"Жетісу көктемі" прозашылар байқауы. №12 шығарма

Бөлісу:

26.04.2023 1631

Тұман

детектив

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №12 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1-бөлім

Көмкерілген көк тұман жерге жабылған жұмсақ мамықтай көрінгенменімен, құпия мен сырға толы. Бейне бір тылсым секілді. Ішіне кірген адам бұрынғыдай болмайды.

Жаңа көлігіне әлі де қызығы басылмаған жігіт оны айнадай етіп жалтыратып сүртіп, есігін айқара ашып өз көзіне өзі сенбегендей мәз боп қарады. «Тұлпарым менің» деді ішінен күбірлей. Онысын әйелі естіп қоймасын дегендей жан-жағына да қарап алды. Соңғы кездері тұлпарымен сөйлесуді шығарып жүр. Құдды бір тірі жандай өз әңгімесін айтып, өзінен өзі күліп, кейде кейіп те алады. «Жарайды егер бір мақұлық болса, темірмен адам сөйлескенін қашан көрдің», - деген әйелінің сөзінен соң өзі де ойланып қалған еді. Сол сөзден соң бір күн көлігіне сөйлемей де қойған. Досымен ренжіскен адамша өзі біртүрлі күй кешті. Онымен бәрібір шыдамай әйелінің не айтқанын көлігіне мұң етіп айтты. Енді жан жағына алаңдай қарағаны келіншегі байқап қалмадыма деген сақтық.

Сәту шын есімі Сәдірбек. Ес білгелі әке шешесінен бастап, дүкеншіге дейін Сәту деп атап кеткен соң әлгі «Шопыр Сәту» деген лақапқа да ие болды. Ес білгелі сабаққа қызықпаса да тоғыз жасында әкесінің көне тракторын айдап бастаған, көлік десе барлығын ұмытатын жігіт бес жыл жинаған ақшасына арманын орындап, орыстың алты орындық жаңа машинасын алған еді. Мектептен соң техникалық училищеге түсіп, оны аяқтамастан әскерге аттанған еді. Ол жақта да машинаға деген махаббатының арқасында подполковниктің жеке жүргізушісі болды. Одан бері де жиырма жылға жуық уақыт өтсе де әлі өзі білетін көлік жүргізушісі боп талай жерді аралап, соның арқасында ел көріп, жер көрді. Отбасын құрған соң соң да қызығушылығын тастамай, камаз айдап, алыс сапарларға шығып жүрді. Бірақ еркектің өзі далада, келіншегі үйде арада біршама түсінбеушіліктер туындап, ол кәсібін тастауға тура келді. Балалы болған соң отбасын асырау керек, шағын ғана газель көлігімен әр жерден зат тасып, аз аздан ақша жинап, жиып тергеніне уақыты келгенде көптен күткен арманына қолы жеткізді. Енді жеңіл көлігімен алыс сапарларға емес, ауыл мен қала арасында қатынайды. Табысы да жаман емес, арасында балалары мен келіншегін ертіп қалаға өз көліктерімен қыдырып қайтады. Сәту жасы қырыққа енді ғана жеткен еңбекқор жігіт. Сол көлік айдап тапқан ақшасына үй салды, екі бірдей торсықтай ұлдардың әкесі. Өзі қара торы, бойы кішілеу тығыншықтай келген, әдемі түрі болмаса да бір көрген адамды баурап алатындай сүйкімділігі бар. Кез келген адамдаммен тіл табысып, жеңіл сөйлесіп кетеді. Бірақ кез келген адамның іші бауырына кіргенімен күмәнмен қарап, әбден танып білмейінше бақылап жүретін де әдеті жоқ емес. «Нағыз жолдасты сапарда білерсің» демекші Сәту де өз тәжірибесінен адамдарды азды көпті ажыратуды да үйрген. 

Екі күнде бір келетін кезегі өзіне жарайды. Тіке ауыл мен қала. Тапқан табысының қажетін өзіне қалдырып, ақшаны әйелінің қолына ұстатады. Не дегенмен балаларының анасы, отбасы ештеңеден тарықпасын дейдіғой. 

Аяқ асты келіп түскен ерекше тапсырысқа ұзақ ойланбады. Бағыты әдеттегіден басқа облыс. Есесіне өзі тауып жүрген ақыдан бірнеше есе көп төлейміз дейді. Бес адам дайын. Тапсырыс бергендер «қазір кетейік» дегенге көнбеді. Жаңа болса да тұлпарын алыс жолға дайындау қажет. Таза болса да жалтыратып сүртіп, ішіне дейін бір қылтанақ қалдырмай тазалап қойды. Барлығы дайын. Тек бұл тапсырысты өзі тіркелетін диспечерлікке айтпауы тиіс. Егер айтса тапқан табысының он пайызын сол жерге қалдырады. Ертеңге басқа сылтау айтып, қайда баратындығын тек келіншегіне ғана айтты. Алаңдайтын ештеңе жоқ, тек ертерек жатып демалуы қажет. Таңменен жолға шығады.

Бұл жолғы тапсырыс берген адамдар ауыл адамдарына мүлдем ұқсамады. Өздерін қонақпыз деген бес адамның бірі әйел, бірі жас жігіт. Қалғандары қырықты ауқымдаған тәрізді. Әдетте жолаушыларды үйіне соғып әкететін шопыр бұл жолы бес адамды да жол бойынан салып алды. Неліктен үйден шықпағандарына күдіктенсе де, ол ойынан бірден арылды. Жолда жүрген кезде әр түрлі жағдайлар бола береді. Сондықтан ол бұл жағдайға аса көңіл аударғысы келмеді.  Түрлері мүлдем таныс емес жолаушылар ауылдың адамдары емесі екені анық. Ішінен ерекшеленген бойы ерекше ұзын, өңі ұсқынсыз қара еркек. Түрі сондай қорқынышты суық еді. Ешқайсысы алдыңғы орынға отыруға ниет білдірмеді. Шопыр бірнеше рет алдыңғы орынды ұсынса да, әлгілер естімегендей, артқы орынға жайғасты. Бір қызығы әншейінде әйел адамдар ең артқы орынға отырмайтын, ал мына әйел бірден артқа отыруға ұмтылды. Бейтаныстардың әрбір әрекетін жіті бақылаған Сәту неліктен қобалжығанын өзі түсінбеді. Оның үстіне кіші ұлы әлденеден шошынып түнімен жылады. Өзінің де ұйқысы бөлінді. Бұл оның алғаш жол жүруі емес, алайда көңіліндегі бір кілтипан маза бермей тұр.  Мүмкін жаңа тұлпарымен алысқа жүретін болғандықтан деп ойлады. Бәріде мүмкін. 

Ауыл шетіндегі жанармай бекетіне кеп тоқтады. Мұнысына ортасында отырған ала көз еркек «Кешеден бері не бітірді екен» дегенін Сәтудің құлағы шалды. Негізі жанармайға аса қажеттілік те жоқ еді. Өзі сыртқа шығып, таңғы салқын ауамен кеудесін толтыра бір жұтты. Мүмкін қобалжығаны басылып, өз өзіне келер.  

Іште отырған жолаушылар сыртқа шықпады. Күздің суық желі кеудеңді қарып барады. Көлігінің ішіндегілерге тағы бір көз жүгірткен ол үйінде ұйықтап жатқан келіншегі мен балаларын ойлады. Жылы көрпенің астында, таңның тәтті ұйқысында жатыр. Оларды оятып алмайын деп аяғының ұшымен жүріп, үйден шығып кеткен еді. Ол ұйықтар алдында ертеңгі сапары туралы ешкімге айтпауды тапсырды. «Болсаңшы, сен асықпағанмен біз асығып тұрмыз» деп терезеден күңкілдеген әлгі ұзын қараның сөзінен соң ғана көлігіне кеп отырды. Денесі біраз салқындап, ұйқысы да ашылып қалғандай. Ол артында отырған жолаушыға қарап «Жолда қашан жететінің тек бір жаратқанға ғана аян. Сондықтан асығудың қажеті жоқ» - деп жауап берді де тұлпарын оталдырып, орнынан қозғалды. Ауылдан сәл шеткері шыққан кезде көз аштырмас тұман екенін байқады. Ауыл ішінен жұқалап төнгенгені болмаса, ауыл сыртында мүлдем ештеңені көрсетпеді. Жолаушылар басқа қалаға емес, тылсым бір әлемге аттанғандай қалың тұман ішіне ене берді.

                                                   ***

Алдыңдағы жолдан басқа ештеңе  көрінбейді. Шопырдан басқаларының барлығы алаңсыз. Айнадан бір көз жүгіртіп еді, арттағы әйел еркек адамдарша қорылды соғып ұйықтап жатыр. Ортадағы екеуі де бастары салбыраған. «Шамасы түнімен ұйықтамаған-ау»- деп ойлады ішінен. Тек ұзын қара жолға телміріп келеді. Ия, Сәту бұл жігітке өзінше осылай ат қойды. Адамның түр сипатына қарап қоя салатыны бар, бұл жолы да солай. Ең артқы орында орналасқан жас жігіт терезеден ұшып кетердей алдыға ентелейді. Жол қысқарсын деген ниетппен, оның үстіне ішіне де сыймаған соң үнсіз отыра бермейін деп Сәту әңгіме бастады. 

Қайдан боласыздар? Аулымызға қонақ боп келдіңіздерме?

Әлгі ұзын қара сұрақтарын жақтырмағандай қысқа ғана жауап берді. Бірақ оған қарар Сәту жоқ.

Кімнің үйіне келдіңіздер? Сіздерді үйінен шығарып салғанға қарағанда қонақжай адам болмадығой...

Айнадан әлгінің мұрнын тыржитып, әлдене айтқысы келгенін байқады. Қойған сұрақтары оған мүлдем ұнамай қалған секілді.

Жолға қара, қайтесің оны. Өзіңе қажет емес дүниелерді қазбалаудың қажеті жоқ. 

Айнадан тағы бір көз жіберген шопыр үндемеді. Оның қайта-қайта айнадан қарағыштағанын әлгі байқап қалып, көзін алмастан ежірейе қараған соң ол көзін тайдырып әкетті. Арттағы жігіт жолдан әлдекімді қарап отырғандай, екі көзі жолда. Кенет, аяқ асты ойламаған жерден қайдан тап болғаны белгісіз, қалың тұман арасынан қол бұлғаған адам шыға келді. Тежегішін әрең басып үлгермегенде басып та кетуі мүмкін еді. «Бұл неғып жүрген адам?». қызба, келіншекпе түсініксіз, әйтеуір әйел адам екені белгілі. Сәту көлігінен түспеді, терезесін ашып «не керек?» дегендей ишара білдірді. «Аға мені ала кетіңізші» - деген қыздың үні сондай жалынышты естілді. 

Шырағым, мынадай тұманда айдалада неғып жүрсің?

Жақын жерде ауыл бар. Мен шыққанда тұман емес еді. Аяқ асты адасып, жолды әрең таптым. Аға, өтінемін ала кетсеңіз...

Сәту сәл ойланғандай артқа көз жіберді. Ұйықтап жатқандар ұйқыларынан оянып, енді не болар екен дегендей қарап отыр. Барлығының түрлері сондай суық. Тек артта отырған жігіт тағатсызданып отырған секілді. 

Бір орын бос. Айдалаға қалдырмайтын шығармыз, ала кетейік.

Онысын құптағандай қалғандары да «қарсы емеспіз» деді. Сәл ойланған жігіт «отыр» деп алдыңғы орынның есігін ашты. Әлгі қыз да, көліктегі жолаушылар да бұған қуанғандай. Жолаушыларынан әңгіме шығара алмаған Сәту енді қызды сұрақтың астына ала бастады. Ол өзінің шұғыл шаруа шығып, дереу қалаға бармақшы болғанын, көлік болмаған соң жолдан ұстауға мәжбүр болғандығын айтты. Сұрақтар көбейе берген соң арттағы ұзын қара шопырға тағы ескерту жасады. «Көп сұрақ қоймай жолыңа қара..». бұл сөздерді көтергісі жоқ Сәту кәдімгідей ашулана бастады. 

«Менің аузымды жабатын сен кімсің ей? Дала тұман, мүлдем жүрмеймін ал не істейсің?» – деп айтқысы келді. Бірақ айта алмады. 

Жылдам келген ашуды лезде тұтқындап, дереу қуды. Үнемі күлімдеп, адамдармен жақсы қарым қатынаста жүретін ол үнемі сабырлы болуға тырысатын. Осы уақытқа дейін Сәтудің қатты ашуланғанын көрген адам жоқ шығар сірә. Ол тіптен балаларына да қатты дауыс көтермейді. Бұл сабырлылықтың астында қандай алаулаған от жатқанын тек өзіне ғана мәлім. 

Ол ұзақ ойланбастан тежегішті басып тоқтады да, мәшинесін сөндірді. Оның бұл әрекетін көлік ішіндегілер түсінбеді. 

Не болды, неге тоқтадың? Ұзынның дауысы енді расымен ашулы көрінді. 

Тұманнан жол көрінбейді. Сейілген соң жүреміз...

Айнадан арттағылардың түрі анық көрінді. Бес адам өзіне атылайын деп тұрғандай. Тағы бір байқағаны тек ұзын қараның емес, жанындағы екеуінің де бір түрлі екенін байқады. Бірі бас киімін шешкен кезде мүлдем шашы жоқ тақырбас, ал екіншісі бетін терең әжім басқан көзі сұрғылт келген. Арттағы екі адамдық орында жас жігіт және еркекке ұқсайтын әйел. Оның бір аңғарғаны барлығының шаштары бірдей. Әскерге жаңа келген солдаттардың қырқылған шаштары секілді. 

Жүр, - деді ұзын қара тістене

Жоқ. тұман басылсын жүремін. 

Сәтудің ақкөңіл мінезі көпке ұнаса оның айтқанынан қайтпайтын қырсық мінезін жақындары жақсы білетін. Ашуын шығара алмағай булыққан жігіт осылайша жолаушыларға мінезін көрсеткісі келді ме, әйтеуір айтқанынан қайтпай тұрып алды. 

Жүр, болмаса сенсіз кетеміз, - деген айқайға жалт қараған ол өзіне ұзынның тапанша кезенгенін байқады. 

Бұндай жағдайды кинодан көргені болмаса өзіне ешкім ешқашан тапанша кезенбеген, қандай сезімде екенін түсінбеді. Қорқыныш. Жоқ, Сәту қорықпады. Бірақ түсініксіз сезім арттағы жолаушының айтқанын тыңдауға мәжбүр етті. Ол көлігін оталдырып орнынан қозғады. Жолға қайта шығып, жүруін жалғастырды. Барлығы үнсіз отыр. 

Тапаншаның не қажеті бар еді, өзімізді жарияламай тыныш отырмадыңба? – деді әлгі бетін әжім басқан сұр көзді.

Ұзын қара оған жауап бермеді. Керсінше аларған көздерімен адырая бір қарағанда әлгі жым болды. Санасында сан қилы ой туындаған Сәту бұдан былай үнсіз отыруға шыдамы жетпеді. 

Сендер кімсіңдер өзі? Не керек сендерге?

Бізді келіскен жерге дейін апар. Артық сұрақ қоймай жолға қара. 

Бұл сөздерді жол бойына неше рет естіді. Ұзақ жол кімді болса да терең ойдың жетегіне әкетеді. «Егер бұл расымен тапанша болса мені ата салып мәшинемді тартып алар еді. Жоқ, олай болса мен милицияға хабарлар едім. Ал егер мені өлтірсе ше? Жоқ. мені өлтіре алмайды, себебі мен бұларды қалаға жеткізуім қажет, сондықтан мені өлтіре алмайды. Бұлар кімдер? Қарақшыларма? Жолдан кездескен мына отырған қыздың әлгілерге қатысы бар ма? Әлде кездейсоқ жолаушыма? Егер кездейсоқ жолаушы болса неге арттағы жігітке қарай береді? Мүмкін танысы болар. Ал ортадағы үшеуі ше? Түрлеріне қарасам ақшасы бар адамдарға ұқсамайды. Бұлар мені осылайша қорқытып тегін бармақ екенғой. Жалпы бұл адамдар мені қайдан тауып алды? Жә жетер, қорқатын ештеңе жоқ. жәй ашуланған болар. Апар деген жерлеріне апарсам болды. Тек мына тұман ештеңе көрсетпейді...»

Жол көрінбегендіктен тым баяу жүріп келеді. Мұндай жүріспен, оның үстіне үнсіздіктен жалыққан ол магнитоласын қосты. Шырқаған ән сәл де болса терең ойдан оятып, кішкене сергітіп әкеткендей. Аз да болса көңіл көтерілгендей.  Жол біркелкі. Арасында қарама қарсы шыққан көліктер болмаса, соңынан ілескен көлік мүлдем көрінбеді. Мынадай тұманда ешкім жолға шыққысы келмеген болар. Кенет көлік қисалаңдай жүріп, қиқылдап барып жол жиегіне әрең тоқтады. Барлығы «Не болды?» деп жан жақтарына қарады. Сәл болмағанда жолдан шығып та кетулері мүмкін еді. Сәту дереу сыртқа шығып дөңгелектерін қарады. Оның соңынан көліктегілерде іліесе түсті. 

Не болды?

Дөңгелек жарылған

Артық дөңгелегің барма?

Бар...

Ендеше тездет. Көмек керекпе?

Жоқ. үйреншікті жағдайғой. 

Тапаншасын көрсетіп сумаңдаған ұзын қара Сәтудің сөздеріне көзі жеткен соң, қалтасынан темексін алып, қасындағыларды жанына жинап алды. Көліктегілердің барлығы далаға шықты. Күздің дымқыл ауасы көкірегіңді кернеп, жаныңды сергітеді. Ызғар ауа демесең жұта бергің келеді. Барлығы темекіні ашқарақтана ауыздарына салып, таза ауаны никотиннің иісімен улады. Сәту жарылған дөңгелекті шешуге кірісті. Қанша уақыт өткені белгісіз, дөңгелекті салып, май болған қолдарын сүртіп пайналасына көз жіберді. Әлгі жиналып әңгіме айтып тұрғандардың енді бірі көрінбейді. Тұман арасына еніп, мүлдем жоқ боп кеткендей. Көлік ішінде бүрісіп қыз отыр. Шамасы тоңған болуы керек. Ол май болған қолдарын шүберекке сүртіп жіберді де, есікті ашып, көлігін оталдырды. Өзі де қозғалып жүріп күннің ызғарын байқамай қалған. «Әлгілер қайда?» дегендей қызға ымдады. Ол «білмеймін» дегендей иығын қиқаң еткізді. 

Сен әлгілерден қорқып кеткен жоқсыңба, - деп өзінше жолаушы қызды жұбатқандай еді, бірақ қыз оның сұрағын естімегендей отыра берді.

Бетінен ешқандай қорқыныштың белгісі байқалмайды. Тұман арасынан көрінген әлгілер лезде көлікке кеп жайғасты. Бірақ Сәту орнынан қозғалуға асықпады. 

Кімді күтіп тұрсың, жүрсеңші..

Өздеріңнің бір адамдарыңның жоқ екенін байқамайды деп ойдадыңдарма? Оны қайда тастаймыз?

Барлығы бір біріне қарасты. Әлденені жасыратындай. 

Барлығы бір адамды күтпейді. Келмесе өзінен қалсын. Кеттік,-деді ұзын қара.

Бұлардың әрекеттері мүлдем түсініксіз. Неліктен айдалаға өз серіктерін тастап кетті. Бірақ бұл оның шаруасы емес. Ортада отырған бетін әжім басқан  ер адамды күтпестен олар орындарынан қозғалып кетті. Ең артқы орынға орналасқан жас жігіт енді ортаңғы орынға, ал ұын қара тастап кеткен адамның орнына отырды. Артқы орынға еркекке ұқсас әйел жалғыз өзі орналасты. Қыз бен жігіт бір біріне жымыңдасып қарайды. «Жарайды» - деді Сәту. Ең бастысы аман есен қалаға жеткізсем, мына адамдардан аман есен құтылсам деп ойлады. 

Жолаушылар бір бірмен әңгімелесіп, әлденені талқылай бастады. Құлағын қанша   түрсе де мотордың гүрілінен бір сөзін естісе, бір сөзін ести алмады. Әлгілердің әңгімесінің қызу талқысына араласпай отырған жолаушы қыз бен өзі ғана. Дауыстары дөрекіленіп, сөздерінің арасынан боқтық әңгімелер де естіле бастады. Келіспей қалған артта отырған әйел мен ұзын қара еді. Әйел демекші, оның әйел емес екеніне Сәту дөңгелегі жарылып барлығы сыртқа шыққан кезде байқаған болатын. Оның гүрілдеген жуан дауысы былай тұрсын, бетіне көгеріп шыға бастаған сақал мұрт мұның айқын дәлелі еді. Қанша жерден жасанды шаш жалғап, ұзын көйлек кисе де еркектің болмысы жүріс тұрысынан ақ белгілі. Тек мұның барлығы не үшін қажет болғанын ол түсіне алмады. Әңгіменің төркіні енді түсінікті бола бастағандай. Өздері қалдырып кеткен әлгі серіктері туралы. Оның есімі Жолдас екенін білді. Әйелдерше киінген еркек ұзынға бұл ісі үшін жауап беретіндігін айтып біраз бұрқылдады. Ал тақырбас оның дұрыс жасағандығын, сәл болмағанда ол өздерін сатып кететіндіктерін айтты. Ортаңғы орында отырған жас жігіт мүлдем үнсіз. Оның бар ойы, ынтасы алдыда отырған қыз еді. Сондықтан болар, ол қасындағылардың әңгімесіне араласа қоймады.  Бұл дауласу әлі жалғаса берерме еді, алыстан көрінген жол патруль қызметкерлерінің көлігінің жанып сөнген жарығы көрінбегенде. Барлығы үнсіз қалды. 

Басқа жолға түс, - деді ұзын қара. Дауысынан қорқыныш байқалады.

Басқа жол жоқ, өзің көріп тұрсың, тоқтатса заң бұзған жоқпыз, құжат түгел.

Ішінен гүбірлей түсініксіз бірдеңелерді айтты да сәл ойланғандай болып «Біз туралы тіс жарушы болма, әйтпесе өкінесің» - деді.  Бұл сөздерге Сәту аса қатты көңіл аудармады. Ия, біртүрлі адамдар, бірақ бұл адамдар қылмыскер немесе қарақшылар болуы мүмкін деген үш ұйықтаса да түсіне кірмес еді. Мұндай тек кинофильмдерде ғана болады. Тапанша кезенуге ешкімнің құқы жоқ, дегенмен ол нағыз пистолет екеніне күмәні бар. Ал жолда қалдырған өздерінің серіктері ше? Жақын жерде пункт бар. Мүмкін сонда кеткен болар. Мүмкін мынадай адамдармен бірге барғысы келмеген болар. Айтқандай қызметкерлер Сәтудің мәшинесін тоқтатты. Әдетінше күлімдей амандасып, не болғанын сұраған шопырға аса жылы қабақ таныта қоймаған қызметкер құжаттарын алып көліктен түсуін өтінді. «Аузыңды ашушы болма» -деді әлгі тағы да зілдене. Он минутқа жуық уақыт, алаңдаған жолаушылар үшін он сағаттан кем көрінбеді. 

Не айтып жатыр сонша? – деді жігіт терезеден қарай.

Бізге қарай жақындап келеді, тыныш – деді тақырбас. 

Есікті ашқан қызметкер алдымен амандасып, жолаушылардың құжаттарын сұрады. Бірақ отырғандар оның айтқанын орындауға асықпады. Тек сөмкесінен өз құжатын алдыда отырған қыз ғана көрсетті. «Қалғандарыңыз» - деді жас қызметкер отырғандарға. 

Біздің құжаттарымыз артқы сөмкеде...

Көліктен барлықтарыңыз түсіңіздер, құжаттарыңызды көрсетіңіздер.

Барлығы көліктен түсе бастады. Сәту мен көлікті тоқтатқан қызметкердің назары бірден көлік жаққа түсті. Барлығы тым тез, әрі түсініксіз болды. Кенет бір дыбыстар шығып, көлікке барған қызметкер мүлдем көзден ғайып болды. Әріптесінің жоғалғанын байқаған екінші қызметкер Сәтуге қарамастан көлікке жүгіре беруі сол еді, тарс еткен дыбыстан тоқтай қалды. Жоқ, ол тоқтамады, жерге құлап түсті. Қас қағым сәтте не болғанын түсінбеген Сәту өз көзіне өзі сенбеді. Өзіне тапанша кезенген ұзын қара жол көлік қызметкерін атып тастады. Ал екіншісі машиненің артында сұлқ құлап жатыр. Өлі ме, тірі ме белгісіз. Басынан қатты затпен ұрған секілді. Мұндай жағдайда тілі байланған ол не сөйлеуге не қозғалуға шамасы келмеді. Әлгілер жылдам қозғалған күйі денені көліктің артқы жағына тығып, мәшинені, екі қызметкерлерідің қалталарын қарап, олардың беліндегі тапаншаларымен қоса, бар ақшаларын, қолдарындағы сағатты алып ештеңе болмағандай көлікке қайта отырды. Есеңгіреп тұрған Сәту ғана. Бойын билеген қорқынышты енді сезіне бастағандай. Аяқ қолы дірілдеп еркіне бағынар емес, Маңдайынан суық тер бұрқ етті. «Әй неғып тұрсың, кеттік» - деді ұзын көлікке ыңғайланып. 

Сәту қайтып көлікке отыруға батылы жетпедіме, алды артына қарамастан бар күш жігерін жинай басы ауған жаққа қаша жөнелді. Көзінен парлап аққан жас бетін жуып барады. Айдалада қайда қашып баратынын өзі де білмейді. Қанша жүгіргені белгісіз, өкпесі қысылып жүрегі кеудесіне сыймай барады. Ентігін сәл басайын деп тоқтап терең тыныстады. Жан жағына көз жүгіртіп еді, айнала тұманнан дым көрінбейді. Неткен сейілмейтін тұман деп ойлады ішінен. «Қайда қашсаң да, бізден қаша алмайсың» - деп гүр ете қалған дауыстан селк етті. Алдында ұзын қара артында жас жігіт тұр. Тонадай жерден мәшинесі көрінді. Сонда ол қашқан жеріне қайта айналып келгеніме? Ол қорыққанын білдіргісі келмей айбат шеккен мысықтарша өзін сақ ұстауға тырысып бақты. 

Жүр көлікке.

Сендер кімсіңдер? Оңбағандар, адам өлтірдіңдерғой, кімсіңдер сендер?

Дауысының қатты шыққанын өзі де байқамай қалды. Кеудесі қысылып, көзінен шыққан жасты көрсеткісі келмесе де, бойын билеген үрей санасына бағынбады. Оның көлікке қайта отырмасқа амалы жоқ еді. Тірі адамды айдың күні аманында ата салған бұл сұрқия өзін де атып салмасына кім кепіл. Ол баяу ғана әлгілердің соңынан еріп көлігіне отырды. Жанында отырған қыз оған аяушылық сезіммен қарап отыр. Бірақ оның жүзінен дәл өзіндегідей қорқыныш сезімі байқалмайды. Ол Жаратқанына іштей сыйынып, көлікті дереу оталдырып, қайта жолға шықты. 

Аз да болса тұман сейіліп, жан жақ айқын көрініс бере бастады. Сәту де өз өзіне келгендей. Ендігі әр қадамын, әр ісін ойлану қажет. Қайткенде қылмыскерлерден қашып құтылмақ. Жанында отырған қызға қарады. Өз ойына берілген күйі алаңсыз отыр. Адам өлтірген кезде де қыңқ етіп дыбыс та шығармады. Ал егер оның мына сұмырайларға ешқандай қатысы болмаса, ол қызды мына қылмыскерлермен бірге қалай тастап кетпек. Ол ұзақ ойланды. Қалаға жетуге екі сағаттай жол қалды. Тыныш жетсе ақшасы да құрсын деді. Арманына жетіп, жаңа көлік алып, жағдайы енді түзеліп бастағанда қарашы мына қырсыққа тап болғанын. Арттағы әйел секілді еркектің тыпыршып отырғанына біраз болды. Бүктетілген күйі дамыл таппай біресе оң жағына біресе сол жағына қисаяды. Болмаған соң ақыры көлікті тоқтатуды сұрады. Сәту рұқсат сұрағандай ұзынға қарады. Ол көлікті тоқтат деп өзі айтпайынша тежегішті басуға асықпады. Әлгі ауылдан мінгеннен бері басына киген жасанды шашын лақтырып, көйлегінің етегіне сүріне далаға ытқып шықты да лоқси жөнелді. Серіктері көліктен түспей терезеден қарап біраз отырды. Бірақ әлгі көлікке қайта кіруге асықпаған соң, ұзынның бұйрығымен тақырбас түсіп жанына барды. Жағдайы мәз емес, - деді қасындағыларға қарап. Тағы да асқазаны секілді. Қан құсып жатыр. Ұзын ойланып сәл үнсіз тұрды да медициналық аптечка сұрады. Үнемі жолда жүретін ол бірден дәрілердің арасынан асқазанның, болмаса ауруды басатын дәрі іздей бастаған еді. Қолына түскенді ұстатты. Көліктегілердің барлығы қайта сыртқа шықты. Әлгі еркектің жайы расымен мәз емес сияқты. Бірақ Сәту ол үшін алаңдап тұрған жоқ, бар ойы қалайда мына адамдардан қашып құтылу. Тысқа шыққанымен көлігінен әрі кетпей жақын жерде тұр. Әлгілерге қарап тұрған қызды жәймен ғана ысқырып өзіне қаратты да, көлікке мін дегендей басымен нұсқады. Ештеңеге түсінбеген қыз көлікке отырған кезде лезде кілтін алып, көлікті оталдырды да, әлгілерді тұрған орнында тастап жүріп кетті.  Біреу артынан қуып келе жатқандай қайта қайта қарады. «Уф, құтылдық әйтеуір» - деді қызға ыржақтай қарап. Бірақ қыз бұл іске көңілдене қоймағандай, қабағы қатулана қарады.  «Кері қайт». Бұл сөзге бірден көңіл бөлмеген ол бұл сөзді естімеген еді. Алайда «Кері қайт» деп шыңғыра шыққан дауыстан шошынғаны соншалық, тежегішті қалай басқанын өзі де сезбей қалды. Қыз қалжыңдап тұрған жоқ, қолында тапаншасы бар. «Атаңанағылет ай,» - деді ол ашуын жасыра алмай. Түф, сенде солармен біргемедің? Оны білгенде өзім қашатын едім, ай оңбаған ай». Ол күңкілдей сөйлеп көлігін қайта бұрды. 

Тарт ана бәлеңді, кім берді бұны саған, кімсіңдер сендер? Кісі өлтірушісіңдерме? Айтсаңшы, неге үндемейсің?

Қыз жауап бермеді. Көлік аса алыстамаған еді. Әп дегеннен ақ әлгілерді тастап кеткен жерге қайта жетті. Өздері де күтіп тұрғандай көлікке бас сала мінді. Ұзын қара бірден жүргізуші отырған жақтың есігін ашып, Сәтудің бүйірінен жұдырықпен екі рет періп жібергенде ол қисалаңдай жерге құлай жаздады. «Бізді лақтырғың келген екенғой. Мә саған, мә саған». Ол қарсылық білдірмеді. Қолымен басын жапқан күйі қорғаштана берді. Қалың киімнен жұдырық қатты өтпеді. Бірақ аздап шекесі қанап қалған. Оның үстіне беті де дуылдап барады. Қыз енді әлгілермен бірге екенін жасырмады. «Жарайсың келін», - деді ұзын қызға қарап. 

Сен иттің бірдеңе ойластырғаныңды сезіп, тапаншаны әдейі ұстатып едім. Қателеспеген екенмін. 

Асқазаны ауырған еркек әлі де қиналып отыр. Ешкіммен шаруасы жоқ, бүктетілген күйі ішін ұстап ыңылдайды. 

Ендігі ауылдан тоқтап дәріханадан дәрі аламыз. Сосын дүкенге соғып анау мынау жейтін алу керек. Кешеден бері нәр татпадық...

Қалаға жетуге аз қалса да мұндай кезде уақыт тоқтап қалғандай. Енді бұлар әңгімеге ашық кірісті. Бұлардың әңгімесіне жол бойы үнсіз отырған қыз да араласа бастады. 

Шама келсе құжаттарды тезірек реттеп, әрқайсысымыз әр жерге шашырауымыз керек. 

Ол жағын алаңдамаңыз. Мен тиісті адамдарға тапсырып қойдым, - деді қыз. 

Медғат, мынау саған жақсы қатын болайын деп тұр, - деп ұзын жігітке қарады.

Тұман біртіндеп сейіліп, алыстан ұзын мұнара көрінді. Бұл ауыл алыс емес деген сөз. Осы ауылдан соң ешқандай пункт жоқ, қалаға бір ақ жетеді. Жақындаған сайын Сәтудің жүрегі дүрсілдейді. Ауылдың ішіне кіріп алдымен дәріхана, сонан соң дүкен іздеді. Уақыт жоғалтпас үшін дәріханаға қызды жіберіп, өзін дүкенге жұмсады. Қасына жас жігітті қарауыл етіп, өздері көлікте күтті. 

Енді бір қитұрқы әрекет жасасаң, жақсылық күтпе, - деді алакөз.

Оның көнбеске басқа амалы жоқ еді. Қажетті деген заттарды алып болған соң, дүкен сөресіндегі кішкене ғана теледидарға көзі түсті. Жаңалықтар боп жатыр. Неге екенін, қажет бірдеңе айтатындай құлақ түрді. 

«...түрмеден қашқандар әлі іздеу үстінде. Он шақты қашқынның екеуі ұсталды, әлі сегізі бостандықта жүр. Көрген білген болсаңыздар міндетті түрде хабар беріңіздер...»  аты жөндері және суреттері. Ол өз көзіне сенбеді. Бірінен соң бірі берілген суреттерден өз көлігіндегілерді таныды. Ішінде танымайтын екеуі ғана. аты жөндері Әлжанов Жақып... жасы 42 де.

Жеменей Медғат. Жаманбай Жолдас...

Сыртта тұрған жас жігіт бұл жаңалықтардан бейхабар, сондықтан Сәту қобалжығанын білдіртпеуге тырысты. Дүкен мен дәріхананың шаруасы біткен соң ауылдан алыстап, жолға шықты. Ой сан саққа жүгірді. Түрмеден қашқан қылмыскерлерге қалайша тап болды? Енді қалайша құтылмақ? Өздерінің көздеген жерлеріне жеткен соң бұл адамдар өзін тірі қалдырмасы анық. Сәту қалайда қашқындардан құтылудың амалын ойластырды. 

2-бөлім

Абақтыға қамалған адамды бостандықта жүрген адам түсінбейді. Темір торға қамалған кезде ғана шын мәнінде  бостандықтың қадірін түсінесің. Еркіндікте шырылдап ұшып жүрген торғай сенен бақытты көрінеді. Себебі ол еркін. Төрт қабырғаға қамалған соң ойлануға уақыт көп, өз ойыңмен оңаша қалып, жасаған күнәларыңа есеп бересің. Қай жерде қалт кетіп, қате жібергеніңді ой елегінен өткізесің. Тойымсыздық, нәпсі, ашу, арамдық, жеңіл ой міне осының барлығы адамзаттың дұшпаны. Адамды жолдан адастырып, қылмысқа итермелейтін де осылар. Бірақ барлығы бірдей темір торға қамалғаннан соң өкіне бермейді. Керісінше, өздерін өз мекеніне, үйіне енді келгендей сезініп, одан әрі қитұрқы қылықтарын тоқтатпайды. Сол түні абақтыдан қашуды ұйымдастырған Медғат есімді жас жігіт болса, оның бұл әрекетіне орта жолдан ілескендер көп еді. Аяқ асты шыққан өрттің басталуы алты ай бойы осы түрмеден қашуды ұйымдастырғандардың ісі екенін әлі ешкім біле қоймады. Жоқ жерден өрттің қалай пайда болып, қайдан шыққанын ешкім де түсінбеді. Алғашқыда екі адам боп қашу жоспарланса, уақыты жеткенде бірнеше адамға жетті. Теледидардан хабарланғандай онның екеуі ұсталса, сегізі әлі бостандықта жүр. Сәдірбек есімді жеңіл көлігімен адамдарды екі ортаға тасымалдау арқылы нәпақасын тауып жүрген жігіттің бұл қылмыскерлерге тап болғаны кездейсоқтық емес еді. Тек ол бұл жағдайға сыбайлас болатынын өзі де білмеді. 

Сонау 90 жылдары Ираннан қоныс аударған қазақтарға өз мекеніне бейімделіп, бірден үйренісіп кету қиын болды. Медғаттың әкесі Хамза жеті баланы асырау үшін тынбай еңбек етті. Медғат ол кезде бала еді, сөйте тұра әкесінің ауыр еңбек еткені есінде қалды. Жоқшылық кімді болса да шаршатады. Кішкене бала бола тұра ол бұл шарасыздықтан құтылудың жолын іздеді. Әкесі секілді базарға барып арба айдады, бірақ онысынан түк шықпаған соң өткен кеткен адамдарды күні бойы бақылауды жөн көрді. Үш күн базар тіршілігін бақылаған бала өміріндегі ең алғашқы заң бұзушылығына барды. Ол ұрлық жасады. Ешкімге елеусіз, кішкене баланың бұл әрекетін ешкім аңғара қоймаған соң, ұрлыққа әбден дағдыланды. 

Уақыт өте берді, ал Медғаттың ұрлыққа деген кәсібилігі жандана берді. Үйіне келген олжаны әкесі қандай жолмен келгенін білсе де, оған тоқта деп айтпады. Баласын уақытында тоқтатпағаны үшін ол өмірінде үлкен опық жеді. Медғат 16 ға толған кезде үлкен ұрлығы әшкереленіп, абақтыға қамауға жабылғалы тұрғанда, әкесі баласының ісін өз мойнына алып, темір торға өзі аттанған еді. Сол жақта өкпесіне суық тигізіп, көп ұзамай көз жұмды. Қатты қиналған бала енді ұрлық жасамаймын деп емес, абақтыға ешқашан түспеймін деп өзіне уәде берген еді.  Бірақ ол өзіне берген уәдесінде тұра алмады. Заң алдында жауап берді. Бала кезінен тұйық, бірақ өз ісінің кәсіби шебері болған Медғатты сыртынан көрген адам момын деп ойлар. Ол жерде бағына орай басқалары секілді бірнеше адамдық камерада емес, пара үшін ұсталған бір мықты байдың қасына оңаша тап болды. Онысына аса қайғырып, немесе қуанған жоқ, керсінше, жанына көп сөйлемейтін, артық әңгімесі жоқ жас жігіттің келгеніне тақырбас дөкей қуанған еді. Бұл жерге келгеннен Медғат әдетінше барлығын бақылаудан бастады. Осында жүрген әр адамның іс-әрекеті, жүріс тұрысы барлығына аса мән беріп, дәптеріне түсіріп жүрді. Ол өз ойын іске асыру үшін ешкімді іздемеді. Бірақ жігіттің әлдене жоспарлап жүргенін сезген дөкей, оның жасырын толтырып жүрген дәптерін көріп оның ойын бірден түсінді. Ол жігіттің жоспары сөзсіз орындалатынына сенді, және өзін бірге ала кетсе бостандықта көмегі тиетіндігін де айтты. Сол кезде ол жігіттің өзі үшін әдейі темір торға түскенін білмеген еді. 

Жаңадан келген жас жігіттің әлденені бақылап, сұрастырып жүргенін кез келген адам байқамаса да, осы түрменің басты адамы, былайша айтқанда ұстаушысы Алау деген лақап атпен белгілі ұзын бірден байқаған болатын. Отырғанына тоғыз жылдай уақыт болған, әлі де осыншама уақыт отыратын жасы қырықтан алқымдаған, сөзі де өзі де дөрекі, бет аузын ақ қара қылшық басқан, көздері қараған адамның сүйегінен өтетіндей өткір. Шын есімін ешкім білмейді, барлығы лақап атпен Алау деп атап кеткен. Айтуларынша бір емес, бірнеше адам өліміне кінәлі деп табылған бұл адамға алау деген есім босқа жалғанбаса керек. Ашуланса алау секілді жан жағындағылардың барлығын күл талқан ететін, бұл жерде ешкімнің оған қарсы келуге батылы жете бермейді. Міне сол ұзын қара, яғни Алау, үш айдан бері жаңадан келген жігіттің әр жерден тіміскіленіп, өзіне назар аудартпаса да, жасаған іс әрекеті ерекшеленіп тұрғанын байқаған еді. Оны қыспаққа алмас бұрын әлі де бақылауында ұстай тұруға бекінген ол, жанындағы дөкейдің де әрекеттерінен бұрын соңды байқалмайтын аса белсенділікті де қалт жібермеді. Ол өзі ғана бақылап қоймай, жанындағы қолшоқпарларына да жігіттің не айтып, не сұрағанын білу үшін ақпарат жинады. Көбіне түрмеде табыла бермейтін заттарды іздеген жігіт, расымен бұл жерден қашуды ойластырып жүрме? Бұған дейін мұндайды ұйымдастырғандардың жоспары іске аспаған, тек сонау сексенінші жылдары ғана бір адамның қашып шыққаны болмаса, ондай жағдай кемде кем. Не де болса мән жайды өзінен тіке сұрамақ болған ол енді Медғаттың әр жүріс тұрысын аңди бастады. Алайда ешқандай дәлел таппаған соң ол жігітті бірден қыспаққа алып, өзінен тікелей сұрауды жөн көрді.  Өзінен көз алмай бақылап жүргенін Медғатта байқаған еді, онысын қасындағы серігіне айтты. Дөкей ұзақ ойланбастан Алаудың бұл жерден қашуға көмегінің болуы мүмкін, егер оны бұл іске араластырмаса ол әлдеқандай қастандық жасаудан да тайынбауы мүмкін деді. Жігіт әр істі ой елегінен өткізіп, ұзын қараның бірінші боп келуін күтті. Ол ұзақ күттірмеді, еңбек уақыты аяқталған кезде жалғыз қалған жігітті бас сала қылғындырып ұстады да, оның не ұйымдастырып жүргенін сұрады. Осылайша бұл жоспарға үшінші адам қосылды. Жігіт негізгі жоспарымен бөліссе де, қалай қашатындықтарын айқындап ашық айтпады. Тек қашу күнін нақты белгілеп, сол күнге өзі тапсырған заттарды уақытында табуды тапсырды. Бостандықта дөкейдің ақшасы қажет болса, қанды қылмыскердің ешқандай керегі жоқ еді. Сол себепті ол түрме ауласынан шыққан соң әркім өз жөнімен кету керек деген ойын білдірді. Алайда бұл ұсыныс ұзын қараға ұнай қоймады. 

Жігіт тапсырған үш бірдей киімді табу оңайға соқпады. Жоспар бойынша асхана арқылы сыртқа шығатын қашқындар өз киімдерін тастап, бірдей аспазшы киімін кисе, бостандықта олардан ешкім күдіктенбесі анық.

Бұл жерден қашып шығу жүзеге асқанымен, бостандықта ешкімнің көзіне түспей ғайып болу оңай шаруа емес. Бостандыққа шыққан соң қайда барады, кімге барып тығылады, міне осыған келгенде Медғат бір өзінің бұл мәселені шеше алмасын білген соң, дөкей мен алаудан көмек сұрауға тура келді. Ол үш адам емес, бірнеше адамды қашу операциясына араластыру қажет екендігін айтты. Егер бірнеше адам түрмеден қашып, жан жаққа кететін болса, іздеу де соғұрлым қиындай түседі. 

«Осыдан бір жыл бұрын менің жанымда болған жас жігіт босап шықты. Осы жерден 150 шақырымдай болатын аудан орталығында тұрады. Бұл жерден бірден қалаға бағыт алсақ, бізді қолға түсіру оңай болады. Ал егер ауылға тығылсақ, ешкім байқамай да қалуы мүмін» - деді Алау. 

Оның айтып отырған жігіті, Ақан есімді Сәтудің көршісінің баласы еді. Сол кезде ол өзінің әлі түрмеден шықпаған қылмыскерлердің жоспарының бір бөлігі болатындығын білген де жоқ. 

Динара есімді әлеуметтік желіде танысқан бикеш Медғатқа бұрыннан ғашық еді. Ол жігіт не айтса да орындауға баратынын білген ол, бұл жерден шыққан соң қыздан көмек сұрады. Бұл Медғаттың көпшілікті сендірген нұсқасы. Негізінен бұл жағдайды құпия ұстап, ешкімге айтқысы да келмеді. Қыз жасанды құжаттар жасап, шет елге қашуға көмектесетіндігін айтты.

 Жоспарда Медғат пен дөкейден басқалары болмады. 

Көптен күткен күн де келіп жетті.  Алайда барлығы жоспарға сәйкес жүзеге аспады. Асханадан шыққан өрт ойдағыдай болмай, тез тұтанған от, тез сөніп үлгерді. Бұл шаруаны олар Серік есімді мінезі ұяң, көп сөйлемейтін асханадағы жігітке тапсырған болатын. Ол өзіне сеніп тапсырылған жұмысты дұрыс атқарса да, асхана арқылы қашып шығу жүзеге аспады. Есесіне барлық күзетшілердің назарын аудартты. Бір жерден шыққан өрт екінші жерден белең алды. Бұл жолғысын сөндіру оңай болмады. Камерадағы адамдар жан ұшыра айғайлап, жан жаққа қаша жөнелді. Көк түтіннен ештеңе көрінбеді. Дәл сол сәтті пайдаланған жігіттер дереу тысқа шығуды ұйымдастырып, кедергі болған күзетшілерді күшпен тоқтатып, дегендеріне жетті. Қашуға ұмтылған бірнеше адамдарға ескертусіз оқ атылып, кейбірі жарақаттанып жерге құлады. Темір тордан қашып шығу мүмкін емес жағдай. Тек алдын ала ойластырылған Медғаттың жоспары болмағанда. 

   Оттың арасында жүріп өздері де сәл иістен уланып қалған қашқындар қанша жүгіргендері белгісіз, демдерін баса алмай ентіге бір талдың түбіне аялдады. Қашып шыққандар бір бірінен бөлінбей, бір бағытта жүгірген. Медғат жан жағына қарады. Өзі жоспарлаған екі адамнан бөлек асханадағы Серік пен күзетшіні ұрып құлатқан тағы біреуі. Тағы бірнешеуінің басқа бағытқа қашқанын байқап үлгерді. Жан жаққа бөлінгені өздеріне жақсы. Итпен іздесе иістен жаңылады.  Бірнеше шақырым жаяу жүріп, жол жиегіне жеткен кезде өздерін күтіп тұрған көлікті көрді.  өзіне қарай келген бес адамды көрген кезде көліктің ішіндегі жігіт Алауға наразылығын білдіре бастады. 

Біз бес адамға келіскен жоқпыз, сен тек екі адам боламыз дедің

Екеуінен кейін өзіміз құтыламыз. Тек бұл жерден алып кет.

Ақан есімді Алаудың бұрынғы жанында бір камерада болған жігіт оған қарыздар еді. Түрменің қатал заңына шыдамаған жігітке Алаудың өзі қамқор болды. Сол қарызын қайтаратын уақыт келді.  Жолда ешқандай милициялардың көлігі кездеспеді. Айдалада ұзақ жолмен жүріп, түн ортасы ауғанда адам баласы аяқ баса бермейтін бір мал бағатын ауылға келіп тоқтады. Кішкене ғана қойшының үйіне кіргізіп, «хабар өзімнен болады, көзге түспеңдер» - деді де жігіт жоқ болып кетті. Екі күннен соң киім кешек, тамақ және аз ғана ақша алып қайта келді. 

«Көлік тауып қойдым. Менің сендерге қатысым бар екенін білмеуі тиіс. Өзі жақсы жігіт. Апар деген жерлеріңе апарады. Таңда жолдың бойынан мінесіңдер.»

    Бала кезінен көріп өскен көршісінің баласы абақтыдан босады дегенде Сәту шын көңілмен қуанған еді. Ол жақтан шыққан соң адамның бұрынғыдай емес, өзгеретінін естісе де ол Ақан туралы мүлдем жаман ойлағысы келмеді. «Аға» деп сыйлайтын өзінен бірнеше жас кіші баланы бауырындай көріп, керсінше өзіне жақын тартатын.  Мүмкін оның да ойы жаман болмаған шығар. Ол да өзінің темір торда бірге болған екінші жақтағы «ағасына» көмектескісі келген болар. Әр нәрсенің өз себебі болады. Адамды адам байланыстырады. Бұл қылмыскерлермен байланысқан Ақан болса да, алдағы олардың бостандықтағы өмірлеріне маңызды рөл ойнайтын қарапайым жүргізуші жігіт болатынын ешкім сезген де жоқ.  Ал Сәту сол күні таңда бес қашқынды өз көлігіне отырғызғанын мүлдем білмеген еді. Ендігі оның өмірі осы қашқындардың қолында болды.

3-бөлім

Жан саққа кеткен ойларды тоқтату мүмкін емес еді. Қасындағылар оның әлденеге қатты алаңдағанын байқап та үлгерді. Әсіресе манадан бері өзінен көз алмай отырған ұзын қара жуан қолдарымен иығынан түртіп қалғанда, дір еткенін өзі де байқамай қалды. 

Неменеге дыбысың шықпай қалды? Әлде бірдеңе естідіңбе?

Сәту айнаны түзеген болып, арттағыларға көз жіберді. Қорыққанын барынша жасырып, самайынан аққан терді жәймен ғана білегімен шашын түзеген болып сүртіп өтті. 

Сендерге іздеу салып жатыр.

Шамасы ешкім одан мұндай жаңалық күтпесе керек, бір біріне қарап үнсіз қалды. Сірә жүргізушіге өздерінің кім екені белгілі болды, енді жасырудың қажеті де жоқ дедіме, жол бойы бір сөз айтпаған жас жігіт өзін Медғат деп таныстырды. 

Неше адам ұсталған?

Әзірге екеу...

Әзірге деп мына сүмелектің сөзін қарашы. Осы отырғанда жаныңды жаһанамға жіберейінбе.

Өзіне қарай оқталған ұзын қараны тақырбас пен Медғат ұстап қалды. Артқы орында жайғасқан әлгі әйел секілді киінгеннің ыңырсуы басылғандай. Дәрі көмектескен болар. «Қалаға кемінде тоқсан шақырымдай қалды. Ендігі жолдың барлығында қызметкерлер тұрады. Жоспарды өзгертуіміз қажет» - деді жігіт. Көліктегілер бірінің сөзін бірі тыңдамай, дауласа бастады. Бірі көлікті тоқтат десе, бірі тоқтамастан жүруді бұйырды. Бұл дауға қыз да араласты. 

Біз қалаға жете алмаймыз, - деді жігіт

Жоқ жетеміз, тоқтамастан жүре бер.

Біз бөлінуіміз қажет. Әйтпесе барлығымыз бірдей кетеміз

 Сен неме, бізді тастап, өзің құтылып кетпекшісің ғой. 

Тежегіштің дауысы қатты естіліп көлік тоқтады. Сәту дереу есігін ашып далаға шықты.  

Мен қылмыскерлермен сыбайлас болмаймын. Мейлі мені осы жерде өлтіре салыңдар. 

Неліктен мұндай әрекетке барғанын өзі де түсінбеді. Бар ойы отбасы. Абыройы. Қылмыскерлермен бірге болды дегеннен өлгені артық.  Ашуға булыққан ұзын қара бірден қаруын алып кезенді. 

Өзің сұрандың, тұрған жеріңде өлтіре саламын. 

Жоқ, болмайды. Ол бізге керек. Артық адам өлімі бізге қажет емес. 

Мүмкін Медғат оны тоқтатпағанда расымен ұзын қара Сәтуді өлтіре саларма еді. Жолдағы жазықсыз қызметкерлер секілді өлтіре салады. Себебі ол қылмыскер. Аты да, заты да солай. Қасындағылар да қылмыскер, болмаса да сыбайластары. Сәту де сыбайлас. Осы кезге дейін жасаған қылмысты көрсе де мойындағысы келмеді. Оның екі таңдауы бар. Ия өлу, ия осылармен бірге сыбайлас болу. Басқа жол жоқ. Бірақ қорыққан адамның бір ғана амалы болады. Ол қашу. Ұзын қара тапаншасын кезеніп, атпақ болған кезде өмірімен қоштасуға бекінген еді. Алайда жас жігіт кедергі болғанын көрген соң бар ерік жігерін жинап, екінші рет тағы да қаша жөнелді. 

Тұман сейілгенімен, далалық жердегі дымқыл ауа әлі де болса буланып, айналаны анық көрсетпейді. Артынан оқ атылып, өзін жерге құлаймын деп күтті. Бірақ оқ атылмады. Ол жүгіре берді, жүгіре берді. Жазық далада да адам адасады екен, қанша жүгіргені белгісіз, жүрегі алқынып кеудесіне сыймай барады. Екі өкпесі қысылып, ауаны ашқарақтана жұтып, ентігін әрең басты. Артына қарады. Ешкім соңынан ілеспеген секілді. Мәшинесі де көрінбейді. «Қайран тұлпарым» деп іші күйсе де өмірінен артық емес. Бірақ еңбекпен келген тұлпарын расымен қатты алаңдады. Жә, басы аман болса тағы көре жатар, енді әлгілерден құтылып, мына далалықтан жол табу. 

Өз ауылында сай саланың барлығын білуші еді, басқа аймақтың даласы да басқа, құмы мен сазы да басқа. Жазық дала. Басқа ештеңе жоқ. Аздап демін басқан соң жүгіруін жалғастырды. Егер оның соңынан көлікпен қуатын болса лезде жетіп алар еді. Бірақ ешкім соңынан ілеспеді. Неліктен? Бір мезет тоқтап артына қарады. Ештеңе көрінбейді.

Қанша жүргені белгісіз, аспанда қою бұлт үйіріліп, қараңғылық көмкере бастады. Күздің ызғар суық желі күшейе түсіп, кеудеңді тесердей арлы бері итереді. Сәту үстіндегі жұқа күртешесінің жағасын көтеріп құлағын жабуға тырысты. Сәл де болса ызғар желден осылайша қорғанбақшы. Үнемі көлікпен жүргендіктен жеңіл киінген ол, осылайша далаға қашарын кім білген, енді дірдектей жан жағына қарап пана іздеді. Қараңғыға дейін ықтайтын жер таппаса далада қалады. Бірақ жақын маңнан жол да, ауыл да көрінбеді. Бүріскен күйі күртешесінің жағасын ұстай тоқтамастан әрі қарай жүре берді. 

Оның соңынан ілеспеуді жөн көрген Медғатқа ұзын қара жыланша атылып, наразылығын білдірді. 

Егер ол біздің қайда екенімізді айтса, құрыған жеріміз осы болар. Барлығы сенің кесірің.

Ол бұл маңайдан ешқайда кете алмайды. Кетсе де мен оның қайда баратынын білемін. Қолыңды қанға былғаудың қажеті жоқ, бұл жүргізуші бізге әлі қажет болады.

Расымен ол бұл аймақты жақсы білетін. Темір тордың арғы жағында жоспарымен бөліссе де, негізгі сырын білдірмеген жігіттің не ойы бар екенін ешкім сезген емес. Тек жанындағы дөкей ғана оның өз жасына тым ақылды екенін байқады. Ақылымен қоса арамдығы, арамдығы мен қоса тапқырлығының барына көзі жеткен. Көзі жеткен соң ғана өзінің жалғыз қызын өз ісіне араластырды. Динара есімді жол бойынан   мінген жолаушы қыз тақырбас дөкейдің қызы еді. Мұны тек Медғат пен қыз және оның әкесі білетін. Әйел боп киінген, ұзын қара және жолда қалдырып кеткен жігіт оның жоспарының бір бөлігі ғана еді. Жігіттің қандай ойы бар екенін қасындағы серігі де нақты біле алмады. Білмесе де ендігі өмірін осы жігітке сенді. Егер ол өзін осы темір тордан құтқарса үлкен ақша мен байлықты уәде етті. Бірақ Медғаттың шын мәнінде негізгі мақсаты ақша емес еді.   

Алыстан көрінген бұлыңғыр жарықты бастапқыда машинаның жарығы деп ойлаған Сәту жол жиегіне жақындаймын деген үмітпен бар күшін салып жүгірді. Алайда көрінген жарық жол бойындағы көлік емес, ай далада тұрған жалғыз үйдің жарығы еді. Жақын маңайда ауыл жоқ, дегенмен далалықта қыстап қалатын мал ауылдар бұл аймақта жиі кездеседі. Бұл жерлер Медғаттың балалық шағы өткен жер болғандықтан, бұл маңды ол жақсы білетін. Сол себепті де Сәтудің соңынан жүгірмей, еркіне жіберуі де оның осы үйлердің біріне кеп аялдайтынын білген соң болатын. Қай жағынан келсең де ай далада орналасқан осы жалғыз үй қаншама адасқан адамдардың панасы еді.  Әбден зорыққан Сәту есікті қағуға шамасы келмей, сылқ құлай кетті. Иттің үрген дауысына елеңдеген қария есік алдында жатқан қонағын көріп, оны дереу үйіне кіргізді. Жігіт басын көтеріп есін жиған кезде ыссы шәй мен сорпасын беріп есін жиғызды. Құдайы қонағын қабыл алған қарияға ризашылығын білдірген жігіт осы жерде түнеуге рұқсатын сұрады. Ол өзінің соңынан қуғыншылардың бар екендігін айтып, олардан сақтану керектігін айтып ескерткісі келсе де, жалғыз қарияны шошытып алмайын дегендей үнсіз қалуды жөн көрді. «Бұл жерде қайдан жүрсің?» деген сұраққа көлігінің далада бұзылып, өзі көмек іздеп шығып адасып кеткенін айтты. Басқа ештеңе айта алмады. Қария бұл жерде жалғыз емес екенін, баласы мен келінінің қалаға кеткендігін айтқан соң, қорқынышы саябырсығандай болды. Жылы жерге кіріп, ыстық тамақ ішкен соң денесі жылынып, екі беті алмадай қызарып, тоңған құлағы дуылдап удай аши бастады. Еңсесін кернеген әлсіздік пен көздеріне ілінген ұйқының буына төтеп бере алмастан отырған жерінде қисайып, терең ұйқыға кетті. Қария оны оятып алмайын дегендей үстіне көне тонын жауып, шамның жарығын басып қойды. Сырттан гуілдеген желдің дауысы құлаққа жағымсыз естілсе де, терең ұйқы өз әлеміне жетеледі. Қатты үрген иттің дауысын да, есіктің ашылғанын да, үйге бөгде адамдардың келгенін де Сәту сезбеді. Бір ұйықтаса тау көшсе де оянбайтын әдеті бұл жолы да өзгермеген. Оның үстіне суықта бірнеше шақырымды жаяу жүргені тағы бар, қатты шаршағаны сол айналасында не боп жатқанынан мүлдем бейхабар. Ешкім оны оятуға асықпады. Таң сәріде қатты тоңғанын сезіп, қарияның үстіне жапқан жамылғысын көзін ашпастан қолын сипай іздеді. Бірақ ештеңе таппады. Көзін енді ашқан марғаулар секілді сығырайта айналаға көз жіберді. Алдында тұрған адамның сұлбасы өзіне таныс көрінді. 

«Қайырлы таң!» деді әлгі адам. Сәту орнынан атқып тұрды. Өз көзіне өзі сенбеді. Алдында тұрған ұзын қара. Бұлар мұнда қайдан жүр? Қолындағы тапаншасын көрдіңба дегендей шошаңдата айналдырады. 

Ұйқың қанған болар, ал мен көз ілмедім. Түнімен сенің ұйқыңды күзеттім.

Сен мұнда қайдан жүрсің? Үйдегі қария қайда?

Ол расымен қарияны іздеп жан жағына қарады. Тонадай жерде тақырбас пен әлгі әйелше киінген еркек ұйықтап жатыр. Қатты шыққан дауыстан екеуі де оянғандай болды. Сыртқы есік ашылып, сырттан Медғат пен қыз кірді. Қолдарында шәйнек пен отқа жағу үшін азды көпті ағаш. Сәту өз көзіне сене алмады. Бейне бір түсінде жүргендей. Жігіт жайбарақат пешке ағаштарды салып тұтатуда. Сол өзі кеше ғана қашып құтылдым деген қылмыскерлер. Ақырындап бойын билеген қорқыныш басылып, бойы үйренісі бастағандай. 

Қария қайда? Оны да өлтірдіңдерме? 

Алаңдама, ол аман, біз кеткен соң келеді, - деді Медғат орнынан қозғалмастан. 

Кербез мысықтарша әлгі екеуі ұйқысынан оянып, керіліп созылды. 

Мен сендердің тұтқындарыңмынба? Не керек өзі сендерге? Көлігімді бердім ғой.

Бұл сөзге жігіт жауап беруге асықпады. Отты тұтандырып болған соң, қолын қақты. Сәтудің жанына жақындап:

Сен біздің тұтқын емессің. Сен бізбен біргесің. 

  Қашқындардың шынайы бет бейнесін енді ғана ұққандай. Бір көргеннен адам сыры байқалмас деген, жол бойы үні шықпай, ешқандай кикілжіңге араласпай, сырттан бақылап отырып, ой түйіндеп отырған жас жігіттің бұл адамдарды бастап жүр деген бірден ойға келе бермейді. Ұзын қара қанша батыл көрінсе де, ақылы мен арамдығы ұштасқан Медғатқа тәуелді. Темір тордың әр жағында қара күшпен барлығын бағындырса, бостандықта оның айтқанын тыңдауға мәжбүр болды. Бірақ қанына сіңген қанішер, қылмысын тоқтата алмады. Жол көлік қызметкерлерін ойланбастан өлтіре салып, бастапқыда өзімен бірге қашқан серігін тұман арасынан адастырып тастап кетті. Адастырған түгі жоқ, әлгі жігіт мұның айтқанына бағынбай, өз жолымен кеткісі келген, бірақ ұзын оны жібермеді. Егер оны тауып алған жағдайда тергеушілерге барлық жоспарын жайып салу қаупі бар. Сол себепті, оны жоғалдыға санап, ешкім көрмеген кезде мойнын бұрап өлтіре салған еді.  Қалғандары мұны білсе де, білмегендей болды. Әсіресе барлығын жіті жоспарлаған Медғат ұзын қараның бұл әрекетіне жақ ашпады. Жанындағы тақырбас дөкей қорықса да, жігітке сенді. Өзін бұл жерден алып шығамын деген уәдесінде тұрар деп үміттенді. Себебі бостандықта ақшаң мен танысың болмаса бір күн алаңсыз жүру мүмкін емес. Ешкім темір торға қайтып барғысы жоқ, оның үстіне бұл әрекеттері үшін қосымша жаза алатындықтары белгілі болса да, ол жерден қашып шығуға саналы түрде бел буды. Неліктен ұзын қараның қылмыстарына жігіттің көз жұма қарағандығы әзірге беймәлім. Мүмкін ол да өзінің бір жоспарының бір бөлігі болар. Кеше ғана күнделікті өмірін сүріп жүрген Сәту, бүгін қылмыскерлермен бірге. Не күлерін, не жыларын білмеді. Келіншегі уайымдап, милицияға хабарласса болар еді деп ойлады. Бірақ қайдам, өзі білетін келіншек болса ол анау мынауға алаңдай қоймас. Оның үстіне өзінің апталап, айлап жоғалатынына үйреніп те кеткен. Ол терең күрсінді. 

Қазір жолға шығасыңдар. Сенімен бірге Алау мен Динара барады. Құжаттарды әкелген соң ғана бұл жерден кете аламыз, - деді Медғат. 

Сәту ештеңе түсінбегендей айналасына жалтақтады. Алау дегені, өзіне тіс қайраған ұзын қара болу керек. Ал Динарасы өзіне тапанша кезенген бикеш. 

Мен ешқайда бармаймын. Мейлі, сірә өлтіреді екенсіңдер, қазір ақ өлтіре салыңдар. Мыналармен ешқайда бармаймын. 

Мұндай сөзді Сәтуден ешкім күтпегендей. Әсіресе ұзын қара ішек сілесі қата қарқылдай күліп, онсыз да кеудесіне сыймай тұрған жүрегіне қорқыныш ұялатты. 

Сені ешкім өлтірмейді. Егер отбасыңа аман сау оралғың келсе, тапсырманы орындағаның жөн. 

Жас жігіттің мұндай салмақты сөзінен кейін көнбеске амалы да қалмады. Оның үстіне «Отбасың» деген сөздердің арғы жағында «Сенің қайда тұратынынңды, кім екеніңді білеміз» дегендей астыртын бопсалау тұрғандай. Білмегенде ше, аяқ асты жүз шопырдың арасынан өзін таңдауы сәйкестік емес болар. Кім болса да Сәтуді я ақкөңіл аңқау деп, болмаса жауапкершілігі бар дұрыс жігіт ретінде айтты ғой. Енді сол қасиеттерін дәлелдейтін уақыт жеткен секілді. 

Қайтадан тұлпарына кеп отырып, жақынын көргендей, көлігіне тірі адамдай қуанды. Іштей тіпті мұңын да айтып та үлгерді. Өз өзінен сөйлесіп тұрғанын байқаған ұзын қара:

Сен немене мәшинеңмен сөйлесіп тұрсыңба ахахаха, сенің есің ауысайын деген екен.

Сәту жауап қайтармады. Тек әлгімен бірге жолға шығатынына қатты алаңдады. Қасында қыз болады, оған да шүкір деді. Бірақ жүрегі бір жамандықты сезгендей қатты соғып болар емес. 

Мынауың мені өлтірмейтініне кепіл бересіңбе- деді Медғатқа қарап.

Егер оны өзі өлтірмесең.

Жігіттің берген жауабы қалжың ретінде айтылса да, санасында қалды. Ия сен өлесің, ия сені өлтіреді. Басқа амал жоқ. Темір тұлпарын оталдырып, қайта жолға шықты. Жазық даланы бүгін де тұман басқан. Ақырындап жүріп келеді.

Қалаға жеткенше ешкім жақ ашпады. Екеуі де артқы орынға орналасқан соң, Сәту айнадан арасында қарап қойып отырды. Ұзын өзінен көз алар емес, оқыс қимыл жасаса қағып түсер аңшы секілді.

Бір жарым сағат жолдан соң қала көрінді. Үнсіз отырған адамдар тыпырлап, әлденеге алаңдай бастағандары байқалады. Қала ішінде тіршілік қайнап тұр. Арлы бері ағылған көліктер, жан жаққа асыққан адамдар. Жол жиегінде тұрған МАЙ көлігі төбесіндегі айналмалы жарығын жаққан күйі әлденеге кептеліс жасады, шамасы жол апаты болғанға ұқсайды. Сәту осы сәтті пайдаланып көлігінен түсіп, көмек сұрағысы келді. «Ойламай ақ қой. Егер бізді сатқың келсе, сенің отбасыңды қарап жүрген адам бар екендігін ұмытпа.» - деді ұзын қара алдын ала ойын оқығандай. Ойынан ба әлде ұзынның сөзінен бе шошынғандай дір етті. Онысын өзінен басқа ешкім байқамағандай. «Иттің ғана баласы. Әттең өзім ақ буындырып өлтірер ем.» Бұл сөздерін ойша айтқанымен, жүзінен не айтқысы келгені сезілді. Қылмыскерді өз қолымен өлтіре салса да өкінбес еді.

Мекен жайдан басқа, қыз артық сөз айтпады. Тиісті жерге жеткен соң, ұзынды көлікте қалдырып өзі көп қабатты үйлердің біріне кіріп жоқ болды. Көліктің ішінде қалған екеудің жағдайы айтпаса да түсінікті. Бастапқыда қорқыныш, кейін ашуға ұласқан сезімін әрең басқан жігіт, ұзынды расымен ақ өлтіруге дайын еді. 

Менің отбасымда шаруаларың болмасын, сендерге не керек өзі?

Ооо сен сөйлейін депсің ғой, қарайгөр өзін. Сен біздің бостандығымыздың кепілісің, барлығы біткен соң тірі қалуың да екіталай.

Сәту үндемеді. Оның қорқынышын көру ұзынға ләззат сыйлайтынына көзі жеткен соң, құтылудың амалын жан жақты ойластырды. Жіпсіз байлану, немесе жағдайдың құрбаны болу деген осы шығар. Әлде бұл әншейін сәйкестікпе. Осы уақытқа дейін ешкімге жаманшылық жасамай, адал еңбегімен өмір сүрген еді. Қазір дүние өзінен теріс айналып кеткендей. Бірақ әркез таңдау бар. Тек сол таңдау ғана тағдырыңның қалай болатындығын шешеді. 

Біраз уақыт өтті. Қыз қайта шығуға асықпады, немесе қашып кетті деген ой келіп, алаңдаушылық туғыза бастады. Алау одан сайын ашуланып, орындықты ұрғылай бастады. Онсыз да әрең отырған Сәтуге бұл қылығы ұнаған жоқ. әйтсе де, ол оған қарсы ештеңе деп сөз айтқан жоқ.  Бірнеше сағаттан соң қыз көрінді. Бұл жолы ол көліктің алдыңғы жағына жайғасты. Екеуінің өрт сөндіргендей түрлерін көрсе де, түсіндірудің қажеті жоқ дегендей бір сөз айтпастан «кеттік» деді. Жол жөнекей тағы бірнеше жерге аялдап, қайта келген ізбен жолға шықты. 

Өзімен бірге ала шыққан сөмкелердің бірінде киім, бірінде тамақ, ал ең маңыздыдысында құжаттар мен ақша болды. Сол маңызды сөмкесін қолына қысқан күйі артқы орынға орналаспағаны Сәтуге де ой салды. Неліктен ол ұзынның жанына отырмай, өзінің жанына орналасқаны сәл де болса алаңдаған көңілін орнына келтіргендей. Қылмыскерден гөрі, адал адамға сенгеніғой. Мүмкін ол да ұзын қараны өзі секілді жек көрген болар кім білсін. Барлығы ойдағыдай алаңсыз өтті. Қала біртіндеп алыстап, көзден ғайып бола бастады. Бірнеше шақырым жол жүрілгеннен кейін ұзын қара көлікті тоқтатуды бұйырды. Бастапқыда оның сөзін естімегендей болғанымен, оның ашулы айқайынан соң көлікті тоқтатуға тура келді. Ұзынның әлденеге алаңдағаны түрінен байқалады. Ол екеуіне де көліктен түсуді бұйырды. Бастапқыда қыз қарсылық білдіргенімен, тапанша кезенген соң оның қалжыңдап тұрмағаны түсінікті болды. Тысқа шыққан соң дереу қыздың қолындағы сөмкені сұрады. Ол бергісі келмей қипақтағынаымен, әлгі бар екпінмен қолынан жұлып алды. Бір қолында сөмке, бір қолында тапанша. Соның арасында сөмкедегі ақшаны көріп мәз боп күле берді. Құжаттарды ақтарды. Бары екеу ғана. Медғат пен тақырбасқа арнап жасалынған. 

Сендер мені алдамақ екенсіңдер ее, қарай көр, бұл жерде тек екі адамның құжаты. Менікі қайда сонда?

Сенікі дайын емес. Жоспар бойынша біз тек екі адамға ғана дайындауға тапсырыс бергенбіз. 

Жап аузыңды. Мені ақымақ көресіңбе. Маған құжат жоқ болса мыналарға да жоқ, - деп қолында тұрған екі көгілдір шет ел паспортын аузына салып, тістерімен жырта бастады. 

Жаны шыққан қыз әлгінің қолына жармасып, ұмтыла кетті. Қолындағы тапанша жерге ұшып кеткенімен, қыздың қолын бұрай аяғымен тепкілей берді. Бүктетілген күйі тұруға шамасы жоқ қыздың ыңырсыған ғана дауысы. Сәту бұл сұмдыққа араласпай қарап тұруға намысы жібермеді. Ұзын қарамен төбелесуге де батылы бармады. Жердегі тапаншаға көзі түсті. Қолына алып, ойланбастан әлгіні атып жіберді. Ол жерге сылқ етті. Мелшиген күйі өз әрекетіне есеп бере алмай қақшиып бір орынында тұра берер еді, қыз есін жиып көмек сұрамағанда. Байғұс біраз таяқ жеген. Үсті басынын барлығы қан. Ұзынның денесіне шырт түкіріп айналып өтті. Есеңгіреген Сәту әлі есін жияр емес. 

Мен адам өлтірдім... мен қолымды қанға былғадым...

Сен мені қауіпті қылмыскерден құтқардың, рахмет. Сен болмағанда ол мені өлтіретін еді. 

Бірақ жігіт өз өзіне келер емес, тұрған жерінен қозғалмайды.

Есіңді жый! Тезірек ешкім көрмей тұрғанда мынаның денесін жоқ қылайық. 

Ұзынның денесін екеулеп сүйреп жол жиегіне тастады. Жер қазуға тым қатты болғанымен, бетіндегі жұмсақ саз топырақтар, денені жасыруға жеткілікті. 

Ол тірі болса ше? Біз оны қалай тастап кетпекпіз?

Қыз жауап бермеді. Жол бойынан бірең сараң өткен көлікке қарамастан, екеуі денені жылдам жасырды да, қайта жолға шықты. Өзінің не істегенін енді түсінгендей жігіт еңкілдей жылап, қылмыс жасағанына сенбеді. Бірнеше рет жолдан теріс айналып, денені тастаған жерге қайта бармақшы болды. Алайда қыз оған рұқсат бермеді. Сәтуге енді ешқандай кедергі жоқ. өзіне қауіп төндірген ұзын қарадан құтылды. Милицияға барып барлық болған жағдайды баяндаса, қылмыскерлерді ұстауға көмектессе, әлгі ұзынды қасындағы адамды қорғау мақсатында атқанын айтып түсіндірсе, сонымен барлығы аяқталады. Біраз уақыт қиналады, біраз уақыт тергеу алынады, түптің түбіне келген кезде өзінің жазықсыз екендігі, бұл адамдарға кездейсоқ жолыққаны, қылмыскерлердің құрбаны болғаны дәлелденер. Бірақ бұл жерде адам өлтірді ғой. Қылмыскер болсын, жазықсыз адам болсын ол жануар емес. Сондықтан оның өтеуі болады. Адам өлімі үшін кемінде он бес жыл. Жо-о-оқ, отбасым, балаларым не болмақ.

«Саған тағы да рахмет айтамын»-деді қыз. Бірақ бұл ісің үшін өзіңді жазғырудың қажеті жоқ. Ол адам өлтірген қанды қол қылмыскер, жолда шімірікпестен жол көлік қызметкерлерін өлтіргенін көзіңмен көрдің. Бұған дейін де ол кісі өлімі үшін айыпталған. Бір шешімі болар. Бірақ өз еркіңмен берілемін деп ойлама. Олар сені бірден қамауға алады. Сені түрмеден қашқандарға сыбайлас етеді».

Ал сен ше? Сен не үшін бұл қылмыскерлерге көмектесіп жүрсің? Өз өміріңді неге қатерге тігіп жүрсің? Әлгі жігіт үшін бе?

Ол соңғы сөздерін жақтырмағандай айтты. Бұл сұрақ оның ойына маза бермей жүрген. Жолдан ілескен сүйкімді қыздың әлгілердің сыбайласы деп жаман ой ойлағысы келмеді. Қыздың аса сабырлылығына таң қалғаны сонша, тіпті адам өлтіргенін көрген кезде де эмоциясын білдірмеді. Ұзын қараның құжаттарды жыртып жатқанын көріп, ойланбастан өзінен екі есе үлкен еркекпен жағаласа кетті. Не өліп кетемін, не жарақаттанамын деп те қорықпады. Сол сәт есіне түскен кезде Сәту өзінің қорыққандығынан қатты ұялды. 

«Менің әкем де, Медғат та қылмыскер емес» - деп бастады әңгімесін қыз. Әкем кезінде өте ірі кәсіпкер болатын. Оның меншігіне көз алартушылар өте көп болды. Бірақ ол өз еңбегімен жеткен кәсібін біреуге сатпақ түгілі бөліскісі де келмеді. Ақыры оның ісінен шикілік тауып, ақша жымқырды деген айыппен жала жапты. Темір тордың арғы жағында қанша жағдай жасалғанымен, бостандықтан сүрген өміріңе не жетсін. Оның үстіне..оның үстіне... Қыз сөзін жалғастыра алмай іркілді. Көзіне келген жасты дереу сүртіп, оның үстіне әкесінің өмір сүруіне аз уақыт қалғандығын айтты. Сол себепті оның түрмеде емес, бостандықта отбасының жанында қалуы үшін барлығына дайын болған. Қандай батыл қыз десеңші деп ойлады Сәту. Мұндай батылдық кез келгеннің қолынан келмейді. Әкем деп айтып отырғаны тақырбас секілді. Қыздың түріне анықтап қараса ұқсастықтарын да байқауға болады. 

Ал әлгі жігіт, аты кім Медеумеді...

Медғат. Ол жақсы жігіт. Әкем екеуі бір камерада отырған. Әкемнің түрмеден қашып шығуына да көмектесті... Ол қылмыскер емес. Нағыз қлмыскер ол әлгі Алау. Сондықтан сен өз ісіңе өкінбе.

Қыз барынша оны жұбатуға тырысты. Өмірде бір сұмырай аз болса жақсы. Бірақ оның жазасын беретін кім? Міне осы сұрақ Сәтуді мазалады. Ол кісі өлтірді. Қолын қанға бояды. Қанша жерден ақталса да ол қылмыс жасады. 

Енді не болмақ? Кеше ғана қарапайым жүргізуші таксист едім, бүгін қандықол қылмыскер болдым. Барлығы сендердің кесірлерің. 

Қыз жауап бермеді. Алдыға қараған күйі өңі бозарып көлікті тоқтатуды сұрады. Алғашында оның айтқанын тыңдағысы келмеген жігіт анықтап қарай келе алдарында тұрған жол көлік қызметкерлерінің көлігін байқады. Жүрісті баяулатып, енді не істейміз дегендей қызға қарады. 

Мен барлығын мойындаймын. Мейлі түрмеге жапса жапсын. Мен қашпаймын.

Сандырақтама. Не айтып отырғаныңды өзің түсінбей тұрсың. Үйіңде күтіп отырған әйеліңді, балаларыңды ойла. Ештеңе болмағандай жүре бер. Ретін табармыз...

Ал тапанша? Оны қайтеміз?

Ол жағын алаңдама. Көріп тұрсың ғой көлік кептелісі жоқ. жолда әншейін тұрулары мүмкін. Жүре бер.

Қыз айтқандай Сәту жүрісті тоқтатпады. Қызметкерлер көлігін тоқтатқан кезде жүрегі жиі соғып, өзін қоярға жер таппай қатты қобалжыды. Құжаттарын көрсете отырып, не үшін тоқтатқандығын, мән жайды сұрады.

«Түрмеден қашқан адамдар әлі табылмады. Оның үстіне А-А тас жолы жиегінен бір адам мәйіті табылған. Сол себепті әр ауылға кірер жолда осындай қызметкерлердің тұр» деп қызметкер мән жайды түсіндірді. Жолда тұрған қызметкерлер қыздың құжатын тексермеді. Есесіне көліктің ішін, артқы орындарды жіті бақылап, көңілге күдік туғызатын ештеңе таппаған соң жолаушыларды жібере салды. Қорыққан тек Сәту ғана емес, қыз да қатты қобалжыса да сыр білдірмеуге тырысты. 

Қара жолмен жүрсек мүмкін ешкімді жолықтырмаспыз, - деді Сәтуге қарап. 

Керісінше қара жол алақандағыдай көрінеді. Күдік туғызуымыз мүмкін. Егер ешқайда тоқтамасақ бір сағатқа жетпей жетерміз. Тек мені осыдан кейін жөніме жіберсеңдер...

Сәтудің міндеті әлі бітпеген еді. Тек оны өзі білмейтін. Айтқанындай жолда еш кедергісіз жетті. Ол жеткен соң, лезде көлігін бұрып кетпекші еді, қандай күш өзін тоқтатқанын өзі де түсінбеді. Бұрын соңды адамдарды жарты жолдан тастамайтын. Әлде сол әдеті ме, жоқ әлде өзі де қылмыскер қатарына еніп, қашқындармен бірге қашпақшы болдыма белгісіз. Қызбен бірге көлігінен түсіп, үйге қарай беттеді. Үй иесі қарт кісіні көргенде Сәту әкесін көргендей қатты қуанды. Есесіне араларында бір адамның жоқ екендігін байқады. «Бұл ойындарыңнан шаршадым, қайда ол, оны да өлтіре салдыңдар ма? Қайда?» Үнемі өзін сабырлы ұстайтын жігіттің бұл қылығы барлығын таң қалдырса керек, ешкім оған қарсы келмеді. Жолда болған жағдайды қыз Медғатқа түсіндірген соң, ол Сәтудің бұл әрекетін түсінгендей болды. 

Біз ешкімді өлтірген жоқпыз. Қасымыздағы жолдасымыз өз жолымен кетті. Біз оған қарсы болмадық. Біз темір тордан қашсақ та, сен ойлағандай       қылмыскер емеспіз. Ал сенімен ерткен біздің адам қайда? Мүмкін соны түсіндірерсің?

Медғат мән жайды білсе де, болған жағдайды Сәтудің өз аузынан естігісі келді. Қалшылдаған жігіт барлық болған жағдайды баяндап, көз жасына да ерік берді. Бұл жолы ол ұялмады. Шарасыздықтан, екі күн бойы көргендерінің куәсі болғандығына, өз қолымен кісі өлтіргендігінен жылады.

Бойын кернеген қорқыныш пен шарасыздық. Бұл адамдар өздерін қанша жерден қылмыскер емеспіз деп ақтағанымен, қылмысқа жол берді. Қанышердің жазықсыз адамдарды өлтіруіне бөгет болмады. Сол үшін ол бұл адамдарға сенгісі келмеді. Сене алмады. Бұның барлығын бастапқыда басқарған ұзын қара деп ойласа, ендігі барлық жоспар мына тұрған жас жігіттің жоспары екендігіне көзі жетті. 

Енді маған не болмақ? - деді Сәту Медғатқа қарап. Менің өмірімнің астан кестені шықты. Қылмыскерлермен бірге өзім қылмысқа бардым. Кеше қарапайым адам едім. Ал бүгін... 

Мен сені түсінемін. Ия, сен адам өлтірдің, бірақ сен оны өлтірмегенде ол Динараны өлтіретін еді. Сонан соң сені. Сен барлығын дұрыс жасадың, өзіңді босқа кінәлама.

Оны менімен бірге жіберген сен. Мына сен. Оның адам өлтіруден шүйлікпейтінін біле тұра бірге жібердің. Мүмкін сен де адам өлтіретін шығарсың? Мен сені білмеймін. 

Сәту ашулана Медғаттың жағасынан алды. Жігіт ешқандай қарсылық көрсетпеген соң, жұдырықтауға дәті жетпей, жағасын умаждап қоя салды. Басын құшақтаған күйі шарасыздығын білдіріп, қозғалмастан отыр. 

Егер уәделескендей бастаған ісіңді аяқтап, бізді тиісті жерге жеткізсең, келіскен ақшадан он есе төлеймін.

Ал егер келіспесем ше? Менің өмірім не болады? Біреулерді түрмеден қашуға көмектесіп, өзім темір торға қамаламынба? Сендерге жасаған жақсылығымның құны менің бостандығым болғаны ма?

Мен сені өте жақсы түсінемін. Әлі де болса осы жерде отырғаныңа қарағанда мойныңа жүктелген жауапкершілікті арқалауға дайынсың. Ал сенің бостандығыңа келетін болсақ, Алауды сен өлтіргендігің туралы ешқандай айғақ жоқ. Отбасыңды алып басқа аймаққа көшіп кетсең тіптен жақсы.. Барлығы өзіңнің қолыңда.

Ол жігіттің сөздеріне иланғандай болды. Таңменен шекараға жеткізген соң міндетің аяқталады. Біз сені, сен бізді көрмейсің деген сөзді өзіне жұбаныш етті.  Егер барлығы сәтті аяқталса үйіне аман есен оралып, өз еркімен берілмек. Ия, Сәту солай шешті. Өмір бойы өзімен арпалысып өмір сүргенше, кінәсін мойнына алмақ. Арғы жағын өмірдің өзі көрсетер деп ойлады. 

Күн сәулесі бұлттардың арасынан сығалады да жоқ болды. Үскірік жел мен қар жаңбыр араласа жауып бүркіп тұр. Көлігін қыздырып біраз отырды. Түнімен көз ілмегендігі түрінен байқалады. Көздері қызарған, өңі бозарған. Беті аузы уақытында ұстара тимеген соң қатты қамыстай сақал мұрт қаулаған Сәтудің түрі әбіржулі еді. Көлікке қариядан басқаларының барлығы жайғасты. Алғаш көрген күндегідей ешкім алдыңғы орынға отыруға ниет білдіре қоймады. Оның да өзіндік себебі бар шығар. Артқы терезелер қара қағазбен қараңғыланған соң, көліктің ішінде отырған адамды сырттағылар көре алмайды. «Бісіміллә» деп жолға шыққандар таңғы уақытта жолда қызметкерлердің көп тұрмайтындығын біледі. Егер тоқтаусыз жүріп тұрса үш сағаттан соң шекараға да жетеді. Сәтуден гөрі қыз бен жігіттің ұйқылары қанып, көңілдері жайланғандары байқалады. Ал тақырбастың яғни қыздың әкесінің жүзі жабырқаулы көрінді. Егер қыздың айтқаны рас болса әкесінің өмір сүріп жүруіне бірнеше ай уақыт қалды. Тірі болғанға не жетсін деп ойлады. Адамдар денсаулығын да бостандығын да қолда бар кезде бағаламайды. Өмірдің әр секундының қымбат екенін сол өмірің қиылар сәтте ғана түсінесің.  Бостандықты темір торға қамалғанда түсінесің. Ойына кешегі жағдай тағы түстіме Сәту терең күрсінді. Бұл жағдай түс болып, ұйқысынан тезірек оянуды қалады. Әттең бірақ бұл түс емес. 

Жолдағы үнсіздік іш пыстырып, ұйқыны келтірді. Радио қосып әуен тыңдауға зауқы болмаған соң, үнсіздікті бастап өзі бұзды. 

Барлығың бірге шет елге кетпексіңдерме?

Бұл сұрақты нақты біреуге арнап қойған жоқ. Жауап болмасын білсе де, әйтеуір біреуін сөйлеткісі келді. 

Ия, - деді Медғат қысқа ғана. Қыздың оған оқтала қарағанынан өтіріктің лебі сезілді. 

Ал егер мені тергейтін болса, мен шындықты айтуға мәжбүр боламын.

Бұл сөздерді не үшін айтқанын өзі түсінбеді, әйтсе де қалғып келе жатқандар бірден ұйқыларынан оянғандай үркіді. Қыз тағы да жігітке қарады. 

Шындықты айтқаның дұрыс, - деді жігіт сабырлы қалпында. Бірақ барлық шындықты бүге шүгесіне дейін айтатын болсаң өзіңе де күдік туғызуың мүмкін. Бізді тастаған соң қайтар жолда ойлануға біраз уақытың бар. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін жағын қарастырсаң ешкім де зардап шекпейді.

Жігіттің ақылгөйсіп сөйлегені ашуын келтірсе де, сөздері расымен ой салады. Бірақ адам өлімі өзін судан таза сүттен ақ ете алмас. Өз қылмысын мойындағанымен, өзгелерге қашуға көмектескенін айта алады ма. Оны уақыты келген кезде көреді. Әзірге жолына қарап, тағатсыздана тезірек мына адамдардан құтылсам екен деп ойлады. 

Жолдары болып, тиісті жерге жеткенше ешкім кезікпеді, ешкім де көлікті тоқтатпады. Шекараға жақындаған соң одан әрі қарай қозғала алмайтынын білген Сәту көлігін сөндірді. Үш сағат емес, үш күн жанында болған жолаушылар онымен қоштасуды жөн көрмеді. Қыз бен әкесі заттарын алған күйі тез тез жүріп, шекараға кетті. Жанына келген Медғат оған бума ақша ұсынып:

Мынаны ал.  Сөзіңде тұрғаның үшін. Егер біз туралы сұрап жатса... Менің не айтқанымды есіңе аларсың. Аман бол.

Оның ұсынған қолын қайтара алмады. Қылмыскер болмаса да түрмеден қашқан, өзін мынадай жағдайға әкелген жігіттің қолын алды. Ол сөмкесін арқасына ілген күйі теріс айналып, әлгі екеуінің соңынан ілесті. 

Көлікке кірген соң қолындағы ақшаға таңырқай қарады. Санауға тырысты. Тым көп. Бума ішінен өзіне қажетін алды да қалғандарын тығып қойды. Әлгілердің соңынан бір қарап еді көрінбеді. Ендігі бағыт ауыл. Тоқтамастан жүріп отырса, қараңғы батпай жетіп те қалар.

4-бөлім

Алыстан телемұнараның төбесі көрінген кезде ауылға жақындағанын сезді. Ұзақ сапардан оралған кезде де осылайша ауылға келгеніне қуанбаған еді. Барлығы сол қалпында.  Күн суытса да адамдар әлі жайылымнан түліктерін ала қоймаған. Ол үйіне жетемін дегенше қас қарайып, қараңғылық түсе бастаған еді. Әкесінің көлігін бірден таныған ұлдары «әкелеп» соңынан жүгірді. Өздерін сондай сағынған. Сәту көлігін ыңғайлап қоя салысымен тезірек екі ұлын құшағына алды. Баланың құшағында барлық қиындық ұмыт болғандай. Машинаның гүрілін естіп сыртқа шыққан әйелі куйеуіне «Келдіңбе әйтеуір» деп бір қыңқ етті де балаларына үйге кіріңдер деп айғайлады. Жұбайының мұндай қылығына еті үйренсе де, бұл жолы бар күшімен әйелін өзі кеп құшақтады. Қатты қысқаны соншалық оның бұл әрекетіне келіншегі қорқып кетті. Сырттай суық көрінгенімен бар жанашыры, бар сенері, екі ұлының анасы осы әйел. «Жәй сағынғанымғой» деп Сәту өзін өзі қолға алуға тырысты. Дереу шәй демделіп, тамақ дайындалды. Бірнеше күнгі сапардан әбден қажыған ол өзін ретке келтіріп болған соң дастархан басына жайғасты. Әдетінше ауылдағы жаңалықтарды сұрады. Аса маңызы жоқ күйбең тіршілік. Кенет келіншегінің есіне әлдене түскендей

Сен сапарға кеткен күні көршінің үйіне бір топ тергеушілер келді. Әлгі Ақанға. 

Сәту ішіп отырған шәйіна қақала жаздады.

Ия, содан? – деді дауысы дірілдей

Түрмеден адамдар қашқан. Соларды іздеген болуы керек. Кеше сорлыны тағы да тергеп өздерімен алып кетті.

Қайда алып кетті?

Түрмеге шығар. Әлгі қашқындарға қатысы болғанғой. Байғұс шешесі жылап қалды.

Қашқындарға өзін нұсқаған осы жігіт екені анық. Егер ол барлығын мойындайтын болса милиция соңынан келуі керек. 

Мені ешкім іздеп келмеді ме?

Жоқ. барлығы біледіғой сенің сапарда екеніңді.

Қашқындардан құтылып, үйіне аман есен жетсе де бұл оқиға әлі бітпегендей. Медғаттың берген ақшасын бөліктерге бөліп үйдің әр жеріне тықты. Бір бөлігін әйеліне ұстатты. Жоқ, ол өзін сыбайласпын деп есептемеді, және бұл өзінің еңбегімен тапқан адал ақшасы. 

Түнімен көз ілмеген жігіт ертеңгісін өзі заң орнына берілемін деген шешімге келді. 

Таңға жуық көзі ілінген болар, есіктің қатты дүрсілінен шошып оянды. Келіншегі барар деп ойлады, бірақ ол орнынан тұрмаған соң көзін толық аша алмаған күйі есігін ашты. Іргеде тұрған милицияларды көріп лезде есін жыйды.

Жұманов Сәдірбек сіз ғой?

Ия, мен

Бізбен бірге участкеге жүріңіз.

Ол неге деп те сұрақ қоймады. Сұрамаса да белгілі. Киімдерін киіп сыртқа шықты. Өз еркіммен берілемін, мойындаймын деген бекершілік. Мыналардың алдында мойындамақ түгілі, ойланбай сөйлеудің өзі қорқынышты.  Участкенің іші тым суық, қараңғы. Кірген адамға еріксіз қорқыныш туғызады.  Өзін тергеуші Рахмановпын деп таныстырған жігітті бұрын соңды көрмеген еді. Шамасы облыстан келген болуы керек деп тұжырымдады. Алдымен сұрақтың төркіні көршісі Ақан туралы басталып, кейін ойға келмейтін сұрақтармен жалғасты. Әзірге ол болған жағдайды толық баяндауға асықпады, Медғаттың сөздерін есіне түсірді. Өгіз өлмейтін, арба сынбайтын. Яғни өзіне де өзгелерге де зияны тимейтін. Тек жол бойында өзінің адам өлтіргендігі туралы айта ламады. Уақыт бар. Сұрақ төңірегінде мүмкін оны да айтар. Түрмеден қашқан қашқындардың суреті біртіндеп көрсетіле бастады. Таныс және таныс емес жүздер. Ол жасырмай сол күні көлігіне мінгендерді танитындығын айтты. Бір жағдайды жасырды. Ол әлгі тақырбас дөкейдің қызы. Ол туралы әзірге жақ ашпады. Тергеушілердің жан жақтан қойылған сұрақтарына шатыспау үшін ойша өзінің айтқан сөздерін жадында сақтауға тырысты. Сәту әлгілердің ішіндегі ұзын қараның жол көлік қызметкерлерін өлтіргенін, олардың кім екендігін білмегендігін айтты. Өз сөзінен шатыспау үшін қарттың үйінде аялдағанын жасырды. Әлгілерді келісім бойынша қала шетінде қалдырып, ауылға келгендігін растай етіп баяндаса да, өтірік айтуға аса икемі жоқ жігіттің сөздеріне қиыснсыздықты байқаған тергеуші оған аса илана қоюға асықпады. 

«Ауылдан көп ұзамай бір қашқынның мәйіті табылды. Бұған не дейсіз?» - деді тергеуші оған сынай қарап. Шамасы жолда қалдырып кеткен жігіт болуы керек. Ол қалай болғанын шынайы баяндады. 

Не үшін көршіңіз сізді таңдады деп ойлайсыз? Неліктен қылмыскерлерді сізге тапсырды?

Бұл сұраққа Ақанның өзі жауап бермесе, Сәту жауап бере алмады. Кішкентайынан еңбекқор, адал, сөзінде тұра алатын қарапайым жігіт Ақанның үлгі тұтар адамы еді. Бірақ оның бұл қасиетін жақсылыққа емес, қылмысқа сыбайлас етемін деп өзі ойламады. Түрмеде жүргенде Алауға қарыз болғаны үшін басқа емес, Сәтуді сөзінде тұратын адам деп таңдаған еді. Мұнысын тергеу барысында да қайталап айтып, өз кінәсін мойындаған. Жүргізушінің бұл адамдарға қатысы жоқ дегенмен, үш күн жоғалған жігіттің жауабы тергеушіні қанағаттандырмады. Темекісін асықпай тұтатқан Рахманов Сәдірбекті оңай жібере салмақ емес.

«Екі қызметкердің өлі денелері табылды. Олардың бірінің әйелі жесір, балалары жетім қалды. Енді қайтіп әкесін көрмейді. Мойнына еркелеп асыла алмайды. Ал сіз, сіз сол қылмыскерлердің қайда екенін жасырып отырсыз. Мейлі қайсысы өлтірсе де, олар адам өлтіруге жол берді. Қылмыскермен бірге қашты. Бөгет болмады. Сондықтан оларды ешқандай ақтап алуға келмейді. Егер сіз, бізден әлденені жасырып, немесе өтірік айтқан болсаңыз, сіз тек сыбайлас емес, нағыз қылмыскердің өзі боласыз. Сіздің жұбайыңыз да, балаларыңыз да сол адамдарды жасырғаныңыз үшін кешірмейді. Балаларыңызға барлығы қылмыскердің баласы деп, әйеліңізге жиіркенішпен қарайтын болады. Сондықтан дұрыстап ойланыңыз.»

Бұл сөздер сүйектен өтетіндей ауыр тисе де қураған бұтақтай шорт сынбады, әйтсе де тергеушінің айтқан сөздері құлағынан кетпеді. Әсіресе отбасын мысалға келтіргенде көз алдына жабырқаулы балалары елестеді. Үйінде де әйелі күліп қарсы алмады. Сапардан өзгеріп келген күйеуін тосыннан тергеуге шақыртқаны, ісінде бір шикіліктің бар екенін сезді. Оның үстіне Сәту жасырған ақшаларды да тауып алған еді. Әйелден ештеңе жасыра алмайсың. Табиғатынан сабырлы Гүлжан бұл жолы мінезін көрсетті. Бас қосқан он бес жылдың ішінде бұл екінші рет осындай мінезін көруі. Біріншісі бір апта хабарсыз кетіп үйіне оралған кезде өзімен айлап сөйлеспей қойғаны бар еді. Содан бері оны мүлдем іздемейтін әдет шығарды. Екіншісі осы жолы. Түрінен түр қалмаған. Көзі аларып, өңі бозарып мүлдем сөйлемей қойды. Әйтсе де ол келіншегінен ештеңе жасырмайтын. Қырсық мінезі болғанымен, ақыл сұрағанда талай жөнін айтып, бағыт көрсеткен. Бұл жолы да ешкімге айта алмаған сырымен бөлісуге тура келді. Ол бастан аяқ болған жағдайдың барлығын баяндады. Тіптен қызды құтқарамын деп ұзын қараны өлтіріп алғанын да жасырмады. Әйелінің бір сөзін бөлмей үнсіз тыңдағанына риза болса, оның адам өлтірдім деген кездегі көздеріндегі қорқынышты да байқап үлгерді. Сәтудің әр сөзін мұқият тыңдаған келіншегі тек бір ғана ақыл берді. Барлық шындықты айту. Мейлі сыбайлас деп күдіктенер, мейлі айтқан сөздеріне сенер, бірақ шындықтың аты шындық. Бір шешімі табылар. Егер керек болса жасаған қылмысы үшін жазықты болар, есесіне құдай мен заң алдында қарыз болмайды. Гүлжанның шешімімен іштей келіссе де, өзіне мойындауға батылы бармай, тергеушіге шындықты айтпауға мың сылтау іздеді. Мүмкін қорқыныш болар, мүмкін қорқақтық болар, күнде барамын деген бос уәдемен жүргенде үшінші күн дегенде милиция есігін қайта түртті. Бұл жолы сыпайы ескерту емес, қолын қайырып, қылмыскер ұстағандай кісендеді. 

Басыңа түспейінше түсінбейсің дегендей, бұл жағдай Сәтуді қатты қорқытты. Тергеушінің алдына барып барлығын айтатынына ант етіп, тек қолындағы кісеннен босатуды өтінді. Тергеуші оның айтқанын істеді. 

Мен сізді дұрыс адам деп ойлаған едім. Ия рас, күдігім болды, сіздің бұл жағдайға қатысы жоқ дегенге сендім.

Ақтала сөйлеген ол болған жағдайды толық баяндайтынын айтты. Сол күнгі таңғы тұманнан басталған әңгімесі соңғы рет Медғатты шекарада қалдырумен аяқтады. Бірақ ең маңызды оқиға Алауды өлтіргенін жасырды. 

Оқиғаның қалай болғаны бізге мәлім. Тек сіздің айтқаныңыздан сәл өзгешелеу. Бұл ақпарат бізде қайдан деп ойлайсыз?

Білмедім. Көрші жігіт мүмкін.

Алау деген лақап ат сізге таныспа?

Жүрегі зырқ етті. Қанша жасырса да мойындау керек. Сәтудің дауысы сенімсіздеу естілді.

Таныс.

Ол сіздің көлігіңізде болды солайма?

Солай.

Сіз әлгі қарияның үйінде қалып, кейін келген кезде жоқ екендігін айтып отырсыз. Бір қызығы ол А.. бағытындағы жол жиегінен ес түссіз жатқан күйінде табылды. Оқ тиген. 

Ол тіріме? 

Дауысының қалайша қатты шыққанын, жүзіндегі таң қалу мен қуанышты жасыра алмады. Тергеуші Сәтуге сын көзбен ұзақ қарады. Оның бұл көзқарасынан сенімсіздік пен сенім қатар байқалады.

Ия, ол тірі. Есін жиған соң тергеу ісіне барлық оқиғаны баяндады... сол себепті біз сізге кісен салып, күдікті ретінде қамауға алуымызға тура келді. Сіз шындықты жасырдыңыз.

Егер ол олай әрекет етпегенде әлгі ұзын қара қызды өлтіретіндігін айтып түсіндіруге тырысты. Қаныпезер қылмыскер болса да, оның тірі екендігіне қатты қуанды. Бірақ мұнымен іс аяқталған жоқ, керісінше жаңа бастау алып, ендігі бар күдік Сәтудің өзіне түсті. 

Ауруханаға түскен Алау полициялардың қоршауында болды. Өзін өлтірмек болған жүргізушіден, өзін тастап қашып кеткендерден кек алу үшін есін жиғанын білдірмеуге тырысты. Өзінің енді құтылмасын сезген соң, тергеу ісіне көмектесіп, жазасын жеңілдетпек ойы болды. Ол тергеу ісіне Сәтуді түрмеден қашуды жоспарлаған Медғатпен бірге сыбайлас дегенді ойлап тауып, жол бойы өзі жасаған қылмысты Медғатқа аударды. Өзіне оқ атып, қашқан Сәтуді де, жолда көлікке отырған қыз Динараны да барлығы Медғаттың сыбайластары деген ақпарат берді. Ол оқиғаны тура Сәту баяндағандай баяндап, қылмыс болған жағдайды Медғат пен Сәтуге ысырды. Сөзден басқа ешқандай дәлел жоқ. Сәту өз ісін мойындады. Енді оған түрмеден қашуға көмектескені үшін деген айып тағылып, үстынен іс қозғалды. 

Өмірі күрт өзгерген жігіт басына түскен қиындыққа барынша төтеп беруге тырысты. Бастапқыда адам өлімі үшін өзін кінәлі санаса, ендігі өзіне жазықсыз тағылған айыптан қалай құтыларын білмей күйзеліске түсті. Бар шындығын айтса да, тергеуші Алаудың сөзіне иланатын секілді. Иланбағанда ше, тергеу ісінде шындықты жасырған өзі, егер басынан бастап бар шындықты айтқанда мүмкін бұлай болмаспа еді. Медғатты қанша ақтауға тырысса да, өзінің ол жігітке ешқандай қатысы жоқ екендігін айтса да, өзінің оның сөздеріне ешкім сенбеді. Өзін нұсқаған көршісі Алаудан қорықтыма, әлде түрмеге қайта түсемін деп ойладыма ол болған шындықты бұрмалай айтып, Сәтудің бұрыннан бұл іске қатысы болуы мүмкін деген де тұжырымды жоққа шығармады. Бірнеше айға созылған іс әлі де жалғасарма еді, далалықтағы үйден кезіккен қария келмегенде. Ол қарияның бар екенін сендіріп айтқаны соншалық, ол аялдаған үйді іздеген тергеушілер оны бірден таппады. Жіті бақылаудың арқасында қария ұсталып, ол да тергеу ісіне өз үлесін қосты. Бір қызығы отыз жыл далалықта қой бағатын үлкен кісі үйіне аялдаған қонақтардың мүлдем қылмыскер қашқындар екенінен бейхабар. Бұған дейін ол Медғатты танитындығын айтты. Бала кезінен осы аймақта жүретін бала, есейген соң да бұл жерді ұмытпай, үнемі қонаққа келетін. Алдымен далалықта адасқан Сәту есігінің алдына құлағанын, кейін оның соңынан ілесіп төрт ер адам мен бір жас қыздың келгенін айтты. Ертеңгісін үш адам бөлек көлігіне мініп кеткендігін де есіне түсірді. Қарияның сөзі Сәтудің сөздерімен сәйкес келетіндей. Бірақ ол оның бұл қашқындарға қатысы жоқ деген сөз емес. Екі қашқын туралы мүлдем хабар жоқ. Медғат пен дөкейдің ізі де жоқ. Тергеуден соң дөкейдің қызы Динараға да іздеу салынды. Алайда оны да іздеп таппады. Шекара бекетіне де суреттері ілініп, ақпарат алынды. Олар ешқандай шекарадан өтпеген. Сонда қалай, мұның барлығы Сәтуді алдау үшін жасалғаны ма? Жоооқ мүмкін емес. Өздері қашып жүріп, өмірлеріне қауіп төнгізе отырып жасаған әрекеттері жүргізушіні алдау мақсатында болғаны ма. Бұған сену қиын еді. 

Қашқындарға қатысы бар деген айыппен сотқа іс жолданды. Сәтуді жақтайтын куәгерлер тым аз. Болса да енді оны құтқару мүмкін емес еді. Көзіне жас алған жұбайы күйеуіне жаутаңдай қарады.  Адам тағдыры шешімі жоқ жұмбақ секілді. Кеше ғана арманына қол жеткізіп, алаңсыз жүрген жігіттің тағдыры бір сәтте быт-шыт болды. Неге, не үшін мұндай сынақ берілгенін өзі де түсінбеді. Сот үкім шығарып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Мықты болуға тырысты. Өзіне жазғыра қараған адамдардың алдында сынғысы келмеді. Жігіт бәріне де шыдауы қажет. Ол өзін осылайша жұбатты...

                                                        ***

Көпшіліктің арасынан үнсіз отырған тұйық жігітті Динара бірден байқады. Келбеті де көп қазаққа келіңкіремейтін, мүмкін басқа ұлтпен шатысы бар жігіт ұстамды мінезімен ғана емес, ерекше тартымды келбетімен де көзге түсетін. Жігітпен алғаш өзі барып танысқан қыз, оның ерекше ақылды екенін де байқап үлгерді. Динара мен Медғаттың кездейсоқ таныстықтары осылайша басталған еді. Динара ауқатты, бай жердің қызы. Өзін еркін ұстап үйренген, өз қалауы мен сезімдерін де ашық жеткізе біледі. Ал Медғат, жұмысқа тұрса да бұрынғы әдетін қоймаған еді. Бірақ адам шын қаласа өзгереді. Динараны жолықтырған соң, жаман әдетін доғарып, оған лайықты болуға тырысты. Араларындағы ұшқын сезім лаулай жанып, үлкен махаббатқа ұласқанын өздері де сезбей қалды.  Қыз әкесінің науқас екендігін, оның үстіне темір тордың ар жағында жатқанын айтқан кезде, ойына ой келіп оны құтқаруды ойластырған да өзі еді. Осылайша ол бұған дейін жасаған әрекетін ақтап, сүйген қызының алдында өзін «лайықты» санағысы келді. Медғаттың ойлау қабілеті басқаларға мүлдем ұқсамайтын. Мүмкін сол қасиеті де Динараны тартқан болар. Ол бұл ұсынысты естіген кезде оны есерсоқ санап, шошынған еді. Алайда әкесінің өмір сүруіне аз уақыт қалғанын ойлаған қыз бұл ұсынысты қабыл алды. Бұл ой бірнеше ай жоспарланды. Барлығы жоспар бойынша жүзеге асады. Егер өздері ойластырған жоспар жүзеге аспаған жағдайда екінші, ол болмаса үшінші нұсқа болатын. Бұл жоспардың ішінде Сәту мүлдем жоқ еді. Өмірде барлығы адамның ойлағанындай бола бермейді. Жазықсыз жігіттің бұл іске қалай кіріп кеткені кездейсоқтық болар. Бірақ кездейсоқ ештеңе болмайды. Барлығы сабақ үшін беріледі. Жоспарда қылмыскер Алаудың кісі өлтіруі, кірмеген еді. Қылмыскердің жазықсыз адамдарды өлтіруіне бөгет бола алмады, бірақ қылмыскерден құтылмаса ешнәрсе жүзеге аспайтынын түсінген соң, үшеуін бір көлікпен сапарға жіберу де сол жоспардың бір бөлігі еді. Егер Алауға Сәту оқ атпағанда, мүмкін оқиға басқаша бағыт аларма еді. 

Сәтудің шекарадан кеткеніне толық көздері жеткен соң, сол жерден дайындаған көліктеріне мініп, мүлдем басқа жаққа бет бұрды. Шекараға келу ол барлығын ізден адастыру үшін ойлап табылған әрекет. Жүргізуші ұсталып, тергеуге алынған кезде ол шындықты білмеуі тиіс. Алайда жазықсыз адамға айып тағылып, оны түрмеге қамау Медғаттың ойына да, адами моральдық қағидасына да кірмеген еді. Теледидардан қашқындарға қатысы бар такси жүргізушісі айыпталды дегенді естіген соң, бостандықта байыз таппаған жігіт, Сәтуді ақтап алудың амалын ойластыра бастады.

   Темір тордың арғы жағы мүлдем басқа әлем. Ызғар мен ылғалды суық та сұрлы жер онсыз да түсірген еңсені одан сайын қақсатып жіберердей. Адам үш күннен соң көрге де үйренеді дейді, бірақ бұл жерге үйрену мүмкін емес еді. Бостандықты, үйіңде жылы төсек пен дайын тамақтың, еркіндіктің қадірін осы жерде түсінесің. Әлгі түрмеден жанталаса қашқандардың жағдайы енді түсінікті болғандай. Темір тор ол – тозақ өмір. Тәнің мен қоса жаныңды да күйрететін жер. Сондықтан әр адам қиянат жасамас бұрын дұрыстап ойланғаны жөн болар. Егер айыпталушы өз кінәсін өтеуге осы жерге түссе, жазасын әділ алар еді, ал егер басқаның жасаған кінәсі үшін жақызсыз айыпталса ше? Сәдірбектің бұл жерге түсуі әділдік пе, жоқ әлде оның расымен кінәсі болдыма. Мүмкін ол өз өмірін тәуекелге қиып, бар күшін жиып кетуге мүмкіндік болған кезде өз мүмкіндігін жіберіп алдыма. Өзін Алаудың өліміне қатысы бар деп, өз еркімен берілмек болды, алайда ол тірі боп шықты. Ендігі айыбы осы қашқындарға қатысы бар, сыбайлас дегені. Өзін қанша жерден ақтап алуға тырысса да, әділдік теріс айналып кеткендей. Енді тым кеш. Барлығын мойнымен көтермек. Қанша тырысқанымен бұл жердің иісіне де, тамағына да, адамдарына да үйренісе алмады. Үйреніскісі де келмеді. Бір-екі адам қызығушылық білдіріп, өзімен сөйлесуге ниет білдіргісі келген сыңай танытқанымен Сәту сөлесуді жөн көрмеді. Ол оқшауланған күйі ешкіммен қарым-қатынас жасамады. Бастапқыда келіншегі жиі келетін, алайда оған да бұл жерге келуге тыйым салды. Өз қайғысымен оңаша қалған жігіт әр нәрсені бір ойлап, ой елегінен өткізді. Әсірсе мынадай қоршаулы қамаудан қашып шығуды ойластырған Медғатты есіне алды. Оның тапқырлығына таңданып қайран қалса, біржағынан оны жек көрді. Егер ол болмағанда өзі мұндай күйге түспес еді. Төрт қабырға адамға ойлануға мүмкіндік береді. Кейде адам өз ойынан да жалығады. Темір тордан қаша алса да, өз ойынан қашып құтылмас. 

Сырттағылардың ерекше шуынан оянып кетті. Қалай көзі ілініп кеткенін байқамай қалса керек, кітаптан көзі талған болар. Шулаған дауыстар біртіндеп өзі жатқан камераға жақындап келеді. Орнынан қозғаламын дегенше, ентелей кірген ұзын сұлба тамағынан шап берді. Тынысы тарылып, айғайлауға да шамасы келмеген жігіт көзін әрең ашты. Ербиген ұзын саусақтарымен тамағына жабысқан ұзын қара. 

Қолыма түстіңба бәлем, енді менен ешқайда қашып құтылмайсың, - деп қарқылдай күлді. Жан жағы адамдар күлкілері келмесе де жағымпаздану үшін қоса күледі. Түрлерінен енді не болар екен дегендей таңданыс.

 Сәтуге ендігі бостандығы үшін емес, темір тордың ішінде өмірі үшін күресетін уақыт келгендей. 

Бұл жерде уақыт та басқаша жүреді. Тым баяу, тоқтап қалған секілді. Алау келгелі үш рет таяқ жеген жігіт өзін қорғаудың амалдарын ойластыра бастады. Қанша жерден зұлымның көзіне түспеуге тырысса да, қай жерден болсын ол онытауып алды. Ол Сәтуді өлтіре алмайды, есесіне қасақана зиянын тигізуі әбден мүмкін. Бұл үшін ол ешқандай да жазаланбайды. Себебі куәгерлер мұндай жағдайда ештеңені көрген де жоқ, естіген де жоқ. Күннен күнге рухы сына бастаған жігіт бостандықта Алауға төтеп берсе, темір тордың арғы жағынан күшін көрсете алмады. Осы жолы жеңіне қатты қарындашты тыққан ол қай жерден өзіне тұтқиылдан бас салатынын білмеді. Сол себепті жалғыз ғана қаруы қатты қарындаш. Тым болмаса үшкір жағын құлағына немесе мұрнына тығып алса деген ой. Ол енді ұзын қараны екінші рет өлтіріп алудан қорықпады. Керісінше, сол кезде оның тірі қалғанына өкінгендей. Артынан шап берген Алауды байқап үлгермей, екі қолымен итере қарсыласса да, ауа жетпей тұншыға берді. Көзінің алды қарайып, есін жоғалтуға сәл ақ тұр. Қолындағы үшкір затты бар қарқынмен сермеді. Өзін буындырған ұзын қолдар лезде жібере қойды. 

Сүмелек неме, мені екінші рет тағы жарақаттағың келдіме. Мен сені аямаймын. Сені мен мүгедек етемін жексұрын...

Ол жерге құлаған Сәтуді аяусыз тепкінің астына алды. Әсіресе басынан, бүйрегінен, қабырғасынан. Ол барынша қорғануға тырысса да, орнынан көтерілуге шамасы келмеді. Бүктетілген күйі екі қолымен бетін жаба берді. Ешкім араша түспеді. Басынан аққан қан бетін жуып кетті. Бұл сұмдық мүмкін бітпеспе еді, күзетшілер байқап, араша түспегенде. Ес түссіз жатқан Сәту енді көздерін ашуға да шамасы жоқ. Барлығы артта қалғандай, бір жеңілдік пайда болды. Көз алды тұман. Сол тұманның ішіне еніп барады. Артына қараса келіншегі мен балалары жаутаңдай қарайды. «Мен қайта ораламын, мен қайта ораламын» - деп қалың тұман арасына ене берді. 

Бетіне түскен жарықтан көзін сығарайта ашып, не болғанын түсінбей айналасына көз жүгіртті. Темір тор емес. Бірақ үйі де емес. Шамасы ауруханада жатырмын деп тұжырымдады. Басы солқылдап, денесі мүлдем қозғалтпайды. Ол ауырсынғаннан ыңырсып жіберді. Дереу бөлмеге ақ халат киген ер адам келіп оның көз қарашығын тексеріп, маңдайын ұстады.  Ол Сәтуге қарап, оның аман қалғанына қуанды. Сәл болмағанда ол ана дүниеге аттанар еді. 

   Ақырындап көзін ашып, ақырындап тамақ ішіп, бойын көтеріп отыра бастады. Ал екі аяғын басып толық жүріп кете алмады. Бір өлімнен қалғанымен, мүгедек боп қалмасына кепіл жоқ. Осындай ойлар жанын жегідей жеп, күннен күнге халі нашарлай берді. Сәтудің бұл түрін көрген әйелі көз жасын көл етіп, егіле жылады. Жиырма күннің ішінде қу сүйегі мен үмітке толы көздері ғана қалған. Жүдейін деп жүдеген жоқ, уайымнан ас баспады. Әйтпегенде темір тормен салыстырғанда бұл жер хан сарайымен тең. Оның үстіне күнде тепкіге алатын ұзын қара да жоқ. Бірақ бұл уақытша. Осындай шарасыз күйге түскеніне налып, түн ішінде барлығы ұйықтаған кезде, тыныш қана жастығына тұншығып жылап алатын. Мың сан рет ойында сол тұманды күнге қайтып барды. Егер сол кезде басқаша әрекет еткенде мүмкін мұндай күйге түспес еді. Бірақ тағдырыңды өзгерте алмайсың. Басқа түскеніне көнесің. 

Балдағына сүйене екі үш адым аттады да жанындағы керуертке қисая кетті. 

Бұл жерде бір ай уақыт болдыңыз. Аяғыңыз болмаса, сауыққан секілдісіз. Сізге бір-екі күнде арба да кеп қалады. Сосын бұл жерден шығарамыз.

Сәту кібіртіктеген күйі ештеңе айта алмады. «Арбаға таңылған бейшара боламын. Түрмеде мен мына күйіммен тірі өлікке айналамын. Ұзын қара менің өмірімді тозаққа айналдырары хақ. Бұлай өмір сүргенімше...» Әрі қарай келген азғын ойды қууға тырысса да санасына кіріп үлгерді. Әрі кетсе үш күн. Сонан соң арбаға таңылған күйі ол жерге қайтып барады. Ол ұзақ ойланды. Түнгісін терезеге Айға қарап бостандықты аңсады. Қандай керемет. Егер адам бостандықтағы әр сәтін осылай бағаласа ғой. Осылайша Айға телміріп, табиғаттың сұлу көрінісін тамашаласа ғой. Бір шешімге келгендей. Ең дұрыс шешім. Сәту миірбекеден қағаз бен қалам сұрап, ұзақ хат жазуға кірісті. Ол әйеліне арнап хат жазды. Арасында көз жасына да ерік беріп, тамшы жастар қағаз бетіндегі сияны жан жаққа шашыратты. Ол кезде қайтадан жаңа қағаз алып, қайта жазды. Бірнеше рет солай қайталанып, парағы азайған соң, осы жолы хатты аяқтауға тырысты. Ия, Сәту өмірімен қоштасқысы келді. Тек осы түн ғана. Ештеңе өзгермейтінін білсе де бір түн алаңсыз ұйықтайын деп шешті.  Адам үміті сөнсе де, кетуге асықпайды. Сәту өз шешімімен келіскендей терең тыныстап, көзін жұмды. Ертең барлығы шешіледі. Барлығы бітеді. 

Қалың тұман арасына еніп, адасып барады. Көмекке шақырады, бірақ оның дауысын ешкім естімейді. Кенет әлдекім қолын созып, өзін тұман арасынан алып шыққанын көрді. Жақындап қараса алдында тұрған Медғат.

Түсінен оянған соң ойланып біраз жатты. Тым шынайы түс. Кешегі күннен қалған көңілдің ізі де жоқ. Көңілі орнықты, алаңсыз. Түндегі жүзеге асырмақ ойынан өзі шошынды. Өмірін қалайша қиғысы келді. Барлығы уақытша қиындықтар, тірі тұрғанында ол кез келген қиындықты жеңеді. Бұл да бір сынақ шығар мүмкін. Өзін өзі жігерлендіргені қалай, әсер еткен түсі ме сонда? Әлде түсіне кірген Медғат күш бердіме, оны өзі де түсіне алмады. Бүгін аяғын да жерге нық басып, бірнеше қадам жасады. Ол арбаға мүлдем отырғысы келмеді. Әр адымы қиын соқса да, өзінің жүргеніне қуанды. Енді оны түрмеге қайтып баратыны да, ұзын қарамен қайта кездесетіні де алаңдатпады. Бір беймәлім тыныштық. Жүректегі тыныштық. Мүмкін жақсылықтың нышаны болар. Адам күресуді тоқтатып, барлығын қабылдаған кезде жеңеді дейді. Мүмкін бұл Сәтудің өзінің алдындағы жеңісі болар. Әдетінше кітабына үңіліп отырғаны, өзіне қонақ кеп тұр дегенді естіп, таң қалды. Келіншегі жақында келді, одан басқа дос немесе таныстарының келуі екіталай. Балдағына сүйеніп, ақырын басып, кездесу бөлмесіне кірді. Алдында отырған қыздың жүзі сондай таныс болғанымен, қайдан көргенін есіне түсіре алмай әлек. Тек жақындаған кезде ғана кім екенін ұқты. Ол Динара болатын. Ия, сол қашқындармен бірге сыбайлас болған қыз. Ол Сәтудің жүзіне аяушылықпен қарады. Басқа жағдайда Сәту оны көргеніне ашуланып, немесе артық сөз айтып наразылығын білдіруі мүмкін еді, бірақ таңнан бергі сабырлы күйінен өзі де шыққысы келмеді. Ол жәй ғана орындыққа ыңғайлана отырып, қыздың көздеріне тура қарады. Ол сөйлеуге асықпады. «Менің түрімді көрдіңбе, қандай күйге түскенімді көрдің бе» дегендей үнсіз отыр. 

Біз бұлай болатынын білмедік. Алдыңда айыптымыз. - деді қыз үнсіздікті бұзып. 

Көрдің. Көңілің орнына түскен шығар. Бірақ бұл жерде мен емес, бұл жерде сен, сенің жігітің, әкең отыруы тиіс еді.

Әкем енді жоқ... 

Қыз бетін басып еңкілдей жылады. Жылап болған соң, ештеңе болмағандай көзін сүртіп: 

Ия, дұрыс айтасың, бұл жерде біз отыруымыз қажет. Яғни мен отыруым қажет. Барлығы менен басталды, менен аяқталады. Мен де, Медғат та өз еркімізбен кінәмізді мойындадық. Сіз енді боссыз.

Бұл түс пе? Сәту естігеніне сене алмады. Көздеріне жас толып, «бұл рас па?» дегендей қызға қарады, ол «ия» деп басын изеді. 

Әділдік орнады. Жазықсыз адам босатылып, жазықтылар өз еріктерімен жасаған істерін мойындады. Олардың әрі қарай бостандықта өмір сүруге мүмкіндіктері болды, бірақ жазықсыз адамға жасамаған күнәні арқалатуға екеуінің де дәті бармады. Динара әкесі өлген соң, заң орнына өзі келіп, кінәсін мойындауға бекінді. Ол ісіне Медғат та қарсы болмады. Әрі қарай дұрыс өмір сүру үшін, ең бірінші ар алдында, онан соң Сәдірбектің алдында осылай жасауға мәжбүр болды. Көп ұзамай Сәту бостандыққа шықты. Ол жазықсыз темір торға қамалдым дегенімен, жазықсыз екі қызметкердің, бір қашқынның өліміне куә болып, қашқындарды тастап кетуге, немесе ұстап беруге талпынбады. Мүмкін сол кезде мүмкіндігі болмаған шығар, бірақ ол да өзінің тиісті жазасын өтеді. Таразы басы теңесті. 

Медғат пен Динараның соты болып, біреуі он жылға, біреуі жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ өз айыптарын мойындағандары үшін, сот тағы да жеңілдіктерді қарастыратындығын айтты. 

 Екі бала жарыса жүгіріп, әкелерін құшақтады. «Қалай тез өсіп кеткенсіңдер»- деп екеуін иығына салып үйіне кірді. Алдынан күлімдей қарсы алған әйелі, оның мойнына ұзақ асылды. 

Әр адам бостандықтың, отбасының қадірін білсе- қылмыс пен жамандық жасап, заңға қайшы әрекет жасап, темір тордың арғы жағына түспес еді.

                                                      Соңы

Бөлісу:

Көп оқылғандар