3 мамыр - Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні

Бөлісу:

03.05.2023 1377

Бостандық – қастерлі ұғым. Бұл – кез келген елдің ішкі немесе сыртқы саясаты ауқымында әлеуметтік субъектілердің өз мақсаттары мен мүдделеріне сәйкес әрекет жасау еркіндігі, белгіленген құқықтық мүмкіндіктерін пайдалану кеңістігі. Бұл – жеке адамға, топтар мен қоғамдық-саяси ұйымдарға қатысты ұғым. Адамзат қоғамының бостандығы – ғасырлар бойы үздіксіз дамуының нәтижесі болып саналады. Адамзат қоғамының, оның ішінде жеке адамның құқықтық мүмкіндіктері неғұрлым көп болса, ол қоғам немесе адам бостандықтағы болып саналады. 

Адамзат қоғамындағы бостандық ұғымының ауқымы да, мазмұны да кең. Атап айтқанда өмір сүру бостандығы, бас бостандығы, саяси бостандық, ой еркіндігі бостандығы, ғибадат ету бостандығы, транзиттік бостандық, қаржы бостандығы, баспасөз бостандығы т.б. 

Баспасөз бостандығы – кез келген мемлекеттің конституциясы бойынша кепілдік берілетін адам құқықтары мен бостандықтарының бірі. Баспасөз бостандығы ортақ әлеуметтік еркіндікке – өзінің ой-пікірін ашық айтып, сөз сөйлеу құқығының қамтамасыз етілуіне негізделіп көрініс табады.

Баспасөз бостандығы туралы ұғым азаматтық қоғам дамуы ерте жолға түскен Еуропа елдерде қалыптаса бастады. Қоғамдағы феодалистік қарым-қатынастардың дамуы Еуропаның көптеген елдерінде жаңа қоғамдық құрылыс капитализмнің қалыптасуына әкелді. Осыған орай адам құқығы, сөз бостандығы да күн тәртібіне ене бастады. Францияда жүрілген Ұлы француз төңкерісінің нәтижесінде абсолютті монархия құлатылып, республикалық тәртіп орнап, буржуазиялық реформалар жүзеге асырылды. Сөйтіп 1789 жылы Францияда Адам және адамзат құқықтарының бостандығы декларациясы қабылданды.

Бұл Декларацияның басты мазмұны – баспасөз басылымдарын (газеттер мен журналдарды) шығаруда еркіндіктің болуы, тарату аймағы, саны шектелмеуі және цензураның қатаң бақылауына түспеуімен көрініс тапты. Осы Декларация қабылданғаннан бергі төрт  ғасыр жүзінде «баспасөз бостандығы» ұғымы әбден қалыптасып, жетілді. Дегенмен баспасөз бостандығы дегеніміз – кейбір дамушы қоғам елдеріндегідей, ойына келгенді жазып, әдептен аттап өтіп, жеке адамның, тұтастай ұлттың намысына тиетін, ар-ұжданын қорлайтын, қаралап, кемсітетін, т.б. жағымсыз реакция тудыратын жағдайлар болмауы тиіс. Осыны ескере отырып демократиялық үрдістер жақсы дамыған мемлекеттерде асыра сілтеулерге жол бермеу үшін арнайы шектеулер қойылғандығын атап өткен.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 бабында Қазақстандағы баспасөз бостандығына кепілдік туралы мынадай тармақтар бар:

1. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.

2. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді.

3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатігездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.»

Бұл – әлемдік демократиялық қауымдастық талаптарына сай конституциялық баптың тармақтарында көрсетілген баспасөз бостандығына кепілдікті лайықты пайдалану – отандық ақпарат құралдарының маңызды жұмыс бағдары. «Баспасөз бостандығы» деп әу басында атылған бұл ұғым кейіннен пайда болған теледидар, радио, ғаламторлық желілер т.б. бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа заманғы түрлері көптеп қоғам өміріне енуіне байланысты «бұқаралық ақпарат бостандығы» деп атала бастады.

Дүниежүзі бойынша 3 мамыр – баспасөз бостандығы күні ретінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері атап өтіліп келеді. Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күннің шығу тарихына, мән-мағынасына тоқтала кетелік.

Баспасөз бостандығы, жалпы бұқаралық ақпарат құралдары бостандығына қатысты бір күнді арнайы атап өтудің қажеттілігі ХХ ғасырдың соңына таман өзекті бола түскен еді. Әсіресе Азия мен Африканың, Латын Америкасының дамушы елдеріндегі баспасөз бостандығы күрделі болатын. 1991 жылы 3 мамырда Африка елі Намибияның астанасы Виндхук қаласында өткен ЮНЕСКО-ның семинарында Африкадағы тәуелсіз плюралистік баспасөзді дамытуға жәрдемдесетін «Виндхук декларациясы» қабылданған болатын. Оңтүстік Африкадағы нәсілшілдік апартеид заңы ұзақ жылдар бойы әрекет жүзінде болған кедей ел Намибияның астанасы Виндхукте негізі қаланған бұл декларацияның мәні – Африка құрлығы елдеріндегі баспасөз бостандығының ауқымын кеңейтуге жәрдемдесу, сонымен қатар әлемдегі барлық мемлекеттердің үкіметтерін баспасөз бостандығы мен оның демократиялылығын қамтамасыз етуге шақыру болатын. Осы «Виндкух декларациясы» негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 48-сессиясының жиналысында 1993 жылы 21 желтоқсанда Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күнін (World Press Freedom Day) белгілеген болатын. Аталған жиын жыл сайын 3 мамырда әлем бойынша атап туралы шешім қабылдаған болатын. Міне осы жылдан бастап Дүниежүзілік баспасөз күні кең көлемде атап өтіліп келе жатыр. Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні атап өтілген кезден бастап, биіл 30 жыл толып отыр.

Осы мерзім ішінде дүниежүзі бойынша баспасөз бостандығының ауқымын кеңейту, өз ой-пікірін еркін айтып жеткізу тұрғысында зор жетістіктерге қол жеткізілгенін әлемдік сарапшылар атап өтуде. Көптеген елдерде тәуелсіз БАҚ-тардың өмір сүру ауқымы арта түсуіне қазіргі заманғы сандық технологиялардың қарыштап дамуы ықпал еткен. Яғни сандық технологиялар арқылы ақпараттарды дайындау, өңдеу, беру, қабылдаудың әдіс-тәсілдері жылдамдығы орасан өзгеруі сөз бостандығын шектеп келген механизмдердің әлсіреп, қоғамда біршама ашықтық қалыптасуына әсер еткен. Дегенмен сандық технологиялардың дамуы бұл мәселені толық шешеді деуге болмайды. Әлемдегі баспасөз бостандығының арта түсуі демократиялық үрдістердің де қанат жаюына септігін тигізуде. Дегенмен БАҚ бостандығы бойынша ғаламдық мәселелер толығымен шешілді деуге әсте болмайды. Жалпыадамзаттық құқық аясында қарастырылатын баспасөз еркіндігі, журналистердің қауіпсіздігі, өз ойын еркін айта алу құқығы т.б. тұрғысында дүниежүзі бойынша түйткілді мәселелер шаш етектен.

Халықаралық қауымдастықтың алдында тұрған дағдарысты мәселелер, атап айтқанда түрлі қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтар, әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер салдарынан туындайтын еріксіз көші-қон, адамзат баласының денсаулығы мен алаңсыз өмір сүруіне кері әсер етуші экоологиялық апаттар мен олардан туындайтын проблемалар – барлығына ақпарат құралдары тікелей араласады. Маңызды проблемаларға күллі әлемнің назарын аударта отырып, шешімін табуға, адам құқығының лайықты қорғалуына атсалысады.

Бірақ мұның бәрі айтуға ғана оңай. Жыл сайын әлемде өз қызметтік міндетін атқару барысында ондаған журналистер мен блогшылар қазаға ұшырап, жүздегені түрлі деңгейдегі психологиялық, физикалық қысымға ұшырап, қапасқа қамалып, азап шегеді. Журналистік қызмет – әлі де болса әлемдегі ең қатерлі мамандықтардың тізімінде қалуда. Посткоммунистік, постсоветтік елдердегі баспасөз бостандығы

Жалпы әлемдік үрдісте Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні негізінен мынадай бағыттағы іс-шараларды өткізу дәстүрге айналып келеді:

- баспасөз бостандығы қағидаттарын ұстануға құқылы екендін мәлімдеу;

- баспасөз еркіндігіне қатысты іс-қызметтердің жағдайына талдау жасау;

- баспасөз еркіндігіне қол сұғуға әрекет жасау  жағдайларынан бұқаралық ақпарат құралдарын қорғау бойынша шаралар қабылдау;

- өзінің кәсіби міндеттерін атқару жолында қаза тапқан журналистерді еске алу.

Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы рейтингісін бағалайтын Freedom House ұйымы 1980 жылдан бері әр елдегі ақпарат құралдары еркіндігіне баға беріп келе жатыр. Мұндағы басты критерий ретінде сол елдегі сөз бостандығының қамтамасыздығы; ел билігінің БАҚ-тарға жасайтын бақылау деңгейі; қарапайым журналистердің ел ауқымындағы жұмыс істеу жағдайы; осы мемлекеттегі журналистердің зорлық-зомбылыққа ұшырау оқиғалары, елдегі жалпы саяси-экономикалық жағдайды журналистердің шынайы көрсете алуы т.б. қарастырылады. 1997 жылдан бері жыл сайын 3 мамырда баспасөз бостандығына қосқан үлес үшін ЮНЕСКО сыйлығы беріліп келе жатыр.

Баспасөз бостандығы – әрбір мемлекет үшін ауадай қажет үрдіс. Бұл тұрғысында Қазақстанда да ілгерілеушілік әрекеттер жасалып жатқандығыны атап өткен жөн. Жуықтағы министрлер мен әкімдердің басын қосқан жиында мемлекет басшысы елімізді тұрақты дамыту үшін қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыру керектігіне тоқтала отырып былай деген болатын: «Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді, бірақ бұл – жүгенсіздікке жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығы мен оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде ғана тұрақтылық болады. Бұл қағида – барлығына ортақ». Иә, тәуелсіздік алғалы азғана уақыт өткен біздің жас мемлекетіміз үшін қазіргі геосаяси аумалы-төкпелі заманда бейбітшілік, тұрақтылық пен тәртіп аса маңызды. Ұлттық баспасөз қазақы ұғыммен айтқанда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» мемлекеттік мүдде жолында жұдырықтай жұмылып қызмет еткенде ғана еліміздің тұрақты дамып гүлдене берері сөзсіз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар