Ганс Христиан Андерсен. Сүйкімсіз балақай

Бөлісу:

11.05.2023 1684

Бір қарт ақын өмір сүріпті. Ол нағыз талантты ақын болатын. Бір күні ол әдеттегідей өзінің үйінде отырған еді. Бұл кезде сырттағы ауа райы тым алай-дүлей, аласапыран болатын. Нөсер жауын бейне бір шелекпен құйғандай сарылдап тұрған. Лаулай жанған жылы пештің жаны қарт ақын үшін тым жайлы еді: отта қайнап жатқан алманың көңілді шұрқылы естіледі.

- Қазір осы жаңбырдың астында қалған адамдар болса обал-ақ, байғұстардың үсті-басы малмандай су болған шығар-ау! – деді ол іштей. Қарт ақын өте мейірімді жан еді.

- Үйге кіргізіңізші мені, кіргізіңізші өтінемін! Суға малшынып әбден жаурадым! - деп жанұшыра айқайлаған баланың даусы естілді, осы кезде.

Бала шырылдай жылап, есік қағып тұрды. Жаңбыр өршелене құйып, күшті жел терезені сабалай соғып тұрған еді.

- Бейшара-ай! - деп қарт ақын балаға есік ашуға беттеді.

Есік алдында мүлдем жалаңаш дерліктей бір балақай дірдек қағып тұр еді. Баланың алтындай сары шашынан су тарам-тарам сорғалап тұрды. Әбден жаурағандықтан бала дір-дір етеді. Егер қазір үйге кіргізіп алмағанда, оның мынадай алай-дүлейде өліп қалуы да мүмкін еді.

- Бейшара-ай! – деп қарт ақын баланы қолынан жетелеп алды. – Кел, үйге кіре ғой, мен сені жылытайын. Саған қазір шарап пен тосап беремін. Қандай сүйкімді балақай едің өзің!

Ол расымен де періштедей сүйкімді балақай болатын – екі көзі қос жұлдыздай жалтылдайды. Үсті-басы су-су, алтындай сары шашы бұп-бұйра. Шынымен де нағыз періштенің өзі еді! Суықтан әбден жаурағандықтан бет-әлпеті көкпеңбек болып, көктеректің жапырағынша қалтырайды. Баланың қолында әдемі садағы бар екен. Өкінішке қарай баланың садағы да жаңбыр суына әбден малшыныпты. Ұзын жебелердің бояуы өшкінденіп, түсі оңып кеткен.

Кәрі ақын пештің жанына келіп жайғасып, балақайды тізесіне отырғызды. Баланың бұйра шашын сілкілей кептіріп, қолын өз алақанына салып жылытты. Тәтті шарап ысытып берді. Бала біртіндеп өз-өзіне келіп, бетіне қан жүгірді. Сөйтіп ол еденге секіріп түсіп, қарт ақынның жанында билей жөнелді.

- Қарай гөр мұны, қандай көңілді балақай едің өзің! – дейді қарт ақын. – Иә, атың кім сенің? 

- Атым – Амур! - деп жауап қатты балақай. – Сен расымен де мені танымайсың ба? Мінеки, менің қолымда садағым бар. Мен мұнымен ата білемін! Қарашы, күн айыға бастапты, аспанда ай жарқырап тұр.

- Ау, мына садағың бүлініп қалған ба өзі! – деді қарт ақын.

- Бұл да бір басыма қайғы болды-ау! – деп балақай садағын қолына алып оны сипалап қарай бастады. – Садағымның суы әбден кепкен екен, ештеңе ете қоймаған шығар! Адырнасы да әдеттегідей жап-жақсы керіліп тұр екен! Қазір мұны тартып көрейінші.

Амур жебесін оқтап тұрып, садағын кере тартты. Сөйтті де ол қарт ақынды қақ жүректен көздеп тұрып тартып қалды!

- Міне, көрдің бе, садағым бүлінбеген екен! – деп айқайлап жіберген балақай қатты сақылдай күлген қалпы, үйден шығып қаша жөнелді. 

- Өзін үйіне кіргізген, бойын жылытып еркелеткен, дәмді шарап пен ең жақсы алма тосабын ұсынған қарт ақынды атуға дәті жеткен, сүйкімсіз балақай! Мейірбан қарт ақын еденге құлаған қалпы, осылай деп жылап жатты. Ол жүрегінен қатты жараланған еді. Оның тағы да былай деп сөйлеп жатқаны естілді:

- Тфу, бұл Амур дегенің неткен сүйкімсіз жүгірмек еді! Мен ол туралы барша жақсы балаларға бұдан сақтансын, онымен ешқашан араласпасын деп айтатын боламын, - себебі ол балаларға да өзінің зиянын тигізуі мүмкін.

Сөйтіп осыдан кейін барлық әдепті балалар – ұлдар мен қыздар – сүйкімсіз Амурдан сақтанып жүретін болды. Бірақ кей-кейде қалай да болмасын, балалардан айласын асырып та үлгеретін: ол сондай ерекше қу залымның өзі еді!

Студенттер дәріс тыңдауға келе жатады. Қолтығына қысқан кітабы бар, ұзын қара сүртік киіп, олармен қатарласып келе жатқан Амурды танымай да қаласың! Олар мұны өздері сияқты студент екен деп ойлап, қолынан жетектейді. Ал бұл болса олардың кеудесіне оқ қадайды.

Мінеки қыздар пірәдардан келе жатыр немесе мінәжатханаға беттеп барады – Амур да әдетінше әлдеқашан сол жақтан табылады, ол әрдайым адамдардың ізін аңдып жүреді! Ол кейде театрдағы дәу аспашамның үстіне шығып алып, жарқырай жанып тұрады. Адамдар әуелі оны шам екен деп қалады. Тек соңында ғана мұның не екендігін біліп өкініп жатады. Ол король бағында да, қамалдың дуалында да асыр салып жүгіріп жүреді! Әлдебір уақытта ол сенің ата-анаңның да жүрегін жаралаған болар! Егер сұрасаң, олар саған мұны айтып та берген болар еді. 

Иә, бұл Амур – сүйкімсіз жүгірмек, онымен ешқашан араласпағандарың жөн! Оның бар ойлағаны: адамдардың соңына түсіп қастық қылу. Ол тіпті сенің кәрі әжеңді де көздеп жебесін атты деп ойлашы өзің! Бұл бір баяғы заманда болған, болып бояуы сіңген, бірақ бәрібір ұмытылмаған және ешқашан ұмытылмайтын оқиға! Тфу! Сүйкімсіз Амур! Мінеки, енді ол туралы, оның қандай оңбаған жүгермек екенін бұдан былай сен де біліп жүретін болдың! 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар