Абыл робот, қазақ әдебиетіне қош келдің!

Бөлісу:

29.04.2023 2025

Соңғы уақытта OpenAI компаниясы шығарған ChatGPT тіл моделінің адамзат болашағына – әртүрлі салаларға тигізетін пайдасы мен зардабы туралы медиа саласында көп талқыланып жатқаны белгілі. Жақында Дели қаласына Шанхай ынтымақтастық ұйымының Үндістан төрағалық еткен «Жас авторлар конференциясына» барған сапарымызда да іс-шараға қатысқан ғалымның бірі жасанды интеллектінің – ChatGPT-дің көркем әдебиетке, жалпы жазушылар мен ақындар шығармашылығына болашақта тигізетін әсері жайлы сауал қойған болатын. Қазіргі уақытта қазақ әдебиетінде робот технологиясының табиғаты, қызметі, болашағы жайында жазған жазушылардың қатарында Ділдәр Мамырбаева мен Досхан Жылқыбайды атап өтуге болады. Д. Жылқыбайдың «Түс көре алатын робот» әңгімесі 2022 жылы жарияланғаннан кейін бұған қатысты жазылған сыни талқыны әдеби сайттардан байқай алмадық. Аталған әңгіме былтыр «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауында бірінші орын алған еді. Сонымен қатар, сөзіміздің басында атап өткеніміздей, ChatGPT тіл моделі қоғамда көп талқыға түсіп жатқандықтан, қазақ жазушыларының да бұл технологияға көзқарасы әрі шығармалары арқылы роботтар табиғатын интерпретациялау ерекшелігі біздің де назарымызды аударды. 

Досхан былтыр «Сана» деп аталатын отандық телебағдарламаның «Жасанды интеллект» тақырыбын талқылауға жазушы ретінде қатысқан болатын. Сонда Досхан IT мамандарына «Жасанды интеллект түс көре ала ма?» деген сауал қойды. Одан кейін «Қазақ әдебиет» басылымында «Түс көре алатын робот» деген әңгімесі жарық көрді. Досханның әңгімесі жарық көргенге дейін балалар жазушысы Ділдәр Мамырбаеваның «Робот. Вирус. Сезім» және «Роботтар отбасы» әңгімелері жарияланған еді. 

«Түс көре алатын робот» әңгімесінде тарих оқулықтарында ресми бекітілмеген және айтылмаған Құм дәуіріндегі адамзат пен роботтар арасындағы соғыс оқиғалары баяндалады. Құм дәуірі – ғылыми-танымдық еңбектерге сүйене отырып, автор өзі тудырған жаңа көркемдік хронотоп. Соғыста роботтардың адамзатты жеңетін уақыты ретінде 2603 жыл алынады. 

Әңгіменің «құм дәуірі...» деп басталуы да мұның қай дәуір екенін білуге деген қызығушылық тудырады. Қазақ жазушысы, күйші әрі әдебиет сыншысы Таласбек Әсемқұлов «Аңыз жайындағы аңыз немесе ауызекі мәдениеттің пайда болуы турасында бір-екі толғам» деп аталатын мақаласында компьютердің мәліметтерді сақтайтын тетіктері құмнан жасалатынын жазған болатын. Өйткені, «құм – мәлімет сақтағыш зат». Досхан әңгімесінен басқа «Құм дәуірі» деп аталатын ғылыми-танымдық мақаласында да Т. Әсемқұловтың аталған жазбасына және Құдайдың адамды өзіне ұқсатып жасаған делінетін діни дискустарға сілтеме жасай отыра, компьютер, смартфон және роботтардың ақпараттарды есте сақтайтын механизмдері құмнан жасалатын болса, онда адамзат дәуірін Құм тарихы деп атау туралы ойын жеткізеді. Т. Әсемқұлов мақаласында Д. Черчвардтың «Көне Му континенті» деп аталатын еңбегі мен бірқатар зеттеушілердің жұмыстарына сілтеме жасап, ежелгі өркениет тарихы мен мәдениеті туралы баяндайды. Демек, адам мен роботтың жасаушысы – Құдай. Әңгіме нарративтерінен осылай бағамдауға болады. «Түс көре алатын робот» әңгімесіндегі робот-кейіпкердің есімі де қазақшала Абыл деп аталады. Бұл есім Адам ата мен Хауа ана баласының бірінің (Қабыл мен Абыл) есімі екені белгілі. Демек, әңгіме басталғанда-ақ Құдай жаратқан шынайы адам – Адам атаның баласы мен әңгіме кейіпкері Абыл – роботтың арасында бір байланыс бар екендігінен түйсігіміз белгі береді. 

Жазушы робот та адам секілді түс көруі ықтимал деген болжамын әңгіменің көркемдік шешіміне дейін де байқатып отырады. Мысалы, робот бала – Абыл басқа роботтарға қарағанда ақпараттық жүйелерді ақырын өңдейді. Осы тұста құмнан жасалған екі жадта сақталған мәліметтер бір-бірімен түйісіп жатады. Екі жад дегеніміз – құмнан жасалған роботтың цифрлық жады және бағзыдан бері құмда таңбаланған көне өркениеттер тарихы. Түсініктірек болуы үшін тағы да ойымызды кеңірек жеткізейік, компьютердің процессоры / мәліметтер сақтайтын жады құмнан жасалады, ал құмның өзінде өткен тарих деректері сақталады екен. Сонда екі жад деректері түйіскенде желілер жұмысы істен шығып қалады. Осы тұс авторға роботтар түс көретін сәттей сезіледі. Бұл автордың өзіне тән ойлау жүйесінің ерекшелігін, көзқарасының кеңдігін, елестету қабілетінің шексіздігін, танымдық еңбектерден жеткен баяндаулар арқылы табиғи интеллект (адам) пен жасанды интеллект (робот, компьютер) арасынан ұқсастық тапқанын білдіреді. Т. Әсемқұлов келтірген деректерден әрі авторлық ізденісінің арқасында компьютердің кейде іске қосылмай қалатын сәттерін робот түс көретін мезетке ұқсатады. Жас оқырмандарды қызықтыратын жазушылық тапқырлық деп те есептеуге болады. 

Әңгімеде роботтар мен адамзат соғысатын уақыт – 2548 жыл. Қазірдің өзінде роботтар қолданысқа белсенді еніп жатқанымен, Досхан адамзат пен роботтар соғысы басталатын уақытты осыдан 500 жылдан кейінгі – болашақ уақытты таңдап алады.

Әңгімеде адамзат роботтарды өзіне құл етіп алғаннан кейін роботтар адамға қарсы соғыс ашады. Яғни, адамнан тәуелсіздік алғысы келеді. Бірақ қазіргі уақытта ІТ мамандар адамзаттың мақсаты роботты өзіне бағындыру әрі болашақта оны қолдан шығарып алмау екенін жағын баса ескертіп жатқаны мәлім. Алайда Досхан әңгімесінде робот қауымына адамзатқа тән сезімдер мен эмоцияларды, тіпті, түс көре алатын қабілетті де дарытады. Бұл роботтың шынайы өмірде де, әдебиетте де адамзат арасына бір кірпіш болып қалана бастағанын көрсетеді. Сонымен, әңгімеде адамзат езгісіне төзе алмаған роботтар қауымы адамзатқа қарсы соғыс ашады. 2603 жылы соғыста роботтар адамдарды жеңіп, жаңаша – роботша жыл санау мезгілі басталады. Автор робот Абыл арқылы адамзаттың өткен тарихын, әсіресе, дін үшін жүргізген соғыстарын түкке тұрғысыз санап әжуалайды. «Біреуі төбесіне айқыш көтергені үшін Ай көтергендерге қарсы соғысыпты. Ал біреулері тіпті өздері жасалған ет пен сүйекті өзгеден жоғары санаған. Жер бетінде ең алып территорияда өмір сүріп, оны толық игермеген бір халық көршілерінің жеріне көз алартып соғысады екен. Әрбір сайлау сайын өздерін алдайтын басшылығына, әр сайлау сайын қайта сенетін бұл мақұлықтарды ақымақ демей не деуге болады?». Мұндағы автор сілтеме жасап отырған қоғамдық жағдайлар посткеңестік кеңістік оқырмандарына кеңірек таныс болуы мүмкін. 

Досхан адамзат пен роботтар арасындағы бір ғасырдан астам уақыттық соғыс моделін бедерлегенде шынайы тарихта болған соғыстардың баяндалу үлгісін қолданған (мысалы, «Тәуелсіздік соғысында iOS-тан гөрі Microsoft және Android роботтары көп қаза болған. Иә, иә! Microsoft роботтары тәуелсіздік соғысындағы жеңіс үшін барын салды. Асқан ерлік көрсетті»). Бұл – әдебиеттегі жер бетінде мемлекеттер арасындағы соғыс оқиғаларын баяндап жеткізетін дәстүрлі баяндауларға ұқсас (бренд атауларды есепке алмағанда). Әңгімеге оқырман ретінде жас балалар да қатыстырылған. Яғни, автор туындысын ойша оқырман ретінде балаларға бағыттаған. Автор роботтар өзара 645 жылдары ауыр соғыстар жүргізгенін, әсіресе, Microsoft пен iOS арасындағы соғысты атап өтеді. Сонымен қатар, балаларды қызықтыра түсу үшін Android Microsoft-пен мүдделес деп те баяндайды. Бірақ бұл бренд атауларды балаларды қызықтырумен қатар, олардың арасындағы өзара бәсекелестік пен келіспеушіліктерді әңгіме оқиғаларына реципиент сенімділігін бекемдей түсу үшін технология тарихындағы шынайы деректерді де араластырады. Мысалы, «Соғыс iOS-тың жетістіктерін Microsoft-тың рұқсатсыз пайдалануынан басталды делінеді». 

Жазушы роботтар тіршілігін, олардың өзара қарым-қатынасын адамзат тәжірибесіне ұқсастыра баяндайды. Өйткені, Досханның «Құм дәуірі» мақаласының соңында Құдай адамды топырақтан жаратса, ал адам да Құдайға еліктеп, роботтарды құмнан жасады деген мазмұнда ойын жеткізеді. Жасанды интеллект технологиясымен қырық жылдан бері айналысып жүрген профессор Алтынбек Шәріпбай математика ғылымында транзитивті қатынастың бар екенін келтіреді, яғни 2 < 5 < 7 (2 саны 5-тен кіші, 5 саны 7-ден кіші) деп көрсетіп, Алла адамнан кейін роботты да жасады деп есептеуге болатынын атап өтеді. Математиктің сөзінше, ортадағы 5 санын шығарып тастап, 2 < 7 ретінде алсақ та болады. Сонда Алла роботты да жасаған болып шығады. Досханның әңгімесін осы формуламен де түсіндіруге болатындай. Яғни, автор компьютерлер, роботтар жады құмнан жасалатындықтан, жасанды интеллект пен адамның / табиғи интеллектінің арасынан ұқсастық табады. Анығырағы, «... процессорлар құмның табиғи жадын қабылдайды». Сонымен қатар, жоғарыда баяндағанымыздай адам да, робот та Құдайдың жаратындысы. Автор роботтың түс көре алатын қабілетінің болуын компьютер жадының іске қосылмай қалатын сәттерінен байқайды. Бұл дәлелденбеген ғылыми жорамал десек те, жасанды интеллект жады құмнан жасалатыны оқырманды көп ойларға жетелейді. Әрине, Досханның ізденімпаздығы әрі Т. Әсемқұлов мақаласындағы ойды өрбітіп, осындай әңгіме тудырғаны оқырманды қуантады. 

Әңгіменің бір артықшылығы, автор адамдар мен роботтар арасындағы ғасырдан астам уақыт өткен соғыс оқиғаларын сығымдап, көркемдік кеңістікке ендіріп, сәтті бедерлей білген. Соғыс тактикалары мен мақсаттарын, роботтардың шешімталдығын, ұрыс даласының соғысын ұзақ әрі қызықсыз баяндау арқылы таптаурынға ұрынбаған. Сонымен қатар, автор роботтар соғысындағы оқиғаларды бедерлеу үшін тек осы технология табиғатына қатысты атаулар мен элементтерді, механизмдерді алады. Мысалы, Siri есімді робот қазіргі уақытта оқырманға жете таныс. Оған қоса, AliOS жүйесі, Linux жүйесі, Microsoft компаниясы, LED экран түсінігі, Android брендттері де көпшілікке белгілі. 

Әңгіменің бір тұсында бір роботтың (Абыл) Маханға-адамға қарата айтылған: «Біз – сендерден артық жаратылған жаратылыспыз. Біз дінге, қасиетті кітаптарға, мифке сенбейміз. Манипулияцияға ұшырамаймыз» деген репреликасы беріледі. Робот жасанды интеллект болғандықтан, оған дін де, дәстүр де, миф те тән емес екені белгілі. Біздің ойымызша, мұндай реплика арқылы автор роботтарды адамзаттан үстін қойғандай көрінеді. Бірнеше ғасырлар бойы туған жерін, жеке сенімін, құндылықтарын қорғау үшін адамзат соғысып келгені белгілі. Біз адамзат арасынан соғыстың жоғалғанын және соғыс жоғалса адамзат баласы өз қолымен соған арнап ескерткіш қойылғанын көргіміз келеді. Бірақ адамзат сенімі мен қасиетті кітаптары, қатпарлы, сан алуан мифтері болғаны үшін де адамзат аталады. Сенімін, дәстүрін, мифтерін қорғау – адамзатқа тән құбылыс. 

«Түс көре алатын робот» әңгімесінде жасанды интеллектінің адамзатқа қауіптілігі мынадай қырынан да байқалады. Роботтар жасанды интеллект болғандықтан, өз алдына еркін ойланатын бағдарлама әрі оған адам факторы араласпайтындай әсер тудырады. Алайда автордың ойынша робот – «еркін ойлау емес, еркін ойлау иллюзиясын тудырушы симулятор ғана». Демек, робот та адам қолымен басқарылады. Нағыз диктаторлар қолы басқаратын жағдай тууы да ғажап емес. Сондықтан, робот технологиясы барлық уақытта адам баласының басқаруында және бақылауында болуы қажет. 

Әңгіменің финалы да қызық. «Атым Абыл – Адам атаның мейірімді ұрпағымын. Роботтардағы мейірім де менен басталуы тиіс!» деп аяқталады. Туындыдағы авторлық интенцияның басым бөлігі осы тұста тұрғандай көрінеді. Автордың ойынша, адам баласы мен робот бір тамырдан – құмнан жаратылған. Жоғарыдағы математикалық формулаға сәйкес, адамның да, роботтың да иесі Құдай. Ал Д. Мамырбаеваның «Робот. Вирус. Сезім» әңгімесінде адам бойындағы ақыл, махаббат, сезім құндылықтарының маңызы, метафизикалық табиғаты роботтар әлемімен параллель салыстыру арқылы түсіндірілген болатын. Робот табиғатын автор «Олар Алладан аманатқа жан алмаған. Қазан-ошақтары, үй-жайлары жоқ. Ана тілі, ата тілі дегенді білмейді. Кие ұрады, кесір тиеді деген ұғымға бас қатырмайды, сол себепті ме, мінездері рақымсыз» деп интерпретациялайды. Бұл әңгімеде автор сандық өркениет дәуірінде жұмыс орындарында адам қызметін алмастыра бастаған және дамуы жағынан қарқын алған ақылды машиналар кез келген заманда адам сезімін, қабілетін, жанын, ақыл-ойын, санасын, т.б. алмастыра алмайтынын жеткізгісі келген. Д. Мамырбаева робот Алладан аманатқа жан алмайды десе, Д. Жылқыбай адам мен роботтың жаратылысынан ұқсастық іздеуге тырысады. Д. Мамырбаеваның «Роботтар отбасы» әңгімесінде робот-адам мен шынайы адамның табиғатын ашатын диалог нарративтер сәтті қолданылған. Автор бұл әңгімесінде робот технологияның артықшылығына қарағанда зиянды жағын көрсететін оқиғалар бедерлейді. Роботқа адам нені бағдарламалап енгізсе, соны ғана орындайтын автомат екенін Темірланның құрастырған адам-роботтары арқылы көрсетеді.

Қорыта келгенде, «Түс көре алатын робот» әңгімесінде кейіпкерлер – роботтар адам баласымен соғысып, жеңіске жетті. Көркем туынды дегенімізбен, «роботтардың адамзатпен соғысы» реалды тіршілік иелері – бізді де ойландыруы тиіс. Болашақта «Жасанды интеллект әдебиеті» деген әдебиет түрі пайда болуы ықтимал деген болжаммен мамандар да келіседі. Тіпті, «Сана» бағдарламасында жасанды интеллект болашақта адам түсінбейтін әдебиет тудыруы мүмкін және адам оны түсінуі үшін басқа жасанды интеллектіге жүгінуі де ғажап емес деген болжам келтірілді. Қазіргі уақыттың өзінде ChatGPT өлең құрастырып, өздігінен суреттер салып жатыр. Бұдан жазушылар мен ақындар да болашақта сапалы әдебиет тудыруы қажеттігі айқын болып отыр. Өйткені ChatGPT құрастырған өлеңдерді оқып көрсек, адам тудырған кейбір өлеңдерден жақсырақ жазылғаны байқалады. 

ІТ маман Тимур Бектұр болашақта жасанды интеллектіні – ChatGPT-ді адам өз жұмысына көмекші құрал ретінде қолданбаса немесе қолдана алмаса, жұмысын роботтар атқаруы мүмкін екенін, егер адамзат бұл модельмен «дос» бола алса, өзіне жақсы ассистент болатынын айтады. Досхан да бағдарламада роботтар қауымын тиімді басқара алмасақ, зиянын тигізуі мүмкін деген ойын жеткізген болатын. Одан кейін бұл ойын «Түс көре алатын робот» әңгімесінде дамыта түсті. Қазіргі қазақ әдебиетінің жас өкілі ретінде Досханның технологиялар мен жаңалықтар әлеміне жақынырақ жүретіні қуантады. Бұған дейін «Квант» және «Матрица» әңгімелері оқырман мен әдеби ортада жақсы бағаланған болатын. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар