18 мамыр – Хәкім Омар Хайям Нишапуриді ұлықтау күні

Бөлісу:

17.05.2023 1462

Аңдатпа сөз

Иранның ұлы философы, жазушысы, математик және астрономы хәкім Омар Хайям Нишапури хиджра қамари жыл санағы бойынша (х.қ.ж.с.б.) шамамен 440 жылы Нишапур қаласында дүниеге келген. Хайям өз заманының ұлы ғалымдарының бірі болып саналады. Ол Селжұқ мемлекеті тұсында өмір сүріп, өз заманында лауазым мен атаққа ие болғаны сонша, замандастары оны имам, философ және худжат-ул-хақ сияқты ұлы атақтармен мадақтаған. Оның төрт тағанды рубаиларының атақ-даңқы ақынның ой-пікірлерінің әлемдік ғылыми-философиялық ағымдарға айтарлықтай әсер етуіне себеп болды. Хайямның даңқы ақын ретінде шыққаныменен, ол шын мәнінде философ, математик, сондай-ақ, астроном болған. Селжұқ билеушісі Джалал ад-Дин Мәлік шахтың кезінде басқа ғалымдармен бірлесе отырып жасаған есептеулердің нәтижесінде Иран күнтізбесін жасады. Күнтізбе шахтың құрметіне «Джалали күнтізбесі» деп аталды. Хайямның ғылым мен философияда оны бүкіл әлемге әйгілі еткен 12 еңбегі қалды, оның ішінде ең маңыздысы – математикадағы өз түріндегі ең үздік еңбек саналатын «Алгебра» кітабы. Омар Хайямның қайтыс болған жылы хижра бойынша 517-520 жылдары аралығында деп есептеледі. Иранның ұлттық күнтізбесінде 18 мамыр Хайямның туған күніне орай «Хайям күні» деп аталады.

Хәкім Омар Хайям Нишапуридің өмірбаяны

Хайям Нишапури х.қ.ж.с.б. бесінші ғасырда Нишапур қаласында, Селжұқ түріктері Ұлы Хорасанға үстемдік құрған заманда дүние есігін ашты. Оның толық аты-жөні – Ғийас әд-Дін Әбу-л-Фатх Омар ибн Ибраһим әл-һайям. Хайям фиқһ және әдеп негіздерін үйренуге қызығушылық танытты. Ол туған жерінде ғылым үйреніп, сол қаланың көрнекті ғалымдары мен ұстаздарынан, соның ішінде, Имам Мувафеқ Нишапуриден өз заманының ғылымдарын үйренді. Фиқһ қағидалары Хайям Нишапуриге аздық етіп, философия туралы мағлұмат алуды ұйғарды. Айтуларға қарағанда, философия мен математиканы игерген кезде өте жас еді. Біраз уақыттан кейін тәпсір, хикмет, хадис және астрономия саласындағы оқуын тәмамдайды. Осы себепті бүгінде Хайям «бәрін білуші» ретінде танымал. Өйткені ол сол кездегі көптеген атақты ғылымдарды жетік меңгеріп қана қоймай, философияны парсы тілінде емес, грек тілінде оқыған.

Хайям Нишапуридің астрономия саласында әртүрлі мәліметтері бар екенін ескеріп, Селжұқ дәуірінің патшасы, атап айтқанда, Джалал ад-Дин Мәлік шах ақыннан Исфахан обсерваториясын басқару және бақылау үшін сол қалаға баруын өтінеді. Осылайша, патша Джалал ад-Дин Мәлік шахтың уәзірі, яғни Низам әл-Мулк, Хайям Нишапуриге хат жібереді. Хайям бұл өтінішке келісіп, обсерваторияны басқару үшін Исфаханға аттанып, сол қалада 18 жылдай өмір сүрді.

Мәлік шах қайтыс болғаннан кейін, Хайям Селжұқтардың жаңа астанасы Мервте қалу ниетімен Исфаханнан қоныс аударады. Ол өмірінің қалған бөлігін Хорасанның маңызды қалаларында, әсіресе Нишапур мен Мервте өткізді. Ол кезде Мерв әлемдегі көптеген ғалымдар бас қосқан ең маңызды ғылыми және мәдени орталықтардың бірі болып саналды. Хайямның ғылыми жұмыстарының басым бөлігі Исфаханнан оралғаннан кейін осы қалада жазылды. 

Ақыры х.қ.ж.с.б. 517-520 жылдары арасында ұлы ақын Нишапур қаласында көз жұмды. Хайямның қабірі қазір сол қаладағы керемет бақта орналасқан. Хайямның өліміне қатысты бір қызық жайт: ақын өзінің жерленетін жерін алдын-ала болжап айтқан. Хайямның замандасы Низами Арузи ақынмен кездесуі кезінде айтылған бұл болжамды былайша жеткізеді: «Менің қабірім әр көктемде самал жел маған гүл жаудыртатын жерде орналасады». Хәкім қайтыс болғаннан кейін төрт жылдан соң Низами Әрузи Нишапур қаласына барып, осы ұлы ақынның қабірін зиярат етеді. Бір таңғалғаны, қабірінің дәл өзі болжаған жерде орналасқанын көреді.

Хайямның еңбектері

Хайям көптеген ғылыми және әдеби еңбектер жазып, әртүрлі салаларда, соның ішінде математика, астрономия, музыка, әдебиет және философияда маңызды жетістіктерге жетті. Оның ең көрнекті жұмыстарының бірі Селжұқ Мәлік шахтың тұсында болған Хожа Низам әл-Мүлктің қызметі кезінде ирандық хронологиялық есептеулерді ұйымдастыру және қадағалау болды. Бұл салада Хайямға жатқызылған есептеулер әлі де жоғары дәлдікке ие және оның дәлдігі Григориан күнтізбесінен әлдеқайда жоғары. Ол күнтізбе жасау бойынша түрлі жұмыстар атқарды. Ол тек астрономияда ғана емес, астрология саласында да бірегей жетістіктерге қол жеткізді. Ол Жердің Күнді орбита бойымен айналуын 16 ондық бөлшекке дейін есептей алды. Хайям астрономия саласындағы зерттеулері мен жұмыстарын маңызды кітаптар ретінде жазып қалдырды. Хайям Нишапуридің кубтық теңдеулерді шешудегі рөлі және Евклидтің бесінші принципі бойынша зерттеулері оның ғылым тарихындағы көрнекті математик ретіндегі есімін мәңгілікке қалдырды. Евклид теориясына баламалы қатынас теориясын ойлап табу да оның маңызды еңбектерінің бірі болып саналады. 

«Наурызнама» (парсы патшаларының салт-жорасы) – хәкім Омар Хайямның әдеби және прозалық шығармаларының бірі. Хайям «Наурызнама» кітабында Наурыз мерекесі мен Наурыз ғұрыптарының пайда болуы туралы жазған. Бұл кітап х.қ.ж.с.б. V ғасыр стилінде жазылып, мифологияға негізделген. Бұл кітаптың екі қолжазбасы сақталған. Хайямның сақталып қалған философиялық еңбектері бірнеше қысқа, бірақ терең әрі мағыналы трактаттармен шектеледі. Хайямның соңғы философиялық трактаты оған сопылық ойлардың ықпал еткенін көрсетеді. Хайям Нишапури музыка саласында да қызықты жетістіктерге жетіп, бұл өнерді математикамен ұштастырған. Шындығында, Хайям зерттеген ғылым – музыканың математикасы болды.

Хайямның рубаилары

Хайям поэзиясы рубаи қалыбында жазылған. Хайямның рубаилары мен әдеби шығармалары әр адамға таныс. Хайям Нишапури поэзияда өз стилін қолданып, өлеңдері мен рубаяттарын жазу үшін басқа ақындардан шабыт алмаған. Өз өлеңдерін табиғи әрі қарапайым тілмен жеткізуге тырысты. Хайямның өлеңдерінен түрлі ғылыми ойларды көруге болады. Мысалы, Хайямның рубаяттарында философияж мен астрономияға қатысты тұстарды аңғаруға болады. Ол бір өлеңінде Жердің, бүкіл дүниенің айналатынын айтады:

این چرخِ فلک که ما در او حِیرانیم    

        فانوسِ خیال از او مثالی دانیم

خورشید چراغ‌دان و عالم فانوس       

ما چون صُوَریم کَاندر او حیرانیم 

(Біздің санамыз бен жалпы болмыс туралы түсінігіміз Күннің сәулесімен салыстырғандағы шамның жарығындай, бұл болмыс туралы түсінігіміздің тарлығы адасуларымызға себеп болады)

Хайям рубаяттарының негізгі мазмұны – күмән мен таңданыс, өлім мен пәнилік ғұмыр, адам өмірінің маңыздылығы туралы ескерту. Хайямның қысқа да қарапайым өлеңдерінде терең философиялық мағыналар жатыр. Ойшылдың  рубаилары оның жаратылыстың ұлы сыр-құпияларына қатысты ой толғауларының нәтижесі болып табылады. 

Садеқ Хедаят «Хайям жырлары» кітабында ақынның рубаяттарын тақырыптарға жіктеп, әр тақырыптың астына тиісті рубаиларды топтастырған. Кітапта келтірілген тақырыптар қатарына: жаратылыстың сыры, өмірдің азабы, тағдыр, уақыт ағымы және т.б. жатады.  

Кейбір парсы ғалымдары Хайям өз өлеңдерінде дүниенің өткінші және адамның өмірдегі уақытша болмысының тұрақсыз екенін бейнелейді деп есептейді. Мысалы, ол мына рубаиде былай дейді: «Сіз бұл екі есікті үйде бірнеше күн тұрмайсыз, уақытты бағалап, мүмкіндіктерді пайдаланып, бақытты өмір сүріңіз».

گر یک نَفَست به زندگانی گذرد          مگذار که جز به شادمانی گذرد

هُشدار که سرمایه سودای جهان          عمر است چنان کش گذرانی گذرد

Хайямның әлемдік даңқы

Әдебиет пен поэзия саласында Хайям Нишапури көбінесе өзінің рубаяттарымен танымал болды. Хайямның дүниежүзілік деңгейде танылуы ақынның өлеңдерін Эдвард Фицджеральд аударғаннан кейін орын алды. Ол Хайямның есімін Гомер, Шекспир, Данте және Гете сынды әлемнің төрт ұлы ақынының қатарына қойды. Хайямның Марк Твеннен бастап, Томас Стернз Элиотқа дейінгі Батыс әдебиетіне ықпалы оны Шығыс философиясының символы және әлем зиялылары арасында танымал ақын етті. Фицджеральдтан кейін француздар да Хайямды оның рубаиларын аудару арқылы батыс әлеміне танытуда үлесін қосты. 1875 жылы атақты француз шығыстанушысы Гарсен-де-Тасси Хайямның 10 рубаятын Францияға апарса, 1867 жылы Францияның Рашттағы елшілігінің консулы Николас рубаидің алғашқы аудармасын Францияға ұсынды. Андре Жиде де Хайямның рубаиларымен Фицджеральд аудармасы арқылы танысып, Хайям өлеңдернің кейбір тұжырымдарын оның «Жер материалдары» кітабынан аңғаруға болады. Хайямды аударып, оның Иран шекарасынан тыс жерлерде танымал болуына септігін тигізген басқа ойшылдардың қатарынан Артур Кристенсенді де атап өтуге болады. Ол Хайямның шынайы рубаяттарын жалғандарынан ажыратуға күш салды. 1897 жылы Санкт-Петербург университетінің парсы тілі профессоры Жуковский «Омар Хайям және «кезбе» рубаилар» атты маңызды, дәлелді және ғылыми мақала жазды. Хайямның рубаяттарын аударған тағы бір ағылшын жазушысы және ойшылы Эдвард Херон-Алленді айтуға болады. 

Иран 2009 жылдың маусым айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Венадағы кеңсесіне ғимараттың бейбіт ғылыми жетістіктерінің белгісі ретінде, Ахеменидтік және исламдық сәулет өнерінің үлгісімен жасалған төртбағанды ескерткішті сыйға тартты. Ескерткіш негізгі кіреберістің оң жағында орналасқан. Бұл ескерткіште Иранның төрт философы – Омар Хайям, Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Бәкір Мұхаммед Закария әл-Рази және Әбу Әли ибн Синаның мүсіндері бар. 

Сондай-ақ, 2016 жылдың наурыз айында АҚШ-ның Оклахома университетінде Иранның халықаралық мәдениет қауымдастығы директорының бастамасымен және Иран мәдениеті мен өнерін сүйер қауымның қатысуымен профессор Хосейн Фахими жасаған Хайям Нишапуридің мүсінінің ашылу салтанаты өтті.

Әли Акбар Талеби Матин 

ИИР-ның ҚР-дағы елшілігінің

мәдени істер жөніндегі кеңесшісі 

Бөлісу:

Көп оқылғандар