Жигмoнд Мориц. Арвачка

Бөлісу:

18.07.2023 1366

Әңгіме

Мажардың арвачка  гүлінің  (виоланың бір түрі, қазақша шегіргүл, қырғызша алагүл, орысша анютины глазки), мағынасы «жетімек». Жетімгүл десе де болады. Мажардың ұлы жазушысы Мориц Жигмoндтың жетім қыз туралы  әңгімесі де осылай аталады. 

Кішкене қыз далада ойнап жүр. Қызық өзі, күнұзақ жападан-жалғыз өзімен-өзі ойнап жүреді. 

- Арвачка!

Эсти тәтесі есіктен қайта-қайта айқайлап шақырып тұр: Арвачка!

Кішкене қыз ақыры естіді-ау деймін, үйге қарай томпаңдап, жүрегін қолына ұстап жүгіріп келеді. 

- Тозақтың отында күйгір, кір ішке! Шешең есікті сыртыңнан құлыптайды, біз зират басына кетеміз.

Кішкене қыз түкке де түсінер емес. Мұны неге сыртынан құлыптайды? Зират басына бұл да барады ғой.

Ас үй гүлдерге, хош иісті гүлдерге толы болатын. Арвачка олардың иістерін сондай жақсы көруші еді. Атасы мен әжесінің зиратына  үлкен бір құшақ гүл апарамын  деп көптен жиналып та жүрген. Гүлдерге таяп барып, сыйғанынша құшағына басты. Бірақ апа-сіңлісі қолын гүл тұрған шелектен итерді. 

Тимеңдер маған! – деп шыңғырды қыз.

Сен бармайсың! – деді Шари. Шари да, Эстер де солай деп тұр. Арвачка көзі бақырайып қарап тұр. Бұлар не дейді өзі?!

- Мен де барамын! 

Бармайсың! - деді баланың бірі. 

Арвачка мен кішкентай болған соң ерткілері келмей тұр ғой деп ойлады. Қараса өзінен анағұрлым кіші Петерке де қолына гүл ұстап алыпты. 

- Маған да беріңдер!- деп бұл жер тепкілеп шыңғыра бастады. 

- Сен бармайсың деп айттым ғой саған,- деп ақырды Шари.

Петеркенің баратын себебі, ол – ұл. Бірақ байқаса Петеркеден кішкене екі жарым жасар қыз Жужика да кішкентай қолына гүл ұстап алыпты, мұздай боп киініп алған, демек ол да бармақ. 

Енді Арвачка тіпті де түкке түсінбеді, сонда не қыл дейді бұлар. Шынымен өкпеледі, бұртиып, артқа шегіне берді. Ешкімге білдірместен бір балауызды арқасына жасырды. Олар не істесе, де өздері білсін, бұл да барады, былтырғыдай шырақ жағады. Ол жер -  зират басы - сондай көркем, бүтін дүниеде сонша гүл жоқ, әр қабырдың басы кішкене бір бақ дерсің.  Сан түрлі шырағдан самаладай жанып тұрады, жалындарын  жел тербейді. Былтырғы барғаннан сол көркемдік көз алдынан кетер емес. Ғайса пайғамбардың туған күніне шырша безендіргенде Арвачкаға үйдегілер маза бермейді. Күні бойы суықта есік алдына тұрғызып қояды, әбден түн қараңғысында шырша жанында ән салып дұға оқырда үйге кіргізеді. Сырттан жаурап келген бұның қуануға да мұршасы жоқ. Бұған сыйлық та бермейді, неге десе – айтатындары«Жамансың». Түсінсе бұйырмасын.

Шеше әлі киініп  болған жоқ, себебі қашанда шаруасы шаш етектен, күтпеске амал жоқ. Кең етеккөйлегімен көлбеңдеп арлы-берлі жүріп алды. Әлден уақытта қыруар істің қиырына жетті-ау ақыры. 

- Шеше, Арвачка бармайды ғой, иә? Арвачкаға баруға болмайды емес пе, шеше? Арвачка үйде қалады, сыртынын кілттеп кетеміз ғой, йә, шеше? – деп баланың бірі дамыл таппай зарлады. Арвачка болса состиып тұр, түкке түсінер емес. 

- Бәрібір барам, жарылып өлсең де, барам- деді бес жасар батырлығымен.

- Бәрібір бармайсың! Бәрібір бармайсың! Бәрібір бармайсың!

Mаған неге баруға болмайды? Неге олай ойлайсың?

- Себебі тек біз барамыз.

- Неге тек сендер барасыңдар? Сендер барғанда, мен неге бармаймын? Сендердің ата- әжең  - менің де ата-әжем. 

Мұны естіп, балалардың бәрі қыран-топан күлді.

- Ой! Шеше, тыңда мынаны, біздің ата-әжеміз мұнікі де екен. Ой, ақымақ! Молада жатқан сенің ата-әжең емес, тек біздің ата-әжеміз.   

Тентек балалар асыр салып, азан-казан боп шулады. 

Арвачка бұл өтірікке аң-таң. Жақ аша алмай қалды. Бауырларының бұның атасы мен әжесінің тартып ап жатқанынан жаны үрейленді. 

- Бермеймін, -деп ышқынды, - ата да, әже де менікі. 

Бұған балалар одан әрмен қарқылдап күліп, шешелерінің етегінен тартқылады: 

- Шеше, естідің бе, не деп өтірік айтып тұрғанын? Тыңдашы шеше, «біздің ата-әжеміз оның да ата-әжесі» деп өтірік айтып тұр. 

Арвачка да бауырларынан қалыспай шешесіне шағымдануға дайындалды:

- Шеше, шеше!  

- Сенің шешең емес! «Шеше»  деп айтпа! 

Арвачка бұны естіп үнсіз қалды. Мұндай озбырлықты бұған дейін  естіп көрмеген. «Шешесі - мұның шешесі емес» деп қалай батылы барып айтып тұр? Қолдан келер амал жоқ, мұрнының суына сілекейі косылып  ағып, көзі жылап, ерні жымиып, қалшиып тұр. 

- Арвачканың шешесі емессің ғой, иә, шеше?

- Құлағыма айғайламаңдар, керең болармын, – деп айғайлады шеше тамағы жыртыла жаздап. Бірақ балалары құлақ аспай, Арвачканың шешесі емес екендігін мәлімдеуге асықтырды. 

- Ал, шешесі емеспін,- деп бақырды да Арвачканың көзіне қарағысы келмегендей теріс айналып кетті. Балалар тағы қарқылдап күлді. Дыбысы шықпай, аузын ашып, аңырып,  тұрған кішкене қызды айланып секірді. 

- Менің шешем кім ендеше? – деді есін жиып алып, енді жеңдім дегендей. 

- Ешкім. Шешең жоқ. Ешқандай шешең жоқ, еш жерде. Ешкім емесіңді енді білетін боласың. Бізге ешқандай да қатысың жоқ, ақша үшін ұстап отырмыз. Бірақ сен үшін соншалықты аз төлейді, сондықтан қуып жібермекпіз. 

Арвачка бұл сөздерді аспан қақ айырылып, үй құлап бара жатқандай, басы айналып, аңтарылып тыңдап тұрды. Көзімен шешесінің көзін іздеді, ал ол теріс қарап тұр.    

- Шеше? – деп шыңғырды, - Шеше!...

- Иттің күшігі, тыңда сен, -деп айғайлады шешесі, оған қосылып балалар да «иттің күшігі»  деп бақырып жатыр. 

- Шеше, - шарасы қалмаған кішкентай Арвачканың жан даусы шықты. 

- Шеше, көмектес!

Ешқайдан көмек болмады.  

- Ал сонда менің шешем кім? – деді қинала бес жасар.

Шешесі әдеттегі ызғарлы даусымен Арвачкаға былай деді:

- Сенің шешең бе? Ол бір тым жақсы адам болса керек, жүрген жерінде шайтан жалмағыр. Бір рет іздеп келген жоқ. Осы үйге тұқымын іздеп тұмсығын бір сұқпады. Ит құрлы жоқ. Оның күшігімен басқа біреудің алысуы керек. Айына беретін сегіз бақыр үшін. Алатыным - бар болғаны сегіз бақыр. Беске толдың, Енді Лига оны да азайтады. Төрт бақыр үшін сен мені шешелемейтін боласың, оған уәде берем.   

Кішкене қыз бұл сұмдық сөздерді тыңдап тұр, жердің түбіне түсіп бара жатқан сияқты. Аузы ашылып тыңдап тұр. Кішкентай болса да, дәл осы сөздерді түсінетіндей есі бар, әліптің арты не болатынын жақсы сезеді.   

- Ал онда менің әкем кім?  

- Сенің әкең бе? Әкеңнің кім екенін айтайын саған. Көшеге шықсаң, көзіңе көрінген ағайдың бәріне сәлем бер, себебі қайсысы әкең екенін білмейсің.  Сенің әкең - белгісіз жауынгер. 

Кішкене қыз үнсіз, көз жасы мен мұрнынан аққан су өңірін жуып кетті. Бауырлары осы бөтен қызды неге ешқашан жақсы көрмегендіктерін енді анық түсінді. Олар да бүгін шешелерінің ашулы сөздерінен Арвачкаға еш қатыстарының жоқтығын білді. Ертерек білгенде баяғыда-ақ жария қылар еді. 

Арвачка аузын ашпады, бұрышқа тығыла берді. Сол жерден топ шошқаға ұқсаған аналарға кектене қарады. Бас бармағын аузына салып, ернін жымқырды. 

Отбасы жиналып болды, айтылғандай шеше кішкентай Арвачканы сыртынан құлыптап, бәрі кетіп қалды. 

Қараңғылана бастаған бөлмеде жалғыз қалған Арвачка жерге жата қап, өксіп-өксіп жылады. 

Амал не, ешкім естімеді де, жұбатпады да. Арвачка енді мұның даусын ешкімнің де естімейтінін түсінді.  

Суық жерде ұзақ жылап жатып ұйықтап кетіпті. Оянса, үй іші тастай қараңғы. 

Жан-жағын қарманды. Суық бірден есін жиғызды. Тісі-тісіне тимей сақылдап, екі аяғы, бүкіл денесі дір-дір етеді.   

Сонда да шеше мұның шешесі емес, бауырлар мұның бауырлары емес екендігін ұмытпаған. Ол енді жалғыз, оның шешесі белгісіз бір жерде өмір сүріп жатыр немесе өліп қалған.  Әкесі – белгісіз жауынгер, бәлкім ол да өлген болар. Мұны ойлап жылай бастады, бойын әке-шешесіне, шын әке-шешесіне деген сағыныш биледі, олар мейлі өлі мейлі тірі болсын, сағынды. 

Кенет әлдене ойына келді. 

Сіріңке іздеп тапты. Кішкене балауызын іздеп еді табылмады.  Жоғалтып алғаны әлде баланың бірі шын молаға алып кеткені белгісіз. 

Пештің жанындағы бір орындықтың астына тығылып, бір шырпы сіріңкені тұтатты. 

Тырнағы күйгенше ұстап тұрып:

- Әкешім! – деп күрсінді.

- Сонан соң екінші шырпыны жағып: 

- Анашым! –деп күрсінді.

Осылай шырпы біткенше, бірінен-соң бірін тұтата берді. Сосын бүк түсіп, орындықтың аяғына басын сүйеп, күбірлеп дұғасын оқи берді

- Біздің атамыз! Белгісіз жауынгер, сенің патшалығың орнағай... 

Мажар тілінен аударған: Раушангүл Зақанқызы 

Бөлісу:

Көп оқылғандар