«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №18 шығарма

Бөлісу:

02.05.2023 1554

Абылай

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №18 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Абылай жеті жасынан тау жетегінде өскен, денелі жігіт. Атасы Ғаділбек мал жаюға шыққанда артынан қалмай шығып алатын. Соңына ілестіріп көккөз итін де тастамайтын. Ол кезде көк көз күшік еді, екеуінің тауға деген құмарлығы болмаса мал бағуды ұнатып та тұрған жоқ. Бар ермегі тауға жасап қойған үйшігінің ішіне кіріп, түс қайтқанын күтіп, анасы салып жіберген дәмділерін асап, қалдығын көккөзге лақтыру. Одан қалса самалға бетін тосып, құшағын айқара ашып, жанынан ұшқан әр жәндікті бауырына басқысы келетін. Күн ұясына батар шақта атасы малды үйге айдайды, Абылай атасының есегіне мініп арттарынан жүреді, көккөздің көңілін көтеру үшін мал соңына салып қуа жөнеледі. Ол қылығы үшін атасынан сөз естіп алады. Балалыққа салып күніне бір рет сөз естіп, малдан бұрын өзенге жетіп бір шомылу күнделікті әдеті. Үйіне келген соң әуелі ауқаттанып, кейін үй төбесіне шығып, итінің құлағынан сипалап, жұлдыздарға қарап жатады. Абылайдың алдында тоғыз әпкесі, бір ағасы, артында бір інісі бар. Басқалары секілді білімге қызыға бермейді, ес білгелі атасының соңынан жүр, шалдың берген тәрбиесін білімі деп санайды. Анасы Күләтай мектепке қанша апарса да үзілісте қашып келіп, есегін ерттеп таудағы үйшігіне барып алатын. Айтылған сөзді құлағына аспаған соң оған сабаққа бар деуді де қойған. Әкесі Әділ жұмыс басты адам, кешке келіп, күн ұясынан шықпай үйден шығып кетеді. Олардың үйі Қапал тауының табанында, орыс фермасының жанында. Абылайдан басқа сол үйдің балалары бос уақытында фермадағы торапайларға қарайды, еңбекақасын аналарына әкеп береді. 

Бұл күнде Абылайдың жасы он алтыға толды. Көккөз де басқа иттермен таласып үйге бет ауызы қан болып келетін ит болды. Әділдер Ақешкіге көшіп келген. Абылайды мектепті тәмәмдамай оқудан шығарып жіберген. Ауыл маңында қалың тұман сейіліп тұрғанына ертең дәл бір апта болады. Ал, атасының қайтқанына сегіз жыл. Атасын жерге тапсырғанда-ақ Абылай ер жетіп бастаған-ды. Өз қатарластарын аналары тамақ ішіп, ауқаттанып алуға шақырса, Абылай жаназа шығарғанға дейін үй тірлігінің бірін қалдырмай араласып жүр. Атасының денесін жуарда әкесімен қоса еріп кірді, қабірге түсті, табыттың бір шетінен көтеріп шықты. Содан бері малды жалғыз жаяды, үй шаруасына жауапты. Абылайдың жарты әпкесі байдан бала-шағаларымен қайтып келген, соны ойлап Күләтайдың жүрегі жиі қысатын болған. Осы жайдың бәрін көзбен көріп куә болған Абылай қалаға кеткісі келеді. Малды өрістен айдап, әдетінше үй төбесіне шығып көккөзге сүйеніп жатқан Абылай қорадағы малдың шулағанынан шошып оянды. Алып ұшып қораға кіргенде өзіне қарап тұрған қасқырды көрді. Көккөздің үрген даусы ұйқыда жатқандардыі бәрін оятты. Әділ үйден мылтығын алып далаға шықты.

-Абылай, әй Абылай, сенбісің шулатып жатқан? 

Әділ мылтығын көкке бағыттап атып жіберді. Қорадан бір қолы салбырап, қанталаған Абылай шықты. 

-Ой байғұс ай, жөнел үйге.

Әділ қораға кіріп еді көзінен от жанып тұрған, тістері найзаның ұшындай қасқырды көрді. Абылайдың да мінезі дәл солай кейін қайтуды білмейтін аш қасқыр секілді еді. Өз күші жетпеген соң, кіре берісте тұрған ашамен қарынын жарып жіберіпті. Әділ қасқырдың құйрығынан алды да қораның сыртына іліп қойды. Абылайдың қолын Күләтай матамен орап берді. Әділ үйге кірді.

-Көке, рұқсатыңды бер, мен ертең қалаға жүрейін.

-Сені біреу күтіп отыр ма екен?

-Қатарымнан қалмай мен де қала көріп, өзіме лайық қызмет атқарайын, дәу қаладан маған да бір орын табылар. 

Әділ үндемей бөлмесіне кіріп кетті. Абылай қажеттілерін жинастырып, көккөзді алма ағаштың түбіне темір шынжырмен байлады да, құшақтап қоштасып, есегіне уысына салып жем әкеліп, арбасынан босатып қоя берді. Таң ата шешесімен шай ішті де қалаға кетті. 

Қалада жүргеніне үш күн өтті, әлі өзіне пана таппады, екі күн бойы ай жарығымен сондағы саябақтардың бірінде түнеп жүрген, бүгін күн жаңбырлы иесі жоқ бір үйдің ауласына кіріп, жаңбыр тимейтіндей етіп жантая кетті. Түнде қақпа ашылған дауыс естілді, үй иесі көлігінен түсіп бір орында бүрісіп жатқан Абылайды көрді. Жасы он алтыда демесең өзі ес-ақылы кірген кісілердей. Әлгі жігіт күзетшісін шақырып, қуып шығуға бұйырды. Күзетші жағасынан ұстап көтере бергенде, Абылай жұдырығын құлаштап келіп күзетшінің тұмсығынан кигізіп қалды, күзетші орнынан тұра алмай жатып қалды. Абылай сөмкесін алып қашқысы келіп еді, үй иесі оған жұмыс ұсынбақ болды.

-Балам, тоқташы, ұрыға ұқсамайсың, мұнда неғып жүрсің?

-Ауылдан келгеніме үш күн болды, аға, жаңбыр басылғанша жата тұрсам деп кіріп едім, басқа арам ойым жоқ.

-Еее, түріңе қарасам, үлкен жігіт сияқтысың, жасың қаншада?

-Он алтыдамын.

-Әлі бала екенсің ғой, үш күннен бері дәм татпаған шығарсың, жүр үйге кір, үстіміз де су болып барады.

Абылайды қонақ бөлмеге алып кірді де, кештен қалған тағамдарды алдына қойды.

-Мен Кәкім деген ағаң боламын, өзің қалаға неге келген едің?

-Қатарымнан қалмай жұмыс істесем деп ем, оқымағаным үшін көп қызметтер қолжетімсіз болып тұр, өзім ертең қайта ауылға қайтсам деп отырмын, рұқсат болса таңға дейін жата тұрсам?

-Үлкен азамат екенсің, рұқсат әрине, осы жерге төсек салып қоярмын. Таңға дейін ойлана жат, қала сыртында жеке фазендам бар, жұмыс істеймін деген ниетіңнен қайтпасаң, жалақаңды беріп отырайын, ауылдың баласы болсаң малға қарай алатын шығарсың?

-Ес білгелі малдың арасында өсіп келемін, тек демалыс күндері ауылға қайтып тұрайын. 

-Дегенің болсын, ендеше жақсылап демалып ал, күн шықпай жолға шығып кетеміз.

Абылай алғаш рет көлікке мініп көрді. Ұзақ жолдан соң көлік қала сыртындағы жазық далаға кеп тоқтады. Алдынан төбет иттер мен жылқы мінген сақалды, сақау, арқасына мылтығын, беліне қосауыздың оқтарын орап алған, мойнында асынған дүрбісі бар кісі шығып күтіп алды. Өзі сақау демесең суырып салма ақын, жылқыларын қораға жайғастыра салып, қаладан алдырған сарқыттарын ішіп, домбырамен жыр айтып, өмірге күйінеді де отырады.

-Ассалаумағалейкүм, басеке!

-Уағалейкүм әсәлләм, Бекбосын! Қасыңа жаңа серік әкелдім, осы жермен өзің таныстырарсың. Абылай деген жігіт болады, ал, мынау Бекбосын деген ағаң.

-Жүр, Абылай, өзіңе жылқы таңдап ал, соң малды жайып келеміз.

Абылай қораға кіре сала бірден қасқа дөненге көзі түсті. Бұл дөнен жанына әркімді жолата бермейтін, ауыздық салғаннан бастап жұлқынып, қайтпас мінезін көрсете беретін. Абылайдың жануарға деген махаббаты көзінен көрініп, әуелі астына басып мініп алмай қамқорлық көрсететін. Қасқа дөнен оның жылуын бірден сезінгендей. Абылай мен Бекбосын жылқылардың соңынан айдап тауға шықты, Бекбосын артына бір қарады да, қалтасынан  бөтелке алып шығып ұрттап алды. 

-Абылай, анау сыммен оралған бөренелерді көрдің бе, - саусағымен күн шығыс жағындағы егінді нұсқап, - бұл біздің шекара, одан әрі малды асыруға болмайды. Өздеріне қамап алады, кеміген жылқының ақысын біз өтейміз. Мұндағы бір жылқының құны менің үш жылғы айлығыммен бірдей. 

Жылқылар күнделікті жайылым жерге тоқтады.

-Жүр, анау ағашты көлеңкелеп отырамыз.

Бекбосын мен Абылай жылқыларын босатып, өздері ағаш түбіне барып отыра кетті. 

-Шіркін, өстіп жатқанда төбеден бір чемодан ақша түссе, бәрін құртып, әбден қыдырып болған соң тағы бір чемодан ақша түссе, Деді Бекбосын.

Абылай ішексілесі қатып күліп жатып, - жөнді армандау білмейді екенсіз, аға, - деп қалды.

-Әй, Абылай, мен біраз тыныға тұрамын, сен жылқыларды көзден таса қылма.

Абылай сөмкесінен екі үзім нан алып, алдында отырған төбеттерге лақтырды. Өзі айналасына бір қарап, тауда жатқан тастардан үйшік жасап алды. Үйшік ішінде ойланып жатып көзі ілініп кетті, ауылы түсіне кіріп, атасы күрсінгендей болды, енді бірде көккөзді құшақтағандай болған еді, төбет ит бетін жалап оятып жіберді. Езу тартып, қасқа дөненге мініп алып тауды айнала шаба жөнелді.

Кеш батты. Жылқылардың бәрін жайғастырып екеуі үйге кірді. Бекбосын бөтелкесінен тағы да ұрттап домбырасын алды. Өзінің мақамына салып алды да, жырлата кетті.

-Бар ғұмырым пайдасыз өтер шығып,

Көрсетеді жабырқау мекен сұрық.

Тағдыр ай не жазып ем саған осы?

Болардай өмір сүру бекершілік...

Алаңында жүремін бір өкпенің,

Жамылып жатып алды жүрек кебін.

Құдайға тек қырсығып, еркелеумен

Байқамаппын жарты өмір құр өткенін.

Пана қылып бір байдың босағасын,

Малы кетсе кетеді қоса басым.

Тәңір-ай, үміт пенен бақытымның

Уақыты келген шығар қос арасын.

Басты да жүректі мұң, кір самайды,

Не қылайын жылатып тұрса қайғы?

Тағдырға сен, басыма бай жауапты,

Дәл осыны өмір деп кім санайды?

Көзі ілініп кеткен Абылай, түсінде атасымен тауда жүр екен. Үйшігінде жатыр, жанында көккөз жоқ, орнынан тұрып дауыстап күшігін шақырып жүр. 

-Көккөз, көккөз! 

Кенет, еркелетіп жүрген атасы тау басына қарай жүре берді, Абылай артынан жүгірді, айналаны қара тұман басып ештеңе көрінер емес, далада жалғыз қалды. Таудан көрінген алыстағы жарыққа қарай жүгіре жөнелді, жол бітпейді, қанша шақырым жақындаса да әлі сол арақашықтық. Абылай өзін қоршауға алып жатқан жыртқыштарды көріп, бір орында тұрып қалды. Екі көздері жанып, аш тұрған қасқырлар Абылайдың сүйегін де қалдырмай жеп қоятын секілді. Қасқырлар кезекпен шапқанда ұйқысынан шошып оянған Абылай, Бекбосынға көз тастады, қорылдап ұйықтап жатыр. Өз киімдерін киіп алды да сыртқы шықты, ұнатқан қасқа дөненді ерттеп, кеше ғана келген фазендадан шығып кетті. Келгенше көлікте ұйықтап келген соң жолды да көріп алмаған, әйтеуір көзіне түскен бір жолды жағалап кете берді. Таңға жуық он шақты ғана үйі бар бір ауылға тоқтады. Шетте тұрған үйге жақындай бергенде бие сауып отырған әйелді көріп қуанып қалды. Абылай бір кітап бетін ашпаса да тәртіпті сөйлеп, жөн сұрасу атасынан қалған тәрбие. 

-Амансыз ба, шешей! Бүгін түнде жолға шығып едім, қараңғыдан адасып қалдым, мынау қай ауыл, айтып жіберер ма екенсіз? Қалаға жету үшін қай жаққа қарай жүрсем болады?

Әйел міс қатпай отыра берді. Абылай аттан түсіп, жақындап келіп:

-Шешей, шешееей. 

Өзіне кісі келе жатқанын байқаған әйел шошып орнынан тұрып Абылайға бірдеңе дегісі келгендей болды. Абылай ештеңе түсінбеді. Үйшігінде жатқан кәндек ит тоқтаусыз үріп кетті. Оны естіген шал үйден шығып, Абылайға мылтығын кезеп барып сөйледі. 

-Кімсің ей сен? Мұнда неғып жүрсің?

-Аманбысыз, ата, жолаушымын, тек түнде жолымнан адасып бие сауып отырған шешейді көріп, жөн сұрасуға кіріп тұрмын. Уақыттарыңызды алған болсам айып етпеңіз!

-Еее, шырағым, оқасы жоқ, бұл менің қызым, туғаннан құлағы естімейді, тілі шықпаған. Осындағы кейбір еркектер сонысын пайда қылып айласын асырғысы келеді, солардың бірі екен деп қалыппын. Жолаушы болсаң төрлет, дәм ауыз тиіп қайта жолға шығарсың.

-Рақмет, ата. 

Абылай үйге кірді, шал дастарханын жайып, алдына бауырсақ пен қымызын әкеп қойды. 

-Иә, балам, қай жақтан келе жатырсың?

-Әкем осы жылқыны мініп кел деп жұмсап еді, содан келемін, деп Абылай өтірік айтып қалды. 

-Еее, өзің қай ауылдансың?

-Қапал батырды есіткен ба едіңіз?

-Батырларды білмейтін адам бар ма.

-Сол батырдың ауылынан боламын, есімім Абылай.

-Мен Молдахмет дейтін атаң болам, бар ғұмырым осы ауылда өткен, өзің де батыр денелі екенсің, енді мені тыңда шырағым, сенің айтып отырған ауылыңмен біздің тұрған жер әлдеқайда алыста. Сен қазір Үшарал маңындағы ауылда отырсың. Жолмен жүріп жақын күнде жете алмассың, көліктің өзі ара-тұра қатынайды, таулардың арасымен тоқтамай жүріп отырсаң бір күнде жетіп қаларсың.

-Жақсы, ата, рұқсат етсеңіз, мен жолға шығайын. 

-Рұқсат, балам, жолың болсын.

-Сау болыңыз, ата.

Абылай дөненге мініп алып Молдахмет нұсқаған тауды бағыттап отырды. Ауыл адамдары «кімсің» дегендей көзбен шығарып салады. Басты жолға да келді. Жол бойындағы көрші ауылдың полиция жегеті тоқтатып.

-Тоқташы, бауырым, сенің түрің бейтаныс, бұл ауылдан емессің ғой.

-Иә, адасып кірдім.

-Кімнің жылқысын мініп келесің, мүмкін ұрланған шығар.

-Өзімнің атым.

-Маған құжаттарыңды көрсет, сосын өз жөніңмен кете бер.

Абылай аттан түсіп сөмкесін ақтарып құжаттарын таппады, фазендаға алып барарда Кәкім оның сөмкесін ақтарып құжаттарын өзіне алып қалған-ды.

-Мен жоғалтып алыппын.

-Онда менімен жүр, көптен бері ауылдағы ұрлықтың басы ашылмай жүрген еді, сенің қатысың бар шығар немесе басқа құжат қалдырып кет.

Абылай өзін бірнеше бүлікке қатысты деп айыпталатынын түсініп тұр, өйткені мектепте ақша тауып қалтасына салғанын көріп қалған бір мұғалім шу шығарып, артынша қаладан полиция шақыртып, ауылда жоғалған майда-шүйде заттарды Абылай алды деп үлкен дау болған. Атасы Ғаділбектің ықпалының арқасында аман қалған. Абылайды таныса да ұрлықшы деген ойға бара алған жұртты көрген соң, танымағанынан не сұрайсың. Абылай осы ойларды сараптап, жұдырығын түйді де полиция жігітті періп қалды. Есінен танған ол бірден құлады, Абылай жылқысына отырып тауға қарай бар күшімен шауып отырды. Ауыл көрінбей қалғаннан кейін бірақ жайына келді. Әкесіне не айтарын білмей іші уайымға толып келеді. Балалыққа салынған Абылай ертеңін ойлап қараған емес, оған барлығы оңай боп көрінетін. Молдахмет нұсқаған жолда жүріп келе жатқанына он сағаттай өтті. Түс болып, күннің астында астындағы дөненнің шаршағанына қарамай жүре берді. Өзі де басы төмен салбырап шөлдеп келеді. Тау арасындағы жерді жарып шығатын тұманың суын көріп аттан секіріп түсіп әуелі еңкейіп ішіп алды да, сосын денесін салқын сумен бір сипап өтті. Әбден шөлі қанып болған соң атын суарды. Жол қысқарған сайын сол маңайдағы ауылдың қойшылары кезек-кезек кезігіп отырды. Әрбірінен ауылдың жолын сұрап әрі қарай кете берді. Күн ұясына батып бара жатыр, қалаға кеткеннен дұрыс ұйқы көрмеген соң көзі ілініп, басы сілкініп кетіп қайта оянып кетеді. Кеш бата жел тұрып күн бұлттана бастаған, қараңғыдан ай да, жұлдыздар да көрінбегесін жаңбыр суы тимейтіндей етіп ағаш түбіне ыңғайланып отырды, дөненнің ауыздығын алып, ноқтасын қолына байлап, тоқымын басына жастанды. Кешегі түсі тағы қайталанып тынымсыз дөңбекшіп жатты. Көзін жұмып жатқаны болмаса тәуір ұйқы көрген жоқ. Жауын да жаумай, төбені бір айналып өтті. Ауылына жетуге жақын қалғанын өзен бойында салынған молаға жақындағанда түсініп, өзенмен жағалап жүріп келе жатыр. Көккөздің үрген даусы да естіліп келеді. Дөненді сайдағы ағашқа байлап, сөмкесінен жаңа киімдерін киіп алып үйге кірді, Күләтай жалғыз отыр екен.

-Қалайсыз, тәтеу?

-Кеп қалдың ба, Абылай, бозарып кетіпсің ғой?

-Иә, тәтеу, жұмысымнан сұранып шығып келді, әзірге еңбекақы алмадым.

-Не жұмысқа орналастың?

-Осы ауылға Дүйсен ағаның үйіне келіп тұратын бір кісі бар еді ғой.

-Ие...

-Сол кісінің жанында көмекші болып кірдім. 

Абылай осының бәрін кідірместен, ымдамай шынын айтып отырғандай жеткізіп берді. Үйіне жетем дегенше дайындап келген. Дүйсеннің үйіне келген адамды өмірінде бір рет көргені болмаса есімін де, қайда жұмыс істейтінін де білмейді. Кісі, кісі деп отырғаны сол. Анажүрек баланың өтірігін де, шынын да сезеді. Киімін ауыстырып үйге кіргенімен терісіне сіңген аттың иісін сезіп-ақ отыр. 

-Неше күнге келдің?

-Ертең таңертең қайта жолға шығамын, көкеме де сәлем берейін.

-Көкең кеше түнде монша жаққан, дастархан әзірлеп болғанша шомылып ал.

Абылай да осы сөзді күткен еді, Күләтай айтпаса да сәлемдесіп болған соң моншаға түскісі келіп тұрған. Әуелі көккөзді еркелетіп, ыдысына нан лақтырып моншаға кіріп кетті. Көп ұзамай сайдан жылқының кісінеген дауысы шықты. Дауыс жақыннан естіліп, күшейе берді, күшейе берді. Әділ жұмысынан келді, сайдағы кісінеген жылқының дауысын естіп келген ол:

-Шешесінен айырылған сәби құсап о несі екен?

-Абылай келген, жұмысқа тұрдым дейді, соның бізден жасырмаққа байлаған жылқысы да.

Әділ Күләтайдың не айтқысы келгенін Абылайдың атын атағаннан бастап сезіп отырған. 

-Сол байғұс бір бүлікке ұшпаса болар еді, атам қайтқалы титтей де көңіл бөлмеген өзімізден де бар ғой, Күләтай.

Әділ терең ойға батып күрсініп алды. Жылқының кісінегені басылды. Абылай әкесіне сәлем беріп үйден кетуге қайта асығып отыр, өз үйінен таппаған орынды түзден іздегісі келеді. Көккөз байлаулы тұр, Абылай үй төбесіндегі төсегіне барып құлады. Көзі бірден ілінді, Әділ сырқат тартып жатты. 

-Күләтай, осы баланың тағдыры не болмақ? Өз жаныма ертіп жүрсем ба екен?

-Қалаға қайтам дейді. 

-Әй, байғұс-ай... қу басын қай ортаға сыйдыра алар екен... Бибиленің үйіне жіберсек қалай?

Бибиле Әділдің үшінші қызы, Күләтайдың қатал тәрбиесін, таяғын жеп өскен қыз. Шешесіне тартқан мінезі бар, үлкен ұлының тентектігімен әбден мезі болған. жүрегі жиі қысылып қалады. 

-Өз баласының жайын түзей алмай әрең жүргенде басына бейнет қылып Абылайды қайтсін.

Күләтай осы сөзін жаңылып айтты, Бибиленің біреуді бөтен көрген күні жоқ, сол үйде барлық ағайынның баласы әр демалыста келіп, жасаған қазанжаппа нанын қомағайланып жеп қайтатын. Бала күнінде Абылай да үйден қашып Бибиленің үйіне барып алатын. Әр баласын бір түгендеп жатып Әділ де ұйқыға кетті. Таңертең есік қаққан дауыстан оянды. Үстіне қолына ілінген жемпір киіп сыртқа шықты. Жанына үш полиция қызметкерін ертіп алып Кәкім келіпті. Әділге Абылайдың құжатын тапсырып:

-Ұлыңыздың ізімен келдік. Менің ауламда түнеп, малыма қарап берем деген, бірінші күні  кетіп қалыпты. Өзіңіздің алдыңыздан өтіп келіп тұрмыз.

-Рақмет, шырағым, рақмет!

-Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз, ата, ұлыңыз менен жылқы алған, өзімен балап әкетіпті, құнын кімнен алайын?

-Кәкімнің сөзіне сенгісі келмесе де Әділдің кеше сайдан тынымсыз кісінеген жылқының дауысы дәлел болып тұр.

-Жылқы дейсің бе? Менімен жүрші.

Әділ сайға қарай бет алды, Кәкім артынан ілесіп барады. Қасқа дөнен ноқтасына асылып тұр, жазық далада еркін жүріп, байлауға көнбейтін бұл дөнен, ағашты айналып шауып ноқтасына басы жетпей асылып қалған екен. Кәкім жылқысына қарап тұрып:

-Қымбат тұратын дөненім еді, осындай жағдай болып тұр. Абылай да жас бала ғой, балалықпен істегені шығар, түрме аралап жүргізуге шамам келеді, бірақ одан не табамын? Балаға кешіріммен қараған дұрыс болар, көке, өзіңіз шешімін табарсыз деп сенем.

Әділ үйге кіріп жинап жүрген азын аулақ ақша мен Күләтайдың тоғыз қыздан келген дүниелері мен алқасын алып шықты.

-Мынау жете ме, шырағым? Менде бары осы, разымын десең осыны ал.

Кәкім Әділ ұсынғандарды алып кері қайтты. Әділ қолына күректің сабын алып, бірнеше күн ұйққы көрмей, енді тәтті ұйқыда жатқан Абылайдың ішінен салып қалды, Абылай ештеңе түсінбегендей ұйқысынан тұрып еі, Әділ тағы да ұрды, кректің сабымен Абылайды сабай берді.

-Байғұс-ай, саған не жетпейді? Бізді жерге қараттың ғой, бейшара ай.

Күләтай Әділді әрең тоқтатты. Абылай көзіне жас та алған жоқ, тіс қайрап тұрып қалды, әлі де өз қатесін түсінбей тұр. 

Абылайды он сегіз жасында Әділ оны әскерге жіберді. Өзі екі жылдан бері сырқаттанып, құлағы дұрыс естімейді. Жұмысынан шығып үй шаруашылығымен айналысып жүр. Үндік асырап, әкесінен қалған есекті күтіп қарайтын болған, алма, өрік, тұт, шие ағаштары өз жемісін беріп сиырларға алма, асқабақ турап береді. Бар ермегі үйде. Күләтай екеуі ғана болған соң, кенже ұлы мен күйеуден қайтқан қызын үш баласымен үйлеріне шақыртып алған. Әділдің тоғыз қызы бар, соның төртеуі күйеуден қайтқан. Әр баласының тағдырына бір алаңдап жүріп Әділ мен Күләтай өз жайларын ұмытқан. Көккөз әлі шынжырмен байланып тұр. Ауыл араласа да Әділ есегін арбаға шегіп алып жүреді, қайда барса да есегі қасында. Абылай әскерден келген соң үйлендіретін қыз іздеп жүр. Абылайдың әскердегі өмірінен Әділ де, Күләтай да бейхабар болды, өйткені Абылай хат жазу, хабарласу дегенді білмейтін. Әділдің бойын кәрілік ерте билеп алды, күнделікті өмірі бір қалыпты, таңертең малдарын үйден шығарып жібереді, алма теріп, майдалап турап сиырларының ыдысына салып қояды, ауласындағы ағаштарды суарып, көккөзге тамақ апарады, күншуақта отырып қытайша ән шырқап, түс қайта ұйықтап алады, Күләтаймен әңгіме соғады, кешке өрістен сиырларын күтіп алып әрқайсысын өз орындарына байлап қояды, үйінде жүрген қызы екі сиырды сауып алады. Қытайша ән шырқайтын себебі, Әділ Үрімжіден бала күнінде көшіп келген, інісі мен қарындасы сонда қалған, бауырға деген сағыныштан арасында ән айтып жүреді. Шекарадан бірнеше рет өтуге тырысқан, бірақ онысы үнемі сәтсіз шығып, қарақшылармен әлек болатын. Бірде шөп қораға сүйеніп ән салып отырғанда Қытайдан бауыры Дәлеш келіп төбесі көкке жеткен. Басында Әділ оны байқамаған-ды, көзін жұмып, басын көкке көтеріп, өткен ғұмырын есіне алып отырғанда әннің қайырмасына Дәлеш қосылып айтты. Әділ түсінбей көзін ашып өзіне сене алмай тұрып қалды. Бауырына бір басып сағынышын тарқатты. Саулық сұрасып болған соң, Дәлеш ақыл сұрай келгенін айтты.

-Қазақстанға көшіп келмек ойым бар, бұл жақтың жері құнарлы дейді, қай жерінен үй алсам болар екен.

Әділ Күләтайға бір қарады да - не дейді?- деп дауыстап қалды, Күләтай да әдетінше - ой керең шал-ау, - деп Дәлештің айтқанын дауыстап жеткізіп берді.

-Жердің несін айтасың, туған жердің топырағынан басқа адамға ыстық жер қайдан болсын? Бұл жақтан еш қиянат көрмесем де, өзіме жайлы болса да, Үрімжіні сағынамын да тұрамын. Ол сағыныш туған жерге деген сағыныш па, бауырларға деген сағыныш па кім білсін, Дәлешжан...

-Оның рас.

-Қазақстанға келем десең жалғыз болмайсың, бірақ Атамекенді де ұмытпағайсың. Айтар ақылым осы. 

Дәлеш Алматы қаласына қарасты бір ауылға көшіп барды. Абылай да әскерден келді. Дауысы гүрілдеп кеткені болмаса еш өзгермеген, баяғы қалпынша денелі, білекті. Төрт жылдан бері шынжырмен тұрған көккөз түн батса ұлитын әдет шығарған. Абылайды бірден танып қақпадан кіргеннен үріп, өзіне шақырғандай болды. Үйдегілерге сәлем беріп болған соң, көккөзді құшақтап тізерлеп отыра кетті. Көккөз де құлағынан жалап, құйрығын сермеп еркелеп тұр. Абылай есекке мініп, көккөзді ертіп таудағы үйшігіне шықты, көккөзді құшақтап жатып бүкіл балалығын көз алдынан өткізіп шықты. Әскерде осы үйшігін жиі түсінде көретін. Бүгін де түсінне атасы кірді.

-Абылай, жүре ғой, балам.

Абылай басын көтеріп, атасына қарай жүре берді. Екеуінің ортасын қаша бөліп тұр. Есігін қанша ашуға тырысса да аша алмайды, атасы қолын созып әлі шақырып тұр. Күләтайға келіп осының бәрін айтып берді, анасы ұшықтап бергеннен кейін бұл түс кірмейтін болды. Күләтай Абылайға жөн сілтемек болып:

-Атаңның басына құран бағыштап қайт, әруағы дәметіп жатқан шығар, мен үйге жеті нан пісіріп қоямын.

-Мен бағыштау білмеймін ғой.

-Көкеңе айтып бірге барып келіңдер, жолшыбай әңгіме айтарсыңдар. 

Абылай есек арбаны ерттеп Әділді шақырды, екеуі отырып молаға жүрді. 

-Абылай, мені тыңда, - деп Әділ Абылайды өзіне қаратып алып, -  көрші ауылда Ғафу деген кемпір бар, немересімен жалғыз тұрады, келесі апта сол үйге құда түсіп барамыз.

-Көке, мен әлі дайын емеспін. Әуелі реттеліп алайын.

-Көп сөйлегенді қой, айттым барамыз. Осы күні отау иесі болмасаң, ертең қалай орда бұзасың? 

-Көке...

-Сандырақтама.

Осы сөзден кейін екеуі де үнсіз отырды. Ғаділбекті жерлеген жылы шетінен орын алып жерлеп еді, бұл күнде ортасында қалған, ауыл адамдары жыл сайын азайып келеді. Жол бойындағы ағашқа есекті байлап өздері жаяу шықты. Әділ тізерлеп отырып, әуелі фатиханы сосын ықыласты үш қайталай оқып, дұғасын тілеп бетін сипады. Абылай да бетін сипап атасына бір уыс топырақ салды. Айналасына өскен арамшөптерді жұлып зират шетіндегі қоқысқа тастады.  Жазық далаға қарап, басын көкке көтеріп, құшағын ашып бір орында тұрып айнала кетті. Дауыстай келіп:

-Едім мен түк білмеген бала қыран,

Мейірімді жүрекке қарап ұғам.

Ей, өмір, құшағыңды аш, тығылайын

Мұз түскенде тағдырдың қабағынан.

Ішімде қысылады ұлып қайғым,

Кең өлкем ау, күйіңді тұр ұқпай кім?

Бәрі сені жапанда қалдырғанмен

Сендегі жылылықты ұмытпаймын.

Әділ үнсіз тыңдап тұрды, расында бұл өнері Абылайға өзінен дарыған еді, бірақ бұлай суырып сөйлегенін бұрын естіп көрген емес. 

Әділ үлкен тойға дайындалып жүр, Абылайды ес жинаған, көзі ашық адам деп көреді, ойын сұрап, ақылдасады. Ғафудың немересі Әлемгүлмен шаңырақ көтергелі жатыр, қуанышын бүкіл ауылмен бөлісіп жүр. Ғафудың құда күтіп, ұзату жасайтын шамасы болмаған соң келісіммен алып қашқан. Ер жетті ғой демесең, сол баяғы етіне сіңген өтірігі мен шолақ ойлауын тастамаған. Жиырма жасында отау құрды. Әділ бүкіл ауылға той жасады. Ауылдың тойы әдетте күндіз немесе кешке өрістен келген малды жайғастырып болған соң, міндетті түрде моншаға бір жуынып алғаннан кейін басталатын. Бұл жолы олай болған жоқ, Әділ де бір ауылға сөзін жүргізетін жасқа келген, оны бәрі сыйлайды, құрметтейді, сөзін жерге қалдырмайды, қонақтардың дәл уақытында келгені сол. Өз жағынан Ғафдан басқа ешкім келмегенінен қысылып отырған Әлемгүлдің жайын Әділ ұқпаса, Абылай мән беріп отырған жоқ. Әділ тойды өзі басқарып жүр. Ауыл ішінде аттары тарап жүрген әншілер де, ақындар да осында. Әнші бастаған әнді халық қосылып шырқай отырады. Халық әндерінің бәрі осы тойда айтылды. Халық арасынан айтысқа сұраныс шықты.

-Әдеке, осы тойда керемет айтыстың куәсі болмас па екенбіз?

-Иә, иә айтыс көрейік.

-Ақындар не дер екен?

-Айтыс көрейік, айтыс.

Ағайынның сұранысын көріп тұрған Әділ домбырасын алып, өз мақамына салды.

-Көңілі қалағанды қоймас адам,

Түрім бұл туысқанға той жасаған.

Тіліме тәуір сөз сал жаңылдырмай

Үңілер сөз төркінін бойласа адам.

Айтыс деген қазақтың мол мұрасын,

Құрметтесең жаныңа қондырасың.

Айтысам дейтін егер адам болса

Ортаға алып шықсын домбырасын. Әгигәгім ай!

Орта бойлы, мұрты ағарып, бір аяғын қисық басқан қырықтың шамасындағы кісі орнынан тұрып ортаға шықпақ еді, үшінші ақын әзілдеп үлгерді:

-Ойым бар баршаңызға бір ән салмақ,

Ниетіңіз болса егер құлақ салмақ.

Үш кісі тілек тілеп алыңыздар

Айтысқа жеткенінше бұл ақсаңдап. Әгигәгім ай!

Жұрт қарқылдап күлісті. Ақсақ ақын домбырасын қағып өз мақамына салды.

-Бауырым ай жаңылмай сөйле тілден,

Сөз түсінбей қаламын кейде тым мен.

Бұл күні ағайынға күлкі болдым

Басымның соры болған бейнетіммен. 

Мақамына салғанда күш қып ақын,

Дәстүріңнің кезі жоқ тыс тұратын.

Ал айтыс деп шулаған ағайынның

Бірдеңесі бола ма қыстыратын? Ай хай а хоой аааа

Үшінші ақын ортаға шығып.

-Жібермейді ақылды ел есебін,

Ойыңда тек дүние неге сенің?

Бұйырса топты жарған ақындарға

Әдекең берем дейді көк есегін.

Әділ домбырасын тартып:

-Тігейін өз атымнан ал бір бәйгі,

Мына бәле бір мақам салды ыңғайлы.

Қашаннан да құрметке лайықтарды,

Өскелең ел сыйлықсыз қалдырмайды.

Бәрібір осы әулеттің тойы ғой бұл,

Айтатыным ешкімді таң қылмайды.

Сыйлықтың бәрін маған береді де,

Меннен басқа жеңімпаз болдырмайды. Әгигәгім ай.

Ақсақ ақын былай деп жауап қатты:

-Ай, Әдеке сөзіңді табасың ғой,

Айтысасың біздерді баласынбай.

Ұлыңның қуанышы құтты болсын

Қайратты көздеріңнің қарасындай. 

Беремін деп бәйгені өз атымнан,

Жырыңды бастап едің жанашырдай.

Сосын қайта сөзінен аттап өткен,

Сараңды кім көріпті тап осындай. Ай хай а хоой ааа

Әділ де сыпайы жауап қайырды:

-Айтарыма енді жұрт сенбей көрсін,

Домбырам жүректерді тербей берсін.

Сөздерің шыныменен тура болса,

Ең сараң адамдарың мендей болсын. Әгигәгім ай.

Үшінші ақын қорытындылап жырлады:

-Өттік ау бұл айтыстың тұзағынан,

Жарылып ортаңызда біз ағынан.

Әдеке, бар тілерім қуанышың,

Сүйіндірсін сіздерді ұзағынан. Ай хай а хооой ааа

Жұрт күлісіп жатыр. Ақындар әдейі дауыстап жырлатса, жұрт дауыстап сөйлейтін, осы әулеттегі қуанышта барлығын дауыстап айту шарт болып қалыптасқан. Осының бәрін Әділ оңай есту үшін ауылдастарының шығарып алғаны. Әділ той соңын қытайша әнін салып аяқтады. Қонақтар тарап жатты. Әділ Әлемгүлге жақындап:

-Көңілсізсің ғой, қызым?

Ер кісінің махаббаты мен жылулығын сезіп көрмеген Әлемгүл Әділге бірден ашыла сөйлесіп кетті. 

-Үстел басында бір кісілердің «әке тәрбиесін көрген қызды неге алмаған» деген әңгімесін естіп қалдым, көке.

-Сен әке тәрбиесінен де құнды апаңның аманатын көрген адамсың, Абылай да менің қолымда өскен емес, ол шалдың баласы, сен кемпірдің қызы, сендерді өздеріңнен артық кім түсіне алады?

Әлемгүлдің көңілі орнына келгендей болды. Ішінде жатқан күйік болса Әділге ғана айтады. Абылай Әлемгүлді таудағы үйшігіне апарды.

-Мен өз үйімде емес, осы үйшікте көп түнегем. 

-Сен мені әкең айтқаннан кейін алғың келді ме, әлде жүрегің мені қалады ма?

-Көкем не істесе де менімен ақылдасып істейді, мен құптамаған ойы болса екінші рет айтпайды.

Абылай өзін ақылды адам қылып көрсеткісі келді. 

-Енді менің сырласым да, қорғаным да сен боласың, менің жаным саған аманат.

Бұндай сөздерді бұрын естіп көрмеген Абылай өзін өмір құшағына басқандай бақытты сезінді.

Ғафудың дүниеден өткеніне тоғыз ай болды, жаназасына ауыл адамдары ғана қатысты. Немересінің тойынан кейін жанында ешкім қалмағасын жалғыздықта жатып жалын күтіп алған. Соңғы рет тойдан кейінгі күні барып апасымен қоштасқан Әлемгүлдің, осы күні Әділдің әулетінен басқа жақыны қалмады. Абылай мал бағып жүріп Әлемгүлге көңіл бөлуді қойған, тіпті толғағы кеп перзентханада жатқанда да хәлін біліп келмеді, Әлемгүлдің жанында шырылдап Әділ жүрді. Дүниеге Абылайдың ұлы келді, Әділ өзі перзентханадан шығарып алды. Үйге келіп есім балаға есім қоярда ғана Абылай кіріп келді. Әділ  ашу үстінде сыртқа қуып жіберді.

-Өй мал сасыған байғұс-ай, келдің бе әйтеуір. 

-Баламды бір иіскейінші, көке!

-Балам дей қалуын қара, қайда жүрсің бала керек болса, жоғал жуынып кел.

Абылай Әділдің қолындағы көрпеге оралған баланың бетін ашып қарап, бір жымиып сыртқа шығып кетті. Әділ Қазақстанға көшіп келгелі өз жерін сағынып жүр, еліне деген сағынышпен немересіне «Елімай» деп есім берді. Әлемгүлге көмектесіп Күләтай екеуі кезекпен қарасады. Күләтай да Әлемгүлді жұмсап, дұрыс жасамаған істерін бетіне баса айтпайды. Ғафудың бір жылдық асын Әділ өзім өткіземін деп уәде еткен. Бүгін әулетке Әділдің барлық балалары келіп қуанышқа ортақтасып жүр. Абылай Бибилені оңаша шақырып алды.

-Көкеммен сөйлесіп қалаға бірге шығып кетейікші, жұмыс тауып тіршілік етпесем, ауылдың күнін өзің білесің ғой.

-Дайын тұрған жұмысың болса әрине, біздің үйде тұрып жүре бер.

Кешке тамақ үстінде Абылай тамағымен қырып жөтеліп бәрін өзіне қаратып алды.

-Көке, әскерден келгелі ауылда жатырмын, енді қалаға барып жұмыс істейін. 

-Сенің-ақ бір бүйірің қалаға тартып тұрады екен. Кетсең жалғыз кет, Әлемгүл осында қалады. 

Абылай үстел басынан тұрып, жолға жиналып кетті. Бұл шешімін үстел басына отыра бергенде Әлемгүлге айтпай өзі қаблдап қойған, сонысына іштей ыза болып отырғанын көріп ымдап жанына шақырып алды.

-Мен келесі демалста келемін, не қалайсың, келерде ала келейін. 

-Сенің ойыңа мен қашан кіріп шығамын, Абылай? Өзіңді «әке» ретінде де қабылдай алмаған қандай көкірегің соқыр адам едің? Кеудеңде бір тілім намыс болса мені де, көкеңді де ұғар едің ғой.

Абылайдың қырсығы ұстап, қабағы түйілген күйі қалды. Біреудің ызасына үнсіздікпен жауап қайтаратын баяғыдан қалған әдеті. Әлемгүл үстелге қайтып барған жоқ, төсегіне кері қарап ұлын бауырына басып жылап жатты. Бұл үйден кетейін десе Әділдің көңілін қимайды, туған қызындай қамқорлық көрсетіп жүргенде Абылайды жамандап та барғысы келмейді. Оның бәрін Әділ іштей сезетін. Керең шал демесең Әлемгүлдің ішіндегі зарды айтпаса да естіп алатын. Балалары үйлеріне тарап жатқанда Әділ Бибилені үйіне алып қалды.

-Айналайын, Абылайға өзің қарап жүрші, біреудің мүлкін ұрлап бүлікке кіріп кетпесін. Үйлендірем деп ерте шешім қабылдаппын, Ғафу кемпірді жалғыз тастап кете алмаймын дегенде Әлемгүлді өзім көндіріп едім. Той біте сала Ғафу да қайтты, Әлемгүлдің де ешкімі қалмады. Қисық мінезін әлі көрсеткен емес, Күләтай екеуміздің шайымызды беріп, жағдайымызды жасап жүр, осындай әйелдің қадіріне жетпей жүр ана байғұс, бір қыздың тағдырына балта шауып, обалына қалмайық.

Бибиле әр сөзді мұқият тыңдап отырды, қалаға кетерде Абылайды өзімен ала кетті. Әскерден келген қағазын алып сауда үйлерінің біріне күзетші етіп орналастырды. Таңертең тұрып жұмысқа барады, кешке келеді, таңертең кетеді, кешке келеді. Жұмысында есік көзінде тұрып адамдардың сөмкелерін аңдып тұрады. Ғафудың жылдық тамағын бергенше Абылай күзетші боп жүрді, бар табысын Бибиле жинап жүретін. Әділ ауыл адамдарының бәрін шақырып, Ғафудың асын өз шаңырағында өткізді. Абылай да ауылға қайтқан, көкемдерге апарам деп Бибиледен алған ақшасынан бір тиын да бермей, ас бітпей жұмысым бар деп қалаға кетіп қалды. Бибиленің үйіне бармай, жеке пәтер жалдап жан тыныштығын іздеп жүрді. Абылайға, «жұмысың қалай, ақшаңды жинап ұста, көкеме барып кел» дейтін Бибиленің сөздері ұнамайтын, ауылға қайтарып жібермеу үшін амалсыз шыдап келген. Енді ол жалғыз тұрады, қалаған уақытында келіп, құмары қанғанша қыдырып, жұмысына бармай еркін жүре алады. Біреудің малын бағып, қорасын тазалау болмаса Абылайдың қолынан басқа іс те келмейді, қала шетінде тұратын фазендаларды аралап жұмыс іздейді. Байлардың босағасында жүріп дегенін істеу Абылай үшін әдетті жағдай. 

Абылай Үшарал шетіндегі фазендада мал қарап жүргеніне жарты жыл болды. Бибилеге де, Әділге де ештеңе айтқан жоқ. Әділ Елімайды жанына ертіп, есекпен ауылды бір аралап келу әдетіне айналған. Елімай басқа балалар секілді шешесін іздеп жыламайды, алты айлығында еңбектеп, атасынан қалмайтын болған. Әлемгүл күнде бірдеңе ойлайды да жүреді, Күләтай да Әлемгүлдің жайына алаңдайды. - Өмірдің әділетсіздігін-ай, - деп іштей күрсінеді. Көккөздің байлаулы тұрғанына бір жыл өтті.  Абылай әр күн сайын жанындағы жұмысшылар жатып қалғанда қорадан үш қап тартылған жем алып шығып, жақын маңдағы ауылдарға сатып келеді. Бір ай ана байға, сосын басқа бай, сосын тағы басқа босаға, сосын тағы, тағы, тағы, тағы... кете береді. Біреуіне өзін жетіммін деп таныстырады, біреуіне әскерден жаңа келген сарбаз, өзіне аяушылық танытса екен деп мүсәпірдің де кейпіне кіреді. Әр байдыңбіржылқысын ұрлап сатып, жем, шөп сатып өтірікпен күн көріп жүргеніне де біршама айлар өтті. Күндердің күні, ауылға келіп бір кісімен жем беретін боп келіседі, мән жайын біле келе жем алған адамның фазенда иесімен тікелей туыстық байланысы болып шықты. Қорадан енді үш қап жем көтеріп шыға бергенде есік сыртында фазенда иесі үш жігітпен тұрды. Жанындағы біреуі Абылайдың желкесінен сойылмен салып қалғанда есінен танып бірден құлады. Барлық құжаттарын өртеп, сол күннен бастап құлындай жұмсап, ұйқысыз жұмыс астына салып отырды. Жалғыз өзі шөп тасиды, жоңышқа шабады, бес жүз бас малдың астын тазалайды, асын тығылып қораның ішінде ішіп алады. Әр күн сайын күзетші ауысып Абылайға қарап жүреді. Байдың құлы боп жүргенде ақпан келді. Сырқыраған аяз. Қора бұрышындағы өзі жататын орынға құрғақ ағаштар жағып, бүрісіп жатады. Ыңғайы келсе қашып шығатын уақытын күтіп жүр. Он екіден өткенде Абылайға бір қарап, сосын күзетші өзі ұйқыға кетеді. Абылайдың үстінде жамау жемпір мен жазда киген жұқа шалбардан басқа ештеңе жоқ, аяғына кигені жыртық етік. Кілетте жайылып тұрған жылқының терілерін бірін денесіне жамылса, бірін бұтына орап, күзетшінің шаңғысымен басы ауған жаққа жүре берді. Бүгін боранды күн, осыған дейін қашып шыққанда ізімен келіп қайта ұстап алған, енді басқан іздерін қар бірден жауап тастап жатыр. Тоңғанына қарамай кете берді, кете берді... алдынан шығып жатқан ауылдарға кірген жоқ, осы маңдае есінде қалған Молдахметтің үйіне бара жатыр. Күннің арты ашылып, боран басылды. Бұрын шаңғы теуіп көрмеген соң, омбы қардың бетімен келе жатқаны болмаса, икеміне де салып келе жатқан жоқ. Бойына тойымды ас батпаған соң әлсіреп, үстіндегі тұздалған теріні кеміріп жеп келе жатыр. Көзіне үй мұржаларынан шығып жатқан түтін көрінгенде, ертерек жетуге асыққандай соңғы күшін салып дөңнен асты. Төмен қарай шаңғының жылдамдығын басқара алмай шалқая кетіп құлап сол орында қозғалмай жата берді. Суықты мүлде сезіп жатқан жоқ, Молдахметтің ауылынан аңға шыққан баланың иті Абылайдың бетінен иіскеп жатқанда көзін ашты, ат үстінен көздері мөлдіреп қарап тұрған баланы көріп іштей қуана берді. Орнынан әрең тұрды, атқа мінер шамасы жоқ. Сөйлеуге тілі бармайды, айтқандары балаға түсніксіз. Неде болса көмекке зәру адамды көргеннен кейін аулына апармақ. Абылайдың аяқтары өзіне бағынып тұрған жоқ, ауылға жеткенше ертоқымға сүйеніп келді. Молдахметтің үйін жүрмей тұрған, екі дөңгелегі жоқ көк беларусьтан танып қолымен нұсқап көрсетті. Бала айғайлап:

-Ата, ата... ата.

Үстіне күпәйкесін киіп бүкір шал шықты. 

-Бұл қайсың ей?

-Мен ғой, Мейрамханның немересі, ата, мына кісі сіздің үйіңізге келіп тұр. Тауда аң аулап жүрсем далада жатыр, қолымен сіздің үйге қарай нұсқай береді.

-Бұл кім болды екен? 

-Сіз танымайсыз ба, ата?

-Жүзі таныс болғанымен кім екені есімде жоқ, жарайды, балам, жүрші үйге кіргізейік.

Молдахмет Абылайдың қолтығынан демеп пеш түбіне әкеп жатқызды. Үстіндегі терілерде алып, өзінің көрпесін жапты. Абылай екі күн бойы оянбай қатты ұйқыда жатты. Аяқ-қолы, денесі түгел үсіп, дірілдеп ауырып жатқанын да сезбей ұйықтап жатыр. Екі күн бойы Молдахмет оны күзетіп жатты. Ұйқысынан тұрғаннан кейін, неше айдан бері келе жатқан сырқаттарының бәрі шықты. Денесінен қан сыздап жүріп өткенде ыңырсып барып қайта өзіне келеді, Молдахмет сырттан шелекпен қар алып кірді де Абылайдың денесіне уыстап шашты. Абылай дірілдеп жатып Молдахметтің қолынан қысып ұстап алды. Асықпай түсіндіріп сөйлемесе әлі де сөйлеуге тілі дұрыс келмейді.

-Мені өлтіре салшы, ата. Қалағаныңды орындайын, мына азапты өзің де көріп тұрсың ғой, қалтаңдағы бәкіңді алып жүрегіме тығып алшы, ата.

-Алғысы келсе Құдай өзі алады, оған алаңдама, тек мынаған жауап берші, мені қайдан танисың, сен кім болдың?

-Мен адасқанда жөн сілтеген сен едің, бұл жолы жолымнан емес өмірден адасып келіп тұрмын, маған көмектес, ата.

-Еее, сол сен ба едің?..

-Күтіп едім жаныма бақ сіңгенін,

Осы ғана өмірді нақ сүргенім!

Не қыласың жүзіме қимай қарап

Қинамай кеп жанымды тапсыр менің...

-Балам-ай, шынымен қайда барарыңды білсең асықпайтын едің ғой... бұл да өміріңнің бір бөлшегі, ұнамаса басқа өмірге айырбастап ала алмайсың. Тағдырдың қолындағы дүниеге мойын сұғып араласа берме.

-Жалғыз ғана ғұмырымды тағдырға қалай тапсырайын, ата?

Молдахмет езуін бір тартып:

-Өмір сенікі болғанмен, сүйегіңді жерге, басыңды Құдайға, жүрегіңді сүйгеніңе тапсырасың, сонда өзіңде не қалады?

-Менде үміт бар, сезім бар, көзге көрінбейтін асылдардың бәрі менде.

-Үмітің болса өлуге мұнша асығар ма едің?

-Онымен не айтпақсыз, ата?

-Сен келгенде менің мылқау қызым бар еді есіңде ме, соңғы екі жыл төсек тартып жатты, кемпірім дүниеден өткен соң осы қыздың тағдырын қатты алаңдадым, маған барлығы қиын болатын, оны түсіну, тамағын беру, тәрбиелеу, оның да көздері дәл осылай мөлдіреп, мені өлтірші дегендей өтініп жататын. Жалғызыңды жоғалтқаннан ауыр дерт жоқ екен, балам, ауру болса да қызым жүргенде жаным тыныш еді, ол да кетті, енді міне бүтін бауырымның бір бөлшегін сағынышқа бердім. Сен ойлаған дүние бұл жақта емес. 

Абылайдың ойынан Елімай мен Әлемгүл шықпай қойды, аяғына тұр алар емес. Елімайдың енді тілі шығып, анасының артынан қалмай ойнап жүргенін елестетіп жылап жатыр. Молдахмет түбі оттан күйіп қалған қара шәугімінен шай құйып Абылайға берді. Денесіне ыстық шай тарағаннан кейін ақырын-ақырын есін жинап бастады. 

Молдахметтің үйінде жатқанына үшінші күн, қолдарын енді сезіп бастады, жарты жылдан бері су көрмеген Абылайдың моншаға түскенде өң бойынан ләззәт тарап, ожаумен тоқтаусыз үстіне су құя берді. Су астында басына әр түрлі ойлар келіп жатты, үйінен шыққалы бір ретте хабарласып, хәл біліскен емес, тапқан ақшасын қайда жаратып жүргенін өзі де білмейді, фазендадағы малшы әйелдермен көңіл көтеру, олардың балаларына тәттілер апарып, өз баласына бермеген мейірімін алыстағы біреулерге төгеді. Жаны тыныш, ешкім оған ақыл айтпайды, малшыларға өтірік әңгімесін айтып кетеді, әйелдерге бойдақпын дейді. Енді қайда барарын, кімнің босағасын паналайтынын білмейді. Молдахметтен рұқсатын алмаса да қыстай осы ауылда боламын деп өзі шешіп қойған. 

Аяғына тұрып, сырқатынан айыққаннан кейін Мейрамханның немересімен аңға шығып,  қоян аулап, Молдахметтің қос ауыз мылтығымен қырғауыл атып үйге әкеледі. Қырғауылдың сорпасын ішіп қыс бойы өзін қалпына келтірді, Молдахметтен қалған киімдерді киіп, ауласындағы қарды тазартып ауыл сол үйдің баласындай жүре берді. Айналаға наурыз келсе де көктемнің келер ойы жоқ, сол баяғы қар, баяғы аяз. Молдахмет Абылайды біраз жерге дейін шығарып салды. Қатынап жатқан көліктер де жоқ, күн ашық болғасын Молдахметтің жалғыз жылқысын мініп кетті. Ауылға жеуге қатты асығып келе жатқан Абылай өзінің іздеуде жүргенін білмейді. Фазенда басықтары баяғыдан Абылайдың ізіне түсіп қаладғы Бибиленің үйіне барып мазалап кетеді, полицияға да арыз түсіріп қойған. Ауқатты адам бұйырып тұрған соң полиция қызметкерлері тынымсыз іздеу үстінде жүр. Абылай жолмен жүріп келеді, ауылға жету үшін екі күндік жолы бар, түнде Молдахмет айтқан ауылда түнеп, таңертең қайта жолға шығуын жоспарлап келеді. 

Бибиле әдеттегідей жұмысынан келіп үйіне кірмек еді үш полиция жігіт Абылайдың қолын қайырып сыртқа шығып келе жатты. Бибиле жұмысында болғанда Абылай Молдахмет айтқан ауылда жылқыны тастап, Бибиленің үйіне көлікпен жетіп алған. Бибиле Абылайды көргеніне қуанып, құшағына алып, көзінен еріксіз жас төкті.

-Не бүлдіріп жүрсің тағы да, жарығым-ау, бір хабар неге бермедің?

-Бибиле, көкемдерге мені жұмыста жүр деші. Мен жақында келем, уайымдама.

Абылайдың қолын кісендеп көлікке отырғызды, полиция жігіттің бірі Бибиледен мән-жайды біліп, сот болатындығы жөніндегі бір жапырақ қағазды ұстатты да кетіпқалды. Бибиле үйіне кірместен ауылға барды. Әділ мен Күләтай үстел басында, Әлемгүл бала ұйықтатып жатыр екен, сәлем беріп болғаннан кейін әңгімесін бастады. 

-Бүгін үйге Абылай келді, жұмыспен басқа қалаға кетіп хабарласар уақыты болмапты, өзі тек бірнеше уақытқа ғана келген көрінеді. 

Абылай жайлы әңгімені естіп Әлемгүлдің құлағы елең ете қалды. Әділ күрсініп барып, әңгімесін бастады.

-Бір бәлеге ұрынбаса болғаны, Абылай атасына тартқан мықты жігіт, өзін жоғалта қоймас.

Күләтай да, Әділ де Бибиленің өтірік айтып отырғанын сезіп отыр, жылағаннан көзі ісіп кеткен, ана жүрегі ондайды сезбей қайтсін?.. екеуі де Әлемгүлдің көңілін түсірмеуге айтып отырғандары. 

-Күләтай, ертең Елімай сенің жаныңда қалады, мен Әлемгүлді алып екеуміз ақылдасқан шаруаны бітіріп келейін.

-Әлемгүлдің ойын сұрап көр, қарсы болмаса мен разылығымды бердім. 

Әділ таңертең үйден құжаттарды алып, қалаға көлік шақыртты, жанына Әлемгүлді ертіп алды. Әжесі Ғафудан қалған үйді сатып ақшасын Әлемгүлдің қолына тапсырды, қаладағы мектепке мұғалім қылып жұмысқа тұрғызды, пенсиядан жиналған Күләтай екеуінің ақшасын да Әлемгүлге берді.

-Айналайын қызым, сені үйден қуып жатыр деп ойлама, сен біздің келініміз емес, қызымыздай болдың, Абылай сені жалғыз тастап кетсе де кетем демедің, жастығыңның бәрін төрт қабырғада өткізіп, қайғыға батып, қартайған бізге қабағымызға қарап жүргеніңді көру, маған өте ауыр. 

Әлемгүл көзіне жас алып:

-Көке, менің күйімді сіз де ұғып жүр екенсіз ғой, сіздерге шексіз алғысым болсын, немерелеріңізденайрмай әкеліп тұрамын.

-Ақылды қызсың ғой, жұрт өсегін құлағыңа аспай, өзің қалаған бақытты өміріңді сүре ғой. Батамды бердім, қызым!

Әлемгүл киімдерін жинап Күләтаймен қоштасып сыртқа шықты, Әділ шақыртқан көлікке жүктерін тиеп қалаға кетті. 

Абылайдың басы дауда қалғанын сезгенімен оған не болып жатқанын ешкім білген жоқ, Бибиле жолдасының киімдерін алып Абылайдың сотына барды. Бірнеше ұрлық жасағаны үшін, қашып жүргені үшін сот үш жылға түрмеге қамау жайлы шешім шығарды. Сот біткеннен кейін Абылайды Аякөздегі түрмеге алып кетті. Әділ ол жайында бейхабар болды. Сол баяғыша сиырларына қарап, көккөзге тамақ беріп, есекпен ауыл аралап, күн шуақта ән айтып күнін өткізеді. Әлемгүл Елімайды суалту үшін Әділдің үйіне қалдырып кеткен. Үйде жүріп немересімен ойнайды, шалдармен сөйлесуге кеткенде жанына ертіп алады, сүтке шылап пішінә береді, пішінә таусылып қалса күннің ыстық-суығына қарамай дүкен аралап толтырып алып қояды. Бірде Күләтай сүт пісірмек болып далаға от жағып, кәстрөлге сүт құйып қойған еді Әділ жағаласа кетті.

-Шырпыңды дайындап қоя бер, сүтті мен пісіре берейін.

-Өзі кішкене сүтті тасытып алмай қарап тұр. 

-Сүт пісіре алмасақ өмір сүру не тәйірі, шаруаңды бітіре берші бар.

Күләтай қазанжаппаның бетіне қою үшін шырпы дайындамақ болып қыстан қалған ағаштарды алуға қораға кетті. Арнайы тамыздыққа қойған шырпыларды алып шыға беріп еді мұрынына күйген иіс келді. Қораны айнала бергенде тасып жатқан сүтті үрлеп тұрған Әділді көріп:

-Саған сенген өзіме де обал жоқ, осы сүттен көз алмай қарасаң болмас па еді?

-Енді мына пештің астын сонша лапылдатып жағып кеткенің не? 

Әділ өзін ақтап әлек. Күләтайдан біраз сөз естіп алды. Есегіне мінгізіп Раяның үйіне сүтке жұмсап жіберді, содан кейін Әді Күләтайдың ісіне көп араласпайтын болды. Кенже ұлы жұмыста, немерелері сабақта, күйеуден қайтқан қызы жаңа біреумен танысып уақытын сол адамға арнайды. Әділдің рұқсатымен Елімайды анасы қайта алып кетті. Үйде екеуі жалғыз, Әділ күрсініп жатуды шығарған. Күләтай кейде балаларына өкпелеп отырады.

-Қартайған шағыңда түбі жалғыз қалады екенсің-ау...

-Иә, Күләтайжан, әркім өз бақыты үшін өмір сүреді екен, несіне күнә тағып, несіне өкпелейсің? 

-Абылайдың күні не боп жатыр екен, аман жүрсе болар еді.

-Алаңдама, оның да өз жолын табатын күні туар. Біз кетсек те Бибиле оған қарайласады, ішінде өз жасырғаны бар, Абылай жайлы әңгіме болса жерге қарап амалсыздан өтірік айтады, Бибиле оның қайда екенін, не болғанын да біледі. Өзі де бес баланың анасы болғаннан кейін ата-ана байғұс бала өміріне қалай уайымдайтынын білгендіктен жасырады да. Кенже ұлын босанғалы екі жыл өтсе де әлі ауруханадан шыққан жоқ, байғұс жарты ғұымырын аурухананы паналап өткізетін болды-ау. Ертең хәлін біліп барып қайтайық. 

Бибиле ауруханада жатса да Абылайға сәлемдеме жіберуді ойлап жатады. Екі күннен кейін ауруханадан шығарады, үлкен ұлына айтып Абылайға керекті киімдер, дәрілер, кітап, азық-түлік алдырып қойған. Аякөзге пойызға билет алдырған. Ауруханадан шыға салып кіші ұлымен Аякөзге кетті. Абылайдың жағдайы жаман емес, түрменің жұмыстарын істеп денсаулығына күтіп қарап жүр. Өзін шыдамдылықпен ұстағаннан кейін уақытынан ерте бостандыққа шығаруға үкім шығарған. 

Абылайды бір жылдан кейін түрме есебімен үш жыл мерзімін өткізді деген шешіммен, бастапқады полициялардың қарауында болатындай етіп түрмеден босатты. Келісім бойынша Абылай өз үйінен алысқа шықпауы керек. Абылайдың ауылға келерін естіп Бибиле де үйінен қолына орамалын іліп алып жолға шықты. Әділ баласын көргеніне қуанып тұрса көңілінде қалған бір реніш бар. Күләтай да жылдар бойы көрмеген баласын құр алақан көргеніне іштей наразы. Шеше байғұс баладан көп те күтпейді ғой. Сәлемдесіп болып, үстелге отырып жатқанда есіктен іле шала Бибиле де кірді. Абылдайды бүгін ғана көрген адам құсап орамалды ұсынып:

-Тәтеме алдым деп едің ғой, біздің үйде қалып кетіпті.

Абылай да кідірместен орамалды алып, сөзін жалғап кетті.

-Сөмкемді ақтарып қайда қалдырдым деп отыр едім, саған көрсеткен екенмін ғой. Тәтеу, мынау сізге. 

-Рақмет, шырағым!

-Әлемгүл көрінбейді ғой?

Әділдің көзінен от жарқ ете қалды.

-Сені күтіп жүреді ғой деймісің?

Үстел басындағы жанжалды Күләтай қаламады ма, Абылайдың көңіліне қарады ма әйтеуір өз әңгімесін бастап кетті.

-Баяғыда, Абылай құрсағымда жатып тынымсыз аунай бергенде әй, осы түздің баласы болатын шығар деп ойлағам, ойымнан тура шығыпты. Атасы болмағанда бізді біраз әуреге салғандай екен. Адам шіркін қартайған сайын мінезі баладай бола береді екен ғой, көңіл бөлгенді қалап тұрады, бірде нан илепотырсам атам Абылайға сыртқа алып шық деп екеуі бірге кетіп еді, есік ашылмай жатып Абылайдың жылаған дауысы естіліп тұр, не болды екен деп нанымды тастап жетіп барсам атасы аяқ киімдерге сүрініп Абылайдың үстіне құлап қалыпты, бұл сабаз да әрі жүріңіз демейді ғой. 

Барлығы жымиып Күләтайды тыңдап отыр. «қартайған адам көңілді қалап тұрады екен» деген сөзін әдейі Абылайға нұсқап айтты. Әділ өз күнін көре алады, тек ұлдарына үмітпен қарағысы келеді. Үлкені отбасымен, кішісі оқу, жұмыс деп жүр, ортаншысы Абылай атасының қолында өскеннен кейін балам деп алаңдағаны болмаса, қолын жайып ештеңе күтпейді. Қыздары тұрмыста, кейбірі күйеуден қайтқаннан кейін балаларын Әділдің қолына тастап өздері күнкөрістің артынан жүр. Абылай келіп Күләтайдың көңілі орнына түсті. Бибиле мен Күләтай өзара әңгімесін ортаға салып талқылап отыр. Әділ Абылайдыалып сыртқа шықты. Абылай көккөзді босатып құлағынан сипап, ағашлақтырып еркелетіп жүр.

-Абылай, бері кел, мені тыңда, осы уақытқа дейін қайда болғаныңнан хабардар емеспін, айтпағым енді үйде болып, шешеңнің қасында көмектесіп үйге қара. Қартайған шағын сендерді не күн көрер екен деген уайыммен емес, кеудесіндегі мақтанышпен қарасын. Әлемгүлге барып кешірім сұра, жалған сөйлемей шыныңды айт. Ұлыңа тәрбие бер, ер жеткен шағында әкесіз өсіп достарынан жасқанбасын. Көзінен нұрын жоғалтпай, балалығын бақытты өткізсін. Біреудің мүлкін ұрлама, арам келген нанда береке болмайд(ы). Менің де қанша ғұмырым қалды дейсің, шешелеріңді бағу үшеуіңнің қолыңда. Сарай соғып бермесең де, пейіліңді көрсетіп шамаң келгенше сый жаса. Үйге кіргенде алақаныңа қарайтын шешеңнің көңілін қалдырма.

-Ұқтым, көке. Елімайды өзім де сағынып жүрмі, есейіп келе жатқаны жиі түсіме кіреді. Әкелеп шақырады да меннен қашады, бірде ағаш басына шығып, түсе алмай жылап отыр екен мен көтеріп алайын жоқ болып кетеді де жылаған дауыс қана естіле береді. Ол да мені іздеп жүрген шығар жарығым. 

-Дүкенге барып тәттілер мен Әлемгүлге сыйлық ал, ақшасын мен береді де. Әлемгүлмен сөйлескен соң қайта ауылға қайт, менің бір жағыма шығып, көмегіңді тигізе жүресің.

Көптен айтқысы кеп жүрген сөздерін айтып, Әділдің жаны тынышталып қалды. Абылай Әділді тыңдап сыйлықтарын алып таңертең жолға дайындалды, түнімен көз іле алмай таңды асығып күтті. Қабырғалардан суық есетіндей көрпесіне оранып алса да дірілдеп тоңып жатыр. Әлемгүлге не айтарын білмей әрі ойланады, дөңбекшіп бері ойланады. Абылайдың өміріндегі ең ұзақ түн осы болған шығар. Түнімен терезеге шағылысқан айға қарап жатып ойлана берді, ойлардан өзін тазартып ұйықтағысы келеді де көздерін сағаттап жұмып жатса да түк шықпайды. Тоңып жатып өң бойынан ыстық тер сырғанап өтеді, ыстықтап жатып тоңады. Ойлармен алысады, Әлемгүлге бар шындығымды айтамын дейді де, онан соң ол кешірмей қоятындай өзіне басқа оқиға ойлап кетеді... қалаға кетіп сонда қаламын дейді де, көкемнің айтқан сөзін қалай жерге қалдырамын деп тағы ойланады... кезекті фазендаға жұмысқа тұрып жылқыларды қараймын дейді де, ол жердегі жалақының түкке жетпейтінін тағы ойланады... ойланып жатып терезеден түскен айдың орыны ауысқанын аңғармай, көршінің үйіндегі қораздың дауысын естіп таң атқанына қуанып, ойлары жоқ болды. Сиырларды босатып өріске айдап жіберді, Әділ кеше кешке турап қойған асқабақтарды үндіктерге шашып берді. Көккөздің тамағын беріп, шынжырына қайта байлады. Есектің алдына шөп салды да өзі жуынып үйге кірді. Терезеге қайта-қайта қарап, Әділ шақыртқан көлікті тағатсыздана күтіп отыр. Түнде Күләтай өтініштерін айтып көмек сұрағаннан кейін Бибиле уақытша ауылда қалатын болды. Абылай Әділ берген мекен-жай бойынша келді, сыртқы көрінісінен қарағанда ескіріп қалған, іргелері жарылып, қабырғалары қирайын деп тұрған көп қабатты үй екен. Екінші қабатқа көтеріліп, қолдары дірілдеп есікті әрең қақты, Әлемгүл есікті ашып көзіне бірден жас келді. Абылай қолындағыны ұсынып еді, үнсіз қалып қолдарын баяу көтеріп алды. 

-Балаңды көру үшін келдің бе?

-Менің жаным нақты нені қалағанын білмеймін Әлемім, кеудемдегі сағыныш мені осы жаққа алып келді. Елімайды бір көруге рұқсат бер.

Елімай анасының артында тығылып тұр, Әлемгүл қолынан ұстап әкесіне қарай жақындатты, Абылай көтеріп бетінен иіскеп еді жатырқап анасына қайта ұмтылып құшағына тығыл алды. 

-Биыл төртке келеді, Абылай, қайда жүрдің, енді ұмытып бастағанымда не үшін келдің?

-Алдарыңда айыпты екенімді білемін, маған берген пәк махаббатыңа қиянат қылғаным үшін кешірім сұрай келдім. Бұл сөзім ештеңе өзгерте алмас, бірақ менің де күнім оңайға соққан жоқ. Фазендада жатқанымда бір түннің ішінде ұрылар мен қасқырлар қатар шауып мылтық алып үлгергенше мені жынды болғанша талап тастады, қорадағы малдың біразынан айырылып, толық емімді күтпей бастығым шығынды өтеу үшін жұмысқа салды, тіпті ауылға баруды ойлайтын уақытым болмады. Есемді қайтарып келген бетім осы. 

Абылай Әлемгүлдің көзіне тура қарап тек шынын айтып тұрғандай оңай жеткізді.

-Сол жерде қалып кеткенің дұрыс болар еді ғой, Абылай, атам болмағанда біз қайыршы боп біреудің босағасын паналап жүретін едік. Бізге тек сен керек болғансың. Бізге істеген опасыздығыңнан кейін де өзіңді ақтап қалай келдің екен?..

-Әлі де бәрін өзгертуге кеш емес, Әлемім! Мен келдім, енді бірге боламыз, баламнан айыра көрмеші.

-Жоқ, Абылай, өмірімді осы құртқаның да жетер, бір қатені қайта жасағым келмейді. Елімайды көргің келсе атамдарға жібергенде көріп тұра бер, өтінерім, қайта келіп мені мазаламашы. Бір секундқа да кездесіп қалмайықшы. Ұлыңа сағынышыңды басып болсаң, жолыңнан қалма.

Әлемгүл Елімайды жарты жылда бір рет Әділдерге жіберіп тұрады, Абылайға ғана ренжіп, ол үшін атасының жақсылығын ұмытып, немересінен айырғысы келмейді. Абылайға айтқаны да сол. Түні бойы болжаған кездесуі бір сәтте ғана өте шықты. Жеке басының қамын ғана ойлаған Абылайдың ақылына өз қателігінен арылудан басқа ештеңе келіп тұрған жоқ, кешірім сұрадым, қайта жанында болуға тырыстым, қабылдамады дегендей әлі де болса өзін ақтап келеді. Тұла бойын күйік басып, қаланың ортасында құмырсқадай тіршілік етіп жүрген адамдардың арасынан өтіп көкке қарап шыңғырып алды. Көше бойн жағалап, өлеңдетіп келеді.

-Жүрегімді қара мұң жаншып алып,

Не мейірім табамын бұл қаладан?

Бақытыма бағыштап қан шығарып

Құран арнап оқысын діндәр адам.

Өмір осы, бұлыңғыр, құба түнек,

Берілмеген дәл мұндай қайғы Асанға.

Қолыма шүберек ап, дұға тілеп

Жалғыз өскен бұтаққа байласам ба? 

Молдахметтің үйіне барса көңілі жайланып, ажалдан аман қалып, әрдайым жолын тауып отыратын Абылай, есі барда сонда барып Молдахметпен сырласқысы келді. Үшаралға қатынайтын көлік тауып, жеткенше терең ұйқыда жатты. Бір өзін ашқанда көк беларусьтан Молдахметтің ауылын танып, Үшаралға дейін әлі бір сағаттық жол бар болса да жүргізушімен келісіп түсіп қалды. Қашадан кіріп терезе әйнегінен үйге сығалап қарап тұр еді, өзімен қатар жас жігіт үйден шықты. 

-Біреуді іздедің бе, бейтаныс?

Абылай денесін тік ұстап шыққан жігітке сәлем беріп.

-Молдахметке келіп едім, мен білетін шал бұл үйде жалғыз тұратын.

-Қызық екен, бұл үйде мен туғанға дейін менің әкем он бес жыл бойы тұрып келген, Молдахмет деген шал болған емес.

-Осыдан бір үй ары Мейрамхан шал тұра ма?

-Иә, тұрады. 

-Осы шаңырақта бие сауатын мылқау әйел тұрды ма?

-Ол әйел де тұрады, дәл қазір де бие сауып отыр.

-Сонда қалай, түсіне алар емеспін, мен дәл осы үйге адасып жүріп екі рет келгенмін, нақ есімде. Мейрамхан шал мен мылқау әйел бар да, Молдахметтің жоқ болғаны ма? Екінші келгенімде мылқау әйел бақилық болған. Шатасып кірдім дейін десем көк беларусь та, үйдің қоршауы да есімде.

-Біздің ауылда бос тұрған шаңырақтар өте көп, ауыл шетінде ескі зират бар, екі өмірдің арасында жүріп сондағы елестермен кезіккен шығарсың.

-Зират дейсің бе... 

Абылай өзінің тірі тұрғанына күмәнмен қарап, зиратқа аяғы тартпаса да өзін қинап, қорқынышпен аралап, Молдахмет деген есімді іздеді. Жазулары ескіріп, қорғандарды тат басып, айлары қисайып қалған зираттың тұрғанына да көп болған секілді. Тасқа жазылған мәйіттердің есімін көзі жетпей әрең оқиды. Әрбірін мұқият қарап үш аралап шықса да Молдахметті таппады. Елес деп ойлайын десе бірнеше уақыт бірге тұрып, көзімен көріп, тілдескен адамы. Абылайдың ойына күдіктер туып, Молдахметті іздеуге кірісті. Ауылдағы әр адамға кіріп Молдахметті сұрайды, ешкім танымайды. Мейрамханның немересі оны жетектеп үйге алып келмегенін айтады, тауда тері жамылып жатқаннан кейін, үстіндегі жағымсыз иістен жиіркеніп кетіп қалып, атаммен қайта бір барғанда ол орында ешкім болмады дейді. Абылай бірнеше күн бойы кіммен аңға шыққанын білмей тағы да сұрақтардың астына көміле берді. Жынды болып кетердей мына ауылданқашуға асығады. Сол уақыттан бері ойлана қалса құлағына әлдекімнің күлген дауыстары естіліп, көз алдына елестер келіп Абылайды түртпектеп кетеді. молдахметті қайта көргісі келеді, түнде отырып жындармен сөйлесіп Әділ мен Күләтайды шошыта бастады. Ұйықтап жатадыда басын көтеріп, бірдеңелерді сандырақтап қайта жата қалады. Күләтай қанша ұшықтаса да ай кезбе болып алған. Күндіз зират аралап кетіп Молдахмет деген есімдерді іздейді, осымен он бес зиратқа барды, әле де бір рет Молдахмет деген есім кезіккен емес. Абылайдың жағдайы күннен күнге нашарлай бергеннен кейін Әділ аяқ-қолын байлап емшілерге де, баққсыларға да апарып көрді. Ештеңе өзгермейді, баяғша зират аралап, жындармен сөйлесіп жүре береді. Әділ бұл дертінің алдын алмақ болып, емшілермен келісіп жындыханаға жатқызуға келісті. Бір апта бойыд әрілерді қабылдағаннан кейін құлағы тынышталып жындарды көрмейтін болды, көрші палатадан шыңғарған дауыстарды естіп ештеңе түсінбейді, өткенін ұмытып бастағаннан кейін есін әлі жимады. Қолдарын, аяқтарын төсектің шеттеріне байлап қойған, шалқайып жатады, ұйқысынан оянғанда дәрігерлер укол салып қайта ұйқыға кетеді. Тамақ ішпей Әділдің де жыдахана алдында күзетіп жүргеніне бір апта болды. Соңғы уколдан оянған соң Абылайды үйге алып кетті. Өзіне келе алмай күнінің бәрін ойланумен өткізеді. Әділ мен Күләтайды танымай тесіле ұзақ қарап отырады. Дәрілердің әсері қайтқаннан кейін ғана есі оралып сырқаттанып жатып қалды. Бір апта ғана уақыттың ішінде денесіне бірнеше дәрілер мен уколдар салынғаннан кейін денсаулығы күрт өзгеріп кетті. Күштері жоғалып, салмағынан арылып, денесіне қарасаң мектеп оқушысы сияқты болып қалған. Төсек тартып жатқанда Молдахметпен кездесті.

-Тағы адасып барасың ба, Абылай?

-Сен кім едің? Жанымды алуға жауапты біреу болсаң, енді қинамай өлтіре бер.

-Саған келсем өлуге асығып тұрады екенсің. Мен, Молдахмет есіңде жоқ па, жаныңды екі өлімнен құтқарған мен емес пе?

-Сол кезде құтқармай, даладағы ит-құсқа жем қыла салсаң, ештеңе деп назымды айтпас едім ғой.

-Мен сені өлімнен құтқарған емеспін, өмір сүргің келмесе талпынып келмейтін едің, өлі денеңді даладан табатын ба еді, сірә, тірі қалғаның үшін әлі талай алғысыңды айтарсың.

-Меннен не керек, жанымды алғың келмесе неге келдің?

-Адасқан сайын мені шақыратын өзің емес пе. 

-Сенімен көрісу үшін осынша азаптан өтпей кезігуге болмайтын ба еді?

-Онда оның еш мәні болмайды ғой. 

-Ендігі күнім не болмақ?

-Нені қаласаң сол болады.

-Мен не істейін?

-Қалағаныңды.

-Сен айтқан мылқау қыз әлі де тірі екен, мен өз көзіммен көрдім.

-Ол тірі болғанымен жан дүниесін баяғыда тапсырып қойған. Өмір сүру деген таң мен кештің арасында әлденені күту емес. Ол кезде неге олай дегенімді әлі де түсінбепсің...

-Сені іздеп барған күні түсінген секілдімін, бірақ барлығы кеш болды.

-Мен саған ескертіп айттым. 

-Тағы қандай белгілер бересің?

-Дәл қазір төсегіңде жата бермей еңбек ет.

-Еңбек етпек түгілі басымды да көтере алар емеспін.

-Бұл ауру тағдырыңнан да ауыр ма екен?

-Түсінбедім?..

-Басыңды көтере аласың. Осылай жата берсең өзің қалағаннан да тез жүрегің тоқтап қалуы мүмкін.

-Менің қолымнан мал бағудан басқа ештеңе келмейді.

-Онда мал бақ, сөйтіп жүріп жолыңды тауып аларсың.

-Қинамай-ақ жолымды айтсаң болмай ма?

-Өзің білмеген қалауыңды несіне менен сұрайсың, мысалы сенің арманың қандай?

-Ұлым жанымда болса екен деймін.

-Жарайды, жаныңда дерлік, сосын не болмақ?

-Еркелеткім келеді, ойнатқым келеді, атқа мініп үйреткім келеді, махаббатымды бергім келеді.

-Ұлың болмаса өмір сүре аласың ба?

-Білмеймін, жоқ дейін десем, өзімді тағы алдаған боламын, ұлым бола тұра көрмей жүре бергеніме төрт жыл болады.

-Сенікі арман емес, бос қиял. Айтқан сөздерің қолыңнан келмегеннен кейін тағдыр сеннен арманыңды тартып алған. Бәлкім, әлі қалауыңа лайық емес шығарсың. Сұрақтарыңды қойып болсаң енді не істейтініңді өзің шеш.

-Тоқта, сен кімсің?

-Саған бөтен емеспін, рухым деп ойла да жүре бер.

-Менің жанымда қал, сен болмасаң қолымнан ештеңе келмейді. 

-Сенің қолыңнан барлығы келеді. Сау бол.

Абылай бір күн бойы Молдахметтің айтқандарын ойынан өткізіп жатты. Қанша ойланып өзін өзгерткісі келсе де бұрынғы істеген істеріне қайтып барады. Тағы да бір байдың малын қарайтын болып шешім шығарды. 

Абылайдың үй тастап қалаға кеткеніне бірнеше жылдар өтті, сол баяғы хабарсыз, не істеп жүргенін ешкім білмейді. Фазендада екі қызы бар әйелмен жолығып соның үйіне көшіп барған. Тапқан ақшасына қыздарына киім алып, әйелдің жағдайын жасап жүреді. Молдахметтің айтқаны осы екен ғой іштей өзін алдайды. Тек мал қараған ақшасы отбасын асырауға жетпей ұрлығына қайта салынып, басында жем ұрлап, кейін қой, кейін жылқы, иесіне аурып өлді деп өтірік айтады да сатып ақшасын жаңа танысқан әйеліне тасиды. Мал ұрлап жүріп ұсталған болса екеуінің басы бірге кетпеу үшін, әйелге өзім жұмыс істей беремін деп келіскен. Әдеттегідей әр фазендаға жұмысшы болып бір барып, өз пайдасын көргеннен кейі ол жақтан тайыптұрады, үстіне жазылған арыз саны қанша екенін өзі де білмейді, полициялардан тығылып ұрлығын жалғастырып әлі күн көріп жүр. Әділдің жасы сексенге келді, жағдайы тым нашарлап, тыныс алудың өзі қиындап кеткен төсек тартып жатыр, желтоқсанның қақаған аязды күні Күләтайды жанына шақырып алды. 

-Күләтайжан, осы өмірдегі менің уақытым біткен секілді, мені ойлап әуреге салынбай, қалған ғұмырыңды немерелердің қызығын көріп өткіз. Үш балаңа сені аманат еткем, сөзімді жерге қалдырмас. 

-Қайдағыны айтасың-ау сен де. Қартайғаның кеше ғана, қайда асығасың?..

-Өмір осылай өз ырғағын тоқтатпайды екен ғой, менің де кезегім келіпті, көктен түскен періштелер мен қоштасып болғанша күтіп тұр. Сеннен бірінші жаныңа сызат салып бара жатсам кешір мені! Өмір бойы, сендей мені түсініп, сендей қолдаған адам болған емес, рақмет саған, Күләтайым. 

Әділдің Күләтайдың қолдарын ұстап, көздеріне қарап жатып көзін жұмды, Күләтай сыртқа ештеңе білдірмесе де іші өкіріп жылап жатыр. ертесіне барлық туысқандарына хабар беріп, ауыл адамдары, балаларының бәрі жиналды, тек Абылай ғана Әділдің қайтқанын естіген жоқ. Самаурын басында, отын жарып, қар тазалап жүрген, қабір қазып жүрген, жеке әңгіме айтып тұрған адамдардың да айтатын біреу. қазан басындағы екі әйел де қосылып өсегін жібермей отыр.

-Анау ұлы көрінбейді ғой?

-Ойбай сен естімеп па едің, ол байғұс бір рет жынды болып кетіп жындыханаға жатқызып еді ғой, содан шығып марқұм әкесіне өкпелеп қалаға кетіп қалған.

-Соны іздеп полициялар келіп тұрушы еді ғой, бірдеңе ұрлап басы бәледе жүр да, кішкентай кезінен оның солай өсетінін білгем мен.

-Иә, бүгін де көше басында екі полицияның мәшинесі тұр, ағайынға масқара болмайын деп кірмей жүргені шығар.

-Оңбаған десе, ондай баланың барынан жоғы, өз әкесін құрметтемей, соңғы сапарына шығаруға келмеген қандай сорлы десеңші.

-Сен оны айтасың, өзінің алған әйеліне әлі бір тиын беріп, туған баласын өсіруге көмектескен емес. Бишара Әлемгүл деген таңнан кешке дейін жұмыс істеп баласын бағып жүр. Қайта атасы ғой көмектесіп жүрген. Енді атасы жоқ, байғұс не істер екен.

-Әлемгүл демекші, ол да келіпті ғой, байғұс әйелге обал болды ғой.

-Айтпа. Балаға да әкеге де істегенін Құдай әкелсін алдына.

Әйелдер де, еркектер де Абылайдың түгңн қалдырмады. Сол ауылдың адамдары қабір қазса да зират басында отырып ішіп, әңгімесін айтып жүре беретін. Бел жазамын, шаршап қалдым, ауырып тұрмын, тоңып кеттім деген сылтаумен арасынан біреуді жібертіп үш бөтелкесін бірақ алдырып тартып алатын. Содан соң арты бірін-бірі тыңдамайтын дауға айналады. Бірі:

-Мен сендерге айтып тұрмын ғой, түзі қазып, бетінен темірмен жаба салайық, жер онсыз да қатты, бекер өзімізді қинап қаламыз. Десе, енді бірі:

-Жоқ, Әдекең кең жатуы керек, құбылаға қаратып ақым қазамыз. Дейді.

-Олай болса ары қарай өздерің қазып алыңдар.

-Ақшасын бәріміз тең алып отырмыз, бәріміз бірге қазамыз. 

Қабір қазып жатқан ерлердің арасында осындай жанжалдар шығып, екі күнге созып қазатын. Кейде намыстары ұстап:

-Осы Абылай қайда жүр екен, екі бауыры құсап сыртта тұрып кісілерді күтсе болады ғой.

-Айтпа, Құдай сана берсін.

-Осыдан кезіккенде өзім сабап, сазайынын бермесем.

-Әділді бүкіл ауыл адамы сыйлайды, оған қай мінезі жақпай жүр екен?

-Құдай алдына әкеледі ғой өзінің.

-Иә, біздің басқа салмасын.

Өздерінің қабір басында шыны түйістіріп ішіп отырғандарына қарамай, әркімнің қатесін талқылап, ауыздарынан Құдайды тастамай тұрады. Ауыл шалдарының да бұл күні айтатын әңгімесі біреуге жөн сілтеп, ауыл басқару емес, көрген сериалдарын талқылап тұр. Әділді екі ұлы жуындырып, қабіріне Бибиленің күйеуі түсті. Қыздарының барлығы Әділді алып бара жатқанда көкем-айлап шыңғырып жылап қалды. Әділдің сүйегін өз шаңырағынан шығарып, тамағын мешіттегі қатымханада өткізді. Тамағы бітіп, жұрттың бәрі үйлеріне тарады, жасын сүрте беріп Күләтайдың көзі ісіп, жара шығып кеткен. Қыздары ыдыс жуып, үйді жинап, ауланы ретке келтіріп жүргенде Күләтайдың қасына Әлемгүл келді.

-Апа, рұқсат етсеңіз мен жүрейін!

-Рұқсат, айналайын, келгеніңе көп рақмет! Маңдайыңды бере қойшы, бір сүйейін.

Күләтай Әлемгүлдің маңдайын иіскеп, қолына Әділдің бет орамалын, өзіне арнайы кәжекей берді.

-Атаңнан қалған орамал Елімайға берерсің, Кәжекейді өзің кие ғой, жылы жүресің, сау бола ғой!

-Рақмет, апа, сау болыңыз!

Күләтай үстіне Әділдің шапанын жамылып отырып, жанына Бибилені шақырып алды.

-Иә, тәтеу, не болды?

-Әуелі есікті жауып қойшы, жауырап қалдым.

Бибиле орнынан тұрып есіктіжапты.

-Абылайды байқаған жоқсың ба? Әлгі полициялар да тегін жүрген жоқ, соның ізімен келген шығар. Не бүлдіріп жүр екен, саған келмеді ма?

-Полицияларды көргенде мен де солай ойлап едім, жоқ тәтеу, біздің үйге келген жоқ.

-Байғұс бала, әкесінің сапарына келмеген, ертең мен өлгенде де келмейді ғой бұл. Бұндай бала туғанша, итті туғаным жақсы еді ғой.

-Тәтеу, қойыңызшы, мүмкін келген шығар, біз байқамаған шығармыз.

Күләтайдың реніші басылмаса да, Бибиленің жүрегінде әркімді ақтап алуға орын бар еді. 

Күні кеше Әділдің қырық күндік тамағын берді. Әділ кеткелі үйдегі сиырларға, үндіктерге, көккөзге, есекке қарайтын ешкім қалмады. Көккөзі шынжырдан босатуға қорқады, алма ағаштың түбінде байланып тұрып, адамдарға мейірімін жоғалтқан. Қартайғаннан үстіндегі жүндері түсіп, тістері де сүйек мұжуға жарамай қалған. Есектің басып салбырап, арбағы шегілген күйі тұрады, Әділдің немерелері достарын түгел отырғызып, есекті қинап көшемен шауып жүреді. Әділ құсап алдына шөп салып, алма турап қарауды білмейді. Ауланың қары тазаланбай әлі тұр, көмір алып келетін де ешкім жоқ. Бірде Күләтай қолына екі шелегін ұстап көмірге шыға бергенде босағадағы тамшу суынан қатқан мұзғатайып маңдайымен құлады. Көзінің айналасындағы жанарлары ыдырап, көру қабілетінен айырылды. Әділдің жоқтығы жанына батып, жатарда соқыр көзінен жас ағып, сенсіз көрген күнім құрысын, Әділім, деп жылап жатады. Бибиле әр фазенданы аралап Абылайды іздеп жүр. Таныстары болса жөн сұрап алады. Сонда да Абылайды таба алмады. Күләтайдың жанына кенже ұлы мен күйеуден қайтқан қызы барды. Өз еркімен дәретханаға да бара алмай қалған, күндіз үйде шуылдаған немеренің даусын естіп жай табады да, түнде жылап жатады. Абылай болса жаңа тапқан әйелімен жиі ұрсысып арасы дұрыс болмай жүр. Көп ұзамай Әлемгүлдің де жүрегі қысып қайтыс болды, оның жаназасында ұлы мен ауыл адамдары болып Әділдің үйінен шығарды. Содан бері ұлы ауылда қалып оқып жүрді. Бибиле әлі де Абылайды іздеп жүр, жолдасынан, үлкен ұлдарынан қалған киімдерді Абылайға берем деп дайындап қойған. 

Қара басын еш жерге сидыра алмай Бибиленің үйіне Абылай өзі келді. Қарыны шығып, сақалы өсіп, төбе шаштары түсіп қалған. тура әкеснің ауызынан түсіп қалғандай өзгерген. Бибиле баырын көргенде әкесін көргендей қуанып, көзіне жас алды. Малдың артынан жүре беріп үстіне қораның иісі сіңіп қалған, қанша жуынса да сол иіс кетпейді.

-Абылай, көкемді де, Әлемді де жерледік, өзің естіген шығарсың?

-Қалай, олар дүниеден өтті ма? Шын айтамын мен ешбірінен хабар алмадым.

-Өзің хабарсыз жүрсең саған кім хабарын берсін, сені іздеп жүргеніме қанша уақыт болды, бір фазендаға барсам танымаймын, біреуі кетіп қалған, біреуіне жетіммін депсің, Абылай, қашанғы қу өтіріктің артынан еріп жүре бересің? Көкемнің қырық күндігін де өткіздік, сен болған жоқсың, енді ауылға барып тәтемнің жанында тұрасың, ешқайда шықпай қалағанын орындап жүр. Осы өтірігің мен алдап келгенің жетер. Ұлың да тәтемнің қолында айта алар өсиетің мен берер тәрбиең болса ауылға қайт.

-Мені бауырымнан итермей, құшағыңды ашып қарсы алатын сен ғанасың Бибиле, көп рақмет саған.дәл қазір ауылға барамын. Тәтеме апарып берер бірдеңең болса бере қойшы.

Бибиле сервантта тұрған өзінің алтын сырғасын берді, Абылай ауылға шығып кетті. Күләтай мен Елімай үйде жалғыз,есіктен кіргеннен жылап кірген Абылайдың дауысын естіп шошып кетті. Абылай Күләтайдың аяғынан құшақтап жылай берді.

-Тәтеу, қара басын ойлап адасып жүрген ұлыңды кешіре көр, мені ойлап уайымға салынған күндердің себепшісі болғаным үшін мені кешіре көр. Үйден қашып, жанашырлығыңды түсінбей саяз ойымның құрбаны қылғаным үшін көр мені, тәтеу.

-Басыңды көтер, Абылай, балаңды шошытасың, өткенді өзгерте алмайсың, ұлым болғаның үшін шын жүрегіммен кештім сені. 

-Мен көкемнің де Әлемнің де қайтқанын естімедім, бүгін барып құран бағыштап қайтамын, тәте!

-Өлген адамды қайта тірілте алмайсың, соңғы демі шыққанша сенің күніңді алаңдап өткен көкеңнің басына күнде барып кешірім сұрап, көкеңді Құдай өз мейіріміне алсын деп дұға тіле.

Абылай арбаны дайындап есекке шегіп зиратқа бармақшы еді есек орынынан тұрмады, қолына шыбық алып арқасынан салып қалғанда басын әрең көтеріп, төрт аяғын сезбей қайта құлады. Әділ кеткен күннен бастап балалардың қызығы болған есектің де әлі бітіп, өз уақыты келді, көккөз де кәріліктен құтылмай көз жұмды. үй ауласындағы бақшаның бұрышынан жер қазып екеуін де сонда жерледі. Күләтай күрсініп, абылайға әңгімесін айтып отыр.

-Әділ кетіп оларға да қарайтын ешкім қалмады-ау. Сенің бала күніңде көрші ауылға қонаққа барып көккөзді алып кетейікші деп жылағаннан кейін атаң қоймай сұрап алған, есек те ол кезде енді өсіп келе жатқан кезі еді, үшеуіңнің балалықтарың бірдей көз алдымда өтті. Сол кезден бастап үшеуіңде де бір қырсықтық мінез бар. Қайран, өтіп жатқан уақыт, осы келте ғұмырда адам қалаған зат болмайды екен ғой, зымырап уақыт өтті дейміз, әй бірақ, уақыт емес өзіміз асығып жүргенімізді ойламаймыз. Өмір деген дүниенің артынан жүгіріп, күн көру емес екенін бұрыннан білсемші. Сенің келгенің қандай жақсы болды, жүрегімді Әділмен бірге жерлеп қойдым ба десем, сен алып кеткен екенсің ғой. Кір шалдырып, дақ түсірмей әкелгеніңе разымын. Адам баласы бір қателік жасап оны түсіну үшін өмірін арнап, өлер шағында бірақ ұғады екен. Абылай, маған атаңның домбырасын алып жырлап берші.

Абылай қолына домбыра алып Әділдің мақамына салып, Күләтайға жырлап берді.

-Сен үшін кімнен бақыт сұратайын?

Ниетім жоқ дейтұғын жылатайын.

Шалың құсап бір өлең бастап бердім,

Көңілімді қабыл ал Күләтайым.

Бірге ұшып, қонатын бір ұяға,

Бірге болсақ көңілің жымия ма?

Мен бақилық болсам да сені күтем

Сенсіз қызық жоқ маған дүнияда.

Сенсіз қызық жоқ маған дүнияда!

Абылай жырын аяқтағанда Күләтай сырттай жымиып отырса да, іштей өксігін тоқтата алмай жылап отырды. Абылай домбырана орынына іліп, Күләтайды естеліктерімен жалғыз қалдырды. Өзі жаяулатып екі сағат бойы зиратқа жүріп барды, кеш қарайып, күн ұясына батып барады, Абылай әуелі атасына топырақ салды да, зиратты аралап жүріп Әділдің қорғанын әрең тапты. Таямум дәретін алып, құранды бір келгенде әкесінен көріп алған үлгі бойынша бірінші фатиха, сосын үш рет ықыласты оқыды да дұғасын тілеп болған соң бетін сипады. Түн батып, ай туды, таң атқанша Әділдің жанында кешірім сұрап отырды. Күләтайдың сөзін тыңдап әр күні болмаса да, жұма сайын әкесінің басына құран бағыштап, кешірім сұрап кетеді. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар