«МӘДЕНИЕТ: КІТАП. БІЛІМ. ТІЛ» OPENAIR фестивалі өтеді
Бөлісу:
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шара жоспарларымен бөлісті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен мереке барысында «МӘДЕНИЕТ: КІТАП. БІЛІМ. ТІЛ» OPENAIR фестивалі өтеді. Мәдениет пен өнер адамдарын, кітапхана саласында қажырлы қызмет жасап жүрген мамандарды қолдау мақсатында өткізілетін шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Оралов Асхат Раздықұлы өңірлерден келген үздік кітапхана қызметкерлері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келетін ардагер кітапханашыларды Мәдениет саласының жоғары наградаларымен марапаттайды деп жоспарлануда.
Фестиваль аясында «Кітап оқу – жетістік трамплині» атты NetWorking ұйымдастырылмақ. Оған жазушылар, журналистер, редакторлар мен кинорежиссерлер қатысады. Бағдарламада «BOOKS-TOP» кітапхана мен баспалардың көрме-жәрмеңкесі, антикварлық, қолтаңбалар және жаңа кітаптар көрмесі, Art-шеберлік сағаттары, балалар павильонында түрлі кездесулер, қойылымдар өтеді. Ашық диалогта жазушы-баспагерлер ұлттық құндылықтарды арттырудың заманауи тәсілдерін талқыға салады. Тәжірибелі тренерлер кітапханалық медиа жобалар, медиасауаттылық, мобилография және SMM-технологиялары, TikTok контенттерін әзірлеу сынды өзекті тақырыптарды қозғайды. Сала дамуына қатысты маңызды мәселелер «QUIZ» интеллектуалдық алаңында жалғасады. Өңірлерден келген кітапханашылар тәжірибелік кейстерімен бөліседі.
Фестивальге Мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, баспагерлер, қолөнер шеберлері, БАҚ өкілдері, кітапханашылар, оқырмандар қатысады.
Бөлісу: