Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайы өтті
Бөлісу:
2023 жылдың 12 мамыры күні Алматы қаласында Қазақстан жазушыларының кезекті ХҮІ құрылтайы өтті. Құрылтайға Қазақстан Жазушылар одағына мүше тоғыз жүз жетпіс бес қаламгердің бес жүз жиырма бесі әр өңірден арнайы делегация жасақтап келіп қатысты.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының көркем залында өткен қаламгерлердің құрылтайын Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып ашып жүргізіп отырды.
Жиналыстың басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалған соң, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Жазушылар одағының ХҮІ құрылтайы делегаттарына құттықтау хатын оқып беру үшін Астанадан арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі мырзаға сөз берілді. «Ассалаумағалейкум, ардақты ағалар, қадірлі қаламгерлер! Ең әуелі баршаңызды қазақ қаламгерлерінің құтты қара шаңырағындағы кезекті құрылтайдың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президентің құттықтау хатын оқып беруге рұқсат етіңіздер», - дей келе, құттықтау хатты оқып берді: «Қазақстан Жазушылар одағының ХҮІ құрылтайына қатысушыларға! Құрметті қаламгерлер! Сіздерді Қазақстан Жазушылар одағы құрылтайының басталуымен құттықтаймын! Жазушылар одағы – қазақ руханиятының қара шаңырағы, ұлт зиялыларының басын қосқан бірегей құрылым. Шын мәнінде қазіргі заманды қаламгерлеріміз бен қасиетті орда қара шаңырағымызбен бөле-жара қарау мүмкін емес.
Ғасырға жуық тарихы бар ұйымның тарихымыз бен мәдениетімізге ерекше еңбек сіңірген біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Жаңа толқын сол ұлыларымыздың жолын лайықты жалғастырып келе жатыр. Әдебиет – ұлттың айнасы. Онда халқымыздың бүкіл болмысы, жан дүниесі түгел тоғысқан.
Көркем сөз халқымыздың тарихи жады мен рухани құндылықтарын сақтауға, тамыры берік әрі санасы сергек ұрпақ тәрбиелуге тікелей ықпал етеді.
Ұлттың өсіп-өркендеуі үшін ең алдымен оның мәдениеті дамуы керек. Төл әдебиетімізді заман талабына сай жаңғыртып, көкжиегін кеңейту – маңызды міндет. Осы орайда бір елге ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген кесек туындылардың қажет екені сөзсіз. Мұндай шығармаларды дүниеге әкелуге ақын-жазушыларымыздың қарым-қабілеті әбден жетеді деп ойлаймын. Қалам – киелі құндылық. Сөз құдіреті халықтарды ыдырата да, біріктіре де алады. Біз қазіргі жаһандану дәуірінде өзге өркениеттерге жұтылып кетпей, егеменді ел әрі дербес ұлт ретінде сақталып қалудың қамын ойлауымыз керек. Сондықтан барша қаламгерлеріміздің бірлікті ту етіп, ел мүддесі жолында ұлтты ұйыстыруға адал қызмет етуі өте маңызды. Бүгінгі алқалы жиында салмақты ой, салиқалы пікір айтылып, сөз зергерлерінің шығармашылығына тың серпін беретін жаңа үрдістерге жол ашылады деп сенемін. Халықтың рухын көтеретін тың туындыларыңыз көп болсын! Құрылтай жұмысына табыс тілеймін! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.»
Мемлекет басшысының отандық жазушылардың қоғамдағы үлкен орны мен әлеуетіне жоғары баға беріп отырғандығын тілге тиек ете отырып министр мырза осы орайда құрылтай жұмысына сәтілік тілеп, лебізін білдірді: «Қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын 1988 жылы алғаш аттаған екенмін. Ол кезде мектепте оқимыз. Имене басып қарқарадай қара шаңырақтың төрінде төбедей болып отырған тұлғаларымызды көрдік. Тәрбие алдық. Өнегесін көрдік. Әдебиеттің әдептен басталатынын ұғындық. Тәуелсіздік алған кезде де осы одақ қазақ тарихының жоқшысы ретінде елдің еңсесін тіктеуге еселі еңбек етті. Одан кейін күрмеуі қиын күрделі кезеңде де одақ халыққа қалтқысыз қызметін жалғастырды.
Нұрлан ағамыз басқарған кезде де жазушылар одағының жеңісті, жемісті жылдары аз болған жоқ. Оның алдындағы құрылтайда да осы президиумде үлкен ағаларымызбен қатар отырдық. Бұлардың бірқатары қазір арамызда жоқ. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов және басқа да біраз аға буын өкілдері өмірден өтті. Сонымен қатар пандемияда біраз қаламгерлеріміздің ортасы ойсырап қалды. Бірақ қиындықтарға қарамастан жазушылар одағы нәтижелі жұмыс істеді деп ойлаймыз. Мен осы орайда үш жетістігіне тоқтала кеткім келеді.
Біріншісі: елу жылға жуық өтпей қалған Азия жазушыларының басын қосып үлкен жиын өткізді. Жастарды тартып жаңа буын әкелді. Сонымен қатар пандемиядағы қысылтаяң сәтте жазушыларға тірек бола білді. Және төртіншісі: жақында ғана ТҮРКСОЙ-ға мүше елдер жаушылары одағының тізгінін ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулетұлы ағамыз ұстады. Бұл тек Ұлықбек ағаның ғана жетістігінің жемісі емес, біздің одақтың да үлкен жетістігі, табысы деп бағалаймыз. Ұлықбек аға, жаңа қызметіңіз құтты болсын! ТҮРКСОЙ мемлекеттері деген – бұл қазір тек қана бес-алты мемлекетпен шектелмейді. Бұлардың саны көбейіп жатыр. Бауырлас халықтар жазушылар одақтарымен қатары арта түсуде. Сондықтан бұл да үлкен жауапкершілік. Әрқашанда бірлік жеңеді деп ойлаймыз. Бірнеше күннен бері үлкен әңгіме жүріп жатыр. Солардың барлығы да осы одақтың келешегін ойлаудан туындаған жанашырлық сөз деп білеміз. Әдебиет әдептен басталады дедік. Сондықтан да Жазушылар одағы, қаламгерлеріміз өздерінің парасаттылығын тағы бір айқындайды, тағы бір мәрте жұртқа үлгі етеді деп сенеміз. Құрылтайдың жұмысына сәттілік тілеймін. Рақмет!», - деп сөзін аяқтады.
Құрылтай жиналысының модераторы Бауыржан Жақып мырза министр Дархан Қуандықұлына мемлекет басшысының құттықтау хатын жеткізгені, жазушылар одағы атына айтқан лебізі үшін алғыс-ризашылығын білдіре отырып делегаттарға мынадай қуанышты ақпаратты хабарлады: «Аса маңызды, қуанышты жағдайды сіздерге айта кетуіміз керек. Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай ТҮРКСОЙ ұйымы 2023 жылды түркі мемлекеттерінің барылғында да «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялап, атап өтеді. Бұл – еліміздің тарихындағы айрықша тұлғаның есімін насихаттауға аса маңызды рөл атқаратын бастама», - деді.
Сондай-ақ ТҮРКСОЙ ұйымының тұрақты кеңесі 2023 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде Шуша қаласын бекітіп отыр. Бүгін 2023 жылы түркі елдерінің мәдени астанасының ресми ашылу салтанаты да қатар өтіп жатқанын, осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мырзаның осы халықаралық жиынға қатысып жатқанын айтты.
«Бүгінгі жиынымызда ескертіп айтатын жағдай: 2018 жылдың 21 желтоқсанында бекітіліп, ҚР Әділет министрлігінде тіркелген «Қазақстан Жазушылар одағы» республиклық қоғамдық бірлестігінің жарғысы бар. Бұл – біздің басты құжатымыз. Оны өздеріңіз қол көтеріп бекіткен болатынсыздар. 2019 жылдың 19 ақпанында ҚР Әділет министрлігінің тіркеуінен өтіп арнайы бекітілген. Осы құжатты бүгінгі құрылтайды өткізу барысында да, қай қашанда болмасын сүйенетін боламыз. Бес жүз жиырма бес делегат қатысып отырған себепті құрылтайды өткізу үшін жалпы санның үштен бірін құрайды деген жарғы нормасына сәйкес, кворум бар екенін еске салайық», - дей келе, 2019, 2020-2021 жылдары бүкіләлемдік пандемия болғанын, осы кезеңде қаламгерлердің қатары да біршама сиреп, дүниеден озып кеткендігін еске сала отырып, 2018-2023 жылдар аралығында қайтыс болған қаламгерлерді еске алуға рұқсат сұрады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», «тірілер өлілердің көзін жабады, өлілер тірілердің көзін ашады» деген ғақылия сөз бар. Сондықтан да кеше бәрімізбен бірге жүрген, бүгін ортамызда жоқ қаламдастарымызды еске алуға рұқсат етіңіздер!» - деп модератор әр осы кезеңде өмірден өткен қаламгерлердің әрқайсысын жекелей атап шықты..
Бұдан соң пұрсат бойынша сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулетұлы қаламдастары алдында өзі басшы болып қызмет еткен кезеңдегі атқарылған игілікті істер жөнінде қаламдастарына кең көлемде есеп беріп, баяндама жасады. Осы кезеңдегі табыс-жетістіктер туралы айтып өтті.
«Армысыздар, ардақты ағайын! Қадірлі қауым! Қазақстан Жазушылар одағының кезекті ХҮІ құрылтайына қош келдіңіздер! Құрметті қаламдастар! Соңғы бес жылда біздің басымыздан небір аласапыран кезеңдер өтті, - дей келе күні кешегі күллі әлемді сансыратқан ковид эпидемиясынан кезінде өмірден өткен қаламгерлердің емделуіне атсалысып, қайтыс болған жағдайда естірту, бетке бетперде, қолға қолғап киіп алып жуындырып тазалау, әкімдіктерге шапқылап зираттан жер алу, мәйітханадан шығарып алу, жаназасын шығарып жерлеу, ас беру сияқты бүгінгі күні айтуға ғана оңай мәселелермен сол бір қиын-қыстау күндерде айналысқанын айта келе, түсіністік танытып көмек қолын созған әкімдік қызметкерлеріне алғысымыз шексіз», - деді.
«Осы үрейлі екі жарым жыл ішінде біз онлайн режиміндегі іс-шаралар, конференциялар өткізіп одақ жұмысын жалғастырған едік. Бүгін бәріміз де бетпердемізді шешіп, бір-бірімізге пердесіз қарайтын күнге жеттік. Бұған да тәуба, шүкірлік. Тірі адам тірлігін жасайды. Біз сол бір күндері бір-біріміздің қадірімізге жету керек екенін түсіндік. Сондықтан бірлік, татулық, иман керек ағайын! Бізге бес жылдың сол пандемиямен өткен екі жарым жылында айғай-шусыз жұмыс істедік деп айтуға болады. Атқарған шаруаларымыздың басты-бастыларын санамалап айтып берейін», - деп осы кезеңде атқарылған істерді санамалап атап өтті. Атап айтқанда 2018 жылы Талдықорған қаласында Тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып, жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» фестивалін, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жібек жолы бойындағы астаналар қаламгерлері» форумын, Астана қаласының 20 жылдығына орай «Ақ ордалы астанам» атты халықаралық поэзия фестивалін ұйымдастырған. 2021 20-21 қыркүйекте «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты еуразиялық әдеби форум өткіздік. Бұл форумға Ұлыбритания, Ресей, Иран, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия, Тәжікстан, Латвия, Молдова, т.б. Еуразия құрлығының 30 елінен өкілдер келіп қатысты. Сонымен қатар Қазақстанның барлық аймағынан жүзге жуық жазушы келген. Елордада тұратын 150-ге жуық қаламгерлердің барлығы да аталған форумға қатысты.
2018 жылы ҚР Жазушылар одағы әдеби-өлкетануды дамыту жобасын жасап барлық облыс әкімдіктерін қатыстырып іске асырылған. Облыстарда жазушылар үш кісілік топтар құрып, елді аралап, жұртшылықпен кездескен. Болашақ шығармаларына арқау болатын кейіпкерлерін тапты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 27 қаламгердің шығармалары топтастырылған 9 кітап жарыққа шықты. Әлі жарық көрмеген 8 кітап бар. Сол жылы Кәсіподақтар федерациясымен жасасқан меморандум негізінде зейнеткер қаламгерлерді 50 пайыздық жеңілдікпен шипажайларда демалуына жағдай жасауға қол жеткіздік. Қазақстан Жазушылар одағы Астанадағы Ұлттық ғылым академиялық кітапханамен бірлесіп бірнеше шетелдерде белгілі қаламгерлердің қатысуымен әдеби шаралар өткізіп, көрмелер ұйымдастырған.
«Жаңа заман әзербайжан әдебиеті антологиясы» қазақ тілінде жарық көріп, Астана, Алматыда тұсаукесері жасалды. Қарымтасына «Қазіргі заман қазақ әдебиеті антологиясы» әзербайжан тілінде жарық көріп, Бакуде тұсаукесері өтті. Испания астанасы Мадридте қазақ қаламгерлерінің антологиясы Луис Хорхе Падронның аудармасымен жарық көрді.
19-жылы қыркүйектің басында Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы өткізілді. Форум қарсаңында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың алғысөзімен Абайдан М.Шахановқа дейінгі қаламгерлер қамтылған антологиялық жинақ жарық көрді. Мұндай ауқымды әдеби форум 1973-жылдан бері алғаш өткізілген екен. Азиядағы 45 елдің 38-інен форумға өкілдер келіп қатысты. Нобель сыйлығының бес номинанты қатысқан жиынға мемлекет басшысы қатысып сөз сөйлеген болатын. Форум кезінде 11 елдің жазушылар одағымен келісімге қол қойылған еді. Бұл келісімдер өз нәтижелерін бере бастады.
2019-2021 жылдары тарихи-әдеби өлкетану жобасы қолға алынып, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола облысында, Алматы қаласында жұмыс жүргізілді. 2019 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жас ақындар форумы өткізілді. Париж, Лондон, Пекин, Каирде қазақ прозасының екі томдық антологиясы БҰҰ-мен ықпалдастық арқылы шығарылып, сол қалаларда тұсауы кесілді.
2020 жылы 20 ақпанда қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының алты тілдегі антологиясының тұсаукесері ҚР Мемлекеттік хатшысының қатысуымен Алматы қаласында өтті.
Сонымен қатар Басқарма төрағасы өзінің қызметтік жылдарында облыстықы филиалдардың беделін көтеруге, облыс басшылықтары олармен санасуына септесуге, өлкелердегі одаққа мүшелер қатарын жастармен толықтыру арқылы құрамды жасартуға, олардың жолын ашуға күш салғанын атап өтті. Ол үшін облыстық филиал басшыларының ұсыныстарына көңіл бөлінді. Жаңа ашылған Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарында да Жазушылар одағының филиалы жұмыс істеп жатыр екен. Қазақ әдебиетінің проза, поэзия, драма, сын, балалар әдебиеті т.б. секциялары өз жұмысын атқарып жатумен қатар, орыс, ұйғыр бөлімшелері де барлығын атап өтті. Жақында мемлекет басшысы этникалық шығармашылық өкілдеріне арнайы бірнеше қомақты сыйлық тағайындағанын, оның бірі әдеби сыйлық екенін, оның көлемі мемлекеттік сыйлықпен бірдей екендігін хабарлады.
Сонымен бірге осы жылдары жазушылар арасынан сенаторлар, депутаттар ел билігіне араласса, Ғабең – Ғабит Мүсіреповтен кейін Еңбек Ері атағына да осы кезеңде алған.
Облыстарда жергілікті қаламгерлердің антологиялары жарық көруде, оларға меценаттар мен қорларды тартуға одақ тарапынан ықпал жасағанын атап өтті. Сонымен бірге облыстарда қаламгерлер атындағы сыйлық тағайындалу дәстүрі жолға қойылып келеді. Осылардың бәріне филиал басшыларының сіңіріп жатқан еңбегі зор.
Мұхтар Мағауин ағамыз Қазақстаннан кетсе де қазақ әдебиетінен кеткен жоқ. Жазушымыздың шығармалары оқылымды, басылымдарда жарияланып жатыр. Ал Еуропада жүріп Абайдың шығармашылығына ауыз салып, оны жоқ деуге дейін барған ғалым қарындасымыздың жазбаларына орынды уәж айтқан ғалым жазушы Тұрсын Жұртбайдың дәйек мақаласы «Қазақ әдебиетінің» бірнеше санына жарияланған болатын. Өз қандасымыздың былайша шаубылдауы жанымызға батқаны анық.
Петропавлда Мағжан күндері, Жетісуда Ілияс оқулары, Қарағанды облысында Қасым оқулары, Алматы мен басқа облыстарда Мұқағали оқулары өтуде. Мұндай шаралар барлық облыстар мен аудандарда ұйымдастырылуда. Астанада жазушылар аллеясын негіздеу, осы арада Сәкен, Ілияс, Бейімбет және Алаш арыстарының ескерткіштерін ашу да осы кезеңде атқарылған игілікті істер еді.
Арнаулы стипендия тағайындату үнемі назарда ұсталды, сондай-ақ Ресеймен әріптестік байланыс аясында алдағы кезеңде ол елдің өкілдері Қазақстанның Ресейдегі әдеби күндерін өткізуге ұсыныс білдіріп отыр. Жастарға арналған «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», т.б. байқауларды жыл сайын өткізіп жүрміз. Бұл облыстардағы оншақты қаламгер миллион шамасында жүлделер алып жүр.
Жас қаламгерлер легін қалыптастыру, олардың әлем әдебиеті дамуының үрдістерімен таныстыру мақсатында 2023 жылдан бастап Қазақстанның жас жазушылары мен ақындары үшін ҚР Президентінің арнайы әдеби сыйлығы тағайындалды. 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге проза, поэзия, драма, балалар әдебиеті бойынша бұрын жарияланбаған шығармаларын ұсына алады. Сонымен қатар Халық жазушысы атағын беруді қайтадан алу, үш жыл сайын жас жазушылардың кеңесін өткізу сияқты жоба-жоспарларымыз алдағы уақытта іске асады деп есептейміз. Шанхай Ытынмақтастығы ұйымы аясында Ұлы Жібек жолы бойындағы жүз қалаға жүз кітап жобасы бойынша ежелгі үш қаламыз Алматы, Тараз, Түркістан қалалары туралы Кәдірбек Сегізбайұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Мархабат Байғұт – үш жазушымыз кітап жазып шығып, ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен Қытайда және өз елімізде жарық көрді. ШЫҰ басшылығы бұл кітапты алдағы кезеңде орыс тіліне аударып таратпақ. Жақында 23 сәуір күні Астанада өткен Еуразиялық халықаралық кітап көрмесінде бұл үш кітаптың тұсаукесері болды.
Біздің командамыз бес жыл ішінде жаман жұмыс істеген жоқ деп ойлаймын, - дей келе осы кезеңде қанаттаса жұмыс істеген әріптестеріне, қаламдастарға, демеушілер мен әкімдік өкілдеріне рақметін білдіре келе, бұдан әрі жақында құрылған Түркі елдері Жазушылар одағы құрылып, осы одақтың төрағасына сайлануына және осыған орай он бес мемлекет пен субъект қаламгерлері жазушылар одағының басын қосатын ұйымды басқару күрделі болатындығы, әрі сол елдердегі жазушылар одағы төрағалары менің орынбасарым болып есептелетіндіктен, себепті бұдан әрі Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасын сайлауға ат ұсынудан бас тартамын деген уәжін жеткізді.
Бақылау-тексеру комиссиясының хабарламасын жасау үшін көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қр Жазушылар одағы Бақылау тексеру комиссиясының төрағасы Әлібек Асқаров сөз алды.
Құрметті құрылтай делегаттары! Қадірлі әріптестер! Қаламдастар! Біз еліміз өркендеуінің үлкен бір белесі Жаңа Қазақстан құру жолында мақсат етіп жатырмыз. Жұртшылық бізді еліміз бен жеріміздің бірлігі мен тыныштығын, қазақ халқының ауызбірлігін дәріптейтін қалам иелері деп таниды. Сол жолдан айнымау жолында адал еңбегімізбен шама-шарқымызша шығармаларымызды жазып та жатырмыз, беріп те жатырмыз. Осы шығармашылық орталықтың тізгінін ұстап келе жатқан қара шаңырағымыз жазушылар одағы екені баршаңызға аян», - дей отырып, атқарылған істерге байланысты қаражаттың жұмсалуы жайлы егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Баяндамашының айтуынша, жұмсалған қаражат бойынша аудит шақырылып, ақпараттар әзірлеген. Одақ жарнасы – негізгі кіріс көзі екен. 2018-2022 жылдар аралығында әр жылдары әрқалай 900 мың мен 900000 теңге аралығында қаржы түсіп отырған. Ғимарат бөлмелерін жалға беруден – 50 047136 теңге түскен. Сырттан демеушілік көмек тарту арқылы 36 млн. теңге сомасындағы қаржы құйылған. Министрліктің өзінен тасырыспен түскен қаржы – 51 млн 550 мың теңге болса, 2022 жылы Одаққа кірген барлық кірістің сомасы – 195618000 теңгені құраған. Осы жерде бұл қаржылар қайда жұмсалған дегенге тоқталайық дей отырып, 2022 жылдың мысалында атап өтті. Олар: жазушыларға материалдық көмек, электр энергиясы, жылудың қысқы шығындары, жер салығы, мүлік салығы, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» журналдары одақтың органдарына жұмсалатын қаржылар – 222119000 теңгені құраған. Тексеру комиссия мүшелері осыған қоса 2018-2022 жылдар арасындағы жазушыларға берілген материалдық көмекті де саралап шыққан. Өмірден өткен, мерейлі жасқа толған адамдарға көрсетілген көмекті қарастырған. Қысқасы, бақылау-тексеру комиссиясының жұмысы барысында одақтың қаржылық әрекеттерінен ешқандай қайшылық жағдайлар анықталмаған.
Жарыссөзде алғашқы сөз алған ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Еңбек Ері Дулат Исабекұлы одақ басшылығының жұмысына оң баға берді. Қазақ әдебиетін әлемге таныту тұрғысында әлемдік ірі баспалармен жұмыс істеу керектігін баса айтып өтті. Қазақ қаламгерлерінің туындылары шетел тілдеріне аударылып жатқаны дұрыс, бірақ оларды шетел оқып жатыр ма, жоқ па ол жағы белгісіз, сондықтан ұялмайтындай болу керек деген ойын білдірді. Әдеби агент мәселесіне мән беру керек, әрбір жазушының әдеби агенті болуы керек, жаппай он адамды насихаттағаннан жұмыс өнбейді, нәтиже шықпайды, әрбіреу жеке-жеке шығарылуы керек деген құнды пікірді ортаға салды. Кітабы шықты деген дақпыртпен емес, нақты жұмыс нәтижесіне жұмыс істеу керектігін, сонда ғана әдебиетіміз жұртқа танылады, Жазушылар одағы алда осыны ескерсе деп түйіндеді.
Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Иранбек Оразбаев сөз алып, Ұлықбек Есдәулетұлының жұмысына ризашылық білдірді.
Жазушы, ҚР Мемлекеттік сылығының иегері Кәдірбек Сегізбайұлы жарыссөзге шығып, сонау тоқсаныншы жылдары Америкада Жазушылар одағында бірнеше ғана мүше бар екен, олар өз күнін өздері көреді екен деген дүрмекпен жазушылар одағын қоғамдық ұйым қылып жүген-құрығыны сыпырып жібергенін, мұның ағаттық болғанын айтып өтті. Сонымен қатар кітап шығару мәселесіндегі түйткілдерге тоқталды. Әркім кітап шығарғыш болып кеткенін, бірақ кітаптың сапасына мән беру ұмытылғанын, Мәдениет министрлігі «қоғамдық қажетті әдебиет» деген бастама жасағанын, бірақ шығатын кітап 2-3 мың ғана екенін, одан өзге қаламақы мәселесі тағы барын, кітаптың таралымы көбеймей, ақша да көбеймейтінін, тираждың мардымсыздығын да тиісті орындардың ескеруі тиіс дегенді атап көрсетті.
Қазақстан Жазушылар одағы, ұйғыр әдебиеті бөлімшесінің төрайымы Патигүл Махсатова бес жыл ішінде атқарылған істер жөнінде хабарлап өтті. Бауырлас екі ұлттың достығын насихаттауға байланысты көптеген жұмыстарды нақты атап өтті.
Ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса сөз алып, жазушылар одағы ғана емес, жалпы шығармашылық одақтардың бәрінің жағдайы неге қиын болып кетті деген мәселеге тоқтала отырып, тәуелсіздіктен кейін Қазақстандағы 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымның біріне айналуында екендігін айта келе: «Сондықтан осы жағдайдан шығу үшін шығармашылық одақтардың рөлін арттыру мақсатында 2021 жылы парламентте Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса бар – жиын өткізген болатынбыз. Нәтижесінде шығармашылық одақтарды «мемлекеттің стратегиялық серіктесі» мәртебесі бойынша қолдау туралы ұсыныс бергенбіз. Биылдан бастап ол іске асуы тиіс. Отыз жылдан астам уақытта идеология дұрыс жолға қойылмай келе жатқанын ескере отырып, осы бағытта Жазушылар одағы авангард болуы керек деп ойлаймын. Ал бізде керісінше әдебиетті де, мәдениетті де екінші сорттық деп танушылар көп. Кітап шығару бойынша ғаламторда дауыс жинау туралы ойымды айтқан болатынмын. Өлі Абайдың алдын тірі біреулер орап кетпей ме? Сондықтан мұны салмақты жазушылар комиссиясы сараптап шешу керек», - деп атап өтті.
Ақын Ерлан Жүніс өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағындағы мыңдай мүшенің үш жүзден астамы – жастар екен дей отырып, кейінгі кезеңде жас қаламгерлерге қамқорлықтың арта түскенін, жастардың кітаптары көптеп жарық көріп жатқанын айтып өтті.
Құрылу тарихы сонау 1925 жылдың 18 маусымынан басталатын, қазақ әдебиетінің небір қабырғалы қаламгерлері басқарған тұста билік пен халық арасындағы салмағы мен беделі аса зор болған Қазақстан Жазушылар одағына, оның іс-қызметіне деген қоғамның қызығушылығы бүгінгі күні де жоғары. Бұған «тойдың болғанынан «боладысы» қызық» демекші, соңғы бірер апта көлемінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде көрініс тапқан ақпараттар куә. Одақ жұмысын қазіргі заман ауқымына сәйкес үйлестіру, ширата түсу мазмұнындағы платформалар назарға ұсынылып, қызу талқыланып жатты.
Алғаш керегесін керіп, шаңырағын көтерген Сәкен Сейфуллиннен бастап, күні бүгінге дейін 18 төраға Қазақстан Жазушылар одағы көшінің басбұйдасын жетелеген екен. Құрылтайға қатысушылар Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жаңа төрағасын сайлады. Бұдан былай Жазушылар одағының тізгінін белгілі қаламгер Мереке Құлкенов ұстайтын болады.
Сондай-ақ Төрағаның бірінші орынбасары болып – жазушы Нұржан Қуантайұлы, қаламгерлер Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибек, Бейбіт Сарыбайлар орынбасарларлығына сайланды.
«Әдебиет порталы» Құлкенов Мереке Әбдешұлы бастаған Қазақстан Жазушылар одағының жаңа басқарма құрамын құттықтай отырып, алдағы жұмысына сәттілік тілейді.
Бөлісу: