Әнұран тарихы туралы не білеміз?
Бөлісу:
Әнұран – мемлекеттік рәміздердің бірі. Мемлекеттік әнұран, ұлттық әнұран (гимн), ұлттық ән т.б. аталатын, ресми салтанатты патриоттық музыкалық композиция. Көптеген елдердің ұлттық әндері марш немесе гимн стилінде жазылған. Әнұран әдетте өз мемлекетінің тыңдаушысына өз елінің өткен, бүгінгі тарихына деген мақтаныш, құрмет сезімін тудырады. Әнұран мәтінінің мазмұны әдетте халықтың азаттығы мен қастерлі дәстүрлері туралы болып келеді. Әнұран – өз елінің тыңдаушысын рухтандырады, жігерін жаниды, туған халқы алдындағы жауапкершілігін сезіндіреді.
Жапонның ««Кимигаё» әнұраны адамзат тарихындағы ең көне әнұран болып саналады екен. Бұл әнұран мәтіні жапон тарихының ҮІІІ-ХІІ ғасырлардағы Хэйан дәуіріне тұспа-түс келеді екен. Әуен мен мәтін біртұтас дейтін болсақ, бұл әнұранның музыкасы 1880 жылдары жазылған екен.
Ұлттық әнұранның тууы – ұлттық мемлекеттердің пайда болып, дамуына байланысты. ХІХ ғасырда Еуропада ұлттық мемлекеттер қалыптаса бастады. Голландия елінің «Вильгельм» аталатын маршы ең ежелгі марш болып саналады. Бұл гимннің мәтіні 1568-1572 жылдары, Голландия төңкерісі тұсында жазылған екен. Қазіргі күнге дейін орындалып жүрген нұсқасы 1626 жыл шамасында жазылған делінеді. Голландияның ресми мемлекеттік әнұраны ретінде 1932 жылы бекітілген.
Ежелгі мемлекеттік әнұрандардың бірі – Ұлыбританияның «Ханшайымды сақта, құдай» атты композиция. Бұл әнұран көпшлік және салтанатты, сондай-ақ тақ иесі қатысқан іс-шараларда орындалады. Бұл әнұран Ұлыбританияның ресми мемлекеттік әнұраны болып бекітілмесе де, оның тұрақты қолданысы дәстүр болып қалыптасқан.
Еуропадағы келіс бір танымал әнұран – «Марсельеза». 1792 жылы Клод Жозеф Руже де Лиль жазған туынды 1795 жылы ұлттық әнұран ретінде қабылданған. Ал Испанияның мемлекеттік гимні «Марча Реал» (Король маршы) 1761 жылы жазылып, 1770 жылы әнұран ретінде қабылданған.
Дания мемлекеті 1780 жылы «Kong Christisn stog ved hojen mast» (Кристиан король биік мачтаның жанында тұрды») атты әнді мемлекеттік әнұран ретінде қабылдаған екен. Бұл әнұраннан өзге Дания елінде «Der er et yndigt land» (Бұл әсем жер) атты ұлттық әнұран бар. Бұл ұлттық әнұранның да мемлекеттік мәртебесі бар. Король сарайы мүшелері қатысқан салтанатты жиындарда және әскери салтанатты іс-шараларда корольдік әнұран орындалса, азаматтық рәсімдерде ұлттық гимн ойналады. Ал аралас форматтағы ерекше салтанатты рәсімдер жағдайында екі әнұран кезегімен орындалады.
Азиялық мемлекет Филиппиннің «Lupang Hinirang» (Таңдалған жер) 1898 жылы сөзі жоқ әуен ретінде алғаш Филиппин аралдарының Испания империясынан тәуелсіздік алғандығын жариялау кезінде жазылған екен. Әнұран әуеніне арналған «Филиппиндер» поэмасынан алынған, испан тіліндегі мәтін сөзі 1962 жылы ғана тагаль тіліне аударылып бекітілген.
Жоғарыдағы мысалдаға қарағанда мемлекеттік әнұранның сөзі елдің ұлттық немесе кең тараған тілінде орындалатынын көреміз. Тарихи тұрғыдағы тең дәрежедегі бір немесе бірнеше ұлттық тілді мемлекеттерде әнұранның бірнеше өзіндік нұсқасы болатындығына «Швейцар псаломы» француз, неміс, итальян, романш тілдерінде орындалатындығы мысал болады. сондай-ақ елді құраушы ұлттардың үлес-салмағына қарай бір әнұран мәтінінің әр тілде бөліп-бөліп орындау дәстүрі де баре кен. Атап айтқанда Бельгия мемлекеті әнұранының бірінші шумағы – нидерланд тілінде, екінші шумағы – француз тілінде, үшінші шумағы – неміс тілінде орындалып, қайырмасы үш тілде шумақ реті бойынша орындалады. Сондай-ақ әнұранның ресми үштілді нұсқасы да бар. Бұл – сол мемлекетті құраушы ұлттарға деген құрмет.
Канада мемлекеті де ағылшын және француз тілді тұрғындардан құралады. Осыған орай әуел баста француз тілінде жазылған «O Canada» әнінің екі тілдегі ресми мәтіндері бар және олар бір-бірінің аудармасы саналмайды. Әдетте Канада гимні де бір шумағы – французша, келесі шумағы – ағылшынша мәтінмен орындалады. Сондай-ақ Канаданың солтүстік провинциясы тұрғындарының инуктитут тіліндегі мәтін нұсқасы да бар.
Кейбір елдердің әнұраны отар елдің тілінде орындалады. Атап айтқанда Ирландияның «Солдат әні» ұлттық әнұраны әу баста ағылшын тілінде жазылып, орындалып келген. Бұл мәтіннің ирланд тіліндегі нұсқасы елдің ресми әнұраны болып саналмаса да, оны халық барлық дерлік іс-шараларда мемлшекеттік әнұран ретінде шырқап жатады.
Ал он бір бірдей ресми тілі бар Оңтүстік Африка Республикасының ұлттық әнұранына осы он екі тіл бірдей сыйғызылған. Әр түрлі үш әннің мәтінінен құрастырылған әнұранның алғашқы екі шумағы Африка ұлттық конгресінің бейресми әнұраны мәтінінен алынып, бірінші шумақтың жартысы – коса тілінде, екінші жартысы – зұлыс тілінде, ал екінші шумақ – сесото тілінде орындалады. Ал «Оңтүстік Африка дауысы» аталатын әннен алынған үшінші шумақ – африкаанс тілінде шырқалады, төртінші шумақ ағылшын тілінде орындалады.
Жаңа Зеландия мемлекетінде маори және ағылшын тілдеріндегі «Құдай Жаңа Зеландияны сақтайды» әні әнұран ретінде шырқалады. Мұндағы бір тілдегі әнұран мәтіні келесі тілдегі мәтіннің аудармасы саналмайды. Сондай-ақ Фиджий арал мемлекетіндегі «Good Bless Fiji» әнұранының мәтіні де фиджийліктер мен ағылшын тілді тұрғындар үшін жеке-дара сипатта шырқалады. Халықаралық іс-шараларда ағылшын тіліндегі нұсқасы орындалады.
Сингапурда төрт ресми тіл бар. Ағылшын тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызмет етсе, малгаш тілі мен малай тілі де дамып келе жатыр. Ұлттық әнұраны «Мажула Сингапур» малай тілінде орындалады.
Үндістанның мемлекеттік әнұраны «Жанаганамана» санскриттелген бенгаль тілінде жазылған. Мәтінің алғашқы шумағын Рабиндранат Тагор жазған.
Әнұран әуендерінің марш немесе гимндік сипаты да олардың тарихынан, ұлттық мінез-құлық көзқарасынан анық аңғарылады. Еуропа, Орталық Азия мен Латын Америкасы елдеріндегі мемлекеттік әнұран әуені опералық туындылар сарынында болып келеді. Ал Батыс Азия, Океания, Африка, Кариб алабы елдерінде барынша «демократиялық әуендер» көбірек қолданыста болады. Көптеген әнұран әуендері мажорда жазылған. Минорда жазылған әнұран әуеніне ие елдер де біршама. Солардың бірі – «Менің Қазақстаным» әнұранды Қазақстан Республикасы. Сондай-ақ пентатоникалық дыбыс қатарларын пайдаланатын елдер де бар. Мажор мен минор аралас әуенді әнұрандар да бар.
Әнұран мәтіні мен әуенін жазған шығармашылық иелерінің көбі әдетте есімі аса танымал емес ақындар мен композиторлар болып келеді. Алайда әнұран авторлары арасында Иосиф Гайдн, Амадей Вольфганг Моцарт, Арам Хачатурян, Шәмші Қалдаяқов қатарлы белгілі композиторлар да бар.
Әнұран мемлекеттік теледидар мен радиохабар тарату желісінде әдетте таңғы басталуында және түнгі аяқталуында ойналады. Алайда түсте, кешке таман ойналатын дәстүрлер де бар екен.
Тәуелсіз Қазақстанның әнұран дәстүрі ХХ ғасырдың басынан басталады. Еуропа мен Патшалық Ресейдегі әнұрандық дәстүрдің ықпалы қазақ топырағына да дән себе бастаған.
«Жас қазақ марсельезасын» жазып, теңдіктің ұранын салған күрескер ақын Сәкен Сейфуллин де:
Азамат, жүнжіме, жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос.
Ту ұстап дұшпанға барайық,
Теңдіктің ұранын салайық.
Тізесін батырған залымнан,
Күн туды – біз теңдік алайық! -
деп жырлаған болатын. Большевиктік сарын басым болса да, осы тәрізді ұраншыл жырлар мен олардың әуені алғашқы ұлттық әнұранның бастауы болғаны анық. ХХ ғасырдың басында шыққан «Алаш маршы» аталады дейтін ән мәтіндерін де осы аяда қарастыруға болады. Еркіндік, теңдік ұғымдары – қазақ әнұрандарының ойқазығы болғанын көреміз.
Біз қазақ – ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан!
Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,
Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң.
Бұл – 1943 жылғы Советтік Қазақстанның Гимніне жарияланған байқауда жеңімпаз атанған жас ақын Қайым Мұхамедхановтың қаламынан туған өлең жолдары болатын. «Ер қазақ» «біз қазаққа» жұмсартылып, 1945-1991 жылдар арасында 46 жыл бойы шырқалған бұл гимннің өркеш биік өзегі де осы екі жол болатын. Қазақ КСР-і Гимнінің сөзін жазған Әбділда Тәжібаев, Қайым Мұхамедханов, Ғабит Мүсірепов, композиторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди ретінде тарихта таңбаланып қалды.
Замана көші бір орында тоқтап тұрмайды. Коммунистік билік жүйесі ыдырап, Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан Республикасы азаттық алды. Бұл ғаламат тарихи жағдайдан кейін тәуелсіз Қазақстанға өткен мен бүгіннің және болашақтың арқау желісін тарқан жаңа Әнұран қажеттілігі туындаған болатын.
Осыған орай 1992 жылы Қазақстан Республикасы Әнұранының мәтіні мен әніне байқау жарияланды. Комиссия іріктеуіне қатысқан 750 жобаның арасынан Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева бірлесіп жазған мәтін лайықты деп танылды. Әнұран әнінің авторлары ретінде алдыңғы 1945 жылғы Гимндегі авторлар (Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди) әуені өзгеріссіз қабылданған болатын.
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз.
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты — халықта,
Халықтың қуаты — бірлікте! –
дегенде тыңдаған жанға айбар айбын, мақтаныш сезім сыйлайтын тамаша әуен спортшыларымыздың жарқын жеңістері арқасында Атланта, Сидней, Афина аспанын жаңғыртып, қалың елдің рухын асқақтата көтерген еді.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Жұмекен Нәжмеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні елу жылға жуық уақыт халық арасында кеңінен танымал туынды ретінде шырқалып келді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және ән мәтініне енгізген өзгертуілері бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда «Менің Қазақстаным» ҚР Парламентінде Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді. 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Осы сәттен бастап «Менің Қазақстаным» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны ретінде ресми салтанатты жиындарда шырқалып келеді.
Бөлісу: