Театрдың бүгінгі қоғамдағы орны

Бөлісу:

02.06.2023 4450

Театр өнері – тарихы сонау ежелгі Грекия елінен бастау алып, сан ғасырлардан бері көрермен көңілінен ерекше орын алған, түрлі эмоциялар бір-бірімен тоғысып, ұштасатын ерекше өнер тармағы. 

«Театр - өмірлік мәселелерді шешудің жоғарғы сатысы» демекші, адамның бар жан-дүниесін бір қойылым арқылы ақтарып, тіпті кей кезде белгілі бір проблемалардың да шешімін табуға септігін тигізіп әрі шынайы эмоциялар сыйлай отырып, әрбір тұлғаға ой салып, керек кезінде тәрбие беретін сондай бір жұмбақ дүние іспеттес.  Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес. Тарихтан сыр шертер болсақ, театр өнері қазақ даласына он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында келген екен. Осы аралықта Әулиеатада, Орынборда, Ташкентте, Түркістан мен Көкшетауда және Шымкентте біршама драмалық үйірмелер ұйымдастырылып, қазақ халқының біртуар тумалары: Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың, М.Әуезовтің, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің драмалық шығармалары мен пьесалары тұңғыш рет сахналаныпты. Аталған қойылымдардың сахналануына жетекшілік еткен тұлғалар Жүсіпбек Аймауытов пен  Жұмат Шанин екен. Қазақ театр өнерінің айқын ерекшеліктерінің бірі  –  ұлттық салт-дәстүрді, әдеп-ғұрыпты, халық әндерін, әлеуметтік-тұрмыстық өмірді бейнелеуде кеңінен насихаттап, шебер қолдануында болды. Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарына қарай еліміздің көптеген қалаларында, атап айтар болсақ: Ақмола, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Өскемен, Арқалық, Жезқазған, Атырау елді мекендерінде қазақ тіліндегі қойылымдар сахналана бастапты.

Жиырма бірінші ғасырдағы қазақ қоғамында театр өнеріне қандай өзгерістер жасалды? Оның бүгінгі кескін-келбетіне аз-кем тоқталып өтейік. Бүгінгі күні өмір айнасына теңелетін театрдың қоғамдағы орны айрықша. Жалпы, Қазақстан бойынша әр қалада кемінде 2-3 театрлық  нысан бар. Өнерсүйер қауымның да театрға деген қызығушылығы күн санап артып келеді.  Ғаламтор платформасындағы билеттердің әп сәтте-ақ сатылып,  аншлаг болуы – осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Мысал ретінде, көрермен көзайымына айналған Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен» театрында кең танымалдылықпен сахналанып жүрген Дулат Исабековтың «Гауһартас» драмалық шығармасын айтсақ болады. Пьесаның тұсауы кесілген бойда,  қарапайым халықтың көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді. «Музыкалық жас көрермен» театры өзге өңірлеріндегі көрермендердің сұрауы бойынша, еліміздің Батыс және Оңтүстік аймақтарына гастрольдік сапармен барып қайтты. Оған қоса елімізде  «Жастар»,  Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, «Алматы театры», М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сынды репертуарлары түрлі жанрдағы қойылымдармен толыққан, ең мықты актерлік құраммен қамтылған мамандар жұмыс істейтін театрлар саны өте көп.

Бұл театрларда көрсетілетін қойылымдар да ерекше. Мәселен, қазақтың маңдайына біткен тарғыл тағдырлы тұлғалардың өміріне қатысты қойылымдарды, опералық шығармалар кеші мен қоса кішкентай балаларға (3-7 жас аралығы)  арналған қойылымдарды тамашалай аламыз. Елордамызға іссапармен келетін театрлардың қойылым кестесі әлеуметтік желіде жариялаған уақыттан бастап, өнерсүйер қауымның театрға деген махаббатын байқауымызға болады

Әрбір жан театрдан өзіне керек дүниені таба алатыны сөзсіз: онда өмір шындығы да, әзіл де, қайғы-мұң да, ән мен би де, жан тыныштығы да бар. Таңдаулы өнерпаздардың актерлік шеберлігі арқылы образдарды ашып көрсетуі, ең маңызды әрі жауапты іс. Осы орайда театр әртістерінің ерен еңбегі мен таудай талпынысын айтпай кету қателік болар, себебі, барлық адам бірдей емес. Тұлғалардың рөлін ашу ең біріншіден үлкен жауапкершілік. Олардың сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрысын нақтылап, әбден зерттеп-зерделеп, өзі сомдаған образды айнытпай шынайы алып шығулары талант пен тапқырлықты талап етеді. Бәлкім театр өнерінің кинотеатрдан басты айырмашылығы да осы шығар. Кинодан тамашалаған шығарма қайта қайталанбайды және сол түсірілген сәттің еншісінде қалатын болса, ал театрда тамашаланатын сахналық қойылымдарды сан мәрте қайталанғанымен қоса, алғашқы және соңғы рет ойнап тұрғандай етіп сахналау қажет. Театр – әр барған сайын рухани азық беретін, тұлғалық қасиеттеріңді арттыруға ат салысатын ерекше орын. 

Сөзімізді қорытындылай келе, ұлттық болмысымызды бейнелей алатын театр өнерінің қоғамдық өмірдегі орны әрқашан биік болғанын, әрі қарай да солай бола бермегін айтқымыз келеді. Мазмұны мен көркемдігі жарасқан театрлық шығармалар қатары көбейе берсе екен деген тілегіміз де бар. Алтын уақытымызды арзан күлкі мен мағынасыз сауыққа жұмсағанша, театрға барып, рухымызды кемелдендірейік. 

 

                                                                                                                    Қаршыға ӘДІЛХАНҚЫЗЫ

                                                                                                    Еуразия ұлттық Университетінің 2 курс студенті

Бөлісу:

Көп оқылғандар