс. Қамарияның жүрегі аударылып түскендей, селк ете қалды. Таптым! Есіме түсті! Мен, “қасқыр емген кейуананы” көргенмін! Түсімде көрдім! Сонау, бала күнімнен көріп келем! 

Мұнда қандай құпия барын түсіне алмай дал болды. Әйелінің қатты шыққан дауысынан оянып кеткен Есім, ұшып тұрып алдымен ұлына қарады. Ұйықтап жатқанын көріп, әйеліне оқшырая: - Ей, жын соқты ма? - деді, зекіп. Қамария, ештеңе айтпады. Сырын ақтармады. Жұмған аузын ашпады. Кемсеңдеп, жылай берді - жылай берді…

Екінші күні, баласын орай салып, апасының алдына еркін кіріп барды. Кемпір, кешегідей баланың басынан - аяғына дейін сыйпалап, іштей әлденелерді айтып отырғанын байқады. Мүмкін дұға, мүмкін құран аяттарын оқып жатқан шығар?! 

Сары келіншек, енесінің бұйрығын тосып, қасында отыр. Бір орнынан қозғала алмайтын ененің күтушісі, сенімді уәкілі, емшілік жолындағы қызметкері болған сары келінге барлай қараған Қамария, алдыңғы күні өздерін есіней қарсы алған келіншектің өте әдемі екенін алғаш байқады. Қысқалау түскен қастары тал - тал болып, қиғаштала біткен. Кірпігі ұзын. Ақшыл - сары жүзінің ұшына қан жүгіріп, құдды “Ер Тарғын” жырындағы батырды ғашық қылған Ақжүністің: 

“Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де, етім көр.

Қар үстіне қан тамар,

Қанды көр де, бетім көр” - дейтін тармақтардағыдай көркем келбетіне сүйсініп кетті.

... Сайра апай, ертең кетемін деген күні, Қамарияны бөлмесіне, шайға шақырды. Күйеуі мен баласын ұйықтатып, көрші бөлмеге келді. дастархан жайып қойған қыз бала ұйықтап қалыпты. Екі әйел ток шәйнектің бірін тауысып, екінші қайнауын тосып отырғанда, Сайра сөз бастады.

- Қамаш, сен апа туралы аңызды естіп пе едің? - деді, қызықты әңгіменің шетін шығарып.

- Кім білсін?! Жұрттың айтуынша, қасқыр емген дейді ғой… Естігенін айтқан Қамария, бұл аңыздың рас-өтірігін білмеймін дегендей, иығын қиқаң еткізді.

- Қасқыр емген апа бұл емес. Арғы аналарының бірі екен, 

Естуімше, арғы нағашы аталары үлкен молда болғанға ұқсайды. Тек, оларға берілген қасиеттің жалғыз ғана серті болған. Сол сертті бұзғанда, Алланың қаһарына ұшырап, қасыретке тап болатынын атасы ескертіпті. 

Сайра, қызықты әңгімесін бастап алып, ұмсына тынып тыңдап отырған Қамарияның шыдамын тексергендей, сөзін үзіп - үзіп, үздіктіре берді.

- Қандай серт? - деді Қамария шыдай алмай.

- Апаның арғы атасы бірде, қонаққа келген бауырына сый - құрмет көрсетіп, күтеді. Қасқыр күшіктейтін мезгіл екен. Әлгі досы есерсоқ, ақымақтау   болса керек. Жақын маңдағы қасқырдың бөлтіріктеп жатқан құртқасының күшіктерін өлтіріп, енесіне оқ атып жаралапты. Әңгімеші, шайын сораптап, тағы соза түсті. 

- Содан? 

Қамария тіпті елтіп барады. Айтушының маңғазданғанын ұнатпай, Сайраның аузына кіріп кетердей өңмеңдейді.

- Қасқыр, киелі аң ғой! Бөлтіріктегенде айналасындағылардың мал - жанына тимейді. Есесіне, өз күшіктеріне адамның залал келтірмеуін қалайды. Өйтеді екен, оңдырмай кек алады. Жаралы қасқыр сол түні таңға ұлыпты. Бір бәленің болғанын сезген молда, қанша күзетсе де, малын сақтай алмапты. Бөрілер бір түнде бүкіл малды тамақтап кетеді. Қызық, бірде - біреуін жемепті. Қапа болған қарт, ашу үстінде қонағын қарғап жіберген. Артынша қанша өкінсе де сөзін қайтара алмайды. Серттің аты - серт! Сол бауыры тілден қалып, ауру болып, айықпай ұзақ жатып, қайтыс болыпты. Көп ұзамай, атаның қаз тұрып, тәй - тәй басып жүрген немересі жүрмей, сөйлей алмай қалады. 

Баласының дерті жанына батқан әке, өз әкесінен: 

- Қызымды қайтсек жазып аламыз? - деп, сұрайды. 

Апаның атасы: - Емі өз қолында емес екенін, тек, бөлтіріктеген құртқа емізсе ғана жазылатынын айтады. 

-Ұлы, әкесіне бір амалын табуды өтінген соң, молда қарилар мен қарияларды жиып, ауыл сыртына үш тігіп, бірнеше күн, бірнеше түн құран оқып, дұға қылады. 

Қолдан қазылып, жылылап киізбен қапталған жасанды апанға қасқырдың көзін ашпаған бөлтіріктерін алып келіп салғанда, үн - түнсіз ере берген бурыл құртқа мен көкжал сол түні кірпік қақпай аңдыған елдің көзіне түспей, бөлтіріктерін тістеп, алып кетіпті. Қос бөлтіріктің қасында ұйықтап жатқан сәбиге тимепті.

Таңға құранын тәмәмдап, сыртқа шыққан қариялар баланың уысында қасқырдың қылшығы қалғанын көріп: “ Құдайға қылған мінәжатамыз қабыл болды!” - деп тәубе депті. 

Сайраның әңгімесі тәмәм болды.

Қамарияның қан тамырлары жарылып кетердей. Жүрегі өрекпіп, ерекше қатты соққылап тұр… Шайға тәбеті тартпай, дел - сал отыр. Сайраның нені айтып, нені қойып жатқанынан бейхабар. Естіген оқиғасының әсерінен шыға алар емес. 

Түннің жартысын аударып, бөлмесіне келген Қамария, қыңқылдап жатқан баласына су берді. Терден су болған киімдерін ауыстырды. Құшағына ала бергені сол еді, сәбиінің жымия қарағанынан шошынып, жерге тастап жібере жаздады. 

Сұмдық - ай!

Мынау жарық әлемге келгелі жымиғанын көрген жоқ - ты. Жымимақ тұрмақ, шалықтаған емес! Есін жиып ала, перзентін құшағына қатты қысып, жылап жіберді.

Естіген әңгімесін ары -  бері сапырып, ойланып жатыр. Қарғыс! Серт! Қасқыр!

Қамарияның санасына сыймайтыны, неге апаны түсінде көретін? Екеуінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Неге! Қандай?.. Қанша аунақшып, ұйқысыз жатып ойланса да, ойдың шегіне жетіп, шешуін таппай-ақ қойды. Апаның өзінен сұраса ма екен? Әй, бірақ… Келінінен басқаға сөйлемейді. Келіні, ештеңе айтпайды. Түн етегін түріп, күн кірпігін қаққанда оянған Қамария, көрген түсіне таң қалды. 

Қатира…

Бір ауылда, бірге өскен, секпіл бет, сұмақай тілді Қатира…

Ешбір баланы Қамарияның маңына жолатпай, түрлі ойыншықтары мен түрлі тәттілерін беріп, бала біткенді баурап, айналасына үйіріп, Қамариямен ешкімнің дос болуына жол бермейтін Қатира…

Бозбала атаулыны қызғанып, жалғаннан өсек құрап, сыпсыңдап жүретін Қатира…

Мүмкін, жұрттың айтқаны рас па?! Мүмкін, Қатираның зұлымдығынан зәрезап болған Қамарияның ашу мен ызадан айтқан сөзі қарғыс болып тиді ме?!… Мүмкін… Жоқ! Қалайша? Серт пен қарғысқа абай болған кейуананың тегінің бұған еш қатысы жоқ қой… Қарғыстың кім - кімге де оңай тимейтіні хақ екен - ау! 

“Жүйелі сөз киесін табады,

Жүйесіз сөз иесін табады” - дегенің қандай рас еді, қайран бабам!!!

... Сайра қызының иығына асылып, шақырған көлігіне отырып, қайтып кетті. Бір күннен соң қайтамыз деп отырған Есім мен Қамарияның бөлмесіне екі кештің ортасында сары келіншек кіріп келді. Сұлтанның қасына келіп, күлімдей бетіне үңілді де: - Сені, апам шақырып жатыр! - деді ымдап. Қамария, сары келіншекке еріп жүре берді. 

- Атым - Дариға! - деді сары келіншек жолшыбай. Төрт күннен бері өзін таныстырмаған келіншектің бұл ісіне күлкісі келген Қамария: 

- Атың әдемі екен! - деді, сықылықтай күліп. Дариға да қосыла күлді.

- Бізге адам көп келеді. Қайсыбірімен танысып жатасың! Апам, ешкіммен артық ауыз сөйлесуге рұқсат етпейді- деді, жымиып. Жымиғаны қандай жарасымды. Ауланың ортан белінде тұрған екі келіншек біріне - бірі жымия көз салады. Осы күндер ішінде бауыр басып қалғандай. Әлдебір туыс адамдардай жып - жылы толқын бірінен - біріне өтіп, толқытып тұрғаны. 

Сайраның бөлмесіне жаңа ғана келіп орналасқан жұптың балалары шарылдай жылайды. Төрт күннің ішінде апаға келіп нәрестеге дем салдырып, сәбиін ұшықтатып, дертіне шипа іздеп келіп - кетіп жатқан елдің талайын көрген Қамария. Мына баланың кіндігінде грыжасы бар екенін естігенде, емі жеңіл деп түйген. Дариғаның айтуынша, дәрігерлер “кесеміз” деген соң, пышаққа бергісі келмей, апаға алыстан келіпті…

Кейуана үн қатпай ұзақ отырды. Қарсы алдындағы Қамарияны елемейтіндей. Шүңірейген көзін, отты жанарын алыс бір нүктеге қадай, қалшиып отырғанына бірнеше минут болды. 

Енесінің түсініксіз мінезін, түсініксіз тілін әбден меңгеріп алған Дариға, кемпірдің ойын бөлмейін дегендей қимылсыз қалған. Қамария, екеуінің үнсіздігінен жалыққандай қозғалақтап, екі жамбасының бірінен соң біріне кезек - кезек ауысып, тыпырши берді. Қаланың биік стөліне қалыптасып алған Қамарияның жерге отыра алмайтынын Дариға бірінші күні - ақ байқаған. Шақырып алып, тілін жұтып қойғандай мелшиіп отырған кемпір әлден соң өзі орнатқан құлаққа ұрған тыныштықтығын өзі бұзды.

- Ммм… деді, тілінің мүкісі бар кейуана келініне. 

- Ау, апа?! - деп Дариға енесіне ентелей құрақ ұшты.

Алғаш, кейуана тек қана ммм…ңңңңң… ккк… ттт… деп жеке дара дыбыстар ғана шығаратындай көрінген. Қазір ұқты, зер салып тыңдасаң, апаның шығарған дыбыстарынан әжептәуір сөздер құрап алуға болады екен. Құлағына сіңді ме, әлде, шынымен тілін ұға бастады ма, Қамария ден қойып, тыңдап қалыпты. 

- Жатырыңа бала байланып, қыз табасың. Ұлың жазылады! Ешқашан ешкімді қарғама! Қарғағаныңның алдынан өт! Кешірім сұра! Мені де кешір! - деген сөздерді ежіктеп отырып құрастырып алған Қамарияның әрі қарай болжап, бағып алуға күші де, шеберлігі де жетпеді. Бейіл қойып, бар ынтасымен тыңдап отырған Дариғаға тесіліп, “не дер екен?” - дегендей, ұмсынып отыр. Кейуана асықпай, үзіп - жарып, ұзақ сөйледі. Шамасы, тез және көптеу сөйлесе шаршап қалатын сияқты...

- Құрсағыңызға бала байланды. Қыз табасыз деп жатыр апам, - деді Дариға шаттанып. Мұнысын өзі де болжап алған Қамария, әрісін білгісі келіп:

 - Сосын? - дей берді, бөліп - бөліп сөйлей, кейуана мен екеуінің ортасында аудармашы болып отырған сары келіншекке.

- Ұлыңызға үлкен азамат болады. Таза жүріп, құранға ден қой! Таза жүр! Былғаныш іс - әрекетке барма! Бойыңды таза ұста!.. Дариға, енесі мүдіріп, үзіліс қылған сайын биязы дауысымен аудармашылық қылып, екі ортаны байланыстыра берген. Кенет, Қамарияға жалт қарады да, көзіне мөлтілдеп келе қалған жасын ірки алмай, қос қолымен аузын жаба қойды. 

Енесі, екеуінің біреуіне де бұрылып қарамағанымен, қырынан - ақ келінінің таңданып, толқып, босап кеткенін ұғып қойды. Өзінің де көкірегіне бір өксік кептелгендей иығын сәл көтере, кеудесін біраз керіп алды да, бүкшиіңкіреген қалпына қайта оралып, қиналып отырып, ебедейсіз кәрі қолын зормен иіп, мойнынан ұзын жіпті әлденені шеше алмай даурықты. Дариға ұшып тұрып, енесінің жұлқылаған жібін тартқанда, үшкір жағалы көйлегінің ішінен үш бұрышты тұмар шыға келді. Кемпірдің ымдауымен Дариға тұмарды Қамарияға ұсынып: Сұлтанның мойнына салыңыз! Апам, солай деп отыр деді де, жүгіре басып шығып кетті. Ендігі, сөзін түсіне алмайтын кейуананың қасында отыра берудің мәні жоғын ұққан Қамария сыртқа беттеді.

Күн алқызылданып, кең етегін жая ұясына аяңдап барады. Кешкі салқын жел еркелей соғып, ақшамның алқымынан суырылып, атырапты айнала сауықтайды. 

Қызыл дөңгелек алып жұлдызға үнсіз тесіле үңілген Дариға, өкшелей ілесе шыққан Қамарияға бұрылмастан: - Апамның сөзін ұға алдыңыз ба? - деді. 

- Жоқ! Басын ғана… Аздап… Қамария, онсыз да ештеңенің байыбына бара алмай, кемпірдің әркетін ұға алмай, сасып қалған. 

- Сіздің келетініңізді апам білген екен… Күткеніне көп болыпты… Ұлы, үйленемін дегенде батасын бермей, қарсы болады. Қайынағам, анасының сөзін жерге қалдырмағанымен сол бойы бас құрамай, жалғыз өтті. Пұл табамын деп ел асып, жатқа шұбырған көпке еріп, Ресейге кетіп қалады. Сол кеткеннен мол кетті. Ұзақ жыл із - түзсіз жоғалып, он жыл дегенде өлгені туралы хабары келді. Жолдасым, бауырының сүйегін ұшақпен алып келіп, жерледік. Ал, анаңыз жайлы дерек жоқ, бізде. 

Апамның қарсы болғанына анаңыздың руы себеп болса керек?!… 

Апамның арғы аталары үлкен молда болған. Бауыры қонаққа келіп, күшіктеп жатқан қасқырдың күшігін өлтіріп, құртқасын жазым қылады. Киелі аңның киесіне ұрынады. 

Сол түні кектенген қасқыр атаның малын қырып кетеді. Ашулы молда бауырын қарғап, қасиет қонған киесін үркітіпті. Сіздің анаңыз, атамыздың сол есерсоқ бауырын тапқан анасының руынан екен. Атамыз бауырына ғана емес, “ана сүтінен дарыған тексіздік” - деп, жеңгесін де кешпепті. 

Қарғанбау - серт көрінеді. Серт бұзылып, қарғыстың кесапаты әулетті осы күндерге дейін өкінішке ұрындырып келеді. 

Біздің руымыз басқа болғанымен, бабалардың киесі қарғыстың кесірінен қыз жағалап, жиенге ауып кетіпті. Ана құрсағынан даритын болыпты. Қыздан туғандарға бұйырады екен - дейді, апам. Апамның айтуынша, сіздің ұлыңыз сол ауған киені тегіне қайтарып, қарғыстың күшін жою үшін күткен он сегізінші ұрпақ екен.

Біздің бала сүйе алмай жүргенімізге де көп жыл болды… - дегенде иегі дірілдеп кетті, Дариғаның.

Қамария, не айтарын білмеді. Естігендерін қорыта алмай, миына сыйғыза алмай әуре. Кемпірдің мойнынан шешілген тұмарды танауына апарды. Терең тарта иіскеді. 

О, тоба!

Сол иіс! Түсінде қасқыр ертіп келетін кемпірдің соңынан ирелеңдеп еріп бара жататын иіс! 

- Сол иіс! Сол иіс! - дей берді, мең - зең күйі.

- Сұлтанның мойнына тағып қойыңыз. Уақыты келгенде жерге көмесіз! - деді Дариға, мұңды жанарын бұрып.

...Елін тапқаны Қамарияның иығынан жүк түсіріп, кеуде сарайын ашты. Көңілі көтеріліп, күліп жүретін болды. Күлген сайын жүзі құлпырып, сұлу да суық жүзі жылылыққа ұласа беретін. 

Анасын іздеп барды. Табысты. Бойжеткен шағында қарғап жіберген Қатираны да іздеді. Жиырма жеті жыл табаны жерге тимей, арбаға таңылған құрдасынан кешірім сұрады! Қатира: “Балалықтың шалалығынан жүрегіңді ауыртып, зұлымдық қылғанымды кешір!” - деп, Қамарияны құшақтай, өкси жылағанын көрген ел де шыдап тұра алмайды… 

Қатира сол жылы аяғын ептеп басып, таяққа сүйеніп жүретін халге жетеді. “Қасқыр емген кейуана өмірден озды” - деген хабар алғанда Қамарияның аспанын бұлт жауып, аяғынан жер қашып, қатты жылайды. Ай - күні толып тұрғанына қарамай Есім екеуі жолға шығып, жаназасына қатысып, жерлеп қайтты. Сұлтанды да ерте барған. Апаның аманатымен Дариғаның айтумен ұлдың мойнындағы қасқырдың қылшығы оралып, дұға жазылған тұмарды шешіп, Айша кемпірдің бас жағына көмді. Қасқырдың киесіне ұшыраған әулеттің, қарғыстың кесіріне ұшыраған ұрпақтың осы күнге дейін жалғасқан кесапатын өзімен алып кеткен сол бір құпия тұмар мәңгіге топырақ астында қалды.

Айтпақшы, Айша - “қасқыр емген” атымен аталып кеткен апаның шын қасқыр емген Мағзұм әулиенің шөбересі, Молдыбай молданың немересі Ғайшаның он алтыншы ұрпағы, бүгін бақиға аттанған емші апаның есімі. 

Қамария толғағы келіп, өз елінде, дүниеге сүп - сүйкімді Айша есімді қыз әкелді.

Қасиетті, текті, әулие, баһадүр бабалардың рухы шат болсын! 

Эпилог

Қазақ даласы аңыз-әпсаналарға, ертегі, дастандарға, жыр - термелерге бай. Тумысынан табиғаттың тілін түсінген, от пен судың қасиетін білген, аң мен құстың киесін таныған қазақтың тамыры тереңде жатыр. Жаратушысына шек келтірмейтін дана қазақтың он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдайынан басқа сиынары жоқ! Тылсымдардың жауабын да, құпиялардың кілтін де тек сол сенімінен, сенімімен іздейді.

Қазақ, дала тағысы, өр, адал, намысты һәм текті қасқырмен рухтас!

Дархан даланың иесі - өзі, киесі - бөрі.

Бөлісу:

Көп оқылғандар