Файзулла Төлтай. Мәтіннің шексіздігі: Дерридандық деконструкция

Бөлісу:

28.04.2023 1669

Автор ретінде мәтінді оқымастан бұрын бір дүниені ескертуге тура келеді: Сіз бұл мәтінді толыққанды ешқашан түсінбейсіз. Мәтін көз алдыңызда ілгерілеген сайын мағына мыңдаған көкжиектерге шашырай түседі. Нәтижесінде сіз өз алдыңызға жап-жаңа мәтін түзесіз. Ең қызығы, алдыңызда түзілген бұл мәтін тұрақты емес. Яғни, ешқашан бір орында тұрмайды және қайталанбайды. Ол үздіксіз процесс үстінде. Сіздің мәтінмен ара-қатынасыңыз дамыған сайын, мәтіннің де мағынасы шексіздікке ұласады. Солайша мәтіннің ішінде мәңгілік өмір сүретін боласыз. Себебі мәтіннің сыртында ештеңе жоқ. Бірақ оқып отырған мәтініңіз бұл процесстердің бастауы емес, шартты түрде соңы да емес. Сіз әу баста мәтіннің ішінде болғансыз немесе кіл болмысыңыз мәтіннен ғана тұратынын ұмытпағаныңыз жөн. Олай болса, осы шексіз мәтіндер әлемінде Жак Деррида жайлы дискурс.

Деррида туралы қазақы стильде «бұрын-соңды болмаған алып философ», «беу, қайран, Деррида», «ой әлемінің патшасы» деген сынды көпе-көрнеу мақтаулардан ада, бір ғана нәрсе айтуға болады: Жак Деррида – постмодерндік теориядағы ең басты есімдердің бірі. «Circumfession» атты еңбегіндегі өз тілімен айтатын болсақ, «сәл араптау, аз ғана еврейлеу»  француз философы. Бұл жазбамызда мүмкіндігінше Дерриданың «deconstruction» (деконструкция), «differance» (дифферанция) сынды ұғымдарын қарастыратын боламыз. Әрине, деконструкция ұғымы «шыр етіп өмірге келгеннен бері» көптеген сындарға, айыптауларға, түсінбеушіліктерге тап болғаны жасырын емес. Бұл жазбамыздың әуелгі мақсаты осы түсініспеушіліктерді жою және қазақы қоғамға авторитарлы ойлаудың құрылымын бұзып, оны қайтадан түзу арқылы демократты ойлау жүйесін (оқу жүйесін) ұсыну.   

Дерриданың философиясына Пре-Сократиктерден бастап, ортағасыр дәуірі, қайта өрлеу, Декарт, Кант, Гегель, Ницще, Гуссерль, Левин, Соссюр, Хайдеггер, Леви-Стросс сынды алыптар ықпал еткенімен, Хайдеггер мен Ницщенің орны ерекше екенін айта кеткеніміз жөн. Дәлірек айтсақ, Хайдеггердің «қара шаңырағында» қалған жалғыз ұл. Себебі Дерриданың болу метафизикасына (metaphysics of presence) сыны, әрісі differance, із (trace), қосыша (supplement) сынды ұғымдарының барлығы белгілі бір дәрежеде Хайдеггерден бастау алады. Әрине, мұнда Платондағы «pharmakon», Канттағы «parergon», Руссодағы «supplement» концепциялары мен Гуссерльдің феноменологиясы едәуір дәрежеде «төбе көрсетеді». Бірақ мұның барлығына Хайдеггердің «ізімен» ұласқанын ұмытпауымыз керек. О, бұл дегеніміз, Деррида Хайдеггерді пір көріп, екі көзі төрт болып «табынды» деген сөз емес. Деррида деконструкция жолында Хайдеггерді «бір сыбап» алудан да тайынбайды. Десе де, Дерриданың әлеміне ену үшін оның «қара шаңырақ» иесімен қандай қатынаста екенін, қандай қатынаста емес екенін ұғуымыз қажет деген ойдамыз.

Модернизм алып келген қасіреттердің ішінде өмір сүрген Деррида ие мен құлдың, сөйлеу мен жазудың, жан мен тәннің, ақыл мен сезімнің, ер мен әйелдің, субъект пен объектінің және т.б. сынды иерархиялық қатыстардың ойлау жүйесінде қалыптастырған авторитарзмді жою үшін деконструкция ұғымын қолданысқа енгізіп, әрісі бұған Хайдеггердің «destruktion» және «abbau» сөздері «нәр» бергенін айтады. Бұл туралы өзінің «Letter to a Japanese Friend» атты мақаласында «When I chose the word, or when it imposed itself on me - I think it was in *Of Grammatology* - I little thought it would be credited with such a central role in the discourse that interested me at the time. Among other things I wished to translate and adapt to my own ends the Heidggerian word Destruktion or Abbau. Each signified in this context an operation bearing on the structure or traditional architecture of the fundamental concepts of ontology or of Western metaphysics. But in French "destruction" too obviously implied an annihilation or a negative reduction much closer perhaps to Nietzschean "demolition" than to the Heideggerian interpretation or to the type of reading that I proposed. So I ruled that out. I remember having looked to see if the word "deconstruction" (which came to me it seemed quite spontaneously) was good French» дейді. Яғни, Деррида француз тіліндегі «destruction» сөзі Хайдеггерді толып ашпайтынын, керісінше ницшелік «стильде» қирату, талқандау мағынасында қолданылғаны үшін, оның орнына Француз сөздігі Liter-дегі «deconstruction» қолдануға мәжбүр болғанын айтады. Яғни, deconstruction (деконстукция) әуел баста Деррида мәтіндеріне Хайдеггерден аударма деңгейінде енген болатын. Кейіннен грамматикалық, лингвистикалық немесе риторикалық құндылықтарды механикалық мәнде жинайтын deconstruction (деконструкция) сөзі Дерриданың «оң жанбасына» келіп, өз алдына «отау тігеді». Деррида деконструкция сөзінің Liter-дегі баламасын «Deconstruction: action of deconstructing» деп түсіндіре келе, оның грамматикалық термин екенін, сөйлемдегі сөздердің жасалу тәртібін бұзу, бүтіннің бөліктерін бөлшектеу деп көрсетеді. Осы пікірін ілгерілете түсіп, деконструкция «бұзудан гөрі бүтіннің қалай құрылып, қайта құрылатынын түсінуді білдіреді» дейді Деррида. Бірақ бұл «білдіреді» дегені, деконструкцияның белгілі бір талдау жүйесін немесе сынын, әдісін айтпайды. Деконстукция ешқандай да талдау, сын, әдіс емес. Ол өзінің «мәнін» контекст деп аталатын ықтимал алмасулар тізбегіндегі бағдарламалық қосымшалардан алады. Тиісінше Деррида деконструкцияға  “жазу” (ecriture), “із” (trace), “айырмашылық” (différance), “қосымша” (supplement) сияқты көптеген басқа сөздерінің кіріктірілгенін де жасырмайды. Мұндағы «ықтимал алмасулар тізбегі» тіркесі Дерриданың бастапқы нүктесін құрайтын мүмкіндіктің мүмкіндігі тұрғысынан да, із ұғымының пайда болған контекстті көрсету тұрғысынан да маңызды деп айта аламыз.

Осылайша, Дерриданың деконстукция термині «Letter to a Japanese Friend» атты мақаласында айтқандай, Хайдеггердің destruction аудармасынан «өмірге келген» болып шығады. Әрине, Дерридатанушы көптеген академиктер біздің бұл пікірімізбен келіспеуі мүмкін. Себебі деконструкцияның ешқандай бастауы, аяғы һәм орталығы жоқ. Сол себепті де Дерриданың өзі де бұл ұғымға ешқандай анықтама бермеген. Оскар Уайльдтың Дориан атты кейіпкерінің тілімен айтатын болсақ, определить – это значит ограничить. Бірақ қанша жерден деконструкцияға Деррида ешқандай анықтама бермеген десек те, термин жайлы ең көркем пікірді айтқан бір адам бар. Ол – Эндрю Хаас. Эндрю Хаас өзінің 1997 жылы жазған «The Bacchanalian revel: Hegel and deconstruction» атты мақаласында деконструкцияны  шекара философиясы, басқаша айтатын болсақ шекарадағы философия дейді. Бұл бізге Дерриданың өз философиясындағы «aporiax» ұғымын еске салады. Сол себепті Хаастың бұл пікірі біз үшін де «ақылға қонымды». Яғни, философиялық концепциялардың барлығы тұрақты емес екенін, ал деконструкция олардың қайшылықтарын да, жүзеге асыруға тырысатын мүдделерін де ашады дейді Хаас. Олай болса, осы «шекарадағы философияға» «қозғалыс» берген алғашқы адам Хайдеггердің өзі деп ойлаймыз. Себебі Дерридаға дейін Хайдеггер «болмыс» сөзін талдау үшін Дерриданың деконструкция әдісін қолданған болатын. Болмысты түсіну және қабылдау туралы Хайдеггер «Sein und Zeit» атты еңбегінде «болмыс» ұғымының концептуалды иерархия ішінде қалыптастырған мағынасы дербес ойлауға кедергі келтіретінін жазады. Сол үшін де «Болмыс» сөзін деконструкциялап, орнына «Desain» сөзін қолдануды жөн санайды. Осы арқылы Хайдеггер бізге бір уақытта осында болу және осында болмау мүмкіндігін ұсынады. 

Енді ең маңыздысы, Деррида Хайдеггердің көркем шығарманы ұдайы әрекет ететін процесс деген түсінігі мен құрылымшылардың қарама-қайшылықтар ойыны арқылы орнатқан мәтін тұжырымдамасынан шығып, жазбаша мәтіндерден басқа, қоғамдық қатынастар мен саяси институттар, әрекеттердің барлығын мәтін ретінде қарастыруға болады деген пікірге келеді. Бұл тұрғыда Дерриданың «мәтіндері» кітап және жазбаларда ғана емес, өзара байланысатын басқа да күрделі элементтердің тізбегі ретінде пайда болады. Дерриданың «Мәтіннің сыртында ештеңе жоқ» сөзі осы жерде «көзін ашады». Мәтінді дәл осындай шексіз кеңістікте «өмірге алып келу», яғни барлық мәтіннің контексттермен тығыз һәм үздіксіз байланысы  осыған дейінгі «бармақ басты, көз қысты» болып келген, авторитарлы centralization (орталық) идеясынан тәуелсіз етеді. Дерриданың пікірінше, Батыс өркениетінде барлық мағына бір орталықтандырылған. Олардың түсінігінше, мағына – «өз-өзін қамтамасыз еткен» және «тұрақты болудан» тұрады. Ал құрылымның барлық элементтері осы орталықтың негізде бағаланады, бағамдалады және «болады». Яғни, орталықта «болу» бүкіл құрылымды анықтайды және кез келген құрылымның құраушы элементі ретінде қарастырылады. Ең өкініштісі, тұрақты орталығы жоқ кез келген құрылым есепке алынбайды, көзге ілінбейді. Көзге ілініп, есепке алыну үшін, оның міндетті түрді бір орталыққа бағынуы қажет және міндетті. Орталығы жоқ немесе орталық тарапынан анықталмаған кез-келген құрылым «болмайды». Бұл бейне бір Делюз және Гваттари жайлы жазған жазбамыздағы «ағаш кейіптес» түсінікке ұқсайды. Бірақ Дерриданың Делюздан айырмашылығы ол альтернатива ұсынбайды, керісінше «бақташылықты оқырманның өзіне береді». 

БОЛУ МЕТАФИЗИКАСЫ

Деррида болу метафизикасының генетикасындағы осы бір орталыққа деген құрмалықтың үстінен зорлық-зомбылық иісі мүңкитінін айтады. Оның ойынша, Батыс философиясының ойлау логикасын анықтайтын «болу» презумпциясы тек қана ұғымдарға зорлық-зомбылық көрсету арқылы пайда болады. Міне, біз зерттеуге талпынып отырған деконструктивтік мәтінді оқу әдістемесінің басты мақсаты осы бір зорлық-зомбылыққа негізделген пайымдаулардың негізсіздігін, әділетсіздігін күн бетіне шығару. Осы мақсатқа сәйкес болу метафизикасының орталығында еленбей қалған, кейінге қалдырылған немесе алынып тасталған барлық элементтерге «еркіндік» беруді көздейді. Толығырақ айтатын болсақ, деконструкциялық мәтінді оқу әдістемесі мәтіндерде көрсетілген орталықтың орнына, сілтемелердің және «кеудесінен итерілген» ұғымдар мен таңбалардың парадоксальды түрде мәтіннің негізін қалаушы орталық бола алатынын көрсетуге тырысады. Бірақ біз жоғарыдағы пікірлерді оқып отырып, деконстукция «езілген пікірлерді (елдерді) атқа қондырып», жылдар бойы «өздерін билеп-төстегендерді жойып», орталыққа өзің кел деген радикалдылықты үндемейді. Тек объектіленген субъектіге өз субъектілігін қайтарып, мәтіндердегі абсолютті мағынаны орнатуды қалайтын авторитаризмді шеттетуді көздейді. Яғни, дерридиандық деконструкцияда әрбір мәтін аяқталмаған сөз ретінде түсініліп, мәтіннің түпкілікті мағынасы бар деген пікірге күмәнмен қарайды.

Бірақ Деррида орталық идеясын жою немесе субъектіге субъектілігін қайтару процесстерінде ешқандай әрекеттің саналы һәм жүйелі болатынын айтпайды. Өзінің «Memories for Paul de Man» еңбегінде деконструкция ойлаусыз жүзеге асатынын және бұл үшін бір емес, бірнеше «тілдің»  қажет екенін жазады. Ең өкініштісі, осы бір үздіксіз процесстен ешқандай нәтиже күтуге болмайды. Егер одан нәтиже күтетін болсаңыз, Делюзтің терминологиясымен сөйлейтін болсақ, «қармау құрылғысына» тап боласыз. Яғни, оны қайтадан орталықтандырасыз. Ал ақиқатында деконстукция үнемі қозғалыс үстінде және оның тұрақты мекені жоқ. 

Бірақ бұл жерде тағы да «бірақ» дейтін нәрсе бар. Деконстукцияны «ондай емес», «мұндай емес» дегенімізден, оны скептицизммен, эмпиризммен және нигилизммен байланыстыруыңыз мүмкін. «Бірақ» деконстукция бұларға байланыстырылатын релятивизм емес. Деррида үшін  мұндағы релятивизм өзіне-өзі қайшы келетін философиялық позицияда қалады. «Еместердің» тізбегі ретінде контекстті деконструктивтік тұрғыдан ойлау қандай да бір абсолютті көзқараспен сынау да, философиялық ұстаным да емес екенін айтамыз. 

Ал енді Деррида осы «еместер» мен «жоқтардың» субъектілігін жойған Батыс метафизикасын сынайды. Бұл үшін Хайдеггерден «еншілеген» «metaphysics of presence» (болу метафизикасы) ұғымына әрекше мән береді. Дерриданың пікірінше, Батыс метафизикасының негізін қалаушы негізгі анықтаушы түсінік осы – болу метафизикасы. Болудың негізгі сипаты оның бір орталықтандырылғанында жатыр. Бұл тұрғыда Батыс өркениетіндегі ойлау логикасының негізгі қателігі – құрылымдардың барлық түрлері жетекші және анықтаушы орталық идеясына негізделіп, осы орталықпен анықталады деген болжамнан туындайды дейді Деррида. 

Деррида орталық туралы түсінікке құрылған «болу метафизикасын» дуалистік құрылымға ие деп айтады. Яғни, болу метафизикасы жоғарыда да тілге тиек етілгендей, концептуалды иерархиялар мен концептуалды қарама-қайшылықтар тұрғысынан ойлайды. Бұл тұрғыда орталық та осы концептуалды иерархияның барлығын басқаратын табиғи, таза, қарапайым, өзін-өзі қамтамасыз ететін негізгі принцип немесе бастау көзі ретінде түсініледі. Дерриданың пікірінше, бір мәтіннің немесе құрылымның метафизикалық болуының басты критерийі олардың осы «болу» немесе орталық идеясының гегемониясында жатыр. Аталған метафизикалық құрылымдар немесе мәтіндер, бір жағынан, «болу» идеясының гегемониясында өмір сүрсе, екінші жағынан, олар осы «болу» идеясын «өмірге әкелу үшін» «тер төгеді». 

Осылайша, өзін үнемі жаңартып, нығайтып отыратын болу метафизикасы әртүрлі кейіпте қайталанатын тәртіп негізінде әрекет етеді. Қарастырылып отырған тәртіпке сәйкес, концептілік екіжақтылықты құрайтын элементтердің бірі орталықтағы «болумен» табиғи байланысы бар деп есептелінеді. Табиғи байланыстың осы болжамына сүйене отырып, элементтің бірінші жағы, екінші жағына қарағанда әлдеқайда құнды, табиғи және нақты болып көрінеді. Ал құрылымды құрудың мақсаты әуел бастан бар деп есептелетін «болуды» көрсету немесе оған жету екенін ескерсек, «болумен» байланысы жоқ «екінші» элемент түкке тұрғысыз және ойлануға тұрмайтын нәрсе ретінде көзден таса болады. Себебі екінші элемент зерттеушіні немесе оқырманды дұрыс жолдан адастыратын болмыс деп қарастырылады. Бұл – Батыс метафизикасында құнсыз ғана емес, қауіпті де. 

Деконструкция үшін мағына – бір орталықтандырылған мәтіннің жоғарыда айтқандай, «кеудесінен итерген», оны «тілсіз қылған» барлық субалтерндерге «ие болуға» тырысады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, біз Мартин Маккуиллианның «Introduction: Five Strategies for Deconstruction» атты жазбасындағы пікірге құлақ асамыз. М. Маккуиллиан мыңдаған көкжиекк шашыраған деконструцияның бір танымын «басқаның» (the other), яғни объектілінген субъектінің үн шығаруына берілген мүмкіндік болуы мүмкін дейді. Бұл біздің есімізге Спивактың «Can the Subaltern Speak?» атты еңбегін түсіреді. Егер Спивактың Дерриданың «Граматологиясын» аударып, тіпті кіріспе жазуға үзілді-кесілді қарсы болған Дерридаға кіріспе кітап жазғанын ескерсек, деконструкция мәтіннің көзге ілмеген субалтерндері «қорғау», «ие болу», оларды «күн бетіне шығару» деген қорытындыға келеміз. 

ЖАЗУ МЕН СӨЗДІҢ КОНТРАСТЫ

Мұнымен қоса, Дерриданың diferance (дифферАнц) ұғымы да жоғарыдағы концептуалды иерархияны, яғни болу метафизикасын бұзу, дұрысы шатастыру үшін арнайы жасалған термин. Классикалық, модерн және ағартушылық философияларында қарастырылғандай, ақыл шындықты тікелей бейнелеуге қабілетті деген түсінікті «орнынан алып», оның орнына diferance ұғымын қояды. Ең қызығы, бұл ұғым да Хайдеггердегі «онтикалық-онтологиялық ерекшелік» идеясынан «нәр» алғанын біреу білсе, біреу білмес. Әсілі, Хайдеггер метафизиканың ішінде ұмытылған Болмыс пен болғанның арасындағы айырмашылық із-түссіз жоғалып кеткенін алға тартады. Яғни, метафизикалық ойлау дәстүрінде болмыс та, болу да бір орталықтандырылып, өз ерекшеліктерінен толыққанды айрылған.  Дәл осы секілді концептуалды иерархиялар арқылы әрекет ететін болу метафизикасының ең ықпалды және шешуші иерархиялық құрылымы – сөз бен жазу арасындағы екіжақтылық деп есептейді Деррида. Болу метафизикасы өзін құрған концепт екіжақтылығында сөзді жазуға қарағанда әлдеқайда артық көреді. Өйткені сөз – өзін белгілі бір жерде «болуға» негіздесе, жазу – бұл болудың болмауын көздейді. Себебі сөз бен сөз мағынасының арасында табиғи және тікелей байланыс бар деп есептелінеді. Ал жазу осы тікелей байланысты жою арқылы өзін бар етеді. Нәтижесінде жазу болу метафизикасына тиесілі мәтіндерде үнемі екінші орында, ақиқаттан алыс элемент ретінде қарастырылады. Деррида осы бір «біріншілік» пен «екіншілік» табиғатын анықтау үшін лингвистикалық құрылымға баса назар аударады. 

Батыс метафизикасының ұғымдар арасында орнатқан иерархиялық құрылымның негізсіздігі де жоғарыдағы пікірлердің нәтижесінде пайда болады. Ендігі осы пайда болған ойлау логикасының нәтижесінде Батыс мәдениетінің жазудың алдында сөзді, әйелдің алдында еркекті, қараның алдында ақты маңызды етіп көрсетудің еш негізі жоқ деген қорытынды шығады. Бұл айырмашылықтар мен артықшылықтардың барлығы орталықта «болмаған», еленбеген элементтерге жасалған зорлық-зомбылықтың нәтижесінде өмір сүреді. Деррида осының барлығын қорытындылай келе,  Батыстық ойлау тәсілі абсолютті зорлық-зомбылыққа негізделгенін және бұл зорлық-зомбылықты кез-келген әрекетімен қайталау арқылы өзін бар етуге талпынады дейді. 

Деррида тұрақты мағынаның мүмкін еместігін дәлелдеп, батыстық ойлау логикасын тұтастай айыптағаннан кейін, жаңа ойлау логикасын дамытуға тырысады. Өйткені ендігі уақытта тіл және тіл тудырған мәдениет тұрақты, тарих алдында өзгермейтін «болу» болжамынан шықпайды. Осы себепті жаңадан қалыптасатын ойлау логикасын да мағынаны іздеу ретінде сипаттамауымыз керек дейді Деррида. Оның орнына, айырмашылық, болмау және мағынаның кешігуі маңызды рөл ойнайды.  

Енді ең қызығы, жаңа тілдік құрылымның негізгі шарты мағыналы ештеңе айтуға талпынбайды. Жаңа және зорлық-зомбылықсыз ойлау логикасын дамытудың көрінісі ретінде тілдің жай ғана таңбалар ойыны екенін қабылдау екенін айтады Деррида. Бастауы немесе орталығы жоқ таңбалар ойыны ретінде тілдегі мағына үнемі кейінге қалдырылып отырады. Егер абсолютті мағына болмаса және әрбір таңбаланушы жүйедегі басқа элементті көрсетсе, бұл жүйедегі «болулар» емес, іздер туралы айту керек. Яғни, әрбір таңбалауыш басқа таңбаланушының ізі. Бірақ ізді білдіретін таңба басқаның ізі ретінде де бар бола алады. Бұл лингвистикалық ойын идеясы, Батыс метафизикасын қоректендірген тұрақты және өзгермейтін ақиқат тұжырымының «үстін қызыл қаламмен сызып», жоққа шығарады.

МАҒЫНАНЫ КЕШІКТІРУ: DIFFERANCE

Деррида тілдік таңбалар ойынын білдіру үшін айырмашылық немесе өзгешелік сөздерінің орнына, өзі ойлап тапқан Differance терминін ұсынады. Differance – фонетикалық немесе логос-центризмді қамтымайтын және мағынаны кешіктіретін тіл құрылымына ерекше мән беретін ұғым. Деррида бұл терминді латын тілінен енген «differe» және екі түрлі мағынаға ие «differer» етістігінен «еншілеген». Бұл ұғым өз кезегінде ерекшелік, бірдей болмау, айырмашылық сияқты мағыналармен бірге, кешігу, кешіктіру деген мәнде де қолданылады. Бірінші мағына, яғни бірдей болмау, айырмашылық, ерекшелік «difference» терминімен қамтылса, екінші мағына біріншісін, яғни difference-ті елемейтін ұғым. Сондықтан Деррида қарастырылып отырған тілдік жүйені белгілеу үшін зорлық-зомбылыққа негізделген difference ұғымының орнына, екі мағынаны да қамтитын differance (дифферанс) терминін қолдануды жөн көреді.

Деррида жаңа термин арқылы Батыс метафизикасының фонетикалық өрісін сынайды. Өйткені differance пен difference-тің ұқсастығы олардың бір түбірден шығуында ғана емес, ауызша да бір-бірінен еш өзгеріссіз айтылатынында жатыр. Яғни, олардың бірі «а», бірі «е» әрпі арқылы жазылып ерекшеленетіні болмаса, қай жаққа қарап оқысаңыз да бірдей дыбыста шығады. Олардың арасындағы айырмашылық тек жазуда ғана көрінеді. Осылайша, осы сипаттамалық айырмашылықты түсіну үшін жазуға мұқтаж боламыз. Яғни, Дерриданың «бір әріпті болсын» өзгертіп өз алдына термин жасаудағы мәні  жазу-сөз контрастын бұзуға бағытталғанын да айта кеткеніміз жөн.

Дерриданың пікірінше, differance жоғарыда айтылған лингвистикалық ойынды қамтамасыз ететін негіз. Бірақ бұл жерде «негіз» ұғымын өте абай қолданғанымыз дұрыс. Өйткені бұл ұғымның орыны, мекені, яғни тұрақты негізі жоқ. Ондағы тілдік құрылым ойнап, байланыс желісі өзгерген сайын негіз де өзгереді. Differance – тілдік жүйені тудыратын ойынның қозғалысы. Айырмашылықтарды шығара отырып, оның өзі осы айырмашылықтар ойынына қатысады. Яғни, differance бір уақытта екі мағынаның айырмашылығын тек жазуда ғана көрсетеді. Өйткені жазу таңбалауыш пен таңбаланушының арасындағы байланыстың үзілген жерінде іске қосылады. Басқаша айтқанда, мағынаны жою, дұрысы мағынаны кейінге қалдыру арқылы бар болады. 

Мұнымен қоса, жазу мен «болмау» арасындағы байланыс деконструкция тәжірибесі үшін шешуші мәнге ие. Жазу тұрақты жоқтықты білдіреді. Басқаша айтқанда, жазу із қалдырады. Жазу әрқашан ол жерде «болмау» күйімен қатар өмір сүреді. Сөйлеуші мен тыңдаушы, тасымалдаушы мен қабылдаушы бір уақытта бір жерде болса, жазу қолданылмайды. Жазу ол жерде «болмаған» жағдайда қарым-қатынасты сақтау функциясымен сипатталады. Деррида бұл жоқтықты радикалдандыра түсіп, ешқандай болудың болмаған жағдайында да жазудың оқылатынын, осылайша оның мағынасын шексіз кейінге қалдыруға мүмкін болатынын айтады. Яғни, қайталап айтатын болсақ, тілдік мағына жасау ойыны болып табылатын differance тек жазбаша түрде ғана жұмыс істейді. Бұл жағдайда жазу сөзді де ішіне кіріктіре отырып, барлық мағыналық ойындар үшін негізгі қажеттілік ретінде пайда болады. Ал бұл дегеніміз Батыс метафизикасында күрмеуі шешілмес жазу-сөз қарама-қайшылығы мен сөзге берілген артықшылықты жоюды.

Жоғарыдағы пікірлердің ішіндегі «із қалдыру» сөзіне баса назар аударғаныңызды қалаймыз. Себебі мағына таңбалар тізбегі ретінде үнемі қозғалыс үстінде, біз олардың нақты орналасқан жеріне ешқашан сенімді бола алмаймыз. Өйткені мағына ешқашан бір ғана таңбаға сүйенбейді. Деконструкция контексттерінің бірі ретінде берілген «із» (trace)  ұғымының барынша айқын көрінетін орны таңба мен мағынаның арақатынасы болып табылады. Деррида өзінің «De la Grammatologie» атты алғашқы еңбектерінің бірінше іздің ешқашан өз алдына бар бола алмайтынын, із тек өзін өшіру арқылы ғана көрсететінін жазады. Яғни, із – түсінікті де, түсініксіз де емес. Бір жағынан, із деконструкцияның бастауы; екінші жағынан, деконструкция нәтижесінде қол жеткізілген différance-тың басқамен байланысында пайда болады. Із, сөздің жұрнағы, қосымша (supplеment), жазудың өзі, бастау нүктесі жоқ жұрнақ, тіпті радикалды түрде жұрнақтың жұрнағы дей аламыз. 

Міне, осы бір танымдамалардан кейін, ізді жазу деп те, жазуды өшіргеннен кейінгі қалған із деп те қарастырсақ, оны ұстаудың қаншалықты қиын, не мүмкін емес екенін көреміз. Өйткені әрбір жазу ең алдымен іздің нақ өзі, бірақ шығу тегі жоқ із. Ең «ұстатпайтын жері», жазу өшірілген кезде де, қайтадан із ретінде болмысын жалғастыра береді. Ал мұндағы өшіру (efface) ұғымы да бір жағынан іздің (trace)  қосымшасы (supplément) болатынын айта кеткеніміз жөн. 

Деррида іздің табиғатын түсіндіру үшін Фрейдке бас ұрады. Фрейд «жазып, өшірілетін» балалардың ойыншық жазу тақтасын пайдаланып, жанның жұмыс тәртібін көрсетуге тырысады. Бұл ойыншық екі жақты қалың целлулоидты қабаттан тұрады. Мұның үстіне өзінің қаламымен жазуға болады. Ойыншық шетіндегі тартпаны төмен қарай тартып қалсаңыз, жаңағы «ерен еңбегіміз» бір сәтте өшеді де кетеді. Осылайша, жазудан өшірілген тақта «тазарып», жаңа жазулар жазуға болатын болып шығады. Бірақ ескі жазудың іздері ойыншық бетінде қалады. Деррида осы бір анологияға сүйене отырып,  іздің мәтіннен де, нысаннан да алып тастау мүмкін емес, бірақ әрқашан қосымша ретінде бар болатынын айтады. Яғни, із «қырып тастауға», «өшіруге» немесе «сақтауға» болмайтын нәрсе.

Мұнымен қоса, із өзін тікелей көрсете алмайды. Өз-өзін көрсеткен сәтте өшіріліп кетеді. Бұдан іздің жекелей болмыс деп айтуға келмейтінін ұғамыз. Бірақ différance ойыны ретінде болмыстың мәнін алып жүретін һәм оған «жан» беретін де осы – із. Яғни, із деконструкцияның көмегімен diffеrance, ал diffеrance көмегімен Дерриданың «Marges De La Philosophie» атты еңбегіндегі пікірмен айтатын болсақ, өшіру (efface) кейпінде пайда болады. Міне, мәтіндегі осы бір іздер (Trace) құрылымы деконструкцияның не екенін түсінуге көмектеседі. Мәтінге бағытталған және мәтіндер арасындағы деконструкция іздер арқылы өзіне тән қайшылық пен дизъюнкция бар екенін көрсетуге тырысады. Бірақ деконструкция мәтіндегі қарама-қайшылықтарды жай ғана көрсетіп қоймайтынын да ұмытпайық. Себебі Деррида деконструкцияның негативті жағының жоқ екенін бірнеше рет қайталап айтқан болатын. Десе де, бұзу, тас-талқан ету, аудару сынды негативтердің де деконструкцияда көрініс табатынын жоққа шығармайды. Бұл «негативтерсіз» Батыс «қирандыларының» астына қалған differance-ты «күн бетіне шығара» алмаймыз. Ол мәтінді немесе құрылымды басқаратын ұғымдар иерархияларына және осы иерархиялардың зорлық-зомбылығына қарсы әрекет етеді. Сондықтан Дерриданың пікірінше, деконструкциялау объективті емес, субъективті іске асқан жөн. Ал бұған классикалық бір орталықтандырылған мәтіндердің құрылымын бұзып, қайта түзу арқылы ғана қол жеткізе аламыз.

Бұл тұрғыда деконструкцияны екі кезеңді деп қарастырсақ болады. Бірінші кезең – бұзу, екінші кезең – қалпына келтіру. Бірінші кезеңде мәтіннің құрылымы бұзылады. Екінші кезеңде мәтін мүлде басқа контексте қайта құрылады. Екінші кезеңде қайта құрылған мәтін өзін ақиқат ретінде көрсетпей, керісінше шексіз мағыналар тізбегіндегі бір із болып қалыптасады. Яғни, деконструкция – жай ғана мәтіннің «күлін көкке ұшыру» емес, «көкке ұшқан күлдерді қайта жинау» деп сөзімізді қорытындылай аламыз немесе Аллан Мегилдің «Prophets of Extremity» атты еңбегіндегі Дерридаға байланысты «Дерриданың деконстукциясы – ешқашан оралмас Улиссті күтіп отырып, күндіз тоқығандарын түнде сөгетін Пенелопаға ұқсайды. Мәңгілік бір уақытта тоқып, бір уақытта сөгетін Пенелопа» деп аяқтаймыз... Егер аяқталса, әрине. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар