«Ақбілек» романы – қазақ әдебиетінің ренессанс кезеңінің көрінісі

Бөлісу:

23.05.2023 10268

Жазушы, драматург, аудармашы, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы көркемдігі мен қозғаған тақырыбы тұрғысынан қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Зерттеушілер арасында қазақ әдебиетіндегі психологизм амалдары белсенді қолданылған алғашқы психологиялық роман ретінде танылған. «Ақбілек» романы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік, тарихи панорамасын әр қырынан көрсеткен шығарма деп бағалауымызға болады. Роман оқиғаларынан әртүрлі әлеуметтік, мәдени, саяси өзгерістердің, саясаттың әсерінен, отаршылықтың зардабынан пайда болған әлсіз адамдардың, әйел жынысының зорлық көруі, өзара сатқындықтар, жалған куәлік беру, халық құқығының қорғалмауы, білімге қолжетімсіздік, мәдени дамудың жетілмеуі сынды қоғамдық құлдырауды байқаймыз. 

Ж. Аймауытов ХХ ғасырдың басындағы күрделі саяси, әлеуметтік оқиғаларды жазуда неліктен психологизм формаларын белсенді қолданды деген сауал туады. Әрине, бұған бірінші кезекте «Психология» еңбегін жазуы себеп болуы мүмкін. Өйткені ақ әскерлердің жергілікті халыққа әлімжеттік күш көрсеткен оқиғаларын бедерлегенде психологизм амалдары белсенді түрде қолданылған. Сонымен қатар, жазушы осы роман арқылы қазақ мәдениетінде әйелдің ар-намысы, ұяты әрқашан қорғалған және қорғалуы тиіс құндылық ретінде көрсеткен. Он бес жасар Ақбілектің абыройын ақ әскерлердің таптауы жас қыздың өзін және ауылдастарын, отбасын қаттырақ күйзелтеді. Ақбілек ақ әскерлердің қасында бірнеше күн жыныстық құлдықта болып, ауылына қайтып келе жатқанда өзінен және ағаларынан, әкесінен ұялуы, намыстануы – әйел абыройын қорғау – қазақ мәдениетіндегі транцендентті мәдени-ұлттық құндылық болғанын білдіреді. «Осы арам деміммен, арам аузыммен әкемнің иманды жүзіне қалай жақындармын, қайтіп оны да арамдармын? Құдайдан қорықпай, оның құтты қадам мешіттей үйіне қалай кіремін. ... Мені көргенде, «пәленшенің орыс бүлдіріп... кеткен қызы» деп, кім көрінген ішінен ойлап тұрады-ау!» деген Ақбілектің монологымен беріледі. Десе де, мұнда өзге факторларды ескермей, әйел адамды жазғыру көзқарасы басым екені де білінеді. Бұл бір ғана Ақбілектің емес, сол кездегі қоғамның көзқарасын көрсетуі мүмкін. Он бес жасар қыз осындай ойлардың бұғауында қалып, әскерлер жаралаған жанын арықарай өзі жаралай түседі. Ауылына келе жатып, тіпті, өзіне әртүрлі жолмен (мінген аты омақаса құлап қалса немесе жер жұтып кетсе әлде албасты тұншықтырса, т.б.) өлім келгенін тілейді. Басындағы жағдайдан құтылу үшін, тіпті, өткендегі әскерлер қайта алып кетсе келісуге бар. Ақбілек зорланған күндерден кейін оның бұл қиналысын түсінуге тырысқан (тырысқан сөзін арнайы қолданып отырмыз) өзін ұнатқан жігіт Бекболат болады. Мұны ол «Бірақ Құдайшылыққа келгенде, Ақбілек сорлыда не жазық бар? Өз еркімен барған емес, тағдырдың кермесіне кез келді» деген ішкі ойы арқылы білдіреді. Бірақ романның кейінгі бөлімдерінде Ақбілектің болашақ жары мүлде басқа адам болып шығады. Роман финалы неліктен бұлай күрт өзгерді? Мұнда автор саналы түрде (оқырманның болжаған шешімі мен автор шешімі сәйкес келмей қалады) Ақбілекті Балташ есімді оқыған кейіпкермен табыстырады. Өйткені, Жүсіпбектің ойынша, қазақтың болашағы – оқығандардың қолында болмақ. Романның соңғы бөлімдерінде оқиғалар күтпеген тұстан басқа арнаға бұрылып, Ақбілек те білім алып, оқыған азаматтар арасына араласа бастайды. 

Образ сомдаудағы психологизм амалдары

Пейзаж. «Ақбілек» романында ақындық прозаның элементтері және назар аударарлықтай әдеби амалдар романның бірінші, екінші бөлімінде көп кездеседі. Мысалы, роман басталған тұста «... күн күзеткен Күршім бар»; «... төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны» деген жолдармен бедерленеді. Қазақ әдебиетінде Абайдан келе жатқан табиғатқа жан бітіру – кейіптеу әдісі бұл романда да қолданыс тапқан. «Мамырласып жату» тіркесі де Жүсіпбекке ғана тән айтылымдай көрінеді. 

Сонымен қатар, өткен мақаламыздың бірінде Алаш әдебиетінде сахара даланың әсем табиғаты ерекше бедерленгенін де атап өткен едік. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиетті оқыған оқырман табиғаттың әдемілігін тұтас санасына көшіру арқылы рухани тазару үдерісін – катарсисті бастан өткізеді. «Ақбілек» оқыған оқырманның ішкі әлемінде Алтай тауы, Марқакөл көлі, Ертіс пен Күршім өзендерінің пейзажы арқылы табиғаттың поэтикалық моделі қалыптанады. Жүсіпбек Марқакөлдің табиғатын суреттегенде ирреалды кеңістік орнатады. Жүсіпбек – ақындыққа, табиғатқа, сұлулыққа, жайлауға ғашық. Марқакөлдің пейзажын оқығанда қабылдаушы сана роман емес, поэзия оқып отырғандай күйге енеді. Жүсіпбек Алтай, Марқакөл пейзажын романға оқырман назарын аудартудың әдісі ретінде де қолданғандай көрінеді. «... Бар, қараңдар, құлағың сал!» деп, автор пейзаждан кейін әңгімелеуге кіріседі. Пейзаж шығармаға пролог іспетті бөлік ретінде қолданылған. Роман басында табиғат-анаға ғашық автор образын байқауымыздың өзіндік себебі де бар көрінеді. Кейбір естелік-зерттеуде Ж. Аймауытов 1921-1923 жылдары Күршім мен Алтай аймағына саяхатқа шыққанда «Ақбілек» романының жазылғаны айтылған (Есқалиұлы Ә. «Ақбілек» романының жазылған жері туралы. URL:  https://pushkinlibrary.kz). Автордың ғажап табиғатты көргендегі алғашқы әсері романның бас жағында табиғат пейзажын бедерлегенде айқын байқалады. 

Романда пейзаждың ғажап бөлігін Ақбілекті үш ақ әскер зорлықпен ұрлап әкетіп, бірнеше күннен кейін амалсыз босатқанда жапанда жалғыз қалған Ақбілек табиғат-анамен тілдескен сәтінде байқаймыз. Сол мезеттерде оның жараланған жанын, тапталған намысын жеткізгендегі зарын тыңдайтын табиғат болады. Тіпті, Ақбілектің менталды, эмоционалды тұрғыда шеккен зардабын, жалғыз қалған, құқығы тапталғандағы шарасыздығын табиғат та тыңдауға қауқарсыз еді. «Ой, мейірімсіз шіркіндер-ай! Сендердің тілдеріңді Алтайдың жаралы аруы білмейді ғой! Сендердің қас-қабағыңа қараймын, сендерге еркелеймін деп есіл сұлу мұндай күйге ұшырады ғой!». Бұл үзіндіде табиғат пен адам арасында метатіл – өзара үнсіздік қана үдеріске енеді. 

Романның бірінші, екінші және соңғы бөлімі өте жеңіл оқылады. Автор оқырманның оқуына жеңіл, ұғынықты сөйлемдермен жеткізеді. Әрине, бұл – автордың стилі. Дегенмен, Мамырбайдың екінші әйел алу мәселесін шешу үшін басқа ауылға аттануын, Өрікке үйленуін, малшы бала ауруға ұшырап, қаза табатын бөлімдер басқа бөлімдер сынды жеңіл оқылмайды және өте күрделі сөйлемдермен де берілмеген. Осы бөлімдер қарабайыр жазылғандай көрінеді. Роман композициясында ала-құлалық кездеседі. Осы аралықтарда аздаған стильдік өзгерістерді байқауға да болады, яғни кейбір бөлімде жазу мәнері басқаша. «Ақбілек» романының көркемдік тілі – образды кестелердің қоймасы екенін айттық, сонымен қатар, шығарма таза, табиғи қазақ тілімен жазылған. 

«Ақбілек» романын зерттеушілер қазақ әдебиетіндегі алғашқы психологиялық туынды ретінде таныды және бұл жайында көптеген зерттеулер жазылды. Автор көркем психологизмнің әртүрлі амалдарын пайдалану арқылы қолға түсіру үшін үш орыс жетіп келгенде апанда тығылып отырған басты кейіпкер Ақбілектің ішкі қорқынышын ашуға тырысады. «Ақбілектің жүрегі зырқ ете түсті. ... Жүрегінің дүрсілі болғай еді деп, қолын кеудесіне басып еді. Тас, тас емес-ау, темір емес – ажал шықыр еткендей, құйқа тамыры шықыр етті»; «Апан көр сияқты» сынды психологиялық баяндау және бедерлеумен: апанның терең әрі қараңғылығы ассоциацияланып, үш зорлықшыл адамнан апанда тығылып отырған Ақбілектің қорқынышын жазушы сенімді көрсеткен. Жер астының тар кеңістігі қорқыныш тудыратын деталь ретінде (апан) Ә. Кекілбаевтың «Шыңырау» повесіне де және осы романға да сәтті кірістірілген. Адам бойындағы қорқыныш жалғыз қалғанда және қараңғы кеңістікте – әдеттегі күйден басқа күйге, жаңа ортаға тап болғанда алғышқыда қорқыныш сезімі бой көтереді. 

Адам бойындағы қорқыныш сезімі жалғыз қалғанда ояна бастайтынын айттық. Автор да бұл сезімді Ақбілекті жалғыз қалдыру шешімі арқылы көрсетеді. Ақ әскерлер басқа соғысқа аттанғанда Ақбілекті жапан далада қостың ішінде түн қараңғысында жалғыз қалдыруға мәжбүр болады. Материалы берік жасалмаған қоста Ақбілектің қорқыныш сезімдері ұлғая бастайды. Орман жақтан азулы аңдардың елесі пайда болады; қараңдаған бір аң шөп сыбдырлатып, тіміскіленіп жүргендей елестейді; көзіне қос көрінеді; отты, дөңгелек екі көз көрінеді, қараңғылыққа қайта көз салғанда екі көз төртеу болады; әп-сәтте қызыл көздер көбейіп, қараңғы түн қызыл көзге толып кетеді. Ақбілек түн емес, жалындаған отты, қызыл көздердің ортасында қалады. Елестердің бәрі қосылып, азулы қасқырға айналып, бір кезде қостың ішінде пайда болады. Ақбілек қолындағы ағашымен енді қасқырмен айқасады, өзара қырғын арпалыс басталады. Алайда мұның бәрі қорқыныштан туған елес еді. Сондағы Ақбілек пен елес-қасқыр арасындағы арпаласты жылт еткен нәрсе тоқтатады. Бұл – от болады. Автор осы тұста адаммен қатар, аңның да қорқынышы болатынын меңзегендей. Қасқыр табиғатынан жылтыраған оттан қорқатыны белгілі. Автор осы тұста екі тіршілік иесіне қорқыныш тудыратын деректі және дерексіз затты сәтті, үйлестіре және салыстыру арқылы көрсетеді. Сонда адамды қараңғы кеңістікте және жалғыз қалғанда қорқыныш сезімі билейді, ал аң(дар) керісінше жарықтан қорқады. Адамға тіршілігінде жарық және от аса маңызды болса, аңдарға жортуға, жемтігін табуға түн ыңғайлы. Автор «От сөніп қалса, Ақбілектің өмірі де сөнетін еді» дейді. От – адам өмірінің символы іспетті. От бар жерде адам да өмір сүреді. Мұндай дүниетаным түркітілдес халықтардың мәдениетінде байырғы замандарда орныққаны белгілі. От Ақбілек өмірін қасқырдан құтқарумен қатар, жан-дүниесіне нұр кіргізеді. Әйел адам қорқынышынан, одан бөлек ақ әскерлердің зорлығынан құтылып, еркіндігімен қауышады. Еркіндік сезімін мөлдір аспан мен табиғат-ана сыйлайды. 

Романда тағы бір ескерілетін нәрсе, егер автор Ақбілек арпалысқан қасқырды елес кейпінде шығармаға ендірмей, тірі аң ретінде суреттесе, онда сенімсіз шығар еді. Өйткені, нәзік, ерке Ақбілек қолындағы бір ағашымен қасқырды жеңуі оқырманға шынайы көрінбеуі мүмкін. 

Психологиялық баяндау. Романда автор отаршылдық, әлеуметтік теңсіздік тақырыптарын көтеруде кейіпкерлер психологиясын суреттеуге жіті назар аударады. Психологизмнің аналитикалық амалдары арқылы орыс офицердің өзін Ақбілекке зорлық көрсеткен күш деп қарамай, оның адам ретіндегі ішкі нәпсілік тілек-қалауын көрсетуге тырысады. Әсіресе, Ақбілекті зорлықпен ақ әскерлер өздері жасырынып жатқан жерге әкелгенде үш орыстың бірі – Ақбілекке ерекше құмартқан қара мұрт әскерге қатысты «Көп күліп жатқанда біреу сазарып отырса, оның жаны жұмбақ қой» деп баяндалады. Осы «жұмбақтық» Ақбілектің де назарын аудартады. Қара мұрт орыс Ақбілекті қалған зорлықшыл серіктестерінен құтқарады. Демек, автор кез келген адамның бойындағы махаббат пен жанашырлық сезімі ұлтына қарап бөлінбейтін қасиетін меңзейді. Алты орыстың ішінде қара мұрт әскердің Ақбілекке махаббаты оянады. Құшқысы келген қара мұрт әскердің алдында Ақбілек қарсылық көрсетпей, қалауын үнсіздігімен білдіреді. Алайда бастапқыда қара мұрт әскердің Ақбілекке деген махаббаты мен жанашырлығы шынайы көрінгендей болғанымен, кейіннен оның құмарлық, өзімшілдік пен қызғаныштан туған сезім екені байқалып қалады. Өйткені ақ әскерлер соғысуға аттанарда қара мұрт әскер Ақбілекте өзінен кейін басқа ер адамға қимай, атып өлтіріп кетуге бел байлайды. Ақбілек жанталаса тірі қалдыруын өтінгені үшін тірі қалады. 

Персоносфера және өзімшілдік пен қызғаныштан туған жабайы сезім. «Ақбілек» романында әйелзатының ішінде Ақбілектен басқа, Мұқаштың әйелі ретінде кескінделген Алтынай – кедей таптан шыққан өжет, отбасына қамқор, еңбекқор, өмірсүйгіш, сергек әйел. Бұл образ арқылы романға социалистік реализм әдісінің де әсері болғанын байқаймыз. Мұқаш та бай таптың малын баққан, кейіннен орыс тілін үйреніп, пароходта жұмыс істеп, өзін жетілдірген және байларға қарсы күреске шыққан Кеңес одағының типтік кейіпкері. 

Жазушы Ақбілектің ағасына өштесіп, қарындасын орыстарға ұстап берген сатқындығын Мұқашқа іштей мойындатып, өкінетін сәтін де әңгімелейді. Бірақ Мұқаш бай отбасына өштігін жеңе алмай, сатқындығын тыюға күш-жігері жетпейді. Мұқаш образы арқылы автор сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы өзара сатқындықтың ұлғаюын, әсіресе, байларды ұстап беру саясаты белең алғанын көрсетеді.

Жазушы Ақбілек образын психологизм әдістерімен кескіндеу арқылы мәдениеттер арасындағы алшақтықты немесе ерекшелікті көрсетті. Ер мен әйел арасындағы сезім әрекеттерінің әртүрлілігі: мысалы, қара мұрт орыстың әйел адам тәнін құшу әрекеті (балтырынан сүюі, т.б.) Ақбілекке оғаш көрінеді. Бұл ХХ ғасыр басындағы әйел адамның ұлттық қабылдау ерекшелігін көрсетеді. Алайда қара мұрт әскердің тасқындаған құмарлық сезімі арықарай шынайы жанашырлыққа, Ақбілекті өз еркімен босату туралы шешімге ұласпайды. Жоғарыда айтқанымыздай, қара мұрт орыстың құмарлығы махаббат емес, қасындағы серіктестерінен қызғаныш пен өзімшілдіктен туған құмарлық болатын. Ақбілек әскерлер басқа соғысқа кететіндіктен ғана амалсыз жапан даланың қараңғы түнінде жалғыз қалуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, Ақбілекті ақ әскерлер ұрлап әкеткеннен кейін қыздың жағдайын, есімін ауылдастары, оның ішінде туыс-туғаны, көршілері ауызға алудың өзін намыс көреді. Өйткені, олардың ойынша Ақбілек әйелдік абыройынан, намысынан айырылды. Бұл тұста қорғансыз, құқығы тапталған, күштердің басымдығын көрген және ұрланған әйел екені еске алынбайды. Бастапқыда Ақбілекті әкесі Мамырбай үнсіз мүжіліп, уайымдағандай көрінгенімен, қызы орыстан бала туғанда одан теріс айналады. «Ақбілек» романының әлем әдебиетінде Ги де Мопассанның «Томпыш» повесімен де үндесетін тұстарын байқауға болады. Томпыш басқа қалаға аттанып бара жатқанда серіктері оның жезөкшелігін сөз еткенімен, азық-түлігін жеуден бас тартпаған еді. Яғни, мұнда Ақбілек пен Томпыш намысы тапталғаны үшін ортасының әңгімесіне айналады. 

Оқырман есінде қалатын кейіпкерлер: Ақбілек, Мамырбай, Бекболат және Мұқаш деп есептеуге болады. 

Романның бірінші бөлімінде Ақбілек, Бекболат, дуана, офицер, Мамырбай, Мұқаш образдары бедерленсе, екінші бөлімде Ықаң, Тыпаң, Жылтыр, Доға, Жорғабек, Балташ сынды кейіпкерлер арқылы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы бірлігі әлсіз, өзімшіл, қызметқұмар, сатқындық, пролетариат, асыра сілтеу саясаты арқылы байларды тонау, саясаттан қорқатын, бір-бірін ұстап беретін қоғамның бейнесін береді. Тіпті, «Ақбілек» романын сол қоғамның әртүрлі ақпараты таңбаланған, енген энциклопедия деп санауға болады. Әртүрлі көзқарастағы (кертартпа (Тыпаң), жаңашыл (Балташ, Ақбілек, т.б.), пікірін жасырын ұстайтын (Төлеген), орысша оқып өз мәдениетінен жырақтап қалған мәңгүрт (Ықаң), толыққанды коммунист (Ақбала, Балташ), т.б.) кейіпкерлерді мүсіндеу арқылы Жүсіпбек әдебиетте шебер жазушы ретінде танылды. Романды оқып отырып, Жүсіпбек ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін осы шығармасы арқылы қайт жаңғыртқан бірден бір қаламгер деп бағаладық. Автор қоғамның мұндай сипатын оқырманға сенімді және шынайы жеткізу үшін Бекболатқа аталған кейіпкерлердің мәселелерді талқылауын бөлме сыртынан тыңдатады да, үшінші жақтан баяндайды. Бұл деталь шын мәнінде оқырман сенімін күшейтеді. 

Романның үшінші бөлімінде Ақбілек сынды әкесі Мамырбай да жалғыздықты сезіне бастайды. Ақбілектің бойында қара мұртты орыстың қолына түскеннен кейін ер адамға деген тартылыс күшейеді. Сол тартылыс бұрынғы жігіті Бекболатпен кездесуіне түрткі болады. Ал Мамырбай екінші әйел алатыны туралы әңгіме қозғалғаннан кейін атышулы оқиға өткеннен бері сөйлеспей жүрген қызы Ақбілекпен әңгімелесе бастайды. Мұнда оның Ақбілекпен сөйлесе бастауына қызына деген кешірімі емес, жалғыздық проблемасын шешуге жасалып жатқан алғашқы қадамдар себеп болады. Демек, жазушының ойынша, адамның екінші жартысы табылғанда бақытты сәттерді бастан өткізеді. Ақбілек Бекболатпен бірге болатыны және әкесі Мамырбай екінші әйелмен бас қосатыны туралы шешімдер олардың өміріне жаңа мән кіргізеді. Мұны романның төртінші бөлімінде Кәмилә мен Ақбілектің диалогы арқылы «Тіршіліктің сәні де құмарлықта» деген көзқарасымен де байқатады. 

«Ақбілек» романындағы отаршылдық көрінісі және символика

Бұл романнан отаршылдықтың көрінісі де айқын байқалады. Қазақ жерін отарлаудың бірнеше кезеңдерінде халық көптеген зардабын тартты. Соның бірі – халықтың өз құқығын қорғай алмауы. Әсіресе, әйелдер зорлықтың құрбанына айналған оқиғалар тарихи қазақ романының оқиғасына айналды. Мысалы, Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай!» романында қазақ әйелінің өзі және ұрпағы да зорлықтың құрбанына айналғаны баяндалған. Бұл романдағы символиканың бірі – Ақбілектің өзінің намысын таптаған, отарлық жасаған ел өкілінің ұрпағын өрбітуі. Босанғанда Ақбілек өз баласынан бас тартқанымен, автор оны тірі қалдыруға шешім шығарады. Мұнда автор астарлап жеткізгісі келген ірі мән-мазмұн жатыр. 

«Ақбілек» романында байдың ерке қызы – еркіндіктің символы Ақбілек отаршылдық саясаттың құрбанына айналды, яғни зорланды. Қызын зорлықтан қорғаған анасы да құрбан болды. Екі әйел зорлыққа қарсы намысын қорғау үшін күресті. Бірақ екеуі де жеңілді. Тарихымызда әйел қауымы қорғансыз топқа айналды. Бұл жағдай романда Ақбілекке ғашық Бекболаттың өзін бірінші жақтан портреттегеннен кейінгі сөзімен беріледі. «Есіл жарым, екі көзің жаудырап, орысқа қор боп кеттің-ау! Жұртым-ау, менде не жазық бар? Кеудеде шыбындарың болса, неге қимылдамайсыңдар?» деген жалпы жұртқа қарата айтылған арнауы арқылы жеткізілген. Нақтырақ айтқанда, Ақбілек патшалық Ресей құлағаннан кейін қызыл әскерден қашып, қазақ даласында – Алтайда тығылып жүрген ақ әскерлердің қолына түседі. 

Отаршылдық көрінісін автор Ақбілектің монологы арқылы да береді. Ақ әскерлерден құтылып, өз елімен – ауылымен қауышуға асығып келе жатқанда өзен бойындағы бұрынғы ауылдардың басқа жаққа қоныс аударғанын байқайды. «Мынау – өзен. Өзен бойындағы ел қайда? ... Ойбай-ау, жақын жердегі ел шаттағы орыстардан босып кеткен екен ғой. Маңайды жын ұрғандай қылды ғой! Мал-жанында билік қалды ма?.. Талай қызы мен сияқты соры қайнады ғой. ... Орыс шіркін адамды аямайды екен ғой». Жазушы сол қорлықтарды басынан өткізген, көзбен көрген кейіпкері Ақбілек арқылы жеткізеді. Қайтарда жол бойы қыбырлаған, тықыр еткен дыбыстың бәрі Ақбілекке ақ әскер болып елестейді. Адам неден қорықса, сол нәрсе жалғыз қалғанда қорқыныш тудыратын елеске айналатыны белгілі екен. Ақбілекке елестеген аңдар мен ақ әскер еді. Автор Ақбілегі монологына «Орыс болса, бәрібір құтыла алмайсың, жан-жағым жалтаң, неде болса көрейін» деп, әнтек отырған соң ептеп көтеріліп сығалады» деген сөйлем ендіреді. Бұл тек сол кездегі жағдайды ғана емес, жалпы тарихты меңзеген мәлімдеме болуы мүмкін. Бұтаның арасынан шошаң еткен нәрсе кең далада жүрген дуана болатын. 

Құс пен дуанада әрқашан еркіндік бар. Өйткені, Іскендір дуана Өскемен, Бурабай, Семей атырабын жалаң аяқ, еркін шарлаған. «Іскендірде үй жоқ. Кез келген үй – оған үй. Тау-тас, сай-сала, ескі мола – бәрі оған үй. Онда ел де жоқ. Оның елі – дүйім қазақ». Дуананың еркіндігі арқылы кең далаға қоныс тепкен қазақтың кез келген адамға жанашыр мінезін меңзейді. Романда ең әсерлі бедерленген кейіпкер – дуана. Жоғарыда айтқанымыздай дуана образы – жағымды мағынадағы еркіндіктің, әділеттіліктің, қанағатшылдықтың символы. Болашағын ойлап, уайымға батпайтын, жеке құлқы үшін айналасына зарар бермейтін, дүние жинау қайғысына берілмейтін, барға қанағат ететін кейіпкер. Дуана әрбір адамды адам болғаны үшін құрметтейді және балаларды қаттырақ жақсы көреді. Дуананың атпен жарысқан кездері де болған. Оған әрқашан «Құдай қуат береді». 

Дуана – қоғам назар аудармайтын, оны адам ретінде білуге, түсінуге тырыспайтын кейіпкер. Бұл қоғам(да)нан қорғансыз да, әлсіз де, аласталған да адам емес, ең бастысы, өзіне еркіндік берген адам. «Ел тек оны: «дуана, дуана» дейді, «бір алуан адам» дейді». Бірақ намысы бүлінгені үшін өз ортасы ауызға алуға қимайтын Ақбілекке дуана ғана кең құшағын ашады. Дуана образынан романтизм сарындарын да байқамыз. В. Гюгоның Жан Вальжан есімді кейіпкеріндей дуана образы да романтикалық сарынмен суреттелген. Ақ әскердің қолынан қаза тапқан Ақбілектің анасының орнын сол сәтте дуана алмастырады. 

Екінші деңгейдегі мәтін. Автор роман мәтініне екінші деңгейдегі тағы бір мәтін ендіреді. Бұл – теңеу, яғни, Ақбілек ақ әскерлерден қалай қорлық көрсе, торғай да жыланның жемтігіне айналуға шақ қалған қалатын сәт еді. Ақбілек ауылымен қауышуға келе жатып, жол бойында шырылдап тұрған торғайды жыланды өлтіру арқылы құтқарады. Құс – қара күштің алдында әлсіз болғанымен, аспанды еркін шарлайтын жаратылыс әрі еркіндіктің символы. Бұл символ көп шығармада поэтикалық қызмет атқарады. Мысалы, С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасында жау қолына түскен қалмақ қызы өткен тағдырын осындай әдіспен меңзеген болатын. 

Қорыта келгенде, «Ақбілек» романы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік, мәдени және саяси қалыптасуларды шынайы көрсетуде әртүрлі символдар мен психологизм амалдары шеберлікпен қолданылған әрі кейіпкерлерінің бір бөлігі қазақ әдебиетінде инвариант образдарға айналған туынды деп есептейміз. Бұл роман қазақ әдебиетін ренессанс кезеңіне жеткізген шығарма деп бағаласақ артықтық етпейді. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар