Рита Бекжанқызы. Әдеби туынды оқырманын да, көрерменін де сендіре білуі керек
Бөлісу:
Әр дәуірдің өз оқырманы бар. Бүгінгі жастардың көзқарасы да, шығарманы қабылдауы да бөлек. Шығарманы бір кезеңге теліп, сол кезеңнің еншісіне қалдыруға әсте болмайды. Жаңа тақырыптар, жаңа мазмұнды беруде жаңа пішіндер туып отырады. Кезеңдік өткінші және өмірлік тақырыптар болады. Жалпыадамзаттық құндылықтар – өткен кезеңге де, жаңа заманға да ортақ. Осы тақырыптың төңірегінде Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Бекжанқызымен әңгімелесіп едік. Мархабат! Оқи отырыңыз, мәртебелі оқырман!
- Сәлеметсіз бе, Рита ханым! Сіз 2009 жылы «Сәбит Мұқанов романдарындағы диалог қолдану ерекшелігі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанған екенсіз. Бұл тақырыпты таңдауыңызға не себеп болды?
- 2005 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітіргеннен кейін, осы университеттің күндізгі бөлім аспирантурасына түскем. Ұстазым, рухани әкем, профессор Серік Мақпырұлы жетекші боп, тақырып бекітілген. Аспирантураның алғашқы жылының алғашқы аптасынан-ақ ағайым тапсырма берді. Тақырып таңдауға қатысты біраз ойландық. Ұлттық кітапханадан, ғылыми кітапханалардан қорғалып жатқан ғылыми зерттеу тақырыптарымен танысып шыққам. Ағайым біраз тақырыптарды ұсынған. Солардың ішінен «Сәбит Мұқанов романдарындағы диалог қолдану ерекшелігі» тақырыбына келдік. Қаламгердің прозалық туындыларымен, солардың ішінде романдарымен бұрыннан таныспын, ал диалог мәселесіне келгенде, зерттеулердің аздығы байқалды. Алдымен осы диалог проблемасын, теориялық жағын қарастырып, отандық әдебиеттанудағы, орыс әдебиеттануындағы, сонымен бірге шетел әдебиеттануындағы зерттелуін, көркем диалогтың қызметін, түрлерін, кейін романдардағы қызметін, мысалдар негізінде типологиялық жағынан топтастырылуын қарастыруды жөн көрдік. Сәбит Мұқанов романдарындағы диалогтарды қарастырғанда, қаламгердің «Ботагөз», «Сырдария», «Аққан жұлдыз» роман-дилогиясындағы қолданыс ерекшелігі зерттелді.
Қазақ ұлттық әдебиетінің мұрасы мол, ұшан-теңіз қазына. Әр дәуірдің кез-келген туындысы оқырманды өзінше қызықтырады және бір ауқымды зерттеу жұмысының тақырыбы бола алады. Әсіресе, қазақ әдебиетінің алтын ғасыры саналатын ХХ ғасыр ұлт әдебиетіне өнегесі мен тарихи ғибраты зор мол туындыларды дүниеге әкелді. Осы жемісті дәуірдің көркемдік жетістіктері қатарында аталатын мәртебелі туындыларының бірі – С. Мұқанов романдары. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің дамуына, кемелденіп жетілуіне өзіндік үлкен үлес қосқан, “бір өзі бір библиотека кітап жазған (Ғ. Мүсірепов), “алыптар тобының” айтулы өкілі, ұлттық әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларының бірі – С. Мұқановтың проза, поэзия, драматургия салаларындағы туындылары бүгінге дейін көптеген зерттеу жұмыстарының обьектісі болғаны, лайықты бағасын алғаны шындық. Алайда, қаламгердің сан саналы шығармашылығының қыры мен сыры түгел қарастырылды дей алмаймыз.
Мұқановтанудың арнасын кеңітіп, өрісін ұзартқандардың қатары мол. Олар: Т. Нұртазин, Ә. Тәжібаев, М. Қаратаев, Б. Кенжебаев, Т. Кәкішев, С. Қирабаев, А. Нұрқатов, Қ. Жармағамбетов, С. Сейітов, М. Хасенов, Қ. Ергөбек, С. Мақпырұлы, Р. Тұрысбек, К. Ахмет т.б. Жазушының әдеби мұрасы аталған ғалымдардың еңбектерінде жекелеген жанрлар бойынша емес, поэтикалық тұрғыдан кең көлемде зерттеліп, сараланса да, біз қарастырған қаламгер шығармаларындағы диалог мәселесі зерттеу нысанынан тыс қалғандай. Біз діттеген мәселе тек диалог туралы жалпы түсінік беріп, жалаң қарастырылмай, қазақ және орыс, әлемдік әдебиеттану ғылымындағы диалогтың теориялық тұрғыдан зерттелуін негізге ала отырып, С. Мұқанов шығармаларындағы диалогтың атқарған рөлін анықтап, қаламгердің диалогты қолданудағы алға қойған мақсаты мен жазушылық шеберлігінің тағы бір қырын аша түсетіндігін айқындауға тырыстық.
Жазушы талантының қыры – сан тарау, мың сан арналы екенін ойға алсақ, кейіпкер характерін ашудағы бірден-бір кілт болып табылатын, жазушылық шеберліктің бір қырын айқындар диалог тәсілін жеке, белгілі бір жүйемен талдай отырып, қаламгер туындыларындағы әр қилы, сан алуан диалог үлгілерін тек көркемдік қасиеті жағынан ғана емес, функционалдық тұрғыдан талдау мақсатын алға қойгған едік. С. Мұқанов әдебиеттің барлық жанрлық салаларында қалам тербегені баршаға аян. Зерттеу еңбегімізде қаламгердің прозалық шығармаларындағы диалог үлгілері қарастырылды. Диалогтың әрбір көркем прозадан көрініс тауып отыратыны сөзсіз. Ал қаламгер қолданған диалог үлгілері әр ортаның тілінде сөйлеп, ауызекі әңгіме түрінде басталып, қуаты күшті күрделі көркем диалогтарға дейін ұласып, ұлт тілін бойына сіңірген халық жазушысы екендігін танытып отырған. С. Мұқанов романдарындағы диалогтар кейіпкер мінезін, психологиясын, характерін ашудың, кейіпкер тілін даралаудың шынайы үлгісі болып қалары айқын. Жазушының 115 жылдығы қарсаңында «С. Мұқанов романдарындағы диалог қолданысы» атты монографиям түрік тілінде Түркияның Анкара қаласында басылып шықты.
- Бүгінгі күннің оқырманы Сәбит Мұқанов шығармаларын қай қырынан оқуы қажет деп санайсыз?
- М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне алғаш жұмысқа келген жылдары «Тәуелсіздік кезең әдебиеті» пәнінен сабақ бергем. «Әдебиет теориясы» курсында жыл сайын төртінші курс студентермен кездесемін. «Тәуелсіздік кезең әдебиетінен» бергенде, өзім де оқып, талдап, 200-дей шығарманы оқып, талдауға тапсырма бергем. «Әдебиет теориясында» әр тақырып мысалмен дәлелдеуді қажет етеді. Тәуелсіздік кезеңіндеміз деп, тек осы кезең шығармалары мысалымен шектелмейміз ғой. Дәстүр мен жаңашылдық бар. Кеңестік кезеңнен аттап өтіп кете бермейміз. Студенттермен өткен бір әдеби талдауларымызда Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махабатын» «Адасқандар» атты алғашқы нұсқасымен салыстыра талдап, студенттер қойылым да қойған.
Студенттерімізге көркем туындыдағы кейіпкерлер бейнесін таныту тәсілдеріне келгенде, портрет, тура мінездеу, жанама мінездеудерді талдағанда, қаламгердің «Өмір мектебінен» тапсырма бергем. Романды толық оқып, өмірлік мазмұнын тереңнен түсініп, қаламгердің өзінің өткен өмір мектебін, сол кезеңдегі халық өмірін, қуанышы мен қайғысын, күресін, сол халық ішіндегі қиындықты еңсеру жолындағы күреске толы өмірін, бақыт іздеуін ерекше әсермен қабылдап, ой түйгендері әлі есімде. Осы оқиғаларды автордың әңгімелеу, баяндау стилін айтқанда, жазушының өзгеге ұқсамайтын өзіндік мәнері бар әңгімешілдік дәстүрін тани алғандығы. Қай кезеңнің оқырманы да өмірлік сабақ боларлық оқиғалардан аттап кетпесі анық.
- Сәбит Мұқановтың тұлғалық болмысына қатысты алып-қашпа әңгімелер айтылып жатады. Сіз бұл хақында не ойлайсыз?
- Ондай әңгімелер айтылып та жүр, жазылды да. 2009 жылы аспирантураны аяқтап, қорғауға дайындалып жүргенде, диссертациялық кеңес жабылып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің диссертациялық кеңесіне құжат тапсырып, қазақ әдебиеті кафедрасынан талқылаудан өткем. Ғылыми жетекшім Серік Мақпырұлы өзі бірге апарған. Сол кезде мен академик Тұрсынбек Кәкішұлымен жақын танысқам. Ағай диссертациямды өзі оқып, пікір білдіріп, сөйлеген. Тұрсынбек Кәкішұлы сол кезден өзінің шәкіртіндей көріп, ақыл-кеңестерін берген. Ағаймен болған әр кездесу, әңгімелесу әдебиет сабағындай өтетін. Сол талқылаудан кейін де ағайымыз сіз қойған сұраққа орай сөз қозғағаны әлі есімде. «Мен архив кезген, сол архивте көз майымды тауысқан адаммын. Мұқановқа қатысты айтылған сөзде дерекпен, дәйекпен жауап бергем, әлі де солай. Жазушы да адам, пенде. Оның пендешілікпен айтқан сөздері, кейбір әрекеті үшін көзі тірісінде қате кеткен тұстарын өзі мойындаған жазушы. Ал оның шығармаларына, көркемдігіне ондай алып-қашпа әңгімелер селкеу түсірмеу керек» деген болатын. Осындай әңгімелерге орай, сәбиттанушы ғалым, ф.ғ.д. Күләш Ахмет ел газеті «Егемен Қазақстанда» дерекпен, дәйекпен жауап берді. Менің көзқарасымда қаламгер жазушы тұлғалық болмысына қатысты бағаланбайды, жазушыға баға тұлғалық болмысына емес, оның әдеби туындыларына беріледі. Сәбит Мұқановтың шығармалары дәуірін көркемдік деңгейде суреттеген халықтық жазушы екендігін дәлелдеді, солай болып қала бермек.
- Бүгінгі күннің «Мөлдір махаббаты» қалай жазылуы тиіс?
- «Махаббатсыз дүние бос» деп кеткен хакім Абай. Махаббат тақырыбы өмірлік мазмұнды құрайды. Мәңгілік тақырып. Жазушы жазғанына сендіре білу керек. Оқырман шығармадан өзін табады, ортасын табады, дәуірін таниды. Біздің алдымыздағы буын Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» жастанып оқыған ұрпақ. Араға біраз жылдар салып, Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар мен жас өспірімдер театрында режиссер Ф. Молдағали осы туындыны сахналағанынан хабардармыз. Режиссердің бір сұхбатында осы спектакльде әр қойған сайын, жас көрерменнің көп болғанын айтады. Демек, Ербол мен Меңтайдың махаббатына сенген. Өмірде бәрі өзгері мүмкін, бірақ сезім өзгермейтіні ақиқат. Әдебиеттің қай жанры болмасын, сезімді сөйлетуде сендіре білсе, оқырманын да, көрерменін де табары сөзсіз.
- Ұстазыңыз Серік Мақпырұлы жайлы айтып беріңізші? Қандай адам еді?
- Ұстазым Серік Мақпырұлы туралы әр сөзімде айтып жүрем. Ол кісі ізгілік нұрын шашқан жан. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген ұғым бар. Бұл кез-келген адамға телінбейтін баға. Нағыз гауһар тас жан-жағына жарқыратып сәулесін шашып, нұрын сыйлайды. Нағыз ұстаз да – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола білген ардақты адамды кемел тұлғаға балайтынымыз анық. Серік Мақпырұлымен таныстығыма 20 жылдан астам уақыт (2000 жылдан) болды. Осы уақыт аралығында байқағаным, оның жемісті жылдарының жеңісі мен жетістігі анық аңғарылады. Серік Мақпырұлының әріптестік ортада өзіндік таным, терең білім, еңбексүйгіш, жұмысқа қабілеттілік пен талапшылдық, ізгілік қасиеттерімен ерекшеленген тұлға екендігін осыған дейін де ұстазыма арналған естеліктерімде үнемі айтып жүрем.
Профессор Серік Мақпырұлы 2000 жылы Алматыдағы оқушылардың «Дарын» қосымша білім беру орталығына келіп дәріс оқыды. Республиканың әр өңірінен келген оқушылар жиналған. Түске дейінгі уақытта университет ғалымдары дәріс оқиды. Басқа уақыттарда танымдық кештер өтеді. Әр аудиторияда ғалымдар белгіленген уақытта дәріс оқиды. Кезекті кесте де ілінді. Дәріс тақырыбы – «С. Мұқановтың «Ботагөз» романының шығармашылық тарихы (жазушы лабораториясы)». Мен үшін өте қызғылықты тақырып. Ертеңіне асыға дәріс өтетін кабинетке келдім. Ең бірінші болып кірдім де, алдыңғы партаға отырдым. Ұстазымды, болашақ ғылыми жетекшімді ең алғаш көруім. Дәріс басталмас бұрын, ағай жай ғана дауыспен: «Фамилияң кім болады?». Мен асыға «Сұлтанғалиева» деп жауап қаттым. «Батыстан екенсің ғой, «Ғалилардың» барлығы сол жақта ғой» деді. Ағай дәрісін оқыды. Бірнеше рет кездестік. Сонымен білімді жетілдіру уақыты да аяқталып, елге қайттық. Сол жылы 11-сыныпты аяқтап, Алматыға оқуға келдім. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға қабылдандым. Бірінші курстағы алғашқы дәріс. 404-аудитория. «Әдебиеттануға кіріспе» пәні. Оқытушы аудиторияға кіре бергенде, көңілде қуаныш орнағандай күйде болдым. Бір жыл бұрын танысқан Серік Мақпырұлы. Ағай көп студенттің ішінен мені бірден тани қоймады. Сабақ аяқталысымен ағай беттеген кафедраға қарай келдім. Кафедрада академик Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин бастаған ұстаздар. Кафедраға кіруге бата алмай, ағайымның шыққанын күттім. Дәлізге шыға бергенде, қасына бірден бардым. Танымай қалар ма екен деген көңілде күдік те орнады. Алдына шыға бергенде, ағайымның бірден танып, аялы алақанымен қолымды қысып, маңдайымнан сүйгені, сол күнгі ыстық ықыласы менің жүрегімде мәңгілікке сақталады. Студенттік өмірдің төрт жылы зымырап өте шықты. Осы жылдар аралығында ағайымның арқасында уақыттың текке өтпегенін бүгінгі күні анық сезіледі. Ғылыми конференцияларға үзбей қатыстым. Студенттің жазған мақаласы республикалық «Ұлт тағылымы» журналында да басылды. Серік Мақпырұлының жетекшілігімен диплом қорғадым. Университетті үздік аяқтап, аспирантураға түстім. Кандидаттық диссертациямды уақытында аяқтап, қорғауға дайындалдым. Ғылыми кеңестердің уақытша тоқтатылған кезі. Уақытты өткізбей, ағайым жетектеп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға алып барды. Сол кезде академик Тұрсынбек Кәкішұлымен таныстырды. Академиктің ақ батасын да алдым. Мені 25 жасымда кандидат қылған, одан кейін де осы саладағы жалғасқан жетістіктерімнің барлығында да ұстазым Серік Мақпырұлының қолтаңбасын аңғармау мүмкін емес. Жай ғана қарапайым нәрсе боп саналатын, тапсырманы уақытынан кейін кешіктірмей, дәл уақытында не айтылған уақыттан бұрын орындауға да тәрбиелеген Серік ағай болатын.
Серік Мақпырұлының ұстазы Нығмет Ғабдуллинге сүйікті шәкірт болғаны көз алдымда өтті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық қарым-қатынасқа барлығы қызыға қарайтын. «Секеңнің жетегіне ерсең, өрге қарай жүресің, қарағым» деген Нығмет Ғабдуллиннің «Сен, Секеңе жақсы шәкірт боласың» деген сөзі мені ұстазыма одан да жақындата түсті. Әдебиет ұлы өнер болса, ал өнерге әрқашан адалдықпен қарау керек дегенді ағай шәкірттеріне ұғындырып өтті. «Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Серік Мақпырұлы кісілік келбетін келістіріп, шынайылықты асқақтатып келген ардақты тұлға бола білді. Ана сүті дарытқан абзал қасиеттің жемісі айналасына ғибрат нұрын шашқан ғұмыр сыйлады. Е. Букетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Серік Мақпырұлының бойынан осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы табылары сөзсіз.
«Ойлар, ойлар,
Қамығам кейде
Өмірім мынау
Толқыған бейне
Қас-қағым сәтте өтердей.
Ауырлық батпай,
Төгілмей тер де,
Парызым мынау
Туған бір елге
Қалар ма деп өтелмей».
Бұл «Көңіл сазындағы» шумақтар... Ұстаздың азаматтық парызы да туған елге аянбай еңбек ету болса, ұстаз парызы өтелгендей. Оған елдің әр түкпірінде жүрген, ұстаздықтың кемесіне мінген шәкірттері мен ғылым әлеміне қадам басқан ғалымдар еңбектері куә. Дәстүр сабақтастығы деген осы шығар.
- Кейбір әдебиетшілер қазіргі қазақ әдебиетіне романның қажеті шамалы, оны оқып отыратын оқырманның уақыты жоқ, қысқа новеллалар ғана жазылуы қажет деп жатады. Сіз бұл жайында не ойлайсыз?
- Университетте сабақ бергендіктен, жастармен жұмыс жасаймыз ғой. Солармен бірге оқимыз, шығармаларды талдаймыз. Жастар да бар осындай пікірдегі. Ол өмір ағынына қатысты шығар. Қазір бізде бәрі тез, ақпараттар да тез дамуда. Ол да оқырманға әсер етері сөзсіз. Бірақ оқырманның уақыты жоқ екен деп, қысқа шығармалар жазылуы тиіс деген біржақты көзқарас деп ойлаймын. Ахмет Байтұрсынов романға «ұлы әңгіме» деген анықтама береді. Роман болғандықтан, ол эпикалық кең тыныстылығымен ерекшеленеді. Романдағы кең тыныстылық көлеммен өлшенбейді, мәселе көркемдік деңгейінде. Оқиғалар да бірізді ұзақ сонар баяндаулармен емес, жалықтырмайтындай, сюжеттің кульминациясын тағатсыздана күтіп оқитындай, шиеленіске толы, оқырманын елітіп әкететін суреттеу тәсілдерімен ерекшеленіп тұратын композициялық құрылымға ие, ой да бар, толғаныс та бар, көтерер жүгі ауыр, кейіпкерлер образы жан-жақты толық ашылуымен еркшеленуі керек шығар. «Нағыз талант кешегі күнді де емес, болашақты да емес, бүгінгі күнді жазады» деген орыстың ұлы ақыны Пушкиннің сөзі бар. Оқылымды шығармалар көлеммен емес, бүгінгі күннің тынысын шебер суреттеуімен, көркемдік сипатымен ерекшеленеді деп ойлаймын.
Сұрағыңызға орай бір жай еске түсті. Осыдан біраз жыл бұрын Алматыға сапарымда жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев өзінің 70 жылдығына арналған халықаралық конференция мен театрдағы бенефис кешіне шақырып барғам. Пленарлық мәжілісте бас баяндама жасадым. Кешкісін әр өңірден келген қонақтар сөз алып, құттықтауларын білдіріп жатқан кез. Оралдың атынан барғасын, бір ауыз құттықтауымды жеткізіп тұрған сәтте: «Конференцияда баяндама жасаған қызсың ғой, атың кім? Қай жақтан келдің?», – деп бір кісі жөн сұрасып, «Сізді Әбдіжәміл Нұрпейісов аға шақырады», – деді. Абыз қаламгермен де, шығармаларымен де таныспын, Жазушылар одағында болған кештерде көріп те жүрмін. Бірақ жақын сөйлесіп көрмеппін. Университетте оқытушы екенімді біліп: «Жастар қай шығармаларымды оқып жүр? Жалпы, қазір романдар оқыла ма?», – деп сұрағын төтесінен қойды. Өзім сол кезде тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттен сабақ бергесін, бірден «Соңғы парызды» оқитынын, осы сабақ өтетін топтар бұл романды түгел тапсыратынын жеткіздім:
– «Соңғы парыз» – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ романы, бұл шығармаңыз Кеңес дәуірінде жазыла бастағаны белгілі ғой. Алғашқы нұсқалары кітап болып жарияланып та үлгерген. «Соңғы парыз» роман-дилогиясының басты табысы туралы қазақ және әлем әдеби сыны түйінді ойын айтып та үлгерді. З.Қабдоловтың бағалауында «Соңғы парыз» романыңыз қазіргі қазақ прозасының айтулы үздік жетістігі екенін білеміз. «Табиғат тақырыбы өзіңізді ертеден толғандырып келе жатқаны айқын. «Қан мен тер» романындағы басты кейіпкердің бірі Тәңірберген мырза: «Адам аспанға тырмысып шықпасын деңіз. Шықты екен, аспанды да ластайтын түрі бар», – дейтіні де бар.«Заманақыр – азғынды өмір кезеңі» дейтін Абайдан қалған сөз бар. «Табиғатты азғындатқан адам қай оңған тірлік жасайды», – дегізеді ғой роман. «Бірақ қолдан ақырзаман туғызушы шенқұмар, баққұмарлар оңай алдыратын жау емес. Ондайлар өмірде басым түсіп жатады. Әдебиет – гуманизм құралы. Оның өз серті бар. Жамандық жазаланбай қалмауы тиіс». Сіздің шығармаңыз да ежелден келе жатқан бұл дәстүрден ауытқымайды. Арал қасіреті – адамзаттың экология мәселесін елемеуден туған қасіреттің бір көрінісі. Аралдың азып-тозып бара жатқанына адамзат немқұрайлы қарамауы тиіс. «Адамзат, енді сен оян! Соңғы парызың – осы!» деген шығармаңыз туралы барынша осылай түсіндіреміз, – дей бергенімде, қай жақтың қызы екенімді сұрады.
– Оралданмын, – дедім. «Қызым, мен сөзге сараң адаммын жалпы. Жайықтың қыздарының жаны сұлу ғой. Бақытың баянды болсын. Әбдіжәміл атаң маңдайыңнан бір сүйеді», – деп қысқа қайырған. Бұл да жай естелік болмасы анық. Кейін осы естелік «Классиктің батасы» деген атаумен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған.
- Қазіргі қазақ прозасына қатысты көзқарасыңыз қандай?
- Қазіргі қазақ прозасының қай жанрында да жаңашылдық бар. Әңгіме жанрындағы шығармаларды көп оқиды екенмін. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әңгімелерін талдағанда, алдыңғы буын қаламгерлердің М. Мағауин, Ш. Мұртаза, Қ. Жұмаділов, Б. Нұржекеұлы, Қ. Түменбай, Н. Ораз, Т. Ахметжан, Р. Мұқанова, А. Алтай, Д. Амантай, А. Кемелбаева сынды қаламгерлердің әңгімелері тәуелсіздік кезең прозасына, шағын көлемді эпикалық туындыларды дамытуға үлкен үлес қосты деп ойлаймын. Жаңа заман, жаңарған қоғам, жаңа адамдар туралы жазылды. Бүгінгі қазақ прозасында еркіндік бар. Дәстүрлі әңгімелерден бөлек, экспериментке баруымен ерекшеленген қаламгерлердің әңгімелері де бар. Бұл жаңашылдық ортаңғы буын туындыларынан да, жастар прозасынан айқын аңғарылады. Жалпы, қазіргі қазақ прозасындағы готикалық элементтер М.Омарова, Қ.Мүбарак, А.Мырзахмет сынды т.б. жазушылардың шығармаларында жиі кездесетінін байқауға болады. Қазақ әдебиетінің даму процесінің ілгерлеуі үшін эксперименттердің қажет екенін саналы оқырман біз айтпасақ та біледі.
Лиpa Қoныcтың тaңдaғaн тaқыpыбы – жacтap тaғдыpын қыcқa дa нұcқa нaқылғa бepгiciз филocoфиялық түйiндi oйлap apқылы жaнpлық, cтилдiк, түpлiк тaбиғaты өзгeшe мәнерде береді. Oның көpкeмдiк әлeмi eшкiмгe ұқcaмaйтын epтeгiмeн eтeнe бaйлaныcқaн, eлec пeн кәдiмгi тipi кeйiпкep apacындaғы қaйтaлaнбac қapым-қaтынacтapғa, пcиxoлoгиялық қaйшылықтapғa тoлы диaлoг, мoнoлoгтapғa құpылғaн. Мақсат Мәліктің шығармаларында көтерілген қоғамдық проблемалар, ойды астарлап, жұмбақтап жеткізуде мистика, магия мен мифті көркемдік әдіс ретінде қолданылуы, бүгінгі қоғам бейнесін, халықтың мұң-мұқтажын, рухани азғындаған заман көріністерін мистикалық кейіпте суреттеу ерекшеліктерін айқын бейнелейді. Лира Қоныс пен Мақсат Мәліктің әңгімелерінде мифті көркемдік тәсіл ретінде қолдану арқылы кейіпкерді мистикалық мотивтер мен магиялық, тылсым күшке сенуге, шығарма барысында бір немесе бірнеше рет ой қиялына жүгіндіреді. Мифтік сарынға негізделген бүгінгі прозаиктердің мистикалық шығармаларында пейзаж, портрет, мінездеу, суреттеу сынды көркемдік тәсілдердің белгілері аз байқалады. Жазушылар оқырман қиялына да ерік беріп отырады.
Өмірден жас кеткен қаламгер Aягүл Мантайды epeкшeлeйтiн нәpce – кeз кeлгeн әңгiмeciндe тipшiлiктiң мәнi, ғaлaмның жapaтылыcы, aдaмның бoлмыcы тypaлы құнды oйлapы. Жaлпы жaзyшының қaй әңгiмeciн aлcaңыз дa, бүгiнгi зaмaндacтapымыздың күpдeлi тaғдыpлapы, oлapдың жaн әлeмiндeгi түpлi ceзiмдiк, пcиxoлoгиялық құбылыcтap, iшкi ceзiм иipiмдepi, oлapдың iздepi бaйқaлaтын ic-әpeкeттepi, iшкi бyыpқaныcтaн, тoлғaныcтaн тyып жaтaтын дүниелер, кeйiпкepлepдiң бейнесі шынaйы бeйнeлeнгeн. Ғалымдардың пайымдауында мифопоэтика адамзаттың дүниені танып-білуіндегі, дүниенің рухани бітімін түйсінудегі бір жолы, бағыты болса, бүгінгі қазақ прозасындағы Аягүл Мантайдың, Қойшыбек Мүбарактың шығармаларындағы мифопоэтикалық сарындар соның бір көрінісі дер едік.
Әдеби талдауда шығарманың қай жанрын да таңдап оқымайсың. Барлығын оқуға міндеттісің. Ал оқырман ретінде жылылық, лиризм, мөлдірлік бар туындылар өзіме жақын. Қай шығармада шынайылық болса, сол шығарма өз оқырманын сендіре біледі, жоғалтпайды деп ойдамын. Қазіргі уақытта жерлесіміз Жадыра Шамұратованың әңгімелері шынайылығымен ерекшеленіп жүр деп ойлаймын. Жақында автордың «Сандық» атты әңгімелер жинағын сыйға тартқан. Алда осы әңгімелермен оқып танысам деген ниеттемін.
- Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романына қатысты ««Бас» қазақ ұлтының көшбасшыларынан айырылып, небір алмағайып замандарда жоғалып барып табылып жерленген Махамбеттің арғы жағында қазақ деген тұтас ұлттың тұрғанын айғақтайтын әлеуметтік символикалық жүгі ауыр шығарма», - деп пікір білдірген екенсіз. Бас романының тарихи астары тым тереңде ме?
- Р. Отарбаевтың «Бас» романын қазақ прозасындағы тың ізденістік құбылыс деп ойлаймыз. Иә, романның тақырыптық атауы – «Бас». Ойлы оқырманға кітап мұқабасындағы суреттің өзінен жай ғана бас емес, ұлт тарихының қатпарынан сыр шертер көшбасшыларға қатысты екенін ұғынасың. Қазақ тарихындағы ұлт-азаттық көтерілістердің марғасқа көшбасшыларының қаншасының асыл сүйегі көмусіз айдалада қалды, қаншамасының денесінен басы кесіліп, тағдырлы аруаққа айналды. «Бас» романында аруақтарымыздың алдындағы ұлттық намысымызға үлкен сын болған қаралы кезеңдер суреттелген болатын. Қазақ тарихында басы кесілген бізге белгілі екі тұлға бар. Бірі – аруақты ақын, жыраулық дәстүрдің соңғы өкілі, батыр қолбасшы, Исатайдың сенімді серігі, көтерілістің басты идеологі болған Махамбеттің басы. Батырдың денесімен қайта қауышып, бірнеше жылдан соң қайта жерленген тағдырлы тарихи бас. Басынан айырылған дене не бітіреді?! Қаламгер осы арқылы ұлттық мүдде, елдің тұтастығы мәселесін астарлы символикамен жеткізеді. Ал екінші бас – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының басы. Ол әлі күнге табылмады, елге қайтарылмады. Міне, мәселе кейінгі ұрпақтың аруақтар алдындағы қарыз бен парызды еске салғандай.
Сөйтсек, автор ұлттық тарихымыздағы денесінен басы кесілген ұлт көшбасшылары екеудің ғана мәселесін емес, жалпақ тарихтағы белгілісі бар, белгісізі бар, кесілген бастан бөлек, туған ел топырағынан жырақта көмусіз, жоқтаушысыз қалған қаншама ата-бабаларымыз бар, соларды да автор кейіпкерлері арқылы баяндауларда елдік мәселе деңгейінде қосады. «Көңіл-көмбеде не жатқан жоқ дейсің? Кешегі өткен Қабанбай мен Бөгенбай, Қарасай мен Ағыбай, Кенесарылар осы елге ортақ жақсылар ғой. Одан бергі Алашорда көсемдері ше? Ай, айтары бар ма? Осы арыстардың исі қазақ даласы үшін жасаған жанкештілігін жазсаңыз, ақ қағаздың өзі сары майдай ерір еді?! Осы арыстардың азапты тағдырын, отбасынан ажырап, ұрпақсыз қалғанын, тіпті кәлләсінің өзі әр шұңқырда домалап жатқанын жазсаңыз, ақ қағаздың өзі зар жылар еді?!». (Романнан үзінді).
Міне, романда Кенесары ханның басына қатысты мәселе де көтеріледі. Роман Махамбеттің қаңқа сүйегіне қарап, қазіргі Махамбеттің бет-пішінін жасаған антрополог ғалым Ноэль Шаяхметовтің шеберханада отырып, батыр ақынның ақсүңке бас сүйегімен тілдескен монологынан басталып, лирикалық шегіністерге ұласады. Тарихтың ақиқатын түгендеуде тарихи деректермен бірге, археологиялық жәдігерлер, сондай-ақ антропология ғылымының да орны ерекше екені мәлім. Автор осы романында қазақ тарихының бұлыңғыр парақтарын жеткізуге үлес қосқан, бірақ сол кездегі саясат салқыны ұлттық дүниелердің шынайы ақиқатының ашылуына кедергілер келтіргенін суреттейді. Ұлттық құндылық, тарихи дүниелерге мән беруге құлықсыз, немкетті билік тапсырмасының номенклатурасымен жүретін мекеме басшыларынан қайран жоқ. Бұл да өмірдің шындығы екені ақиқат.
Романның сюжеттік желісіне тарихи тұлға, ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі – Махамбет Өтемісұлының зерттеуге алынған бас сүйегінің саясат салқынының салдарынан, жауапкершіліктің жоқтығынан, ұлттық құндылықтар, тарихи мұраларға деген сол кездегі салғырттықтың салдарынан ескерусіз қалуы, жоғалып кету қаупі орын алғанда, Құрақ Бектұрғанұлы (өмірдегі есімі) ақсақалдардың араласуымен елге қайтарылып, жерленіп, батыр рухының жай табуы шығармаға арқау болған. Бірақ авторлық тұжырым бұдан да ауқымды елдік мәселеге келіп тіреледі. Батыр аруағының бүгінгі ел басқарған ел ағаларына аян беріп, түсіне енуі авторлық тұрғыдан шарттылық, көркемдік амал болғанымен, өткенді ұмыт қалдыру, болашаққа қиянат екенін еске салғандай. Автор романда біршама көркем шарттылыққа барып, бірнеше кейіпкерлермен қоса, Махамбеттің бас сүйегінің өзін бір образ деңгейіне көтереді, сондай-ақ Жәңгір хан, Баймағамбет сұлтан, Ықыластардың да аруақтарын сөйлетеді. Романда Махамбет пен оның өліміне қатысты тарихи тұлғалар арасында диалогтар арқылы беріледі, бірақ автор диалогтарда ерекше көркемдік шешіммен келген. Бұған дейінгі тарихи деректерді диалогқа айналдыру емес, бүгінгі күн биігі тұрғысынан келеді. Әрбір тарихи деректерді әдебиетте көркемдеп жеткізуде хронотоптық мәселе тұрғысынан ерекше мән береді. Махамбет пен Жәңгір, Махамбет пен Баймағамбет сұлтан, Ықылас арасындағы диалогтарды романның бас кейіпкерлері Ноэль, кейін Дәурен мен Айым куә болып хатқа түсіріп отырады. Романның ішіндегі роман жазу тәсілі. Мұның бәрі, әрине, автордың шығармашылық қиялының жемісі. Аталған диалогтар бір жақты емес, жақсы мен жаман тартысы емес, тарихи ақиқат шындығы мен бүгінгі азат рухтың тарихи ақиқат шындығының диалогы десе де болады. Себебі бұл Жәңгір хан мен Махамбет диалогінен анық байқалады. Бүгінгі күні екі тарихи тұлғаның да ұлт үшін атқарған қызметі, еңбегі егемен ел тұсында жан-жақты әділ бағасын алып отыр.
Диалогтар әдебиет теориясындағы эпифания арқылы беріледі. Аталған термин – жан дүниенің нұрлануы мен аян берілу дегенді білдіреді. Түн уақытында тіл қатқан Махамбеттің басы өмірдегі өзінің қас жаулары болған жандармен аян берілу сәті арқылы суреттеледі. «Бас» романындағы автордың жаңашылдық тұстарына тоқталып өтсек...
Біріншіден, ақсүңке бас сүйекті жансыз болса да, образ деңгейіне көтеріп, батырдың айбатты, қаһарлы басы, ақиқаты кейінгілерге де үрей туғызуы арқылы әлеуметтік символикаға жетелеуі, ең алдымен, заман шындығы мен жалғандығы, саясаттың құрбандарын еске салып, көркемдік тұрғыдан жинақтай білуі. Екіншіден, мазмұн мен пішін тұрғысынан әрбір образ, тақырып пен идея, композициялық құрылымы жұп-жұмыр болып келуі, авторлық идеяға қызмет етіп отыр. Үшіншіден, автордың тарихтың ақтаңдақ беттеріне қайта бір оралып, өзіне дейінгі жазылған көркем дүниелерден жаңаша жол іздеуі. Ол роман құрылымындағы өлі аруақтардың диалогына сырттай бақылаушы болып, шындықты жазып алушы бас кейіпкерлер Ноэль, Дәурен, Айымдардың роман ішінен роман жазуға үлес қосуы, яғни мәтін ішіндегі мәнмәтін. Аруақтардың тіл қатуы, елес пен сөйлесу, бәрі-бәрі қазіргі прозада ерекше қарқын алған үрдіс деуімізге болады. Бұл авторға ішкі психологиялық иірімдерді, образдардың ішкі рухани әлеуетін ашуға қызмет етсе, екіншіден, автордың көркемдік тұрғыдан жеке дара ізденушілік қолтаңбасын танытады.
Төртіншіден, автордың тілдік қолданысындағы заман суретін, адамдар образдарын бейнелеудегі ащы шындықты тіліп түсірер өткірлігі, көркемдеп жеткізу арқылы астарлы ұғымдарды бере білетін өзіндік ерекшелігін байқаймыз. Прозадағы метафора, теңеу, символика, сатиралық суреттеулердің бәрі автордың жалпы прозасына тән ортақ арнаны танытады. Осы орайда жазушы Мереке Құлкеновтің сөзі ойға оралады: «Жазушы Рахымжан Отарбаевтың тілі – бөлек бір әлем. Бояуы қалың, сан қатпарлы, жүз астарлы, оқырманды елітіп, егілтіп әкететін ерекше бір құдірет». Тіпті романның тақырыптық атауының өзін «Бас» деп алуынан-ақ әлеуметтік резонанс туғызуының өзі авторлық болмыстан хабар бергендей. Авторлық афоризмдерге ұласардай түйінді ойларын да анық байқауға болады. Мысалы:
«Емен есігі ерініп ашылатын мекемелер...»;
«Иә, қазақ болып өмір сүру кейде қызық!»;
«Бизнесмен? Мама, босқа шаршап қайтесіз? Олар ақшаның тілін білгенмен, адамның тілін білмейді ғой, - деп айым киіне бастады»;
«Өлген бураның басынан тірі атандар шошиды»;
«Көп жалғандықтың жалғыз шындықтан үркетінін көрдім. Сана азат болмаса, тәуелсіздіктің құны көк тиын»;
«Көйлегім емес, көңілім тозды»;
«Тірінің қадіріне жетпеген қазақтар өлгенді қайтеді?»;
«Жалғандық жайлаған жерде ақиқатқа таз кепешті кигізбей қоймайды»;
«Нар жайылар көлдің жайлауына өңшең тоқал ешкіні ойнақтата алмаспын»;
«Ауына тамызбай сиіп келгеніне олжа көріп отырмай ма, қақбас!»;
«Жастықтың өзі – жарты мас»;
«Семіз шай үстінде болашақ жоспар талқыланады»;
«Бір-бірінің аузын жалап үйренген қазақ жаңалыққа зәру емес»;
«Тайқазанның қақпағы жоқ, ұлыларының басы жоқ бұл неткен иесіз ел?!»;
«Осы күнгі жастардың сөзі қысқа ғой. Жарты сөйлеммен сөйлейді»;
«Жер тістеп жатқан уақыт жылжыса ше?»…
Автор Р. Отарбаевтың көркем образды суреттеулерін тізбектей берсек, романның өн бойынан небір тіркесті сөздер, өзіндік қолданыстар кездеседі. Писхологиялық иірімдерді берудегі бір ерекшелік, автор ішкі монологты емес, диалог, сыртқы портреттік бейнелеу тәсілдері арқылы беру шеберлігі анық байқалады. Романдағы Махамбеттің бас сүйегін табуға сыйақының тағайындалуы, үш бас сүйектің үш түрлі жолмен табылуына мән берген автор алаяқтық, ақша үшін, құлқын қамы үшін мола қазуға дейін барған қылмыскерлер бейнесі, кейбір зиялы қауымның кейбір олқы қылықтары, заманға бейімделген түрлі мансаптық бағытта пайда үшін сыйластық, жасандылықтың орын алуын қоғамдық ортаның қалыптастырған бейнесі ретінде суреттейді. Бұл Ықас, әйелі Қарақия, ғалым Қайып, әйелі Дүрия, ауыл әкімі Қарауыл, Баймахан образдары арқылы ашылады. Автордың суреттеулерінде аяусыз әшкере болған, өзін-өзі әжуалаған менипенция құбылысы анық көрініс тапқан. Сондай-ақ кейбір кейіпкерлерін сөйлете отырып, олардың да ішкі мәдениетін көрсету де шеберлік танытады. Мысалы, ауыл әкімі Қарауылдың Құрақ ақсақалдың сыртынан сөйлеген сөзінен соны аңғарамыз. Көрнекті қаламгер Дулат Исабековше айтсақ, «Рахымжанның шығармаларында қаншама кейіпкер болса, соншама қайталанбас ғажайып образ бар» екенін осы шығармасындағы кейіпкерлері де айқын дәлелдейді.
Р. Отарбаевтың «Бас» романы тарихи трагизмді суреттеуде тыңға түрен салған көркем туынды болуымен айқын ерекшеленеді. «Бас» қазақ ұлтының көшбасшыларынан айырылып, небір алмағайып замандарда жоғалып барып табылып жерленген Махамбеттің арғы жағында қазақ деген тұтас ұлттың тұрғанын айғақтайтын әлеуметтік символикалық жүгі ауыр шығарма десек, артық айтқандық болмас.
- Бүгінгі прозадағы постмодернизм тақырыбын сөз еткенде, әр түрлі пікірлер бар. Сол туралы айтып өтсеңіз...
- Постмодернизм жайында «нәтижесіз өнер», «өнерге деген қастандық», «өнер туындыларын абсурдқа жетелеуші» деген пікірлер әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Қарсылық таныту, қабылдай алмаушылық оқырман тарапынан да осы кезге дейін көрініс тауып келеді. Авторлар тарапынан көпшілік қауымға ұсынылған шығармаларды оқырмандардың қабылдауы қиынға соқты. Десе де, жазушы мен оқырманның дүниеге көзқарасы, дүниені қабылдауы, айналада болып жатқан өзгерістерден алатын әсері әр түрлі. Оның үстіне оқырманға да, авторға да айып тағу орынсыз болады.
Постмодернизм қалыптасуынан кейін, постмодернистік кейіпкерлерге қатысты «дүние қысымына шыдай алмай постадамға айналады» деген түсінік қалыптасқаны мәлім. Постмодернизмдегі поп-арт, сонористика, алеаторика, хэппенинг, соц-арт бағыттарындағы постадамның әдеби шығармада көрініс табу ерекшеліктерін анықтау әлі де болса актуалдылығын жойған емес, Бүгінгі қазақ прозсына жаңа леп алып келген Дидар Амантай, Дәурен Қуат, Мәдина Омарова, Ерболат Әбікен, Әлішер Рахат, Сафина Ақтай сынды жазушылар шығармаларын талдау барысында поп-арт бағытында негізгі орта деп танылатын заттық әлемнің және дыбыстар арқылы ашылатын авторлық «меннің», тұтынушылық мәдениеттің адамдарға әсерін байқауға болады. Шығармаларды талдау барысында заттардың адамдарға қатыстылығы мен өміріндегі оқиғаларға әсерін, дыбыстардың философиялық мәнің анықтау арқылы, постадам тұлғасы туралы қалыптасқан пікірлерді толықтыра түсуге болады.
Постмодернизмнің қалыптасу кезеңіндегі ақпараттар ағыны, технологиялардың дамуы адам өміріне әсер етпей қоймады. Постадам өзі өмір сүріп жатқан дәуірді жатсынып, әр түрлі жолдармен өзі өмір сүріп жатқан кеңістіктен қашуға талпынды. Алеаторика мен хэппенинг бағыттарының ерекшеліктеріне сүйене отырып, Дидар Амантай, Қойшыбек Мүбарак, Аягүл Мантай, Мақсат Мәлік, Думан Бақыткелді, Досхан Жылқыбай, Мерей Қосын сынды авторлардың шығармаларына талдау жасағанда, постадамның қайырымсыз құрылымдар құрсауынан кездейсоқ оқиғалар көмегімен қашуға талпынуының нәтижесіздігіне, іс-әрекеттегі ортаға бағыныштылығына көз жеткізуге болады. Әдебиетке ерекше жаңалық болып енген «постадам» түсінігі осы күнге дейін әр түрлі жолдармен сипатталып, әр түрлі өнер салаларында өзгеше түсіндіріліп келеді. Десе де постадамның қандай кезеңдерден өткен тұлға екендігі, қандай ерекшеліктерді бойына жинағандығы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу қай кезеңде де өз маңызын жойған емес. Постадам бейнесі туралы айтқанда, Талғат Кеңесбаев, Досхан Жылқыбай сынды қаламгерлер қаламынан туған прозалық шығармаларында посткеңестік құндылықтарға қайта бағдарланған тұлғалар бейнесі ашылады, постадамның тұлғалық ерекшеліктерінің кезеңдер ерекшеліктеріне сай бағдарланушылық қасиеті сараланады деп ойлаймын.
Постадам бейнесі көптеген жылдардан бері әр түрлі ғылым саласының зерттеу нысанына айналып үлгерді. Әдебиеттануда да постадам түсінігі қарастырылып келеді. Қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық үлгілері осы кезге дейін әлі дәстүрлі бағыттардың орнын алмастырып, оларды толықтай ығыстырып шығарған жоқ. Ол әлі де мүмкін боларлық құбылыс емес. Десе де, жоғарыда аталған шығармаларды талдау барысында жаңашылдықтың қазақ әдебиетіне детальды түрде келіп, поп-арт, сонористика, алеаторика, хэппенинг, соц-арт сынды бағыттардың ерекшеліктерінің қазақ прозалық шығармаларына еніп үлгергеніне көз жеткізуге болады. Постадамды тану үшін постмодернизм философиясына және әлеуметтік құбылыстардың, қоршаған ортаның, тұтынушылық заттарының әсерінің молдығына көз жеткізуге болады.
- Мазмұнды да мағыналы сұхбат бергеніңіз үшін мың алғыс, Рита ханым!
Бөлісу: