Тағы бір көктем көзімнен, сағыныш болып үзілді

Бөлісу:

12.05.2023 1351

Әдебиет төңірігенде сөз қозғаған уақытта  әдебиетті жасаушы тұлғаның ғұмыр жолы мен тағдыр айшықтарына тоқтала назар аудармасқа болмайды. Себебі, адам – өзі өскен ортадағы тәрбиенің, өмір сүрген кезеңіндегі оқиғалардың және содан қалыптасқан түсініктердің жемісі болмақ. Тұлғалық жетілу жолындағы бас сұққан кітапханалар, өмірдегі кейбір есте мәңгі қалатын көріністердің, тағдырдың тартуы мен көрсеткен тауқыметінің, сондай-ақ шығармашылығының дамуына, ой-пайымының орнығуына әсер етуші адамдардың да рөлі зор.

Егемендік алғаннан кейінгі ұлттық сөз өнеріміздің шыққан белестері туралы сөз өрбіткенде, әуелі, дараланған ақындарымыз бен жазушыларымыздың шығармашылығын зерттегеніміз абзал. Себебі, бүтін жалғыз ұлт әдебиетін санаулы дара таланттар ғана ұстап тұрады. Қазақ лирикасының бүгінгі биігі жөнінде ой қорытып, сөз өрбіткенде Қасымхан Бегманов есімін  алдыңғы қатардан атауға тиіспіз. Зерттеу жұмысымның өзегі болып отырған ұлтжанды ақын Қасымхан  Сейітханұлы Бегмановтың  ғұмырбаянына тоқталар болсақ, Қасымхан Бегманов 1958 жылғы Тамыз айының 4-інде Түркістан облысына қарайтын Кентау шәрінде дүние есігін ашқан. Жетпіс бесінші жылы Түркістан шаһарының маңындағы Бабайқорған орта мектебін тәмамдаса, Сексенінші жылы жылы Қазақ политехникалық институтының машина жасау факультетін үздік бітірген. Иә, ақындық деген Тәңірдің туғаннан тұлабойыңа құйып қоятын қасиеті еді. Әдебиетті оқытатын оқу орындарында білім алмаса да, бойындағы рух пен әдеби потенциалының қуаты арқасында өзін жоғалтпады.  «Ұлтқа қызмет ету өлең жазумен ғана шектелмейді» деген ойға әлдеқашан тоқталған Қасымхан ақынның керімсал кірпияздық пен болымсыз бекзадалықтан ада болғандығы өмірдеректерінен аңғарылады. Себебі,  қайбір жылдарда Шымкент қалалық троллейбустар басқармасына мастер, техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер, эксплуатация бөлімінің бастығы қызмет атқарған. Ішкі рухы әлсіз жай ғана құранды, Асқар Сүлейменовша айтсақ, кем талант болса, әдебиеттің айналасынан сәл алшақтаған сәттен бастап күйреуге ұшырауы бек мүмкін еді. Бірақ та ақынның табандылығы мен дарынының арқасында әдебиет және мәдениет саласында талай-талай басшылық қызметтерде болғанын білеміз. Мысалы, Шымкент облыстық комсомол комитетінің жауапты қызметкері, Түркістан қалалық Мәдениет бөлімінің басшысы, Шымкент қалалық атқару комитетінің жауапты қызметкері, бүкілодақтық балалар қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы, Алматы қалалық Алмалы аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы міндетін атқарса, кейіннен «Жалын» журналының жауапты хатшысы болып тағайындалған. Одан кейін Қазақстан Жазушылар Одағының жанынан құрылған әдебиетшілер қауымдастығының бас директоры қызметін жауапкершілікпен атқарған. Қазақстан Үкіметі Премьер-Министрінің кеңсесінде бас маман, референт, әлеуметтік мәдени даму бөлімінің аға референті, 98-99 жылдары Қазақтың мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары болып қызмет еткен. Екі мыңыншы жылдардан  бастап «Тұран-Әлем Банк» АҚ-ның баспасөз және қоғамдық ұйымдарымен байланыс бөлімінің бастығы болып бекітіліп, қазіргі кезде «БТА банкі» АҚ-ның Бренд кеңсесі бастығының орынбасары міндетін атқарады. Осынша қызметтермен айналыса жүріп, әдебиет майданында да алдынғы шептен көрінгендігі сөз өнеріне деген асқан сүйіспеншілік пен махаббат деп білемін. Қаламгердің мықтылығы  марапаттармен өлшенбейтіні белгілі әрине, дегенмен еткен еңбек пен төккен тердің өтеуі, жемісі болуы керек емес пе? Бірақ Қасымхан ақын атақ пен марапатқа аса құмар болмағандығы аңғарылады. Өзі де шынайы шешіле толғану мен өкініштен, сартап сағыныштан тұратын «Ана бейіті» деп аталатын өлеңінде:

«Пәни мен бақиды ойлап жабырқаңдар, Пендеде мұрсат бар ма қабір таңдар. Бабайқорған мүлгиді ақсұр бейіт, Жанымда әкем, сосын Садырхан бар. Ажал кеп ақ кебінге оранғалы, Жан анам үйге қайтып оралмады.  Алатау асып кеткен ақын ұлы,  Өзгелердей атақты бола алмады»  - деп жазады.

Осы өлеңдегі «...Алатау асып кеткен ақын ұлы,          
Өзгелердей атақты бола алмады...» - деп келетін қарапайым жолдарында ақынның бар болмысы жасырынып тұрғандай көрінеді. Себебі Абайдың «Арсыз болмай - атақ жоқ, алдамшы болмай, бақ қайда?» деген адам жанын екіге жаратын мәңгілік тартысты сауалы бар емес пе?.. Дәл осы «Ана бейітінде» деген өлеңі Қасымхан Бегмановтың осы кезге дейінгі ғұмырының схемасы секілді немесе бір тұтас картинасы секілді сезіледі маған.

Ақынның өмір жолында, дәлірек айтсақ әдебиет әлемінде атқарған адал еңбектері орасан. Соның арқасында Халықаралық жазушылар мен публицистер қауымдастығының мүшесі атанып, Түркістан қаласының Құрметті азаматы деген  мәртебеге ие болды.  Сонымен қатар, Қазақстан Жастар Одағы халықаралық «Алаш»  және 1989 жылы қазақтың аймаңдай ақыны Төлөгөн Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты атанғаны бар. Шығармашылық жолында алғаш рет 1980 жылы студенттік шағында жазған өлеңдері жинақталған «Бастау» деген символикалық атаумен кітабы жарық көреді. Ол кітапқа политехникалық интитутта оқып жүрген бозбаланың балаң жырлары топтастырылған. Сол кездегі өлеңдерінен-ақ дәлдік, тиянатылық, ой ұшқырлығы, поэтикалық қуат анық аңғарылады. Қазіргі кезде шығармашылығының өзегіне айналған азаматтық-патриоттық, елдік, ұлттың болашағы мен халық тұтастығы туралы толғаныстарының бастауы балаң шағындағы жырларынан да байқалады. Мысалы, «Бастау» жыр жинағына енген «Отқа оранған Отырар» өлеңіне зер салып көрелік:

Жанып жатыр Отырар отқа оранып

«Ояныңдар, адамдар, аттаналық», -

Дегендейін қарлығаш шырылдады

Қос қанатын қаға алмай шоққа қарып.

 

Қара дауыл азынай жан ұшырды,

Топыраққа талайдың қаны сіңді.

Қас қағым сәт күл болып бықсып жатты,

Құшағына ап Отырар арыс ұлды.

 

Көре алмады ешкімде ұшқан құсты,

Серпе алмады еңседен басқан мысты.

Жалыққандай Отырар жер бетінен,

Түтін болып бір күнде аспанға ұшты.

 

...Тұра алмады Қаратау жүресінен,

Жалпақ әлем жараға тілесін ем,

Деуші еді-ау қос ғашық келіп кеткен:

- Шыңдарыңа солмайтын гүл өсірем, - деп ұлт қасіретін жан дүниесімен терең сезініп, тебірене толғайды. Бұл реквиемді ақын жиырма жастың айналасында жазған болуы керек. Бұл өлеңдегі «Жалыққандай Отырар жер бетінен, Түтін болып бір күнде аспанға ұшты» , «Тұра алмады Қаратау жүресінен» деген сынды кейіптеулер мен метафоралары поэтикалық қуатының молдығын көрсетеді. Бозбаланың жан дүниесін астан-кестең еткен осынау «Отырар опаты» деген атпен тарихта қалған қасіретті оқиға жайлы аз-кем айта кету керек. Отырар шаһары – ерте кезден шығысқа әйгілі болған қала. Қайсыбір деректерге назар салар болсақ,  бүгінгі күннен бері қарай екі мың жарым жыл бұрын ораналасқан жерінің орнында алғашқы қоныстардың болғаны айтылады. ҮІ – ҮІІІ ғасырларда Отырар қаласы Сырдарияның асығысының орта тұсында саяси орталықтың  болғаны белгілі. Кейіннен ІХ - ХІІ ғасырларда сол мекеннің бас шаһарларының бірегейіне айналған. Отырар Қазақ хандығы дәуірінің тұсында мәдениеті мен өнері, экономикасы жүйеленіп дамыған орталықтардың бірі болғандығын білеміз. Отырар шәрінің гүлденіп, орта ғасырлардағы сәулетті, бірегей шаһар орталығына айналуына оның орналасқан орны бірден бір әсер етуші фактор еді. Осы шаһардың лезде қарыштап дамуына мүмкіндік туғызған  Ұлы Жібек жолы болды. Ү – ХҮ ғасырларда Отырар қаласы Арал теңізі бойындағы көшпелі тайпалармен сауда-саттық жасайтын орталыққа айналды. Парсы елі мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызыды қала еді. Отырарға өзге жақтардан көптеген көпестер келіп-кетіп жатты. Мұнда діни сауат ашатын медреселер,эконмикасын реттеуге көмектесетін базарлар, нағыз дала шеберлері жұмыстанатып ұстаханалар, тіпті  қонақүйлер мен мешіттер, монша, сауда дүкендері жұмыс істеген.

Осынау қаланы 1218 жылы Шыңғыс хан бастаған Моңғолдың қаптаған қалың қолы Қазақ жерінің Жетісу жеріне аттанды. Қаншма қала, мыңдаған халық, мал - мүлік Моңғолдардың олжасына айналып шыға келді. Оңтүстік Қазақстанның қалалары арасындағы Отырар кезіндегі ірі шаһарлардың  бірі болып есептелді. Билеушісі Қайырхан деген әскербасы болатын. Ұлы қала Отырар басып алуға Моңғолдар 1219 жылы 200 мыңға тарта әскерін аттандырады. Отырарлықтар өз қаласын қасық қандары қалғанша қызғыштай қорғап, болыспады, беріспеді. Осыншама жан қиярлық қарсылыққа дайын болмаған Шыңғысхан ызаға булығып, шаһардың бекініс орнын жермен - жексен етіп жойып жіберіңдер деп пәрмен етеді. Бес ай бойы жауға берілместен шайқасады, алысады, қарсы тұарады.  Қалада азық-түліктің мол қоры да азая бастап, ақыр соңында таусылуға айналады.  Ұзақ уақыт ашықтыққа шыдамаған соң «соғыс жеңіліспен аяқталады» деген оймен Қаража есімде сатқын өзі басқаратын Отырар әскерінің 10 мың адамнан тұратын бір бөлігін бастап моңғолдар жағына өтіп кетеді. Ол шаһар қақпасын жауға өз қолымен ашып береді. Соның опасыздығының кесірінен қаланы 1220 жылғы ақпанда монғолдар басып алды. Аңыздарға қарағанда, монғолдар Қайырханның тамағына қорғасын құйып өлтіреді. Қаланы бірнеше күн бойы тонап, қиратады.

Отырар қаласы жөнінде тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев былай баяндайды: «Ол жерді қазғанбыз. Сол кезде көптеген мұралар. Сырттан су әкелінген. Құбырлар. Су кірген. Лай суды сыртқа шығарған. Сонан кейін мусор төгетін арнайы ұңғымалар болған. Олардың барлығы қаланың тазалығын сақтау үшін. Жұқпалы аурулар таралып кетпеуі үшін жасалынған болатын. Сырдария мен Арыс өзендерінің сағасындағы оазисте орналасқан Отырар жұртына географиялық жағдай өте қолайлы еді. Отырардың маңында жер суаратын мелиорациялық жүйе болған. Айнала шексіз дала. Малшыға да, диқанға да ыңғайлы. Өзен аңғары шалғынды шөптерге, итмұрын өсінділеріне бай.»[5]Тарих кітаптарында Қайырхан Шыңғысханның керуендегі көпестерін өлтіртті. Бұл шыңғысханның орта азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды деп жазылады. Бұл тақырыпқа тоқталған Әуезхан Шашаев сөзін былай жалғады:                                

Осы Отырарға қатысты дау Шыңғысхан есімінен туындайды. Оны Ибн ал-Асир мен Рашид ад-дин былай суреттейді: «Шыңғысхан өз әскерін киіндіретін мата сатып алу үшін, көп мөлшерде күмістер, құндыздар және тағы басқа заттардан қор жасап беріп, Мавереннахр, Самарқанд, Бұқара қалаларына керуен жөнелткен. Олар түркі қалаларының бірі Отырар қаласына кіреді. Керуен келген кезде Отырар билеушісі Хорезмшахқа алтын мен күміс әкелген түркілер туралы хабар береді. Хорезмшахтың бұйрығымен Қайырхан түркілерді өлтіріп, мүліктің барлығын Хорезмшахқа жіберген...». Деректерге қарап отырсақ таң қаласың. Шыңғысхан неге дәл Отырарға керуен жіберген. Орталық Азия жерінде Отырардан басқа да қалалар бар еді ғой.                                                        

Ал, осы моңғолдар келіп, жаңағы елшілерін жібереген кезде, олар елшілерін жібермес бұрын моңғолдардың тәсілі бар. Олар арнайы барлаушылар ретінде саудагерлер жібереді. Олар бір жыл бұрын арнайы келіп, қай жерінен кіруге болады? Онан кейін олардың басшылары кім? Оны қандай топтар қолдайды? Оларды қалай өз жағымызға шығарып аламыз? Немесе басқа бір уәделер беріп, билік беріп осының бәрін Шыңғысхан алдын ала ойластырып барлаушылар арқылы білуге тырысқан. Саудагерлердің миссиясы шынымен де барлаушылық болса онда Қайырханның амалы түсінікті».

Отырар опаты жайлы жас Қасымханның өлеңі Мұхтар Шахановтың:

«...Алты ай бойы ерлік салтқа төрін берген Отырар,

Алты ай бойғы алапатта жeңiлмeгeн Отырар

Алты-ақ күнде жермен-жексен қирады.

Ақыл-ойын жалындатқан,

Өнер, ғылым шамын жаққан

Ұлы қала Азияның маңдайына сыймады.

Безбүйрек жау сәбилердi, шал-шауқанды, кемпiрдi,

Tiптi жүктi әйелдiң де iшiн жарып өлтiрдi.

Құзғын, қарға ғана тынбай шарлап мұңлы аспанды,

Отырардың аянышты, зарлы өмiрi басталды.

Айдай әлем мойындаған даңқы бар,

Жүз елу мың халқы бар,

Нән қаланың асқақ әнi осыменен шектелдi...», - деп келетін  әйгілі «Отырар» поэмасымен рухани тұрғыда үндеседі. Міне, талай ақындардың қасіретті жырына арқау болған, талай тарихшылардың еңбектерінің өзегі болған бұл тарихи оқиға бозбала Қасымханның да жанын толқытқан.  Бұл ұлт басына төнген қасірет, қастерлі тарихтың кеудесін көмген қасірет мәңгі есте қалатындығын, бұндай ұлы қайғыны емдеуге уақыттың шамасы әзірге жете қоймайтындығын түйсініп, осы «Отқа оранған Отырар» өлеңнің соңын былай деп түйіндейді. Жоқ, түйіндемейді, жанына ауыр қайғыны жамап алғандығын айтады:

«...Қан құмарлар дүниені тағы улады,

Уақыт-емші жараны таңуда әлі.

Құмға айналған кешегі гүлзар қала

Жүрегінде ақынның жануда әлі», - дейді Қасымхан ақын.

Қасымхан Бегмановтың поэзиясының бастауы боп саналатын «Бастау» жыр кітабындағы өлеңдерден өткенді білуге деген, туған жердің, ұлттың тарихына деген құштарлық байқалады. Табиғатты танудағы сергектігі сезіледі. Мына бір жалғыз талды метафора қылып алған өлеңіндегі астарлы сілтемеден аңғаруымызға болады.

«...Жетім жандай жабықтан сығалаған,

Жалғыз талға күрсінбей тұра ма адам

Көз сүрінер жазықта қарайғанның,

Жолаушы жоқ тарихын сұрамаған», - дейді.

Шығармашылық жолына түскен әрбір жас ұлыларды рухани ұстаз тұтпай ештеңе де өндіре алмай, адасулар мен кешігулерге ұрынаты хақ. Осы ұстанымды берік ұстанған жас Қасымханның мына бір өлеңін қараңызшы, сағыныш ақынына айналған аймаңдайлы, ай мүйізді Айбергеновтың мөлдір әрі модерн жырларын еріксіз сағынтады. Өзінен бұрын жасаған титандарға сілтеме беру де ұлылықтың нышаны болмақ. Уақытқа, жолға құрмет деп осыны айтса керек.

«Үрікпей ерке киіктер,

Даланың барлық сал-серілерін жиып кел.

Өзенге қонған үйректер,

Жиналған жұртқа әуелей ұшып билеп бер.

Тұрайын қарап мен үнсіз,

Жасаңдар тойды, жасаңдар тойды келінсіз.

Ойнасын барлық балалар бірімен-бірі алысып,

Қарсы алсын жібек жағалар,

толқындар жетсе жарысып.

Жүретін іштей ұнатып

Ынтығын жігіт алмасын бүгін жылатып.

Сызылған жеңге-қайыңдар

Далаға түгел түгі бар кілем жайыңдар.

Домбыра қайда төгілсін сосын тойбастар,

Тыңдасын дала, тыңдасын тарих - қой тастар.

Шеттеме сен де, жақын кел мұнда, қырғауыл,

Соқсыншы сосын соқпаған асқақ жыр-дауыл.

Жігіттер жүрсін жорғамен табақ таратып,

Ортаға кілең Біржан мен сұлу Сара шық.

Жолаушы сен де сауыққа мына мойын бұр,

Төлеген күткен тойым бұл».

Міне, Қасымхан поэзиясынан тарихқа деген, ұлы тұлғаларға деген шексіз құрметті көруге болады. Жалпылай алғанда,  Қасымхан Бегмановтың поэзиясында қазақ танымына ғана лайық  концептуалдық ұғым-категорияларды көптеп ұшырастырамыз. Ұлтқа тән құндылықтарды  ұлықтайтын ақын шығармашылығынан көңілімізді ерекше баураған өлеңнің бірі — “Қоңыр” деп аталатын өлең. Бұл өлеңнің поэтикалық қуаты зор:

Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен,

Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен.

Қыраттарда гүл теретін қоңыр қыз,

Қалды артымды қоңыр ауыл, қоңыр күз,

Өмір өтті сол бір қоңыр өңірсіз,

Сырқыратты сай-сүйекті қоңыр сыз,

Өмір өтті қоңыр қызсыз, көңілсіз.

Қоңыр жолдар алып кетті жыраққа,

Жауап бермей мұңлы қоңыр сұраққа.

Үнсіз қарап аққан қоңыр бұлаққа,

Қоңыр кеште қоңырайсам... жұбатпа.

Қоңыр өлең, қоңыр ауыл, қоңыр ән,

Қоңыр бала табиғатын қорыған.

Қарапайым қоңыр ақын үлгі боп,

Салқын самал көзін сүрткен сүлгі боп.

Қарай-қарай кеткен қоңыр далаға,

Қоңыр таулы сол бір қоңыр қалаға, - деп жырлайды ол.

Өлеңнің құрылымы туралы сөз өрбітпегенннің өзінде, аталмыш өлеңге Қасымхан Бегманов “қоңыр” сөзімен тіркесе келетін 25 сөз тіркесі – 25 эпитетті кірістіреді. Қазақ тілінің құнарлығы ғана емес, қазақтың қоңырқай  тіршілігінің де бүтін палитрасы оқырған адамның көз алдына келеді.

Бұл өлең Жұмекеннің «Қоңыр түс» өлеңінің ізімен жазылған. Бұл Жұмекен ақынның әйгілі өлеңіне деген ашық сілтеме немесе шеберлікке иілу, әлде болмаса қоңыр түсті өзінше көре білу деп түсінемін. Жұмекен жүрегін бояған қоңыр түс пен Қасымхан жазған қоңырдың арасын баршамызға ортақ қазақ даласы, қазақ танымы байланыстаратыны сөзсіз. Бұл Жұмекеннің палитрасы:

  «Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...

қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.

Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен

қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.

 

Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –

шешем қалды қоңыр төбе басында.

Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде

қоңырайып отырамын үстелге...», – деп өріп береді Жұмекен Нәжімеддинов. Осы дәстүр ұшқындарын оның «Ақын зиратындағы ой» өлеңінен де көруге болады.

«Қабырға сөккен

қазақтың мұңы тербеткен,

Қара бала едiм қараша ауылда ержеткен.

Қаратау жақтың қара талының шыбығын,

Ат қылып мiнiп түскенмiн жолға сен кеткен.

Көсiлiп жатқан

куә ғой, қырат, сай мына,

Қырандар көкке қанатын бiрден жайды ма?

Мәңгiлiк өмiр iздедiм мен де өзiңдей,

Қаршадайымнан айналып Асан қайғыға.

Жырақта қалып

жылдарым сауық құратын,

Басыңда тұрмын,

қасыңда тұрмын ұлы ақын.

Қасым боп ашқан дүниенiң мынау есiгiн,

Сұрапыл жылдар сырларын бiзден сұра түн». Бұл «Ақын зияратындағы ой» деп аталатын төрт бөлімнен тұратын өлеңінің басталар тұсы. Мұндағы қара түстерді пайдалану арқылы өріліп келетін аллитерациядан қазақ үшін қара бояудың да мағыналық тереңдігі бар екені көреміз. Тек қай жерде қалай қолдануға тікелей байланысты болмақ.

Сонымен бірге, Қасымхан Бегмановтың биік өлеңдерінің қатарындағы “Шүберек” аталатын өлеңін де айта кетуіміз керек. Ақынның солықтаған жан мұңын, шер-наласын, аңсар ауанын аңқытатын бұл жырды оқып отырып  ауыр ойлардың астында қаласыз. Себебі, лирикалық қаһарманның толғаныс-тебіренісімен бірге оқырманы да тербеледі, терең ойға шомады.

Мұзды шайна, отты жұт, шыдамасаң шоқты аса,

Ел деп соққан бейкүнәм талып барып тоқтаса.

Естілмесе кеудемнен жүрегімнің дүрсілі,

Шүберекке оранып кетіп қалсам бір күні.

Кешіріңдер, қайран ел, қардай аппақ арым бар,

Шүберекті көргенде мені де еске алыңдар... — дейді Қасымхан ақын. Бұл ақын тәңіри шын болмысы. Символикалық сырлық жырымен жан дүниесінің құпияларын алдыңызға жайып салады. Төзімнің қыл көпірің қақ ортасында тұрып жазылған өлеңдей көрінеді, сезіледі.

Жоғарыда біз Қасымхан Бегмановты сағыныштың ақыны дедік. Шығармашылық әлемін тұтас қарастырсақ, ақын жырларындағы сағыныш сарыны мынадай үш арнада түйісетініне көз жеткізуге болады: Ақын өлеңдерінің өн бойы тұнған сағыныш, қасіретті һәм қастерлі сағыныш. Ақын алдымен, бозбала күнгі сүйгенін аңсайды, сағынады. Бұл тап-таза – романс. Өткеннен бүгінге өтудің қандай қиын екендігін жанымен сезініп жазады. Алыста қалған арманы жанын арадай талайды. Осы дертке шалдықтырған да — ауыл қызы. Тіпті, өлеңдерінің дені ауылда қалған мәңгілік махаббатына арналады деуге болады. Сондай-ақ, асыл ана мен сырлас жеңгеге деген сағыныш сезімі жыр боп төгіледі. Қарапайым ауыл тұрғындары мен қазақтың қабырғалы қайреткер ұлдарына деген ықылас-пейілі сағыныш болып хатқа түсіпті. Хан Кене, Махамбет, Абай, Нәзір Төреқұлов, Қаныш Сәтбаев, Асқар Сүлейменов, Төлеген Айбергенов т.б. сынды ұлт ұлыларына арналған өлеңдер осының дәлелі.

Қасымхан ақынның тағы да бір аймақтарға, тарихи шаһарларға деген сағынышы жырларынан менмұндалайды. Ең алдымен туған жер — Бабайқорған, Түркістан шаһары, Кентау, Жиделі Байсын, Ташкент, Шыршық т.б. сынды бұрынғы һәм бүгінгі қазақтың төл қоныс-мекендеріне деген аңсар айқын байқалады. Әсіресе, өзгенің қанжығасында кеткен Жиделі Байсын мен Ташкентті аңсайды. Оның туған жерге деген сағынышы  Қарасу мен Қарашықтың (Түркістан маңындағы өзен аттары) арасынан, Бабайқорғаннан басталып, күллі қазақ жерін қамтиды. Сөйтіп, ол қазақтың жерін тұтас қалпында сүйеді. Және ар мен адамилыққа деген сағыныш. Біз мұны тазалыққа құмарту мен рухани-мәдени кемелдікке ұмтылудан туған өлеңдер деп бағалаймыз. Осы орайда ақынның адамзатқа ортақ құндылықтарға құлаш сермегені анық аңғарылады. Өтірік пен жаладан, әділетсіздік пен арсыздықтан бойды аулақ ұстауға үндеп, адалдыққа, ізгілікке шақырады.

Түйіндеп айтар болсақ, жоғарыдағы айтылған пікірлердің бәрі де ақынның өткен күн – уақыт ағзам мен ұмыт болған ұлттық құндылықтарға деген сағынышының үлкен екенін көрсетеді.Қасымхан ақынның поэзиясы қазақы қалып аясындағы рух пен дәстүрге  суарылыған. Ұлттық құндылықтар әр өлеңінде ұлықталады. Дәстүр мен дін, діл мен тіл, ел мен жер – Қасымхан Бегманов өлеңдерінің лейтмотиві. Сондай-ақ, ақын арды, адамдықты, адалдықты, аманатты жырлайды. Ол мұңайған кезде ғана, сағыныш дерті дендеген кездерде ғана қолына қалам алатын секілді.Өйткені, өлеңдерінің қай-қайсысынан да сағыныштың, сағынышпен астасқан мөлдір мұңның нышан-белгісі байқалмай тұрмайды. Жоғарыдағы екі шумақтан Қасымхан ақынның поэзиясындағы сағыныштың басты арналары көрінеді. Оның өлеңдерінің дені жастық шақғындағы махаббатына арналады. Елуді еңсергенімен, бозбала кездегі бойжеткенге деген сезімі әлі суыған емес.  Махаббатқа кіршіксіз көңілмен қарайтын Қасымхан ақын оған барынша адал болуға тырысады. Ауыл аруының бейнесін өз жүрегінде қонақтатқан ақынның көптеген өлеңдерінде бұл сарынды бірден байқауға болады.

Ол он алтыдағы бозбала кезін ғана емес, балалық бал дәурені өткен Бабайқорғанын, ежелгі қазақ тағдырын, оның қыраты мен суын, өзені мен өрін, ұлы тұлғаларын сағынады. Сөйтіп, өзі де шынайы қазақ болғысы келеді. Өткен күннің бар нақышын жүрегіне қондырғысы келетіндей. Біз осы сипатты Қасымхан Бегмановтың ақындық әлеуетін танытқан өлеңдерінің бірі – «Ташкентпен қоштасуынан» анық көрінеді. Ақынның аталмыш өлеңі жөнінде қазақтың көрнекті қаламгері Қадыр Мырза Әли өзінің оң бағасын берген-тін. Ол “Ташкентпен қоштасу” өлеңін қазақ поэзиясындағы құбылысқа балап, өлеңнің тамыр-түбі «өткен ғасырларда өмір сүрген көне қазақ ақындарының жырларында, қопарыла айтылатын телегей толғауларында жатқанын» тілге тиек еткен еді.

Ташкенге қарап жылағым келді, ардақтым,

Әлденелерді өзіңнен қайта сұрағым келді, ардақтым, – деп басталатын өлеңді оқырманды өз ұйығына тартып әкетеді. Бұл өлеңде қазақтың тұтас тағдыры бар. Тарих пен тағылым қатар суреттеледі.

Шулы шаһардың самаладай боп,

шамдары жанды жарқырап,

Көшелерінде даладай дарқан

қазақтың көне салты қап.

Алшаңдай басып алашордашыл

осында жүрді-ау асылдар,

Асылдарымды біздерден бөліп,

түбіне тартты ғасырлар, – деп жырлайды ақын.       Өлеңге өзек болған тарихи қала десек те, мұнда туысқан жұрттың меншігінде қалып қойған құнарлы жерлер мен тұлғалар тағдыры да тасада қалмайды. Ақын Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс, Жолбарыс хан сынды қазақтың елдік жолында қызмет еткен айтулы тұлғалардың арғы бетте қалып кеткен молаларын, Ташкент қаласы мен оның төңірегіндегі Шыршық, Шыназ, Сіргелі, Бостандық, Қыбырай сынды аудандарды – қазақтың байырғы жерлерін жоқтайды. Сағынады. Өлеңнің поэтикалық өрісі кең, көркемдік қуаты мол. Ташкент қаласы Мағжан жырлап өткен Түркістанның астанасы болса, алаш арыстарының жолын жалғаған Қасымхан  Бегманов та Түркістан жерін тамсанумен жырлап келеді. Жоғарыдағы өлең – осының айғағы. Сондай-ақ, Қ. Бегманов поэзиясында Түркістан тақырыбы өзінше бір соқталы да салмақты салаға айналған деуге болады.  “Шерлі Түркістан” поэмасын айтпағанның өзінде, Түркістан шаһары мен киелі қаланың маңындағы ауыл-өңірлер жөніндегі жырлардың өзі бір шоғыр. “Төрт қақпалы Түркістан тағзым”, “Түркістан ием, тарихы түпсіз тереңім”, “О, Түркістан, шапағат бер, сабыр бер”, т.б. сынды өлеңдерінде бұл тақырып кеңінен ашылып, терең қаузалады. Ол өзінің “Төрт қақпалы Түркістанға тағзым” деп аталатын өлеңінде аталмыш қаланың бабалар салған сара жолдағы орны мен маңызын айта келіп, өз ойын былайша сабақтайды:

Нұрғa шомылмaй бaбaлaр,

Жaйнaмaздaрын жaймaғaн,

Көне бір тарих aйнaлaм,

Қaрaймын-дaғы ойлaнaм.

Қaзaқтaрымның нaмысы,

Ғaсырлaр бойы сaқылдaп,

Тaйқaзaнымдa қaйнаған.

Бір шумақта ұлт тағдырының бір бөлшегі жасырынып жатқандай. Осындай өлеңдеріне қарап, біз ақынды Алаш идеясын ту еткен Мағжан ақынның ізбасары дей аламыз. 

Одан кейін араға он жыл салып, 1990 жылы “Қарашық”, содан кейін 1997 жылы “Бесіктен бейітке дейін”, одан үш жылдан соң «Сағыныш»,  «Ол көктем оралмайды» (2006ж.), «Менің Түркістаным» (2008ж.).«Ұшпақ» баспасынан (2008ж.) екі томдық таңдамалы кітаптары жарық көрген. «Қайнар» баспасынан «Ақ жаңбырлар әуені» (2010ж.), 2014 жылы «Дәстүр» баспасынан «Күреңбел» жыр жинақтары шықты.  Ақынның бұл еңбектері тек қазақ тілінде ғана емес, өзге тілдерге аударылғандығын айта кеткен жөн.  Мысалы, Қырғызстан мемлекетіндегі «Улуу Тоолор» баспасынан 2017 жылы «Гүл көктем» деген атаумен  қырғыз тіліндегі  қырғыз шайыры Марқабай Ааматовтың дегеннің аудармасымен Бішкек қаласында жарыққа шығады. Сол жылы «Күреңбел» кітабы Татарстанның «Илһам  нәшрияты» деген әйгілі баспасынан татар ақыны Рафис Құрбанның аудармасымен татар тілінде Қазан қаласында жарық көрген. ХХХVII халықаралық поэзия конгресінің төңірегіндеа моңғол тілінде «Алаш орда гэрээслэл» деген еңбегі басылып шығып, «Word poetry 2017» деп аталатын ағылшын тіліндегі антологияға өлеңдері енген.   Ал бір поэмасы мен бірқатар өлеңдері Ресейдің атақты ақыны Михаил Синельниковтің аударуымен «Семиречье» деген кітабына шыққан. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты атанған жазушы Насыр Фазылов беташар сөз жазып, Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзафар Ахматтың аудармасымен Ташкент  шаһарында «Әдебиет ұшқындары»  баспасынан 2017 жылы «Саогинич» деген  жыр кітабы өзбек оқырмандарына ұсынылды.

Сонымен қатар «Дәстүр» баспасынан  «Этнографпен әңгіме» (бірінші басылым) (2010), «Салты мықтының – халқы мықты» (екінші басылым, 2011) «Өлке» баспасынан жарық көрді. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық бірінші рет (2012), мемлекттік бағдарлама бойынша екінші рет (2013) көлемді тарихи-зерттеу еңбегі жарық көрді. 2017 жылы "Дәстүр: кеше, бүгін, ертең" атты төрт томдық кітабы шықса, 2020 жылы "Көкжиек" жыр жинағы жарық көрді . 2021 жылы «Abai»  баспасынан «Экспедициядан кейінгі өмір» атты кітабы жарық көрді.  Сондай-ақ жеке жүріп жасаған экспедициялық жорығының жемісі «Мұстафа Шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен құралған тарихи деректі фильмі еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енуі ақын үшін толағай жетістік болғаны сөзсіз. Шығармашылық жолының өмірбаяны ұлттық һәм қазақ әдебиеті энциклопедияларының парақтарында, бірашама топтама өлеңдері қазақ поэзиясының антологиясында жарық көрген. Ақын жырлары, сондай-ақ, орта мектеп оқулықтарының қазақ, өзбек тілдерінде шыққан хрестоматияларына енген. Қасымхан Бегманов бүгінгі күнде  «Қазақ әдебиеті меценаты» Қоғамдық қорының Бас директоры, республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр»  журналының бaс редакторы, «Дәстүр» баспасының президенті болып отыр.

 

Жалғасы бар

Бөлісу:

Көп оқылғандар