Жиенбай Төлегенұлы.Тасқа көмілген тағдырлар

Бөлісу:

08.06.2023 1037

есте қалған ертегі

Лықси келіп ышқына тоқтаған көше автобузына абдырай ұмтылдым. Бекетте тұрған адам аз болса да қанға сіңіп, әдетке айналып қалған таласа автобузға ұмтылу, бейне біздің мынау өмірде неге асығатынымызды, қайдан, қалай кетіп бара жатқанымызға ой тоқтатып, назар аударып көрмегеніміз сияқты, таласа шығып алған соң неге асыққанымды ойлаған да жоқпын. Менімен жарыса шыққан пенденің ешқайсысы да ойламағанына кәміл сенемын.
Оқудан тарап, қайтқан болу керек, өрімдей бүлдіршіндер жайғасыпты орындықтарға. Балғын, балдырған бейнелер, адамзаттың болашағы. Аз-кем балаларға қызыға қарадым да, жанарымды автобуз терезесінен сыртқа салдым. Сұрғылыт ғимыраттар сұрлана көкке өрлеп, сұры жолдар сыздана көлбеп жатыр. Қорғасын бұлттар аспан жүзін бүркеп алған. Әрі-бері асыға қайшалысқан адамдар көкірегін мүжіген жегіге ем іздегендей, бәрі жанталаста. Желе жүгіріп бара жатқан біреуі қалтылдап бара жатқан кеюананы қағып өтті. Жалманынан түскен анаға көз қырын да салған жоқ. Қадамын бәсейітпеген қалпы, адамдар толқынына сіңіп кетті.
...жолға сүйретіліп жатып, пенделерден ырыздық тілеген қайыршының бейнесіне ешкім көз салмады. Әлде біреу сумаңдап өзгелердің қалтасына суық қолын созып, ырыздық нәрін арсызықпен, тартып алып барады. Автобоз жүйткіп келеді. Көшелер бойы тақтайдай етіліп сементпен мықтап бастырылған. Топырағы шығып, жасыл өсімдік жайқала өскен сүйемдей жер жоқ. Андыз- андыз жасанды ағаштар көзге шалынады. Көркемдік деп қойғаны болса керек, өлі аруақты семент үстіне серейтіп қойғандай әсер берді маған. Иә, табиғаттың тұнығын лайлап, тумасын құртып болуға таяғанымызда, қолмен жасаған жасанды дүниелерден ләззат алмақ болып өзімізше талпынамыз-ау...

Ыңырси тоқтаған автобус тағы бір бекетке жетіпті. Жығыла жаздап бойымды әзер түзедім. Тағы да алқына-жұлқына ентелеп келе жатқан пенделер тар есіктен сыйыса алмай, қысылысып жатыр. "Аяғым" деп ойбайлаған бойжеткеннің ащы дауысы шықты. Аяқ керек болса, аяғын абайлап неге баспайды екен деші?! Тәңір абайлап бассын деп аяқты ауыратын етіп жаратқан жоқ па? Түзу жүрсін деп адамды жығылатын етті ғой. Жығылсақ жылаймыз, ауырсақ ойбайлаймыз. Жығылардан бұрын неге ойланбайды екенбіз?!  Алдыңғы әлеуетті, жеңіл, ептілер бұрын шықты автобузға. Адам толып отырғанын көрсе де, бос орыннан дәметіп, ентелей кірді. 
Белі садақтай иілген қарт таяғын тықылдатып әрең ілінді. Шөфердің " бол, бол, тез, тез" імен әзерге үлгергендей. Демеп жіберер пенде болған жоқ, бірі байқамай қалды, бірі үлгермей қалды. Ешкім қасына барып көмек қолын созбады. Осындай сылтау керек қой адамдарға. Мен сығылсқан адамдар арасына өтіп, қарт қасына бара алмадым. Қандай тамаша сылтау. Өзімнің әлсіз, мейірімісіз, қаталдығымды өзгеден көрем. Тықылдаған таяқ қаряның қолын қалтырата келіп, автобуздың артқы есігіне таман, менің қасыма келіп тоқтады. Суалған жанар, қураған екі бет қарт басынан өткен талай хикаяның салып кеткен ізі іспетті. Менің дәл қарсы алдымда отырған екі бүлдіршін қартқа қатты бір суық жанармен бұрылып, жиіркенгендей тыжырына қарады. Партада отырып жаттаған, күні бойы зарлатып айтатын "адамгершылык", "үлкенге құрмет" деген тағылымдарды түйсінбеген. Құлаққа кіргенімен, жүрекке жетпеген ұқсайды. Екеуі қаряның бүкшиген беліне қарап жымың-жымың етеді.

Жанымда тұрған орта жасар әйел адам шыдамады білем:

- Балалар, қартқа орын берсеңдерші? - деді өтіншті үнмен.

Бүлдіршіндер алая бір- бір қарады. Міз бақпай тесірейіп отырды да алды. Қарт машина солқылына шыдамай, таяғына салмақ салып қиналып әрең келеді. Әлсін-әлі жаутаңдай қарап қояды. Кенет көзім балалардың жанарымен түйісіп өтті. Жүрегім дір етіп, суылдай қалды. Анау маңдайдың астына жайласқан қос жанар ешбір адамның не аюанның көзіне ұқсамайды. Бейне тас мүсін. Бейне деймін- ау тас мүсіннің дәл өзі. Тас жанар! Жансыз, мейірімісз, сұп- сұры. Иә, көз - адам жанының айнасы. Көзі тас болса, жүрегі де тас емес пе?! Міне, біздің "болашағымыз!". Тасқа қамап, түтінге тұншықтырып, табиғаттан ауашалап жетілдіріп жатқан ұрпағымыз. Адамзат ұрпақ емес, тас мүсіндер жасап, өз қолымен өздеріне көр дайындап жатыпты ғой. 

Есіме сонау бір кездері тапсырмаға жазып алған ертегі орала кетты:
...дәл қай жылы екені есімде қалмапты. Жаңа оқу маусымы енді басталған қыркүйектың қоңыр салқын күндері болатын. Әдебиет мұғалімі бізге ата-ажелеріңнен немесе үлкендерден сұрап бір-бір ертегі жазып келіңдер деп тапсырма берді. Оқудан түсе салысымен, үйге бармай Батырбай ақсақалдың үйіне тура тарттым. Бетегелі белдер сарғыш тартып, күз хабарын беріп тұрса да, ағаш жапырақтары әлі де жап-жасыл өңін бермеген кез-тұғын. Сабақтастарымнан бұрын шығудағы мақсатым, Батырбай ақсақалдың әңгімешілдігін ауылдағы барлық адам білетін. Менен басқа біреу бұрын барып ертегі алып ала ма деген мсық тілеу қорқыныш еді. Ол кезде Батырбай ақсақалдың көкірек қоймасындағы дүниелерді бір ауылдың балалары емес, бүкіл қазақтың балалары барып жазып алса да сарқылмайтын қайнарлы қазына екенін қайдан білейін!? Сол қастерлы қазыналар қарттың шөкімдей денесімен бірге топыраққа көмілді-ау! Солай да солай рухани тамырымыздан айырылып, тас табыттарға табынып қалған жоқпыз ба?! Батырбай ақсақалдың үйі ауыл шетіндегі кішікентай тастақ төбенің тасасында болатын. Мен ес білгелі осы арадан қысы-жазы қозғалмайтын. Ақсақал жалғыз тұратын. Екі келіні екі жақта. Бір жолы шешем, Батырбай ақсақал үйге келіп шай ішіп отырғанда:

- Ата, қартайдыңыз, неге келіндеріңіздің қолында тұрмайсыз? - деп сұрағанда, ақсақал шешеме таяй түсіп:

- Сіз сияқты, сен сияқты, бақырауық түйедей алдына барса жынын шашқан, қыршаңқы биедей жымыра құлақ тістеген келіндер қияңқы мінез, қисық шалды оңдырытпас. Пәледен қашқан машайықтың күні ғой менікі- дегенде шешем ұялғанынан беті қызарып тілін тістеп отырып қалған болатын. Көбіне көп ауыл адамдары Батырбай ақсақалдың тіл найзасының ұшында кетіп қалудан сақтанатын. Мен алқына жүгіріп Батырбай ақсақалдың үйіне тақап қалғанымда:
- Батыр еке, қайда асығыс тарттың? - деген қарттың сөзінен кілт тоқтадым. Ақсақал кішкентай төбенің үстінде жантайып жатыр екен. Ентігімді басып, сәлемімді беріп, қасына жайғастым. Қарттың ауыр ойы үзіліп қалғандай. Сонау қиырға қарап, әлдене іздегендей, тінте қарап, абдырап аз отырды да, маған бұрылды. Мен келген бұйімтайымды айттым. Ақсақалдың бетінде мен көрген өзге пенделерде жоқ, сырлы сұлу нұр бар екен жүрекке тұнған. Мейірімнің келбеттен қосылып шыққан жылуындай жарасымды. Бұл өзгеше әлпет ақсақалдың жүзіне көрік қосып тұратын. Ақсақалдың құран аударып, кітап ақтарып отырғанын көрмеппін. Үлкендердің айтуынша, жас кезінде кітабы көп екен. Жүктей қылып жинап, бетін жайнамазбен жауып қоятын деп бейнелеп айтады. Бірақ сол қазынасының бәрі «құйынды» жылдары, "саяси" деп айыпталып, сандығымен отқа өртеліп, бумасымен табанға тапталыпты. Ақсақалдың басына бұлт үйіріліп, тұман түсіп, ақ бұрқақ ішінде қалған. Бірақ өтпелі өмірдің өткінші қиындығына мойымапты. Әлі күнге тізесі сырқырап, белі қақсамайтын тым сергек еді. 

- А, ертегі дейсің бе?- деп көкірегіне сақталған қазыналарды бір-бірлеп парақтап отырғандай сәл үнсіз отырды да:
- Жазып аласың ба?

- Иә, иә, жазып алайын, - деп мен тұқжыңдап қағаз-қарындашымды дайындадым. 
Қарт менің дайындығымның біткенін көріп, көсіле жөнелді:

- Мыңдаған, мүмкін миллиондаған жылдар бұрын болуы керек, анық- қанығы тәңірге мәлім. Марыс ғаламшарын ақылды хаюандар мекендепті. Оның сырт пішіні, бет-бейнесі қандай болғаны беймағұлым. Бір анығы - адамзат құсап ойлап, адамзат сияқты іс-әрекет қылатыны. Марыстың қожасы болып (шындығында, әрқандай бір ғаламшарға қожа болуға ешқандай жандының құқығы жоқ, тек тәңірдің оң көзі түсіп өзгеден ерек ақыл, сезім берілгендер асқақсып, қожа боламыз деп қоқаңдайды) ғұмыр кешкен. Ғаламшарларға тәңір ойлай алатын жандыларды жіберуі ешқандай нәрсенің мәңгілік емес, өткінші екенін ұғындыру үшін болса керек. Артық дәулет бас жармаса да, орынымен істетілмеген ақыл басыңды шабары хақ. Марыстың салқар даласы, саялы тауы, жайқалған бәйшешекті белі, ерке толқыны ойнаған көлі болған. Бірақ бүгінге қан сіңген топырағы бар, қаңырап қалған құр сүлдері жеткен, Марыстағы ақылды хаюандар туралы ертегі ғана бар – деп ақсақал әңгімесін әрмен қарай жалғады. - Олар марыс бетін миллион жылдар мекендепті. Атадан асып ұл, анадан артып қыз дүниеге келіпті. Бірінен- бірі озып, бірі жетпеген биікке екіншісі жетіпті. Өркениет көгеріп, мәдениет мәйек алып, ақыл мен парасат, ар мен намыс салтанат құрып, адамгершылык сәулесін шашып, ақылды хаюандар ертеңіне еліте қарап, болашағына шаттана көз салыпты. Қыран қанатты, жолбарыс жүректі ерлері, елі үшін жан пидалап, маңдай терін, ақыл нұрын болашақ атты бағытқа төгіп, алға қадам тастапты. Аналар аяулы бесігін құшақтап, мейір толы жүректерімен ұрпақтарына нәр беріп, атан жілік азамат, ай жүзді арулар өсіріп, болашақ бағытына сенім бағыштап, зымырандай дамыған қоғамның игілік көзін ашыпты. Иә, байтақ шардың бетінде, салқын сабат жазира даласымен бірге, құс ұшпас, құлан жортпас шөлі де болыпты. Шөл даласы топырақ емге табылмас құм-қиршық тастар бетін жапқан, аптап күн қуырған, ол шетімен бұл шетіне айлап емес, жылдап жете алмас, жайқын дала болса керек. Дамыған дәуірдің ақбасты ғұламасының бірі, сол шөл-жазираны қалай да өзгертуді ортаға қойып, ел бастаған ханның да, қой баққан қараның да қолдауына ие болыпты. Атағы аспанға шыққан ғұлама, ең алдымен сол жазираға су жеткізуді жұмыс түйіні етсе керек. Бүкіл ғаламшар халқы жабыла айлап-жылдап күресіп шөлді көлге айналдыру ұранын орындап, қирдан өзен бұрып, қияннан көлді құйдырыпты. Қаңсып жатқан шөл далаға су жеткізіп, ғаламшар халқы ерленіп, ершікештеніп қалыпты. Иә, жұмыла кіріссек, бізге бұйсынбас табиғат, біз жаратпас керемет болмаса керек деп ойлапты. Бірақ, паң дала иімепті, именбепті. Жан- жақтан сарқырап құйған сан өзен, жөңкіле кірген жойқын су, шым батып, жоғала беріпті. Құмға құйған су мен тең демекші, құм емес, шағыл тасқа құйған су айлап, жылдап келсе де, шөл дала сіміріп алып, бетбақтана, сазырайып жата берсе керек. Көлге айналған шөлді көреміз деп, екі көздері төрт болған ғаламшар тұрғындарының төзімі сәт сайын жұқарып, кейбіреулері үмітін шорт үзіп, көл болмасына көзі жетіпті. Ол кезде шөлді көл қылмақ болған ақбас ғұлама қайтпас сапарға кетіп, тек ұранды ұстаушылар ғана қалса керек. Қайту керек? Үміт буалдыр тартып, сенім сетінеген. Ғаламшардың жасыл алқабы су тапшылығына ұшырап, халық ашаршылыққа, аш жалаңаштыққа ұшырай бастаған. «Жоқ, тоқтату керек, сандырақ жоспарды» дегенге ақылдары жетсе де, тоқтатуға батылдары жетпепті. Ел ағалары мен ғұламалары жинала келіп, жаңа шығар жол іздеген. Он ойлана, жүз толғана болашақ тағдырды қалай оңау керек, шөл мен көл тартысын қалай шешеміз деп бастарын қатырған. Шөл көлді жұтып барады, жұтылған көлмен бірге, бүкіл ғаламшар жұтылмақ. Ауызын арандай ашқан шөл айдаһар айбатын шегіп қауіп төндіріп келеді. 

Қайтерін ұқпаған бір тобы, сүйегіне қына шыққан баяғы ғұламаның жер жебіріне жете боқтап, қабыріне дәретке отырған. Бірақ, айқаймен, кіжінумен тиянақ табар қиындық қайда болсын!? Шешілмей, шиедей шиеленісе түскен бұл тартыс, ақылдылар арасында өршіп, жақсы мен жаман бірінің жағасынан бірі алып, бірін- бірі аяқтан шалып, қым-қуыт жағдайға тап болған. Елдің есі кетіп, ентігі жиілеп бара жатқан тұста, тағы бір ұран көтерілген. "Шөлді гүлге айналдыру!". Жұрт түсінбей аңтарылып қалады. Көлді жұтқан шөлден, гүл өндірмек қандай іс? Жүрек тыншып, көңіл байыз табар шындықтан алыс. Қалай? анық ұран "шөлді гүлге айналдыру!" Бұрынғыдай ақбас болмаса да, шашына қылаулап ақ кірген ғұлама, бұны жүйелі түсіндірген: Шөлге су келіп болды, оны пайдалану керек. Сіздер құм, қиршық тасқа ештеңе өнбейді деп ойлайсыңдар, бірақ, қалауы табылса өнеді. Ашық айтсам былай: топырақтың екі- ақ түрлі роль бар, бірі, өсімдік тамырына нәр жеткізу. Екіншісі өсімдіктің жел мен жаңбырдан құлап қалуынан Сақтау. Ал басқа ешқандай ролы жоқ. Біз бұл екі шарттың біреуін жасанды жолмен алып барамыз, ол болса, өсімдік тамырына қоректік заттарды жеткіземіз. Ал құм-қиршық тас өсімдіктің құламауының алдын өзі-ақ алады. Егер біз осыны істесек, ертең- ақ, шөл дала гүлдей құлпырып жайнап шыға келеді. Паң даланың бермесін тартып аламыз. Ертеңгі ұрпақ, осындай ақыл- парасатты бабасының болғанына шүкіршілік айтып, жырға қосады. Ұрпақ бақыты - біздің ұлы арманымыз. Ендеше, арман үшін неге күреспеске!? Алдыңғы ұраннан тұмсығы тасқа тиіп қалған ел тосаңсып, тосырқай қимылдады. Бірақ, жекелеген ақылдылардың табысқа жетіп, белшесінен байылыққа батқанын көрген ел дүр көтеріліп, тайлы- таяағы қалмай шөлді өзгертуге аттанды. Дәніккеннен құныққан жаман демекші, байлық аспаннан емес, қаңғырап жатқан шөлден домалап алдына келіп жатса кім қызықпас. Қызықтырған байлық пенденің еркіне қояр ма, өзіне құл етпей тынар ма?   Жетекке ерген тайлақтай, желкілдеп желе бергеннен басқа шара қайсы?!
Бастапқыда, қарын тойдыру, аш-жалаңаштықтан құтылу арман болса, күн өткен сайын пенделер өзгеше сайрай бастапты. Тұқымдай топырақты жер іздеп әуре- сарсаңға түсетін күн алысқа кетіп, тамырын тасқа көмген дақыл өнім берсе, алақандай топырақты жерге өз қолымнан гүл-бақ жасау келгенде, сенің жасыл сымақ далаңды не қыламын деп кекжиіпті ақылды пенделер.
Марыстың бұрыш-бұрышынан алуан айла, сан мың тәсілмен шөл далаға су жеткізіп, тамыры тасқа көмілген өсімдіктерді жайната, жайқалта өсіріпті. Кеше ғана қаңсып жатқан даланы саялы бауға айналдырғандарына масаттана мастаныпты. "Біз жеңдік!" деп айқайлы ұранға басыпты. Бірақ жеңіс дегені алдамшы өтірік екені, ұрпаққа бақыт жараттық дегені, ұрпақтарына қазған көрі екенін түсінбепті. Ай өтіпті аяңдап, жыл өтіпті жылжып. Бұрынғы сазды алқап, орманды атырап, тақыр шөл, қу медиенге айналып, жан-жануар, жәндіктер топ- төбімен қырылып, қалғаны пенделер жасаған жасанды алқапты саялапты. Мүмкін, қазір де марыс ғаламшарында ақылды хаюандар өмір сүрер ме еді? егер олар шөлді гүлге айналдырғанда бір нәрсені ескерсе! Олар топырақтың ең негізгі қасиетін білсе! топырақтың ең негізгі қасиеты- өз үстінде өнетін, өсімдік, жан иесі атаулыға сезім сіңіру, мейір беру. Сезім нұрын сіңіре алмаған өсімдік, жан иесі тек қана тас. Басқа қасиетінен түгелдей айырылады. Марыс ғаламшарындағы пенделер асып-тасып ғұмыр кешіп жатады. Бірақ олардың зауал күні тақап қалған-ды. Олардың зауалы табиғи апаттан немесе өзге ғаламшардағы жан иелерінің жойқын шабуылынан емес, қайта өз тамырларына өздері шапқан балтадан болатын. Марыс пенделерінің ұрпақтары тас үйде тұрып, тамыры тасқа көміліп жетілген азықтықтармен тамақтанады. Олардың ойнайтын жерлері де, жүретін жолдары да, саяхаттап, серуендейтін орындары да түгелдей тас болатын. Алма бағына барған бүлдіршін, тамыры тасқа көміліп, жасанды жолмен су-қоректік келіп тұрған алма ағашының жемісін жеп, түбіне ойнайтын. Бұлдыршындерге мейір, сезім сылайтын ешқандай орта болмаған. Содан болар, сезімі өлген, жүрегі тас болып қатқан ұрпақ өсіп жетіледі. Кер заман, зар заман марыс ақылдыларының басына төнеді. Ешқандай жылу, мейір болмаған қоғам орнайды. Пенделер тек байлықтың құлы болып, жанашырлық, адамгершілік сезімдерінен жұрдай болып күн кешеді. Атаның адал еңбегі, ананың аппақ сүті деген сөздер өткен өмірімен бірге кетіп, тасқа көміле бастайды. Ақылдылар өзінен өзге пендеге сенбей, ата-ана баладан безіп, жар төсектен суынған. Бала да бал қылық жоқ, тек суық жанар, сұсты жүз ғана қалады. "Достық", "Махаббат" деген ұғымдар тас табытқа салынып, пенделер ортасынан аласталады. Ақылдылар арасында ашқарақтық ауру қанат жайып, қарыны сіресіп тұрса да тоймайтын, өзгенікін өзінікі етпей тынбайтын індет жайлайды. Ындыны кеуіп, індеті асқынған ақылдылар бір-біріне ауыз сала бастайды.

Ата-анасының байлығын қолға келтіру үшін ата-анасын дарға асқандар, байлығыма ортақтасады деп жарын бауыздағандар, байлығымды жейді деп, сәбиін жүргекте тұншықтырғандар есалаңдана, қанды қасап қырғын салады.
Қырғын айлап-жылдап жалғасады. Марыс беті қан сасиды. Өлген ақылдылардың етін жеген, тасқа тамыры көміліп өскен өсімдікті азық еткен жан- жануарлар да індетке ұшырап, бірін-бірі қан жоса қылады, Қорқақ қоян да шамасы жеткенше, қанды қырғынға өз үлесін қосады. Айдаһар, арыстандардың заманы туып, қаннан даря ағызады. Қасқырдың айы оңынан туып, соңында қанға тұншығып өледі. Тек ажал, ажал ғана ысқырып ән салып, шаттана биге басады. Өзінің базары жүргенін біліп, керги такаппарлана түседі. Баласынан қорлық көріп, жаны қиналып, үзілерге шақ қалған ананың қасына ешікм бармай, күн қуырып, шала-жансар күйі бүкіл денесі шіріп біткенше, күн астында жатады. Бесікте анасынан айырылып шырқыраған сәбидің жанын алмай апта бойы сілесін қатырып, шыбын жанын шырқыратады.
Өлім құйыны есіп, марыс ғаламшарының бетінде жалғыз қарға қалады. Көз алдында самсаған жемтік, қираған өліктер оның көзін тойдыра алмайды. Ұша береді, ұша береді. Бір күні тастан қашалған бүркіт мүсінін көріп қалады. Қызғаныш өзегін өртеп, көзіне қан толған қарға тас мүсінмен айқас саламын деп, жанынан жұда болады. Сол күні құдайдың құдіреті болып, қалың жаңбыр жауып, марыс беті құла тасқынның астында қалады. Тасқын өлген жан иелерінің қанына боялып, қып- қызыл болып ағады. Марыс бетінің қып-қызыл болғаны сондықтан екен. Бүкіл су шөлге сіңіп жоқ болып, қазірге дейін бетіне шықпапты. Сонан кейін марыс бетінде бірде-бір жан иесі болмапты...
Батырбай ақсақал күрсіне барып, ертегісін аяқтатты. Батыс алапты қан қызылға бөлеп батып бара жатқан күнге қарап қадалып үнсіз отырып қалды. Жанарында жас бар. Мен апыл- ғұпыл орнмынан тұрдым да жүгіре жөнелдім. Ақсақал маған жүзін бұрмастан үнсіз қалды. Арада апта өткенде, Батырбай ақсақал да бұ дүниені тәркі етті. Үнсіз, шұғыл кетті қария.

Ал, біз жүрегімізді тасқа айналдыра алмай әуреміз. Қорқыттың көрі деп, ойланбастан жабыла көр қазып жатырмыз…

Жиенбай Төлегенұлы. 1983 жылы шілде де Мори Қазақ автономиялы ауданы Шоқпартас ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан оқуға ынталы ол орта мектепке дейін қара үзіп оқып, 2003 жылы Хыхай университетінің су құрылысы инженерясы мамандығына оқуға түседі. 2009 жылы Мори ауданы су істері су игілігі мекемесіне емтихан беріп бәсекеден озып келіп, қоғамдық қызметке қатысып, су істері инженеря құрылысының инженері болады. Ол қызметке аса еңбекқор жан еді. Қызмет істеген аз жылда Мори ауданының су игілігі құрылстарына көп үлес қосады. Ол жобалаған, қаритасын сызған су игілігі құрылыстарынан қазір халық игілік көріп отыр. Өкінішке орай, 2016 жылы Жиенбайдың өкпесі мен бауырына сырқат ілініп ауру азабымен арпалысады. Ақыры айтпай келген ажал 2018 жылы 5 айда орда бұзар 35 жасында оны арамыздан алып кетті! Мори халқы бір инженерінен, білімді ұлдарынан, талантты қаламгерінен айырылды. Жиенбай жастайынан білімінің телегей теңізін кешкен, кітаптың орманын аралаған білімдар, ізденгіш болды. Өз қызметінен сырт, көркем сөз өнеріне ден қойып, артына «Күзгі жапырақ», «Тасқа көмілген тағдырлар », «Жан шырылы» сияқты 20-ға жуық повесть, әңгіме, шалқыма сияқты прозалық шығарма, «Өлім күткен бір күн» сияқты аударма шығармалар қалдырды. Адасқан қаздай мезгілсіз ұшып кеткен жас жазушының бергенінен берері көп еді. Амал қанша! Арман жеткізбей кетті. Шығармаларының көбін баспа бетінен көруге үлгіре алмаған Жиенбайдың «Тасқа көмілген тағдырлар» атты әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз! Өмірінің соңғы кездерінде ауру азабымен алыса отырып жазған, аударған шығармалары талай оқырманның көзіне жас алдырып, көкірегін сыздатқан еді. Сіз оқып отырған бұл әңгіме де Жиенбай қаламының беталысын бейнелеп беретін жұлдызды шығармаларының бірі…

Бөлісу:

Көп оқылғандар