«Тасжарғандағы» тасқайнат тұлға
Бөлісу:
Сыншы Б.Кәрібаева «Прозадағы авангардизм» мақаласында Әкім Тарази туралы: «Әкім Тарази творчествосының тұтас кезеңі негізінен қоғам, адам санасындағы тоқырау мен тоғышарлықты зерттеді. Зерттеу «нәтижесін» жаңаша бейнелеуге бейімділік білдірді. Өйткені, көркемөнерде көбінесе мәселені тақырып шешпейтінін де жазушы бірден түсінді», - деген екен [1,247]. Көркемөнер мәселесін тап басып мынау ғана шешеді деп үзілді-кесілді пікір айту қиын. Ол қаламгердің шеберлігінің еншісінде. Ал Әкім Тарази болса, тоқырау заманындағы келеңсіздіктер деп көп айтылатын мәселенің бүге-шігесін сол кезеңнің шеңберіне сыймайтын көркем бейне сомдау арқылы түсіндіруге тырысты. «Тасжарған» романы – соның айғағы. «Алпысыншы, сексенінші жылдар әдебиеті адамның рухани бейнесінің қалыптасу жолына айрықша көңіл бөлді. Бұл кезеңдегі әдебиетте адамгершілік-этикалық, философиялық сипаттағы шығармалар саны көбейді» [2,125].
Роман атауының өзі символдық сипатқа ие. Бір ұштығы басты қаһарман бейнесімен астасады. «Тасжарғанда» сөз болатын кейіпкерлер саны әжептәуір. Соның ішінде рухани қалыптасқан бейне ретінде Омарды атауға болады. Ол туралы «Қазіргі қазақ романы» еңбегінде ғалым М.Хамзин ой қорытындысын жасап, образдың қалыптасу философиясына тоқталып кетеді. Ә.Тарази прозасының стильдік, сюжеттік-компазициялық құрылымына талдау жасай келе: «Омар – аса жоғары эрудицияның адамы. Ерік-жігері аса күшті оны автордың тағдырдың талай тәлкегіне салып, сынап, биік міндеттер жүктеуге тырысқаны байқалады. Мұндай күшті адамдарға дәуірдің, қоғамның салмақты жүк артатыны мәлім», - дейді [2,109].
Романның негізгі оқиғасы Өртас деген шағын қалада өтеді. Омар – Өртас қалалық партия комитетінің мүшесі, Қалалық Кеңестің төрағасы, депутат, елге сыйлы, кімге болсын сөзін өткізе алатын азамат. Жазушы Омар бейнесін әртүрлі эпизодта сандаған кейіпкерлермен қарым-қатынасы арқылы кемеліне жеткізеді. Өзгелер тарапынан оған мінездеме де, нақты іс-әрекет, оқиға үстінде шым-шымдап, өзгелердің сүйсінуі, бағалауы ретінде жіптің бір ұшын суыртпақтап тартқандай қып, әр жерден шашыратып портрет те береді. Жалпы романда өзге кейіпкерлердің жүріс-тұрыс, бет пішіні, денесі, дағдысы, киім киісі, сән үлгісі сипатталғанмен, Омарды көпшілікке бірден жан-жақты танытатындай бір жерге шоғырланып жинақталған портрет жоқтың қасы. Оның жан-дүниесіне үңіліп, бар болмысын түсіну үшін кез келген эпизодтың, кейіпкер сөзінің, іс-әрекетінің, аз ғана ақпараттың маңызы зор. Көркем бейне даму үстінде ашылады. Үнемі өсу жолында көрінеді. Дегенмен, «Жалпы, Әкім стиліне тән нәрселер: шығарма құрылымына оқыс, төтенше жайттарды енгізіп, туындыға детективтік сипат бере білуі, оқиға ізімен жүре отырып, ойнақылық, шымырлық сипаттарды дарыта білуі», - деген пікірге сүйенсек, Омардың іс-әрекетін (автордың оқиғаны қиюластыру, қисындастыру шеберлігін) болжап болмайды [107]. Ол – шалт қимылдың адамы.
Шығармада ең әуелі жанама түрде қалалық сауда бөлімінің орынбасары Мамыржан арқылы оқырман әлі толық танып-білмеген басшы бейнесі көрініс береді. Алматыдан келген жазушы қонақтар – Әли мен Мирасты ертіп басшының қабылдауына келе жатқанда, жеме-жемге келгенде жүрексініп қалады. «Омар Балапанұлы – қатты адам, сіз неғып жүрсіз, қызметіңізге барыңыз десе өлім-ау. Қап! Өлген жерім осы», - деп ойлайды. Беделі күшті басшының мысы басып, кездесіп тіл қатысуға жасқаншақтайды. Келесі кезекте келген қонақтармен әңгімесі жарасып, қала туралы айтып отырғанда Омар жасының отыз алтыда екенін сездіріп өтеді. Жасынан басшылықтың дәмін татып, бүтіндей қаланың билігін қолына алып, қала экономикасының гүлденуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының артуына қомақты еңбек сіңіреді. Өткен өмірі, мамандығы туралы деректі әңгіменің қызған кезінде: «Мәскеудегі түсті металл институтын бітіргесін осында келдім. Бір жыл жұмысшы болып істедім, бір жыл инженер – смена бастығы болдым, жиырма тоғыз жасымда қалалық кеңес төрағасы болып сайланғам: содан бері, міне, жеті жыл, қызмет етіп жатырмыз», - деп тоқталып кетеді. [3,19]. Аңысын аңдып, ақырын ғана бақылап отырған Мамыржан өзі қатты қорыққан төрағаның жаны жадырап, жайдары күйге енгенін көріп: «Құдай-ау, Омар Балапанұлы тіпті бала екен ғой!» деп таңғалады. Сол сәттегі психологиялық ахуалды да тап басып аңғарады: «Төраға абыржып отыр екен, көздері жәутеңдеп кеткендей көрінді Мамыржанға» [3,19]. Аз ғана портреттік штрихтан сырт көзге қатал көрінгенмен, адамдармен тіл табысу қабілеті жоғары, жүрегі нәзік жан ретінде танылады. Сөз саптасы салмақты, қаланың экономикалық жағдайын нақтылы деректер келтіріп жан-жақты түсіндіріп беріп отырған төраға сөйлесе келе, Мираспен бір мектепте оқыған болып шығып, өткен-кеткенді еске алысып, екеуінің әңгімесі жараса кетеді. Автор сөз арасында болсын оқырманға екеуінің де сұңғақ бойлы сұлу жігіт екенін ескертіп өтеді.
Келесі кезекте қаламгер кейіпкерін азаматтың шын қадірін біліп бағалаушы Жексен атты жұмысшы жігіттің қабылдауы арқылы саралайды. Әпкесі Улямен әңгімесі арасында шахтада болған оқиғаны сөз етіп, екеуі қала басшысы төңірегінде айтысып қалады. «Сен оны көрсең ғой! Омар аға әртіс сияқты, еркектің сұлуы, білгің келсе?» - дейді жігіт. Берілген портреттердің басым бөлігі Омардың жаратылысы сұлу жігіт екенін көрсетеді. Және бірнеше мәрте дәлелденеді де. Сауда бөлімі бастығының кербез әйелі Уляның берген бағасы бәрінен асып түседі. «Қазақы жабылардың арасына түсіп кеткен ақалтеке арғымақтайын Омар өзін ерекше ұстайды, сөз бастайтын тек сол, әңгіме айтатын сол, басқалар тек құптаушы, бас шұлғушы. Өзінің сымбатты екенін, бастық екенін бір сәт ұмытар емес, осы отырған қауымға еркелеп отыр. Сөз айтқанда – осы тұста күлу керек, осы тұста күңірену керек, енді таңғалу шарт дегендей даусының ырғағымен «командасын» беріп отыр» [3,43]. Автор басты қаһарманын сомдағанда ең алдымен оның сыртқы түр-тұлғасының сұлулығына назар аударады. Уля болса, елден еректігін ақалтеке арғымаққа балайды. Сырт тұлғасы ғана емес, барша болмысын ақалтекеге ұқсатады. Омардың бойынан сұлулық қана емес, өзгенің бойында жоқ дегдарлық, парасаттылықты көреді. Кейін жанын үзіп жақсы көреді.
Өртастың елге аңыз болған басшысы туралы очерк жазамын деп Алматыдан арнайы келген Әли таныса, араласа келе бастапқы ойынан бас тартады. «Көрдім. Жақсы жігіт екен. Ауылдасым болып шықты. Бірақ не жазбақсың. Қалалық кеңестің төрағасы... Скучно. Бұл маған обьект бола алмайды. Ол – дегені болып тұрған бақытты жан» [3,32]. Әлидің осындай қорытындыға келуінің себебі мынау – Омардың отыз алты жасына дейінгі өмірі мықты сценарийшінің қолынан шыққан секілді. Оқып, білім алып, өз еңбегімен лауазымға қолы жетеді, отбасының ұйытқысына айналады, қала халқының, облыстың алдында беделі жоғары. Әлидің түсінігінше, даңғыл біртегіс жолмен келе жатқан адамның өмірі оқырман қызығушылығын тудырмауы әбден мүмкін. Бәрі шахтаға түсіп, шахтерлердің қиын өмірімен танысқаннан кейін ғана Омардың шын келбетін танып, ол туралы «Жер астындағы нұр» деген очерк жазады.
«Тасжарғандағы» Омар бейнесі несімен құнды? Әкім Тарази шығармашылығы туралы сыншы Сағат Әшімбаев: «Туған әдебиетімізде алпысыншы жылдар аралығында кейбір замандастарымыздың мінез-құлқы мен психологиясында байқалып жүрген тоғышарлыққа, мещандық мерез сезімдердің бас көтеруіне алғашқылардың қатарында повестері арқылы қарсы шабуылға шыққандардың бірі Әкім Тарази еді» - деген екен [4,475]. Әңгіме нақтылы повестер жөнінде болғанмен, ұзақ жылғы шығармашылық жолында жазушының азаматтық ұстанымы – өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті мәселелерін көркемдік тұрғыдан көтеріп, негізгі арқауға айналдыруымен нақтыланады. Әдебиетке еркін ойлы, өзіндік көзқарасы айқын, рухы биік бейнелерді әкелді. Күншілдіктен, аяқтан шалушылықтан зардап шеккенмен, жасып, жүнжімеген Омар бейнесі асқақ. Ол Аблездермен, Мамыржандармен күресіп жүр. Күресте жеңілсе – қызметінен ғана сырғыды, бірақ сағы сынған жоқ. Ә.Тарази Омарды тартысқа, түрлі оқиғаға араластырып, тұлғалық деңгейге көтереді. Образды қимыл-әрекет үстінде ашады. Шындап ішкі әлеміне үңілгісі келген адамды оның бар болмысы қызықтырады: өзіне баурайтын қасиеті бар. Оқиға шиырлана келе, қатал және әділ басшы ретінде тұлғаланған Омар ешкім күтпеген қырымен таң қалдырады. «Үш күн бірге жүргенде бұл жігіттің жұмбағы көбеймесе азайған жоқ. Өзі бала сияқты ақ көңіл, сезімтал, көңілдің сәл ғана сызатын сезе қояды, қарқылдап қатты күле алмаса да, жымиып қойғаны тым әдемі, музыкаға әсершіл, қатты беріледі екен, екеуі кешке жақын биге де шыққан – жеңіл қимылдап, жеңіл билейді. Әлиді әсіресе таң қалдырған жай – Омар батырлар жырын жатқа соғады. – Бұның ғажап екен! - деп еді Әли, Омар мырс етіп күліп қойды: - Мен қырық тоғыз дастан жатқа білем, - деді» [3, 238]. Әлидің пайымдауы арқылы берілген портреттік белгіде Омардың келесі қырлары анықталады: біріншіден, мықты биші; екіншіден, сөз қадірін білетін, жады мықты адам. Интеллектісі жоғары жан Әлидің көз алдында барған сайын биіктей береді.
Қасында жүріп, басшының психологиясына бойлаған Әли тағы бір жайтты аңғарады. Журналистің пайымдауы арқылы төрағаға психологиялық портрет беріледі: «Әлидің тағы бір байқағаны – Омар бір сөйлесе, шабыттанып көп сөйлейді екен, үндемей қалса, оны қайта қозғау қиын екен» [3,240]. Қаламгер болған соң ба, әлде ішкі түйсігінің шалымдылығынан ба – Әли аңғарымпаз, адам тани біледі. Очеркінің кейіпкері болған адамның іші-сыртын біле түссем деген мақсат қояды алдына. Дегенмен, қанша бірге жүріп, еркін сырласқанмен – бәрібір Омардың мысы басып тұрады. Оны мына бір үзіндіден аңғаруға болады: «Әли өзі сөйлеп, өзгені тыңдатып үйренген, бұл жолы ол салтын ұмытып, Омардың хиаяларына сенер-сенбесін білмесе де қызыға құлақ салған. Бұның онша сене қоймағанын Омар сезді білем, Әлидің жүзіне қадала қарап қалған екен, көздерінен көгілдір жалын ұшқындап бет қаратпады, жүрегі дір етіп Әли көзін тайдырып кетуге мәжбүр болды» [3,241].
Күшті ерік-жігердің иесі Омар басына іс түсіп, төрағалықтан түскен кезде нағыз азаматқа тән салқынқандылық танытады. О баста қолы жеткен лауазымды жеке басы үшін пайдаланып көрмеген жігіт ағасы нені болсын салқын сабырмен салмақтап, әрі қарай өмір сүру керектігін зерделейді. Бәрін қайта бастағысы келеді, солай етеді де. Қара жұмыстан арланбай бел шеше кіріскен Омардың әрекеті отбасы үшін де, басқалар үшін де жұмбақтау көрінгенмен, төмендегі портреттік белгіден нағыз еңбек адамының, барға қанағат етіп, жоққа төзе білетін жанның, келбетін елестетеміз: «Бұрын бұл жұрттың бәріне «Омар Балапанұлы» еді, жүре-жүре көпшілік «Балапанычты» сызып тастады да «Омардың» өзін қалдырды. Қыс бойы арқасынан алынбаған жабудан бір сәтте құтылған жүйріктей өзін жеңіл сезініп қалды. Кейбір жігіттер жымыңдап ойнап, қалжыңдай бастады. Бұл да олардың әңгімесіне араласып, тобына сіңе берді. Шашын алдырып тастаған басы дөп-дөңгелек әдемі екен, алақандары күстеніп, өңі тотығып, жиырма шақты күннің ішінде жасарып, құлпырып сала берді» [3,291]. Ерік-жігері мықты, айқын мақсаты бар азамат «мамыржаншылықпен» күресе жүріп, өмірдің сынағынан өтеді. Нендей биікке көтерілсе де, өзінің табандылығымен, еңбегімен жеткен Омар сияқты азамат үшін кейбір мәселелер уақытпен бірге жылыстап, жаңаша өмір бастауға кедергі келтірмек емес. Кешегі қала басшысы – бүгінде қатардағы жұмысшы. Өзгерген – қызмет орны ғана, адами болмысы сол бұрынғысынша асқақ. Тіпті ұшақпен Маңғыстауға бара жатқанда, жолай ұшақ жалындап, салондағы жұрттың үрейі ұшып жамырай шуылдағанда да Омар салқынқандылық, ұстамдылық танытады.
Сонымен, ойымызды түйіндей келе, «Тасжарған» романында кейіпкер бейнесін даралап, характер ретінде таныту үшін жазушы портреттің көмегіне жүгінетінін аңғардық. Сондай-ақ романдағы Омар бейнесін қаламгер тарапынан сәтті сомдалған бейне ретінде қарастыруға болады.
Жұпар Жақанова, п.ғ.м.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары. Астана: Елорда, 2001. – 312 бет
2. Хамзин М. Қазіргі қазақ романы: Оқулық. Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2001. – 205 б.
3. Тарази Ә. Тасжарған. Алматы: Раритет, 2005. – 336 бет
4. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік: Сын мақалалар, портреттер, эссе. – Алматы: Жазушы, 1993. – 624 б.
Бөлісу: